«Латын
графикасы: ресми мәтінді оқу және жазу
дағдылары»
Қазақ
тілі өзге де түркі тілдері тәрізді
жалғамалы тілдердің қатарына жатады.
Сондықтан да әртүрлі лексика-грамматикалық
амалдардың барлығы дерлік сөз тудырушы,
сөз түрлендіруші қосымшалар, сөздердің
тіркесуі мен бірігуі арқылы жасалады.
Сөздің түрлі қосымшалармен түрлену
барысында түбір мен қосымшаның жігінде,
ырғақты сөз топтары компоненттерінің
аралығында әртүрлі дыбыстық құбылыстар
пайда болады. Әсіресе түбірдің
қосымшалардағы дыбысқа, керісінше,
қосымшалардағы дыбыстардың түбірге
тигізер әсер-ықпалы ерекше болады.
Алайда жазу тәжірибесінде дыбыстық
құбылыстардың бәрі бірдей ескеріле
бермейді. Тілдік жүйеге, оның дыбыстық
құрылым жүйесіне орфогра-фияның сәйкес
болуы қажет. Сонда ғана тілдің жазбаша
және ауызша түрлері бір-біріне кереғар
болмайды. Алайда мұндай талап тілдің
жазбаша және ауызша түрінің айырмасын
мүлдем жойып, ерекшелігін елемеу деген
сөз емес. Жазба тіл ауызша тілдің хатқа
түскен жай ғана көшірмесі емес. Ауызша
сөйлеу интонация, сөздердің ерекше
мәнермен айтылуы, ой екпіні, эмфазалық
құбылыс т.б. толып жатқан дыбыс
заңдылықтары болады. Олардың бәрін
бірдей жазуда таңбалау мүмкін емес. Тіл
тарихында ондай жазу болған да емес.
Бернард
Шоудың «Иә деп айтудың елу түрлі, жоқ
деп айтудың бес жүз түрлі тәсілі бар,
ал оларды жазудың амалы біреу-ақ» деген
сөзі осы орайда айтылған. Қой, түн, жаз
тәрізді сөздердің айтылуы мен жазылуында
айырма жоққа тән. Бірақ тілімізде
көптеген сөздердің айтылуы мен жазылуы
бір-бірімен сәйкес келе бермейді. Тілдік
қарым-қатынасқа түскенде тіл бірліктері
сөз ағымында белгілі бір орфоэпиялық
заңдылыққа орай бір-бірімен ұласа
айтылып, бір-біріне ықпал жасап, әртүрлі
фонетикалық өзгеріске ұшырайды. Ал
осындай жүйені елемей, тілдік дыбыстарды
әріптер түрінде өзгертпей айтсақ,
сөздің дыбысталудағы тұтастығы, үндесімі
мен үйлесімі бұзылады. Сөйлеуде
дыбыстардың бір-біріне әсер
етіп,
ықпалын тигізіп, ұласа айтылуы – мәнді
фонетикалық құбылыс. Бірақ аса маңызды
бола тұра, бұл құбылыстың бәрі бірдей
жазуда еленбейді. Өйткені жазу –
«жүгіртіп» оқуға жеңіл, қабылдауға
қолайлы болуы қажет. Жазудың мақсаты
сөздің айтылуы мен дыбысталуын дәлме-дәл
көшіру емес. Жазу қандайда болмасын
белгілі бір ойды, сезімді хабарлайды.
Егер қоралы ат, төреге ерсең, тоналарсың
дегендерді айтылуынша жазсақ [қоралат]
па,
[қоралы ат]па, [төрөгөрсөң, тоналарсың]әлде
[төре көрсең, тон аларсың»] ба? ақпаратты
қабылдауды күрделендіре түсер еді
де, артық энергия жұмсауға тура
келеді. Сондай-ақ (бірғанатты гөрдү)дегенді
адресат «бір ғана атты көрді», «бір
қанатты көрді» деп, әртүрлі ұғынуы
мүмкін. Сондықтан сөз ішіндегі, тіркес
шеніндегі дыбыстардың бір-біріне тигізер
позициялық, комбинаторлық әсер-ықпалын
ескермей, дыбыстардың фонематикалық
мәнін сақтап жазу мәтінді қиындықсыз,
кедергісіз оқуға мүмкіндік береді.
Сондықтан жазба тілдің өз заңдылығы
бар. Ол – орфография. Ауызша тілдің өз
заңдылығы бар. Ол – орфоэпия. Бүгіндегі
мәселе осы ауызша тіл мен жазба тілдің
екі басқа жүйе екенін танымаудан, не
мойындамаудан туып отыр. Тілдің бар
заңдылығы тек орфография деп қана түсіну
мәселені одан сайын қиындатты. Орфоэпия
мүлде қалыс қалды. Тіпті қазақ тілінде
орфоэпия жоқ, қалай жазылса, солай
оқылады дегенге салып, ауызша тілдің
сазы бұзылғанын көрмейтін дәрежеге
жеттік. Жастар тілінде жазба тілдің
дыбыстық бірліктерінен бастап,
лексика-грамматикалық ерекшеліктерді
бір етіп жіберген қолданыстар көбейді.
Қазіргі қазақ тілінің орфоэпиялық
сөздігі 2005 жылы соңғы нормаларын көрсетсе
де, бұл еңбек пайдаланылмайды.