жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
"Мамандығым - мақтанышым!"
«Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы
Маңғыстау гуманитарлық колледжі» МКҚК
Облыстық ғылыми – тәжірибелік конференция
Тақырыбы: «Мамандығым – мақтанышым!»
Орындаған: Қылышбай А.Н.
Жетекшісі: Кошерова А.Е.
«Мамандығым – мақтанышым!»
Қылышбай Ақнұр Нұрболатқызы «Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы
Маңғыстау гуманитарлық колледжі» МКҚК
Адам баласының ең жауапты, ең батыл әрекеті мамандық таңдау. Менде осы жолда көп ойланып, өз арман, мақсатыма нық қадам басуға талпындым. Қандай мамандықты таңдаймын? Менің қолымнан келеді ме? Адамдарға көмек қолын соза аламын ба? Осы сұрақтар менің ғана емес, көптің ойында болғаны анық деп ойлаймын. Мамандық таңдау жай ғана сөз емес, тағдырыңды таңдау деген сөз. Кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау. Бұл адам өміріндегі өте жауапкершілікті және маңызды іс.
Біреулер үшін – мамандық ойлаған арман мен қалаудың орындалуы сондай - ақ отбасы дәстүрін жалғастыру болса, ал, келесі біреулер үшін – жаңалыққа, білім шыңындағы дербестікке талпыныс, ал енді үшінші біреулер үшін әйтеуір бір мамандық иесі атану үшін таңдалған бұрыс бағыттың нәтижесі болып жатады. Осындай қателіктерді жібермеу мақсатында өзіңнің мүмкіндіктеріңмен қызығушылықтарыңды есепке ала отырып таңдалуы қажет. Мамандық таңдау жайлы ұлы ғұлама ғалымдарымыз да ойларын дөп басып айтып кеткен. Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ, мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дейді. Ал Абай атамыздың сөзімен айтар болсам: «Неге арналсаң, соны істе» деп, қашанда адам өмірден орнын өз таңдауымен тапқан жөн. Осы кемелді сөздерді кеңейте түсіп, менде өз саламды таңдадым. Бірде дәрігер болсам десем, бірде кәмеңгер болам дедім. Тіпті, ақын, суретші барлығы болғым келіп кетті. Ақыры бір шешім қабылдай отырып, ұлағатты ұстаз деген ағысы жүйрік тұлпардың тізгінін ұстадым.
Ұстаз – ұлы есім, ұлық маман иесі. Өйткені ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер – білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және жақынына да, жат адамдарға да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік нұрын төгетін, қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек жандар. Сол себепті, бұл мамандық барлық адамға дерлік оңай іс емес. «Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Ол күйсандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт жүруі керек»- деп, Мұхтар Шаханов атамыз айтқандай, баланың жан дүниесін ашып, жаңа дүниеге бағыттауымыз қажет.
Ұстаздықтың өзі сан түрлі бағытта жүргізілуде. Бірі ағылшын, бірі қазақ тілі деп таңдау жасаса, мен математика пәнін таңдадым. Осы орайда Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжіне оқуға түстім. Өзім білім алған мектепте математика пәнінің ұстаздары жеткіліксіз болғандықтан, сол ордаға өзім ұстаз болармын деген арман жолымен кеткен болатынмын. Қазір, мақсатымыз бір, ойымыз жан - жақты 29 студент болып, осы пәннің қыр-сырын, теориялық және практикалық тұрғыдан зерттей отырып, болашаққа бағдар жасаудамыз. Практика барысында оқушылармен жұмыс жасай отырып, ұстаз деген ұлы есімді азғана естіп, ойымыз жинақталып, құлшынысымыз арта түсті. Оқушылардың аяқ шалысын қарап, олардың не нәрсеге қызығатынында зерттеп үлгердік. Өзімді мұғалім ретінде тануға үлкен мүмкіндігім болғанына қатты қуанамын.
Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» деп, әл-Фараби атамыз айтқандай, жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын - Аристотельді, Абылай хан - Төле биді, Шәкәрім - Абайды, Бердақ - Күнқожаны, Жамбыл - Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған биік асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борыш іспетті. Мүмкін менде осындай шоқтығы биік тұлғалар секілді болармын. Сол себепті, қиын деп қымсынбай, іздену керек деген бағытта жүріп келемін.
«Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Менде жоғары білімді, жақсы шәкірттердің бағдаршысы болғым келеді. Ол үшін өзімді сан түрлі қиындықтан алып шығып, жақсы істерге жол бастауым қажет.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» – деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
Есептердің қарамай ауырына,
Қажымайтын ұстаздық толы ойда.
Болашаққа ақ арман қанат жайып,
Менде ұстаз боламын ауылыма.
Білген сайын келеді біле бергім,
Біле беру емес пе тілегі елдің?!
Белден ассаң, алдыңда бел көрінсе,
Міне ұстаздық шеберлік тілегенім – деген өлең жолдары менің ойыма оралып отыр. Болашақта тек мектеп қабырғасымен шектелмей, әртүрлі қосымша оқу орталығын ашуды көздеп отырмын. «Easy Math» деген атаумен. Яғни, бұл оқу орталығында оқушыларды тез есептеуге үйретуді көздеймін. Ең қызығы, сабақты ағылшын тілінде өткіземін. Қазіргі таңда, ағылшын курстарыннан сабақ алып, өз жоспарларымды тізгендеп жазу үстіндемін. Менің ойымша, бұл өте жауапты іс. Десе де, білем деп, ізденген адамға мүмкіндік те, бағытта көп.
Менің ойымша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер - тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген тегін айтылмаса керек. Дүниедегі сыйлы адам да ұстаз. Себебі, шәкірт өнер, білім, әдеп тәрбие, кәсіп үйреткен адамының алдында өзін өмір бойы қарыздармын деп санап, ұстазының көзі тірісінде өзін, өлгеннен кейін аруағын сыйлап, ардақтап өтеді.
Шын ұстаз - ұстаз болуды балалық шағынан армандайды. Қиындығымен қызығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көп қиындықтардан өтеді. Қиын дейтінім: әр сабағыңа жете дайындалып, балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім - тәрбие беру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту оңай шаруа емес. Ал олармен сырласу, мерекелік шаралар ұйымдастыру, табиғат аясына саяхатқа шығу, көңілді кезеңдерін бірге бөлісу, бұл бір сәтке өзіңді бала сезінетін ерекше бір қызық шақтар. Балаларға ұрысып, жекіп, кейімей ақ, олармен сырласа отырып жан дүниесін ұғынуға болады. «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасасаң, еңбегің еш кетпейді деп түсінемін. Қанша жыл тер төгіп еңбек етсең де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін» деп айтуға болмайды. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Өмір бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отыру керек.
Мысалы, кез келген адам дене пәнінен сабақ бере алуы мүмкін. Бірақ, арнайы футбол, жүзу топтарын дайындау екінің бірінің қолынан келмесі анық. Қазіргі таңда, ұстаздарға көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Жаңа әдіс-тәсілдердің өзі, оқушы түгіл бізді қызықтырады. Біз сол әдіс-тәсілді тиек ете отырып, оқушыларымызды дамыта білуіміз қажет. Олардан белгілі бір тұлға қалыптастырып, математикаға қызығушылығын оятуымыз қажет.
Менде оқушы болдым. Сол кездерде ұстазыма әртүрлі адамдар рахметін айтып, басын иіп жататын еді. Менде осындай болсам деген, Ақнұрдың бала арманы, жаңа жолдарға ұласып кетті. Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Менің мамандығым –үмітім. Өйткені, мен осының бәріне лайықты тұлға бола аламын. Яғни, үмітенемін.
Мұғалім деген бір сөз болсада, бірнеше мағынаның себепшісі. Бала шағымда ұстаздардың киген киіміне, жүрген жүрісіне қызығушы едім. Барлық балаларды жинап алып, өзімше, үйренгенімше апай болатынмын. Баға қойып, ұрысып, қаталдық сездіртуші едім. Қарап отырсам, апайлар басынан аяғына дейін, сөйлеген сөзіне дейін ерекше келген, үлгі. Ұстаз бала алдында өзінің жүріс тұрысымен, киім киісімен, сөйлеу шеберлігімен, дауыс ырғағымен яғни барлық жағынан үлгі болуы қажет. Қазіргі жас жеткіншектер мұғалім болудан қашады, яғни үлкен жауапкершіліктен, қиындықтан қашады. Ал қиындықсыз іс болмайды. Сонымен қатар қазіргі заманда жүрегінің қалауынсыз жоғарғы оқу орнын бітіріп кеп, мектепте жұмыс жасап жатқан жас мамандар да баршылық. Олардан қандай маман шықпақ және балаларға қандай білім бермек? Мамандығын жетік білмеген емес, жетік білуге ұмтылмаған, талпынбаған мұғалім нағыз бейшара деуге болады. Әрине, барлық ұстаздарды айтпаймын, ұстаз болуды армандап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен қиындықтан қашпай, ауылға барып ұстаздық жолын ауылдан бастаған жас мамандар да баршылық, оларға еңбектерің жансын, бейнеттеріңнің зейнетін көріңіздер, ешқашан уақытпен санаспай еңбек етіңіздер, түбінде сіздерден жақсы маман шығады. Себебі сіздердің алдарыңызда өміріміздің аса бағалы иелері, болашағымыз, еліміздің ертеңі, жас өркендеріміз отыр дегім келеді. Егер адам өзге түгіл өзіне білімі жетпейтін болса, онда мамандықты таңдап қажет емес. Өйткені, біз өзіміздің емес, еліміздің ұл-қызын оқытамыз. Оларға мардымсыз білім беріп, санасын уламауымыз қажет.
Мен өз мамандығыммен мақтанамын және кемшіліктерді жою отырып, саналы ұрпаққа сапалы білім беретін тұлға болып қалыптасамын!
Қолданылған әдебиеттер:
Тіл және қоғам журналы, №3 2018ж
Қанатты сөздер

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген