
МАМАНДЫҚ ТАҢДАУЫМЫЗ — ӨЗГЕНІҢ
ҚАЛАУЫ МА?
Авторлық мақала
Автор: Жанайым Жанузакова
Жазылған күні: 26 қараша 2026 жыл
Туған әрбір сәби — ертеңгі күннің үміті, ал болашақ — жастардың
қолында. Бала кезімізден «өскенде осындай маман иесі боламын» деп
армандаймыз. Алайда есейе келе сол арманымыздың өзгеруіне не себеп? Он
жыл бойы ұшқыш болуды армандап, соңғы бір жылдың ішінде дәрігер
болуға шешім қабылдайтын жастар аз емес. Бір сәтте бала күнгі
арманымыздан бас тартуымыздың себебі неде?
Көп жағдайда оған айналамыздағы адамдардың пікірі әсер етеді. Олар
— ата-анамыз, ата-әжеміз, бауырларымыз, достарымыз бен жақындарымыз.
Неліктен көптеген түлек өміріндегі маңызды кезеңде өзгенің қалауына
сүйеніп, бала күнгі арманынан бас тартады?
Бала күнінде ата-анасына қуана жүгіріп келіп, «өскенде ұшқыш
боламын», «суретші боламын», «дизайнер боламын» деп айтатын сәттер
болады. Бұл — баланың шынайы арманы. «Армансыз адам — қанатсыз
құспен тең» деген сөз бар. Бірақ кейде жастар өз арманына емес, өзгенің
таңдауына еріп, сол қанатынан айырылғандай күй кешеді. Ендеше, әр адам
неге өз қалауын өзі жүзеге асырмасқа?
Кейбір ата-аналар баласының болашағына алаңдап, шығармашылық
немесе сирек кездесетін мамандықтарды тұрақсыз деп қабылдайды. «Одан
да дәрігер, мұғалім, полиция қызметкері немесе заңгер бол. Жұмыссыз
қалмайсың» деген сөздер арқылы баласын басқа бағытқа бұруы мүмкін.
Әрине, мұндай кеңестің артында баласына деген қамқорлық пен жақсы ниет
жатуы ықтимал. Алайда баланың қызығушылығы мен қабілеті де ескерусіз
қалмауы керек.
Кейбір жастар ата-анасының үмітін ақтауды ойлап, өзі қаламаса да
белгілі бір мамандықты таңдайды. «Дәрігер болсам, жақындарымды
емдеймін, анамның үмітін ақтап, әулетімнің мақтанышы боламын» деп
шешім қабылдайтындар бар. Ал кейде таңдауды өзгертуге ата-ананың
қысымы емес, баланың өз қорқынышы себеп болады. Мысалы, грантқа түсе
алмай қалудан немесе қалаған оқуына балы жетпей қалудан қауіптеніп,
«Арманымды қоя тұрайын, ең бастысы — грантқа түссем болды» деп, өзіне
жақын емес мамандықты таңдайды.

Тағы бір мәселе — кейбір түлектердің мамандықты тек диплом алу үшін
таңдауы. Олар болашақта немен айналысатынын, сол саланы жақсы
көретін-көрмейтінін ойланбастан, оқуға түсуге асығады. Алайда мамандық
таңдау — тек дипломға қол жеткізу емес. Бұл — адамның болашақ өміріне,
кәсіби дамуына және өз ісінен алатын қанағатына әсер ететін маңызды
шешім.
Менің ойымша, баланың мамандық таңдауы қорқыныштан немесе
біреудің талабынан емес, өзінің саналы шешімінен туындауы керек. Өз
қалауымен таңдаған мамандығына адам қызығушылықпен қарап, білімін
жетілдіруге талпынады. Ал тек өзгелердің көңілі үшін таңдалған мамандық
уақыт өте келе өкінішке айналуы мүмкін.
Әрине, әр ата-ана баласына тек жақсылық тілейді. Олардың ақылы мен
өмірлік тәжірибесі маңызды. Дегенмен ақыл айту мен баланың орнына
шешім қабылдаудың арасы бөлек. Ата-ана баласының қабілетін байқап,
мүмкіндіктерін бірге талқылап, таңдау жасауына көмектескені дұрыс. Ең
бастысы — оның шешімін құрметтеп, қандай жолды таңдаса да қолдау
көрсету.
Қорытындылай келе, мамандық — өзгенің арманы емес, адамның өз
өміріне қатысты таңдауы. Жастар өз болашағына жауапкершілікпен қарап,
арманы мен мүмкіндігін таразылай білуі керек. Ал ата-ананың қолдауы сол
жолда балаға күш береді. Қос қанаты — отбасының сенімі мен қолдауы —
жанында болса, жас өз мақсатына нық қадам басады.