Материалдар / Мақала: Белгісіз Алаш қайраткері- Әбдіхамид Жүндібаев (1893-1924 жж.)
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Мақала: Белгісіз Алаш қайраткері- Әбдіхамид Жүндібаев (1893-1924 жж.)

Материал туралы қысқаша түсінік
Белгісіз Алаш қайраткері- Әбдіхамид Жүндібаев (1893-1924 жж.)
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады


Белгісіз Алаш қайраткері- Әбдіхамид Жүндібаев (1893-1924 жж.)


Әбдіхамид Жүндібаев 1893 ж. қазіргі Талсай ауылының маңында дүниеге келген. Ол Алаш қозғалысының қайраткері, оның торғайлық тобының белсенді мүшесі. Тарихшы ғалым Н.Жетпісбайдың жазуынша 1906-1909 жж. аралығында Орынбордағы орыс-қазақ мектебінде, екі жылдық қазақ мұғалімдер училищесінде оқыған, журналист, публицист әрі аудармашы болған. Аталған оқуларды бітірген соң туған жеріне қайта оралып, Қобда болысының № 5 ауылының азаматы саналған және осында Қосыбаев атындағы біркласстық училищенің мұғалімі болып қызмет еткен. Саяси ахуалдарға белсене үн қосып, Алаш органы – “Қазақ” газетінде Ресей империясының отаршылдығына қарсы мақалалар жариялап отырған. 1917 ж. Ақпан төңкерісінен соң, Торғай облыстық комиссары болған Әлихан Бөкейханов өз бұйрығымен Әбдіхамидті облыстық комиссариат жанындағы айрықша тапсырмалар жөніндегі кіші чиновнигі етіп бекіткен. Көп ұзамай Ақтөбе уезінде земствоны енгізу жөніндегі нұсқаушы болып тағайындалған.

Әбдіхамид Жүндібаев 1917 ж. шілде және желтоқсан айларында Орынборда өткізілген жалпықазақ съездерінің жұмыстарына белсене араласады. 5-13 желтоқсан аралығында өткен осы жиындардың соңғысында жедел түрде автономия жариялауды жақтап дауыс береді. Аталған съезде Әбдіхамид Жүндібаевтан басқа, Жанша және Халел Досмұхаммедовтер, Аспандияр Кенжин, Уәлидхан Танашев, Ғұмар Қараш, Сағындық Досжанов, Бақыткерей Құлманов бастаған, негіздерін батыс қазақстандық Алаш қайраткерлері құраған 33 адам шұғыл түрде жеке Қазақ Автономиясын жариялауды талап еткенімен, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан Жұмабаев, Әлімхан Ермеков, Тұрағұл Абайұлы, Сейдазым Қадырбаев бастаған 42 делегат, мұндай шараны әлі ерте деп тауып, автономияға қарсы дауыс берген болатын[Алаш-Орда: Сборник документов (Сост. Н.Мартыненко. –алма-ата: Айқап, 1992. -192ст. 47-57 беттер].

Ғ.Жүндібаевтың төңкерістен кейінгі уақытта саяси қозғалыс қыза түскен кезеңде тұңғыш қазақ съезінің шешіміне сәйкес Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Е.Ғұмаров, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Бірімжановтармен бірге Алаш партиясының бағдарламасын жасақтауға қатысуы. Бағдарлама «Қазақ» газетінің 21 қаршажағы номерінде жарық көреді [Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. Алматы: Ататек, 1995.135 б.].

Әбдіхамидтің 1917 ж. көкек айындағы тұңғыш Торғай съезіне делегат ретінде қатысқаны айтылды. Ал сол жылғы 20-25 тамыз аралығында өткен ІІ-Торғай облыстық қазақ съезінің негізгі ұйымдастырушыларының бірі де Ә.Жүндібаев болатын. Ақтөбеде өткізілген бұл бас қосуға Ақтөбе, Қостанай, Ырғыз және Торғай уездерінің делегаттары қатысқан. Съезд төралқасы 5 адамнан тұрған: төрағасы Мырзағазы Есболов, мүшелері ретінде Сағындық Досжанов пен Ахмет Тұңғашин сайланса, хатшылары Тел Жаманмұрынов пен Әбдіхамид Жүндібаев болған. Жиын бағдарламасы мемлекеттік басқару формасы, қазақ облыстарының автономиясы, жер мәселесі, халыққа білім беру, сот секілді 15 өзекті мәселелерді қарастырып, алғашқы мәселелер бойынша Ресейде демократиялық федеративтік республика болуы тиіс, ал қазақ халқы үшін ұлттық-территориялық жалпықазақ автономиясын енгізу қажет деген қарарлар шығарады. Әбдіхамид бұл жиында басты рольдердің бірін атқарған. Алаш Орда туралы құжаттарды жинап, 1929 ж. жарыққа шығарған Н. Мартыненко Ақтөбедегі съезд туралы ескертпесінде былай деп жазады: “…этот съезд, как и в других губерниях, проходил под руководством таких деятелей как Дощанов, Жундубаев, являвшимися впоследствии заправилами партии Алаш. Принятые резолюции говорят о том, что Россия должна быть демократической федеративной республикой и о необходимости создать самостоятельную киргизскую национальную партию…” [Алаш-Орда: Сборник документов (Сост. Н.Мартыненко. –алма-ата: Айқап, 1992. -192ст. 54 бет].

1917 ж. аумалы-төкпелі бір кезеңдерінде Әбдіхамид Алаш органы – “Қазақ” газетін шығаруды да өз міндетіне алған. Бұл туралы белгілі революционер, ақын әрі қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің атақты “Тар жол, тайғақ кешуінен” біле аламыз. Мұнда Сәкен Әбдіхамидтің аталған газеттің сол жылғы 27 ақпан күнгі нөміріне шыққан мақаласын келтірген. Сол мақаланың соңғы жағынан үзінді келтірейік: “…Осындай заманның аударылып тұрған шағында, жұрт газет хабарына аса мұқтаж екендігін ойға алып,жан жаққа хабар беріп, жөн сілтеп, нұсқа көрсетіп тұрған “Қазақ” газетінің басында тұрған азаматтардың Орынборда жоқ екенін көріп, жауын тілеген егін қалпындағы жұрттың үмітіне қарсы бару ниетімен Орынборға февраль басында келіп, басын қосқан Ақтөбе уезінің төменде аты аталған азаматтарның өтініші бойынша “Қазақ” газетін шығаруды мен мойныма алдым… Заман аударылып тұрған шағында дағдылы жолмен жүру, бір бағытқа маңдай қою – қияндағы қиын іс. Сондықтан газет оқушылар заманының құбылуымен есептесуі керек.

Қазақтың” соңғы жүретін жолы – халыққа болып жатқан өзгерістен хабар беру, заманына қарай амал қылу, жол көрсету, сасқанда алдынан шығып, жәрдем беру маңдайында ғана болашақ… Әбдіхамид Жүндібайұлы” [С. Сейфуллин. Тар жол, тайғақ кешу. А., 1960. 134-135 бб.].

1917 ж. Қазан төңкерісі орын алып, елде бірте-бірте кеңестер үкіметі орнай бастағаны белгілі. Өзі айтқандай, заманның ағымымен Әбдіхамид те Алаштың көптеген қайраткерлері секілді кеңестер жағына шығады. Оның ой-арманы қандай биліктің құрамында болмасын өз ұлтының жарқын болашағын орнатуға, мұң-мұқтаждарын шешуге, мақсат-мүдделері үшін аянбай күресуге тырысу, соған ұмтылу еді. Әбдіхамидтың кеңестер тұсындағы қызметіне келсек, ол 1918 ж. 21-наурыз бен 3-көкек аралығында Орынборда белгілі революционер Ә. Жангелдиннің жетекшілігімен өткен Торғай облыстық кеңестер съезінің жұмыстарына қатысады. Аталған съезде, халыққа білім беру мәселелері қарастырылғанда, Әбдіхамид елдің өз балаларын ана тілінде оқыту мүмкіндігінен айырылғандығын ашына айтып, облыста жедел түрде ұлттық мектеп мұғалімдерін даярлайтын медреселер ашуды талап етеді [Тургайский областной съезд Советов. А.-М., 1936. 15-16, 39, 146 бб.]. Съезде Ә.Жүндібаев Мәскеудегі Әскери революциялық комитетке баратын делегацияның құрамында Ақтөбе уезінің атынан болып келісіледі. Сондай-ақ Ә.Жүндібаев Президум хатшысы болып тағайындалады. Зерттеуші ғалым Н.Жетпісбайдың жазуынша Ә.Жүндібаев туралы деректер мұнан кейінгі кезеңдерде үұзік-үзік болуымен ерекшеленеді. Автордық айтуынша ол Торғай облыстық атқару комптетінде көп жұмыс атқармаған, кейіннен уездік комитетке ауысқан. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатында, 1920 ж. қыркүйекте сол кезде Қобда болысы қараған Ақбұлақ ауданы (уезі) большевиктерінің ІІІ-партиялық конференциясының хаттамасында Жүндібаевтың аудандық комитет мүшелігіне кандидат ретінде сайланғаны туралы деректі алға тартады. Жалпы алғанда Ә.Жүндібаев 1920 жылдары денсаулығына байланысты қоғамдық қызметіп, 1924 жылы қайтыс болады және туған жері Талсай маңындағы Бұлақ қыстауында жерленген деп түйіндейді.


1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң қазақ қауымында жаппай қоғамдық-саяси  белсенділік  туа  бастады. Патшаның  тақтан  құлатылуы  езгіде  жатқан  қазақ қоғамын дүр сілкінтті, жылдар бойы аңсаған азаттық үмітін  оятты.  Қазақтың  алдыңғы  қатарлы  зиялы  өкілдерінің  арасында  өзін-өзі  басқаруға  деген  ниет  пен құлшыныс пайда болды. Бір ғасырдан астам уақыт бойы отарлықта күн кешкен қазақ халқының ұлттық сана-сезімдерінің оянып, буржуазиялық-демократиялық жаңа үрдістерге қол созуы заңдылық еді.

Демократиялық жаңару  нышандарын ел арасына  таратып, оны  іске  асыру жұмыстарында ұлттық «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан қазақ зиялы қауымы  ерекше роль атқарды. Олардың ұйымдастыруымен 1917  жылдың  көктемінен  бастап, қазақ жеріндегі 6 облыста  жаппай қазақ съездері өткізіле  бастаған еді. Халықтың зиялы қауымынан бөлек жергілікті басқарушы, діни әрі дәулетті тап өкілдері  бас  қосқан бұл тарихи  жиындарда  жаңаша  басқару,  білім  беру, соттық, дін,  т.б.  маңызды  мәселелер  қарастырылған  болатын.  Облыстық  съездерден  соң 1917 жылғы 21-28 шілде аралығында Орынборда жалпы қазақ құрылтай съезі өткізіліп, онда ұлттық «Алаш» партиясы мен Алаш Орда өкіметінің ресми түрде негізі қаланғаны  белгілі.  Ұлттық партия мен өкімет  құру  идеясы  бұдан ертерек пайда болғандығын айта кету керек, ол жер-жердегі жиындардан  соң  бірте-бірте  іске асырылған болатын.

Басқа өңірлер секілді Қобда жері де бұл саяси науқандардан тыс қалған жоқ, оның топырағынан Алашқа мүше болған бірнеше қайраткер шықты. Олардың бірқатары 1917 жылы 2-8 сәуір аралығында Орынборда болып өткен Торғай облыстық I  қазақ  съезіне  қатысқан.

Осы  тарихи  бас  қосуға  Қобдадан  Әбдіхамид  Жүндібаев,  Керей  Тұрымов, Тоқмағамбет Жантасов, Мұхамедәлі Меңдібеков, Есмағамбет Алтыбасов және Шынтай Дәржанов секілді азаматтар қатысады.

Бұлардың арасынан халқымыздың біртуар ардақты ұлдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтармен бірге «Алаш» партиясын құруға белсене атсалысқан және оның бағдарламасын жазған жеті қайраткердің бірі Әбдіхамид Жүндібаевты айрықша атап өтуге болады.

1917  жылғы  Ақпан  төңкерісінен  соң,  Торғай облыстық  комиссары  болған  Әлихан  Бөкейханов  өз  бұйрығымен Әбдіхамидті облыстық комиссариат жанындағы айрықша тапсырмалар жөніндегі кіші чиновник етіп бекіткен. Көп ұзамай Ақтөбе уезінде земствоны енгізу жөніндегі нұсқаушы болып тағайындалған.

Әбдіхамид 1917 жылғы шілде және желтоқсан айларында Орынборда өткізілген  жалпы қазақ  съездерінің жұмыстарына белсене  араласады. 5-13 желтоқсан аралығында өткен осы жиындардың соңғысында жедел түрде автономия жариялауды жақтап дауыс береді. Аталған съезде Әбдіхамидтен басқа Жанша және Халел Досмұхамедовтер, Аспандияр Кенжин, Уәлидхан Танашев, Ғұмар Қараш, Сағындық Досжанов,  Бақыткерей  Құлманов  бастаған,  негіздерін  батыс  қазақстандық Алаш қайраткерлері  құраған  33  адам  шұғыл  түрде  жеке  Қазақ  Автономиясын  жариялауды талап еткенімен, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан Жұмабаев, Әлімхан Ермеков,  Тұрағұл  Абайұлы,  Сейдазым  Қадырбаев  бастаған  42  делегат  мұндай  шараны әлі ерте деп тауып, автономияға қарсы дауыс берген болатын.

Әбдіхамидтің  1917  жылдың  көкек  айындағы  тұңғыш  Торғай  съезіне  делегат  ретінде  қатысқаны  айтылды.  Ал  сол  жылғы  20-25  тамыз  аралығында  өткен  II Торғай облыстық қазақ съезінің негізгі ұйымдастырушыларының бірі осы жерлесіміз болатын. Алдыңғы жиындардай Орынборда емес, Ақтөбеде өткізілген бұл басқосуға Ақтөбе, Қостанай, Ырғыз және Торғай уездерінің делегаттары қатысқан. Съезд президиумы 5 адамнан тұрған: төрағасы Мырзағазы Есболов, мүшелері ретінде Сағындық Досжанов пен Ахмет Тұңғашин сайланса, хатшылары Тел Жаманмұрынов пен Әбдіхамид Жүндібаев болған.

1917  жылдың  аумалы-төкпелі  бір  кезеңдерінде  Әбдіхамид  Алаш  органы –«Қазақ» газетін шығаруды да өз міндетіне алған. Бұл туралы белгілі революционер, ақын әрі қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің атақты «Тар жол, тайғақ кешуінен» біле аламыз. Мұнда Сәкен Әбдіхамидтің аталған газеттің сол жылғы 27 ақпан күнгі нөміріне шыққан мақаласын келтірген.

Жерлесіміз Әбдіхамидтің 24 жасында-ақ  қазақтың ең көп тарайтын, бетке ұстар ұлттық  газетін  шығаруды  қолға  алғанын  көреміз. Қиын кезеңде мұндай  жауапты да ауыр жүкті мойнына алу — екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

1917 жылы Қазан төңкерісі орын алып, елде бірте-бірте кеңес үкіметі орнай бастағаны белгілі. Өзі айтқандай, заманның ағымымен Әбдіхамид те Алаштың көптеген  қайраткерлері  секілді  кеңестер  жағына  шығады.  Олардың  ой-армандары қандай  биліктің  құрамында  болмасын  өз  ұлтының  жарқын  болашағын  орнатуға, мұң-мұқтаждарын  шешуге,  мақсат-мүдделері  үшін  аянбай  күресуге  тырысу,  соған ұмтылу  еді.

Әбдіхамидтің  кеңестер  тұсындағы  қызметіне  келсек,  ол  1918  жылы  21  наурыз  бен  3  көкек  аралығында  Орынборда  белгілі  революционер  Ә.  Жангелдиннің жетекшілігімен  өткен  Торғай  облыстық  кеңестер  съезінің  жұмыстарына  қатысады.

Аталған съезде халыққа білім беру мәселелері қарастырылғанда Әбдіхамид елдің өз балаларын ана тілінде оқыту мүмкіндігінен айрылғандығын ашына айтып,  облыста жедел түрде ұлттық мектеп мұғалімдерін даярлайтын медреселер ашуды талап етеді.

Осы жиында ол облыстық атқару комитетінің құрамына енеді әрі президиум  хатшыларының  бірі болып бекітіледі. Съезд көпшілік дауыспен Мәскеудегі Әскери революциялық комитетке облыс құрамындағы 4 уездің әрқайсысынан 2 адамнан (орыс және қазақ ұлтынан) барлығы 8 адамдық делегация жіберуді қабыл алады. Ақтөбе уезінің атынан Әбдіхамид баратын болып шешіледі.

Съезд президиумының мүшелігіне, хатшылығына үміткерлер өздерінің саяси және экономикалық жағдайларынан қысқаша мәлімет беруге тиіс болған кезде, С. Досжанов пен Әбдіхамид өздерінің партияда жоқ екендіктерін, Кеңес өкіметіне іш тартатындықтарын және аса үлкен мал-мүліктерге ие еместіктерін айтқан. Досжанов президиум мүшелігіне өтеді, ал Әбдіхамидтің хатшы болып бекітілгені айтылды.

Ә. Жүндібаев  туралы  мұнан  кейінгі  деректер  әр  жерден  үзік-үзік  кездеседі.  Ол  Торғай  облыстық  атқару  комитетінде  ұзақ  уақыт  болмаған  сияқты,  себебі 1918 жылғы маусым айымен мерзімделетін бір құжаттан оның атқару комитетінен шығуына байланысты орнына басқа адам сұратылған хат кездесті.

Тағы бір архив құжатында Ақтөбе уездік атқару комитеті өзінің 1920 жылғы 24 маусым күнгі кезекті отырысында осы комитет мүшесі Жүндібаевтың «оның жүйке ауруына шалдығуына байланысты» өзін комитет мүшелігінен шығаруды өтінген арызын  қарағандықтары  айтылады.  Бірақ  отырыс  мүшелері  оның  өтінішін  негізсіз  деп  тауып,  қабылдамаған,  2  апталық  демалыс  қана  беріп,  осы  мерзім  біткен соң  комитет  құзырына  қайта  оралуын  міндеттеген.

Осыған қарағанда, Әбдіхамид облыстық атқару комитетінен кейін  уездік комитетке ауысқан сыңайлы. Ақтөбе облыстық партархивінің бір  мәліметінде  1920  жылғы  қыркүйекте сол кезде Қобда болысы қараған Ақбұлақ ауданы (уезі) большевиктерінің III партиялық конференциясының  протоколында  Жүндібаевтың  аудандық  комитет  мүшелігіне  кандидат  ретінде  сайланғаны  туралы дерек бар. Мұнда аты аталмаған, тек фамилиясы көрсетілген. Негізінде  ол  өз  атын  Абдул-Хамид  не  Абдулхамид  деп  жазған. Алаш арыстарының бірі Міржақыптың да өзін Мир-Якуб деп жазғаны белгілі.

Жалпы, Әбдіхамидтің денсаулығына байланысты қоғамдық қызметтен кетуі 1920 жылдар екені талас тудырмайды. Бұл кезең оның өмір соққыларынан қажып, рухани жүдеп жүрген кезі болу керек.

Жазушы Ғалым Ахмедов Ә.Жүндібаевты 1917 жыл шамасында көрген. Бұл туралы  ол:  «Әбдіхамитті  1917  жылы  бір  рет  көргенімде,  пенсне  көзілдірік  таққан, аққұба, әдемі жігіт еді, Алаш бағдарламасын жасауға белсене араласқан, 1918 не 1919  жылы  қайтыс  болды…»,  — деп  жазады. Бірақ  белгілі  тарихшы  Қайдар  Алдажұманов  оның  кеңес  үкіметі  орнаған  соң  баспасөз  саласында  қызмет  етіп,  аудармашылықпен айналысып, 1924 жылы қайтыс болғанын және туған жері Талдысай маңындағы Бұлақ қыстауында жерленгенін көрсетеді.

Автор Әбдіхамид  туралы  алғашқы  деректерді  жариялағаннан  кейін,  оның Алматыда тұратын ұлы Ермекбай ақсақалды іздеп тауып, жолыққан болатын. Жасы 80-нен асқан ақсақал негізінде Әбдіхамидтің туған ағасы Аманқостың баласы екен.

Алаштың  ардақты  ұлы 1920  жылы 27 жасында қайтыс  болған, осылайша  оның  денсаулығына  байланысты  қызметтен  кетуі  туралы  пайымымыз расқа  айналды.  Әбдіхамидтің  келіншегі  Зүбайда  (Әлияның  әкесі  Нұрмұхамбеттің інісі Бектілеу байдың қызы) әмеңгерлікпен Әбдіхамидтің інісі Мырзағұлға қосылған.


3192 Істің құпиясы

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде ондаған адамдардың қайғылы өмірін құпия сақтап, шаң мен дымқыл басқан №3192 іс жатыр.Бұл — белгілі алашорда қайраткері, осы партия бағдарламасына басқа алты адаммен қатар қолын қойған Әбілхамид Жүндібаевтың туған інісі Мырзағұл Жүндібаевты ҚК 58-бабының 10-11 -ші бөлімдерімен «халық жауы» ретінде айыптау ісі. 1937 жылдың 9 қыркүйегінде басталған іс осы жылдың 19 қазанында аяқталып, сол күні өлім жазасын қолдануға үкім қабылданып, үкім 29 қазан күні жүзеге асырылған.Үкімнің соңына «үштік» мүшелері КП(б) ОК хатшысы Мусин, облыстық атқару комитетінің председателі Степанов, үштік хатшысы Бахруишев қолдарын қойған.

Құжаттың соңында сондай-ақ Қобда аудандық НҚВД бөлімі бастығының міндетін атқарушы Сайлаубаевтың да аты көрсетілген.Мырзағұл Жүндібаев 1902 жылы Бесқопа ауылдық советінің №9 ауылында дүниеге келген. «Қобда» ет совхозының есепшісі, бай ұлы. 1932 жылы ОГПУ көші-қон ұйымдастырғаны үшін тұтқындап, екі айдан соң босанады. Дегенмен «Қобда» ет совхозындағы А.Нақатеков басқарған контрреволюциялық ұлтшылдық құрылымдарға қызметке тартылған, дәлдеп айтқанда №9 ауылдағы Өрбісін Кудебасов басқаратын осындай ұйымға нұсқаулар мен қажетті ақпараттар жеткізіп отырған. Ұсталғанда 9 казанда одан  № А.С. 094094 төлқұжаты, 60 беттік өзге құжаттар, уақытша берілген №973 және 972 төлқұжаттары да тәркіленген. Тұтқындалған жері: Қобда ауданы Ропповка поселкесі (қазір Қазақай ауылы).

Ол Ақтөбедегі екі кластық училищенің 5 бөлімшесін тәмамдаған. Бұрын қолданылған шара: 1933 жылы ОГПУ 2 айға көшпелілік ұйымдастырғаны үшін және жалған құжаттар дайындағаны үшін қамауға алып, 1 жылға шартты сотталған. Әйелі Батша 20 жаста, ұлы Ермекбай 13 жаста, қызы 1 жаста. Інісі Кәкім Темірғалиев 30 жаста, №9 ауыл — Жаңажолда жұмыс істейді. Қарындасы Балғану 25-те, тұрмыста, күйеуі Сүгір Болмашев аталған колхозда жұмыста.Мырзағұлдың әкесі Темірғали Жүндібаевтың 100-ге тарта ірі қара малы, 5 га жайылма сулы жері, жалшылары болған.

13 қазан күні ОГПУ тергеушісі Исаковтың тегеурінді және алдын-ала мүқият дайындалған арандатушы сұрақтарына жауап бере отырып, Мырзағұл өзінің 1902 жылы туғанын, әкесінің ауқатты бай болғанын, оның екі әйелі болғанын қайталайды. Ағасы Әбділхамит туралы сұрағанда оның алашорданың қызметіне қызу араласқанын, 1918 жылы Орынборда Кирревкомда қызметте болғанын айта келе, 1920 жылы дүниеден өткенін хабарлаған.


Тергеуші:

- Ұлттық контрреволюцияның топтарымен қалай таныстыңыз? Оның мүшелерін атаңыз.

Жауап:

- Ақсауыт Нақатеков,  Уссалам Ибраев, Мухамеджан Ашықбаев - Киров атындағы колхоздың шаруашылық меңгерушісі, Абдрахман Наурызов - барымташы, бай, 1930 жылы тәркіленген, Ақай Құлниязов - №2 ферма меңгерушісі, ВКП (б) мүшелігінен шығарылған.

Тергеу осылай жалғаса келе, Мырзағұлдың өз қолымен жазған қолхаты келтіріледі.

«НКВД-ның аудандық бөліміне Жүндібаевтан

Арыз.

Мен Қобда ауданындағы контрреволюциялық ұйымдары жөнінде толық деректер беруді мойныма алып, міндеттенемін.

Олар төмендегі көрсетулерді қамтиды:

  1. Осы ұйымдардың жетекшілері мен мүшелері.

  2. Ұйымдардың совхоздар мен колхоздарға жүргізген зиянкестіктерін тергеуші сұрақтарына сай жауап беріп, анықтаймын.

13 қазан, Жүндібаев (қолы)»

Тергеу жүргізуші - ОГПУ сержанты Салибаев.











Пайдаланған әдебиеттер:


  1. Алаш-Орда: Сборник документов (Сост. Н.Мартыненко.- Алма-ата,1929 (// Айқап,1992).

  2. Сейфуллин С. Тар жол,тайғақ кешу.- Алматы, 1960.-134-135 бб.

  3. Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. Алматы: «Ататек»,-1995.135 б.

  4. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы.- Алматы. «Алаш», 2005

  5. Мажитов Р.С Жаханша Досмухамедов.- Алматы: Арыс, 2007.-216 с.

  6. Тілешов Е.,Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: « Сардар».,2014

  7. Әжнияз Балнияз. Талдысайдан шыққан алашордашы. // Ақтөбе.2018., 22 қаңтар




Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!