Жетім көрсең жебей
жүр.
Сатжанова Бейбит
Набиевна
Қарағанды қаласы
«Таңшолпан»
балалар үйі КММ
тәрбиешісі
«Бақыт дегенің сенің бала
күндерің» деп М.Мақатаев ағамыз бекер жырламағандай. Расында
қамсыз, еш уайымсыз, қызықпен өтетін сол бір балалық шағымыз еді
ғой. Алайда, тағдыр тәлкегіне ұшырап, өмірде ананың ақ сүті мен
мейірімін сезбей балдай тәтті балалық шақтарында батпандай ауыр мұң
арқалап, жанары жаутаңдаған жәудір көздер сол бақытты сезініп
жүргені шамалы. Үкімет қанша жерден қамқорлық көрсетіп жатса да,
туған ата-анасының аялы алақандары мен жылулықтарын алмастыра
алмайтынын айтудың да қажеті жоқ деп
ойлаймын.
«Жетім» деген сөз қазақ
халқына жат, дегенмен қазіргі кезде қоғамды елең еткізіп отырған
мәселелердің бірі екені жасырын емес. Не себепті қоғамда жетім және
ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар көбеюде, оларға кімнің
жаны ашып, кім жәрдемдеседі, кім жылулық сыйлайды, кім қамқоршы
болады, бұған қайсыбірі назар аударуда. Бұл көптеген сұрақтарға
жауап алу қиын, жауап алсақ та одан қорытынды шығару мүмкін
емес.
Қазақ халқы ертеден «Жетім
көрсең жебей жүр», «Жетімнің көз жасы уадан да ащы» деген сөздеріне
қарамастан бұл мәселенің күрделеніп бара жатқаны қазіргі уақытта
айдан анық болып тұр. Сол себепті кейінгі жастарымыздың бойында
қайырымдылық, мейірімділік сезімдерін ұялатып, өскелең ұрпақты
рухани адамгершілік жағынан тәрбиелеп, тағдыр тәлкегіне және
ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қоғамның назарын
аудару қажет. Көптен бері осы мәселе мені де толғандыра бастады.
Сол себепті менде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған
балаларға кішкене болсын өз мейірімімді, қамқорлығымды көрсетсем
деген оймен балалар үйіне тәрбиеші болып жұмыс атқаруға кірістім.
Ең алғаш жұмысқа келген кезімде жанары жасты, жүрегі жүдеу
бүлдіршіндерді көргенде жүрегім қан жылады. Мұнда балалар
ешнәрседен таршылық көрмей, үкімет, басшылық, тәрбиешілер тарапынан
қаншама көмек, мейірімділік, қамқорлық көрсетілсе де, балаларға өз
туған ата-анасының жылулығы жетіспей тұратындығын сезгендей
болдым.
«Жетім қозы-жатбауыр, жетілер
де отығар» демекші маңдайларына жазылған тағдырға көніп, балалар
үйінің қабырғасынан тәрбиеленіп шыққаннан кейінгі өмірлері де
балдай тәтті боларына да кім кепіл. Бірі түскен оқу орындарын
аяқтап, бір мамандық иесі болса, ал енді біреулері тура жолдан
шығып кететіндері де жоқ емес. Әкесі де, шешесі де балалар үйі
болған әрбір тәрбиеленіп жатқан және де балалар үйінің қабырғасынан
кеткен балалардың болашағы оларды өз баласындай көріп кеткен
тәрбиешілер мен басшылықты да алаңдатады. Әркім өз тағдырын өз
қолымен құратындықтан, біздердің қолымыздан келетін дәрмен жоқ.
Әйткенмен, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қазақтың ұлттық
тәрбиені бойына сіңіріп өскен халық болғандықтан балаларға барынша
қамқорлығын көрсетіп, аянбай көмек қолын созып, жәрдемдесіп
отыратынымыз анық.
Балалар үйінде тәрбиеленіп
жатқан балалар еш нәрседен таршылық көріп жатқан жоқ. Балалар әр
түрлі үйірмелерге қатысып, әр түрлі сайыстар мен жарыстарға,
әсіресе спорт жағынан көптеген жетістіктерге жетіп отырған
балаларымыз бар екенін жасырмаймыз. Қазіргі кезде балалар жан-жақты
даму және қазіргі қоғамның жоғарғы талаптарына сай болу үшін
спортпен де, білім саласы бойынша да, қолөнер жұмыстары және тігін
тігу, би, ән, драма үйірмелері бойынша да жаттығады. Бір сөзбен
айтқанда балалардың жақсы адам болып қалыптасуына, өсулеріне
көптеген жағдайлар жасалған.
Қазақ елінде жетім жылап,
жесір жабықпауы тиіс. Қазақ –бақуатты болуға да, бақытты болуға да
әбден лайық. Мұхаммед пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім Алла үшін
бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін
сауап алады», деген. Сондықтан періштедей бейкүнә сәбилерімізді
жетім демей басынан сипап бар мейірімді, қамқорлықты көрсетіп,
махаббатымызға шомылдырудан шаршамайық! Жетімдерімізді жылатпайық
ағайын!