жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мақала "Қазақ поэзиясының Хан тәңірі"
ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ХАН ТӘҢІРІ
Манарбекова Аяжан Манарбекқызы
ШҚО, Семей қаласы, «М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі» КМҚК
Шын дарын өз
заманының шындығын шығарма арқауына айналдырып, халық көңіліне
ұяласа, ол мәңгі өмір сүреді. Халық сеніміне ие болу, қас- қабағын
бағып, көңілі қалағанын жырға түсіру, сыр ғып шерту келешектің
жарқын сәулесімен нұрландыра түсуі сирек кездесетін бақыт. Оны
Мұқағали ақынның поэзиясынан танып, көруге
болады.
Мұқағали
өлеңдері – ұлттық поэзияның жаңа бір белеске көтерілгендігін,
жаппай евроцентристік ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңінің
шынайы қасиеттерінің қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене
түскендігінің куәсі. Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын
ұстанды, оны түрлендіре байытты, сөйтіп қалың қазақ жүрегіне жол
ашты. Сонымен қатар ақын қазақ лирикасын ХХ ғасыр әдебиетінің озық
үлгілерімен құнарландырды. Мұқағали сыршыл ыстық лирикасымен өз
оқушыларының жүрегіне жол тапты, оларды жақсы жырдың ләззатына
қандырып, өзінің менімен адамзатқа ортақ ақиқатты жырлап, қалың
оқырманның жан жүрегін
баурады.
Ақынның шын
мәнінде шеберлігі – ол қолданған әрбір амал - адам бейнесін ашуға
қызмет еткен. Ақын поэзиясында табиғат көріністерін, пейзажды
әшейін бір уақыт кеңістіктің дерегі ретінде даралап қарамайды, онда
адам бейнесін толықтыра түсетін тәсілдер мол. Әрі көркемдік -
философиялық иірімдер мен сарындар, түйіндер мен мазмұндар арқылы
өте жарқырап көрінеді. Ақын адам мен жаратылыстың үндестігін
жырлайды. Ол жаратылыстың көп құбылысынан адам болмысына тән
сипаттарды аңғарады. Содан да болар ақын табиғаттың әр бөлшегімен,
көрінісімен ашық сырласады, мұңына ортақтасады. Ақын атаулы табиғат
пен жаратылыстың құбылысына жақын
болады.
Жырым - Сырым
екеуі егіздерім,
Екеуін екі
бөліп емізбедім.
Жатсам - тұрсам
мұң шағып дәптеріме
Жабырқаған
жаныма ем іздедім, - деп өлеңінен жанына шипа
табады.
Қазақ
поэзиясындағы дәстүрлі тақырыптардың бірі – туған жер, оның
бауырында өткен балалық шақ, ата-мекеннің тағдыры, оған деген
сүйіспеншілік екені белгілі. Ғалым Т. Жұртбай «Көшпелі халықтың
нысаналық атауына сүйенсек, жер деген сөздің мағынасының өзі ұлы
ұғымдық астардан шыққан. Жер. Біз жердің жемісін жеп, ырыздығымызды
айырамыз. Есесіне ол біздің тәнімізді қойнына жасырады, денемізді
азық етеді,» - деп жазса, А. Шәріп: «Ұлттық идеяны халықтың қонысқа
көзқарасына қатыссыз елестету мүмкін» еместігін ескере отырып,
тұжырым жасайды. Мұқағали Мақатаев – туған жерінің суретін
бейнелеуде өзіндік өрнек таныта, өзгеше поэтикалық әлем аша
жырлайды. Табиғат аясында туып - өскен әрбір ақынның сол тақырыпқа
қалам тартпауы мүмкін емес. Туған жерді, оның әдемі табиғатын
жырлау – барлық ақынның перзенттік парызы. Қазақ даласының
табиғатын Мұқағали пәк, таза күйінде көргісі келеді. Адам мен
табиғатты ол тұтастықта таниды. Табиғат та адам сияқты кейде
көңілді, кейде мұңды. Соған лайық ақын да оны әр күйде суреттейді.
Бірде ол дала бетін жапқан жібектей жасыл шөптер мен асқар тау,
балдан тәтті сулар көрсе, кейде сол даладағы бабасы өскен
Кеңбұлақты ғасырлардан оралған көштерге теңейді. Кейде сарғайған
сары белін сәулелі лағылға теңесе, енді бірде сол даланың соққан
самалынан таңдайына қымыздың дәмі
келген.
Аян ғой
аймағыңның сыры маған.
Сөйлейсің,
сөйлейсің сен Ұлы Далам!
Мен сенің көкке
ұшырған бозторғайың,
Шырылдап жерге
түспей тұрып алам.
Жаралған жан
емеспін басы бөтен,
Туған жер,
топырағыңды басып өтем.
Кеудемде қатып
қалған бірдеңе бар,
Кім білсін,
туған жердің тасы ма екен?!
Ақынның ойы да,
сезімі де еркін, нәзік мұңды көңіл - күйі аралас жүреді. Ақын
көлгірсімейді, ағынан жарыла шынын айтады. Сезім мөлдірлігін, үлкен
шеберлікті, суреткерлікті танытатын мұндай өлеңдер Мұқағалида
мол.
Ақын туған жер
табиғатын шабыттана, құштарлықпен өлеңге енгізеді. Жас ұрпақты
туған өлкесін сүюге үндейді. Адам назарын аударатын және адам
тіршілігімен тығыз байланысты табиғаттың тылсым құпия сыры көп.
Адамзат жаралғалы, тіпті одан да бұрын жаратылған заңғар, биік
таулар мен шалқыған айдынды көлдер, ширатылған заңғар өзендер қай
заманда да ақын қиялын тербетіп, назарынан тыс қалмаған. М.
Мақатаевтың туған жерге байланысты өлеңдері бір шоғыр. Олар:
«Апырай, туған жер - ай», «Дөңгелек жер», «Рахмет, дала», «Қазақ
жері», «Жетісу», «Туған жерге», «Туған жер сағындырды»,
«Саржайлау», «Туған елге» т. б. Себебі, қай ақынды алмаңыз, ең
алдымен өзі өскен жерінің табиғатын жырлап өткен. Мұқағали да сол
дәстүрді жалғастырушы.
Ақын таудың
тура табиғи кейпін жырлаудан гөрі тауды фон етіп алып өзінің
дүниесін, көңіл - күй әлемінің тебіренісін осы фонға ұштастырып
жібереді. Тауды жырлай отырып, түйдек - түйдек ой айтады,
философиялық топшылаулар жасап, адам психологиясына жарасымдылық
ұғымының эстетикалық мәнін сіңіріп жібереді. Тау табиғатының тылсым
сырының ақын қиялын тербетіп, сезіміне ыстық шоқ тастап, бойына
қуат дарытып отыруы да
сондықтан.
Өлмесін деп
берген ғой тауды маған,
Мен күрсінсем,
күңіреніп тау жылаған.
Көңілімде бір
құйын көтерілсе,
Тауларымда
тұрады қарлы боран, -
дейді.
Тауды өзінің,
өз көңіл - күйінің баламасы ретінде салыстыра алады. Жаны да, тәні
де табиғатпен өзектес сипатты
көреміз.
Оның суреттеу
мәнерінде сезім басым. Мұқағали сөзінен сыңғырлаған сұлу дыбыс
шығады. Ақынның тілі үнді, әуенді, музыкалы тіл. Өлеңін оқығанда
көкірегің күйге толып, өз - өзіңнен ән салып отырасың. Бұл
сүйіспеншілік, құштарлық сезімі. Ақынның туған жерге деген
махаббатты жыр болып
төгілген.
Мұқағалидың
табиғат лирикасын ақын лирикасындағы туған жер келбеті, өлең
өрнектеріндегі табиғат перзенттері, жырға айналған жыл мезгілдері
деп топтауға болады. Ал, қыс тақырыбына жазылған «Анау – аспан,
мынау - бақ» өлеңінде:
Аспан жердің
арасын,
Дәрігер – қыс
алуда.
Табиғаттың
жарасын
Ақ дәкемен
таңуда.
Таңдырып ап
маңдайын
Тағы көйлек
сұрап жүр
Бақты кезіп тал
– қайың,
Жалаң аяқ жылап
жүр.
Қу бұтағын
құшақтап,
Түксиеді кәрі
емен.
Қыс – тазалық,
қыс – аппақ, - деп алдындағы көріністерді әшейін көзбен көріп қана
қоймайды, көкірекпен қабылдап, өзінше бір бейнемен кейіптеп,
кестелеп, бедерлеп көреді.
М. Мақатаевтың
қуаныш сезіміне бөленген көңіл күйін «Біздің көктем» өлеңінен де
көруге болады. Көктем мезгілі жер - дүниенің жасарып, тіршілік
атаулының басталар тұсы және табиғат ананың босанып, айнала әртүрлі
гүлдерге көміліп, жасыл желекке бөлінер сәті болғандықтан ақын
көктемді өмірдің, жаңа тіршіліктің басы ретінде жырлайды. Лирикалық
кейіпкердің көңіл - күйін, жан - толқынысын, сезімін бейнелеу,
суреттеу арқылы маусымның қайталанбас сәттерін бейнелеп
береді. Күзді бейнелеудегі ақынның әдісі
өзгеше.
Сен менің
тынысым ең, тұрмысым ең,
Сен үшін өмір
сүріп тырмысып ем.
Жыл құсымен
оралған жаным менің,
Бірге аттанып
кетесің жыл құсымен.
Қызылы жоқ
қырманды – күзде міне
Қайтқан құстың
қараймын тізбегіне, - деп, өз сағынышын, күрең күзгі күндерін
мұңдана еске алып, құлазыған көңілін қайтқан құспен
сабақтастырады.
Сонымен,
түйіндеп айтқанда, Мұқағали Мақатаев шығармашылығынан қазақтың
нағыз ұлттық поэзиясын көреміз. М. Мақатаев жырларындағы қазақтың
жері мен суы, тауы мен даласы көрініс тапқандығы өз алдына, өзгеше
пайымдау ерекшелігі, өзіндік өрнек салар тілі, шалқыған шабыты
сөзге шебер халықтың ұрпағы екенін аңғартады. Мұқағали Мақатаев
өлеңдерінің өзегінен ақиқат өмір шындығын көреміз, көркемдік өрнегі
өзгеше өрілген сөз өнерінің үлгісін танимыз. Ол халықтың сипаттағы
көркем бейнесін, сол арқылы адам болмысын, оның жан дүниесін,
сезімін, яғни, адам өмірінің асыл шындығын ерекше тебіреніспен
толғайды. Ақын әрбір кейіпкерін өзінің сезім елегінен өткізіп, сол
күйде өзі тұрғандай етіп шебер бейнелейді. Сондықтан да оның
қаһармандары шынайы, оқырманды бірден баурап алады. Сол себепті де
Мұқағали мұрасы сөз өнерінің дара мұнарасы ретінде болашаққа апарар
құнды қазына болып қала
береді.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Қабдолов З.
Арна. – Алматы: Ғылым,
1994.
2.
Аймұхамбетова Ж. Лирикалық бейне жасаудағы көркемдік ізденістер. //
Көкейкесті әдебиеттану. Сегізінші кітап. – Астана: ЕҰУ,
2008.
3. Ахметов З.
Өлең сөздің теориясы. – Алматы: Мектеп,
1960.
4. Жұртбай Т.
Дулыға. Екі томдық. – Алматы: Жазушы,
2007.
5. Шәріп А.
Қазақ поэзиясы және ұлттық идея. – Алматы: Білім,
2000.
6. Өтейұлы
Жұмаш. М. Мақатаев поэзиясының көркемдік жүйесі. Астана,
2007.
7. Бибіжан
Бегманова. М. Мақатаев және қазақ поэзиясындағы дәстүр мен
жаңашылдық. Алматы. Дәстүр. 2015

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген