400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

мақала: Ұрпаққа ұран болған - Пір Бекет

Материал туралы қысқаша түсінік
Бекет атаның өмір жолы жайлы, салған мешіттері, оның әулиелігі жайлы мағлұмат беру. Бекет жайлы ақын-жазушылардың пікірі жазылды.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Ұрпаққа ұран болған-Пір Бекет



«Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Самарқандта – Саид Ахмед, Бұқарада – Шейх Ахмед, Маңғыстауда – Ер Бекет» деген сыйыну сөздерін сынықтықпен жалына, жалбарына айтпаған мұсылман баласы кемде-кем шығар. Алты Алаштан атағы асып, иісі мұсылман баласына шапағаты тиген Бекет-Ата туралы зерттеуші ғалымдарға сүйеніп, аз-кем баяндауды өзімізге адамдық һәм мұсылмандық парыз санадық. Маңғыстау дүлдүлдерін зерттеуші Қабиболла Сыдиықовтың сан жылдарғы еңбегінің тұжырымы бойынша, Бекет-Атаның өмір сүрген мерзімі 1750-1813 жылдарға сәйкес келеді. Жемнің жоғарғы бойындағы Ақмешітте дүниеге келген Бекет-Ата болашақты болжап, алыстан аңғарар әулие, ел қорғаған батыр, білімнің сәулесін шашып, шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, медресеге татыр мешіттер салдырған сәулетші, жаны таза, сұңғыла сұпы болған адам. Бекет атаның бұл қасиеттерін аңыз-әпсаналар мен Үстірт зерттеушілерінің еңбектерінен білеміз. Сонымен бірге, піріміздің ұрпағы Ислам қажы Мырзабекұлының жиған-терген деректері мен ата ұрпақтарының ауызынан жазылып алынған дәйектер де біздің бұлайша сайрауымызға негіз болады. Бұл тұрғыда тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері зерттеп, зерделеген Рахат Қосбармақтың да Бекет-Ата туралы еңбектері пірді танудағы сүбелі үлестердің бірі.

Енді Бекет-Атамыздың сұңғыла сұпы болғандығы турасында баяндайық. Әуелі, сұпы, сопы деген кімдер екенін анықтап алғанымыз жөн болар. В.Кларк: «Суфизмнің тұқымы – Адам заманында себіліп, Нұх заманында көктеп, Ибрагим заманында пісіп, Мұхаммед заманында таза шарапқа айналды» деген аллегория бар екендігін айтады. Сопылық әдебиеттерде «Жүзім – дін, шарап – діннің маңызы» немесе «Жүзім – жарық дүние, шарап – оның маңызы» деген мағына да айтылады. Сондай-ақ, «Бүкіл діннің маңызы – суфизм» деген сөз де көп кездеседі. Бекет атамыздың сопылығы хақында Рахат Қосбармақтың «Бекет-Ата» кітабында нақты дәлелдер мен дәйектер арқылы айтылған. Сондықтан, соған назар аударайық. Суфизмді зерттеген түрік ғалымдары Фуад Куприлизаде, Кемал Арслан, орыс ғұламалары А.Н.Самойловия, қазақ шығыстанушылары Х.Сүйінішәлиев, Н.Келімбетов, Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжановтар сұпылық ағымның өкілдеріне әрбір мақамдарды меңгерген сайын беріліп отыратын лауазымдары болатынын айтады. Ол «ғашық», «сақы», «ғалым», «месжид», «сақып кемел», «асхаб», «мүршид», «пір», «баб». Мұны XI ғасырда түркі топырағына сопылық ағымның дәнін сепкен ғұлама Құл Қожа Ахмет Иассауидің хикметтерінен көреміз: …

Бес жасымда білім алғам бағлап, қызмет қылдым. …

Жеті жаста Арыстан бабқа қылдым сәлем,

Хақ Мұстафа аманатын қылды әнғам …

Сегізімде сегіз жаннан жол ашылды «Хикмет айт!» деп бұ басыма нұр шашылды.

Бихамдилла пір маған мей ішірді,

Ол себептен алпыс үште кірдім жерге…

Мен жиырма жеті жаста пірді таптым,

Әр сыр көрдім, пендемен бүркеп жаптым.

Астанасын жастанып, ізін өптім,

Ол себептен хаққа сыйынып келдім,міне…

Мен жиырма сегіз жаста ғашық болдым,

Отыз үште сақы болып, мей ұшладым,

Отыз төртте ғалым болып, дана болдым,

Отыз бесте месжид кіріп, дәурен сүрдім,

Отыз алты жаста болдым сақып кемел.

Бажайлап қарап, байқап отырсақ, біздің піріміз Бекет-Атаның өмір жолдары да осы Иассауидің ғұмырбаянымен ұқсас.

Мәселен, айтушылардың аузындағы әңгімелердің ақиқатқа жақын жерін алып қарасақ, Бекет-Ата бес жасында Пайғамбар сүндетіне отырып, алдымен атасы Жаналыдан, сосын ауыл молдасынан хат танып, діни сауатын ашады. 8 жасында айнала әлем, қоршаған орта туралы таным-түсінігін кеңейтіп, ғылым жолына құмартады. 14 жасында Хиуадағы «Шерғазы хан» медресесіне оқуға аттанады. 16 жасында алғашқы билігін айтып, ақсақалдарды аузына қаратады. Медреседе 7 жыл оқып, 21 жасында «сақып кемел» атанып, шатырхат алып, бала оқытады. 22-23 жау жасағын қасиетімен қайтару арқылы ұлысқа ұран болып, қашқан да «Бекет», қуған да «Бекет» дейтіндей дәрежеге жетеді. 24 жасында қазіргі ескі Бейнеудегі мешітін қаздырып, 28 жасында Оғыландыдағы мешіт құрылысын бастайды. 40 жастан асқан уақытында Хиуадағы шайхы-пірлердің алқалы жиынында анайы сынақ тапсырып, пірленеді. Яғни, «Бекет сұпы», «Бекет Пір» атағын алады.


Бекет ата мешіттері





Бекет ата - ескерткіш ғимараттары - Маңғыстау, Үстірт, Жем бойындағы Бекет Ата есімімен байланысты жер асты ғимараттарының ортақ атауы. Олар туралы халық жадында сан алуан аңыздар сақталған. Бекет Ата Мырзағұлұлы(1750- 1813) - әулие, халық батыры, абыз көреген, ағартушы, сәулетші. Туып, өскен жері Жем өзені бойындағы Ақмешіт Құлжан, Маңғыстау өңірі. Бекет Атаның білімдарлық, батырлық, әділдік, еңбексүйгіштік, абыз көріпкелдік қасиеттері өз дәуірінде ерекше танылған. Халық оны айрықша қадірлеп, әулие тұтқан. Адайлар өзінің ұранына айналдырған. Халық Бекет Атаның өмірін, қысылғанға жар болған ерекше қасиетін, әулиелігін ықыласпен әңгімелеп, ұрпақтан ұрпаққа ұластырған.

Бекет Ата төрт мешіті бар. Оның бірі маңғыстаудан қашық емес, Оғыландыда, екіншісі Бейнеуде, үшіншісі Жем бойында, төртіншісі Арал жағасындағы Баялыда» дейді. Бекет Ата бүл мешіт-медреселерде құдайға құлшылық еткен, бала оқытқан. Бекет Ата ескерткішінің бірі - Жем өзені бойындағы Ақмешітте, Құлсары қаласына жақын жерде. Әктасты жартасқа қоржын там етіп ойып жасалған шағын ғимарат. Оның басына кейін қос кесене тұрғызылған. Екіншісі - Ескі Бейнеуде, ұлутасты шатқалға қашалған. Бөлмелері құлап, үгітіліп, байырғы қалпын жоғалта бастаған. Баялыдағы ескерткіш-ғимараттың жай-күйі мәлім емес. Бекет Атаның Оғыландыдағы  жер асты ғимараты жақсы сақталған. Оңтүстік Үстірттің Маңғыстау ойысына тірелген бір тұмсығының үзіліп қалған шоқысына қашалған. Үш-төрт қанат киіз үй көлеміндей үш бөлме. Бекет ата мүрдесі осы бөлмелердің бірінің іргесіне қашап орналастырылған. Немересі Мұрынньң мүрдесі де осы бөлмеге қойылған. Кіреберіс бөлмеден жоғары шығатын есік арқылы жоғары бөлмеге баруға болады. Онда Бекет Атаның қызы жерленген.



«Жігіттің жақсылығы – нағашыдан»

Бекет-Ата жоқ-жітік, жарлы шаңырақта туып-өскен. Әкесі Мырзағұл Жаналыұлы мен анасы Жәния Алдаберген, Алдоңғар, Меңдіқұл, Бекет атты төрт ұл мен Әпуаш, Ақмаңдай деген екі қыз тәрбиелеп өсірген, ауыл-аймаққа қадірлі, абыройлы адамдар болған. Бекет-Ата жоқшылықты көп көрсе де, құдайдың назарында болған адам. «Жігіттің үш жұрты бар» дейді қазекем. Сонымен бірге, «Арудың жақсылығы – анасынан, жігіттің жақсылығы – нағашыдан» деген астарына алмас ойды ораған мәнді сөзді айтып кеткен сол қазақтың ақындары. Сондықтан, «Бабасы кімнің текті, кімнің тексіз, түбінде бір тартады қалыбына» деген Кенен атамыз. Ендеше, Бекет-Атаның қанында тектіліктің, ұлылықтың нағашыдан дарығанын айта кетейік. Мана айтып кеткеніміздей, Бекет-Атаның анасы – Жәния, қыдыр дарып, бақ қонған, арғы тегі арабтан шыққан Сейітқожаұлы Назарқожаның қызы. Демек, Бекет-Атаның нағыз нағашысы – Алшынның шежіресінде айтылғанындай, «Тобыштың қоңыр үйлі қожасы» атанған. Хиуадан білім үйреніп, Маңғыстаудай маңғаз жатқан маң өлкеге ислам дінінің шұғыласын таратқан, атақты бай, айтулы ғұлама Назарқожа. Бұл турасында Ислам Мырзабекұлы «Бекет ата» кітабында егжей-тегжейлі жазады. Ал Бекет-Атаның кәрі нағашысы – Тама Есет батыр, оның қызы – Меңсұлу – Бекет-Атаның әкесі Мырзағұлдың шешесі. Оған ел аузында сақталған Есет батырдың Бекет-Атаға берген батасы да негіз бола алады: Ақ-қараны айыратын ұл екенсің,

Аламанды қайыратын дүр екенсің.

Халқыңа шуақ шашар күн боларсың,

Үш жүзге аты мәшһүр пір боларсың,

Әттең, екі араны қыр бөліп жатыр-ау!

Бекет-Атаның әулиелігіне ешкімнің күмәні жоқ шығар. Өйткені, оқып білген адамға Бекет-Атаның әулиелігі туралы көп аңыз-әңгімелер, хикаялар жазылып, сақталған. Ол, әлбетте, көз жоба, көңіл долбарлауымен айтыла, жазыла салған дүниелер емес. Оның көзі тірі ұрпақтары, белгілі зерттеушілердің еңбегі, сондай-ақ, әулиенің киесін көрген жекелеген адамдардың басынан өткен уақиғаларымен өрбіп, зерттелген аңызға бергісіз ақиқаттар көп.
Сәуегей сәби

(аңыз)

«Бекеттің әулиелігі бала күнінде-ақ байқалған» деседі. Тоғыз жасында топ баламен ойнап жүріп, Бекет: «Жаманат болғалы тұр – жау жақындап келеді. Абай болыңдар, ағайын!, «Сақтансаң – сақтаймын» деген құдай, «сақтаныңдар!» деп үп-үлкен кісіше мақалдап, үрейлі үнмен шыр-пыры шығып, шыңғырып жүгіре беріпті. Жаман ырымды жақтырмаған ересектер: «Ей, мына жағы қарысқыр не дейді? Аузына қан толтырды, аулақ әкетіңдер!» десіп жан-жақтан ұрсып, жабыла қуып жібереді. Айтқандай, апта өтпей-ақ, түстері суық, жүрісі суыт түрікмен қолы келіп, адай ауылдарының күл-паршасын шығарып, ұлының тұлымын, қызының бұрымын сүйретіп, бұйқыт елдің тыныштығын бұзып кетеді. «Қап!» деп сан соғып қалған адайлар жау кеткесін жасақ жинап, артынан атанбақшы болады. Сонда, тағы да Бекет ата шығып: «Қазір аттанбаңдар, аруақ қолдамайды, жолдарың болмайды, қашан аттану керегін өзім айтамын шыдай тұрыңдар!» деп шырқырап айқайлай береді. Қырын кетсе де, ырым етуін қоймайтын таяз ойлылар тағы да: «Қап, мына қасқырдың күшігі жаңа бір жаман ырымын бастады-ау. Тіліне шоқ түскірді әкетіңдерші» деп қапы қалғандарын қаршадай Бекеттен көріп, тасыраңдап тап береді. Сонда баланың басқалардан бөгенайын бөлектейтін бір ерекшелігін байқаған біреулері: «Осы бала бірдеңені біледі, өткенде де ескертіп еді, өзіміз білемдіге салып, мән бермедік» дейді. «Асыл тастан, ақыл жастан», баланың айтқанын тыңдайық!» дейді. Бірнеше күн өткен соң біреу құлағына сыбырлап кеткендей, тауық шақырмай тұрып алған Бекет: «Алладан хабар келді, ал аттаныңдар! Жау жеңіледі!» дер жар салады. Адайлар атқа қонып, асығыс жетсе, ар жағынан жаңадан жау келіп, бүткіл түрікмен бір қолын екі ете алмай, бүлініп жатыр екен. Дұшпандарын дүркірете қуып, кеткен малы мен жесірін қайтарып алған жеңімпаз қазақтар елге есен-сау, мол олжамен оралады.


Әркімнің де әулиесі бар

(аңыз)

Бекет-Ата, Өмір, Барақ деген кісілердің қай-қайсысы да әруақты адамдар болыпты. Үшеуі де ұшатын көрінеді. Бекет-Ата жеті балапанын ерткен аққу бейнесінде ұшады екен. Жұрт «Әруағы жеті атаға жетеді» деп аңыз қылыпты. Барақ жерді үш теуіп ұшса, Өмір жалғыз-ақ тебеді екен. Барақты ел «әруағы үш атаға дейін тарайды» деп, ал Өмірдң «әруағы өзімен бірге кетеді» дейді екен. Бекет-Атаның ақылшы пірі, ағартушы ұстазы «Пақыржан қажы Бекет келе алмай қалып, кешіккен бір сәтінде намазды да бастамаған» деседі.

Шопан-Ата аяны

(аңыз)

Бекет он төрт жасында ақыл тоқтатып, оқу іздейді, «білмекке құмарлығы» артады. Әкесінің айтуымен әулие Шопан-Атаға төрт күн түнеп, басына аят оқып, ниетімен тағзым етеді. Алғашқы күні-ақ түсінде аян берген Шопан ата: «Хиуа деген қисапсыз халқы бар, үлкен шаһар бар, сонда ұстаздық ететін Пақыржан деген ұлы кісі Пақыржан қажыны барып сағаласаң ,сауап болады», — дейді. Үшінші күннен соң үмітпен оянған Бекет-Ата алдына Шопан-Ата ақ арғымақты көлденең тартып, сый етіп шығарып салады. Жібек құйрық, желден жүйрікпыраққа қарғып мінген жас Бекет жанарымен шоқ шашып, құйғытқан күйі Хиуадай қилы-қилы құпиясы мол жұмбақ шаһардың есігінен екпіндей енеді. Оқуда зерек, алғыр болған Бекет атамыз жеті жылдай өзбек ұлтынан шыққан өте білгір ғұлама Пақыржан қажының қолынан білім алып, ұстазының айрықша ықыласына бөленіп, артықша құрметке ие болады. Сөйтіп, ұстазының қолынан шатырхат алып, еліне қайтып, мешіт салдырып, бала оқытады.

Айтқаны айнымай келген

Бекет-Ата ұстаздық етпек ниетпен бірнеше жерден мешіт ашады: Оғыландыдан, Ескі Бейнеуден, Жем бойынан және Арал жағасындағы Байшағардан, т.б жерлерден мешіттер салдырған. Осылардың ең ішіндегі ең күрделісі – Оғыландыдағы мешіт құрылысы болды. Қара тасты қарш-қарш ойып, қатты тауды үңгірлей салған мешіт жұмысының алапат ауырлығына анау-мынау атпал азаматтар шыдас бере алмай, тайқып шыға берсе керек. Сондықтан, құрылысшылардың құрамы да құл мезгіл жаңарып отырыпты. Содан, құрылыстың басынан аяғына дейін тапжылмай, төзімділік танытып, жұмысын жасапты. Сонда әулие Бекет атамыздың бұл кісіге назары ауып, көңілі құлап, басқалардан бұның кім екенін сұрайды. Сөйтсе, ол кісі бір балаға зар болған бір бейбақ екен. Сонда, Бекет атамыз Байсал есімді бұл ақсақалға бәйбішесінің бала табатын уақыты өтіп кеткеніне қарамастан, көп ұзамай жүкті болатынын айтып, үйіне қайтарады. Егер ұл туса атын «Мыңкісі» деп атауын сұрайды. Бұйырса, балаң мына жүргендердің мыңына татитын болады», — дейді. Содан, үйіне қайтқан Байсалдың көп кешікпей бәйбішесі бала көтеріп, тоғыз ай, тоғыз күн өткенде шекесі торсықтай ұл табады екен. Оның атын әулиенің айтуы бойынша «Мыңкісі» қояды. Атаның айтқаны айдай келіп, дүниеге келген Мыңкісі-Ата мың жылда бір туатын асқан дарын иесі, алысқанын жыққан алып балуан, ғажайып шебер оташы болыпты. Бүгінде Мыңкісінің ұрпағы назары түсіп, қол тигізген кез келген сынық қисынын тауып, қиюласа қалады. Мыңкісінің аты жүмлә мұсылман жұртшылығына танылыпты.

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ: ЕЛ ИЕСІ, ЖЕР КИЕСІ

12.04.2016


(Қабиболла Сыдиықұлының «Бекет Ата» кітабына жазған алғы сөзі)


Аспан мен жер арасындағы тіректің сыр сипатына түсініп болдық деуге әлі ерте. Тіршіліктің түп бастауы қайда? Ол қалай салқар арнаға айналды? Бастауы бар құбылыстың ақыры да бола ма? Ендеше, мұншама жүйелі дүниеге осынша сындарлы сипат дарытып отырған күш қандай? Барлығына тыңғылықты жауап тауып болған жоқпыз. «Табамыз» деп дәмету де, бәлкім, күпірлік шығар.

Әзірге түсінгеніміз: адамзат дүниеге жаратылып, су аққалы өзін табиғаттан бөле-жарып қарай алмаған. Қалған табиғаттан айырмашылығы түсінсе де, астам тұрмын деп ойлай алмаған. Ал ондай күпірлікке бой алдырған кезде өз басына өзі тауан тілеп алған. Сөйтсе, астамшылық – азғындық екен. Сондай астамшылықтан тыйдыра алатын заңдылықтарды Тәңірі деп, Жаратқан деп, Құдай деп таныған. Әр асқанға бір тосқан мәңгілік жарасымның кепіл қағидасы. Одан туындайтын мың сан қисынды аз күн тіршілік кешетін пенде шіркіннің түйсігіп, түсініп, меңгеріп, бұлжымас қағидаға айналдырып, бұлтартпай ұстанып үлгере бермеуі де ықтимал. Алайда, сол түп





бастау Жарасым мен Заңдылықтың жер үсті Сақшылары тіпті болмаған деп ойлау ақылға сыймас нәмарттық болар еді.

Ондай Абзал Ақыл Иегері болған! Болғанда қандай! Бола бермек те!

Қолыңыздағы кітап сондай Дара Парасат, Дара Рух, Дара Шарапат, Дара Шапағат иесі хақында ел жадындағы кептерді баян етеді.

Жаппай бірдейлікті әспеттеген Кезеңде Даралық атаулы мансұқ етілді. Айырықшалық атымен ғайбатталды. Айырықша икем, айырықша ықылас, айырықша қабілет, айырықша ыждаһат, айырықша қасиет атаулы түгел жоққа шығарылды. Сондай жаппай иманнан безген кісәпір заманда Атырау мен Арал, Орал мен Kопет-Даг арасын алып жатқан ұлан байтақ өлкенің ежелгі тұрғындары қасиетті Бекет атаға бағыштап бір ауыз қиянат сөз айта алмаған, зәредей де қиянат қылық жасай алмаған. Бұл өлкедегі әр шаңырақ қуанған кезінде де, құлазыған кезіңде де алдымен Бекеттің атын ауызға алған. Бір кезде осынау кең байтақ өлкеге жан-жақтан көз алартқан басқыншыны оның атын айтып ұрандап, оның ұрпағына ту көтертіп, қол бастатып тойтарыс берген. Біздің талай әкелеріміз бен ағаларымыз кешегі қан майданда жан алқымға келгенде де медет сұрап, көз жұмғанда да артындағы шиеттей ұрпақты оған аманат қып қалдырғаны кәміл.


Жақсы заманда да, жаман заманда да оған деген ел сүйіспеншілігіне қылау түсіп көрген жоқ.

Өйткені, ол тірісінде елінің жел жақтағы Панасы, ық жақтағы саясы бола білген Азамат. Жаудан елді арашалаған Батыр. Дауда әділетті арашалаған Қазы. Озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірәдар.

Оның қыранның қанаты талар қиян даланы жайлаған Ата Жұртының, Ата Мекенінің барлық шекарасында қырандар түлек түлететін қия шыңдардан өз қолымен тас қашап, тауды үңгіп, жер асты ғимараттар салып, мешіт-медреселер ашуы да ескі аңыздардағы Прометей мен Фархадтарды, Киелі кітаптардағы Мұса мен Әзірет Әліні еске түсіретіндей ерен ерек. Шөл кезіп, еріні кезерген еліне асасының ұшымен тас шұқып, кәусар бұлақ тауып берген Мұса пайғамбардай Маңғыстау мен Үстірттегі Бекет Атаға байланысты жердің бәрінде де балдай бұлақ, көк құрақ, маңыраған арқар, таутеке. Олар – Елдіктің шебі. Елдіктің тері. Оларды жауға алдырған жұрт Ел болып тұра алмайды. Ондай Елдік Намыс пен Иман Ұяларын қастер тұта білмеген жан иесі қатарға кіріп, адам санатына еніп, жер басып жүре алмайды.

Елі мен Жерін шексіз сүйген асыл Азамат, Абзал Адамды Елі де шексіз сүйеді.

Бекет Атаның басты құдіреті – міне, осында. Өйткені, ол – көзінің тірісінде қиянатқа жол бермес Әділдіктің, күпірлікке жол бермес Адалдықтың, қараулыққа жол бермес Шапағаттылықтың, қатігездікке жол бермес Мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес Парасаттың асқан үлгісін танытып, үлкен-кішіні, алыс-жақынды, дос пен дұшпанды түгел мойындатқан адам.

Адалдықтан асқан құдіреттіліктің, әділеттіктен асқан әулиеліктің болуы мүмкін бе? Мейірімнен асқан кие, Парасаттан асқан қасиет болушы ма еді?

Ендеше, сондай асыл перзент таба алған, тауып қана қоймай, асылдығы мен абзалдығына бола Өз перзентін өзі Пір тұтқан халқыңнан қалай айналмассың?! Ондай ұлдарын өлімге қимайтын Елдің өзі де өлмейді. Өткендегілердің өсиетін, тірілердің арман-ниетін қастерлеп, өмірлік мұрат еткен өнегелі ел өліге бас игенмен, өлімге бас июші ме еді?!

Ендеше, сондай асқақ жұртының ақар-шақар шың басындай тәкаппар жүрегінен мәңгілік жәннат тапқан әлсізге – Медет, күштіге – Айбар, зарыққанға – Жебеу, тарықканға – Демеу, асқанға – Тосқан, сасқанға – Сая, ұрпаққа – Ұстаз, ұлысқа – Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі Пір Атаға қанша тағзым қылсаң да артық емес деп білеміз.

Өйткені, атасыздық – отансыздық, отансыздық – опасыздық, опасыздық – имансыздық. Ал имансыздық еліңнен, жеріңнен безінтіп қоймай, өзіңнен де безіндірері сөзсіз. Өзінің қадірін білмеген ненің қадірін білуші еді?! Ештеңенің қадірін білмеген – ешкімді де қарық қылмайды. Құдай тек сондайдың бетін аулақ қылғай!

Ал, Өткенде Жақсылардың болғанына сенетін адам Бүгінде Жақсылардың барына сенеді.

Ал, Жақсылардың барына сенетін Адам өзі де Жақсы болуға тырысады.

Ал, Жақсы болудың Жақсылық Жасаудан басқа жолы жоқ.

Ал, Жақсылық жасаудың Жаман атқа Ілігуден аулақ болудан басқа жолы жоқ.

Ләйім, әрқайсымызды, бәрімізді, жалпақ жұрт жамағатымызды Жаманаттан, Жаман Аттан сақтағай!

Жақсы Тілегімізді жөн тыңдап, жөн түсінер Жақсы Құлақтар мен Жайсаң Жүректер көбейе бергей!


«Арыс» баспасы, 1994 жыл





Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
4 желтоқсан
405
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі