Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
"Мәтінді есептер арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытудың психологиялық-педагогикалық негіздері" мақала
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Мәтінді есептер арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытудың психологиялық-педагогикалық негіздері
Психологияда орта буын оқушыларының жасы, көбінесе, білімді меңгерудің, зейінділіктің жасы деп саналса, педагогикада - бұл айналадағы өзге әлемді баланың өз бойына сіңіре бастау, қалыптастыру сияқты өмірлік маңызы бар функцияларды басымдылықпен игеру кезеңі болып табылады Осы функцияларды табысты орындау орта жастағы баланың танымдық қызығушылығының дамуына қолайлы жағдай жасайды.
В.И. Крупич оқыту үдерісі үш бөліктен тұратын жүйе болып табылады деген қорытындыға келеді, олар: оқытудың мазмұны, оқыту - мұғалімнің қызметі, оқу - шәкірттің танымдық қызметі және танымдық практикалық әрекеті .
Оқыту үдерісі - мұғалімнің баламен үнемі рухани қарым-қатынаста, ынтымақтастық жағдайда болуын қажет етеді. Оқыту үдерісінде бала тек мұғалімнің әсерін қабылдаушы ғана емес, оның оқу іс-қимылы мен өзінің психикалық үдерістерін басқарушы, ұйымдастыра білуші (іс-әрекетін білуі, бағалауы, өзін-өзі басқаруы) оқытудағы субъект. Оқыту үдерісінде бала логикалық ойлау болмысының жалпы тәсілдерін қолдануға және дербес шығармашылық әрекет жасауға дағдыланады. Бұдан шығатын қорытынды: оқыту - баланың рухани жағынан жетілуін қамтамасыз ететін, бала дамуының алғы шарты. Демек, оқыту мен дамудың арасында тығыз байланыс туындап отырады.
Оқыту мен дамытудың арасындағы тығыз байланыстың үш концепциясын Э.Торндайк, Ж. Пиаже және Л.С. Выготский құрды.
Э. Торндайк оқыту мен даму ұғымдарын бірдей деп санайды . Ж. Пиаженің ойынша оқыту дамытудан кейін жүреді, өйткені оқыту баланы оқытсаң да, оқытпасаң да психикалық дамуына, ақыл-ойының өріс алуына ықпалын тигізбейді. Бұл пікірден үшінші концепция туындайды. Л.С. Выготскидің айтуынша, оқыту өзінен кейін дамуды алып жүреді, өйткені баланың психикасы тек оқытудың негізінде қалыптасады. Оқыту тәсілдерін оның қолы жеткен даму дәрежесіне дәл ықшамдай, шамалы алға қарай оздырып жүргізу керек. Сонда ғана оқыту баланың ой өрісін алға қарай жүргізетін болады дей келе, баланың кешегі күнгі дамуына емес, ертеңгі күнгі дамуына қарау керек деп ескертеді. Осыған орай, бала дамуының "екі аймағын" қарастырады. "Бірінші аймақ" - бала дамуының қазіргі қол жеткен сатысы, осыған қанағаттанып қоймай, мұғалімнің оқушыларды болашақтағы дамудың ең жақын сатысына ("екінші аймаққа") жеткізуге міндетті екендігін айтады.
Қызығушылық - әр қырынан алып қарауға болатын күрделі ұғым. Қызығушылық - адамның затқа немесе шынайлық құбылысқа белсенді танымдық бағыттылығы, әдетте ол нысанды танымға немесе белгілі бір әрекетті меңгеруге оң сезімдік қатынастан көрінеді. Қызығушылық бұл зейіннің интенсификациясы ретінде анықталатын психикалық құбылыс (Н.Ф. Добрынин); белгілі нысанға сананың бағыттылығы (М.Ф. Беляев); ойлау, эмоционалды белсенділік және ерік сияқты бірнеше психикалық үдерістердің біріккен қоспасы (Л.А. Гордан, С.Л. Рубинштейн); адамның қоршаған әлемге, оның нысанына, құбылыстарына, үдерістеріне талғамды қатынасы (Г.И. Щукина); объектінің ағза үшін өмірлік маңызды және эмоционалды тартымдылық күшіне байланысты талғамды қатынасы (М.В. Матюхина); адам ерекше сезінетін қимылдың нақты себебі, субъектінің өз әрекетіне оң бағалық қатынасы; адамның сезімге, ерікке, зейінге байланысты қажеттілігін қанағаттандыруда оның сыртқы жағдайларға таңдаулы қатынасы (Ю. Н. Тюфанов) ынтықтылық, алғырлық, тұрақтылық және білуге құмарлық тәрізді бөліктерден тұратын, белгілі бір нәрсеге зейін қою арқылы эмоция тудырып, жүзеге асатын жеке басқа тән ерекшелік (Қ. Қабділрашид) . Мұндай әр түрлі көзқарастарының болуы осы мәселенің күрделігін дәлелдейді.
Қызығушылықтың негізі - адамның қажеттілігі. Қажеттілік адам өмірінің жеке жағдайларымен анықталады. Қызығушылықтың физиологиялық негізі - болжамды рефлекс.
Қызығушылықты оның мазмұны, кеңдігі, тұрақтылығы, күші және әрекеттілігі жағынан сипаттауға болады. Қызығушылықтың мазмұны - қызығушылыққа бағытталған нысандар. Тұлға жан-жақты даму үшін оның қызығушылығы кең болып, әр түрлі нысандарға бағытталуы тиіс. Қызығушылық оқу, ойын, еңбек үдерістерінде, адамның қоғамдық әрекетінде қалыптасып, оның өмір жағдайына, оқыту мен тәрбиеге байланысты ары қарай дамиды. Бала мектепке келген сәттен бастап қызығушылығы өзгере басталады. Олар ойын әрекетінен оқуға ауысады. Алғашқыда оқу жұмысының барлық түрлеріне қызығушылық туындап, келе-келе даралана түседі. Біртіндеп оқушының қызығушылығы әрекет үдерісінен мазмұнды әрекет қызығушылығына, фактілерге, алғашқы қарым-қатынасқа, себептерге, заңдылықтарға ауысады (сипаттаудан түсіндіруге). Жұмыстың шығармашылық жағына қызығушылығы артады. Оқу әрекетінде оқушыларға неғұрлым көбірек бостандық пен өзбетімен әрекеттенуге жол берілсе, соғұрлым оған оқушылардың қызығушылығы арта түседі. Белгілі бір әрекеттің нәтижелігіне қызығушылықтың тәуелділігі де өзгереді: орта буын оқушысы әдетте өзі сәтті жүзеге асыра алатын, оңай әрекетке қызығады, кейін олардың қызығушылығы қиындықтарды жеңуге де бағытталады. Орта буын оқушыларының негізгі қызығушылығы оның өмірінің мазмұнымен, үйдегі, мектептегі әрекетімен анықталады.
Танымдық іс-әрекетке тәуелді, қызығумен мәндес, туындауы жағынан астарлас ұғымдар бар, олар: стимул, түрткі, қажеттілік және мотив. Кейде танымдық қызығушылыққа ұсынылатын анықтама осы ұғымдарға негізделіп берілуде. Сондықтан танымдық қызығушылық ұғымына берілген нақты анықтамалар жоқ.
Таным әрекеті қажеттілік арқылы жүзеге асады. Өзінің тіршілік және рухани қажеттігін өтеу үшін оқушы дүниені танып, білгісі келеді. Алайда ол өзі қажетті нәрсеге, мәселен, оқу пәніне қызығады. Кейіннен бұл нәрсе оқушы іс-әрекетінің мақсатына, қозғаушы күші - мотивіне айналуы мүмкін. Осыдан келіп кейбір ғалымдар қызығуды тек танымдық ғана емес, басқа да қажеттіліктердің көрініс беруіне апарып саяды. Енді біреудері танымдық қызығушылықты оқушыны өзіндік дербес іс-әрекетке жұмылдыратын мотив ретінде қарастырады.
М ысалы, Н.Г. Морозова, Қ. Қабділрашид танымдық қызығушылықты қызығушылықтың бір түрі ретінде сипаттайды. Н.Г. Морозова: «танымдық қызығушылық - бұл білім алуға және ғылымға қатысты қызығудың бір түрі». Қ. Қабділрашид танымдық қызығушылық: «Оқып білім алу және ғылыми зерттеу кезіндегі қызығуды - танымдық қызығу деп атайды» - дей келе, қызығу ұғымын мағынасының тарылып, шектелуіне қарай мына бағытта орналасуын көрсетеді: қызығу танымдық қызығу бір пәнге қызығу .
Оқушылардың оқу пәндерін оқу барысында қызығушылығын тудыру педагогикада «танымдық қызығушылық» деп аталады (Г.И. Щукина, Л.И. Божович, А.Н. Леонтьев және т.б.). Танымдық қызығушылық адам қызығушылығының ерекше түрі ретінде белгілі оқу пәнінің мазмұнына ғана емес, сонымен қатар бұл білімді меңгеру үдерісіне, яғни таным әрекетіне де бағытталады.
Ғалымдардың бір тобы танымдық қызығушылықты психологиялық үдерістермен және жеке бас психологиясының ерекшеліктерімен байланысты қарастырады.
Психологияда танымдық қызығушылық оқу үдерісінің ең мәнді факторы, оқу әрекетінің маңызды мотиві, тұлғаның тұрақты көрсеткіші ретінде қарастырылады (М.В. Матюхина, Т.С. Михальчик, К.П. Патрина).
Л.А. Григорович, Т.Д. Марцинковская танымдық қызығушылықты қажеттілік ретінде сипаттайды: «Тынымдық қызығушылық дегеніміз - интеллектуалды белсенділікке және жаңа білім, білік, дағдыны игеруге қажеттілік».
Танымдық қызығушылық – әр қырлы құбылыс, сондықтан оқыту, тәрбиелеу және дамыту үдерісіне өзінің әр түрлі жақтарымен әсер ете алады.
Жоғарыда баяндалғандардың бәрін түйіндей келіп, біз танымдық қызығушылыққа: «Танымдық қызығушылық дегеніміз - ынта, әуестену, қажеттілік және білуге құштарлық тәрізді компоненттерден тұратын, оқушының мақсатты, саналы түрде білімді меңгеруге бағытталған танымдық мотиві» деген анықтама ұсынуды жөн көрдік.
Танымдық қызығушылық балалық әуесқойлықтан басталады, алайда ол тез арада жарқ етеді де, солайша кенеттен сөніп қалады. Терең білім беруді мұндай әуесқойлық негізінде ұйымдастыруға болмайды. Баланың әуестігін ояту үшін тартымды бастау, әсерлі сюжет, оқиғаның күтпеген арнаға түсуі, мәселелік жағдай сияқты тәсілдер қолдану керек. Оқушыда білуге әуестік пайда болып, ол құмарлыққа ұласады. Оқушы бұдан әрі жаңалықты қабылдап, білімі молайған сайын қуаныш сезіміне бөленеді. Білген үстіне білгісі келіп, құмарлық танымдық қызығушылыққа ауысады.
Танымдық іс-әрекетке қызығушылықты оятуда келесі қызметтердің маңызы зор: оқудағы жетістікті қамтамасыз ету; оқушылардың артта қалуының алдын алу; «қауіп-қатер балаларының» диагностикасы; үлгермеушілікті болдырмау; оқу материалының мазмұны (тарихи саралау, өмір тәжірибесінен мысалдар, мемлекет стандарт шегінен асу т.б.); білім берудің әр түрлі формалары мен әдістері, жаңа педагогикалық технологияларды қолдану; мұғалімнің оқушыларға қатынасы, балалар қауымының қоғамдық пікірі, ақыл-ой қабілеті мен жалпы оқу білігін дамыту.
Қызығуды туғызудың шарттары мен амалдары көп. Солардың ішінен мына төмендегідей 3 үдерісті атап көрсетуге болады:
Оқу материалының мазмұны /ондағы жаңалықтар, қазіргі ғылым мен техникадағы жаңа табыстар, оның тәжірибе үшін пайдасы т.б. Оқуды ұйымдастыру, басқару үдерісінің ерекшеліктері/ оның әдістері мен формалары т.б./. Мысалы оқытудың проблемалық сипаты, оқушылардың шығармашылық және практикалық жұмыстарды өздігінен орындауы, көрнекі құралдар мен техникалық құралдар т.б.
А. Нұғысованың зерттеуінде: «Теориялық материалды меңгеру кезінде, мазмұны оны қоршаған өмірде кездесетін өмірлік жағдаяттарға байланысты, олардың күнделікті өмірде кездесетін (тұрмыста, кітаптарды, газеттерді, журналдарды және т.б. оқу кезінде) есептерді шешуде, математиканы өмірмен байланысты оқыту оқушыларда оқуға деген қызығушылықты тудырудың негізгі тәсілдерінің бірі» делінген .
Танымдық қызығушылық оқушының тыным нысанына эмоционалды қатынасынан көрінеді. Л.С. Выготский: «Қызығушылық - бала тәртібінің қозғаушысы, оның әрекеті мүше қажеттіліктеріне сәйкес келетін инстинкті ұмтылыс болып табылады». Сондықтанда оқу үдерісін оқушылардың қызығушылығын нақты ескеріп, ұйымдастыру талап етіледі. Сонымен қатар «...Педагогилық заң: баланы қандай да бір әрекетке жұмылдырмас бұрын, оны онымен қызықтыр, оның осы әрекетке әзір екендігін, оның орындалуына қажетті күші шоғырланғанын, өзі әрекет ететіне көзіңді жеткіз, мұғалім оның әрекетін тек басқарып, бағыттап отыратындай қыл».
Танымдық қызығу оқыту мен тәрбиелеу нәтижесінде қалыптасып дамиды. Оқушылардың таным қызығушылығы олардың білімінің деңгейі мен сапасына, ойлау іс-әрекеті мен әдіс-тәсілдерінің қалыптасуына байланысты. Педагогикалық әдебиеттерде танымдық қызығушылықты қалыптастырудың үш жағдайы жиі қарастырылады.
Біріншісі - оқытудың мазмұны, жаңалығы, ғылым мен техниканың соңғы табыстары, таңдандыратын тарихи деректер, ғылыми білімнің іс жүзінде қолданылуы, бұрыннан білетін мағлұматтың жаңа қырының ашылуы.
Екіншісі - оқушылардың таным әрекетін ұйымдастыру түрлерін, құралдарын және әдістерін жетілдіру. Бұған жататындар: сабақтың инновациялық түрлерін өткізу, оларда қолданылатын техникалық және көрнекі құралдардың тиімділігін арттыру; танымдық ойындар ұйымдастыру; проблемалық және интегративті ұстанымдарды жүзеге асыру; пәнаралық және пәнішілік байланыстарды тудыру; ғылымның өмірмен, өндіріспен, техника және экологиямен байланысын ашып көрсету; оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстарын және өздігінен білім алуын тиімді ұйымдастыру; шығармашылық және зерттеу жұмыстарын белсенді қалыптастыру; білім тексеру мен бағалаудың алуан түрлерін ұтымды пайдалану арқылы оқытудағы кері байланысты жетілдіру.
Үшіншісі - мұғалім мен оқушы, оқушы мен оқушы арасында сыйластық, ізеттілік қарым-қатынасын орнатып, олардың біріне-бірінің жүрек жылуының болуын қамтамасыз ету. Оқушы өзі ұнатпайтын мұғалімнің пәніне ешқашан қызықпайды. Оқушылардың өзара сыйласа алмайтын, тәртіп жиі бұзылатын сабақтарға ынтасы төмен болады.
Қ. Қабділрашид танымдық қызығушылықтың үш сатысын көрнекі үлгімен көрсетеді. Онда таным қызығушылықтың бірінші деңгейі стимул (әлсіз, орташа, күшті), екінші деңгейі - бірінші деңгейдегі сыртқы себеп әсерінен жеке бас белсенділігінің ішкі себебі - қажеттік (биологиялық, әлеуметтік) пайда болады. Қажеттілік аталған қажеттілітердің әрқайсысының туындауына түрткі болып табылады. Қажеттіліктің затиялығы субъектінің іс-әрекеті одан әрі дамыған сайын айқындала түсіп, түсінуге тиісті затия түрткі болады да бағыттау қызметін атқарады, яғни мотивке айналады. Стимуляция мотивацияға өтеді, мотивациядан тұрақты мотивацияға өтеді, тұрақты мотивациядан күшті мотивацияға өтеді. Ол өз кезегінде таным қызығушылығының үшінші деңгейі нағыз қызығуға айналады. Оның көрсеткен бұл моделі танымдық қызығушылықтың қалыптасуының үш деңгейін ғана көрсетеді.
Оқушылардың танымдық қызығушылығының нысанына оқу пәндерінің мазмұнына енетін ғылым негіздері, осы мазмұнды тануға бағытталған оқушылардың оқу әрекеті жатады. Г.И. Щукина оқушылардың танымдық белсенділігін, қызығушылықтың бағыттылығын және т.б. көрсеткіштерді ескере отырып, танымдық қызығушылықтың 3 деңгейін (қарапайым, орта, жоғары) бөліп көрсетеді.
Танымдық қызығушылықтың қарапайым деңгейі нақты фактілерге, білімдерге, суреттеуге, нысан бойынша әрекеттерге зейін қоюдан көрінеді.
Танымдық қызығушылықтың орта деңгейі тәуелділіктерге, себеп- салдар байланыстарына, оларды өз бетімен қарастыруға қызығушылығымен сипатталады.
Танымдық қызығушылықтың жоғары деңгей терең теориялық проблемаларға, білімді меңгеруде шығармашылық әрекетке қызығушылықтан көрінеді.
Сондықтан біз оқушылардың танымдық қызығушылығын математика пәнін оқуға оң мотивацияларын тәрбиелеумен, оқушының ашық эмоцианалды толқумен байланысты, белсенді танымдық әрекетке жұмылдыру арқылы дамытамыз.
«Есеп» және онымен байланысты ұғымдарды жалпы ғылыми деңгейде қарастыру оның таныс теориясындағы орнын анықтайды, ол барлық ғылыми бағыттардың қажетті және маңызды элементі болады. «Есеп» философиялық тұрғыда - таным теориясы, психологиялық тұрғыда - адам іс-әрекетінің бағыттылығы, педагогикалық тұрғыда - білім мен білікті қалыптастыру құралы, әдістемелік тұрғыда - іс-әрекетті ұйымдастыру, қалыптастыру және дамыту құралы
«Есеп» ұғымына көптеген авторлар түрліше анықтама берді. Олар: есеп бұл - оқуда және еңбекте оқушылардың танымдық және практикалық белсенділігін жоғарлататын негізгі фокторлардың бірі; ойлау, есептеу арқылы шешуді қажет ететін санға негізделген жаттығу; бізді қоршап тұрған дүниеде сандармен байланысты болатын және оларға арифметикалық амалдарды қолданатындай тұрмыстық жағдайлар бола береді (М.А. Бантова); жауабы арифметикалық амалдарды орындалуының нәтижесінде алынатын сөзбен берілген сұрақ (М.И. Моро және А.М. Пышкало); анықталған шарттар арқылы берілген мәлімет немесе белгілі жағдайларда берілген мақсат (А.Н. Леонтьев); құраушылары міндетті түрде: есептің бастапқы қалыптағы нысаны (есептің бастапқы нысаны) мен есептің-нысанын қажет ететін жағдайының моделі (есептің талабы) болатын жүйе (Г.А Балл).
Мектептік оқытуда есептер ойын, оқу, өндірістік болып үшке бөлінеді.
Есептердің мазмұнын белгілі бір мақсатқа бағытталуы мүмкін. Бірқатар есептер есептеулермен, кейбірі өлшеу іс-әрекеттермен енді бірі математикалық теория элементтерін меңгеруімен және т.б. байланысты болып келеді.
Есептердің мазмұнын ескерсек, онда оларды деректі мазмұнды есептер және дерексіз мазмұнды есеп деп екіге бөлуге болады.
Дидактикалық мақсаттарына қарай: танымдық, машықтау, дамыту есептері деп бөлінеді. Ал ойлау түрінің басым болуына байланысты (А.Е. Әбілқасымова, А.К. Көбесов, Д.Р. Рахымбек, Ә.С. Кенеш) немесе математикалық есептің үш типі (А. Я. Цукарь): алгоритмдік, жартылай алгоритмдік, эвристикалық.
Егер мазмұнында берілген деректерге қарай, оларды экономикалық мазмұндағы, физикалық мазмұндағы, химиялық мазмұндағы, ұлттық мазмұндағы және т.б. есептер (практикалық есептер) деп атауға болады.
Есептерді жіктеудің түрлі тәсілдері болса да және мұндай жіктеме теория үшін де, практикалық жұмыстар үшін қажет болса да, барлық оқу және әдістемелік әдебиеттер де қазірге дейін бұл мәселе жөнінде бір жақты заңдылық жоқ.
С. Утепкалиев: «мәтінді есептер - шынайы өмірлік өмірдің моделі, кейбір шынайы (қазақша, орысша, т.б.) тілдердің тәсілдерімен баяндалған, объектілердің арасындағы кейбір қатынастарының барын немесе жоқтығын анықтау талабымен, баяндалған жағдайдың қайсыбір компонентіне сандық мінездеме беру» - деп анықтама береді .
И.Я. Лернер танымдық есептері «оқушыға жаңа болып көрінетін білімге қарай немесе есептің шешуінің жаңа тәсілдерін құруға қарай» апаратындай болуы керек деп есептеді.
Оқу есептерінің ерекшеліктерін ашып көрсете отырып Д.Б. Эльконин: «Оқу есептерінің басқа есептерден басты ерекшелігі, оның мақсаты мен нәтижесі белгілі бір іс-әрекет тәсілдерін меңгерумен шектелетін субъектінің іс-әрекетінің өзгерістерінен тұрады», - деп тұжырымдайды .
Ж.Т. Билялова оқу есептері жөнінде айтқанда көбіне сюжеттік мәтінді есептерді немесе дерексіз сандармен берілген есептерді айтып, оқу есептерінің тектік белгілерін көрсетеді: есепті шығарудың мақсатын анықтайтын талап немесе сұрақ; есепті шешуде қандай да бір тәсілді қолданудың және сол тәсілді қолданудың дұрыстығын тексерудің негізі боп табылатын шарттар шек факторды айқындау және есепке алу; есепті шешуде бұрыннан белгілі тәсілді пайдалану немесе жаңа тәсілдер мен әдістерді таба білу .
Психологтар анықтағандай, егер оқушылардың есепті шығару барысындағы іс-әрекеттері қандайда бір есептер класының жалпы ортақ шешу тәсілін табуға бағытталған болса, онда мұндай есеп оқу есебі болып саналады, ал егер оқушылардың ол есепті шығару барысындағы іс-әрекеттері есепті шығарудың тәсілін әдейілеп қарастырмай жекелеген нәтижелерді табуға бағытталған болса, ол есеп практикалық есеп болып табылады.
Егер есептің шешу сатыларын бір мәнді анықтаудан жалпы ережелер мен қағидалар бар болатын болса, онда мұндай есептер стандарт есептер деп аталады, ал берілген есепті шешуінің нақты сатыларын анықтайтын ережелері мен қағидалары жоқ болса, онда есептер стандарт емес есептер (С.И. Сельдюкова) деп аталады.
Т.Ә. Әлдібаева: мәтінді есеп - өмірде кездесетін нақты бір жағдайдың (проблемалық жағдайдың) қандайда бір табиғи тілде сипатталуы.
Жалпы алғанда оқытудың әр түрлі буындарында мәтінді есептерді былай атайды: арифметикалық есептер, теңдеулер мен олардың жүйесін құруға берілген есептер. Дәл осылай бөлінгенімен олардың сипаты бір, яғни 1) табиғи тілде тұжырымдалған есептер (сондықтан оларды мазмұнды есептер деп атайды); 2) олардың мазмұнында қандайда бір құбылыстың, оқиғаның сандық қасиеттері сипатталады (сондықтан оларды сюжетті есептер деп атайды); 3) ізделінді шаманы табуға берілген есептер, яғни мұнда кейбір шамалардың белгісіз мәні есептеледі (сондықтан есептеуге берілген есептер деп атайды).