Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
МЕЙІРІМДІЛІК АСЫЛ ҚАСИЕТ
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Мейрімділікті адам алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап сезіп – көре бастайды. Мейірімін төккен ата-анасының ыстық кұшағында олардың аялы алақанын сезіне жүріп, өмірге үйренеді. Есейе келе толағай мейрімділікті айналасынан көру – көрмеуі екіталай. Әйтсе де, адам өмір бойы мейрімділікті іздеп, дауыл алдындағы шағаладай шарқ ұрып өтері анық.
Кітабымыз Құран Кәрімнің әр сөзіне бастарымызда «Бисмиллаһир рахман Рахим» деп айтамыз. Яғни рахымды және мейрімді болған Алланың атымен бастаймын, дейміз. Алла алғаш өз сөзінде - ақ өзінен мейрімділік тілеуімізді айтуда. Олай болса бұның ерекшелігі неде деген ой әр адамды мазаламай қоймайтына анық. Сол ой мені де мазалап, сүйіспеншіліктің, мейрімділіктің және махаббаттың не екенін қаламға алуды жөн көрдім.
Сүйіспеншілік тіршіліктің негізгі тірегі. Сүйіспеншілік - тіршіліктің сәні мен мәнін келтіретін нұр әрі ең басты қуат көзі. Жарық дүниеде барша кедергі кесепатты жеңетін күш те осы сүйіспеншілік. Көңілі сүйіспеншіліктің түбіндегі әрбір тасын санап алуға болатын кәусар бұлағынан мейірін қандырған жанның рухы кемелділік көгінде қырандай қалықтап, мәңгіліктің жасыл жайлауына қанат қағады. Мұндай көңілі көктем, сезімі сел боп аққан ізгі жандар мәңгілік бақыт әлеміне қатысты сезіп – білгендерін, рухани дүниесіне жиған – терген жауһарларын жер-жаһандағы барша жанмен бөлісу үшін алып – ұшып тұрады. Осы мақсатта «мың өліп, мың тіріледі». Өлсе де, тірілсе де, жүрекжарды ұраны, басты қаруы осы сүйіспеншілік сөзі болмақ.
Жан дүниесі сүйіспеншіліктен жұрдай жандардың рухы тартылған судай сор тартып тұрады әрі тартылған судың түбіндегі қолтырауынға жем болады. Мұндайлар жүз жыл, мейлі ғасырдан да ұзақ өмір сүрсе де, рухани танымы бір қарыс алға жылжи алмайды. Көңілінде тырнақтай сүйіспеншілік жоқ мұндай жандар өктем өзімшілдіктің, менмендіктің тар қыспағында тұралап қалғандықтан, ешкімді шынайы сүйе алмайды.
Барша ғалам шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі десе болады. Мәселен, шуағын төккен күн көзі және судың буға, одан бұлтқа айналуы, сонан соң жауын болып топыраққа нәр шашуы – ғаламдағы сүйіспеншіліктің жарқын мысалдары. Масатыдай құлпырған сан алуан гүлдер көз жауын алатын әсемдігімен қараған жанның жанын жадыратып, көңілін шалқытады. Жапырақ бетіндегі таңғы шықтың күмістей мөлдіреген пәк бейнесінен сүйіспеншілікті қалай сезінбессің?! Иен даланы басына көтере жамырай маңыраған қозы-лақтың берекелі де бейбіт тірліктің бесігін тербеткен үнінен, құлақ құрышын қандыра сайрап, жүрекке шаттық сыйлайтын құстардың әсем әнінен сүйіспеншіліктің әуезді әуенін тыңдау қандай ғанибет!
Адамның жан дүниесінде терең із қалдыратын тылсым бір күш бар. Ол - махаббат. Тегінде, адам баласы махаббат үшін бар асылын құрбан етеді. Махаббат жолында қаншама Төлеген «Жібек» деп шарқ ұрады. Осынау махабатты жан-дүниесімен сезіне алмаған, сезінуге дәрменсіз жандар мұндай сезімдерді жібектей қыздарға балап, адасатыны өкінішті-ақ!
Барша тіршілік ғаламдағы ғажайып махаббаттың өзіндік нақышын келтіре отырып, «құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән мен тәтті күйге» бөлеп, жаратылыстың негізі болған махаббат пен ғашықтықты жарыса жар салып, жариялап жатқандай.
Өзгелер үшін өмір сүру, өзгелер үшін жанын пида ету - адам баласына ғана тән асқақ сезім. Бүл сезімнің қайнар бастауы сүйіспеншілікте жатыр. Ендеше, жұдырықтай жүрегі сүйіспеншілік деп соққан жандарды адамзаттың ең абзалына балау орынды – ақ. Ізгілік қаһармандары бойларындағы өшпенділік, жек көру секілді әдеттерді біржолата жоя біледі. Үмітсіздік, тіпті өлім де ізгілікті ту еткен мұндай қаһармандардың сағын сындырып, тауын шаға алмақ емес. Олар күн өткен сайын жан дүниелерінде махаббаттың жалынын лаулата түседі. Адамзаттың барлығын бауырындай көретін пейілдері көл-көсір, жайылған дастархандай дарқан. Сондықтан да баршаның көңіліне қалай шаттық сыйлау керектігін жақсы біледі. Алла Тағала тарту еткен мәңгілік бар болудың бақытына бөленгені сонша өмірдің пәнилігі мен өлім де олардың ізгілік деп соққан жүректеріндегі жалынды жігерді әсте жасыта алмайды.
Ата ана баласы үшін өлімге бас тіккен ананың жанкештілігі мейрімділіктің негізін ұқтырмай ма? Осы секілді елі үшін еңіреп, етігімен су кешкен ұлт – ұландарының мерімінен асқан мейрімділік барма?. Адамзаттың бақыты үшін басын бәйгеге тіккен, бары мен жоғын ортаға салып, баршаның көңіліне тақ құрған ізгілік жаршыларын өзі өлсе де аты өлмейтін нағыз мейрімді жан деуге әбден лайық. Ізгілік жаршыларының қолында кез келген дұшпанды тізе бүктіретін қару және барлық қақпаны айқара ашатын сиқырлы кілт бар. Ол - мейрімділік. Міне, дәл осы қару мен кілтке ие болғандар бүгін болмаса да болашақта жер-жаһанның барлық қақпаларын айқара ашып, жүректерін тербеген мейірім шамшырағы арқылы төрткүл дүниені бейбітшілік пен бақытқа бөлейді.
Осы махаббат, мейрімділік,сүйіспеншілік - елдің ыстық ықыласына бөленудің ең төте жолдары. Өйткені, бұлар – Пайғамбарлардың қастерлі жолы. Бүл жолдың жолаушылары жолдан адасып, тығырыққа тірелуі мүмкін емес. Тұйыққа тірелген күннің өзінде жабылған бір есіктің орнына басқа жердей мың есік ашылады. Бұл дүниеде сүйіспеншілікпен барша адамзатты бауырға басып, жүректерге жол таба білсек, бұл дүниеде шешімін таппаған мәселе қалмас еді.
Бұл үшеуін өмірлік ұстанымына айналдырған жандар қандай бақытты! Ал енді бұлардан жұрдай бақытсыз бейбақтардың қараңғы дүниесі мен сел болған рухани әлемі неткен аянышты...
Ұлы Раббым! Бізді, өзіңнің шексіз махаббатыңмен, мейрімділігіңмен, сүйіспеншілігіңмен бүгінгі төрткүл дүниенің төрт бұрышын жайлаған өшпенділіктің қараңғы түнегінен сақтай гөр! Азуы түскенше азғындаған опасыз құлдарыңның көңілдерін махаббат, сүйіспеншілік, және мейрімділікпен ізгілікке бұрып, оларды жарылқай гөр!
Балаға мейірімділік таныту мен сүйіспеншілігіңді көрсету. Тәрбие берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Әсіресе, кішкене балалар үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің орны ерекше. Бұл махаббатқа олар қашанда шөлдеп тұрады. Олар тек сүйіспеншілікпен ғана өсіп-жетіледі десек артық айтқандық емес. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді. Әрдайым соны іздеп тұрады. Оны ренжітпей, мейірімі мен сүйіспеншілігінен ажырап қалмау үшін оның айтқандарын орындауға тырысады. Өзі жақсы көрген кісіге еліктегіш келеді. Ендеше, сүйіспеншілік – бала тәрбиесіндегі негізгі қағида. Пайғамбарымыз барлық адамзаттан сүйіспеншілігін аямаған. Жан жүрегімен жақсы көріп, әрқайсысына жеке-жеке көңіл бөлетіндіктен, әр сахаба өзін «Пайғамбардың ең жақсы көретін адамы мен шығармын» деген ойға қалатын. Алайда, Алла Елшісінің балаларға деген мейірімі тіптен ерекше еді. Жоғарыдағы «Рафиғ ибн Амр оқиғасы» – осының нақты дәлелі. Дедектетіп Пайғамбарымызға әкеле жатқанда бұл бала қандай үрейді бастан кешті десеңізші?! «Қап, маған енді не істер екен? Не деп ұрсып, қалай жазалар екен» деп қатты қорқып келген балаға пайғамбарымыз «балапаным!» деген жалғыз-ақ ауыз сүйіспеншілікке толы жылы сөзін арнады. Сол жылы сөзімен қарсы алып, басынан сипап, мейірлене қарады.