Мектепке дейінгі тәрбиеде ұлттық ойындар кортотекасы.

Тақырып бойынша 12 материал табылды

Мектепке дейінгі тәрбиеде ұлттық ойындар кортотекасы.

Материал туралы қысқаша түсінік
Ұлттық ойындар
Материалдың қысқаша нұсқасы

Картотека тізімі:

1. «Тымақ ұру»

2. «Көкпар тарту»

3. «Теңге ілу»

4. «Бөрік жасырмақ»

5. «Бұқа тартыс»

6. «Шертпек»

7. «Айдапсал»

8. «Ат жарыс»

9. «Арқан түю»

10. «Белбеу соқ»

11. «Орамал тастамақ»

12. «Тауық күрес»

13. «Айгөлек»

14. «Соқыр теке»

15. «Тақия тастамақ»

16. «Арқан тарту»

17. «Аударыспақ»

18. «Түйілген орамал»

19. «Қара құлақ»

20. «Көтермек»

21. «Білектесу» (қол күрес)

22. «Қара сиыр»

23. «Киіз үй»

24. «Итеріспек»

25. «Сиқырлы таяқ»

26. «Ақ серек - көк серек»

27. «Ошақ»

28. «Қуыр,қуыр – қуырмаш»

29. «Әуе таяқ»

30. «Санамақ»

31. «Ашамшық» (Сақина салу)

32. «Ақ сүйек»

33. «Арқан тартыс» (екінші түрі)

34. «Тымпи»

35. «Көрші ойыны»

36. «Жаңылма»

37. «Шалма»

38. «Сақ құлақ»

39. «Кім жылдам»

40. «Жүйріктер жеңеді»

41. «Шүлдік»

42. «Жапалақтар мен қарлығаштар»

43. «Жаяу көкпар»

44. «Бұғылай»

45. « Қыз қуу»

46. «Оқтау тартыс»

47. «Бос орын»

48. «Омпы»

49. «Ханталапай»

50. «Алшы ойыны»

51.«Хан алшы»

52. «Үштабан»

53. «Қазан асық»

54. «Бес тас»

55. «Асықты тігіп ойнау»

56. «Атбақыл»

57. «Шеңбер»

58. «Мергендер»

59. «Өріс ойыны»

60. «Тас қала»

61. «Құмар»

62. «Иірмекіл»

63. «Барыңды сал»

64. «Киім алғыш»

65. «Тәйке ойыны»

66. «Шықетер»

67. «Шыр»

68. «Шік-бүк»

69. «Қақпақыл»





















1.«Тымақ ұру»

Көрнекіліктер: Ағаш аттар,тымақ.

Ойынның шарты: Балалар екі топқа бөлінеді.Ағаш атқа мінеді.Алыстау 4-5 метр жерге тымақ(бас киім) ілінеді.Екі бала шауып келіп,қамшымен ілулі тұрған тымақты ұрып құлатуы керек.Қай бала бірінші ұрып тымақты құлатса,сол бала өз тобына ұпай санын қосады. Көп ұпай жинаған топ жеңіске жетеді.


2.«Көкпар тарту» Көрнекіліктер:Ағаш аттар, ешкінің төлі- лақ фетрден тігілген, қазандық және «Әлқиса» күйі. Ойынның шарты: Ойынға қатысушылар ортаға шығады. Әрқайсысы жеке-жеке ағаш атқа мінеді. Шеңбер бойымен шауып жүреді. Ортада қазандық және қасына лақ қойылады. Күй тартылып, әуен шырқалып тұрады, қүй тоқтай қалған кезде, шапшаң барып лақты алып, қазандыққа сала қою керек.Лақты салған баланың аты аталып, қол соғып қошемет көрсетіледі. Осылайша ойын бірнеше рет қайталанып ойнатылады.


3.«Теңге ілу» Көрнекіліктер:Ағаш аттар, екі дорба, матаға түйілген теңгелер және «Әлқис» күйі. Ойынның шарты: Ойынға қатысушылар тепе-тең екі топқа бөлінеді. Әрқайсысы жеке-жек ағаш ат мінеді. Ойын кезегі басталатын жерге сызық сызылады.Одан әрі 5-6 метрдей жерге теңгелер салынған екі дорба қойылады. Содан екі топтан екі сайыскер шығады.Сызыққа келіп қатарласып тұрады. Бастаушының белгісі бойынша ағаш аттарын құйғытып, шаба жөнеледі.Сол беттерімен әлгі дорбаға жетіп, ішіне қол сұғып жібереді де, теңгелерді алып, кері шауып қайтады.Теңге салынған дорбаның жанында көп бөгелуге болмайды.Ұпай әр сайыскердің іліп алған теңгелерінің санына қарай есептелінеді.Қай топ көп ұпай жинаса сол топ жеңіске жетеді


4.«Бөрік жасырмақ»

Көрнекілік: Кез келген зат немесе бөрік.

Ойынның шарты:Ойынға қатысушылар араларынан бір ойыншы шығарып, алыстау жерге таман барып, бөркін немесе басқа бір бір белгілі затын жасыруға жібереді және өзі де сол маңайына жасырынуы керек.Қалған ойыншылар тығылған ойыншылардың тыққан затын іздеуге кіріседі.Кімде-кім тығылған бөрікті көріп қойып алуға қам жасаса онда иесі бермеуге тырысады.Бермеудің жаңдайы – екеуі бірдей бас салып бөрікке таласу емес, қай бұрын алғаны алады.Ал көрген ойыншы ала алмай қалса, онда иесі қорып,бөрікке жібермеуге тырысады. Ал басқалардың қай-қайсысы болмасын бөріктің иесіне қол тигізіп, күш жұмсауына болмайды.Қайткендеде алдап жүріп алып, оны жүргізушіге ертіп келулері керек.Келесі жолы бөрікті әкелген ойыншы барады да , ойынаушының уақыттары жеткенше ойын жалғаса береді.


5. «Бұқа тартыс»
Көрнекілік: Арқан,жіп Ойынның шарты:Күш сынасып ойнайтын ойын түрі.Арқанды ортасынан тұйықтап байлап, ойынды басқарушы адам сол түйінді басып тұрады.Екі адам екі жағынан келіп, желкесінен асырып қолтық астынан өткізіп, екі жаққа тартысып күш сынасады. Белгіленген сызықтан асырып сүйреп кеткені жеңімпаз болып табылады.


6. «Шертпек»

Көрнекілік: Орамал Ойынның шарты:Ойнаушыларды орындыққа отырғызып болғаннан кейін, ойын жүргізушісі орамалды иығына салып алып ойнаушылардың артында жүреді де, кез-келген ойыншының екі көзін екі қолмен баса қояды.Сол кезде білдірмей келіп, жолдастарының бірі маңдайынан шертіп кетеді.Ойын жүргізуші көзін қоя бере салып, иығындағы орамалмен «шертпегімді тап» — деп, арқасынан тартып қалады.Таба алмай қалса, көпшіліктің ұйғаруы мен ортаға шығып өнер көрсетеді, ал егер тауып алса, жаңағы шерткен адам айыбын тартады.Осындай тәртіппен ойын жалғаса береді.


7.«Айдапсал»

Көрнекілік қажет емес. Ойынның шарты:Ойынаушылар екі топқа бөлінеді. Бірінші топ үйдің сыртына шығып , ал екінші топ үйдің ішінде қалады, немесе бөлмеден шығып тұрады.Ойынды басқарушы сыртта тұрғандардың есімдерін үйде отырғандарға қойып, өзі белгілеп алады.Содан кейін сырттағы ойыншыларды бір-бірлеп шақыра бастайды.

Ойынның шарты бойынша , сырттан кірген ойыншы отырғандардың ішінен өз есімі берілген ойыншыны табуы керек.Таба алмаған ойыншылар айыптылар қатарына барып отырады.Ал өз есімі берілген ойыншыны тапқандар соның қасына барып отырады, айып тартады.Айыптартушылар көпшіліктің ұйғаруымен өлең айтады,би билейді, ,т.б. өнер көрсетеді.


8.«Ат жарыс»

Көрнекіліктер: Ағаш аттар.

Ойынның шарты: Бұл ойын екі командаға бөлініп ойналады.
Балалалар педагогтің «Алға»-деген белгісі бойынша,ат үстіндегі қимылын салып жарысады.Қай команда мәреге тез жетсе, сол команда жеңімпаз болады.Ат кескін бет пердесін тақымға қысып мәреге шабу керек.


9.«Арқан түю»

Көрнекілік: Арқан Ойынның шарты: Балалар шеңбер жасап тұрады. Қолында арқаны бар жүргізуші топ арасынан шығады да, «Ойын басталды» –деп дауыстайды.Сонан соң арқанның түйілмеген басын ұстан шеңбер бойымен айналадырады,арқанды балалардың аяқтарының астынан жібереді.балалар арқан үстімен секіріп тұрады.Кімде-кімнің аяғына арқан ілініп,секіре алмай қалса ол бала ойынды тоқтатып өнер көрсетеді,тақпақ,өлең айтады немесе билеп береді.Ойын осылай жалғаса береді.


10.«Белбеу соқ»

Көрнекілік: Белбеу Ойынның шарты: Ойыншылар екі-екіден жұптасып шеңбер жасап тұрады.Бірі белбеуді алып екіншісін қууға тиіс.
Қашып жүрген бала шеңбердегі жұптасып тұрған екі баланың алдына келіп тұрады.Артық қалған үшінші бала қаша жөнеледі.ойыншы оны қуып жетіп белбеумен соғады да,өзі де бір жұптың алдына тұра қалады.Оның орнына келесі ойыншы шығып,ойынды жалғастыра береді.Белбеу ең соңында кімде қалса сол ойыншы жеңіліске ұшырайды да өз өнерін көрсетеді.


11.«Орамал тастамақ»

Көрнекілік: Орамал Ойынның шарты:Балалар шеңбер жасап тұрады.Бастаушы(педагог) балаларды айнала жүріп бір баланың артына орамал тастап каетеді.Артына орамалды тастағанын сезген бала «менің артамда» деп жауап береді.Артына орамалдың тасталғанын сезбесе ол өлең,тақпақ айтып немесе билеп беруі керек.
Балалар шеңбер бойында көздерін жұмып тұруы керек.Ойын осылай жалғаса береді.


12.«Тауық күрес»

Ойынның шарты: Балалар екі топқа бөлінеді.Осы екі топтан екі бала шығып ,кәдімгідей күреседі.Оның ең қызығыда,басқаша күрестен айырмасы да –тек жалғыз аяғымен ақсаңдай жүріп,иықтарын қағып күресуінде. Күрестің 1 аяғн тізесін бүгіп,мата белбеуін байлап тастайды.Қайсысы сүрініп жығылса ,сол ұтылады.


13.«Айгөлек»

Ойынның шарты:Ойнаушылар екі топқа бөлінеді. Олардың сандары да, жас шамалары да бірдей болулары керек. Екі топтың екеуінің де ойынды бастаушысы болады. Аралары 10-15 метрдей жерде қол ұстасып, қатарласа тұрған осы екі топ біріне-бірі сөз тастап, күш көрсетіп, өнер жарыстыра бастайды. Екі жақтың ойын бастаушылары орталарынан бір қыз бен бір баланы шығарып, олардың қолына бір ақ тас, бір қара тас береді. Олар екі тасты ешкімге көрсетпей, уысына қысып тұрады да: Сен қай қолдағы тасты қалайсың? - деп сұрайды. Бастаушылардың біреуі мен: «Оң қолдағы тасты қалаймын», - дейді, екіншісі сол жақ қолдағы тасты алады. Қайсысында ақ тас болса, сол ойын бастайды.

Бірінші топ:

Айгөлек-ау, айгөлек,

Айдың жүзі дөңгелек.

Күші мығым, қуатты,

Екпіні желдей өршіген

Шепті бұзар ер керек.

Екінші топ:

Айгөлек-ау, айгөлек,

Айдың жүзі дөңгелек,

Күші мығым, қуатты,

Екпіні желдей өршіген

Саған қандай ер керек? - дейді.

Алдыңғы топ:

Айгөлек-ау, айгөлек,

Айдың жүзі дөңгелек,

Күші мығым, қуатты,

Екпіні желдей өршіген

Бізге ... (Ерсін) ер керек, деп бір ойнаушының атын атайды.

Ол тобынан шығып, бір-екі адым ілгері басып:

Айгөлек-ау, айгөлек,

Айдың жүзі дөңгелек.

Сайысқанда саспайтын,

Самала күнге бастайтын,

... деген ер шыққан,

Топ бұзуға мен шығам, - деп сол жүгірген бойы қарсы топты жарып өтпек болады. Ол екпінді, күшті болса, топты жары өтіп, өзі қалаған бір қызды, не бір ер баланы жетектеп өз тобына алып келеді. Егер ол топты жарып өте алмаса, сол топта өзі қалып қояды. Ендігі шақыруды екінші топ бастайды. Сөйтіп, ойын жалғаса береді. Ойында дөрекілік көрсетуге, жұптасқан жұдырықты жүгіріп келе жатқан ойыншыға қарсы қоюға болмайды. Жүгірген ойнаушы да ойын ережесін сақтауға тиіс.

14. «Соқыр теке»

Көрнекілік:Көз байлайтын орамал. Ойынның шарты:Балалар дөңгелене тұрады. Топ ішінен бір баланың көзі байланады. Балалар:

Бота, бұзау, қозы, лақ,

Қайда кеткен құлыншақ.

Соқыр теке бақ-бақ,

Мені ізден тап-тап - деп өлеңмен айтады. Содан кейін Соқыр теке (көзі байлаулы бала) балаларды қуалайды немесе балалар оның жанына келіп түртіп қашады. Соқыр теке ұстап алған баланы сипап тұрып кім екенін табады, таба алмаса айып арқалайды. Ұсталған баланың көзі байланады да ол «соқыр теке» рөлін атқарады. Ойын осылай жалғаса береді.

15.«Тақия тастамақ»

Көрнекілік: Тақия

Ойынның шарты: Ойынға бірнеше бала қатысады. Балалар шеңбер жасап отырады. Жүргізуші шеңбердің сыртын айнала жүгіріп жүріп, біреуінің артына білдіртпей тақияны тастап кетеді. Егер біреу сезіп қойса, жүргізушіні қуып жетуі керек. Ал, жүргізуші қуған баланың орнына тұра қалуға тырысады. Жүргізушіге жете алмаған бала айыбын төлейді, өнер көрсетеді.

16.«Арқан тарту»

Көрнекілік: Арқан

Ойынның шарты: Бұл екі топқа бөлінген балалармен немесе екі баламен ойналады. Арқанның екі жағынан екі бала немесе екі топқа бөлінген балалар тартысады. Қай топ арқанды өз жағына тартып алып келсе, сол топ жеңіске жетеді. Екі бала тартысқанда қай бала өзіне қарай арқанды тартып екінші баланы құлатса, құламаған бала жеңіске жетеді.

17.«Аударыспақ»

Көрнекілік:Ағаш аттар,маты.

Ойынның шарты:Балалар екі жақ басы берік тұғырға бекітілген биіктігі бір-бір жарым метрдей (балалардың жасына қарай), ұзындығы 70-80 сантиметрдей ағаш аттарға мінеді. Бір-біріне қапталдас орналасқан ағаш аттардың ара қашықтығы екі жақтан созылған қол жететіндей болса жеткілікті. Оларға мінген шабандоз балалар бірбіріне қарама-қарсы отырып қол ұстасады. Төрешінің белгісімен бірін-бірі тартып, не итеріп, әйтеуір қай айласын, не күшін асырғаны қарсыласын ағаш аттан аударып түсуі шарт. Аяқты жерге ағаш атқа тіреуге болмайды. Онда ойын шарты бұзылады. Ойын алаңының айналасына құм немесе жұмсақ кілем төселуі керек. Қай топ жеңсе сол топ жеңімпаз атанады.

18.«Түйілген орамал»

Көрнеілік:Түйілген орамал.

Ойынның шарты:Ойын жүргізуші ойынды өзі бастайды. Ең алдымен балаларды айналасына жинап алады да «1, 2, 3» - деп дауыстайды. Осы кезде балалар жан-жаққа бытырай қашады. Ал ойын жүргізушісі қолында түйілген орамалы бар баланы қуалайды. Ол орамалды басқа біреуге лақтырады, қағып алған бала қаша жөнеледі. Осылайша ойын жүргізіледі, түйулі орамалды алғанша қуалай береді. Ұсталған ойыншы көпшілік ұйғарымымен ортада тұрып өнер көрсетеді. Одан кейін ойын жүргізуші ауыстырылады. Ойын ойнап болған соң балалар шеңбер жасап тұрады.



19.«Қара құлақ»

Ойынның шарты:Ойынға 5-10 бала қатысады. Олар оңаша жерге топталып өз араларынан бір баланы қазық етіп белгілейді.Қазық тұрған жерінде қозғалмай тұрады. Басқалары әрі кетеді. Содан кейін ойынға қатысушылар қазықты алыстан қоршап бірте-бірте жақындай түседі. Таяп келіп мынау кім?–деп бір-бірінен сұрасады. Біреуі ой бұл қарақұлақ қой!-деп қаша жөнеледі. Қалғандары да – қарақұлақ, қара құлақ!-деп бытырай қашады. Қарақұлақ біреуін ұстау үшін тұра қуады. Ұсталған бала қарақұлақ болып, ойын әрі қарай жалғасады.

20.«Көтермек»

Ойынның шарты:Ортаға екі ойыншы бала шығады. Бір-біріне арқаларын беріп тұрады. Белгі бойынша кім бірін-бірі арқада көтеріп алса, сол бала жеңіске жетеді. Жеңіске жеткен бала ойында қала береді де басқа балалармен бірге күш сынасады.


21.«Білектесу»(Қол күрес)

Көрнеілік:Үстел

Ойынның шарты:Бір үстелдің шетіне қарама-қарсы отырған екі бала оң қолдарының шынтағын үстелге тіреп қояды да, бірінің қолын бірі алақандастыра мықтап ұстайды. Сол жақтағы қолдарын әркім өзінің оң жақ қолтығына тығып алады. Осылай ұстасып алған екі палуан бала, ойын бастаушы белгі берісімен, шынтақтарын сол орнынан қозғамай, қарсыласының тіреулі қолын шалқасынан түсіруге ұмтылады. Білегі тайып жантайған бала жеңіледі. Бұл білек күшінің жетілуіне көмектеседі.

22.«Қара сиыр»

Көрнекілік:Ескі малақай, құм салған дорба т.б

Ойынның шарты:Ойын көбінесе далада, көгалды жерде, кең аулада ойналады. Ойынға 3 не 10, одан да көп ойыншы қатынасады. Көбінесе ойынға қара зат таңдап алынады (ескі малақай, құм салған дорба т. б.). Ойынға қатынасушылар шеңбер құрып, көздерін жұмып түрысады. Ойынды басқарушының берген бұйрығымен бір ойыншы шеңберден шығып, тығуға әзірленген затты алып тығылады. Ойынға қатынасушылардың міндеті — сол тыққан затты іздеп табу. Егер тығылған зат табылса, ойын жүргізуші ойынға қатынасушылардың барлығына естірте дауыстап жариялайды да, барлығын табылған заттың төңірегіне жинайды. Заттың иесі өз затын қорғайды да, басқалары оны алдап-сулап, көңілін басқа жаққа бұрып әлгі затты тартып алуға тырысады. Затты кім ала алатын болса, сол затты тығушы қызметін атқарушы болады да, қалғандары қайта шеңбер құрысып көздерін жұмады. Ойын осы тәртіппен жүре береді. Ойын таза ауада дем алуға, ойлауға, тапқырлыққа баулиды

23.«Киіз үй»

Көрнекілік: Орындықтар,орамалдар.

Ойынның шарты:Ортаға арқалығына орамал ілінген төрт орындық қойылады. Балалар орындықты айнала жүгіріп, нұсқаушының дабылы бойынша «киіз үй» құрады: орамалдың бұрышынан ұстап жоғары көтереді.

24.«Итеріспек»

Көрнекілік:Жіп немесе арқан.

Ойынның шарты:Диаметрі 3-4 метрдей болатын шеңбердің ішіне ойынға қатысушылар тұрады. Белгі бойынша қарсы тұрған қарсыластар бір-бірін шеңберден итеріп шығаруға тырысады. Қолмен де, иықпен де итеруге болады. Шеңбердің ішінде қалған ойыншы жеңіске жетеді.


25.«Сиқырлы таяқ»

Көрнекілік: Таяқ

Ойынның шарты:Ойнаушылар қол ұстасып, дөңгелене шеңбер жасап тұрады. Қолында таяғы бар ойын жүргізуші шеңбердің ортасына келеді де, ойынның ережесін түсіндіреді. Ойнаушыларды бірден бастап түгел нөмірлеп шығады. Ойынның шарты бойынша ойын жүргізуші қолындағы таяғын шеңбердің ортасында тік ұстап тұрады да, бір нөмірді атап, таяқты қоя береді. Аталған нөмір таяқты жерге құлатпай ұстап қалуы керек, ал таяқты ұстай алмай құлатып алса, онда айып тартады, яғни көптің ұйғаруымен ортаға шығып, өнер көрсетеді. Ойынға қатысушылардың бәрі бір-бір реттен міндетті түрде ойнап шығулары керек. Ал одан әрі ойынды жалғастыру-жалғастырмау ойнаушылардың өз еркінде. Ойнаушылардың саны көп болса, ойын қызықты өтеді.

26.«Ақсерек – көксерек»

Ойынның шарты:Бұл ойынды ойнау үшін балалар екі топқа бөлінеді, қолдарынан ұстап тұрады. Ара қашықтық 20-30 қадам.

1-ші топ. Ойынды бастайды

Ақсерек-ау, ақ серек,

Бізден сізге кім керек.

2-ші топ.

Ақсерек-ау, ақ серек,

Сізден бізге ... (бала аты) керек.

Аты аталған бала келесі топқа дейін жүгіріп барып ортасынан ұстасқан қолдарды ажыратып кету керек. Егер өтіп кетсе сол топтан бір баланы тобына алып қайтады, өте алмаса сол топта қалады. Ойын осылай жалғаса береді.

27.«Ошақ»

Көрнекілік:Доп

Ойынның шарты:Ойынға қатысушылар кең алаңқай жерді таңдап алады да, бәрі түгел сиятындай етіп, үлкен төрт бұрыш сызады. Ойынға қатысушылар тең екі топқа бөлінеді. Төрт бұрышты «Ошақ» деп атайды. Ошақтың ішінде қай топ қалатындығын жеребе тарту арқылы шешеді. Жеребеден ұтқан топ ошақтың сыртында қалады да, жеңілгені ішке кіреді. Сыртта қалған топтың қолында кішірек доп болады. (Оны ертеде сиырдың жүніне бүркіп, алақанмен уқалап, домалатып доп етіп жасайтын болған, қазір резеңке доп пайдаланылады) Сол доппен сырттағылар сызықтың ішіндегілерді ұрады. Доп тиген ойыншы сыртқа шығады. Егер лақтырған допты іштегі ойыншы денесіне тигізбей немесе жерге түсірмей қағып алса, сыртқа шығарылғандардың біреуін қайта кіргізіп алады. Сызықтың ішінде жалғыз ойыншы қалса, ол ұтқан топтың бұйыруы бойынша 10 немесе 20 рет сызықты айнала жүгіреді. Ол ойын ережесін ойдағыдай орындаса, сызықтан шыққан өз тобының бәрін қайта ішке кіргізіп алады. Егер орындай алмай құлап қалса, өзі де сыртқа шығады. Бұл — топтың ұтылғаны. Мұндай жағдайда ойын қайта басталады.

28«Қуыр-қуыр қуырмаш»

Ойынның шарты:Оң қолдың бес саусағын бір жерге түйістіреді де, сол қолымен оны бүрмелеп қапсыра ұстайды. Содан соң екінші балаға: Ортаңғы саусағымды тапшы, - дейді. Екінші балаға қарап байқап отырады да, міне, - деп бір саусақтың басынан шымшып ұстап тұрады. Егер екінші бала жасырушының ортаңғы саусағын дәл тапса, ұпайды бірінші бала тартады. Ұтқан бала ұпай алу үшін мына ережелермен сөздерді жақсы білуі керек. Бас бармақтан бастап шынашаққа дейін, саусақтардың атын түгел атап береді: бас бармақ, балан үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек. Бес саусағын түгел жұмады. Тағы да бас бармағыннан бастап, былай деп 5 саусақты түгел жазады.

Сен тұр қойыңа бар

Сен тұр түйеңе бар

Сен тұр жылқыңа бар

Сен тұр сиырыңа бар

Сен кішкентай әлі жас екенсің

Қазанның қаспағын қырып же де, жыламай отыра тұр. Енді осы шынашақтың өзін алақан шұңқырына бүгіп тұқырта ұстайды да:

Қуыр-қуыр, қуырмаш

Балапанға бидай шаш

Әжең келсе есік аш

Қасқыр келсе мықтап бас

Шынашақты шыр айналдырып, баланың алақанын қытықтайды. Осыдан соң: Мына жерде қой бар Мына жерде жылқы бар Мына жерде түлкі бар - деп баланың білегінен қолтығына дейін түртіп, ең соңында мына жерде күлкі бар – деп қытықтайды.


29. «Әуе таяқ»

Көрнекілік: Таяқшалар

Ойынның шарты:Балалар екі топқа бөлінеді. Әр топта 5-тен 10-ға дейін ойыншы болады. Екі топқа екі таяқша (жұмсақ таяқша) беріледі, жерге түзу сызық сызылады. Ойыншының біреуі ортаға шығады да бір алақанына зат жасырып, екінші қолының жұдырығын бірдей жұмады. Екінші ойыншы зат жасырылған қолды тапса, ойынды бастаушы сол болады. Сөйтіп қолындағы таяғын жоғары лақтырады. Осы кезде қасындағы ойыншы да таяғын лақтырады, қасындағы баланың таяғын қағып түсіруі шарт. Таяқты қағып түсірген бала өз тобына ұпай әкеледі.

30.«Санамақ»

Ойынның шарты:Көпшілік қатысады. Ойынның шарты: ойын бастаушы қатысушы бір адамды ортаға алып шығады. Ол адам бір тектес атау сөзден жаңылмай, кідірмей аттап жүріп айтуы керек. Тоқтамай қателеспей айтып шықса, жүлде алады. Егер қателессе ойыннан шығады. Мысалы: жаңылмай 10 ақынның немесе 10 өзеннің атын атауы керек.

31.«Ашамшық» (сақина салу)

Көрнеілік: Сақина,жүзік

Ойынның шарты:Бұл – қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі ойыны. Оны сақина салу, сақина тастау деп те айтады. Ойынға он-он бес адам қатысып, ортаға бір баланы немесе бір қызды шығарып, қолына сақина ұстатады. Ойын ережесі бойынша қыз-жігіттер үйде дөңгелене отырып, екі алақанын бір-біріне қабыстырып алға созады. Ойынды жүргізушінің алақанындағы сақинаны кімге салса да өз еркі. Ол барлық адамдардың алақанына сақина салған болады, «Тұр сақинам, тұр», - деп, немесе «Ақшамшығымды бер!» деп дауыстайды. Сол сәт сақина тасталған адам орнынан атып тұруға тиісті, «Сақина менде», - деп. Оны көршісі ұстай алмай қалса, жұрт алдында өз өнерін көрсетеді.

32.«Ақсүйек»

Көрнекілік:Малдың кепкен сүйегі

Ойынның шарты:Ең алдымен, ойнаушылар өзара келісіп, жеңген топ үшін жүлде тағайындайды да, екі топқа бөлінеді. Топ басқарушылар ақсүйекті қайсысының лақтыратынын шешіп алу үшін кезектесіп таяқ ұстайды, таяқтың басына кімнің қолы бұрын шықса, сол ақсүйекті құлашы жеткенше лақтырады. Ақсүйек жерге түскеннен кейін ғана ойыншылар іздеуге шығады. Көмбеде топ басқарушылардан басқа ешкім қалмайды. Ақсүйекті тапқан ойыншы ешкімге білдірмей, көмбеге қашуға әрекет жасайды да, ал қарсыластары біліп қалса, қолма-қол тартып алуға тырысады. Сондықтан ақсүйекті алдымен тауып алған топтың ойыншылары біріне-бірі лақтырып, көмбеге қай топтың адамы бұрын жеткізсе, сол топ жеңіске жетіп, жүлдегер атанады. Келесі жолы ақсүйекті екінші топ лақтырады, сөйтіп ойын жалғаса береді.

33.«Арқан тартыс» (екінші түрі)

Көрнекілік:Арқан

Ойынның шарты:Бұл ойынның екі түрі бар. Біріншісі жазда көгал үстінде, екіншісі қыста қар үстінде ойналады. Жазда ойыншылардың саны 10 баладан кем болмаса, ойын қызықты болады. Ойынға ұзындығы 8-10 метрлік екі ұшы түйілген арқан әзірленеді. Оның тең ортасына белгі ретінде қызыл матаны байлап қояды. Ойынға қатысушы екі топтағылар өз жағында бойларына қарай сап түзеп, ойын бастауға белгі берілгенде арқанды өз жағына қарай тартады. Қыста он-он бес бала тартқанда үзілмейтін арқан таңдап алынып, үлкен адамның алақанының көлеміндей екі тақтайдың ортасынан өткізіліп, ортасына аққала үйіліп, екі жақ оны өзіне қарай құлату үшін тартады.

34.«Тымпи»

Ойынның шарты:Тымпи – ойынға қатынасушылар шеңбер жасап, дөңгелене отырады. Бір баланы ойынды жүргізуге белгілейді. Ол: «Ал, ойынды бастаймыз, бәрің түгел тым-тырыс тымпи!» - деп бұйырады. Бұдан кейін бірде-бір ойыншы дыбыс шығармауы, үн қатпауы керек. Алайда бастаушы ғана сөйлеуге ерікті. Ол адам күлерлік қимыл-қозғалыспен әзіл-қалжың сөздерді айтып, қалай да біреуді күлдірудің амалын іздейді. Қалжың жыр да айтады. Ешқайсы шамданбайды. Өйткені ойынға қатынасушылардың аты қалжың өлеңге қосылмауы керек. Әзілі де, сықағы да өтпесе, бет- аузын тыржыңдатып, әр түрлі құбылтады. Қолайсыз қимылдармен құбылыстар жасап қозғалады. Жаңылыстыру үшін неше алуан сұрақтар қояды. Біреу абайсыз жаңылып сөйлесе не күліп жіберсе, айып тартады. Өлең айтады, ән салады не би билейді. Сондықтан ойынды жүргізуші тілмәр, әзілкеш, күлдіргі бала болуы керек.

35.«Көрші ойыны»

Ойынның шарты:Көрші ойынын үлкен бөлмеде немесе таза ауада көгалды жерде өткізуге болады. Ойыншылар саны 10-нан 30-ға дейін болуы керек. Яғни екі топтың балаларын қосып ойнатуға да болады. Ойыншылар дөңгеленіп, екі-екіден шеңбер құрып отырады. Тағы бір бала ортаға шығып, жұп болып отырған ойыншылардың бір жұбына келіп, «Көршіңмен татусың ба?» - деп сұрайды. Егер сұрақ қойған жұптың біреуі «Көршіммен аразбын» десе, онда сұрақ қоюшы бала оның қасындағы көршісін орнынан тұрғызып, соның орнына өзі отырады. Орнынан тұрған адам ортаға шығып басқа бір жұптан «Көршіңмен татусың ба?» деп сұрап, ойынды соза береді. Ал егер ойыншы көршісімен «татумын» деп, қасында жұп болып отырған баланы жібергісі келмесе, онда сұрақ қоюшы адам оны жазалайды. Ол ән салады, би билейді, болмаса әңгіме, ертегі, жаңылтпаш айтып береді. Осылай ол көршісін алып қалады. Егер ойыншы бұл тапсырманы орындай алмаса, өз орнын сұрақ қоюшы адамға береді де өзі соның міндетін атқаруға кірісіп ойынды қайтадан бастайды. Сөйтіп, ойын жалғаса береді.

36.«Жаңылма»

Ойынның шарты:Бір топ бала көгалды алаңға жиналып, қол ұстасып, дөңгелене тұрады да, ортасынан санамақ айтып бір баланы ортаға шығарады. Шыққан бала өлең, тақпақ, әңгіме айтып тұрып кез-келген жерінде жата қалады, не болмаса құлағын ұстайды, басын сипайды, тағы сол сияқты іс-әркеттерді жасайды. Оның өлең, тақпақ, әңгіме айтып тұрып істеген қимылдарын қайталай алмай қалған бала айыпты болып, өлең айтады, билейді, әңгіме айтып күлдіреді. Ойын балаларды шығармашылыққа, ынтымақтастыққа, аңғарымпаздыққа үйретеді.

37.«Шалма»

Көрнекілік:Жіп

Ойынның шарты: «Шалма» ойынына екі бала қатысады да, қалғандары көріп, тыңдап отырады. Ойын үйде, аулада өте береді. Ойыншылар біріне-бірі қарсы қарап отырады да, дайын болған шалманы бірінің қолынан бірі алады. Алғашында екі ұшын біріктіріп түйеді де, екі қолға, яғни төрт саусаққа кигізеді, ортаңғы саусақпен кезекпен іліп алады, сонда «ыңыршаң» шығады. Екінші жағдайда, келесі ойнаушы басбармақ және сұқ қолымен ыңыршақтың екі жақ керегесінің үстінен астына қарай алып, «кереге» шығарады. Үшінші жағдайда керегені үстінен астына қарай алып, «шаңырақ» шығарады. Төртінші жағдайда шаңырақты екі шынашақпен айқастыра іліп алып, «астауша» шығарады. Бесіншіде «кереге» қайталанады, алтыншыда «шынтақ» шығады. Енді әрі қарай жалғастырып ойнай берсе - «астау», «кереге», «шынтақ», «астау», «кереге», «шынтақ» болып қайталана береді. Ойлы ойыншылар бұл бейнелердің жаңа көріністерін өзінше өрнектеп кеңейте беруге тырысады. Бұл жас өспірімдердің тұрмыстағы үй жабдықтарын қалай пайдаланатындықтарын көз алдына елестетіп, соларды өзі жасағандай әсерлендіре түседі. Балалардың қиялын қозғап, шығармашылық ізденіске, ойжүйелерін дамытуға үлкен көмек береді.

38.«Сақ құлақ»

Ойынның шарты: Сақ құлақ ─ ұлттық ойын. Бұл ойынның әрбір қимылы сөйлеп жүріп орындалады. «Сақ құлақ» ойынын қазір көбінесе «Телефон» деп атап жүр. Біз оның ескі атауымен аталуын жөн көрдік. Қатысушылардың арасынан бір бала ойын жүргізуші болады. Ойнаушылар қаз-қатар түрегеліп тұрады немесе қатарласа отырады. Бірақ бір ойыншы мен екінші ойыншының арасы бір метрдей алшақ болуға тиіс. Ойынды бастаушы (І-ойнаушы) естілер-естілмес дауыспен бір-екі сөзді бірақ рет айтып қалады. Сол сөзді қағып алған екінші ойнаушы үшіншіге, үшінші төртіншіге, төртінші одан әрі тез-тез айтып, онан әрі жеткізе береді. Олардың бәрі сөздерді бір рет қана айтып, тым-тырыс отырады. Айтылатын сөйлем екі не үш сөзден құралған шағын болуы керек. Оның бір мүшесі өз құрамындағы дауысты немесе сөз басындағы ұяң дыбыстардың естілу жөнінен екі ұшты, яғни басқа бір дыбысқа ұқсас сөз болуы қажет. Мысалы, тарғақ көрдім - жарғақ көрдім, борсық көрдім, т.б. Ең соңғы ойнаушы ойын бастаушыға сыбырлап өзіне жеткен сөзді айтады. Егер сөз дұрыс жеткен болса, ойын тағы да үш рет басқа сөздермен қайталанады. Егер сөз бұзылып жеткен болса, бастаушы соңғы ойнаушыдан бастап Іойыншыға қарай сыбырмен ғана тыңдап, сөзді бұзушы кім екендігін анықтайды. Сөз бұзған ойнаушы ең аяққа барып тұрады да, екі-үш ауыз жаңылтпашты қайталап дұрыс айта алмаса, ұпай тартады. Ұпай келісім бойынша не өлең айту, жұмбақ шешу немесе бір өнер көрсету (мысалы, сурет салу, үлгі қию, есеп шығару т. б.) арқылы орындалады. Ойын жас өспірім балалардың зердесін дамытып, өнерге деген құштарлығын арттырады.

39.Кім жылдам?

Көрнекілік: Белбеу немесе жіп.

Ойынның шарты:Ежелгі ойындардың бірі - Кім жылдам? Ойын аулада, спорт залында, бөлмеде ойнала береді. Ойыншылар ойынға екі-екіден қатысады. Ортаға шыққан екі бала бір-біріне арқасын беріп, екі жаққа қарап тұрады. Аяқтарының арасын иықтарының деңгейімен бірдей етіп ұстайды. Сонан соң ойын жүргізуші екеуінің аяғының арасына ұзыннан-ұзақ белбеу тастайды да «бір, екі, үш» деп санайды. «Үш дегенде кім еңкейіп белбеуді бұрын алса, соның жеңгені. Бұл адамның өз денесін еркін меңгеріп, тез қимылдауының нәтижесінде жүзеге асады. Ойынға басқа ойыншылар шығады. Ойын жалғаса береді. Екінші кезекте әр жұптың жеңімпаздарымен арадағы жарыс болады. Ең соңында жеңген екі ойыншы қалады. Сол екеуінің қайсысы жеңіп шықса, сол жеңімпаз атанады.


40.«Жүйріктер жеңеді»

Көрнекілік: Түрлі-түсті таяқшалар.

Ойынның шарты:«Жүйріктер жеңеді» ─ ұлттық ойын. Ойынға қатысушылар көк және сары топ болып екі топқа бөлінеді. Бір төбенің үстіне ойыншыларға түгелдей жетерлік мөлшерде көк және сары таяқшалар тасталады. Ойынды жүргізуші ретінде басқарушы тағайындалады. Ол төрешілік міндетті қоса атқарады. Төрешінің белгісі бойынша ойынға қатысушылар белгіленген көмбеге қарай тұра жүгіреді. Жеткен ойыншы өз командасының түсіне сай бір-бір таяқшаны алып кері жүгіреді де, сөре сызыққа әкеп қояды. Қай түсті топтың ойыншылары өз командасының бояуына сәйкес таяқты белгілеген мерзімге көбірек алып келсе, сол топ жеңеді. Ойын балаларды белгілі бір мақсатта ұжымдық әрекет жасауға, шапшаңдыққа үйретеді.


41.«Шүлдік»

Көрнекілік:Ұзын таяқ пен кіші таяқшалар.

Ойынның шарты:Жазық алаңда ойналатын жас өспірімдер ойынының бірі - «Шүлдік» ойыны. Ойынға екі басы үшкірленген ұзындығы бір қарыс шүлдік (ағаш) керек. «Шүлдікті» ойнау үшін үлкен шеңбер сызылады, ортасына шүлдік қойылатын шұңқыр қазылады, шүлдік шұңқырдың ішіне емес, үстінде жатуы керек. Әр ойыншының қолында ұзындығы бір метрдей таяғы болуы керек. Ойынға қатынасушылардың санына шек қойылмайды. Ойнаушылардың санына қарай екі топқа бөлінеді. Бірінші болып кезек алған топтың ойыншысы «шүлдікті» қолындағы таяғымен жерден көтеріп алып, жерге түсірмей соғады да, таяғын шеңбердің үстіне тастайды. Ал екінші болып кезек алған ойыншы шүлдікті түскен жерінен алып, қайтадан соққан ойыншының таяғын көздеп, шеңберге қарай лақтырады. Лақтырған кезде таяққа тигізсе, я болмаса, шеңбердің ішіне түсірсе, онда соғушы ойыншы ойыннан шығып қалады. Шүлдікті бірінші болып жерден көтеріп, жерге түсірмей соққан кезде ойыншы тигізе алмаса, ол да ойыннан шығып қалады. Ал лақтырған ойыншы не таяққа тигізе алмай не болмаса дөңгелек сызықтың ішіне түсіре алмаса, онда бірінші ойыншы енді «шүлдікті» шекіп соғады, әр соққанда үш реттен соғады. Сөйтіп, «шүлдік» қай жерге барып түссе, сол жерден дөңгелек сызыққа дейінгі қашықтықты таяғымен өлшеп шығады да, екінші ойыншыға ұпай мөлшерін белгілейді. Бірінші ойыншы әлгі себептермен ойыннан шығып қалса, онда екінші ойыншы соғушы болады, ол шығып қалса, үшінші ойыншы соғушы болады. Ойын осылайша барлық ойыншы ойнап болғанша, жалғаса береді. Ойынның шарты бойынша шекіген кезде «шүлдікке» тимей, таяғы жер қауып қалса, ұпайы күйіп кетеді. Шүлдікті екінші рет шекіген ойыншы, оны қолымен ұстап қойса, онда да оның ұпайы күйіп кетеді. Сондықтан «шүлдікті» тек үшінші рет шекігеннен кейін ғана ұстауға болады. «Шүлдік» ойыны ойнаушылардың қолдарының бұлшық етін жетілдіріп, жылдамдыққа үйретеді, «Шүлдікті» сызықтың үстіне түсіруге ұмтылу арқылы көз мөлшері, дәлділік пен мергендік қабілеттері жетіледі.

42.«Жапалақтар мен қарлығаштар»

Ойынның шарты:Жапалақтар мен қарлығаштар - ұлттық ойын. Ойын кең, жазық алаңда өтеді. Ойынға қатынасушыларға шек қойылмайды. Ойнаушылар екі топқа бөлінеді де бірінің арқасына бірі арқасын қаратып, екі сан құрып тұрады. Бір қатардағыларды жапалақтар, екіншісін қарлығаштар деп атайды. Орталарынан біреуін ойын жүргізуші етіп сайлап алады. Ол ойыншылардың арасынан жүріп отырып, сөзін үзіп-үзіп, созып сөйлейді: қар (үзіліс) - лы - ғаш немесе жа..., ал сөз аяғын айтпайды. Сонда аты аталған топ бытырап қаша жөнеледі де, аты толық аталмаған топ оларды қуады. Ұсталған ойыншы ұстаған топтың ойыншыларының қатарына қосылады. Ойын тәртібі: қашушылар мен ұстаушылар алдын ала келісілген белгі бойынша ұсталғанын мойындайды. Ол үшін қашушы ойыншы қолын тигізсе болды. Қай топтың жеңгенін ойын соңында қайсысының саны көп болса, соған қарай шешеді.



43.«Жаяу көкпар»

Көрнекілік:Құм түйілген шүберек.

Ойынның шарты:Бұл ойын спорт залында, жазды күні кең жазықта (аулада) ойналады. Жазық алаңның бір шетіне шағын дөңгелек шеңбер сызылады да, ішіне құм түйілген ак шүберек қойылады. Алаңның екінші шетінен де сондай сызық сызылып оны көмбе деп белгілейді. Ортадан сызық сызылады. Ойынға қатысушылар екі топқа бөлінеді де сол ортадағы сызықта сап құрып тұрады. Ойынды жүргізу үшін екі топқа ортақ бір басқарушы тағайындалады. Орамал жатқан және көмбе етіп белгіленген жерде екі ойыншы бақылаушы болып тұрады. Басқарушының берген белгісі бойынша ойын басталады. Әр топтың ойыншысы құм түйілген шүберекке бұрын жетіп, оны көмбеге жеткізуге тырысады. Топтың қалған ойыншылары оған көмекке келеді. Ал қарсы топ, одан шүберекті алып, өздері апаруға тырысады. Қызу тартыс басталады. Ойынға қатысушылар айла-амал қолданып, алаңның ішінде бұлтарып қаша жүріп, өз тобының көмбеге бұрын әкелуін қарастырады. Бірақ белгіленген межелі жерден шығуға болмайды. Көмбеге белгіленген мерзімде жеткізген ойыншы ұпайды көбірек алады, Ойынға допты да пайдалануға болады.

44.«Бұғынай»

Ойының шарты:Ойынға қатынасушылардың саны 10—25, одан да артық бола береді. Ойынға қатысушылар малдастарын құрып, дөңгелене отырады. Орталарынан бірі ойын жүргізушінің рөлін атқарады. Ол отырған ойыншыларды санай бастайды. «Бірінші бұғынай, екінші бұғынай, үшінші бұғынай...» т. б. ең ақырғы ойыншыға дейін осы тәртіппен санап шығады да, кенеттен бір санды атайды. (Мысалы: «Алтыншы бұғынай»). Сол санның иесі орнынан жылдам тұрады да, бір санды айтып, тез өз орнына малдас құрып отыра қалады. Ол санның иесі де жылдам тұрып, кез келген бір санды айтып, өз орнына қайта отырады. Әрбір айтылған санның иесі осыны қайталаумен болады. Егерде айтылған санның иесі тұра алмай қалса немесе оның орнына басқа біреу тұрса, онда ойынға белгіленген тәртіп бойынша жаза қолданылады. Ол жазасын орындап болған соң, бір санды айтып орнына отырады. Ойын жалғаса береді. Әркім өзіне берілген санды ұмытпауы керек. Ойын тез қимылдап, жедел шешім қабылдауға, ойда сақтау қабілетін дамытуға дағдыландырады.



45.«Қыз –қуу»

Көрнекілік:ағаш аттар

Ойынның шарты:Балалар арасынан бір ер бала,бір қызды(ағаш атпен) бір-бірін қуады.Бала қызға жетіп қолынан ұстаса ол жеңіске жеткені.Кейде қызды 2 бала да қуады қай бала бұрын жетіп қыз қолын ұстаса сол бала жеңіске жетеді.



46«Оқтау тартыс»

Көрнекілік: жіп,оқтау. Ойын шарты: Бұл ойынды ойнау үшін 2 бала ортаға шығады.Алдымен жерге сызық сызылып, және сол сызықтың 2 жағына ойынға қатысатын екі бала тұрады. Енді оқтаудың 2 ұшынан ұстап «тартыңдар» деген белгі беріледі.Қайсысы ортадағы шеңбер сызықтың ішіне өтіп кетсе сол бала жеңілген болып табылады.Ал күші басым болып тартып алғаны жеңіске жетеді.Ортаға келесі екі бала шақырылып, ойын әрмен қарай жалғасады.



47«Бос орын»

Көрнекілік:Қамшы Ойын шарты: Балалар шеңберді айналып малдас құрып отырады. Қолына қамшы ұстаған жүргізуші ойыншылардың бірінің қасына тоқтайды және қамшыны соның артына қойып кетеді. «Бұл жер тар, өз орныңды тап!» деген сөздерді айтады. Ойыншы қамшыны алады және жүргізушіні қуа жөнеледі. Егер оны ұстап алса, қамшымен ақырын ұрады. Ал жүргізуші сол ойыншының орнына отырып алуы тиіс. Егер отырып алса, ойыншы ойынды жүргізеді.



























Асық ойындары

Асық ойыны - қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқай аталады. Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату) және т.б.

Асықтың түрлері мен атаулары

Алшы –асықтың иірілгенде табаны жерге тиіп, тұрық түсуі.Ойын кезінде оған аса мән беріледі.Ол - бірінші дәрежелі асық.

Тәйке- асықтың иірілгенде табаны үстіне қарап,тұрық түсуі.Ол - екінші дәрежелі асық.

Бүге (Бүк) -асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі. Ол үшінші дәрежелі мәнге ие.

Шіге(Шік)-асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі.Ол төртінші дәрежелі мәнге ие.

Тұрық – асықтың алшы не тәйке түсуі.

Омпы – асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып түсуі.

Сомпы – асық тұмсығымен көкке қарап, тік шаншылып шоңқая түсуі.

Табан – асықтың тәйке жағы.

Оңқай –асықтың бүгесі алақанға қарап, тәйкесі оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы.Оңқай асық малдың сол жақ аяғының тілерсегінде болады.

Солақай – асықтың шігесі сыртқа қарап, алшысы оң қол бас бармаңына басылып ыңғайлы ұсталуы.Солақай асық малдың оң жақ аяғының тілерсегінде болады.

Сақа – қолдағы бар асықтың үлкенінен, ірісінен, салмақтысынан, оңқайынан белгіленеді.Солақайлар сақаны солақай асықтан ұстайды.

Қорғашбай сақа-табан жағынан ойылып қорғасын құйылған сақа.

Құлжа сақа- арқардың асығы.

Толай (томпай)- бұзаудың, тайыншаның асығы(жалпы сиыр асығын томпай дейді). Мұз үстінде әдейі асық ойнау үшін жасалған алаңда ойнағанда, алыстан атылатын ойындарға толай сақа ретінде пайдаланылады.

Жабайт-қой асығының сақадан кейінгі қорғасын құйылмаған түрі. 

Шүкей(үшкейт)- қой асығының кішкенесі. Қозы, ешкі асығы. Ең кішкене асық.

Кеней- шүкейдің көп жұмсалып мұжылған (мүжілген) түрі.

Ешкімер – ешкінің асығы.









48.«Омпы»

Ойынның шарты:Асық ойынының бір түрін «Омпы» деп атайды. Омпы – асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып түсуі. Бұл ойынды көбінесе бозбалалар ойнайды. Оны таза ауада жазық алаңда, не үлкен бөлмелерде ойнауға болады. Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойынның мақсаты - асық ұту. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көн сызады да біріншісіне төрт бұрыш жасайды (оның көлемі өзара келісіледі) дәл ортасындағы сызыққа әрбір ойыншы өздерінің асықтарын тігеді. Тігілген асықтардың ортасына бір асық мұртынан «Омпы» тұрғызады. Ойнаушылар екінші белгіленген жерден бірінің артына бірі тұрып әркімнің өз кезектері бойынша, қолдарыңдағы сақаларымен «омпыны» ата бастайды. Егер кімде-кім омпаға тигізсе және оны төрт бұрыштың шетіне шығарса, онда көндегі асықты түгел алады. Ал омпыға тимей, жанындағы асықтарға тисе, оны да төрт бұрыштың шетіне шығара алса, онда сол атқан асығын ғана алады. Асық таусылған сайын, көнге асық қайтадан тігіліп отырылады. Ойын жалғаса береді.


49.«Ханталапай»

Ойынның шарты:Бұл отырып ойналатын ойын. Оған төрт-бес үміткерден қатысады. Ойын үшін он асық таңдап алынады. Он бірінші асықтың ерекше өзге түске (қызыл, не көк) боялған болуы шарт. Бір-бірден асық иіріледі де, қорытынды бойынша ойыншылардың кезектері анықталады. Бұдан соң алғашқы ойыншы қос уыстай ұстаған бар асықты ортаға иіруі керек. Қалған ойыншылар өзге асықтардан ерекшеленген «ханға» көз салады. Себебі, хан алшы түссе, барлығы тарпа бас салып, ортадағы асықтарды, хан талапай жасауы тиіс. Хан кімнің қолында кетсе, келесі үйірі кезегі соған беріледі екен, хан мен бірге қолына ілінген асықтардың санына қарай ұпай жазылады. Хан алшы түспеген жағдайда иірген ойыншы шашылған асықтардың бүгі мен бүгін, шігі мен шігін, алшысы мен алшысын, тәйкесі мен тәйкесін бір-біріне соғып, бір-біріне тимей қалғанша ұпай жинайды. Көздеген асығы үшінші бір асыққа тиіп кетсе немесе бөгде асықты қозғап қалса да, ойынның бұзылғаны. Онда кезек келесі ойыншыға беріледі. Осы ретпен әр ойыншы жинаған асығының санына қарай ұпай жинайды. Межелі ұпай санын (100, 40) ойын жүргізуші алдын-ала белгілейді. Межеге бұрын жеткен ойыншы жеңімпаз болып саналады. Ескерту: Асықтарды бір-біріне тигізу кезінде қолмен сүйретіп апаруға, орнынан қозғап түзетуге болмайды. Ойынның соңына дейін ханға бірде-бір асық тимеуі керек. Себебі ол – хан.


50.«Алшы ойыны»

Ойынның шарты:Бұл ойында тігілген асықтарды атуға жарамды сақа таңдап алынады. Сақа болатын асық салмақты, ірі болуға тиіс. Ол көбінесе еркек қойлардың, не қошқарлардың асығы болып келеді. «Алшы ойыны» сақаның салмақты да алшы тұруына байланысты. Бұл ұту үшін өте қажет. «Алшы ойынын» ойнаушыларға шек қойылмайды. Ойын басталар алдында, ойын жүргізуші, барлығының сақаларын жинап алып, ойында әркімнің кезегін белгілеу үшін, яғни, кімнен кейін кім асық ату керектігін анықтау үшін, сақаларды иіреді. Иірген кезде кімнің сақасы алшы түссе, сол бірінші, тәйке түссе екінші, бүк түссе үшінші, шік түссе одан кейін асық ататын болады. Атқан кезде сақасы мен асығы бір жақты түссе, атқан асығын алып, әрі қарай ата береді. Енді бірде асық атқан кезде сақасы алшы түсіп, асық кез келген жағында жатса да асықты алады, тағы атады, ал сақа мен асық екеуі екі түрлі түссе, онда алмайды. Ол атуды тоқтатып, кезекті келесі ойыншыға береді. Екінші ойыншы өз кезегінде сақасын иірген кезде тәйке түссе, онда өзінен кейін кезекте тұрған ойыншы көмбеде тұрып оның тәйке түскен сақасын атады, тигізсе, сақа иесі ойыннан шығып қалады, тигізе алмаса, өзі ойыннан шығады. Кезек алу үшін сақаларын иірген кезде бүк, шік түскен ойыншылар өз кезектерімен көнге тігілген асықты ата береді. Осы ретпен көндегі асықты атып тауысқанға дейін ойнайды да, асықтарын қайта тігіп, ойынды жалғастыра береді. Алшы – асықтың иірілгенде тегіс табаны жерге тиіп түсуі. Ойын кезінде оған бірінші дәрежелі мән беріледі. Тәйке (таба) – асықтың иірілгенде шұңқырлау табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ол екінші дәрежелі мәнге ие.

51.«Хан алшы»

Ойынның шарты: «Хан алшы» ─ қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі асық ойынының бір түрі. Ойынға 5 немесе 10 бала қатысады. Көп асықтың ең ірісі қызыл түске боялады. Бұл асық «Хан асығы» болып саналады. Асықтар тізіп қойған соң, ойын бастаушы «Хан асығымен» оларды көздеп, құлатады. Құлаған асықтарды жинап алады. Егер «Хан асығы» бүк, шік, тәйке қалыптарымен түссе, ойын бастаушы жақын құлаған асықтарды ата береді. Егер ойын бастаушы асықтарды қолымен құлатып алса немесе басқа асықтарымен атса, онда ойынды келесі бала жалғастырады. Ең соңында, «Хан асығы» кімнің қасында қалса, сол бала жеңіске жетеді. Келесі ойынды жеңіске жеткен бала жалғастырады.

52.«Үш табан»

Ойынның шарты:Үш табан ойнау үшін тақыр жерге көлденең сызық сызылады да, оған әр ойыншы бір бірден арасын сиректеу етіп кеней тігеді. Содан соң ойнаушы балалардың барлығының сақаларын біреуі жиып иіреді. Кімнің сақасы шықса сол бірінші болып сақасын көннен алысырақ жерге иіреді. Сақасымен тігулі кенейді атып, үштабаннан артықтау жерге жіберуі керек үш табаннан кем, я болмаса сақасы кенейге тимей кетсе, ойынды сақасы шыққан келесі ойыншы бастайды. Ойын көндегі кенейді ұтып біткенше созылады.



53.«Қазан асық»

Ойынның шарты:Асықтарды көлденең нысанаға 3 метр қашықтықтан лақтырады. Сөреден 3 метр жерде үлкен қазан тұрады (шеңбер). Белгі бойынша әр топтың ойыншылары асықтарды қазанға лақтырады. Қазанның ішіне көбірек асық түсірген топ жеңеді.



54.«Бес тас»

Ойынның шарты:«Бестас» - өте көне дәуірден келе жатқан, қазақ халқының ұлт ойындарының бірі. Ойынға керекті зат бес кішкентей домалақ тас немесе кейде бес асық пайдаланылады. Ойынға қатысатын адам санына шектеу қойылмайды. Кемінде екі адамнан басталады. Ойынға қатысушылар дөңгелене отырады. Ойнау үшін қолға епті, ұстауға ыңғайлы тастар таңдалып алынады. Ойыншы бес тасты еденге шашырата тастайды да, ішінен бір тасты таңдап алады. Алған тасын жоғары лақтырып жіберіп, жерден бір тасты іліп алып, лақтырған тасын қайта қағып үлгерді. Жерден алған тасын жанына қойып, сол тәсілмен, екінші, сонан соң үшінші, төртінші тастарды бір-бірлеп іліп алып отырады. Бұл ойынның бірнеше тәсілі бар.


55.«Асықты тігіп ойнау»

Ойынның шарты:Бір топ бала, жастар жиылып келіп, тегіс жерді таңдап алады да оны тазартып, ортадан төрт бұрышты сызық сызады. Сол төрт бұрышты ортасынан тең етіп екіге бөледі. Әр жағының қашықтығы балалардың жас мөлшеріне қарай белгіленеді. Сонда 1-1,20 см немесе 1,5 метрге дейін болады. Мұны «көн» деп атайды. Сонда ойнаушылардың өзара келісімі бойынша көннен 4-5 метр не одан да көп мөлшерде асық ататын орын белгіленеді. Оны сызықпен белгілейді. Ойыншылар осы жерден тұрып көндегі асықты ататын болады. Ойынды кім бірінші болып бастайтынын сақа иіру арқылы анықтайды. Сақасы алшы түскен ойыншы бірінші болып ату кезегін алады. Ойыншы асыққа дәл тигізіп, оны көнбе сызығынан шығарса, оны алады да,сақасы түскен жерден қайта атады. Сөйтіп көннен шығарғандарын ала береді. Егер оның сақасы көндегі асыққа тимей кетсе, асықты келесі ойыншы атады. Ал тігілген асықтарды бұзып, бірақ көннен шығара алмаса, қалған ойыншылар асықтарды сол жатқан қалыбында атып, көннен шығарып алуға тиіс. Ойын көндегі асықтар бойынша біткенше ойнала береді. Көндегі асық біткен соң, ойынға қатынасушылар бір-бірден көнге қайта асық тігіп, ойын қайта басталып, жалғаса береді.



56. «Атбақыл»

Ойынның шарты:Асықпен ойналатын ойындардың бірі -«Атбақыл»немесе «Көтеріспек», «Арқаласпақ» деп аталады. Ойынға екі-екі баладан қатысады, қалғандары көрушілер болады. Ойынға қатынасушылар кез келген жерді таңдап алады да, өздері тұрған жерлеріне белгі соғады. Сол белгі соққан жерден біреуі қолындағы асығын (не топайын, сиыр асығын, «топай» деп атайды) алыстата иіріп тастайды. Екінші ойыншы қолындағы асығымен оны атады. Егер де ол тигізсе, бірінші ойыншы оны сақасы барып түскен жерге дейін арқалап барады. Енді екінші ойыншы сақасы түскен жерде тұрып, асығын алыстата иіріп тастайды. Бірінші ойыншы оны атады. Тигізсе, сақасы жатқан жерге дейін екінші ойыншы арқалап апарады. Егер асыққа тимей кетсе, келесі ойыншы атады. Ойын осылайша жалғаса береді де, ойыншылардың өзара келісімі бойынша тоқталады.

57.«Шеңбер»

Көрнекіліктер: Асықтар және банер.

Ойынның шарты:Балалар асық атуға дайын тұрады. Жерге ортасында шеңбер сызылған, шеңбердің ішінде түзу сызық сызылған, асық атуға арналған банер төсеніші төселеді.Түзу сызыққа асықтар тізіледі.Шеңбердегі асықты ату орны 1-1,5 метр,осы арақашықтықта белгіленген сызықта тұрып,шеңбердегі асықты қатты екпінмен көздеп атады.Шеңбер ішінде тізіліп тұрған асықтар,сақа тигенде шеңберден шығуы шарт,қанша асық шеңберден шықса, көздеп атқан бала сонша ұпай алады.Ұпай сандары арқылы жеңімпаз анықталады.


58.«Мергендер»

Көрнекілік: Банер және асықтар.

Ойынның шарты:Балалар асық атуға дайын тұрады. Жерге ортасында, бірден беске дейін екі қатар сызылған сандары бар, асық атуға арналған банер төсеніші төселеді.Сандарға сәйкестендіріліп асықтар қойылады. 1-1,5 метр арақашықтықтан көздеп,қойылған асықтарды атады.Қай санның үстіндегі асықтарға тигізсе,сонша ұпай алады. Ұпай сандары арқылы жеңімпаз анықталады.


59.«Өріс ойыны»

Ойынның шарты:Түзу бойына алшы, тәйке кезектесіп тізіледі. Өріске ұзап барып атасың. Кімнің бірінші ататындығы сақаларын қосып, бір ойыншы басынан асыра жерге тастайды.Алшы т.скен сақа иесі бірінші, тәйке екінші, бүк үшінші, шік төртінші болып атады.Сақа асыққа тиіп «алшы» түссе, тізілген асықты түгел ұтып алады. Сақа асықтарды құлатып, сақа бүк түссе, шік жатқан асықтарды ұтады.Ал сақа асықтарға тиіп, шік түссе, бүк түсіп жатқан асықтарды ұтады.Бұзылған асықтарды түзу бойына қайтадан тізіп қояды.Келесі кезектегі ойыншы сақасымен тізілген асықтарды көздеп атады. Атқанда сақа асықтарға тиіп, өзі омпа түссе,онда өрістен атылған сақалар домалап түскен жерінде жатуға тиіс.Келісім бойынша үш рет қайталауға болады.Кімнің сақасы төрге озып кетсе, сол бірінші болып кері атады. Ойыншылар тигізе алмаса, алғашқы ойыншы қалған асықты сақамен қосып, басынан асыра жерге тастайды.Ұтқан асығыңды жинап отырасың. Шебер ойыншы қарсыласының асығын түгел ұтып алады.


60.«Тас қала»

Ойынның шарты:Асық ойынының ендігі бір түрі –«Тас қала». Ойынға қатынасушыларға шек қойылмайды.Олар тегіс жерді таңдап алып, шеңбер сызады да, дәл ортасына асықтарды бірінің үстіне бірін пирамида етіп жияды.Сонан соң асық тігілген жерден ойынға қатынасушылардың жас ерекшелігіне орай көн белгіленеді. Оның қашықтығы 7-8 метрден кем болмайды.Ойынды бірінші болып бастайтын ойыншыны анықтау үшін сақаларын иіреді. Кімнің сақасы бұрын алшы түссе, ойынды сол бастап, қалғандары да осы тәртіппен өз кезектерін алады.Алшы - бірінші, тәйке - екінші, бүк - үшінші, шік - төртінші.Егер ойыншының асығы омпа түссе, ол алшыдан жоғары болып есептеледі де, бірінші орынды сол алады.Егер де екі не үш адамның асығы алшы не бүк, не шік, не тәйке түссе, онда сақалар қайта иіріледі.Атушы «Тас қалаға» сақасын дәл тигізіп, бір асықты шеңберден шығарса, ойынды жалғастырып, сақасы түскен дерден қаита алады. Шеңберден атып шығарған асықтарын ала береді. Егер бірінші атушы тигізе алмаса, онда екінші ойыншы атады. Егер атқан ойыншы «Тас қаланы» бұзып, бірақ асықты шеңберден шығара алмаса, онда айыбын қосып «Тас қаланы» қайта тұрғызады.Егер атушы «Тас қаланы» бұзып, бір асықты шеңберден шығарса, онда қалған асықтарды шеңберден шығара алмағанға дейін ата береді.Қалған ойыншылар «Тас қаланың» бытырап жатқан қалдықтарын атып алады.Көнде жатқан асықтар түгелдей біткен соң, ойын қайта басталады.


61.«Құмар»

Ойынның шарты:Бұл да - асықпен ойналатын ойын.Бұл ойынды үлкен-кіші демей ойнай береді.Ойынға қатынасушылардың саны 5-6 адамнан аспауы керек. «Құмар» үйде, аулада, тақыр, тегіс жерде отырып ойналады. Ойынға төрт асық қажет. Олар мұқият тазартылып, түрлі-түсті бояуға боялады.Ойынның кімнің бірінші болып бастайтынын асық иіру арқылы шешіледі. Алшы бірінші, тәйке екінші, бүке үшінші, шіге төртінші т. с. с. кезек алады.Асықтың жоғарыда айтылған төрт түрлі түсетін негізгі төрт қыры болады.Сондай-ақ оларды мал атауымен де атайды. Алшыны - жылқы, тәйкені - түйе, бүгені- қой, шігені - ешкі деп атайды. «Құмар» деп сол төрт асықтың бір түрлі түсуін айтады. Мысылы, төртеуі де алшы түссе – «Құмар» болады, ол төрт ұпай алады, тәйке - үш, бүге - екі, шіге - бір ұпай алады. Ойыншы төрт асықты уысына алады да, қолын тұқыртып ішке қарай айналдыра еденге шаша тастайды немесе алақанына салып, қолын сыртқа қарай серпіп, еденге тастай береді. Ұтылған адам ұпай төлейді. Келісім бойынша ән айтып, күй шертеді.Ертеде терме айтып, арты отбасылық ойын- сауыққа айналған.




62.«Иірмекіл»

Ойынның шарты:Бұл ойын екі немесе төрт бала ойнауға ынғайлы. Ойынды екі бала айнаса, тәртібі төмендегідей: әр балада 5-6 асықтан болуы керек. Екеуі бір-бірлеп асық иіреді. Қай баланың асығы алшы түссе, сол осы екі асықты уыстап алады да жерге жайлап шашып жібереді. Екі асықтың бірі алшы түссе, онны алады. Екінші асықты иіреді. Ол алшы түссе, оны да алады. Бұдан соң екі бала тағы да асықтарын бір-бірлеп иіреді. Асығы алшы түскен бала екі асықты сыпырып алып, жерге тастайды. Сол кезде бір асық алшы, бір асық шіге түссе, екеуін де алады. Осылайша асығы алшы түскен баланың тастаған асығы шіге түсіп отырса, ол ұтысқа иебола береді.Асық алшы түспей, басқа ыңғайдышіге ұтысқа саналмайды. Екі бала кезек-кезек иіріп отырып, ойынды жалғастыра береді. Бұл ойын балалардың есте сақтау қабілетін арттырады.


63.«Барыңды сал» Ойынның шарты:Бұл ойынды да балалармен қоса ересектерге де, тіпті, қыздарға да ойнауға болады.Ойынға алдын ала жан-жағы жонылған, табаны қайралған төрт асық дайындап алады. Бұл ойынға әр түрлі жүлделер (сыйлықтар) тігіледі. (Бұрынырақта балалар асық тігіп ойнаса, үлкендер лақ, қозы, қойешкіге дейін тіккен; ал қыз-келіншектер «Келесі бастаңғыны кім өткізетінін анықтауға» ойнаған). Ойын аяқталған сайын жүлде жаңартылып отырады. Ойын ережесі: Әдеттегідей, әуелі сақаларды иіріп, кезек ретін анықтап алады. Ойын басталғанда, бастаушы әлгі дайындап қойған төрт асықты ортаға иіріп кеп (шашып) жібереді. Егер, шашып жібергенде төрт асық бірыңғай не әлші (төртеуі де), не тәйкі, не шік, не бүк түссе, ол ойыншы тігілген жүлдені түгел алады. Ал, иірген кезде екеуі әлші, екеуі тәйкі, не екеуі шік, екеуі бүк жатса, жүлденің жартысына ие болады. (Ескерту: қалай жатса да, екі-екіден жатса болды).



64.«Киім алғыш» Ойынның шарты:Бұл ойынды көбінесе екі бала ойнайды. Көп бала ойнаса, ұтқызған киімдерін не заттарын ортаға салады. Бірінші кезек алған бала (асық иіріп не санамақта жеңген) уысындағы үш не төрт асықты жабайлатып шашып тастайды. Асықтар бірыңғай не бүк, не шік, не тәйкі, не алшы түссе қарсыласы үстіндегі бір киімін шешіп беруі керек. Асықты иіріп отырған бала, иірген асықтары әртүрлі ыңғайда түскенше, жалғастыра береді. Біреуі басқа қалыпта түссе болды, кезек қарсыласына тиеді. Ұтылған балалар ойын соңында ән салып, күй тартып, жұмбақ айту арқылы ұтқызған заттарын қайтып алады.


65.«Тәйке ойыны»

Ойынның шарты:Бұл ойынға екіден бес-алты балаға дейін қатыса алады. Ойын үшін тақыр, тегіс жер таңдап алынады. Алаңға түзу сызық сызылып, ойыншылар келісім бойынша бір-бір немесе екі-екі кенейден шығарып, сол сызықтың бойына араларына бір сүйемдей жер қалдырып, тәйкесінен тізіп қояды. Сақаларын соғыстырып, кезек алғандар ретімен үш адымдай жерден сызылған сызықтың сыртына қарай кеней тұрған жерден сақасын шиырып тастайды. Тәйке түссе келесі баланың сақасын шиыруын күтпей, кенейді көздеп атуға құқы бар. Кенейге тигенде, тәйке түссе, барлық тігулі асықты атпай-ақ жиып алады. Алшы тұрса–түпте кезекте тұрған бала оны атып, ойыннан шығартады да, ойын әрмен қарай жалғасады. Тастаған баланың сақасы алшы тұрса, қалған балалар оның сақасын атады, тигізсе–алшы тұрған сақа ойыннан шығады. Ал атқан баланың сақасы тиіп, тәйке түссе, ол да кенейді атады. Тигізсе– үлесін алып, қайтара сақасын тастайды. Алшы да, тәйке де тұрмаса, ойыншылар меже сызықтан кезек бойынша кенейлерді көздеп атады, тисе шарт бойынша асық ұтады. Сызықтан аттап кеткен бала атып тигізген кенейін ала алмайды, айып есебінде және бір кеней қосуына болады. Атқан бала мүлт кеткенше кенейлерді көздеп ата береді. Бұл ойынның қызығы сақаның тәйке түсуімен ұтымды. Сол үшін ойынға тәйке тұрғыш сақа қосады.

66.«Шықетер»

Ойынның шарты:Бұл ойынның тәйкеден айырмасы, белгіленген сызықтан тізілген кенейлерді шартты кезекпен бір-бірден атып шығады. Тигізіп құлатқан бала кенейін алады. Тигізе алмағандар соңын күтеді. Барлық бала атып болғаннан кейін алқақотан жиылып, бірінші кезектегі бала тізілген асықтардың біреуіне тигізсе, кенейлерді уыстап алып, ішіне сақасын қосып, жерге шашып тастайды. Оны «жабайлату» дейді. Сақасы қалай жатса, соған жұптас түскен асықтар соның еншісіне тиеді. Балалар осылайша кезекпен жабайлатып отырады. Ойыншылар әу баста келіссе ғана атуға– басқа, жабайлатуға басқа сақа қосуға болады. Болмаса, бір-ақ сақа пайдаланылады.

67.«Шыр»

Ойынның шарты:Бұл ойынға да екіден төрт- беске дейін бала қатыса алады. Дөңгелек сызық сызып (аумағы екі-үш қарыс) ішіне әр бала бірден, не екіден біріктіріп, (бірінің үстінен бірін емес) топтастырып, асықтарын тігіп қояды. Оны «Шыр» дейді. Ойыншылар сақаларын соғыстырып, кезектерін алады. Бірінші бала сақасын ешкім көздей алмайтындай тасалау ойпаттау жерге алысырақ тастайды. Екінші баалның да, басқасының да солай тастауына болады. Оны «жаттым» дейді. Бірақ тастаған сақа атуға ыңғайлы жатса, кезектегі түптегі қарсылас көздеп атуға құқы бар. Тигізсе, «өлді» дейді. «Өлген» сақаның иесі ойыннан шығады. Одан да әрі маңында жақын сақалдарды атып «өлтіруге» еркі бар. Болмаса, бір сақаны «өлтіргеннен» кейін, сол жерден «шырды» атып бұзады. Сақасының жұбына қарай құлаған асықтарды жиып алып, енді біртіндеп кенейлерді атады. Жұп түссе– ұтысын алып, ойынды жалғастыра береді. Бөлек түссе, сол жатқан жерінде жатады. Егер сақасы кенейлермен жұп түспей-ақ алшы түссе, ойыншының қайта атуына болады. Тәйке түссе, алыстау басқа жаққа «жатуға» болады. Бұл заңдылық сақаны сақа көздегенде де сақталады. Тимей кетіп, бүгінен не шігінен түссе, сол жерде жаатды. Қарсылас ойыншы кезегін алғанда, оны опонай «өлтіре» салады. Бұл ойында сақаны атып «өлтіріп» не «шар» бұзып, жұп асықтарды көбірек ұтып, көбірек ұпай жинаған ойыншылар жеңімпаз деп танылады. «Шыр ойыны» түбінде ең соңғы баланың сақасы ғана жата алады. Оның пайдасы, қарсыластар сақаларын атып, ұзап кетеді де, «шырға» тигізе алмай қалады. Кезегі келгенде, қалауынша «шырды» бұзып, жұп-асықтарды жиып алады. Ыңғайлы кенейді жақын жатқан сақаға қарай атып жақындап, кенеймен жұп түссе, оның сақасын «өлтіруге» болады. «Шырды» бұзып, бар кенейді ұтқан бала жеңімпаз аатнып, ойынды басындағыдай қайта жалғастырады. Кенейі біткендер ойыннан ұтылып шығып қалады. Келесі ойында көп ұпай алған бала бірінші болады.

68.«Шік-бүк»

Ойынның шарты:Бұл ойынды екі не үш бала ойнайды. Ортаға 2-4-6 асық тігіледі. 3-5 метрден барып ортадағы асықты атады. Егер сақа ортадағы асыққа тиіп, шік бүк түссе, барлық асықты ұтып алады. Егер шік-бүк түспесе, басқа балалар атып, ойынды ары қарай жалғастырады.



69.«Қақпақыл»

Ойын шарты: 1 асықты алақанға салып алып, жоғарыға жәймен лақтырып, асық қайтып түскенше алақанды төңкеріп, асықты қолдың сыртымен қағып алу керек. Содан соң қолдың сыртындағы асықты қайта лақтырып, төмен түсіп келе жатқанда алақанды ашып қалу керек. Бұл ойын баланы жылдам қимылдауға, шапшаң әрекет жасауға, баланы өз бетінше жылдам ойлануға, есеппен әрекет етуге үйретеді.



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
04.03.2025
103
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі