МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ
ҰЙЫМДАРДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫ
ҚОЛДАНУ
Жамбыл облысы Жамбыл
ауданы
«Сәуле» бөбекжайы-бақшасы»
КМҚК меңгеруші
Нартбаева Акбота
Маратқызы
Халқымыздың тарихи-мәдени
мұраларының түрлері сан алуан. Солардың қай- қайсысы да адамға,
соның игілігіне қызмет етуге бағытталған. Осындай аса құнды мәдени
игіліктердің бірі - ұлттық ойындар. Бүгінде ойынды халық
педагогикасының бір бөлігі деп тегін айтпаса керек, адам баласы
жасаған жеті кереметтің қатарына сегізінші етіп осы ойынның аталып
жүруі жайдан жай емес. Педагогикалық теорияда ойындар түрлері, оның
ішінде ұлттық ойындар баланың ақыл-ойының және денесінің дамуына
қажетті негізгі қызмет түрі ретінде қарастырылады. Ойын балаға
қажетті қозғалыс пен эмоциялық серпілісті қанағаттандыратын
іс-әрекеттер туындатып, бала психикасының дамуына себепші болады.
Ұлттық ойындар өзінің табиғатында, жаратылысында ұлттық өнегені
бойына сіңіріп, бүкіл ұлтқа тән қасиеттерді жинақтайды, толығып,
жетілу арқылы, өзінің жан-жақты тәрбиелік қасиетін шыңдай түседі.
Сондықтан ол тәрбие жүйесінің міндеттері мен түрлерін толықтырып
қана қоймай, оқу-тәрбие жүйесінің мазмұны мен әдіс-тәсілдерін
байытуға, оны жетілдіре түсуге де өз үлесін қосады, барынша
белсенді әрекет жасайды. Халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, аса
көрнекті жазушы М.Әуезов: «Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ
жылдарында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің
түсінуімше көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру
ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағыналары болған», - деп
тегіннен тегін айтпаса керек..
Ойын бала табиғатымен егіз. Өйткені бала ойынсыз
өспек емес. Бала отбасы тәрбиесі және өзін қоршаған ортамен тығыз
араласа отырып ана тілін үйренеді. Мектеп табалдырығын алғаш
аттағалы
тұрған балаларға ана тілін оқытудың тиімді әдістеріне
ерекше мән беріледі. Баланың сөздік қорын молайтып, сөзді еркін, өз
мағынасында қолдануға, тез жылдам сөйлеуге жаттықтыруға ойын бірден
– бір таптырмайтын құрал. Мысалы: ерте жастағы балаларды қимылдату
мақсатында
қолданатын халық ойыны «Қуыр, қуыр, қуырмашты» ойнату
пайдалы. Оның шарты: Бірінші бала бас бармақтан бастап шынашаққа
дейін бір рет саусақтардың атын түгел айтып береді. Сөйтіп, бар
саусағын жұмып тұрып, екінші бала кез – келген саусағының атын
атайды. Бұл ойын балалардың тілін жаттықтырып, есте сақтау
қабілетін жетілдіре түседі. Жұмбақ шешу ойынын жарыс түрінде
өткізуге болады. Жұмбақ ойыны балалардың өздігінен ойлауына
мүмкіндік береді. Оларды дерексіз ойлаудан нақтылы ойлауға жетелей
түседі. Бірінші сыныпқа келген балалардың кейбір әріптерге
барлығының бірдей тілі келе бермейді. Бұл кезеңде нағыз көмекші
халық ойыны болып табылады. Бұл мақсатта ежелгі халық ойыны
жаңылтпашты ұтымды пайдалануға болады. Жаңылтпаштардың тіл
дамытуда, сөзді таза сөйлеп, ширақ айтуда пайдасы
көп. Тіл
дамыту мақсатында «Буын» тақырыбында «Өз атыңды буынға бөле білесің
бе?» «Топтағы заттарды
ата»
ойындарын ойнатуға болады.
Ұйымдастырылған іс-әрекет
қызметінде халық ойынын пайдалану –
балалардың еркін сөйлеуін, тіл байлығын сөздің дәл
мағынасын бағдарлай білу қасиеттерін жетілдіре түседі. Халық
ойындарын математикалық негіздері ұйымдастырылған
іс-әрекетте пайдалану баланың алған білімін күнделікті өмірмен берік
ұштастыруға қолайлы. Мысалы: ойын ұйымдастырылған
іс-әрекет басында, не ортасында, не соңында қолданылуы
мүмкін. Ойынды ұйымдастырылған
іс-әрекет басында қолдану тақырыпқа енуге балалардың түгел
қатысуына мүмкіндік туғызады. Ортасында балалардың шаршағанын
басып, сергіту жаттығуы мақсатында қолданылады. Ұйымдастырылған
іс-әрекет соңында ұсынылған материалды бекіту немесе алған білімді
жинақтау. Математика негіздері ұйымдастырылған іс-әрекеттінде «аз»,
«көп» ұғымдарын баланың зердесіне ұялату оңай нәрсе емес. Ал оны
қарапайым халық ойынының негізінде түсіндіре бастасаң, ол онша
қиындық келтірмейді. Мектепке дейінгі
жастағы
балалар математиканы оқып үйрене
бастағанда олардың түсінігін жеңілдету үшін «санамақ» ойынын ойнату
тиімді. Ұлттық ойындарды үнемі пайдалану арқылы балалардың ауызша
есептерге жаттығуына логикалық ой жүйелерін жетілдіре түсуіне толық
мүмкіншілік бар. Олардың қатарына халықтың байырғы ауызша
есептерін, халық ойындарын жатқызуға болады. Атап айтқанда: «Қай
қолымда», «Өзім де құр қалмаймын» т.б. Мысалы: «Өзім де құр
қалмайын» ойыны:
Жексенбі күні еді. Атамның
үйіне немерелері келді. Атасы олардың алдына бір табақ алма қойды.
Немерелері атасына алманы бөліп беруді өтінді. Алманы бір – бірден
берсе біреуі ауысып қалады, екі – екіден берсе жетпейді. Сонда неше
алма, неше немере болған? Жауабы: 3 немере, 4
алма.
Мәселен, қазақтың ұлттық
ойындары: «Бәйге», «Көкпар», «Алтын сақа», «Хан талапай», «Қыз
қуу», «Тоғызқұмалақ» т.б. балалардың еңбекке деген қарым-қатынасы
мен қабілеттерін арттырады. Ұлы педагог В.И.Сухомлинский: «Ойынсыз,
музыкасыз, ертегісіз, фантазиясыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі
болмайды», - дейді. Демек, шәкірттің ақыл- ойы, парасаты ұлттық
салт-сананы сіңіру арқылы байи түседі.
Ұйымдастырылған
іс-әрекетте ұлттық ойын элементтерін
пайдалану ұйымдастырылған
іс-әрекеттің тақырыбы мен мазмұнына сай
алынады. Сонда ғана оның танымдық, тәрбиелік маңызы арта түседі.
Балаларды әсіресе, «Сиқырлы қоржын», «Көкпар», «Асық» секілді
ұлттық ойындарға қатыстыру өте тиімді екеніне көз жеткізу қиын
емес. Бұл ойындарды жаңа материалды бекіту немесе қайталау кезінде
қолдануға болады. Бала ойынның үстінде не соңында өзінің қатысу
белсенділігіне қарай түрлі баға алуы, яғни ынталандырылуы тиіс.
Ойынның тәрбиелік маңызы мынада: ол баланы зеректікке, білгірлікке
баулиды. Бабаларымыздың асыл қазыналарына деген көзқарасын
құрметтеуге сөз әсемдігін сезінуге үйретеді. Батылдыққа, өжеттікке
тәрбиелейді. Баланың сөздік қорын байыта түседі. Көңіл аударарлық
ойынның бір түрі – асық ойыны. Ол өте қарапайым көрінгенімен, мұнда
адам денесін шыңдап, сомдайтын қасиеттер, бала тәрбиесінде, оны
өзара әрекетке жетелейтін қимыл түрлері қаншама. Ең бастысы, ол –
баланы жастайынан салауатты өмір салтына жетелейді. Адамның ойлау
жүйелерінің жетілуінен бастап, бұлшық еттерінің жетілуіне, тыныс
мүшелерінің реттелуіне, өз дене мүшелерін меңгеруіне, соның
нәтижесінде қырағылық мен мергендікке баулиды. Ұлттық ойындардың
жасаушысы – халық, бұл – халықтық шеберлік. Ұлттық ойындардың ел
арасында кең тарауына байланысты бір ойынның әр жерде әртүрлі
тәртіппен ойналуы және олардың атауларының әртүрлі болып келуі жиі
кездеседі. Осы жағдайды ескере келіп ойындарды жүйелеу, топтау және
атау беру мәселесі шығады. Топталып, жүйеленбеген ойындарды
тәжірибелік тұрғыдан қолдану, ережесін айқындау мүмкін болмайды.
Қорыта келгенде, ұлттық ойындардың бастауыш мектеп оқу-тәрбие
үрдісінде пайдалануды зерттей келе біз ойындардың адамдарды дене
дамуына, шынығуына, еңбек етуіне бейімдеу мақсаттарында
қажеттіліктен туғандығын көруге болады, сондықтан ұлттық ойындар
жалпы дене мәдениетін дамытудың негізі болып саналады деген тұжырым
жасаймыз.