Мен қандай мамандық иесі
боламын?
«Болашақта қандай маман иесі
боламын,қандай жоғары оқу орнына түсемін?» деген сауалдар әрбір
адамды толғандырады.Cебебі бұл адам өміріндегі жауапты қадамдардың
бірі. Сол қадамымды анық басып, мамандығымды дәл табу менің бала
кезгі арманымнан бастау алып, бүгінде мақсатыма жетелеп әкелгендей.
Мен – XXI ғасырдың 21-ші жылының түлегімін. Алдымда асқар-асқар
асулар жатыр. Сол асуларға өзім сүйген маман иесі болып жеткім
келеді.
Мен таңдаған мамандық-
журналистика мамандығы. Бала кезімнен бастап ойымды ашық айтқанды,
көпшілік ортада сөз сөйлегенді ұнатамын. Теледидардан әртүрлі
хабарларды көріп, жүргізушілердің сөйлеу мәнеріне еліктеп өстім.
Кез-келген ұқсас нәрсені микрофон етіп, ауладағы балалар арасында
тақпақ айтатын бала қыздың мектепте оқыған жылдары мектептің әрбір
іс-шарасының жүргізушісі болуы өзімді осы мамандықтың адамы
екендігіме сендіре бергендей. Сенім-әрине, ұлы күш. Сондықтан да
мен өзімді бірде Жайна Сламбектің, бірде Дана Нұржігіттің, бірде
Гүлмира Әбіқайдың, бірде Қымбат Досжанның орнына қойып, кәсіби
жүргізуші ретінде елестете бердім. Ал, арманның жәйдан-жәй іске
аспайтыны белгілі. Ол үшін біліммен шыңдалу қажет. Осы орайда мен
өзім таңдаған кәсібімнің маманы болу үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық университетін таңдадым. ҚазҰУ – әлемнің ең үздік 200
университетінің қатарына енген іргелі оқу орны. Тамыры тереңде
жатқан бұл оқу орнынан қазақтың маңдайалды адамдары білім алған.
Атап айтар болсақ, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар
Мағауин, Олжас Сүлейменов, Қадір Мырза-Әлі, Дулат Исабеков, Нұрлан
Оразалин сынды біртуар тұлғалар білім алған қасиетті ордадан Бейсен
Құранбек, Ләйлә Сұлтанқызы, Әуесбай Қанат сынды айтулы теледидар
жүргізушілері де қанаттанып ұшқан екен. Болашақтың көшінде
жақсылардың ізін басу ләзім. Олай болса, сол жақсылардың ізінде
«журналист» деген мамандықты алып, қасиетті қара шаңырақтан
білімімді толықтырып, оны елімнің қажетіне жұмсасам деген
арман-қиялым бар. Ол тек арман күйінде қалмай, қиялдарым қияларға
жетелейтініне сенемін. «Сіздермен бірге болған мен - Марат Әйгерім.
Жақсы күндерде жолыққанша!» деп көк жәшіктің төрінен сөйлер күн
жақын болсын!
Қарсы ал мені, киелі қара
шаңырақ – Қазақ Ұлттық Университеті! Сенің қабырғаңда жетіліп ,
елімнің кірпіші болып қаланайын. Менің періште
тілегім-осы!