Муратова РаушанДуйсенбаевна
Математика пәні
мұғалімі
«Рудный қаласы білім
бөлімінің
№15 жалпы білім беретін
мектебі» КММ
Қостанай облысы, Рудный
қаласы
«Менің педагогикалық
тәжірибемдегі Ы.Алтынсарин идеялары»
Қазақтың аса көрнекті
ағартушысы, педагог, қазақ елінде тұңғыш мектеп ашқан, зиялы
қауымның көшін бастаған, қазақтың ұлт тарихында аты мәңгі өшпейтін
кемел тұлға-Ыбырай Алтынсариннің іс-тәжірибесін үлгі етпейтін, оның
педагогикалық идеяларын басшылыққа алмайтын, қолданбайтын мұғалім
кемде кем шығар.
Алғаш мектеп табалдырығын
аттап, мұғалімнің жетектеуімен сыныпқа кіргенде тақтаның жоғарғы
жағында ілулі тұрған кісінің Ыбырай Алтынсарин екенін білгенім жоқ.
Әліппені ашып, әріп танып, оқи бастағанда сол суреттің астындағы
жазулы тұрған мына өлеңнің «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар,
оқылық, Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық!» әрбір қазақ баласын
оқуға, білім алуға шақырып тұрған үндеуі екенін түсіндім. Жүрек
қалауымен кішкентай кезімнен мұғалім болуды армандадым, алдыма мен
де балаларға білім мен тәрбие беруді мақсат етіп қойдым. Міне сол
мақсатыма жетіп, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру қызметін атқарып
келемін. Өз уақытында ұлы ұстазымыз Ы.Алтынсарин өзінің
іс-тәжірибесінде дүние жүзі педагогикасының классиктері
Я.А.Каменский, Ж.Ж.Руссо, К.Д.Ушинскийлердің идеяларын басшылыққа
алған болса, біз Қазақстандық мұғалімдер қауымы бірінші кезекте
Ы.Алтынсариннің идеяларын басшылыққа аламыз. Ұлы кемеңгердің аз
ғана ғұмырында жазған әңгімелері, өлеңдері, мысалдары барлығы
педагогикалық мақсатты көздеген.
Алғашқы ашқан мектебінде басқа
пәндермен бірге арифметика пәні болды.
Мен математика пәні мұғалімі
ретінде өзімнің кәсіби даму тақырыбымды
«Математика сабағында
инновациялық әдістерді пайдалана отырып оқушылардың функционалдық
сауаттылығын жетілдіру» деп таңдадым. Ы.Алтынсариннің оқушыларға
кәсіптік мамандық беру мәселесі, яғни қазақ халқының экономикалық
өсуі үшін елдің экономикалық дамуына қажетті мамандарды оқыту,
дайындау үшін бастама жасады. Қазіргі кездеде заманның ағымына
ілесетін, жан-жақты дамыған оқушыларды жетілдіру үшін, олардың
инновациялық әдістерді пайдалана отырып алған математикалық
білімдерін күнделікті өмірмен ұштастыру, яғни функционалдық
сауаттылығын дамыту негізгі түйінді мәселелердің бірі болып отыр.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын жетілдіру арқылы олардың
болашақ мамандықта дұрыс таңдауына жол
ашамыз.
Ы.Алтынсариннің педагогикалық
көзқарастарында оқушыларды өз ойын еркін айтуға үйрету, оларға
еркіндік пен жүрек жылуын беру және мұғалім мен оқушының
ынтымақтастығын қалыптастыру, білім беруді дамытудың маңызды
мәселесі болды. Алтынсарин мектебінде пайдаланған әдістері, мысалы
білімді игеруде үлгерімі жақсы жоғарғы сынып оқушысының төменгі
сынып оқушысына көмек беруі, қазіргі біздің күнделікті сабақтарда
пайдаланатын топта жұмыс істеу әдістерімізбен ұштасады. Сын
тұрғысынан ойлауды дамыту әдістері, яғни топтарда оқушылардың
бірінің мұғалім ретінде басқа оқушыларды ұйымдастыру, бір-біріне
сұрақ қою, топта шешім қабылдау сияқты әдістері Ы.Алтынсаринның
ланкестрлік әдістері бағыттас сияқты.
Ы.Алтынсарин өз заманында
мұғалімдерге оқыту әдістері-оқушылардың мектепке, сабаққа, кейіннен
ғылымға, өз бетімен білім алуға ынталандыратын жол, сабақта олардың
ойлау қабілеттерін арттыратын жаттығулар керек, мысалы әңгіме,
түсіндіру арқылы оқыту әдістері. Сабақ барысында көрнекіліктерді
тиімді және жиі қолдану, өмірден алынған шынайы фактілерді
пайдалану оқушылардың ойлау қабілеттерінің қалыптасуына ықпал
етеді. «Арифметиканы оқыту кезінде,-деп көрсетеді
Ы.Алтынсарин,-балалық өмірден және маңайдағы тұрмыстан алып, алғаш
жай, аса күрделі емес, кейін күрделірек есептер беріп, оқушылардың
ақыл-ойына әсер етуге тырысамыз. Біз Грубе немесе Евтушевскийдің
арифметиканы теория негізінде басымырақ оқытуын қолдамаймыз, бұл
істі оқушылардың табыстарына, қабілеттеріне, түсінігіне қарап
жүргіземіз»
Ы.Алтынсариннің арифметиканы
оқытуда теорияны меңгерген оқушыларға көбінесе іс-жүзіндік
тапсырмалар орындату арқылы олардың білімдерін тереңдету мүмкін
екендігін аңғарамыз. Қазіргі жаңартылған бағдарлама бойынша да біз
оқушыларға жаңа білімді теория жүзінде өз бетінше игеріп,
іс-жүзіндік тапсырмаларды топта талқылай отырып, есептердің әрбір
элементін нақтырақ түсінуге, әртүрлі амалдар қолданып нәтижеге
жетуге баулимыз.
Елбасымыз Ы.Алтынсаринді
«Тарих толқынында» деген кітабында Қазақстандағы халық ағарту
ісінің тұңғыш абызы деп атады. Шынында да «Дала қоңырауын» алғаш
сыңғырлатқан ағартушының қазіргі қазақ халқы үшін еткен еңбегі ұшан
теңіз. Мектебі жоқ, алдында кітабы жоқ балаларға білім беру ісін
ержүректікпен қолға алып, надан халқының көзін ашу жолында қаншама
қиындықтарды жеңген жүректілігі қазіргі елімізді өркендету үшін
қызмет жасап жүрген мұғалімдер мен тәрбиешілер үшін үлгі.
Ақын-ұзтазымыздың жазып кеткен қай өлеңін, әңгімелерін оқысақта,
оның қазақ балаларын, қазақ халқын білімге, ғылымға шақырған
үндеуін естиміз.
Елбасы ұсынған рухани
жаңғырудың принциптерінде жастарды өркениеті дамыған ұлы елдердің
жастарымен білім, ғылым саласында бәсекеге түсетіндей етіп шыңдау
керектігі айтылған болса, Ы.Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар»
өлеңінде ғылымның жетістіктерін мақтап, озық елдің салтын
баяндаған. Артына өшпес із қалдырған ұстаздардың ұстазы, данышпан,
ұлы кемеңгер Ы.Алтынсариннің озық идеялары бүгінгі күн талабымен
ұштасып, Мәңгілік еліміздің білім саласында жалғасын таба
беретініне сенімім мол.