Материалдар / М.МАҚАТАЕВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАР БОЙЫНДА ПАТРИОТТЫҚ САНАНЫ ТӘРБИЕЛЕУ

М.МАҚАТАЕВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАР БОЙЫНДА ПАТРИОТТЫҚ САНАНЫ ТӘРБИЕЛЕУ

Материал туралы қысқаша түсінік
Материалда оқушыларға қосымша білім беру саласында «көркемсөз» үйірмесі бойынша болашақ өнер адамдарын, тіл мамандарының патриоттық санасын қалыптастыру мақсатында жүргізілетін жұмыс түрлері мен әдістері баяндалады.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
22 Ақпан 2023
311
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

М .МАҚАТАЕВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАР БОЙЫНДА

ПАТРИОТТЫҚ САНАНЫ ТӘРБИЕЛЕУ


САРҚЫТҚЫЗЫ ҚҰРАЛАЙ

қосымша білім беру педагогі

«көркемсөз» үйірмесінің жетекшісі



«Жетісу облыстық білім басқармасының

Алакөл ауданы бойынша білім бөлімі» ММ

«Үшарал қалалық балалар шығармашылық орталығы» МКҚК


Аннотация: Материалда оқушыларға қосымша білім беру саласында «көркемсөз» үйірмесі бойынша болашақ өнер адамдарын, тіл мамандарының патриоттық санасын қалыптастыру мақсатында жүргізілетін жұмыс түрлері мен әдістері баяндалады.


Тірек сөздер: Әдебиет – сөз өнері, «көркемсөз» үйірмесінің бағдарламасы, оқушылардың патриоттық санасын қалыптастыру, адамгершілік-патриоттық тәрбиенің үлгісі, оқушыларды азаматтық-патриоттық тәрбиелеу, көркемсөз, поэзия, қосымша білім беру, М.Мақатаев шығармашылығындағы патриоттық тәрбие.


Әдебиет – сөз өнері. Барлық сөзді тізе берсең әңгіме, жыр шықпайды. Адам жүрегі тербетіп, ақыл таразылап, тіл кестелеп айтқан сөз орнында тұрса ғана «әдебиет» деген өнер пайда болады. Ғылыми тұжырымда әдебиет «адамтану құралы», ал әдебиет пәні «адам тәрбиелеу құралы» делінген.

Әлемдік көркем мәдениет өзінің тарихи дамуы барысында әрқашан адамзат үшін рухани әлемнің негізі және адамзат қоғамдастығындағы ұлттық мәдениетті нығайту мен өркендетудің қозғаушы күші болып табылады. Осындай жалпы әлемдік мәдениеттің бір түрі – сөз өнері.

Кез келген қосымша білім беру бағдарламасы балалардың қандай да бір қабілеттерін ашуға және әрі қарай дамытуға, таңдап алған іс-әрекет бойынша нақты білім мен дағдыларды меңгертуге бағытталуы керек. Жеке саладағы біліктілікті дамытуға, меңгерген дағдыны іс жүзінде қолдануды машықтануға жетелеуі шарт. Сондай-ақ, бағдарлама мазмұны жеке тұлғаның шығармашылық мәдениетін қалыптастыруға, білім алушыларды жалпы адамзаттық құндылықтарға баулуға және өткен тәжірибені меңгертуге бағытталғаны дұрыс.

Өзім құрастырып, пайдаланып жүрген «көркемсөз» үйірмесінің бағдарламасы балалардың шығармашылық қабілеттерін қалыптастыруды қамтамасыз ететін оқытудың дамытушылық ұстанымдарына негізделген. Шығарманы мәнерлеп оқу деңгейіне жеткен оқушы шығарманың сұлу, тұтас бітіміне енеді, сол арқылы кейіпкер бойындағы ізгілік, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді тани алады. Мұның өзі баланы биік адамгершілікке бастайды. Демек, үйірме жұмыстарында оқу сапасын қалыптастыру мен дамыту – оқушының жеке тұлғалық бітімінің айқын көрсеткіші.

Негізі патриоттық тәрбие бесіктен бастап берілуі тиіс. Өз ана тіліндегі бесік жырынан бастау алған отансүйгіштік тәрбие халық ауыз әдебиетімен толығып, келе-келе көркем әдебиет арқылы бала санасында мықтап бекуі тиіс! Кез келген автор мен оның шығармасын мәтіндік, мазмұндық талдаған кезде патриоттық, адамгершілік тәрбиеге басты назар аудартамын. Авторлардың ішінде өзімнің де оқушыларымның да ең сүйіктісі Мұқағали Мақатаев екендігін мойындаймын. Өз тәжірибемде алдыма алғаш келген оқушыға ең алдымен Мұқағали ақынның үш өлеңін жаттатқызуды айнымас әдетке айналдырғанмын. Алдымен «Отан туралы» өлеңін, одан кейін «Отан», «Үш бақытым» өлеңдерін жаттауға беремін. Кейіннен бастауыш сынып жасындағы оқушылар үйірме сабағы басталғанда және сергіту сәттерінде осы үш өлеңді хормен оқуға да әдеттенді. Биыл бесінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Ей, өлең, қайтсем саған жан бітірем?!» көркемсөз байқауы осы сүйіспеншілігіміздің бірден бір дәлелі.





Қазақ поэзия əлеміне шетсіз-шексіз кеңістік пен көз сүрінген биіктік əкелген, кәусар сезім мен таусылмас көңіл, шалқыған шаттық пен мұңға тұнған махаббат, буырқанған шабыт пен сабырға көнбес сағыныш сыйлай білген, көптеген тақырыптарға қаламын сермеген мұзбалақ ақын – Мұқағали Мақатаев қазақ халқының жүрегінде ойып тұрып орын алғаны сөзсіз! «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағалидың барлық еңбегі тұтастай алғанда, өткен ғасырдың асыл мұралар қатарына жатады. Ол ғажайып ақындардың бірі және бірегейі болып қала бермек. Ақынның ғұмырлы поэзиясы бүгінгі таңда барша жұртшылықтың жүрегінен мызғымас орын алып қуанышын да, қайғысын да бөлісетін жан серігі болуда. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өз халқына ешқашан сөнбейтіндей мұра, баға жетпес асыл қазына тастап кетті. Ол - ақынның патриоттық сезімге тәрбиелей алатын өлең шумақтары мен махаббаты, сүйіспеншілі мен жасампаздығын бейнелейтін баға жетпес поэзиялары! Шексіз шабыт иесі буырқана жырламаған тақырып жоқ шығар, сірә. Әр жылдарда шыққан том-том өлең жинақтарындағы жүректі тулатып, тебірентер жырларына көз жүгіртсеңіз, сусыныңыз қанып, бойыңызға қан тарайды. Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа белестерге шығарып, мазмұнын байытты. Аз ғана ғұмыр кешсе де, ғасырға белгісіз жауһары бар алтын көмбені халқына мирас етіп қалдыра білді.

Мұқағали - жалпыхалықтық, ұлттық тұлға. Әрбір өлеңін оқығанда, оның қазақ екенін жазбай танисың, ұлт ақыны екенін айқын аңғарасың. Жалпы ұлттық рух дегенде, мынадай басты құндылықтарымызды алға тартар едім. Олар – туған жер, өскен өлкеміз, ана тіліміз, тарихымыз, дініміз, салт-дәстүріміз. Міне, осы құндылықтардың қай-қайсысы болса да Мұқағали өлеңбаянының алтын арқауы. Мысалы, ұшаққа отырып сапар шеккен Мұқағали өлеңдерін сүйіп оқитын қазақ баласының ойына оның:

Іргелі қазақ болдық. Сақтар қалып,

Құс міндік темірқанат, аттар қалып,

Әйтсе де мақтанбалық, мақтанбалық! – деген жыр жолдары еске

түсері анық.

Немесе, Айналайын Ата мекен, Ақ мекен!

Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!

Туған өлке тәтті екен ғой,

Тәтті екен!

- дегенде, бойыңда ғажайып  отаншылдық сезімі еріксіз оянатындығы да рас.

Қазақстан!

Пай, пай, пай!

Ардағым-ай!

Сен менің Шолпанымсың жанған ұдай.

Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт,

Өлмейтін махаббатым, арманым-ай!

- деген өлең жолдары ешқашан көнермейтін, қазақ болғаның үшін көкірегіңде мақтаныш ұялайтын, құйылып түскен асыл сөздер. Ақын қашан да халқымен, елімен бірге. Елі қайғырса бірге қайғырады, жұрты қуанса бірге қуанады.

Оның: Ерікті елміз, бүлінбеген қорғаны,

(Бәрімізге белгілі ғой ол жағы)

Қайтер дейсің қара бастың толғағы,

Тек жұртымыз күрсінбесе болғаны, – деген жырларын оқығанда, Мұқағали қазақ тәуелсіздігін көріп, бізбен бірге өмір сүріп отырғандай сезінесің.

Отансыз жан өмірінде оңбайды,

Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.

Тірі адамға – сол қайғы.

  Білесің бе,

Отанның сен не екенін ?

(Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.)

Екі Отан жоқ.

Жалғыз Отан – мекенің!

деп тайға таңба басқандай жазып кеткен ойлары - бүгінгі, болашақ ұрпақтың бәріне айтылған ақыл-өсиеті. Бұл ғақлияны әрбір қазақ жүрегіне үкі етіп тақса да артық етпейді. Отанды сүюдің, оған құлай берілудің – асқақ үлгісі бұл.

Қазақ рухының басты да жарқын көріністерінің бірі – оның ана тілінің мәртебесінің биік, мерейінің үстем болуы. Қазіргі алапат жаһандану кезеңінде өз тіліміздің туын жоғары ұстау - әр қазақ баласының парызы.

Тіл өнерін, сиқырлы сөз өнерін,

Оңбайсың сөз өнерін тежегенің!

Тілден алмас жоғалса, сөзден қанжар,

Бұл тірліктен бір күнде безер едім.

Немесе,

Батар, кетер келмеске күнім менің,

Қалар бірақ киелі тілім менің.

Қасіретті шақтардан түңілгенде,

Қасиетті тілімнен түңілмедім

деген сияқты қанатты жырлар қашан да қазақ халқының қасынан табылар тұмары іспеттес.

Жыраулардың жазбай кеткен жырларын,

Арулардың айтпай кеткен сырларын.

Қорқытыңның қорқынышты мұң-зарын,

Қобызыңның шанағынан тыңдадым.

 Құлазыған сенің құла түздерің,

Не білмеген, не көрмеген, ізгі елім.

Жазылмаған тарихымның жолдарын,

Ауызекі аңызыңнан іздедім.

 …Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын,

Домбыраңның пернесінен іздедім.

Тарихымды жазудамын бүгін мен,

Бабаларым сенің Ана тіліңмен!

деп жыр төккен ақын тоталитарлық режим, коммунистік қоғам қыспағынан шыға алмай қалғанын түсінесің. Егер бүгінгідей еркін, азат заман болғанда, сөз бостандығы болғанда Мұқағали ақын тарих қатпарларын терең ақтарар да еді деп ойлаймын.

Ал ақынның 1941-1945 жылдардағы ІІ дүниежүзілік соғыс тақырыбында жазған өлеңдері өзінше бір төбе. Патриоттық рух бар жерде соғыс пен бейбітшілік тақырыбы әрқашанда өзектілігін жоймай, жыл өтіп ұрпақ жаңарған сайын маңызы арта түспек. Мысалы, “Қырқыншы жылдар” өлеңіне зер салсақ, “Әкелгенмен әр адамға бір қайғы, Сол жылдарға қарғыс айту жат маған” деген бір ауыз сөзінде өрлік пен ерлікке негіз болған сол кезеңдер өмірді шын ұқтырғанын айтады. Өзінің өмірге өрлікпен, батырлықпен қарайтын мінезділігін дауыл жылдарға кеткен есенің өлшемі деп біледі. Қан майданға біреулер қарумен ерлік етсе, сол жауға біз де өзімізше түрен салдық дегенді айтады. Және, сол кезеңнің қайтып келмеуін тілейтін ақын-жүрек “Болмасын, соғыс, болмасын” деп жырлайды. Мен оқушыларыма жаттатып жүрген «Кептерлер», «Соғыстың соңғы көктемі», «1941 жыл. Ақпан», «Қырқыншы жылдар», «Неге жыламасын», «Айбармен әңгіме», «Соғыс деген қайдан шықты», «Менен сұра», «Мен соғысқа бармадым», «Қайран жеңгем», «Біздер жеңдік», «Майданның бәйгесіне», «Қара қамба», «Әке аманаты», «Әке» сияқты өлеңдерінде соғыстан жапа шеккен халықтың мұң-зарын, қиын-қыстау өмірін, мұқалмаған ерік-жігерін суреттейді. Ақын бұл өлеңдері арқылы ендігі ұрпақ балалығын жылатып қан майданға тастамасын, бала жаны қайғыны білмесін деген аппақ тілегін білдіреді. Ел басына қандай да бір ауыртпалық, залал түссе де адамдық қалыпты сақтап, рухымызды өлтірмей, қазақи қалпымызды сақтауды насихаттайды.

Қорыта айтқанда, Мұқағали Мақатаевтың сезімді, өмірді бейнелейтін әр поэзиясы шын шабыт пен шынайы талпыныстан туған. Әр өлеңінен отанға, еліне, тіліне, жеріне деген шексіз махаббаты мен патриоттық сезімі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Оқушылардың бойында патриоттық сананы дамытуда бірден бір таптырмас құрал – Мұқағали өлеңдері!


ӘДЕБИЕТТЕР:


  1. Нұрғалиев Р., Өнер алды – қызыл тіл. - М.: Алматы, 1974.

  2. Сыдықов Қ., Көркемдік өрнектер. - М.: Алматы, 1992.

  3. Қожахметова Х., Мәнерлеп оқу. - М.: Алматы, 1982.

  4. Нұрмаханова Ә., Мәнерлеп оқу мәселелері. - М.: Алматы, 1976.

  5. М.Мақатаевтың әр жылдары шыққан өлеңдер жинағы.

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ