Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
"MŪQAĞALI MAQATAEV 90 JYL" Mereitoiy.
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Қадыр
ӘЛІМҚҰЛОВ
МӘҢГІЛІК МҰРА
Алматы
2015
Автор бұл кітабында заманымыздың заңғар ақыны Мұқағали
Мақатаевтың шұрайлы шығармашылығына жан-жақты талдау жасауға
талпынған. Оқырмандар көкейлерінде жүрген көптеген сұрақтарға
жауап тауып, кітапта келтірілген кейбір тың деректерге діттейтіні
даусыз. Әсіресе, жыр жолдары боп өрілген жәдігерлерді ақын
өмірінің өзекті өрімдерімен тікелей байланысты бағамдау бағыты
сәтті нәтижелерге жетелейді дегеніміз жөн. Сондай-ақ, Мұқағалидай
мұзарт шыңның шығармашылық мұрасын бөліп-жармай толық тал-
дау ниеті де құптарлық қадам ретінде қабылданатынына сеніміміз зор.
Кітаптың тілі шұрайлы, айтылар ойдың бояуы қанық. Қай жастағы,
қай мамандық иесі екеніне қарамастан, барлық оқырманға бірдей
көзайым дүние деуіміз керек.
ӘОЖ 070
КБЖ 84 76.01
Ә 54
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрлігінің
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін
басып шығару» бағдарламасы
бойынша жарық көрді.
Әлімқұлов Қадыр
Мәңгілік мұра: зерттеулер – Алматы:
«Хантәңірі» баспасы, 2015. – 352 бет.
ISBN 978-601-03-0383-6
ӘОЖ 070
КБЖ 84 76.01
ISBN 978-601-03-0383-6 © Қадыр Әлімқұлов, 2015
© «Хантәңірі» баспасы ЖШС, 2015
3
Алғысөз орнына
Ақын М.Мақатаевтың әрбір тұшымды тәбәрігін оқығанда:
кейде төбең көкке жетіп, қайсыбір шерлі шумағын шиырлағанда
түйсігің тұңғиыққа тартып, қилы-қилы хәл кешетінің; бірде -
желдей есетінің, енді бірде – күрсініс кешетінің - осының бәрі
қабілет - қарымының құдіреті, телегей талантының қасиеті,
жасын жырдың жасампаздығы. Жетімдер мен жесірлердің
сырласы болып, жендеттердің сорасын ағызатын нағыз жыр –
осы!
Мұқағали мұрасына саналы түрде бір бас қойған адам одан
жуық арада алшақтап кете алмайды. Өйткені, әр өлең өріміндегі
әсем әуез бен мұнар мұң жетегіне алып жетелей жөнеледі.
Шаттықтың шуағына ақынмен бірге шомылып, кермектің дәмін
бірге татасыз. Сондықтан да, оның қыр соңынан қалмай, өкшесін
баса ере бересіз, ере бересіз.
Сол сөзіміздің айқын айғағындай бүгінде ақиық ақын
Мұқағали Мақатаевты екі қазақтың бірі біледі десек те болады.
Екінші қырынан келгенде, ана тілін білмейтіндер мен жыр
оқымайтындарды және ән тыңдамайтындарды алып тастасаңыз,
кәмелеттік жастағы көзі қарақты қазақ атаулы түгел таниды деп
те айта аламыз.
Бірақ, мәселе солардың өзі қалай біледі, қаншалықты деңгейде
таниды дегенге тірелгенде, кәдімгідей кібіртіктемегенмен,
күмілжіп қалатынымыз да жасырын емес.
Әрине, Мұқағали жырларын жеріне жете жатқа оқып, сөзіне
жазылған әндерді қанаттана шырқап жүрген қандастырымыз
көп-ақ. Әйтсе де, соның бәрі айналып кеп, ары-берісі көпшілік
арасына кеңінен танылған он-он бес жырдан арғысын жіктеп
бере алмайды. (Оған ешкімді кіналап немесе міндеттеуден
аулақпыз.)
4
Кімнен сұрасаңыз да солай. Тіпті, естеліктер жа -
зып, шығармашы лығына шолу жасап жүргендердің біразы
тағдырының теріскейі сияқты көптеген көлеңкелі тұстарды
біле бермейді. Мұқаң туралы пікірдің көбісінің-ақ күресіндегі
күңгірт әсерлерімен әдіптелетіні секілді, жырлары жөніндегі
түсінік пен талдау да сол баяғы ауыздан – ауызға, мақаладан
– мақалаға көшіп жүрген «Афтограф», «Қариялар азайып бара
жатыр», «Есіңе мені алғайсың»,«Әйелдер-ай», «Ұят болды-ау...»,
«Ақ кимешек көрінсе», «Отыздан асып барамын», «Жалаң аяқ
қыз», «Фаризаға» деген жырларға ғана дендейтіндей деректермен
тәмамдалады.
Ал, Мұқағали Мақатаев күні бүгінге дейін жинақталып,
белгілі болған, сөйтіп баспа бетін көргендерін түгендегенде –
1001 жыр жазған!
Оған 20 поэмасын қосыңыз!
Оған А.Дантенің «Құдіретті комедиясынан» «Тамұқ» деп
аталатын бірінші кітабын, У.Шекспирдің сонеттерін түгел, Уолт
Уйтменнің өміршең өлеңдерінен, кеңестік кезеңнің көптеген
ақындардың жырынан жасалған 10 мың жолдық аудармасын
қосыңыз!
Оған екі повесі мен «Қош махаббат» драмасын және төрт
тамаша әңгімесін қосыңыз!
Оған қазақ поэзиясының әр жылдардағы жетістіктері мен
«әттеген-айларына» арналған азулы да ақиқат, сындарлы сын
мақалаларын қосыңыз!
Оған күрсініске көмілгеніне қарамастан, қасқайып тұрған
қажырлы жанның күмбірлеген күйіндей «Күнделіктерін»
қосыңыз!
Оған еңбегін еш қып, жігерін құм ғып, ізім-қайым жоғалып
кеткен үш дәптердегі жырлары мен прозасын қосыңыз!
Шығармаларының толық жинағы әуелі 4 том, 80 жылдығына
орай 6 том боп, ақыры 1 мың беттік арнайы жобаның
алғашқыларының қатарында жарық көріп жатыр.
М.Мақатаевтың бір кездегі міндет артар менмен талаптай
«Сөйле, Моцарт, менің ана тілімде!» дейтін тастүйін тілегі
де бүгінде жарасымды жүзеге асуда. 2014 жылы Берлинде,
Қазақстанның экономика және мәдениет орталығындағы «Қазақ
5
кітапханасы» жобасының аясында Мұқағалидың «Аққулар
ұйықтағанда» атты Гете мен Гейне тілінде шыққан кітабының
тұсаукесер рәсімі табысты өтті. Сөйтіп, ақынның мәңгілік
мұрасы қытай мен неміс арасындағы, Еуразия кеңістігіндегі кең
таралған көптеген тілде суырыла сөйлей бастады.
Ақынның адам жанындағы ең асыл деген иірімдерді қоз
ғайтын қайғы-қасіреті мен шадыман шаттығының шеберлікпен
шілтірленуі соншалықты, ол өз кезінде тұшына түйсінген сезім
дер дәл қазір де сол қалпында барша болмысты бірден баурап,
қажет десеңіз, жаулап ала береді. Мұқағали ақын шығармашы
лығының мәңгілік мұраға айналуының сыры да сонда. Өйткені,
М.Мақатаев поэзиясының тұла бойы асқақ рух пен нәзік сезім
шегіндегі жойқын күш-қуат пен парасатқа тұнған. Ол өзіндік
жыр жиһазын жарата алатын тегеурінді талантының бар екенін,
мүмкіндігінің мол екенін жақсы түсінді. Сондықтан да
итшілеген тіршіліктен іргесін ажыратып, оқшау ой мен
селдеткен сезімнің еркін қанат жаюына кедергі келтіретін
енжар еліктеу атаулының бәрінен бойын аулақ ұстады.
Сондықтан да ол ұлттық құндылықтардың құлдырап, қоғам
адамгершіліктен алыстай бастаған заманның запыранды зарына
көркем сөздің қасиетті құдіретін қарсы қою арқылы мылтықсыз
майдан ашып, адамдық асыл қалпын, аппақ арын сақтап қалды.
Сөйтіп, жүрегінен жырлап, жүректерге жете білді.
Шығыс даналарының бірінің «өзен суын ішіп тауысу мүмкін
емес, алайда шөлің қанғанша ішуіңе болады» дегенге саятын
сөзі бар. Осы орайдан келсек, әрине, Мұқағали ойындағының
бәрін түгесіп айта алған жоқ, алайда шығармашыл жандардың
шөлін қандыра алатындай жыр жазып кеткені еш даусыз.
Өлімге дейінгі өмір өлкесіндегі өзекті жанға аздық ете
қоятын дүниелер емес, әрине. Әттең, кезінде көре алмағанбыз...
Өкінішті-ақ!
Осы ойды академик, әдебиетіміздің әйдік сыншысы Мұқа
меджан Қаратаев өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында-ақ:
«...Арамыздан тым ерте кеткен тамаша ақынымыз Мұқағали
Мақатаевтың алғашқы қадамынан-ақ оның аяқ алысынан айрықша
талант иесі екенін аңғаруға болатын еді. Аңғармаппыз...» - деп,
өкінішімен өре, ақтарыла айтып кетіпті.
6
Әзір де әріге бара алмай жүрміз. Ол, енді - өксік!..
Тәуелсіздіктің әр тәулігі өткен сайын тұлдырлана түскен
адамгершілік асқары аласарып бара жатыр. Оның сезіксіз сен
-
ген ақиқаты – алданышқа, пір тұтқан тірлігі – жанбағысқа айналу-
да. Соған қарамастан, нарықтық заман терминімен түйіндесек,
Мұқағали жырына деген сұраныс сыр берген емес. Неге десеңіз,
М.Мақатаевтың елі үшін өз есесі кетсе, әңгіме басқа, сол елі үшін
еткен еңбегі еш кетпесе екен деп еңіреу – мүлде бсқа әңгіме.
Өз тарапымыздан айтарымыз – енді аңғарып жатырмыз.
«Ештен кеш жақсы» демеуші ме едік?
Керенау да керең қоғам естімеген (естігісі келмеген) дау
-
ылпаз үнін ұрпағы, жаңа заман естіді. Санасын азап ой биле-
ген сайын бедерін биіктете түскен, мұрат-мақсатын сүйікті ете
түскен ақтаңгер де ақжарылқап ақынын Алаш жұрты алақанына
салып аялауда.
Тәубе!
Бірінші бөлім
Қара
өлеңнің
қаймағы
8
ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ
Мұқағали Мақатаевтың өмірін өлеңінен, өлеңін өмірінен бөліп қарау
мүлде мүмкін емес. Өйтуге болмайды да. Өйткені, бүкіл өмірінің өзі
өлеңдерімен өріліп, өміршең жырлардың өзегіне айналған. Екінші сөзбен
айтқанда, ақиық ақын бар ғұмырын өлеңіне арнаған. Сондықтан да, оның
жүріп өткен жолын танып, өмірбаянымен танысу үшін жасын да жақұт
жырларын мұқият оқып шығу жеткілікті болуы да мүмкін. Әйтсе де, бөле-
жармай, ақынның өзі айтпақшы, бір бүтін дүние ретінде танысу керек.
Алайда, ақын шығармашылығының тақырып тұрғысындағы кеңіс
тіктің тым ауқымды, тіпті, тіршіліктегі еш нәрсені назарынан тыс
қалдырмаған деуге болатынын ескерсек, ол мәңгілікке қалдырып кеткен
мұрасы - мыңнан астам мұнтаз мақамдарды жалпы шолудың да берері
шамалы. Сондықтан, мән-маңызына қарай, тақырып аясымен талдау тиімді
болмақ дер едік.
Осындай оймен тоқтамға келсек, ақын өлеңдерінде ең көп кездесетін
поэзия – муза – жыр – өлең – ақындық деген сөздер екенін бірден аңғарар
едік. Содан да өлең туралы өрімдер өрісін шолып кетер едік. Неге десеңіз,
жарғақ құлағы жастыққа тимей, бүкіл әлемнің бар болмысынан іздегені сол
емес пе еді?
Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Әрине, ақын-жүрек сөз патшасын неге іздейтінін жақсы біледі.
Білгендіктен де, жасын жыр, шалқар шабыт, селді сезімнің де өзін іздегенін
қалайды. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, онсыз өмірі жоқ. Содан да
тынши алмайды, тағат таппай іздемеске лажы қалған ба?
Сені іздедім.
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?!
Бұл – жауап қайтаруды талап ете қоймайтын сұрақтар. Оны ақын-сана
баяғыда түсінген. Тек, көз жазып қалғысы келмейді. Содан да «О, Муза!
Қайдасың сен желік берген? Жалынмен отқа ғана ерік берген, серігім,
қайдасың сен сеніп келген?» деп шарқ ұрып, ширық ата алаңдайды.
Әсте, жанталасып, аласұрмайды. Өйткені, сертте тұрар серігінің сырттап
кетпесіне сенімді. Оны сезеді. Соны біле тұра, санаулы сәтке көзінен таса
қалдырғысы келмейді. Себебі:
Соқ, соқ, жүрек!
Соқ, жүрек, қозғал миым,
Ми қозғалмай, ойды да қозғау қиын.
Жырсыз өмір – мен үшін өмір емес,
Жырсыз өмір – мен үшін тозған бұйым,
– деген үрдіске үндеп өткен ақын үшін жырсыз өмір жоқ! Содан да барып,
сырлас серігіне мұңын шағады. Алайда, өкпелеуден аулақ, шағымданбайды
да. Сол тұстағы көңіл ауанының суретін салып, ағынан жарылады.
Отырғанын қарашы күйім келмей,
Қайда кеттің?
О, Муза!
Құйын желдей.
Аузымды ашсам өкпемнен жел үреді,
9
Қаңыраған иесіз диірмендей.
Мұздатады жанымды бұйым көрмей.
Және де: мұнтаз музасын ақын істейтін шаруасы болмай, еріккенінен
кезіктіргісі келіп отырған жоқ. Алдында ұлы мақсат, аңсары ауған арманы
бар. Соны жүзеге асыруы үшін керек, ол шалқар шабыт. Оны да бүкпесіз
жайып салады.
Күтемін сенен үміт,
Сенен жігер,
Қисаң маған, биік пен тереңді бер!
О, Муза!
Маған алыс сөреңді бер!
Ғайыптан кел де, мені демеп жібер.
Иә, дариға-жүрек дүрлігеді, арнасына түсе алмағанына ашынады; өз
міндетін атқарып, мұратына жетуге асығады.
Алайда, ол да былайғы жұрттың бас-көзсіз абдыраған асығуы
емес. Өйткені ол, сақал сипатқызбас сауданың; әлділерге - әдемі,
белділерге бекем боп көрінуді көздеген есеп-қисаптың; өйткені – олай,
бүйткені – бұлай дегенге дендейтін пайдакүнемдіктің; әрі-беріден кейін,
арзан абыройдан дәметкен аяр пысықтықтың, содан соқталанып шығар
пасықтықтың пайымы емес. Өйтпеске мұршасы қане, құдіреті күшті
Құдайдың еншілеткен уақыты өлшеулі.
Таудай талабын сол пешенесіне жазылған жарық сәулесі сөнгенше;
бұйырған талқаны таусылып, ажал құрығы төнгенше; жалған дүниеден
жасындай жарқырап өтіп, қара жердің қойнына енгенше іске асыруға
асығады адуынды ақын.
Ғашық әнімді айтайын өмірге мен,
Бұлақ естіп, көздерге көрінбеген.
Нөсерім тұр көгімде төгілмеген,
Жемісім тұр бағыма себілмеген.
Бермей кетпен бәрін де тегінде мен.
Бұл - өз басының міндетіне алған мақсаты. Әрі тұрмыс-тіршілігі
мен тағдыр-тәлейі қандай күйде болған жағдайда да ол осы ойынан
ошарылып, бақытынан бас тартпақ емес. Тек бір ғана мәселе бар: ол –
ақын болмысынан бөлек және оған бағына бермейтін, ерке де еркін Муза
ханымның құбылмалы қылығы мен мінезі. Сондықтан да Алладан
амандық тілегеннен кейінгі жерде Музадан мейірім сұрайды. Сұрағанда
да мәжбүрлеп емес, мәпелеп сұрайды; мәнісін түсіндіріп, негіздей отырып
қолқа салады; діттеген дегбірсіз ойын дәлелді жеткізіп барып өтінеді.
Ниетінің адал екенін сүйкімді де тәкаппар сұлу сезіксіз сезіп, айқын
аңғарды-ау деген тұста барып, тастүйін тілегін тілге тиек етеді.
Айтылған жоқ өмірге ғашық әнім,
Қашан айтам, қашан мен басыламын?!
Осылайша санасын сансыратып, жүйкесін жүндей түтіп жүрген
жағдайды жайып салған соң ғана көкейіндегі күдікті көлденең тартады.
Айта алмай қалам ба деп ашынамын,
О, Муза!
Мен бір жаққа асығамын...
Әрине, ақын қайда асығатынын да, неге асығатынын да жақсы
біледі. Айтып үлгеруге асығуын айтар еді-ау... одан арғысына аузы бармай
тұр ғой... Үзілмес үміт те айтқызбайды. Ақиқат та азап хәл. Ақынның
10
асқақ рухы ғана шыдас беретін шырғалаң шақ. Болмаса, былайғы
пендені пұшайман қылып, жүнжітіп-ақ жіберетін, жүгі тым ауыр ахуал.
Мұқағалидай марғасқалар ғана мойымайтын мазасыз мезгіл еді де...
Содан да дүр сілкініп, селт етеді.
Өлемін деп өкініп, сескенбеймін,
Өлмек парыз, өмірден өшсем мейлі.
Айта алмаған сөзім бар,
Арманым бар,
Арманымды қалдырып кетсем деймін.
Сонда ғана жарық дүниеге келгендегі парызын өтейді ақын. Ол да атақ
үшін, табыс үшін немесе даңғаза дақпырт үшін емес, құдайберген қабілет-
қарымымен халқына қалтқысыз қызмт ету үшін қажет.
Өйткені, азамат ақын қарнына ғана құл болып жаратылған қоңыздай
боқ дүниеге бодан бола алмайды. Ол, берісі – ұлттық мүдденің, арысы –
бүкіл әлем жасампаздығының жыршысы. Арда арман иесі мәнсапқа да
мойынсұнып мәңгүрттене алмайды. Себебі, оның ойын баурап алған мұнтаз
музаның миссиясы қандай да болмасын биліктен де биікте. Ол ешқашан
да қапасқа қамалуды қаламайды. Ақын-жүректің стихиясы - еркіндікте!
Адамзат арманын адақтау оған Тәңірдің өзі сыйлаған талантымен туған
халқын тыныстату үшін керек.
Біреулермен жалғастырып жең ұшын,
Жасап жүрсем жаным сүймес келісім,
Барлығы да,
Поэзия, сен үшін!
... Мәзір етіп мәпелеген жемісін,
Мәуелесе баққа толып өрісім,
Барлығы да,
Поэзия, сен үшін!
«Поэзия! Өзімді арманымнан айырып, сені қанатыңнан қайырмау үшін
біреуді - әпке, біреуді - жезде демесем де, жосықсыздыққа жол алдырған
кездерім де болды. Кейіннен өзегімді өртеген өкініштерімді өрнектеу үшін,
жолай жеңіл жүрісті, қоғамның қалыбына қолайлы «кезекші», сондықтан
да жалғандықпен жалғасқан жасық жолдар жазуыма тура келген кездер де
болды. Сол үшін кешіре гөр!» дегенді діттейтін өтінішін жасырмай жайып
салып тұр. Құдайдан жасырмағанды адамнан несіне жасырсын-ау, жыр-
жүрек?! Адалдығынан айни алмайтын ақын-болмыстың басқаша болуы
мүмкін де емес екенін тағы бір мәрте менмұндалатып алдыңызға тосады.
Тағы да ағынан жарылып, ақиқатын айтады.
Сөз киесіне сіңісті болып кеткені соншалықты, кей-кейде тіпті оған
наздануға да қақысы бар екенін бағамдайды.Оның өзіне біле тұра, қол
ұшын бермеуі әділдікке жатпайтынын мойындатқысы келіп кетеді.
О, Муза!
Тағдырыма иемісің?!
Күрсініп көкірегім, күйеді ішім.
Мен сені жаңартам деп келгенім жоқ,
Сен мені жаралғансың сүйеу үшін,
– деуі соны аңғартқандай емес пе?
Бірақ сол құдіретті поэзияға, өмірінің мәніне айналған жан серігінің
өзіне құлақ кесті құлдай қызмет еткісі келмейді. Саналы жауапкершілікпен,
саламатты сезіммен терезесі тең дәрежеде түсінік табуға талпынады.
11
Өзінің де ұғынықты болғанын қалайды. Тылсым дүниенің тұңғиығынан
сыр тартып,көңіл-көкірегінің көрігінде қорытып алған соң ғана жер-
жаһанғап жайып салғысы келеді. Бұл қандай жағдайда да, қалай болған
күнде де орын алуға тиісті орасан зор маңызды ісі, керек десеңіз, мақсат-
мұраты. Мүддесі де.
Сырласым-ау,
Сырымды ұқсын кім менің,
Кімге керек, мұңайғаным, күлгенім?
Ай-жылымды алып қашып ілгері,
Барады өтіп,
Барады өтіп күндерім.
Жырым-сырым,
Мен сенімен біргемін!
– деуі де содан емес пе?
Бұндай үміт пен сенім, бұндай бұлан да сырлы сезім ақынды өмірінің
соңғы сағаттарына дейін адастырған жоқ.
Айтатын саған сырым бұл,
Ертеңім менің бұлыңғыр.
Әлсіреп, дымым құрып жүр.
Адасып менен кеткен бе,
Айналайын құлын-жыр.
Одан кейін... сол үзілмес үміт-шіркіннің кереметтей күйі көк
аспанды керней күмбірлеп барып, көндіккен көңілдің көзінен
кермек жасты ағызбаушы ма еді?! Музасын мәпелеген күйі мәңгілікке
табыстап, аманаттағанын аңғарған тұста ғана бойын аза қылған қазаға
мойынсұнбаушы ма еді?!
Бұлақтың мұздай суымен,
Жуындыр, мені жуындыр.
Қауышып жаным жырыммен,
Алайын сосын тыным бір...
Сонда тыным алар тұсқа дейін қандай жырды, нендей сырды қолына
қондырмақ. Талғам-таразысына қай тақырып тартылып, оқырманның жан
жүрегіне жедел жетуі керек?!
Еді осы сауалдардың жауабын саралап көрейік.
Ақын ешуақытта бар-жоқтың бәрін жаза беруге жол бермеген.
Керісінше, көрінбей кеткен жанрларды жоқтап, жұрттың жанына жақын,
оқырмандар күтіп жүрген жыр түрлерімен табыстыруға тырысқан.
«Толғау» деп аталатын тамаша туынды соның айқын айғағындай.
Таң атты.
Келіп қалды ғажайып жыл,
Кел, ақын, керемет бір жазайық жыр.
Томырық лирика, сен тоқтай тұршы,
Толқынды толғау неге азайып жүр?
Кел, ақын, керемет бір жазайық жыр.
Әрі ол жай ғана үндеу тастамайды. Өзі үлгісін көрсетеді. Ақылсу,
үйретуден әсте аулақ. Әйтсе де толғаудың таңсықтығын жеткізуге
тырысады. Өз пайымын жайып салады. Жауынгер жанрдың жұрт жігерін
жанитынын тұспалдайды.
12
Осалдан емес еді шарық-шамаң,
Қайда үнің қыран болып қалықтаған?
Кідіріп, кібіртіктеп баса алмайсың,
Шопанның шауқарындай арықтаған,
Қайда үнің қыран болып қалықтаған?!
Ол аз болса, толғаудың төрт аяғынан тең тайпалған тарландарын да
ел назарынан тыс қалдырмайды. Әріптестеріне үлгі-өнеге етіп ұсынады.
Солардың тұсындағы алмас қылыштай жарқылдаған толғау-жырларды
жадында жаңғыртып, жол нұсқайды.
Олар жоқ,
Бәрі бір-бір дастан еді,
Қондырған алақанға асқар елі.
Болса егер Сәкен, Ілияс, Қасым, Тайыр,
Жұртын бір желпіндіріп тастар еді,
Осынау жыр бәйгесін бастар еді...
– деп, аңсарын нақты жағдаймен жымдастырып жібереді.
Иә, ақын ара-тұра болса да толғау сияқты топжарған туындылардың
да ұмыт қалмауына ұтымды үлес қосуды қатерінен шығармайды. Онысы –
ортасына орайлы ой тастағаны, жыр жаһанындағы көшбасшылық келбетін
көре білгені деп ұққан жөн.
Әйтсе де, ақынның абыройын асқақтатып, жұлдызын жандырған
қазақтың қасиетті қара өлеңі екені еш даусыз. Көбіне-көп мазмұнын ашып,
мағынасын тереңдете түсу үшін ұшқыр ұйқасты төпелеп, шумақтағы
жол санын дәстүрлі төрт тағаннан асырып жіберетіні болмаса, сол он екі
буындық түр мен үлгі үкілеген үмітін де, асқақ арманын да арнасынан
адастырмай, биіктерге көтергені баршаға белгілі.
Қара өлең туралы арнайы жыр жазған ақын:
Қалқам,
Мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен.
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген,
– деп, елінің ерек өнерін ашқан жаңалығындай жар салып жария етеді.
Қара өлең нысанының құдіретті сырын ести алғанын алдыға тартады. Қазақ
жанының өзіндей қарапайым, әрі сол қарапайымдылығымен де құдіретті
халқының қымбат қазынасының, мәңгілік мол мұрасының мұратын
түсінгенін, лайықты биігіне қондыру үшін аянбайтынын айтады. Алайда,
маңғаз масаттанудың, мақтан мен дандайсудың дүмпуіне діттемейді.
Қайта, қызмет етуге деген қалауын қадай тілге тиек етеді.
Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
... Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын,
– демеуші ме еді Мұқағали-мұзбалақ. Ол ол ма, ұлттық болмыстың бөлінбес
бір бөлігіндей боп кеткен ғажайып ғаламатты көзінің қарашығындай
қорғауға әзір. «Қара өлеңі қазақтың қаза болса, қара көзден неге қан
ағызбайын?!» – деуін, серттей сенімді сөзі деп білгеніміз абзал.
Иә, Мұқағали Мақатаев та бүгінгі біз білетін биігіне бір күнде
көтеріліп, ана құрсағынан дара дарын, қазақтың қасиетті қара өлеңіне
дес бермеген дүлдүл, ұлы ақиық ақын болып туған жоқ. Тәңірі берген
13
табиғи таланты мен қабілет-қарымынан бөлек табан ақы, маңдай терінің
арқасында – ілкі ізденістің, аянбай еңбек етудің; үздіксіз үйрену мен оқу-
тоқудың; құдіретті сөз киесін сезініп, тіл тынысын түйсінудің; сөйтіп әр
ісіне адалдығынан адаспаудың арқасында келді.
Әрі оған көз жеткізудің де еш қиындығы жоқ. Мұқаңның тасқа
басылған тұңғыш жыры «Қырман басында» деп аталады. Жеті шумақ. Ол
1949 жылғы 3 қазанда аудандық «Советтік шекара» газетінде жарық көрген.
Зағипа әкпей асығып,
«Бол, болға» алды көп елді.
Арбаға астық басылып,
Мемлекетке де жөнелді.
Шабыттанып мен тұрмын
Ерекеңнің қасында.
Өмірге осы келтірдім
Жырымды қырман басында.
Бұл – балауса ақын, бала Мақағали еді.
Ал, ең соңғы жазған жыры «Менің мақсатым» мынадай салмақты
оймен сараланады.
Жаныңнан жалындаған өрт кетпеген,
Жалықпай өзімді өзім зерттеп келем.
О, жүрегім!
Орныңнан қобалжыма,
Жарамсақ жалғандыққа беттетпеген!
... Күйер кеудем...
Сондықтан күйінемін.
Жасырман, жырымда сол жиі менің.
Жыр жазу, кім біледі, ермек шығар?!
Ақын болу
Неғылған қиын едің!!!
Бұл – ақиық ақын, дана Мұқағали-тын!
Дей тұрғанмен де, жыр жолындағы жауапкершілікті жастайынан
жоғары сезініп, өмір бойы жадынан шығармай өткен өрен жүйрік жоғарыда
айтылған алғашқы тырнақалдысы Нарынқол ауданының газетінде жарық
көргенге дейін де бірталай өлең өрсе де (өзі он бір жасымнан өлең жаза
бастадым дейді) тұңғышы тасқа басылғанша жүрексініп жүргенін
жасырмайды. «... Не болар екем, япырай? Қызбысың әлде ұлмысың?
Болмады тыныш көңіл жай, туғанша қашан тұңғышым».
Ол сондай-ақ көңіліне сенім ұялатқан ұлы оқиға да еді. Газеттегі
жырын көргеннен кейін жаңаша көсіледі. «Тұңғышым, ер жет, қанаттан,
өмірге жаңа сый әкел! Қақ қанатты, талаптан, не болса да тәуекел!».
Сол «тәуекел», сол сенім өзіне берген сертіндей самғатып ала жөнелді.
Бағытын белгілеп алып, батыл алға тартты. Болмаса, жиырмадағы балаң
жігіт:
Қайдасың,
Қайдасың сен, ерке өлеңім?
Баламдай көз алдымда еркелегін.
Сен болсаң сенімді дос – алып күшім,
Артымнан миллионды ертер едім,
– деп, ант бергендей сенімді түрде айта алар ма еді? Көріпкелдігі емес пе,
14
бүгінде мәңгілік мұрасының миллиондар еншісіне айналғанын кім жоққа
шығара алады?
Өміріне айналған өлеңі неден басталып еді? Сөз жоқ, туған жердің
табиғатынан бастау алған. Өзі айтпақшы, соғыс кезі, тарпаң дөненге мінген
қойшы бала тау ішінде қалың ойға қамалатын. Басындағы шикі өлең
торсығындағы қымыздай қыжымданып, күн ұзын шайқалар еді.
Жүгірген төмен құлдырап
Көрдім де таудың бұлағын.
Көзімнің алды бұлдырап,
Қалқайып екі құлағым,
Қабаржып үнсіз жыладым.
Сондағы көздің жасынан
Ләззат алғам, нансаңыз.
Сұраңыз әрбір тасынан
Еліме менің барсаңыз.
Сұрапыл, сұрғылт, ашулы,
Сұраңыз таудан, асқардан.
Сондағы тамшы жасымды
Кем көрмен ұлы дастаннан...
Міне, содан кейінгі алғашқы ой тұжырымдауында өлең боп өрілген
өмірін «Жырым, сырым – екеуі егіздерім, екеуін екі бөлек емізбедім.
Жатсам-тұрсам мұң шағып дәптеріме, жабырқаған жаныма ем іздедім»
деп бейнелесе, соңғы кездегі суреттеуінде ол былай бағамдалған: «Таптым
ба оны, білмеймін, таппадым ба, халім келмей қажыған шақтарымда! Жан
жырым жанға шипа болғаны рас, әлсіреп, сөніп бара жатқанымда...»
Әттең, дүние-ай десеңізші! Дариға-жүректің көптеген жұмбақ
сыры өзімен бірге жер бесікке түсіп кетті ғой... өкінгенмен де пайда
жоқ. Өкінбеске, тағы амалың қайсы?! Аурухана дәрігерлері немесе
мейірбикелерінің иә бірге емделушілердің бірі «Өлең қалай туады? Сіз
өлеңді қалай жазасыз?» деп сұрады ма екен, әлде өзі соңғы сағаттарының
мысық табандап жақындап келе жатқанын сезіп, санасында есеп берді ме
екен, төсекке таңылып жатып жазған ең соңғы жыры – «Менің мақсатымда»
сондай бір сауалға жауап қайтарыпты, жарықтық.
Мен жырлаймамын,
Сырласамын.
Сыры бар замандаспен мұңдасамын.
Асыққан уақытпен,
Адымымды,
Абайлап анда-санда бір басамын.
Көгендеп жыр қосағын,
Келмейді жыр жасағым.
Бөгендеп бетонменен қоя алмаймын,
Өзінше емін-еркін туласа ағын.
Ғайыптан пайда болған сайтандайын,
Жыр туса, қайтармаймын.
Улатып май таңдайын,
Ащы тіл ақиқатын айтар дәйім.
15
Қалай дегенде де, қиюын тауып, қайнауын келтіру деген де инемен
құдық қазғаннан да қиын үдеріс екенін мойындауымыз керек. Оның үстіне,
Абай данышпан сияқты Мұқағалидай көңілінің қалауымен, жүрегінің
алауымен ақын болған адамның ары жасық жыр жаздырмақ емес. Өйткені
ол ермек емес, мүдде-мұраты. Оны да айта кеткен: «Ермек үшін белгілі
жырламасым, ермек десе, ел мейлі тыңдамасын. Өтсем болды арқалап
адамдардың, қуанышын, шаттығын, мұң-наласын». Себебі: «Жырым менің
– жалғызым, жан дауысым, жан дауысым жоқтаған ар-намысын». Неге
десеңіз ақын шығармашылық жауапкершілікті арда парызы санайды. «Бас
қатырып несіне күн кешемін, бәрі де өтер... ешкім де білмес емін. Күнім
батпай, алдымен жырым батса, бір сағат та жер басып жүрмес едім».
Ғибратты ғұмырын «...Өмірден менің күткен үмітім сол: өлеңім, мен
өлсем де, сен тірі бол!» дегендей түйсіктен бастап «Тілден алмас жоғалса,
сөзден қанжар, бұл тірліктен бір күнде безер едім» дегенді санасымен
саралаған ақын сонар жолының соңында – кемеліне келген тұста: «Өлсе
өлер Мұқағали Мақатаев, өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім!-деп, семсер-
сеніммен айтып кеткен жоқ па еді?!.
Ең бастысы, Мұқағалиды барша қазақ мойындаған, бүгінгі біз білетін
Мұқағали биігіне көтерген де сол парызды пайымдау, сол жолдағы өз күш-
қуатына сенуі, жыр атты қасиетке қалтқысыз қызмет етуі еді. Жұртымызда
Мұқағалиға дейін де талай-талай жасын ғұмырлы талантты ақындар
болған. Еліміз аман болса, әлі де өлең өлкесіне өз үнімен кіретін алуан-
алуан жүйріктер келері сөзсіз. Тек Мұқағали мұрасы ешқашан да олармен
ұпай таластырып, енші бөліспейді. Өйткені Мұқағали сезімін селт еткізген
санаулы сәттерде ғана сәуле іздеген жоқ, ол барша ғұмырының сергелдеңін
самалаға айналдыра алды.
Ол өмірдің қандай құбылысына болмасын: мейлі, ол табиғат
таңғажайыптары ма, адамдар арасындағы қарым-қатынас па, тұңғиықтағы
тарих немесе шыңдағы шындық па – бәріне де тек ақын көзімен - ар атымен
қарайтын. Содан да, бір жағынан балалық пәктікпен, екінші жағынан
даналық әділдікпен алаламай, парасатының пайымына сай ағынан жарыла
жырлайтын. Әрі көңіл-күйінің ауанына орай өрнегінің өзгергені болмаса,
ол көзқарасынан жаңылмас та еді. Қайта, керісінше, бастапқы байламдары
бір жырдан бір жырға байыпты болмысын тауып, тұжырымдала түсетін.
Мұқаңның ақындық алғырлығы ешнәрсені қалт жібермейтін де, ал
шеберлігі осы туралы айтылмаған нәрсе қалмады-ау дейтін кез келген
тақырып төңірегінен тың тыныс тауып, суретін көзіңіздің алдына келтіре
қойғанда таңданбауға лажыңыз қалмас еді.
Мәселен, махаббат, ғашықтық, сүйіспеншілік сезімі мен сұлулыққа
табыну тақырыбына қалам тербемеген ақынды табу қиын-ақ. Мүмкін,
ондайлар жоқ та шығар. Өйткені, тақырыптың өзі дүниемен бірге жасасып
келеді. Көне. Әйтсе де, әркім әліне, шама-шарқы мен шеберлігіне қарай
тосын ахуалдарды аңдап қалып жатады. Ал, Мұқағали болса жаңалық
қана ашып қоймайды, ол саладағы өлең өрісін тіпті кеңейтіп жібереді.
Үріп ауызға салатындай қазақтың сұлу (табиғи сұлу) қызының тек қана
қолаң шашы арқылы санаға сыймас сезімнің өзін жұртының тарихымен,
дәстүрімен, жарасымымен жымдастырып жібереді.
Жасыратын несі бар, бәзбіреулер дірілдеген демнен тартып, сүю,
құшудан асып, эротикаға дейін есіп кетіп жатпай ма? М.Мақатаевтың
16
мәдени мәуесінің биіктігі, сезімінің мұнтаздай мөлдірлігі ондай
анайылыққа жібермек емес! Ондай ақын-жүректің кім көрінгенге көз
сүріндірмесі де бесенеден белгілі. Бұл жырға себепші болған қыз да «оймақ
ауыз, күлім көз» емес деп кім айтты? Немесе, құлын мүсіні құйылып, қасы-
көзі қиылып тұрмағанына кім кепіл? Қалай болғанда да, табиғи төлтума
қарындастарымыздың бірі екенінде дау жоқ.
Бірақ, Мұқағали ақынды тәнті етіп тұрған бойжеткеннің тәні де, сәні
де емес, жұртына лайықты сүйкімі еді. Дариға-жүрек сартап боп сағынатын
сәбидей пәк сұлулық еді. Тұла бойымен еріксіз иландыратын иба еді. Содан
да «Тұрғам жоқ сауға сұрап қылығыңнан» деп, шындығын шытынатпай
шүйіркелеседі.
Иек артқан теңізге мүйістейін,
Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін.
Иіскейін тек қана, тиіспейін,
Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін.
Қолаң қара шашың-ай күн қақтаған!
Қос бұрым-ай жотаңда бұлғақтаған!
Қарғам, сенде жерімнің иісі бар-ау,
Жер иісі жұпардан қымбат маған!
Бұл жерде, арысы – адамзат баласын Алла тағала топырақтан
жаратқан, барар жеріміз де сол қасиетті топырақ дегенді топшылататын
имандылық иірімі де, одан соң туған жердің бір уыс топырағы бұйырсын
деп келетін пәлсапалық әрі парасатты пайым да, ақыр аяғында, біздің
тіршілігіміз үшін пайдаланатынымыздың бәрі де сол топырақтан нәр алады
дегенге саятын экономикалық-әлеуметтік әуез де тоғысып жатыр. Оған
әрқашан-ақ ақынның аңсарын ауғызып тұратын туған ауылына; ондағы
тай-құлындай тебісіп өскен өрендерге; соғыстың салдарынан сүреңсіз
кейіпке енгенімен, есінен әсте шықпайтын балалық балдәуренін; сәби
сезімін сергелдеңге салған сондай бір жұмбақ сырлы сұлу қызға; өңірдің
тамылжыған таңғажайып табиғатына деген сейілмес сағынышын қосыңыз.
Сонда шалқар шайырдың шашқа арнап бастаған шумақтарының шұғыласы
қиялыңызды қалықтатқан күйі небір шығындарды шарлатып кетпей ме?!
Міне, Мұқағали шеберлігі, ұстамдылығы, ұлылығы!
Әрі ол кездейсоқтық емес, ондай мысалдарды көптеп келтіре
аларымыз да еш даусыз.
Қалай деген күнде де, жұрттың жүрегіне жетуі үшін жыр ақынның
жүрегінен шықпағы шарт. Оқырман олармен қуана қауышуы үшін ақын
жан-жүйесінің жүз ойланып, мың толғанып қиналуы қажет. Қауым
қынжылмасын, тіл киесінің кепиетіне ұшырамайын, ұрпаққа ұғынықты
болайын деген мұратын ту көтере жүріп, Мұқағалидай мұзбалақ та талай-
талай ұйқысыз таң асырып, жүйкесін жүндей түткен, жырымен бірге соққан
жанкешті жүрегін жұлым-жұлым қылған. «Поэзия – мен үшін жанымның
шырылы» дейтіні де сондықтан емес пе?
Иә, өмірге өлеңнің келуі де нәрестенің дүние есігін ашуы сияқты
толғақты тірлік. Ол алдымен, ойда жоқта есіңді еншілеп, сағымданып бір
сансыратады.
Күндіз көңіл тыншымас, түнде көңіл,
Бәрі аян:
Еткен тірлік, сүрген өмір.
17
Түнгі ұйқымды төрт бөліп, мазалаған,
Көкейімде, жолдастар, бірдеңе жүр.
Бірдеңе жүр...
Білмеймін не боларын,
Не келерін басыма, не қонарын.
Су аяғы құрдымнан ойымды алып,
Су аяғы құрдымда доғарамын.
Бірдеңе жүр...
Білмеймін не боларын...
Содан сол беймезгіл мазалаған беймәлім күйді көкірек көзіңе күн
сала іздейсің келіп. Шартарапты шарлап шарқ ұрасың. Күндіз күлкіден,
түнде ұйқыдан айырылу - бұл деген. Емешегі үзіліп тұрса да ешкімді
көргің келмей, кежегеңнен кейін тартасың. Жалғыздықты, ойға малтыққан
оңашаны қалайсың.
Қазір түн.
Таңғы сағат төрттің кезі.
Ойлар-ай!
Ойлар мені еттің мезі.
Қалтырап ғарыштағы үміттейін,
Қарайды қаладағы оттың көзі.
Қайтем анау төсекті иі қанған,
Сәл жантайсам болғаны – күйік, арман.
Рақат-ау ұйқы да, әйткенменен,
Ұйықтамауы керек қой миы бар жан.
Табиғи таланты бар адам оның шабыт толғағы екенін біледі. Білген соң
да ойының орманында із кеседі. Жер мен көктің арасынан асып, ғарышты
шола індете іздейді.
Махаббаттан іздедім, сағыныштан,
Арманымнан іздедім алып ұшқан!
Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,
Сені іздедім жадырау, жабығыстан.
... Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да,
Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда.
Қызыл-жасыл шұғыла шашылғанда,
Көкжиек пен көкжиек қосылғанда.
Әлем әлпетіндегі кез келген «әттеген-ай» ақын жүрегіне жүк деп
өткен ақын кезіндегі келеңсіздіктердің бәрі үшін мен де жауаптымын
дегенді қайталаумен, құр қайталап қана қоюдан емес, солардың
әрқайсысына бола шырылдаудан жалығып та, жаңылып та көрмеген. Әрі
олардың басым көпшілігі «менің оған қандай қатысым бар?» деп айта
алатын-ақ ағаттықтар. Алайда, ақын түсінігінде ол араша түспейтін тірлік
мүлде жоқ. Бірде айдаладағы Пабло Неруданың мұңын мұңдаса, енді
бірде қайыңның қайғысына ортақтасып, әуре-сарсаңға түседі. Сөйтеді де,
соларға дер кезінде байқап, мән бермегенім-ай, алдын ала айтып, жұртты
сақтандырмағанымды қарашы деп шыр-пыр болады. Енді біреулердің
көз жасын құрғатып, көмек қолын созғысы кеп құрақ ұшады. Қала берді,
18
өзімен қандай да бір қарым-қатынас та болмаған қатарластарының
қатыбастығына қайран қалады. Көріп-біле тұра, үндемей қалуға дәті
қалай шыдасын, шарасыздана шырыл қағады.
Әлбетте, пайымсыз пенделіктің пердесіз пәтуасы сан алуан
сорақылықты сорғалатып жүреді. Күнделікті күйбің тірліктегі түсініс
пеушіліктен туындайтын дүрдараздық, от басы, ошақ қасындағы ыдыс-аяқ
сылдыры тағы бар дегендей. Соның бәріне көнбіс жұртымыздың жетесімен
қарай біліп «Пешенеге жазылған ғой...», «Ауыл-ішінің тентегі ғой...», «Бас
жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» дегенге дендеп, сипай
қамшылап, жауырды жаба тоқыр еді. Алайда ақын үшін ешқандай ұсақ-
түйек жоқ. Ол өзін кез келген келеңсіздік пен кемшілік, обал мен қиянат
үшін жауапты санайды.
Қол сынса,
Бас жарылса,
Қанап мұрын,
Ол-дағы менің сорақы ағаттығым.
Ар сотының алдына алып барып,
Алдымнан есігін аш абақтының!
Себебі бәріне мен жауаптымын!
Міне, М.Мақатаевтың ғұмырлық ұстанымы, азаматтық та, ақындық
та көзқарасының көрінісі осыған саяды. Әрі оны жырымен де, өмірлік
өрнегімен де дәлелдеп берді. Ардақты ақынды асқар биіктерге жетелеген
де сол жауапкершілік.
Ойдың омбылатып, мидың малтықтыратыны сонша, кей-кейде
көңіліңе күдік те кіреді. «Ауырып қалған жоқпын ба?..» деп алаңдауың
да, түртіне іздегеніңді көпке дейін, тіпті мүлде таба алмауың да ғажап
емес. «Неғылған ой жаншып тұрған мұншама, нені аңсаймын, кімге
барып мұң шағам?! Әуре ететін әлде, жырым, сенбісің, әлекке сап, әр
нәрсеге жұмсаған?!» дегізетін де сол үміт пен күдіктің, ләззат пен мұңның,
құлшыныс пен күрсіністің арасындағы текетіресті, итжығыс ықылым.
Осыдан соң ғана «Міне, осылай өлеңнің кілті деген, құйттай жүйең
қалмайды сілкімеген» деп алып барып, «Өлең деген тумайды жайшылықта,
өлең деген туады қайшылықта» деген қорытынды шығара аласың.
Ал, олай дейтін себебіміз, ақын ғұмыр бойына өмірді де, өлеңді де,
өзін де зерттеумен өткен сөз зергері еді. Онда да, жақсы жыр жазуына жол
ашады деген пиғылмен өзі үшін ғана емес, көптің көкейіне дөп тиюі үшін
жұртына да арнап, оқырманы үшін алаңдағандықтан да зерделеген. «Поэзия
– ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам
тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін
жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол тек – поэзия. Басқа ешқандай да
ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!» дейтіні сондықтан.
Бұны ақын күнделігіне 1973 жылғы 6 наурызда жазыпты. Енді арада
екі жыл өткен тұста, 1975 жылғы 24 қаңтарда, осы ойын жан-жақты
тұжырымдай келе мынадай қорытындыға келеді: «Жұртқа түсінікті болғым
келеді. Мен олардың маған жаны ашығанын, мені сыйлағанын қалаймын.
Өйткені өзім оларды шексіз сыйлаймын. Мен жайында не ойлайтындарын
жұрт мейлі айта берсін. Оларды тоқтату менің билігімдегі нәрсе емес.
Алайда олардың жасырын жаулықтары менің назарымнан тыс қала
19
алмайды, бәрібір білем. Білем, сонан соң ерте ме, кеш пе, мәдениетке жата
ма, жоқ па, әйтеуір, бір қатты айтып тастаймын. Әйтпесе, мен ауырамын.
Мұның бәрін неге айтып отырмын, себебі мен адамдармен істес
болам, оларды зерттеймін. Мені адамның өзі, сыртқы сүлдері емес, мінез-
құлқы, қатынасы, ойы мен психологиясы қызықтырады. Оларды түсінуге
тырысамын. Адамдарды түсіне отырып, олардың да мені түсінгенін
қалаймын. Менің бүкіл поэзиямның мәні, міне, осы».
Зерделі замандастары мен ұлағатты ұрпақтарына ұғынықты
ұсынысын:
... Қазынам бар.
Қисапсыз шектеледі.
Қызғанады біреулер, жек көреді.
Бермеймін де сатпаймын, көрсетпеймін!
Алам десең,
Алдымен зертте мені...
– деп, талап қойғандай тиянақтауы да содан. Ақын атаулының қағанағы
– қарқ, сағанағы – сарқ деп кім айтыпты? Өсек өрген өлкеде тіптін қиын:
отырса – опақ, тұрса – сопақ боп жүргені аз ба? Сырттай ғана танып, жырын
оқығанда жер-көкке сиғызбайтын, жанына жақындап кетсе, қашып құтыла
алмай қалатын ағайын да аз дей алмайтынымыз ақиқат. Оны ақын аңдамай
ма? Біліп, байқайды да қаламын қолға алады.
Біз деген, досым,
Тағдыры қызық халықпыз.
Халқының өзі қорғасын құяр қалыппыз.
Екінің бірі бармайтын жерге барып біз.
Жанбайтын жерде жаныппыз.
Біз деген, досым,
Тағдыры қызық халықпыз.
Білгендер білсін,
Білместер, мейлі білмесін.
Қолдасын мейлі,
Қорласын мейлі, күндесін.
Қара тастан да мейірім күткен ақынды,
Қатігез жандар ашынтып алып жүрмесін...
Ақынның өртке тиген дауылдай өр рухы мен нәзік жанын басқаша
қалай айтарсың? Алақанға сап аялағанды қалайды-ақ, алайда өйте
алмайды екенсің, арына дақ түсіре көрме! Ел көре бермейтінді – көріп, сезе
бермейтінді – сезіп, басқалардың батылы жетіп айта бермейтінді ақтарып
тастайтын адал да аңғал жандардың жүрегін жараламауға тырысқан жөн.
Осы ойды одан әрі жалғай келіп, «Қызықпа, қыз!» деп аталатын жырында
ондай түсініктің мәнін былайша бейнелейді.
Ақын жайлы айтады қызықты аңыз,
Бірақ сен қызықпа, қыз!
Қызықпа, қыз!
Рас-ақ, біздер – патша!
Мұжық та – біз...
Түзік те – біз,
Түнерген бұзық та – біз!
Ақындарға қызықпа,
Қызықпа, қыз!
20
Шынымен ақын жанын қалайсың ба?
Шыдайсың ба, шынымен, талай сынға?
Ақын деген – бірде қарт,
Бірде сәби,
Қартты сыйлап,
Сәбиге қарайсың ба?..
Міне, сол бірде бала, бірде дана жандарды өзге түгілі, ыстық-суығын
бөлісіп жүрген, Құдай қосқан жарлары да кей-кейде түсіне бермейді.
Аңғарымпаз ақын ондай ахуалды қайдан қалт жіберсін? Ол жағдай да
назарынан тыс қалмайды. Тойып емес, тоңып секіретін кездерінің көп
екенін елдің, соның ішінде етжақын жарандардың есіне сала кетуді де
ұмытпайды.
Ей, ақындардың жарлары!
Ақын деген табиғат қой,
Қысы, күзі, жазы бар,
Көктемі бар шуақты,
Аймала да, ақыныңды жазып ал,
Кеше біреу жылатты.
... Ей, ақындардың жарлары!
Бақыт деген қастарыңнан кете алмай жүр айналып,
Кете алмай жүр,
Қона алмай жүр бастарыңа байланып.
Әне ақының келе жатыр ұланғайыр пайда алып,
Ұлан-асыр ойланып,
Ұлан-асыр қайғы алып,
Кешіріңдер, ақын деген,
Міне, осындай бай халық...
Әрине бұл жерде әңгіме бітім-болмыс байлығы, жан жомарттығы
хақында болып отырғанын оқырман түсінсе керек. Нағыз ақын қай заманда
да, қай қоғамда да ашқұрсақ күн кешіп, тұрмыс тауқіметін тартқан. Бүгін
де бүйірі шыққандары шамалы. Біз «нағыз ақын» дегенді арнайы алып
жатырмыз. Тарысы бардың тауығына айналғандар бұл санатқа қосылмайды.
Шындық іздеп шырылдаған, шағаладай шарқ ұрып дауыл өтінде жүрген
дүлдүлдердің пешенесіне жалған дүниеде ондай «пейіш» жазылмаған.
«Мен ішімнен өртеніп, алаулаймын, өз отыма жылынып, манаураймын. ...
Шындықтың ауылында қазына бар, шыр айналып, соны іздеп алаңдаймын»
дегізетін де сол.
Соның бәрі, айналып келгенде, «жүрегімді жарып шыққан жырларым
өлмесін» деген дара мұратты үкілеген уайым. Ондай жыр қайда?
Сам жамырап, келеді құлап іңір,
Мен ойлаймын ананы-мынаны бір.
... Алыста, Абайлардың жайлауында,
Жайылып поэзия пырағы жүр.
Жүрсін, жүрсін жануар...
Жүрсін, мейлі.
Әлі жеткен жан ұстап, мінсін, мейлі.
... Мен бүгін көп қиналдым, көп қиналдым,
Неге?!
Неге жүрегім дүрсілдейді?!
21
Олай болмаған күнде «Өміріммен өтер болды-ау бұл өлең» деген
тоқтамға келіп, тоқ етерін айтар ма?
Өлеңімсіз өмір сүрмес болыппын,
Өлеңімсіз өмір де жоқ, борықпын.
Ақындық бір жазылмайтын дерт екен,
Ақындық бір ауру екен, соны ұқтым.
Бұл – өмірдің өлеңге айналуы, өлеңнің өмірмен астасуы. Содан барып
«Ақын деген лапылдаған өрт екен, ақындардың жанып өту серті екен»
деген қорытынды шығады.
Әрине, өрттің де өрті бар. Тек сұрапыл апатты өрт қана тілге тиек
етіліп отырған жоқ. Ол – ақын үшін өзін-өзі жандырып жіберетін алапат.
Ал былайғы жұрт бағзы замандардан өртеңге өміршең жаңа өскін өсіп
шықсын деп арнайы алқаптарды өртейтіні бар. Өртті өшіру үшін алдынан
қарсы от қоятын да әдемі әдіс бар емес пе? Ақын осының бәрін де қамтып,
молынан меңзеп отыр.
Алайда ақын аңсарын баурап алған өлеңнің өрт екенін, дерт екенін
екінің бірі қайдан біле берсін. Жұртқа жақсы жыр керек! Болды. Ақын-
жүрек оны да аңғарып қояды.
Қайдан білсін...
Туыстар қайдан білсін.
Оңай емес орнату ойдан мүсін!
Болдырам деп болмасты қиялыммен,
Қайдан білсін біткенін қайран күшім.
... Оу, менің ойран құсым,
Сайран құсым!
Оңаша өз бағыңда сайрап жүрсің.
Бұл ғалам сенің титтей жүрегіңде,
Не болып жатқандығын қайдан білсін?..
Иә, басына түспегенді кім біледі? Сыртқа жымиған боп, ішінен жылап
жүргенін кім ұға берсін? Болмаса, кей-кейде болса да, онсыз өмірі жоқ
өлеңнің өзімен ат кекілін кесісіп, баз кешкісі келетінін кім күйіттеп жүр
дейсіз?
Жалықпағанымен қажитынын, айырылмағанмен майырылатынын
емешегі үзіліп тұрмаған соң кімге дабыралата бермек? Бірақ, «өлең-
ұры» емес пе, пәк ниетіңді ақ қағазға айтқызып қояды. Содан да барып,
«Құдайдан жасырмағанды адамнан несін жасырасыңның?» баламасы
жарнамаланып жүре береді.
Ақжүрек ақын ондай ойларын да жасырайын демейді-ау, оқырманын
аяйды. Солардың жүйкесіне жүк артқысы келмейді де. Бәлкім, білгені де
жөн болар?!
Шаршадым білем,
Жантая кеткім келеді.
Миыңды жеген, құрысын бүйткен өлеңі!
Күйзеліп тапқан көңілімдегі көрікті ой,
Аузымнан түссе, адыра қала береді.
Өлеңі құрысын,
Таппадым одан миятты,
Жазбай-ақ қойдым,
22
Жазғаным енді ұят-ты.
Менсіз де мынау ғаламат жырау-дүние,
Өзінен өзі жырланып жатқан сияқты.
Әй, аңғалсың-ау, қайран ақын-жүрек! Жаратылыстың үндестігі үздік
қой, бірақ оны кім көруге құштарланып тұр?! Көбісі-ақ алуға – мырза,
беруге – бедеу емес пе?! Парасатты тұсап, пайда табатын тұсты ғана
пайымдауға пітінә болып алған ағайынды да өзіңдей көресің-ау.
Керісінше, санадағы саңлауға сәуле себетін сүйкімді жыр қашан да
қажет!
Бірақ, бәрі бір, дертті жан байыз таба алмайды. Басқа алданыш
тапқысы кеп алқынады. Уды умен қайтарғысы келеді.
Бәрібір,
Бізді ішкіш деп жүр ғой,
Аяулым,
Ішіп қайталық,
Басына барып Һәйәмнің.
Көземіз мәйға,
Көзіміз жасқа кенеліп,
Азан салайық:
– Оянғын, баба, оянғын.
... Көрдіңіз қиянат,
Көрмей-ақ біздер ішеміз.
Басымыздағы бақыттардан да күсеміз.
Қазылған орға өзіміз барып түсеміз.
Қайтеміз енді?
Ұлы бола алмай ішеміз.
... Не деген екен?
Несі бар осы зәһардың?
Оқышы тағы, оқышы Омар Һәйәмді!
Не керек, бірде ашырқанып, бірде тұшырқанғанмен, сарсаңға
түсіп, сансыраса да халқына жасампаз жыр керек екенін, сол халқының
амандығынан кейінгі екінші бақыты – Тілінің қасиетін қастерлеу үшін
қинала жүріп, илануға тиіс екенін, жазуға міндетті екенін мойындауға
мәжбүр болады. Сөйтіп, «қара өлеңі қазақтың сөнбесін деп» қаламын
қолына қайта алады. Сонда арындай ақ қағаздың бетіне мынадай
маржандар шашылып түсер еді. «Батар, кетер келмеске күнім менің, қалар
бірақ киелі тілім менің. Қасіретті шақтардан түңілгенде, қасиетті тілімнен
түңілмедім...»
Ақыр аяғында, айналып келгенде, ақын болмысында: «Жырласам ба
екен, жоқ, жырламай-ақ қойсам ба екен?» дейтін де таңдау жоқ. Түйсігі
«Жаз!» деп бұйырып тұр. Бұлғақтайтын да, бұлталақтайтын да қайран,
қане? Демек, жалғыз ғана жол – жазу керек. Өйткені, өлең өмірге керек,
бүгінгі тіршілікке қажет, келешек ұрпаққа керек. Сондықтан да ақын,
азапты болса да, қанша ауыр болса да сол жүкті арқалауға тиіс.
Оңашада ойларын тыным еткен,
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
Ақындар бар амалсыз бұғып өткен,
Ақындар бар ішінен тынып өткен.
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
23
... Ойлы жас!
Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да, құмарым жүр басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма,
Жүрегінің түбіне кір жасырмай.
«Адамды адам түсінбеу – бір ақырет» болғанымен, жырды
түсінетіндер баршылық. Ойлы жас жетіліп келеді. Олар – болашақтағы
азат ұлттың азаматтары. Ал, бүгінгі белестен сөз сипаттаған олар –
Тәуелсіздіктің құрдастары, құлдық психологиядан ада, азат та еркін ойлы
ертеңгі ел иелері. Соларға жарқын жолды нұсқап кету де – ақын парызы.
Сол парыздың парқын білгендердің де көбісі өздерін өнері үшін құрбан
етіп, халқына қазынасын қалдырып кеткен. Өнер өрісі солай кеңи бермек.
Әр дәуірдің өзіне қажет өртеңге өскен гүлдей сұлу сыры болуға керек.
Арғы атасы ақынның жырдан туған,
Жыр жолында жанын да қылған құрбан.
Жырлар тұнған хандардың сарайында,
Жыр айтылған бесікте құлдар тұрған.
Ұзатылып жат жұртқа барғанында,
Жыр айтылған қыздардың жар-жарында.
Жырлап, жылап жыраулар жан тапсырған,
Жыр мен күйі күйзеліп бармағында.
Көкейкесті жырлар жаз жез киіктей,
Мақтау, даттау, жәдігөй сөзді күтпей.
Өлең керек ұрпаққа, өзің мейлі,
Көлеңкеде қалсаң қал көзге ілікпей!
М.Мақатаев - позия сынына патша көңілімен пейіл болған аз
санды ақ жарылқап ақындардың бірі. Сын-пікірлерді өзі де жазған. Бізге
белгілі жыл қорытындыларына арналған тақырыптық шолуларында
жақсы жырларға балаша қуанып, жасық жырларға жанының күйініштен
күйзелгенін білеміз. Әсіресе, жырдағы жалғандыққа, жасандылық пен
жәдігөйлікке қатты қынжылған. Алайда, олардың ешқайсысын ешкімнен
«есеп айырысу» үшін жазбаған. Керісінше, сөз құдіреті мен тіл киесінің
алдындағы борышым деген тұрғыдан, қамқор көңілмен ой бөліскен деген
жөн.
Сондай-ақ күнделіктерінде «Поэзия махаббаттан басталып, пара
сатпен аяқталуы тиіс...», «Жырсыз өткен күндер – мен үшін өлі күндер,
тәңірдің бұл алданышты қиғанына да құлдық. Поэзия болмаса қайтер
едім?! Ақынның өз мемлекеті, өз қоғамы, өз дүниесі бар. Бұл аз дүние
емес. Демек, мен сол үшін өмір сүрем, сол үшін күресем!» және «...Ай
налып келгенде, поэзияда рух үлкен роль атқаруға тиіс. Қалғаны ақынның
өзіне байланысты. Кімде рух болмаса, ол поэзиядан аулақ жүруі керек.
Ол салада істейтін ештеңе жоқ!» деген сияқты қанатты қағидаларын
қиюластыра қосуы да соның айқын айғағы.
Ал, енді, шығармашылық толғанысы туралы мына бір жан сырын
ағынан жарыла айқара ашқан жолдарға назар аударыңызшы: «Мен өлеңді
үзіп-жұлқып, орайы келгенде, кез келген жерде жазуға әдеттенбегем. Жоқ!
Поэзия – жан бұлқынысы. Бұлқыныс пайда болғанда қаламнан қол үзбей
отыру керек. Кімнің қайтетінін қайдан білейін, мен өзім шабыттың бүкіл
сөлін сығып алып, құр сүлдерін қалдырғанша орнымнан тұрмаймын...
24
Өлең шығару - ең әуелі қажырлы еңбек. Азапты, жүйкеге салмақ
салатын ауыр жұмыс. Оңашалануды және тынықштықты сүйеді. Егер мен
ондай толғақ үстінде жарым жолда тоқтай қалсам, кейін ондай ой соңынан
қуалау маған қиын. Алғашқы құмарлықтан ажырап қалам.»
Міне, осылай жан жүйесі мен бүкіл болмысын бодан қып, жанкешті
халге түскен ақынды аяқтан шалғысы келетіндердің болғаны, қатар
өмір сүргені қалай қайран қалдырмасын?! Күнделікті күйбең тірлікке құл
болып, арын саудаға салған найсаптарға қайтіп күйінбесін?! Жалғандық
жағасына жармасып жатса, шегі бар шыдам қалай шыжғырмасын?!
Бірақ, бала мінез ақын, онысын да жасырмайды. Арындай ақ қағазға
арызданады.
Тағы да, тағы, тағы да,
Тағы да сына, білгішім.
Кіріп ап менің жаныма,
Кір іздеп тағы жүрмісің?!
...Мезгілсіз өлең тумайды,
Көңілсіз болса кім білсін.
Сыбызғы десем қурайды,
Оны да сына, білгішім.
...Айға ұшып бара жатырмын,
Мұны да сына, «ақылдым».
Әйтеуір, мені қатырған,
Туын жық тұғыр ақынның!!!
...Осылай өмір сүремін,
Осылай жүріп күн кешем!
Дүниенің мына жүрегін,
Ақыннан сұра білмесең!!!
Әрине, ақынға бағыт-бағдар бере алатын білігі, жөн сілтемейтіндей
білімі болса, бір сәрі, ал, «тисе - терекке, тимесе – бұтаққа» деп, жосықсыз
жолбикеліктің берері шамалы. «Берері шамалының» өзі бергідегі шартты
тіркес. Болмаса, ондай солақай сыншылдық дариға-жүректі жаралайтын,
қасіретті қолжаулық. Ақынның білетін нәрселерін өзі білмей тұрып,
былжырап «бал ашу» - барып тұрған пәтуасыздықтық. Тіпті көргенсіздік.
Сонымен қатар, жақсысын жар сала асырып, жаманын жаба
жасырудың қажеті жоқ. Ол нағыз ақынға пайда беретін де пәтуа емес.
Ондай сынның қажеті шамалы. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған»
демекші, жақсы жырды жұртымыз онсыз да жаңылмай таниды. Өзі-ақ
сұрыптап, іріктеп алуға қабілетті халқымыз.
Міне, сол сапаны саралай білгендіктен де, өзін тыңғылықты
танығандықтан да Мұқағали мұзбалақ жоғарыдағы жолы болғыр
білгіш-сымаққа қаны қарая налып отыр. Жаратылысынан жаны жомарт,
мәдениетті де мәуелі ақылын сонда да еш ғайбатсыз, қатарынан үш
бірдей леп белгісін қою арқылы арындаған ашу-ызасын ауыздықтап,
қашанғысындай ақиқатын айтумен шектелген.
Бұл тұрғыдағы ой ақынды қашан да мазалаған. Сол пайымын ақын
«Жаман өлең» деген жырында одан әрі қарай жалғастырады.
25
Іздестіріп жер-көктен қарайын да,
Керемет бір теңеуді табайын да,
Білгішіме берейін, не дер екен,
Ақ қағазға ақ бояу жағайын да.
Көрер ме екен қайсыбір қара шаштың,
Күміс талшық тұрғанын самайында.
Түсінер ме екенін бақ пен нала,
Боя дейді жалғанды ақпен ғана.
Сезер ме екен білгішім, қайдам, қайдам,
Тұратынын алмасып ақ пен қара.
...Өз әлінше әркім де самғап қалар,
Өз әнімен әркім де сарнап бағар.
Жаман өлең көп менде, қауіптенбе,
Жаманда да ақыңды ал, ә, бәтшағар...
Қаншалықты дана болса, соншалықты бала, аңғал ақынның қулық-
сұмдықтан ада жанымен қасиетті қазақ тілінің, қара өлеңіне тиесілі
қасиетінің алдына кеп, тағзым еткен тұста «сапта аяққа сусын құйып,
сабынан қарауыл қарайтынын» қайран сыншысымақ қайдан білсін!
Мұқаңның сөз киесіне жүгінетін жанкештілігін қайдан сезіп, ұқсын!
Тіпті, жыр жазу жолындағы жауапкершілік ақынның ағайын-
туысының алып-қашпа ақылсуына да тегеурінді тойтарыс бергізеді. Өлең
өлкесіне өткен тұста М.Мақатаевта кім-кімнің алдында да көңіл жықпас
жалпақшешейлік жоқ! Өйткені, өлең - бәрінен де биік, жақындардан
да жоғары. Өлең оның дерті де, серті де! Мәймөңкелеуге келмейтін,
мардамсуға көнбейтін қайталанбас құбылыс – ол.
Білем...
Білем...
Сендерді, туыстарым,
Өзімсініп дұрыс қой ұрысқаның.
Көкпар тартсаң өзімді, өздерің біл,
Жырларымда болмасын жұмыстарың!
Ақын амалсыздан айбат танытуға мәжбүр. Өйткені, ағайынның да
ақындықтай ар ісін аңдағысы жоқ. Өрелері өсектің өзуарлығынан аспайды,
ұсақ-түйек түйткілдер ғана. Шынайы жанашырлықтың, қамқорлықпен қол
созудың жоралғысы да жоқ. Жұрт айтты екен деп жапа-тармағай жабылу,
қансыраған жарасына қатыгездікпен тұз себу. Ондай оспадарсыз ожарлық
дертіне дерт, мұңына мұң қосқаннан басқа не бітірсін?!
Тек ақын соның бәрін жеңе білді, себебі өз өресіне сене білді.
Келесің сыртымнан тон пішуменен,
Жеңбексің желеуменен ішу деген...
Ақын ба от пен суды түсінбеген,
Ақын ба жанына ақау түсірмеген?!
Өзіндік өресі, өзіндік өр мінезі, өзгеге ұқсай бермейтін өзіндік «Мені»
болмаса ол – Ақын бола ма? Содан да, түсінбегендері былай тұрсын,
түсінгілері келмейтіндерге қынжылмасқа лажы қалай қалады?!
26
Кей-кейде көңіліне күдік кіретіні де содан. Соларға арнап жазып
жүрген жырларымды – іштен шыққан щұбар жыландарымды жұртыңның
көбісі түсінбесе, босқа арамтер боп жүрген жоқ па екенмін деп егіледі-
ақ есіл ер. Онсыз да «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай, жыр жаза алмай
жүрмін мен Расулдай» деп, байыз таппай жүргенде, ондай күдік ұшпаққа
шығарсын ба?
Оған:
Бір күні,
Бір жылдары,
Бір заманда,
Уақыт қуатымды ұрлағанда,
Шабыттың ақ бастауы құрғағанда,
Шынымен қалам алып, жыр жазам ба?!
Жүректе от,
Ойда жасын қалмағанда,
Тағы да жыр жазам деп қарманам ба?!
Жастықта жазып кеткен жырымды оқып,
Таңданам ба, кім білсін,
Алданам ба?!
– деген озбыр ой қалай болмақ? Қайғысы қалыңдай түспегенде қайтеді?
Алайда, жоғарыдағыдай ойлайтындар көп емес. Олар оқырман
қауымның орманы да, қорғаны да бола алмайды. Қалың қазақ жыр қадірін
түсірмек емес. Соған сенгендіктен мұзбалақ ақын қайта дүр сілкінеді.
Расул Ғамзатов болудың да қажет емес екенін ұғынады. Содан да: «Мен
– таулықпын, қыранның балапаны, маған-дағы тауымның таңы атады.
Қарапайым қалтқысыз жырларымды, қажетіме өз халқым жаратады» деп
бір қайырады. Артынша «Көгере бер мәңгілік сен, өлеңім, жырсыз менің
өмірге некерегім, жырдан басқа жұртыма не беремін?» деп парасатты
пайымын жасайды. Өйткені, өмірінің мәні сонда.
Сәби-халқым, сарыла сыр ақтарам,
Жалған ой, жасырын күй жырақ маған.
Сенің үнің мендегі сенің жырың,
Сенің ойың, санамда тұрақтаған.
Әсіресе, жастарға – келешек ұрпаққа нық сенім артады. Солардың
бойынан пендешілік парықсыздықтан ада, елінің ең жақсы қасиеттерін
ғана бойы мен ойына сіңірген жастарға жол сілтейді. Түсінікті болғысы
келеді.
Ойлы жас!
Өлең – менің бар тынысым,
Жақсы сөзім - жаны игі халқым үшін.
Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып,
Біреулерден жүргім жоқ арту үшін.
Бұл – ақын-жүректің ақиқат сыры, шырылдаған шыны. Басқаның бәрі
бекер: бағасын болашақ береді. Жақсы жыр жазса ғана жұрты жүрегінің
төрінен орын бермек. Ендеше, мәпелеген мұратын жүзеге асырып үлгеруге
тиіс. «Аунап кетпей тұрғанында, кеудесінің зынданындағы ақ құсына
бостандық беруі» керек. Содан барып, қайта сарсаңға түседі. «Жырым көп
27
менің әлі жазылмаған, кенім көп менің әлі қазылмаған. Қалдырып болар
болмас қазынамды, неліктен бір күні мен жазым болам?!» деп алады да:
Жырлап бағам,
Қайтсем де жырлап бағам!
Жүрегімде зәрелей жырды ақтарам.
Кім не десе о десін, біледі ішім,
Еркесімін елімнің құндақтаған.
(...Өлімге ме?
Өлімге жырлап барам!!!»
- деп дабыл қағады. Бұл жыр, тіпті ақынның асқақ рухының арда айшығы
десе де болғандай. Себебі, Мұқаң бұл жырды емханада жатқанда өлім мен
өмір текетіресіп, тағдыры пышақтың жүзінде тұрған тұста «Жұмыс орным
– буфеті емхананың» деген жолмен бастап жазып отырған жоқ па?!
Алайда, ақын өлімнен қорқып отырған жоқ! «Жүрегімде зәредей
де сыр қалдырмай жырлап кетуге үлгерем бе, жоқ па?!» Міне, дариға-
жүректің қаупі қайда! Ал, жазатыны, шынында да көп-ақ...
Оның үстіне, жұрт, ең алдымен білгіш-сыншысымақтары: «Ой, бұның
ақылын сайтан ұрыпты, алмасының ақ жүзі қайтарылыпты» демеуі үшін
де жазарын жазып, беретінін беріп кетуі керек.
...Ырқына сенің деген көніп келдім,
Енді сен ерік бергінң, ерік бергін!
Сөзден өлген атамды тірілтпесең,
Қос мені қатарына өліктердің.
Бәріміздің бабамыз сөзден өлген,
Өнердің кереметін сөзбен өрген.
Мен тынбаймын солардың кегін алмай,
Сен мені салыстырма өзгелермен!
– дегенді нық сеніммен айтуы да сондықтан ғой.
Алайда уақыт шіркін кім-кімді де өз дегеніне көндірмей қоймақ
емес. Жас есейеді, ересек – қартаяды, дене-бітім ескіріп-тозады. Ол -
өмір заңдылығы. Бұл адам қабілетімен еңбек ету мүмкіндігіне де әсерін
тигізбек.
Дей тұрғанмен, Мұқағали ақынның тоқырауға ұрынбай тұрып
көз жұмғанын атап айтуға тиіспіс. Әйтсе де, қақтықпалы-соқтықпалы
қу тірліктің титықтатқанын жасыра алмасақ керек. Тек, шаршаса да –
шалдықпай, қалжыраса да - қажымай, талқаны таусылар соңғы сағатқа
дейін қолынан қаламын түсірмеген текті де тәлейлі ақын - Мұқағали!
Қайта керісінше, сын сәті жақындаған сайын жанталасып, «айтып
үлгеру» үшін өндірте жазып кеткен жайсаң да жанкешті жан еді. Қалай
дегенде де, ет пен сүйектен жаралған пенде баласы ғой, діттеген дертін
дабыра ғып әлсіздігін аңғартпағанымен, ауырлап қалғанын да айналып
өтпейді. Оның өзін өнегелі жан денсаулығына, тірлік-тауқыметіне
байланысты емес, өлеңге, шау тартқандай болған шіркін шабытқа қарата
айтады-ақ...
Содан: «Сен солай болмағанда елемес ең, сені мен найзағайға теңемес
ем» деп барып:
Шау тартып барасың-ау, шарық құсым,
Тояттап әлде жемге қарықпысың?
28
Бар, ұшшы!
Босатайын тұғырыңнан,
Шау тартпа!
Шынымен сен шабытпысың?!
– деген сауал қоя отырып сырласады. Өйтпеске де лажы және жоқ. Өйткені,
бөтен ойлы бөгдені былай қойып, көмек қолын созбағанның өзінде, сырттай
да болса тілектес болып жүруге тиісты туған-туыс та кейде түсініспеушілік
танытып жатады. Ақынның өзі айтпақшы: «-Не жетпейді? Құлпырған
маңайың гүл, - деп маған ырза болмай ағайын жүр». Ондайда өз-өзіне:
«Жетпейтіні жүректің әні болар, бақыт-бақтың тарыдай әні болар...» деп
алады да:
Кім айыптап, сыртынан кім күледі,
Содан болар жырдың да жүнжігені.
Адам жырлап тұрғанда, заман жырлап,
Керегім де жоқ шығар, кім біледі?!
– деген күдік-күмәннің қылаң беруіне қарсылық қылмайды. Алайда тап-
тұйнақтай осы бір төрт жол жүрек пен жүйкеге қанша салмақ салғанын кім
есептеп жатыр дейсің, тәйірі? Содан барып, бірде:
Мың құбылған қуаныштан, дерттерден,
Қиын не бар адам жанын зерттеуден?
Мен келемін өз жанымды зерттеумен,
Бір де аяз, бірде жалын - өрт кеудем.
Арзан не бар ойнау менен күлуден,
Қымбат не бар адам сырын білуден?
Мен әуремін өз сырымды білумен,
Кеше бұзып, өкінемін бүгін мен,
Жылдарымды еске алам бүлінген,
- десе, келесі сәтте сол ойлардың өзіне жаңа бір қырынан қарап, тың
толғаныспен тұжырымдайды.
Өмірдің қысы, жазы, көктемдері,
Қысылтаяң шақтары, өткелдері,
Адамның аққан қаны, төккен тері,
Мұратқа жетпегені, жеткендері –
Жанымды жеп жүр менің көптен бері.
Атысу, аңдысу мен таласудың,
Санасу, табысу мен жарасудың,
Мінезін мынау адам баласының,
Білсем деп құпиясын аласұрдым.
Міне, осыларды алаңсыз айтып алғаннан кейін, ақыр соңында
мынандай қорытындыға келуге мәжбүр болады.
Жасырмай ойымды айттым талай-талай,
Қайтейін кетті бәрі қарайламай,
...Айтарын ашып айтқан абайламай,
Дариға-ай,
Махамбеттер, Абайлар-ай!!!
Сөйтіп, ақын жүректің ақ ниетті адал пейілі алыстарға ала қашқан
аңсарлы арманға айналып кетеді. Кеудесін кернейді. Қанатын сермейді...
29
Тек, мүмкіндік бермейді. Шырылдаған шындықтың өзі ойына ермейді.
Содан барып қайратына мініп, қажырына қамшы басады. «Ақынмын,
мамандығым аса қызық, Бірақ та қайғысыз бір толғатпаймын. Алдымен
жанарымнан жас ағызып, содан кейін еркелеп шолжақтаймын».
Бірде: «Жырлар жазам, алайда ол кімге керек?! Жанға шипа іздеймін,
тілге дерек» деп алады да, іле-шала: «Жырлар жазам дерімді деп өлемін,
қарсы алдында тұрсам да дар ағаштың» деп белін бекем буады.
Енді бірде тіпті:
Бұл ғасыр менің жүрек сағатымдай,
Тамырым бірге онымен соғатындай.
Амалсыз абайсызда қалғып кетсем,
Ғасырым бірге ұйықтап қалатындай
- деп қауіп қылып, уақыттың мойнына артқан жүгі алдындағы
жауапкершілікті жан жүйесімен айта келе, бақуат болашақ туралы
болжамын бейнелей беріп, мынадай да ойларды көкірек – көңіліне
көлеңкелетеді.
(Біздің ұрпақ сол шақты көрер ме екен?..)
Келер-кетер ғасырлар, келер-кетер.
Өзім жырлап қалайын ғасырымды,
Келер ұрпақ өзінше өлеңдетер...
Дау жоқ, М.Мақатаев өз биігіне шүбәсіз сенген. Сөйте тұра әр
дәуір өз суреткерін туғызатынын да жоққа шығармай тұрған жоқ па?!
Өзімшіл өзектен ондай лебіз шықпайды. Ол да осы азаматтың көш ілгері
көрегендігі, шындықтың шырайын шығара мойындауы деуіміз керек.
Ақиық ақын онымен тоқтамайды. Өзі айтпақшы, «сілікпесі
шыққанша» саралай келіп, ойын одан әрі тарата түседі. «Туады, туады әлі
нағыз ақын!» деп сеніммен айта алады. Біріншіден, қазақ аман болса, оның
қасиетті тілі мен тұрса, келешекке кемел кескінді, кең тынысты нағыз
ақын сөзсіз туатынына сенсе, екіншіден өзінің сондай көшелі ақындықтың
көгіне көтерілетініне еш шүбә келтірмейді.
Сол кездің өзінде (бұл жыр, шамасы 1966 жылы жазылған сыңайлы)
өлең өлкесін мәңгілік өріс ететінін түсінген. Өйткені, біздер бүгінгінің
биігінен нақ солай болғанының куәсі емеспіз бе?!
«Қулары таудың қызыл түлкісі дер, момындар біздің үйдің кірпіші
дер. Мәңгілікке өзімен ала кеткен, менің нәзікжанымды кім түсінер?!»
деген өкініші болмаса, «Жазылар естеліктер мен туралы» деп басталатын
жырында жазылғандар да ендігі жерде айна-қатесіз қалыптасып отыр.
Демек, М.Мақатаевты ақындық ар да, адал түйсігі де ешқашан алдаған
емес.
Туады,
Туады әлі нағыз ақын,
Нағыз ақын бал мен у тамызатын.
Жесірдің айырылмас сырласы боп,
Жендеттің көзінен жас ағызатын.
Туады, туады әлі нағыз ақын!
Жыр сөздері жай болып атылғанда,
Атылғанда аспаннан оқылғанда,
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға.
30
Иә, нақ солай деген нағыз ақын өмірден өтті. Алайда Мұқалидың
мәңгілік мұрасынан сусындаған әр адам жоғарыдағы жыр жолдарында
айтылған ойлардың айна-қатесіз орындалып жатқанын әр жолыққан
сайын мойындай түсуде. Өйткені, ол өлең өрген күндерін ғана өмірге
санаған. Шабытты шақтарын ғана шаттыққа балаған. Әрі, әр күні түгілі,
әрбір қас-қағым сәтінің солай өткенін қалаған.
Сөйтіп, туған халқына барша қабілет-қарымымен қалтқысыз қызмет
етті. Содан да М.Мақатаевты таныған жұрты рухани мұратына жетті.
ТУҒАН ЖЕР ТУР АЛЫ ТҰНҒАН ЖЫР
Туған жер – иісі қазақтың тұғыры; алыстап кетсе - ойша оралып,
қайырылып қарай беретін; айналсоқтап соға беретін темірқазығы. «Адам
баласының» демей, «иісі қазақтың» деуіміздің де түп төркінін түсініп
отырған боларсыз? Өйткені, дәл қазақтай туған жеріне кіндігімен байланған
ұлт пен ұлысты таба қою қиын-ақ шығар?!
Былайғы жұрттың көпшілігі ыңғайлы болса, қай жерде де жүре береді.
Олар тіпті, ондай жағдайды «Балық судың тереңін іздейді, адам жердің
керегін іздейді» деп, «заңдастырып» та алған. Оған соңғы кезде «Тұрған
жер де туған жердей» деген дегдар да делдал дүниетаным қосылды.
Ал, қазақ болса, оның бәрін бір-ер мақалымен белінен басқан: «Ер –
туған жерінде, ит – тойған жерінде», «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде
ұлтан бол».
Ендеше, қаны да, жаны да қазақ Мұқағали бұл қағидалардан жоғары
тұрмаса, төмен түсуге хақы да жоқ. Әрі ол бұл тақырыпты да от басы,
ошақ қасы, ауыл маңындағы түйетайлы төбешік, мекеніндегі бірлі-
жарымды адамның ауқымымен аласартпайды. Керісінше, ол іргесі боп
саналатын ұлы ұя атты ұлағатты ұғымнан бастап, Отан дейтін ұлы ұғымға
дейінгі аралықтағы тегеуірінді түсініктер деңгейіне көтеріп, сүйіспеншілік
сезімімен суреттейді. Туған жер – алтын бесіктің тұғырың, темірқазығың,
керек десеңіз, тағдырың екенін саналарға сіңіруге тырысты. Тырысып қана
қойған жоқ, сіңіре алды да.
Қадірлім,
Қасиеттім,
Ордам менің!
Отаным – арқа сүйер қорған белім.
Заңғар көгім,
Сенсің бақ, орман-көлім,
Жем жеген алақаннан ақ кептерім –
Боз құсым иығыма қонған менің!
Рухым – бар пәледен қорғар менің!
Кешір, шеше!
Мәңгілік майдандамын.
Жауға олжа болмасын деп жайған малым,
Отан деп аталатын сайран бағым,
Қаламаймын біреулер ойрандауын,
Сол үшін күзеттемін, майдандамын,
Мың есе намысымды қайраудамын.