мұғалімдерге көмек мазмұндама

Тақырып бойынша 21 материал табылды

мұғалімдерге көмек мазмұндама

Материал туралы қысқаша түсінік
мұғалімдерге көмек мазмұндама
Материалдың қысқаша нұсқасы

Кіріспе


"Мектепте қазақ тілі мен көркем әдебиет шығармаларын оқып үйретуде алға қойылатын негізгі міндеттердің бірі - жас жеткіншектердің тілін дамыту, ой-пікірін ауызша және жазбаша түрде дұрыс баяндай білуге үйрету",- деп көрсеткен қазақ тілі бағдарламасының түсінік хатында.

Тіл дамыту - баланың ойлау процесімен байланысты әрі психологиялық, әрі тіл білімінің зерттеу обьектілерінің бірінен саналады. "Баланың тілін дамыту жеке сөздердің басын біріктіріп, сауатты сөйлеуге баулу - психология мен тіл ғылымының заңдылықтарымен тығыз байланысты құбылыс".

Мектепте балалардың өз бетінше ойлау қабілетін қалыптастыру тіл сабақтарының негізінде қалыптасады, яғни оқушылар оқу барысында ойлау дағдысына төселіп, істі шығармашылықпен ұтымды орындауға үйренеді. Ойлауды дамытудың негізгі құралы - тіл.

Бала ойы тіл арқылы, тілдегі ұғым атауы болған сөздер арқылы айтылады да материалдық формаға енеді. Ал ой толық сөз күйінде білдіргенде ғана айқындалып, айшықтала түседі. Түрлі айналадағы заттар мен құбылыстардың, олардың сан алуан белгілері мен қасиеттері, адамдардың өзара қарым-қатынасының санадағы бейнелері болып табылатын ойлау формаларын бейнелейтін материалдық құрал ретінде қызмет атқарады. Яғни, оқушының тілі байыған сайын оның ойы да дамиды. Керісінше ойы даму нәтижесінде тілі де байып, шұрайлана түседі деген сөз.

Ойды екінші біреуге түсінікті етіп жазып, не сөйлеп жеткізу үшін оқушының бай сөздік қоры, жақсы тыңдай білуі, ең қажетті ойды дәл таба білуі, екінші біреудің ойын өз сөзімен жеткізу дағдысы, пікірін нақты фактілер арқылы дәлелдей алуы тиіс. Бұл үшін оқушыларды белгілі бір жүйемен, жоспар жасап сөйлеуге қалыптастырып, тезис, конспект жазуға баулып, айтылып отырған ойдың негізгі желісін өз сөздерімен жазып, не айтып берулеріне жаттықтыру, яғни байланыстырып сөйлеуді дамыту қажет.

Оқушыларды байланыстырып сөйлеуге қалыптастыру қазақ тілі пәнінің ғана емес, әрбір сыныптарда өткізілетін әдебиет сабақтарының да негізгі обьектілерінің бірі болып саналады. Сол себепті байланыстырып сөйлеуді дамыту – оқушы тілін дамытудың мәнерлеп сөйлеуге дағдыландыруды, сауатты жазуға баулуды, жұрт алдына қысылмай еркін сөйлей білуге, мәтінді дұрыс оқып, мазмұнын толық түсіне білуге үйретуді қамтиды. Бұл сияқты жұмыстардың түрлері сөз жоқ, оқушының ой-өрісін, тілін дамытудағы басты мәселелер болып табылады. Олай болса, тіл дамыту мәселесінің обьектісін, әдістемесін анықтауда тіл мен әдебиет пәндері бірлікте қарастырылады. Газет-журналдар мен кітаппен жүмыс, мәтінді талдау, оларға жоспар түзгізу, мінездеме беру,табиғат көріністерін суреттеу, суретпен жұмыс істеу, мазмұндама және шығарма жаздыру т.б. сияқты мәселелерде тіл мен әдебиеттің заңдылықтарын қатар пайдаланып отыру негізгі жұмыс түрлері болып табылады.

Біз бұл еңбегімізде жазба жұмыстарының оның ішінде мазмұндама жаздыру мәселесін сөз етпекпіз, көңіл аудармақпыз.

Мазмұндама - дайын мәтін немесе оның үзіндісі бойынша жүргізілетін жұмыс түрі. Мазұндама жаздыруға арналған мәтін ең алдымен сыныпта мәнерлеп оқылады (мұғалімнің оқып бергені жөн). Одан кейін мазмұны баяндалып, ондағы мағынасы белгісіз сөздер түсіндіріледі. Жоспар жасауға оқушылар әбден төселгенше ұстаздың көмегімен оқушылар ұжымы түзейді. Кейіннен әрбір оқушының жеке-жеке жоспар құруы талап етіледі.

Мәтін мазмұнын айтып бергенде, оқушылар мұғалімнің баяндағанын қайталап қоймай, мәтін мазмұнын өз беттерінше меңгеріп, өз сөздерімен құрастыруы талап етіледі. Атап айтқанда, оқушы жазған мазмұндама мәтініне мынандай талап қойылуға тиіс. 1/ оқушының өз ойы болуы; 2/ өз жанынан қосымша оқиға қосуы; 3/ өздігінен қортынды жасау; 4/ мәтін формасын өзгерте мазмұндау, яғни І жақ, осы шақ формасындағы мәтінді ІII жақ, өткен шақ формасында немесе керісінше мазмұндау; 5/ қысқарта мазмұндау, яғни берілген мәтіннің тек түйінді, негізгі мәселелерін ғана мазмұндау, қажетсіз деп табылған детальдарды қысқарту; 6/ кеңейте мазмұндау, яғни мәтін мазмұнына аса қажетті материалдарды ойдан қосу;

7/ мәтін мазмұнына байланысты цитата және эфиграф келтіре отырып мазмұндау; 8/ берілген мәтін мазмұнына лайықты ой қорытындысын жасау.

Мұғалім мазмұндамаға лайықты мәтінді, баяндалатын оқиғаның ауыр-жеңілдігін оқушының жас ерекшеліктеріне лайықты таңдауы тиіс.

Таңдалған материалдар бала танымына жақын, етене таныс, күнделікті қарым-қатынас жасап отырған ортаға байланысты таңдалады. Мазмұндама мәтіндері қызғылықты, қоршаған орта мен табиғатты терең тануға ықпал ететін, дүние танымын кеңейтетін, ұлттық рухты көтеретін, батырлыққа, ерлікке жетелейтін, баяндалатын іс-әрекет пен оқиғалар сабақтаса байланысқан, бірін-бірі толықтыратын болып келу жағы қарастырылады. Мазмұндама тақырыбы жыл мезгілдерінің кезеңіне сай болғаны мақұл. (Күзге арналған мазмұндаманы күзде жаздыру).

Мазмұндама жаздыру барысында мына төмендегі материалдарды пайдалануға болады:

1) жыл мезгілдері және олардың бір-бірінен өзгешеліктері, ерекшеліктері;

2) оқушылардың өз бастарынан кешкендері;

3) оқыған кітаптары, естіген әңгімелері, көрген кино-фильмдері;

4) қоршаған орта мен табиғатты бақылаудан алған әсерлері мен ой-пікірлері;

5) балалардың еңбек әрекеттері, ойындары;

6) отбасы, ауылы, туған өлкесі;

7) үй жануарлары және олардың қасиеттері;

8) жабайы аңдар және құстар;

9) түрлі кәсіп жайында;

10) туған елдің тарихы, ұлы ойшылдары мен ақын- жазушылары, билері мен батырлары т.б.

Мазмұндама тақырыптары сынып өскен сайын қайталануы мүмкін. Мәселен, "Күз", "Қыс", "Көктем" т.б. тақырыптар. Сөз жоқ, әр сыныпта шәкірттің жас ерекшеліктеріне, біліміне, іс-тәжірибесіне байланысты бұл тақырыптар күрделене түседі. 5-сыныпта көктемнің өзіне тән санаулы белгілері жайында жазылса, 6-сыныпта оған тән қасиеттер тереңдей түспек.

Мұғалім оқушының таным процестерін (ойлау, қабылдау, ес, қиял т.б.) дамытуға игі ықпал ететін мазмұндама мәтіндерін таңдап ұсынғаны мақұл.

Жеткіншек жастағы оқушылардың тілін, байланыстырып сөйлеуін дамытуда әсіресе мазмұндама мен шығарма жазуға үйрету үшін сөз тіркестері мен сөйлем синтаксистерін меңгерту жеткіліксіз. Өйткені жұмыстың бұл түрлерінде сөйлемдер құрастырумен шектелмейді, сонымен қатар тұтас мәтін түзулері тиіс.

Оқушыға мазмұндама мен шығарма жаздырғымыз келсе, онда мәтін жайында түсінік берілуі қажет. Олай етпейінше күткен нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Мәтіннің түрлері, оның негізгі белгілері, жасалу жолы, құрамына енетін сөйлемдер мен қайырымдардың (абзац) өзара байланысы және оның стилі жайында мағлұмат берілсе, оқушылар шығарма (мазмұндама) композициясын дұрыс құрып, айтайын деген ойын жүйелі жеткізген болар еді.

Жеткіншек жастағы оқушыларға мәтін жайында мәліметтер беруді неден бастаған жөн? Ең алғаш мәтін жайлы түсінікті теориялық жақтарын практикамен ұштастыра түсіндірген мақұл.

Көркем мәтінді меңгертуде жиі қолданылатын жазу жұмыстарының бірі - мазмұндама. Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылар оқыған мәтінді қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғыртуға тиіс және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге дағдыланады, сөз тіркесін құру, сөйлем құрау шеберлігіне жаттығады. Мазмұндама жазу арқылы бірқатар сөз тіркесі мен сөйлемдер бейнелі сөздер автоматтанып оқушының есінде қалады, оқылған мәтінді қайта жаңғырту үшін сөздер мен сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыруға жаттығады.

Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тілдік материалдарды орынды қолдана білуге, жазбаша сөйлеудің ерекшелігін, мәтіннің синтаксистік құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игі ықпал етеді. Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда мазмұндаманың мынандай түрлерін жүргізуге болады:








I. Дайын мәтін бойынша мазмұндама.

II. Сурет бойынша мазмұндама.

III. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама.


  1. Дайын мәтін бойынша мазмұндама


Дайын мәтін бойынша мазмұндаманың өзін бірнеше түрге бөлуге болады:

а) Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау.

ә)Мәтіннің мазмұнын сақтай отырып, бірақ баяндалу формасын өзгертіп баяндау.

б) Қысқарта баяндау.

в) Толықтырып мазмұндау.


a) Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау. Мазмұндаманың бұл түрінде мәтіннің мазмұны бүтіндей қайталанбағанмен, түгелге жуық меңгеріледі. Мәтіндегі сөз тіркесі, сөйлемдер сөзбе-сөз қайталанбауы мүмкін, алайда кейбір жаңа сөздердің, сөйлемдердің, көркемдегіш құралдардың оқушы жұмыстарынан орын алуы мүмкін. Бұл дұрыс па, жоқ, әлде бұрыс па? Мұны әр түрлі түсінуге болады. Бірінде оқушы мәтін мазмұнын терең меңгеріп, ондағы кейбір сюжеттің, көріністің, өзіне үнаған сөз үйірімінің бастапқы қалпын сақтағысы келсе, кейбір оқушы мәтін мазмұнын өз сөзімен беруге сөз қолданыс, сөйлем құрау дағдыларының қалыптаспауынан шығарма авторын сөзбе-сөз қайталауға келіп соғады. Бірінші жағдайда сол жазған мазмұндамасындағы жаңадан игерген сөз қолданыстары оқушының актив лексикасына айналса құба құп. Ал өткінші, тек баға алу үшін бір-ақ рет пайдаланып, кейіннен жадынан шығарса, онда алға қойған мақсаттың орындалмағаны. Тәжірибелі ұстаздардың мазмұндама мәтінін дәл қайталамай оқушы өз сөздерімен беруді тіл дамытуда анағұрлым нәтижелі екенін сөз етеді.

Мазмұндама жазғанда көркем мәтінді қаз қалпында қайталауға жол бермеу үшін белгілі әдіскер-ғалым С.Тілешева мұғалімдерге мына мәселелерді ескергенін жөн көреді: мазмұндама мәтінінің мазмұны тартымды, оқиға қызғылықты, көркемдік қуаты жағынан жоғары талапқа сай болуы, мазмұндама жазар алдында мәтінді оқу, әңгімені негізгі бөлімдерге бөліп, оған тақырыптар беру, жоспарын жасату, тілін талдау т.б. жұмыстарды орындатқан жағдайда оқушылар мәтіндегі барды қайталау болмай, нағыз шығармашылық жұмысқа айналатынын айтады.

Жазу техникасы: мазмұндама жазылатын мәтін ең алдымен сыныпта мәнерлеп оқылады. Қандайда болмасын әсерлі шығарма ұсынылғанмен, ол нақышына келтіріліп, дұрыс дауыс ырғағымен оқылмаса, қызығушылық сезімін тудыра алмас еді. Өйткені мазмұндама мәтіндерін оқушыларға оқып беруде мұғалімнің дауыс сазының әсерлі болуының маңызы зор. Бұл жөнінде орыстың ұлы педагoгi К.Д.Ушинский: «... Бізде анық дауыстап, ырғағына келтіріп, әсерлі етіп оқи алатын мүғалім табу өте қиындыққа түседі десек, кейбіреулерге ерсі болып көрінер еді, алайда зейіні жетілмеген балаларға мұндай мұғалім ерекше қажет", - дейді .

Бала психологиясын жете білетін А.С.Макаренко да балалармен қарым-қатынаста дауыс ырғағына ерекше көңіл бөлген. Ол балаларға әсер ету үшін дауыста эмоция мен сезімнің басым болу керек екенін айтады. Сондықтан мазмұндама мәтінін оқығанда мұғалім дауыс ырғағын бірқалыпты сақтап, өзінің дикциясына қатты көңіл бөлгені жөн. Мәнерлеп оқуда екі түрлі талап қойылады. Олар - физикалық және психикалық. Біріншіден, оқыған кезде дұрыс тұру, демді еркін және терең алу, дауысты бірқалыпты сақтау болса, ал екіншісіне, оқудың ритімін сақтау, сөзді анық айту, бір қалыпты оқу, пауза жасау,дауыс ырғағын тыныс белгілеріне сәйкестендіру т.б.жатады.

Міне сондықтан мазмұндама мәтінін мүғалімнің өзі оқып берген жөн. Одан кейін мазмұны айтылып, мәтіндегі мағынасы түсініксіз сөздер мен сөз тіркестері (фразеологизмдер) түсіндіріледі. Мазмұндау жоспары түзіледі. (Алғашқы кезде мұғалімнің көмегімен, кейіннен оқушылар өз беттерінше жоспар құрады).

Жоспар жазылмақшы мәтіннің мазмұнына байланысты жай және күрделі болып келеді. Мәтінге жоспар құру, оның мазмұнын жоспарлап жазу дегеніміз – мәтін мазмұнын бөлім-бөлімге бөліп беру деген сөз. Мәтінді жоспарлау – оқылған шығарманың мазмұнын жүйелеп беру, ондағы оқиғаның іс-әрекеттің орындарын алмастырып алмау үшін қажет. Жоспарлау мәтіндегі әңгіме болып отырған негізгі мәселені тани білуге баулиды. Мәтінге жоспар жасау әдетте, жай жоспар, күрделі жоспар жолымен жүзеге асырылады. Мысалы, мына бір мәтінді алайық.



Құмырсқаның қанағаты


Бір күні ғұлама бақ ішінде келе жатады. Ол құмырсқаның илеуіне тап болады. Қарап тұрған біреуі жоқ. Бір тобы індерін кеңейтіп жатыр. Екінші тобы үлкен құртты сүйреп келеді. Енді біреулері күзетте түр.

Ғұлама бір құмырсқаны ұстап алып:

- Сенің басың неге үлкен?- деп сүрайды.

- Ақылым көп!

Кұйрығың неге үлкен?

- Қайратым көп! Өзімнен қырық есе жүкті көтере аламын, - дейді.

- Ал белің неге жіңішке?

- Қанағатшылмын!

- Жарайды, ақылың мен қайратыңның көп екеніне көзім жетті. Енді қанағатыңның қандай екенін білейін. Егер саған бидайдың бір дәнін берсем, қаншаға жеткізер едің?

Бір жылға жеткізер едім, - дейді құмырсқа.

Ғұлама құмырсқаны сауытқа салып, қасына бидайдың бір дәнін қояды.

Бір жыл өткен соң сауытты ашып қараса, құмырсқа қимылсыз жатыр екен. Қасындағы бидайдың жартысы қалыпты. Әрі-беріден кейін құмырсқа орнынан тұрады.

-Бір жылға жетеді деп едің. Жыл өтті. Ал сен дәннің жартысын ғана жепсің. Оның қалай деп сұрайды ғұлама.

- Иә, ол дәнді мен бір жылда жеп бітірсем, қазір менің халім әлдеқайда жақсы болар еді. Бірақ сен біржылдан кейін мені босатуды ұмытып кетсең, онда мен бостан босқа аштан өлген болар едім. Сол себепті бір жыл бойы жарты дәнді қанағат қылдым, деп жауап беріпті құмырсқа

Егер босатуды ұмытып кетсем, қалған жарты дәнді қанша уақытқа жеткізген болар едің?

Төрт-бес жылға жеткізген болар едім, депті құмырсқа.


Келтірілген мәтінге құрылған жай жоспардың үлгісі


Мазмұндау жоспары

1. Ғұламаның құмырсқаның илеуіне тап болуы.

2. Ғұлама мен құмысқаның өзара әңгімесі.

3. Ғұлама құмырсқаның қанағатын қалай сынады?

4. Құмырсқа қанағатшыл екенін қалай дәлелдеді?

Күрделі жоспардың үлгісі


Мазмұндау жоспары

1. Ғұлама тап болған құмырсқа илеуі.

a) індерін кеңейту;

ә) азық-түлік әзірлеу;

б) күзетте түру.

2. Ғұлама мен құмырсқа арасында болған әңгіме.

a) басының үлкен болу себебі;

ә) құйрығының үлкен болу себебі;

б) белінің жіңішке болу себебі.

3. Ғұламаның құмырсқаны сынауы.

a) сауытқа салу;

ә) бір жыл өткен соң;

б) құмырсқаның халі.

4. Құмырсқаның қанағатшыл екенін дәлелдеуі.

a) жарты дән;

ә) төрт-бес жылға жеткізу.

5. Қортынды

a) қанағатшыл болу - тамаша қасиет.

ә) Мәтіннің мазмұнын сақтай отырып, баяндау формасын өзгертіп мазмұндау. Мұнда 1 жақта баяндалған мәтінді III жақта, өткен шақта құрылған мәтінді келер шақ формасында өзгерте мазмұндау. Мысалы:



Шын достық


Өткен күндерді ойлағанда өміріңнің ұмытылмайтын қызықты да шуақты шақтары еске түседі екен. Досымбек екеуміз Қызылжар педтехникумында оқып жүрміз. Білімге құлаш ұрып ұмтылған сайын сәулелі болашақ бізді қол бұлғап шақырғандай болады.

Досымыз екеуміз ылғи бір жатып, бір тұрамыз. Бір үзім нанға шейін бөліп жейміз. Бір анадан егіз туғандаймыз. "Дос болса, осындай болсын", - дейді жұрт.

Досымбек бір күні кенеттен сырқаттанып ауруханаға түсті. Науқасы өте ауыр. Сұм ажал аузын арандай ашып, досымды алғалы келе жатқандай болады да тұрады.

Күннен күнге ауруы меңдеп, халі нашарлап барады.

Дауасы бар ма ауруының?- деп сұрадым емдеуші дәрігерден бір күні.

Бір ғана дауа: таза қан құю, - деді дәрігер.

- Менікін құйыңыз, - дедім.

Дәрігерлер қанымды алып, шұғыл зерттеуге кірісті. Сол қысылшаң сәтте менде: "Қаным іске асып, Досымбектің жаны қалса!"- деген тілек болды. Қанымды алып Досымбекке құйғанда, бір жақсылықты сезгендей жүрегім лүпілдеп, қара қошқылданып сөнуге айналған үміт оты қайта маздап жана бастады.

Тілегім орындалып, Досымбектің беті бері қарады. Ол науқасынан әбден айығып, ауруханадан шықты.


Мұғалім бұл мәтінмен таныстырмас бұрын оқушылардың жолдастық, достық, адамгершілік және жақсылық түсініктерін анықтап, олар жайында пікір алысады. Ұстаз мәтінді мәнерлеп оқып, мағынасы түсініксіз сөздерді (сәулелі болашақ, аузын арандай ашып, ауру меңдеп, дауа, сөнуге айналған үміт т.б. ) синонимдер арқылы түсіндіріледі. Оқушылар жоспар түзеді. Алайда жоспар бірінші жақ формасында емес, III жақта құрылады.


Мазмұндау жоспары

1. Білім жолында

2. Өткен өмір елестері

3. Досымбектің науқастануы

4. Қан беру

5. Шын достық

Әр сұрақ жеке-жеке талқыланып, жауаптар алынады. Ұстаз оқушыларға мәтіннің баяндалу формасының өзгеру заңдылықтарын нақтылы түсіндіріп, оның бұлжытпай сақталуын талап етеді.

Жоғарыдағы мәтін III жақ формасында мына үлгідей болуы мүмкін.

Шын достық


Досымбек пен Сәрсен екеуі Қызылжар педтехникумында оқып жүргенде танысты. Білімге құлаш ұрып ұмтылған сайын сәулелі болашақ оларды қол бұлғап шақырғандай болады.

Екі дос ылғи бір жатып, бір тұратын. Бір үзім нанға шейін бөліп жейтін, Бір анадан егіз туғандай. "Дос болса, осындай болсын", - дейді жұрт.

Досымбек бір күні кенеттен сырқаттанып ауруханаға түсті. Науқасы өте ауыр. Сәрсенге сұм ажал аузын арандай ашып, досын алғалы келе жатқандай болады да тұрады.

Күннен күнге ауруы меңдеп, халі нашарлап барады.

- Дауасы бар ма ауруының?- деп сұрады. Бір күні Сәрсен емдеуші дәрігерден:

Бір ғана дауа: таза қан құю, деді дәрігер.

- Менікін құйыныз, - деді Сәрсен.


б)Дайын әңгіме бойынша жазылатын мазмұндаманың келесі түрі ықшамдап мазмұндау. Мазмұндаманың бұл түрінде берілген мәтіннің айтылайын деген негізгі ойға қатыссыз, қосымша сюжеттер қысқартылып ең негізгі, түпкі ойды жазады.

Қысқарта, ықшамдап мазмұндаудың да өзіндік маңызы бар, өйткені әңгімедегі іс-әрекеттердің негізгі мен қосалқы жақтарын ажырату барысында да шығармашылық сипатқа ие болады. Мәтінді ықшамдау барысында әңгімедегі қосымша детальдардан түйінді ойды даралауға жаттығады, мазмұнды талдай отырып, қажетті материалды жинақтауға, көп ойды аз сөзбен беруге, пікірін қысқаша баяндауға дағдыланады.Ұсынылып отырылған мазмұндаманың бұл түрі оқушыларды сөзді талғап, тандап қолдануға, сөйлемді жинақы құруға, аз сөзбен көп мағына беруге, тілін ширатуға септігін тигізеді.

в) Дайын мәтін бойынша жазылатын мазмұндаманың келесі бір түрі толықтырып мазмұндау. Бұл жоғарыда айтылған ықшамдап мазмұндауға керісінше берілген әңгіме мазмұнын толықтырып, кеңейтетін, ұсынылған ойға тың пікірлер, жаңа сюжеттер тапқызу мақсатында жүргізіледі.Мұнда оқушының шығармашылық қабілетін дамыту мақсат етіледі.

Жұмыстың бұл түрінде бір әңгіменің қысқаша мазмұны беріледі. Негізгі ой ұсынылады. Оқушы өз жанынан берілген ойды күшейтетіндей детальдар қосып, мәтінді толықтырады. Жаңа сюжеттер қосып, баяндалған іс-әрекетті дәлелдей түседі. Мұндай жұмысты оқушылардың таным процестерін дамытып, тілін ширатады.

Мазмұндаманың бұл түрін жаздыру мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктейді. Тыңғылықты дайындалуын қажет етеді. Ұстаздардың үнемі есінде болатын мәселе:оқушыларға ұсынылатын мәтіндер мазмұны олардың күнбе-күн араласып, көріп-біліп жүрген, етене таныс зат, құбылыс, оқуға және іс-әрекеттер болғаны жөн. Балалар сонда ғана жүмыс барысында онша қиналмай, тез төселіп кетеді.

Жұмыстың бұл түрін қалай ұйымдастыруға болатынына мысал келтірейік.

Мұғалім ұсынылған мәтіннің қысқаша түрін тақтаға жазып қояды.

Мысалы:

Көлеңкеде жеті-сегіз жасар бала ұйықтап жатыр. Улы жылан жақындап келеді. Бір құс бала мен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді. Екі жүз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып, оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір тұмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды.

Бала оянып кетті. Ол қимылсыз бауыры жалтыраған улы жыланды, оның жанында ауыр дем алып жатқан құсты көріп таң қалды. Бұлардың бұлайша жайрап жатқанына таңырқап жан-жағына қарады. Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан мына кішкене құстың өзі үшін мерт болғанын бала түсінбеді.

Мәтінді талдамас бұрын, оқушылардың улы жылан мен құстар жөнінде не білетінін сұрап, олар туралы тереңірек ақпар беріледі.

Мұғалім тақтада жазылған мәтінді таныстырып болған соң:

- Балалар, бұл жұмбақ сөйлемдер не жайында хабардар етіп тұр?

- Бұл сөйлемдер кішкене құстың баланы ажалдан сақтап қалғаны жөнінде сөз болады.

Дұрыс. Балаға ат қойыңдар.

- Болат, Қанат, Сәрсен.

- Дұрыс. Болат деп атайық.

- Бірінші сөйлемді қалай толықтыруға болады?

- Ағаш көлеңкесінде сегізге енді толған Болат ұйықтап жатыр.

- Улы жылан кімге жақындап келеді?

Болатқа улы жылан жақындап келеді.

Құрылған сөйлемдердің екеуінде де Болат сөзі қайталанғандықтан, сөйлемдердің көркемдік ерекшелігіне нұқсан келеді. Сондықтан екінші сөйлемдегі Болат сөзін басқа сөзбен алмастырыңдар.

- Балаға, оған, жеткіншекке т.б.

- Дұрыс, бұл жерде оған деген сөзді алайық. Яғни екінші сөйлем "Оған улы жылан жақындап келеді" десек болады. Балалар, жылан тілін байқағандарың бар ма?

- Иә, жылан бір нәрсеге жақындағанда айыр тілін сумаңдатады.

- Дұрыс. Онда екінші сөйлемді "Оған улы жылан айыр тілін сумаңдатып жақындап келеді" деп түзетуге болады. Енді үшінші сөйлемді толықтырайық. Құс қайдан шыға келді? Қайда қонды?

- Қайдан келгені белгісіз, жылан мен Болаттың арасына түсті.

- Дұрыс. Бұл сөйлемді "Қайдан шыққаны белгісіз бір құс Болат пен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді…" Енді жылан мен құстың әрекеттерін сипаттаңдар.

Оқушылар бұл жөнінде әр түрлі ойларын білдіреді. Ең таңдаулы сөйлемдер іріктеп алынады.

Мысалы: Жылан да атылуға айналғандай, шиыршық атып, айбат шекті. Құс аса сақтықпен жақындай түсті. Екі дүз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып,оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір Тұмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды. Жылан жан сауғалап жирыла кейін шегінді. Бірақ ашулы құс шаңқылдап үсті-үстіне шоқи берді, шоқи берді.

Мұғалім кейінгі сөйлемдерді толыққанды етіп түздіру мақсатында мынандай сұрақтар беруіне болады.

- Сәрсен оянған соң нені көрді? Құс не үшін мерт болды? Бала қандай күйде болды?

Оқушылар берілген сұрақтарға өздерінің таңдаған сөйлемдерін ұсынады. Мұғалім ең сәтті сөйлемдерді іріктеп, тақтаға жазып отырады.

Әңгіме соңы былай аяқталуы мүмкін.

Бала оянып кетті. Ол қимылсыз бауыры жалтыраған улы жыланды, оның жанында ауыр дем алып жатқан құсты көріп таң қалды. Бұлардың бұлайша жайрап жатқанына аңырап жан-жағына қарады. Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан мына кішкене құстың өзі үшін мерт болғанын бала түсінбеді.


Мұғалім түзілген мәтіннің толықтырылған вариантымен таныстырып, оқушыларға мазмұндаманың тақырыбын қою тапсырады. Балалар бірнеше ұсыныстары саралай отырып "Табиғатты сүй" тақырыбын таңдайды.




Табиғатты сүй


Ағаш көлеңкесінде сегізге енді толған Болат ұйықтап жатыр. Оған улы жылан айыр тілін сумаңдатып жақындап келеді. Қайдан шыққаны белгісіз бір құс Болат пен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді. Жылан да атылуға айналғандай, шиыршық атып, айбат шекті. Құс аса сақтықпен жақындай түсті. Екі дүз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті. Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс тез жалтарып, оның улы тісін бойына дарытатын емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір тұмсығымен оның төбесінен шоқып-шоқып алды. Жылан жан сауғалап жирыла кейін шегінді. Бірақ ашулы құс шаңқылдап үсті-үстіне шоқи берді, шоқи берді. Бала оянып кетті. Ол қимылсыз бауыры жалтыраған улы жыланды, оның жанында ауыр дем алып жатқан құсты көріп таң қалды. Бұлардың бұлайша жайрап жатқанына таңырқап жан-жағына қарады. Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан мына кішкене құстың өзі үшін мерт болғанын бала түсінбеді.


Мазмұндамаға сынып ұжымы болып жоспар құрылады.

Мазмұндау жоспары

Ұйқыдағы бала

Жылан мен құстың айқасы

Таңырқаған бала

Адамзаттың міндеті


Мұғалім:

  • Балалар, түзілген жоспардағы "Адамзаттың міндеті" деген бөлігіне өз беттеріңше жауап жазуларың тиіс. Өйткені онсыз тақырып толық қанды ашылмайды.

Табиғат - баршамыздың анамыз. Оны қорғау - біздің парызымыз. Әрқайсысың өз міндеттеріңді айқындап, не істеу керектігі жайында ойларыңды жазыңдар.

Қазақ халқының табиғатқа байланысты салт-дәстүрі туралы не білесіндер?- деп берілген мазмұн мәтінін толықтырып жазу тапсырылады.

Оқушылар мазмұндама жазуға кіріседі.



II. Сурет бойынша мазмұндама жаздыру


Жұмыстың бұл түрін жүргізуде дайын әңгіме бойынша жүргізілетін мазмұндамаға ұқсас жүргізіледі. Олай дейтініміз? мұнда да әңгіме мәтінін мұғалім алдын ала әзірлейді. Бұл жұмыстардың бір-бірінен айырмашылығы сөз болып отырған мазмұндамада даяр мәтінге қосымша сол оқиға желісін ашатын сурет болады. Жұмыс барысында қылқалам туындысын пайдалана отырып мазмұндама жазу оқушылардың ойы мен тілін дамытып қоймай, оқушылардың сурет мазмұнын түсінуге, шығармада бейнеленген зат не құбылыстарды бейнелі де көркем сөзбен өрнектеуді үйретеді. Баланың эстетикалық талғамын байытып, шығармашылық қиялына қанат бітіреді.

Суретті пайдалана отырып жазылатын мазмұндаманың мынандай түрлері бар;

1.Белгілі оқиғаға арналған бір сурет бойынша мазмұндама.

2.Бір оқиға мазмұнын ашатын сюжетті суреттер арқылы жаздырылатын мазмұндама.

Сурет және сюжетті суреттер бойынша жаздырылатын мазмұндамаларды түрлендіріп өтуге мүмкіншілік мол. Атап айтқанда, сюжетті сурет бойынша өткізілетін мазмұндама мәтініндегі қайырымдар мен сөйлемдердің орындарын ауыстырып беріп, оны суреттің сюжетіне байланысты түзеттіріп немесе орны ауыстырылған суреттерді мәтін мазмұны бойынша жүйеге түсіріп те жаттығу жұмыстарын жүргізуге болады. Мұндай мазмұндама түрлері оқушының ойлауы мен қиялын дамытып, шығармашылық қабілетін арттырады.

a) сурет бойынша мазмұндаманы мына жүйеде жүргізуге болады.

Алдын ала дайындалған қыс келбеті бейнеленген суретті іліп, сұрақ-жауап тәсілі бойынша дайындық жұмысы жүргізіледі.

1.Суретте жылдың қай мезгілі бейнеленген? Оны немен дәлелдейсіңдер?

2. Суреттің алдыңғы жағында кімдер көрінеді? Олар не істеп жүр?

3. Балалардың көңіл-күйлері қандай?

4. Ауа райы қандай деп ойлайсыңдар?

Суретке қандай ат қоямыз?

Қандай ой қортындысын жасаймыз?

Суреттің мазмұны жоғарыдағы жоспар бойынша талқыланып, сұрақтарға дұрыс берілген жауаптар іріктеледі.

Мұғалім осы сурет бойынша дайындап келген мәтінді мәнерлеп оқып шығады.



Сырғанақта


Қыс. Жексенбі күні болатын. Асан таңертең тұрып, терезеден сыртқа көз тастаса, түнде үлпілдеген ақша қар жауыпты. Көше де, үйлердің шатырлары да, көк тіреген биік ақ қайыңдар да ақ мамыққа оранған. Жаңа жауған аппақ қар асыл тастай жалт-жұлт етеді. Аспан шайдай ашық, айнала мүлгіп тұр. Үп еткен жел жоқ, тып-тыныш. Асан таңертеңгі тамағын ішіп, сыртқа шықты.

Балалар сағат он бір кезінде ауыл маңындағы өзенге жинала бастады. Олар өзеннің биіктеу жағына қар үйіп,төбешік жасаған болатын. Сырғанақ тебуге келе жатқан балаларға Асан да ілесті. Барлығы жылы киінген. Ауыздарынан бу бұрқырайды. Қыс қызығына ертерек жеткісі келіп, асыға басып келеді. Бәрі көңілді.

Өзен жағасы. Балалар беттерін аязға сүйдіріп, ойын қызығына берілген. Бірі төбеден етекке қарап шанамен зуласа, кейбірі өзенді тұмшалаған көк мұз үстінде коньки теуіп зырлайды.

Төрт бала қардан Аққала соғып, оған тезектен қара қас, сәбізден қызыл мұрын жасап әлектенуде. Қайдан әкелгені белгісіз басына түбі тесік шелек кигізіпті. Сонысына қарамай Аққала өте көңілді. Екі езуі құлағына жетіп, қыс қызығына түскен балаларға тамашалай қарап тұрған сыңай танытады. Сонымен бірге ол: "Балалар, ойынға беріліп, ертеңгі сабақтарыңды ұмытып кетпеңдер!" деп тұрғандай.

Табиғат ананың көңілсіз кезеңі жоқ. Әр мезгілдің өзіне тән сұлулығы мен қызығы бар.


Мұғалім мазмұндама мәтінін оқып болғаннан соң, әрбір қайырым суретпен салыстырылады. Балаларға мағынасы түсініксіз деген сөздер мен сөз тіркестері синоним сөздер арқылы түсіндіріледі. Кейбір сөздердің орфографиясын есте сақтау қажеттілігі ескеріліп, тақтаға жазылады.

Ұжым болып мазмұндаманың жоспары түзіледі.

Жоспардың үлгісі

1. Таңертеңгі табиғат көрінісі.

2. Өзен жағасында.

3. Балалардың қыс қызығы.

4. Балалар соққан аққала

5. Қортынды.


Мәтін мазмұнын құрылған жоспар мен суретті салыстыра отырып бірнеше оқушы айтып шығады.

Мұғалім қортынды жасайды. Балалар мазмұндама жазуға кіріседі.

ә) сюжетті суреттер арқылы мазмұндама жаздыру.

Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін алдын ала мәтін дайындайды. Сол әңгіме мазмұнына сай бірнеше суреттер әзірлейді.

Мұғалім дайын мәтіннің мазмұнын жоғарыдағы біз ұсынған әдіс-тәсілдер арқылы оқушыларға меңгертеді.

Әңгіме мазмұнын толық меңгертіп алғаннан соң, балалардан ұсынылып отырылған мәтін мазмұнына сай қанша сурет салуға болатыны сұралады. Оқушылар өз варианттарын айтып, ұсыныстарын дәлелдеуге тырысады. Нәтижеде мәтінді негізгі бөліктерге бөлуге, баяндалған оқиғаның құрамды бөлшектерін тануға, ең басты ондағы идеяны тап басуға дағдыланады. Сюжетті суреттер арқылы мазмұндаманың тағы бір ерекшелігі, біріншіден, сөзден сурет, екіншіден, суреттен сөз тудыру қабілеті қалыптасады. Яғни шәкірттердегі ойлаудың абстаракт- логикалық түрінің дамуына игі ықпал етеді.

Мысалы: 5-сыныпта Ж.Садықовтың "Түлкі" әңгімесі негізінде салынған сурет бойынша өткізілген мазмұндаманы келтірейік.





Түлкі


Қыс. Қақаған аяз. Қалың қар жәндік біткенді жатқан індерінен шығармай тастады. Ашыққан түлкі түн жамылып ауыл маңын торып, тауық тәрізді оңай олжа аңдуға кіріпті.

Ауыл шетіндегі қоралардан қонақтауға кіріскен тауықтардың қыт-қыттаған даусы оның құлағына келіп, көңілін алаңдата берді. Бірақ саңылау құлақ, сабалақ жүнді сары төбет абалап, қора маңына жолатар емес. Амалсыздан езуіне келген сілекейін жалап қойып, ауылдың екінші шетіне қарай жорытқан түлкі кенет тоқтай қалып, танауын желге тосты. Иә, ол қателескен жоқ. Мынау оқшау қорадан тауық исі ап-айқын келіп тұр. Әсіресе бұл қора маңында иттің жоғы түлкіні қатты қуандырды.

Тауық қорасының есігі мен қабырғасының берік екенін сезген соң, түлкі жапсарласа үйілген пішенмен өрмелеп қораның төбесіне шықты. Көп кешікпей оның өткір тырнақтары төбеге жабылған жұқа топырақты қазып, саңылау жасап та үлгерді. Аштық түлкіге сақтық пен қауіпті ойлатар емес. Ол қоранын ішіне оп-оңай секіріп түсті.

Тар қораның ішінде бір-біріне қақтығысып топырласқан тауықтар түлкінің тырнағы мен тісіне оңай ілініп жатты. Үш-төрт тауықтың жылы-жұмсақ етіне тойып бойы жылынған түлкінің ойына бұл қорада қалудың қауіпті екені есіне түсті. Ол шықпақшы болып төбедегі өзі түскен саңылауға қайта-қайта секірсе де, бойы жетпеді. Қораның астын қазып шығайын десе, тастан қаланған кенере қабырғаға түлкінің тырнағының әлі келер емес.

Көп кешікпей таң да атып, Айша шешей сиыр саууға далаға шықты.

Адам исі мен сыбдырын сезген түлкі есікке таяу кеп өлген болып сұлап жата кетті. Айша шешей тауықтардың мазасызданғанынан күдіктеніп, қораның есігін ашқанда, алдында өліп жатқан түлкіні көрді. Таң қалды. Тіпті түлкінің тыныс алғаны да білінбеді.

Аяқтары серейіп, ағаш сияқты қақиып қалыпты. Тіршіліктің ешбір белгісі байқалмайды. "Төрт тауықтың құнына түскен бұл түлкі қымбаттау болса да, терісін алып, Болатжанға тымақ тігіп берейін", деп ойлады Айша шешей. Осы оймен ол немересін шақырмақшы болып кері бұрыла бергенде, түлкі оның аяғының астынан зып беріп ата жөнелді. Айша шешей тек оның бұлаң еткен құйрығын ғана көріп қалды.

Мұғалім мазмұндама мәтінін дауыстап оқып шығып, әңгіме мазмұнын оқушыларға талқылатады. Оқиға желісі толық игертіліп болған соң, мұғалім:

- Балалар, бұл әңгіме бойынша қанша сурет салуға болады?

Мәтін бойынша неше сурет салуға болатындығы, әр суретте нелер бейнелену керектігі жөнінде оқушылардың ең таңдаулы ұсыныстары іріктеледі.

Балалардың ұсыныстары негізінде бұл әңгіме бойынша бес сурет салуға болатындығы анықталады.

Оларға мынандай тақырыптар қойылды.

Тапсырма: Мәтінді өздерің аяқтап шығыңдар.


1. Түлкі қора төбесінде.

2. Түлкі қора ішінде.

3. Өлген түлкі.

4. Алданған Айша апай.

5. Қашқан түлкі.

Ұжымдық талқылаудың негізінде сурет саны белгіленіп, мәтіннің мазмұнына сай олардың әрқайсысына нелер бейнелену қажеттігі анықталады.

Мұғалім алдын ала дайындалған суреттерді бірінен соң бірін тақтаға іліп, әр сурет бойынша талдау жұмысы жүргізіледі.

Талдау соңында әңгіме мәтіні мен суреттер салыстырылып бірнеше оқушы баяндап шығады.

Мазмұндаманың жоспарын құрмаса да болады. Өйткені әрбір суреттің тақырыбы жоспар есебінде жүреді.

Мұғалім қортынды жасайды. Оқушылар әңгіме мазмұны мен сюжетті суреттерді негізге ала отырып, мазмұндама жазады.




III. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама


Оқушының өмірге белсенді поэзиясын оның адамгершілік мінез-құлқының қажетті жағдайына айналатындай етіп қалай қалыптастыру керек? Жеке бастың белсенділігінің қандай қырларын осы процеспен байланыстыруға болады? Бұл сұраққа танымал ғалым Т.И.Шамова оқушының танымдық әрекеті: алдымен қиял мен ойлау белсенділігіне сыртқы әсер ішкі белсенділіктің нығаюына себепші, оның өтуіне бақылау жасаушы орта болып саналатындығына байланысты деп жауап береді. Әрине, аталған әрекеттің жемісті болуына септесетін фактор бұл ғана емес, өз бетінше қиялдау мен ойлауды да белсенді ету керек. Академик А.Д.Александров бұл орайда мектеп балаларға тек білім беріп қана қоймай, өз бетінше ойлауға да тәрбиелейтіндігін, ал мұның өзі қоғамның саналы мүшесіне керек қасиет екендігін атап айтады. Бұл тұжырымды академик М.А.Лавлернтьев те қостайды.

Оқушының өз бетінше ойлауын проблемалы ситуация туғызу негізінде, шығармашылық ойлау оқушылардың кез келген танымдық мәселесін шешуде әр алуан тәсілдерді іздестіру процесінде жүзеге асырылады.

Оқушының өз бетінше ойлау қызметін белсенді етудің жолы проблемалы ситуация туғызу ең тиімді тәсіл екендігін осы салада ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысқан ғалымдардың көпшілігі қуаттайды. Сонымен бірге, қабілеттілік, әсіресе, өз бетінше ойлау қызметі процесінде табысты дами түсетіндігі айқын. Осыған орай ойлауды белсенді ету үшін проблемалы оқытуды қолдану тиімді болмақ. Танымал психолог C.Л.Рубинштейн өз бетінше жұмыс істеу саналы әрекеттің қалыптасуы мен оның негіздігін көрсетеді деп тұжырымдайды.Міне сондықтан оқушының шығармашылық ойлауын дамытуда дайын мәтін бойынша мазмұндама жаздырудан гөрі, аяқталмаған мәтін бойынша жұмыс жаздыру анағұрлым тиімді. Білімді шығармашылықпен пайдалануда оқушылардан мазмұндама мәтінін сәтті аяқтау үшін алдыңғы бөлігіне жымдаса логикалық байланысқа түскен сюжет ойластырумен бірге оны көркем тілде баяндап жеткізу талап етіледі. Бұл әрекет ең алдымен игерген материалдардың синтезінен тұрады. Белгілі бір толық мәтінді түзу үшін оқушыдан үшқыр қиял мен шығармашылық ойлауды талап етеді. Егер оқушы мазмұндаманы талап деңгейінде орындап шықса, оның тасасында ұзақ ойлау процесі тұрғандығын естен шығармағанымыз жөн. Сол себепті оқушыларға мұндай қасиетті қалыптастыру үшін қажетті ситуация туғызылды деп түсіну керек.

Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама жаздыруда мақсат оқушыларды өз бетінше сюжет ойлап әңгімені әрі қарай жалғастыра отырып, сәтті шешім тауып аяқтауға дағдыландыру.

Бұл шығармашылық жұмыс түрінде мазмұндама мен шығарманың элементтері кездеседі. Бұрын ылғи дайын мәтінмен жұмыс істеп қалыптасқан оқушы алғаш рет өз ойынан әңгіме құрап, өзіндік ой қортындысын жасайды. Оқушы мазмұндама мәтінін сәтті не сәтсіз аяқтауы мүмкін. Ол басты мұрат емес. Мұғалімнің негізгі мақсаты баланы ойлантуға ситуация туғызу. Сол арқылы оның өзіндік "менінің" қабілетіне қанат бітіру, қайнар бұлағын ашу. Бала бойындағы "туа біткен тілдік қабілетін" ояту.

Мұғалім бұл жұмысты жеңілден ауырға қарай жүргізу принципі негізінде әрекет етіледі. Алғаш рет оқушыларға ұсынылатын аяқталмаған әңгіменің оқиға желісі, сюжеті суреттер арқылы бағыт- бағдар беру негізінде жүргізіледі. Демек, оқушылар аяқталмаған мәтінді сюжетті суреттерге және ұжым болып құрылған жоспар негізінде жазып шығады.

a)келесі кезеңде аяқталмаған мәтін жартылай түзілген жоспар, әңгіме соңына бағыт-бағдар беретін сюжетті суреттер негізінде мазмұндама жаздыру;

ә)аяқталмаған мәтін мен әңгіменің сәтті тұжырымдауға сілтеме жасайтын жоспар негізінде мазмұндама жаздыру;

б)соңына дейін түзілмеген жоспар мен аяқталмаған мәтін арқылы мазмұндама жаздыру.

Міне, осылайша, мазмұндама жаздыру бірте-бірте күрделеніп, оқушыларға "өнер алды" болып табылатын тілдің қыр-сырын игертуге, байланыстырып сөйлеуге игі ыкпал етеді.

Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама жаздыруға мысал келтірейік.





Ақылды жігіт


Бір қарт өзімен бірге жолаушылап келген жас жігіт туралы қызына:

  • Сөзінде кесапаты бар жігіт, - дейді, Сонда қызы:

  • Қандай кесапат көрдіңіз? - дегенде, қарт:

  • Ойбай, шырағым, оның күні бойы сөйлеген сөзінде кесапатсыз бір сөз жоқ. Әуелі ол: "Жол қысқартайын" деді. Мен: "Жол қалай қысқарады?" деген едім. Ол: "Бірімізді-біріміз кезек арқалап отырайық", - дейді. Мен оған: "Біз бір-бірімізді қалай арқаламақшымыз?"- дедім. Мұнысы былай тұрсын, бір кезде пісіп тұрған егінге кез келіп едік: "Ата, мына егін желініп қойған ба желінбеген бе?"- деп сұрады. "Орылмай тұрған егінді кім жеп қояды?"- дедім мен. Бұл мұнымен тұрсын:

Бір кісі өліп, оны қабырға қойғалы апара жатыр екен. Соны көре сала: "Ата, мыналар өлген адамды жерлегелі бара жатыр ма, әлде өлмеген адамды жерлегелі бара жатыр ма?"- дейді.

Одан шығып келе жатыр едік, ол: "Ата, жаңағы адам өлмеген екен", - дейді. Міне, мен оның осындай төрт кесапатты сөзін естідім?- дейді.

Сонда қыз тұрып:

Әке, бұл жігіт ақылды екен. Оның сөздеріне түсінбеген екенсіз.

Сұрақ-тапсырма

Қыз жігіттің ақылды екенін қалай дәлелдеді? Жігіт айтқан астарлы сөздің мәнін ажыратып, әңгімені аяқтаңдар.

Осылайша оқушының ойлауына итермелейтін ситуация туғызылуы. Оқушыны "неліктен?", "қалай?", "не үшін?" деген сұрақтар мазалайды. Олар өз ақыл-ойын, қиялын осы мәселені шешуге бағыттайды. Детирминді, яғни адамның белгісізді білгісі келу қажеттігінен туатын ой процесі пайда болады.

Ойлаудың мәселе шешуге бағытталуы оған проблемалық, ізденгіштік сипат береді. Бұл ойлау процесінің ең елеулі белгісі. Егер бала одан сұрайтын нәрсені білетін болса, онда ол ойланбайды. Ол есінде сақталған, бұрыннан бар білімін пайдаланады да "Ойлау проблемалар, міндеттер бар болғандықтан туады да белгісіздіктен, түсініксіздіктен белгілікке, түсініктілікке қарай қозғалу болып есептелді".

Мәселе нақты болса, міндет те нақты болады, соның нәтижесінде оны шешуге арналған ізденіс те дұрыс және дәл бағыт алады. Сондықтан міндетті нақтылап анықтау – оны шешу үшін жасалған алғашқы қадам болып табылады.

Жоғарыдағы "Ақылды жігіт" әңгімесі бойынша мұғалім оқушылардың алдында міндет қойды. Оқушылар өзінше іздеуі, ұқсас және әр түрлі шешім табуы керек. Өзіндік қортындыға келуі тиіс. Міне мұндай жағдайда оқу әрекеті айқын проблемалық сипатқа енеді.

Оқушы берілген тапсырманы дұрыс шешу баланың үлкен қанағаттану сезімін тудырады. Жүк жеңілдегендей болып, табыс қуанышы оқушының алдына жаңа, бұдан да қиын міндеттер қоюға, соны шешу үшін ұмтылуға итермелейді.

Әрине мұғалімнің қойған сұрақтарына кейбір оқушы талап деңгейінде жауап бере алмауы да мүмкін. Мұндай жағдайда ойлану болған жоқ деп айтуға негіз бар ма? Жоқ, ізденіс, адамға бұрын белгісіз нәрселерді ашу ретіндегі ойлау әрине болады, алайда дұрыс ойлау заңдылықтарын игермегендіктен сәтсіз аяқтады. Мәселені дұрыс шешкен оқушылардың еңбектерін үнемі талқылау арқылы оларға бағыт-бағдар беріліп, шындықты жаңаша түсіну жолы қалыптастырылады.

Жоғарыда келтірілген әңгімені сәтті аяқтаған оқушының мазмұндамасын мысалға келтірейік.

Сонда қыз тұрып:

"Әке, бұл сөздерге түсінбеген екенсіз. Оның бірінші, "Кезек арқаласып отыралық дегені, кезек-кезек әңгіме айтып, отырайық. Жол қысқарғандай болып, тез жетіп қаламыз", - дегені. Екінші, "Мына егін желінген бе?" дегені, "Байдікі ма, кедейдікі ме?"- деген екен. Байдікі болса, кісі жалдап, өз көлігімен жыртып, өз тұқымын себеді. Өнімін ертең өзі алады. Кедейдікі болса, ол сорлы тұқымды несиеге сатып алады, жерді көлік жалдап жыртады. Түскен өнім борышынан аспайды. Сондықтан ол шикілей жеп қойғанмен бір есеп болады. Үшінші, "Аналар өлмеген адамды жерлегелі бара ма, өлген адамды жерлегелі бара ма?"- деп сұрағаны, "Баласы бар ма?"- дегені. Ол адамды жерлегенде, оның балалары барлығын біліп: "Өлмеген адам екен " дегені сол болу керек. Артында қалған баласы бар адамның аты өшпейді, сондықтан ол өлмеген, - деген екен. Сіз оның жұмбағын шеше алмаған екенсіз", - депті.

Қарт өзінің қате ойлағанын сезіп, жігітке:

- Мен сенің айтқан сөздеріңе түсінбей, іштей саған қатты ренжіп едім. Олай емес, сен ақылды жігіт екенсің, дейді.


Қорыта айтқанда, мазмұндама оқушылардың көркем шығармашылық қабілетін дамытуда атқаратын рөлі ерекше. Көркем сөздің, көркем ойдың, ұшқыр қиялдың құдіреті сол: сезім тазалығын, шынайылығын қалыптастыратын адамның психикасын дамытатын сиқыр күш, жан бар онда. Баланы көркем сөз өнерін үйретудің, баулаудың ең басты қажеттілігі осында.



































ІХ СЫНЫП


Итпен арбасу


Наташаның әкесі үйде жоқ еді. Ауру шешесін жалғыз тастап, таңға жақын партизандарға қашып шықтық. Іле немістер де қуа шықты. Сүйенішім де серігім де жалғыз Наташа. Ол мені сүйемелдеп келеді, мен немістермен атысуға әзір келемін. Немістер иісшіл итін жетектеп соңымыздан қуып келеді. Мендегі қару - екі гранат пен бір наган. Наганымда алты оқ бар. Өмірімізге тұтқа сол ғана.

Қалың орманға енді іліге бергенімізде, немістер көкжал қасқырдай бір итін бізге қоя берді де, екінші итін ұстап қалды. Мен енді қашып та, жасырынып та құтыла алмайтынымды біліп, ағаштың қалың ішіне кіре бере, иттің жолын тостым. Немістердің иті де өздеріндей өлермен болады екен. Атқан оғым тимей кетіп еді, ол жата қалып жер бауырлап жылжыды. Мен ағашты қалқалап үнсіз тұра қалдым. Қалың шөптен қарасын көрмесем де сезіп тұрмын, ит құлағын жымитып алып, тұра бас салғалы келеді. Енді бет бұруға да болмай қалды. Көзім тайса, кеткенім. Ит бір секірсе, желкемнен ала түсетін жерде жатыр. Енді қайттім? Атайын десем, оқ жолында бұталар тұр. Атпайын десем, қуғыншылыр жақындап қалды. Кете берейін десем, ит қылп еткізер емес. Дүниеде итпен арбасқан қорлық екен, ыза болып не істерімді білмей тұрып қалдым. Сол сәтте Наташа менің сырт жағымда он қадамдай жердегі биік қарағайға шыға бере дыбыс білдіріп еді, ит оған тұра ұмтылды. Сол кезде мен оны атып қалдым. Оқ басына тиген болу керек, қаңқ етіп аспанға бір секірді де, қайта құлап түсті. Бірақ қауіптен әлі құтылған жоқпыз. Немістердің текеше бақылдаған даусы жақын жерден және әр тұстан шықты. Олар бізді қоршап алуға айналған екен. Бір-екеуі бізді көріп қалды да, атып-атып жіберді. Қамалымыз да, қалқанымыз да қалың қарағай. Соның қабатынан қаша атысып, шегіне бердім.

  • Наташа, енді біз құтылмаймыз: бұлар көп, біз аз. Оқ болса таусылып келеді. Мен бұларды бөгей берейін, тым болмаса сен құтыл. Сенің тірі қалуыңа мүмкіндік бар, тез кет!- деп едім, ол басын шайқап: "Жок, аға", - деді де, ғайып болды.

Мен немістің әзірше екеуін жайраттым. Енді екі бүйірімнен қысқалы келе жатқандары байқалады. Ол екі топ неміске қалған оғым да екеу-ақ, Дұрысында, оларға арналған оғым біреу ғана, екіншісін өзіме жұмсамақпын. Әр ағаштан бір ұстап, әр ағашқа бір паналап ілгері жылжып келе жатыр едім, оң жақ бүйірімнен немістің төртеуі бірдей шыға келді.

Екі гранатым соған кетті. Енді қалған жалғыз оқты сол жағымда келе жатқан немістерге кезеп жуан қарағайдың үстіне отыра қалып едім, олар нысанама іліне қоймады. Жіңішке қарағайдың тасасында тұрған жуан біреуіне оғымды жіберіп едім, тимей кетті. Енді оларды қойып өзіммен өзім алыстым. Өмірімнің соңғы минутына дейін жауды қалай, қай жерінен атуды ойласам, енді өзімді қалай, қай жерімнен атуды ойлай бастадым. Бір минут кешіксем, қолға түсем. Тез өлу үшін не басымнан, не жүрегімнен атуым керек. Бірақ бұл екеуін оққа қимадым. Басқа жерімнен атсам, тез өлмеймін де, қолға түсіп текке қор болам. Енді қайттім? Арпалысқан осындай ауыр ойда отырып қалып едім, қасыма біреу жетіп келді де, автоматты сатырлатып қоя берді. Наганымды өз кеудеме тірей ұшып тұрсам, автоматпен бірге дірілдеп нақ қасымда Наташа тұр.

Мен көмекке бір полк әскер келгендей қуанып, не дерімді де білмей, қолымды созып едім, Наташа неміс автоматын ұстата берді. Ол жаңағы жерде өлген немістің автоматы екен. Бірақ оғы аз болып шықты. Анда-санда жақындап келген жауды бір атып қойып, ілгері жылжи жөнелдік.

(Ә.Әбішев)


Мазмұндау жоспары

1. Қуғынға түсу.

2. Итпен арбасу.

3. Қоршауда.

4. Өмір мен өлім арпалысы.

5. Наташаның ерлігі мен тапқырлығы.




Бүркітші


- Беке, өзің мына шоқыға шыға ғой, - деп, Жәнібек сол жақтағы оңашалау тұрған биікшені көрсетті де, өзі атын тебініп ілгері қозғала беріп:

- Мен мына алдыңғы қорымды қағып берейін. Тақ осында түлкі жатыр! -деді.

Бекбол "мақұл" деген сөзін айтпастан-ақ торыны тебініп, сол жаққа қарай өрлей жөнелді. Біраз минут өткен кезде ол биікшенің басына шығып, Қызылбалақтың томағасын да тартқан еді.

Мерзімді қыран томағасы алынысымен, көзі жайнап ашылып, қабағын бір қақты да дүр-дүр сілкініп, алып Жәнібектің алдыңғы жағына қадалды. Анда-санда ердің қасын тақылдатып, ақырын ғана ысқыра түсіп, Жәнібек қорым тастың етек жағын әрлі-берлі сүзіп жүр. Бұл өңірдің түлкісі әлі қашқылық, қуғылық көрген жоқ. Қорым тасқа түнгі жортуылдан таң ата кеп жатқан түлкі дәл үстінен түспесе, қаша да қоймайды. Сондықтан Жәнібек бұл

шатты арылта қарап жүр.

Қызылбалақтың қызыл шегір көздері "қайдасың?" дегендей боп, бір сай бойын тінтіп, шаншылып қапты.Бекбол түлкі жайында құсы мен Жәнібекке сенген тәрізді. Томаға тартысымен, Қызылбалақтың шынжырын алып, беліне қыстырды да, өзі олардың селдір қарағайлы тас биіктеріне көз жіберіп, жағалай қарап тұрды. Сөйткенше бір сәтте Жәнібек аң көргенде істейтін машығына сап, саңқ етіп дауыстап қалды. Сол дауыс жетер-жетпесте, лезде Қызылбалақ та Бекболдың балдаққа салып тұрған қолын серпе теуіп жіберіп атқи жөнелді. Құр дауыспен ұшқан жоқ, көріп ұшқан сияқты, етпетінен түскендей болды. Қанатты екі-үш рет шапшаң сермеп, қысып-қысып қалғанда, Ожардың басын ала өрлей салып, қайқаң қағып биіктей берді. Ұшқаны жаңа ғана болса да, талайдан қанаты жазылып, көсіліп ұшып келе жатқан жеңіл құстай самғай жөнелді.

Құсының биылғы түлегі талай жылдан бері бір ойдағыдай боп өткен армансыз түлек сияқты еді. Осылайша "ә" десе, "мә" дегендей боп тұтқиылдың өзінде-ақ азынай сермеп жөнелуі құсының осы кездегі зор күйін, нағыз бабын білдіргендей болатын. Қарадай қағып жүрсе де, осы он-ақ күннің ішінде отыз түлкіні бір өзі қаққан Қызылбалақ "күйсізбін" деп, айтпаса керек. Құс керегінше биіктеп ап, енді қалқып ұшып, бір сәтте Жәнібектің алдына қарай, қиыс өте берді. Бекбол тебініп жіберіп, шоқының басынын сайға қарай түсіп келеді. Екі көзін Қызылбалақтың қимыл, құбылыстарынан айырмай келе жатыр еді. Жәнібек те лекітіп шауып барады. Түлкінің бойын Жәнібек әлі көрген жоқ. Тас-тастың жотасына шықпай, далдалап зытып бара жатқан тәрізді. Қызылбалақ Жәнібектен оқ бойындай өтіп барды да тағы бір рет, соңғы рет ырғығандай боп, төстиіп, сопаң етті. Өрлеп шығып ап, сол бетінде жарқ беріп, шұғыл бұрылып төмен қарай зу етіп, құлай жөнелді. Айнитын құс емес, "қолында өлемін" деп-ақ құдиған сияқты. Тура тастаған тастай шаншылып кеп, қорым тастың ар жақ қабатына бір-ақ жоқ болды. Жәнібек те шауып барып атынан түсіп, ұмар-жұмар боп қалды.

Қызылбалақ сорғалай жөнелгенде, Бекбол атын іркіп, "қалай түсер екен, теуіп қайта шығар ма екен, жоқ бір-ақ айқасар ма екен?" деп, оны да бір сын бағып тұр еді. Ешбір уақытта өзінің салқын сабырынан, сергек сыншылдығынан айрылмайтын ұстамды, тартымды Бекбол ғой. Осындай қан қызудың үстін де Қызылбалақты да өзінің үнемі бақылауынан босатпайтын. Енді не болса да болды деп, ақырын ғана аяндап отырып, қорым тастан асып түсті.

Жәнібек бұл кезде өлі түлкінің тілін суырып ап, кәрінің алғыр қыранын қызылдатып отыр екен. Бекбол аттан түспей тұрып:

- Не болды, қалай түсіпті? - дегенде:

- Теуіп түскен, белін сындырып жіберіпті, мінеки, деп, жайрап жатқан қызыл тағының бүктетіліп түскен белін нұсқады да:

- Әй, сорлының дер кезі-ау деймін. Биылғы жыл тақ осылай түскенін алғаш көргенім осы, - деді.

Құсының шын бабына Бекболдың көзі анық жетті.

(М. Әуезов)


Әңгіме өткізу үшін сұраулар:

1. Жәнібек ұсынысына Бекбол қалай қарады?

2. Жәнібек неге дауыстады, бұл дауыс Қызылбалаққа қалай әсер етті?

3. Құстың бірден тез ұшуынан нені аңғаруға болады?

4. Қызылбалақтың бұл жолғы түлкі алысында қандай ерекшелік бар?


Тапсырма: Мәтіннің күрделі мазмұндау жоспарын жасап, автор сөзіне жақындата мазмұндап жазыңдар.




Боранды түнде


Иса қуған бір топ қойдың қанша екенін ешкім аңғарған жоқ. Әйтеуір, ықтырманы тап ортасынан жел құлатып кеткен сәтте, ырық бермей кеткені мәлім.

Иса айқайын үзбей отырып, әбден өкпесі күйген шағында, ыққан қойды қуып жетті. "Шайт-шайлап" арасына кірейін деп еді, біріне-бірі сығылысып алған тоңған қойлар жорта отырып жол бермеді. Сонан соң таяғымен шеткі қойларды жасқай отырып, жүгіре түсіп алға шыға берді. Осы сәтте, беті жел өтіне қарсы қарағанда, дауылды соққының қандай қатты, кәрлі екенін енді аңғарды. Бет қаратар емес. Омырауын аша соққан үскірік өзінің де мойны мен бетін, кеудесін, қол-басын қарып барады. Сонда да қойдың алдын іркілтпек боп айқайын салып, кейде зекіп, кейде "шайт-шайт"деп, қатты арпалысты. Басын амалсыз тұқыртқан өткір соққы кейде өзін де құлатып кете жаздайды. Омырауын асығыс қымтай жүгіріп, қойды сәл-сәл байыздата беріп еді. Дәл осы кезде, сол жақ бүйірден қалың шоғыр кеп, қара барқындап жұмарланып бір тасқын ақтарыла берді.

Иса жинап топтаған қой шамасы елудей еді. Сол қойлар енді тас-талқан боп, маңырай шулап дүркірей, бытырай безіп жөнелді. Иса енді ғана аңғарды. Жаңағы ағынды шоғыр, кәрлі тасқын, анық осындайдағы апат жау қасқыр тобы екен. Жақындап ағызған топтың ырсылдап, тістері сақылдап, құтырына құлшынған зәрі білінді. Маңырап безген қойлар енді Исадан жалынып жәрдем тілегендей. Байдың малы, Зімбай иттің малы болса да, қой байғұста не жазық бар? Жасынан осындай жануар қасында үнемі жанасып өскен Исаның мына малға жаны қатты ашып кетті. Ол енді ес те жиып алды. Өзіне де оқыс болған ызалы қайратқа мініп, айқайды салып, қасқырларға ұмтылды.

Жаяу, жалғыз Исаға қарсы қойға шапқан қасқырдың саны бесеу екен. Исаның жанынан ағындап өтіп, айқайын елеместен қойға шапты. Иса арттарынан ұша ұмтылды. Сол сәтте алдыңғы ақшыл бөрі осы топтың анасы қаншық қасқыр екен, бара бір саулықты алып соқты. Өзгелері жақында әрлі-берлі жосып жүрген қойларға қарай ағыза берді. Иса енді айқайын елемейтін аңғарды таныған соң, басқа бір тәсілге мініп алған. Үлкен қойды алып соққан тыпырлаған қойдың тамағын орып-орып жіберіп, жайратып тастап, енді басын көтере беріп еді, дәл осы шақта үнсіз жеткен Иса шоқпарын құлаштап көтеріп ап, ақ қасқырды дәл қара тұмсықтан беріп кеп кетті.

Өршеленген жігіт шоқпарын көтеріп ап, тағы соқпақ еді, сол сәтте жаңағы қасқырдың ойда жоқта омақаса құлап түскені көрінді. Өзі тамақтаған қойдың басына қатарласып, өз басы да сылқ түсіп, тырая кетті. Қара тұмсықтан тиген соққыға ит те, қасқыр да осал болатынын Иса қөптен білетін. Соны ойлап қасқырдың жонынан ұрмай, тұмсығын меңзеп ұрған. Енді өзіне-өзі сүйсініп: "Ал, бәлем… Шоқ…Жат… солай!" деп тағы да екі-үш рет тұмсықтан періп-періп жіберді де, жүгіре жөнелді.

Жүгіріп келе жатқан Исаны ес көрді ме, маңырап аңыраған қойлар мұның үстіне қарай ақтарылды. Арттан ағындап жеткен бір бөрі Исаның ұмтылғанына қарамастан, мұның қақ қасынан қойларды бөле-жара араласа беріп еді. Иса тағы да тұмсығынан көздеп қара шоқпарды сілтеп кеп қалғанда, бұл бөрі де тыраң асты. Ол күшік қасқыр болатын. Жаңағы ақ қаншықтың биыл баулып өсірген үш бөлтірігі қазір қомағай өжет қасқыр боп, осы апатқа араласқан-ды.

Иса бұл қасқырды да тұмсықтан пәрмендеп, мыжғылай ұрып сілейтіп салып, тағы ұмтылды. Енді қойға пана бола алмаса да, қасқыр тобымен жалғыз, жаяу алысқан және оларды біртіндеп жайратқан өз қайратын өзі тамашалай түседі. Бар денесі сұрапыл суықты елемей, жаурағанды ұмытып, оттай қызып, қайнап апты. Өмірі өшпес жауға жұмсамаған есіл қайрат, қайтпас қажыр, сыймас ерлік бар екен мойнында. "Жазым болармын, жаяу, жалғызбын ғой!" деген ой басына кіріп-шығар емес. Қатерді мүлде ұмытқан, тек қана алысуға, қарысуға, табандап тұрып алысуға тісін нық басып апты. Тағы да жұлқысуға құмартып ұмтылып берді. Жүгіріп ұшып қойға жетіп келгенде, бір кішілеу бөрі бір қойды алып соғып еді. Енді тұмсығы дәл келмесе де, сырт қарап жұлқынып жатқан бөрінің қарағұсынан періп кетті. Қасқыр бұған қарай арс етіп ұмтыла беріп, қираландап тәлтіректей басып еді, оттай ыстық қайрат кернеген Иса бұл қасқырды тағы тез періп жіберіп қатыра құлатты.

Койлар маңырауын қоймастан, Исаның айналасына үймелей, дөңгелей қашып, босып жүр. Енді бір сәтте, талай қойды сұлатып, тамақтап өлтірген дөңбектей қарабарқын арлан бөрі тағы кеп араласты. Қанға масаттанып, көзі тұмантып алған қорқау Исаны көрер емес. Бұл осы топтың басшы, қанды аузы болатын. Бағанадан бері бір өзі кейін жемек боп, он қойды сұлатқан-ды. Қап-қара түн болса да, көзі өте көреген Иса бұл бөріге бағанадан бір кезіге алмай, тісін басып жүрген. Қазір сол арлан үлкен бір қошқарды көтеріп ұрып, ыңқита соқты.

Үнсіз алысқан Иса жетіп келгенде, көкжал арлан да көлденең кезікпей, сыртымен тұрып арпалысып жатыр екен. Иса жаңағы жас бөріге істеген әрекетін істеп, пәрмендеп тұрып қарағұстан қатты періп кетті. Қасқыр солсәтте, қойды тастай беріп, барынша гүр етіп, Исаға қарай тап берді. Қақ шекесінен қан сауғалап қоя берсе де, бұл қорқау тың екен. Оқ тигенде, жара түскенде өршененіп кетіп, адамға қарсы ұмтылатын қасқыр әдеті енді кезікті.

Жақыннан шапшыған тайдай қасқырды енді тағы ұрамын деуге, шоқпар сілтеуге келген ер азамат енді шоқпарын көлденең ұстап, қарсы ұмтыла берді. Ыршып шапқанда балғадай тістері сақылдап арс еткен қасқыр саның сол жақ иығына ауызды сала түсті. Иса шапшаң бұрылып, жұлқынып қалып еді, қасқырдың аузы етіне тимей, тайып кетті. Бірақ ескі шапанның бір жақ жеңін, тұтас өңірін дал-дал қып бөксеріп түсті.

Иса жыртылған жеңінен шапшаң ғана қолын жұла суырып алып, енді ақыра айбат шегіп айқайды сала тұрып, қасқырды шоқпармен қатты ұрып жіберді…

"Не өліп, не тірілсем де, тағдырым сенімен болды ғой, келсең, кел енді!" - деп, айқай сала, Иса шоқларды түсіріп жіберіп, қасқырдың денесі өз денесіне жеткенше, лезде алқымынан қос қолдап ала түсті де, тіреп, сығымдап тұрып алды.

Қанша мезгіл өткенін білмейді. Қарысудан білегі, саусақтары әбден талып, өзі де енді болмаса сүрінердей боп, бар сүлдері құруға айналған шағында, Исаға жәрдем жетті.

Мұның артынан ауылдан тағы бір көрші кедей Қаңбақты да жөнелткен екен. Сол енді жете бергенде Исаның дыбысын естіп асыққан-ды, Исаның тілі тек қана:

- Сал, пышақ, сал өкпесінен!- дегенге келді. Қаңбақ қолындағы қарыс қара пышағын шапшып тұрған қасқырдың қақ жүрегіне қор еткізіп салып-салып калды. Сөйтуі-ақ мұң екен, тайдай арлан талдай сынып түсті.

(М. Әуезов)


Мазмұндау жоспары

1. Исаның дауылды түнде ыққан қоймен арпалысы.

2. Қасқырлар тобының қойға араласуы және әрекеті.

3. Исаның ақ қасқырды соғуы.

4. Есі шыға босыған қойлар және күшік қасқырдың әрекеті.

5. Исаның қайтпас қажыр, таймас ерлігі.

6. Исаның "басшы қанды ауызбен" жекпе-жекке түсуі.


Тапсырма: Берілген жоспарды кеңейтіп, күрделі жоспар жазыңдар. Исаға мінездеме беру түрінде мәтінді мазмұндап жазыңдар.



Ақылгөй торғай


Бір қарт базарға барып қайтайын деп қалаға бара жатып, жолда бір баланың бұта түбінде тұзақ құрып отырғанын көреді. Сол сәтте аспанда бір торғай шырылдап:

- Ей, бала, мен алпыс жасаған торғаймын. Тұзағыңа қонбаймын. Алты жасар баласың. Мені қайтіп аласың? - деп сайрап тұр екен.

- Бұйырса, өзің-ақ келіп түсерсің, - деп бала тұзағын құрып отыра беріпті.

Бұл екеуінің сөзіне қарт онша көңіл бөлмей, өз жолымен жүріп кетеді. Қарт ауылға келе жатып, баланың манағы торғайды тұзақтан босатып алып жатқанын көреді.

- Балам, осы олжаңды маған байлашы, - деп, қарт баланың торғайын сұрап алады.

Қарт былай шыққан соң торғайдан:

  • Сен ғой мана таңертең баланы мазақтап, "Тұзағыңа қонбаймын, алпыс жасаған торғаймын" деп сайрап тұр едің. Қалайша тұзаққа түсіп қалдың?- деп сұрайды.

- Қария, жаңа қатты жел тұрып, бұршақ жауды. Бұршақтан қорғалап бір бұтаны тасалап едім, тұзаққа қалай түсіп қалғанымды байқамаппын. Мен асылық айтқан екем, - деді торғай. Сөзін жалғастырып:

- Ал енді сізге үш ақыл айтайын, мені босатыңыз.

Онсыз да қоя берейін деп келе жатқан қарт:

- Жарайды, ақылыңды айт, - деп келісім береді.

Бірінші ақылым - көзің көрмей сенбе, екінші ақылым - өнбесті қума, үшінші ақылым – өткенге өкінбе, - дейді торғай қартқа қарап.

  • Түсіндім, - деп қарт торғайды босатып жібереді. Торғай анадай жердегі бір тастың үстіне барып қонып:

- Қария, мен неге ұша алмай отырмын?- депті.

- Мен қайдан білейін, - депті қарт.

- Қанатымның астында асықтай алтын бар еді, соны көтере алмай отырмын.

Мұны естіген қарт торғайдың алтынын алмақ болып, торғайға жақындай түседі. Таяп қалғанда торғай қарғып екінші тасқа қонады. Қарт тағы ұмтылады. Торғай тағы секіріп кетеді. Ол қуа-қуа әбден шаршап, аты бір жақта өзі бір жақта қалады.

Сонда торғай:

  • Сіз мен айтқан үш ақылдың бірде-біреуін түсінбеген екенсіз, - депті.

  • Қалайша? деп ашуланды қарт.

Сонда торғай:

- Бірінші ақылым - "Көзің көрмей сенбе" дедім, сіз көзіңіз көрмей тұрып, менің қанатымның астында алтын бар дегенге сендіңіз. Мен не бәрі өзім асықтай ғанамын. Сонда менің қай жеріме асықтай алтын сияды? Екінші ақылым - "Өнбесті қума" дедім. Сіз мені ұстай алмасаңыз да, өнбес істің соңына түсіп, әбден қалжырадыңыз. Үшіншісі -"Өткенге өкінбе" дедім. Сіз сол өткен қателіктеріңізге қатты өкініп, қапа болдыңыз. Үш ауыз ақылдың мәнін енді түсінген боларсыз,- депті де, торғай өз жайына ұшып кете барыпты.

("Ел аузынан" кітабынан)




Ақылды қыз бен тапқыр жігіт


Бір атақты бай қайтыс болып артында аса көрікті, ақылды жалғыз қызы мен мыңғырған малы қалады. Қыздың сұлулығы мен бай жасауына қызыққан небір бай-мансап пен би-болыстар өзара таласып, қыз аулына айлап жатып алады. Иттей ырылдасқан қызыл көз пәлелерден мезі болған қыз былай деп жар салады:

- Сендер көпсіңдер, мен жалғызбын. Екі жұмбақ айтамын. Сол жұмбақтың шешуін тапқан жігіт маған да, анау өріс толған малға да ие болады. Жұмбақты шеше алмағандар киімін шешіп, үстіне бал жағып, тауықтың қауырсынына аунайды. Сол бетімен атын осында тастап, еліне жаяу қайтады.

Сөйтіп кеудесін қағып, күпсінген атқамінерлердің тапқырлығы безбенге түседі. Жұмбақты шеше алмаған көп мырзалар әлгіндей масқара халде жаяу қайтады. Мұны көріп тауы шағылған өзге жұрт тарай бастайды.

Осылай отырғанда ақ боз ат мінген бейтаныс жігіт келеді.

- Уа, халайық, кедей-кепшіктің жүзі жадырап, бай- мырзалардың қабағы қатып қапаланғанын көргенім осы. Не болып жатыр бұл ауылда? - деп сұрайды.

Ел мән-жайды түсіндіреді.

- Пәлі, - дейді бейтаныс жігіт, - қыз жұмбағын шеше алмасам жігіт болып жер басып жүрдім не, жүрмедім не, тәуекел кіремін.

- Ессіз болмасаң еліңді тап. Сен түгіл ел билеген болыс-билер де қыз жұмбағын шеше алмай тауықтың қауырсынынан тон киіп, масқара болған, дейді көп мырзаның бірі. Жігіт олардың айтқанын тындамай ордаға кіріп барып, төрде отырған қазылардың алдына қамшысын көлденең тастайды.

- Құрбымның барлық шартын естіп келдім. Жалғыз атты кедей едім. Осы жолы мыңғырған мал айдап, айдай сұлуды құшып елге қайтармын. Айтсын жұмбағын!

Сонда қыз алғашқы жұмбағын айтады:

  • Ертеде екі батыр жігіт ақылы мен көркіне ел аузына іліккен қызға бір мезгілде құда түсе келеді. Қызды қайсысына берерін білмей ауыл ақсақалдары қатты сасады. Біріне берсе, екіншісі ерегісіп екі ел арасында дау-жанжал туады. Ақыры қыздың өзі ақыл табады. Қыз екі жігітке:

  • Екеуің де екі елдің бетке ұстар азаматысыңдар. Біріңнен біріңді кем көрмеймін. Бірің боз ат, бірің торы ат мініп келген екенсіңдер, қайсың болсаңдар да бақтарыңнан көр. Сонау көрінген қарауыл төбеге барасындар да осы жерге дейін жарысасындар. Жарыста кімнің аты қалып келсе, мен соның етегінен ұстаймын, дейді.

Екі жігіт қыздың қулығын қарауыл төбеге барғанда бір-ақ біледі. Қыз уәдесі бойынша кімнің аты қалып келсе, соның етегінен ұстамақ. Екеуінің де қалып барғысы келеді. Бұлар: "Ал кеттік, ал кеттікпен" әбден шаршап тұрғанда қастарына желмая мінген бір қарт кісі келеді. Жөн сұрап, мән жайға қаныққан қарт екеуіне бір ақыл айтады. Жігіттер қарттың айтқан ақылын орындап, ауылға қарай жарыса жөнеледі. Бірінен бірі озуға тырысады.

Дана қарт қыздан дәмелі екі жігіттің бірінен бірі озуға жан салып, жарыса жөнелетіндей қандай ақыл айтты екен. Осыны таба ғой, жақсы жігіт.

  • Ойлануға бие сауым уақыт, дейді қазылардың бірі.


Сұрақ-тапсырма: Иә, қарт жігіттерге қандай ақыл айтты екен? Соншалықты шаба жөнелетін.


Қыз екінші жұмбағын айтады:

  • Ертеде бір өлкені жайлаған қырық байдың ғажайып сұлу қырық қызы болыпты. Олардың әрқайсысы іштей: "Мен бәрінен сұлумын , ақылдымын, аруға тән нәзіктік тек менің ғана бойымнан табылады"- деп ойлайды екен. Біріне біреу құда түскелі келе жатыр дегенді есітсе, қалғандары бір түнде барып күйеу жігітті өлтіріп кетеді екен!

Күндердің күнінде сол қырық қыз өзара келісіп, Барса келмес деген аралға барып, көңіл көтермекші болады. Олар: "Аралға келген мейлі жас, мейлі кәрі болсын еркек кіндік өлтіріледі" деп жариялайды.

Қанша уақыт өткенін кім білсін, бір күні бір балықшы жігіт қайығымен дауылдан ығып аралың жағалауына шығап қалады. Бақытсыз бейбақты аң аулап жүрген қыздар ұстап алады.

  • Өлер алдында соңғы тілегіңді айт! Қазір біреуміздің қылышымызбен басың алынады, дейді қыздар. Сонда жігіт: соңғы жалғыз тілегін айтқан екен. Қанышер қырық қыздың біреуі де оған қару көтермей босатып қоя беріпті. "Аралға келсе өз әкемізді де өлтіреміз" деп серттескен қыздарға тоқтау салған қандай тілек екен? Жауабын тап та, маған және мына мал-мүлікке иелік ете бер. Таппасаң бал салған күбі босағада тұр. Тауықтың қауырсыны да сонда тұр, - дейді қыз.

- Ойлануға бие сауым уақыт, - дейді қазылардың бірі.


Сұрақ-тапсырма: Қарақшы қыздарға босатып жіберетіндей жігіт қандай тілек айтуы мүмкін?


Жауап: Бірінші жұмбаққа жігіт былай жауап береді.

- Екеуі де ақымақ екен. Дана қарт оларға аттарыңды ауыстырып мін деп ақыл айтты. Қыз басында: "Қайсысыңның атың қалып келсе, соған тиемін" деді ғой. Ендеше қайсысы болса да бақталасының астындағы өз атын қалдыру үшін, ананың атын оздыруға өз атын қалдыру үшін ананың атын оздыруға күш салатыны белгілі.

Жігіт екінші жұмбақты былай шешеді:

Ақыл ажалды да жеңеді. Ақылды жігіт қылышын жалаңдатқан қырық қызға:

- Менің басымды осы тұрған қырықтың ішіндегі ең ажарсызбын, ең ақылсызбын, ең сорлымын, күнәға батқан бейбақпын дегенің кес, - дейді.

Әрине, бұдан кейін мен бәрінен артықпын, сұлумын да, ақылдымын деп бақталасып жүрген қыздардың ешқайсысының да қылыш көтере қоймайтыны белгілі.

Ақылды қыз тапқыр жігіттің алдына келіп, басын иіп, тәжім етіпті.


Күлтегін мен Білге қаған


Түркі қағанатының шаңырағын көтеріп, ел басынан ұшқан бақты қайта қондырып, "Елтөре" деген атаққа ие болған Құтылығ (Гудулу) қаған 691 жылы қайтыс болды. Артында әлі қабырғасы қатып, бұғанасы бекіп үлгермеген екі жас баласы қалады. Құтылығтың үлкен баласы- Могилян (қытайша аты, түрікшесі белгісіз) онда, ал кішісі Күлтегін жетіде болатын. Қаған балаларының жас болуына байланысты ел билігінің тізгінін оның інісі Қапаған өз қолына алды.

Қапаған әуелгі кезде ағасының ісін алға жалғап, еліне ел, жеріне жер қосқан түркінің әйгілі қағандарының бірі болды. Бірақ ол бұл абройын ұзақ сақтап тұра алмады. Елі күшейіп, жері кеңейіп, төңірегінде енді терезесі теңесер ешкім жоғын білген соң, өзінен басқаны елемей, серіктестеріне қатыгездікпен қарай бастайды. Қарсы келгенді аяусыз жазалайды. Оның осы қатыгездігінен мезі болған тайпа көсемдері жұртын бастап, одан бөліне қашып барып, табғаштарға беріліп жатты.

Қапаған қаған осы кезде оң-солын танып, ел ісіне араласа бастаған ағасының екі баласына да қатыгездік танытады. Әсіресе, қызу қанды, шалт мінез, көзсіз батыр Күлтегінге сезікпен қарап, оны жауапты істен ығыстыра бастайды. Мұрагерлік жолмен таққа отыру кезегі Могиляндікі болғанына қарамастан, өзінен кейінгі тақ иесі етіп үлкен баласын Фугүйді белгілеп, кіші хан етіп екінші баласы Инелді тағайындайды. Қаған ағаларының осынау қиянатын көріп жүрсе де Құтлығ балалары оған қарсы келмей іштен тынады, ақырын күтеді.

Екеуінің басы бірікпесін дегендей, Қапаған соңғы кезде Могиянды ордаға жақындатпай қойды. Қашқан тайпаларды қайырып, үнемі сыртта жүреді. Күлтегін іштей күйініп, неге болса да дайын тұруға бекінді. Қапаған ағасының әр қимылына зер салып, сақтықпен қарай бастады.

Жаз шыға тоғыз оғыздар бас көтерді. Қапаған Күлтегінді ордаға шақырды. Ол жауға аттандыратын шығар деген оймен ордаға жауынгерлерін ерте келді. Алайда, күткеніндей болмады. Оғыздарға қарсы жорыққа әскерді Қапағанның өзі бастап кетті де, мұны тағы да орданы күзеттіруге қалдырды. Күлтегін бұған қатты қорланса да,сабырлық сақтап, сыр бермеді. Бірдеме деп қарсы шығу, оның әмірін тыңдамау, қазіргі жағдайда өзін өлімге байлап берумен тең екенін білді. Аптықпай ақырын күтті.

Қапаған қолының негізгі күшін бастап тоғыз оғызға кеткенін естіген оғыздың басқа бір тайпасы ескі кекті қайтарудың сәті түсті деп, түріктердің ордасына шұғыл әскер аттандырды. Оларға қаған ордасын тонап, адамдарын тегіс тұтқындап әкелу тапсырылды.

Оғыздар ордада Күлтегіннің бар екенін білген жоқ. Ер жігіттерді майданға кеткенде дұшпанына атының өзі үрей туғызатын түркінің атышулы батырын мұнда, от басы, ошақ қасын күзетіп қалады деген ой оларға, тіпті де, келген емес. Ордаға лап берген оғыздар алдарынан тұлпарын ойнатып, күндей күркіреп Күлтегін шыға келгенде, төбелерінен жай түскендей болды.

Ол оғыз батырларының бірінен соң біріне ұмтылып, әне-міне дегенше тоғыз батырын бір өзі найзамен шаншып түсірді. Батырларынан айрылған оғыз қолы тым-тырақай қашуға мәжбүр болды.

Бұл кезде Қапаған бастаған түркі әскерлері Ұлы Құм даланың Солтүстік жағында көтеріліске шыққан тоғыз оғыздардың әскерін жеңіп, көше қашқан елді кері қайтарған еді. Қарсыластарының бәрін жеңіп, елге оралған Қапаған сақтықты естен шығарып, аз нөкерлерімен аңшылап жүріп, орман арасындағы көтерісшілердің қолына түсіп, қапыда қаза табады.

Қапағанның жау қолынан қаза тапқандығы жөніндегі қаралы хабар ордаға жеткен күні Күлтегін жедел атқа қонды. Оны шұғыл да батыл шешім жасауға мәжбүр еткен "Елдің ендігі билігі кімде болады?" деген сұрақтан туындаған еді. Түркі елінің басына түскен соңғы жылдар салмағы, өз көкірегін кернеген батпан ой бұл сұрақтың да жауабын әзір еткен сияқты. Билік қалайда ағасы Могиянның қолына көшу керек. Тек сол, сол ғана мына ырысы шайқалып, ынтымағы ыдыраған елді бұрынғы қалпына келтіре алады. Сол ғана әкесі көтерген шаңырақты құлатпай сақтай алады.

Күлтегін суыт жүріп отырып, бейқам жатқан қағанаттың шын мәніндегі бүгінгі қожасы Фугүйдің ордасын шапты. Фугүйді өлтіріп, оған іші бұратыңдардың бәрін тұтқындады.

Могилян Қапағанның сүйегін алып, қаралы жорықтан оралғанда, Күлтегін ойға алғанын түгел жүзеге асырып, оған Қаған тағына отыруына бар жағдайды жасап қойған еді.

Могилян Білге қаған деген атпен таққа отырып, билік тізгінін қолға алды. Күлтегін бүкіл қағанат әскерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды.

Бұл - 716 жылдың жазы еді.

Білге қағанның таққа отыруы Қапаған тұсында тек соғыспен ғана шешілетін талай мәселенің бейбіт орнауына жол ашты. Халқына қайырымды, жүрек жылуы мол Білге қағанның жақсылықты істері ұзынқұлақ арқылы бүкіл даланы шарлап кетті.

(Қ.Салғараұлы)


Мазмұндау жоспары

1. Құтылығтың қазасы

2. Қапаған қағанның екі жетім баланы шеттетуі

3. Күлтегіннің орданы қорғауы

4. Қапағанның қазасы

5. Күлтегіннің батыл шешім жасауы

6. Білге қаған






Дана уәзір - Тоныкөк


Білге қағанды таққа отырғызу мақсатында Қапағанның үзеңгілес серіктестерін түгел дерлік тұтқынға алынған болатын. Қапаған қағанның кезінде ел билігіне араласқан тек Тоныкөк қана аман қалды. Оның жазаланбау себебі өзінің қағанатқа сіңірген орасан еңбегімен бірге Күлтегіннің ағасы Могилянның туған қайын атасы болатын.

Білге қаған таққа отырысымен арнайы өзі барып, Тоныкөкті аулымен көшіріп алды. Бұрынғы Қапаған тұсындағы атақ-дәрежесін түгел қайтарып, өзінің бас уәзірі етіп тағайындайды.

Тоныкөк келгенге дейін елдің ішкі жағдайын біршама түзеп алған Құтылығтың екі баласы одан әрі не істерін білмей дағдарған еді. Қол басқарып, жауға шабу мен ел басқарып, оның ертеңін ойлау екі басқа дүние екен. Ақыры ағайынды екеуі ақылдаса келіп, ендігі іс-әрекеттерін екі бағытта жүргізу керек деп тапты.

Оның бірі - тоғыз оғыздардың елдің құрамына енуіне байланысты әскери қуаттың артқандығын пайдаланып, табғаштарға (қытайлықтар) шабуыл жасау; екіншісі - қаған ордасын бекініске айналдырып, айнала биік қорған соқтыру. Бұлай істегенде ағайыңды екі жігіттің түп мақсаты Қытайға қарсы көрші елдердің назарын өздеріне аударып солардың ілтипатына бөлену еді.

Алайда ордаға келген Тоныкөк Білге қаған мен Күлтегеннің алда атқарар жоспарымен танысқан соң, олардың ойларын теріске шығарды. Қағанаттың қазіргі жағдайында шабуылға шығудың да, қорған салудың да қауіпті екенін өзіне тән көрегендікпен дәлелдеп берді.

- Табғаштарға қазір тиісуге болмайды, - деді Білге қаған мен Күлтегінге ойын ашық айтып.

- Қазір Көктің Ұлының батыс пенен шығыстағы соғыстан қолы босап, күшейген кезі. Оның үстіне биыл егін де мол шықты. Елі тоқ.

Ал біз болсақ, әскерімізді одан-бұдан жаңа құрап жатырмыз. Мұндай жағдайда іргелі елге өзіміз барып тиісу басымызға сор тілеп алумен пара-пар. Соның үшін табғаштарға әзір тиіспеу керек.

Сондай-ақ қорған соғып, бекініс жасаудың да қажеті жоқ. Рас бекініс - берік қорған, кім көрінгеннің киіп кетіп, бұзып-жара бермесі де шындық. Бірақ ол халқың көп болса, іште қорғайтын, сыртта қолдайтын қалың әскерің болса ғана солай. Табғаштардың бекініс салатыны да сол халқының көптігінен.

Ал біздің халқымыз табғаш елінің бір бөлігіндей ғана. Түркілердің күштілігі еркіндігінде. Жерінің шұрайлысын, суының тұнығын сағалап, малын асырайды. Аң қуып, көкпар тартып сонымен күн сайын соғыс ісіне жаттығады. Ат үстіндегі түркі жауынгеріне ешкімнің тең түсе алмайтыны да содан.

Біз бекініс салып Көктің Ұлымен сол арада соғысып көрелікші. Олар құмырсқадай қаптап келіп, таптап кетеді. Біріміз де құтылмаймыз, өлгеніміз өлеміз, өлмегеніміз тұтқынға түсіп қор боламыз. Өйткені олар бекіністі қоршап алып, бірімізді шашау шығармайды. Сондықтан тіл алсандар, қазіргі таңда шабуылды да қоя тұрыңдар. Олай істеу өзімізге-өзіміз көр қазумен тең.Сонда не істеу керек?- деп, Білге қаған ауыр ой құшағында қайын атасына қарады.

- Біз үшін ең тиімдісі - империяға елші жіберіп, императормен "туыстық пен бейбітшілік" қатынаста болуды сұрау. Егер ол бұл ұсынысымызды қабыл алса, онда табғаш жағынан бізге қауіп болмайды.

Тоныкөктің уәжді сөзіне дау айтылған жоқ. Білге қаған оның айтқандарының бәрін де дұрыс деп тауып, жедел таң империясының астанасына елшісін аттандырды.

Алайда мұны түркілердің кезекті бір амалы деп түсінген император олардың тату көршілік жөніндегі ұсыныстарын қабылдамай тастады. Ол осы ұсыныстын тасасында өздеріне қарсы жасалынып жатқан бір пәле бар деп түсінді. Соның алдын алу үшін жан-жақта шұғыл елші аттандырды. Сыйлық пен шенді аямай беріп, батыста басимилдерді, шығыста чидандар мен татабтарды түркілерге айдап салды.

Түркілерді біржола құрту үшін Чәнанда жасалған бұл жоспар бойынша басимилер, чидандар мен татабтар түрлі жолмен Білге қаған ордасына бір мезгілде жетіп, Құтылығтың екі баласы мен Тоныкөкті тұтқындауға тиісті болды. Бұларға көмекке империя өз әскерінен үш жүз мың жауынгер бөлді.

Таң империясының мұндай қанқұйлы әрекетін түркілер жансыздары арқылы дер кезінде білді. Күтпеген суық хабар Білге қағанды естен тандырды. Мұншама күш бір кезде келіп соқса, олардың жер бетінен түркі атын біржола өшіріп жіберері сөзсіз еді. Не істеу керек? Ағайынды екеуі Тоныкөкті ортаға алып, кеңес құрды.

  • Менімше, деді көпті көріп, небір шырғалаңнан жол тауып шығып жүрген дана қарт.

- Бұған онша сасып, абдырайтындай ештене жоқ. Бұл әзірше табғаш қағанының ойы ғана. Мәселе жақсы ойда ғана емес, оның қалай орындалуында. Табғаш қағаны бар күш жинап, бір кезде шабуыл жасасын дегенімен, бір-біріне кереғар бағытта жатқан батыстағы басимилердің, қиыр шығыстарғы чидандармен, татабттармен хабарласып, бірігіп шабуыл жасауы мүмкін емес. Менің ойымша, табғаштар жақын ғой, бізге олар алдымен келуге тиіс. Келсе, олармен соғысып жатпаймыз. Олар ордаға жетуге үш күн қалғанда біз тік көтеріліп терістікке қарай көшіп кетеміз. Сонда табғаштар біздің жұртымызды ғана сипап қалады. Бізді қуып шөл далаға шығуға жүрегі дауаламайды да, азық-түлігін сарқып алудан қорқып, кері қайтуға мәжбүр болады. Ал олардан кеткен соң бізге бәрі бір, басимилер бұрын жете ме, жоқ әлде чидандар мен татабтар бұрын жете ме, қайсысы бұрын келсе де, сонысына тосыннан шабуыл жасап, екіншісі келгенше оларды талқандап үлгереміз.

Тоныкөктің бұл ақылы Білге қаған мен Күлтегін екеуінің де көңілінен шықты. Сондықтан олар осылай істеуге пәтуаласып, енді үшеуі бірігіп не тындыратынын ұсақ-түйегіне дейін қалдырмай ақылдасты. Одақтастардың бас қосып бірігуге келіскен жері Жило өзенінің бойына басқалардан бұрын басимилдер жетті. Одақтастарынан хабар болмағандықтан олар кері қайтты. Басимилдердің бар қозғалысын сырттай бақылап отырған Күлтегін шабуыл жасауға Тоныкөктен рұқсат сұрады. Ол келісім бермеді.

- Бұларды жеңудің ең оңай жолы: әскерді екі топқа бөліп, бірі соңынан өкшелеп қалмау қажет. Ал екіншісі басимилер ұзаған соң олардың алдын орап, қамсыз жатқан Бембалық қаласын басып алу керек. Бұлай істеу бізге қиындыққа түспейді. Себебі әскері бізді жаулап алуға кеткендіктен, қала тұрғындары бізді келеді деп ойламайды. Сондықтан біздің әскерді өз жасақтары деп ойлап, дер кезінде қорғаныс жасамайды. Ал олар бізді танып, қорғанысқа көшкенше, біз қорғанға еніп те үлгереміз.

Талай қиын кезде тұйықтан шығарып, түркі қолын жеңістен-жеңіске жеткізген Тоныкөк бұл жоспары қабылданды. Әскер екіге бөлініп, жолға шықты. Бір топты Білге қаған мен Тоныкөк, екіншісін Күлтегін басқарды. Бұдан кейін дана қарттық айтқандары айна-қатесіз келіп, басимилер түгел тұтқынға түсті. Сөйтіп түркілер Тоныкөктің ақылымен табғаш императорының жоспары бойынша құрылған төрттік одақтың бір тісін оп-оңай қағып тастады. Күлтегін батыр бастаған түркілердің біріккен әскеріне алыстан арып-ашып жеткен, одақтастарының қолдауынсыз қалған чидан мен татабтарды жеңу де онша қиындық тудырған жоқ.

Міне, осылайша Түрік қағанаты қайтадан шарықтау биігіне көтерілді.

(Қ.Салғараұлы)


Мазмұндау жоспары

1. Тоныкөк - бас уәзір.

2. Білге қаған мен Күлтегіннің жоспарындағы екі бағыт.

3. Тоныкөктің бұл жоспардың қауіпті екенін дәлелдеуі.

4. Бас уәзірдің ұсынысы

5. Таң империясының қанқұйлы жоспары

6. Тоныкөктің ақылымен табғаш императоры құрған жоспардың күл-талқан болуы




Нәуірзек


Көктем хабарын алдымен туған елге ұшып келген нәуірзек құс жеткізеді. Осынау сүйкімді құсқа сүйсінбей қарау мүмкін емес. Оның әсем даусы жан дүниеңді әдемі күйге бөлейді. Нәуірзекті көрген кезде:

  • Нәуірзек! Анаңның көзі жағылды ма?- деп сұрау қалыптасқан.


Сұрақ-тапсырма: Адамдар нәуірзекті алғаш көрген кезде неге "Нәуірзек, анаңның көзі жағылды ма?" дейді. Осыған байланысты аңыз әңгіме құрастырындар.


Жауап: Ертеректе, жаугершілік заманда бір кейуана өмір сүріпті. Оның наурыз айында дүниеге келіп, Наурызару есімді ажары да ақылды қызы болыпты. Наурыз қыздың анасы басынан өткергені көп, парасатты әрі жанары өткір жан екен. Өзге жұрттың құтын қашырған жау Наурызарудың аулына тимек түгілі, маңайына да жолай алмапты. Себебі кейуананың көзінің өткірлігі соншалық, бір қарағаннан-ақ жаулары қырғынға ұшырайтын көрінеді. Ару қызға қызығып, ғашық болған жігіттер сөз салуға анасынан бата алмапты. Ал Наурызарудың атақ-даңқы алысқа кетіпті.

Елдің тыныш, ынтымағы жарасып, жақсы өмір сүруі, жауларының ашу-ызасын тудырып, қастандық жасауды ойластырады. Аңдыған жау алмай қойсын ба? Бір күні түн жамылған жауыздар Наурыз қыздың анасының қос жанарын ойып алудың амалын табады. Жанарынан айрылған ана бұрынғыдай қайрат көрсетуіне шамасы келмейді.

Қорғансыз халыққа шапқыншылық жасалады. Наурызару тұтқынға түседі. Алайда батыр бойжеткен қанша зорлық-зомбылықтың азабын тартса да жаудың ырқына көнбейді. Әбден жаны қиналып жапа шеккен бойжеткен:

  • Мұнша қорлық көргенше, құсқа айналып, анамның қасына ұшып барсам, сағынышымды бассам, деп тәңірден күні-түні жалбарынады. Құдайдың құдіретімен ару қыздың тілегі орындалып, құсқа айналады. Саңлаудан еркіндікке шығып, аяулы анасына ұшып жетеді. Жанарының жарқылы сөнген анасының қолына қонып, әсем дауыспен жан-дүниесін тебірентеді. Зағып ананың сезімі алдасын ба? Перзентінің сүп-сүйкімді құс болғанын жан-тәнімен үғынып, аялай сипап мауқын басады.

Сүйікті Наурызарудың құсқа айналғанын елі де естиді. Сондықтан әлі күнге дейін оны көрген ел-жұрт:

- Нәуірзек! Анаңның көзі жазылды ма?- деп сұрап тұрады. Адам тілін түсінетін құста үн қатып, жауап қайтарады. Наурызару осылайша құсқа айналған екен.

(Р.Қоқашев.)




Қабанбай батыр


Едігенің төрт баласының ішінде Қабанбай дегені жауға шапқанда өз атын айтып, "Қабанбайлап" шабады екен. Оның даусын естіген жау:

Қабанбай өмірінде жеңіліп көрген емес. Оған қарсы соғысуға болмайды, деп беталды қаша жөнелетін көрінеді.

Бір жорықта Қабанбай батыр жаудың көп малын айдап қайтады. Олжалы қайтып келе жатқан Қабанбай қолы биік таудың баурайында атала көже әзірлеп жатса керек.

Қарауыл:

- Ойбай, жау келіп қалды, - деді. Сарбаздар дүрліге атқа қонады.

Қабанбай батыр:

  • Сендер қолға түскен жылқыны айдап алға тарта беріңдер. Жаудың есебін тауып өзім-ақ қайырамын, дейді.

Сарбаздары жөңкіле жүйткіп жылқының соңынан қуып кетеді. Өзі бір биік төбенің басына шығып, түзге отырған адамға ұқсап сауытын жамылып отыра кетеді. Бір адамның төбе басына бұрылғанын, қалғандарының беталды қашып бара жатқанын жау алыстан көріп келе жатады.

Анау төбе басына жан сауғалап қашып барған ажалды пендені бір-екеуің барып өлтіріп, найза қадаңдар,- дейді жаудың басшысы. Сол кезде ұрыс басталғанда бірінші найза қадау салт екен. Жау тобынан екі адам төбеге қарай бұрылып, қалғандары алға ұмтылды.

Екі атты төбе басына келсе, басы қазандай бір дәу жалпайып отыр дейді.

- Әй, ез болсаң отырған кісіні түйрей бергін, ер болсаң тоқта. Мен орнымнан түргелейін, сауытымды киейін, атыма мінейін, - дейді Қабанбай батыр. Әлгі екеуі бір-біріне қарап:

- Әй, түзге отырған кісіні шапқанымыз ұят шығар. Атына мінсін, аздан соң өлтіріп, найзамызды қандармыз,- дейді.

Қабанбай асықпай сауытын киіп, ердің басында ілулі тұрған найзаны қолына алып, атына қарғып мінеді. Аңдып тұрған екі жау найзаларын ала ұмтылысады. Қабанбай екеуін де бір-бірлеп түйреп, аттарынан ұшырып түсіреді. Кеткен топтың соңынан қуа жөнеледі. Жау тобын қуып жетіп, ана батырды да бір түйреп, мына батырды да бір түйреп аттан аударып тастай береді. Жаулар артымыздан шауып келе жатқан әлгі адамымыздың бірі екен деп ойлайды.

Жау топалаң тигендей аттарынан бытырлап құлап түсе береді, түсе береді.

Бір кезде жау:

- Қабанбай!- деген дауысты есітіп, жан сауғалап бытырай қашыпты.

("Ел аузынан" кітабынан)


Мазмұндау жоспары

1. Жаудан жеңіліп көрмеген Қабанбай батыр.

2. Қабанбай батыр жорықта.

3. Төбе басында.

4. Бытырай қашқан жау.




Айтылмай кеткен ақиқат


Бұл оқиға өткен ғасырдың 30-жылы болды. Бірақ ол айтылмай келді. Жарияланбау себебі айтуға тыйым салынған, құпияға айналған еді. Шындық тылсыммен бетпе-бет кездескен кеменің вахталық журналында жазылған қалпы 70 жыл жарық көрмей, мұражай шаңына көміліп жатты.

СССР-дың "Мария" атты кемесі Тынық мұхит арқылы Оңтүстік Американың бір мемлекетіне құпия жүк таситын. Құпия жүк - қару-жарақ болса керек.

Бірде кешқұрым күн батарға айналып, сәуле ұзарған кезде вахтада тұрған матрос жолдарында бір нәрсеніңьбатып-шығып, көрінер-көрінбес ағараңдайтынын хабарлайды. "Мария" кемесінің командасы сыртқа шықты. Анықтап қараса, жолдарында сүңгуір кеме сияқты бір нәрсе суға батып-шығып қалқып жүр. Адамға саярлық жан иесі жоқ. Дыбыс та естілмейді. Радио-сигналға ләм-мим жауап бермейді.

Капитан бес адамын мұхитқа түсіріп, жолдарын бөгеген бұл жұмбақтың не екенін білуге мәжбүр болды. Шлюпканың қалқыған нәрсеге жетіп, оның үстіне шыққанын, матростардың қалқымалы аппраттағы люкке түскенін "Мария" кемесінің командасы түгел көреді. Теңізшілер ішке енуі сол-ақ екен, әлгі су бетіндегі аппарат аяқ астынан от алып, зымырай жөнеледі. "Мариядағылар" көздерін ашып-жұмғанша мұхит бетімен жүйткіген аппарат көкжиекке сіңіп, көзден ғайып болады. Матростар оның ұзап барып мұхитқа сіңгенін не аспанға ұшканын аңдап алмайды.

"Мария" кемесі көз алдарында айрылған бес мүшесін әрі-бері іздеп, таба алмаған соң, сапарларын жалғастыруға мәжбүр болады.

Қайтар жолда бұрынғы маршрутпен жүреді. Өткенде тосын оқиға болған жерге таяп келгенде, мұхит бетінде неден істелгені белгісіз, жып-жылтыр шлюпканың қалқып тұрғанын көреді. Үстінде өткенде жоғалтқан өздерінің үш теңізшісі, екеуі жоқ. Әлгінің біреуі бұларды көріп тұра ұмтылғанда суға құлап, мұхитқа батып кетеді.

Тірі қалған екі теңізшінің айтқаны төмендегідей еді. Өткенде бұлар белгісіз аппаратқа еңгенде, суға сүңгушілердің киіміндей жылтыр қара киім киген жан иелеріне кезігеді. Әлгірердің адамдардікіндей аяқ-қолы бар демесең, адамға теңеу қиын. Өздері дыбыс шығармай, ыммен ғана сөйлеседі. Олар қолға түскен теңізшілерге енді қайтуға жол жоғын ұғындырып қызметтес болуға үгіттейді. Келісім берген екі теңізшіні бөліп әкетеді. Өзге үшеуін басқа жерге қамайды.

Оларды осыдан үш-төрт күн бұрын ашық теңізге шығарып тастайды. Тағамдары - түймедей таблеткалар. Соның біреуін сорсаң болды тәулік бойы қарның ашу деген жоқ.

"Мария" тірі қалған екі теңізшіні алып, судағы қалқыған ғажап шлюпканы қалдыруға көздері қимай тұрғанда, аяқ астынан мұхит астан-кестен болып, шлюпка суға батып кетеді.

"Мария" капитаны Ленинградқа келген соң, көрген білгендері туралы министірлікке рапорт береді. Капитан мен екі теңізші талай тергеулерден өтеді. Ақыры ұзақ сүйретпеден кейін екі теңізшінің біреуі айтқан сөзінен айнып, "Көрмедім, білмедім" деп шығады. Айтқанынан қайтпаған екінші теңізшіні есі ауысқандардың ауруханасына тығады. Бұл жөнінде жұмған аузын ашпауға тілхат алып, капитанды босатып жібереді. "Мария" кемесі бастан кешкен ақиқат осылайша бүркемеленген болатын.


Мазмұндау жоспары

1. Өткен ғасырдың 30-жылы болған оқиға.

2. "Мария" кемесінің жолындағы қалқыған белгісіз зат.

3. Кеме капитанының әрекеті.

4. "Мария" кемесінің бес мүшесінен айрылуы.

5. Қайтар жолда.

6. Тірі қалған теңізшілердің айтқаны.

7. Болған оқиғаның бүркемеленуі.





Қой құлағының құпиясы


Баяғыда сөз қадірін білетін хан болыпты. Өзі де қате кетпейтіндіктен, оның жарлығына ешкім шек келтіре алмайды екен. Бір күні хан бойжеткен қызымен есік алдындағы сәкіде отырса, аспаннан қаңқылдай қаз ұшып өтіпті. Тізбекке қарап отырған қыздың әнтек күлкісі ауланы жаңғыртып барып басылыпты.

- Иә, қызым, неге күлдің?- деп сұрапты хан.

- Жай әшейін.

- Жоқ, балам, әкеңнен сыр жасырма!

Қыздың көз алдынан қатал әкенің әйел затын кемсітіп ұстайтын қасиеті елес беріп өтіпті. Әрбір сөздің мән-мағынасын тереңнен толғауға, дәйектеп, дәлелдеуге тырысатын болмысы тағы бар. Осының бәрін салмақтай келе келісті ару өзінің ойындағы күлкі шақырған көріністі бұрмалай жеткізіпті. Ондағы мақсаты - қатал әкенің қызга, әйел затына деген қатып қалған көзқарасын өзгерту.

Сөйтіпті де:

  • Әке, анау алдыңғы қаз: "Жақсы еркек жаман әйелді күң етеді, жақсы әйел жаман еркекті ұл етеді", - деп барады депті.

Өзінен туған перзентінің қалыптасып қалған қағидаға қарсы шыққанына шамырқанып қалған хан, есік алдына ала таяғын тықылдатып келіп қалған қайыршыны саусағымен нұсқап:

  • Кәне, қызым, жақсы болсаң, мына құлды ел сүйсінер ұл жаса. Алдыңнан жарылқасын, әумин!- деп батасын беріпті.

Хан қызы қайыршымен бірге ел кезіп кетеді. Бір күні екеуі нан таппай теңселіп келе жатып, шұңқырдан шыға алмай қыңсылап жатқан соқыр күшікті көреді. Өздерінен де аянышты тағдырға ара түсіп, күшікті бауырларына басып жылытады. Бірінші түскен напақаны сол күшіктің аузына тосады.

Күндер өтіп, жылдар жылжиды. Хан хабарсыз кеткен қызын сағынып, іздеп шығады. Араға айлар салып, аңызақ кешіп келе жатып алдынан ақшаңқан үйге кезігеді. Есікті ашып, алдынан шыға келген өз қызының ақ маңдайын көрген хан алғашқыда аузына сөз түспей үнсіз қалады. Төрге шығып, алдына ас-су келгенде ғана тілге келіп:

- Қызым, күйеу бала қайда?- депті.

- Өріске қой өргізіп кеткен. Кешікпей келіп қалар, дейді.

Кеш. Қоңырқай ауаны мал шуы жаңғыртып, қораға жақындай бергенде байқаса, алдында алшаңдай басып көк төбет келе жатыр екен. Ділгір хан иттің маңдайындағы иесінің бағын ашып тұрған береке-нұрды жазбай таниды.

Біраз күн қонақ болып, жолға аттанарда күйеу баласы:

- Ата, қуыс үйден құры шықпаңыз. Қалауыңызды айтыңыз, - депті.

- Менің тілеуім - мына көк төбетте. Бір итінді маған қи, балам.

- Күйеу баласы келісім беруге икемдене бергенде, иті құрғыр үй жанындағы жалғыз тал түбіне сарқып кетіпті. Ыңғайсыз іске абдырап тұрғанда жаңағы көк шөпті бір тұсақ жұлып жеп, отарға беттепті. Соны байқаған хан:

- Балам, итіңе рахмет. Анау кетіп бара жатқан тұсақты бере ғой, - депті. Атасының ділін түсінген күйеу баласы.

- Қалауыңыз сол болса, оны қуырдақ етейін. Алдыңызға жарты отар мал салайын, депті де дастарқанды қайта жазыпты.

Қазан көтеріліп, шай қойылады. Қуырдақтың алдында, тұсақ басына бата оқытуға әкеле жатқан жолда үйдің кенже баласы бастың бір құлағын жұлып әкетіпті.

Ас келіп, қонақтар тамақтанып, бата берер тұста ханның көзі қарсы алдында отырған балаға түсіп кетіпті.

Маңдайына жұлдыз қонғандай, береке-нұры шуақ шашып тұр екен. Тағы да жер соғып қалғанын ұққан хан:

- Қызым! Мен сенен жеңілдім. Ұрпағыңа құт-береке дарыды, - деп аттанып кетіпті.


Сұрақ-тапсырма: Ертегі мазмұнынан қандай қорытынды жасауға болады.


Жауап: Жеті қазынаның бірі - көк төбет адамдардың өзіне жасаған жақсылығын осылайша қайтарыпты. Ал қонаққа сойылған қойдың бір құлағын сол үйдің баласына беру ғұрпы содан қалыпты дейді.

(Атамбек Наурыз)







Данышпан қазы


Алжир халқының Бауақас деген патшасы өз қарамағындағы қалалардың бірінде бір данышпан қазы бар деп есітеді. Қара қылды қақ жарған әділдігін сынамақ болып, қарапайым саудагердің киімін киіп жолға шығады. Қалаға кіре берісте, бір аяғы жоқ мүсәпір қайыр сұрайды. Бауақас қайыр беріп, кете бергенде қайыршы алдын кес-кестей береді.

- Мен қайыр бердім ғой, енді не керек?- дейді Бауақас.

Қайыршы:

- Рахмет, қайыр-садақа бердің. "Қайыр қылсаң бүтін қыл" деген, енді мені қала орталығына дейін жеткізіп таста, әйтпесе базардағы ат пен түйелер басып кете ме деп қорқамын, - дейді.

Бауақас қайыршыны міңгестіріп, орам ортасына жеткізеді. Бірақ қайыршы аттан түспейді.

Бауақас:

- Енді неге тұрсың, түс, қала ортасына жеттің ғой,- деді.

Қайыршы:

- Неге мен түсемін, сен түс. Ат менікі. Егер атыма дауласқың келсе, қазыға жүгінейік,- деп қасарысты.Бауақас амалсыздан қазыға баруға келіседі.

Бауақас пен қайыршы қазының алдына келеді.

Бауақас болған оқиғаны бастан аяқ айтып береді. Алайда қайыршы даурығып:

  • Мұның сөзіне сенбеңіз, айтқанының бәрі жалған. Мен атыма мініп келе жатыр едім, бұл саудагер жерде отыр екен, қалаға жеткізіп таста деп өтінді. Сонан соң атыма міңгізіп қала ортасына жеткізген соң, аттан түспей, тіпті ат менікі деп жала жауып тұрғаны, - деді.

Қазы азырақ ойланып тұрып:

  • Атты осында қалдырып, өздерің ертең келіңіздер,

Ертеңіне екеуі қазыға келеді. Қазы Бауақастан:

  • Жиырма аттың ішінен атыңызды таныр ма едіңіз?

  • Әрине, танимын. Қазы тіленшіге қарап:

- Сен де танимысың? деді.

- Танимын, тақсыр.

- Олай болса екеуің де маған еріңдер, - деп оларды ат қораға алып келді. Қораға алғаш Бауақасты кіргізгенде, ол көп аттың ішінен тұп-тура өзінің атын ұстады. Сонан соң кірген қайыршы да атты жаңылыспай тапты. Қазы:

- Саудагер, ат сенікі, қайыршы өтірік жала жапқаны үшін саған елу рет дүре соғылсын, - деп үкім айтты.


Сұрақ-тапсырма: Қазы аттың Бауақастікі екенін қайдан білді?


Жауап: Қазының ат қораға апарғандағы мақсат, ат қайсысын таныр екен деп апарған болатын. Ат саудагер жанына барғанда мойнын бұрып оқыранды. Ал қайыршы барғанда құлағын жымитып, аяғын көтерген болатын. Қазы аттың Бауақастікі екенін содан білді.


Екінші әңгіме


Қазының алдына бір әйелге таласқан ұстаз бен шаруа кіреді. Бірі бұл менің әйелім десе, екіншісі менің әйелім деп бір-біріне дес бермейді. Қазы олардың сөзін тыңдап болып:

  • Әйелді осында қалдырып, өздеріңіз ертең келіңіздер, - дейді.

Ертеңіне қазының төрелігін естиміз деп халық көп жиналады. Қазы:

- Әйел ұстаздікі, шаруаға елу рет дүре соғылсын, деді.


Сұрақ-тапсырма: Қазы әйелдің ұстаздікі екенін қайдан біледі.


Жауап: Таңертең қазы әйелді шақырып сия сауытына сия құюын талап еткен. Әйел тапсырманы әрі тез, әрі ұқыпты орындап бұл іске жете дағдыланғандығын көрсеткен. Шаруаның әйелі болса, мұндай іске епті болмаған болар еді. Мұнан әйел ұстаздікі екенін білген.




Үшінші әңгіме


Қазының алдына әділдік сұрап қасапшы мен май сататын дүкенші келді. Қасапшының тұла-бойы қан, дүкеншінің үсті-басы май. Біріншісінің қолында әмияны бар, ал екіншісі сол әмиян ұстаған қолынан ұстап жібермей тұр. Қасапшы:

- Мен дүкеншіден май сатып алып, ақшасын беруге қалтамнан әмиянды енді шығара беріп едім, бұл тартып алмақшы болып қолыма жармасты. Теңгені тартып ала алмаған соң, бәле салып, сізге әкелді, - деді. Дүкенші:

- Тақсыр бұл өтірік айтып тұр. Бұл май сұраған соң, бір бақыраш құйып бердім. Ол ірі аұша бергендіктен айырып берейін деп қалтамнан ақшамды шығарып едім, қолымнан жұлып алып, қашпақ болды. Мен қолымнан ұстай алып, сізге әкелдім, - деді.

Қазы оларды тыңдап болып: Ақшаны осында қалдырып, өздеріңіз ертең келіңіздер, деді. Ертесіне қазы:

- Ақша қасапшінікі, дүкеншіге елу дүре соғылсын, деді.


Сұрақ-жауап: Қазы ақшаның қасапшынікі екенін қалай білді?


Жауап: Қазы ақшаны кешке бір кесе суға салып қойып, таңертең зер сала қарайды. Су бетіне кілкіген май емес қанның жұғындысы барын байқады. Содан ақшаның қасапшынікі екенін білді.

(Ы. Алтинсариннен)

Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім


Ноғайлының ханы Әз Жәнібек халықты жинап:

  • Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім болады, соны кім айтады? - дейді.

Жинақталған халық көп дағдарып:

Үш арсыз: ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз.

Үш ғайып: қонақ ғайып, несібе ғайып, ажал ғайып, деп шешіпті. Бірақ үш жетімді ешкім таба алмапты. Сонда Әз Жәнібек хан:

- Елде келмеген кім қалды? - деп сұрапты.

- Келмеген Қарабас шешен қалды, - депті халық.

Әз Жәнібек Қарабасты шақырып алып, әлгі сөздің шешуін сұрапты. Сонда Қарабас:

  • Жетім үшеу емес, бесеу еді ғой!- депті.

Сұрақ-тапсырма: Бес жетімді табыңдар.

Жауап: Қарабас шешен:

"Оты жоқ жер жетім,

Басшысы жоқ ел жетім,

Елінен ауған ер жетім

Тыңдалмаса сөз жетім

Жоқтаушысыз қыз жетім", - депті.

"Шешендік сөздер" кітабынан




Ақылды қыз

(Ертегі)


Ерте, ерте, ертеде, ешкі жөні бөртеде бір хан өмір сүріпті. Ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу жалғыз қызы оның өміріндегі бар жұбанышы мен қуанышы екен. Ақылды да көрікті перзентінің бақытты болуын тілеген хан: "Байлық пен мансапқа қарамай, қызымды қалаған жігітіне қосамын",- деп уәде беріпті.

Күндердің бір күнінде толған айдай толықсып қыз бойжетіпті. Көрікті де саналы бойжеткенді айттырып жан-жақтан үміткер жігіттер ағылып келе бастайды.

Сол елде халқына қалаулы үш жігіт болыпты. Бірі ел басына күн туып жаугершілік заман болса, болат темір құрсанып, егеулі найза қолға алып, туған жерін жаудан қорғаған батыр, екіншісі - дау-дамайда алқалы топтың алдына шығып ерегіскен дұшпанға ел намысын таптатпай есе жібермейтін от ауызды, орақ тілді шешен болыпты. Үшіншісі - басы ауырып, балтыры сыздаған дімкәс жандарға жайылып жастық, иіліп төсек болып, ем-домын жасап, сауықтандыратын емші болыпты.

Бұлардың тағы бір елден ерекшелігі: олар аса қымбат сиқырлы дүние-мүлікке иелік етіпті. Батыр жігітте мініп ұшатын кілем, шешенінде айшылық алыс жерлерді көрсете беретін айнасы, емшісінде дәм-тұзы таусылып, соңғы демі үзілер кезде жегізсе, науқас құлан-таза жазылатын алмасы болыпты.

Бақтарын сынамақ болып бұлар да хан қызының алдына келеді. Бойжеткен де бұл үш жігіттің ел алдындағы беделі мен қадір-қасиетінен хабардар болатын. "Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған" демекші, аймаққа аты шулы, бірінен-бірі өткен жігіттердің қайсысына ықыласын білдірерін білмей дал болады. Көп ойланып барып мынандай шешімге келеді, Қыз:

-Үшеуіңіздің де менде шын көңілдеріңіз болса, сіздерге қоятын бір шартым бар, - дейді.

- Айтыңыз шартыңызды, - дейді олар.

Айтсам, үшеуіңіз жұптарыңызды жазбай көз көрмес, құлақ естімес алыс елге барып бір жыл жұмыс істеп келулеріңіз керек. Мен қалауымды сонан соң айтармын, дейді.

Жігіттер қыздың шартын орындау үшін алыс елге сапар шегеді. Бөгде бір елге келіп бір диханға жұмысқа жалданады.

Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп, қыз талап еткен бір жыл таяуға күндер қалады.

Батыр жігіт:

  • Әй, жігіттер, елге қайтуымызға да санаулы күндер қалды. Туға жерге аяғымыз тиісімен Қаракөзайым өз таңдауын білдіріп, біреуімізді бақытты етер. Сол бақытты басқамыз күндемейік. Мәңгі достасып өтейік,- деді. Бұл ұсыныс үшеуіне де ұнап, мәңгі достық үшін төс қағыстырды. Шешен жігіт: Достар, Қаракөзайым әзірше үшеуіміздің де қалыңдығымыз ғой. Ол не істеп жүр екен? Көрейік, - деп айнасын алып, ата-мекенін, хан ордасын, Қаракөзайымды іздей бастады.

Жаңа ғана тасыған көңілдері су сепкендей басылды. Хан ордасы қасіретті. Кереуетте кірпігі әрең қимылдап Қаракөзайым әл үстінде сұлқ жатыр. Орданың бар емші-тәуіп, бақсы-балгерлері соның басында келе жатқан ажалға қарсы амалдары таусылып, не істерін білмей абыржулы. Хан болса қайғыдан хан жұтып, көзінен сорасы ағып тағында шарасыз отыр екен.

Жігіттер жылдам жиналып, жолға шықты. Ұшқыш кілемге отырып әп-сәтте хан ордасына жетіп келді. Емші жігіт жүрегі тоқтауға сәл қалған қыздың аузына шипалы алмасын тосты. Шамалы сәттен соң Қаракөзайымның бетіне қан жүгіріп, көзін ашты. Көп ұзамай басын көтеріп,

тіктеп отырды. Өзіне төніп түрған жігіттерге күлімдей қарады.


Сұрақ-тапсырма: Хан қызының аман алып қалуына үш жігіттің де үлесі мол. Бірінің ұшқыш кілемі, екіншісінің алыстан көретін айнасы, үшіншісінің шипалы алмасы бар. Хан қызы Қаракөзайым қай жігітті таңдады деп ойлайсыңдар?

Жауап: Хан қызы былай депті:

Мені ажалдан арашалап қалуға үшеуіңіздің де үлестеріңіз бірдей. Алайда мен біреуіңе ғана тұрмысқа шыға аламын. Шешен жігіт, айнаң қолыңда, ол өз құнын жойған жоқ. Әлі де талай қажетіңізге жарайды. Батыр жігіт, сіздің де кілеміңіз мұқалған жоқ. Оны сіз әлі талай қажетіңізге жарата аласыз. Ал емші жігіт маған беремін деп алмасынан айрылды ғой. Ризашылықтарыңызды беріңіздер мен осы жігітке жар болайын, - депті.

Жігіттер Қаракөзайымның әділ шешіміне риза болыпты.

(Газеттен)



Сары би


Сары би Атақорғаннан бес-алты шақырым жерде Темірқазық жағында (солтүстік батыс) Саражалда ата-бабасының жайлауында қоныстанып отырған. Сол аймақтың бір топ кісілері Сары бидің үйіне келіп, әңгіме дүкен-құрып, биге сауал қойған деседі.

- Би аға, ел сіздің қиыннан жол тапқыш, даулы жерде сөз тапқыш, деп қадірлеп, құрметтейді. Бізді де, елді де толғандарған көп сауалдың бірнешеуіне жауап сұрай келген жайымыз бар. Егер мүмкін болса, соларға жауап беріңіз, - деген екен. Сонда Сары би:

- Сөздеріңізге құлдық, тақсырлар, сынай келдік десеңіздерші! Сындарыңызға жарасам, сауалдарыңызды қоя беріңіздер, - деп күліпті. Бірінші сауал:

- Адам неден қорықпауы тиісті?, - деп сұрапты бірі.


Тапсырма: Балалар, Сары би неден қорықпау керектігін айтты деп ойлайсыңдар?


Жауап: Сары би:

- Адам - пенде, тумақ бар да, өлмек бар. Алланың құрығынан ешкім қашып құтыла алмайды. Солай екенін біле түра, адам өлімнен қорықпауы тиіс, деп білемін. Өлімнен ұят күшті деген де сөз бар. Өлімнің өзінен гөрі, одан келмей жатып қорыққан ұят сияқты, деп жауап беріпті.

Екінші сауал:

- Жаңа жауған қардан таза дүниеде не бар?


Тапсырма: Жаңа жауған қардан таза не болуы мүмкін, соны айтыңдаршы?


Жауап: Сары би:

Болғаннан болмаған нәрсе қызық. Білгеннен білмеген тартымды. Көргеннен көрмеген қызықты.Сондықтан жаңа жауған қардан әлі жаумаған қар таза, депті.

Үшінші сауал:

- Топырақтан жаралған, қам сүт емген пендеміз. Сөйте тұра кейде құдайымызды ұмытып кетеміз. Аллаға теңдік бермейміз. Адам баласы мен құдайдың теңелер тұсы бар ма?


Тапсырма: Балалар, бұл сауалға Сары би қандай жауап берді деп ойлайсындар?


Жауап: Сары би:

- Дүниеге шыр етіп келген баланың анасы өзін туғанмен мінезін тумайды. Қанша адам болса, сонша мінез бар десек қателеспейміз. Құдайына құлшылық ететіндер де, жаратқанын ұмытқандар да арамызда жүр. Адамды сынағанда сөзіне, ісіне қарап сынайды. Сөйлеген сөзіне, істеген ісіне қарап бағалайды. Кейбіреудің сөзі көп, ісі жоқ. Біткеннен бітіремін деген уәдесі көп. Соларды таразылай келе, өз жұмысын үндемей бітірген пенде құдайға теңеледі деуге аузым барады, өйткені жаратқан ием өз ісін үн-түнсіз істейді ғой, - депті.

Сары бидің жауабына тәнті болған кісілер қонақ болып, риза болып тарасыпты.




Ақыл, Бақ, Қыдыр


Ертеде шал мен кемпірдің есалаң баласы болады. Қартайған ата-анасына жәрдем берудің орнына күні бойы бұзықтық жасап, мезі етеді. Айтқан тілді алмай, тәрбиеге көнбейді. Түзелмейтіндігін білген әке-шешесі оны үйден қуып шығады.

Жарымес бала ауылдың батыс жағындағы төбенің бауырындағы обаның қасына келіп, қаннен қаперсіз ұйықтап кетеді.

Ақыл, Бақ, Қыдыр үшеуі сахараны кезіп жүріп, әлгі баланың үстінен шығады. Бақ;

  • Қайсымыздың құдіретіміз күшті екенін сынайтын кез келді. Мына бейшараның барар жері, басар тауы жок, ішерге асы мен киерге бүтін киімі жоқ екенін көріп тұрсыңдар. Қайсымыз адам қатарына қосатынымызды байқап көрелік, - дейді.

  • Қыдыр, онда мына бейбақтың маңдайына сен қонып көрші, - дейді Ақыл.

Қадыр келісім береді. Үшеуі көзден ғайып болады. Әбден ұйқысы қанған бала орнынан тұрады. Айналасындағы шашылып жатқан тастарды лақтырып ойнайды. Ұстаған кез келген тасы сары түске айналады. Бие сауым уақыт өткенде ішегі шұрылдап қарны ашады. Тамақ іздеп көп жүреді. Ақыры ұзақ жолдан шаршап дамылдаған кезде керуенге кез болады. Керуеншілер абыр-сабыр. Кейбірі шөгерілген түйелерден тең-тең жүктерді түсірсе, кейбірі ас-су әзірлеуде. Жарымес бала қой сойып жатқан қасапшының қасына келіп, қызықтап тұрады. Ол пышағы өтпей әбігер үстінде болатын. Есалаң:

  • Пышағыңызды мынаған жаныңыз, деп сары тастардың бірін дорбасынан суырып алып.

Қасапшы жалт қарады. Көзі баланың күнге шағылысып тұрған тайтұяқ алтынға түсіп, жалма-жан жұлып алады. Қуанғаннан даланы басына көтере қарқылдап күледі. Оның даусын есітіп керуен басы қастарына келеді.

Мәселенің мәнісін білген ол баланы дереу жуындырып, киіндіріп тамақтандырады. Артынан жөн сұрайды. Алайда тартымды жауап бермейді. Батыс жақтағы төбе үстіндегі оба жақты меңзейді.

Керуен басы қасына үш түйе жетектеген екі-үш кісі ертіп, әлгі жаққа тартады. Дөң асып, біраз жер ұзағанда жайрап жатқан алтындарды көреді. Жинап артқанда, үш түйеге жүк болады.

Керуен басы қаңғып жүрген ұлға Қыдыр қонғанын біліп, бала етіп асырап алады.

Керуен басы бір жыл өткен соң, бір түйе алтын беремін дегенді айтып, асыранды ұлына ханның қызын айттырады. Қисапсыз қазынаға қызыққан хан бірден құлап түседі.

Екі жақтың әзірлігі, алыс-берісі бітіп, мерзімді уақыт болғанда, керуен басы бір топ адаммен жарымес баласын хан ордасына аттандырады. Бұлар күн бата көздеген жеріне жетеді. Алдарынан қыз-келіншектер шығады. Күйеу жақ оларға алтын моншақ, білезік, сақина, сырға үлестіреді. Екі жігіт бірдеңені бүлдірмесін деп есалаңды екі қолтығынан мықтап ұстап жүреді.

Ас ішіліп, ойын-сауық басталады. Күйеу жігіт қасына жақындаған балдыздарының қолдарын бұрап, сандарын шымшып жылата береді.

Түн ортасында жеңгелері отауға қалыңдықты әкеледі. Қыз жанына жақындай бергенде, жігіт жағынан шапалақпен тартып жібереді. Бұрын сонды тұшы етіне ащы таяқ тиіп көрмеген ханша отаудан атып шығады.

Мұны есітіп қатты ашуға мінген хан күйеуді дарға асып өлтіру жөнінде бас уәзірге әмір етеді.

Сол мезет баяғы Ақыл, Бақ, Қыдыр сап ете қалады. Үшеуі баланы ажалдан құтқару амалын қарастырады.

  • Бақ, мына байғұстың маңдайына сен қонып көрші, - дейді Ақыл. Ол бұған қарсылық жасамай, дегенін істейді. Алайда, одан қайран болмайды, баланың мойнына тұзақ кигізіледі. Сонда Бақ пен Қыдыр қосарлана:

  • Ей, Ақыл, бұл пендені біріміз бір пәлеге ұрындырдық, екіншіміз одан құтқара алмадық, ендігі амалын өзің тап, - деп безектейді.

Ақыл екі досының тілегін орындайды.


Сұрақ-тапсырма: Ақыл есалаңды қалай ажалдан алып қалады? Ертегіні өз беттеріңше аяқтап шығындар.


Ертегі былайша аяқталады.

Сол заматта жарымес бала:

  • Тақсыр, мені ханға алып барыңдар,- дейді. Бас уәзір мұны ханға жеткізеді.

  • Иә, жынды неме не айтар екен, естиік, деп күледі хан.

Алдына келген бала оған әдеппен сәлем береді, тізесін бүгіп сөйлей бастайды.

  • Уа, хан ием, ақ-қарасын тексермей балаңызға қатаң жаза бергеніңіз қалай? Ханшаға қол көтерген себебім: бесікте жатқанда иттің сүтін ішіпті. Бойынан ит мінезді аластау үшін солай істеп едім. Атамыз қазақ "Қатынды бастан" деп осындайды айтады, - дейді.

Бұл сөзді есітіп дағдарған хан ханымды шақыртып, одан жаңағы әңгіменің рас, өтірігін сұрайды.

  • Өзіңізге аян, балаларымыз тұрмай, шетіней берді ғой. Соған залы болған басым, осы қызға бір тәуіптің ақылымен, иттің сүтін ішкізгенім рас еді, - дейді.

Хан райынан қайтып, халықты жинайды. Үлкен той жасап, қызын кешегі есалаң, бүгінгі ақылды балаға ұзатады.

("Балдырғаннан")




Үш сыншы


Бір кісінің үш баласы болыпты. Ол өлер шағында:

  • Балаларым, көзімнің тірісінде сендерге бір таусылмас қазына қалдырдым. Шаруаларың шайқалғанда бөліп, ас-ауқат қыларсыңдар,- деп, байлығын тыққан жерін көрсетеді. Айтқандай, әкесі өлгеннен соң кедейленіп, үш бала қойманы қазып алайын деп келсе, орны жатыр, қойма жоқ. Үш бала: "Қойманы не көмген алады, не көрген алады" деуші еді. Кінә өлген әкемізде ме, тірі өзімізде ме? Мұны ханның ақылына салайық, деп ханға жүгінуге шығады.

Хан үш жігітті қонақ үйге қабылдатқызады. Балғын қозы сойғызып, күріштен палау бастырып, алдарына қояды.

Ас алдарына келгенде:

- Мүнда иттің еті бар-ау, - дейді біреуі.

- Адамның сүйегі бар-ау, - дейді екіншісі.

- Ет не болса ол болсын, хан қара басынан хан-ау,- депті үшіншісі.

- Тарт табағыңды, ханның өзі жесін, - дейді үшеуі де.

Табақшылар асты алып қайтып келеді. Ханға үшеуінің сөзін бұлжытпай айтып береді.

Хан қаһарланып, шешесіне кісі салады.

  • Әкесінен ұл перзент көрмегендіктен, жаңа босанған қызымды үй қызметшісінің сол күні туылған ұлына етек астынан айырбастап алғаным рас еді. Балам біреудің қанын жүктемесін, - дейді шешесі.

Хан енді қойшыны шақыртып:

- Қозыда не айып бар?- деді.

- Бұл арық көтерем қойдың қозысы еді. Енесінен жарымаған соң, күшіктеп жатқан итті емізіп едім, - дейді қойшы.

Хан сонан соң диханды шақырып:

- Күріште не айып бар? - дейді.

- Сіз тез күріш жеткіз деген соң, басқа жерге еккен егін піспеген еді. Қабірдің айналасына еккен егінім піскен екен. Содан әкеліп едім. Сол өлген адамдардың сүйегіне шығып, содан бірдеңе болмаса, - дейді дихан.

Жігіттердің айтқан сөздерінің ақиқаттығына көзі жеткен хан таңертең сәлемдесуге өзі келеді.

  • Иә, жігіттер, жол болсын? деп жұмыстарын сұрайды.

  • Әкеміз тірісінде қалдырған қоймасы бар еді, сол жоқ. Қойманы бізден басқа көрген-білген адам жоқ. Осының ақылын сізден сұрай келдік, дейді жігіттер.

  • Қойманың бір мәнісі болар, осы мені қара басынан қан дегенің қайсың?- дейді хан.

  • Оны айтқан мен. Өлі-тіріден зауал сұрата сізге келгенде, өзіңіз келмей тәкапарлық қып, құл-құтанды жіберген соң, "Мынаған хандық жеті атасынан қанына сіңбеген көргенсіз екен-ау" деп ойыма келді, дейді кішісі.

- Жарайды, сіздерге бір әңгіме айтып берейін, соны шешіп беріндер, - дейді хан.

Ханның әңгімесі: "Баяғыда екі бай құда болыпты. Күндердің күнінде жігіт қалыңдығын көруге келген екен. Жеңгелері қызды күйеуімен оңаша қалдырғанда жігіт:

- Көңілің менде ме, жоқ әлде басқа біреуде ме?- деп сұрапты.

- Менің сізден басқада көңілім жоқ.

- Сен әрі сұлу, әрі байдың қызы бола тұра бір қалағаның болмаса, сенің маған да әйел болуың екі талай екен. Сонда қыз:

- Бүгінгі күн бір кісімен жолығысатын уәделі күнім еді. Сіз келген соң өз жарым деп сізге келдім, - деді.

- Арманда кетерсін, уәделескен кісіңе барып кел. Ал біз өле-өлгенше бірге боламыз, менің құдай қосқан жарымсың ғой, - дейді жігіт.

Қыз осы сөзбен қалаулысына жүріп кетеді.

Қыз келген соң көңілдесі:

  • Япырмай, мұнша зарықтырып күттіргенің не? -дейді көңілдесі.

- Иә, оның мәнісі бар. Күйеуім келіп, жеңгелерім соған апарып, оның рұқсатын алып келгенім осы болды.

- Мен жайында күйеуіңе айттың ба?

- Иә.

- Күйеуіңді онда қалдырып, екеуміз көңіл көтергеніміз жараспас. Күйеуіңе менің атымнан құлдық деп сәлем айт. Ертең алдына барып өзім де сәлемдесермін, - дейді қалаулысы.

Осымен қыз күйеуіне қайтады. Жолда келе жатқанда екі ұры қызды ұстап алады. Киімдерін, білезік-сақиналарына дейін тонап алады. Аларын алып болған соң ұрылар:

  • Қараңғы түнде қайдан жүрген жансың?- деп сұрайды.

  • Ағатайлар, күйеуім мен қалаулым екеуінің арасында жүріп осындай күйге ұшырап тұрмын, - деп қыз мән-жайды түсіндіреді. Сөзін тыңдап болған соң екі ұры:

  • "Жас - жастың тілеуі бір, жібектің түйіні бір" деген еді. Алсақ басқа адам табылар. Шырағым, киіміңді киіп, күйеуіңе тезірек бара ғой, деп алғандарын қызға түгел қайырып береді.

Хан осы әңгімені айтты да:

- Сол үшеуінің қайсынікі жөн?- деп үш сыншыға қарады.

- Қасына келген өз жарын біреуге барып кел деп жіберген азаматтың данышпаны деп білемін, - деді үлкені.

- "Арамы сауда, қияли неке бұзады" дегендей, өз жарыңа бар деп қастық қылмай қайырып жіберген де нағыз жігіттіктің белгісі, - дейді ортаншысы. Сонда кішісі тұрып:

Бәрінен де ұры ақымақ. Әкесі де болса алғалы шықты. Қыздың неғып жүргенін сұрап несі бар. Бар асылын алған соң жүріп кетпей ме?- деді.


Сұрақ-тапсырма: Хан жігіттің жауаптарын саралай келіп, әкесі жасырған қазынаны кім алғанын жаңлыспай табады. Сендер олардың қайсысы деп ойлайсыңдар?


Жауап. Сонда хан тұрып кішісіне:

  • "Алтын көрсе періште жолдан таяды" демекші, ағаларың адам бойынан жақсылық пен адамгершілікті көрсе, сен ұрылар бойындағы мысқылдай жақсылығын ақымақтыққа балап отырсың. Әкеңнен қалған дүниені сен алдың, - деді.

Кішісі қазынаны алғанын мойындап, ағаларынан кешірім сұрайды.

"Шешендік сөздер" кітабынан



Оралбектің орайлы жауабы


Алтайдағы Сарыжомарт елінің болысы Мәмбет Семей облысындағы Қызылсу өзенінің бойын жайлаған Бура деген елдің Оралбек есімді шешенін сынамақ болады. Ол өзінің шабарманын шақырып алып, тілдей хат ұстатады. Суыт жүріп Қызылсу өзені бойындағы Оралбекке өз қолымен табыс етуді бұйырады.

Алыстан келген қонақты Оралбек аулы құрметпен қарсы алады. Әкелген хатты ашып оқыса, мына сөздер жазылыпты. "Айғырымның үйірінде он екі бием бар. Білгіш болсаң, солардың сыр-сипатын хатқа жазып, мына кісіден беріп жібер".

Мәмбет болыс өз елінің білікті кісілерін жинап, шабарманын асыға күтіп отыр екен. Әкелген хатты ашып жібереді де: "Пай-пай! Қара қазақтан да мұндай сұңғыла адам туады екен-ау",- деп таңдайын қағып, басын шайқайды. Жауап хаттың мазмұны мынандай екен:

"Мәмбет мырза, үйірдегі он екі биенің алтауы анық буаз, екеуі неғайбыл, екеуі қысыр, қалған екеуінің қысырлығына қоса өкпесінде тесігі бар".

Отырғандар Мәмбеттің сұрағына да, оған қайтарылған жауапқа да түсіне алмай аң-таң.


Сұрақ-тапсырма: Бұл сұрақпен берілген жауаптың шешуін сендер айтып берерсіндер. Ойланып көріңдер.


Жауап: Оларға Мәмбеттің өзі былайша түсіндіреді.

  • Менің жұмбақтап айтқан айғыр үйіріндегі он екі бием адамның денесіндегі негізгі мүше сүйектер еді. Оралбек бұлжытпай тауыпты. Енді оның шешуін түсіндірейін. Алтауы анық буаз дегені, екі ортан жілік, екі асық жілік, екі тоқпан жілік. Өйткені бұлардың ішіндегі майы толық. Екеуі неғайбыл дегені: ішінде үзік-үзік, болар-болмас майы бар екі кәрі жілік. Ал қысыр екеуі-етсіз екі жауырын. Қысырлығына қоса өкпесінде тесігі бар екеуі - шұқырында тесігі бар екі жамбас.

Мәмбет сол арада қателігін мойындап, Оралбекке ат-шапан айып жіберіпті.




Росуэлл жұмбағы


1947 жылы 2 шілдеде Американың Нью-Мексико штатының Росуэлл қаласының үстінен Нәлбек (тарелка) сияқты аппарат ұшып өтеді. Сол күні аспан бұлт еді. Жауын бір ашылып, бір жауып тұрған. Қаладан 20 шақырым жерде әлгі ҰБО" найзағайдың "Жай оғына" тап болып, жерге құлап түседі. Түнде аспанның тарсыл-гүрсілін есітіп жатқан фермер Ульям Брэйзел таңертең өз жерін аралап жүріп, тас-талқаны шыққан ұшақтың бөлшектері мен қара өңді кішкентай адамдардың мәйітін көреді. Көп ұзамай әлгі жерге әскерилер келіп, ұшақтың қираған қалдығын, ұшқыштардың мәйітін алып кетеді. Бұл оқиға туралы кезінде жергілікті әуе ұшақтары базасының офицері Уолтер Хоттың газеттерде хабарламасы басылды.

Осыдан бір жыл өткенде сол кездегі Америка президенті болған оқиғаны зерттейтін комиссия құрған. Комиссия мүшелері 1948 жылдың 18 қыркүйектегі президенттің пәрменімен бекітілген. Оның құрамында әр түрлі лауазым иелерімен бірге әуе құрылысының маманы, белгілі физик Д.Мензел болған.

Д.Мензел "Ұшатын Нәлбек туралы" атты кітап жазып, ҰБО дегенді атымен жоққа шығарды. Ол кітап кеңестер одағында жарық көрді. Онда ҰБО жоқ, ой-қиялдары дертке шалдыққан кейбіреулердің сандырағы дегенді айтқан.

Уролог, мәскеулік В.Васильев 1991-1992 жылдары "Расуэлл жұмбағы" туралы мақала жариялап, Д.Мензельдің кітабы кеңестер одағындағы ақымақтарды алдау үшін жазылғанына, осы уақытты пайдаланып американдықтар ҰБО-ні зерттеп, біршама ілгері озып кеткеніне көзімізді жеткізді. Олар "ұшатын нәлбекті" зерттеп, соның негізінде әскери ғарыш техникасына көптеген жаңалықтар енгізген.

Ал кеңестер одағы болса, әдейі істелген жалған хабарламаға сеніп, ауыз ашып отырған.

ҰБО-нің құлағаны, одан ғарыш ұшқыштарының мәйіті табылғаны туралы 80 жылдары полковник Филипп Корсоның "Росуэлл оқиғасының ертеңіне" деген кітабы шықты. Ол шын мәнінде таңғажайып оқиға болды, Ол ҰБО ұшқышының біреуінің мәйітін өз көзімен көріп, сонымен бірге ұшақтың қалдықтарында зерттеуге қатысқан. Полковник ҰБО ұшағының материалдық

қалдықтары күрделі лабораториялық зерттеу өткізіліп, АҚШ-тың әскери-әуе техникасын шұғыл жетілдіруге септігін тигізгенін ашып айтады.

Полковник бұған дейін жан баласы айтпаған құпиялардың бетін ашады. Ол зерттеген ҰБО ұшкыштарының қайсыбір мүшелері жоқ екен. Филипп Корсо бұдан мынандай қорытынды жасайды: "ҰБО ұшқыштары басқа галактиканың ортақ типті адамы емес, олар - ғарыштық саяхаттарға әдейі сұрыпталған жан иелері",- деп біледі. Сонымен бірге "Ұшатын нәлбектің" бөлшектерін тыңғылықты зерттеуден өткізіп, АҚШ ғалымдары оны қаз қалпында қайталай алмағанмен, соған ұқсас көру, барлау құрал-саймандарын жасап, ғарыш, қорғаныс саласанда шұғыл ілгері басқанын жасырмай жазады.

("Қазақстан әйелдері")


Мазмұндау жоспары

1. Росуэлл қаласының маңында болған оқиға.

2. Фермер Ульям Брэйзелдің көргендері.

3. Зерттеу комиссиясы.

4. Д.Мензелдің хабарламасы.

5. В.Васильевтің пікірі.

6. Филипп Корсонның кітабындағы пікірлер.




Қар адамы


Қазақ топырағында, қар адамын "албасты" дейді.Олар ХХ ғасырдың бас кезінде тайгада жиі ұшырасқан. Ал жуықта тап осы жабайы адамды Амур өзенінің бойындағы қамыс арасынан ұшырастырған. Әлбетте, бұлардың барлығы - ауызекі әңгіме, дәлелсіз сөз. Өйткені бірде-бір фотографиялық сурет түсірілмеген. Американың Вашингтон штатындағы Такома қаласының тұрғыны Крик Кук "Қар адамын" зерттейтін орталық ашып, өзінің 44 жылға созылған саналы өмірін осы жолға арнаған.

Әрине, "Қар адамы" өтірік қиял деген әңгіме көп техникалық барлау құралдарының дамыған кезінде оның көзге түсіп, назарға ілікпеуі күдіктерге мұрындық болды. Қазір де оны өмірде бар мақұлық деуден, жоқ деушілер көп. Бірақ Криу Кук сенбейтіндере бой бермей, өзінің жұмысын табандылықпен жалғастырып келеді. Өйткені ол 16 жасында "Қар адамын" өз көзімен көрген. Сол кезде ол үш бала болып, Дюваль қаласының іргесіндегі орманға саяхатқа шығады. Түнде олар бір алаңда от жағып отырғанда жандарындағы ит іргедегі бұтаға абалап тап береді. Сөйткенше болмай, ит ауада қалбақтап ұшып,аяқ астыларына жалп етіп құлап, сеспей қатады. Артынша бұта арасына бойы екі метрдей "Қар адамы" шығып, бұларға бағыштап сөз сөйлейді. Сонда оның айтқаны: "И гор, лар гор" . Жас балалар қорыққанынан қашып береді. Алайда ол зиянкестік істемейді. Содан бастап Крик Кук " Қар адамын" зерттеуге ден қояды. Оның "и гор, лар гор" дегені әлі күнге дейін зерттеушінің құлағынан кетпеген, оның не дегенін білмейді, бірақ "Қар адамының тілі барлығына "Крик Куктің иманы кәміл.

1995 жылы шілде айында Крик Куктің кеңсесіне автобазаның жүргізушісі келіп, көрген білгенін айтады. Ол 1995 жылдың 11 шілде күні Такома сыртындағы қалың орманға шығады. Бір кезде іргедегі өзеннен су шалпылын естіп, солай қарай бет алады. Жар жағасына келсе, суға белуарынан түсіп, екі қолымен үстіне су шашұан адам деуге де, адам емес деуге де болмайтын мақұлықты көріп, аузын ашып тұрып қалады. Адамнан гөрі дарбанға (горилла) ұқсайды. Үсті- басы ұйысқан қалың қыл, бет-аузы ғана түксіз. Адам шошырлықтай қорқынышты да емес. Жабайы адам иістен бе, тықырдан ба, сыртынан баққан бөтен көзді байқады ма, судан тез шығып, таса-тасамен орманға қарай беттейді. Әуесқой осы сәтте ғана есін жиып, екі рет суретке түсіріп үлгереді. Үйіне келіп, фотоаспабын шығарса сурет ап-анық бадырайып тұр. Ертеңіне Крик Куктің кеңсесіне келіп, әлгі суреттерді өткізеді.

Суретті неше түрлі тексерулерден өткізіп, оның жасанды емес, табиғи екеніне көз жеткізеді. Сөйтіп "Қар адамының" алғашқы суреті зерттеу орталығының қорына еннеді.



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
21.01.2025
171
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Жариялаған:
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі