Ойын арқылы балалардың
танымдық қабілетін дамыту
«Ойын – бала қиялын
шығармашылық ойлауға жетелейтін тәрбие құралы» дегендей, ойын –
бала әрекетінің негізгі түрі. Баланың негізгі даму құралы ол ойын.
Баланың танымдық қабілеті ойын арқылы дамиды. Бала ойынында да
қоғамдық, ұжымдық сипат болады. Мәселен, кез-келген бала еш уақытта
жалғыз ойнамайды, қатар құрбыларымен бірлесіп ойнайды, сол арқылы
бір-бірімен өзара қарым-қатынаста болады.
Ойын балалар үшін айналадағыны танып, білу тәсілі. Балалар
ойындарының тәрбиелік маңызының жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко
былай деп жазады: «Бала ойында қалай болса, кейін өскен соң жұмыста
да көп жағынан ұқсас болады».
Баланы тәрбиелеу мен
дамыту ойыннан басталады. Ойынның негізгі ерекшеліктері
– ол балалардың қоршаған ортаны, адамдардың қимылын, іс-әрекетін
олардың бала қимылынан туған жағдайдағы қарым-қатынасын бейнелеуі
болып табылады. Бала ешқашан үнсіз ойнамайды, ол жүреді, сөйлейді,
ыңылдайды, секіреді, Ойнау барысында сөйлесу қарым-қатынасы үлкен
рөл атқарады. Сөйлесе жүріп, балалар пікірлесіп, әсер алады,
ойынның түпкі ниеті мен мазмұнын анықтайды. Ойынның негізгі
құрылымдық элементтері мыналар болып табылады: ойынның түпкі ниеті,
сюжеті немесе мазмұны, ойын әрекеттері, рөлдері, ойынның өзінен
туатын және балалар жасайтын немесе ұсынатын ойын
ережесі.
Ойындар (іскерлік,
сюжеттік-рольді, қимыл қозғалыс, дамытушылық) баланың ойлау, есте
сақтау, қабылдау, қиял сияқты психикалық үрдістерінің дамуына
көмектеседі.
«Ойын», «Жаттығу» — балалардың
танымдық қызығушылықтарын арттырумен қатар жаңа игерілген
түсініктері мен іскерліктерін бекітуге арналған оқыту әдісі. Ойын
әрекеттері мен жаттығулары арқылы баланың жеке тәжірибесі негізінде
оқу материалының мазмұны жүзеге асырылады. Балалар ойындар мен
жаттығулар нәтижесінде құрбыластарымен жағымды қарым-қатынас жасау
дағдыларына ие болады, өмірлік дағдыларды
меңгереді.
«Ойын» – бұл адамның
мінез-құлқын өзі басқарумен анықталатын қоғамдық тәжірибені
қалыптастыруға арналған іс-әрекеттің түрі. Ойын баланың ақыл-ой
белсенділігін қалыптастырудың маңызды құралы бола отырып, алған
білімдерін тереңдете түседі.
Ойынның да өзіне тән мотивтері
болады. Мысалы, мазмұндық, рөлдік ойындар баланың зейінін,ойлау
қабілетін, қиялын қалыптастыруда зор маңыз алады. Ойын әсері арқылы
бала өз қасиетін қалай қанағаттандыра алатынын, қандай қабілеті бар
екенін байқап көреді. Ал, ақыл-ой ойындарында белгілі бір
ережелерді сақтап ойнайды. Ол ойындар баланың тапқырлығын,
байқағыштығын, зейінділігін арттырумен қатар, ерік сезім түрлерін
де дамытады.
Сюжеттік ойындар мектеп жасына
дейінгі балаларға тән, ең сипатты ойындар болып табылады. Ол
балалар өмірінде елеулі орын алады. Сюжеттік ойындардың ерекшелігі,
оны балалардың өздері жасайды. Ойынның дербес әрекеті айқын
өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Бұл ойындар ұзақ та,
қысқа да болуы мүмкін. Сюжеттік ойында бейнелеу құралы мен ойын
әрекеттері болып табылады. Өзінің сипаты жағынан бұлар көбінесе
еліктеу, шындықты көрсету болып табылады.
Дидактикалық ойын формасы
мектеп жасына дейінгі балаларғы мейілінше тән оқыту формасы болып
табылады. Оның арғы тегі ойынды өлең мен қимылмен ұштастыру
негізінде көп нәрсеге үйрететін ойындарды жасаған халық
педагогикасында жатыр. Дидактикалық ойынның нәтижесі қандай жолмен
болса да ұту емес, балалардың білімді игеру, ақыл-ой қызметін
дамытуда, өзара қарым-қатынас жасауда жеткен жетістіктерінің
көрсеткіші. Дидактикалық ойындарда да балалардың алдына қандай да
бір міндеттер қойылады,оларды шешу үшін назарды жұмылдыру, ерікті
зейін қою, ой күшін жұмсау, ережені ой елегінен өткізе білу,
іс-әрекеттердің жүйелілігін қиыншылықтарды жою керек болады. Олар
балалардың түйсіну және қабылдау қабілетін дамытуға,ұғымдарын
қалыптастыруға,білімді меңгеруіне көмектеседі. Дидактикалық ойындар
айналамен табиғатпен таныстыру сабағында,математика,тіл
дамыту,сауат ашу, көркем әдебиет сабақтарында жиі қолданылады.
Дидактикалық ойындар топ бөлмесінде, аулада, залда, орманда
өткізіледі. Дидактикалық ойынның орталығы ойыншықтар мен ойын
құралдары.
Қимыл ойындары алдымен балаға
дене тәрбиесін беру құралы. Олар балалардың қозғалысын жүгіру,
секіру, өрмелеу, лақтыру, қағып алуды жаттықтыруға, дамытуға және
жетілдіруге мүмкіндік береді. Қимыл ойындары баланың жүйке жүйесін
дамуына, жеке басының аса маңызды салаларының қалыптасуына да үлкен
әсер етеді. Қимыл ойында ережелер ұйымдастырушы рөл атқарады, олар
ойынның барысын, жүйелілігін, ойнаушылардың қарым-қатынасын,
баланың мінез-құлқын анықтайды. Қимыл ойындары үйдің ішінде және
серуен кезінде бірнеше баламен немесе бүкіл топпен өткізіледі. Олар
сондай-ақ дене шынықтыру сабақтарының құрамына енеді. Балалар
ойынды игерген соң өздігінен ойнай алады. Қимылды ойындарды ұлттық
ойындар желісінде ұйымдастыруға болады. Мысалы: «Соқыр
теке», «Арқан тарту», «Төс қағыспақ», «Көкпар», «Асық», «Бәйге»,
«Тақия тастамақ» т.б. ойындар жатады. Бала өмірінің кезеңі ойын
арқылы жетіледі.
Балалар айналадағы әлемді
ойын, еңбек, серуен, ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде
ересектермен, бір-бірімен қарым-қатынас кезінде танып біледі.
Осындай жетістіктерге жету үшін педагог алдында тұрған ертеңгі
мектеп оқушысы деп қарап, баланың мінез кұлқын, сана-сезімінің
жетілу дәрежесін таным үрдістерінің (түйсігі, қабылдауы, ес, ойлау,
сөйлеу, зейінінің) дұрыс бағытта қалыптасып, дамуын қадағалап әpi
дамытып отыру керек.
Балалардың таным мүшелерін
және де шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында
танымдық-шығармашылық ойындар қолданудың маңызы
зор.
Ойын дегеніміз жас ерекшелікке
қарамайтын, адамның көңіл-күйін көтеретін, ойландыратын үрдіс. Ойын
төзімділікті, алғырттықты, тапқырлықты, ұқыптылықты,
ізденіпаздықты, іскерлікті, дүниетаным өрісінің көлемділігінің, көп
білуді, сондай-ақ, басқа да толып жатқан сапалылық қасиеттердің
қалыптастыруға үлкен мүмкіндігі бар педагогикалық тиімді
әдістерінің бipi. Сондықтан, ойынды сабақтан тыс уақытты пайдалану
— үлкен нәтиже бepepi анық. Ойынға зер салып, ой жүгіртіп қарар
болсақ, содан үлкен мәнді де мағыналы істер туындап өрбитінін
байқаймыз. Себебі, бар өнердің бастауы деп білеміз. Ойын тек
баланың дене күш қуатын молайтып, оны шапшандыққа, дәлдіке т.б ғана
тәрбиелеп қоймайды, оның ақыл-ойының толысуына, жан дүниенің
қалыптасуына, eceйіп өcyiнe де пайдасын тигізеді. Ойын баланың
алдынан өмірдің eciгiн ашып, оның шығармашылық, қабілетін оятып,
танымдық қасиеттерін дамытады .
Мектеп жасына дейінгі
балаларды қоршаған ортамен, табиғат пен таныстыруда
танымдық-шығармашылық ойындар өте маңызды орын алады.
Танымдық-шығармашылық ойындар мектеп жасына дейінгі балалардың
таным мүшелерін (есту, көру, ойлау, сөйлеу), сонымен бірге,
шығармашылық қабілетін дамытуда таптырмас ойын болып
табылады.
Танымдық-шығармашылық
ойындарды ойлап тауып, оны ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде
тиімді пайдалану тәрбиешінің шеберлігіне
байланысты.
Мектеп жасына дейінгі
балаларды қоршаған ортамен таныстыруда көбіне танымдық ойындар
қолданылады. Танымдық ойындар баршамызға белгілі таным мүшелерін
дамытуда, қоршаған ортаны, айналадағы дүниені таныстыруда мақсатты
түрде пайдаланылады.
Танымдық шығармашылық ойындар
балаларға қоршаған ортаның, табиғат құбылыстарының өзгерістерін,
оның қалай пайда болатынын қызықты да естен шықпайтындай етіп
қабылдайды. Мектеп жасына дейінгі балаларға алғаш ойналған ойын
керемет бір ғажап дүние сияқты болып көрінеді. Себебі бұл кездегі
балалар өздері алғаш көрген жаңа дүниені, затты ешқашан
ұмытпайды.