ОҚУШЫ БОЙЫНА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ТАРИХ ПӘНІНІҢ РӨЛІ

Тақырып бойынша 11 материал табылды

ОҚУШЫ БОЙЫНА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ТАРИХ ПӘНІНІҢ РӨЛІ

Материал туралы қысқаша түсінік
Қазақстан – жас мемлекет. Тәуелсіздік алғанымызға бар болғаны жиырма алты жыл болса да, тарихымыз тереңге тамыр тартады. Қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту бүгінгі мемлекеттен өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында ұлттық құндылықтардың маңызы зор. Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу ұлттық идеяның негізгі бағыты болып табылады. Ұлттық идея – қазақ халқы тудырған моральдық нормаларда және ұлттық құндылықтарда бекітілген патриоттық тәжірибені меңгеру, ұлттық этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тану, тарихты құрметтеу арқылы іске асырылады. Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталы «Ұлттың рухани мұралары мен дәстүрлерін, қаһармандық ерлік салтын қастерл
Материалдың қысқаша нұсқасы

ОҚУШЫ БОЙЫНА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ТАРИХ ПӘНІНІҢ РӨЛІ

Тайжанова Зилола Иметбековна
Тураб Тула атындағы жалпы білім беретін мектеп
тарих пәнінің мұғалімі

Қазақстан – жас мемлекет. Тәуелсіздік алғанымызға бар болғаны жиырма алты жыл болса да, тарихымыз тереңге тамыр тартады.

Қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту бүгінгі мемлекеттен өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында ұлттық құндылықтардың маңызы зор. Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу ұлттық идеяның негізгі бағыты болып табылады. Ұлттық идея – қазақ халқы тудырған моральдық нормаларда және ұлттық құндылықтарда бекітілген патриоттық тәжірибені меңгеру, ұлттық этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тану, тарихты құрметтеу арқылы іске асырылады. Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталы «Ұлттың рухани мұралары мен дәстүрлерін, қаһармандық ерлік салтын қастерлеу – ұлттық идеяның басты көзі болады, оның дүниежүзілік өркениеттер арасындағы өзіндік дербестігін нығайтады» — деп келтіреді. “Жас бала – жас бiр шыбық, жас күнде қай түрде иiп тастасаң, есейгенде сол иiлген күйiнде қайтып алмақ” – деген тұжырым жасаған қазақ халқының ұлы ақыны ғалым М. Жұмабаев. Бүгінгі жас ұрпақты бала шақтан, яғни ерте жастан ұлт құндылықтарына сүйене отырып тәрбие жүргізу керек. Тәрбие iсi – мемлекеттiк iс. Өйткенi бүгiнгi дұрыс тәрбие – болашақтағы жақсы елдiктi танытар азаматтардың өсетiнiн танытады. Сол себептен де Елбасы өзінің мақаласында «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» – деп ой қорытады. Бүгінгі күн тұрғысынан қарайтын болсақ, егемен елдің бейбітшілігі мен бірлігін сақтайтын жас ұрпақтың бойына жастайынан ата-бабаларымыз негізін салған ерлік рухты, отаншылдық сезімді сіңіру кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып отыр. Ұлттық сезім мен ұлттық намыс, ұлттық рухты көтеру – бүгінгі таңның кезек күттірмес міндеті деп білемін. Яғни елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәрбие саласында жұмыс жасау басты міндетіміз. Ұлтымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»-деген болатын.

Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Осы ұлттық идеяны іске асыратын басты фактор мемлекет болып табылады. Сондықтан да осы мемлекеттік іске салғырт қарамай ұлттық идеяның негізгі бағыттарының тетіктерін жасау қажет. Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ал, осы ұлттық идеологиямыз әлсіз болса барлық салаға өзінің кері ықпалын тигізетіні шүбәсіз.

Отаншылдық міндетті түрде тұлғаның жоғары әлеуметтік белсенділігін көрсетеді, өйткені, оның өзі еңбекте табыстарға жету үшін, қоғамға, ел жұртқа, халыққа қызмет ету үшін биік серпін болып табылады. Осы себепті, күрделі рухани және саяси-әлеуметтік құбылыс ретіндегі қазақстандық патриотизм Отанды қорғау, нығайту және гүлдендіру жолында онымен ажырамас тұтастығын саналы түрде ұғынатын тұлғаның руханилығы, азаматтығы және саяси-әлеуметтік белсенділігінің бірлігі болып табылады. Ал, бұл кез-келген мемлекеттің түбірлі саяси міндеті екендігі белгілі. Отаншылдыққа тәрбиелеудің негізгі көздеген мақсаты – өзінің бай тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, келер ұрпақты еңбекке, өнер-білім машықтарын меңгеруге, отбасын, туған өлкесін, отанын сүюге, ар-намысын қорғауға, және т.б. ізгі адамгершілік қасиеттерге баулу. Оның басты қағидасы Отанға, өзінің халқына, Атамекеніне деген сүйіспеншілік болып табылады. Бұл өз еңбегімен, жанкешті ерліктерімен елінің беделін арттырып, халқының абыройын асыратын қазақстандық азаматтардың күнделікті өмірінде пайда болады. Ол Отан мен Қазақстан халқына қауіп төнген сындарлы жағдайларда, әсіресе, айшықты әрі қарқынды түрде туындайды. Күнделікті тіршілікте ол азаматтардың өндірістегі, ғылымдағы, өнердегі, спорттағы, сондай-ақ, жауынгерлерді туған өлкені батыл қорғауға, өз халқының, елінің, Атамекенінің егемендігін, «құрмет көрсетіліп, қастерленуі» тиіс шекарамыздың бұзылмауын, қоғамдық құрылыстың мызғымастығын қамтамасыз етуге даярлайтын әскери қызметтегі жасампаз еңбегінен көрінеді.

«Ежелден ел тілегі – ер тілегі, адал ұл ер боп туса – ел тірегі» демекші әр баланың бойында адамгершілік, батылдық, шыдамдылық, төзімділік қасиеттерін дамытып, жеке тұлғаны қалыптастыруға үлес қосу болып табылады. Жас ұрпақты аға ұрпақтың лайықты мұрагері болу үшін жастарға халқымыздың Отан мүддесі жолында жасаған ерлік істерінің ұлылығын жете түсіндіре отыруымыз қажет. Осы жерде еліміздің тарихы жетекші орын алады. Қазақ елінің тарихын насихаттап, өскелең ұрпақты ұлтжанды етіп тәрбиелейтін, әрқашан мемлекеттік мүддені көздеп, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің мәңгі баянды болуын насихаттау жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Тарихты оқу арқылы отаншылдыққа, өз халқына, басқа халықтарға деген сүйіспеншілікке, жауынгерлікке, еңбек сүйгіштікке, Отаны үшін кез келген қиындыққа әзір тұруға, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа, қоғам үшін, халық үшін, елі үшін қызмет етуге дайын болуға, адалдыққа, шыншылдыққа, тазалыққа, қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке, өз мүддесін халық, Отан мүддесінен жоғары қою сияқты қасиеттерге тәрбиеленеді. Ал, мектептегі тарих сабақтарында ерлікке, жауынгерлікке тәрбиелеу күрделі міндет. Осы жерде ержүрек батырлар мен қолбасшылардың қаһармандығын, ерлігін көрсеткен шайқастары туралы толық нақтыланған материалдар болуы тиіс. «Атамекен, туған жер» ұғымы – әрдайым қастерлі де қасиетті ұғым. Бұл қасиеттер ұрпақ бойына оқумен, біліммен, үйренумен, талпынумен бітеді. Халық батыры Бауыржан Момышұлы былай деген екен: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық деген, ерлік деген ұрпақтан ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім – тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық». Қазақ халқын құрып кету қаупінен сақтап қалған, жерін жауға бермей, ұлан байтақ өлкесін қазақ еліне мәңгі қоныс ету мақсатында жарғақ құлағы жастыққа тимей, елім деп еңіреп өткен хас батырлар қаншама десеңізші! Бұлардың ерлігі кейінгі ұрпаққа қашан да болса өнеге болмақ.

Халқымыздың ауыз әдебиеті шығармашылығы ұрпақ тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты және әлі де үлес қосып келеді. Сол бай құндылықтардың ішінде, отаншылдықты дәріптейтін мұра — батырлар жыры. Отанын сүйген, елін жаудан қорғау үшін қасық қаны қалғанша аянбай шайқасатын Қобыланды, Қамбар, Ер Тарғын, Алпамыс тұлғалары. Елін, жерін сырт жаулардан қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты мыңдаған қазақ батырларына арналған көптеген дастандар, өз халқының мүддесі, арман-тілегі, туған жері үшін жан аямаған батырларға деген халықтың сүйіспеншілігі, азаматтарының рухани жан дүниесінің беріктігі, ерлігі мен отаншылдық қасиетін баяндайтын асыл қазыналары, ақын — жыраулардың, билердің татулыққа, адамгершілікке, елін сүюге шақырған өлең жырлары, шешендік сөздері оқушыларының бойында отаншылдық сезімді қалыптастыруда маңызы өте зор.

Отансүйгіштік рух –тәуелсіз еліміздің әлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Осы жерде жас ұрпақ ең басты отбасында асқақ отансүйгіштік сезімге тәрбиеленуі тиіс. Ұлы Абай: «Бала мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі — ата – анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» — деген екен. Отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына ата-ана, ауыл аймағының ықпалы зор. «Отан отбасынан басталады»-дейді дана халқымыз, отанды сүю – отбасынан басталатыны рас. Сондықтан да бала тәрбиесінде шешуші факторы – отбасы. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады.

Бала тәрбиесі баршаға ортақ іс. Оған көпшілік қоғам болып жұмылу, парасаттылық пен байсалдылық керек. Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрі мен тағылымдарын, мәдениет тарихын, бұрын-соңғы ұлы ойшыл педагогтардың еңбектерін оқып жетік білмей, оны жақсы меңгермей тұрып келер буынға дұрыс тәрбие-тағылым беру мүмкін емес. Себебі, өткенді жақсы білмейінше келешекке сапар шегу, Л.Толстой айтқандай, айсыз қараңғыда сүрлеу соқпақ іздеп шатасумен пара-пар. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ата – бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбие үлгісін ұғындырып, мәдениетті, адами қасиеті мол, шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – бұл қазіргі таңда өмір талабы және қоғам қажеттілігі.

Ойымның қорытындысын, Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деген сөзімен аяқтағым келіп отыр. Сондықтан ел болып, жұрт болып ұрпақ тәрбиесін қолға алу басты шаруа. Тәрбие беруде ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз қазақстан қоғамының әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне жоғары мәдениетті деңгейде бейімделе алады деп айта аламын.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.сайт e.historii.kz.Қ.Әдиет.ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкер

  1. Ш.Елеукенов, Замандас парасаты. Әдеби сын. Алматы: Санат, 1977 ж.

  1. Ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудағы сынып жетекшінің орны.Сынып жетекшінің анықтамалығы/ №1(01) 2009.

  1. Әдеп және жантану/ хрестоматия/ Атамұра Алматы, 1996.









































ОТАНДЫҚ ТАРИХТЫ ОҚЫТУДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҰСТАНЫМДАР МӘСЕЛЕЛЕРІ

Тайжанова Зилола Иметбековна
Тураб Тула атындағы жалпы білім беретін мектеп
тарих пәнінің мұғалімі

Бүгінгі таңда бүкіл елімізде жүріп жатқан ұлттық мемлекетті нығайту жолындағы игі істер, жаңалықтар өте көп. Солардың ішінде ең бастысы əрбір халықтың тарихын, тілі мен əдебиетіне, мəдениетіне, əдет-ғұрпына, жалпы рухани мұрасына зор құрметпен қарау мəселесі болса керек. Міне, осындай қамқорлықтың бір көрінісі 1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес дайындаған Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптасу тұжырымдамасы болды.

Онда отандық тарихты оқытудың басымдықтары, негізгі проблемалары айқындалды. Тəуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанда жаңа əлеуметтік-саяси ахуал қоғамда да, оның азаматтарының санасында да үлкен сілкініс туғызды. Дүниеге, халық пен оның тарихына деген көзқарас та түбегейлі өзгеріске ұшырады. Егеменді ел болып, іргелі дамуға тұғыр болатын ұлттық сананың ұстанымды ерекшеліктерін айқындау қажеттігі туды.

Біріншіден, қазақтың толыққанды ұлт санатында болатынына, яғни оның өзіндік «Мен» (қазақ) дегізерлік қасиеттерін сақтау мүмкіндіктерінің бар екенін фактілермен дəлелдей отырып оқыту — парыз. Отаршылдықтың ауыр зардаптарына қарамастан, аса тегеурінді этномəдени сананың сақталуының қайнар көзінің бірі дəстүрлі өмір салтының, тарихи маңызы терең талданып, оқу барысында берілуі қажет.

Екінші, тарихпен қатар өріліп келе жатқан дəстүрлі құқықтың ел билеудегі, мемлекет пен қоғам үшін атқарар қызметінің ұлт болып ұйысуындағы ролін, нақты мысалдармен оқыту білім берудің ұлттық үлгісінің негізіне айналуы шарт.

Əлемге ғылымы-білімімен атағы жайылған Эллада, Рим, Вавилон, Мысыр, Қытай, Парсы жазба мұрасы, мəдениеті, əдебиеті жəне заңнама ережелері бар мемлекеттермен көрші отырып, сан мəрте экономикалық, мəдени, саяси байланыс орнатқан, сол елдердің бұғауына түспей, ел мен жерді қорғау мүддесі үшін, оларға қарсы əскери жорыққа шығып, ата-бабаларымыз көшпелі мемлекетті басқарып, жауына жем болмай, өз үстемдігін жүргізді. Оның дəлеліне «Күлтегін» жырындағы өлең жолдарын келтіруге болады.

Үшіншіден, қазақтың жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алуға тыйым салғандығы, ұлттық сананы шыңдауға белгілі дəрежеде ықпал еткенін, сол дəстүрдің бүгінгі жаһандану заманында қазақ жастары үшін, ұлтымыздың болашағы үшін құндылығы бар екенін түсіндіру, оқыту қажет.

Қазақ елінің көшпелі тұрмыс-тіршілігінен іріктеліп шыққан əдет-ғұрыптар мен салт-дəстүрлер мыңдаған жылдар бойы сақталып келген.

Халқымыздың ойға орамды, жүрекке жылы икемді, есте сақтауға ыңғайлы сөз тіркестері, ұйқасты əуезбен, шешендік үлгідегі нақыл сөздер заң ережесіне айналған. Олар қазақ мемлекетіндегі дəстүрлі құқықтың бұлжымас қағидасы деп танылған. Нақыл сөздер мен мақал-мəтелдерді бүгінгі күндегі кодекс ретінде қолданып жүрген нормативтік заңдармен салыстыра қарап, талдау арқылы, ұлттық ой-пікірдің ұшқырлығы, ерекшелігін көрсетуде, жас ұрпақ санасына ұлттық мақтаныш, тіліне деген  құрмет  қалыптасуына  ықпал  жасайтыны  сөзсіз.  Мысалы,  сот  ісін  жүргізген  билер туралы: «Қара қылды қақ жару», «Əділ билік — алтын таразы», «Тура биде туған жоқ», «Жетпеген билік жеті ұлықтың есігін ашады» жəне қылмыстық істерге қатысты айғақ-дəлелдер мен үкім-келісімдер, азаматтық, шаруашылық істердегі заң нормаларына келетін мақалдар мен нақыл-сөздер; сөз маржандары қазақ қоғамындағы тұрмыс-тіршіліктің өзінен ерекшеленіп шыққан, халықтың ұғымындағы дəстүрлі құқықтарының тұжырымдары.

Отандық тарихты оқытуда басты көңіл идеялық тұғырды түсіндіруге аударылуы тиіс. Яғни дербес мемлекеттікті сақтау жəне дамыту жолындағы іс-əрекеттер тарихын, бүгінін, болашағын салыстыра оқыту.

Ұлттық мүддеге қызмет етудің ұлы үлгілерін шын мəнінде көрсетіп берген тарихи тұлғалардың, мемлекет басқарушылардың тарихын, солардың өз еңбектерін талдап оқыту арқылы берілуі қажет. Мысалы, Е.Б.Бекмаханов туралы тарихты оқытқанда мына проблемаларға көңіл аударған дұрыс.

Е.Б.Бекмахановтың Едіге батыр туралы деректер келтіре отырып, еңбек жазуы ұлттық батырларды, ру батырларына бөлмей, олар жайлы ерлердің ерліктері сериясын жазу керектігін, сол арқылы ұлттық сананы оятуды, азаттық қозғалыстағы қазақ батырларының ролін көрсеткендігін оқыту қажет. Оның еңбегінде Алтын Орда жəне оның Ресеймен қарым-қатынасы, Русь жəне   Дешті-Қыпшақ,   Патша   үкіметінің   Қазақстанда   жүргізген   саяси-əкімшілік   реформалары, Отандық тарихты оқытудағы ұлттық… қырғыз-қазақ қатынастары, ел билеудің дəстүрлі институттары, орыс-қазақ шаруаларының бірлескен күрестері, Қазақстанның Қытаймен, Хиуа, Бұқара, Қоқан хандықтарымен қарым-қатынастары деген күрделі проблемалардың орын алуы — болашақ тарихшылардың бүгінгі күнгі тəуелсіз Қазақстан мемлекетінде сыртқы саяси қарым-қатынасқа негіз болғанын көрсету.

Е.Б.Бекмаханов еңбегі — отандық тарихта тарихнамалық еңбек жазудың үлгісі, оның еңбектерінде келтірілген мұрағат деректерінің өзі Қазақстан тарихын зерттеуде пайдаланатын бір мəселе. Оның түрмеде жазған хаттарынан, көрген азаптарынан 1991 жылға дейін зерттелмеген тарихи проблемада Кеңес үкіметінің Қазақстанда жүргізген  зорлық-зомбылығы  деген  тақырып ХХ  ғ. 40– 50 жж. өзінде күн тəртібінде тұрғандығын көрсету керек. Оны айыптау құжаттарынан қазақ зиялыларының 1937 ж. кейінгі екінші рет қудалау тарихын зерттеуге қажетті деректер алуға болады.

Қазақ зиялылары туралы тақырыптарды оқытқан кезде Ə.Бөкейхановтың қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалысты еуропалық, демократиялық, конституциялық, парламенттік күрес жолы арқылы тəуелсіздікке жетуді жақтағанын жəне А.Байтұрсыновтың ұлт-азаттық қозғалысқа гуманистік, ұлттық сипат бергендігін, оқу-ағарту арқылы ұлттың өзін-өзі билеуге жетуге шақырғандығын баса айту керек. Яғни қазақ зиялыларының идеялары тəуелсіздіктің ұлттық тұғырнамасы болғандығын терең түсіндіру парыз.

Ұлы реформатор А.Байтұрсынов туралы материалдарды түсіндірген кезде оның мынадай мəселелерге көңіл бөлгендігін баса айтуға тиіспіз. Оның кəсібилікке көңіл бөлгендігі. Оның айтуынша, «мал бағатындар мал бағуын жақсы білуге керек», «ел бағатындар ел бағуын жақсы білуге керек», «бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білуі керек» дей келе, «жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын» азаматқа «ұлт намысы» екі ауылдың, я екі рудың намысы емес екендігін ескерткендігін көрсету қажет.

«Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» — дей келіп ол: «Баланы ұлша тəрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тəрбиелесең құл болмақшы», — деп пайымдайды. Рухани отаршылдықтың сырын терең түсінген халықты құлдықтан, «соқыр санадан», «адамдық айуандықтан» құтқарудың жолын іздейді. Осы ой-пікірдің мəнін ашып, бүгінгі күнмен байланыстыра түсіндіру абзал.

А.Байтұрсынов ұлы ұстаз-теоретик ретінде бала тəрбиесінен бастап ұлттық санаға дейінгі педагогикалық проблемаларды жан-жақты зерделеген. «Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, əлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, бізде өз алдымызға бір жұрт екенімізді білдірер едік», — деп армандайды, соның концептуалдық мəнін ашып түсіндіру керек.

А.Байтұрсынов ұлт ұстазы ретінде, М.Əуезов айтқандай, «елшілдік ұранын» көтерді, ұлттың мұң-мұқтажына, мүддесіне тоқтала келіп, «заманына қарай амалы» барын айтып, «талап жоқ, үміті мол» қазаққа «ғамалыңды түзет, түзелмесең ешкімге кінə қойма!...Еңбексіз егін шықпайды, терлесең, терің тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден, тер сіңірген тиын жұғымды» екенін дəлелдеді, ХХ ғ. басындағы нарықтық экономикаға халық пейілін бейімдейді.

Ресейлік отаршылдық қанаудан, кеңестік ұжымдастырудан, саяси қуғыннан, ұлтшыл деп жойылудан, орны толмас мəдени шығындар кезеңінен де мың өліп, мың тірілген ұлтымыздың психологиялық тығырыққа тірелмей, өздерін ұлы өркениеттің мұрагері, өзінің ұлттық «Мен» (қазақ) дегізерлік қасиеттерін алып шығып, оны жаңғырта білгендігі жəне ұлттық мəдени дамуды тежеу ешкімнің қолынан келмегендігін талдау бүгінгі таңдағы оқытудың басты міндеті болмақ.

Тарих дегеніміз өмір, қоғам жəне адамтанудың ұлы мектебі екендігіне көніл аудара отырып, қазақтың қоғамдық құрылымында жеті ата ғана емес, тұтас елді саралап танып, сабақтап тарата білу кез-келген қазақ үшін өмір салтына, əрі өмірлік қажеттілігіне, əрі кісілік нормасына айналғанын түсіндіру керек. Сондықтан да отандық тарихты оқытуда бұл мəселеге көп көңіл бөлу, бүгінгі тек тест жаттап, өсіп келе жатқан ұрпақ үшін білімділікпен қатар өз халқын сүюге  де тəрбиелейтіні сөзсіз.

Қазақ халқының тарихы «ұлттық тарих жылы» деп аталған кезеңде кеңірек зерттеле бастады, алайда басшылыққа алатын методологиялық принциптер жоқтың қасы. Бұл қиындыққа қарамай, ұлт болып қалу үшін ұлттық тарихымызды оқытуда ұлттық ұстаным жəне білім берудің ұлттық үлгісін жетілдіру міндеті тұр.







Ұлт тарихын оқытуда технологиялардың маңызы

Тайжанова Зилола Иметбековна
Тураб Тула атындағы жалпы білім беретін мектеп
тарих пәнінің мұғалімі

 

Барша рухани құндылықтар бала бойына тарих пәні арқылы дариды, ендеше адамзат бойында қандай да бір құндылықтарды қалыптастыруда тарих пәнінің маңызы зор. Ал еліміздің төл ұлты қазақ халқының басынан өткізген тағдыр- талайын, тарихи тәжірбиесін баяндайтын «Қазақстан тарихы» пәнінің ұрпақ бойында рухани құндылық қалыптастыруда орны ерекше.

Қоғам қай заманда да өз азаматтарының нені меңгеріп қалай оқып- біліп жетілгенін жіті қадағалап отырған. Өйткені, бүкіл мемлекеттің қуаты мен игілігі түптеп келгенде сол қоғам мүшелері алатын білімнің деңгейіне байланысты. Әрбір мемлекеттің интеллектуалдық, экономикалық, парасаттылық және мәдени білім саласының жай- жапсарына, оның прогрессивті даму мүмкіндігіне тікелей қатысты.

Қазір әлемдік аралас- құралас күшейіп, жаһандану үрдісі қарқын алған сайын дүние жүзі халықтары өздерінің ұлттық төлтумалығын сақтап қалуға, отаншылдық сезімдерін шыңдай түсуге айрықша көңіл бөлуде.

Оқу тәрбие үрдісінде  бүгінгі ұлттық оқу орындарындағы ең өзекті мәселе тарихи сана арқылы ұлттық рухы басым қазақсандық менталитетті жетілдіру.Ұлттық құндылықтарға белгілі бір нақты ұлт өкілдері құнды деп есептейтіндер жатады. Тағы ұлттық құндылықтарға Отан, жер, туған ошақ, халық, ұлттық тіл, ұлттық мәдениет, дәстүрлер мен ғұрыптар жатады.

Сабақты идеялық жағынан ғылыми негізінде, өмірмен байланысты ұйымдастыру оқушының қызығуын, білімге құмарлығын таныту, әр сабақта оқушылардың ойлануға, өздігінен ізденіс жасауға баулып, ойын ауызша, жазбаша жинақтап баяндай білуге, мәдениетті сөйлеуге үйрету арқылы ұлттық әдет- ғұрыпты бойна сіңіруге дағдыландыру әрбір ұстаздың абыройлы борышы. Тарих пәнін оқытуда әр оқушының жеке жұмыс қабілетін ескеру, сынып тапсырмаларын, үй жұмысын баланың ерекшеліктерін ескере отырып беру керек.

Мектептің оқу үрдісіне енгізіліп жүрген технологиялар теориялық тұрғыдан дәлелденіп, тәжірбиеде жақсы нәтиже беріп жүр. Модульдік оқыту- оқытуды оңтайландыру, тұлғаның мүмкіндігіне даярлық деңгейін бейімдеу болса, дамыта оқыту- бұл қабілеттер мен мүмкіндіктерін ашуға, дамытуға жағдай туғызу, белсенді оқыту- танымдық белсенділігн, шығармашылығын ұйымдастыру. Алдымен сабақтың тәрбиелік жағын ерекше ескеріп, оқушылардың өз халқына деген сүйіспеншілігін арттыру және оны қалыптастыру үшін мүмкіндігінше халықтың педагогика элементтерін көбірек пйдалану керек. Ол үшін бағдарламада көрсетілген  материалды жоспарлағанда сол тақырыпқа сай халықтық педагогика  элементтерінің қандай түрін пайдалануға болатындығын қоса жоспарлау қажет. Мұның өзі сабаққа пайдалануға болатын материалды алдын ала  дайындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, рухани құндылықты қалыптастыруда сабақта халықтық педагогиканы пайдалану үшін әдет ғұрып, салт- дәстүр және мақал- мәтел секілді үш бағыт бойынша сабақты өткізудің жаңа әдістерін жетілдіре түсуге болады.  Дәстүрлі емес сабақтарды өту арқылы оқушылардың ой толғауын, білмін, қабілетін кеңейтуге болады. Білімді даяр күйде бермей, оқушылардың алдына белгілі бір мәселені міндет етіп қойып, оны олар халқымыздың озық салт- дәстүрін пайдалана отырып ізденіп шешуге тиіс. Мұның нәтижесінде өз бетінше өмір сүре алатын шығармашыл азаматтар тәрбиелейміз. Оқушыларға қазіргі заман талабына сай  жоғарғы дәрежеде сапалы білім мен тәрбие беруде халықтық педагогиканы  пайдаланып оқыту- бүгінгі күн талабы. Дамыта оқытуда баланың ізденушілік- зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға жетуі керек. Содан кейін барын оның білім алуға деген ынта- ықыласы артады, білім алуға әрекеттенеді.

Тарихи жадыға тиесілі адамзат тарихының өн бойына көз жүгіртер болсақ, адамзат басынан аяғына дейін толық қамтып жатқанын көреміз. Қазақстан тарихы сабағында орта ғасырдағы қазақстан мәдениеті тарауында Ислам дініің қазақсан жеріне таралуына Қарахан мемлекеті зор ықпал тигізгенін, кейін Өзбек ханының тұсында Алтын Орда Ислам діні мемлекеттік дін ретінде қабылданғандығын, қазіргі таңда зайырлы мемлекет болсақта, төл ұлт қазақ халқының негізгі діні Ислам діні болып қала беретіндігін бала бойына рухани құндылықтың бір тармағы дінді қалыптастырамыз.Жеке тұлғаның бойында рухани құндылықты қалыптастыру процесінде оқушыларға алдын- ала ізденіс, зерттеу жұмыстарын бере отыра, қосымша мериалдар жинауға тапсырмалар беру қажет.

Мұндай тапсырмалар оларды ынталандырып қана қоймай, сабақта білм алмасуға ықпал етеді, шығармашылығын қалыптастырып, интеллектуалдық қарым- қатынас қуанышына бөлейді. Жаңа Қазақстан үшін бүгінде өзіндік қазақ өркениетін дамыту, экономикалық потенциалын өсіру, салт- дәстүрін, әдет- ғұрпын, тілін, менталитетін, тағы да басқа ұлттық құндылықтар аясын кеңейту өзекті мәселелер болып табылады. Өрлеу дегеніміздің өзі жаңару, өткенді жаңғырту. Сонымен қатар, өзге халықтың мәдениетін түсінуді ең алдымен өзінің ұлттық мәдениетінің терең тамырын түсіндіруден бастау керек



Жаңартылған білім беру аясында қазақстан тарихы пәнін оқытудың ерекшеліктері

Тайжанова Зилола Иметбековна
Тураб Тула атындағы жалпы білім беретін мектеп
тарих пәнінің мұғалімі



Қазіргі заман сұранысының негізінде білім жүйесінің жаңа болмысы қалыптасуда. Білім берудің әдіс-тәсілдері түбегейлі өзгеруіне байланысты инновациялық үрдістің қарқындылығы артуда. Бүгінгі күннің талабы-ұстаздық әрекеттің жеке тұлға дамуына жағдай туғызуы. Осыған орай білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген, ілгері кеткен оқыту әдіс-тәсілдері арасында конструктивті теориялық оқытуға негізделген әдіс-тәсіл кең таралып отыр. 

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында мемлекеттік саясат негізінде ең алғаш рет әр баланың қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы жеке адамның дарындылығын таныту сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі.

Қазақстан Республикасында оқытудағы Кембридждік бағдарлама кеңінен насихатталып, осы негізде кешенді бағдарламалар жасалып,сол бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы «тарих» сөзі бізге араб тілінен енген. Негізгі мағынасы «әңгімелеймін» деген түсінікті білдіреді. Сондықтан да тарих сабағы үнемі белсенді қозғалысқа толы болады. Сабақ барысында мұғалім-оқушы, оқушы-оқушы арасында үнемі байланыс, яғни диалог жүреді.

«Қазақстан тарихы» пәнінің мақсаты оқушылардың бойында тарихи сана, қазақстандық патриотизм, өз елінің тарихы мен мәдениетіне құрмет, өз ата-бабаларының жетістіктеріне деген мақтаныш сезімін қалыптастыру, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды дарыту, зерттеушілік, ойлау, коммуникативті дағдыларды дамыту болып табылады. 

Осы мақсатқа жету төмендегідей міндеттерді шешу арқылы қамтамасыз етіледi: 

Қазақстан аумағындағы ежелгі заманнан бастап бүгінгі күнге дейінгі қоғамның әлеуметтік, мәдени, саяси, экономикалық дамуының негізгі кезеңдері мен ерекшеліктері туралы білімін қалыптастыру; 

Қазақстанның тарихи дамуы барысында қалыптасқан ұлттық құндылықтар жүйесі туралы білім беру; 

Қазақстанның тарихи дамуының негізгі оқиғалары, құбылыстары мен үдерістердің мәні туралы түсінік қалыптастыру; 

тарихи оқиғаларды, құбылыстар мен үдерістерді және тарихи тұлғалардың қызметін отандық тарих тұрғысынан сын тұрғысынан талдау және баға беру дағдыларын қалыптастыру мен дамыту; 

қазіргі кездегі саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени үдерістерді бағдарлай алу үшін тарихи білімдерін қолдана білу дағдыларын қалыптастыру; 

пәнді оқыту үдерісінде оқушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану дағдыларын дамыту үшін жағдайлар жасау, соның ішінде ақпаратты табу, құрастыру және басқару, мәліметтермен және идеялармен бөлісу, бірлесіп әрекет ету, түрлі жабдықтар мен қосымшаларды пайдалану арқылы өз жұмысын бағалау және жетілдіру дағдыларын дамыту [1, 95-б.].

Білім мазмұнын жаңарту – білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұнын, оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен тәсілдерін қайта қарастыру болып табылады. Ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, кез-келген өмірлік жағдайда функционалдық сауаттылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсете білетін тұлғаның үйлесімді қалыптасуына және зияткерлік дамуына қолайлы білім беру ортасын тудыру – жаңартылған білім мазмұнын енгізудің нәтижесі болуы керек. Білім беру мазмұны – жеке адамның біліктілігі мен жан жақты дамуын қалыптастыру үшін негіз болып табылатын білім берудің әрбір деңгейі бойынша білімдер жүйесі (кешені). 

Білім берудің мақсаты, оның ұйымдастырушылық құрылымы, технологиялық жағынан жабдықталуын, оқыту әдістемесі қоғамның әлеуметтік сұранысынан туындайды. Бұған дейін білім беру үрдісінің негізгі бөліктері: 

Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Негізінен жаңартылған білім жүйесі құзыреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. 

Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) қолдану болып табылады [2, 264-б.].

Ұлттың тарихи санасын жетілдіру және жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытындағы бағдарламаларды іске асыру үшін болашақ ұрпаққа тарихи білім беру мазмұны мен әдістемелерін жетілдіру жұмыстарын атқару керек.

Білім беру жүйесін бәсекеге қабілеттілікке жеткізу міндеттері мен білім мазмұнын жаңарту аясында жалпы білім беретін мектептердегі «Қазақстан тарихы» пәнін оқытудың жай-күйін, білім беру нәтижесінің сапасын, оқушылардың дайындық деңгейі мен жетістіктерін зерделеу мақсатында ақпараттық-талдамалық жұмыстар жүргізілді.

Оқу бағдарламасы білім стандартының пәндік тақырыптарын нақтылайды, оқушылардың жас ерекшеліктеріне, оқу үрдісіне, пәнаралық және пән ішіндегі байланыстармен оқу пәнінің тараулары және ұсынылған оқытылатын тақырыптардың жүйелілігі мен пән бойынша курстың тарауларына оқу жүктемесінің көлемін береді.

Жаңартылған білім беру жүйесінде тарих пәнін оқыту оқушылардың дайындық деңгейлеріне қойылатын талаптарды айқын белгілейді. Пәндік нәтижелер екі аспектіде көрсетілген: білуі және меңгеруі тиіс [3, 7-б.].

Тұтастай оқу бағдарламасы оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, тарих пәні бойынша толыққанды, жүйелі білім беру, оқушылардың қызығушылығын ояту, білім, білік, дағдыларын қалыптастыру, салыстырмалы талдау жасай білуге мүмкіндік береді.

Жаңартылған білім беру жүйесінде «Қазақстан тарихы» оқулығына төмендегідей талаптар қойылады:

оқулық мазмұнының оқу пәнін оқыту мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігі; 

оқулық мазмұнының типтік оқу бағдарламасының негізгі мазмұндық желісіне сәйкестігі; 

оқу басылымы мазмұнын баяндаудың жүйелілігі, бірізділігі, қисындылығы [4, 245-б.].

Оқу басылымында нәтижелерге жетуді тексеру аппаратын ұйымдастырудың тиімділігі: 

бақылау және тест материалдары. Оқу басылымында қосымша материалдың: хрестоматиялық, құжаттық материалдар, ғылыми әдебиеттерден үзінділер, көркем суреттеулер, әңгімелеулер, биографиялық, ғылымтанушылық, статистикалық деректер, т.б. бар болуы;

Оқу басылымы мазмұнында пәнішілік және пәнаралық байланыстардың бар болуы. 

Оқу басылымы мазмұнының оқушылардың алған білімі мен тәжірибесін адами қызметтің әртүрлі саласында, қарым-қатынаста және әлеуметтік қатынастарда (функционалдық сауаттылық) өмірлік міндеттерді шешуде пайдалану қабілеттілігін қалыптастыруға бағыттылығы. 

Оқу басылымы мазмұнының оқушылардың танымдық қызығушылықтарын дамытуға бағытталуы. 

Оқу басылымы мазмұнының оқушылардың логикалық ойлауын, интеллектуалдық әлеуетін және шығармашылық белсенділігін дамытуға бағытталуы. Оқу басылымы мазмұнының патриоттық сезім, Отанға деген сүйіспеншілік қалыптастыруға бағыттылығы. Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениеттерінің көптүрлілігі мен бірлігінің көрініс табуы [5, с. 74]. 

Болашақ зиялы азаматтарды тәрбиелеу үшін Қазақстан тарихын тереңдете оқыту арқылы олардың танымдық белсенділіктері мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал жасауға болады. Ол үшін білім алушылардың ғылыми қоғамдарын ұйымдастыру және республикалық ғылыми жарыстарға белсене қатынасуына мүмкіндіктер жасауға тиіспіз. 

Білім алушыларға қазіргі заманғы білім мен жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген тәрбие бере отырып жеке тұлғаны қалыптастыру осылайша басты бағыт ретінде ұсталынады.

Осы ұстанымдарды негізге ала отырып, орта ғасырдағы Қазақстан тарихын тарихи білім мен сана қалыптастырудағы негізгі бағыттарын былай айқындаймыз:

1. Тарих мұғалімі ретінде орта ғасырдағы Қазақстан тарихының мазмұнын меңгерту арқылы білім алушылардың жеке интеллектуалдық дамуын бақылау, оның еркін дамып, қабілеттерінің ашылуына тиімді жағдай жасау.

2. Білім алушылардың осы пәнге деген ынтасы мен қабілетін зерттеу, қызығушылықтарына бағдар беру.

3. Дәстүрлі қоғам тарихының мазмұнындағы құндылықтар арқылы олардың ұлттық санасын қалыптастыра отырып, өз ойын еркін жеткізе алатын ойлау, сөйлеу дағдыларды игеруіне мүмкіндік жасау.

4. Ұлттық мемлекеттіліктің аса маңызды кезеңі ретінде орта ғасырдағы Отан тарихының өзекті мәселелерін танып-білуге арналған ғылыми ізденістеріне бағыт беру.

Білім беру, жан-жақты дамыту, тәрбиелеудің бір тұтастығын қалыптастыруда тарихи тұлғалардың өнегесі мен олардың мұрасын кеңінен пайдалану [6, 15-б.].

«Қазақстан тарихы» пәнін оқыту үдерісінде оқушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану дағдысын дамыту үшін, соның ішінде ақпаратты табу, құрастыру және басқару, мәліметтермен және идеялармен бөлісу, бірлесіп әрекет ету, түрлі жабдықтар мен қосымшаларды қолдану арқылы өз жұмысын бағалау және жетілдіру үшін қажетті жағдайлар жасалуы қажет.

Қазіргі ақпараттық қоғамда өндірістің дамуының негізгі құралы болып ақпараттық ресурстардың қажеттілігі көрінеді. Сондықтан білім беру саласы да өзінің дамуы үшін жаңа қадамдарға баруда. Осыған байланысты адамға ақпараттар кеңістігінде дұрыс бағытты таңдауға мүмкіндік жасай алатын оқытудың инновациялық технологиялары пайда болуда.

Қазіргі таңда ХХІ ғасырдағы сабақ, яғни заманауи сабақ шын мәнінде қандай болуы керек деген сұрақ білім беру процесіне қатысушылардың көпшілігін – мұғалімдерді, ата-аналарды, оқушыларды толғандыратыны сөзсіз. Қазіргі сабаққа не әсер етеді? Мұғалімдердің шеберлігі, әдіс-тәсілдердің жиынтығы, әлде оқытудың техникалық құралдарының болуы ма? Бұл сұрақтарға педагогикалық әдебиеттерден бір жақты жауап таба алмаймыз. Бұл салада көптеген авторлардың пікірі бір жүйеге саяды: яғни заманауи мектеп пен заманауи сабақ білім алушыларды өмірдің барлық үрдістеріне қатысуға дайындауы, өмірге бейімдеуі керек. 

Заманауи сабақтың мақсаты пән бойынша терең білім беру емес, өз пәні арқылы оқушыға белгілі бір құзіреттілікті қалыптастыруды қамтамасыз ету болып табылады. Яғни, заманауи сабақ барлық уақыт осы мақсатқа бағытталатын үйрену ортасы. Осындай сабақта оқу процесіндегі жауапкершілікті оқушы өз қолына алады, оның өз бетінше жұмыс істеу икемділігі қалыптасады, сабақтағы оқушы белсенділігі мұғалім белсенділігінен жоғары болады. 

Сабақта мұғалім қолданған оқытудың ұтымды әдістері арқылы баланың білімге деген ынтасы артады, таным білім көкжиегі кеңейеді. Бірте-бірте ұстаз дәрісін тыңдаушы оқушы белсенді ойлай алатын, ізденімпаз шәкіртке айналады. Сонымен, заманауи сабақтың негізгі құрылымына тоқталатын болсақ, сабақтың ұйымдастырушылық кезеңі мұғалімнің сабақ басындағы жұмысқа жағымды эмоционалдық ахуал қалыптастыруына бағытталады, оқушыларға сабақтың тек қана тақырыбы (мазмұны) ғана емес, сонымен бірге оның мақсаты, олардың қызметін ұйымдастыру формалары хабарланады, оқу- әдістемелік материалдармен жұмыс істеу бойынша нұсқау беріледі. 

Келесі кезең – оқушының жаңа ақпаратты өзбетінше меңгеру кезеңі. Бұл кезеңдегі ақпарат оқушы оны білімге айналдыра алатындай болып дайындалуы қажет. Ақпарат – оқу мен ойлаудың негізі. Ақпаратсыз біз ойлап, шешім қабылдай да алмаймыз, мәселені шешіп, шығармашылық қызметпен айналыса да алмаймыз. Тек жеткілікті ақпаратты жинай отырып, біз тұжырымдаманы өңдеп, қорытынды жасап, жоғары интеллектуалды деңгейде ойлай аламыз. Оқу тапсырмасын орындау кезеңінде тапсырмалар әрбір оқушыға анық, айқын және түсінікті болуы керек. 

Сабақта тапсырма әр уақытта нақты іс-әрекеттен басталады, екінші оқу материалының мазмұны ұсынылады, үшінші – күтілетін нәтижесі болуы керек. Сабаққа бүкіл сабақ бойы ең жетік оқушынының көңілін аулайтындай оқу тапсырмалары дайындалуы қажет. Тапсырмалар міндетті және күрделі тәртіпте беріледі. Ақпаратпен таныса отырып оқушылар тапсырмаларды орындауға кіріседі. Бұл ретте оқушылардың барлығы тең жағдайда бір мезгілде бірдей тапсырмаларды орындайды. Негізгі ереже: мұғалім дайын жауапты бермейді, жауапты оқушы өзі табуы керек. Сабақтағы мұндай әрекет оқушыға білімді өз бетімен меңгеруге үйретеді, ол алғашқы тапсырмадан бастап, бүкіл сабақ барысында жұмыс жасайды [7, 18-б.]. 

Келесі тапсырмаға көшуі үшін мұғалім тапсырманың дұрыс-бұрыстығын тексереді, тапсырманың орындалғаны тіркеледі, тек содан кейін ғана оқушы өзінің жетістігін өзін-өзі бағалау парағына белгілейді де келесі тапсырманы орындауға көшеді. Сабақта оқушы орындаған тапсырмалардың саны оның интеллектуалдық және шығармашылық қабілетіне байланысты болады. Бұл жерде бағалау бойынша пікірталас болмайды, оқушылар өз жұмысын өздері бағалайды. 

Сабақты қорытындылау кезеңінде сабақ мақсатына жеткен-жетпегені анықталады, сабақтағы оқушылардың қызметі бағаланады. Дәстүрлі сабақтың соңында барлық оқушының білімі бағаланбайтын еді. Жаңа мазмұндағы сабақта сабаққа қатысып отырған әрбір оқушы баға ала алады. Ол үшін мұғалім алдын-ала орындалатын тапсырманың бағалау критерийлерін дайындайды, орындалатын тапсырманың дұрыстығын сәйкестендіру үшін үлгілік жауаптар әзірлейді. 

Мектепте «Қазақстан тарихы» пәнін оқытуды тиімді жүзеге асыру үшін оқыту үдерісі тарихи концептілер негізінде ұйымдастырылады. Тарихи ойлау дағдылары бірте-бірте прогрессия мен олардың кеңеюін есепке ала отырып, әр сабақтың үстінде дамытылуы тиіс. Белгілі бір тарихи концептілерге фокус жасау арқылы құралған оқыту нақты оқу материалының негізінде оқушылардың бойында тарихи ойлау дағдыларын қалыптастыруға және дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай әдіс зерттеуге негізделген оқуды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады. Пәнді тарихи концептілер негізінде оқытудан күтілетін нәтижелер төмендегі кестеде келтірілген.

Оқушылардың оқу-танымдық әрекетін күшейту олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуды көздейді. Оқушылар жоғары жетістіктерге жетуі үшін мұғалімдер сабақта белсенді оқуды қолдайтын оқыту тәсілдерін қолданады. Оқу үдерісінде оқушының белсенділігін арттыратын әдіс-тәсілдерді шеберлікпен қолдану оқушылардың танымдық қабілеттерін дамыту құралы болып табылады.

Сабақтың түрі сабақтың дидактикалық мақсаттарына байланысты таңдалады. Жеке, жұптық, топтық және ұжымдық оқу жұмысы арқылы оқыту түрлері сабақтың барлық түрлеріне ортақ болып табылады: 

жеке жұмыс – оқушының жұмысты өз бетінше орындауы; 

жұптық жұмыс – «оқушы-оқушы», «оқушы-мұғалім» тәртібіндегі жұмыс түрі; 

топтық жұмыс – топтың құрамына байланысты (3-5 адам) шағын топтық және бүкіл сыныптық жұмыс. Мұнда топтың барлық мүшесі бірігіп бір тапсырманы / тақырыпты немесе оның бір бөлігін орындайды; 

ұжымдық, яғни ауыспалы жұптар арқылы ұйымдастырылған жұмыс. Мұнда әрбір оқушы жеке тақырыпты / тапсырманы орындап, жұптағы екінші оқушымен талқылайды. Әңгімелеу мазмұндаудың негізгі тәсілдерінің бірі болып табылады. 

Мұғалім әңгімелеу арқылы материалдың мазмұнын түсіндіреді. Қазақстан тарихы пәнін оқытуда әңгімелеу сабақ уақытының аз бөлігін алып, әдістемелік талаптарға сай келуі тиіс: 

әңгіме қысқа болуы керек (5-15 минут); 

әңгімелеу барысында жаңа терминдерге арнайы тоқталып, тақтаға жазу және қажет жағдайда оқушылардың дәптеріне жазып алуларына мүмкіндік беру керек;

сабақта қолданылатын көрнекіліктер мен карталарды алдын ала дайындап, көрінетін жерге іліп қойған дұрыс; 

мұғалімнің сөздері түсінікті және сөздерді орынсыз қайталау, бұрмалау болмауы керек, 

мұғалімнің әңгімелеуі эмоционалдық тұрғыда әсерлі болуы тиіс; 

мұғалім оқулықта берілген мәтінді сол күйінде қайталап айтуына болмайды. 

Оқу үдерісінде мұғалім оқушылармен серіктестік қағидаттары негізінде тиімді тәсілдер қолдану арқылы оқушылардың танымдық әрекеттерін ұйымдастырушы болып табылады. Сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер пәннің ғылыми мазмұнын ашуға негізделеді. 

Қазіргі кезде шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің тынымсыз ізденуі нәтижесінде оқу-тәрбие жұмысының тиімділігін арттырудың жаңа технологиялары өмірге келді. Сонымен қатар сыни тұрғыдан ойлау бағдарламаса бойынша жүргізілген сабақтар іздеудің мән-жайына қаныға, білімді тереңінен айтуға төселеді, дәлелдер келтіру, дәлелдеу тәсілдеріне жаттығады, теория мен практиканың бірлігін игереді, жеке және топпен бірлесіп мәселе түйінін шешу жолдарын табуға жаттығады, өз жолдастарының пікірімен санасуға, өткір сындарды тыңдап одан тиісті қорытындылар жасай білуге машықтанады. 

Қорыта айтқанда, пән бойынша жаңартылған білім беру мазмұнындағы сабақтар оқушыларды сын тұрғысынан ойлау, бірлесіп жұмыс істеу, ақпаратты өңдеу, проблемаларды шешу сияқты жоғары деңгейдегі көптеген дағдыларды өзбетінше меңгеруге мүмкіндік береді. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша сараптамалық материалдар. Сараптамалық жинақ. – Астана:   Ы. Алтынсарин атындағы  Ұлттық білім академиясы, 2015. – 125 б. 

2. Сманқұлова Ж.Е. Жаңартылған оқу бағдарламасындағы тиімді педагогикалық технологиялар // Научный журнал «Хабаршы Вестник Казахского национального педагогического университета имени Абая. Серия «Исторические и социально-политические науки», 2018. – 264-267.

3. Сманкулова Ж.Е. Қазақстан тарихы пәні бойынша электронды оқулықтарды оқу құралдары ретінде қолдану // Қазақстан тарихы, – 2017. – №5. – Б. 7-9.

4. Абдугулова Б.К. «Қазақстан тарихынан әңгімелер» курсын оқыту әдістемесі // Материалы международной научнопрактической конференции «Международные отношения в Центральной Азии: история и современность». – Алматы, 2017. – Б. 245-249.

5. Аналитические материалы по обучению предметам «История Казахстана» и «Всемирная история». Аналитический сборник. – Астана: Национальная академия образования им. И. Алтынсарина, 2015. – 125 с.

6. Төлегенов А.К., Сүлейменов А.Б. Қазақстан тарихы пәнінен жаңартылған бағдарлама бойынша оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру. – Алматы, 2018. – 40 б.

7. Абдугулова Б.К. Тарихты оқытудағы ақпараттық технология» курсын оқытуда компьютерлік технологияны пайдаланудың әдістемелік жолдары. – Алматы: Ұлағат, 2018. – 340 б.



«Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.

Міржақып Дулатұлы»



Қазіргі таңда қоғамның әлеуметтік сұранысының негізі жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру

Бұл жеке тұлғаның жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін іс-әрекет түрлері арқылы іске асады. «Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін, тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашан да қарыздармыз», – деп Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев айтқандай, біздің алдымызда «бабаларының игі дәстүрін сақтайтын», «күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы өз елінің патриоттары» болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеттері жатыр. Отаншылдық сезім – ұлт рухының деңгейінің айнасы, өлшемі. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген екен дана халқымыз. Сондықтан да, сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, ұлтшылдық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын, бойында ұлттық санасы қалыптасқан тұлғаларды тәрбиелеп шығару – жалпы ұлттың алдында тұрған ұлы міндет болып отыр. Қандай да бір елдің рухани мәдениеті, әдебиеті мен өнері, ғылым мен техникасы, әлеуметтік жағдайы, материалдық өндірісінің ең маңызды жетістіктері тәрбиесінен көрінуі арқылы оның ұлттық құндылықтарының мәніне ие болады және өскелең ұрпақтың азаматтығы мен отаншылдықты, рухани-адамгершілік жан-дүниесі қалыптасуына белсенді түрде ықпал етеді.

Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттері, моральдық нормалары, ұлттық құндылықтары бар. Ұлттық құндылықтар – қандай да бір этникалық қауым өкілдерінің өзіндік тарихи көрінісі бар рухани мұраттарының жиынтығы. Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше екені белгілі. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие – ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, мұнда тәрбиенің негізі ғасырлар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен моралдық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір–салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды. Қазақы дүниетаным, ақыл-ой, тағылымдық ұлағат ғасырлар бойы шыңдалып қалыптасты. Сол сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің негіздерін бір арнаға түсіріп тәрбие мәселесінде пайдалану бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған ең басты қажеттілік деп білемін.

Ұлттық отаншылдықты қалыптастыруда ата-бабаларымыздың ұлағатты ойлары мен тәлімдік тәрбиесінің атқаратын орны ерекше. Осы жерде қазақ халқының ұлы ақыны, ғалым М. Жұмабаевтың мына сөзі ойға оралады: «Ұлт тәрбиесі – баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Және әр ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесі мен тәрбие қылуға міндетті». Бала тәрбиесінің ұлттық сипатта болуына ерекше мән беру керектігін атап өтеді. Ал ұлттық сипат – сол ұлт тарихының таңбасы.

Қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту бүгінгі мемлекеттен өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында ұлттық құндылықтардың маңызы зор. Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу ұлттық идеяның негізгі бағыты болып табылады. Ұлттық идея – қазақ халқы тудырған моральдық нормаларда және ұлттық құндылықтарда бекітілген патриоттық тәжірибені меңгеру, ұлттық этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тану, тарихты құрметтеу арқылы іске асырылады. Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталы «Ұлттың рухани мұралары мен дәстүрлерін, қаһармандық ерлік салтын қастерлеу – ұлттық идеяның басты көзі болады, оның дүниежүзілік өркениеттер арасындағы өзіндік дербестігін нығайтады» - деп келтіреді. “Жас бала – жас бiр шыбық, жас күнде қай түрде иiп тастасаң, есейгенде сол иiлген күйiнде қайтып алмақ” – деген тұжырым жасаған қазақ халқының ұлы ақыны ғалым М. Жұмабаев. Бүгінгі жас ұрпақты бала шақтан, яғни ерте жастан ұлт құндылықтарына сүйене отырып тәрбие жүргізу керек. Тәрбие iсi – мемлекеттiк iс. Өйткенi бүгiнгi дұрыс тәрбие – болашақтағы жақсы елдiктi танытар азаматтардың өсетiнiн танытады. Сол себептен де Елбасы өзінің мақаласында «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» – деп ой қорытады. Бүгінгі күн тұрғысынан қарайтын болсақ, егемен елдің бейбітшілігі мен бірлігін сақтайтын жас ұрпақтың бойына жастайынан ата-бабаларымыз негізін салған ерлік рухты, отаншылдық сезімді сіңіру кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып отыр. Ұлттық сезім мен ұлттық намыс, ұлттық рухты көтеру – бүгінгі таңның кезек күттірмес міндеті деп білемін. Яғни елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәрбие саласында жұмыс жасау басты міндетіміз. Ұлтымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»-деген болатын.

Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Осы ұлттық идеяны іске асыратын басты фактор мемлекет болып табылады. Сондықтан да осы мемлекеттік іске салғырт қарамай ұлттық идеяның негізгі бағыттарының тетіктерін жасау қажет. Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ал, осы ұлттық идеологиямыз әлсіз болса барлық салаға өзінің кері ықпалын тигізетіні шүбәсіз.

Отаншылдық міндетті түрде тұлғаның жоғары әлеуметтік белсенділігін көрсетеді, өйткені, оның өзі еңбекте табыстарға жету үшін, қоғамға, ел жұртқа, халыққа қызмет ету үшін биік серпін болып табылады. Осы себепті, күрделі рухани және саяси-әлеуметтік құбылыс ретіндегі қазақстандық патриотизм Отанды қорғау, нығайту және гүлдендіру жолында онымен ажырамас тұтастығын саналы түрде ұғынатын тұлғаның руханилығы, азаматтығы және саяси-әлеуметтік белсенділігінің бірлігі болып табылады. Ал, бұл кез-келген мемлекеттің түбірлі саяси міндеті екендігі белгілі. Отаншылдыққа тәрбиелеудің негізгі көздеген мақсаты – өзінің бай тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, келер ұрпақты еңбекке, өнер-білім машықтарын меңгеруге, отбасын, туған өлкесін, отанын сүюге, ар-намысын қорғауға, және т.б. ізгі адамгершілік қасиеттерге баулу. Оның басты қағидасы Отанға, өзінің халқына, Атамекеніне деген сүйіспеншілік болып табылады. Бұл өз еңбегімен, жанкешті ерліктерімен елінің беделін арттырып, халқының абыройын асыратын қазақстандық азаматтардың күнделікті өмірінде пайда болады. Ол Отан мен Қазақстан халқына қауіп төнген сындарлы жағдайларда, әсіресе, айшықты әрі қарқынды түрде туындайды. Күнделікті тіршілікте ол азаматтардың өндірістегі, ғылымдағы, өнердегі, спорттағы, сондай-ақ, жауынгерлерді туған өлкені батыл қорғауға, өз халқының, елінің, Атамекенінің егемендігін, «құрмет көрсетіліп, қастерленуі» тиіс шекарамыздың бұзылмауын, қоғамдық құрылыстың мызғымастығын қамтамасыз етуге даярлайтын әскери қызметтегі жасампаз еңбегінен көрінеді.

«Ежелден ел тілегі – ер тілегі, адал ұл ер боп туса – ел тірегі» демекші әр баланың бойында адамгершілік, батылдық, шыдамдылық, төзімділік қасиеттерін дамытып, жеке тұлғаны қалыптастыруға үлес қосу болып табылады. Жас ұрпақты аға ұрпақтың лайықты мұрагері болу үшін жастарға халқымыздың Отан мүддесі жолында жасаған ерлік істерінің ұлылығын жете түсіндіре отыруымыз қажет. Осы жерде еліміздің тарихы жетекші орын алады. Қазақ елінің тарихын насихаттап, өскелең ұрпақты ұлтжанды етіп тәрбиелейтін, әрқашан мемлекеттік мүддені көздеп, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің мәңгі баянды болуын насихаттау жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Тарихты оқу арқылы отаншылдыққа, өз халқына, басқа халықтарға деген сүйіспеншілікке, жауынгерлікке, еңбек сүйгіштікке, Отаны үшін кез келген қиындыққа әзір тұруға, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа, қоғам үшін, халық үшін, елі үшін қызмет етуге дайын болуға, адалдыққа, шыншылдыққа, тазалыққа, қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке, өз мүддесін халық, Отан мүддесінен жоғары қою сияқты қасиеттерге тәрбиеленеді. Ал, мектептегі тарих сабақтарында ерлікке, жауынгерлікке тәрбиелеу күрделі міндет. Осы жерде ержүрек батырлар мен қолбасшылардың қаһармандығын, ерлігін көрсеткен шайқастары туралы толық нақтыланған материалдар болуы тиіс. «Атамекен, туған жер» ұғымы – әрдайым қастерлі де қасиетті ұғым. Бұл қасиеттер ұрпақ бойына оқумен, біліммен, үйренумен, талпынумен бітеді. Халық батыры Бауыржан Момышұлы былай деген екен: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық деген, ерлік деген ұрпақтан ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім – тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық». Қазақ халқын құрып кету қаупінен сақтап қалған, жерін жауға бермей, ұлан байтақ өлкесін қазақ еліне мәңгі қоныс ету мақсатында жарғақ құлағы жастыққа тимей, елім деп еңіреп өткен хас батырлар қаншама десеңізші! Бұлардың ерлігі кейінгі ұрпаққа қашан да болса өнеге болмақ.

Халқымыздың ауыз әдебиеті шығармашылығы ұрпақ тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты және әлі де үлес қосып келеді. Сол бай құндылықтардың ішінде, отаншылдықты дәріптейтін мұра — батырлар жыры. Отанын сүйген, елін жаудан қорғау үшін қасық қаны қалғанша аянбай шайқасатын Қобыланды, Қамбар, Ер Тарғын, Алпамыс тұлғалары. Елін, жерін сырт жаулардан қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты мыңдаған қазақ батырларына арналған көптеген дастандар, өз халқының мүддесі, арман-тілегі, туған жері үшін жан аямаған батырларға деген халықтың сүйіспеншілігі, азаматтарының рухани жан дүниесінің беріктігі, ерлігі мен отаншылдық қасиетін баяндайтын асыл қазыналары, ақын - жыраулардың, билердің татулыққа, адамгершілікке, елін сүюге шақырған өлең жырлары, шешендік сөздері оқушыларының бойында отаншылдық сезімді қалыптастыруда маңызы өте зор.

Отансүйгіштік рух –тәуелсіз еліміздің әлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Осы жерде жас ұрпақ ең басты отбасында асқақ отансүйгіштік сезімге тәрбиеленуі тиіс. Ұлы Абай: «Бала мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі - ата – анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» - деген екен. Отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына ата-ана, ауыл аймағының ықпалы зор. «Отан отбасынан басталады»-дейді дана халқымыз, отанды сүю – отбасынан басталатыны рас. Сондықтан да бала тәрбиесінде шешуші факторы – отбасы. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады.

Бала тәрбиесі баршаға ортақ іс. Оған көпшілік қоғам болып жұмылу, парасаттылық пен байсалдылық керек. Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрі мен тағылымдарын, мәдениет тарихын, бұрын-соңғы ұлы ойшыл педагогтардың еңбектерін оқып жетік білмей, оны жақсы меңгермей тұрып келер буынға дұрыс тәрбие-тағылым беру мүмкін емес. Себебі, өткенді жақсы білмейінше келешекке сапар шегу, Л.Толстой айтқандай, айсыз қараңғыда сүрлеу соқпақ іздеп шатасумен пара-пар. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ата – бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбие үлгісін ұғындырып, мәдениетті, адами қасиеті мол, шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – бұл қазіргі таңда өмір талабы және қоғам қажеттілігі.

Ойымның қорытындысын, Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деген сөзімен аяқтағым келіп отыр. Сондықтан ел болып, жұрт болып ұрпақ тәрбиесін қолға алу басты шаруа. Тәрбие беруде ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз қазақстан қоғамының әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне жоғары мәдениетті деңгейде бейімделе алады деп айта аламын.



























Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
12.11.2025
22
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі