жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Отбасылық зорлық-зомбылык жағдайындағы көмекке жүгіну және әлеуметтік қолдау
Отбасылық зорлық-зомбылык жағдайындағы көмекке жүгіну және әлеуметтік қолдау
Авторлар: Сарсенғалиев Мейрамбек, Байзақ Нұрсейіт
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бакалавриат студенттері
Ғылыми жетекші: Қ.А. Авсыдыкова
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы, Қазақстан
https://farabi.university/?lang=kz
Аннотация
Бұл рефератта қазіргі қоғамдағы өзекті әлеуметтік-құқықтық мәселелердің бірі – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында көмекке жүгіну жолдары мен көрсетілетін әлеуметтік қолдау жүйесі жан-жақты қарастырылған. Жұмыста зорлық-зомбылықтың түрлері (физикалық, психологиялық, сексуалдық, экономикалық) жіктеліп, оның қоғам мен жеке тұлғаға тигізетін зардаптары талданады. Сондай-ақ, зардап шеккендерге құқықтық көмек көрсету механизмдері (полиция, қорғау нұсқамасы, «102», «111», «150» сенім телефондары) және мемлекеттік әрі үкіметтік емес ұйымдар арқылы көрсетілетін әлеуметтік-психологиялық оңалту, уақытша баспана (шелтерлер) беру шаралары көрсетілген. Реферат қоғамдағы құқықтық сауаттылықты арттыруға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған практикалық ұсыныстармен қорытындыланады.
Кілт сөздер: отбасылық зорлық-зомбылық, әлеуметтік қолдау, дағдарыс орталықтары, құқықтық көмек, қорғау нұсқамасы, психологиялық оңалту.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл отбасы мүшелері арасындағы құқықтарды бұзатын, дене немесе рухани зардап келтіретін заңсыз әрекет. Бұл жай ғана жанжал емес, билік пен бақылауды орнатуға бағытталған жүйелі деструктивті мінез-құлық. Психологияда оның динамикасын түсіндіру үшін Леннор Уокердің «Зорлық-зомбылық циклы» қолданылады. Бұл цикл кернеудің жинақталуы, ашудың жарылуы (жедел зорлық) және татуласу («бал айы») фазаларынан тұрады. Зорлық-зомбылық дене, психологиялық, сексуалдық және экономикалық болып төрт түрге бөлінеді. Оның салдары отбасының ыдырауына, посттравмалық күйзеліске, суицидке және агрессияның ұрпақтан ұрпаққа берілуіне әкеледі. Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіліп, «ұрып-соғу» және «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» баптары Қылмыстық кодекске көшірілді. Татуласу мүмкіндіктері шектеліп, полиция зардап шегушінің арызынсыз-ақ іс қозғай алады. Көмекке жүгіну жолдарына «102» пульті арқылы полиция шақыру, агрессорға 30 тәулікке дейін жақындауға тыйым салатын қорғау нұсқамасы және «111», «150» сияқты шұғыл сенім телефондары жатады. Дағдарыс орталықтарында немесе шелтерлерде жәбірленушілерге әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық көмек түрлері көрсетіледі. Зардап шеккендерге бір айдан алты айға дейін кешенді қолдау беріледі.
Психологиялық немесе эмоционалдық зорлық-зомбылық адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін жүйелі түрде кемсітуден, қорқытудан, бопсалаудан, вербалды агрессиядан, әлеуметтік изоляциядан, газлайтингтен және бақылауда ұстаудан көрніс табады. Бұл адамның өзін-өзі бағалауын төмендетіп, созылмалы депрессия мен суицидтік ойларға ұшыратады. Сексуалдық зорлық-зомбылық адамның еркіне қарсы, күш қолдану немесе қорқыту, дәрменсіз күйін пайдалану арқылы жыныстық қатынасқа немесе сексуалдық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеуді білдіреді. Ол ауыр психологиялық травмаға, репродуктивті денсаулықтың бұзылуына әкеледі. Экономикалық зорлық-зомбылық адамды қаржылық жағынан толық тәуелді етуді, еңбек етуге немесе білім алуға тыйым салуды, жеке кірістері мен мүлкін тартып алуды немесе бақылауды, баспанадан, тамақтан, киімнен және дәрі-дәрмектен ажыратуды білдіреді. Бұл жәбірленушінің агрессордан кету мүмкіндігін шектейтін басты факторлардың бірі болып табылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары жеке отбасы шеңберінен шығып, ауқымды әлеуметтік дағдарыс тудырады. Ол отбасы институтының деградациясына, әйелдер мен балалардың посттравмалық күйзелістік бұзылысқа (ПТСР) ұшырауына, девиантты мінез-құлық мен суицидтің артуына әкеледі. Ең қауіптісі – зорлық-зомбылық куәгері болған балалар ересек өмірде бұл модельді өз отбасында қайталайтын болады. Сонымен бірге шұғыл байланыс желілері қызмет етеді. Олардың қатарына отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәулік бойы тегін қызмет көрсететін «111» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы және балалар мен жастарға, сондай-ақ зардап шеккен ересектерге арналған анонимді психологиялық және құқықтық көмек көрсететін «150» ұлттық сенім телефоны жатады.
Қорытындылай келе, бұл мәселені шешу үшін халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, агрессорларға арналған психологиялық түзету бағдарламаларын енгізу және ведомствоаралық жұмысты күшейту қажет. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған адам уақтылы көмекке жүгініп, мемлекет тарапынан толыққанды қолдау көрген жағдайда ғана бұл мәселені тиімді шешуге болады.
Мәселені тиімді шешу үшін бірнеше маңызды бағыттарда жұмыс жүргізілуі тиіс. Біріншіден, құқықтық ағарту және құқықтық мәдениетті арттыру арқылы азаматтар арасында, әсіресе жастар арасында отбасылық құндылықтар мен зорлық-зомбылыққа мүлдем шыдамаушылық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ «111» және «150» сенім телефондары туралы ақпараттандыруды кеңейту қажет. Екіншіден, әлеуметтік және дағдарыстық инфрақұрылымды дамытып, ауылдық жерлерде дағдарыс орталықтары мен мобильді мультидисциплинарлық топтардың қолжетімділігін арттыру, шелтерлердің сыйымдылығын кеңейту маңызды. Үшіншіден, агрессорлармен психологиялық-түзету жұмыстарын жүргізіп, зорлық-зомбылықтың қайталануын болдырмау үшін агрессияны басқару бойынша психотерапиялық және психотүзету бағдарламаларын міндетті түрде енгізу керек. Төртіншіден, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтып, полиция, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау органдары арасындағы ақпарат алмасу мен бірлескен әрекет ету хаттамаларын жетілдірген жөн.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген