ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТҮЗЕТУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ
МІНЕЗҚҰЛҚЫНДАҒЫ АУЫТҚУЛАРДЫ ТҮЗЕТУ
Қазіргі білім беру кеңістігінде оқушы тұлғасына
қатысты туындайтын мәселелердің бірі — оның мінез-құлқындағы
ауытқулар. Мұндай ауытқулар көбінесе оқушының әлеуметтік ортамен
өзара әрекеттесуіндегі қиындықтармен, эмоционалды жағдайының
тұрақсыздығымен, тәрбие жүйесіндегі кемшіліктермен және ішкі жан
дүниесіндегі шешілмеген қайшылықтармен байланысты болады. Бұл
жағдай тек баланың өзі үшін ғана емес, оның сыныптастары мен
мұғалімдері үшін де белгілі бір деңгейде қиындық
тудырады
Мектеп қабырғасында орын алатын тәртіп бұзушылық,
агрессия, тұйықтық, эмоционалдық тұрақсыздық секілді мінез-құлықтық
көріністер – оқушының тұлғалық дамуындағы дағдарысты кезеңдердің
айқын белгісі. Бұл белгілер еленбей, назардан тыс қалатын болса,
балада екінші реттік невротикалық күйзеліс, оқшаулану,
үлгермеушілік, өзін-өзі төмен бағалау секілді күрделі мәселелер
туындауы мүмкін. Осы орайда педагог-психологтың негізгі
міндеттерінің бірі – оқушылардың мінезқұлқындағы ауытқуларды
уақтылы анықтап, оларды психологиялық түзету жұмыстары арқылы
жеңілдету немесе толық жою болып табылады. Бұл мақалада
педагог-психолог жүргізетін түзету-дамыту жұмыстарының маңыздылығы
мен тиімді жолдары жан-жақты қарастырылады.
Мінез-құлықтағы ауытқулар – бұл оқушының
мінезінде ұзақ уақыт бойы сақталатын, әлеуметтік ортада қабылданған
нормаларға және талаптарға қайшы келетін, сыртқы мінездік әрекеттер
арқылы көрінетін психологиялық ерекшеліктердің жиынтығы. Бұл
ауытқулар баланың жас ерекшеліктеріне қарай әр түрлі формада
байқалады. Бастауыш сынып оқушыларының арасында жиі кездесетін
мінез-құлықтық ауытқулар — өзіне назар аудартуға тырысу,
жылаңқылық, қорқыныш, сабаққа бейжай қарау, мазасыздық. Жоғары
сынып оқушыларының ішінде — агрессия, өзіне және өзгеге зиян
келтіру, оқшаулану, жауапкершіліктен жалтару, жағымсыз топтарға
қосылу секілді мінез үлгілері көбірек кездеседі.
Бұл ауытқулар түрлі себептерден туындайды.
Біріншіден, отбасындағы эмоционалдық қатынастың бұзылуы, ата-ана
тарапынан бақылаудың немесе махаббаттың жетіспеуі баланың ішкі жан
дүниесіне әсер етеді. Екіншіден, мектеп ортасындағы қатынастар –
сыныптағы қақтығыстар, мұғалімнің талап қою стилі, оқушының өзіне
деген сенімсіздігі де мінез ауытқуларына әкелуі мүмкін. Үшіншіден,
бала психикасының табиғи әлсіздігі мен фрустрациялық төзімділіктің
төмендігі де осы ауытқулардың психологиялық негізін құрайды.
Мінез-құлықтағы ауытқулар көбіне ішкі тұлғалық қайшылықтардың
сыртқы көрінісі болып табылады және оларды тек тәртіптік шаралармен
шешу мүмкін емес. Мұндай жағдайларда ең алдымен педагог-психологтың
қатысуымен жүргізілетін кәсіби, жүйелі психологиялық түзету жұмысы
қажет.
Психологиялық түзету жұмысының негізгі мақсаты —
оқушының мінезқұлқындағы жағымсыз көріністердің себептерін анықтап,
оларды жеңілдетуге немесе толықтай жоюға жағдай жасау. Сонымен
қатар, бұл жұмыс арқылы баланың тұлғалық дамуында тепе-теңдік
орнатып, оның өзіне және қоршаған ортаға деген қатынасын реттеу
көзделеді. Психологтың түзету жұмысы мынадай міндеттерді шешуге
бағытталуы тиіс: Біріншіден, мінез-құлықтағы ауытқулардың формасын,
қарқындылығын және оның шығу себептерін анықтау үшін диагностикалық
зерттеу жүргізіледі. Екіншіден, баланың эмоционалдық фоны мен
өзін-өзі бағалауын қалыпқа келтіру жолдары
қарастырылады. Үшіншіден, жеке немесе топтық форматта
психокоррекциялық бағдарламалар құрылады. Төртіншіден, балада
қарым-қатынас жасау дағдылары, әлеуметтік бейімделу, эмоцияны
басқару сияқты қабілеттер дамытылады. Бесіншіден, оқушымен қатар
ата-аналармен және мұғалімдермен де бағытталған жұмыс жүргізіледі.
Мұның бәрі баланың әлеуметтік ортаға толыққанды қосылып, өз-өзіне
сенімді, жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік
береді.
Психокоррекциялық жұмыста қолданылатын әдістер
баланың жеке психологиялық ерекшеліктеріне, жасына және мәселенің
сипатына қарай таңдалады. Әдістердің басты мақсаты – баланың ішкі
жан дүниесіндегі қайшылықтарды шешу, эмоциялық реттеу және жағымсыз
мінез-құлықтың орнын әлеуметтік жағымды әрекеттермен
алмастыру.
Арт-терапия – шығармашылық арқылы ішкі
эмоционалдық шиеленісті жеңілдетуге бағытталған тиімді әдіс.
Балалар өз сезімдері мен уайымдарын сөзбен емес, сурет, бояу,
мүсіндеу арқылы білдіреді. Бұл әдіс әсіресе сөйлеуге қиналатын, өз
ойын ашық жеткізе алмайтын, тұйық балалар үшін өте
пайдалы.
Құм терапиясы — бала үшін қауіпсіз әрі бейсаналық
деңгейдегі уайымдарды бейнелеуге мүмкіндік беретін құрал. Құммен
жұмыс істеу барысында бала ішкі қорқынышын, уайымын, күйзелісін
символдық түрде сыртқа шығарады. Психолог оны түсіндірмей-ақ байқай
алады. Жасөспірімдермен жүргізілетін топтық тренингтер сенімділік,
өз ойын айту, шешім қабылдау, эмоцияны бақылау, жанжалдан шығу
жолдарын үйретуге бағытталады.
Тренингтерде ойын элементтері, пікірталас,
жаттығулар, рөлдік жағдайлар қолданылады. Бұл әдістер баланың жүйке
жүйесін тыныштандыру, бойындағы ашу-ыза мен мазасыздықты төмендету
үшін қолданылады. Мысалы, «Тыныш орман» қиял жаттығуы, «Құс сияқты
тыныс ал» әдісі, аутогендік жаттығулар балалардың өзін-өзі реттеу
қабілетін арттырады. Баланы тікелей үйретпей, жанама түрде өнеге
беру — психологиядағы ең нәзік әдістердің бірі. Ертегі арқылы бала
өзі туралы, өз мінезі туралы ойланады. Психолог кейіпкер әрекетін
саралап, оқушыны өзін-өзі тануға бағыттайды. Рөлдік ойындар арқылы
бала түрлі өмірлік жағдайларға еніп, әлеуметтік мінезқұлық
үлгілерін меңгереді. Ойын барысында оқушы өз әрекетінің салдарын
түсініп, балама шешім қабылдауға дағдыланады.
Педагог-психолог – бұл оқушының психологиялық
жай-күйін терең түсінетін, мінез-құлқындағы ауытқулардың
түп-тамырын анықтай алатын, оны кәсіби түрде түзетуге ықпал ететін
маман. Бұл маман баламен сенімді қарым-қатынас орнату арқылы оның
ашылуына, өз-өзіне деген сенімінің артуына жағдай жасайды.
Психологтың кәсіби ұстанымдарына келесі қағидалар жатады: Қабылдау
– әр баланы өз ерекшелігімен қабылдай отырып, оның ішкі әлеуетіне
сену. Конфиденциалдылық – баламен жүргізілетін жұмыс құпиялы болуы
шарт, бұл сенімділік үшін қажет. Ынтымақтастық – психолог жалғыз
әрекет етпей, ата-анамен, сынып жетекшісімен, әкімшілікпен тығыз
байланыста жұмыс істеуі керек. Жүйелілік – психокоррекциялық жұмыс
үнемі жүргізіліп, кезең-кезеңімен бағаланып отыруы тиіс. Саралау –
әр балаға жеке әдіс, жеке тәсіл қолдану қажет.
Педагог-психолог – тек кеңесші емес, ол —
өзгеріске жол ашатын маман, баланың ішкі жан дүниесінің досы мен
бағыт берушісі. Қорыта айтқанда, оқушылардың мінез-құлқындағы
ауытқулар – бұл баланың сыртқы көрінісі ғана емес, ішкі
күйзелісінің, шешілмеген мәселелерінің айғағы. Оларды дер кезінде
байқап, жүйелі түрде түзету — мектеп психологының маңызды
міндеті.
Психологиялық түзету – бұл жазалау немесе сынау
емес, керісінше, түсіну, қолдау көрсету, баланың бойындағы жағымды
ресурстарды ашуға бағытталған жұмыс. Мұндай жүйелі, кәсіби,
жанашырлыққа негізделген түзету жұмысы нәтижесінде оқушының
әлеуметтік бейімделуі жақсарып, мектептегі эмоционалдық климаты да
тұрақтанады. Психологтың әрбір сәтті жұмысы – бір баланың өз жолын
тауып, үйлесімді дамуына ашылған мүмкіндік. Ал ондай мүмкіндікті
жасау – біздің кәсіби әрі адамгершілік борышымыз.