Материалдар / ҚАТЕСІЗ КӨРКЕМ ЖАЗУҒА ҮЙРЕТУ ЖОЛДАРЫ
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

ҚАТЕСІЗ КӨРКЕМ ЖАЗУҒА ҮЙРЕТУ ЖОЛДАРЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
МАҚАЛАДА ЕББҚ ОҚУШЫЛАРДЫ НЕМЕСЕ ҮЛГЕРІМІ ТӨМЕН ОҚУШЫЛАРДЫ ЖАЗУ ПРОЦЕСІНЕ ҮЙРЕТУ ТУРАЛЫ АЙТЫЛАДЫ.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
28 Қазан 2024
333
0 рет жүктелген
4500 ₸
Бүгін алсаңыз
+225 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +225 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ҚАТЕСІЗ КӨРКЕМ ЖАЗУҒА ҮЙРЕТУ ЖОЛДАРЫ ...

А. К. Есениязова

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектеп

Атырау облысы Махамбет ауданы

Аңдатпа. Мақалада қатесіз көркем жазуға үйрету, сауатты жазуға үйренудің қажеттігі жөнінде айтылады. Автор жұмыстың дәйектілігі үшін маңызды болып саналатын жаттығулардың түрлерін мақсаттты түрде түсіндіре отырып баяндаған. Қол жаттығуларының жазу процесінің оңтайлануы үшін аса қажетті екендігін айқындаған. Жазу жұмысын дамытуға жасалатын өзге де жұмыс барысын, көрнекі ойындар мен логикалық тапсырмаларды орындаудың, жадыда жаттау мен жазуды тұрақты жүргізу аса пайдалы екендігін тұжырымдайды. Мақаланың қорытындысында тыңдау, түйсіну, қайта дыбыстап айту әрекеті дамуы қажет, өйткені естіген дыбысты ажырата білу сауатты, көркем жазудың басты шарты екені, жазудың өзін қызықты етуде көрнекіліктерді қолдану, қол жаттығуларын үнемі жасау, ойындар және оларды ұйымдастыру жұмыстарына байланысты оқушының өзіне сенімділігін арттыру нәтижеге әкелетіні тұжырымдалады.

Түйінді сөздер: қатесіз көркем жазу, күрделі процесті жеңіл меңгеру, дұрыс жазуды қалыптастыру, қол жаттығулары.

Кіріспе

Қатесіз жазу міндетті ме? Жазу әрекетіне уақыт жұмсаудың маңызы бар ма? Қолмен жазып хат алмасу, жазу арқылы хат-хабар алысудың орнына коммуникативтік қарым-қатынасқа түсу белең алған кезде сауатты, әдемі жазу дағдысын қалыптастыруымыз үшін не істеуіміз қажет? Мектеп қабырғасында жеті жастан асқан оқушының жаза алмауы біздің өмір сүріп отырған ХХІ ғасырда мүлде мүмкін еместей көрінгенімен – көп қатемен жазатын балаларымыз көптеп артылады. Жасырын емес, үлкендердің де сауатының кеміп бара жатқаны нені білдіреді? Өзіміздің қашан қолмен өзге біреуге хат-хабар жазғанымыз есімізде де жоқ. Дегенмен әдемі, қатесіз көркем жазу балалар үшін қажетті жазу әрекеті болып танылады. Көптеген зерттеулердің дәлелдемелеріне сүйенсек қатесіз әрі көркем жазу адамның жалпы дамуы мен миының жұмыс істеуіне бірден - бір әсер етеді екен. Жазудың миға әсері қандай болмақ? Мысалы, балаға «алма» сөзі оқылды делік. Оқушы оны дәптеріне жазуы тиіс болатын. Сол кезде төмендегідей операциялық ми жұмысы іске қосылады:

  • бала сөзді естиді;

  • естіген сөзіндегі дыбыстарды әріптеп бөлуі іске асады;

  • әріптерді жекелеп таспадан жазбаға аудару жұмысы іске асады;

  • жазбаша түрде әріптің қалай жазылатыны есіне түсіп, жаңғырады;

  • қолдың бұлшық еттері жиырылып, әріпті әдемі жазу әрекеті жасалады;

  • келесі жазылуы тиіс әріпті немесе тұтас сөз ми қыртысында суреттеліп тұрады;

Көргеніміздей жазу процесі кезінде мидың қыртыстары, дененің бұлшық еттері түгел қатысады екен. Дәл осы жазу жұмысындай ойлау процесі мен сенсомоторлық әрекеттің бір сәтте байланыса қызмет етуін басқа әрекеттерден көре қою қиын. Бұдан шығатын қорытынды - жазу жұмысы күрделі процесс. Жазу жұмысы тілді дамытады, зейін тұрақтанады, жүйке жүйесінің жұмысы реттеледі, есте сақтау мен ойлауды дамиды.

Қайта-қайта көшіртіп жаздыра беру, әріп элементтерін қайталап жаздыра беру арқылы жазуды қалыптастыру мүмкін емес. Мұндай жұмыс процесі баланы жалықтырып жібереді. М. М. Безруких пен С. П. Ефимова өз еңбектерінде оқушыны оқу мен жазуға үйретудегі педагог мамандардың біржақты әрекеті туралы «Өкінішке орай, көптеген мұғалімдер бір минут ойланбастан және баланың мектептегі үлгермеу себептерін түсінуге тырыспай-ақ, үлгермеуші оқушыларды «қабілетсіз» немесе одан да нашар, «ақыл-ойы кем» деп жіктейді. Оларға назар аударуды доғарады, келесі сыныпқа ауыстыру үшін ғана «С» бағасын береді және бұл әрекетімен балаларды тұрақты сәтсіздікке, сыныптағы шеттетілген жағдайға ұшыратады деп ойламайды. Әдетте, мұндай оқушылардың кейіннен мектепке деген теріс көзқарасы дамиды және тұлға мен мінездің патологиясының қалыптасуына әкеледі. Тәжірибе көрсеткендей, үлгерімі төмен оқушылардың дәптерлерінде «Тапсырма орындалмаған!», «Неліктен қателер көп!», «Балаңыз жұмыс істегісі келмейді!» деген қызыл қарындашпен жазылып немесе сызылған ата-аналарға көру үшін жазылған ескертпелер тұрады. Нәтижесінде бала өз күшіне деген сенімін мүлде жоғалтып, өзін шарасыз сезінеді. Дұрыс ұйымдастырылмаған педагогикалық түзету жұмыстары үлкен зиян келтіреді, онсыз да қиын жағдайды шиеленістіре түседі, наразылық реакциясының қалыптасуы мен дезадаптацияға әкеледі» [1, 131], - деп айқын көрсетіп берген. Сол себепті балалардың физиологиялық, эмоционалды жағдайын толықтай зерттеп, диагностикалау жұмысын жүргізбейінше тұжырым қорытынды шығарылмайды. Жаза алмайтын оқушыны жазуға үйрету мұғалімнің педагогикалық кәсіби міндетіне жатады. Түзету жұмыстарын арнайы жоспарланған уақытпен жүргізу, мақсатты жұмыстарды күтілетін нәтижелермен өлшеу, қайта жоспарлау сынды жұмыс үдерісін ұйымдастыру сыныптағы оқушылардың нәтижесін көруге негіз болады.

Әдістеме

Оқушының дұрыс жаза алмауының бірнеше себебі болуы мүмкін. Мысалы,

-қол бұлшық етінің жетілмеуі;

-жазу құралын дұрыс ұстай, қолдана алмауы;

-жазу жолында бағыт ала алмауы (ориентир);

-ұсақ моторикасының дамымай қалуы;

-жазу құралын қатты күштеп басып ұстағандықтан қолының талып кетуі;

-баланың әріптің қалай жазылатынын білмеуі немесе ұмыта беруі;

Жазу процесінің кедергілері бұдан да көп болуы мүмкін, бірақ бірнеше қарапайым және қызықты жаттығулар, ойындар арқылы оқушының қатесіз, көркем жазуын белгілі бір дәрежеде қалыптастыруға болады. Сыныптағы оқушылардың жазу дағдысын қалыптастыру мақсатындағы зерттеу жұмысы барысында жазу процесіне қатысты бірнеше факторларды саралап алуға тура келді. Олар жазу құралдары, оқушының физиологиялық жағдайы, жұмысқа арналған уақыт т.б.

Жазу құралдарының жазу процесіне қандай әсері бар?

ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары мектепте оқыған аға ұрпақтың жазулары көркем болған деп естиміз, көрдік. Неге? Өйткені ол кезеңде қазіргі кездегідей түрлі жазу құралдары болмады. Жазу құралы – қауырсын мен сиясауыт еді. Егер бұл жазу құралын дұрыс ұстамасаңыз және қол күшін бақыламасаңыз қағазды тесіп шығатын немесе мүлде жазбай қалатын. Сондықтан жазған адам құралды дұрыс ұстауға тырысатын да жазу көркем болатын. Бұл - факт. Ал қазіргі шарикті қаламсап қол күшін қалай қолдансаңыз да, қаламды қалай ұстасаңыз да – жаза береді. Сондықтан жазушы адам қалай болса, солай жаза береді. Бұл – кемшілік. Біздің жағдайымызда қатесіз көркем жазуды қалыптастыру үшін үш қырлы механикалық қарындашты немесе қолжетімді жай қарындашты қолданамыз. Егер бала қол күшін дұрыс қолданбаса, қарындаш ұшы жұқа болғандықтан сынып кетеді де, ол қате әрекет жасағанын түсінетін болады. Қарындаштың ұшының үнемі ұшталған болуын назардан тыс қалдырмадық. Бұл жазу құралы оқушы әріп элементін дұрыс жазбаған жайда өшіруге мүмкіндік берді де, оның жазуға ынтасын жоғалтпауына себепші болды. Жазу құралдарының қырлы болуы оны ұстайтын саусақтардың орнықты болуына септігін тигізді. Қаламды дұрыс ұстауға үйрету үшін қарапайым кеңсе резинкасын қолдандық. Кенсе резинкасын білекке киіп, оны бір шалып қарындаштың басына кигіздік. Осылай 10-15 күн ішінде қаламды ұстау ережесін еңсеруге әбден мүмкін болды.

Жазу дәптерін қалай қою керек, оны дұрыс қоюдың маңызы бар ма?

Зерттеу жұмыстарында жазу дәптері 25-30 градус қиғаш қойылу керек деп білеміз. Бірақ кішкене балаға дәптерді 25-30 градус қиғаштыққа қалай қоятынын қалай үйретеміз? Ондай жағдайда оқушы дәптерінің енінің ұзындығының стандартты 17 см екенін ескере отырып, дәптердің ашылмалы шетін парта шетінен 8 см (дәптер енінің жартысының шамасы) жоғары қарай көтерсек, дәптер айтылған 25-30 градусқа қисаяды. Содан соң өз қажетімізге сай дәптерді тұрған күйінен өзгертпей алға қарай қозғап қоюға болады. Дәптерді парта бетіне дұрыс қойып үйренуге сынып оқушылары бірден үйрене қоймады, сондықтан қалыпты формаға түскенше кейбір балалардың партасының бетіне «сызық» сызып қоюға тура келді. Өйткені дәптердің дұрыс қойылуы өте қажетті еді.

Жазу жұмысын іске асыру үшін қалай отыру керек?

  • оқушының екі табанының еденге тиіп тұруы (бой кішілігіне байланысты табаны еденге жетпеген жағдайда, аяқ астын биіктететін зат қойылды);

  • екі қол шынтаққа дейінгі мөлшерде үстел үстінде жатуы;

  • дененің сәл ғана алға еңкеюі;

  • жазу үстелінің беті сәл балаға қарай еңкіш болуы;

  • жарықтың оңқай балалар үшін сол жақтан, солақай балалар үшін оң жақтан түсуі;

Қатесіз көркем жазуды қалыптастыру жұмыстарын ұйымдастыруға қанша уақыт қажет?

Көркем жазуға үйрету, қатесіз жазуды қалыптастыру үшін сабақтар бірнеше күнге жоспарланды. Қажет болған жағдайда уақытты созу да ескерілді. Себебі сыныпта (арнаулы сынып) отырған оқушылардың түрлі диагнозы барлығы белгілі, бірақ жазуға үйрену уақыттың шектелуіне қатысты еместігін ескеру керек. Әр сабаққа 25-30 минут бөлінді және күнделікті бір уақытта өткізілді. Сабақтарымыз осы өлшенген уақытта аяқталуы шарт, әйтпеген жағдайда жазу жұмысы қызықсыз болып кетуі ғажап емес. Жазу кезінде әдемі жазылған әріптерді «жасыл қаламмен» қоршап баланы мадақтау жақсы нәтижеге бағыттайды. Биология ғылымдарының докторы М.М Безрукихтың көп жылғы зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша «Жазу процесінің өзі психологиялық және физиологиялық жағынан өте күрделі: жазу кезінде ми қыртысы (оның барлық дерлік бөліктері), көру, есту мүшелері (әсіресе бұл диктант болса), дененің көптеген бұлшықеттері белсенді түрде жазуға қатысады. Мектеп табалдырығын аттаған 6-7 жас аралығындағы балалар үшін бұл процесс өте қиын, өйткені бір мезгілде үйлестірілген графикалық және орфографикалық дұрыс жазу дағдысын іске асыру қалыптасады» [1, 147] делінген. Сондықтан жазу барысында балада көпке дейін нәтиже көріне қоймаса абыржудың, не болмаса баланы кінәлау орынсыз іс болады. Жазуды қалыптастыру біршама ұзақ уақытты қамтитыны анықталды. Жазуға қажетті дағдыларды үйренген соң көркем және қатесіз жазудың сатысына көтерілуге мүмкін болады.

Көркем жазуды қалыптастырушы жаттығулар

Көркем қатесіз жазуға үйрету үшін әліпбидегі барлық әріптерді жазып шығамыз. Жазылған әріптердің элементтерінің дұрыс салынуы мен әдемілігін балаға хабарлап айтып, көрсетеміз. Бұл – алғашқы жазу өлшемі. Алға қарай қызықты жаттығуларымызды бастаймыз.

«Мерген» жаттығуы. Жаттығудың мақсаты дұрыс отыру, жазу дәптерін дұрыс қою, жазу құралын дұрыс ұстау болып табылады. Бұл жаттығуды орындау үшін оқушы орнынан тұрады. «Ат» деген сөз естілген сәтте

-партаға дұрыс отырады;

-жұмыс дәптерін ережеге сай қояды;

-қаламды ұстап дәптерге «А» әрпін жазады;

Әріп «А» атылды деген мағынаны береді. Егер барлығы дұрыс орындалса, жаттығу мақсатына жеткен боп мерген «дәл тигізді» деп есептеледі. Егер бала жазу құралын дұрыс ұстай алмайтын болса, онда резинаны қолдануға болады.

«Құрылысшы». Жаттығудың мақсаты геометриялық фигураларды құрастыру арқылы саусақ басының бұлшықеттерін жетілдіру. Жаттығуды дәнді дақыл өнімдерімен немесе тіс шұқығыш таяқшаларымен екі қолды кезек пайдаланып жасауға болады.

-бас бармақ пен сұқ саусақты біріктіріп жасау;

-бас бармақ пен ортан саусақты біріктіріп жасау;

-бас бармақ пен аты жоқ саусақты біріктіріп жасау;

-бас бармақ пен шынашақты біріктіріп жасау;

«Жол». Жаттығуды маңыздылығы жазу құралын сызықтан шығармай жүргізу. Жолмен жүруді оқушы әр сабақта екі реттен қайталап жасайды. Бұл қалам ұшын қағаз бетінен алмай мейлінше аз уақытта аяқтауды және әдемі жазуды қалыптастыруды көздейді.Жаттығу барысында жазуға қажетті «ырғақты» жазу қалыптасатын болады.

«Ауада жазу». Жаттығудың мақсаты бойынша оқушы мұғалімнің әріптеп айтқан дыбысын, не сөзін ауада қолмен жазатын болады. Бұл жаттығуды орындау барысында қолдың координациясының дамуы мен әріптің визуалды образы елестейтін болады.

«Нұсқау». Мұндай жаттығулар парақ бетінде нұсқау бойынша тапсырмалар орындауға үйретеді. Мысалы, парақтың жоғарғы оң жағына нүкте сал немесе суреттің сол жақ шетіне жұлдыз сал деген сияқты жұмыстарды орындату. Сол арқылы жазық парақ бетінде бағдар алуға үйрену дағдысын автоматтандырады.

«Графикалық диктант». Жаттығуды екі нұсқада жасауға болады. Бірінші нұсқасында бала дайын нұсқа бойынша суретті сызып шығады. Екінші нұсқасында суреттің нұсқасын жазып шығады. Жұмыс торкөз парақта орындалады. Онда басты нүкте көрсетіледі. Қарындаш ұшы осы нүктеге қойылып, оқушы 2 торкөз оңға, 1 торкөз төмен тәрізді нұсқауларды басшылыққа ала отырып, графикалық диктантты жазып шығады және керісінше. Жаттығу зейінді тұрақтандырады, ұқыптылыққа баулиды.

«Гантель». Жаттығуды орындау барысында бала гантельдің басынан ұстап сағат тілі және кері бағытта айналдырады. Бұл уақытта гантельдің екінші басы төмен қарап тұруы тиіс. Бұлшық еттердің қатаюын қамтамасыз ететін жаттығу баланың қол әлсіздігін ретке келтіреді. Егер гантель табылмаған жағдайда эспандерді де қолдана беруге болады. Ойыншық сөрелерінде көптеп сатылатын кішкене доптарды қолданса да жақсы нәтиже береді. Ең бастысы қол басының бұлшықеттері ширауы тиіс.

«Желпуіш». Үстелге шынтақпен қолды қойып, қол басын ауада сілкілейміз. Қол басының бос болуы өте маңызды болып саналады. Жаттығу қолдың бұлшық еттерінің нығаюы мен қол күшінің дұрыс жұмсалуына бірден-бір ықпал ететін процесс.

«5 әдемі әріп». Бала бес әріпті көркем жазады. Егер оқушы өзі жазған 5 әріптің 1-еуі нашар болса, әріп әдемі жазылғанша жаттығу жалғаса береді. Жаттығуды орындау үшін қарындаш пен дәптер қажет болады. Ережеге сай отырып, жазу құралын ұстап аталған 5 әріпті көркем жазу- шарт.

«Коала». Жаттығу мақсаты саусақтың басындағы бұлшықетті жетілдіру, реттілікті, саусақ икемділігін дамыту. Қарындаштың бойымен екі қолдың саусақтарын кезектестіре бас бармақ пен сұқ саусақ, бас бармақ пен ортаңғы саусақ, бас бармақ пен аты жоқ саусақ және бас бармақ пен шынашақты бірнеше қайтара өрмелетеміз.

«Бокс». Жаттығу барысында үстел үстіне екі кіші өлшемді допты екі қол астымызға қоямыз. Оқушы доптарды бір-біріне қарсы соғады, соққыдан соң доптар кері қолға қайтулары тиіс. Бұл жаттығуды орындау оның қол күшін реттеуіне көмектеседі. Егер доптар бағытын өзгертіп немесе үстел үстінен түсіп кететін болса, ол баланың қол күшінің әлі реттелмегенін білдіреді. Қол күші дұрысталғанша жаттығу орындала береді. Жаттығулардың жасалуының маңыздылығы сонда, егер жазу құралын дұрыс ұстау, қол күшін дұрыс бақылау іске аспаса бізге қажетті – қатесіз әрі көркем жазу қалыптаспайды. Жазу тілі көзбен, құлақпен қабылданып, қолмен жүзеге асады. Оқу мен жазуға үйретудің бірліктері қатар жүреді. Мұндағы басты негіз – ана тілінің дыбыстық және әріптік құрылымын жете түсіну. Жазудың есту және дыбысты ажыратудан, түсінуден, қолмен жазудан тұратынын – барлық анализаторлардың белсенді жұмысының жемісі болатынын ұғына отырып, оқушылардың күрделі процесті барынша жеңіл меңгеруі үшін мүмкіндік жасалуы керек.

Практикада қолдану

Жазу сабағы сөздерге талдау жасай білу, дыбыстардың реттілігін сақтау, дыбыстарды сәйкес әріптермен белгілеу, бейнелеу сынды бөліктерден тұрады.

Бастауыш білім беру деңгейінің 1-сыныбына арналған «Әліппе» оқу пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасының «Әліппе» оқу пәнінің базалық білім мазмұнында жазылым дағдысын қалыптастыру үшін «3) көркем жазу нормаларын сақтай отырып, әріп элементтерін, бас және кіші әріптерді, буын, сөз, сөйлемді және оларды байланыстыра жазу; 6) қатесіз, көркем жазу дағдыларын қалыптастыру;» [2] және Бастауыш білім беру деңгейінің 1-сыныбына арналған «Ана тілі» оқу пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасы «Ана тілі» оқу пәнінің мазмұны жазылым дағдысын қалыптастыру үшін «1) әріптерді талапқа сай көркем жазу; әріптерді бір-бірімен дұрыс байланыстырып, үздіксіз әрі үзбей (ырғақты) жазу; 3) көшіріп жазу және есту, есте сақтау арқылы сөздерді (7-10 сөз), жай сөйлемдерді (3-4 сөйлем) жатқа жазу, жазғанын үлгіге қарап тексеру; 5) сауатты және көркем жазуға дағдылану;» [3] деп анық жазылған. Осы аталған бағдарламалық талаптардың орындалуы барысында жоғарыда аталып көрсетілген әдістемелік жұмыстар жүйелі жүргізіліп, білім алушының жазу дағдысының түрлі деңгейде қалыптасуында оң нәтиже берді. Бірінші жарты жылдықта ерекше білім беруді қажет ететін білім алушының өзіндік дамуына сәйкес келетін жұмыстардың қорытындылануы және сыныптағы барлық оқушылардың жаза алуы, соның ішінде әріптерді, сөз, сөйлемді көріп көшіру,бір, екі, үш буынды сөздерді естіп жазу, қысқа сөйлемдерді есте сақтап жазу кезеңдерінде қатесіз жазуға бейімделуге бағытталуы оң бағамен диагностикаланды. Оқушыларды жазуға үйретуде аталған жаттығуларды күнделікті орындау жемісті нәтижеге әкелді. Сондықтан ұстаз әр оқушыны жауапкершілікке, ұқыптылыққа, байқағыштыққа таңдаулы әдіс-тәсілдерді қолданып үйрете отырып, өз жұмыстарына баға бергізіп, қорытынды жасата білуі қажет. Жұмыстың бастапқы кезеңінде алынған нәтиженің әр үш күн сайын соңғы жазған жұмысымен салыстырылып балаға көрсетіліп отыруы баланы қанаттандыруға, ынталануына себепші болды. Зерттеліп, әдістемелік жұмыс жүргізіліп отырған арнаулы сынып оқушылары үшін педагогикалық – психологиялық қолдау әрқашан да ауадай қажет. Білікті ұстаз алдында отырған баланың қабілетін ескермей қалудан сақтануы тиіс. Себебі бүгінде мектептегі әрбір оқушыны дара тұлға ретінде жетілдіруге, оның қабілеттерін дамытуға алғышарт жасалуы тиіс деген қағида берік орнықты. Арнаулы сынып оқушыларының қатесіз көркем жазуын дамыту барысында сөздік қорды көбейту жөніндегі К. Досымбаеваның ұсынған педагогикалық ұстанымы негізге алынды. «Бастауыш сынып оқушылары үшін оқу мен жазуды әрмен қарай алып кету үшін сөздік қорды молайту аса маңызды» [4, 52 б]. Сөз қорын молайту мақсатында сабақта немесе түзету сабақтарында, білімдегі олқылықтарды жетілдіру сабақтарында әр қилы оқыту мен үйрету жұмыстары жүргізілді. Ой ұшқырлығына арналған дидактикалық ойындар, қимылды ойындар, рөлдік диалогтар, мәтін мазмұнын болжау, қысқа өлеңдерді жаттау, жұмбақ шешу, қиял еркімен дәстүрлі емес құралдармен сурет салу, ұнатқан кейіпкерлерін сипаттап айтқызу іске асты. Дегенмен сөйлеу тілінде кемшілігі бар оқушыларға баса назар аудару, тиісінше жаттығу орындатуда логопед және дефектолог мамандар көмек етті. Осы секілді жұмыстарды оқушылармен жүргізу олардың шығармашылық ойлауын, тілін, сөздік қорын, қиялын дамыта түседі. Тіл байлығы аз оқушы өз ойын ауызша да, жазбаша да жеткізе алмайды. Қазіргі уақытта оқу құралының ажырамас бөлігіне айналып келе жатқан лэпбуктерді қолданғанымызда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың жұмыс нәтижесі жақсы көрсеткіш көрсетті. Лэпбуктің қалташаларындағы қызықты, суретті, қанық бояулы тапсырмалары жетістікке жетеледі. Тапсырмаларды орындауда аутист диагнозды оқушы да (коммуникативтік қарым-қатынасқа түспейтін) өзге балалармен қарым-қатынасқа түсуге талпынды. Әр сабақтың құрылымында мақсат еткен жазу жұмысы орындалып отырды. «А. Байтұрсынов жалпы оқулыққа тән ретінде «жеңілден ауырға, оңайдан қиынға, жайдан күрделіге» принципін ұстанғандықтан, 1-басқыш мектеп балаларына арналған материалдарды аса түсінікті етіп беруді көздейді, сондықтан да мысалдарды қазақ баласына таныс мақал-мәтелдерден, нақыл сөздерден, мысалдардан алады. Ал белгілі бір тақырыпқа лайықталып жасалған өзі жасаған текстер ауыл балаларының күнделікті тұрмысынан алынып, олардың арман-тілегін, талап-талпынысын танытатын шағын әңгімелер түрінде беріледі» [5, 23 б]. Балаларға ұсынылған тапсырмаларда шебер ұстаздың оқыту принципі басшылыққа алынды. Оқу жұмыстарының барлығы да тұрмыстық өмірден арнайы жасақталып ұсынылды. Өздерінің күнделікті отбасы, тұрмыстық заттар, жыл мезгілдері, ауладағы достары, сыныптағы жолдастары, адами қарым-қатынастар туралы мәтін, мақал, жұмбақтар, суреттер ұсынылды. Барлық жұмыс соңы жазумен ұластырылып отырды. Бұл әдістерді үнемі жүйелі қайталап тұру жемісті нәтижесін берді. Жұмыс барысындағы кері байланыстар белсенді дәрежеге қадам басты, сөйлеу тілі кемшілігі бар балалар да жаттаған өлеңінің 50-60% қатесіз, таза жазып бергені – түсініп жазудың жақсы көрсеткіші деуге болады.

Жазба тілде ауызшадағыдай эмоция мен сезім, түрлі артық әрекеттер (бейвербалды) жоқ. Адамға тән түрлі сезімдер, көңіл-күй бәрі сөз арқылы беріледі. Ал бұл айтылғандар бастауыш сынып оқушылары үшін жазба тілінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Ерекше білім беруді қажет ететін әрі дамуында тежелуі бар оқушылар да жазуға төселуі керек. Балаға үйретсең ғана үйренетіні ақиқат. Сондықтан жазба тілден бұрын мұғалім қандай оқушыны да алдымен жазудың өзіне үйретіп, дағдыландыру қажеттігі естен шықпау керек. Баланың жазба тілін қалыптастырудағы маңызды әрекет – шапшаң жазуға үйрету. Оқушы үшін тез оқу қалай маңызды болса, тез жазу да соншалықты маңызды. Бұл тұста үш маңызды дүниеге назар аударылады:

  • жазылатын сөздің мағынасын жете түсіну;

  • сөздің айтылуы мен жазылуына көңіл аудару;

  • жазғандарын есте сақтауға жағдай жасау: оқы, ойлан, есте сақта, тыңда, тағы да зейін аудар.

Ой көркемдігінің бірден-бір айнасы- жазуға үйрету мен үйренудің түп негізін бағамдасақ «Сауатты жазуға үйрену астарында грамматика жатыр. Мектепте грамматиканы неғұрлым терең әрі түсінікті үйретеді, соғұрлым балада да сауатты жазу деңгейі жоғары болады» [6, 40 б]. Мәселен, оқушы сөзге қосымшаны дұрыс жалғап жазып, бірақ оның неге олай екенін түсіндіре алмаса, бұл ережені механикалық түрде жаттап алғанының белгісі болады. Ережені жатқа біліп, оны қолдана алмаса, мұның сауатты жазуға әкелер пайдасы жоқ. Сондықтан оқушылар мұғалімнің талдауын тыңдап, емле ережелерін үйренуге міндетті. Олай болмаған жағдайда қатесіз көркем жазу деңгейіне жетпейді. Сонымен қатар оқушыға күнделікті өмірде қолданатын сөздерді (мысалы, тұрмыстық заттар), жұмбақтар мен жаңылтпаштарды, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді жаттатқызып, оны дәптерге жаздырудың пайдасы мол. Біріншіден, баланың сөздік қоры артады, екіншіден, ұлттық құндылығымыз, тіліміздің шұрайлылығымен, байлығымен тереңінен таныса түседі және мәдени ойлап, сауатты көркем жазуға дағдыланады. Жазуға ұсынылып отырған шығармалар аз көлемді болуы тиіс. Кіші жастағы балалардың ірі сөзді, қанық бояулы мәтін, өлең тағы да басқа тапсырмалардың шағын көлемді болғанын жақсы қабылдайды. Ал енді жаттаудың жадыны дамытып, сананы дұрыстайтыны, ұмытшақтықтан арылтатыны да ғылыми тұрғыда дәлелденген.

Ұсыныстар.

Жазуға, көркем әрі қатесіз жазуға үйрету үйретуші ұстаздан шыдамдылық пен жүйелі жұмысты талап етеді. Өйткені жазу жұмысы – күрделі поцесс. Оның аз уақытта қалыптасып кетуі қаншалықты дұрыс үйрету жұмысының мәніне байланысты. Ғалым Н.Талызина көрсеткендей, «оқушының жазбаша немесе ауызша ойын жеткізуіне нақ үлгі беретін – ұстаз» [7, 122 с]. Білікті ұстаз тілдің тарихын, грамматикасын, емле ережелерін, стилистикасын, пунктуациясын, лексикасын, орфографиясы мен орфоэпиясын жоғары деңгейде біліп, меңгеріп, оны оқушыға түсіндіре алуы тиіс. Сонда ғана мәдениетті сөйлейтін, сауатты жазатын дара тұлғаны тәрбиелеп шығарады. Өз педагогикалық шығармасында К. Д. Ушинский «Мұғалімнің байыпты әңгімені көрнекілікпен жандандыруы оқиғаның есте сақталуымен ғана қоймай өзінше толықтыруымен, алуан сұрақтардың туындауы мен жандылығын жеке оқушыдан, бүкіл сыныптан қарастырылған мәселенің мазмұнын түсінікпен қабылдауларын қамтамасыз етеді» [8, 14 с] деп көрнекілікті оқу процесінің ажырамас бөлшегі екендігін айтқан. Сол тәрізді сабақ барысында мұғалімнің әріп, сөз және сөйлемдер жазылған кестелерді, суреттер салынған карточкаларды, дидактикалық материалдарды молынан пайдалануы да оқушыға сауатты жазып үйренуіне зор көмегін тигізеді. Бастауыш сынып оқушыларының жазу дағдысын қалыптастыратын тағы бір тәсіл – көшіру. Мектептерде көшірудің үш түрі белсенді қолданылады. Жай көшіру. Әсіресе бірінші сынып оқушылары үшін қолданылатын тиімді әдіс. Бұл іштей толық көшіру, жартылай көшіру, сөздерді теріп көшіру сынды түрлі тапсырмаларға жіктеледі; Еркін көшіру. Оқушыларға мұғалім мәтінді оқып береді, содан есте қалғанын жазады. Бұл тұста оқушының ақпаратты қалай қабылдағаны, тыңдағаны, зейін қоюы да тексеріледі; Тапсырмаға байланысты көшіру. Арнайы берілген грамматикалық тапсырма бойынша, сөздегі не сөйлемді қалып қойған әріптерді қойып көшіру, жоқ сөздерді тауып көшіру сынды түрлі тапсырмалар беріледі. Осылайша көшіру жұмыстары оқушының көркем және қатесіз жазуын қалыптастырып қана қоймай, логикалық ойлауын, жадыда сақтауын жақсартады. Жазу дағдысын қалыптастырудағы түзету жұмыстары орынды ойластырылған жоспармен және күнделікті бір уақытта жасалуы тиіс. Бұл сабақтарды тек қана пән мұғалімі ғана емес арнайы мамандардың да бірлескен жұмысымен ұштастырылуы тиімді болды. Олардың маман ретінде оқушының сөйлеуіне, жазуына, оқуына қосар үлестері аса маңызды. Зерттеудің барысында жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижесінде сыныптағы гиперактивті оқушының біршама сабырлы, тиянақты болуға бет бұрғаны айқын көрінді. Демек жазуға үйрену, көркем жазуға үйрену баланың бұрынғыдан әлдеқайда жақсы дамуына үлес қосатынына көз жеткіздік.

Қорытынды

Көркем әрі қатесіз жазуға дағдыландыру барысында естен шығаруға болмайтын маңызды әрекет – оқушының қолын дұрыс қозғай алуы, жазуға бейімделу үшін саусақ жаттығуларын жасап тұруы. Себебі жазуды үйренуде көп оқитын, ережені керемет білетін баланың өзі қолдың дағдылануынсыз, яғни жазу құралын ұстауы, қол күшін дұрыс қолданбауы әсерінен жазуда көп қате жібереді, жазуы да тартымсыз болады. Сондықтан бала үшін есту, айту, тыңдау, көру және қолын қозғау дағдысы да маңызды рөл атқарады. Бірақ бұл тұста сауатты жазу мен көркем жазудың бір емес екенін ескеру қажет. Бала жазуының әдемі болмауына өзге де факторлар әсер етуі мүмкін. Баланың тек тез жазуға талпынуы, шапшаң жазу көркем жазуды бұзуы мүмкін. Сонымен қатар нашар жазуға баланың бойындағы түрлі аурулар себеп болуы мүмкін, мысалы, көз, қол, жүрек аурулары, невроз және ата-анасының да баланың оқу мен жазу әрекетіне немқұрайлылық танытуы да әсер етеді. Демек, мұғалім көркем жазуға қатты екпін түсірмеуі тиіс, ол жүре түзелетін, қалыптасатын нәрсе екенін естен шығармауымыз керек. Дегенмен көркем жазу да – сауаттылықтың бір нышаны.

Әріпті танып – санада суреттеп, оның жазылу емлесін көріп – ми қыртысының барлық бөліктерін іске қосып, бұлшықеттердің жиырылып күш жұмсап іске асырылатын жазу процесінің бала үшін оншалықты оңай үйрену әрекеті емес. Көргенін қарап отырып құрастырып жазудан аулақ болған жөн, жоғарыда атағанымыздай әр әріптің жазылу емлесі болады. Әріпті «суретін құрастырып» жазуға бейімделіп кеткен балаларда ырғақты жазу қалыптасуы мүмкін болмайды. Ал ырғақты жазудың болмауы көркем жазудың болмайтынын көрсетеді. Зерттеу соңында түйіндегеніміз жазумен қоса өзге де оқыту бірліктерінің бір жүретіні, олардың бір-бірінің ажырамас бөлігі екендігі. Жазуға үйренуге қажетті оқушының физиологиялық жағдайы, жазу құралдары, тиісті көрнекі құралдар, педагогтің туғызатын қолайлы оқу ортасы үйлесімділікпен құрылуы тиіс.

Жұмыс барысында бала үшін ең қиыны - естіп жазу жұмысы болды. Оқушыда тыңдау, түйсіну, қайта дыбыстап айту әрекеті дамуы қажет, өйткені естіген дыбысты ажырата білу сауатты жазудың басты шарты. «Көрнекі өзін – өзі бақылаумен есту диктанты жазу әрекетіне қатысатын анализаторлардың өзара әрекеттесу принципіне сәйкес келеді [9, 16 с]. Әріпті танып бастаған сәттен бастап әр сабақта әріптер мен сөздер, сөз тіркестері, қысқа сөйлемдер мұғалім тарапынан және дыбыстық құралдардан тыңдатылып жаздырыла берсе, қатесіз жазуды қалыптастыруға болары сөзсіз. «Атап айтқанда, эмоционалды сөйлеу материалы мен ойын техникасы кіші мектеп оқушыларының ойын іс - әрекетіне деген қажеттіліктерін қанағаттандыру, жазу бұзылыстарын жеңуге қолайлы жағдай жасайды» [9, 20 с]. Түсінгеніміздей жазу жұмысында естіп жазу – маңызды. Жазудың өзін қызықты етуде көрнекіліктерді қолдану, қол жаттығуларын үнемі жасау, ойындар және оларды ұйымдастыру жұмыстарына байланысты оқушының өзіне сенімділігін арттыру жақсы нәтижеге әкеледі. Логикалық тапсырмалар, басқатырғылар да оқушының зейінін тұрақтандырып, білу құмарлығын арттырады да, сәйкесінше жазу процесін дамытады. Сыныпта «көркем жазу» бұрышын ұйымдастыру эстетикалық тәрбие беруде, ұқыптылыққа тәрбиелеуге елеулі үлес қосады. Мектеп оқушысының жазуы түзелетін болса, білімі артады. Оқушының өзін-өзі бағалауы мен өз оқуын реттеуі қалыптасады да алдағы уақытта білімге құштарлығы ашылады. Сонымен қатар жазуға үйрену білім алудағы қиыншылықтарды жеңуге көмектеседі. Қатесіз, көркем жазу денсаулыққа да жақсы ықпал етеді, дұрыс отыру мен жазу құралын дұрыс ұстау, өзін бақылауда ұстау қажеттіліктері оқушыны шыдамдылыққа, көркем мінез қалыптастыруға үйретеді.



























Қолданылған деректер тізімі

1.Безруких М.М. Знаете ли вы своего ученика? // Москва Просвещение 1991. -131, 147 с.

2. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерінің жалпы білім беретін пәндері мен таңдау курстары бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі № 399 бұйрығы. 1-қосымшаға сәйкес Бастауыш білім беру деңгейінің 1-сыныбына арналған «Әліппе» оқу пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасы (оқыту қазақ тілінде)

3. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерінің жалпы білім беретін пәндері мен таңдау курстары бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі № 399 бұйрығы. 2-қосымшаға сәйкес Бастауыш білім беру деңгейінің 1-сыныбына арналған «Ана тілі» оқу пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасы (оқыту қазақ тілінде)

4. Досымбаева К. Бастауыш сыныпта сауатты жазуға үйретудің басты жолдары // Вестник «ЕД», 2013. - №3, -52 б;

5. А.Байтұрсынов Тіл тағылымы // Алматы «Ана тілі», 1992. - 23 б;

6. Шарипходжаева Ж. Жазуға үйрету технологиясы // Бастауыш мектеп, 2017. №2, - 40 б;

7. Талызина Н. Управление процессом усвоения знаний. // Москва: МГУ, 1975. -122 с.

8. Ушинский К. Д. Педагогические сочинения // Москва «Педагогика» 1989.- 14 с;

9. Садовникова И. Н. Нарушение письменной речи у младших школьников // Москва. Просвещение. 1983. -16 с, 20 с



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!