Қазақ әдебиеті сабағында оқу сауаттылығын дамытудың функционалдық және PISA бағдары

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Қазақ әдебиеті сабағында оқу сауаттылығын дамытудың функционалдық және PISA бағдары

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақала әдістемелік құрал бойынша жазылған
Материалдың қысқаша нұсқасы


Қазақ әдебиеті сабағында оқу сауаттылығын дамытудың

функционалдық және PISA бағдары


Қазіргі білім беру жүйесіндегі басты басымдық – оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру, яғни олардың ақпаратты тек меңгеріп қана қоймай, оны өмірде тиімді қолдану, салыстыру, сыни бағалау және күрделі мәселелерді шешу қабілеттерін дамыту. Бұл құзыреттер халықаралық PISA (Programme for International Student Assessment) зерттеулерінде негізгі көрсеткіш ретінде қарастырылып, оқу сауаттылығын қазіргі заман талабына сай жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айқындайды. Әдебиет пәні оқу сауаттылығын дамытудың ең тиімді саласы болып табылады, себебі көркем мәтіндер оқушыны ойлануға, сезінуге, адамгершілік құндылықтарды пайымдауға және өмірлік позицияны қалыптастыруға жетелейді. Сондықтан әдеби шығармаларды оқыту процесінде функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың тиімді жолдарын қарастырудың ғылыми-әдістемелік негіздерін ашу бүгінгі таңда ерекше өзекті.

Әдебиетті оқыту әдістемесі тек мазмұнды айтып берумен шектелмей, оқушының танымдық және шығармашылық ойлауын дамытуға бағытталуы тиіс. Оқушының ойлау әрекетін қарапайымнан күрделіге қарай жүйелі дамыту үшін сабақта қолданылатын тапсырмалар жүйесі Блум таксономиясының деңгейлеріне негізделгені жөн: білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау және бағалау. Бұл құрылым оқу сауаттылығының барлық үш құрамдас бөлігін – ақпаратты іздеу мен түсінуді, мәтінді талдау мен салыстыруды, өмірлік шешім қабылдау мен пікір айтуды – кешенді түрде дамытуға мүмкіндік береді. Мәселен, көркем шығармамен жұмыс барысында "Шығармадағы негізгі оқиғаларды тізіп жаз" (Білу), "Кейіпкердің іс-әрекетін өз сөзіңмен түсіндір" (Түсіну), "Шығармадағы жағдайды өмірмен байланыстырып қарастыр" (Қолдану) сияқты деңгейлік тапсырмалар оқушының аналитикалық және сыни ойлауын біртіндеп күрделендіреді.

Оқушылардың мәтінді түсіну, талдау және бағалау дағдыларын халықаралық PISA бағалау форматымен байланыстыру үшін сабақтағы тапсырмалар контекстке негізделуі керек. Яғни, әдеби шығармадағы жағдайды өмірлік немесе әлеуметтік мәселемен ұштастыру – функционалдық сауаттылықты дамытудың тиімді тәсілі. Бұл тұрғыда шығарманың құрылымын талдау әдісінің маңызы ерекше, себебі ол оқушының логикалық және жүйелі ойлауын қалыптастырады. Шығарманы құрылымдық тұрғыдан (басталуы, байланысуы, дамуы, шарықтау шегі, шешімі) талдау оқушылардың логикалық және жүйелі ойлауын қалыптастырады. Бұл әдіс PISA форматындағы себеп-салдар байланысын анықтауды, ақпаратты ұйымдастыруды және қорытынды жасауды талап ететін мәтіндік тапсырмаларға ұқсас. Әдеби шығарманы құрылымдық талдауға арналған сұрақтар жүйесі оқушының мәтіндік ақпаратты жүйелеуін қамтамасыз етеді: Басталуы (Оқиға неден басталады?) арқылы бастапқы жағдай танылады, Байланысуы (Қандай өзгеріс болды? Кейіпкердің өмірін өзгерткен оқиға) арқылы оқиғаға түрткі болған түйінді мәселе анықталады, Дамуы (Кейіпкер қандай жағдайға тап болды?) кезеңінде оқиғалар тізбегі реттілікпен талданады. Әсіресе, Шарықтау шегін (Ең маңызды сәт. Кейіпкер тап болған ең үлкен жағдай, оқиға) анықтау арқылы оқушы шығарманың эмоциялық және мағыналық ең жоғары нүктесін бағалайды. Ал Шешімі (Мәселе қалай шешілді?) мен Эпилог ("Шығарманың басындағыдан салыстырғанда кейіпкердің өмірі өзгерді ме?") сұрақтары оқушыдан шығарманы тұтас бағалауды, кейіпкердің даму динамикасын қорытындылауды және өмірлік сабағын анықтауды талап етеді. Мысалы, Б.Соқпақпаевтың "Менің атым Қожа" шығармасын құрылымдық тұрғыдан талдау оқушыға оқиғаның себеп-салдар тізбегін және даму логикасын нақты ұғынуға көмектеседі. Шығарманың Басталуы мектеп оқушысы Қожаның өзі туралы баяндауынан басталып, оқиғаның Байланысуына Қожаның Майқановамен алғашқы кездесуіне, Сұлтанмен достасуы сияқты әрекетке ұласады. Осыдан кейін оқиға Дамуы кезеңіне өтеді, мұнда Қожаның мектептегі тәртіпсіздіктері өршіп, оның жақсы болуға деген ішкі ұмтылысы мен жаман әдеттен арыла алмау арасындағы күресі айқындалып, оқиға Шиеленісі бақаның шуынан кейін оқиғаның Шарықтау шегі – Қожаның мектептің мұғалімдер кеңесінде қаралуы. Бұл сәтте кейіпкер өзінің барлық іс-әрекеттері үшін жауап беруге мәжбүр болады, бұл оның өз қателіктерін мойындауына және өзгеруге белді бекітуіне әкелетін ең маңызды эмоционалды және мағыналық нүкте. Оқиғаның Шешімі Қожаның өз кінәсін толық мойындап, мектептің оны кешіруімен, яғни өз ішкі дамуы арқылы мәселені шешуімен келеді. Ал шығарманың Эпилогтағы қорытындысы – Қожаның бастапқы тентек баладан, өз-өзіне сын көзбен қарайтын, болашаққа мақсат қойған жасөспірімге айналуы – оның өмірінің түбегейлі өзгергенін көрсетеді.

Сонымен қатар, әдебиет сабағындағы рефлексиялық сұрақтардың маңызы ерекше: "Кейіпкердің орнында болсаң не істер едің?", "Шығарма қандай сезім тудырды?", "Бұл шығарманы оқуға кімге кеңес берер едің?" сияқты сұрақтар оқушының сезімдік қабылдауын, эмпатиясын және сыни пайымын арттырады.

Бұған қоса, көркем мәтінмен жұмыс істеудің ең жоғарғы функционалдық деңгейі – рецензия жазу тапсырмасы. Мұндай тапсырма оқушыға шығарманы жай ғана оқып шығудан гөрі, оны терең талдауға мүмкіндік береді. Оқушының кітапқа қатысты өз пікірін білдіруі арқылы оның функционалдық сауаттылығының бірнеше аспектісі дамиды. Мысалы, "Осы шығарманы оқудың қандай қажеттілігі бар?" деген сұрақ оқушының кітаптың құндылығын, оның әлеуметтік немесе моральдық маңыздылығын сырттан бағалауға үйретеді. Ал "Шығарма қандай сезімдерді тудырады?" деген сауал оқушының эмоциялық күйін анықтауға, оны сөзбен жеткізуге үйретіп, эмпатияны арттырады. Сонымен бірге, "Сен осы шығарманы оқуға кімге кеңес бересің?" сұрағы оқушының мәтіндік ақпаратты белгілі бір мақсатты топқа бағыттап, өз ұсынысын дәлелдермен негіздеу қабілетін дамытады. Рецензия жазу тапсырмасының тағы бір маңызды бөлігі – "Маңызды эпизодтар туралы айт, бірақ толық айтпа. Мазмұны емес, өзі туралы айт" деген талап. Бұл оқушыдан негізгі идеяны толық сюжетке сүйенбей жеткізуді, ақпаратты іріктеу, түйіндеу және қызығушылық тудыратындай етіп беруге үйренуді талап етеді.

Мұндай кешенді тапсырманы орындаудың нәтижесінде оқушы бірнеше маңызды дағдыларға қол жеткізеді. Біріншіден, ол сыни бағалау (Бағалау деңгейі) арқылы туындының эстетикалық, адамгершілік және әлеуметтік құндылығына объективті баға береді. Екіншіден, интерпретациялау (Талдау) дағдысы арқылы символдарды толық сюжетсіз-ақ түсіндіре біледі. Үшіншіден, коммуникациялық сауаттылық (Жинақтау) қалыптасып, өз пікірін логикалық, тартымды және дәлелді түрде жеткізеді. Төртіншіден, рефлексия дағдысы арқылы оқылған мәтіннен туындаған ішкі сезімдер мен жеке ой-пікірді ажыратып, оны негіздеуге дағдыланады. Мысалы, М.Әуезовтің "Көксерек" шығармасын талдаған оқушының Көксеректің өз табиғатына оралу сәтін көруі арқылы адам мен табиғат арасындағы күрделі қарым-қатынасты өмірлік контексте қолдануы мәтіндік контекстті қолдану дағдысының (Қолдану деңгейі) нақты көрінісі. Бұл рецензиялық тапсырма оқушының тек білімін емес, оның біліктері мен дағдыларын — яғни, ХХІ ғасыр оқушысына қажетті, PISA талаптарына сай келетін сыни және функционалдық ойлау қабілетін — дамытатын кешенді құрал болып табылады.

Ғылыми және әдістемелік тұрғыда алғанда, мұндай жұмыс түрлері қазіргі құзыреттілікке бағытталған білім беру ұстанымына толық сәйкес келеді. Олар пәндік білімді ғана емес, оқушылардың ойлау, бағалау, коммуникациялық және әлеуметтік дағдыларын дамытады. Әдеби мәтін арқылы адамдық қасиеттерді, жауапкершілікті және мәдениетті диалог жүргізуді үйретеді. Сондықтан әдебиетті оқытуда қолданылатын функционалдық және рефлексиялық бағыттағы тапсырмалар, әсіресе шығарма құрылымын талдауға және рецензия жазуға арналған сұрақтар жүйесі оқу сауаттылығын дамытудың ең тиімді тетігі болып табылады. Оқушы мұндай сабақтарда тек мәтінді түсініп қана қоймай, ой түйеді, сезінеді, салыстырады және өмірлік ұстаным қалыптастырады. Әр мұғалім ізденіп, әдіс-тәсілдерді түрлендіріп, мақсатына сай қолдана білсе, әдебиет сабағы оқушы тұлғасының рухани және функционалдық дамуының негізгі арнасына айналып, оның PISA талаптарына сай жан-жақты сауатты азамат болып қалыптасуына жол ашады.




Абай облысы білім басқармасы Семей қаласы бойынша білім бөлімінің «№15 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Турарбекова Толкын Батыргазыновна


Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
14.01.2026
0
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі