Материалдар / ҚАЗАҚ МЕТРОЛОГИЯСЫНЫҢ ЕЛТАНЫМДЫҚ ТАБИҒАТЫ

ҚАЗАҚ МЕТРОЛОГИЯСЫНЫҢ ЕЛТАНЫМДЫҚ ТАБИҒАТЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының дәстүрлі таным-түсінігі табиғат тылсымымен үйлесіп қана қоймай, оның құпияларын ғылыми негізбен ұштастыра түсіндіретіні бүгінгі таңда заңды арнаға түсіп келе жатыр. Солардың бірі – қазақ халқының дәстүрлі өлшемдері, ғылым тілінде ол – метрология. Бұл ғылыми мақалада қазақ тіліндегі халық өлшемдерінің ұлттық сипаты туралы жазылған.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
16 Қазан 2021
507
1 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады



Солтанова Жанар Сайранбековна,

Педагогика ғылымдарының магистрі, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының Катонқарағай ауданы білім бөлімінің «Үлкен Нарын ауылдық лицейі» КММ-нің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі


Қазақ метрологиясының елтанымдық табиғаты


Мақаламыздың зерттеу нысаны - қазақ тіліндегі халық өлшемдерінің ұлттық сипаты.

«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» [1], «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі [2], «Қазақша-орысша фразеологиялық сөздік» [3], «Қазақша-орысша фразеологиялық сөздік» [4], «Қазақша-орысша, орысша-қазақша сәйкестіктер. Сөздік» [5], «Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі» [6], «Қазақ қандай халық?» [7], «Бір мың әсерлі де бейнелі оралым» [8], көркем әдебиет, баспасөз, бұқаралық ақпарат құралдары («Ана тілі», «Қазақ тілі мен әдебиет», «Егемен Қазақстан», «Жас алаш», «Дидар» т.б.) еңбектің дереккөздері ретінде қолданып, ішінен көзделген тілдік бірліктер жинақталды.

Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының дәстүрлі таным-түсінігі табиғат тылсымымен үйлесіп қана қоймай, оның құпияларын ғылыми негізбен ұштастыра түсіндіретіні бүгінгі таңда заңды арнаға түсіп келе жатыр. Солардың бірі – қазақ халқының дәстүрлі өлшемдері, ғылым тілінде ол – метрология. Аталған терминдерге түрлі түпнұсқа, анықтағыш, сөздіктер, энциклопедиядан табылған анықтамаларды келтіруге болады.

Метрология [грек. мetron-өлшем, loqos- сөз, ілім]. Өлшеу туралы, өлшеудің біркелкілігі мен қажетті дәлдікке жету тәсілдері туралы ғылым [9; 215].

Өлшем -1. Өлшеу бірлігі; мөлшер, шама; 2.ауыс. Меже, шек [10;138].

Қазақ өлшемдері – анық мөлшер деуге болады, өйткені оны ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қолданып және сол арқылы метрологияның негізін жасаған. Халқымыз көшпенділік дәуірді ұзақ уақыт бойы басынан өткізгендігі белгілі. Олар жаз жайлауда, күз күзекте, қыс қыстауда бірден бірге көшіп-қонып жүргенде уақыт мерзімін, ұзындық пен көлемді, қашықтықты қалай өлшеп білген деген заңды сұрақ туады. Қалай десек те, сол уақыттың тұрмыс-тіршілігіне лайық өз метрологиясы болғандығын тілдегі сөз қорының бай материалдары арқылы да танып білуге болады. Қазақ тілінде мөлшер, өлшем ұғымы жөнінде өте көп фразеотіркестер сақталған. Осы мәселеге жеке тоқталмақпыз.

Көшпелі елдің барша тіршілік болмысы табиғатпен тамырлас. Жыл маусымдарымен санаса отырып, көшіп-қонуға бейімделген қазақтың материалдық өндіріс жүйесі шаруашылықтың біртұтас құрылымын қалыптастырып, мұның өзі бір-бірімен өзара біте қайнасқан әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-мәдени жүйені орнықтырған. Ата-бабаларымыз табиғат құбылыстарына, қоршаған ортаға қарсыласы ретінде қарамаған. Неғұрлым табиғат сырын терең танып, табиғатпен етене болған сайын өмір сүруге қолайлы мүмкіндіктердің де молайа түсетінін жақсы білген. Сондықтан да біз үшін қоршаған орта, тау-тас, өзен-көл, дала-орман, табиғат құбылыстары тіпті аспан денелеріне дейін баршасы «жанданған» қалпында қабылданған. Мысалы, «күн күлімдеді», «жұлдыз жымыңдады», «қатал қыс», «жердің төсі», «таудың басы», «күннің көзі», «қамыстың саусағы» т.б. дейміз. Немесе аспандағы айдың өзгерістерін қалт жібермей «ай толды», «ай туды», «ай сола бастады», «ай өлді» деп отырамыз.

Еуразияның ұлы даласында көшпелі өмір салтқа бейімделу үшін ең алдымен уақыт пен кеңістікке қатысты таным-түсінік қалыптасуы керек. Онсыз көшпенділердің өмір сүру үшін жасаған барша әрекет-тірлігі қайда барарын білмей тұрып жолға шыққан жолаушыға ұқсаған болар еді. Өзі мекен еткен кеңістіктің барша қадір-қасиетін танып білу, сол кеңістіктегі құбылыстарды уақытпен шеңдестіре зерделеуге машықтану – Еуразия көшпенділері үшін өмір сүрудің кепілі.

Халық уақытты анықтауда өзіндік бай тәжірибе жинақтап, оны қолданудың сәті мен жолдарын және соған лайықтап сөз өрнектерін де таба білді. Мерзім, мезгіл өлшемдеріне келгенде халық өлшемі мен атауы өте бай. Мысалы: сүт пісірім; бие сауым; жыл, ғасыр, қас қарайғанша; түн ортасы; қаз пен көздің арасындай; көзді ашып жұмғанша; күйек басталғанда; сүмбіле туа; көк қылтия; ұзынсарыды; жазғытұрымғы қара қатқақ шақта; бие байлағанда; жылқы күзерде; шөп шапқан кезде; шөп буыны қата; соғым басында.

Күн мезгілдерін халық күнделікті шаруашылық кәсіппен үйлестіріп, қай уақыт екендігін айнытпай дәл ажырата білген. Мысалы, қозы көгендеп жатқанда; бие ағытарда; мал өргенде; биенің бас сауымында; мал өрістен қайта; мал қоралана дегендердің бәрі де күн шыққаннан күн батқанға дейінгі мерзімді білдіреді. Күн ұясына кіргеннен кейін түн мезгілі басталады. Мұны да халық бірнеше кезеңге бөліп қараған. Мысалы, күн бата; күннің қызылы сөне; екі кештің арасы; ел орынға отыра; қас қарая; ымырт жабыла; апақ-сапақта; қызыл іңірде, жеті қараңғы түнде; ел шырт ұйқыда жатқанда; жылқы жусар кезде; тауық шақырғанда деп жік-жікке бөлген.

Қазақ халқы жыл мезгілдерін де жете тани білген. Әр тоқсан мен маусымда үш ай немесе тоқсан күн болады. Тоқсан деген сөз осыдан шыққан. Маусым жыл мезгілдерін анықтап көрсетеді. Оны қыстыгүні, жаздыгүні, жазғытұры, күздігүні деп атайды. Мысалы, көктемді – қар еріп жатқанда; жазға салым деп бөлсе, жаз айларын – жаз ортасында; ұлан жазға; ала жаздай; жаз бойы; қырық күншілік шілдеде, күз айларын – жайма шуақ қоңыр күзде; жер қарада; күздің қара суығында, ал қыс мезгілін – қыс түсе; қар жауа; қақаған қаңтардың қысында; ақ қар көк мұзда; қыстың көзі қырауда; сақылдаған сары аязда деп әлденеше бөлікке жіктеген.

Сонымен қатар, әр маусымның өзіне ған тән тіршілік көрінісін бейнелейтін метрология байқалады. Мысалы, жуанның созылып, жіңішкенің үзілген шағында; төл алып жатқанда; ел жайлауға көшерде; ит басына іркіт төгіліп жатқанда; ел қыстауға қонғанда.

Ертеректе қазақтар уақытты сағатпен нақтылап өлшемегенімен секунд, минут, сағат деген уақытты шамамен дәл болжай білген. Мысалы, қас қағым сәтте; кірпік қаққанша; ауыз жиып алғанша; көзді ашып-жұмғанша; демнің арасында; табан аузында; қас пен көздің арасында деген дене мүшелерінің қимыл-қозғалысы арқылы білдірген. Секунд деп айтпағанымен, секунд ұғымын айнытпай дәл түсініскен. Минут пен сағатты бие сауым; шәй қайнатым; ет пісірім; сүт пісірім; насыбай атым сияқты нақтылы мөлшерлі уақытпен көрсеткен. Осы фразеотіркестер сағат болмағанымен сағаттың орнына жүрген.

Уақыт пен кеңістік межесіне ден қойсақ, қазақ халқының барша таным-түсінігі тікелей өмірлік тәжірибемен сабақтасып жатады. Осы тұрғыдан уақыт туралы дәстүрлі таным-түсінікті төрт түрлі межеге бөліп қарастыруға болады: бірінші –экологиялық, екінші – генеалогиялық, үшінші – ситуациялық, төртінші – тарихи уақыт болып бөлінеді.

Экологиялық уақыт бойынша жыл мезгілдерін «көктем», «жаз», «күз», «қыс» деп саралау халықтың таным-тәжірибесінде ерекше мән-мағынаға ие.

Экологиялық уақыт маусымдық немесе айлық межені айыру үшін ғана емес, сонымен бірге қысқа уақыт өлшеміне де қолданылады. Мысалы, таң сәріде; таңның шеті сөгіле; таң ағарып ата; күн көтеріле; күн іргеге түсе; сәске түс; тал түс; шаңқай түс; түс ауа; түс қайта; кіші бесін; күн еңкейе; күн жамбасқа келе; қас қарая; қызыл іңірде.

Генеалогиялық уақытқы адамдардың шыққан тегі, ру-шежіресі меже болып отырады. Әдетте генеалогялық уақыт межесін «түп-тұқияны», «жеті ата», «ұлы баба», «ұлы ата», «әке», «бала», «немере», «шөбере», «шөпшек», «немене», «туажат» тағы басқа сияқты туыстық атаулармен де атауға болады. Генеалогиялық деректер неғұрлым байырғы болған сайын, соғұрлым уақыт межесі өзінің тарихи нақтылығын көмескілеп, болжалдық сипат ала түседі. Мұндайда геналогиялық субъектінің өзі уақыт межесіне айналып кетеді. Мысалы, Тәуке хан тұсында; Қорқыт дүниеге келерде; Абылайхан заманында деген деректер айтылғанда Абылай, Тәуке, Қорқыт өздерінің тарихи орындарына қоса, уақыт межесінің субъектілері ретінде де танылып отырады. Көшпелі өмір салтқа байланысты генеалогиялық уақыт көп жағдайда кеңістікпен шендесіп жатады. Мысалы, Жетісуға даңқы жайылған Медеу байдың тұсында; Арқада Сағынайдың асы болғанда; Маңғыстаудың жетіқайқысы серілік құрған заманда; Бөжейдің асынан кейін деген деректер уақыт пен кеңістікке бірдей қатысты.

Ситуациялық уақыт межесі әдетте ел есінде қалған белгілі бір оқиғамен немесе шаруашылық ыңғайымен, өмір салтымен сабақтасып жатады. Мысалы, Ақтабан шұбырынды кезінде; Аңырақайда қалмақтар қирай жеіңлгенде; Абылайды хан көтергенде; Ақ тышқан жылғы жұтта дегенде елдің, белгілі бір әлеуметтік ортаның жадында қалған оқиға уақыттық меже. Ал қой қосақтарда; жабағы жүн қырқымында; баланы қырқынан шығарғанда; баланың қарын шашын алғанда; баланы бесікке саларда; балаға тоқымқағар жасағанда тағы басқа осы сияқты сиуациялық уақыт межесі тікелей өмірде болған немесе оқиғалармен, шаруашылық ыңғайымен салт-дәстүрмен орайласып жатады.

Тарихи уақыт өлшемі болса, мұнда уақыт межесі күнтізбелік есеп, жыл қайыру, мүшел есебі арқылы пайымдалады. Әдетте, тарихи уақыт межесіне пайымдау барысында «тәулік», «тоқсан», «мүшел», «ғасыр», «заман», «дәуір» сияқты ұғымдар қолданылады.

Қазақ халқы тек қана уақытты межелеуде емес,сонымен бірге кеңістікті межелеуге де барлық таным-түсінігі өмір салтымен, шаруашылық-мәдени тұрмысымен сабақтасып жатады. Дәлел ретінде кеңістік межесін білдіреітін фразеотіркестерді мысалға келтіруге болады: иненің жүзіндей; кере қарыс; қарға адым жер; қамшы сабындай; қос құлаш; құрық бойы; шылбыр тастам; есікпен төрдей; арқан бойы; сойыл салым; тас лақтырым; қозы өрісіндей; көз көрім; тай шаптырым; бір көш жер; жер түбі.

Қорыта айтарымыз тіліміздегі ұлттық метрология халықтың өзімен бірге туып, бірге жасасып келе жатқан көне дүниелер. Осындай ұзақ уақыт кемелінде метрологиялық бірліктердің ішкі мазмұны да, сыртқы құрылымы да сан түрлі өзгерістерге ұшырап отырады. Фразеотіркестер қалам қайраткерлерінің алтын қоры. Тіл байлығын ұштап, мәнерлі де бейнелі өткірлік сипат береді.

Ұлттық метрология – лингвомәдениеттану, этнолингвистика, когнитивті лингвистика, лингвоелтану, этнопсихолингвистика салаларымен тікелей байланысты. Олай болса, жоғарыдағы көрсеткен тілдік материалды зерттеу – қазақ елін зерттеу болып табылады.



Әдебиет

  1. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы, 1974-1986 жж.

  2. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1977.-711 б.

  3. Қожахметова Х.К., Жайсақова Р.Е., Кажахметова Ш.О. Қазақша-орысша фразеологиялық сөздік. – Алматы: Мектеп, 1988.-224 б.

  4. Ахметжанова Ф.Р. Қазақша –орысша фразеологиялық сөздік. – Өскемен: ШҚМУ Баспасы-212 б.

  5. Ахметжанова Ф.Р. Қазақша- орысша, орыcша- қазақша сәйкестіктер. Сөздік. Өскемен: Рудный Алтай, 2000.- 140 б.

  6. Құралұлы А. Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі. –Алматы: Сөздік – Словарь, 1977.-368 б.

  7. Қайдар Ә. Қазақ қандай халық?. – Алматы: Дайк-Пресc, 2008.-652 б.

  8. Қайдар Ә. Бір мың әсерлі де бейнелі оралым (этнолингвистикалық түсініктеме берілген қазақша-орысша фразеологиялық сөздік). – Астана.- ТОО «Білге», 2003.- 368 б.

  9. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 11-том.-Алматы, 2011.-752 б.

  10. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 12- том.- Алматы, 2011-752 б.


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ