Қазақ прозасындағы Махамбет бейнесі (Т.Әлімқұловтың "Қараой" әңгімесі негізінде)

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Қазақ прозасындағы Махамбет бейнесі (Т.Әлімқұловтың "Қараой" әңгімесі негізінде)

Материал туралы қысқаша түсінік
Бұл мақалада тарихи тұлға,қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Махамбет ақынның, Тәкен Әлімқұловтың "Қараой" әңгімесі негізіндегі бейнесі,батырлық тұлғасы туралы айтылды.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Қазақ прозасындағы Махамбет бейнесі (Т.Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесі негізінде)


Қайруллаев Нұртілек Жарқынұлы

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 4 курс студенті


Түйін: Мақалада халықтың қалаулысына айналған, би-патша, байларды әшкерелеп,бұқара халықтың атынан сөйлеген, бар ғұмырын ел жолына сарп еткен, ақындық пен батырлық өнерді бірге ұстаған, тарихтан ойып тұрар өзіндік орны бар төл перзентеттіңіз Махамбет Өтемісұлының көркемдік бейнесі туралы айтылмақ.Осыған орай әдебиетіміздегі озық шығармалардың бірі, көркемдік дәрежесі жоғары, қысқа жанрда жазылса да тарихи маңызы зор шоқтығы биік туынды Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесін негіз етіп алдым.

Кілт сөздер: батыр, туған жер, ақын, жау, халық, бейне, қастандық, рух.

Кіріспе. Әрбір халық өз жүріп өткен жолында әдеби мұрасын, тарихи жәдігерлерін, оның ішінде кесек тұлғалы ұлы перзенттерін жадынан шығармайды.Тарихымызға көз жүгіртсек қажырлы қайраткерлеріміз бен айбынды батырларымыз, ақын-жырауларымыздың бейнесі елестейді де тұрады.Ол бейне тек бір ғана адамға ғана тиесілі емес, барша қазақ елінің болмыс-бітімін, рухын сезіндіретін, өмір тұрмысын бейнелейтін асқақ бейне.

Оқырман шығарманы оқи отыра автордың баяндауымен әдеттегі жайғдайлармен танысса, бірде күтпеген тосын жайға тап болады. Туындыны оқу барысында табиғатпен бірге тыныстап, ер Махамбетпен бірге ерліктің ащы дәмін татасың,ұзақ ойдың тұңғиына батасың, қиын қыстау кездің сызаты мен жақын адамыңның жүрекке салған жарасы, сырлас деп жүрген достардың сатқындығы, бауыр санап жүргендердің аяусыз қанды істері жүрегіңді қатар дүрсілдетіп,шығарманың өн бойына бірге әкетеді.

Біз бұл мақаламызда қара қазан сары бала қамы үшін жанын пида еткен, шындықтың уын ішіп, жаралы арыстанның күйін кешкен, қазақтың біртуар батыры – Махамбеттің тарихи тұлғасы мен көркемдік образын талдауды нысан еттік.

Негізгі бөлім. Батырлар, ақындар жайлы шығармалар да, өлеңдер де жазылып жүр.Махамбет турасында қалам тербеген жазушылар да аз емес. Академик З.Қабдолов Махамбеттің тарихи және көркемдік образы туралы былай дейді: «Махамбет, бұл есім – өмірдегі қасіреттің синониміне, өнердегі қасиеттің символына айналған аса аяулы әрі ардақты есім.Көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың бір де бірі бұл есімге бейтарап қарай алмайды!» [1,101б]-дейді.

Қазақ тарихында ақын ғана емес, батыр да баршылық. Ақындық пен батырлықтың арасы бір-бірінен онша қашық емес. Затында, батыр өмірдегі ақындық секілді болса, ақын өнердегі батырлық тәрізді. Қазақ поэзиясында «Батырлар жыры» дейтін эпикалық дастандар циклі өз алдына бір төбе екені де тектен-тек емес.

Батырдың да батыры бар. Ауылын аңмен асырайтын, руын қорғаштайтын, ел шабатын, мал тонайтын, жер жаулайтын, ханмен қастасса баққа, таққа таласатын қара күш иелері жетіп-артылады.

Махамбеттің батырлығы бұлардың бірі де емес. Махамбет – ердің мақсаты – ерекше мақсат. Оның күресі ханмен ғана емес, хан арқылы халықты қан қақсатқан отаршылдық бұғауына қарсы, халқымыздың азаттығы үшін, біздің бүгінгі күніміз үшін күрес [1,107б].

Аз ғана ғұмырда азаттыққа ұмтылған жас жаны небір зұлматты көрген Махамбетке арнап,базыналы күй кешіп,елден іргесін бөлек салған ақынның соңғы жылдарадағы жай-күйін,көркем де асқақ бейнесін жазушы Тәкен Әлімқұлов шебер суреттеп берді.Тәкеннің «Каройы» қысқа жанрда жазған туындысы болса да әдебиетіміз бен тарихымызда өте құнды.Жазушы жайлы: «Тәкен Әлімқұлов Бейімбет Майлиннен кейінгі қазақтың қара сөзін құлпыртып, мәйегін ұсынған аса талантты прозаик екенін айқындап берді. Тәкен шығармалары ғасырдан ғасырға жасай беретін көркемдігі жоғары, қазақ прозасына эталон болатынын, әдебиет әлеміндегі орнын қадап көрсетті. Тәкеңдей талғампаз қаламгердің суреткерлік феноменін ой елегінен өткізсек артық емес. Туған әдебиетіне тұп-тура жарты ғасыр адал қызмет еткен, қаламы қолынан түскенше тек қана жақсы шығармалар жазған Тәкен Әлімқұлов шын мәнінде соңына қымбат мұра қалдырды»,[2]-дейді Нағышбек Қапалбекұлы.

Бәрімізге белгілі болғандай Махамбеттің соңғы өмірі елден жырақта,тіпті Шыңғысханның ұлдары бәрін шапқанда, осы Қаройдың айналасындағы ауылдарды көрмей кетеді.Тарихи деректерге сүйенсек, Исатай Тайманұлының Ақбұлақ өзені бойындағы жеңілісінен кейін Махамбет Өтемісұлы Қайыпқали сұлтанмен бірге Хиуа жеріне өтіп кетеді. 1839 жылдың қаңтарына дейінгі оның өміріне қатысты мәліметтер өте аз.

1841 жылдың 17 наурызында Махамбет Өтемісұлы Орынбор түрмесіне жіберіледі. Осы жерде «Махамбет Өтемісұлының жасы 37-де екендігі және шашы мен сақал-мұрты қара, бет-әлпеті таза, қараторы, көздері сарғыш-сұр деген мәліметтер» беріледі. Ал 31 наурызда Махамбет Өтемісұлының ісі Орынбор әскери сотына жіберіледі. Зерттеуші А. Рязанов дәл Махамбет Өтемісұлы өмірінің соңы мен өлімін дәл осы Орынбор жерінен іздеу керек санайды [3,99-100 б]. Алайда кейінгі тарихи оқиғалар көрсеткендей Махамбет Өтемісұлының өмірі осы жерден аяқталмады. Атап айтқанда ақын Ақбұлақ өзені бойында көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін, Қайыпқали сұлтанға ілесіп, Хиуа жаққа сапар шекті. Ал, 1839 жылдың қазан айында Махамбет Бөкей ордасына келіпті деген хабар шығады. Бірақ 1840 жылдың желтоқсанына дейін одан ешқандай дерек болмайды.Жәңгір хан Махамбетті іздеп тауып тұтқындау жөнінде сұлтан Әділ Бөкейхановқа міндеттеседе, одан еш нәтиже шықпады.

1840 жылдың желтоқасанында Махамбет Өтемісов жолдастарымен Беріш руының старшыны Ақтай Мұнаев дегеннің 35 жылқысын қуып кетіп, Топайлы төңірегіне өтеді де Сарыкөл маңына барып паналайды. Бұл жайт Жәңгір ханның құлағына тиіп, әскери губернатор 1841 жылдың қаңтар айында Орал әскерінің атаманына Махамбетті іздеп табуды міндеттейді.Мұндай жарлық сұлтан Баймағамбет Айшуақовқа да беріледі. Ол Махамбетті іздеу үшін төменгі – Орал линиясына Асфендияр Сүйеуғалин мен Мұхамбетқали Тәукинді жұмсайды. Бұлар бірнеше ауылды аралап шыққанымен Махамбетті ешқайдан таба алмайды.Осы жылдың 4 наурызында Мұртаза Өзбекқалиев Махамбет Өтемісұлының теңіз жағалауындағы ауылдарда жасырынып жүргендігін жеткізгеннен кейін, Орал әскери жасағының Голунов, Ведерников және Хохлов сынды жасақ басшылары батырды қолға түсіріп, Орынбордағы әскери-далалық сотқа тапсырады.

1841 жылдың 17 наурызы күні Махамбет Өтемісұлы Орынбор түрмесіне жөнелтілді. Жолдама қағазда оның сырт белгілерін былайша сипаттаған: «Жасы–37 де, бойы 2 кез (аршын 5/3 сүйем, төбесінде ғана шашы бар, қасы мен мұрты қара, бет әлпеті таза,қараторы, көзі көкшілдеу»,–делінген.

1841 жылдың 24 маусымында Махамбет Өтемісұлы сұлтан А. Жантөриннің қарамағындағы Кіші жүздің жеріне, қазіргі Ақтөбе жеріне жер аударылады.Бұл ретте Махамбет Өтемісұлының Хиуа жағында, кейінірек Кіші жүз жерінде жүргенде бірқатар экспедиция мүшелеріне көмек көрсеткендігі ескерілсе керек. Қалаға немесе Бөкей Ордасына баруына тыйым салынады.

1841-1843 жылдар аралығын Махамбет Өтемісұлы осы аймақта өткізген. Осы жылдары қарулас достары мен өткен күндерге деген сағынышын білдіретін өлеңдері мен күйлерін дүниеге әкеледі. 1845 жылы Махамбет Өтемісұлы Орынбор қаласына келеді. Мұндағы мақсаты Орынбор шекаралық комиссиясынан он жасар ұлы Нұрсұлтанды оқуға алу туралы өтініш білдіру болған. Кез-келген қазақ өз баласын оқытуға тілек білдіргенде міндетті түрде оның шығу тегі мен қоғамдағы орны турасында жергілікті басшы не сұлтаннан анықтама алдыру тәртібі болған. Міне 9 ақпан Махамбет Өтемісұлының талап-тілектері бойынша сұлтанға сұраныс жіберілгенде, оның азаттық қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі екендігі анықталып, тез арада тұрғылықты жеріне қайту бұйырылған.

1845 жылдың 3 тамызында алаша руының старшындар мен билері Махамбетті Ішкі Орда жерінен түбегейлі қуып, ол үнемі көтеріліске шақыратындығын жеткізген қоғамдық шешімі шығарылады. Оған он екі старшын мен билер қол қойған. Бұл шешім Махамбеттің кейінгі тағдырына қатты әсер еткен. Өйткені сол жылдың 7 қыркүйегінде шекаралық комиссия Махамбет Өтемісұлын ұстауға бұйрық беріп, оны орындауды сұлтан Баймағамбет өз мойнына алған.

1846 жылдың қазан айында Айшуақов Махамбетті ұстау үшін Ықылас Төлеев, Жанберген Боздақов, Төрежан Тұрұмов, Мұса Нұралин, Жүсіп Өтеулиев бастаған 20 адамды аттандырады. Махамбет қоныс тепкен жерге келгенде Төрежан Тұрұмов оған сұлтанның ұрланған жылқыларды қайтару туралы бұйрығымен таныстыруға келдім деп алдап, үйге кіреді. Осы сәтте Ықылас Төлеев пен Мұса Нұралиндер кіріп, жылқыларды қайтаруды талап ету арқылы жағдайды қасақана ушықтырады. Өзінің кінәсіз екендігін дәлелдегісі келген Махамбет Өтемісұлына жабылып, нәтижесінде Жүсіп Өтеулин батырдың басын шауып алады. Осы тұста Махамбет Өтемісұлының 8 жылқысы мен 4 түйесін қолды етіп, батырдың басы мен інісін сұлтанға жеткізеді. Істің мән-жайын шекаралық комиссияға түсіндірген Баймағамбет сұлтан Махамбет Өтемісұлын кінәлі етіп, өзі қаруды бірінші болып кезенгендігі және Төрежан Тұрұмов бастаған адамдарды өлтіруге талпынған деп жеткізеді. Әрине Махамбеттің өлімін анықтау мақсатында Редкин бастаған тергеу тобы құрылғанымен, ол айтарлықтай нәтиже бермеген. [4,250-252б] Махамбет Өтемісұлының басына 500 сом берілетіндігін ескерсек, бұл оқиғалар желісі батырды тұтқындау емес, әуелден өлтіру ниетінен туындағаны белгілі болады. Нәтижесінде Махамбет Өтемісұлының 1846 жылы 20 қазан айында Қараой өңірінде арнайы жасақтың қолынан қаза табуы ұзаққа созылған Бөкей Ордасындағы азаттық қозғалысын түйіндеді.

Енді өзіміздің басты мәселемізге оралайық. «Қараой» әңгімесінде Мақамбет әртүрлі іс-әрекет үстінде түрліше бейнеде көрінеді.Мәселен, Ақыраптың ұзақ түнінде Мақамбеттің ұйқысы шала болды.Әлденеден көңілі алағаржақтанып, жүрегі өрекпіп, дөңбекшіп шықты. Құлқын сәріде төсектен тұрып, тысқа шығып еді. Үйінің жанында біраз тұрып қалды.Мақамбет басқа ғаламнан келгендей, Қараойды жаңа көргендей сезінеді. Баяғы балдай балалық, сағынышты шақ қалған ойпаң – көзіне оттай ыстық та, жаудай жат та. Ынтыға есейген, торыға тоқыраған, дерттен қайта ашынған ақын Қараойды бірде қайта құтайған құтқа баласа, бірде елі ауып кеткен сары жұрттың төрінде төңкеріліп жатқан қара шаңыраққа ұқсатады»,[5,6б]-дейді. Бұл үзіндіден байқағанымыз, батырды біз секунд сайын алаңдаумен өмірі өтетін, біреу қолға түсіре ме, я болмаса алдағы күнім қалай болмақшы, - деген уайыммен жүретін дала тағысының бейнесінде көреміз.

Ия,көз алдыңа бар ауыр жүкті арқалаған, тау қопарар толағай бейне, қатулы қастары мен отты көздері нағыз қазақ батырына тән, айбатынан алты айлық жердегі ел қорқатындай, күрсінген демі барлық даланың ауыртпашылығын сездіріп тұрғандай айбарлы бейне елестейді.Бұған қоса табиғат та ақынмен бірге тыныстап, қатар жүргендей.Оны мына жолдардан аңғару қиын емес: Таң көктемнің таңындай толықсып атты. Күз таңының мұншалық сұлулығын бұрын көрген емес-ті. Күн де көктемнің күніндей айдарланып, сансыз алтын найзасын шашағымен шашырата шықты. Қазіргі сәтте шашақты найзадан айрылған күн күйеудің жыртысқа түскен сал орамалындай пәршектенген кіреуке бұлттардың арасынан сығалап қарайды. Асқа тіккен алтын жамбыға да ұқсап кетеді.

Енді бірде Махамбетті әуеде ұшып бәйек болған қызғыш құспен тағдыры бір десе,енді бірде:

Байғұс-ау, саған не болған? Шайың және де суып қалды ғой, – деді Әуес. Мақамбет үй жанында ұзатар қыздай ұзақ тұрып қалғанын енді ғана байқады. «Ау, шынында да, маған не көрінді?!»–дейді дегбірсізденіп. Көргеніне қызығады, көргенінен шошиды. Денесінде қызу бар ма, қалай? Елірмесі бар баладай боп тұр[5,6б]-деп, көрсетеді.Шынында да, бар ойын уайым жеп қойған,сенген жандардан сеніміне серкеу түсіп, сергелдеңге түскен ақын қайтіп жайбарақат отыра алмақ?Ендігі бар ойы қайтіп ел болып, қалың қазағын ауыр қыспақтақтан алып шығып, көсегесін көгерту еді.Ендігі жерде сенері,бар үміт артары кенжесі-Нұрсұлтаны ғана.

Ақынның батырлық бейнесін сездіре отырып, ендігі жерде қаһарлы, айбынды Мақамбетті, отбасындағы жайлы мінезі, әкелік мейірімі күшті, қамқор Махамбет бейнесінде көре аламыз: Әуестің өз басы үшін Мақамбет көбіне мінезімен ыстық. Сусыннан қыл шықса қатынын сабайтын батырдай емес, Мақамбет от басында өте жайлы. Ашуын тырнадан алмайды.

Қайта, осы Қараойдың жапалы қойнауында болымсыз күйбеңге күйінген зайыбына сабыр тілеп, жылаған жас баланы жұбатысады. Әуес күйеуінің қара торы дидары мұңға толып, таусылып отырғанын анық-ақ аңғарды. Өзі де күрсініп еді, көзінің жасы бірге шықты. Жаулығының ұшымен сүртіп жатып:

Қарақтарым бір аунап түсті-ау! – деді. Мақамбеттің де көзіне жасы тығылып қалды.

Осы жайттарды оқырман оқи отырып, ой елесіне шомылып, шебер бейнелеулерден әсер ала, ары қарай шығарманы аяқтамай қалуы мүмкін емес деп ойлаймын.Енді жазушы Махамбетті өзінің үзеңгілес серігі, бастаушысы Истаймен бірге жорық кезіндегі теңдессіз ерліктерімен, адал достықтарын қатар бейнелейді.Батыр бұрынғы күнін, келмеске кеткен ерлерін, адуынды кездерін аңсайды.Жазушы оны былайша суреттейді [5,13б]: Белесі береген, сайы ұры Бозадырда шашырай қашып, бүйірден дүрліге қайта тиіскен сары садақты сарбаздары, қара мылтықты мергендері, қылышты қылилары, сойылды сотқарлары бірде аяныш, бірде сүйініш тудырып, Мақамбеттің қанын қыздырды. Мақамбет ауру баладай елермелей бастады. Бәйге Ақтабаны оққа ұшқандағы дулығалы Исатайдың мылтығының аузы үңірейген аттылы жауларға беріспей, жаяу найзаласқан көзсіз ерлігі елес берді. Қақпанға түскен көкжалдай көзіне қан толған Исатай сол күйінде көрініс берді. Мақамбеттің көлденең тартқан атынан бас тартып, жау ішінде жорта жаяу қалып тұр. Үзеңгі жолдас ақынын табалап: «Сенің қайратың тіліңде. Менсіз сайра, менсіз зарла!» деп тұр. «Мен екі өле алман!» деп қасқайып тұр.

Енді оқырман Махамбетпен бірге ой қиялына шомылып бара жатқанда, нақ осы мезетте ақынның бағанағы ой-қиялы ортасынан қақ айырылады. Жазушы ұтқырлық танытып, оқырманды өзіне елітіп оқиғаны былайша өрбітеді [5,14б]: Елестің осы арасына келгенде, Мақамбеттің құлағына оқыс дауыс шалынды.

Байғұс-ау, атой салып, саған не көрінді? – дейді Әуес.

Мақамбет ұшықталған баладай сауыға бастады.

Қараойдың қойнауында атой салғанда, артынан келері қатыны ғана екенін енді білгендей.

Үйге қайт, – деді Әуес.

Ат таңасырғым кеп тұр, – дейді Мақамбет. Әуес тағы шошиды.

Шаңқай түсте ат таңасыра ма екен.

Мақамбет бүркіттей түйіліп, аспанға қарайды. Кіреуке бұлт қоюлана түскен. Бағанағы алтын жамбы жездей ғана жылтырайды.Не деген теңеулер десеңші?! Ойымен алысқан, қарбалас үстіндегі адамды, бір уақ дағдарылып қалып, есін жиған ұшықталған балаға теңесе, енді бір уақ баяғы қалпына оралған сабырлы, салмақты күйге енген батырды бүркітке теңейді.Одан кейінгі уақытта Махамбетті суреттеуден оның асқан көреген, сезімтал жан екенін аңғара аламыз.Сатқындық ғұмыр кешіп жүрген шақта онсызда сұм пиғылдылар аздай, Ықылас келе салысымен олардан да сескеніп,бір жамандықты іші сезгендей.Мақамбетті қайтадан ашу-ыза баурады. Басына қаны теуіп, құлағы шулап кетті. Ащы ызыңдар сапырылысып:

«Келе жатқандар – досың; жоқ, досың емес – жауың!» десті.

Дос болса, құба-құп. Жау болса, саған серт! – деп қара қанжарын жамбасқа қысып қойды.

Айтса айтқандай жыртыққа жамау сұрап келген Ықылас,әлденені сылтауратып ақынға тап береді.Осы арада біз, төрт адамға дес бермеген күш-қайратты, өлмес рухты, нағыз батыр бейнесін көреміз.Келте ғұмыр осы жерде үзілетінін қайдан білсін, бар айтқаны-Әуес болса, ойында қалың халқы тұрды.Автор осы сәтті былай береді [5,18-19б]: Осы уақытта Мақамбетке төрт адам жабылып үлгерген. Екеуі екі қолын қайыра бастады. Мақамбет құрыққа ілінген құландай:

Бала-шағадан аулақ! – деп жанұшыра бұлқынып, төрт адамды сүйрете-мүйрете тысқа шыға бергенде, табалдырыққа сүрініп, етпетінен құлады.

Қаншама жанның аяғы аттағаны мәлімсіз көне табалдырықтың алдында жаңа опыр-топыр басталды. Мақамбет жауған жұдырықты елемей, бар күшін жиып, етпеттей күжірейіп, жендеттерді сауырдан төге берді. Олар қайта жармасып, шықшыттап, батырдың тынысын тарылтуға күш салды. Мақамбеттің теңдессіз үлкен жүрегі тынымсыз дүрсіл қағумен болды. Жаралы арыстанның ыңыранғанындай, тұншыққан домалақ дүрсілден Ықыластың үрейі ұшты. Ол қазықтың қасында жатқан тоқпақпен Мақамбеттің басына ұрды. Мақамбет ақтық рет «Әуес!» деп, сылқ түсіп, сұлап қалды.

Қаншалықты жұмбақ болған, қандай күйінішті ауыр трагедия.Автордың суреттеуінде, бейнелеп беруінде сөз жоқ.

Қорытынды. Қорыта келе, біздің білгеніміз, қаныққанымыз, ұлт жанашыры болған бірегей азаматтың өмірінің бір бейнелі сәттері ғана.Ал осындай тарихи, ұлтық бейненің қаншамасын дұрыс танып, оқи алдық? Санамызда сақтай алдық па, жоқ әлде уақытпен бірге өшіп келе ме?Жоқ, әрине, сол бір кездері бұлдыр өмірімізді айғақтаған, елі үшін жай таппаған тұлғаларды өшіру мүмкін емес, өшірмеймізде.Ал бұл сіз бен біздің қолымыздан келер іс қана!



Әдебиеттер тізімі:


1.Қабдолов Зейнолла.Шығармалары.–Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2014. –312 б.

2.https://anatili.kazgazeta.kz/

3.Рязанов А.Ф. Восстание Исатая Тайманова (1836-1838). – Ташкент, 1927. – 103 с.

4.Шахматов В.Ф. Внутреняя орда и восстание Исатая Тайманова. – Алма-Ата, 1946. – 255 с.

5.Әлімқұлов Тәкен. Ә 55 Сейтек сарыны: Әңгімелер мен повестер. –Астана, 1999. – 417 б.

Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
09.10.2023
1724
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі