Материалдар / Қазақ тілі сабағын қызықты өтуге арналған 10 әдіс
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Қазақ тілі сабағын қызықты өтуге арналған 10 әдіс

Материал туралы қысқаша түсінік
Қазақ тілі сабағын қызықты өтуге арналған 10 әдіс
Авторы:
26 Желтоқсан 2023
361
7 рет жүктелген
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Қазақ тілі(Т2) сабағын қызықты өтуге арналған 10 әдіс немесе жаңашыл мұғалімнің қоржынын толықтыру


1) “Көзқарас” әдісі. Суретке назар аударыңыз. Бұл суретте екі түрлі адам бейнеленген. Бірінші өзіңіз сол екі адамды тауып көріңіз.

Бұл әдіс С.Ковидің “Жасампаз жандардың жеті дағдысы” кітабынан алынған. Стивен Ковидің өзі студенттерді екі топқа бөліп, бірінші топқа суретте берілген кәрі әже туралы ақпарат береді. Ал екінші топқа кәмшаттың терісінен тон киген бай әрі жас әйел туралы сипаттама ұсынады. Сәйкесінше екі топқа екі түрлі сурет таратылады. Ең соңында сол жағыңызда берілген картинаны үлкен экранға шығарып, кімнің не көргенін сұрайды. Әрине, екі топтың көзқарасы екітүрлі болады. Бұл әдісті сабақта қолданудың тиімділігі оқылған шығармада жақсы/жаман кейіпкердің болмайтындығын, өмірдегі сияқты әр адамның өз шындығы, өз көзқарасы, өз пікірі бар екенін оқушыларға түсіндіру болып табылады. Суретке жақсылап қарасаңыз әженің көзі - бойжеткеннің құлағына айналып, әженің аузы - бойжеткеннің мойнына таққан алқасына ауысады. Ал әженің мұрны деп тұрғанымыз бойжеткеннің иегі мен жағына алмасады. Мен өз тәжірибемде “Суретте бірінші кімнің бейнесі көрінді? Суреттің негізгі идеясы мен шығарма кейіпкері - Сурет пен Азаттың(кейіпкердің) көзқарасы арасында қандай байланыс бар?” деген сияқты сұрақтарды қою арқылы қолдандым. Кейбір оқушылар әжені көре алмай, тек бойжеткенді көрсе, кейбірінде керісінше болғандықтан бір-біріне өз көзқарастарын дәлелдеуі қызық болды. Әрі олар адам бір затқа қарап тұрса да, басқаның өзі көрген дүниесін көре алмайтынын түсіне алды деп ойлаймын.



2) “Дәстүрді жаңғырту” әдісі. Бұл әдіс сабақтың ұйымдастыру кезеңінде яғни кіріспе бөлімде қолданылады. Қазақ тілін екінші тіл ретінде үйреніп жүрген сыныптың қазақтың халық ойындарынан аса хабары жоқ болғандықтан, осы әдіс тіл меңгерумен қатар ұлттық рухани мұраны да бойына сіңіреді. Қазақ халқының барлық ойындарын түрлендіріп қолдана беруге болады. Алайда менің тәжірибемде пайдаланған төрт ойын туралы айтайын:

  • Қуырмаш. Балалар қазақтың ежелгі заманда кішкене бүлдіршіннің алақанын жазып, уқалау үшін қолданылғаны жайлы ақпаратты алған соң, жанында отыратын көршісіне “Қуыр-қуыр-қуырмаш. Балапанға бидай шаш. Апаң келсе есік аш. Қасқыр келсе тұра қаш” деп әндете саусақтарын біртіндеп бүгеді: “Бас бармақ, балан үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек”. (егер оқушыларға ойынды елестету өте қиын болған жағдайда https://youtube.com/watch?v=2tD5AQwxghg&feature=shares қуырмаш ойыны жайлы бейнематериалды көрсетіңіз) Ойыннан соң қолының қытығы бар оқушылар күле бастаған соң сыныптың атмосферасы өзгереді. Әрі кинестетик балаларға жақсы жаттығу болады.

  • Алтын сақина. Оқушылар алақанын бір-біріне жабыстырып отырады да, жүргізуші алақанына сақина салады. Егер басқа оқушылар жүргізушінің сақинаны кімнің қолына салғанын біліп қойса жүргізуші сұраққа жауап береді. Ал егер ешкім байқамай, сақинасы бар адамды жүргізуші шығарып алса, жүргізуші қалаған оқушыға сұрақ қояды.

  • Көрші. Мұғалім оқушыларды жұп-жұбымен отырғызып, араларында жүріп кез келгеніне “Сен көршіңмен қандайсың?” деген сұрақты қоя салады. Егер оқушы “татумын” десе тату екендігін өнер көрсетіп дәлелдеу керек. Ал егер “аразбын” десе, мұғалім “Онда кімнің көршісін қалайсың?” деп сұрауы қажет. Сосын оқушы айтқан баланың көршісінен рұқсат сұрайды: “Көршіңді беремісің?” берсе оқушылар орын ауыстырады.Бергісі келммесе көршісін алып қалу үшін оның да өнер көрсетуі қажет болады. Бұл ойынды топтық/жұптық жұмыстарды орындағысы келмейтін, бір-бірімен қарым-қатынасы жақсы емес сыныптарда ойнату қажет деп ойлаймын.

  • Ұшты-ұшты. Мұғалім өз қалауы бойынша әртүрлі ұшатын және ұшпайтын заттарды барынша шапшаң айтады: “Ұшты-ұшты. Балға ұшты. Ұшты-ұшты. Қарға ұшты. Ұшты-ұшты. Парақ ұшты. Ұшты-ұшты. Тарақ ұшты”. Егер зат ұшатын болса оқушылар қолдарын көтереді. Ұшпайтын болса түсіреді. Бұл ойынның мақсаты екінші тілді жаңа меңгеріп жатқандардың сөздік қорын тексеру болып табылады.


3) “Аудиодиктант” әдісі. Бұл әдісті тыңдалымды жақсарту кезінде қолданған өте тиімді. Әр оқушыға өз телефоны мен ешкімге кедергі келтірмес үшін құлаққап қажет. Оқушылар берілген аудио/бейнематериалдарды тыңдап, сөзбе-сөз қағаз бетіне түсіріп, аудио/бейнематериалдағы ақпаратты сөзбе-сөз дәптерге жазады. Мен өз тәжірибемде оқушыларға тыңдалымға қоса айтылымды да біріктіріп мынадай жұмыс жасаттым: Өз жазбаңызды аудиторияға жеткізу үшін мәтінге аудио жазба жасаңыз. Конвенцияны ұтымды қолданыңыз. деген нұсқаулықпен https://www.youtube.com/watch?v=7bXEHXg9D5E бейнематериалын ұсындым. Оқушылар төменде берілген мәтінді тыңдап, диктант сияқты жазып шығып, пайда болған мәтінді өздері дауыстап, өз аудиожазбаларын жасады.

Әлемде 7 миллиардтан астам адам бар. Олардың бәрі армандайды. Біреулер арманына жетеді, ал біреулер жетпейді. Сол себепті “армандар орындалмайды, есейсеңші” дейтін сөздерді жиі естиміз. Ал, енді мені тыңда: “армандар орындалады!” Арманыңа жету ережесі оңай: жұмыста және тағы да жұмыста. Ал сен арманыңа жету үшін бүгін не істедің? Егер сен жай ғана армандап жүрсең ештеңе де өзгермейді. Иә, білемін, әр адамның жүрегінде сәтсіздіктен қорқыныш бар. Оған қоса сені адамдар сынайды, мысқылданып күледі. Оның бәрі оңай емес... Бірақ та, өзіңе сұрақ қойшы: “неге арманыңа жету жолы оңай болу керек?” Сонымен…Арманыңа жету үшін бүгін не істедің?”

Жетістік критерийі: (1-4 балл)

  • мәтіндегі ақпарат мазмұны сақталған;

  • конвенцияны ұтымды қолданған;

  • сөйлеу мәнері жағымды;

  • аудиторияға ақпаратты айқын жеткізеді.



4) “Дубляж” әдісі. Оқушыларға белгілі бір шығарманың фильмінен үзіндісін көрсетіп, кітапта берілген сөздерді пайдалану арқылы дубляж жасауға тапсырма беруге болады. Бұл әдіс шығармашыл оқушылар үшін қызық. Баланың қиялын шектемей сөздерді өзгертуге, дыбстық эффектілер қолдануға мүмкіндік сыйласыңыз мүлдем керемет болады. Жасап көрген тәжірибемде оқушыларға мынадай тапсырма бердім:

  • Бейнематериалдағы Қожа бейнесін сомдауға дайындалыңыз (3 минут), дубляж жасаңыз.


Бағалау критерийлері:

-бейнематериалдағы детальдарға назар аударып, мәтін құрастыру;

- лексикалық минимумды қолдану;

-мәтін құрауда жазбаша мәтіндегі ақпаратқа сүйену;

- сөйлем құрылымдарын сақтау.


5) “Лексикалық баттл” әдісі. Бұл әдісте интеллектуалды ойындардағыдай екі оқушы бір-біріне қарама-қарсы отырады. Юнит барысында меңгерген сөздер бойынша сұрақты бір оқушы қояды (3 сұрақ), екінші оқушы жауап береді, Кезек алмасып отырады. Сұрақтың жауаптары тақтаға “+” белгіленіп отырады, егер оқушы жауап бере алмаса, “+” сұрақ қойған адамға қойылады. Қай оқушы үш сұраққа да жауап беріп ұпайы басым түссе үстелде қалады. Ал жауап бере алмаған оқушы үстелден тұрып, орнын басқа оқушы отырады. Кім ұзақ үстелде қалып, барынша көп қарсыласты жеңсе бірінші орынмен марапатталады.

6) “Өлең” әдісі. Бұл әдісте мұғалімнің өзі дайын шаблон ұсынып, алдын ала дайындап қоюы керек. Мәселен:

Ортасындағы бос орындарға жақшада жазылған сөздерді басшылыққа ала отырып “Менің армандарым” тақырыбында өлең жазыңыз.

Менде ______________________(дерексіз зат есім) болса ғой.

_________________________(Тұрғыңыз келетін үй) тұрсам ғой.

Үйім ____________(алғыңыз келетін технология түрі) толса ғой.

__________________(Барғыңыз келетін қала атауы) барсам ғой.


___________________(Кездестіргіңіз келетін кумир) көрсем ғой.

____________(жаныңыздың егіз сыңары/соулмейты) жүрсем ғой.

_________________(Арманыңыздағы көлік маркасы) мінсем ғой.


______________________________(Ұнайтын тағам) жесем ғой.

________________________________(Киім бренді) кисем ғой.


_____________________(қалайтын мінез/қасиет) болу арманым,

___________________________________(мамандық) таңдадым.

_____________________________________________________

_______________________________Ұшқыр қиялмен самғадым.


Бұл өлең оқушылардың қалау райды дұрыс қолданып үйренуіне арналған.


7) “Хат жазу” әдісі. Бұл әдіс орта буынғы оқушыларға арналады. Егер оқушылар эссе жазуға жас бірақ, жай ешқандай форматсыз ойтолғау жаза беруге үлкен болса ресми хат жазудың бірнеше түрін үйретсеңіз болады. Өз тәжірибемде төменде берілгендей балаларға хат жазу алгоритмін үйретіп, көрші сыныпқа бір оқушыны пошта қызметкері ретінде хатты жеткіздік. Бір паралелльде оқитын сыныптар осылай бір-бірімен хат алмасып, шынайы өмірмен байланыс тапты. Хаттың мазмұны әртүрлі болуы мүмкін екендігін ескерткім келеді.


Кіріспе бөлімі:

Адресат иесінің/аудиторияның ерекшелігін (жас ерекшелігін) ескеріңіз;

Адресат иесіне/аудиторияңызға өзіңіз туралы ақпарат беру;

Негізгі бөлімде:

  • адресат иесімен/аудиторияңызбен қалай танысқаныңыз;

  • адресат иесіне/аудитоияңызға хат жазу мақсатыңыз;

  • адресат иесінің/аудиторияңыздың сіздің көзқарасыңызға әсер еткен әрекеті, ісі, сөзі туралы ақпаратты беруіңіз;

  • эмоция, сезімдеріңізді білдіруіңіз;

  • достық туралы көзқарастың қалыптасуын юнит концепциялары, зерттеу идеясымен байланыстыруыңыз;

  • етістіктің шартты, бұйрық, қалау райлары мен есімдік түрлерін ұтымды қолдануыңыз қажет.

Қорытынды бөлім:

Адресат ерекшелігін ескеріп, хат алушыңыздың (адресат) рухын көтеретіндей немесе жауап күтетіндігіңізді білдіретін сөздермен аяқтаңыз.

Хат иесі туралы ақпарат, қолы.

Соңында P.S. белгісін қойып, ( Постскриптум- хатта айтылмай қалған маңызды нәрсеңізді жазуға болады.)


8) “Кальмар ойыны” әдісі. “Кальмар ойыны” сериалының әлеуметтік желілерде атақты болуына байланысты осы әдіс кейбір пәнге деген қызығушылығы төмен, әрі әлеуметтік желіде көп отыратын оқушыларды тарту мақсатында жасалды. Мұғалім өз үстелінде немесе тақтаның жанында керісінше қарап отырады да “Кім жылдам кім тапқыр сол жеңеді. Құр тұрма жауап жаз сол керегі” деп дәл сериалдағыдай әндетеді. Ал оқушылар осы аз ғана секундтарда алдын ала таратылған тапсырмаларды орындап үлгеруі керек. Мұғалім әндетуін тоқтатып “тоқта!” дегенде оқушылар қимылдамай, қатып қалуы қажет. Нұсқаулықты бұзып, қарсы шыққан, яғни қимылдап қойған оқушы ойыннан шығады. Аталған әдіс стрессті жағдайда сұрақтарға жауап беру, демде шешім қабылдау сияқты өмірлік дағдыларды қалыптастыруға немесе дамытуға арналған.


9) Елес суреті (DOODLING) стратегиясы

Суретте көріп тұрғанымыздай бұл әдіс мәтін оқытуда қолданылады. Оқушылар мәтіннен кілт сөздерді тауып, қоршап, сол кілт сөздердің мағынасына сай суретті мәтіннің бетіне салады. Бұл әдіс баланың мәтінді ұзақ есте сақтауына, мәтін туралы әңгіме қозғалғанда бірден өз метафоралық суреті есіне түсіп ассоциация жасауына арналған.


10) “Коллаж” әдісі. Тоқсан аяқталғанда я болмаса белгілі бір бөлімді, юнитті аяқтаған кезде оқушыларға өтілген сабақтар бойынша 5-6 суреттік коллаж жасауға тапсырма беруге болады. Өз тәжірибемде оқушылар жыл соңында пән бойынша барлық естелік суреттерін жинап, өз өткендерін, қызықты әрі қиын сәттерді қайта еске түсірді. Бұл әдіс арқылы оқушы бір істі жақсы тындырғанын, өзімен мақтан тұтуға болатынын сезіне алады. Әрі осы сәтте оқушыға келесі жылға кеңестер ұсынып, кері байланыс берсеңіз де болады.


Қолданылған әдебиеттер тізімі:


  1. С.Ковидің “Жасампаз жандардың жеті дағдысы” кітабы

  2. сурет

  3. сурет

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!