Қазақ тілінің бүгіні мен
болашағы
Қазақ тілі-қазақтың рухы, табиғаты, өнері,
жанының жиынтығы. Өн бойында қазақтықтың иісі аңқыған, тамырында
қаны ағып жатқан ұлы тіл. Оны өлтіруге де, өшіруге де, тұншықтыруға
да болмайды. Алайда заман ағымына қарай тіліміз өзгерістерге
ұшырап, құндылықтарына қауіп төніп, жаңа ғасырға бейімделуге беттей
алмай келеді. Қазақ тілі қазіргі уақытта қаншалықты қолданыс
аясында? Жойылып кету, жоғалып кету қауіпі бар ма?
Біріншіден, қазақ даласы қанша халыққа,
қанша ұлтқа ортақ болса, қазақ тілі де сонда өмір сүріп
жатқан барша адамзатқа ортақ тіл. Оны сол жерде мекен еткен әрбір
адам білуге, құрметтеуге, төбесіне көтеруге міндетті. Алайда, кәрі
кеңестің құрамына еніп, құрған саясатына, құлдық идеясына көнген
соң алдымен тіл мен діннен, ұлттық санадан, дәстүр мен салттан
айырылдық. Біз жоғалтып ала жаздаған ең үлкен қазына тіл еді. Сөніп
барып қайта жанған, құлап бара жатып, еңсесі қайта көтеріліп келе
жатқан бірден-бір дүние болса, ол-қазақ тілі. Қазақ тілі сан
ғасырдың соққысын көрген, құлдықты да көрген, сонда да құндылығын
жоғалтпаған ұлы тіл. Орыстың саясатына бас ұрған соң тіліміз шетке
ығысып, жұрт жапа-тармағай орысша сөйлеуге көшті. Сол кезде "орысша
тәрбие көрген", "орысша оқыған" деп өздерін атайтын адамдар тобы
қалыптасып, еліміз егемендік алған соң да, құлдық, орыс
идеологиясында, санасында қалып қойды. Солар ұрпағын өздері білім
алған, оқыған, сөйлеген тілде тәрбиелеп, бұза бастады. Орысша
сөйлеуге әуес адамдар тобының алғашқы легі солай қалыптасты. Одан
кейін өз тілін менсінбей, өзге тілден медеу, эстетика іздеген
ақылдысымақтар орыс тілін пір тұтып, сөйлеуге көшті. Ал, үшінші
тобы ғылым-білімнің, оқудың көзі әлем тілдерінде болғандықтан,
амалдың жоқтығынан сөйлеп, оқуына тура келді. Осылайша өзге тілде
сөйлейтін адамдардың үш тобы қалыптасты.
Ал қазіргі таңда қазақ тілі қаншалықты
қолданыс аясында? Аз, өте аз көлемде. Елімізді мекен ететін
адамдардың тек 40-45 пайызы ғана күнделікті қазақ тілін қолданады.
Көп дүние өзге тілде. Кафе, ресторанға барсаң ас мәзірі орысша,
дүкенге, супермаркетке барсаң тауар атаулары орысша, мемлекттік
мекемелерге барсаң орысша шақырады, атайды, құжаттардың бәрі
орысша. Тіпті қарапайым жарнамалардың өзі орысша жазылады. Билік
басында отырғандардың өзі әңгімесін орысша сапырып, хаттамасын
орысша оқиды. Басшы сондай болып тұрса, халықтан не күтеміз? Өз
елінде осыншама қорлық көріп жатқан қайран тілімнің тағдыры
өзегіңді өксітеді.
Жоғалып кету қауіпі ше? Өкінішке орай, бар.
Егер бір тілде халық өте аз мөлшерде сөйлейтін болса, ол тілдің
болашағы бұлыңғыр. Жұрты жапа-тармағай өзге тілді көгіне көтере
беретін болса, өз тілдері түбінде құрып тынады. Статистикаға
сүйенетін болсақ, әр күн сайын әлемде бір тіл өледі екен, яғни,
жойылады. Сол тілдердің арасына біздің де тіліміз кіріп кетпесіне
кім кепіл? Егер осылай жалғаса беретін болса, қазақ тілінің
қолданыс аясы тарыла беретін болса, оның да аспанына қара бұлт
үйіріледі.
Сан ғасырды басынан өткізіп, қиындықтарда
құндылықтарын жоғалтпаған, қорын сақтап, болашаққа нық қарайтын
тілімнің тағдыры қысқа болады дегенге сенгім келмейді. Тынысымыз,
тарихымыз, табиғатымыз қазақ тілінің өн бойында өріліп жатыр.
Қазақша жазайық. Қазақша ақпар іздейік. Қазақша мәзір сұралық.
Қазақша жол көрсетелік. Қазақша сауатты болайық. Тіл – өзіміз.
Өзімізді жақсы көрейік.
Назерке
Абдықадыр