Қазақтың күші - бірлікте!

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Қазақтың күші - бірлікте!

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақалада қазақ халқын бірлікке шақырған деректер мен дәйектер келтірілген. Көптеген қазақ ғұламаларының елді ұйыстырудағы бастамалары арқау болған. Бірқатар тарихшылардың нақыл сөздері мен фактілері берілген.
Материалдың қысқаша нұсқасы

ҚАЗАҚТЫҢ КҮШІ - БІРЛІКТЕ!

Таукебаева Эльмира Оскеновна

Талғар ауданы,

Бесағаш ауылы №28 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі


Егемен, тәуелсiз Қазақ елiнiң iргелi мемлекет болып қалыптасуы тарихи күрделi кезеңде, яғни нарық экономикасына бiртiндеп өту дәуiрiне тұспа-тұс келiп отырғанда, ұлтымыздың бастан кешкен тарихын зерттеп, тәрбие саласындағы мәндi тағлымдарды пайдаланып‚ қазақтың ұлттық, отансүйгiштiк тәрбиесiн, яғни елін-жерін сүюді, еліміздің тарихын білу, елжандылық сезімді ерте жастан бастап сіңіру қажеттіліктері туындауда.

Білім беру ісінде де үлкен өзгерістер орын алып, білім беру мазмұны жаңартылуда, оқытудың өзгеше амалдары қарастырылып отыр. Мәселен, бұрынғы Кеңес Одағының оқыту үдерісінде негізінен тарихи сана «соғыстар тарихы» ретінде қалыптастырылса, бүгінде өткеннен сабақ алу, талдау, рефлексия жасау ретінде, оқушыларды жоғары деңгейде сыни ойлату мәселелері тұрғысынан қарастырылуда. Осы тұста Дінмұхамед Қонаевтің: «Бүгінгі күн – кешегі күннің шәкірті» деген нақыл сөзі еске түседі. Бұл дегеніміз кешегі күннен, яғни өткеннен, тарихтан сабақ алу.

Тарих пәні еліміздегі жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясын жас ұрпақ санасына сіңіруде басты құрал екені аян. Себебі тарих пәнінің мақсаты жас ұрпақтың бойында тарихи сана, елжандылық, өз елінің мәдениетіне құрмет, ата-бабаларының табыстары мен жеңістеріне мақтаныш сезімдерін қалыптастыру, жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды дарыту, ойлау, талдау, рефлексия жасау дағдыларын дамыту болса, осы істе ешқандай пән тарих пәнін алмастыра алмайды.

Қазақ үшін өзін құрбан еткен Алаш зиялыларының бірі де бірегейі Ахмет Байтұрсынұлы: “Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» деген үндеуі бүгінгі ел үшін басты ұстаным болса қерек.

«Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол  – бірлік» демекші, ел басына күн туған замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі десек, артық айтпағанымыз болар. Достық пен ынтымақ бар жерде, береке мен ырыс болары анық.

Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі.

"Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" дегенде, ата-бабамыз ынтымақ керектігін айтқан болар. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады».

Осыны ескере келе ат үстінде жүрген ел азаматтары «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын енгізіп, осы арқылы еліміздің егеміндігін баянды етуді, Қазақстан Республикасын Мәңгі ел етуді мақсат тұтып отыр. Осы тұста тарихқа жүгінбесек болмайды.

Тарихта мәңгілік белгі қалдырған елдер аз болмаған. Соның айғағы ретінде Мысыр немесе Мексика жеріндегі пирамидалар әлі күнге дейін сақталған. Дегенмен, бұл материалдық құндылық. Ал «мәңгілік» ұғымы рухани құндылықтармен тығыз байланысты екені аян. Ежелден пайда болған жазулар мен сандар бүгінге дейін «мәңгіліктің» символындай адамзатқа қызмет етіп, саналы ғұмырымызды баянды етуде.

Ж. Молдағалиев «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» дегендей, қазақ та тарих сахнасында мәңгі қалуды мұрат еткен. XX ғасырдағы қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ» деген сөзі де еліміздің мәңгілік жасампаздығын баяндап тұрғандай.

Белгілі тарихшы Ханкелді Әбжановтың пікірінше, «Мәңгі ел» ұғымы түркі заманынан белгі береді. Ол Күлтегін жазуында «Мәңгі» сөзінің бес жерде кездесетіндігін дәлелмен келтірген. Мәселен, «Нендей бір айтар сөзім болса, мәңгі тасқа бастым» деген дәйексөзі. Тарихшы сонымен қоса, «Адам терең ақыл-ойымен, шебер қолымен мәңгілік құндылық түзе алады» деген тұжырым жасайды.

Жоғарыда айтылғандай, қазақ тарихын тасқа қашап жазған. Жазғандағы мұраты мәңгілік болсын дегені. Иә, қазақтың құжаты – тасқа басылған тарихы! Енді сол деректен үзінді келтірдік: «Түнде ұйқы көрмедім, күндіз күлкі көрмедім; қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді; күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып – бәрі елім үшін». Қазақ осылай тарихты тасқа мөрлеген!

Бұл сына жазуының мәңгілік құндылығын зерлеген халық ақыны Олжас Сүлейменов 80-жылдары Монголияға арнайы барып Моңғолияның Мәдениет министрiне кiрiп, ескерткiштердi ашық аспан астында қалдырмауды өтiніпті. Бұл өтiнiштi Мәскеуге мен Алматыға да жеткізген. Бұған қоса ол: «Ендi мiне, сол арманымыз iске асып отыр. Бабалар рухы өз елiмiзге оралды. Шын мәнiнде ешбiр халықта жазу мәдениеттi қалыптаспаған кездiң өзiнде бiздiң бабаларымыз өз тарихын тасқа қашап жазып кеткен» деп, түркі тіліне жатқызуға қимаған еуропалықтардың пікірлерінің теріс екендігін дәлелдеді.

Ең көне ескерткiштерiміз бiрi, түркi жұртының мақтанышы, ұлы Күлтегiн ескерткiшінің туған топыраққа оралуы, өшкенiмiз жанып, өлгенiмiз тiрiлгендей зор тарихи оқиға болғаны анық. Осындай тасқа басылған көне ескерткіштер, балбалтастар, таңбалы тас сынды тарихи жәдігерлердің елді ұйыстырудағы мәні зор.

Қазақты біріктіретін рухани күштің бірі – АЛАШ ұраны! Бұған Әбіш Кекілбаевтың Әйтеке би еңбегіндегі мына сөзді мысал етуге болады: қазақ әскерін бастау «Алаш» ұрандыдан Бөкенбайға, «арқар» ұрандыдан Әбілқайырға жүктелді».

М. Тынышпаевтың дерегінде де Есім ханға сес көрсеткен Жиембет жыраудың «Алашыма ұран салармын» деп атой салғаны келтірілген.

Алаш деген ортақ түріктік атау Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі кезде қайтадан жаңғырған бауырлас түрік халықтарының басын біріктіру ұраны, ортақ атауы да болған сияқты.

Алаш зиялылары да ел азаттығы жолындағы миссияларын осы атаумен байланыстырды. Олар ежелгі Алаш ұғымына қайта оралып, оны бостандық пен бірліктің ұраны етіп алды. “Атамыз Алаш, керегеміз ағаш” деген рухты сөзін ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресте қолдана білді. Соның дәлелі ретінде “Алаш қозғалысы”, “Алашорда”, “Алаш” деген ұғымдар санамызға сіңді “Алаш азаматы” атану қазақ халқының бірлігіне, елдің тұтастығына меңзейді

Ата-бабаларымыз ел бірлігін құқықтық тұрғыдан да заңдастырғаны мәлім. «Жеті жарғы» заңдар жинағының бесінші бунағы да ел бірлігін сақтау, отанын қорғау, сыртқы жауларға тойтарыс беру, жасақ құру, сардар сайлау, сауын айту тәрізді жаугершілік кезеңдегі мемлекеттік ірі оқиғалар жүйесін қамтыған. Бұл жинақтағы әскери жазаның бір түрі «қара мылтық алу» екен. Бұл жаза бойынша әскери қылмыскердің қаруын жою шарасы өткізілген. Бұл өте ауыр саналып, өлім жазасымен тең дәрежеде қабылданған.

Ерте кездегі қазақ халқының бірлігі туралы саяхатшылар мен елшілер, зерттеушілер де бірқатар мәліметтер қалдырған.

Неплюев 1744 жылы 14 қаңтарда өзінің Сенатқа берген баяндамасында, қазақтардың табиғатынан ұрысқа бейім екендігі, ержүрек екендігін баяндап, Кіші жүз бен Орта жүздің қажет болған жағдайда 300 мың адамға дейін әскер шығаруға қабілетті екендігін және олардың дені отты қарумен қаруланған деген мағлұмат жеткізеді.

Ал Ресейдің Ташкенттегі елшісі Бурнашев Тимофей Степанович мынадай жазба қалдырған: «Қазақ орталарында оларды бір ойдың айналасына біріктіріп отыратын күш не десек: қауіп төңген кезде ортақ мүдде, құқықтарын қорғау үшін, жағдайларына қарамастан, ауызбірлікте болады. Қазақтар әдет бойынша ат мініп жүреді. Қазақтар батыл халық».

Қазақтың бірлігі туралы көркем шығармаларда да сипатталған. Мысалы, Софы Сматаевтың «Елім-ай» шығармасында Арғын мен Найман тайпалары арасында үлкен дау дамай туып, оның арты ушығып бара жатқанда Аралбай батыр өзінің он жеті жасар баласы Жандырды оққа қиғаны туралы оқиға баяндалады. Батырлар арасындағы бірлікті ру мүддесінен жоғары қойған Аралбай батыр мынадай шарт қояды. Құн даулап келген Найман батырларының бірі көзін байлап, алдынан шауып өтуге келіскен Жандырды атуға тиіс болатын. Бұл Аралбай батырдың екі тайпа арасындағы кісі өліміне соқтырар құн дауын бейбіт жолмен шешуге тырысып, өзінің жар дегенде жалғыз баласын құрбандыққа шалып, тәуекелге барған харекеті еді.

Ал, Ақтамберді, Қабанбай батырлар өз кезегінде әкесінің сөзін екі етпей көзделген жерге барып қалшиып нысана болып тұра қалған Жандырдың бетінен сүйіп: «Адам бол, Жандыр балам! Жүрегің – жаудан, тілегің елден қайтпасын!» деп батасын беріп, екі ру бейбіт жолмен тарқасқан екен1. Міне, ел бірлігі жолындағы батырлардың биік принциптері осындай қасиеттерінен көрінсе керек.

Тариха деректерге сүйенсек, XVІІ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының жоңғар жаулап алушыларына қарсы күресін Жәңгір хан басқарды. Ол ортақ жауға қарсы күресте әртүрлі қазақ руларының бірлігіне қол жеткізе алған.

Жерімізді жаудан қорғау барысында қазақ батырлары хандар мен билермен тең тұрған. Тіпті хандардан ықпаған кей тентектерді батырлар жөнге салғаны аян. Оған тама Бөкенбай батырды мысалға келтіруге болады. Бұл туралы Тевкелевтің жазбаларында айтылған.

Батырлар институтының берік орнығуы мен қоғамдағы мәртебелі орны ХVІІ – ХІІІ ғасырларға тән. Бұл кезең қазақ халқының тарихында ең бір ауыр, аласапыран жылдарға, тарихи оқиғалар мен талас-тартысқа толы заман болды. Бұл кезеңде қазақтың даму үрдісіне түбегейлі өзгеріс әкеліп, зардабын тигізген қазақ-қалмақ қатынастары, Қазақстан-Жоңғария соғысы, орыс-казактармен арадағы қақтығыстар, Ресей-Қазақстан байланыстары мен оның барысындағы өзге елдің бодандығына біржолата мойынсұну процестері, сондай-ақ башқұрт, оңтүстік өңірдегі қарақалпақ, Бұхара мен Хиуа хандықтар арасындағы сауда байланыстарымен қоса, қарулы шапқыншылықтар сияқты оқиғалар орын алды. Осындай сын сағаттарда ел-жұрттың бірлігі мен ерлігі, қимыл-әрекеті көрінді.

Міне, осындай аласапыран, қилы кезеңде Тәуке ханнан кейін билік тұтқасын ұстаған қазақ хандары арасында алауыздық туып, елдің елдігін сақтап қалу жолында батырлардың ықпалы айтарлықтай артып шыға келді. Тиісінше, сыртқы жауларға халықты бірлікке жұмылдырып бірорталықтан басқару жолында әлсіздік танытқан қазақ хандарының беделі төмендеді. Енді осы бойынша бірқатар деректерге кезек берсек. Жалпы, қазақ хандарының биліктегі осалдығы туралы орыс құжаттары да куәлік етеді.

Қазақтың «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зұлматына тап болуының басты себебі, өзара бірліктің болмауы. Қазақ хандары мен сұлтандары қазақтардың руларына жеке-жеке билік жүргізіп, өзара бастарын біріктіре алмады. Бұл аласапыран кезең Тевкелевтің жазбасында былай суреттеледі: «Қазақтарға барлық жағынан қауіп төніп тұрды. Анталаған жаулары қазақтардың малдарын талан-таражға салды, өздері тазыдан қашқан қоян сияқты күй кешті, бас сауғалап қашып, тіпті бала-шағасын тастағандары да болды. Бұған Бөкенбай батыр куәлік бере алады»2.

Міне, бірлігі жоқ жұрттың тапқан зияны. Ел бірлігі туралы Абайдың алтыншы қара сөзіне жүгінсек: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды - бірлік, ырыс алды -тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады - білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік - ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?

Жыраулар да ел бірлігіне шақырған. Қабылиса жырау:

Бақыт қайда барасың?

Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі

Ұйымшыл елге барамын, – деп жырласа, Ақтамберді жырау қазақты «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» шақырып:

«Балаларыма өсиет:

Қылмаңыздар кепиет,

Бірлігіңнен айрылма,

Бірлікте бар қасиет», – сынды мәңгілік сөз қалдырған.

Адамзаттың асылы пайғамбарымыздан қалған хадистерде де халықты бір болуға үндеген. Онда «Жамағаттан бөлінбеңіздер. Мынаны біліп қойыңыздар, көпшіліктен бөлінгенді бөрі жейді». «Алланың жәрдемі көпшілікпен бірге» (Әбу Дәуід). «Жамағатта (бірлік пен ынтымақта) рақымдылық бар, ал бөлінушілікте азап бар» (Тирмизи, Фитан).

Даналарымыз осы тақырыпқа қатысты көптеген нақыл сөздер қалдырған. Өз тілің - бірлік үшін, Өзге тілің - тірлік үшін. «Бірлік түбі – береке», «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау тұрар» т.б. мақалдар стратегиялық маңызға ие.

Бүгінгі таңда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен желілік қоғамдастықтар ағыны қоғамды шырмап алған. Осыны өз мүддесіне тиімді пайдаланатын жат ағымдар өздерінің идеологиялық құралдарын жастарға танып саналарына теріс ой салу қаупі жоқ емес. Сондықтан осындай сыртқы күштерге қарсы тұратын рухани күш болатын тарихи сана қалыптастыру мен елжандылық сезімді ояту біздің басты міндетіміз.

Қазақстанның қазіргі жеткен табыстары бірліктің арқасы. Сондықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген Елбасы тұжырымы Отанын сүйген әр азаматтың жүрегінен орын тебуі керек.


Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы. 31.01.2017 ж.

  2. «Тәуелсіз Қазақстан және әлемдік қауымдастық» атты Тәуелсіз Қазақстанның 25-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. 25.11.2016ж.

  3. Сматаев С. Елім-ай. – Алматы, 1978. - б 158.

  4. Казахско-русские отношения в XVІ-XVІІІ веках. Алма-Ата. 1961. с. 385

  5. Қазақстан ру-тайпаларының тарихы. Тама. І том. 2-кітап. Алматы. Б. 89-144.

  6. Жетпісбай Н. Бөкенбай батыр жөнінде. // Алаш тарихи-этнологиялық ғылыми журнал. 2006. №1. б. 71.

  7. Мансұров Б. Бірлік пен бейбітшілік - біздің ортақ мүддеміз! // old.muftyat.kz


1 Сматаев С. Елім-ай. – Алматы, 1978. - б 158.

2 Казахско-русские отношения в XVІ-XVІІІ веках. Алма-Ата. 1961. с. 385

Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
27.03.2024
268
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі