жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Қазақтың ұлттық ойыны-асық. Айгүл Кудербекова
Асық.
Ат ойындары ,мереке сән-салтанаттары,той,ойын –сауық шашулары, дойбы,тоғызқұмалақ секілді қазақ халқының ұлттық көп ойынының бірі- Асық ойыны. Асық ойыны үйде,далада,алаңдарда ойналады.Асық ойнап өскен бала мерген,өзгелерден ептілеу,зеректеу, табандырақ, шыдамдырақ болып өседі.
Асық сойылған қойдың,арқардың,ешкінің,киіктің асықты жілігінен алынады.Оны шикідей де ,піскен күйінде де сіңіріпен тазалап ,пайдалана береді.Шикі асық салмақты,берік келеді.Асықты кез -келген жерге тастай салсаң,үйірсең не тұрқы тұрады,не жатады ғой.Тұрса - не алшы,не тәйке ,не омпы,не шоңқы тұрады да,жатса – не бүк, не шік жатады.Жолында омпы тұрған асықты көрген қазақ жолым болады екен деп,ырымдап сүйіп алып,сақтап жүрген.Өйткені асық омпысынан өте сирек тұрады.
Асықты жақ-жаққа бөлініп те,екі бала да ойнай береді.Екеуден- алтауға дейінгі балалар ойынды тез бітіреді және қызықты болады.Балалар тым көп болса,дау көбейіп,ойын мәнін жоғалтады.
Асықтың түрлері.
Асықтың түрлері сақа,кеней болып бөлінеді. Сақаға қошқар,ісек қой асықтарының ірі оңқайы алынады.Кеней деген – қой-ешкі,киік, қозы-лақ асықтарының жалпы аты.Асықты тәйкесінен тұрғызып, өзіңе қаратып қойғанда,ұшы оң жаққа қарап тұрса – оңқай, солға қарап тұрса – солақай асық деп аталады.
Сақаның түрлері көп.
«Арқар сақа»-(арқардың асығы немесе «құлжа» деп атайды).
«Айналсоқ» немесе «орама» сақа (бүгі мен шігін айналдыра қорғасын белбеу құяды,ол сақа алшы мен тәйке ғана түседі).
«Жымпит» сақа (асықтың екі жағын жұқалап егеп тастайды,көздегенде жер жалатып тигізуге оңай, ал қарсыласың мұндай сақаға оңайшылықпен тигізе алмайды).
«Тәйпек» сақа (асықтың не алшы не тәйке жағының бүрі егеліп,тегістелген сақа.Алшы жағын егесе, тәйке тұрғыш,тәйке жағын егесе, алшы тұрғыш болады).
«Қорғасын» сақа (асық салмақты ,ұшқыр болып,дәл тиюі үшін түрлі әдістермен жан-жағын қуыстап тесіп , қорғасын құйған сақа).
Қорғасын құю тәсілдері де әр түрлі ,омпы жағынан не тәйкесін,не алшы жағын үңгіп құю.Кей жерде тәйке жағынан тіліп қорғасын құйған сақаны (Мұстафа) деп атайды.Не осы тәсілмен шігінен үңгіп құйған қорғасынды өзіне керек жағына аудара,қисайтып құю.
Әр ойынның түрлеріне қарай жеке-жеке сақалары болады.Сақаның тұмсығын өзіңе қаратып,тәйке жағынан бармағыңмен алшы жағынан сұқ саусағыңмен қысып ұстап,үйіріп атасың,не шиырып тастайсың.Сақаны кейде қаржиды.Қаржу деген – сақаны екі алақаннның арасына салып, не қара санның үстіне қойып, оң алақаныңмен жіп ширатқандай ысып қалып жерге тастап жіберу.
Сақа соғыстыру- ойын бастау кезегіне ие болу үшін балалар бар сақаны жиып алып, төмен шашып тастайды.Немесе кезек-кезек үйіреді.Кімнің сақасы бірінші тұрық тұрса,кезек соныкі.Егер екі сақа бірдей тұрса,екеуін қайта тастайды.Оны сақа соғыстыру деп атайды.Қай тұрғаны- бірінші,тұрмағаны екінші болады.
Асық жабайлату деп ішінде бір сақасы бар кенейлерді жиып алып,уыстап шашып тастауды атайды.Иесі сақасымен жұптас жатқан кенейлерді үлесіне қосып алады.Сақасы басқа асықтардан жеке-дара (алшы,не тәйке,не бүк,не шік) түссе,ойын келесі кезектегі қарсыласқа жылжиды.
Асық бояу-сақа,кенейлер сәнді болу үшін жүн бояп жатқанда,ішіне салып, әр түске бояп алады.
Асық ойындары.
1.ХАН – екі баладан бес-алты балаға дейін (алаша не сырмақ төселген тегіс жерде) ойнай алады.Әр бала келісім бойынша бірнеше кенейін ортаға қосады.Көбіне қырық ханмен қырық бір асық алады.Бір асықты (түрі қызыл болса тіпті жақсы) ішінен «хан» етіп сайлайды.Ол асық қосқан кенейлер санына қосылмайды.Асық иіріп немесе санамақ арқылы бірінші ату кезегіне ие болған бала асықтарды қос уыстап алып, араластырып шашып жібереді. Ойыншылар бірден «ханның» қалай түскеніне қарайды. «Хан» алшы тұрса,(кей өңірлерде ханның омпы тұруы шарт) таласа-тармаса жаппай қарманып ,мол үлес алып қалу үшін, асықтарды бас салады.Балалардың жинаған ұпайы алып үлгерген асығының санына қарай есептеледі.Бас салған кезде «Ханталапай» деп айтуды ұмытпау керек.
«Хан» тәйке тұрса,тәйке тұрған асықпен, бүгімен жатса бүгі,шігімен жатса шігімен жатқан асықпен атып алынады.Атқанда сұқ қолдың басымен сүйретпей ақырындап ішке итеріп,не сыртқа шертіп тигізу керек.Егер «Ханды» басқа түстес асықтар қоршап жатса, онда оны сондай жұп асыққа бармақты түкірікпен дымқылдап ,сулап басып көтеріп әкеп үстінен тастау керек.Бұл тәсілді «Ханды» атып алғаннан кейін бір асықты екіншісімен атып алу үшін басқа жұптарға да қолдануға болады.Бірдей жұптарды біріне-бірі атып тигізгенде ойыншы оның біреуін ғана иемденеді.Тигізе алмай қалғанда, не көздеген асыққа тимей басқа асыққа тигенде ойыншы жеңіліп,кезегін қарсыласына береді.Қарсыласы асықты шашып тастағанда,асықтар үймелеп қалса,не болмаса бір асықтың үстінде бір асық жатып қалса,ойыншы «Қимыл» деп жариялап,кезегін екінші ойыншыға береді. «Хан» омпы тұрса, оны кез-келген асықтың түрімен атып алады ,ал басқа асық омпы тұрса ,бұрын көрген ойыншы «омпы» деп сүйіп алады да, өз үлесіне қосады.
Бұл ойынның ішінде «Көк шолақ» деген ойын қосымшасы бар. Егер қарсылас бала бір ғана асық атып алса,кезегін екінші балаға бергенде, «Көк шолағым» деп атып алған асығын топ асықтың ішіне қосып жібереді.Екінші баланың атқалы тұрған оңтайлы асығын, «Мынау мені «Көк шолағым » деп алып қоюға еркі бар.Бұл әрекет қарсыласқа бөгет жасау үшін және өзіне қолайлылық туғызу үшін қолданылады.Үш асық бүк не шік жатса,не тәйке ,не алшы тұрып қалса ,осы ортадағы асықты мынау менің «Көк шолағым» деп алып қояды.Үш-төрт асық алғанан кейін «Көк шолақ» күшін жояды.
«Ханның» жатысына қарай бірге,екіге деп басу бар.Бірге басса,бір асық атып алғаннан кейін «хан» алдындағы қолайсыз бір асықты,екіге десе,екі асық атқаннан кейін әлгіндей қолайсыз асықты алады. «Бірге бастым» деп ханға тигізе алмаса, борышкер болып келесі жолғы алған асығынан салады.
«Хан» ойынының екінші түрі бар.Онда асықтарды тек «Ханмен» ғана атады. «Хан» алшы тұрса, «Ханталапай» болмайды.Кезек алған бала асықтарды жиып алып,қайтара шашып отырады.Кім көп асық алса,санына қарай ұпай үлесі көп болады. «Ханталапай» ойынын екі бала ойнаса, «ханды» иіріп немесе қаржып тастайды.Кімнің «ханы» бірінші тұрса,ойынды сол бала бастайды. «Хан» көп бала ойнаса,ойын бастайтын бала санамақ айту арқылы анықталады.
2.КИІМАЛҒЫШ. Бұл ойынды көбінесе екі бала ойнайды.Көп бала ойнаса ,ұтқызған киімдерін не заттарын ортаға салады.Бірінші кезек алған бала (асық иіріп не санамақта жеңген) уысындағы үш не төрт асықты жабайлатып шашып тастайды. Асықтар бірыңғай не бүк,не тәйке ,не алшы,шік түссе, қарсыласы үстіндегі бір киімін шешіп беруі керек.Асықты иіріп отырған бала,иірген асықтарды әртүрлі ыңғайда түскенше,жабайлатып береді.Біреуі басқа қалыпта түссе болды, кезек қарсыласына тиеді.Ұтылған балалар ойын соңында ән салып,күй тартып,жұмбақ айту арқылы ұтқызған заттарын қайтарып алады.
3.Бестас.Бұл ойынға екі-үш бала қатыса алады.Ойын бес асықпен ойналады.Кей өңірлерде бармақ басындай жұмыр бес таспен ойнайды.Тықырлау алаша не басқа төсеніш үстіне жақсы ойналады.Кезек алған бала бес асықты шашып тастап ,ішінен біреуін алады да,бір асықты жерден іліп үлгеріп,жоғары ыршытқан асықты қағып алуы керек.Қағып алған асығын бөлек қояды да, әлгіндегі тәсілмен жердегі екінші асықты іледі.Қалған асықтарды да осылайша іліп алып,жинап қояды.
Екінші айналымда екіден жиып үлгеру керек,үшіншіде –үшеуден,қалған бір асықты жеке төртіншіде – төртеуін бірдей алу шарт.Бесіншіде бес асықты алақанға ұстап,жоғары серпіп жіберіп қақшып алу керек.Одан кейінгі айналымдар күрделене береді. «Әби ауыз» деп аталатын бесінші түрінде бармақ пен сұқ саусақты жерге тіреп асықтарды қол сыртынан орап тастайды,соның ашылған арасынан жерде жатқан асықтарды кезегімен қақпақылдап өткізіп жіберіп,жоғарғы атқан асығын қағып алып отырады.Мұндай да ойыншы асықтарды саусағының ұшымен әуелі бір-бірден ,одан кейін екіден ,үштен,төрттен өткізуі шарт.Соңында қағып алған асығын да өткізіп жібереді.Соңғы шешуші ойында бес асықты алдымен алақанға салып,бесеуін бірдей ыршытып қолдың сыртына түсіреді де,қайтадан алақанымен қағып алады.Мұны «қол сырт» дейді.Айналымдарда асықтарын дұрыс жинай алмағандар немесе түсіріп алғандар,сол айналымда қалып,кезегі келгенде сол айналымын жалғастырады.Жаңылмай,мүдірмей межеге жеткен бала жеңімпаз атанып ,басқа балаларды қалып қойған айналымына қарай жазалайды.Жазаның түрлері.Бір тасты қақпақылдап отырып, жеңілген баланың қолының сыртынан жаза алады.Қашан қақпақылдаған тасы түскенше жазалай береді де, тасы түскенде келесі жазаға ауысады.Жазаның түрлері.сипау,шымшып алу,тоқпақ,тырнап алу,күлді үрлеу, т.б.Бірден онға дейін алақанға шерту,сұқ қол ең қатты шертетін саусақ болғандықтан ,шертуге қарсыластың жас шамасына қарай «ортан саусақ» , «аты жоқ қол» , «шынашақ» пайдаланылуы да мүмкін.
4.Арқалампай немесе Арқаласпақ. Бұл – екі бала сыртта ойнайтын ойын.Екеуі әуелі сақаларын үйіріп не соғыстырып ,қайсысыніңкі бірінші тұрса,әуелгі кезекті сонысы алады.Сақасы тұрмаған бала екі-үш адым жерге сақасын тастайды.Кезек алаған бала көздеп ,оның сақасына тигізсе, қарсыласы жеңімпазды атқан сақасының жатқан жеріне дейін арқалап апарады.Қашан тигізе алмай мүлт кеткенше ,жеңімпаз қарсыласына ату кезегін бермей,ойынды жалғастыра береді.Егер оның сақасы тиген кезде ,қарсыласының сақасыалшы тұрып қалса,қарсыласы бәрібір жеңімпазды тиісті жеріне арқалап барады.Содан соң ғана кезегіне ие болады.Бұдан соң да жеңімпаздың асығы тимей,мүлт кеткен жағдайда да сақа соғыстырылып ,ойын қайта басталады.ООйын үстінде арқадағы баланың «Шу жануар» , «Көкшолағым», «Қара жорғам» деп, әжуалап отыруы мүмкін.
5.Тәйке. Бұл ойынға екіден бес-алты балаға дейін қатыса алады.Ойын үшін тақыр,тегіс жер таңдап алынады.Алаңға түзу сызық сызылып, ойыншылар келісім бойынша бір-бір немесе екі-екі кенейден шығарып,сол сызықтың бойына араларына бір-екі елідей жер қалдырып ,тәйкесінен тізіп қояды.Сақаларын соғыстырып, кезек ретін алғандар үш адымдай жерден сызылған сызықтың сыртына қарай кеней тұрған жерден сақасын шиырып тастайды.Тәйке түссе,келесі баланың сақасын шиыруын күтпей,кенейді көздеп атуға құқы бар.Кенейге тигенде тәйке түссе,барлық тігулі асықты атпай-ақ жиып алады.Алшы тұрса-түпте кезекте тұрған бала оны атып,ойыннан шығартады да,ойын әрмен қарай жалғасады.Тастаған баланың сақасы алшы тұрса, қалған балалар оның сақасын атады,тигізсе – алшытұрған сақаойыннан шығады.Ал атқан баланың сақасы тиіп, тәйке түссе , ол да кенейді атады.Тигізсе – үлесін алып, қайтара сақасын тастайды.Алшы да ,тәйке де тұрмаса, ойыншылар меже сызықтан кезек бойынша кенейлерді көздеп атады, тисе шарт бойынша асық ұтады.Сызықтан аттап кеткен бала атып тигізген кенейін ала алмайды,айып есебінде және бір кеней қосуына болады.Атқан бала мүлт кеткенше кенейлерді көздеп ата береді.Бұл ойынның күші сақаның тәйке түсуімен ұтымды.Сол үшін ойынға тәйке тұрғыш қорғасын сақа қосады.
6.Шықетер. Бұл ойынның тәйкеден айырмасы,белгіленген сызықтан тізілген кенейлерді шартты кезекпен бір-бірден атып шығарады.Тигізіп құлатқан бала бала кенейін алады.Тигізе алмағандар соңын күтеді.Барлық бала атып болғаннан кйін алқақотан жиылып,бірінші кезектегі бала тізілген асықтардың біреуіне тигізсе ,кенейлерді уыстап алып,ішіне сақасын қосып,жерге шашып тастайды.Оны «жабайлату» дейді.Сақасы қалай жатса,соған жұптас түскен асықтар соның еншісіне тиеді.Балалар осылайша кезекпен жабайлатып отырады.Ойыншылар әу баста келіссе ғана атуға немесе жабайлатуға басқа сақа қосуға болады.Болмаса ,бір-ақ сақа пайдаланылады.
7.Шыр. Бұл ойынға да екіден төрт-беске дейін бала қатыса алады.Дөңгелек сызық сызып ішіне әр бала бірден ,не екіден біріктіріп,топтастырып асықтарын тігіп қояды.Оны «Шыр» дейді.Ойыншылар сақаларын соғыстырып ,кезектерін алады.Бірінші бала сақасын ешкімге көздей алмайтындай тасалау,ойпаттау жерге алысырақ тастайды.Екінші баланың да , басқасының да солай тастауына болады.Оны «жаттым» дейді.Бірақ тастаған сақа атуға ыңғайлы жатса,кезектегі түптегі қарсылас көздеп атуға құқы бар.Тигізсе «өлді» дейді. «Өлген» сақаның иесі келесі кезекке дейін ойыннан шығады.Алдыңғы баланың одан да әрі маңында жатқан сақаларды атып «өлтіруге» еркі бар.Болмаса,бір сақаны «өлтіргеннен» кейін,сол жерден «шырды» атып бұзады.Сақасының жұбына қарай құлаған асықтарды жиып алып,енді біртіндеп кенейді атады.Жұп түссе-ұтысын алып,ойынды жалғастыра береді.Егер сақасы кенейлермен жұп түспей-ақ алшы түссе,ойыншының қайта атуына болады.Тәйке түссе,алыстау басқа жаққа «жатуға» болады.Бұл заңдылық сақаны сақа көздегенде де сақталады.Тимей кетіп, бүгіннен не шігінен түссе,сол жерде жатады.Қарсылас ойынша кезегін алғанда,оны оп-оңай «өлтіре» салады. Бұл ойында сақаны атып «өлтіріп» не «шыр» бұзып ,жұп асықтарды көбірек ұтып,көбірек ұпай жинаған ойыншылар жеңімпаз деп танылады.
«Шыр» түбінде ең соңғы баланың сақасы ғана жата алады. Оның пайдасы, қарсыластар сақаларын атып,ұзап кетеді де, «шырға» тигізе алмай қалады.Кезегі келгенде , қалауынша «шырды» бұзып,жұп асықтарды жиып алады.Ыңғайлы кенейді жақын жатқан сақаға қарай атып жақындап, кенеймен жұп түссе,оның сақасы «өлтіруге» болады. «Шырды» бұзып, бар кенейді ұтқан бала жеңімпаз атанып, ойынды басындағыдай қайта жалғастырады. Кенейі біткендер ойыннан ұтылып шығып қалады.Келесі ойында көп ұпай алған бала бірінші болады.
8.Бестабан. Кей аймақта ( үш табан, ұш қарыс) деп атайды.Бұл –кезінде үлкен бозбалалардың өзі ауыл-ауыл боп топаймен ойнаған ұлттық ойын.Қазір асықпен ойнауға болады.Асықтарын араларына сүйем не қарыс жер қалдырып, бір сызықтың бойына тізіп қою керек.Екі жағынан бес табан жер өлшеп,кеней тұрған орыннан қосар сызық сызылады.Екі жаққа бөлінген балалар бес метр жерден тұрған асықтарды кезекпен атқылайды.Шарты- тигізіп құлату ғана емес , бес табан жердегі сызықтан кенейді шығара білу.Сол үшін қорғасынды ауыр сақалар қолданылады.Оларды судың бетіне тас жалатқандай лақтырады.Бұл ойын үшін дәлдік ,мергендік керек.Ұтқандар ұпай санын жиып,мәреге жетеді.
9.Иірсоқ. «Үйірмекіл» деп те атайды.Бұл ойынға екі бала қатысады.Алдымен сақаларын үйіріп кезек алады.Кімнің үйірген сақасы алшы тұрса, сол бала бірінші кезекті алады да, төрт кенейді жерге соға шашып жібереді,асықтардың жатысына қарай қарсыласына жұп түскен асықтарды,екі алшымды,үш тәйкемді,екі бүк,екі шігімді,үш бүк,үшшік, т.б. біртекті сол сияқты түрін тап,- деп ,қолқа салады.
Қарсыласы ол да кенейлерді уыстап жерге соға шашып жібереді.Асықтар түрімен жұптасып түсіп,ойын бастаушының айтқанын тапса, ұтысқа жетеді.,таба алмаса ,ұтылған болып саналады.Белгілі санға жеткенде ,ұтылған бала басында келіскен шарт бойынша айып төлейді.Ұтылған бала белгілі қашықтықта жүгіріп келуге ,ән салуға,тауық болып шақыруға,тіпті болмаса бір рет киноға апаруға ,т.б . шартты орындауға міндетті.
Асық ойынының бұдан да басқа толып жатқан түрлері бар.Қазіргі уақытта ұмыт бола бастаған бұл ойындарды қайтадан жалғастыруға болады.Балаларды ептілікке,зеректікке,мергендікке,төзімділікке, ыждақаттылыққа ,пысықтыққа тәрбиелеуге үлесі өте зор.
Ақмола облысы Целиноград ауданы Қосшы ауылы
Р.Қошқарбаев атындағы № 1 Қосшы орта мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі
Кудербекова Айгүл Қалдыбекқызы

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген