жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Қазіргі білім беру жағдайындағы педагогтың кәсіби құзырлық моделі
Қазіргі білім беру жағдайындағы педагогтың кәсіби құзырлық моделі
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы,
«Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі»
Амиршеева Айгуль Аскаровна
Жас ұрпаққа сапалы білім мен ұлағатты тәрбие беру, өміріне жолдама алуға барлық жағдайды жасау - өмір талабы. Қазіргі уақытта мектеп реформасына көптеген өзгерістер енгізілді. Қазақстан Республикасында 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жағдайында жас ұрпаққа білім беру ісінде оның жеке даралық ерекшеліктеріне мейлінше мән бере отырып, оқушылардың мектепте алған білімдері олардың бүкіл өмірлік азығы болатындай етіп білім беру, оны өмірге дайындау, мамандық таңдауға бағыттау мәселелері қолға алынуда.
Бүгінгі күнде білім беретін колледж, яғни мәдени саналы, халықтық мәдениетке интеграцияланған, жеке бағыттылық, баланың жеке басының дамуына педагогикалық жағдай жасайтын және өзін-өзі тануына көмек көрсететін, физикалық және рухани жағынан экологиялық таза, ізгілендірілген, өмірге, дүниеге тік қарай алатын, қоршаған ортамен жүйелі байланыс түзетін, білімнің жаңа мазмұнымен байланысқан, әлеуметтік өмірге бейімделген, бәсекеге қабілетті жаңа ұрпақ өсіріп, дамытатын, жетілдіретін индустриалды-аграрлық колледж.
Мұндай өнімді және нәтижелі, сапалы білім беретін колледж бүгінгі күнде өзіндік колледж реформасын қажет етеді. Сондықтан колледж реформасы тек колледждің басқару жүйесі мен оқыту процесін ғана қамтып қана қоймай, сол колледждің бала оқытатын мұғалімдері мен қызметкерлерінің (колледж кітапханасы, колледж асханасы,сабақ кестесі т.б) де түгелімен өзін-өзі жаңа бағытқа қарай кәсіби шеберлігін күнделікті ұштауын талап етеді.
Болашақтағы үлгілі колледждің орнығуына онда білім беретін мұғалімдер, олардың кәсіптік сапалары мен педагогикалық қызметі ерекше әсер ететіні белгілі. Сондықтан үздіксіз іздену – бүгінде мұғалімдерге қойылып отырған басты талап. Әр педагогтің алдына қойған мақсаты- сабақ сапасын арттырып, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын, белсенділігін дамытып, «жүйелі тәрбие беру». Оқушыларды ізденімпаздыққа, белсенділікке тәрбиелей отырып, өз бетінше шығармашылық және ғылыми жұмыстарға жұмылдыра білу.
Білім –бәсекеге қабілеттіліктің басты құралы. Ал бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақтың ел болашағын жалғайтындығы айдан анық.
“Ұстаз...жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын...алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ...,жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсететін жан» -дейді ұлы ғұлама Әл-Фараби. Осындай қасиеттер бойында орын алған ұстаздың өз мамандығына деген сүйіспеншілігі арқылы әрбір жұмысы жемісті болмақ.
Білім сапасын көтерудің алғы шарттарының бірі-басшылық пен бақылауды дұрыс жолға қоя білу, екінші, колледждің материалдық-техникалық базасының мықтылығы, үшінші, білімді де білікті маман, төртінші, тиімді оқулықтар мен әдістемелік көмекші құралдардың болуы керектігін заман талабы нақтылап берді.
Жеке тұлғаны жан-жақты дамыған, білімді етіп шығаруда негізгі жүк колледж мұғаліміне артылары анық. Әр бала өзінің жас ерекшелігінің дамуына сай жеке тіл табысуды қажет етеді. Педагогтің негізгі міндеті-әр баланың толық дамуына ықпал жасау. Әр баланың тілін тауып, оған білім беру жолдарын түрлендіре отырып, негізгі білімді игерту- колледж мұғалімінің еншісінде екенін ескерсек, балалармен жұмыс жүргізудің қаншалықты ауыр екені айтпаса да түсінікті. Күнделікті оқушылардың қатысуы, тәрбиесі, оқу процесін жүйелі ұйымдастыру, әрбір сабаққа мықты дайындық, колледжішілік шаралар, қоғамдық жұмыстар, ата-аналармен жұмыс,..тағы осылай тізе берсек колледж мұғалімінің әрбір күндегі атқарар педагогикалық жұмыстарының саны шексіз.
Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін, ең алдымен, педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ педагогтардың еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген. Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен сындарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялар мен жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық. Олай болса, білімнің сапалы да саналы түрде берілуі білім жүйесіндегі педагогтердің, зиялылар қауымының деңгейіне байланысты. Дәстүрлі білім беру жүйесінде білікті мамандар даярлаушы кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты-мамандықты игеру ғана болса, ал қазір әлемдік білім кеңістігіне ене отырып, бәсекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім жүйесін ұсыну-қазіргі таңда негізгі өзекті мәселелердің бірі. Жалпы алғанда, «құзырлылық» ұғымы жайлы ғалым К.Құдайбергенова «Құзырлылық ұғымы-соңғы жылдары педагогика саласында тұлғаның субьектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым. Құзырлылықтың латын тілінен аудармасы «competens» белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді түрде шешім шығара алады дегенді білдіреді» деп көрсетеді.
Бұл жайлы Ресей ғалымы Н.Кузьминаның көзқарасы бойынша, «Құзырлылық дегеніміз-педагогтің басқа бір адамның дамуына негіз бола алатын білімділігі мен абыройлығы».
Қазақстан Республикасының 12 жылдық білім беру тұжырымдамасында педагог кадрлардың кәсіби-тұлғалық құзыреттілігін қалыптастыру басты мақсат екендігін атай келе, 12 жылдық білім беруде педагог төмендегідей құзыреттіліктерді игеруі міндетті деп көрсетілген.
-
Арнайы құзыреттілік-өзінің кәсіби дамуын жобалай білетін қабілеті.
-
Әлеуметтік құзыреттілік-кәсіптік қызметімен айналысу қабілеті.
-
Білім беру құзыреттілігі-педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу қабілеті.
Ендеше құзыреттілік дегеніміз өзін қазіргі заман талабына сай педагог қауымының өзін-өзі өзгерте алу қабілеттілігі деп түсінуге болады.
Педагогтар ақпараттық қоғамнан қалыспай: жедел ойлаушы; жедел шешім қабылдаушы; ерекше ұйымдастырушылық қабілетті; нақты бағыт-бағдар беруші болып шығуы-бұл қазіргі заманның талабы. Міне, құзыреттілік қалыптастыру дегеніміздің өзі болашақ мұғалім-қазіргі студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып ойлаудың, интеллектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезінуге үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болып табылмақ. Бұның өзі өз кезегінде қазіргі ұзтаздардан шәкіртті оқытуда, білім беруде, тәрбиелеп өсіруде белгілі бір құзыреттіліктерді бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыруды талап етеді. Мұндай құзырлылықтың қатарына мыналар жатады: бағдарлы құзыреттілік (азаматтық белсенділік, саяси жүйені түсіну, баға бере білу, елжандылық, т.б.); мәденитанымдық құзыреттілік (ұлттық ерекшеліктерді тани білу, өз халқының мәдениеті мен өзге ұлттар, әлем мәдениетін салыстыру, саралай білу қабілеті); оқу-танымдық құзыреттілік (өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдау, қорытынды жасай білу); коммуникативтік құзыреттілік (адамдармен өзара қарым-қатынас тәсілдерін білу, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуы); ақпараттық-технологиялық құзыреттілік (ақпараттық технологиялармен, техникалық обьектілер көмегімен бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, таңдай, талдай білу, өзгерте білуді жүзеге асыра білу қабілеті); әлеуметтік-еңбек құзыреттілігі (әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға талдау жасай білу, шешім қабылдай білу, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білу қабілеті); тұлғалық өзін-өзі дамыту құзыреттілігі (отбасылық еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен тәжірибесінің болу қабілеті).
Аталған құзыреттілік қасиеттерді тұлға бойына дарытуда педагог қауымның арнайы әлеуметтік білім беру құзыреттіліктерінің жан-жақты болуы талап етіледі. Егер педагог өзінің кәсіби өсу жобасын дұрыс жолға қоя отырып, өзінің кәсіптік қызметіне нақты берілу арқылы тұлғаның алған білімін өмірде қолдана білетіндей тапсырмалар жүйесін ұсына алатын жағдайда болғанда ғана студент құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік табады. Бір сөзбен айтқанда, тұлғаға бағытталған білімдер жүйесі білім стандартына сай тұлғаның жан-жақты дамуына негізделген, алған білімін өмірдің қандай бір жағдаяттарында қолдана алатындай дәрежеде ұсыну педагогтың құзыреттілігіне байланысты болады.
Білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығының дамуына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс-қимылын жүйелікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген және білімдік мониторинг негізінде ақпараттарды тауып, оларды таңдап сараптай алатын, отандық және шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті атаймыз.
Жарты ғасырдан астам, атап айтар болсақ 55 жылдық тарихы бар «Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі» мемлекеттік мекемесі 1958 жылы ауылшаруашылығына механизатор дайындайтын Бәйгеқұм қыстағында № 97 училище болып құрылды.(УМСХ № 97).
20.09.1965 жылы СПТУ-97 (Селолық кәсіптік техникалық училище).
1980 жылы Шиелі кентіне көшіріліп, 10.08.1983 жылы ССПТУ-97 (орта селолық кәсіптік техникалық училище ) болып өзгертілді.
30.08.1984 жылы СПТУ-11(орта кәсіптік техникалық училище).
15.10.1990 жылы КТУ-11 (кәсіптік техникалық училище).
25.06.1996 жылы КТМ-11 (кәсіптік техникалық мектеп).
26.06.2001 жылдан КМ- 11 (кәсіптік мектеп).
22.06.2009 жылдан КЛ-11 (кәсіптік лицей) болып өзгертіліп, қазіргі таңда «Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі» мемлекеттік мекемесі мәртебесіне ие болып, білікті мамандардың үздіксіз, тынымсыз еңбектерінің арқасында жаңа заман талабына сай жыл сайын түрлі мамандық иелерін тәрбиелеп өсіруде.
Қазіргі колледждерге зерттеушілік –шығармашылығы талаптарын толық меңгерген, қызығушылықпен баланың жеке тұлға болып дамуына өз үлесін қоса алатын, баланың өздігінен өмірге жетелейтін ақыл-кеңес бере алатын педагог қажет. Педагогтің кәсіби шеберлігі, зерттеушілік қызметі педагогтік жұмысқа дайындық барысында, іс-тәжірибеде және қайта даярлау кезінде қалыптасады.

Педагог үшін оқу- тәрбие процесін ұйымдастырудың негізгі көзі –сабақ болып табылады. Педагог өзінің алға қойған мақсат- міндеттерін осы сабақта жүзеге асырады. Тек сабақта ғана педагог болашақ мамандармен ұжымдық, топтық, жеке дара жұмыстар жүргізе отырып, мамандардың білімді, дүниетанымы кең, тәрбиелі азамат болып өсіп шығуына мүмкіндік жасайды.






Міне, осы негіздер іске асқанда ғана, болашақ маманға тұлғалық қасиеттер қалыптасады, танымдық қабілеттері артып, ізденімпаздылық қасиет артады. Бұл білім сапасын арттырудағы педагогтың жемісі болмақ.
Әрине, кейде педагогқа сырттан келген факторлар қатты әсер етеді (сабақ алдында біреумен ренжісу, өзіне деген ескертулерді есту,т.б). Ал кейде педагог сабаққа өзіне сондай сенімділікпен кірсе де,сабақ барысында әртүрлі жағдайлар болады.
(Мысалы,оқушылардың әртүрлі сұрақтарды жаудыруы, сыбыр-сыбыр әңгіме, т.б). Кез –келген тәжірибелі педагог немесе шебер болсын, бүкіл сабақта не болатынын алдын ала біле алмайды. Мұндай жағдайларда педагог өзінің негізгі мақсатын жоғалтып алмай, сабақтың құрылымдық компоненттері арасындағы логикалық бірлікті қатаң сақтауға тырысуы керек. Тек нақты мақсат пен материалды жетік меңгеру педагогқа кез-келген күтпеген жағдайда сабақты сабақ етіп, аспай-саспай жүзеге асыруға көмектеседі.
Кез –келген адамда табиғат берген өзіне тән ерекшеліктері негізінде әлеуметтік орта туралы көзқарастары, өзіндік ішкі позициясы, адамдарға деген қарым-қатынасы қалыптаса бастайды.
Сондықтан тұлғаның психикалық дамуын сыртқы орта жағдайлары мен факторларынан бөліп алып қарауға болмайды. Бұдан шығатын қорытынды: баланың нәтижелі дамып, қалыптасуына тек ішкі-сыртқы жағдайлар ғана емес (мұғалімнің педагогикалық шеберлігі, іскерлігі, оқу бағдарламасының құрылымы, оқыту әдістері, т. б), ішкі жағдайлар да (ақыл-ойының даму деңгейі, оқуға қарым- қатынасы, өз ойын ұйымдастыра алуы, т.б) тікелей әсер етеді.
Ұлы Абай атамыздың:
« Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға» - деген ойлы сөзіне көз жіберсек, педагог үшін кәсіби шеберлікке жету, өз мамандығының данышпаны болу бір күнде пайда болатын дүние еместігін біз жақсы түсінуіміз керек және өмір бойы ізденушілікті, зерттеушілікті талап ететін мамандық екенін анық аңғарғанда ғана толық нәтижеге жете аламыз.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күн талабын қанағаттандыру үшін іздену мен дамудан шаршамайтын кәсіби құзырлы педагог керек. Білім мен ғылымды, өз дәрежесінде меңгерген елдер ғана әлемдік дамудың алдында болады. Ақпараттық жүйелердің білім саласында әлеуметтік үйлесімі, дүниежүзілік білім стандартына жақындау, ашық оқыту әдісін пайдалану ХХІ ғасырдағы әр елдің экономикасы сол елдегі білім мен ғылымның қосқан үлесіне байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
«Адамның адамшылығы...жақсы ұстаздан болады» дейді ұлы Абай. Және мұны «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім- мектептің жүрегі» деген ұлы педагог Ыбырай атаның қасиетті сөзімен жалғайтын болсақ болашақ ұрпақтың білімді де, тәрбиелі, жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасуы өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімді де, білікті, шебер ұстаздың еншісінде екені айтпаса да түсінікті.
Педагог үнемі ізденісте жүрсе, әр мамандық иесіне жеке көңіл бөліп, өз деңгейінде тапсырма бере білсе, ешуақытта колледж деңгейі төмендемейді, педагогтарға деген сый-құрмет те арта бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
« Мектеп директорының орынбасары» журналдары.
№ 3, 2008ж, № 6, 2008 жыл.
-
«Хабаршы» журналы. № 4, 2009 жыл.
-
«12-жылдық білім» журналдары.
-
Жас ғалым» журналы. №10, 2009 жыл.
-
«Мектеп кітапханасы» журналы.
-
«Қазақстан мектебі» журналы. 2010 жыл.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген