Тақырып бойынша 11 материал табылды

"Қазіргі қазақ әдебиетіндегі сынның дамуы, зерттелуі"ғылыми жоба

Материал туралы қысқаша түсінік
Қазіргі қазақ әдебиетіндегі сынның дамуы, зерттелуі.Бүгінгі таңда күрделі сыннан өткен қазақ әдеби сын ғылымы салмақты ғылым арнасына айналып, үздіксіз даму тарихы арқылы мол әдеби зерттеулер тәжірибесін жинақтады. Сын жанры әдеби ағым мен форма тудыруда айқындаушы рольге ие дәуір тұлғаларының шығармашылық мұрасын зерттеу қазақ әдебиеті сын ғылымының іргелі саласы ретінде қалыптасты.
Материалдың қысқаша нұсқасы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ












«Қазіргі қазақ әдебиетіндегі сынның дамуы, зерттелуі»




Ғылыми жоба

Дайындаған:Шакенова Ардақ Рақымқызы


































ЖОСПАР:



І. ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ СЫННЫҢ ҚАЛЫПТАСУ, ДАМУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ МЕТОДОЛОГИЯСЫ

1.1 Сын жанрының туу, қалыптасу эволюциясы, даму тенденциялары

1.2 Ұлттық әдеби процессте сынының зерттелуі және әдебиеттанудағы

көркемдік ізденістерге объективтік сын мәселелері

1.3 Ұлттық сын жанрын қалыптастырудағы әдебиет тарихы туралы

көзқарастар мен сынның жанрлық формасы


ІІ. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ СЫН ЖАНРЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ,

ТАҒЫЛЫМДЫҚ МӘНДЕРІ МЕН ӨРКЕНДЕУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ

2.1 Қазіргі ағымдық, мерзімдік басылымдардағы әдеби үрдіске ғылыми сын

2.2 Қазақ әдеби сынының теориялық негіздері мен эстетикалық құндылықтары

2.3 Тәуелсіздік кезеңдегі ұлтық рухтағы әдеби сын форматтары

ІІІ. Қорытынды





КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының өзектілігі.

Қазақ әдебиеттану ғылымындағы сын жанры қайшылықты қалыптасу кезеңдерін, даму жолындағы ой пікірлер қақтығысын, жолсыз бұрмалаулар мен объктивті зерттеулердің ымырасыз тартысын, заман ағысы тудырған саяси қысымдарды бастан кешіре отырып өрістеді. Әдеби сын өнері айтыс-тартысқа құрылып, қателіктерге ұрынып, жіберілген сыңаржақ тұжырымдарды түзеу арқылы өркендеу- әр халық әдебиетінің сын тарихында кездесетін құбылыс. Бүгінгі таңда күрделі сыннан өткен қазақ әдеби сын ғылымы салмақты ғылым арнасына айналып, үздіксіз даму тарихы арқылы мол әдеби зерттеулер тәжірибесін жинақтады. Сын жанры әдеби ағым мен форма тудыруда айқындаушы рольге ие дәуір тұлғаларының шығармашылық мұрасын зерттеу қазақ әдебиеті сын ғылымының іргелі саласы ретінде қалыптасты.

Әдеби үрдістің кешегі тарихы мен бүгінгі беталысын, болашақ бағыт-бағдарын айқындайтын жеке қаламгерлердің тұлғалық болмыс-бітімін даралайтын тұлғатану саласы ұлттық сын жанрымен біте қайнасып, оның ажырамас күрделі құрамды бөлігіне айналып отыр. Көрнекті әдебиеттанушы ғалым Д.Ысқақұлы: «Қазақ әдеби сын ғылымы ұзақ жолдан өтті, қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен бір саласы болып қалыптасты. Оның қол жеткен табыстарын бекіте отырып, дәуірдің жаңа міндеттеріне сәйкес дамыта беру, бүгінгі заманның игілігіне айналдыру- қазақ сыншыларының абыройлы борышы» [1,37б], - деп байыптайды. Міне, осындай бағдарламалық ой-тұжырым қазақ әдеби сын жанрының да ендігі беталысын айқындауға негіз болмақ. Қазақ әдби сын жарнының қалыптасу, даму, тарихы мен өркендеу перспективалары турасындағы зерттеу еңбектерінің теориялық негіздері мен практикалық құндылықтарын, тарихаты мен хақиқатын таразылап, толайым табыстары мен жарқын жетістіктерін әспеттеу, қоғам құндылығы ретінде дәріптеу ғылыми жұмысымыздың өзектілігін құрайды.

Ділмәр тіл мен көркем тілді тұтастырып, халықтың танымын әдет - ғұрып, нанымын танытушы бірден- бір төлқұжат, асылында сөз өнері - әдебиет десек, текті өнердің тереңін болжайтын қазіргі қазақ әдебиеті сынының тарихына, оның жүріп өткен жолына көркемдік сапа деңгейі тұрғысынан қарағанда бірнеше айтулы кезеңдерді атап өтуге болар еді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында алаш арыстары негізін қалаған, осылардың арқасында жаңаша, ұлттық танымдық-көркемдік биігіне көтерілген әдеби-көркем сынымыз, ең бастысы осы арқылы сол кезеңдегі туған әдебиетіміздің тарихын, теориясын, көркемдік ізденістерін бір жүйеге түсіруге деген талпыныс, барлығы да зая кеткен жоқ. Сол жылдардағы А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ғ.Тоғжанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев бастаған және осы ізденістер арнасын ары қарай сәтті жалғастырып кете алған кейінгі толқын әдебиет зерттеушілері мен сыншылары, атап айтсақ, Д.Ысқақұлы, Т.Кәкішев, Б.Майтанов, Ы.Мұстабайұлы, Ә.Бөпежанова, А.Ісмақова да ұлтымызға теңдессіз мол мұра қалдырды.

Бүгінгі таңда қазақ әдебиеттану ғылымында зерттеу жұмыстарын әдеби-тарихи шыңдыққа сай жүргізуде кеңестік идеалогия қағидаларының қаншалықты зиян келтіргендігі айтылған жоқ. Бұл мәселені қалыпқа салып зерделеуде соңғы жылдары ауқымды шаралар атқарылуда. Атап айтқанда З.Қабдолов, С.Қирабаев, Р.Бердібаев, М.Мырзахметов, Ш.Елеукенов, Т.Кәкішев, Р.Нұрғалиев сынды т.б ғалымдардың еңбектері аса маңызды. Сондай-ақ, 1920-1960 жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы соңғы он жылда жаңаша көзқарас, жаңаша пайымдау тұрғысынан қайта сарапқа салынып, елеулі зерттеулер жазылды. Қазақ әдебиетінің тарихы да жаңаша көзқарас тұрғысында тұжырымдалып, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының басқаруымен көптомдық боп жарыққа шықты. Осы орайда, қазақ әдеби сынының жеке сала ретінде қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосқан зертеуші-ғалымдар тұлғасын, сыншылық болмысын, шығармашылығын уақыт ағымына сай зерттеп білудің, саралап танудың мәні ерекше.

Әсіресе қазақ көркем ойы мен сынының қалыптасу тарихында 60-80 жылдардың өзіндік өзгешелігі бар. Көзі ашық, көкірегі ояу талантты дарабоздардың талай кеңестік замандағы үстем идеологияның құрсауында шырмалғаны-шыңдық. Соңдықтан да, бұл кезеңде ғұмыр кешкен қандай да болмасын дарын иесінің еңбегін сараптаған сәтте ол өмір сүрген қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдайларға зер салып отыру-әділетті тұжырымның қалыптасуына мүмкіндік тудырмақ. Себебі сонау 50-60-жылдар аралығында, қиындығы мен қысастығы мол болған әдебиет майданында әдебиеттану ғылымының ауыр жүгін қайыспай көтеріп, әдебиетіміздің өрісті биіктерге самғауына, айқын бет түзеуіне үлес қосқан, туған әдебиеттің шарықтай дамуы үшін тура жол іздейміз деп, өмірдің небір бұралаң жолдарынан өтіп, табандылық көрсеткен дарынды әдебиетші, зиялы қауым қалыптасып еді. Олардың қатарында: М.Қаратаев, Е.Ысмайлов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмағалиев, М.Ғабдулин, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, С.Қирабаев, З.Қабдолов, Р.Бердібаев, Ш.Сәтбаева, З.Ахметов. Н.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратпаев, Қ.Қуандықов, Х.Әдібаев. Ә.Дербісалин, З.Серікқалиев, С.Талжанов, Т.Кәкішев сынды т.б әдебиетшілердің болғаны, олардың қай-қайсысы да кейіннен қазақ әдебиеттану ғылымының өсу, өркендеу сатысында өзіндік белгі қалдырғандығы-ақиқат.

Қазақтың ұлттық әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымындағы осынау күрделі жылдарда қалыптасқан, өркен жайған құнарлы дәстүр 60-90 жылдар, керек болса бүгінгі тәуелсіз әдебиетіміз бен өнеріміз үшін де баға жетпес биік тұғыр, эстетикалық құндылық болып отыр. Осы жылдар аралығында осынау құнарға табан тіреген, содан нәр алған бірнеше буын қазақ сыншылары да өсіп жетілді, әдебиет айдынына шықты.

Кеңестік дәуір тұсында қазақ әдебиеттану ғылымының нысанасы негізінен сол кезеңнің саясатына бағындырылып, заман өлшемімен қарастырылды. Таптық тұрғыдан қарастырылған кез-келген ұлттық мұрамыздың кеңестік мүддеге  қатыстылығы қаншалықты екендігіне баса назар аударылды. Сондықтан да қазақ әдебиетінде ақтаңдақтар кеңістігі барған сайын ұлғая түскендіктен, оқу-ағарту, ғылым-білім тұрғысынан келгенде, белгілі бір мүддеге ғана бағындырылған мұндай саясаттың қазақ ғылымын өркендетуге кедергісі көп болып, іргелі ғылым ретінде дамуына бөгет жасады. Бірақ бұл әділетсіздіктің өрісі қысқа екендігі, мұндай жолмен кете бермесі ақиқат еді.

Алғашқы сын үлгілері елге сыйлы, білімді жандардың ой-пікірі ретінде көрінген. Алғашында әдеби жұмыстың бір саласы ретінде бөлініп шыққан әдебиет сыны ұзақ уақыт бойына шығармаға жалпылама баға беру, оны оқырмандарға таныстыру, оқуға кеңес беру, шығарма авторын дәріптеу немесе сынау сияқты қарапайым ғана міндеттер атқарып келді. Әдебиеттің дамуына байланысты әдебиет сынының да мақсаты мен сипаты күрделене түсіп, оған қойылатын талаптар да, жауапкершілік те күшейді. Соған сәйкес, әдебиет сынының теориялық анықтамасы да тарихи тұрғыдан нақтылана түсті.











І. Қ АЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ СЫННЫҢ ҚАЛЫПТАСУ, ДАМУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ МЕТОДОЛОГИЯСЫ

1.1 Сын жанрының туу, қалыптасу эволюциясы, даму тенденциялары

Ұлттық әдебиеттанудағы сын жанрының туу, қалыптасу, даму тарихына үңілсек, үздіксіз өрлеу, даму үстіндегі сын саласының мол мүмкіндіктері мен сындарлы сын жолына көз жеткіземіз. Әдебиет қоғамның тәрбиешісі десек, сыншы өз қаламынан туған мақалаларын да зерттеу нысанасына алған, әрбір тақырыбына көркемдік шеберлік, биік талап тұрғысынан қарайды. Көркем туындылардың жетістігі мен кемшіліктерін саралап көрсетіп, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегендей, турасын айтуға талаптанады. Қазақ сын өнеріндегі сыншылық, зерттеушілік ғалымдық ізденістердің үлгі тұтар тағылымды үрдіс көп.

Адам-қоғамның жемісі болса, әдебиет-қоғам тәрбиешісі. Көркем әдебиет- адам тәрбиелеудің ең басты құралы. Әдебиеттің негізгі обьектісі-өмір. Ал әдеби сынның негізгі мақсаты-бүгінгі күн әдебиетінде, күнделікті әдеби үрдісте болып жатқан көркемдік жаңалықтарды, ондағы жетістіктер мен кемшіліктер сырын уақтылы ашып көрсетіп отыру. Қазақ сыншылары бұл күрделі де жауапты міндеттерді орындау үшін аналитикалық талдау әдістерін қолданады. Егер: «Жазушы сұлу сөздер арқылы көркем образдар жасайды. Ал сыншы болса, жазушы шығармасын ғылыми ұғымдар тұрғысынан талдап баға береді, оның идеялық мәнін, көркемдік қуаты мен қоғамдық маңызын айқындайды» [7,165-бет]-деген түйіндеуге жүгінсек,З.Серікқалиев талдаулары осы сын жанрының ауыр міндеттерін айқындағандай.

Халықтың эстетикалық қажеттілігіне қызмет етіп, танымал ақындардың сөз өнеріне деген жоғары талаптарынан, сынынан өткенде ғана ақын атына ие болып, ел құрметіне бөленген. Сөйтіп, ғасырлар бойы жасалынған ауыз әдебиеті небір аумалы- төкпелі заманалар бойында халқымыздың рухани қажеттілігін эстетикалық талғамына сай қанағаттандырып уақыттардың дауылынан, қаншама қатал сыннан өтіп бізге жетті; болашаққа да осылайша кете береді. Сонымен бірге ауыз әдебиетінде ерлік пен ездік, адалдық пен арамдық, жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, адамгершілік пен хайуандық сияқты адам өмірінде жиі кездесетін қасиеттер де сан мәрте сараланған. Осының барлығы да адамдардың бойындағы кемшіліктерді әйтеуір мінеу мақсатында ғана емес, оған қоса болащақ ұрпақтың адамгершілігі мол, білімді, парасатты, елін қорғап, халқына адал қызмет жасайтын абзал азамат болып өсуі үшін жасалынды. Өйткені алдыңғы ата, аға ұрпақтар рухы биік елдің болашағының да зор екенін біле біліп, сол мақсатқа қызмет еткен [1,8].

Сын қашан пайда болды? Сын әдебиет пайда болған кезден өмір сүріп келеді. Сондықтан ғалым Т.Кәкішев әдеби сынның алғашқы арнасы деп халықтық эстетиканы айтады. «Жалпы, не нәрсе, құбылыс болмасын оған сын көзімен қарап, баға берушілік – кез келген халықтың бойында бар тума қасиеттердің бірі». Ал, М.Қаратаевтың, Р.Бердібайдың, Б.Сахариветің жазушы романының олқылығынан гөрі, жетістігін ашудағы мақсаттарын осы тұрғыдан түсіндіруге болады.

Әрине, сын мақсаты – мақтау да, даттау да емес. Бұл әдеби сын эстетикасына жат. Бірақ та тоталитаризм қысымындағы қаламгердің субъективті әлемі сынның осы мәселедегі объективтілігін шығармашылық ізденіс жағынан қолдауды қажет ететін тұстары да барын көрсетеді.

А.Сүлейменовтің «Түр туралы бірер сөз» мақаласы әдеби сында көркемдік дамуды шеберлік шыңына жетелейтін тың теориялық мәселелер қозғауымен құнды. Көркем шығармадағы авторлық баяндау стиліне кеңінен тоқталған сыншы жазушылар тарапынан қолданылуына, туындыдағы маңызына талдаулар жэасап, әлем және қазақ әдебиеті шығармаларындағы авторлық баяндаудың әдіс-тәсілдерін, қыры мен сырын әр дәуірдегі көркемдік құндылықтардың дәстүр арнасында дәлелдейді. Баяндау формасындағы тәсіл (бірінші жақ және үшінші жақ), автордың шығармашылық үрдіске қатысы, туындының көркемдік сипаты мен композициялық түзілісіндегі баяндау үлгісі, автор бейнесінің тұлғалануы сияқты күрделі мәселелердің талқыға түсуі сындағы таным-біліктің теориялық тұрғыдан кемелденуін, осы бағыттағы ілкі шеберлік ізденісті игі суреткерлік үрдіске сіңіруді діттеген сыншы мақсатын көрсетсе керек. Авторлық баяндаудағы «мен» және «ол» қолданысты қарастырған сыншы «жазушы қалай жазу керек – бірінші жақпен бе, үшінші жақпен бе, әлде екеуіменде ме?», - дей келіп, «баяндау шеберліктің бірден бір проблемасы емес. Бастыларының бірі ғана. Мұның сыртында әрине композицияның көп элементтері жатыр», - деп автордың шығармашылық үрдіске қатыстылығын байыптауда Гомер заманынан бергі орныққан авторлық баяндау дәстүрінің түрлі көріністе шеберлік сипатына орай орнығуын айқымды саралайды. «Мен» мен «ол» мұнарасында қилы-қилы заман, заң, эстетикалық көзқарас, көркемдік ізденулердің ізі барын», - айтқанда прозаның классикалық дәстүрін игерудегі іздену түр үшін емес, мазмұн үшін де маңызды деп түйеді. Әсіресе, ой-өрісі кең талғампаз оқырман қауымының да көркемдік танымы, эстетикалық түйсінуі прозаның да интеллектік деңгейін арттыруды талап ететінін зерделегенде «интеллектінің бояуы да, ырғағы да көп – жалғыз ғана стильмен оның қолын ұзартып, мұратын жеткізе алмайсың. Осы ретте Хемингуэй біздің дәуір үшін бірден бір биік емес», - деп шын шеберліктің қыры мен сырын игерудегі дәстүр ұласуының қайталанбас табиғатын қарастыруда өзгенің пікіріне жығыла бермейтін білікті сыншылдық білгірлікпен пайымдайды.

Шындығында, кез келген сыншы өзі мұрат етіп алған тақырыбының қыр-сырын ашу үшін әдеби көркем әдіс-тәсілдерді шебер де ұтымды тауып, танып пайдалана білуі шартты нәрсе. Белгілі ғалым Дандай Ысқақұлы өзінің «Сын шын болсын» деп аталатын зерттеу еңбегінде былайша ой толғайды: «Сын мұраты-көркем туынды не әдеби процесс хақында алғаш пікір білдіру. Ол өзіне дейінгі әдеби сында айтылған түрлі пікірлерге сүйене отырып, ғылыми нақты дәлелденген тұрақты баға беріледі. Әдеби өмірдегі кейбір құбылыстарды дұрыс бағалап, таласты мәселелерді сынның шеше алмауы мүмкін. Ал мұның бәрі әдебиеттану ғылымында қорытылып, ғылыми түрде бағалануы қажет. Сын мен әдебиеттану ғылымы бір-бірімен өте тығыз байланыста қызмет етеді. Бірінсіз бірін көзге елестету қиын. Сын әдебиет ғылымына жол салып отырады. Материалдар жинап, оның дамуына алғы шарттар жасайды. Шығу мерзімі жағынан сын алғашқы, әдеби сын әдебиеттану ғылымынан бұрын өмірге келген. Кейіннен әдебиеттану ғылымы әдебиеттанудың сынынан шығып жеке қалыптасты»[8,1-14-б].

Сыншылдық ой- пікірлердің барынша өткір көрінген жері ақындар айтысы болды. Басқа халықтар әдебиетінде онша кездесе бермейтін ақындар сайысы- қазақ әдебиетінде ғана тән ерекше құбылыс. Бірден суырып салып айтылған айтыс өлеңдерінде қарсылас жақтың түрлі кемшіліктерімен бірге сөз саптауларындағы селкеуліктер де қатал сынға ұшырап отырған. Орынсыз айтылған бір ауыз сөздің өзі қанша мықты ақын болса да жеңіліске ұшыратқан. Өткен ғасырларда небір классикалық үлгілері жасалынған айтыс өнері бүгінгі күндері де жемісті жалғасын тауып келеді.

Сұлулықты, әсемдікті танып білудің негізгі заңдылықтары барлық халықтар үшін ортақ болғанымен де кейбір тарихи, географиялық шаруашылық діни, наным- сенім жағдайларынан туындайтын ұлттық ерекшеліктері де болмай қоймайды. Мысалы, еуропалықтар мен азиялықтардың сұлулық категорияларында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Сол сияқты бұл құрлықта көрші тұратын халықтарда да елеулі ерекшеліктер байқалады. Сондай-ақ көкорай шалғын сайын дала, айдын шалқар көл, басына бұлт қонақтаған асқар тау да табиғи үйлесімділіктің, асқан сұлулықтың нағыз өзіндей қазақтың жан дүниесімен сәйкестік тауып, көңілін шарықтатып көтереді; нәзік сезім пернелерін оятып, ән салдырады. Елін сүю, Отанын қорғау- ер азаматтың басты парыз деп білген қазақ үшін тұлпар мініп, бес қаруын асынған жігіттен сұлу жігіт жоқ. Ауыз әдебиетінде «жігіт болсаң, осындай бол»,- деп үлгі тұтатын небір батыр, ақылды, өнерлі, тапқыр жігіттердің бейнесі асыл сөздермен сомдалады. Жар сүю, өсіп-өну өмір сүрудің, бақытқа жетудің негізгі шарты деп санаған қазақ үшін жардың орны, ананың рөлі бөлекше. Ғашықтық жырларында, шіркін, қыздар осындай болсайшы деген армандардан туындаған Қыз Жібектей, Баян сұлудай, Ақжүністей, Құртқадай, Гүлбаршындай, Айман-Шолпайдай арулар қазақ қыздарының биік эталонына айналды. Міне, осы сияқты сұлулықты сезінудің, ол туралы таным- түйсіктің өзі халқымыздың тұрмыс- тіршілігінен, өмір туралы түсінігінен болашақты ойлауынан барып туындап, ғасырлар бойы қалыптасып, тұтас бір халықтың ұлттық ерекшелігіне айналып, оның ауыз әдебиетінде шынайы көрініс тапқан. Сонымен көркем әдебиет, оның ішінде әсіресе ауыз әдебиеті- халықтың сөз өнеріне деген ғасырлар бойы қалыптасқан сыншыл көзқарасының, халықтық эстетиканың жемісі, көрінісі. Сондықтан да әдеби сынның қайнар бұлақ бастаулары халықтық эстетикада жатыр. Халықтық эстетика ауыз әдебиетінде бар болмысымен көрініс тапса, кейінгі жазба әдебиеті дамып, профессионал әдеби сын қалыптасқан кезде де өз рөлін жоймайды. Шын мәніндегі әдеби сын өзінің ұлттық эстетикалық негізіне сүйенгенде, халықтың жүрегіне ғасырлар бойы жол тартып, эстетикалық: ләззат, рухани қуат беріп келген терең тамырлардан нәр алғанда барып өзінің қиын да құрметті миссиясын ойдағыдай орындай алады [1,10].

Әдебиет сынының тарихы ертеден басталады. Қазақ ауыз әдебиетінің көркемдік, идеялық сапалары аса жоғары классикалық үлгілерін парықтауда әдебиет сынының рөлі зор болды. Ол жазба әдебиетінің, ғылымның дамуымен бірге өрбіп отырады. Отырарлық ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің, Махмұт Қашқаридың, Жүсіп Баласұғынның сөз өнері жайлы жазған пікірлері,  қазіргі қазақ әдеби сынының бастау алар қайнар көзі деуге болады.

Көне дәуірдегі әдеби мұралар күллі түркі халықтарына ортақ болып келетін XV ғасырға дейінгі кезеңді қамтиды. «Қазақ» деген атаудың белгілі бола бастауы XV ғасырдан басталса, одан арғы түркі дүниесіне бірдей қатысы бар ең алғашқы әдеби ескерткіштер ретінде Орхон- Енисей жазбалары аталып жүр. Күлтегін мен Білге хандар қайтыс болғанда басына қойылған құлпытастарға олардың өмір жолдарын, халқына еткен қызметтерін сына жазуымен ойып салған жазбалардың әдеби сипаты бар. Өнер бар жерде оған деген пікірі де бар. Түркі халықтары сөз өнерінің алғашқы үлгілері саналатын Орхон- Енисей жазбаларында көркемдік танымды танытатын парасатты пікірлер мен бейнелі сөздер баршылық. Осындай көркемдік сипаты айқын Талас-Шу ескерткіштерінде де ойлы сөз өрнектері жиі кездеседі.

Қорқыттың атына байланысты аңыздар кейінгі кездерге дейін ауыз әдебиеті үлгісі түрінде ұғынылып келсе, соңғы зерттеулер оның нақтылы өмір сүргенін, бірсыпыра шығармаларын, күйлерін анықтап, түркі халықтарына ортақ ойшыл екенін дәлелдеп отыр. Оның үстіне Қорқыт есімі түрік әзербайжан түркімен өзбектерде біршама зерттелініп, олардың әдебиет тарихтарынан тиісті орнын алған. Қазақ әдебиетінде де Қорқытқа байланысты шығармалар баршылық [2,16].

Екінші Аристотель атанған отырарлық Әл-Фараби (870-950) сөз өнері жайлы да құнды еңбектер жазып қалдырды: «Сөз ғылымын жүйелеу», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме (поэтика, риторика, софистика)», «Өлең кітабы», «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат», «Поэзия туралы», т.б. бар ғылымды беске жіктеген ғалым бірінші кезекте тіл туралы ғылымды айтады. Әл-Фараби поэтиканы өлең құрылысы мен оның өлшем түрлері, ұйқас, әуезділік деп үш тұрғыдан қарайды. Ол әсіресе араб-парсы поэзиясын зерттеп, олардың он бір заңдылық-талаптарын көрсетеді. Олардың ішінде қазақ өлеңіне де қатысты сөздің бейнелілігі, ұйқас, ішкі ұйқас, бунақ, ырғақ, әуенділік, буын, тармақ, шумақ хақында ғылыми пікірлер білдірді [2,34].

Жүсіп Баласағұнның (ХІ ғасыр) «Құтты білігі» түркі халықтарының ортақ асыл сөз қоймасы іспеттес. Талай ғасырдың тәжірибесінен туған даналық шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, ой-толғамдар «туысқан халықтармен қатар қазіргі қазақ тіліне де үндес».

Махмұд Қашқаридың «Түрік тілдерінің лұғаты» («Диуани лұғат ат Түрік») атты еңбегінде де сөз өнері жайлы ойлы өрнектер баршылық. «Әдептің басы-тіл», «Тілімен дастарханға жетер» (тілді адам бай дастарханға жетеді), «Ақылды сөз алтын табаққа жеткізер», «Ер жігіттің сөзі біреу», «Жақсы адамға сөз ереді» [2,48]- сияқты тіркестерден түркі халықтарының өміріндегі тілдің маңызы айқын көрінеді.

Алтын Орда дәуірінің ХІІ- ХVІ ғ. мұралары онша көп сақталмаған. Бұл кездегі әдебиет өкілдерінен біз Саиф Сарай, Хорезми, Құтб, Дүрбек, Лутфии, Сайдахмад, Әли Атан, Рабғази, т.б. шығармаларын білеміз. Рабғузидің «Қисса-сұл Әнбия» сияқты шығармалары және қыпшақ тілінің жинағы «Кодекс Куманикус» жеткен. Бұларда тіл өнері жайлы арнайы айтылған пікірлер жоқ болғанымен де, көркемдіктің жоғары талаптары негізінде жазылғаны көрінеді.

ХV ғасырда жеке хандық құрып, қазақ халқы тарих сахнасына шыққан кезден бастап, ұлттық сөз өнері биік асуларға бет алды. Халық арасынан іріктеліп шыққан тілі жүйрік, орақ ауызды ақын- жыраулардың, дуалы ауыз би-шешендердің беделі ел арасында аса жоғары болды. Қазақ хандары ел билеу істерінде сөз ұстаған беделді ақын- жырауларды, билерді қасына тартып, солар арқылы халықпен тіл табысып отырды.

Қазақ хандығы дәуірінде Асан қайғы, Сыпыра, Қазтуған, Доспамбет, Шалгез, Жиембет, Марғасқа, Ақтанберді, Бұқар, Тәтіқара, Қожаберген, Үмбетей, Шал сияқты әрі ақын, әрі философ, әрі қайраткер жыраулар қазақ поэзиясы қазақ үшін өмірдің мәнін түсінудің философиялық әліппесі іспеттес. Ақын-жыраулар адамдардың моральдық болмысына айрықша назар аударып, үлкен талаптар қоюмен бірге сол адамдардың бір-бірімен негізгі қатынас құралы саналатын тілге де ерекше мән берген. Осындай ойларын мақал- мәтел дерлік поэтикалық шумақтар арқылы түйіндеп отырған [1,9].

Сөйтіп, жазба әдебиетке дейінгі ауыз әдебиетінің ірі өкілдері ақын-жыраулар поэзиясынан сөз өнеріне қойылған биік талаптарды көреміз.

Сын жанрының сара жолы, даму бағдары бірден қалыптасып, әдеби процестің әділ әрі салиқалы төреші дәрежесіне жетпегені аян. Көркем әдебиеттің бұралаң соқпақтарын, өсуін, тоқырауын, алдағы міндеттерін бағалауда жалпы сыни ойдың да қилы-қилы іздену сәттерін басынан кешіргені мәлім. Ол басқа да әдеби жанрар сияқты қоғамның, адамзат ойының өркендеу сатысына сәйкес етіліп, тамырын тереңге жайып, арнасы кең толқымалы ойдың саралы сарапшысына айналды. Ол барлық көркем құбылыстың ішкі әлеуметтік- психологиялық сыйпатын ғана ашып қойған жоқ, марксизм-ленинизм идеясын негізге ала отырып, таптық тартысты, әдеби шығарманың гуманистік нышандарын айрықша нысанаға алып, жан-жақты талдады.

Алғашқы сын үлгілері елге сыйлы,білімді жандардың ой-пікірі ретінде көрінген. Антикалық дәуірде әдеби жұмыстың бір саласы ретінде бөлініп шыққан әдебиет сыны ұзақ уақыт бойына шығармаға жалпылама баға беру, оны оқырмандарға таныстыру, оқуға кеңес беру,шығарма авторын дәріптеу немесе сынау сияқты қарапайым ғана міндеттер атқарып келді. Әдебиеттің дамуына байланысты әдебиет сынының да мақсаты мен сипаты күрделене түсіп, оған қойылатын талаптар да, жауапкершілік те күшейді. Соған сәйкес, әдебиет сынының теориялық анықтамасы да тарихи тұрғыдан нақтылана түсті. Мұның бәрінен,сөз жоқ сын мен сыншының мақсат-мұраттары айқын көрініс береді.Туынды табиғаты мен тақырыпты тануда, көркемдік құндылықтарды, өмір шындығын, кейіпкерлер жүйесін зерттеп-зерделеуде, баяндау мен бағалау тұстарында- сын мұраты айқын аңғарылады.

Ұлттық әдеби сынның өзіндік бағыты, бастау-арналары бар. Кешеден бүгінге жеткен тарихы мен тағылымы да мол. Әдеби сынның арғы- бергі кезеңдерін, қалыптасуы мен даму бағыттарын әдебиеттанушы- ғалым, профессор Т.Кәкішев қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының тарихи белестерінен үш кезеңді атап көрсетті:

Бірінші кезең- қазақ әдебиет сынының туу дәуірі. Қазақ әдебиеті сынының туу процесі Қазан төңкерісіне дейін созылған.

Екінші кезең- қазақ әдебиет сынының жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Бұл процесс 1917-1937 жылдардың арасын қамтыды.

Үшінші кезең- қазақ әдебиет сынының өсіп-өркендеу және қалыптасу дәуірі- 1938-1985 жылдар аралығы.

Әдеби сынның туу, қалыптасу проблемалары тек творчестволық қана емес, саяси- әлеуметтік мәселелермен де тікелей байланысты болғандықтан әдебиет сыны тарихында оны орағытып өту мүмкін емес. Сынның әлеуметтік және эстетикалық дәрежесі көркем әдебиеттің шыққан биігіне тәуелді.

Әдеби сынның табиғаты мен көркемдік- жанрлық қырларын профессор Д.Ысқақұлы төмендегіше айқындайды: «Сын көркем әдебиетпен бірге пайда болып, бірге дамиды. Әдебиет бар жерде, оның сыны да бар. ...әдеби сын дегеніміз- көркем әдебиет, оның ғылымы мен журналистиканың тоғысқан түйінінде пайда болып, күнделікті әдеби өмірді зерттейтін, оның жетістіктері мен кемшіліктерін саралап, баға беретін, оқырманның дұрыс түсінуіне көмектесетін, рухани әлем аясында қызмет атқаратын, әдеби, ғылыми, публицистикалық сипатты қоғамдық сананың күрделі бір саласы, шығармашылық түрі»

Жаңа заман көркем әдебиетке де жаңа талаптар қояды. Бұрыңғы кеңестік әдебиеттің қағидалары өзгеріп әдебиеттің әдіснамалық негізіне соңғы жаңалықтар әкеліп, оны қазақ әдебиетінің ұлттық дәстүрлеріне әсер етіп жатқан әлемдік әдебиетте жүріп жатқан шығармашылық үрдістер аясында зерделеу жұмыстарын күн тәртібіне шығарды. Қазақ әдебиетін теориялық тұрғыда жаңаша пайымдауға ұмтылған бірсыпыра материалдар шығып жатыр. Бүгінгі таңда «постмодернизм мәдениеті» кең өріс алып жатыр. Әлемдік әдебиеттің құрамдас бөлігі- қазақ өнерінде бұл түсінік әлі толықтай ене қойған жоқ. Десе де, постмодернистік кезең әлдеқашан басталған.

2000 жылдары ауыр салмақты прозаға қарағанда, жеңілдеу поэзия жаңа өмірдің тынысын тез сезініп, әсіресе ұшқыр да шағын лирика белсенділік танытып қоғамда болып жатқан әлеуметтік өзгерістерге деген өз үнін шапшаң білдіріп жатты. Осы кездерде халықтың қамын ойлап, мұңын жырлаған, арын арлаған азаматтық лириканың даусы жарқын шықты. Әдеби сында да осы ұлттық поэзияның жай- күйін саралаған мақалалар көбірек көрінді.

Жаңа ғасырдың әдеби сынында ақындар жайлы көбінде ақындардың өздері қалам тартып жатқаны белгілі. Сол себепті де олардың көпшілігінде шынайы сезімге оранған көркемдік сипат басым. Кейбіреуі эссе, естелік түрінде жазылып, көркем әңгімедей оқылады. Осыған дәлел ретінде Әбіш Кекілбаевтің Фариза Оңғарсынова туралы толғаныстарын келтірейін. «Әр шумағынан қынаптан суырған алмас қылыштай қайсар шабыт жарқ ете қалады. Әр жолынан сарт-сұрт найзағайдай сорғалап шаншылар өжет намыс өрекпіп тұрады. Қаһарланса қаусыратып кететін, қайғырса қалжыратып тастайтын құдыретті ой ойқастайды. Қаламды қанжарға емес, нағыз наркескен семсерге балай алатындай сезім бет шарпиды. Фариза-аспанға алау атып, шоқ шашыратып жатқан рух жанартауы. Өшпейтін де сөнбейтін өжеттік қайнары. Екі ұдай дәурен кешіп жатқан бүгінгі қауымымызға ең керек ақын. Қайта қалғып кетпеуіміз үшін, асқақ арман үлесінен шыққанымызша, алауымызды әлсіретпей, лапылдап маздай беруіміз үшін қажет өлең» [1,3] - деп Фариза поэзиясына жоғары баға беріп, пікірін білдірді.

Еліміз егемендік алып, әлеуметтік, рухани өмірімізде үлкен өзгерістер болумен бірге оның сыны да қоғамдағы алар орны да бәсеңси түсті. Бұрын рухани өмірде әдебиет көшбасшы болса, жаңа заманда журналистика алдыңғы қатарға шықты. Баспасөз бетінде өмір сүретін әдеби сын жанрларының ішінде сұхбат жанры өміршеңдік танытты. Әдебиеттің бір ғана тақырыбын қаузап жазатын сынның негізгі жанрлары саналатын рецензия, мақалаға қарағанда, сұхбат өмір ұсынып отырған зәру проблемаларды жан- жақты дер кезінде қозғай білуімен қамту нысананың ауқымдылығымен, жанрдың көтеріп отырған мәселені игеруге деген икемділігімен ерекшеленеді.

Бүгінгі әдеби сын соның нәтижесінде тек көркем шығарманың әсерін, кейіпкерлердің іс-әрекетін оқырманға түсіндіретін жеңіл міндеттен арылып, қоғамдық ақыл-парасаттың, философиялық ойдың таразысы дәрежесіне көтерілді. Міне, осындай даму барысының бар қасиетін бойына сіңірген көп ұлттық совет әдебиетінің аясындағы қазақ әдебиеті сынының да өзіндік даму ерекшелігі бар. Әдеби өркендеудегі тарихи сабақтастық тұрғысынан зер салсақ, әдебиеттану ғылымының дамуына зор үлес қосқан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов секілді ұлт зиялылары еңбектерінің маңызы зор. Олар кеңестік заманда өзінің тиісті бағасын ала алмаса, бүгінгі таңда аты аталған дара тұлғалардың әдеби мұраларының мәні мен маңызы қайта қаралып, ел игілігіне жаратылып, шығармалары әдебиетіміздің алтын қорына енгізілді.

Жалпы, ХХ ғасыр басындағы әдебиет тарихында елеулі оқиғалар орын алғандығы барша әдебиетші қауымға белгілі жәйт. Қазан төңкерісінен кейін бүкіл қоғам жаңа заман күйбеңімен қалайша тірлік етсе, әдебиет пен өнер де сондай күй кешті.

Адам баласының сан ғасырлар бойғы рухани жиып-терген мол мұрасы шеттетіліп, жаңа үлгідегі әдебиет орнату шарт болып қойылған заманда да қазақ зиялыларының қаламы мұқалған емес. әсіресе, 20-30-жылдар әдебиетінде ауыз толтырып айтарлықтай мәдени мұралар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ғабиден Мұстафин сынды майталман сөз шеберлерінің қаламынан туғаны анық.

Кеңестік идеология қармағында өмір сүрген қазақ әдебиеті мен әдебиеттануының социалистік реализм талаптарына сәйкес тірлік ете отырып, ылдиға түспей, үнемі даму, жетілу үрдісінде болғандығы айқын еді. Сондықтан да қазақ әдебиетінің ғана емес әдебиеттану тану мен сын жанрының көшін бастап сындарлы ой-пікірлер қалыптастырған С.Сейфулин, Ғ.Тоғжанов, М.Әуезов, Е.Ысмайлов, Қ.Жұмаалиев, С.Мұқанов, М.Қаратаев, Б.Кенжебаев, М.Ғабдулин сынды тұлғалардың еңбегі ерен болатын.

Осы керуеннің ізінен қалмай, әдебиеттану мен әдебиет сынына қатысты біртуар зерттеулер жазып, әдебиет майданында көзге түскен кейінгілерге үлгі-өнеге болған тұлғалардың қатарында: З.Ахметов, З.Қабдолов, М.Базарбаев, Ш,Елеукенов, Ж.Дәдебаев, Б.Майтанов, Б.Ыбырайымов, сыңды ғалымдардың әдебиеттің теориялық мәселелеріне арналған еңбектерін, Б.Кенжебаев, Т.Кәкішев, Н.Ғабдулин, Р.Нұрғали, М.Қараев, Ж.Смағұлов секілді әдебиетшілердің әдебиеттану мен сын тарихы проблемаларына негізделген зерттеулерін, М.Қаратаев, Е.Ысмайылов, Д.Ысқақов тәрізді т.б зерттеушілердің сын теориясын саралауға бағытталған туындыларын атауға болады.

Жоғарыда айтылған ауқымды еңбектердің барлығы да қазақ әдебиеттану ғылымына енген мол мұра. Олай болса көркем әдеби сынның өзекті мәселелеріне арналған зерттеулер жүргізу-қазіргі әдебиеттанудағы басты міндеттердің біріне саналады. Әсіресе, ұлттық әдеби сынының қалыптасуы мен өсіп-өркендеуіне үлес қосқан айтулы сыншы-ғалымдар шығармашылығын арнайы қарастырған еңбектер жазу уақыт талабы. Осы талапқа сай әдебиеттанудағы әдеби сын мәселелерін сөз еткен С.Төртқаринаның «Г.Мусрепов как литературный критик», С.Жұмағұловтың «Е.Ысмайлов сыншы», Д.Тұрантегінің «Р.Бердібаев-сыншы ғалым», К.Ахметовтың «А.Нұрқатовтың әдеби-сын, ғылыми-зерттеу еңбектері», М.Кәрімбековтың «І.Омаровтың әдеби-сыншылық мұрасы», Р.Әбілхамитқызының «Ғ.Мұстафинның әдеби сыншылық мұрасы», А.Жүсіповтың «қазақ әдебиеті сынының тарихын жасау мәселелері және Т.Кәкішұлының ізденістері», С.Такировтың «ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы қазақ әдеби сыны», Ш.Әділованың «Т.Тоқбергенов-әдебиет сыншысы» атты зерттеу еңбектерінің танымдық дәрежесі жоғары деуге болады.

Сонау сұрапыл соғыс қамытынан құтылған қаһарман халықтың көңіл күйі жайдары болғанымен, дамылсыз партиялық нұсқаулар, бір сарынды идеология елдің санасын солақай бағытта тәрбиеледі.

Әдебиет идеологияның елеулі саласы саналып, ол жаңа кезеңде партияның дегенімен жүруге мәжбүр болды. 1946 жылғы «Ленинград» және «Звезда» журналдары туралы аты шулы қаулыдан бастау алып 50- дейінгі музыка, драматургия, кино жөніндегі қаулыларда қойылған талап бойынша әдебиет пен өнердің басшылыққа алар шығармашылық әдісі-социалистік реализм болды. Көркем туындының барлық сыр- сипаты осы әдіспен ашылып көрсетілуі тиіс еді [5, 67 бет].

1950 жылы 26 желтоқсанда «Правда» газетінде басылған «Қазақстан тарихы маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаладан соң Қазақстанда ұлтшылдыққа қарсы үлкен науқан басталып бірыңғай айғай-шу, әшкерелеу, жала жауып, мін іздеу секілді адам айтса нанғысыз дүрбелең шақ басталды, қазақ эпосы түгелдей дерлік құрдымға жіберіліп, (Әсіресе «Едіге батыр» жыры, Кенесары көтерілісі жөнінде айтыс-тартыс үдеген) олар жайлы бірдеңе жазған, айтқан жандар қудалауға ілінеді.

Сөйтіп билік басындағылардың түпкі мүддесіне бағытталып келген коммунистік идеологияның қытымыр нұсқаулары қоғамдық санаға, оның ішінде көркем әдебиет пен өнерге де залалын аз тигізген жоқ болатын. Оның айқын дәлелі 50-60-жылдардағы қоғамдық-әлеуметтік жағдайға, әдеби өмірде болып өткен дүрбелеңдерге зер салсақ, айқындалары ақиқат.

1946 жылы БКП (б) Орталық Комитет «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы (14 тамыз), екі жұмадан соң «Драмалық театрлардың репертуарлары және оны жақсарту шаралары туралы» (26 шілде), сегіз күннен соң «Үлкен өмір» кино фильмі туралы (4 қыркүйек) қаулылар қабылдап, рухани мәдениеттің музыка саласына орай «В.Мураделидің «Ұлы достық» операсы туралы» (10 ақпан, 1948) қарар шығарады.

Ол кездегі сойқан қаулының алғашқысы «Қазақ КСР Ғылым» академиясының «тіл мен әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы»(21.01. 1947) деген қаулы еді. Ұзақ созылған қуғын- сүргін осы қаулыдан тарамданды. Осы қаулыға ілестіре 1947 жылдың 29 көкегінде «БКП (б) Орталық Комитетінің «Драма театрларының репертуары туралы және оның жақсарту шаралаы туралы» қаулысын орындау барысы туралы» деген қарар тағы алынып, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсіңнің» кері келіп, есін енді жиып, қатары көбейе түскен қазақ зиялыларына, әсіресе ғалымдар мен ақын- жазушыларға тағы да «қысыл таян күн туады».

Кеңестік империя ойлап тапқан ұлтшылдықпен күресу басталып, зиялы қауым арасынан «ұлтшылдарды іздеу», көзін жою сияқты сорақылықтарға ұласып, оның алғашқы құрбаны белгілі әдебиетші Есмағанбет Ысмайлов (1951, 6 қарашада) ұсталып, абақтыға жабылады. Іле-шала, Қ.Жұмалив, Қ.Мұхамедханов, Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов сынды танымал ғалымдарға, тарихшыларға «ұлтшылдық қамыты» кигізіліп, 25 жылға сотталып кетсе, Т.Нұртазин, Ә.Қоңыратпаев, Б.Кенжебаев, Ә.Мәметова, А.Жұбанов, Ә.Марғұлан сынды тұлғалар қуғын-сүргінге түсіп қудаланады. Осы кезде өз елінде «көзге түрткі» күй кешіп, М.Әуезов, Қ.Сәтпаев сынды асыл азаматтар Мәскеуге бет түзейді. Мұның бәрі-кеңестік биліктің 1937 жылғы қырғыннан ұзап кетпегендігінің айғағы еді.

Рухани өмірдің өскелең талаптарына жауап іздеу орнына, тырнақ астынан «дақ» іздеп кетуіне «Қазақстан Жазушылар одағының жұмысындағы үлкен қателіктер мен кемшіліктер, оларды жою жөніндегі шаралар туралы» (17 маусым, 1951), «Бастауыш және орта мектептерге арналған қазақ әдебиеті мен тілі бойынша оқулықтардағы қателіктер мен кемшіліктер туралы» (28 тамыз 1951) деп аталатын қаулыларда мүмкіндігінше «мол үлес» қосады. Соның салдарынан қазақтың төл перзенттері (Шортанбай, Мұрат, Шәңгерей, Көкбай, Нұржан, Нарманбет т.б) мектеп оқулықтарынан шығарылып,олардың орнына орыстың ағартушы-демократтары қоныстанады. Осылайша, 50 жылдардағы мәдени, әдеби, шығармашылық өмір өзінің эстетикалық сипатымен емес, дөрекі социологиялық тұрпатымен көрінген қияс, қиқар қаулылардың қыспағында болып, ақын- жазушыларды ұзын құрықпен қайтарып, шідерлеп тастады, сондықтан эстетикалық ой-пікірлер биікке қол созудың орнына құлдырап, құмға сіңген судай болып жүдеді.

1956 жылдың басында КОКП-ның ХХ съезі, онда Сталинің жеке басына табынушылықтың қоғамға орасан зор зиян келтіргені анықталып, рухани өмірде біріз игі өзгерістер бола бастады. 1957 жылы жеке адамның басына табыну қалдықтарын жою туралы Орталық партия комитетінің қаулысынан соң халық қоғамда едәуір босаңсып, еркіндік белгілері нышан берді. Бұл әдебиет пен өнерге әжептәуір оң ықпалын тигізіп, ғылымда да ілгерілеушілік пайда болды.

50-60 жылдарды әдебиет тарихын зерттеушілер «жаңғыру кезеңі» деп атады. Осы тұста әдебиеттану ғылымы мен сын өрісін кеңейте бастады. Әдебиеттің өткен мен бүгініне, келешегіне жіті қарап, шығармаларды байыппен талдау, орынды бағасын беру, келешегін сипаттау секілді көркем әдебиет талаптарына лайықты бағыт қалыптасып, дамыды.

Бұл дәуірде кезінде қуғын-сүргінге ұшырап ондаған жылдар бойы туған топырағынан айырылып, аластатылған жазушылар елге оралып, айдалған, атылған зиялылар ақтала бастады. Әдебиеттің аға буын өкілдерінің әдебиеттану мен сыни-зерттеу еңбектері жарыққа шықты. Мәселен, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, Е.Ысмайлов, Б.Кенжебаев, Қ.Жумалиев, М.Қаратаев, З.Серікқалиев, Қ.Құттыбаев, С.Қирабаев, Р.Бердібаев, А.Нұрқатов, Қ.Нұрмаханов, М.Базарбаев т.б. әдебиетшілердің еңбектері сөзіміздің нақ дәлелі десек, осылайша 60-жылдары ежелден темірқазық болып келген методология өзгеріссіз қалғанымен әдебиет материалдарын теориялық тұрғыдан игеру ісі айқындала түскен еді.

Төл әдебиетіміздің сыны барынша қарқын алып, таптық күрес жылдарында ширыға, шыныға түсті. Бұрын туған топырағымызда дәнін сеуіп, қаулай өспеген қазақ әдебиеті сынын қалыптастыруда, кең арнамен дамытуда белгілі көркем сөз шеберлері маңдай терін төгіп, орасан зор істер атқарды. Соның нәтижесінде қазақ қаламгерлерінің ішінен социалистік реализм бағытындағы сыншылдар тобы өсіп шықты. Олар өз көзқарастарында, талдауларында талай қиыншылықтарды, пікір қайшылықтарын бастан кешіре отырып, қазақ әдебиетінің туын көтерген диалектикалық- философияға негізделген сынының іргетасын қалады.

Әдебиеттің дамуы үшін 1932 жылғы 23 сәуірдегі қаулының шығуы үлкен оқиға болды. Онда барлық жазушылардың басын біріктіретін кеңес жазушыларының бірыңғай одағын құру туралы қаулы етті [3,431]. Қаулы жазушылар ұйымының тек құрылымдық формасын ғана емес, сонымен бірге идеялық шығармашылық жолын да көрсетіп берді. Бұл қаулы барлық ұлт әдебиеттерінің дамуына даңғыл жол ашты. Республика жазушыларының одақтары құрыла бастады. 1932 жылы маусымда Қырғызстан Жазушылар одағы, [4,128] Өзбекстан Жазушылар одағы [5,96] құрылды. Бұл оқиғалар республика әдебиеттерінің өркендеуінде елеулі бетбұрыс болды.

Әдебиет ұйымдарын қайта құру жайындағы қаулыға сәйкес 1932 жылы 12 мамыр күні кеңес жазушыларының ұйымы жаңадан құрылды. Бұл үлкен оқиға әдебиетімізге, оның сынына қарқынды серпіліс әкелді.

Қаулыдан кейін жазылған сын мақаларында Б.Кенжебаев пен Қ.Өтеповтың мақаласы, «әдебиет сынын дамытуымыз үшін алдымен оның методологиялық мәселесін шешіп алуымыз керек» [6,36] деп, әдебиет сынының ең өзекті мәселесін көтерді. Осы уақытқа дейін сында қолданылып келген методологиялық әдістің оңды еместігіне, сыншылардың теориялық дайындықтарының төмен жатқандығына назар аударды. Ғ.Тоғжанов «Өткен сынның үлкен бір кемшілігі көркем әдебиеттің, жалпы искусствоның өзіне хас өзгешелігін ескермендігі», «осыдан барып біздің көп сынымыз бірбеткей саясат сыны болып кетті» [7,42]-деп жазды.

І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов қазақ әдебиетінің өсуі аталып өтумен бірге сынға қатысты біраз мәселелер де қозғалды. І.Жансүгіровтің баяндамасында қазақ әдебиетінің жай күйі әріден басталып, тарихи дамуымен байланыстыра қарастырылды. Ғ.Мүсірепов қазақ кеңес әдебиетінің дамуына шолу жасады. Баяндамада жеке қаламгерлердің шығармашылықтарына, осы уақыттарда туған күрделі туындыларға баға берушілік басым.

Әдебиетші, ғалым, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Оңаша отау» атты кітабы қазақ сынының даму жолы мен соқпақтары төңірегінде ой толғап, қазақ әдеби сынының өткен ғасырда көрініс берген алғашқы қадамынан бастап бүгінгі күнге дейін қалыптасу процесін, сыншылдық ойдың даму бағдарын, ізденістері мен іркілістерін тілге тиек етіп, тарамдата талдайды. Таптық санаға негізделген жаңа бағыттағы сынның қалыптасуы революциядан кейінгі жылдары күрделі қайшылықтарға толы болды. Мұндай толқымалы тұжырымдар тартысы-тап күресінде, үстем тап өкілдерінің идеология саласында қаруын тастамай жанталасуынан және кейбір қаламгерлердің өмірді, көркем шығарманы талдаудағы түсінбестіктерінен туындаған еді. Жат элементтер өздерінің теріс пікірлі, кереғар шығармаларын мақтап, тігісін жатқыза өткізуге, оның үстіне жаңа қаз тұрып келе жатқан қазақ совет әдебиетін аяқтан шалуға сын жанрын пайдаланбақ болды. Оған озық, ойлы сыншыларымыз батыл қарсы шығып, кертартпа идеологияның бетін қайтарып отырды. Бұл ретте қазақ әдебиеті мен өнері қайраткерлерінің лениндік мұраны игеру мен үйренуі зор роль атқарды. Осы жағдайларды, қатпарлы әдеби процесті саралай отырып Тұрсынбек Кәкішев өзінің кітабында нақты тарихи деректердің негізінде терең ғылыми ой қозғап, әр жылдардағы сынның алаттын орнын, көрінісін кейде топтай, кейде жеке сыншы, жазушылардың творчествосына тоқтала отырып саралап талдаған.

Ғалым Тұрсынбек Кәкішев Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәуірде сын замана талабына сай эстетикалық- творчестволық күш- қуат танытып, толысып, ғылыми сапасы биік өрден табыла білгендігін байыпты оймен дәлелдеп, орынды мысалдармен өз ойын тұжырымдайды.

«Жаңа заман- жаңа эстетикалық мұрат» - бөлімінде қазақ әдебиеті сынының жанрлық сипаттағы ізденістерін, оның қалыптасуының қалайша жүзеге асқанын, қандай творчестволық қиыншылықтар кездескенін пролетариат әдебиетін өркендету жолындағы жан аямас күрестерін кереғар таппен, тұрпайы социологизммен қалай жүргізді деген жайттарды нақты деректерге сүйене отырып сыни көзбен саралайды. Сонымен қатар теориялық тұжырымдарға да тоқталып, ұлттық әдебиеттану ғылымының өркендеу жолындағы сол кездегі әдеби ағымдардың орыс әдебиеті сынының әсерін, түрлі пікірлердің тигізген ықпалын талдап қорытындылайды. Бұл аталмыш жайлар «Оңаша отау» кітабындағы, «Көркемдік дамудың соңғы принциптері», «Сынның идеялық-эстетикалық проблемалары», «Реализм бе, романтизм ба?», «Сыншыл реализм дәстүрлерінің сілемі», «Әдеби ағымдар платформасы» деген тарауларда жан-жақты баяндалған. Әдебиеттің партиялық және таптық сипаты нақты тұжырымдар арқылы түсіндіріліп, бөлімнің өн бойында осы принцип жол басшы болып отырған. Алашордашылармен баспасөз бетінде бітіспес күрес жүргізген Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановтардың сын тарихындағы орны, сыншылдық мол мұралары осы ретте басты дәйек ретінде келтірілген [8, 203].

Кітаптағы көлемді бөлімнің бірі «Әдеби мұраны игеру мәселелері» деп аталған. Осы кезде жалпы көне әдеби мұраны игеру мәселесі қазақ әдеби сынына да үлкен міндеттер жүктеді. Автор осы төңіректе туындаған көптеген проблемалық мәселелерді қозғап, халық ауыз әдебиетінің жиналу жайын сөз еткенде оның революцияға дейінгі және кейінгі жай-күйіне, белгілі фольлористердің еңбегіне әртүрлі ағымдардың жүргізген саясатына тоқталған. Мұраларды жинау мен бастыру, Абайтану ілімінің қанат жаюы, оны танып, білуде және насихаттау мен зерттеудегі Мұхтар Әуезов секілді ұлы ғұламаның еңбектері «Абай танудың алғашқы асулары» атты тарауда мәнді де салмақты сөз болады.

Ғалым кітабының соңғы бөлімінде: сыншылдық шеберлік, қазіргі қазақ әдебиеті сынындағы жекелеген кемшіліктер туралы ой қозғайды. Сонымен мәнсіз сындар мен сыни мақалалардың кездесуі хақында, сыншылдық полемиканың дұрыс сақталуы туралы орынды айтып, сын мен сыншы туралы пікірін ортаға салады. Сондай-ақ, ғалым Ғаббас Тоғжанов, Елжас Бекенов, Есмағамбет Ысмайылов, Мұхаметжан Қаратаев, Қажым Жұмалиев, Зәки Ахметов, Мәлік Ғабдуллин, Темірғали Нұртазин және Белгібай Шалабаев секілді белгілі сыншылдардың творчестволары жайында «Сын мен сыншы» бөлімінде сөз етеді [8,205]. Сын- белгілі бір шығармашылық үрдістің қозғаушы күші. Объективті сын арқылы туынды ғұмырының ұзақтығы, оқылуы, оқырманға жетуі анықталады. Әдетте біз әдеби сын туралы айтқанда, «бұл жанр кезінде керемет дамып, әр кітапқа сын- рецензиялар жазылып тұрушы еді. Қазір сын жоқ, тоқырады» деп бұрынғыны көксейміз. Ал шынына келсек, сын бар, сыншы да бар. Тек, жоғары деңгейде көріне алмай жүр. Қазіргі сыни пікірлер баспа беттерінде ғана. Бүгінгі сынның жоғары деңгейде болмай тұрғанының бірнеше себептері бар. Біріншіден, сыншы болудың ең қиыны- сынауға, қатесін айтуға тура келеді. Кейбір қаламгерлер сынды көтере алмайды. Сынды ұнатпай жатады. Сондықтан көбі мақтап жазады. Сынға деген көзқарас әлі де дұрыс емес. Сынап жазу ол ұнатпау немесе мақтау емес, сын-шығарманы не болмаса мақаланы әр қырынан талдау, жан-жақты ойлар білдіру. Ал нағыз сыншы болу- үлкен білімділікті, еңбекті талап етеді. Тағы бір себеп, сыншы қаламақысы мардымыз. Оған арнайы қаражат бөлінбейді. Сыншы рецензия жазуда, қаншама кітап оқиды, автордың еңбегін зерттейді, анализ жасайды. Осындай үлкен еңбек тиісті түрде бағаланбай жатады.

Тұрсынбек Кәкішев драматургия сыны туралы пікірлерін де осы тарауға топтап, оны қалыптастырып, дамытудағы Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Мұстафа Көшеков, Қажықұмар Қуандықовтардың қосқан үлестеріне біршама тоқталған. Жалпы қазақ драматургиясының жай- күйі, театр айналасындағы сыншылдық ой- пікірлердің өрістеуі, қазақ театрындағы кадр мәселесінің шешілкі де зерттеуші назарынан тыс қалмаған.

Қорыта келгенде, ұлтық әдеби сынның дамуы қоғамның, қоғалық ой-пікірдің жетілуіне, қоғамдық сананың қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сын қоғамдық ғылымдардың жетістіктеріне сүйенгенде ғана оның объективтілігі, ғылымилығы, салиқалығы артып, әдебиет айнасындай айна-қатесіз көркемдік кестесін көрсетпек. Сын жанрының туу, қалыптасу эволюциясы, даму тенденциялары бүгінде әдебиеттану ғылымының барша көркемдік-эстетикалық талаптарына толықтай жауап бере алады. Көркем шығармаларды бағалағанда сыншы қоғам өмірін жетік білуімен қатар, әділ сын критерийлеріне жүгінгенде шынайы да шымыр ой-пікір, әдеби көзқарасын білдіре алады.




1.2 Ұлттық әдеби процессте сынының зерттелуі және әдебиеттанудағы

көркемдік ізденістерге объективтік сын мәселелері


Қазіргі қазақ әдеби сын ғылымы арналы да арынды, жұмыр да жеке ғылым саласы. Ұлттық әдеби процессте сынының зерттелуі және әдебиеттанудағы көркемдік ізденістерге объективтік сын мәселелері сөз болғанда, қазіргі қазақ әдебиетіміздің көркемдік қайнарынан нәр алғандығын баса айтымыз қажет. Қазақтың ұлттық әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымындағы осынау күрделі жылдарда қалыптасқан, өркен жайған құнарлы дәстүр, бүгінгі тәуелсіз әдебиетіміз бен өнеріміз үшін де баға жетпес биік тұғыр, эстетикалық құндылық ретінде бағаланып, сын жарының шыңдалуына қапысыз қызмет етуде.

Қазақ әдеби сыны, оның басты бағыт-арналары, ұнамды үлгі- өрнектері халық әдебиетінде де, жазба мұрамызда да көптеп кездеседі. Атап айтқанда, ежелгі әдебиет мұраларында, би-шешендердің даналық-ділмар сөздерінде, ұлт руханиятының мақтаныштары- Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтың әдеби- ғылыми еңбектерінде, «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Айқап», «Қазақ» сынды баспасөз беттеріндегі мақалаларда әдеби сынның мақсат- мұраттары, орын- үлестері айқын аңғарылады. Ал, Алаштың қайраткер- қаламгерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Тоғжанов, Н.Төреқұлов, Х.Досмұхамедов, С.Қожанов, Қ.Кемеңгеров, С.Садуақасұлы, Р.Жаманқұлов, Х.Жүсіпбеков, Ә.Байділдін, А.Байтасов, Е.Бекенов,І.Қабылов, Ы.Мұстамбаев, Д.Ысқақов т.б. әр алуан жанрдағы шығармаларында әдеби сынға зор маңыз берді. Ұлт руханиятындағы, әдебиет дамуындағы жетекші орнын жоғары бағалады. Сондай-ақ, әдебиеттану мен сынның көрнекті өкілдері Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, М.Қаратаев, Т.Нұртазин, А.Нұрқатов, Р.Бердібаев, М.Базарбаев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, З.Қабдолов, З.Ахметов, Ш.Елеукенов, Н.Ғабдуллин, Ә.Нарымбетов, Р.Нұрғали, Ә.Нағыметов, Б.Сахариев, С.Әшімбаев, Т.Тоқбергенов, А.Сүлейменов, З.Серікқалиев, С.Жұмабек, Ж.Дәдебаев, А.Егеубаев, Қ.Ергөбек, Б.Майтанов, Б.Сарбалаев, Д.Ысқақұлы, Ә.Бөпежанова, Т.Шапай т.б. ізденіс іздері мен көзқарас-қолтаңбаларында әдеби сынның көкейкесті мәселелері кең орын алды.

С.Әшімбаев «Сын мұраты» (1976), А.Егеубаев «Сыр мен сымбат», «Құс жолы» (1984), Т.Шапай «Ой түбінде жатқан сөз» (1990) еңбектері үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаттары атанды. Сондай-ақ, Мұхаметжан Қаратаевтың «Асулар алда» (1973), Р.Нұрғалидің «Айдын», «Телағыс», «Қазақ революциялық поэзиясы» (1988), З.Серикқалиевтің «Алтын жамбы» (2002) атты әдеби сын, зерттеу еңбектеріне- Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Асылы, әдебиеттің іргелі саласы:- сын мұратынан- әдебиет әлемінің арғы-бергі тарихы мен оның даму бағыт-бағдарлары, басты тұлғалар мен негізгі еңбектер туралы айқын көзқарас пен қолтаңба, жүйелі ізденіс пен түрлі салыстырулар, нақты талдаулар мен байыпты барлау жіті танылуы қажет: - сын сипатынан: ақиқатты ту еткен, дәлел- дерекке табан тіреген, һәм әдеби-теориялық тұрғыдан қуатты, сондай-ақ таным мен талғам тоғысқан, қанатты ой мен серпінді сөз, тіл мен стиль сипаттары табиғи үйлесім тапқан шынайы шындық самаладай жарқырап, айқын да нақты көрініс табуы тиіс: - сын - сөз өнерінің қозғаушы күші, қуатты қару.

Ақиқатын айту керек, қазіргі кезеңде әдеби сынның байыпты бағдарламасы мен оқулығы бар [9,448]. Әдеби сынның тақырып табиғаты мен құрылымдық сипаттарына, жанрлық жүйесі мен теориялық мәселелеріне арналған зерттеу еңбектері мен жинақтар бар [10,125].

Ұлттық әдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен даму тарихын қарастырған ізденіс, зерттеулер де кездеседі. Мысалы, Ж.Смағұлов «Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихы». -1999; «Ұлттық әдебиеттану әлемі». -2005; С.Б. Жұмағұлов «ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеттану ғылымы». -2008, т.б. сынды еңбектерін атауға болады. Осы ретпен келгенде, Ж.Аймауытұлының «Әдебиет- сынмен көркейеді», С.Садуақасовтың «Жазушының қайрағы- сыншы» деген қағидалы көзқарастарының қазір де мәні зор. Мұның мысал-деректерін қазақ әдебиеті тарихынан, жекелеген ақын-жазушылардың ізденіс, мұраттарынан көптеп кездестіреміз. Арыдағы арналарды айтпағанның өзінде «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (Р.Нұрғали) аталған- ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы әдеби айтыстар мен «Ашық хат» үлгілері, Абай мен Мағжан мұралары төңірегіндегі сыншыл ой сипаттарында тағылымды тұстар мол. Сондай-ақ, қазақ қаламгерлерінің, атап айтқанда: А.Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны», Ж.Аймауытұлының «Мағжанның ақындығы туралы», М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», С.Садуақасовтың «Қазақ әдебиеті», С.Сейфуллиннің «Әдебиет және оның ағымдары», С.Мұқановтың «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер!», Ғ.Мүсіреповтің «Авгейдің атқорасынан бастайық», М.Қаратаевтың «Қазақ поэзиясының құлагері», З.Қабдоловтың «Әуезовтің әсемдік әлемі», С.Қирабаевтың «Сәкен туралы сөз», Т.Кәкішевтің «Сәбит-Мағжан-Сәкен», Р.Бердібайдың «Кемеңгерлік келбеті», Ш.Елеукеновтің «Сағындырған жыр», Р.Нұрғалидың «Бір мақала хақында», З.Серікқалиұлының «Алтын жамбы», С.Жұмабектің «Талант тектоникасы» мақала, зерттеулерде қазақ әдебиетінің жалпы мәселелерімен бірге сын мұраты, оның табиғаты мен тағылымы, түйінді тұстары кең көлемде қарастырылады. Аталған еңбектердің бәрі-баршасынан: ұлттық әдебиеттің жүріп өткен жолы, «тар жол, тайғақ кешулер» тағылымы, сөз өнерінің өзіне тән мақсат-міндеттері, әдеби сынның асыл мұраттары, руханият ісінің тарихи негіздері, әдеби-мәдени һәм эстетикалық құндылықтары, көркемдік әлемнің мың сан иірімдері жан- жақты танылады.

Бұдан басқа, қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынын әр алуан бағытта қарастырған- М.Базарбаевтың «Көрікті ойдан- көркем сөз» (1994), «Казахская поэзия: художественное искания» (1995), Р.Бердібаевтың «Эпос мұраты» (1997), «Жұлдыздар жарығы» (2000), Т.Бейісқұловтың «Бейімбетті атқан кім?» (2000), Х.Әдібаевтің «Абай патшалығы» (2009), Т.Кәкішев пен А.Садыққызының «Сәбит Мұқанов» (2009), К.Ахметтің «Сәбит Мұқанов- ғұлама ғалым» (2010), Қ.Салғараның «Түрік әлемі» (2000), И.Жеменейдің «Хафиз және қазақ әдебиеті» (2000), Б.Қожабекұлының «М.Х.Дулати» (2000), Ш.Елеукеновтің «Мағжан» (1995), «Кітаптану негіздері» (1997), М.Мамажановтың «Асыл мұра» (1993), А.Машановтың «Әл-Фараби және Абай» (1994), М.Мағауиннің «Ғасырлар бедері» (1991), «Қазақ тарихының әліппесі» (1994), Т.Қожакеевтің «Көк сеңгірлер» (1992), «Қым-қуыт іздер» (1999), А.Қасымжановтың «Ұлы даланың зиялылары» (1996), А.Қыраубаеваның «Ежелгі әдебиет» (1996, 1999), «Шығыстық қисса-дастандар» (1997), Ө.Күмісбаевтың «Проблемы арабо-персидских и казахских литературных связей» (1996), А.Мархабаевтың «Қазақ фантастикалық әдебиеті» (1998), З.Серікқалиұлының «Алтын жамбы» ( 2001), Ж.Дәдебаевтың «Өмір шындығы және көркемдік шешім» (1991), «Әулие ата» (1998), Т.Жұртбайдың «Бейуақ» (1990), «Талқы» (1997), « Ұраным- Алаш» (2008), С.Ашимханованың «Мир Габита Мусрепова» (1999), С.Жұмабектің «Сын пернесі» (1990), «Сын әуені» (2001), Ө.Әбдімановтың «Қазақ газеті» (1993), Қ.Алпысбаевтың «Тарихи шығарма: таным және көркемдік» (1999), З.Бисенғалидың «ХХ ғ.б. қазақ романы» (1997), Б.Майтановтың «Қазақ романы және психологиялық талдау» (1996), Ә.Бөпежанованың « Дүние- имани құбылыс» (2001), А.Егеубайдың «Құлабыз» (2001), Б.Кәрібаеваның «Қара өлең және лирика» (2001), Қ.Құдаймендінің «Ел мен жер тағдыры» (2000), Қ.Мәшһүр Жүсіптің «Көркем сөздің құдіреті» (2000), Б.Жетпісбаеваның «Символ в движении литературы» (1999), А.Исмакованың «Казахская проза: поэтика, стиль, жанр» (1998), Д.Ысқақұлының «Сын жанрлары» (1999), Қ.Мәдібайдың «Зар заман ағымы» (1997), Р.Тұрысбектің «Сөз сарасы» (1996), «Жүсіпбек» (1997), «Ар айнасы» (2000), «Парыз бен парасат» (2003), «Асыл сөз» (2006), « Ұлт мұраты және руханият» (2008), «Тарих.Таным.Тағылым» (2008), М.Тәжімұратұлының «Шеңгерей» (1998), Б.Сапаралының «Құнанбай қажы» (1995), М.Серғалиевтің «Ой өрнегі» (1995), З.Сейітжанұлының «Шыңжан қазақ әдебиеті» (1999), Н.Омашұлының «Белестер» (1999), Б.Кәрібозовтың «Сырлы сөз сипаты» (1997), Т.Сыдықовтың «Мұрат пен міндет» (1987), Ж.Ысмағұловтың «Абай: ақындық тағылымы» (1994), А.Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» (2002), «Қазақтың ауызша тарихы» (2008), З.Жұмағалидің «Бел-белесте» (2005), А.Еспембетовтің «Уақыт өрнегі» (2005), С.Құлбарақтың «Т.Ахтановтың жазушылық шеберлігі» (2006), Г.Пірәлиеваның «Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері» (2003), С.Тапанованың «Қазақ романдарындағы ғашықтық сарын» (2007), С.Сүтжанның «Алаш және түркі руханияты» (2008), Е.Сыдықовтың «Шәкәрім және Алашорда» (2008), Б.Ысқақовтың «Қазақ және Еділ бойы халықтары әдебиеттерінің идеялық-творчестволық байланыстары» (2007), Ж.Аймұхамбетованың «Мифтің поэтикадағы қызметі» (2010), Қ.Асановтың «Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты» (2010), А.Әлтайдың «Қазақ балалар поэзиясы» (2009), Қ.Байтанасованың «Орыс қаламгерлері шығармашылығының эмигранттық кезеңі» (2008), С.Дүйсенғазиннің «Халық поэзиясы және Ғабдиман Игенсартов мұрасы» (2007), «Шетел әдебиетінің тарихы» (2010), Б.Дуанинаның «Қазақ-неміс әдеби байланысы» (2010), А.Қалиевтің «Торғай ақындарының дәстүрлі поэзиясы» (2008), М.Үмбетаевтың «Ақындық өнер өрісі» (2003), Б.Омарұлының «Мұрат Мөңкеұлы» (1993), «Зар заман поэзиясы» (2000), Э.Пертаеваның «Дулаттың ақындығы» (2000), А.Шәріптің «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» (2000), А.Ісімақованың «Алаш әдебиеттануы» (2009), «А.Мырзабековтың «Ақ жауын» (2001), Қ.Кемеңгердің «Олжабай Нұралыұлы» (2010), М.Оразбектің «Автор және шығармашылық процесс» (2006) зерттеу, еңбектері жарық көріп, онда ұлттық сөз өнерінің әр кезеңдегі өсу-есею жолдары, жекелеген ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы алыс-жақын елдердегі қандастарымыздың тағдыр-талайы, әдеби мұра мен оны зерттеп- ерделеудің өзекті тұстары, көркемдік мұраттар тағылымы, мәдени- рухани һәм эстетикалық құндылықтар қазіргі кезеңнің талап-тілектері тұрғысынан таразыланады.

Еліміздің жер-жерінде, алыс-жақын шет елдерде халқымызға ерлігімен- қалқан, таным-іліктерімен- мәшһүр болған елбасылар мен би-шешендердің, батыр бабалармыздың, ақын-жазушылардың мерей-тойлары мен даталы күндер тұсында ұйымдастырылған ғылыми-практикалық конференциялардың материалы- «Абайтану: тарихы, теориясы және даму бағыттары» (1995), «Жамбылтану: тарихы, теориясы және даму бағыттары» (1996), «Қазақ шешендік өнері және Бөлтірік шешеннің әдеби мұрасы» (1996), «Өтеген батыр өмірі, өнегесі және көркем бейнесі» (1999), «М.Х.Дулати: тарихшы, жазушы, қолбасшы» (1999), «С.Мұқановтың әдеби-мәдени мұрасы және қазіргі заман» (2000), «Түркі өркениеті: тарихы, бүгінгі жағдайы және болашағы» (1998), «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті» (1997-2000), «Сәбит Мұқанов және қазақ әдебиеті» (2000), «Қазыбек бек Тауасарұлы: тарихи тұлға, ғалым, ақын» (2000), «Қазақстан-Иран: ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі өзара тарихи байланыстары» (2000), «Қазақстан және әлемдік өркениет: тарих және қазіргі кезең» (2001), «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу жыры» -1500 жыл (2001), «Ғ.Мүсіреповтің көркемдік әлемі» (2002), « Ғ.Мүсірепов және әлемдік көркемдік процесс» (2002), «З.Ахметов және әлемдік руханият мәселелері» (2003), «Шапырашты Наурызбай: тарихы мен тағлымы» (2003), «Қазақ әдебиеттануының тарихы: методология және теория» (2004), «Алыптар тобының асылдары» (2005), «Абай және ұлттық идея» (2005), «Рухани мұра және қазіргі мәдениет текстологиясы, игеру, зерттеу» (2005), «Қазіргі әдебиеттану мен фольклористиканың өзекті мәселелері» (2005), «Көкейкесті әдебиеттану» (1-10 кітап), «Алаш және Әуезов» (2007), «Алаш қозғалысы» (2008), «Шәкәрім әлемі: таным мен тағылым» (2008), «Ә.Кекілбаев әлемі және қазіргі заман» (2009), «Тіл және руханият: өзекті мәселелер» (2010) т.т. дерек-дәйектерімен, жаңа уақыт талаптары тұрғысындағы ізденіс, көзқарастарымен назар аударады. Қалың көптің мақсат-мұратын көздеген мұндай ғылыми жиын, жүздесу-қауышулар ел бірлігі мен тұтастығын, Ұлт құндылықтарын, Руханияттың түйінді тұстары мен ортақ мәселелерін қозғап, бірлесе шешім қабылдауымен де маңызды болып табылады.

Бұдан басқа- әдебиет сыншыларының Халықаралық ассосациясының ІХ конгресінде (Алматы,1985, 26-28 қараша), әдеби-ғылыми ұжымдық еңбектерде - «Әдебиеттану мен әдебиет сыны» (Қазақ әдебиетінің тарихы, 9 том. - Алматы, 2005.- 298-329 беттер), «Әдеби-көркем сын» (Қазақ әдебиетінің тарихы, 10 том.- Алматы, 2006.- 389-407 беттер), Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. (-Алматы, 2009, 2 том. - 542-645 беттер), Әдеби өмір шежіресі. (- Алматы, 2005. - 488 бет) т.т. кең орын беріледі. Сондай-ақ, Т.Кәкішевтің «Сын мен қисын сардары» («Ақиқат»,1994, №2), С.Қирабаевтың «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: дәуірлеу мен жаңаша пайымдау» («Егемен Қазақстан»,1999, 16 шілде), «Алашорда және қазақ әдебиеті» («Егемен Қазақстан», 2007, 7 қараша), Ш.Елеукеновтің «Сын мен сыншы» («Ақиқат», 1998, №4), С.Жұмабектің «Сын симфониясы» (2005), А.Исмақованың «Әдебиетте тоқырау болды ма?» («Жалын», 1989, №2), Б.Кәрібаеваның «Шын әдебиет енді туады» («Қазақ әдебиеті», 1999, 19 қараша), С.Шүкірұлының «Әдебиеттану белестері» («Таң Шолпан», 2005, №6) т.с.с. әдеби сын, мақалаларда кеңінен көрініс тапты. Бірсыпыра дөңгелек үстел материалдарына да арқау болды. Сын жанры жойылып бара жатқан жоқ па? («Қазақ әдебиеті»,11.07.2008), «Әдебиет-әдептілік әлемі». Бұдан байқалатыны:

- сөз өнерінің сырлы сипаттары;

- сын жанрының табиғаты мен тағылымы;

- әдеби сынның өзіндік өзгешеліктері;

- сын мен сыншының өз ара байланысы;

- сынның өрісі мен өресі т.с.с. кең көлемде, жан-жақты сөз етіледі [11,9].

Демек, сын мұраты- әдеби қозғалыстың бағыт-бағдарын айқындап, сол кезең, уақыттағы өмір мен өнердегі, тұтас руханият арнасындағы ақиқат жайттарды, шындық сырларын қаз-қалпында көрсетеді.

Ақын-жазушылардың көзқарасы мен қолтаңбасын байыпты бағалау арқылы ізденіс арналарына, тақырыптық-көркемдік мұраттарына ден қою. Шағын жанрдан-көлемді туынды аралығындағы өсу-есею жолдарын бағдарлап, маңызды тұстарына-өмір оқиғасын суреттеу сырларына, адам әлемін ашу қырларына, тіл-стиль сипаттарына назар аудару. Нәтижесінде, ұлттық сөз өнерінің қалыптасу һәм даму кезеңдерін, өсу-есею бел-белестерін тамыршыдай тап басып, осының негізінде адам өмірі мен еңбегін, мәдени-рухани һәм дәстүр өнегелерін, тұрмыс-тіршілігін арқау еткен тақырыптық ерекшеліктерді, жанрлар жүйесін, көркемдік-эстетикалық құндылықтарды, танымдық-тағылымдық тұстарды, тілдік мұрат пен стильдік өзгешеліктерді уақыт тынысына сай танып-талдап, жіті зерделеу. Әдебиет пен өнердің асыл мұраты-адам өмірі мен еңбегін аялау мен бағалау бағытындағы мәдени-рухани һәм көркемдік-эстетикалық қызметін қалың көпшілікке шындыққа сиымды қалыпта сенімді түрде жеткізу болып табылады. Алайда, сын мен сыншыға қатысты қазіргі кезеңде көзқарастардың төмендігі, мемлекеттік қолдаудың жоқтығы, арнайы басылым мен дәстүрлі мектептің, қауымдастықтың болмауы, сөз жоқ осы бағытта тұрақты кадрлардың шоғырланбауына, әдеби сын еңбектерінің (кітап, жинақ т.т.) жүйелі жарық көрмеуіне әкеліп тіреді. Дегенмен, жазушы-драматург Ә.Тарази айтқандай: «... сыншылар бар, жеткілікті, бірақ, көреген сын, мерген сын, прозаның алдын шолып отыратын сезімтал сын қайда? Өмір құбылысы мен әдеби құбылысты қатар зерттеп, ұштастырып отыратын дана сын қайда?» [12,269].

Ақиқатын айту керек, асылы: «Сын- қоғамдық сананың бір көрінісі. Әдебиетті « өнер»,өнердің ішіндегі «сөз өнері» дейміз. Бар нәрсені жоқ деп айтуға болмайды. Әдебиет те, әдебиеттің сыны да бар. Дәл қазіргі кездегі әдебиеттің даму жағдайы қалай дегенге келсек, екі жағына да сын айтуға болады. Сынның дамуына да, көркем әдебиеттің дамуына да. Әдебиетке қажетті көңіл бөлінбегеннен кейін, дәстүр сақталмағаннан кейін жастарымыздың ол ортаға барғысы келмейді. Кейде әдебиет туралы ескі ұғыммен жүрген шығармыз деген ойда қаламын. Көркем әдебиет деген қандай еді, жалпы ол туралы ұғым қандай еді, оқырманның жазушы, ақын туралы түсінігі қандай еді, не болмаса қаламгердің қоғамдағы орны қандай еді? Егер осының бәрін бүгінгі қоғам дамуының беталысымен, деңгейімен өлшесек, қаламгердің қызметіне көпшіліктің көңілі толмайтыны рас. Әдебиет ілгеріректе идеология құралы болды. Соған сәйкес оның әдісі болды, түрлі қағидалар қалыптасты. Қырық үйден тыйым көретін қыздың күйін кешті. Осы бұғаудың бәрінен босап еді, әдебиеттің ар-ожданына кіреуке түсті. Қазір жекелеген адам ғана әдебиетке талап қоятын болды. Мемлекеттік деңгейде ондай нақты талап жоқ. Қыл аяғы көркемдік кеңес те жоқ. Жазылып,ақшасы төленген кітаптың бәрі шығып жатыр» [13,204].

Сөз өнерінің арналы Һәм саралы саласы- әдеби сын: көркем шығарманың өмірмен байланысын, қоғамдық-әлеуметтік даму бағыттарын,адам өмірі мен оның еңбегін, әдеби-мәдени,рухани әлемдегі артық-кем тұстарды,ұнамды құбылыс пен келеңсіз көріністерді кең көлемде ашып көрсетеді.

Алдымен айтарымыз, кеңестік кезең тұсындағы зерттеу мен зерделеу бағытындағы еңбектерде (оқу құралы мен оқулықтар, әдеби-ғылыми зерттеулер, жеке авторлар шығармашылығы т.с.с.) әдеби сын орын алды. Көркеөнердің даму үдерістері мен замана шындығы, уақыт тынысы сөз етілді. Бұдан басқа, Қазақстан Жазушылар одағы жанынан шығатын- «Сын» журналы, облыс орталықтарынан тарайтын- «Абай», «Жамбыл», «Мағжан», «Мұқағали» сынды әдеби-көркем, ғылыми-көпшілік басылымдар ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге үлес қосып келеді.

Әдеби сынның тынысын кеңейтіп, кең өріс берудің мүмкіндіктері бар ма?! Сын мен сыншы мерейін өсірудің тиімді жолдары қандай?!

Ұлттық мұрат тұрғысынан келсек, жаңа жол, ұтымды да тиімді тұстардың бары анық. Біздіңше, ол жайлар төмендегіше түзіліс құрар еді:

- сөз өнерін-басты байлық, қымбат қазына санап, ұлт руханиятының адастырмас компос, барометрі биігіне көтеру керек;

- сынға-әдебиеттің құрамдас бөлігі ретінде қарап, әдеби басылым беттерінде жаңа кітаптармен бірге солардың артық-кем тұстарын тамыршыдай тап басып, көркемдік көкжиегіне мәдени-рухани һәм эстетикалық құндылықтарды кеңінен көрсететін-сындарлы сынға кең орын берілуі қажет;

- әдеби жыл қорытындысында, мерейтойлар мен арнаулы байқауларда сын мен сыншы мұратын айқындайтын: байыпты бағдарлама, құнарлы ой, терең талдауларға негізделген салмақты баяндама, іргелі ізденіс, ұтымды ойларды арқау еткен-зерттеу мен зерделеулер аса қажет болып табылады;

- алыс-жақын елдер мен аймақтық әдебиет өкілдері, ондағы сыншыл ойды серік еткен жаңа есім, еңбектер де негізгі назарда болғаны жөн:

- жоғары оқу орындарында, әдеби бірлестіктерде сын мен сыншы сипаттарына кең орын берілсе, нұр үстіне нұр.

Бұдан шығатын түйін:

- сын мұраты айқын, ол-әдеби үдерістің күретамыры, бағыт-бағдар беретін, алысқа арна тартқан алтын бастау, сырлы да соны соқпақ;

- сыншы міндеті сындарлы, ол-әдеби дамуды айқын аңғарып, батыл барлау мен терең талдауларға табан тірейтін сергек сезімнің, серпінді де тегеурінді, талантты топ өкілі, басты тұлға. Тұтастай алғанда,әдеби сынның табиғаты мен тағылымынан:

- сөз өнерінің даму арналары;

- әдебиет қозғалысының бағыт-бағдарлары;

- ақын-қаламгерлердің қолтаңбалары мен көзқарастары;

- әдеби шығарманың жазылуы мен жариялануы;

- туындының тақырыптық ерекшеліктері, жанрлар жүйесі, көркемдік мұраттар, кейіпкер әлемі,өмір шындығы, уақыт тынысы, тіл-стиль сипаттары;

- әдебиеттің ұлттық сипаты,көркемдік қырлары, эстетикалық мәселелері, психологиялық үдерістер, танымдық-тәрбиелік мәні т.т. терең танылады. Ал, сыншы мұраты-жазушы еңбегі мен шығармашылық үдерісті, ұлттық рух пен сананы, көркемдік құндылықтарды, талант пен танымды, ой мен сезім сырларын танып-талдап, жүйелі жеткізуінде жатыр. Мұның өзі ұлт мақтанышы, руханият тамыршысы А.Байтұрсынұлы сөзімен айтар болсақ:

«Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек; ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек; мағыналы, маңызды болуына білім керек» [14,144].

Тұжыра айтсақ, ұлттық әдеби процессте сынының зерттелуі ұзын-сонар кемелдену арнасына түсіп, әдебиеттанудағы көркемдік ізденістерге объективтік сын беру маңдай түзер темірқазық ретінде айқындалып, қазіргі сынның болашақ перспективаларына бағдар беруде. Олай болса, сын мен сыншының эстетикалық талаптарынан- әдеби үдерістің бағыт-бағдары, даму арналары, көркемдік көкжиектері кемел де келісті жүйе құрап, ұлттық көркем ойдың кемел даумуына алғышарт болып отыр.





1.3 Ұлттық сын жанрын қалыптастырудағы әдебиет тарихы туралы

көзқарастар мен сынның жанрлық формасы


Әдебиет-ардың ісі болса, сын- ақиқаттың айнасы. «Шын сын болсын, сын-шын болсын» деген қанатты сөз де сын жанрының басты аксиомасы, өзгермес өмірлік қағидасы іспеттес. Содан болса керек, әдеби сынды - әдебиеттің тәрбиешісі тұрғысында пайымдайды, суреткер еңбегінің ішкі иірімдерін аңғартуға, ой-санасының сырларын танытуға тереңдейді. Ұлттық сын жанрын қалыптастырудағы әдебиет тарихы мен сынның жанрлық формасы сөз болғанда, әдебиет тарихының тереңіне барлау жасауға тура келеді. ХІХ ғасырға дейін қазақ әдебиеті негізінен ауызша ақындық поэзия түрінде болып келсе, енді жазба әдебиет өкілдері шыға бастады. Бұрыннан келе жатқан араб графикасындағы шығыстық үлгідегі кітаби ақындармен бірге орысша оқыған сауатты, білімді азаматтар көрінді. Жергілікті ұлт өкілдерінің кадрлар даярлағандағы отаршыл орыс өкіметінің басты мақсаты өз жақтастарын саясатын жүргізетіндерді бодан елдің өз ішінен даярлау болатын. Бұл саясат белгілі бір дәрежеде жемісін де берді. Солай бола тұра орысша білім алғандардың ішінен халықтың қамын ойлаған, ұлтжанды зиялы азаматтар да шыға бастады. Солардың ішінде әсіресе Шоқан Уалихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың жұлдыздары қазақ мәдениетінің, көгінде жарқырап жанды.

Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов әдебиет жайлы да құнды пікірлер айта білді. Ол Жетісуға, Ыстықкөлге, Жоңғарияға, Қашқарияға жасаған сапарлары кезінде ел ішінен әдебиет үлгілерін жинады. Қазақтың «Қозы-Көрпеш Баян сұлу» жырын алғаш рет қағазға түсіріп, пікір айтты. Шоқанның қазақ халқының ақын жандылық қасиеті, дамыған поэзиясы жайлы білдірген пікірлер аса қызғылықты. Ол қазақ ауыз әдебиетін басқалардан биік қояды: «Поэзияға құмарлығы, әсіресе, өлеңді шығарып айтуға құмарлығы-көшпенділердің айқын белгісі». «Дала көшпелілерінің поэзия мен шынайы сезімділікке бейім болуына өмір бойы табиғат құшағында жүруі, жасыл желекті даланың, ашық аспанның көріністері мен көшпенділік тұрмысы әсер етпесіне кім кепіл». «Өзінің поэтикалық дарындылығы жағынан қазақтар бірінші орынға ие екеніне дау айту қиын». «Қазақ ақындарының импровизаторлық өнері көшпелі елдің салт-тұрмысына байланысты ғасырлар бойы қалыптасқан ақындық дәстүр негізінде туып, дамыды»,- деген ой түйеді [1,18].

Әлемдік әдебиет пен мәдениеттен жан-жақты білімдар Шоқан туысқан қырғыз халқының атақты дастаны «Манас» жырын алғаш зерттеуші, оның «Семетей» тарауын тұңғыш рет жазып болды. «Манас- бүтін бір халықтың шығармасы, соның көп жылдық шығармашылығының жемісі-дала «Илиадасы» десе де болғандай»-деп, бұл жырды аса жоғары бағалайды [1,19]. «Манастанудың» негізін салған Шоқанның бұл пікірлері кейінгі зерттеулердің сара бағытын айқындап берді десе де болады.

Шоқанның еңбектерінде қазақ әдебиеті тарихындағы Қорқыт, Асан қайғы, Ақтамберді, Шал, Тәтіқара, Орынбай, Шөже, Жанақ, Түбек, Бұқар сияқты ірі тұлғалардың өнерпаздық қырлары хақында азды- көпті пікірлер бар. Қазақтың ақындары жайлы айтқанда негізгі мақсат ұлттық әдебиетімізді еуропалықтарға таныстыру болғандай. Өйткені Шоқан қазақ поэзиясы туралы әңгімелеп отырғанда, оны көбіне еуропалық әдебиетпен салыстыра отырып, түсіндіреді.

«Қазақ халық поэзиясының түрлері» атты еңбегінде Шоқан сол кездегі қазақ поэзиясын түрлерге жіктеп, әрқайсысына анықтама береді. «Жыр-рапсодия, жырламақ деген етістік,мәнерлеп айту деген ұғымды білдіреді». «Жоқтау- әдебиеттің ең ескі түрі. Оның шығуы үй ішінде, қауым ортасында болған игі адамдардың дүниеден көшкеніне өкініп, оларды еске түсіру ретінде айтылған жыр». «Қайым өлең- төрт жолдан құралған әр шумағында жеке-жеке идея жататын өлең. Бұл өлеңдер дауыс ырғағына негізделіп айтылады» [1,21].

Шоқанның осы еңбегі сол кездегі қазақ әдебиеті жайлы ғылыми-сыншыл ойлар шыққан биік белес, алынған асқар асу, қазақ әдеби сынының тарихындағы алғашқы ғылыми- теориялық мақала болатын.

Ыбырай Алтынсарин (1841- 1889ж.ж.)- қазақ халқының болашағы үшін халық ағарту саласында тарихи еңбек сіңірген ХІХ ғасырдағы аса көрнекті мәдениет, әдебиет қайраткері. Оның Торғай қаласындағы алғашқы қазақ мектебін ашуы, осы мектепке арналған оқулық ретінде «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясын» жазуы- қазақ даласы үшін үлкен тарихи оқиға. Қазақша, орысша, мұсылманша жан- жақты білімдер алған Ыбырай өзінің бар дарынын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнағандықтан оның әдебиетшілдік қызметі де тікелей осыған байланысты болды. Сондықтан да «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясын» қарастырғанда оған екі тұрғыдан: көркемдік және педагогтік жағынан келу керек. Кітапқа кірген шығармалардың көбі Ыбырайдың төл тумасы, ауыз әдебиеті үлгілері, аудармалар. Оқулықтың мақсатты көздегендіктен де Ыбырайдың өз әңгімелерінің барлығы дерлік тәрбиелік ыңғайда жазылған. «Оның ақындық шабытына дем беріп, жазушылық қиялына қанат бітіретін зор нысанасы- қараңғы қазақ халқының көзін ашу, көңілін ояту, оны озық мәдениетті елдердің қатарына қосу» [15,852].

Қазақтың бай ауыз әдебиеті ішінен басқа да халықтар әдебиетінен аудармалар жасап, кітапқа саралап еңгізілгенде Ыбырайдың сыншылдығы педагогикалық бағытта көрінеді. Ол шығарманың тәрбиелік маңызын ғана емес, сонымен бірге оның оқушының санасына жетуіне тікелей әсер ететін жас ерекшелігі, ұлттық психология, жеке мүддесі сияқты мәселелерді де жіті ескеріп отырған.

Ыбырайдың шығармалары қазақ тілінің әдеби нормасын берік ұстануымен ерекшеленеді. Ол өзі ғана таза әдеби тілмен жазып қоймай, өзгелерден де осыны талап етті. «Қазақ тілінің тазалығын сақтау жолындағы күресі Ыбырай Алтынсариннен басталған» [16,45]. Ол қазақ тіліне шет сөздерді орынды- орынсыз тықпалай беруге қарсы болды. «Қазақтың төл тілінде қажетті сөз табылмай қалған жағдайда, кейбір парсы немесе араб сөздерін пайдаланудың ерсілігі жоқ» [17,270] деп білді.

Ұлы ағартушы жазушы- Ыбырай Алтынсариннің бүкіл шығармашылық жолы оның ағартушылық қызметінен туындап отырған. Ол әдебиет жайлы арнайы мақала жазбағанымен де, оның еңбектерінде ағартушылық, педагогтік бағытта барынша жарқырап көрінген әдеби сыншылдық көзқарастары айқын көрінеді.

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев- ХІХ ғасырдағы ұлттық поэзияны асқар биікке шығарған аса ірі әдеби құбылыс. Поэзияның қоғамда алатын орнына, оның негізгі мақсаты мен міндетіне мүлдем жаңаша көзқараспен келіп, әдебиетті прогресшіл бағытқа бастады. Сөйтіп қазақ өлеңін идеялық және көркемдік жағынан қоғамдық рухани дамудың озық дәрежесі деңгейіне дейін көтерді. Қазақ поэзиясының ғасырлар бойғы дәстүрлі дамуына әлемдік әдеби үрдістердің ең үздік үлгілерін көрсетіп, қазақ поэзиясына жаңа сапарлар әкелді; өркендеудің өнімді жолына түсірді. Жалпы, Абай- тумысынан сыншыл ақын. Тума талант дана Абай өлең түгілі, бүкіл өмірге сын көзімен қараған. Өмірдегі келеңсіздіктерді, жетесіздіктерді аяусыз сынап отырған. Абайдың шығармашылығын сыншыл реализмге жатқызып келгендігіміз де сондықтан. Абай поэзиясын биікке көтеріп тұрған басты қасиетінің бірі- осы өмірге, өнерге сын көзқараспен қарап, тіршіліктің мәнін, маңызын, мақсатын жаңаша көркемдік тәсілдермен кемел кестелей білуі. Ақын өлеңдеріндегі өмірге деген көзқарасы зерттеулерде біршама әңгіме болып жүр [1,23].

Абай өзіне дейінгі қазақ поэзиясын, оның ішінде Шортанбай, Дулат, Бұқар жыраулардың өлеңдері жайлы пікір айтқанда олардың ақындығын жоққа шығармайды. Өзіне тән нені айтса да түбіне жеткізе кесіп айтатын әдетімен оларға жоғары талаптар қойып, өлеңдеріндегі бір сарындылықты, техникалық, көркемдік жақтарындағы кейбір жетіспеушіліктерді аяусыз сынға алған. Дәстүрлі қара өлең, жыр үлгісіндегі бүкіл қазақ поэзиясында өлең құрылысына тән батыл ізденістердің болмағанын оның аса көрнекті үш атын атап тұрып, сынап отыр.

Абайдың көркем сөзге қояр биік философиялық-эстетикалық талғамы оның қазақтың мақал-мәтелдері жайлы айтқан пікірлерінен де айқын көрінеді. Ол «Қазақтың мақалдарының көбіне іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар» [18,462],- деп білген. Халықтың ғасырлар бойы тәжірибесін «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» етіп, аз сөзбен, терең оймен кестелген мақал-мәтелдерді тілдік жағынан емес, онда айтылған ойлардағы кейбір ұшқары жақтарын қатал сынға алған. Абай «Жарлы болсаң, арлы болма», «Қалауын тапса, қар жанады», «Атың шықпаса, жер өрте», «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол», «Алтын көрсе, періште жолдан таяды», «Ата- анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» деген мақалдарда айтылар ойдың адамгершілік нормаларына қайшы келетін тұстарын атап көрсетеді .

Абай-уақытынан озып туған ұлы ақын. Қазақ бойындағы кемшіліктерді Абайдай қатты айтқан, ашық сынаған ешкім тағы да жоқ. Халқының қамын жеп, «толғауы тоқсан қызыл тілді» қару қылып, қанша қызмет етсе де елі кезінде ақынды өз дәрежесінде түсіне алған жоқ. Өйткені Абай өз оқырманынан көп алға кетіп қалған болатын. Ақынның көркем кестеленген көп мағыналы да терең өміршең ойлары көпшіліктің түсінуіне ауыр соғып жатты. Сондықтан да Абайды оқырман мәселесі қатты қинады. «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырық» дейтіні де сондықтан [1,25].

Сонымен, қазақ әдебиетінде сыншыл ойлардың дамуына ұлы Абайдың сөз өнері жайлы айтқан өрелі ойлары әдеби сынды, кең өрістерге, бел-белестерге алып шығып, философиялық- эстетикалық сыннан биік асуларына бет алғанын байқатты. Сынның дамуы қоғамдық ой-пікірлердің дамуымен тікелей байланысты болса, данышпан Абайдың өмірдің мәні, поэзияның қоғамдағы орны, сөз өнері жайлы ғасырлар бойы қалыптасқан талғам-түсінігі Абай арқылы үлкен електен өтіп, кемелденіп, толысып, жазбаша сипат ала бастады.

Жиырмасыншы жылдардың бас кезінде өкімет басында жүрген Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов сияқты қайраткерлер әдеби сынға араласып тұрды. Сондай-ақ түрлі қызметте жүрген Қошке Кемеңгеров, Ыдырыс Мұстабаев, Шәймерден Тоқжігітов, Ғаббас Тоғжанов, Хамза Жүсіпбеков,Аманғали Сегізбаевтар үлес қосып, ой-пікірлер білдірсе, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов т.б. жазушылар да әдеби сынға араласып, пікірлерін білдіріп жатты.

Ескі өкімет құлап, жаңа билік аяғына нық тұра алмай жатқанда қазақ әдебиетінің жай- күйі жайлы ой толғап, қалам тербеген азаматтардың бірі С.Сәдуақасов болды. Оның «Киргизская литература (историко- критический очерк)» атты еңбегі қазақ халқының мәдениеті, қазақ өмірінде әдебиеттің алатын орны,қазіргі әдебиет, баспасөз мәселелері біршама көрініс тапқан. Қазақ поэзиясындағы ақындық, жыршылық, импровизацияны жоғары бағалаған. Ал, Смағұл Сәдуақасовтың шығармашылығын арнайы зерттеген Дихан Қамзабекұлы. «Смағұл Сәдуақасұлының «Қазақ әдебиеті» еңбегінің қазақ әдебиет тануындағы орнының ерекшелігі оның бұл саладағы орыс тіліндегі алғашқы зерттеулердің бірі болуында ғана емес, қазақ әдебиетін осындай кең ауқымда, жанр- жанрға жіктеп, тұңғыш саралауында» [19,54] деп Дихан Қамзабекұлы пікір білдірген.

Сыншы негізгі бағытын, эстетикалық қалыптасқан көзқарасын анықтайтын, қазақ әдебиетінің табиғатын жыға танытатын нәрлі еңбектерді әр кезеңде жазып отырғаны мәлім. Алайда «Еңбек адамдарын социалистік реализм әдісімен бейнелеу жөнінде», «Көркемөнердің терең тамыры туралы жаңа роман», «Қазіргі әдебиеттану мәселесі», «Қазақ әдебиетінің халық поэзиясымен байланысы», «Халық өмірінң энциклопедиясы» сияқты сүбелі де қомақты мақалалары 50-жылдары жарқырай көрініп әдебиетімізге келген жаңа шығармаларды көркемөнердің дамуындағы өзгерістерді әдеби процесс ретінде тануға, оны өркендетуге қажетті шарттарды толымды айтып отыруға талпынғанын көрсетеді.

Сыншылық қаламның бір ерекшелігі - әдеби даму процесін жалпылай әңгімелегенде, әрбір ақын-жазушының творчестволық тұлғасын көппен бірге араластырып алмай, ол әкелген жаңалықты, өнікті тәжірибені таңбалай, айшықтап көрсетсе, жеке ақын-жазушының шығармашылығына талдау жасағанда, оның өзіне тән қасиеттерінің жалпы әдеби дамуға қарай жанасып, толықтырып жатқандығын аңғартып отыруы болды. Сондықтан жалпының жалқыдан, жалқының жалпыдан даралана көрінуіне айрықша зер сала білген сыншы пікіріне қаламгерлер әрқашан құлақ қойып отырды. Мұның өзі сыншылық ойдың базарлы болуына жағдай жасап, жауынгер жанрды дамыта түсуге әрқашан мұрындық болды.

Сыншы еңбегінің қадірі жарияланған сағатта, сол тұста бірден аңғарыла қоймайды, өйткені сыналған дарынның да, сынды оқыған қауымның да сол сәттегә субъективтік қабылдаулары әрқилы болатынын санаттаншығарып тастауға еш болмайды. Осындай жәйді өз басынан көп кешірген, оның ішінде Е.Ысмайылов сынының да салиқалы салмағын аңғарып көрген Ә.Тәжібаевтың естелік сынды ойларын қадірлей қабылдаған орынды. Өйткені Е.Ысмайыловтың көп қалам сілтеген өлкесі – қазіргі қазақ поэзиясының жай-күйі, ақындардың шығармашылық ерекшелігін тану, дарын сырын аңғару саласы болған. Қазақ поэзиясына ойлы да талғамды лирикалар әкелген Ә.Тәжібаевтың, асқақты жырдың ақыны Т.Жароковтың, шешендік үлгісіне ден қойған орақ тілді А.Тоқмағамбетовтің, күйлі толғаулар толғаған Ғ.Ормановтың, өзінің жан сырын жыр өрнегіне әсем ораған Ж.Саинның, өлең-жырдың аспанында ақиық сұңқарша сұңқарша жарқылдап өткен Қасым Аманжоловтың қолтаңбаларын айқындап, әдебиетке әкелген сонылықтарын қастерлеген сыншының халық ауыз әдебиетінің талантты да дарынды өкілдерінің шығармаларын ардақтауы елден ерен екенін көреміз.

Проза саласында замандасымыздың, еңбек адамдарының жанды бейнесін жасау жолында толассыз пікір айтып отырғаны сияқты, қазақ поэзиясының шыққан биігін көтере түсу үшін асқақты жырды, яғни қазақ поэзиясын өршіл романтикамен қанаттандыру мәселесін әрдайым домбыраның әсем құлақ күйіндей жиі қайталап отырды, творчестволық үлкен проблемаға айналдырды. Осындай күрделі мәселелер мен нақты сындарында Е.Ысмайылов қаламына тән шеберлік бой көрсетіп отырады. өзінің таңдаулы сын мақалаларында шығарманың көркемдік сипаттарын, өзіне тән ерекшеліктерін жіті байқай отырып, оның жалпы әдеби даму процесіне қосылу жайын ойластырады, қадағалайды. Мұның өзі эстетикалық дайын қисындарға лайық ой топшылатпай, қайта, көркемдік тәжірибеден туған шындықты теориялық толғаудан өткізуге бастап отырғанын көреміз де, сыншының дарпалық сипатын, өз тұлғасын танимыз.

Е.Ысмайылов - өз әдебиетінің даму-өркендеу барысын тінте тексеріп зерттеуге бар дарынын срқа жұмсаған жауынгер сыншы, бүкіл Одақтың зиялыларына аты мәшһүр үлкен ғалым.

Қазақ әдебиеттану ғылымының даму барысында Е.Ысмайыловтың қалам тартпаған саласы кемде-кем. Әдебиеттің тарихы мен теориясының өзекті мәселелері де, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің өнерпаздық арналары мен байланыстары да, жеке ақын-жазушылардың өмірі мен творчествосы да оның ғалымдық назарынан тыс қалып көрген емес. Ірілі-уақты жаңсақ пікірлер кездескенімен, оның зерттеушілік еңбектері ылғи соны материалға, тың ойларға құрылып, негізді қорытындыларға толы болды.

Е.Ысмайыловтың «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (1940), «Қазақ совет әдебиеті» (1942), «Әдебиет теориясының мәселелері» (1941) мен әдебиет хрестоматиялары – қазақ әдебиеттану ғылымын өркендетуге септігін тигізген елеулі еңбектер. Революцияға дейінгі әдебиеттің және совет әдебиетінің тарихын дәуірлеу, Абай, Сұлтанмахмұт, С.Дөнентаев, С.Көбеев, М.Сералин, Жамбыл, Сәкен, Сәбит, Мұхтар, Қасым, Асқарлардың еңбектеріне ғылыми сипаттама беру мәселесімен алғаш шұғылданған ғалымның бірі Е.Ысмайылов екені де жұртқа мәлім. Оқу орындарын оқулықтармен қамтамасыз ету практикалық қажеттілікке негізделетін жанды мәселе. Сондықтан ол әрқашан тәжірибеде сыналып, көпшіліктің ой-пікірін туғызып отырады. Оқыған шәкірт, оқытқан ұстаз сыртынды қалың көпшіліктің көз қиығы жататынын ескерер болсақ, онда оқулық жасау міндетінің қиын да абыройлы екенін жете аңғарар ек. Осы тұрғыдан келгенде, Е.Ысмайыловтың 30-40 жылдардағы ғылыми-зерттеу, әсересе, орта мектептер оқулығын, оқу құралын жасаудағы ізденістеріне аялдай кеткен орынды.

Е.Ысмайылов революция қарсаңында қазақ әдебиетінің «картасын» жіктей-жүйелей басндауға зер салған. Қазақтың жазба әдебиетінің даму ерекшелігін, халық творчествосының өркен жаюын және кітаби ақындардың шығармаларын түгелдей болғанымен, мәнді үлгілері бойынша танып-білуге және ғылыми-эстетикалық талдау жасауға айрықша назар аударған. Бұрынғыға қарағанда әдеби процестің ішіне кіріп, ажырата жіктеу принципінің бой көрсетуі қазақ әдебиеттану ғылымының өрелі биікке қол созғанын аңғартады. Осы ғылыми тенденция жетекші бағыт болып, кейінгі кезде дамытыла – жетілдіре баяндалып келеді. әрине, соңғы еңбектерде атау-терминдер әрқилы және ақын-жазушыларды белгілі бір ағымның өкілі санау әр-алуан болғанымен, жалпы ой аңғарының арғы бастауын тану қиын емес.

Е.Ысмайыловтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» оқулығының осындай ғылыми жүйесін айта отырып, әдеби процесті іштей жіктеп талдауында бірқыдыру ұтымдылық та, сондай-ақ, кемшілік те барып тасада қалдырмағанымыз жөн.

Оқулық үлкен кіріспемен ашылып, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің жай-күйі біршама жүйелене баяндалады, соны деректер мен тарихи мағлұматтарды мол келтіріп отырады. Ой өрбіту, пікір түйіндеу жөнінен мектеп оқулығы болғанына қарамастан, ғылыми еңбектің сүрлеуін танытады. Алайда қазақтың жазба әдібиетінің өкілдерін ағым-бағытқа бөлуі сақтана қарауды талап етеді. Ең алдымен, «сыншыл реализм әдебиеті», «демократияшыл әдебиет» деп екі үлкен топқа жіктеуінің өзі барынша шартты екені аңғарылады.

Шығармашылық ізденіспен жазылған бұл оқулық С.Мұқановтың 1932 жылғы күрделі еңбегінен кейінгі мәнді зерттеу болғанын, әсіресе, ХХ ғасырдың бас кезіндегі көркемдік дамудың жай-күйін, дарынды ақын-жазушылардың шығармаларын танып-білуге және олардың ғылыми тұрғыда зерттеуге мұрындық болғанын аңғармау әділетсіздік болар еді.

Біздің көркемдік-эстетикалық тілек –мұратымызды ғана емес, бүкіл саяси - әлеуметтік өмірімізде ұлы жаңалықтың белі, өркендеудің жаңа кезеңі болған партияның ХХ съезінің тарихи қаулы-қарарларын жүзеге асырудың барысында әдебиеттану мен сын саласында болған түбегейлі өзгерістерге, әр дарынның ізденісіне, олардың үлесіне назар аударған жөн.

Коммунистік партияның ХХ съезінің тарихи қаулы- қарарларынан рухани қуат, өнерпаздық шабыт алған әдебиетіміз гүлдене өркендеді. Үстіміздегі дәуірде көркемдік құны жоғары, идеалдық нысанасы айқын шығармалар туып ғана қоймай, әр жанрдың ішкі түрімен саласы молайып, жетіле түсті. Осы процесті жіті аңғарып отыратын әдебиеттану мен сынның өзі зор қарқынмен өркендеп, жаңа сапалық қасиеттерге ие болды.

Қазақ әдебиеттануының қарышты қадам жасағанын аңғарту үшін 1956 жылдан бері 400 астам ірілі-уақты әдеби сын мен зерттеу еңбектерінің жарық көргенін айтса да жеткілікті. Мұндай мол сыншылдық өнім әдебиет тарихында бұрын соңды болып көрген емес.

Қазақ әдебиеті тарихының алты томдығын жазып, қалың көпшіліктің талқысынан жасқанбай ұсынудың өзі-ақ әдебиеттанудың құлашын кеңге сілтегеніне айғақ. Мұндай әлеуметтік те ғылыми мәні зор еңбектің дүниеге келуінің өзі әдебиет ғылымының марқайғандығының айқын көрінісі. Бұған қоса «Қазақ Совет әдебиеті тарихының очеркі» Одақ көлемінде жоғары бағалағандығын әрқилы әдеби сын еңбектерінің үздіксіз жарияланып жатқанын, жанр, проблема, жеке дарындар жайлы монографиялардың жарық көруін жоғары және орта мектептердің тұрақты оқулықтарымен қамтамасыз етілуін, ауыз әдебиеті үлгілерімен жеке ақын – жазушылардың мұралары том-том болып жариялануын, текстологиялық жұмыстарға ден қойылуын сабақтастырса, қазақ әдебиеттануы өзінің жанрлық сипатын әбден айқындағанын және білімдар кадрдан мұқтаждық көрмей отырғанын байқаймыз.

Қазақ әдебиеттануының жанрлық сипаты жаңа салалармен толыса бастады. Әдебиеттанудың методологиясы мен әдебиет теориясы бізде әлі кең өріс ала қоймағанмен олардың жақсы бастамалары көрініп жүр. Әдебиет ғылымының өркендеу барысында бұл сала қарыштап алға баса беруі тиіс. Ал әдебиет сыны мен тарихы өскелең талапқа жауап берерлік табыстар ауқымында әдебиеттанудың құрамды саласына кіретін қосалқы сала, яғни, библиография, текстология, тарихнама, деректеме, сыншылдық интерпретация (әрқилы түсіндірмелер), әдеби шежірелер, т.б. бой көтеріп ғана отырған жоқ, қайсыбірі ғылыми пәнге айналып та келеді. Әрине әдебиет ғылымының құрамды салаларының бәрі өнегесі мол орыс әдебиетіндегідей тарамданып кете қоймағанмен, өз тұлғасын көрсетерліктей халге жетіп қалғанын аңғарамыз.

Сонымен қазақ әдебиеттануының іштей түлеп өкендеуі кездейсоқтыққа, яғни әлдеқалай жазыла салған сын-зерттеу еңбектермен негізделмей, табиғи дамудың ғылыми арнасына түсіп отыр. Бұған түбегейлі бірнеше себеп бар. Ең алдымен, қазақ әдебиетінің профессионалдық арнамен өркендеп, одақтық, дүниежүзілік сахнаға шығуы болса, екінші жағынан тарихи ХХ съезден кеейін зерттеу еңбектерін ғылыми негізде жүргізуге үстеме жағдай туғандығы, үшіншіден, әдебиеттануға жалпы мәдени дәрежесі көтеріңкі, эстетикалық талғамы қалыптасқан кадрлардың көптеп келуі, арнаулы ғылыми мекемелердің, баспасөздер орынжарының ашылуы, т.б. Осындай объективтік жағдайлар арқасында әдебиеттану мен сынның жалпы өрісі биіктеп, алымы молайды. Ғалым-сыншының, сыншы-ғалымның өнерпаздық тұлғасы қалыптаса бастады.

Сыншы әлде зерттеуші деген шартты атаулар әр дарынның творчестволық өрісіне байланысты туғандығы болмаса, арасында қытай дуалы жоқ. Шынтуайттап келгенде, әдеби бағыттар мен әдістердің әр дәуірде туу, өзгеру, даму процесіне назар аударып, сол кезеңде өнімді еңбек еткен ақын-жазушының творчестволық жолын зерттейтін тарих саласының бүгінгі әдеби дамудың барысын бақылап, әр ақын-жазушының өнерпаздығын айқындайтын әдеби сын саласына қарсы қоюға еш болмайды. Өйткені олардың құяр арналар біреу, ол - әдебиеттану.

Бүгінгі әдебиет туралы да, өткен әдебиеттің тарихы жөнінде де қалам жебеп жүрген әдебиетшілерді айтпай-ақ қойғанда, тек қана бүгінгі жауынгер сынға араласып, әрбір көркем шығарманы социологиялық эстетикалық талдаудан биік деңгейде көтере баяндайтын сыншыны әдебиетші емес деуге, өткен ақын-жазушының шығармасының бүгінгі биік талап деңгейінде әңгімелеп көркемдік шеберліктің асу бермей отырған белестерін бүгінгі жазушыларға үлгі ететін, ой салатын арнамен талдайтын әдебиетшіні сыншы емес деуге болама?! Мәдени өркендеудің арқасында қазір ғылым-әдебиетшінің тұлғасы бар келбетімен көріне бастады.

Қазақ әдебиеттінің өркендеу барысында өнерпаздық мәселелерін жан-жақты мол сөз етіп, түйінді проблемаларды шешуге ат салысып отырған әдебиетшілердің мұндай жасағы бұрын-соңды болып көрген емес.

Қазақ әдебиеттануының осындай қарқынды өрлеуіне тек әдебиетшілердің еңбегі ғана емес, ақын-жазушылардың әдебиет мәселерін сарапқа салып отыру дәстүрі септігін тигізді. Әдеби съезд пленумда жасалған банядамалар мен жиын-тойлар сөйлеген сөздерді былай қойғанда, әдебиеттіміздің мәселелері мен бүгінгі өркендеуіміздің сыр- сипатына назар аударған талай еңбектер жарық көрді. М.Әуезовтың «Әр жылдар ойлары» (1959), «Уақыт және әдебиет» (1962), «Мысли разных лет» (по литературный тропам) (1962), «Абай Құнанбаев» (1970) деген ғылыми сын мақалаларымен монографиялық зерттеулерінің жинағы, С.Мұқановтың «Өсу жолдарымыз» (1960) атты сын мақалаларының жинағымен «Жарқын жұлдыздар» (1964), «Халық қазынасы» (1974) атты монографиясы, Ә.иәжібаевтың «Өмір және поэзия» (1962), «Қазақ драматургиясының дамуы және қалыптасуы», Т.Ахтановтың «Керуен», Т.Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» (1971), Қ.Бекхожиннің «Дәстүр және жаңашылдық» (1969) атты еңбектерін әдебиеттанудың заңды олжасы, өнерпаздық байланыстың өнегелі жемістері.

Әдебиеттің өркендеуіне, оның әрбір шығармасына өз ой-өірісінің көлемінде пікір айтып, әдебиеттануға септігін тигізіп отыратын оқушы пікірлері бұл кезеңде едәуір эстетикалық биікке көтерілді. «Қазақ әдебиеті» газетінің он повесі туралы оқушылармен сырттай өткізген конферециясынан, сондай-ақ, анда-санда көрініп қалатын айтыс-мақалалардан қазақ әдебиеті оқырмандарының мәджениеті артып, эстетикалық талғамы ұштала түскендігін аңғарамыз. Бұл процесс әдебиеттануға социологиялық-эстетикалық талдауды тереңдете түсу қажеттігін аңғартса, екінші жағынан, жалпы оқушы қауымға әдебиеттанудың игі әсері тиіп, сыншылық ой-пікірлерін ұштауға, жүйелі баяндауға жетелегенін көрсетеді. Бір-бірімен сабақтасып жатқан егіз процесті бұдан былай да өркендей берері хақ.

Қазақ әдебиеттануыныңғ қарышты өркендеуі әдебиет тарихын жасаумен бүгінгі әдебиеттің даму бағытын айқындап отыратын сынға байланысты. Қазіргі таңда бұл салалар әдебиеттануда жетекшілік роль атқаруда.

Тарих пен сынның қарқынды өркендеуіне әсер еткен бірнеше өнерпаздық қажеттіліктер болды. Ең әуелі, бұл салалар бүгінгі күннің практикалық талап тілегін орындауға міндетті болды, содан үлкен арна тауып, қарышты қадаммен өркендеді. Орта меткпе оқушыларымен жоғары оқу орындары студенттеріне қазақ әдебиетінің тарихи жолдарынан тиянақты білім беру, өнерпаздық белестермен таныстыру, әдеби бағыттар мен стильдердің алмасу процесін түсіндіру, ертеде өткен дарын иелерінің сіңірген еңбегін қастерлеу, олар жасаған өнерпаздық дәстүрлердің озығын бүгінгі күннің кәдесіне жарату сияқты проблемаларды шешудің өзі әдебиеттанудың тарих саласын айрықша өркендетті. Практикалық мұқтаждық заман талабына айналды. Әдебиетшілердің бар творчестволық күш қуаты осы бағытқа аударылды.

Ал қазақ совет әдебиетінің қазіргі кездегі дамуы, көркемдік шеберліктің асуларын белгілеп, осы саладағы табыс пен кемшілікті, артық пен кемдікті сарапқа салып, әдебиет сынының әдеби процеске белсене араласуына арқау болды. Өскелең әдебиет өресі биік ой-пікірлерге арна болып, практикалық қажеттіліктерді орындау барысында әдебиет тарихы мен сынының өркедеуіне жағдай жасады.

Мектептердің тұрақты әдебиет оқулықтары мен хрестоматияларын жасау мәселесі, негізінен алғанда, 30-40 жылдары шешілгенмен де, бұл дәуір үшін де оларды толықтыру, педагогикалық өскелең талаптарға икемдеу процестері жүріп жатты. Мектеп оқулықтарының авторлары құрамының өзгеріске ұшырауы жалпы объективтік себептерге байланысты болатындығын кейбір қалыптасқан пікірлердің ішінара өзгертіліп, жетілдіріп отырғандығын ескерген уақытта, әдебиет тарихының жалпы арнасы ғылым жетістігіне сай қалыптасады. Сөйтіп, мектеп оқушылары Октябрь революциясына дейінгі және одан кейінгі қазақ әдебиетінің тарихын жүйелі оқуына мүмкіндік алды.

1948 жылы М.Әуезовтің басшылық етуімен «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы және 1949 жылы Қ.Жұмалиевтің редакциясымен шыққан «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» сияқты коллективтік еңбектерде, жеке авторлардың монографиялық зерттеулерінде марксистік методологияның принциптері қатаң сақталмауы, дөрекі социализмнің, «бірыңғай ағым» мен тартыссыздық теорияларының элементтері көрініп қалуы кейбір тарихи шындықтың сыры терең ашылмай, жамап-жасқау, боямалап көрсету ниетінің кездескені, ғылыми тұжырымдар мен қорытындылардың нақты зерттеулер мен дәлелденбеуі сияқты қате кемшіліктер болғаны белгілі. Қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған 1959 жылғы ғылыми теориялық конференция қазақ әдебиеті дамуының дамуының аяғына тұсау салып, кедергі болып келе жатқан көп мәселелерді оңтайлы шешіп алуға жағдай жасады.

Қазақ халқының бай ауыз әдебиетін зерттеу, оны әлі де болса жүйелі түрде жинау, жариялау, насихаттау, басқа әдебиеттердегі үндес, әуендес жырлардың творчестволық байланысын тыңғылықтың тексеру, жанрлық өзгешеліктерін талдау, сөйтіп, қазақтың халықтық творчествосы мен советі мен фольклордың тарихын жасау міндеті айқындалып, қазақ әдебиеттануы ғылымының кең арнамен өркендеуіне мүмкіндік туды.

Ғылыми-теориялық конференцияның игілікті ықпалы аз жыл ішінде көріне бастады. Қазақ республикасының 40 жылдығына арналып шыққан «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркін» одақтық әдеби-ғылыми қауым жылы қабылдап, советтік әдебиеттануға қосылған үлкен үлес деп бағалады. Сөйтіп, қазақтың коллективтік сыншылдық ой-пікірі бүкілодақтық сахнаның табалдырығын аттады.

1960-1967 жылдар арасында қазақ әдебиеті тарихына арналған 6 томдық ғылыми еңбек жарық көріп, қалың көпшіліктің игілігіне айналды. Қазан төңкерісінің 50 жылдығына бағышталып «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші және үшінші томдарының орыс тіліне аударылып шығуы үлкен ғылыми табыс екені өзінен өзі түсінікті. Аз дүниеге келуі әдебиеттану ғылымының әбден қалыптасып, социологиялық-эстетикалық талдаудың өрелі биігіне көтерілгендігін аңғартады.

Әдебиет тарихын жасау проблемасы көптеген ғылыми-зерттеу еңбегінің жарық көруіне, әдебиетшілер жасағының құралуына байланысты шешілді. Қазақ әдебиеттану саласында бұған дейінгі еңбектердің бәрі де әдебиет тарихының ғылыми курсын жасау барысында түгейдей ескерілді, бұрын еленбей келе жатқан салалар бойынша зерттеулер жүргізілді және әдебиетшілердің бар творчесволық күші осы үлкен де абыройлы, сонымен қатар, аса жауапты іске бағышталды.

«Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томының бірінші кітабы (1960) қазақ халқының бай ауыз әдебиетінің өсіп-өркендеу, даму жолдарын зертеуге арналған. Бұл томда 1948 жылы шыққан еңбектің кейбір ұзын-ырғасы сақталғанмен, ғылыми-зерттеу методологиясы да, ауыз әдебиетін жүйелеу тәсілі де, әрбір үлгілерді талдау методикасы да бұрынғыдан әлдеқайда өзгеше және көптеген тың тараулар мен бөлімдер бар. Соның арасында қазақтың ауыз әдебиетінің өсіп-өркендеуі ғылыми жүйемен баяндалып, қалың оқушы қауымның кәдесіне жарап, жоғары мектептің негізгі оқулығына айналды.

Қазақ халқының ауыз әдебиеті туралы ғылымның даму жолдары, оның өркендеу барысы жайлы тарихнамалық тараудан да, ғылыми жүйеге салынып талданған тұрмыс-салт жырлары, айтыс өлеңдері мен жұмысшы фольклоры, тарихи үлгілерін оқып үйренуге, зертеуге талаптанғандардың бәрі толық мағлұмат алады.

Қазақ совет әдебиетінің басқа әдебиеттерден айрықша өзгешелігі – жазба әдебиеті мен ауыз әдебиетінің өзектесе, бір-біріне ықпал ете дамуы. Мұндай өнерпаздық құбылыстың сырын терең де байыптап зерттеу, оның себебін түсіндіру, аз жылда Одақтың көркемдік сахнасына емін-еркін шыққан әдебиеттің өркендеу арнасын аңғарту «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томының екінші кітабының (1964) үлесіне тиген. Советтік фольклордың өркендеуі де, ол жөніндегі ғылымның өресі де қаға берісте қалмай, фольклор мен әдебиеттің және музыканың бір-біріне әсері, совет заманындағы ауыз әдебиеті үлгілерінің жанрлық сипаты, ақын, жырау, жыршылардың творчестволық өнерпаздығы тиянқаты зерттелген.

Кеңестік әдебиеттануда әр елдің фольклорлық мұрасын зерттеген еңбектер болғанымен де, өз әдебиетінің қосарлана, өзектесе даму процесін парықтау, оның тарихын жасау тәжірибесі қазақ әдебиеттану ғылымында тұңғыш жүзеге асып, елеулі жетістікке айналғанын айрықша атау шарт. Бұл ретте қазақ әдебиетшілерінің ғылыми - шығармашылық табыстарына бауырлас әдебиеттер, әсіресе, түркі тіліндегі әдебиеттер өкілдері жіті назар аударып отырғаны тағы бар.

Қорыта келгенде, қазақ әдебиетінде сыншыл ойлардың дамуына ұлы Абайдың сөз өнері жайлы айтқан өрелі ойлары әдеби сынды, кең өрістерге, бел-белестерге алып шығып, философиялық эстетикалық сыннан биік асуларына бет алғанын байқатты. Сынның дамуы қоғамдық ой-пікірлердің дамуымен тікелей байланысты болса, данышпан Абайдың өмірдің мәні, поэзияның қоғамдағы орны, сөз өнері жайлы айтқан өрнекті ойлары әдеби сынды да, көркейтіп, оған жаңаша сипат, көзқарас берді. Сөйтіп қазақ халқының сөз өнері жайлы ғасырлар бойы қалыптасқан талғам-түсінігі Абай арқылы үлкен електен өтіп, кемелденіп, толысып, жазбаша сипат ала бастады.





ІІ. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ СЫН ЖАНРЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ, ТАҒЫЛЫМДЫҚ МӘНДЕРІ МЕН ӨРКЕНДЕУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ


2.1 Қазіргі ағымдық, мерзімдік басылымдардағы әдеби үрдіске

ғылыми сын

Көркем әдебиеттің өміршеңдігін айқындайтын басты өлшемдердің бірі-әдебиеттің халықтығы болып саналады. Өз заманында атақты Т.Кәкішев халықтық қасиеттің аса күрделілігіне назар аударып, оны көркем шығарманың шыншылдығы, бейнелілігі, бағыттылығы, ұлттық сипаты, жалпы адам заттылығы сияқты категориялармен етене байланыста қарастырып: «Өз Отанын сүйіп, үмітін бөліскен, ауруымен ауырып, қуанышына ортақтаса білген» суреткер ғана шыншыл, халықшыл» [16, 24-б.]-деп жазған еді. Олай болса, қазақ әдебиеті сыншыларының жан айғайынан осындай ізгіліктерді яғни шыншылдық, халықшылдық тәрізді белгілерді аңдауға тиіспіз.

Жоғарыда айтылған жарияланымда жазушы: «Әдебиет-қоғамның тәрбиешісі. Ол сиқырлы дүние. Саяси тілмен айтқанда, идеологияның спецификалық түрі, ерекше нормасы. Әдебиет партияға, халыққа өз тәсілі мен төл табиғатымен қызмет етеді. Қарадүрсіндік, жадағайлық оған жат. Тамырын қаһарман тағдырына байланыстыра ашуда жатады...?-деп уақыт, қоғам талабына сәйкес әдебиетке деген көзқарасын, ғылыми тұжырымын таныта келіп, әдеби сында кездесетін олқылықтарға да өкініш білдіреді. Ол: «Мұхтар Әуезовтің: «Сыншы кітапты сынаса, кітап сыншыны сынайды» деген сөз-үлкен ойшылдың пікірі»,-дегенді баса айтып, сыншыларда кездесетін жанрларды шатастыру, жазушының көңілін жықпау, яғни пендешілікке бой алдыру секілді реңсіз жайттарды тұқырыта айтып, ондайлардан арылу жолын іздестіруге шақырады. Сөйтіп, бұл еңбегі-әдебиет майданындағы кезек күттірмейтін алқалы мәселелерді шешудегі сыншы қаламгердің зерделі танымын, биік талғамын, аңғартатын проблемалық сипаттағы мақала болды.З.Серікқалиевтың келесі бір мақаласы - «Тағдыр және біз» (1971) деп аталады. Бұл кеңес жазушыларының бүкіл одақтық Ү съезінен кейін жазылған болатын. Съезд әдебиет пен өнер мәселелері көтеріліп, біраз өзекті ой-пікірлер көпшілік талқысына ұсынылған болатын.

«Келелі кеңес, ішкі толғаныс, нәрлі ой-әдебиеттің берекесі»,-деп бастаған ойын сыншы: «көркем әдебиет-сегіз қырлы, бір сырлы. Қыруар қырдың шынайы сырын тікелей әдебиет сыны ашады. Сын сыр шертпейді, сыр ашады. Жалпыламалық, жадағайлық, мегземпаздық оның табиғатына жат...» деп пікірін талғампаздықпен жалғастырады. Осылайша сөз саптаған Зейнолла көркем әдебиеттегі сын мен сыншыға сипаттама беріп, оған қойылатын талап-тілектер бағдарын ұсынып, сынның сипатын ашуға тырысады. Мәселен, «Дербес дүниеліктің санатына қосылатын әдеби сынның өзіндік проблемасы ұшы-қиырсыз. Сыншының білімпаздығы, мәдениеті, өміршендігі, белгілі жанрда мамандануы сын шеберлігінің шырқауына ұласады»-дей келе, ойын төмендегіше дамытады: «Осының ішінен сынның сыршылдығын ерекше бөліп алғым келеді. Неге десеңіз, әдебиет сыны үшін туаршылдық, қара қылды қақ жаратын қазылық-бірінші шарт. Отыз ауызды, орақ тісті сыншының өзі «пәленше екен, түгенше екеннің» қабағын бақса, әдебиеттің мүддесінен алшақ кетпек.

«...Бөрік кигеннің намысы бір» болса, шенелмеген мін-оталмаған ақау прогреске жұт, әдеткер сөз, көңіл жықпас жұбаныш, еріншек емеурін ырыс сұйылтады. Әдебиет-өзіндік әлем. Бұл әлемде сынмен шұғылданудың шырғалаңын бастан кешіріп, қызығын көру үшін биік парасат, пәк жүрек керек. Күйкіліктен аулақ, әсершілдік дербес туындының шырайын келтіріп, құнын арттырады. Сынның көркемдік сапамен орайласатын бір тұсы-осы». Осылайша сын мен сыншыға тән сипаттарды барынша айтып, байыптай отырып, сыншы болу кез келгеннің қолынан келмейтін қабілет екендігіне көңіл аудартады. Сыншы жауапкершілігін алдыңғы орынға қояды.

З.Серікқалиевтың бұлайша әдеби сынға, кәсіби сыншыға қатаң талап, нақты шарттар қоя білуі, біріншіден, өзінің мейілінше қалыптасқан, «от тілді, орақ ауыздылыққа» жетеқаба сыншылық, зерттеушілік қабілетінен туындаған жайды танытса, екіншіден, сол тұстағы әдебиет әлеміндегі сыншылық үрдістің дамуындағы, қалыптасуындағы ақаулықтарды дөп тануынан, соларды болдырмау мақсатымен ұштасып жатыр. Түйіп айтқанда, сыншы ретінде өзіңе де, өзгеге де биік талап қоя білу-мәдениеттілік көрінісі іспетті.

Ойымыз дәлелді болу үшін проф. Т.Кәкішевтың: «Кейбір ақын-жазушылардың принципті, жолдастық сынды дұрыс қабылдамауы, айғай-шу көтеруі, тасада тұрып домалақ арызбен сазайын тарттыруы, реті келгенде шайпау тілге ерік беруі, мұндай қысастыққа ұшыраған сыншыға тиісті көмек көрсетілмей келуі-әдебиеттің зиянына шығуда. Осындай жағдайда жібек орнына бөз жүріп, жалына қол арттырмайтын жазушылар көбейе бермесе, азаймайды. Сондықтан «Правда» газеті өзінің «Өнер және сын» атты бас мақаласында: «Әділ ескертпелерге кейбір авторлардың құлақ асқысы келмейтіндігін, өзін сыннан сыртқары қоюға тырысушылығын біздің өмір қағидаларына жат пиғылдың көрінісі деп қарау керек» деп («Правда», 26.01.1972) қатты ескертті».

Демек, З.Серікқалиев кезеңінде әдеби көркем сын мәселелері кезек күттірмейтіндей өзектілікке айналғандығын аңдаймыз. Негізінде бұл жылдардағы қазақ әдеби сынының дамуында «Көркем әдеби сын туралы» елеулі қаулының орны ерекше болған сыңайлы. Ол жайында академик С.Қирабаевтың ой түйіндеуінің маңызы зор: «Сыншы еңбегі ауыр екенін кезінде бізді басқарушы партия да білді. Олар сыншыларды көтермелеп, көмектесіп, әдебиеттің көркемдік сапасы жолындағы күреске бағыттады. «Көркем әдеби сын туралы»(1972) қаулы бұған айғақ. Осы қаулының қазақ әдеби сынын дамытуға үлкен жәрдемі болғаны жасырын емес. «Уақыт және қаламгер», «Сөзстан», сияқты тұрақты шығып тұратын жинақтар сол кезде туды».

Белгілі ғалымның осы сөзінің дәлеліндей жетпісінші жылдардағы әдеби сын жанрына аса қажетті әділдік пен шынайылықты қолдаған Зейнолла: «Бұл, мүмкін, біздегі сыншылдық ой-пікірдің әлі жете қалыптасып болмағандығынан шығар. Сықақ, сатриа қайсы, әзіл-ажуа қайсы, жағымсыз тип дегеніміз қайсы- мәдениетті қауымға адам тағдыры мен түсінігін, оның өмірдегі орнын, қиянаты мен кесапатының шама-шарқын әділ тану үшін, осылардың әрқайсысының айрықша мәні болу керек»[16,90], -деп қашанда өткір сынның қаламгерлерді шыңдайтын, шынықтыратын тәрбие құралы екендігіне көпшіліктің назарын аудартады.

«Шеберлік сыры» деп аталатын жарияланымында: «Адамзат өмірінде мәңгі жасайтын өнердің бірі-әдебиет. Ол-ең алдымен адамның жанын, сезімін, түйсігін, құштарлығын суреттейді. Оның негізгі құдіреті де осында»[16,293-б.], - дей келіп, автор жас жазушыларды әдебиеттің келешегі деп танысақ, оларды балауса шақтан тек мақтаумен емес, достық сынмен тәрбиелеу керектігіне назар аудартады. Сонда-ақ, көркем әдебиетті сүйетін, шын мәнінде әдебиетші болуға талпынған жастарды әдеби сауаттылыққа, содан туындайтын шеберлікке баулу қажеттілігін тілге тиек ете отырып, нағыз жазушыға тән шеберлік сыры неде? деген сауал қоя келіп, ол: «...Ең әуелі өмір шындығында. Содан адам жанының диалектикасын көркемдік құралмен жеткізе білуінде. Көркем әдебиет маңызы туралы сөйлемейді. Өйткені оның өзі-маңызы, мағына! Оны тек әдеби сын талдайды, нақтылыққа үйретеді. Әдебиеттің де өз нақтылығы бар. Біздер, жасымыз бар, жасамысымыз бар, әмсе осы ақиқатты есте тұтуға тиістіміз» [16,294]-деп жауап береді.

Қоғамдық-әлеуметтік ойдың биік бір белесі-әдеби сын болып саналады. Сын әділ де тура болуы шарт. Олай болса, Т.Кәкәшевтің де меңзеп отырғаны да осы, яғни әдебиеттің мәні мен маңызы, мақсатын әдеби сын деп түсіндірмек деп, оған зор мән береді ол үшін сынды жасандылықсыз айта алатындығы тек қана әділ сыншы болмақ. Айналып келгенде тағы да сыншылық қасиет биіктен көрінуі абзал.

Қаламгер З.Серқалиевтің «Дүниетану даналығы» атты зерттеу еңбегінде әдебиеттің бірінші элементі «тіл» екендігі ескертіліп, сол тілдің ішкі заң, көркемдік логикасын, даму нышанын айқындау мүмкіндіктері сөз етіледі.

Автор: «Көркем әдебиет ең әуелі, сөздің ұғымынан, үнінен, дәмінен шырайынан құралады. Бұрыннан белгілі тіл де, сөз де-халықтікі. Сөйте тұра «пәленшенің тілі бай» дейміз, «Мынау түгеншенің сөзі ғой» деп ажыратамыз. Осының төркіні қайда?» бақсақ, әдебиетте жанды сөз барда, жансыз сөз бар екен? Жанды сөз, ең алдымен, автордың табиғатына, болмысына тәуелді екен. Шығарманың тексінен әртүрлі әсер алатынымыз соңдықтан»[29,53], -дейді.

Асылы, көркем әдебиет адам тәрбиелеудің басты құралы болса, адам санасына әсерлі сөз, яғни кестелі де әсем тіл арқылы әсер етеміз. Адамзаттың саналы тіршілігінің, бір-бірімен қарым-қатынасының ең басты элементі-тіл. Пенденің ішкі әлеміндегі құнарлы ой, биік талғам, шынайы сезім т.б. бәрі де тіл арқылы, дәлірек айтқанда, сөз өнер арқылы өзіңдік ойды ортаға салу нәтижесінде іске асатыны белгілі. Соңдықтан да көркем әдебиеттегі сөз өнерінің болмысын танудың маңызы ерекше.

Дәлірек айтсақ, көркем тіл-көркем әдебиеттің басты қасиеті. Көркем тілсіз әдебиет те болмақ емес. Ол жайында Ахмет Байтұрсынов: «Тілдің міндеті-ақылдың аңдауын аңдығанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше жарау:... Ойын ойлаған қалпында, қиял меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек... сондықтан сөзден сөз жасап шығару деген жұмыс әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді», -деп тілге, сөз қолдануға қатысты талай нәрсенің жайын аңғартады.

Сыншының жоғарыда аталған мақаласында жалпы көркем әдебиетте кездесетін келеңсіздік, әдеби тілдің бұзылуы, кейбір шығармалардан нақтылықтан гөрі жалпыламалық басым екендігі, яғни басы артық сөздердің көркем туындыда көптеп кездесетіндігі, одан арылу қажеттігі сөз болады. Ол үшін «асыл сөзді аршып алып», Пушкин, Чехов, Лев, Толстой, Абай сынды дара зергерлерден өнерге алу қажет деп, шеберлік негіз-дәстүрде екеніне көңіл аудартып, әр қолданылған сөзде логика болу керектігін ескертеді.

Қазақ әдебиетінің әсіресе алпысыншы жылдардан бері қарайғы көкейкесті біраз мәселелері, сұлулық, суреткерлік ізденіс жолдары, бағы заманнан желі тартатын ғылыми және көркемдік дүние таным ерекшеліктері, әлемдік туысқан халықтар мәдениетінің, бейнелеу өнерінің бірін-бірі байыту үлгілері өзара салыстырыла қарастырылған. Ізгілік, имандылық тәрбиесіне қызмет етер бірегей еңбектің жүгі салмақты, теориялық тынысы кең.

Қазақ баспасөзінің дәлірек айтсақ, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзінің сипатына тарихи тұрғыдан тоқталсақ, бұл кезең қазақ баспасөзінің енді-енді ғана дүниеге келіп, халықтың арасына тарай бастаған кезеңі, әрі халықтың тар жол тайғақты кезеңі. Осындай аласапыран кезеңде халық тағдыры мен қоғам өмірінің шындығын бүкпесіз батыл жариялаған қазақ баспасөзінің қызметі орасан зор болды. 

Бір жарым ғасырға таяу ғұмыры бар қазақ баспасөзі халқымыздың тағдырымен біте қайнасып, бірге жасасып келеді. Осы мезгіл ішінде түрлі кезеңдерді бастан кешіп, біресе алға басып дамыса, енді бірде жүрісін баяулатып, тіпті тоқыраған тұстары да болмай қалған жоқ. Бір кереметі, қандай жағдайда да қоғамдық ойдың қозғаушы күші қызметін адал атқарып келеді. Оған тарих куә 20,37.

Қазақ жері ғасырлар бойы шектес мемлекеттердің шабуыл нысанасына айналып келгендіктен  XVIII ғасырдың алғашқы жартысында қазақтардың бір бөлігі патшалы Ресейдің қол астына кіріп, бағынуға мәжбүр болғандығы тарихтан белгілі. Осы кезеңнен бастап, Ресейде болған әлеуметтік өзгерістердің қазақтар тарапынан қабыл алынып, өздерінен күшті солтүстік көршілеріне деген бағыныштылығының  арта түскендігі байқалады. Ресейдегі бұл әлеуметтік өзгерістің жемісті болғандығы сондай, олар енді қазақтардың тұрмысы мен салт-саналары туралы, оларды зерттеп білу қажеттілігі жайлы жиі айта бастады. Мұның негізінде әкелік «қамқорлық» (бірінші жағынан) және «ризашылық»  (екінші жағынан) қатынастары жатқан болатын. Мәселен, Спиранскийдің 1822 «Сібір қазақтары» туралы жарғысындағы қоғам өміріндегі өзгерістерге көп жол беріледі. Жарғы қазақтарға тән ғасырлар бойы қалыптасқан басқару жүйесін жоққа шығарып, оның орнына әлеуметтік бөлудің «Еуропалық тәсілдерін» танытты. Осының нәтижесінде патша әкімшілгі орта жүздегі хандық билікті жойып, оның орнына округтер мен приказдар құрды. Осы жарғыны негізінде кіші жүз Орынбор шекаралық комиссиясына бағынатын болды. Мұның барлығы ақыр аяғында қазақтардың оған қарсылық көрсетіп, көтеріліске шығуына жол ашты 21,198.

Халық көтерілістері, қазақтардың өздерін сыртқы жаулардан қорғау әрекеті (әсіресе, Хиуа, Бұқара, Қоқан, Қытай елдерінің оның ішінде Ресейге де қарсылық көрсетулері) отарлық басқару тұсында ерекше орын алды. Ал, орыстар қазақтарды өз діндеріне бағындыру мақсатында басқарудың еуропалық үлгісін оларға күштеп таңды. Осының барлығы ұлттық сананың дамуына ұзақ жылдар бойы қасақана құрылған тор болып келді. Ал, жергілікті байлардың қанау тәсілдерімен патша әкімшілігінің ауыр алым-салықтары, қазақтардың күш көрсетуі-қазақ халқын қайыршылыққа әкеп тіреді. Мәселен, ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарында Ұя, Орал, Ешім, Ор және Қаратал, Лепсі, Ақсу, Іле тағы басқа өзендерді бойлай орналасқан ұшан теңіз алқапты қазақтар иемденді. ІХ ғасырдың соңында олардың саны жүз мың адамнан асып кетті. Патша үкіметі оларға қазақтардың кесерлерінен жер беріп, көптеген жеңілдіктер жасап, ал қазақтарды Сахарада пайдаланатын ұрда қолшоқпарына айналдырды. 

Қазақ жерін отарға айналдыру саясатының тиімді түрі миграция тәсілі болды. Егер Қазақстанға Ресейдің орталығы мен оңтүстігінен 1986 жылға дейін 294 мыңнан астам адам көшіріліп әкелінсе, 1906–1910 жылдары олардың саны 770 мыңға артты.

Ел билеуші жергілікті бай-манаптардың халық санасына үнемі «Ресей мемлекеті  бізге бар жақсылық жасауда» деген, қоғамдық пікір тудыруға тырысып баққаны байқалады. Олар басқаларға қазақ халқы орыстарға бағынғанға дейін негізінен көшпенді өмір сүрді. Сөйтіп Еуропалық елдерден «артта қалған» жартылай жабайы халық болды деген жел сөз таратып, қазақтарды отырықшылыққа үйретудің қажеттігі туралы екі ұшты жоспарлар құра бастады 22,3.

Өткен ғасырдағы патшалы Ресейдің осындай саясаты кешегі кеңес үкіметіне де мұра болып қалғандай. Себебі, соңғы кезеңге дейінгі қазақтар туралы сөз қозғалса, «Олар тек дала көшпенділері болған, оларда шаруашылықтың егіншілік түрі мүлдем болмаған еді» деп еске алып келді. 
Алайда, қазіргі қолда бар көптеген архив және сол кезеңде шығып тұрған демократиялық бағыттағы басылымдардың материалдарына сүйене отырып, біздер қазақ жерінде Ресей Қазақстанды жаулап алған кезеңге дейін де мақта, астық шаруашылығы, көкеніс, бау-бақша, жеміс-жидек, алма бақтары болғандығын, сол тарихи кезеңде Қазақстанда суландыру құрылыстарының кең жүйесі жасалғандығын, қазақтардың ерте заманда да суландырылған алқаптарда жұмыс істегендігін, оларға малға жем, шөп дайындау ісінің де ертеден таныс болғандығын, қазақтардың ХІХ ғасырдың басынан–ақ отырықшы және көшпелі өмір сүріп, ол кезде де қазіргі  малшылардың 
да өміріне ұқсас шаруашылық түрлерінің болғандығын мақтанышпен айта аламыз. 
«XIX ғасырда Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын (әсіресе ет, май) ірі отар елге айналды. Қазақтардың өміріне бойлап енген сауда, тауар айырбасы және жәрмеңке оларды Еуропа мәдениетіне жақындастырып, ерекше рөл атқарды». Алайда, сауданың келуіне байланысты қазақ даласында жергілікті халықтың орыс заңдары мен нарықтық құнын жете білмегендіктерінен алдау, тонау, күш көрсету дегендер көбейіп кетті. Сол кезеңдегі «Отечественные записки» сияқты кейбір жанашыр басылым қағаздардың жер бетінен толық жойылып кету қауіпі төнді,-деп дабыл қағуы да тегін емес. Екіншіден, мұның барлығының себебі өзінің шет аймақтарында; әсіресе, аз ұлттардың арасында патшалық Ресейдің саясатына байланысты еді. Өйткені, Ресей Қазақстанды жаулап алғаннан соң, оның жерін шикізат қоймасы мен арзан жұмыс күшіне айналдыруды көздеді. Өлкенің өнеркәсібін игеру көп экономикалық шығынды қажет етті. Сондықтан, Ресей пайдалы қазбалары мен мал шаруашылығының өнімдерін қанағат тұтты. Ресейге Қазақстанда астық шаруашылығын дамыту ол кезде пайдасыз болды. Оған көп шығын жұмсау керек еді. Сөйтіп, қазақ даласында ауыл шаруашылығы нашар дамыды. Тіпті ұсақ тауар өндірісі саласында да Қазақстан өз саудасын Ресеймен байланыстырғандықтан Шығыстың бай саудасынан айырылып, күнделікті өмірге қажетті заттарды шығаруға да мүмкіндігі болмай қалды. Осының нәтижесінде Қазақстанда XIX ғасырдың соңында да мал шаруашылығы «мамандандырылған» шаруашылықтың басты түрі ретінде қала берді
23,172.

XX ғасырдың басы- қазақ халқының тарихында бүкіл қоғамдық ой- пікірдің өрлеуіне мүмкіндік туып, Ресей патшалығы әдейі тұмшалаған ұлттық сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең. Ендеше, осы тұста ұлттық сананың ең өнімді саласы-әдебиеттің қоғамдық сананың көрсеткіші-баспасөздің күрт алға басуы заңды нәрсе. Бұл кезеңде Абайдың жалғасы Шәкәрім шығармашылығы өзінің шырқау биігіне көтерілсе, Міржақып, Ғушар, Сұлтанмахмұт, Мағжан тәрізді алыптар әдебиет айдынына шығып, көркемдік сипатты соны дүниелері арқылы әдебиетіміздің жазба түрін жаңа белестерге көтерді 24,142. Сонымен қатар XX  ғасырдың бас кезі қазақ өміріндегі азаттық жолындағы күрестің, яғни, саяси әлеуметтік қозғалыстың дамып, құлаш жая бастаған тұсы болып табылады. Мұның себебі, Ресей самодержавиесындағы жалпы қоғамдық ой-сананың дамуында бостандық идеясы билеп алған 1905 жылғы революцияның түпкір-түпкірге жеткен сарынынан еді.

Қазақстанның Россияға қосылу нәтижесінде орыс пен қазақ халықтарының алдыңғы қатарлы өкілдері арасында рухани жағынан да достық қарым- қатынастар орнады. Революциядан бұрынғы кездің өзінде демократияшыл орыс интеллегенциясының аса көрнекті қайраткерлерінің Россияның барлық халықтарының алдыңғы қатарлы өкілдерімен тығыз байланысты болғаны, ұлттық езгіге қарсы белсенді күрес жүргізгені, әр түрлі ұлттар мен халықтардың мәдениетін дамытуға игі әсер еткені мәлім.
Қазақстанға Орталық Россиядан орыс шаруаларының көшіп келіп орналасуының зор маңызы болды. Олар қазақтардың отырықшылыққа, егіншілікке көшуіне әсер етті, орыстар мен қазақтар арасында достық қатынастар күн санап нығая берді
25,245.

Патшалық Россия халықтардың түрмесі болғаны мәлім. Ол шет аймақтардағы халықтарды аяусыз езіп, азапқа салды, оларды надандық пен қараңғылықта ұстауға тырысты, ұлт араздығын қоздырып отырды. Россияның басқа халықтары сияқты, қазақ халқы да саяси жағынан еріксіз болды, ұлт мәдениеті, әсіресе, тілі қорланды. Бірақ патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарамастан, Қазақстанның Россияға қосылуының терең прогрестік маңызы болды. Бұл қосылудың нәтижесінде Қазақстанда экономика мен мәдениеттің дамуына жағдай жасалды. «Капитализмнің ескі шаруашылық құрылысқа қатысты аталған барлық өзгертулері, сондай-ақ халықтың рухани бейнесін өзгертуге де сөзсіз әкеліп соғады» 26,110-деп көрсетті. Қазақстанға капиталистік қатынастардың терең бойлай таралуы мұндағы ескі шаруашылық құрылысты өзгертті, ал мұның өзі қазақ халқының санасына да елеулі өзгеріс енуіне әсер етті.

Орыс халқының озат мәдениеті қазақ мәдениетінің өркендеуіне игі әсерін тигізді, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаев сияқты демократ ағартушылар шықты, қазақ халқының ішінде ұлт интеллигенциясы қалыптаса бастады. Орысша және қазақ тілінде оқытатын мектептер ашылды. 1862-1900 жылдар арасында қазақ тілінде шамалы жеті кітап басылып шықты. Қазақтың жазба әдебиеті мерзімді баспасөзі пайда болды. Орыстың революцияшыл-демократиялық баспасөзі мен публицистикасы қазақ ағартушылары Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің және Абай Құнанбаевтың қоғамдық- саяси көзқарастарының қалыптасуына әсер етті. Крепостниктікке қарсы күрес, тұрмыстық прогрестік формалары мен ағарту ісін жақтаушылық, халық бұқарасының мүддесін қорғау, орыс ағартушыларының осындай үш түрлі сипаты қазақ ағартушыларына да тән қасиеттер еді 26,116.

Орыстың ұлы ағартушыларының демократияшыл дәстүрінен үлгі - өнеге ала отырып, олар қазақ халқының жарқын болашағы үшін күресті, феодалдық-патриархалдықтың сарқыншақтарына қарсы шықты, ұлы орыс халқымен дос болу, оның озат мәдениетінен үйрену идеясын қызу насихаттады.  Азаттық жолындағы қозғалыста орыстың алдыңғы қатарлы жазушылары мен аса көрнекті публицистері баспасөзді күрес құралы етті. Мысалы, 1836 жылы А.С.Пушкин ұйымдастырған «Современник» журналын алпысыншы жылдары А.Г.Чернышевский мен Н.Л.Добролюбов басқарып, оны шаруалар революциясы идеясын насихаттайтын айбынды органға айналдырды. Қазақ ағартушылары алдыңғы қатарлы орыс баспасөзінің тамаша дәстүрлерінен үлгі-өнеге ала отырып, қазақтың бұқарашыл публицистикасы мен журналистиканың негізін қалады 27,77

Қазақстанның қалаларында патшаның жергілікті әкімшілік орындарының ресми органдары болып табылатын газеттер шыға бастады. «Облыстық ведомстволармен» қатар қазақ тіліне аударылып, Орынборда «Торғай» газеті, Омбыда «Дала уалаяты» газеті, сондай–ақ Оралда, Астраханьда және басқа кейбір қалаларда шығарылған газеттер де Қазақстан өмірімен байланысты болды 27,80.

Әдеби сынның дамуы арнасы- баспасөз. Сондықтан да сынның дамуы баспасөздің дамуына тікелей байланысты. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жарымында қазақ даласында баспасөздің тууы шын мәніндегі жазба әдеби сынның пайда болуына тікелей қолайлы жағдай туғызды. Әдебиетке қатысты алғашқы сын мақалалар ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде шыға бастаған «Түркістан уалаяты» газеті (1870-1882) мен «Дала уалаяты» газеті (1888-1902) беттерінде көрінді. Қазақ баспасөздерінің қарлығаштары болған бұл газеттер әлеуметтік-рухани ойларды оятумен бірге әдеби ой-пікірлердің де көш басында тұрды.

Бұл газеттер қазақ халқының қамын ойлап, оның әлеуметтік-шаруашылық және мәдени-ағарту тілектерін ескергендіктен шығарылған жоқ, патша үкіметінің отаршылдық саясатын күшейе түсу, оның бұйрық-жарлықтарын жергілікті халықтардың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындаттыру, сондай-ақ оның ресми көзқарастарын халық арасына кең таратып, қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатын көздеді. 
Алайда патша үкіметінің екіжүзді мақсатына қарамастан, Қазақстанда мәдениетің дамуына мерзімді баспасөздің  пайда болуы елеулі әсер етті. Патша үкіметінің заңдарын, жарлықтарын жариялап, оның реакцияшыл, отаршылдық саясатын уағыздай отырып, сонымен қатар бұл газеттер өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мәселелерін көтеруге мүдделі болды. Бұл газеттерде мал шаруашылығы жайлы, мектептер, егіншілік туралы және сауда туралы жазылып тұрды, қазақ халқының тарихына, тіліне, ауыз әдебиетіне, этнографиясына, Қазақстанның археологиясы мен пайдалы кен байлықтарына арналған мақалалар басылып отырды.
Алдымен аударма ретінде шығып, бірте- бірте дербес газет дәрежесіне дейін жетіп, қазақ тілінде шығарылған «Түркістан уалаяты» газеті (1870–1882) мен «Дала уалаяты» газеті (1888–1902) қазақ баспасөзі тарихының алғашқы бет ашарлары деп есептелінеді. Бұл газеттер патша үкіметі қойған міндеттер мен мақсаттарға, оның отаршылдық саясатын жүзеге асыруға, Қазақстанда капиталистік қатынастарды орнықтыруға қызмет еткенімен, объективтілік тұрғыдан қарағанда қазақтың тілі мен жазба әдебиетін қалыптастыруда, ұлттық мәдениеті мен экономикасының тарихын жазу жөнінде белгілі дәрежеде айтарлықтай роль атқарды.
Ташкент қаласында 1870–1917 жылдары орыс тілінде «Туркестанские ведомости» газеті шығып тұрды. Түркістан өлкесін  билейтін генерал-губернаторлардың ресми органы болғанымен, бұл газетте жарияланған Орта Азия халықтарының тарихы мен этнографиясы, археологиясы және географиясы жөніндегі материалдардың мәні зор болды 27,533. Газетті шығарысуға Н.С.Сеерцев, В.В.Бортольд, Н.П.Остроумов, Ш.М.Ибрагимов сияқты белгілі ғалымдар қатысты.

«Түркістан уалаяты газеті» алғаш Ташкентте шығып тұрған. «Туркестанские ведомости» газетіне қосымшасы ретінде, кейіннен жеке бөлініп, айына екі рет қазақша жарық көріп тұрды. Газет бетінде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне қатысты түрлі тақырыптағы мақалалармен қатар әдебиетке, тілге байланысты бірсыпыра материалдар жарияланды. Газет бетінде алғаш рет А.С.Пушкиннің, Л.Н.Толстойдың, И.А.Крыловтың аудармалары қазақ тілінде жарияланды.

Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уалиханов туралы алғашқы мақала осы газет бетінде жарық көрді. Онда генерал-губернаторының Жетісуды аралап жүргенде Шоқанның қабірінің басында болғаны, басына белгі орнатуға бұйрық бергені айтылған.

1876 жылғы 29 санында «Қисса и Қожа-Ғаффанвәһәм Сәдуақас» деген кітапты Мұхамеджан Мұфтахиддиннің өз қаражатына бастырып шығарғанын хабарлап, оған біраз сын айтқан. Кітап «қазақ тілінде басылып шыққан болса да тілінің көбі ноғайша, кейбір жерінің сөзіне түсініп болмайды. Қазақ тілін бұзып басып шығарыпты. Енді оқыған адам қазақ тілі осы деп ойласа керек. Қазақ тілі қандай жарасып бір-біріне жабысып тұрғанын білгіңіз келсе, бір-екі ауыз сөз жазалық» деп, мысалға Орынбай ақынның өлеңдерінен екі шумақ ұсынылған. Бұл мақаланы алғашқы қазақ рецензияларының бірі деп қарау керек.

Газеттің бетінде (1878, №11–12) қарақалпақ ақыны Әжінияз бен қазақ қызы Меңештің айтысы басылған. 1878 жылғы үшінші санында Мәделіқожаның ел арасында болыстыққа таласуды сынаған өлеңі «Бір өлеңші адам елде үлкен жиылыс болғанда өлең шығарған екен» деген сөйлеммен басталатын кіріспе сөзбен берілген. Сондай-ақ, «Шымкент оязына қараған Мәделіқожа деген ақынның Сырдария облысының әскери губернаторы Калашовтың Хиуаға барғаны туралы тақырыпта шығарған өлеңі» берілген. Сондай-ақ, Досанбай ақынның өлеңі де басылған 28,8.

«Түркістан уалаяты газеті» әртүрлі тақырыптағы ауыз әдебиетінің үлгілерін беріп отырған. Әсіресе мақал-мәтелдер мол кездеседі. «Көп сөздің азы жақсы, аз сөздің өзі жақсы», «Ашу-дұшпан, ақыл-дос», «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ», «Жаманға жалынғанша жат та жаныңды қараман» секілді мақалдарды оқимыз.

Қазақ мақал-мәтелдерін жинап бастырушы Қожа Садық Бабажанов туралы мәлімет берілген. Қ.Бабажанов «... Қазақтың мақал-мәтелдерін зерттеуде елеулі еңбек сіңірген адам. Қазақтың мақал-мәтелдерін «Түркістан уалаятының газетінде» -жариялауына қарай бағалап, осы саланы зерттеудің алғашқы бастамасы деп қараймыз» 28,16,- деп жазады.

Сондай-ақ, газет беттерінде жұмбақтар, айтыстар, өлең-жырлар, аңыз-әңгімелер, ертегілер үзбей жарияланып отырған. Шығыстық қисса–дастандар, әсіресе «Мың бір түннің» хикаялары, араб-парсы әдебиетінен келген қисса-дастандар едәуір орын алған.

Сөйтіп қазақ баспасөзінің тұңғышы санадатын «Түркістан уалаятының газеті» беттерінде қазақ ауыз әдебиетіне, әдеби тілге, жекелеген ақындарға қатысты материалдар алғаш рет тасқа басылып, оқырман қауымға тарады. Бұл шын мәніндегі профессионал жазба әдеби сынының алғашқы көрінісі, бастаулары еді.

«Дала уалаятының газеті» «Акмолинские областные ведомости» газетіне қосымша ретінде Омбыда 1888 жылдан 1893 жылға дейін орыс және қазақ тілдерінде шығып тұрған. Соның орыс тіліндегі «Особое прибавление к Акмолинским областным ведомостям» атты қосымшасы 1894 жылдан бастап, орыс тілінде «Киргизская степная газета», ал қазақ тіліндегісі «Дала уалаятының газеті» деген атпен жарық көре бастады. Газетте негізінен патша үкіметінің бұйрық- жарлықтары, заңдары, хабар-ошарлары жарияланып тұрды. Сонымен бірге жергілікті қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты материалдар да жиі берілді. Орыстың Г.Потанин, А.Алекторов, А. Ивановский, А.Добромыслов, В.Обручев, Н.Пантусов, Н.Ильминский сияқты зерттеушілерінің қазақтардың тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне қатысты мақалалары жарық көрді.

А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой, М.К.Лермонтов, Д.Н.Мамин-Сибиряк, Г.И.Успенский, И.А.Крыловтың шығармалары қазақша аударылып басылды. Атап айтар болсақ, Л.Н.Толстойдың «Дұрыс әзілдескені» («Старик сжал яблони»), «Бақыт пен мұжық» («Мужик пошел косить луга и заснул»), «Құмырсқа мен көгершін» («Муравей и голубка»), «Бұғы» («Олень»), «Бұғы мен қарақаттың сабағы» («Олень и виноградник») сияқты шығармаларының аудармалары басылған. Газетке жарияланған «Қазақтың тәуір адамдарының қылар ісі» (1896, №43) атты мақаладан «Тургеневтің, Лермонтовтың, Толстойдың, һәм өзгелердің шығарған кітаптарын Өскенбайұлы еркін переуад қылып шығарған»- деген жолдарды оқимыз. Бұл жерде әңгіме Абайдың туысы Халиулла Өскенбаев жайында болып отыр.

Ш.Уалихановтың 60 жылдығына орай жазылған мақалада оның адамгершілігі мол, жан-жақты білімдар болғанын айта келіп, «Ш.Уалиханов ғылым, өнер иесі, халықтың ғадет заңын біліп, даңғыл, биік жолға шықса да өзінің туған жайын жатырқамай, һәм ұмытпады. Тағы да ғалым өнерінің қымбат екенін біліп, құрмет тұтып, өзінің халқын бек жақсы көрген еді. Ләкін Россия халқының қорғап, қоршап болысқанымен Азия халықтары ілгері басып һәм надандықтан құтылар ма деп ойлап еді»- деп жазылған (1894, №18).

Қазақтың ұлы ақыны Абайдың өлеңі алғаш рет осы газет бетінде жарық көрді. Абайдың «Жаз» өлеңі «Семей оязы Шығыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай ауылының Бақанас өзенінде Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» (1889, №7) деген атпен, «Кісіден үйреніп жаздым» деген Көкбай Жантайұлының қолымен жарияланған. Ал «Құнанбайға» өлеңі авторы көрсетілмей, «1888 жылы май айында Ақшатау деген жерде Семей облысы менен Жетісу облысының чрезвычайный съезі болғанда бір уездің ел билеушілерінің съездегі түрі»- деген атпен басылған (1889, №12). Абайдың көзі тірісінде жарық көрген өлеңі-осы екеуі-ақ.1895 жылы 3 санында басылған «Тәкәппар әскер басы турасында» деген аңыз-әңгіменің сюжетін өзінің «Ескендір» поэмасында өзек етіп, дамыта жырлады дейаламыз»- деп жазады қазақ баспасөзі тарихының білгірі Ү.Сүбханбердина. абайдың өлеңдері алғаш осы газетте жарияланса, ол туралы тұңғыш пікір де осында жарық көрді.

«Дала уалаяты газетінде» жаңа шыққан кітаптар туралы мақалалардың дені «Жаңа кітап», «Басылып шыққан кітап туралы», «Жаңа кітап турасынан», «Тағы да бір кітап шықты» деген сияқты тақырыптармен беріліп тұрған.мұндай материалдар көлемі жағынан көбіне шағын келіп, жаңа шыққан кітаптың не жайында, пайдалы немесе пайдасыз екендігін, жетістіктері не кемшіліктерін қысқаша тұжырымдап отырды. Сондай бір мақаланы Асылқожа Құрманбаев Неклюдовтың орыс-татар сөздігі туралы жазды. Осы сияқты «Киргизско-русский словарь», А.Е.Александровтің «Киргиз- казахи», А.Кенесариннің «Султани Кенесары және Сыздық» деген сияқты кітаптарға пікірлер берілген.

«Дала уалаяты газеті» беттерінде шығыстың классикалық әдебиетінен келген аңыз-әңгімелер, қисса-дастандар жиі жарияланып тұрды. «Мың бір түн», «Бозжігіт», «Шахнама», «Фархад- Шырын» секілді шығармаларға кең орын берілді.

Газетте қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері тұрақты орын алды. «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» жырының мазмұны, «Нәрік» батырдың ертегілік нұсқасы, «Ақсақ құлан», «Жошы хан», «Қалмақ толағай яғни қалмақтың басы», «Еңлік-Кебек», «Алдар көсе», «Жиренше шешен», «Асан қайғы» т.б. туралы аңыздар жарық көрді. А.Е.Алекторов, М.Бельский сияқты орыс зерттеушілерімен қатар Ж.Айманов, О.Әлжанов, Б.Адыков, М.Ж.Көпеев, Қ.Жапанов, Б.Райымбеков, Т.Сейфуллин т.б. сияқты қазақ оқығандары қазақ ертегілерін жинап, бастырды. Сондай-ақ мақал-мәтелдер, жұмбақтар А.Васильевтің,Ш.Ибрагимовтің, Ш.Уалихановтің, Қ.Бабажановтың, П.Мелиоранскийдің,В.Катаринскийдің, Ә.Дибаевтың жинастыруымен жарық көрген. Сөйтіп «Дала уалаяты газеті» қазақ әдеби тілінің қалыптасуына, әдеби-сыншыл ойлардың дамуына тарихи еңбек сіңірді.

Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде қазақ кітаптарының шыға бастауы сыншыл ойлардың ояна түсуіне жағдай жасады. Әсіресе 1909 жылы үш бірдей кітаптың-Абай өлеңдерінің, Ахметтің «Қырық мысалының» және Міржақыптың «Оян, қазағының!»- шығуы қазақ әдебиетінің ғана емес, сыншыл ойлар өрісін де кеңейте түскен айтулы оқиғаға айналды. Арғы-бергі әдебиет жайлы жазылған мақалаларда Абайға соқпай өтпейтін болды. Тіпті әлеуметтік- мәдени өмірдің түрлі мәселелеріне арналғандарының өзінде де ойға дәйек ретінде Абайға жүгіну жиі кездесті [29,4].

Қазақ әдеби ой-пікірлерінің дамуына «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің шығып тұруы тарихи рөл атқарды.М.Сералин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сынды ұлтжанды азаматтар шығарып тұрған бұл басылымдарда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, болашағына қатысты көтерілмеген мәселе болмады. Әсіресе әдебиет пен мәдениет айрықша назарда тұрды. Ұлттық бағыттағы өлеңдер жиі жарияланды. Қазақ әдебиетінің жай- күйін, болашағын айқындауға сол кездегі ұлт- азаттық бағыттағы қазақ қаламгерлерінің дені қатысты.

Қазақ әдебиеті, оның аса көрнекті өкілі Абай туралы пікірлер орыс тілінде қазақтар хақында жазылған еңбектерде көріне бастады. Солардың бірі- 1903жылы атақты ғалым П.П.Семенов-Тянь-Шанский мен академик В.И.Ламанскийдің басқаруымен Петербургта басылып шыққан «Россия». Полное географическое описание нашего отечества» атты көп томдық еңбек. Соның «Қырғыз өлкесі» аталған 18 томы түгелдей қазақтарға арналған. Кітаптың қазақтар туралы тарауын А.Н.Седельников, Ә.Бөкейханов, С.Д.Чазов жазысқан. Демек Ә.Бөкейханов қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті жайлы тарауды жазуға қатысқан.

Кітапта қазақтар Азия құрлығын мекендейтін барлық түркі халықтарының ішінде саны жағынан да, территориясы жағынан да бірінші орындарға (түріктерден кейінгі) халық екендігін ескерте келіп, оның әсіресе ойлау, есте сақтау қабілетін, тіл байлығын, мәдениетін бағалаған. Қазақ халқының рухани байлығын баяндағанда ауыз әдебиеті түрлеріне тоқталған. Әсіресе «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» дастанына көңіл бөліп, талдайды. Қазақ ақындарының Шортанбай, Ноғайбай сияқты ақындарының шығармаларына көңіл аударады. Абайға ерекше көңіл бөліп, оны қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салушы ретінде жоғары бағалайды: «Наконец как представителя нового течения в киргизской поэзии, следует назвать Кунанбаева- автора многих стихотворений, изящних по форме и поэтический по содержанию (особенно описания природы). Этому же автору принадлежать хорошие переводы «Евгения Онегина» и многих стихотворений Лермонтова (который оказался наиболее понятным для киргизов), таким оброзом у семипалатинских «Оленчи» можно слышать, например, «Письмо Татьяны», распеваемое, конечно, на свой мотив» [30,27].

Ә. Бөкейхановтың Абайдың шығармашылығымен ақынның тірі кезінде-ақ айналыса бастап, ол туралы алғашқы пікірді беделді орыс басылымы бетінде білдіргендігін атап өткен жөн. Ә. Бөкейханов Абайдың ұлылығын алғаш танып, халыққа таныстыруға, насихаттауға айтарлықтай еңбек сіңірді. Абай қайтыс болған соң, ол Семейде орыс тілінде шығып тұратын «Семипалатинский листокта» ақынның өмірбаянымен таныстырған қазанама жариялады. Некролог үлгісінде жазылған мақалада тұңғыш рет Абайдың шығармашылық болмысы жасалынды. 1904 жылдың 23 маусымында Семей уезі Шыңғыс болысында туған даласына танымал қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың қайтыс болғанын хабарлаудан бастап, оның ата-тегімен, өскен ортасымен, алған білімімен таныстырған. Оның араб, парсы тілдерін жетік біліп, шығыс әдебиетімен еркін сусындағандығын айтады. абай өзінің бар қабілетін, дарынын ел арасындағы дау-дамай мен кемшіліктерге қарсы күреске жұмсауға мәжбүр болған «самородок» еді дейді автор.

Сонымен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдеби ой-пікірлерінің жандана түсуіне ұлы Абайдың поэзиясы негізгі қозғаушы күш рөлін атқарды. Абай қайтыс болғанда жазылған қазанамаларда, 1909 жылы шыққан тұңғыш кітабына соңғы сөз ретінде берілген Кәкітайдың ғұмырнамалық мақаласында, сондай-ақ орыс, басқа да тілдерде шыққан түрлі жинақтардағы мақалаларда, деректерде Абай поэзиясы жайлы бағалы пікірлер айтылып, ақындық даңқы жайлы бастады. Орысша жазылған еңбектерде Абайдың орыс әдебиетімен байланысына назар көбірек аударылды. Абайдың досы В.П.Михаэлис қайтыс болғандағы қазанамаға «Ертістің арғы жағынан Абай Құнанбаевтай поэзияның таза алтынын ашқанын» оның үлкен еңбегі ретінде атап өткен.

Сыншыл ойлардың тағы бір өрісті арнасы сол кезде шығып жатқан көркем шығармалар мен оқулық мақсаттағы кітаптар болды. Бұлардың дені педагогикалық бағытта ұстанып, әдебиеттің табиғаты, мәні жайында айтылған құнарлы ойлардың көзіне айналды.

«Айқап» (1911-1915) журналының қазақ баспасөзінің тарихындағы орны айрықша. Ағартушы-демократ жазушы Мұхамеджан Сералиннің басшылығымен шығып тұрған бұл басылым ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлттық, әлеуметтік санасының оянуына айтарлықтай қызмет етті. Журналдың тақырыптық аясы өте кең. Сол кездегі қазақ қауымын толғандырған әлеуметтік, экономикалық, мәдени мәселелердің ішінде басылым бетінде көтерілмегені жоқ десе де болғандай. «Айқаптың» қанатын кең жайып, кеңінен тарауына А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Н.Құлжанова, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Малдыбаев, С.Ғаббасов, Ә.Ғалымов, О.Сатыбалдин, Р.Мұсағалиев, М.Тұрғанбаев, Ж.Тлеулин, Ғ.Қарашев, Ж.Мәмеков, Н.Сатыбалды, С.Нұржанов, Ж.Басығарин, Қ.Кемеңгеров, Ш.Құдайбердіұлы т.б. сынды қаламгерлер айтарлықтай үлес қосты.

«Айқапта» көтерілген мәселелердің қомақтысы әдебиет пен тіл болды. 1911–1912 жылдары Әкірам Ғалымов пен 1913–1914 жылдары С.Торайғыровтың журналдың хатшысы, тілші, қызметкер болып С.Көбеев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Дөнентаев, М.Жолдыбаев сияқты ақын-жазушылардың шығармаларының басылып тұруы, оның үстіне редакторы М.Сералин сынды әрі жазушы, әрі публицист демократтың басқаруы да басылым бетінде әдебиет, мәдениетке қатысты материалдардың мол көрінуіне септігін тигізген.

Журналда М.Сералиннің әдеби-публицистикалық материалдары үзбей жарияланып тұрды. Редакциялық мақалалардың денін өзі жазды. Солардың бірінде ол: «Тіл, әдебиет-бір ұлттың жаны мен рухы-дүр әдебиеті болмаған миллет тілі шықпаған жас бала кебі-дүр. Себебі өзінің басындағы қайғы, һәм шаттықтарын басқаларға айтып түсіндіре алмас. Бір ұлт пен екінші ұлт халіне келтірген себептердің ең зоры да тіл және әдебиет. Өз ана тілінің, әдебиетінің бағасын біліп, дәмін сезген ұлт балалары өз тілін, ата-анасын артық құрмет етер. Тіл, әдебиет дүниедегі ғылым, өнердің, мәдениетінің ең асылы, ұрығы. Бұлл нәрселердің әдебиеті болмаған ұлт арасында таралып жаюы мүмкін емес. Біздің де өзімізше тіл, әдебиетіміз бар... көміліп қатаң қазынаны дүние жүзіне шығаруға үлкен- кіші бәріміз борышты қарыздармыз» [31,115]. - деп бүгінгі күнде де маңызын жоймаған ойлар айтты.

Басылым бетінде жаңа шыққан кітаптар жайлы пікірлер «Кітаптар жайынан» атты бөлімде тұрақты беріліп тұрды. Ұзын саны отыздан астам өлең кітаптарына, жиырмадан астам оқу құралдарына, аударма әдебиеттерге пікірлер шықты. Олардың қатарында А.Байтұрсыновтың «Маса», Ш.Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр», Ғ.Қарашевтің «Бала тұлпар», «Өрнек», «Қарлығаш», Ә.Ғалымовтың «Жастық жемістері», С.Көбеевтің «Үлгілі бала», «Үлгілі тәржіме», «Қалың мал», С.Дөнентаевтың «Уақ-түйек» кітаптары және «Қара қыпшақ Қобыланды» жыры бар. Көпшілігінің аннотациялық сипаты басым. Мысал келтірейік: «Жаңа шыққан кітаптар», «Жастық жемістері» қазақша өлеңмен басылған. Шығарушысы-«Айқап» оқушыларына белгілі Әкірам Ралымов. Ішінде әдемі-әдемі өлеңдер бар. Өлең оқуды сүюшілердің алып оқулары тиіс.

Ұмытылған «Қалқаман-Мамыр» қазақ тіліндегі тарихи хикая. Шығарушысы, һәм бастырушысы Ш.Құдайбердіұлы. бұл кітапта қазақта мұнан 190 жыл бұрын болып өткен бір оқиғаны қисса қылып, өлеңменен жазған. Оқушыларға әсерлі көркем кітап. Алдырушыларға Семипалатта «Ярдам» кітапханасынан алдыруға болады» [32,58].

Бұл шағын материалдардың жарнамалық, хабарламалық сипаты айқын.жақсы бағалап, оқырманға үгіттееген.

Ал, Нұржан Наушабаевтың өлеңдерін дұрыс бағалай отырып, ішінара дәлелді сындар да айтқан: «Алаш»- Нұржан Наушабаев сөзі. Бұл кітап назымға бөлініп жазылған. Наушабаевтың кәдімгі жүйріктігі мұнда да көрініп тұр. Ликин бізге бір ұнамаған жері: бағзы бір назым басында өз есімін қосыңқырап жазған. Мысалы, бірінші назым: «Сөзіңді әркім, Нұржан сүйер сенің»- деп. Тағы бір міні, әуелгі назымында: «Қимылда қалған жоқ па бірер тамшы»- деген сөзді қалдыру тиіс еді, боқауыз сөз екендігі білініп тұр [32,65].

Жалпы «Айқап» журналындағы сыни материалдарда шығармаға баға бергенде көбіне объективті түрде келіп отырғандығы көрінеді.

«Қазақ» газеті (1913-1918) А.Байтұрсыновтың редакторлығымен Орынборда шығып тұрған. Газет туралы М.Әуезов «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» [33,220]- деп жазған болатын. Осы себептерден де бұл газет егеменді ел болғанға дейін қалың жұртшылыққа белгісіздеу болып, жабық күй кешіп келді.

«Қазақ» газеті халқымыздың рухани өмірінде терең із қалдырған саяси-әлеуметтік жағынан жетіліп, ұлттық сана-сезімінің оянуына айтарлықтай үлес қосқан халқының қамы үшін отқа түсірген, болашағы үшін күресе білген, кезінде қазақтың мүлгіген даласында шамшырақта жанып болашаққа бағыт көрсеткен айтулы басылым болатын.

Газет сол кездегі ұлтжанды қазақ зиялылары топтасқан рухани орталығы еді. Мұны газет авторларының құрамынан да байқауға болады. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Дөнентаев, Б.Майлин, С.Торайғыров, Р.Қарашев, А.Мәметов, Б.Серкебаев, Р.Малабаев, Қ.Қоңыратбаев сияқты бүкіл елге танымал қайраткерлердің мақала- шығармалары басылым бетінде үзбей жарияланып тұрды. Сондай-ақ Л.Толстойдан, А.Чеховтан, М.Лермонтовтан, В.Короленкодан, И.Крыловтан аудармалар басылған.

«Қазақтың» шығарушылары әдебиетшілер болғандықтан да газет бетінде әдебиетке қатысты материалдар айтарлықтай орын алған. Газетте сынның барлық жанрларында дерлік мақалалар беріліп, жетіліп-жетігіп, айқындала түсті.

Сонымен «Қазақ» газеті ұлттық әдеби сынның қалыптасып, дамуына тарихи еңбек сіңірді. Сол кездегі бүкіл қазақ аузына қараған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Баржақсин, Р.Мәрсеков сынды мандайалды зиялыларымыз осы газеттің маңына топтасып, ұлттық әдебиетіміздің дұрыс жолда дамуы үшін ұлтжанды пікірлер айтып, қызмет етті. Ұлттық әдебиетіміз, мәдениетіміз, тарихымыз, тіліміз, дініміз жайлы осыдан 90 жыл айтылған пікірлер әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ.


2.2 Қазақ әдеби сынының теориялық негіздері мен

эстетикалық құндылықтары


Қазақ әдеби сын жанрының теориялық тұғырнамасы бүгінде айқындалып, кемел ғылым кеңстігіне бастауда. Ұлттық сын өнерінің көркемдік-эстетикалық құндылықтары қызықты сараптауларға құрылып, сын жанры саласындағы қадау-қадау зерттеу мақалаларының бір тобы-көркем сөз шеберлерінің өмір белестеріне, жазушылық танымдарына, көркем шығарма жазу ерекшеліктеріне, әдебиет тарихындағы өзіндік сыр-сипаттарына арналған жарияланымдары. Әдеби сын ғылымы тілімен айтар болсақ, шығармашылық портреттерге де жатқызуға болар еді. Өйткені бұл еңбектердің жанрлық сипатына зер салсақ, шығармашылық портреттерге қойылатын міндет-талаптарды теориялық тұрғыдан барынша қуаттайды.

Қазіргі қазақ әдебиеті сынының тарихына, оның жүріп өткен жолына көркемдік сапа деңгейі тұрғысынан қарағанда бірнеше айтулы кезеңдерді атап өтуге болар еді. ХХ ғасырдың 20–30 жылдарында алаш арыстары негізін қалаған, осылардың арқасында жаңаша, ұлттық танымдық-көркемдік биігіне көтерілген әдеби-көркем сынымыз, ең бастысы осы арқылы сол кезеңдегі туған әдебиетіміздің тарихын, теориясын, көркемдік ізденістерін бір жүйеге түсіруге деген талпыныс, барлығы да зая кеткен жоқ. Сол жылдардағы А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ғ.Тоғжанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев бастаған және осы ізденістер арнасын ары қарай сәтті жалғастырып кете алған кейінгі толқын әдебиет зерттеушілері мен сыншылары, атап айтсақ, Дандай Ысқақұлы, Тұрсынбек Кәкішев, Бақытжан Майтанов, Ыдырыс Мұстабайұлы, Әлия Бөпежанова, Айгүл Ісмақова да ұлтымызға теңдессіз мол мұра қалдырды. Қазір қолымызда қалған осынау баға жетпес құнды мұра бүгінгі әдебиетін іздейтін, әдебиетін сүйетін жас ұрпаққа да таптырмас рухани азық екендігін айтып жату артық. Демек, қазіргі қазақ көркем сыны тақыр жерден басталған жоқ, құнарлы мектептен, телегей теңіз әдебиетіміздің өз қайнарынан қуат алды.

Қазақтың ұлттық әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымындағы осынау күрделі жылдарда қалыптасқан, өркен жайған құнарлы дәстүр 60-90 жылдар, керек болса бүгінгі тәуелсіз әдебиетіміз бен өнеріміз үшін де баға жетпес биік тұғыр, эстетикалық құндылық болып отыр. Осы жылдар аралығында осынау құнарға табан тіреген, содан нәр алған бірнеше буын қазақ сыншылары да өсіп жетілді, әдебиет айдынына шықты. 70–жылдардың ішінде жазған дүниелерімен оқырманын елең еткізіп осы көшке келіп қосылған З.Серікқалиев, Т.Тоқбергенов, А.Сүлейменов, Ж.Әбдірәшев, С.Әшімбаев т.б. сын еңбектері әдебиетке соны леп алып келді. Осынау талантты, тегеурінді, ең бастысы әлемдік әдебиеттен тоқығаны, түйгені мол білімді, білікті әдебиет сыншылары буынының бел ортасында көрнекті қаламгер, кәсіби сынның ауыр жүгін ауырсынбай арқалап, осы әдебиет сынын ондаған жылдар бойында өз тағдырына балап, бір ерекшелігі әдебиеттің барлық жанрларын бірдей қамтып, өндіре жазып, жемісті еңбек етіп келе жатқан әдебиет сыншысы, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сайлаубек Естайұлы Жұмабекті бүгінгі күні даралап айтсақ жарасады. Әдебиет пен сынның биік белесіне сирек дарын, тума талантымен, ешкімді қайталамайтын өзіндік стилімен, жазу мәнерімен, ең бастысы осынау ұзақ жылдардың өн бойында тынымсыз ізденіс пен таза еңбекке ғана арқа сүйеген сыншының қазақ оқырманына ұсынған сын жинақтары аз емес.

Бүгінгі күні де қазақтың қабырғалы қаламгерлері туралы қадау-қадау еңбектер жазып жүрген көрнекті сыншымыз Сайлаубек Жұмабектің «Сын пернесі» («Жазушы» 1989ж.), «Ғ.Мүсірепов»(«Рауан» 1989ж.), «Сын әуені» («Елорда» 2001ж.), «Шерхан Мұртаза. Жұлдызы нұрлы суреткер», (екінші басылымы), («Өлке» 2002ж.), «Тахауи Ахтанов. Талант тектоникасы (2003ж.), Ахтанов–Ахтановтың көзімен» «Күлтегін» атты қадау-қадау еңбектері, дүниеден өтіп кеткен, қазақ руханиятына қайталанбас көркем мұра сыйлаған Ғ.Мүсірепов, Т.Әлімқұлов, Ә.Әлімжанов, Ә.Тәжібаев, М.Мақатаев, Қ.Мұхаметжанов, М.Қаратаев, А.Сүлейменов, З.Серікқалиев, қазір де қолынан қаламы түспеген Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова сынды шынайы суреткерлер жайындағы толымды, тағылымы биік әдеби-эстетикалық эсселер мен әдеби талдау мақалалар шоғыры, осының барлығы әдебиет сыншысының кейінгі он, он бес жыл көлемінде тынымсыз ізденіс үстінде екендігін көрсетеді.

Осынау жемісті еңбектің бір көрінісі жоғарыдағы санымен емес, көркемдік сапасымен оқырман назарын өзіне аударған әдеби зерттеулер, әдеби-сын еңбектер десек артық айтпаймыз. Әрқайсысы қазақ әдебиетінің бір-бір шоқтығына айналған жоғарыда аты аталған қаламгерлердің шығармашылық зертханасының, олардың көркемдік әлемінің қазіргі әдебиеттану, сыни-эстетикалық дүниетанымымыздың бүгінгі жеткен биігінен талдау арнасында қарастырылуы басты рухани олжамыз дер едік.

Осынау пікір-байламдардың орнықтылығына оның 1990 жылдардың басында «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Сын пернесі» атты кітабы біржолата көз жеткізген еді. Автордың алғашқы кітабы әдебиетке не қосып, не алды, несімен қымбат, қалың оқырманына қандай ой-пікірлер айта алды деген сұрақтарға бір оралып көрсек. Бұл арада, ең алдымен кітапқа сыншының әр кезде жарық көрген немесе жаңадан жазылған ең таңдаулы, соқталы деген сын еңбектерінің (мақала, сұхбат, эссе) іріктеліп, топтастырылғандығын айтар едік.

Бұл ең алдымен кітаптың мазмұнын, мән–мағынасын, сапалық деңгейін көтерген. Себебі, кітапқа енген мақала, сұхбат, эсселердің қай–қайсысы болсын мәнді мәселені көтереді, яғни олардың тақырыптық арқауына қазіргі әдеби процестің арналы, кіндік «мәселелері» өзек болған. Айталық, «Ұнамды қаһарман» атты беташар мақалада шынайы реализм әдебиеті мен өнеріндегі кіндік мәселелердің бірінен саналатын бас қаһарман проблемасын, оның арғы–бергі тарихын, болмыс-бітімін бірегей, біртұтас көркемдік құбылыс ретінде саралай келіп, оны қазіргі әлемдік әдеби процеспен сабақтастыра сөз етеді.

Аталған проблеманы шешудегі басқа да ұлттар әдебиетінің әр кезеңінде қол жеткізген табыстарын саралай келіп, сыншы негізгі әңгіменің арқауын Ш.Айтматовтың «Боранды бекет», Ю.Бондаревтің «Таңдау», Ә.Нұрпейісовтің «Сең» романдарын талдауға құрады. Әсіресе, осынау шоқтығы биік шығармалардағы бас кейіпкерлер Едігенің, Владимир Васильевтың, Жәдігердің ұнамды қаһарман ретіндегі қайталанбас характерлері, мейлінше дараланған мінез–мүсіні, олар көтеретін әлеуметтік–көркемдік жүк іргелі әңгімеге өзек болып, жинақтау мен саралаудың арнасында ашылады. Мысалы, «Осы романдағы характерлер қақтығысы, сюжеттік желі тікелей іс–әрекет динамикасынан гөрі, ой–сана мен психологиялық шарпысулардан тұратын иірімдерге негізделген»,-деп түйінделетін автор ойының тереңдігіне ден қоймасқа болмайды.

Сонымен, жоғарыда сыншының кітабында негізінен қазіргі қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлерінің, айтулы ақын–жазушылардың творчествосын тілге тиек ететіндігін астын сыза айттық. Және бірнеше мақалалар қазақ прозасына олжа салған қаламгерлеріміз Е.Домбаев, С.Бердіқұлов, Б.Нұржекеев, О.Бөкеев, К.Ахметбеков романдарын талдауға арналыпты.

Нақтырақ айтсақ, «Роман және әлеуметтік талдау» деп аталатын көлемді мақаладағы сөз болатын Е.Домбаевтың «Жаман Жәутік», О.Бөкеевтің "Өз отыңды өшірме», Б.Нұржекеевтің «Бір өкініш, бір үміт» романдарындағы қол жеткен көркемдік табыстар мен орын алған кемшіліктер нақты бір проблема төңірегінде, яғни осы шығармалардағы әлеуметтік талдау деңгейінің ара салмағымен өлшенуі көп сырдың бетін ашқан. Осы орайда көркемдік талдау, кейіпкер шынайылығы, жазушының тіл шеберлігі сияқты мәнді мәселелер де назардан тыс қалмайды. Бұл ыңғайдағы мақалалардың ішінен, біздіңше, халқымыздың арқалы ақындары, ардагер дарындар Ә.Тәжібаев пен М.Мақатаев және сирек талант Ф.Оңғарсынованың шығармашылығына арналған дүниелерді ерекше бөліп айтуға болар еді.

Ал енді сыншының құлашты кеңге сермеп, ағынан жарылып, ақтарыла сөйлейтін тұсы-саңлақ суреткерлер Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романының екі кітабын, Әбіш Кекілбаевтің «Үркер» және «Елең–алаң» романдарын талдайтын мақалаларында. Бұл қаламгерлердің көп жылғы шығармашылық ізденістерінің жемісті екендігін, олардың қаламынан туған шығармалардың көркемдік әлемін, танымдық- тағлымдық мән-мағынасын, рухани–философиялық парасатын, қала берді суреткерлік қолтаңба ерекшеліктерін егжей-тегжейлі иін қандыра әңгімелейді. Мысалы, «жазушы әке мен бала қарым-қатынасын педагогикалық, эстетикалық, философиялық өрімде өзгеше біртұтастық сақтап, екі кітаптың өн бойында осы өрімді ылғи ірі планда көрсетіп отырады» [34,132] - дей келіп, сыншы «Қызыл жебе» романындағы орталық кейіпкерлер Рысқұл мен Тұрар тұлғаларын даралаудағы, оларды типтік образ биігіне көтеру мақсатындағы жазушы ізденістеріне, романның реалистік қуатына, романтикалық тынысына ерекше әсер еткен көркемдік факторларды кеңінен сөз етеді.

Ал, әдебиет классиктері Ғ.Мүсірепов және М.Қаратаевпен арадағы сұхбат- диалогтарда алдымен туған әдебиетіміздің кешегісі мен бүгінгісі, әлі де қолымыз жетпей жатқан асуларымыз бен көркемдік мақсат- мұраттар сөз болады. Бүгіндері арамызда жоқ, айтулы сөз зергері, үлкен суреткер Ғабит Мүсіреповтің қаламдас інісіне ағынан жарылып, аманат еткендей, абыз ойларын бүкпесіз ортаға салуы, оны қолға ұстатқандай жіліктеп жеткізуі оқырман үшін ерекше қымбат, қастерлі болуға керек.

Тағы да бір мақаланы жеке- дара, бөліп алып әңгімелеуге толық негіз бар. Ол әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың айтулы туындысы «Жан пида» атты романына арналған «Әлеуметтік әділет тартысы» атты көлемді мақаласы. Кезінде романның ізін суытпай, іле-шала «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген бұл мақаланың басты құндылығы- оның сол кезеңдегі одақтық пікірге дер кезінде үн қосып, алғашқы пікір- байламның бірі болғандығында ғана емес, сонымен бірге авторының терең таным–талғамын, биік парасат–пайымын байқатқандығында.

Жалпы, кітапты оқып шыққаннан кейін, біздің ойымызша сыншы қаламына тән басты ерекшелікті ажыратып айту ләзім. Ең алдымен, оның сөз етіп отырған объектісіне байланысты қай мәселені көтермесін, соны немқұрайды сөз етпей, тереңнен толғап, сезіммен шалқуы, нені айтса да жүрек түбінен тебіреніп айтуы.

Ал, енді кітапқа енген басқа да шолу, талдау мақалалардың арқауында жатқан кіндік мәселелер негізінен 60–80 жылдар прозасының, поэзиясының тақырыптық, жанрлық, стильдік ізденістерін қамтып айтуға арналады. Осы арнада енді таныла бастаған, алғашқы тырнақалды шығармаларымен оқырманға жол тартқан жаңа толқын қаламгерлердің аяқ алысы туралы да сыншының ой–толғамдары, пікір–байламдары орынды, орнықты көрінеді. Сыншы әдебиетіміздің ертеңгі күнінен де суыртпақтап сыр тартады.

Жалпы алғанда, Сайлаубек Жұмабектің сыншылық қолтаңбасын бірден ажыратамыз. Әсіресе, ой-пікірді поэтикалық аяда айшықтап жеткізу, стильдік тұрғыдан шегелей, ширықтыра қайыру мақсатында әдеби-теориялық терминдерді, халықаралық лексикадағы танымдық аясы кең, өткір, танымал сөздерді сыншы өте ұтымды ұстайды. Ұстайды да оларды контекст тініне ойнақы, тігісін жатқыза кіргізіп, киік сақасына қорғасын құйғандай, сөзіне салмақ үйіреді. Бұл сыншының ұтатын тұстары. Мысалы, көркемдік эволюция, сүреңсіздіктің барометрі, қайсар иммунитеті, барша парадокс, тағы басқа сол сияқты жеке сөздер, бірқатар сөз тіркестері бұған дәлел. «Жазушы Әбілқайыр, Тевкелев, Бөкенбай, Есет, Мәті, Тайлан образдарына ретушь жасамағандықтан, қайта тарих пен тарихи тұлғаның қоғамдық тұтас бірлігін құрайтын әлеуметтік шифрды, суреткерлік кодты, шығарманың саяси–философиялық тонусын дәл тапқандықтан бұл образдар өзінің биік көркемдік дәрежесіне көтерілген» [35,195]. Осындағы ретушь, шифр, код, тонус сөздері сыншының ой-арнасында жарасым тауып, көздеген нысанасын дәл тауып, дөп басуға, пікір байламын түйіндеп ұсынуға жол ашады.

Ал енді сыншының өткен жылы ғана жарық көрген соңғы еңбегі- әдебиет сынындағы жалпы соңғы жылдар белесінде оқырман қолына тиген әдеби-талдау, әдеби-сын еңбектердің ішіндегі жаңа белес десек артық айтпаймыз. Тахауи Ахтановтай қазақ әдебиетіндегі орны бөлек, қайталанбас қаламгердің сан қырлы шығармашылығының тереңіне бойлайтын бұл кітаптың басты құндылығы- жазушы портретінің бүгінгі тәуелсіз санамыздың, тәуелсіз танымның биігінен сомдалғандығы. Сыншының бұл жолы да қаламгер туралы өзіне дейінгі жазылған дүниелерді қайталамай, Т.Ахтанов қаламынан шыққан: «Қаһарлы күндер», «Махаббат мұңы», «Дала сыры», «Боран», «Ант», «Шырағың сөнбесін», «Күй аңызы», «Жоғалған дос» сияқты көркемдік жаратылысы бөлек шығармалардың суреткерлік болмыс-бітімін, ең бастысы осынау туындылардың қазақ руханияты мен ұлттық мүдде тұрғысынан қандай олжа салғандығын тереңнен тартып сөз ететіндігі айрықша көзге түседі.

Бір ерекшелігі, сыншының әдеби- эстетикалық талдаудың тосын, әрі қызықты, әрі өнімді көрінетін әдісі- Тахауи Ахтановты Ахтановтың өз көзімен ашуға ұмтылуы әсерлі шыққан. Суреткер қаламгердің эстетикалық көзқарастарын- туындыларымен және әр алуан тақырыптағы әдеби-талдау мақалаларымен жарыстыра отырып, яғни сол кездегі әдеби процестегі қалам қайраткерінің көркемдік жүйесі мен жаңашыл ізденістерін қатар қарастырады. Сол тұста әдеби ағымдағы көзге түскен көркемдік ізденістердің барлығын жарыстыра, салыстыра қарастырып отырып, соның егіз өрім, бір өзек табиғатын, яғни талант тектоникасындағы ішкі әрі сәулелі қасиеттерін аршып көрсетеді. Осының барлығы өз кезегінде сыншы үшін қаламгер портретін іштен ашуға, іштен танытуға таптырмас кілт болған.

Сыншының Тахауи Ахтановтай суреткер қаламгердің шығармашылығына арналған осы еңбегін ҚР Ақпарат министрлігінің арнайы бағдарламамен мемлекеттік тапсырыс арқылы «Күлтегін» баспасынан жарыққа шығарғандығын үлкен игілік дейміз. Осы дәстүр жалғасып, мемлекеттік бағдарламамен қазақтың қайталанбас қаламгерлерінің: Тәкен Әлімқұлов, Бердібек Соқпақбаев, Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған жеке-жеке сын кітаптары жарыққа шықса қанеки. Осынау қаламгерлерге арналған әдеби-сын еңбектер, зерттеулер қолжазбасының дайын мәтіні жекелеген зерттеушілер, әдебиетші-ғалымдар қоржынында бүгінгі күні дайын. Осы тұста сыншы С.Жұмабектің аталған еңбегі кейінгі жарық көретін жинақтарға жақсы жолашар, өнеге болар еді.

Сыншының осыдан біраз жылдар бұрын қазақтың тағы да бір еңбекқор, қабырғалы қаламгері Қалаубек Тұрсынқұлов шығармашылығын арқау еткен «Қазғұрт перзенті» атты сын жинағы әдебиетіміздің ең бір беделді, айбынды сыйлығы- «Халықаралық Алаш сыйлығына» ие болды. Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Қалаубек Тұрсынқұлов т.б. шығармашылығына сыншының әр жылдары қайта-қайта айналып соғып, олардың туындыларындағы көбіміз аңғармай, айта алмай жүрген көркемдік құндылықтарды тереңнен тартып, талдау арқылы жіліктеп, арналатып жазып жүргендігін айтқанымыз абзал. Сыншының шынайы әдебиет жанашыры ретінде осынау сирек таланттарға құрметпен қарап, олардың қаламынан қалған көркем дүниелерге бір-бір кітап арнап, немесе олардың таңдамалы жинақтарына алғысөз жазып, талдау мақалаларының арқауына негіз етуі танымдық астарын былай қойғанда, өнегелік, тағлымдық мәні зор қадам.

Жалпы, қазіргі қазақ әдебиетінің ең бір зәру, ділгір мәселелерін дер кезінде оқырман талқысына салып отыру, жекелеген қабырғалы қаламгерлеріміздің күрделі шығармашылығын да қалт жібермей, қадағалап, қадап жазып, олардың рухани мұрасына бір-бір әдеби-сын еңбек арнау мақсатында өнімді еңбек етіп, қазіргі қазақ көркем сынына сүбелі үлес қосып, ең бастысы осы жанрдың ауыр жүгін жарты жолда тастап кетпей, басқа жанрға бұрылып кетпей, соңғы отыз жыл бойында адал арқалап келе жатқан қажырлы сыншының жарық көрген еңбектері, қазақ әдебиетінде өз орнын анықтаған дүниелер. Сондықтан да өз шығармашылығында қандай тақырыптарды арқау етсе де, тереңнен қазып, көтеріп отырған мәселенің түп-төркініне үңілетін, соны барлық қырынан қамтып, төгілтіп, тебірентіп айтуды өз қаламына дарытқан дарынды сыншының алпыстың асқарына көтеріле отырып, бүгінгі қазақ сынының көшін бастап келе жатқанына қуанамыз. Ендігі шығармашылық белестерде де қазақ оқырманының қолынан сыншы Сайлаубек Жұмабектің тың туындыларын, жаңа кітаптарын көргіміз келеді. Туа бітті болмыс-бітімінде қанағат пен тұрақтылықты тұғыр етіп, парасаты мен кісілігіне қылау түсірмей келе жатқан еткен сын сардарына туған әдебиетінің тағдырынан артық бақыт жоқ [36,42].

Қазақ әдеби сынының кәсіби деңгейге жетуіне зор үлес қосқан, әдеби сынды өнер, ғылым ретінде түсініп, қабылдауға айрықша еңбегі сіңген қаламгер, тұңғыш энциклопедист ғалым, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Мұхаметжан Қожасбайұлы Қаратаев екенін біреу білсе, біреу ұмытыңқырап барады. Ол өткен ғасырдың оныншы жылы дүниеге келген. Ата-бабалары Сыр өңірі мен Ұлытау, Қарсақпай даласын қатар қоныс етсе керек.Әдебиет сынына отызыншы жылдардың басында араласады. «Қызыл ат» және социалистік реализм» деген алғашқы мақалаларының біріне атақты Сәкен Сейфуллин назар аударады, белгілі бір дәрежеде құптап, қызығушылықпен қарайды.
Оған дейін «Қазақ» газетін шығарушылардың бірі- тарихи тұлға, нағашы ағасы Бейімбет Майлинмен, Б. Майлин сәл ересек Бейсембай Кенжебаевпен таныстырады: «Мына бала интернатта оқиды. Өлең жазатын көрінеді. Мұстафаның жиені. Шешесінен жетім қалыпты. Өлеңдерін оқып көр. Ішіңе тарт» [37, 317]. Осылайша М. Қаратаевтың өзге әріптестері сияқты поэзиямен достастықта болғаны анықталады. Қазақ медицина техникумында оқиды. Кейінде орыс тілін біршама игеруіне осы кезеңнің әсері болғанын айтады. ҚазПИ–ді бітіріп, Ленинград Тіл әдебиет және философия институтының аспирантурасында оқиды. Көрнекті жазушы Хамза Есенжанов, кейіннен филология ғылымдарының докторы, профессор болған Белгібай Шалабаевпен Ресейде бірге оқиды. Х. Есенжанов өзі де өзін сыйлата білетін жан, ал әрдайым күлкіге жем боп жүретін, шамалы өзгешелеу мінезді, мақтанды жақсы көретін Белгібай Шалабаевқа Мұқаң шаң жуытқысы келмейтін. Шын пейілімен қадірлейтін. Мүмкін, тағдырын талқылап, жаны ашып қарады ма екен. Біз М. Қаратаев басқаратын қазақ совет әдебиеті бөлімінде (М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иститутының құрамындағы) жұмыс істеп жүргенімізде академик–ғалымның профессор досын құрметтеп, қошеметтейтінін көріп, ойланатынбыз. Ешқандай мысқыл, әжуа байқалмайтын. Кісілік мәдениеттің бір белгісі сол шығар.
Ленинградтағы аспирантурада оқуға Саттар Ерубаев та асығып, кешеуілдеп жеткенмен, денсаулығына байланысты елге қайтып оралады. «Саттармен ұшырасқан сәттер» атты естелігінде М. Қаратаев алып-ұшып тұрған жас таланттың адалдығы мен білімдарлығын, қызбалығы мен балаша өкпелей қалатын мінезін әдемі өрнектейді. Саттар Несіпбай Манашевпен дауласқанда айтар ойы жазушы өмірді өз басынан кешкендей бола алғанда ғана жақсы дүние бере аладыға сайса, Мұқаңа: «Достоевский романдары өмір шындығын, қоғамның ұсқынсыз қылықтарын адам арқылы, адамның ішкі дүниесін ақтарып көрсету арқылы көрсетеді. Бұл Достоевский психологизмінің даналық құдіреті» [37,471],- деп, біраз сауаттандырады. Жас сыншы өзінің асығыс пікірін мойындай отырып, өмірге ғашық жүрекпен әсемдік жырын шырқап өткен талантты суреткердің биік эстетикалық талғамын таразылау, оны бағалау, қадірлеу жолымен өзінің де ұждандық келбетінен, нәзік талғамы қалыптаса бастағанынан хабардар етеді. Ой
санасының саралығы, әр нәрсені жан-жақты зерделей алатын диалектикалық болмысы бүршік жарып, тыныс ашады.

Мұхаметжан Қаратаев қаламынан «Туған әдебиет туралы ойлар», «Шеберлік шыңына», «Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы», «Эпостан эпопеяға», «От домбры до книги», «Әдебиет және эстетика», «Вершины впереды» сияқты т. б. толып жатқан кітаптар шықты. Бәрі де өз дәуірінің жоғары ғылымикөркемдік талаптарына жауап беретін құнды еңбектер саналатын. Өзі қайтыс болғаннан кейін келіні Жәмила Қаратаева дайындап шығарған мақалалар, естеліктер жинағы 1985–1995 жылдар ауқымын қамтиды. Ата сыншының Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі ой-толғамдары да тыңнан сүрлеу табуға ұмтылады. Қаламгерлер З.Шашкин, Д.Досжанов, К.Салықов, Ұ.Есдәулетов, соңынан ерген әріптестері З.Серікқалиев, С.Әшімбаев т.б. жайлы пікірлері әділеттілігімен, сезгірлігімен елеулі. Ол өмір сүрген кезеңде жарық көрген айтулы туындылардың ешқайсысы М.Қаратаев назарынан тыс қалған жоқ.

Қаламгер «Даладағы дабыл» атты тарихипублицистикалық роман да жазды. Екі тілде жарық көрді. Біз сыншының бұрын сөз болмайтын осы көркем прозадағы сирек те сарабдал қадамын саралауды жөн көріп отырмыз. Шығарма ХХ ғасырдың басындағы Қазан төңкерісін ұнамды құбылыс ретінде қараса да, дәуір шындығын сөз шеберлеріне тән кестелі өрнекпен нанымды бедерлей алады. Оны негізгі баяндаушылық ойымдардан анық байқау қиын емес.

«Даладағы дабылда» ұлтазаттық қозғалыс тақырыбын, дәуірдің панорамалық суретін беруде әр алуан нарратив тәсілдері белсеніп алға шықпағанымен, оқиғасы қалың, сюжеттік мерзімі ұзақ, композициялық болмысы күрделі туындыдағы адам мінезқұлықтары шешуші роль атқаратын мезеттерде автор дербес эмоционалдық аңсарын бүкпелемейді. Баяндаушы қызметін жекелеген кейіпкерлер де атқарып отырады. Мұндай эпизодтарда және орталық тұлға- Иван Васильевич Деев тұрғысынан сөз жүретін сәттерде автор мен қаһарманның сана аялары тұтастыққа жетеді әрі автор назары мен сезім әлемі персонаждар табиғатына орай психологиялық жағынан шұғыл бейімделуші қасиеті арқылы предметтікбейнелеу жүйесіне стилистикалық толымдылық дарытады [37,83].

С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқановтың «Ботагөзіндегі», 3.Шашкиннің «Тоқаш Бокині», X.Есенжановтың «Ақ Жайығы», Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен теріндегі» сияқты М. Қаратаевтың «Даладағы дабыл» романында да табиғат суреттері көп ретте адам жан дүниесімен байланыста немесе адамның өмір, тұрмыс жағдаяттары жайлы ұғым, көзқарасымен тығыз үйлесім таба бейнеленеді. Жазушы әсіресе аспан көріністеріне, бұлт кейіпіне, қысқы дала болмысына материалдызаттық өмірден алынатын нақты, образды теңеулерді пайдаланып сөз салуға бейім. Долы боран әлемтапырық еткен Жезқазған өңіріндегі «бөрінің тұмсығынан аумайтын», «бұл тұмсықтың ақсиған аузында әлдебір сұмдық та бар сықылды» көрінетін бұлт шоғыры енді бірде «бейне бір төбеден» «жойдаусыз үлкен, мақталы қарасұр көрпе сусып келе жатқандай» [37,89] боп көрінеді. Метафоралық теңеу мағынасы қыр тіршілігіне тән кәсіптік, тұрмыстық детальдар нақтылығы арқылы, көзге таныс әсерлер дәлдігімен аласапыран ауыр атмосфера сипатын, ақтүтек дауылда адасқан Деев пен Жұмабай жанындағы алаңдау, қорқу сезімдерін ұтқыр кестелейді.
Табиғаттың тыныштық құшағындағы сағаттарда «ұшы-қиырсыз үлкен шақпақ қант» [38,14], «миллиондаған ақ тышқанның терісінен тігілген дәу бөстек» [38,43] сияқтанатын қарлы өлке қақаған суық түскенде көк зеңгірін «қора-қора қой», «асау айғыр» [38,197] басып, темір жол бойындағы қар басқан вагондар «меринос қой» да, «алдындағы паровоздың өзі қаңтарда көбік атып жараған қаһарлы ақ бура сықылды» [38,240] көрінуінде жазушы қиялының ұшқырлығы, ойының терең мәнді бейнелілігі, тапқырлығы айқын аңғарылады.
Мұхаметжан Қаратаевтың пейзаж жасаудағы бір тартымды ерекшелігі табиғат болмысы мен шығармадағы негізгі оқиғалық желіні сабақтастыратын мәнді символикалық параллелизмге ұмтылудан танылады. И.В.Деев үшін темірдей балқып қызарған батар күннің сәт сайын өріс ала түскен халық көтерілісінің туындай боп елес тастауы [37,103] қандай сенімді көңіл
күй, шынайы ынтааңсармен етене жақын тұрса, Байқоңырға келе жатқан жолаушылардың сол жылғы көктемнен өзгеше сыр сезуі баяндала келіп, мына төмендегідей суреттемеге ойысуы да сондай өзектес ойсезім тізбегіне қозғау салады: «Күртік қардың астына іркілген қақ суы ертеңақ тасып, сайсаланы сел етеді, көбігін аспанға бұрқап күшіне мінеді. Өкпек жел ертеңақ жалау, туларды желбіретіп, қан майданды қыздыра түсетіндей. Майданнан түскен өлікжемтіктерді аралап, қасқырдар азуын, қырандар тырнағын қайрайтын секілді» [38,154]. Бұл екі үзілімге ортақ штрих-қызыл тудың желбіреуі революциялық күрестің болашақ жеңісін тұспалдайды да, автор қалың бұқараның қасірет заманына деген ашу-ыза қуатын уақытша жасырын күйде сипаттап, алдағы шешуші айқасқа шығар қарсыластар келбетін метафоралық теңеумен бедерлеген. «Қасқырды» «қыран» аларына сенген кейіпкер (Деев) көңілі, сөз жоқ, дала суреті мен қоғамдық-әлеуметтік құбылыстар тамырластығын өткір публицистикалық стильде психологиялық дәлел күшімен көркем жеткізеді.

Романда аң аулауға шыққан И.В. Деевтің ойсезім тебіренісі ретінде Ұлытау өңіріндегі «Телікөл» кескіні ерекше биік шабыт, таңырқау, табыну әсерімен суреттеледі [38,131]. Жазушы атап айтпаса, бұл жолдар бірінші жақтық формадағы автор толғаныстары есебінде қабылдануға лайық.
Қаһарман табиғат ескерткішімен арнау үлгісінде сөйлесе тұрып, көлдің таңертеңгі, шаңқай түс, кешкі ымырт, түн жарымындағы кескін-кейпін жеке-жеке сипаттап шығады. Ол Телікөл бейнесін ұшқан аққу, шулаған нар қамыс, зар төккен құс, тереңінде шомылған жұлдыз іспетті нақты предметтік әлемнің толымды синтезін табу нәтижесінде лирикалық әуенмен өрнектейді. Көл бейнесі адамның жастық шағы, күреске толы өмірі, түрлі арман, мұраттарымен желілес көп қырлы сезім ассоциацияларын тудырады. «Тар жол, тайғақ кешудегі» «Әупілдек» көліне қатысты беттерде қасірет сарыны, саяси
әлеуметтік теңсіздік туралы символикалық параллелизм ұшырасса, бұл пейзажда неғұрлым бейбіт тіршілік сәні, алаңсыз өткен жақсы күндерге сағыныш, әсемдік көркіне шексіз сүйсіну эмоциялары ой-қиял толқынының үдей түсу екпінімен әрі асқақ рухани әсермен суреттеледі.
Мұхаметжан Қаратаев романда портреттік сипаттамалардың дәлдігі мен айқындығына көңіл бөлген. Шығармада эпизодтық ыңғайда болсын, біршама арнайы түрде болсын, автор назарына түсетін С.Шәріпов, Ә.Жанкелдин, А.Иманов, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, И.В.Деев сияқты тарихи тұлғалардың ақиқат кескін
келбетін беруде нақтылық, көпке мәлім, танымал пішіндік қасиеттерді атап өту, соған ерекше мән арту байқалады. Мәселен, Ильичтің аласа бойы, ширақ қимылы, «сәл ғана тілін тістеп сөйлеуі» «үніндегі жылы мейірбандығын күшейтіп тұруы», «кішкене көздерінде адамға деген шексіз мол мейірім, терең ойлылық» көрінуі [39,253] романдағы орталық кейіпкер И. Деев сезіміндегі отты алау, ғаламат сүйіспеншілік ықылас демімен әсерлі бейнеленеді.

Дарынды сыншы ғана емес, талантты жазушы М.Қаратаевтың көркемдік ойлау әлемі барынша тыңғылықты аңғарымпаздықпен, тіл өрнегімен тартымды көрінеді. Кім қай заманда өмір сүрсе де, жақсы адам жақсы, жаманы сорақы күйін танытпай қоймайды. Қаламгер қаһармандары да өз заманындағы ұждандық идеологемалар тұрғысынан бүгінгі күндегі талғамталапқа сай қабылданады. Шынайылық жазушы бағамының дұрыстығын уақыт сынынан әрдайым қорғап қалатындай.

Мұхаметжан Қаратаев ұзақ өмір сүрді, бірақ зілдей ауыр тағдыр тауқыметін арқалаумен жүрді. Өзінің 37дегі қуғынсүргінге ұшырағанына қарамастан, оны айыптаушылар да кездесті. Дана бітімді қаламгер замана талқысына бір кісідей шыдап бақты. Сыншының тәуелсіздік дәуірінде еркін қалам сілтеуіне жас мөлшері жібермеді. Таланты толысқан жылдары не қамауда, не ұраншыл мезгілдің ығымен жансебіл күй кешті. Марапат, атақ, дәрежелер иесін тауып жатты. Алайда ол өмірдің қайсыбір қаталдығына наразы қалпын ашық білдіре де алмай, ішінен тынды. Әділетті тарих әдебиет жүрегінің тамыршысын қатардан ығыстыруды жөн көрмейді. Өйткені ол- қайсар жанды Мұхаметжан Қаратаев [40,18].

Жаңа бағыттағы қазақ әдебиетінің көшбасшысы, ұлы ақын Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеу ісі ХХ ғасырдың бас кезінде қолға алынып, 1905–1920 жылдар аралығында қазақ баспасөзі беттерінде және жеке жинақтарда Абай өмірі мен ақындық талантына байланысты ірілі-уақты жиырмаға жуық мақала жарық көрді. Бұл зерттеу жұмыстарының басында Абайдың қайтыс болуына байланысты «Семипалатинский листок» газетінде 1905 жылы жарияланған азанама–мақаласымен алаштың біртуар перзенті, көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов тұрса, «Абай» журналының 1918 жылғы №2 санында «Екеу» деген бүркеме есіммен «Абайдың өнері, хәм қызметі» деген мақаласымен жазушылық жолға жаңа түскен болашақ үлкен дарын иелері Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов бүкіл өмірін Абайды біліп тануға, насихаттап жариялауға, бүкіл жер жүзіне танытуға сарп етіп, абайтану атты қазақ әдебиеттану ғылымының жаңа бір саласының негізін қалады.

Көрнекті ғалым, академик З.Ахметов «Абай және Әуезов» атты еңбегінде Абай мен Әуезов арасындағы үндестік туралы ойын былайша таратады: «Олар екі дәуірдің перзенті болуымен қатар, бірін-бірі қайталамайтын, біртуар өзгеше дарын екендігі де, әрине, есте тұту шарт. Абай ойшыл, философ, сазгер, ағартушы, екені рас, бірақ ең алдымен- ақын. Ақын болғанда, ұлы ақын, классик ақын. Әуезов ақын емес, бірақ шебер прозаик-суреткер, драматург ретінде ақынға жақын. Әуезовтің прозалық шығармаларында да, драмалық туындыларында лирикалық сарындар, лирикалық сезімталдық айқын көрініс беретін тұстар аз емес. Бірақ ол- алдымен кең құлашты романист-жазушы, эпостық жанрдың асқан шебері және оқиғаны шиеліскен талас–тартыс, қақтығыстармен көрсете білетін драматург» [41, 10] деп   Әуезовтің шығармаларында Абайдың ақындық өнерімен астаса алатын бұл айтылған жайлар бірін–бірі ешбір жоққа шығара алмайтынын дәлелдейді. Абайтануды дербес ғылым дәрежесіне көтерген Мұхтар Әуезов болғандығын, М.Әуезовтің Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылым саласының мызғымас негізі болып табылатындығын баса айтады

Жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиеті сынының өркендеп қанат жаюына қоғам қайраткерлері де өздерінің айтарлықтай үлестерін қоса отырып, дарындары жағынан кәсіби қаламгерлерден кем түспейтін деңгейде көрінді. Олар- Смағұл Сәдуақасов, Ыдырыс Мұстамбаев, Нәзір Төреқұлов, Ілияс Қабылов, Сұлтанбек Қожанов, Шәймерден Тоқжігітов сынды азаматтар. Бұлар негізінен мемлекеттік қызметте болғандықтан сынға жиі араласуға мүмкіндіктері аз болды.

Солардың ішінен өзінің мақалаларының мәнділігімен, өміршеңдігімен, терең ойлылығымен жарқырай көрініп, аса белсенділік танытқан, ірі қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы Ыдырыс Мұстамбайұлы.

Жүсіпбек пен Мұхтар бірлесіп жазған мақаладан кейін кеңес заманы тұсында Абайдың ақындық мұрасы жайлы алғашқылардың бірі болып қалам тартқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы Ыдырыс Мұстамбайұлы болатын. Абайдың қайтыс болғанына жиырма жыл толуына байланысты жазылған Ыдырыстың «Ұлы ақын- Абай» атты мақаласы 1924 жылы Семей губерниялық «Қазақ тілі» газетінде (қазіргі «Семей таңы» газеті) жарияланды. Сыншының бұл мақаласы ұлы ақыннан қалған бай мұраны іс жүзінде ғылыми жүйеге келтіріп, жан-жақты зерттеу, жарыққа шығару жұмыстарын шындап қолға алуға мұрындық болды.

Ыдырыс Мұстамбайұлы өзі де түрлі лауазымды қызметтер атқарғанымен Абай мұрасын үнемі назарда ұстап, сол кездің қасаң саясатынан қызғыштай қорғады, ұлы ақынды халық санасынан өшіріп, шығармаларын жоққа шығаруға тырысқан, шенеуніктер мен кейбір қаламгерлер әрекеттеріне аяусыз тойтарыс беріп, дәлелді түрде қарсылық білдірді, ескі атаулы мен көне мұраға тыйым салған Сталиндік әкімшіл–әміршіл жүйе қаһарынан еш қорықпай, ұлы ақынның  қазақ әдебиеті тарихындағы ерекше орны мен мән-маңызын жете ашып берді. Сыншы Ыдырыс ақын шығармаларын талдай келіп, Абайдың ұлылығын таныды, батыл түрде алғаш рет «Ұлы ақын» [42,11] деп жариялады. Абайды байшылдық әдебиет өкілі деп қарап жаңылыс басқан Сәбит Мұқановтың «Әркім өзінше ойлайды» деген мақаласына жауап ретінде жазылған Ыдырыстың «Абай» атты көлемді зерттеу мақаласы «Жаңа әдебиет» журналында жарияланды да, сол жылдардағы әдеби өмірде үлкен қозғалыс туғызып Абай шығармашылығын зерттеуге жаңа серпін әкелді.

Арнаулы әдеби мамандығы болмауына қарамастан Ыдырыс Мұстамбайұлының Абайды құмарта сүйіп, ақындық мұрасына араша түсуінің өзіндік себептері бар: 1. Ыдырыстың ата-бабасы қоныстанған жер ұлы ақын ауылымен көршілес болып, Абайға ұстаз болған Дулат, оның алдындағы Ақтамберді жырау мен Ақтайлақ би, айтыс өнерінің айтулы дүлдүлдері Түбек пен Сабырбай, Абайдың талантты шәкірті Әріп Тәңірбергенов сияқты дарын иелері оның ағайын туыстары еді. Осы жайдың өзі оның бала кезінен Абай өлеңдерімен сусындап, Абай жайлы әңгімелермен қаныққандығын айқын білдіреді, 2. Ыдырыс ұлы ақын талай ат басын тіреген зиялылар ордасы- Семей қаласында  дүниеге келіп, осы ірі ғылыми- мәдени орталықта білім алды, өмірге жолдама алды. Шәкірт кезінде Семей қалалық орыс-қазақ училищесінде оқи жүріп, 1914 жылы қаңтарда Семей қазақ зиялылары өткізген Абайдың қайтыс болуына байланысты ұлы ақынды еске алу кешіне қатысуы әбден мүмкін. Оның үстіне бұл кешке Ыдырыс жай ғана қатысушы емес ұйымдастырушылардың арасынан да табылуы ғажап емес, 3. Ыдырыс Абайдың болашақ зерттеушісі, ұлы ақынды әлемге танытқан Мұхтар Әуезовпен етене жақын араласып, қызметтес, пікірлес болды.

Қазақ әдебиетінде өткеннің әдеби мұраларын зерттеуде Абайдың шығармашылығы туралы айтыс орталық мәселе болды. Ұлы ақын туралы пікірлер жиырмасыншы жылдарда-ақ айтыла бастаған болатын. Б. Кенжебаев «Абай» атты мақаласында Абайды «халық ақыны» деп дәлелдеген болатын. Бірақ, кейіннен әдебиеттану ғылымында тұрпайы социализмнің өріс алуына байланысты ақын шығармашылығы жайында біржақты солақай пікірлердің бой көрсеткен кездері аз болмады. Отызыншы жылдардың бас кезінде Абай туралы жазылған мақалаларда ақынның шығармашылығы көбіне оң бағасын алмады.

Ыдырыс Мұстамбайұлы «Абай» атты сын–айтыс  мақаласында: «Әдебиет айтыстарымыздағы негізгі мәселенің бірі-ескіні тексеру» екендігіне мән бере отырып, «тарих, ғылым, өнер, салт–сана, әдебиет мәселелерін тексергенде бізге даңғыл жол-марксизм» [43,5] дейді. «Жаңа әдебиет» журналының (1928) үшінші, төртінші сандарындағы «ескілік» деген бөліміндегі С.Мұқановтың ескі мұраларды қалай тексеру керектігін айтқанына тоқталады.

Ескілерді білу деген қалай болатынын, бізде қалған ескі мұраның бірі-Абай екенін айта келіп, Ыдырыс: «Бірақ сол Абайдың құлағын қаншама шулатсақ та оның кім екенін, артық-кем жері қайсы, пайдалысы қандай, керектісі не екенін білмейміз. Бұл мәселелерде әлі күнге шейін негізсіз таластардан әрі аса алмай жүрміз» [43,7] деп сынай келе, бір ауыз сөз айтқан кісінің ар жағынан сұмдық іздеудің ешбір орны жоқ екендігін айтады.

Абай шығармашылығына тағылған орынсыз пікірлерге қарсы шыға отырып, Ыдырыс Абай туралы өз пікірін толығырақ жазуды міндет көреді. «Абай туралы «өр көкірек», «ұрдым–жық» мінез көбінесе Сәбит жолдаста болады. Бұған қарсы жауапқа алдымен сөзді өлген ақынның өзіне берейік» деп, Ыдырыс Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» өлеңінен үзінді келтіреді.

Жалпы, ақынның бұл өлеңіндегі мақсаты өмір шындығының бетін ашып қана қоймай, мақсатты орындау үшін не керек екендігін де ашық көрсету болатын. Адамгершілікті ту етіп ұстаған Абайдың даналығының бірі-сол дәуірде өз ортасында озық шығып, халықты мәдениеттендіру мәселелерін жыр етуінде еді. Бұл тек Абайдың ғана емес еңбек, ғылым, адамгершілікті жырлау жер жүзіндегі ұлы, данышпан адамдардың бәрінің де көңіл бөлген мәселелері болды. Ұлы жазушылар, ұлы ақындар халықпен халықты жақындастырады, ұлт пен ұлтты бауырластырады. Абайдың бір өзі қазақ халқын қанша елге танытты. Дүние жүзінде оны білмейтін прогресшіл ел жоқ десе де болады.

Абайдың ақындығын зерттеген Ыдырыс Абайдың өлеңдеріне талдау жасай отырып, өзінің сыншылық шеберлігін де байқатады. Абайдың «Құлақтан кіріп бойды алар», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Қабыл көрсе сөзімді» деген өлеңдерін  мысалға ала отырып, Ыдырыс: «Орыстың тұңғыш Державин, Майков, Козловтар секілді ақындарын былай қойып, Пушкиндерді алсаңыз да өлең ақындық туралы айтқан сөздерінің көркемдігі, мағынасы осындай–ақ. Қайта өлеңге, ақынға бұлардан гөрі Абайдың көзқарасы дұрыс» [41,16] деп, өзінің сыни әділ бағасын береді.

Абайдың лирикасы туралы айтқан кезде мұндай жырлар атақты ескі ақындардың бәрінде де болғандығын айта келіп, Ыдырыс Абайдың тіл шеберлігін де жоғары бағалайды: «... Ал, тіл жағына келсек Абай өте шебер. Өлеңдерінің көбі жабайы тілмен келіп жеңіл оқылады. Тағы сол жабайы тілмен отырып, орайтын мағынасы тым үлкен, қозғайтын сезімдері аса нәзік болады. Өлеңдерінің ішінде хат танымайтын қара қазақтар түсінбейтін сөздер, орамдар жоқ. Тек анда санда бірер жерлерде орысша, не бір бөтен басқа тілдер кездеседі. Міне ақынның бір қадірі осы...» деп тіл жағына келгенде Абай Пушкиндей болмаса да, істеген еңбегінің қадірі одан бір де кем болмағандығын атап өтеді.

Ыдырыс Абай аудармаларына да ерекше тоқталып өтеді. Аударма- ең қиын да күрделі өнердің бірі. Абай-аудармашылықты жетік меңгерген, аударманың керемет шебері. Ыдырыс айтқандай, оның шеберлігі мынадан білінеді: «кейбір орыс өлеңдерін қазақ тіліне аударғандары өзінің төл өлеңінен артық деуге болады. Орыстың әдебі болған толғаулы, ырғақты, нақсыты бай тілімен жазылған сөздерін қазақтың кедей, дөкір тілімен ұғымды, мағыналы, терең, тілге жеңіл келтіріп переводтауы мейілінше ұсталығы. Кейбір өлеңдерді, мысалы: «Қараңғы түнде тау қалғып», «Тұтқындағы батыр», «Кинжал», «Жолға шықтым бір жым–жырт» қалыбынан, мағынасынан һеш аудармай перевод еткен. Кей жерлерде сөздің мағынасынан ғана алып, қазақтың ұғымына ыңғайлап сырт пішінін өзгерткен. Абайдың ақындығының еркіндігі сол: кейбір переводты өз өлеңінен асырып, түрлеп жіберген. Мысалы. «Теректің сыйы», «Онегиннің хатын», Пушкиннің геройынан өзгертіп, тілін сұлулап перевод қылған» [42,18]. Ыдырыстың бұл талдауына ешбір дау келтіруге болмас. Тағы бір ескеретін мәселе, зерттеуші Абай аудармасының оның төл шығармасынан еш айырмасы жоқ екендігіне назар аударып, ақындық шеберлігіне сүйсінеді. Барлық сөздер, ұғымдар қазақша түсінікті.

Сондай–ақ Ыдырыс Абайдың Крыловтан аударған мысалдарына тоқталып, «тіл жағынан, орам жағынан сұлулығына, елдің ұғымды, жатымдылығына» баға бере келіп, «Крыловтың мысалдарының қазақтың құлқына, мінезіне жатымды екені басқа, ал Абайдың тілі оларды жандандырып жібереді десе де болады» деп, мысалдармен дәлелдейді. «Абайдың «Шырылдауық шегіртке...», «Басы айналды қарғаның, сұмның айтқан сөзіне» деген өлеңдерін мысалға ала отырып, Ыдырыс «Міне бұл секілді тіл Крыловтан артық болмаса несі кем? Орыс тілін білетін жігіттер біздің пікіріміздің дұрысын, бұрысын Крыловтың өз өлеңдерімен салыстырып, сынасын» деп тілді жеңіл көретін, үйрену деген нәрсені оңай ғана санайтындардың есіне тағы салады.

Ыдырыс Абайдың жалпы сөздерін алғанда беті-жаңалықта болғандықтан мұндай адамдарды жаңашыл (новатор) дейтінін, олардың сөздері- тарихтың бір белінің жаңа салып кеткен соқпағы болатынын, қорытып айтқанда Абай қазақ ішіне жаңа орнап келе жатқан сауда капиталы дәуірінің шала соқпағы деп танитынын айтады.

Абай ақын болса, тобықтының ғана ақыны, жалпы қазаққа ортақ ақын бола алмайды, Абайды ақын деп көтеріп жүруші адамдар тобықтылар дейтұғын жолдастардың бар екендігін айта келіп, Ыдырыс бұған былайша жауап қайырады: «Бұл жолдастар не Абайды білмейді, не әдебиеттің не екенін білмейді. Абайды мақтасақ та өзіміз тобықты емеспіз. Және де тобықты деген тентек елмен аталарымыз жауласып, қан төгісіп өткен. Алдымен осыны айтып қоймасақ, біреу мені де тобықты болған соң Абайды жақтайтын шығар деп жүрер» [43,21] деп қазақты руға бөліп іштен ірітушілерге қарсы тұрады. Абайдың өлеңдері тобықтыдағы әңгімелері болсын, мейлі басқа бір елден алынған әңгімелері болсын, ол кездегі ата-руға бөлінген қазақтың салт-санасы, қай жерде болсын бірдей болғандығын, сондықтан тобықтыға арнаған сөздер жалпы қазақ еліне бірдей айтылған ортақ сөз болып қалатындығын айтады.

1920–жылдары Абай шығармашылығына теріс көзқарас білдірушілердің бірі ретінде және ең қауіптісі ретінде Ілияс Қабыловты атап өтуге тура келеді. Ыдырыс өзінің «Ақын Абай және пәлсапашыл Ілияс туралы» атты мақаласында, Ілияс Қабыловтың мақаласындағы: «...Сондықтан Абайдың дүние тану әдісінен үлгі алудың керегі жоқ. Өйткені, Абайдың дүние тану әдісі біздің әдісімізге үйлеспейді. Оның дүние тану әдісі- ұлтшылдық, қиялшылдық, біздің дүние тану әдісіміз затшылдық диалектика. Қазақстанның жас жұртшылығы соны үйренуге, бұл жөнінде Абайдан үлгі алмай Маркс, Плеханов, Лениндерден үлгі алу керек» [ 44,28] деген пікіріне Ыдырыс былай жауап береді: «Өзінше Ілияс жолдас мұны әбден тауып айттым деп отырған шығар. Абайды марксшіл, диалектикашыл емес деп сөгу балалық емес пе? Ал, дүние тану әдісін, пәлсапа жәйін Абайдан іздемей Ленин, Маркстен үйрену керектігін біздің жас жұртшылығымыз Ілияс жолдастың шалағай пәлсапасынсыз да, байбаламынсыз да білетін шығар» деп батыл пікірін айта келіп, ары қарай былай жалғастырады: «Қасқыр сазайын қомағайлықтан тартады ғой. Әйтпесе биыл Октябрь төңкерісіне 11 жыл болғанда жаңа жұртшылығымыз жетіліп өсіп қалғанда диалектиканы Абайдан үйренбей Маркстен үйрен деп шұбатылған пәлсапа соғу орынсыз» [45,8 ]. Расында да, Абайдың пәлсапасы марксизмге үйлеспейді, Абайдың дүниеге көзқарасы теріс деп, Абайдан марксизм ілімін іздеу ақылға мүлдем сыйымсыз екендігі айдан анық. Бұл тұрғыдан келгенде Ыдырыстың пікірімен толық келісеміз.

  Абай дүниетанымы туралы да кезінде саясаттың кесірінен көптеген солақай пікірлер болды. Ақынға қасақана жала жабылып ол «байшыл, феодализмді көксеген ақын», ол «нағыз діншіл ақын» т.б. толып жатқан кінә тағылды. Кейінірек Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман–эпопеясы тиісті бағасын алған кезде, Абайға жала жабу тоқталғанымен, оның дүниетанымын «зерттеудегі» тұрпайылық сақталып қала берді.

Өйткені, Абай нені оқыса да, қандай философиялық жүйелерге қызыға ден қойса да ешқашан солардың шылауында кетпеген, өзіндік қорытынды жасап отырған. Абай нені, кімді оқыса да зерттеп, үңіле оқиды. Олардан жаңа үлгі алады, үйренеді. Абайдың абайлық негізгі ерекшелігі де осында. Осы ерекшелік оның дүниетанымының дұрыс қалыптасуына көмектесті.

  «...Ал, Ілиястың мамандығы пәлсапа болсын, бірақ Абай ақын ба, жоқ па, қазақ әдебиетінде Абайдың орыны қандай, осы күнгеше бұларды білмей тексермей жүрген Ілиясты үлкен пәлсапашыл деп айта салмадық» дей келе Ыдырыс «пәлсапа, өнер, әдебиет, сыншылдық дегендердің бәрі қоныстас, аралас отырған ғылымдар, бірімен-бірінің жалғасы мол екендігін философ дегендер, сыншы дегендер, ақын дегендер бірінің сырын бірі қайтсе де білу керек екендігін» [45,12] айтады.

  «Абайдың пәлсапасы» деген тараушасында Ыдырыс Абайдың философиясына тереңірек тоқталады. Ыдырыс Абайға былайша баға береді: «Абай біртұтас пәлсапа пікірін қалдырып кетпесе де, заманына қарай зор адам болған. Бұны тану керек. Абай үлкен ойшыл адам болған». Расында да, Абайды философ ретінде қарастырғаннан гөрі, ойшыл деп атаған жөнге келетін тәрізді. Өйткені, философ атауына қарағанда, ойшылдық кең  ауқымды қамтиды және әлдеқайда мәндірек. 

М.О.Әуезов айтқандай: «Шын мәнінде алғанда, Абай философ емес, ғылымдық кең мағынасында алғанда, Абайдың арнап жазған философиялық жекеше терең толғаулы еңбектері, трактаты жоқ» [46,480]. Осы пікірді жолдаған жазушы сонымен бірге Абайдың философиялық дүниетанымын зерттеуді мақсат еткен: «Және осындай ойшылдық белгілерін жеке философиясы деп атамасақ та, ақынның даналық, философиялық көзқарастары деген тұрғыда мейлінше түгел қамтып, тексеріп, талдай білуіміз керек» [46,410]. Жазушының ой–пікіріне толық қосыла отырып, Абайдың философиясын терең зерттеуге мүмкіндіктің туғанын айтуға болады.

Түбегейлі зерттеліп, білікті ғалымдардан тиісті бағасын алып үлгермеген Абай әлемінің ашылмаған сыры әлі көп. Ақынның діни–әлеуметтік философиясына да біржақты баға беріліп, теріс пікірлер де кездесіп жатты. Абайдың дүниетанымы жөніндегі ғылыми-қоғамдық пікірталас әлі де жүріп жатыр. Белгілі әдебиетші–ғалым, профессор Ә. Қоңыратбаев мынадай естелік айтады: «...Сөз кезегін алған Мұқаң мінбеге көтеріліп:- Абай философиясын зерттеу әрине, жақсы бастама. Бірақ оны журналистік шолу емес, теориялық тұрғыдан зерттеген дұрыс болар еді. Абайдың әдеби мұрасына келгенде оның ақындығын баса көрсеткеніміз жөн. Пушкиннің философиясын зерттеп олжа тапқандар орыс халқында көп емес. Олар Пушкинді ұлы ақын деп дәріптейді. Біз де осы арнаға түссек қайтеді» [47,216] деді.

Кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезовтің бұл пікірінің келешекте де маңызының зор болатыны даусыз.

Ілияс Қабылов өзінің мақаласын: «Абайдың пәлсапасы, Абайдың қоғамға көзқарасы деп әлденешеге бөлгенін» [44,16] айта келіп, Ыдырыс олардың ішінде Гегельдер, Фейербахтардың үлкен пәлсапалары жүргендігін, бірақ Абайдың бұл өлеңдерінде Ілияс туғызған зор пәлсапасы, баланың ойыншығы секілді болып шыққанына назар аударады.

Ыдырыс Абайдан соңғы жазба әдебиет тіл жағынан өнегені Абайдан алғандығын, тілдің бұқараға ашық түсінікті болу жайын кейінгі ақындар Абайдан үйренгендігін, тіл жағынан көп ел әлі де болса Абайдан кем екендігін ерекше атап өтеді.

Қорыта келе, ХХ  ғасырдың  20–жылдарында кеңестік идеологияға сай келмейтін туындылар қатты сынға ұшырағандықтан, Абай дәстүрінің дамуы, жалпы адамзаттық ортақ мәселелер әдебиет тарихында өз шешімін таба алмады. Десек те, кеңестік дәуірде қазақ әдебиетінің тарихы күрделі де, қайшылықты жағдайларға толы болғанымен, сонымен бірге бұл дәуір қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетінің өсу, өркендеу жолында айтарлықтай жаңалықтар әкелген кезең болғаны да даусыз.

Соның ішінде, жиырмасыншы жылдары екі дүркін айтыс болған абайтану ғылымында да әдебиеттанушылардың, қоғам қайраткерлерінің айтарлықтай қосқан табыстары болды. Абай мұрасын қорғап қалуда үлкен қажыр–қайрат танытқан көрнекті қоғам қайраткері, әдебиеттанушы, сыншы Ыдырыс Мұстамбайұлының да абайтанушылардың қатарында өз орнын алары сөзсіз. Оның әсіресе, Абай мұрасына қарсы шыққан І.Қабылұлының мақаласына екі тілде бірдей жауап жазған мақаласының әдебиеттану ғылымындағы орны ерекше. Сондықтан да оның Абай шығармаларын зерттеу тарихындағы өзіндік орнын айрықша атап өткен жөн. Қаламгер еңбектерінің Абай мұрасына қатысты қағидаларын ғылыми тұжырымдау мақсатында оның мақалаларына сүйенуді жөн санағандықтан, түпнұсқадан үзінділер көптеп келтірілді. Нәтижесінде, Ыдырыс Мұстамбайұлының абайтануға қосқан үлесі ғылыми тұрғыда тыңғылықты зерттеліп сарапталды.

Бұл ретте, Ыдырыс Мұстамбайұлы біріншіден, сыншы ретінде 1920 жырдардағы көркем әдебиет туралы пікірталасқа белсене арасып қана қоймай, сол жылдардағы солақай саясаттың ықпалына түспестен, ұлттық мүддені жоғары қоятын берік ұстанымынан таймай, өзіндік батыл пікірлерімен көзге ерекше түссе, екіншіден, ұлтымыздың рухани байлығы, әдебиетіміздің темірқазығы Абай шығармашылығын жоққа шығаруға тырысқан кейбір қаламгерлердің теріс пиғылды мақалаларына батыл түрде тойтарыс беріп, абайтануға өзіндік үлкен үлес қосты. Үшіншіден, Ыдырыс Мұстамбайұлының зұлматты жылдарда алаштың саңлақ ақыны М.Жұмабаевты кеңестік идеологияның айыптауынан арашалап алып қалуға тырысып жазған мақаласының да мағжантануда алар орны ерекше деп қарау керек.

Баламер Сахариев қазақ әдебиеттану ғылымына елуінші жылдардың басында келіп қосылған.Ең алғашқы туындылары 1950 жылы «Әдебиет және искусство», «Халық мұғалімі» журналадарында жарық көріп, сол кезден бастап мерзімді  баспасөз беттерінде оның әр алуан тақырыптағы әдебизерттеу мақалалары жиі жарияланатын болған. Әсіресе, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин сияқты  әдебиет тарландары жайлы  еңбектерінде сыншы негізінен шеберлік үлгілерін жаңа бір қырларынан танытуға, талдауға күш салған.

1965 жылы «Уақыт тынысы» атты кітабы жарық көреді.Соның негізінде сыншы 1975 жылы « Қазақ романдарындағы идиямен  образдың эстетикалық бірлігі» деген тақырыпта  кандидаттық қорғайды. Ғалымның еңбектерінің бір саласы мектеп оқулығы, жоғары сынып оқушыларына арналған « Қазақ совет әдебиетін» жазуға, құрастыруға жазушыларымыз творчествосына арналған «М. Әуезов», «С.Мұқанов»,   «Ғ. Мүсірепов», «Ғ. Мұстафин» бөлімдерін жазады. Сондайақ, ғалым Х.Сүйіншәлиев, Ә.Дербісәлинмен бірігіп, «1920 ғ. қазақ әдебиетінен» көмекші оқу құралдарын жасауға ат салысады.

Б.Сахариевтің құрастыруымен жарыққа шыққан «Біздің Мұхтар» атты естеліктер жинағындағы М.Әуезовтың творчестволық портретінің ойдағыдай жасалуы, естеліктер табиғатының сан салалы, мейлінше ұқыпты мүсінделуі-тер төге еңбектенген сыншы еңбегінің тағы бір айғағы іспеттес [48,132]. Ал, ғалымның «Күрескер тұлғасы» атты кейінгі үлкен еңбегі- сыншының өз творчесвосы аумағындағы ғана белгілі бір биігі емес, бұл сонымен бірге қазақ әдебиеті сынының да кемелденгенін көрсететін туынды.

Б.Сахариевтің М.Әуезовтің орыс тілінде жазылған мақалаларын қазақшалау жолындағы еңбегін ерекше атау парыз. Б.Сахариев ұлы зергердің стилін, түп нұсқадай болуын мүмкіндігінше қаз қалпында жеткізуге тырысқан.

Сыншы өмірінің соңғы кездері «Мұхтар Әуезовтің творчестволық лабораториясы» деген тақырыпта үлкен зерттеу еңбегін жаза бастаған еді.

Б.Сахариевтің «Күрескер тұлғасы» атты кітабы- сыншының зерттеу, мақалаларының үлкен бір топтамасы ғана емес, сонымен бірге қазақ әдебиеті сыны қорына қосылған сүбелі еңбектердің бірі. Сыншы зерттеу мақалаларын «Жанр жүгі», «Поэзия патшалығы», «Сын дестесі» дейтін тақырыптармен үш бөлімге [49,332] топтастырған.

Өзінің әдебиеттегі алғашқы қадамын салмақты сыннан бастаған қабылетті қалам иесі өз жанрында ширек ғасырдан астам уақыт бойы талмай ізденіп, еңбектеніп, жұртшылық игіліне ойлы, парасатты біраз мұралар қалдырып кетті. Ол сын теориясына да жете үңіліп, салиқалы пікірлер ұсына алды. Өзінің теориялық тұжырымдарымен ол әдеби-көркем сын қоғамдық дамудың қозғаушы күштерінің бірі екендігін ашып көрсетіп, бұл сынның берік ұстанған позициясы екенің айтады. Сын саласында жемісті еңбек еткен белгілі ғалым, әдебиет зерттеушілері Е.Ысмайыловтың «Жаңа белеске», А.Нұрқатовтың «Идея мен образ», Қ.Нұрмахановтың «Дәстүрлі достық»,М.Базарбаевтың «Тамаша дәстүрлер», М.Дүйсеновтың «Әдебиеттегі мазмұн мен түрдің бірлігі», С.Қирабаевтың «Сәкен Сейфуллин» атты монографиялық туындыларын автор сынның сол кезеңіндегі жетістіктеріне жатқызады.

Дәстүр мен жаңашылдық мәселесі Б.Сахариев толғаған тақырыптардың бірі. Әдибиеттегі  формалистік, абстракционстік ағымдарға жол бермеу жайлы айта келіп,сыншы соның кейбір көріністері ретінде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған. Т.Ысмайыловтың «Заман мен өлең», Ж.Қыдыровтың «Түр туралы ойлансақ» атты мақалаларын келтіреді. Сыншы бұл мақалалардан сол кезде жаңа мен ескінің арасында Қытай қорғаны бар деген сияқты теріс бір бағыт байқаған сияқты.

Сыншының осы мақалада  көтерген тағы бір мәселесікітап жарық көргенге  дейінгі сынның дәрежесі мен жайы еді. Бұл бағыттағы сынның көзжұмбайлығына төзбеуге  шақырады. «Ал бүгінгі күнге дейін бізде бірсыдырғы, қалыпқа түскен «көңілшек»  сындар көп. Автормен жұмыс істеу барысында редактор қанша шимайласа да, автор үшін шықпай жатқан характерін жасап бермейді ғой деген ойды ашық айтады  сыншы. Әттеген-ай дейсің амалсыз. Кемшілігін сын баса көрсетіп, автор қолжазбасын әбден пісіріп әкелсе, нұр үстіне нұр емес пе.Шалағай сындардан бас тартуымыз керек, ақын-жазушыларға ең падалы сын-оның шығармасы жарыққа шықпай тұрғанда айтылатын сын» [49,324]- дейді Б.Сахариев.

Сайып келгенде,сыншының бұл мақаласы- қазақ әдебиеті сынының ыстығы  мен суығын өзге қаламдастарымен бірге кешкен айтулы маманның сондағы көптеген әлеуметтік мәні бар мәселелерге тоқталып,туған әдебиеттің кемшіліктері мен жетістіктеріне тереңірек үңіліп, зерттеу үстінде өзінің сыншылық принціпін еркін таныта алған байсалды туынды. Мақаланың ең құнды жағымұнда сын өткірлігі,сын әділдігі үшін күрес рухы бар. Сыншы қандай мәселеге де қай жағынан болсын, принципті сын тұрғысынан келе білген.

Сыншының келесі бір үлкен дүниесі «Сын мүддесі» деп аталады. Онда автор: «Шынын айту керек, әдебиетіміздің қалыптасу жылдарындағы сынның жай-жапсарын оқиғаның басы-қасында болған аға буын әдебиетшілеріміз болмаса,кейінгілеріміздің көпшілігіміз жеткілікті біле бермейміз. Сонау Аристотель мен Гегельдің, Белинский мен Чернышевскийдің эстетикасын, Поль Лафарг пен Плехановтың, Горькийдің, Луначарскийдің көркем өнерге көзқарасынан мағұлматы бар әжептәуір білімді деген жастарымыздың сүрінер томары-қазақ әдебиет сынының туу, қалыптасу, даму тарихы десек өтірік болмас» [50,114] - дейді.

Одан әрі Б.Сахариев қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін, қиыншылықтарын тілге тиек ете отырып, сонымен бірге сынның да туу, қалыптасу белестеріне шолу жасайды. Соның ішінде Абай мұрасын танып білу, пайдалану мәселесінің төңірегінде қаншама күрес, айтыс болғанымен, сол күрестің қаншалықты қиынға түскенін айта келіп, осы жайларды жастар тереңірек оқып білуі, үйренуі керек екеніне ешқандай шек келтірмейді. Болашақ әдебиетшілер сынның тарихымен үзіп-жұлып танысудан гөрі, жүйелі түрде, жеке пән ретінде өтсе, бұл әлдеқайда пайдалырақ болатынын меңзейді.

Сыншы бұл мақаласында да сынға көзқарас мәселесіне кең тоқталған. Керек десеңіз тіпті «Сыншыға көзқарас»   талқысына бұрынғыдан да салмақты ойлармен келген. Ол мұнда ең алдымен сыншы кім деген сұраққа жауап береді. «Көпшіліктің ішінен бізде сынды әркім жазады, бірақ  әркімнің» бәрі сыншы емес.Белгілі бір шығармаға талдау жасағанда автордың идеясын әдеби құбылыс ретінде эстетикалық тұрғыдан түсініп, тап басып талдау жасай білген оқушы ғана сыншы» [50,116] , -деп қайырады.

Б.Сахариев қазақ  романдарын да талдаған.Бұл салада сіңірген еңбегі де қомақты, айтқан салиқалы ойлары да салмақты.Негізінен ол романдардың идеялық-тақырыптық  жағын нысана ете отырып, образдардың көтерілген биігіне, шеберлік,ізденіс сырларына жете мән береді.

Сыншы заманымыздың кемеңгер жазушысы, ірі қоғам қайраткері М.Әуезовтің творчестволық лабораториясын да зерттеген.Оның, әсірісе, жазушының алғашқы әдебиетке келген жылдарындағы шығармалары жайлы жазушы қаламынан шыққан шынайы туындының бірі « Қилы заман » повесі жайлы сыншы айтқан пікір айырықша елең еткізерлік. Ол кейбір әдебиетшілер (Ә.Шәріпов) пікірін толықтырып, «Қилы заман» повесть емес, романға лайық   дүние дегенге саяды. Мұны сыншы шығарманың көлемі, эпикалық баяндау тәсілі, кейіпкерлер характерінің тереңдігі, психологиялық сезімталдығы, композиция, сюжет құру шеберлігі, тіл көркемдігі сияқты көптеген компонеттері арқылы повестен гөрі романға баларлық туынды екендігін айтады. Пікірі дәлелді болуы үшін повесть кейіпкерлеріне, тіліне тоқталып, көптеген нақты деректер келтірген. Ол осы еңбек деңгейіндеақ жазушының нағыз реалистік позициясын анықтап берген. «М.Әуезов тарихи шындыққа зәредей де қиянат жасамай, оқиғаны да, характерді де өзінің эволюциялық өсу жүйесімен, логикалық сенімділігімен, барды бардай, жоқты жоқтай, қаймағы бұзылмаған қазқалпында таңғы шық тәрізді мөлдіретіп әкеп қағазға түсірген», деп жазады ол. Шығармадағы Ұзақ пен Жәрмеңке тұлғасына қарап сыншы кейінгі  «Түнгі сарындағы» Жантас пен Тәнекенің шығу тегін де байқап қалған. Бұл туынды жазушының  «Абай жолына» барар жолындағы алғашқы баспалдақтары дейтін пікір түйеді.

Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы жайлы кезінде бұрынғы Одақ көлемінде де, туған әдебиетіміз аумағында да көптеген мақалалар, очерктер, зерттеу, монографиялар жарық көрді. Соның бәрінде де авторлар кемеңгер қаламгердің суреткерлік талантын әр қырынан ашып көрсетуге күш салды.

Б.Сахариев бұл орайда өзінің «Өміріөнеге, өнері,-мұра» атты еңбегінде М.Әуезовтың өмірі мен эпопеясының образдар галереясына кең тоқталады. Алдымен осы керек туындының бір ерекшілігін сыншы айрықша бөле қараған. Ол- батыстың классикалық әдебиетінің тарихи шығармаларымен салыстыра бағаланғандағы М.Әуезов  эпопеясының өзіндік ерекшілігі. Жазушы Абай өмірі деректерінің хронологиясында байланып қалмай, негізгі идеяны шешуге тұрарлық құбылыстарды сұрыптап бейнелеп, әрбір жеке кейіпкерді типтік дәрежеге көтере білген.

Б.Сахариев жағымды образ, оны типтік дәрежеге көтеру проблемасын біраз сөз етіп, басқа да талай ойлы, салмақты дүниелер берген сыншы. Соның бірі «Еңбекпен ержеткен талант» атты көлемді зерттеу мақаласы. Онда қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі-Ғабиден Мұстафиннің творчествосы тақырып өзегі болады. Жазушы творчествосы- Б.Сахариевтің ұзақ жылдар бойы зерттеп, салмақты ой түйіндеген түбегейлі әдеби бір нысанасы. Бұл зерттеуді де сыншы өзіндік маңызы бар құнды тұжырымдар жасап, қаламгер романдарының образдар алқасына кесімді баға берген байыпты еңбек деп түсінген жөн.

«Қарағанды» романы жазушының оқиғасы мол, тынысы терең, кең құлашты шығарма жасау жолындағы кесек туындысы деп бағалайды сыншы. Ол жазушының кейінгі шыққын биігі- «Дауылдан кейінгі» романына барар жолдағы сенімді бір баспалдағы болған.

«Адам. Тарих. Роман»- сыншының жетпісінші жылдары тарихи- революциялық тақырыпта тәмамдалған үлкен еңбектің бірі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты үш кітаптан тұратын «Қан мен тер» трилогиясының кейбір ерекшеліктерін саралауға арналған мақаласы.

Б.Сахариев мақаласында романдағы халық образының біршама типтік дәрежеге көтеріле алғандығын айтады. «Абай жолындағы» қалың жатақ, оның типтік өкілі- Дәркембай ұлы ақын бейнесінің ажырамас бір құрамдас бөлігі болса, Әбдіжәміл трилогиясында да халық бейнесі айбарлы. Мұны дұрыс байқаған сыншы тіпті  «романда суреттелетін қарапайым халықтың өзі бас кейіпкерлер Еламан, Кәлендерді жоқтатпайтын дәрежеге көтеріле көрсетілген» [51,216],-деп автор жетістігін айрықша бағалайды.

Б.Сахариевтің айтар оралымды ойы, көтерер жүгі бар еңбектерінің тағы бірі-жазушы Ә.Нұршайықовтың  «Махаббат,қызық мол жылдар» романына орай жазған мақаласы әдениетіміз бен әдебиетіміз шарықтап өскен заманда оқушыларымыздың да көркем шығарманы қабылдау ,бағалау дәрежесінің өскенін мақтаныш тұтпасқа болмайды. Бүгінгі оқырман сауатты оқырман. Сыншы мақаласында осы оқырман проблемасын көтерген. Мақаланың құндылығы осында. Сыншы оқырман сынының әділеттілігі жайлы толғанады. Жақсы шығарма әр кез оқырман көзінен қалыс қалмай,оны «еліктіріп, ертіп ала жөнеледі, мұның өзі оның ең бірінші табысы» [51,18]. Сыншы Ә.Нұршайықов романын осындай ойға жетелейтін жақсы шығарма деп бағалайды.

Б.Сахариев прозаның ықшам жанрлары саласына жататын сан алуан повестерді де талдаған. М.Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесі жас педагог Жақыпбектің алғашқы аяқ алысы, кездескен кедергі, қиындықтары жайлы сыр шертеді. Жақыпбек- ізденгіш бейне. Алғаш сабаққа келгендеақ балалармен ашық сырласуға талпынады. Осынысыменақ ол біраз жаңалық енгізеді. Дегенмен, Жақыпбек бейнесінде кемшіліктер жоқ емес. Ең бастысы, Жақыпбектің оқушының жеке басын зерттеу ісіне мән бермеуі. Шәкіртінің мінезқұлқы, танымы-педагогтің ең бір ден қойып зерттейтін нысанасы болуы керек. Ал шындығында оқушының кейбір қыңыр өжеттігінің де себебіне Жақыпбек өресі  жете бермейді. Осыдан келіп ұстаз бейнесі өз биігіне жетпей, образ ретінде аяқталмай қалады.

Сыншы мұның екінші бір себебін басты образды толықтырып отыратын екінші қатардағы кейіпкерлердің аздығы, жұтаңдығынан іздейді. Тәжірибесіз жас педагогтің өзіне ақылшы ұстаз өте керек. Амал не, осы міндетті атқаруға толық мүмкіндігі бар тәжирбелі  мұғалім Нүрипа апай бейнесі повесте қалтарыстан шыға алмай қалған эпизодтық қана дәрежеде. Ал ұжым бейнесі шығармада тіпті көрінбейді. Сыншының өз сөзімнен айтқанда, Жақыпбек «күреспен өсіпжетілудің орнына, бәрін өз бойына сидырған, аспаннан түскендей образ» [52,9].

Б.Сахариев мақалаларының ендігі бір тобы насихаттық бағытта,яғни көпшілік қауымды жаңа бір шығармамен таныстыру, өнер жаңалығының  өзегін ашып, ойын екшеу бағытында жазылған. Бұл салаға оның «Қауышқан құшақтар», «Тәрбиеші таланты», «Өшпес мұра», «Әлемге мәшһүр әдебиет», «Жаңа өмірдің жаршысы» т.б мақалаларын жатқызуға болады. Мәселен, «Қауышқан құшақтарда»- сыншы қазақ және орыс әдебиеті арасындағы тығыз достық байланысты сөз еткен, мақтан тұтқан. Міне, осы ұлы достықтың бір көрінісі-қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезов пен орыс әдебиетінің ірі өкілі М.Соболевтің берік достығы мақала тақырыбы, арқауы болған.

Рахманқұл Бердібай- қазақ әдебиетінің сыны мен ғылымы саласындағы ыстығы мен суығын қатар көріп жүрген, осы уақыт ішінде көптеген мақала, кітаптар жазып сынға белсене араласқан ғалым, сыншы. Рахманқұл Бердібайдың ғылыми шығармашылық жолы сан қырлы. Қасиетті қала Түркіс–танның төңірегінде туылып, білім қуған жастық шағы соғыстың ауыр жылдарында, қиын жағдайда өткен, әдебиеттегі алғашқы аяқ алысы өлең жазудан басталған Рахманқұлдың «Қазақ әдебиетінде» қызмет атқарған жылдары қаламгер үшін үлкен әдебиет мектебіне айналды. Сын бөлімін басқара жүріп, әдебиетттің талай келелі салаларын шешуге ат салысты, жазу өнерінің қыр-сырын меңгере түсті. Ол осы кездерде әдебиет пен мәдениеттің өзекті өңірлеріне бара білген ондаған мақала жазып, елге танылды. Мәселен, ол Қазақстанда қа­зақ тілі елуінші жылдары қайтадан ығыстырыла бастаған кезде оған қар­сы дауыс көтергендердің бірі болды. «Қазақ әдебиеті» (1956, 22 сәуір) газетінде жарияланған «Ең үлкен мәдени байлық» атты мақаласы қазақ тілінің тағдыры туралы қазақ оқырмандарының ойын оятып, зиялыларының қызу пікірталастыруына ұласты.

Р.Бердібайдың сынға араласа бастаған алғашқы жылдардағы әдеби бағытын оның «Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері» [53,7] атты проблемалық мақаласы айқын көрсетеді.

Р.Бердібайдың сыншылық, ғалымдық шығармашылығының басты ерекшелігі дегенде, алдымен, оның диапазоны кең, жан–жақты білімдар ғалым екендігі бірден көзге түседі. Ол- мейлі, бүгінгі әдебиетіміздің жайын немесе ауыз әдебиет тарихының әлі де жете зерттелінбей жатқан өзекті өңірлерін бар–­ласын немесе туысқан халықтар әде­биеті жайлы ой бөліссін, әдебиеттің теориялық мәселелерін әңгімелесін, әдебиет атты ал­тын қазынаның терең қыртыстарын қопарып, сыр тарта алатын, толғанысқа толы пайымды пікірлерін дәлелді де се­німді жеткізе білетін әмбебап қаламгер. Оның әдебиет саласындағы еңбектері іш­тей жіктегенде, бірнеше бағыттарда көрі­неді. Ол ең алдымен, публицист, әдебиет сын­шысы, бүгінгі әдебиеттің тамыршысы ретінде та­нылды. Елуінші, алпысыншы жылдардың әдеби сынында Р.Бердібай қалам тартпаған тақырып жоқ. Ол қазіргі қазақ әдебиетінен бастап, әдебиеттің тарихына, фольклорына, туысқан халықтар, шетел әдебиетіне ар­нап ондаған мақалалар жазып, сын майданының алдыңғы шебінде жүрді. Жаңа шығып жатқан кітаптардан бастап, жекелеген қаламгерлерге дейін сыншының сын назарына ілінбегендері некен саяқ қана. Оның қазақ әдебиеті мен мәдениетінің зәру мәселелерін көтеріп батыл жазған мақалалары кезінде қоғамдық пікір туғызып, қызу пікірталасуларға ұласып жататын. Өткір жазылған кей мақалалары сол заманның стандартты саясатына сәйкес келмей, жоғарыда саясатты жүргізіп отырғандардың мазасын алып, өзі де сол үшін пайда таппай, саяси сенімсіздердің қатарында жүрді. Есесіне ғасырлар бойғы бодандықтың салдарынан мүлгіп жатқан туған халқының ұйқыдағы сана-сезімін оятып, ұлттық дамуға қарлы­ғаштың көмегіндей болса да өз үлесін қосты.

Рахмақұл Бердібайдың зерттеулерінде М.Әуе­зовтің шығармашылығы едәуір орын алады. Оның жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің мәселелеріне арналған зерттеулерінің барлығында дерлік ұлы жазушының шығармаларына соқпай кетпейді. «Уақыт- әділ сыншы» дейді ха­лық. Тарихымызда қаншама ақындар, жазушылар өткен. Бірақ, солардың қан­шамасының шығармалары уақыт тезінен өте алмай, тарихтың шаңына көміліп, бүгінгі күнге жете алмай қалған. Ал, Мұхтар сияқты біртуар даналардың өлмес өнер туындыларының уақыт өткен сайын асыл тастай құбылып, қызыл гүлдей құлпырып, жарқырай түсетіні неліктен? Р.Бердібайды жазу­шы прозасының, оның ішінде қазақ әдебиетінің жиырмасыншы ғасырдағы шырқау шыңы саналатын «Абай жолы» романэпопеясының өмір­шең­дік сырлары қызықтырады. Қазақ рома­нына арналған еңбектерінің негізін де осы «Абай жолы» эпопеясы жайлы зерттеулері құрайды.

Ұлы жазушының жүз жылдығы қарса­ңында бұрынғы ізденістерінің нәтижесі, қорытындысы іспеттес «Мұхтар шыңы» атты жаңа кітабы өмірге келді. Еңбекте М.Әуезовтің қаламынан шыққан «Абай жолы» романэпо­пеясы тек «Мұхтар шыңы» ғана емес, сонымен бірге қазақ әдебиетінің де шырқау шыңы тұрғысынан жан-жақты зерттелінеді. Жазушыны осындай биікке көтерген өмір жолы, шы­ғар­машылық мектебі, дарын қуаты, өнерпаздық қырлары, шеберлік сырлары сияқты көптеген мәселелерге тереңдей беру арқылы «Абай жолы» романдарының көркемдік құпияларын аша түседі. Рахманқұл Бердібайдың бұл жаңа еңбегі- қазақ әдебиеттану ғылымының биік өресін байқатып, мұхтартану іліміне қосылған сүбелі үлес болды [54,86].

Бүгінгі таңда қазақ әдеби сынның хал-ахуалы жайында сөз қозғап, талай сыни пікірлер жазып жүрген сыншымыз- Әлия Бөпежанова. Қоғамымыздың әр кезеңіндегі руханиятын зерттеп - зерделеуде , аса өзекті мәселелерді мәдени контексте қарастыруда, әдебиет, театр мен кино турасындағы орнықты ой-пікірлері арқылы шығармашылығы біртұтастандырылған ой зергектігі мен зиялылығы, парасаттылығы Әлия Қақарманқызын жан-жақты іздемпаздылығымен танытып келеді. Әлия Қақарманқызының өзі өнердің төресі, өнер мен ғылымның арасынан шығатын сыншылық жанрына білімге, білуге деген құштарлық, ойға, зерделеуге-сараптамалық бағытқа деген бейімділігімен, заттың өзінен гөрі зерделемесі, яғни оның неден жасалғаны, қалай дүниеге келгені, түйіп айтқанда процесске деген қызығушылық жетелеп әкелгенін айтады. Сыншылық деген күрделі жанрда алдымен өре, терең білім мен біліктілік, талғам мен жігерлілік керек. Бұл жалпы адамзатқа қажетті өр қасиеттер Әлия Бөпежанованың бойында тасып артылады.

Әлия Қақарманқызы алғашқы еңбек жолын 1979 жылы ҚазМУдің аспирантурасын сырттай оқып жүріп, республикалық «Қайнар», «Жалын» баспаларында редактор қызметінен бастады. Сын, рецензия мақалалары «Жұлдыз», «Жастар жастар туралы», «Сөзстан», «Уақыт және қаламгер» жинақтарында жарияланды. 1980-2001 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі болып үздіксіз қызмет етті. Газет бетінде жарияланған мақалалары мен эсселері, сұхбаттары сыншының сан қырынан аса өзекті мәселелерді алға тартатынын көрсетті. Мәселен, Қалихан Ысқақ шығармашылығы хақында «Суреткер мұраты» эссесінде сыншы Бюффоның «талант - дегеніңіз төзім» дегенін негізге ала отырып, жазушы шығармашылығына кеңінен талдау жасайды, автордың қазіргі кездегі көкейкесті мәселелерге қосқан азаматтық үнімен кейіпкерлерінің рух мықтылығы мен ізгілік, адамгершілік атты ұғымдардың биігінен табылатынына қуанып, әр кейіпкердің айтып, айта алмай, айтпақ болып кеткен пікірін толықтырады. Әдеби сынның өскенін көрсететін, мәдени құбылыс деп таныған Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романын сыншы ретінде де, оқырман ретінде де Әлия Қақарманқызы қуанышпен қабыл алды, бұл жөнінде сын егер шығармашылық екені рас болса, сыншы әйтеуір сыншылық міндетінінен шығып қана емес, өнердің өмірлік тұрғысынан предметтік әңгіме қозғауға болатын шығарма оқығандықтан туындаған қуаныш деп жазушының рухани ізденістері мен кәсіби шеберлегін атап көрсетті. Сондай- ақ, «Поэзия- әйелдей жұмбақ әлем» (Фариза Оңғарсынова туралы ой үзіктері), «Толғақ қысқан болмыспен тайталасып...» (Дулат Исабеков шығармашылығын зерделеудің жеке тәжірибесі), «Дүние имани құбылыс» («Күміс сенатор»-Зейнолла Серікқалиұлына), «Мәдени мұрадағы» Латиноамерикандықтар атты көлемді эсселерімен сыншы жүйелі талдаулары арқылы оқырман әдетте байқай бермейтін нәзік сезімдер мен иірімдерді жаңа қырынан жеткізе біледі. Әдебиет пен мәдениет хақында айтылып жүрген толассыз сынға сыншы әдебиеттің бүгінгі халін бағдарынан айырылған деп емес, бағдарын айқындау мәселесіндегі кезеңде жүр деп өнімді жазып жүрген жастардың шығармашылығына қолдау білдірді, әдебиетке де жеткен небір көзбояу мәселелердің шешімін табуда салиқалы заңдарыдың тезірек мемлекет тарапынан қабылдану керек екенін де кесіп айтты.

Тұжыра айтсақ, қазақ әдеби сынының теориялық негіздері толықтай сарапталып, көркемдік-эстетикалық құндылықтары нақтыланып; ғалым сыншыларымыз әдебиеттану ғылымы мен сын жанрын жеке зерттеу объектісіне айналдырды. Әр қаламгердің өз стихиясы бар. Бар нәрсені жоқ деп айтуға болмайды. Әдебиет те, әдебиеттің сыны да бар. Дәл қазіргі кездегі әдебиеттің даму жағдайы қандай дегенге келсек, екі жағына да сын айтуға болады. Алдағы уақытта да сын мен көркем әдебиеттің дамуына, көркем сөз өнерінің өркендеуіне әдеби дәстүр жалғастығы игі ыпал жасамақ.


2.3 Тәуелсіздік кезеңдегі ұлтық рухтағы әдеби сын форматтары


Тәуелсіз ел туымен бірге туған қоғамдағы түбегейлі өзгерістер дәуірі өнер мен ғылым саласында да тың бетбұрыстарға жол ашты. Рухани мұраларды ұлттық құндылықтар, елдік мүдде аясында қарастырған ғылыми ой-танымдар легі туып, олар рухани өмірімізге өзгеше серпіліс әкелді. Соның нәтижесінде әдебиет сыны әлемінде соңғы он сегіз жыл ішінде атқарылған істер әдеби мұраларды ақтандақтардан арылтып қана қоймай, олардың әдеби-көркемдік, танымдық, тағылымдық рухани мән-маңызын танытуда да өскелең уақыттың өнімді жетістігі болды. ХХ ғасырдың соңына қарай қазақ тарихындағы ең бір жарық оқиға болды; ғасырлар бойы алты алаштың аңсаған арманы- азаттықтың ақ таңы арайлап атып, қазақ халқы өзінің тәуелсіздігін жариялады. 1991 жылдың сол бір ызғарлы күндерінде күллі әлемге паш етілген тәуелсіздігіміз үш жүз жылдай орыс отаршылдығына қарсы азаттық үшін алысқан ата-бабаларымыздың төгілген қанының бодауындай, Алла тағаланың нұры жауған қазақ еліне тәңірінің сыйындай болды. Алғашында сенерін де, сенбесін де білмей, абдырап қалған қазақ халқы бетті тәуелсіздік даму жолына қарай бұрды.

Бұрын социалистік қоғамның барлық адамға жайлы жағдайына үйреніп қалған халық енді қимылдамаса, материалдық игіліктер үшін тырбанбаса болмайтын базар экономикасы негізді қоғамға бет түзеді. Жаңа нәрсенәің қиындықтары болатыны белгілі. Тәуелсіздіктің туын көтеріп шыққан сол бір тарихи күндердің қуанышын жаңа қоғамның қатал экономикалық, мәдени қарым- қатынастары су сепкендей баса бастады; экономика дағдарысқа ұшырап, халықтың әл-ауқаты нашарлай түсті; мұның аяғы рухани өмірде де түрлі келеңсіздіктерге әкеп соқтырды. Білім- ғылым, әдебиет- мәдениет түгілі халықтың тамағын тойдыру, киімін бүтіндеудің өзі қиындап кетті. Жабайы жүргізілген жекешелендірудің салдарынан мәдениет орындарының көпшілігі жабылып, қалталылардың қолына көшті. Жазушылар Одағы сияқты шығармашылық одақтардың барлығы дерлік мемлекеттік қаржыландыру жүйесінен шығарылып, қоғамдық ұйымдарға айналды. Мұның өзі қазақ әдебиетінің дамуына да әсер етіп, қаламгерлер көркем шығарма жазбақ түгілі қарақан басының қамын күйттеп кетті.

Академик З.Қабдолов: «Әдебиет сыны әрқашан дәл өз тұсындағы әдебиеттің тірі процесіне белсене араласып, нақты әдеби туындыны жанжақты талдау, оның идеялық-көркемдік құнын белгілеу, өз кезінің эстетикасы үшін мәні мен маңызын анықтау арқылы, бір жағынан, жазушыға жазғандарының бағалы қасиеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін көрсетіп, оның творчестволық өсуіне тікелей қолғабыс жасаса, екінші жағынан, оқырманды оқығандарының байыбына барып, оны жете түсініп, дұрыс бағалауға баулиды. Бұл ретте, сыншыны жазушы мен оқырманның екеуіне ортақ- ара дәнекер десе де болар еді. Бірақ, бұл аз. Сыншы- қалың оқырманның өскелең талабы мен талғамының жаршысы, әдеби құбылысты жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан пайымдайтын қоғамдық ой- пікірдің озғын өкілі...

Әдеби сында көркем шығарманы бағалаудың жолдары, тәсілдері, шарттары бар... Көркемдік критерий ең алдымен әдеби шығарманың бағалы жағын көре білу. Сынның ең қиын міндетінің өзі- осы. Кез келген шығармада болатын үлкендікішілі кемшілікті табу бәрінен оңай. Ал шығарма несімен жақсы екенін белгілеу, оның нағыз поэтикалық сұлулығы мен сырлылығы неде екенін анықтау бәрінен қиын. Бұл сыншының берік принципін, зор мәдениетін, нәзік түсінігін, өрелі ойын, терең білімін, биік талғамын керек етеді» [55,49] десе, профессор Р.Нұрғали: «Әдебиет сыны өз тұсындағы әдебиет мәселелеріне араласады. Сыншы- күнделікті әдеби құбылыстарды талдаушы, талғаушы адам. Ол- шығарманың көркемдік ерекшеліктерін, формасын талдаушы емес, ең алдымен туындыға негіз болған өмірлік материалды саралаушы, ойшыл, көркемдік, сұлулықты ашушы. Бұл тұрғыдан әдебиет сынының эстетикалық міндеті мен социологиялық мақсаты қатар жүреді. Сыншы-жазушы мен оқырман арасын жалғастыратын көпір, көп нәрсені ажыратып, тиянақтап түсіндіретін әділқазы, арда би. Әрқашанда әдебиет сыны жеке шығармалардың, жеке авторлардың төңірегінде тұйықталып қала алмайды. Ол бір жазушының көлеңкесі емес. Сын пікірлердің артық- кем айтылуы, бір шығармалардың уақытша асыра бағалануы, бір туындылардың қалтарыста қалуы- қайталанатын құбылыс» [56,46–47]- деп жазады.

Қоғамда жүріп жатқан түбірлі өзгерістер бар күшті экономикаға жұмсап, мәдениет мәселелерін екінші кезекке ысырды. Осының салдарынан, әсіресе, көркем әдебиеттің, оның сынының дамуында айтарлықтай дағдарыстар туындады. Материалдық қиындықтарға байланысты баспадан шығып жатқан көркем әдебиет кітаптарының саны да, таралымы да күрт азайды. Әдеби беттерінде көркем шығармалардың, сыни материалдардың жариялануы да көп кеміп, тіпті «Жұлдыз», «Жалын» сияқты әдеби журналдардың уақытылы шығып тұруының өзі проблемаға айналды. «Жалын» бұрын ай сайын шығып тұрса, енді екі айда бір шығарылып тұрды.

Баспасөз бетінде әдебиеттің көркемдік проблемаларынан гөрі оның әлеуметтік мәселелері көбірек көтерілді. Күн тәртібінде жаңа дәуірдегі нарықтық қатынастар жағдайындағы әдебиеттің тағдыры қалай болды, өмірдегі орны қандай, қандай бағытта болуы керек деген сияқты мәселелер тұрды. Баспасөз бетінде осы мәселелер төңірегінде ой толғаған бірсыпыра мақалалар жарық көрді. Әдеби басылымдар түрлі пікіралысулар ұйымдастырылып, қаламгерлер арасында әдеби өмірдің өткір проблемалары хақында сауалнамалар жүргізді. Қазақ қаламгерлерінің бас газеті «Қазақ әдебиеті» газеті «Азат елдің әдебиеті қандай болуы керек?» тақырыбы бойынша 7 сауал ұсынған.

1. Қазақта ұлттық әдебиет бар ма? Қазақ кеңес әдебиеті деп жүргеніміз қандай әдебиет?

2. Егер қазақта классикалық әдебиет бар деп айтатын болсақ, оның өзіндік түр- тұрпаты, сыр-сымбаты неде деп ойлайсыз?

3. Қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы классиктеріміз қазақ әдебиетінің классигі болып, ғасырдан ғасырға көше ала ма?

4. Тарихи шығармаларда халқымыздың шынайы тарихы көрініс тапты ма?

5. ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиетін қалай елестетесіз? Алғы шарттары бар ма?

6. Нарықтық көркем әдебиетке әсері?

7. Бүгінгі жағдайда әдеби сынның міндеті? [57,16]

Қазақ әдебиетінің осы бір аса маңызды мәселелер төңірегінде Ә.Тарази, О.Сәрсенбаев, Қ.Ысқақов ой бөлісіпті. Қ.Ысқақов «Қазақта ұлттық әдебиет бар ма дейсіз. Момақансып жүріп-ақ тар заманның тақиясын шыр айналдырған біздің буынды қайда қоясыз? Аттарын ата дейсіз ба?Құп. Сайын, Қалихан, Қабдеш, Ақан Нұрманов... Нарықты елді парықсыз патша басқарса, оған, әрине, әдебиетің де, өнерің де қажет емес... Қазақ болып жаралу қиын емес шығар, бірақ, қазақ болып қалыптасу, қазақ болып қалу-қиынның қиыны... Қазақ болу қиын десек, қазақтың жазушысы болу одан да қиын» депті. Ал О.Сәрсенбаев болса, «Шынында, С.Сейфуллин, Ғ.Мұстафин, Т.Жароков, А.Тоқмағамбетов, тағы басқа да көрнекті ақын-жазушыларымыздың мұрасына ревизия жасамағанымен, қайта айналып соғып, бүгінгі саясат пен коньюнктура талабымен емес, әлгі жоғаыда айтқан өмір шындығы мен көркемдік шындық тұрғысынан баға беретін кезіміз туды. С.Сейфуллиннің негізгі шығармасы аталып келген «Тар жол, тайғақ кешу» романы таза тарих үшін керек болғанмен, қазақ әдебиетінің игіліктеріне қосыла қояр ма? Сондай-ақ Ғ.Мұстафиннің «Миллионер», «Шығанақ» повестері қазақ көркем ойының жетістігіне жата берер ме?»- деп, әдебиеттің өткен жолдарын қайта саралау мәселелсін көтерді. «Ал нарық пен әдебиет-қазіргі ең көкейтесті мәселелердің бірі... Жалпы, әдебиет, мәдениет тағдырын дәл бүгінгі таңда нарықтың ырқына беріп қою келіспейді»- деп, биліктің әдебиетке қамқорлық жасау қажеттігін еске салды.

«Қазақ әдебиеті» газетінің әдебиеттің хал- ахуалын әңгіме еткен осындай бір бас қосуы «Әдеби дастархан» аталыпты. Әңгімені осы газеттің бас редакторы Оралхан Бөкей жүргізіп отырған. «Біздің тәуелсіздік алған тұсымызға нарық тұспа-тұс келіп, тұтқиылдан қос өкпеден қысып бара жатыр» - дей келіп, осы бір қиын-қыстаудан шығу жолдары жайлы ой бөлісуге шақырған.

«Қазақ әдебиеті» газеті сол кездегі әдебиеттің зәру мәселелеріне қатысты ой– пікірлерді өрбіте беру мақсатымен түрлі формалық ізденістерге барды. Солардың ішінде әсіресе, сауалнама түрін кеңінен пайдаланған. Мұның бір артықшылығы жұртты жалықтыратын көпсөзділік жоқ; нақтылы сұрақ тарға тиісті жауаптар алынады. «Қазақ әдебиетінің төте сауалдары» айдарымен қаламгерлерге ұсынылған сауалнама сұрақтарының әдеттегіден көптігі көзге түседі.

«Қазақ әдебиеті жүргізген» сауалнамаларға көбіне ақын-жазушылардың тартылғаны көрінеді. Берілген жауаптарды оқи отырып, сол бір нарық қыспағында қалған кездегі қазақ әдебиетінің жан-күйіне қаламгер көзімен «ішінен» қарап, онда жүріп жатқан түбірлі өзгерістер, шешімін күтіп тұрған проблемалар көз алдыңызға келгендей болады.

Қоғамда жүріп жатқан түбірлі өзгерістер тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай ушыға түсіп, көптеген қалам қайраткерлерінің мазасын алып, қолына қалам алдырды. «Қазақ әдебиеті» газетінде Жазушылар Одағы жанындағы «Ағалар алқасы» бастаған бір топ жазушылары Президент атына ашық хат жолдап, әдебиет пен мәдениет, өнер мен ғылым қызметкерлерінің хал-ахуалы жайында жазса, Жарылқасын Боранбаев пен Ләззат Омарованың осы мақалаға қарсы пікір білдірген мақалалары да жарық көріп жатты.

Адам Мекебаев «Жазушыға не керек?» деген көлемді проблемалық мақала жазып, нарық заманындағы қазақ әдебиетінің жай-күйіне тереңірек үңілді. «Біздіңше, бұл тұйықтан шығудың жолы кешегі социалистік жүйе қалыптастырған дағдыдан бас тартып, жаңа нарықтық экономика ұсынып отырған бағыт-бағдарға бет бұру. Яғни, айтқанда, әрбір автор жаңа қоғамның басқа мүшелері сияқты өз еңбегінің қорытындысын тауар деп қарауды үйренуге тиіс. Ол үшін быдан былай кез келген жазушы сатылған кітабына ғана қаламақы алуы шарт» - деген жолдар автордың негізгі ой түйіні [58,46].

Тоқсаныншы жылдардағы экономикалық құлдырау рухани өмірде де көптеген келеңсіздіктер тудырды. Әсіресе, руханияттың күретамыры іспеттес әдебиет пен өнер зардап шекті. Қоғамның құлағы, көзі, сезімі саналатын қаламгерлер төтеннен душар болған жағдайды алдымен байқап, дабыл қақты. Оның себеп- салдарын, шығу жолдарын іздеген мақалалар баспасөз бетінде жиі көрінді. Көпшілігінде әдебиетіміз басынан кешіріп отырған ауыр хал ашына айтылды. Әдебиеттің болашағына деген үміттен гөрі күдік көбірек көрінді. «Ұлттық руханият, мәдениет келер ғасырда әлемдік империяның қалтарыс шошаласында қала ма деген күдік бар»- деген ойын Әлия Бөпежанова жасырмады [59,56].

Б.Дәрімбет: «Қазақ әдебиеті тарихына қайта оралуымыз керек. Оның себебі Кеңестік кезеңде Қазақ әдебиеттану ғылымы тек коммунистік идеологияның жетегінде жүрді және соның айдауына көнді. Сол себепті де өткен жолымызға тағы бір рет сын көзімен қарап, қазақ әдебиетінің ғылыми негізді тарихын жасау- өмір талабы» деді [60,10].

Тоқсаныншы жылдары сирек болса да әдеби сынның жай-күйіне арналған пікірлер үзілген жоқ. Сынсыз әдебиеттің дамуы мүмкін емес, сондықтан да сынға жеткілікті деңгейде көңіл бөлу қажеттілігі ұдайы айтылып тұрды. «Қазақ әдебиеті» газеті ұйымдастырған «Азат елдің әдебиеті қандай болуы керек?» деген сауалнаманың бір сұрағы «Бүгінгі жағдайдағы әдеби сынның міндеті» хақында қойылды. Сауалнамаға қатысқандардың ішінде Ә.Таразиден өзгесі сын туралы сөз қозғамаған. Әдебиеттің нарықтық қоғамдағы орнына қатысты пікір алмасқандардың көпшілігі сынға соқпаған, соқса да жалпылама желіп өте шыққан. Олай болатын басты себебі бұл кезде сын түгілі сол сынның зерттеу нысаны көркем әдебиеттің жай-күйінің өзі аумалы- төкпелі болуында еді.

Десек те, сын туралы әңгіме оқта-текте болса да, сөз арасында да тоқтай қойған жоқ. Өйткені, әдебиеттің болашағы туралы әңгімеде сынға соқпай өту қиын болатын. Оның үстіне шығармалары хақында артық-кем пікірлер естіген қаламгерлер де сынның қоңырауын бір соқпай өте алмайтын.

Тоқсаныншы жылдарда әдеби сынның мәселелерін түрлі деңгейде қарастырған Б.Наурызбаевтың «Сын мәдениеті неге төмен?» [61,6], «Сын айтсақ, шын айтсақ» [62,4], Т.Кәкішевтің «Сын ызғары» [63,12], «Көне дәуірдегі сыншыл ойлар» [64,18], Д.Ысқақұлының «Мағжанды қапасқа қамаған сын» [64,8], О.Сүлейменовтің «Бет-жүзің демей» [65,10], Ш.Елеукеновтің «Сын мен сыншы» [66,11], т.б. мақалалар жарық көрді. Осы қысқа ғана тізімнің өзінен-ақ әдеби сынның толғақты мәселелерін кеңінен көтерген мақалалардың болмағаны көзге көрініп тұр.

О.Сүлейменовтің «Бет- жүзің демей» атты көлемді мақаласы қазақ әдебиеті мен оның сынының кейбір мәселелері хақында. Ақын орыс тілді басылым беттерінде жарық көреген сыни материалдарға сүйене отырып, ойландырарлық ойлар айтады. сынның нашар болуын оған қойылатын талаптардың қиындығымен байланыстырады: «Сыншы- таза жазудың ұстазы емес, шындықты тауып жазудың ұстазы. ...қазіргі кезде қазақ әдебиетінің жалпы деңгейінен сыншылық ой- толғамның көп төмен жатқанын, жанрдың шалағай екенін айту да- біздің міндет. Сын әдеби және мәдени процеске жетекші болуға жарамай отыр... Нағыз сыншы- ең жек көрінішті сүйкімсіз адам» [65,7]. Олжас Сүлейменов қазақ әдебиеті сынының алдында тұрған міндеттерге тоқталып, нағыз сыншының қандай болу керектігін анық көрсетеді.

Белгілі ғалым Ш.Елеукенов «Сын мен сыншы» атты мақала жазды. Мұнда қазақ әдеби сынының мәдени, ғылыми сауаттылығы арнайы проблема ретінде көтерілді. Ғалымның пікірінше, әдебиеттану ғылымының құрамдас бір бөлігі саналатын әдеби сынның теориялық жақтары бізде әлі негізделмеген. Ғалым «сынтану» атауын ұсынып, «Сынтану негіздері арнайы ғылым ретінде өз алдына жеке отау құруы тиіс»- дейді.

Сынтану ғылымының құрамдас бөліктеріне төмендегілерді жатқызады:

Сынтану негіздері немесе жалпы сынтану. Мұнда осы ғылым методологиясы мәселелері қаралады.

Сынтану теориясы. Ғылым объектісі, пәні, құрылым жүйесін теориялық жағынан негіздеу. Әдеби сын типологиясы принциптерін талдап шешу. Сын туралы ғылымның әдебиеттану және басқа ғылымдармен байланысын, арақатынасын анықтау.

Сынтану тарихы. Қазақ сыны тарихы. Сын туралы білім тарихы. Сынның тууы, дамуы, әдіс, формаларының өзгеру жолдары.

Сынтану поэтикасы. Сын жанрлары мен түрлері. Тілі, стилистикасы [66,54].

Сын- аса күрделі сала. Оның табиғаты, теориялық негіздері жайлы түрліше пікірлер күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Оны бір зерттеушілер көркем әдебиеттің бір саласы деп білсе, енді біреулері әдебиеттану ғылымына, журналистикаға т.б. жатқызып жүр. Ш.Елеукенов сынның осындай сан сипатты екендігін айта келіп, оған «Сын- көркем әдебиет пен әдебиеттану ғылымының саласы және сынтанудың зерттеу объектісі» деген анықтама береді [66,56].

Зерттеуші кеңестік кездегі әдеби сын мен қазіргі замандағы әдеби сынды салыстыра отырып, тәуелсіздік тұсында әдебиет пен сында ұлттық принциптің алға шығуын ұсынады. Қазақ әдебиетінде Мағжанның поэзиясында, Ілия пен Қабдештің романдарында ұлттық тақырыптың көріністерін әңгіме ете отырып, «сынның қырғидай іліп түсетін, шұғыл кірісетін мәселелерінен ұлттық ынтымақ мәселесінің әдебиеттегі көріністерін саралауды бөліп айтар едім»- дейді [66,59].

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Досжановтың «Мен қандаймын?» мақаласы «Поэзия деген- мінез, проза деген- төзім» деген сөздерімен басталыпты. Жазушы осы төзімділікті талап ететін проза саласында жүргеніне 30 жылдан асқанын, осы уақыттар ішінде 20-дан астам кітаптары шығып, әлемнің 19 тіліне аударылғанын айта келіп, өзінің шығармашылық болмысымен таныстырған.

Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай әдеби өмір жандана түсті. Бұрындары әдеби басылым беттерінде нарықтық замандағы руханияттың, әдебиеттің қоғамдағы орнын айқындау көбірек сөз болса, енді әдебиеттің өз жайын- көркемдік мәселелерін талқылауға бет бұра бастады. Бұл ретте, әсіресе, «Қазақ әдебиеті» газеті әдеби- сыншылдық ой- пікірді дамыта түсу үшін біршама жұмыстар атқарды.

А. Ісмақованың «Ұлт прозасы» мақаласы «2000-жылға бір жыл қалды» деген айдармен беріліпті. Жүз жылдық қазақ прозасына ғасыр биігінен көз салған А.Ісмақова «Қазақ әдебиеті дүниежүзілік әдеби процестің ұлы көшімен келе жатыр» [67,9]- дейді нық сеніммен. Жүсіпбектен Жұмабайға дейінгі қазақ прозасының қадау-қадау жетістіктерін сыншыл көзбен шолып өткен ғалым «Осы төңіректе әлі де болса көптеген шығармалардың туары анық және олар бүгінгі сананың өркендеуіне сай жаңа формамен, жаңа мазмұнмен, жаңа пішінмен дүниеге келеріне күмән жоқ» деген тұжырымға келген.

Осы кездерде қазақ прозасының түрлі мәселелеріне арналған А.Рамазанованың «Экологиялық повестердегі ұлттық ерекшеліктер» [68,5–6], Б.Майтановтың «Ақбілек-психологиялық роман» [69,18–6], А.Ісмақованың «Тыйым салынған тақырыптар толғандырады» [70,12–6] т.б. мақалалары жарық көрді.

Қазіргі қазақ әдебиеті сынының, оның ішінде проза сынының мәселелері Т.Рыскелдиевтің «Бүгінгі проза немесе қазақ әдебиеті сынының беталысы хақында бірер сөз» мақаласында егжей-тегжейлі сөз болған [71,9–6].

Әдеби өмірдегі басты тұлға- оқырман. Оқырман ойы әдебипет үшін аса құнды. «Қазақ әдебиеті» газеті «Оқырман отауы» айдарымен әдеби жұртшылық пікірін жариялап отырған. Газеттің 2002 жылғы қараша айындағы санында Ж.Қашқынов балалар әдебиеті мәселесін көтеріп, «Балалар әдебиетіне насихат жетіспейді»- дейді. Осы басылым балалар әдебиетіне арнайы сауалнама ұйымдастырған. Онда мынандай сұрақтар бар:

1. Балалар әдебиетінің жай күйі қандай?

2. Қазір Б.Соқпақбаев, Ж.Смақов сияқты балалар әдебиетінің көшбастар қаламгерлері жоқ дегенге келісесіз бе?

3. Балалар әні туралы не айтасыз?

4. Балабақшадағы, мектептегі балалар тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?

5. Балалар әдебиетін дамыту үшін не істеу керек? [72,4]

Жалпы балалар әдебиеті, тәрбиесі мәселесін қамтыған сауалнама сұрақтарына осы салада еңбек етіп жүрген Е.Ерубай: «Біз тірлік жасап отырған осы заманның амалына әбден қанық болып, ұққанымыз, көркем әдебиеттің жағдайы оңала ма десек, барған сайын қиындай түсуде. Әсіресе, балалар әдебиетінің жай- күйі. Оның кешегісінен бүгінгі халі нашар. Ал бүгінгісінен ертеңгі халі одан әрі төмендей беретін түрі бар... Білген кісіге балалар әдебиеті- көркем әдебиеттің ішіндегі ең бірінші әдебиеті, бастау көзі... Балалар әдебиетін дамуыту үшін оны үлкендер әдебиетімен тең ұстап, бірдей құрметпен бағалап отыру керек» десе, Н.Ораз: «Жалпы бүгінгі әдебиетіміздің жағдайы қандай болса, балалар әдебиетінің жағдай-күйі де дәл сондай. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы тек нарық шарттары бойынша ғана қаланып жатыр. Ұлттық мүдде, рухани қазына секілді іргелі мәселелер ескерілуден қалып барады» деген ыңғайлы пікірлерден балалр әдебиетімен тікелей айналысып жүрген ақын- жазушыларымыздың бүгінгі және ертеңгі күніне алаңдаушылығын көруге болады.

Жаңа дәуірдегі жаңа әдебиеттің әлеуметтік, көркемдік мәселелерін талқылауды көбіне әдеби басылымдар ұйымдастырып отырды. Сонымен бірге кейбір қаламгерлердің өткір, батыл пікірлер айтқан мақалалары да баспасөз бетінде көрініп, әдеби жұртшылықтың назарын өзіне аударып жатты. Сондай мақаланың бірі А.Мекебайұлының «Тәуелсіздік талабында» мақаласы. «Ұлт үшін Тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ» дей келе, «Біздіңше Тәуелсіздікті баянды етудің де, ете алмай жоғалтудың да құпиясы қашан да ұлтты сол Тәуелсіздікке жеткізетін Идеология мен Қаражат (экономика) дербестігін үйлесімге келтіретін немесе келтіре алмай далбасалап кететін саясатқа байланысты болмақ» [73,12] - деп жазды.

Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин жазушылардың түрлі жиындарында сөйлеген сөздерінде әдебиетіміздің зәру мәселелеріне тоқталып отырған. Оның жас жазушылардың республикалық форумында айтқан ойлары шынайы сезімдерге толы: «... Бізге өркениет әлемінің ұлы өрістерін талдап қана қоймай, сол әлемдегі қазақ ұлтының орны мен жаңа шығар биіктерін де қамтамассыз етер, көп ғасырлық тарихымыз жасаған ғажайып мұраларымызды, інжу- маржандарымызды өксіпей, өгейсітпей, ғаламдастыру дәуірінің шаңына көміп, тұншықтырмай, рухани сұраныстар айдынында ұстай білер ұлтжанды ұрпақ керек» [74,8] деп рухани қазынамызды сақтай білетін, қадірлейтін болашақ жас ұрпақтың керектігі, жастарға деген сенімділігін артты.

А.Сейілова тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасына көз жібере отырып, проза мәселесіне тоқталды. «Әдебиет- киелі өнер. Бар ғұмырын шынайы сөз жасауға аранп, дүние жалғанның қызылды-жасылды әлеміштерінен биік тұратын қаламгер де тегін емес... Әдебиет-қасиетті әлем... Қазір прозадан гөрі, поэзия мықты, жазушылар мемуар жазумен шұғылдануда», «оқитын роман жоқ», «Әдебиет хаос жағдайында тұр», «Әдеби кеңістікті шарлап жүрген ұшқары пікірлер объективті бағалаудың орнын толтыра алмайды» [75,4] - деп ойлайды.

Қазақ әдебиеті бұрын қандай болды, алдағы уақыттардағы даму жолы қай бағытта болмақ деген мәселелер төңірегінде жазушы Әбіш Кекілбаев та ой тербеген. Ол қазақ әдебиетінің тарихын шола келіп, кеңес тұсындағы әдебиет жағдайын жіктеп көрсетті. «Бір жағынан өткенді көксеп, өзгенің тепкісіне мойынсұнбай, жаңа жерұйықты іздейтін, екінші жағынан, ашық ереуілге үндейтін Қорқыт пен Асан қайғы замандастарынандалалық әдебиетке тән рухани екіұдайлық қайтадан өріс алды» дей келе, «жайлап алған әдеби сүреңсіздік жағдайында да қазақ әдебиетіндегі «аршыл» дарындардың шығармашылықтары ұлттық аядан асып, азаматтық сарын елеулі үдеу алды, әлеуметтік-психологиялық талдау біршама тереңдеді. Қызықты пайымдық және көркемдік ізденістер байқалды» [76,12] - деп жазады. Ал қазақ әдебиеті қай бағытта дамуы керек дегенге, «оның болашақ және толымды табысы қазір Қазақстанда жүріп жатқан процестердің ақырғы нәтижелеріне ғана байланысты болмақ емес» [76,12] деп, әлемде жүріп жатқан түбірлі өзгерістердің барысымен байланыстырады.

Тоқсаныншы жылдары сирек болса да әдеби сынның жай- күйіне арналған пікірлер үзілген жоқ. Сынсыз әдебиеттің дамуы мүмкін емес, сондықтан да сынға жеткілікті деңгейде көңіл бөлу қажеттігі ұдайы айтылып тұрды. Өйткені, әдебиеттің болашағы туралы әңгімеде сынға соқпай өту мүмкін емес. Оның үстіне шығармалары хақында артық-кем пікірлер естіген қаламгерлер де сыннан айналып өтпейтін.

Дамудың бірден- бір шарты саналатын әдеби сынның мәселелері күн тәртібінен түскен жоқ. Тіл мәселесінің шешілмеуі, соған байланысты қоғамда жүріп жатқан өзгерістер, оның көркем әдебиетке әсері, руханият әлеміне жаңаша көзқарас-барлығы бір-бірімен байланысып жатқан болса, мұның өзі әдеби сынға да әсер етпей қоймайды. Бұрынғы көзқарас тұрғысынан қалыптасқан рухани құндылықтар тәуелсіздік алғаннан бастап бертінге дейін қайта қарастырыла бастады. Батыста күшейе түскен жаһандану үрдісі қазақ даласына да жетіп, мүлдем жаңаша жағдай туды. Ғасырлар бойы жасалынған рухани құндылықтарына шын мәнінде енді қолы жете бастағанда, жаһандану жетіп жармасты. Мұның өзі көркем әдебиетті эстетикалық- рухани тұрғыдан бағалайтын әдеби сынға да оңайға түспеді. Сынды жоқтаған, жағдайын анықтаған, алда не істеу керектігін саралаған пікірлер сирек те болса бой көрсетіп тұрды. Мұндай пікірерді көбіне әдеби басылымдар ұйымдастырып тұрды. Осындай пікірлердің өзі осы кездегі әдеби сынның жай-күйін, толғандырар мәселелерін аздап болса да аңғарта алады.

«Әдеби сын- сын көтере ма?» деген атпен сауалнама жүргізілген болатын. Қазақ әдеби сынының қазіргі деңгейі қандай? Біздегі сынның жұтаңдығына кәсіби сыншыларымыздың жоқтығы себеп пе, әлде қарымды қаламгер  деп жүрген жазушы қауымының сынды дұрыс қабылдай алмауы ма? деген тақырыпта бірқатар әдебиет жанашырлары арасында сауалнама жүргізген болатын [77]. Марфуға Айтқожина: «Бүгінде әдебиетте бәрі өзгерген. Бұрын біздің кезімізде Мұхамеджан Қаратаев бастаған сыншылар тіліп түсердей өткір пікірлер айтатын.Өткір бола анық, тура керемет пікірлер. Айтылған әрбір сын үлкен сүйеу болатын, өмірімізге үлкен ықпал ететін. Байқасаңыз, қазір кітаптар көп шығатын болды. Әрине, рухани дүниеміз кітаппен байығаны құптарлық іс. Кітап болғанда да саны көп те сапасы жоқ кітаптар. Оларға айтылып жатқан сынды да көрмейміз. Себебі, сынауға келмейтін дүниелер көптеп жазылуда.

Әдебиетке өре керек. Биік өре! Біздің кезімізде кітап шыққанда арнайы Жазушылар Одағында талқыланып, пікір айтылатын. Одан кейін барып баспаға, баспадан арнайы редакторларға ұсынылатын. Және ол кезде Жазушылар Одағында проза, поэзия, сын бөлімдерінде  жөнді пікір айта алатын сыншылар ғана отыратын. Нағыз әдебиетші шығарманы жазар алдында және сол жазылған шығарманы сынар алдында бұл мәселеге халқын сүйген жүрекпен қадам жасауы керек. Мен ойлаймын, уақыт өте келе бәрі де қалпына түседі. Сын да, сыншы да... Қазақ әдебиетіндегі орын алып жатқан кей мәселелерді тақымға салып сүйреудің қажеті жоқ. Сүйреумен алға шыққандар көшке ілесе алмай жарты жолда жығылып жатады. Ал, «күшеншек ақындар» көпке бармайтыны айтпаса да түсінікті. Қытайда мынадай керемет қанатты сөз бар екен: «Дәрігерлік қасиет тек ата-бабасының қанымен келе жатқан адамға ғана қонады» деген. Сол үшін де шығар әлі күнге дейін Қытай медицинасы өз құндылығын күшейтпесе жойған емес. Бізде де, кие қонған қазақ ұлтында да атадан мирас болып қалған тектілік бар» десе, ақын Құл-керім Елемес: «Ақын-жазушылардың көзімен қарағанда дұрыс сыншы жоқ. Ал сыншылар көзімен қарағанда сынға жарамды шығарма жоқ. Бұл енді сыңай. Бізде кәсіби сыншы жоқ емес. Бірақ анығында олар мақсатты түрде сынмен айналысып отырған жоқ. Олай жасауларының бір себебі ақын-жазушының сынды дұрыс қабыл етпейтінен болса, басты себеп олар (сыншы) діттеген деңгей біздің әдебиетімізде кем. Дейтұрғанмен сыншы қауымы қолда бардың ағын ақ, қарасын қара деуге хақылық еді.

Тіпті кемі дәуірдің өзгерісіне байланысты кеше мен бүгінгі әдебиетте жеткен биігіміз бен аласамызды толық ашып көрсетіп, енді не жасауымыз керегіне ептеп ой салуға борышты болатын. Өйткені, анық сыншының міндеті, хақы, егер ол анық сыншы болса,- әдебиетке ұлттық болмыстағы ғаламдық бағыт берулері керек-тін. «Бізде ғаламдық өредегі дүние жоқ» деп, барды дұрыс бағалауға құлықсыздық таныту анығында бізде шын мәніндегі кәсіби сыншының жоқтығынан да дерек беретін бір шындық. Ал ақын-жазушыдан «қорқып» бар мен жоқты, артық пен кемді дұрыс талдауға самарқаулық көрсету сыншылық мәдениетке жат ұстаным болса керек. Егер сыншы шығарманың олқысы мен артығын дәл тауып дұрыс баға берсе, оған автор және оны оқып отырған әдеби орта неге келіспеске?! Өзі ақын-жазушының артынан еріп, мәтінді қайталап беріп отыратын «сыншының»  керегі тағы шамалы жұртқа. Өкініштісі, бізде ондай ақын мен жазушы діттеген биікке жете алмай лағатын да «сыншылар» бар. Енді ондай сыншы әдебиеттің барын бағалап, бағын ашып, бағытын бағамдап бере алмайды» [77] деп пікірлер білдірді.

Заманның өзгеруімен байланысты жаңа дәуір көркем әдебиетке де жаңа талаптар қойды. Бұрыңғы көзқарастың өзгеруі әдебиеттің әдіснамалық негізіне соңғы жаңалықтар әкеліп, оны қазақ әдебиетінің ұлттық дәстүріне әсер етіп жатқан әлемдік әдебиетте жүріп жатқан шығармашылық үрдістер аясында зерделеу жұмыстарын күн тәртібіне шығарды. Қазақ әдебиетін теориялық тұрғыда жаңаша пайымдауға ұмтылған бірсыпыра материалдар шықты.

Сыншы Ә.Бөпежанованың пайымдауынша, «Бүгінгі таңда негізінен постмодернизм мәдениеті өріс алып келеді. Қазақ әдебиеті үшін классикалық кезең аяқталған жоқ, мүмкін аяқталмауы да- дәстүрлі танымда жазатын жазушы және оны қызыға оқитын оқырман барда бұл әдебиет күн кеще береді. Дей тұрғанда әлемдік мәдениеттің құрамдас бөлігі қазақ өнерінде постмодернизм туралы толымды әңгіме қозғау ертерек шығар, ал модернистік кезең әлдеқашан басталған. Біздің шындық деп жүргеніміздің бәрі іс жүзінде шындық туралы түсінік танымымыз ғана, оның өзінде де таным иесінің таңдаған көзқарасына тәуелді және ол көзқарас өзгергенде, әлгі түсінік-танымның өзін түбегейлі өзгертетін таным. Сондықтан да әдебиет, мысалы, өмірдің көркем бейнесі емес, өмірді әрқилы тану арқылы екінші, «жасанды» шындықтар жсаудың жолы» [78,6-8].

Б.Майтановтың мақалаларында да бұл ағымның қазақ әдебиетіндегі көрінісі хақында мәселе қозғалды. Оның ойынша: «.. постмодернизм қазақ әдебиетіне де жат емес» [79,12].

Тәуелсіздік тұсында әдебиеттің сын-зерттеу саласында жүргізілген ізденістердің барысында бірнеше еңбектер өмірге келді. Бұл ретте Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ғалымдарының күшімен шыққан екі томдық «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» атауға болады. Жалпы редакциясын филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясының құрметті академигі, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы басқарған іргелі еңбектің бірінші кітабы қазақ әдебиетінің көне кездерден бастап, ХХ ғасырға дейінгі кезеңіне арналған [80,406]. Кітаптың негізгі тараулары жаңадан жазылғанымен де осы саладағы бұрынғы жетістіктер де пайдаланылған. Мысалы, Мұхтар Әуезовтың «Тарихи өлеңдері» [80,302] осыдан орын алған.

Тағы бір ерекше атайтын 2012 жылы баспадан шыққан Дандай Ысқақұлының «Әдеби сын тарихы» еңбегі. Бұл еңбекте сынның қайнар бастауы, қалыптасу кезеңдерінен бастап, ХХІ ғасырдағы қазақ әдеби сынына дейінгі кезең толық қамтылған. 2011 жылғы Қазығұрт баспасынан шыққан «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» кітабының толықтырылған нұсқасы. Осы кітапта «ХХІ ғасырдағы қазақ әдеби сыны» [81,444] тарауы енгізілген.

Қазіргі таңда сын мәселесі қайта қаралып, сапасын көтеру мақсатында Алматы қаласында 2009 жылдың 9- ақпанынан бастап Қазақстан жазушылар одағының әдеби-көркем сын басылымынан «Сын» журналы жариялана бастаған. Бас редакторы- Бақыт Сарбалаұлы.

Қорыта келгенде, тәуелсіздік таңымен бірге туған ұлтық рухтағы әдеби сын форматтары танылу, таралу, зерттелу тарихы Әдеби сын еңбектердің шығуы рухани өміріміздегі сан ғасырлық қазақ әдебиетінің тарихын ғылыми тұрғыдан жүйелеген, әдеби мұраны сын-зерттеу жетістіктеріне сүйене отырып, бүгінгі күн биігінен қайта саралап бағалаған, ұлттық сөз өнеріміздің шынайы болмысын, өзіндік даму ерекшеліктерін халық тарихымен, мәдениетімен байланыстыра отырып, ұлттық мүдде аясында зерделеген, әдеби- эстетикалық деңгейіміздің қаналықты екендігін көрсететін іргелі еңбектер ретінде дараланады. Әдебиет зерт­теу­шілеріміз болсын, ақын-жазушыларымыз болсын олардың жасаған еңбектері әдеби процеске жауап беріп, заман сұранысын толықтай жауап береді. Қазақ әдбиетінің жанға дауа, ойға арқау әдеби кені келешек әдеби сын ғылымының да үзілмес арнасы боларына сеніміміз кәміл.









ҚОРЫТЫНДЫ

Ғасырлар белестерінде талай қиын-қыстау арпалысты күрес жолынан өткен халық өмірі- кейінгі толқынға сезімге сырлы, санаға салмақты, көңілге кестелі сөздің көркем шежіресі боп жеткені аян. Ондай шежірелі сөздің асыл құнын әспеттеу қазақ әдеби сын ғылымымының айбынды да абыройлы міндеттерін белгілейді. Әдеби сын- ұлттық сөз өнерінің арғы- бергі тарихын танып-таразылайтын, ондағы әдеби-тарихи, мәдени-рухани һәм көркемдік-эстетикалық принциптерді байыпты бағалайтын, көркем шығарманың мазмұн-құрылымын, кейіпкерлер жүйесі мен оқиғалар желісін, ой-сөз үйлесімі мен тіл-стиль сипаттарын кең көлемде қарастырып, артық- кем тұстарын тамыршыдай тап басып көрсететін әдебиеттің бірден-бір жетекші саласы болып табылады. Дипломдық жұмыстың «Қазақ әдебиеттану ғылымындағы сынның қалыптасу, даму тарихы және зерттеу методологиясы» атты бірінші тарауда, сын жанрының туу, қалыптасу эволюциясы, даму тенденциялары, ұлттық әдеби процессте сынының зерттелуі және әдебиеттанудағы көркемдік ізденістерге объективтік сын мәселелері сараланып, ұлттық сын жанрын қалыптастырудағы әдебиет тарихы туралы көзқарастар мен сынның жанрлық формасы туралы жүйеленіп, бірізділікке түсірілді. Ал, «Қазіргі қазақ сын жанрының танымдық, тағылымдық мәндері мен өркендеу перспективалары» атты екінші тарауда қазіргі ағымдық, мерзімдік басылымдардағы әдеби үрдіске ғылыми сын өзектіліктері қарастырылып, қазақ әдеби сынының теориялық негіздері мен эстетикалық құндылықтары нақтыланды. Сонымен қатар, тәуелсіздік тұсындағы ұлтық рухтағы әдеби сын форматтарының диапазондары мен ракурстары айқындалды.

Әдеби сын- әдебиеттану ғылымының арналы салаларының бірі ретінде көркем туынды табиғатын анықтайтын шығармашылық еңбектердің қатарына жатады. Қазақ әдебиеттану ғылымында әдеби сын, оның көркемдік-эстетикалық деңгейі, зерттеу нысаны мен бағыт-бағдары жан-жақты айқындалған. Көне кезеңнен қазіргі дәуірге дейінгі аралықтағы әдеби үдерістің тууы мен қалыптасу, даму жолдары да сын мұратынан, зерттеу жүйесі мен көзқарас эволюциясынан жан-жақты көрініс тапты.

«Әдеби сын- көркем шығармаларды талдап, баға беріп, олардың идеялық-көркемдік мәнін, әдеби процестегі алатын орнын анықтайтын әдебиеттану ғылымының негізгі бір саласы. Сын- әдебиеттің тарихымен және теориясымен тығыз байланысты. Айталық, әдебиет тарихы мен әдебиет сыны бір- бірімен жалғас, бірін-бірі толықтырып тұрады. Әдеби теориясы әдеби процестің заңдылықтарын, шығармаларды идеялық, стильдік ерекшеліктері тұрғысынан талдау принциптерін анықтау болса, әдеби сынның негізгі міндеті шығарманы нақты тексеріп, жетістік-кемшіліктерін саралап, эстетикалық баға беру. Әдебиет сыны сөз өнерінің бүгінгі таңдағы даму жолдарын анықтауға ат салысады. Әдеби шығармаларға пайымдаулар жасап, түйінді пікірлер айтады. Әдеби сынның тарихы ертеден басталады. Көркем шығармалар дүнниеге келіп, халықтың кәдесіне асуының өзі-ақ оларды сын көзбен қарап, бағалаудың қажеттігін туғызатыны анық. Бірақ, сол бағалаудың өзі, әдеби туындының құны мен мәнін анықтап пікір қорыту әр кезде, әр жағдайда әр түрлі болды. Ауыз әдебиеті жағдайында өлең-жырды, дастанды, ертегі- аңыз, хикаяны тыңдаушылардың бағалауы, ауызша пікір білдіруі болашақ әдеби сынның тек алғашқы адымдары деуге болады. Жазба әдебиет қалыптасып, баспасөз, газет-журналдар пайда болған кезде нағыз толық мағынадағы әдеби сын өрбіп, өркендей бастайды» [82,70] деп жазылған. Бұдан басқа: «Сын сөзінің төркіні грек тілінде «талдау, талқылау» деген мағына беретін «kritike» деген сөзінен шығады... Көркем әдеби сын- әдебиеттану ғылымының бір саласы, көркем шығарманы бүгінгі әдеби процесс аясында талдап, бағыт сілтеп отыратын әдеби-публицистикалық, ғылыми- эстетикалық шығармашылық түрі. Әдеби сын әдебиет теориясы, әдебиеттің тарихы жеткен жетістіктерге негізделеді. Әдеби сын жазба әдебиеттің, ғылымның дамуымен тікелей байланысты» [83,73] деп көрсетілген.

Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ әдебиетіндегі сынның даму тарихы, зерттелу динамикасы мен болашақ бағыт-бағдары мүмкіндігінше кең талданып, баяндалды. Еңбегіміздің нәтижесі болашақ қазіргі қазақ әдебиетіндегі сын жарнында атқарылар жұмыстардың қажетіне жараса, мақсатымыздың орындалғаны деген ойдамыз.



















ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Ысқақұлы Д. «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» Алматы Қазығұрт баспасы 2011 ж. І- ІІ том

  2. Келімбетов Н. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» Атамұра 2005 ж.-16 б.

  3. «О партийной и советской печати» Сборник документов Москава

1954 ж. 431-бет

  1. История киргизской советской литературы Москва 1970 г. 128-бет

  2. История узбекской советской литературы Москва 1967 г. 96-бет

  3. Кенжебайұлы Б. Өтепұлы К. «Тағы да әдебиет туралы» «Социалды Қазақстан» 1933 ж. №147 30 шілде 36-бет

  4. Тоғжанов Ғ. «Қазақстан әдебиетіндегі сын туралы кейбір өзгешеліктеріміз» «Социалды Қазақстан» 1933 ж. №195 24-тамыз 42-бет

  5. Ысқақұлы Д. Сын шын болсын. Әдеби сынның ғылыми негіздері.-Алматы: Қазақ университеті, 1993.-128 б.

  6. Кәкішев Т. «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» Оқу құралы.- Алматы: Санат, 1994 ж. 448- б.

  7. Нарынбетов Ә. Қазақ әдебиеті: әдебиеттану, сын мен өнердің библеографиялық көрсеткіші. Алматы 1998 ж. 125-бет

  8. Шүкірұлы С. «Әдебиет-әдептілік әлемі» «Қазақ әдебиеті» 17.04.2009ж.-9 б.

  9. Ә.Тарази Тәж. Әңгімелер, эсселер, сыртолғаулар. Астана: 2003. 269 б.

  10. Дәдебаев Ж. Менің университетім. -Алматы: Қазақ университеті, 2007ж.-204 б.

  11. Кәкішев Т. «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» Оқу құралы.- Алматы: Санат, 1994 ж. 144-б.

  12. Сүйіншәлиев Х. «Қазақ әдебиетінің тарихы» Алматы 1997 ж.-852 б.

  13. Кәкішев Т. «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» Алматы 1997 ж.-45 б.

  14. Алтынсарин Ы. Таңдамалы Алматы 1955 ж.-270 б.

  15. «Абай Құнанбаев» Бір томдық таңдамалы Алматы 1961 ж.-462 б.

  16. Қамзабекұлы Д. «Смағұл Сәдуақасұлы» Алматы 1996 ж.-54 б.

  17. Қозыбаев С. Әлем баспасөзі тарихынан. / С. Қозыбаев, А. Рамазанова, Қ.Аллаберген - Алматы: Санат, 1998 ж.- 300 б.

  18. Ыдырысов Т.  Баспасөз  - өмір айнасы. / Т.Ыдырысов.- Алматы: Казахстан, 1977 ж.- 204б.

  19. Асылбеков М.Х. Патша үкіметіне қарсы қазақ тіліндегі өңдеу өлең туралы/  М.  Х.Асылбеков // Қазақ ССР Ғылым академиясының хабарламасы, тарих, археология және этнография сериясы.- 1960 ж.- №3.- 3 б.

  20. Бейсембаев С.Б Вопросы историй Компартий Казахстана. / С.Б.Бейсембаев- Алматы: Ғылым, 1961 ж.- 198 б.

  21. Кенжебаев Б. Қазақ баспасөзінің тарихынан. / Б.Кенжебаев.- Алматы: Мектеп,  1950 ж.- 205бет.

  22. Рысбайұлы К. Қазақтсан Республикасының тарихы. / К.Рысбайұлы.-  Алматы: Санат, 2001 ж.- 312бет.

  23. Баянов З. «Лениндік» Правданың тілшісі / З.Баянов.- Алматы: Қазақстан,  1974 ж. - 218б.

  24. Бекхожин Х. Қазақ баспасөзінің тарихының очеркі / Х.Бекхожин.- Алматы: Ғылым, 1981 ж.- 191бет.

  25. Мәделіқожа «Калашовтың Хиуаға барғаны туралы өлең» «Түркістан уалаяты» 1875 ж №17

  26. Ә.Бөкейханов «Абай шығармашылығы туралы» «Дала уалаяты»-№12.- 1894 ж.- 4 бет

  27. Қазымбекұлы Д. «Ә.Бөкейханов еңбектері» «Абай» журналы 1992 ж. №2;-27 бет

  28. Сералин М. «Тіл, әдебиет-бір ұлттың жаны мен рухы» «Айқап» журналы 1995 ж. №5;-115 б.

  29. Құрастырушы Ү.Сүбханбердиева «Айқап» Алматы 1995ж.-58 бет;

  30. Қазақ совет энциклопедиясы Алматы-220 бет 6-том

  31. Жұмабек С. «Шерхан Мұртаза. Жұлдызы нұрлы суреткер» Атамұра 2002ж.-132б.

  32. Сайлаубек Жұмабек «Тарих және көркемдік шешім парасаты» Ақиқат 2003 ж.-195бет

  33. Ысқақұлы Д. «Әдебиет пен сынның биік белесі» Ақиқат 2005ж.-42 бет

  34. Қаратаев М. «Бетбұрыс белестері» Алматы «Алатау» 2005ж.-317 бет

  35. Қаратаев М. Саттармен ұшырасқан сәттер // Саттар Ерубаев. Менің құрдастарым. Шығармалары.- Алматы: Жалын, 1979 ж.

  36. Қаратаев М. «Даладағы дабыл»- Алматы: Жазушы, 1981ж.-253 б.

  37. Майтанов Б. «Әдебиет жүрегінің тамыршысы» Ақиқат 2011ж. 24 қаңтар-18 бет

  38. Ахметов З. //Абай және Әуезов, Мұхтар мұрасы.- Алматы: Қазақстан, 1997ж.-10–16 б.

  39. Мұстамбайұлы Ы. Ұлы ақын- Абай // Қазақ тілі, 1924 ж. 1қаңтар.-11–18 б.

  40. Мұстамбайұлы Ы. Абай //Жаңа әдебиет, 1928,- №78.-5–7 б.

  41. Қабылұлы І. Философия казахского поэта Абая и ее критика //Еңбекші қазақ, 10-сентябрь.-28–16 б.

  42. Мұстамбайұлы Ы. Ақын Абай және пәлсапашыл Ілияс туралы //Еңбекші қазақ, 1929, 10,11-қаңтар.-8–12 б.

  43. Әуезов М. Шығармалар. ХII т.- Алматы: Жазушы, 1969ж.-480–410 б.

  44. Қоңыратбаев Ә. Керуен: Деректі әңгімелер мен естеліктер.- Алматы: Жалын, 1989.- 216 б.

  45. Б.Сахариев «Біздің Мұхтар» естеліктер жинағы «Рауан» 1985ж.-132 б.

  46. Б.Сахариев «Күрескер тұлғасы» 1979ж.-332 б.

  47. Б.Сахариев «Сын мүддесі» «Жұлдыз» журналы 1975ж. -116 б.

  48. Б.Сахариев «Адам.Тарих.Роман» 1970ж.-216–18 бб.

  49. Б.Сахариев «Жастықтың өзі жайсаң жыр» 1979ж.-9 б.

  50. Р.Бердібай «Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері» «Әдебиет және искусство» 1956 ж. №12,-7 б.

  51. Ысқақұлы Д. «Парасат биігіндегі тау тұлға» «Ақиқат» журналы 2013ж. №3 -86 б.

  52. Қабдолов З. Сөз өнері.-Алматы: Мектеп,1976.-48–49 бб.

  53. Нұрғали Р. Арқау. 2-том.- Алматы: Жазушы,1991.-46–47 бб.

  54. «Азат елдің әдебиеті қандай болу керек?» «Қазақ әдебиеті» газеті 9.10.1992ж.-16 б.

  55. Адам Мекебаев «Жазушыға не керек?» «Қазақ әдебиеті» газеті 2.04.1996ж.-4–6 б.

  56. Әлия Бөпежанова «Адасқақ- еркіндік энергиясы» «Қазақ әдебиеті» газеті 5.02.1999ж.-5–6 б.

  57. Б.Дәрімбет «Қазақ әдебиеті мәселелері» «Қазақ әдебиеті» газеті 10.06.1997ж.-10 б.

  58. Б.Наурызбаев «Сын мәдениеті неге төмен?» «Қазақ әдебиеті» газеті 14.02.1992ж.-6 б.

  59. Б.Наурызбаев «Сын айтсақ, шын айтсақ» «Қазақ әдебиеті» газеті 29.05.1992ж.-4 б.

  60. Т.Кәкішев «Сын ызғары» «Жұлдыз» журналы 1992ж. №8-12 б.

  61. Д.Ысқақұлы «Мағжанды қапасқа қамаған сын» «Жұлдыз» журналы 1993ж. №12-8 б.

  62. О.Сүлейменов «Бет-жүзің демей» «Жұлдыз» журналы 1996ж. №6 -7–10 б.

  63. Ш.Елеукенов «Сын мен сыншы» «Ақиқат» журналы №4 1998ж.-59 б.

  64. А.Ісмақова «2000 жылға бір жыл қалды» «Қазақ әдебиеті» газеті 24.12.1999ж.-9 б.

  65. А.Рамазанова «Экологиялық повестердегі ұлттық ерекшеліктер» «Қазақ әдебиеті» газеті 28.08.1992ж.-5–6 б.

  66. Б.Майтанов «Ақбілек-психологиялық роман» «Жұлдыз» журналы 1992ж. №10 -18–6 б.

  67. А.Ісмақова «Тыйым салынған тақырыптар толғандырады» «Жалын» журналы 1992ж. №2-12–6 б.

  68. Т.Рыскелдиев «Бүгінгі проза немесе қазақ әдебиеті сынының беталысы хақында бірер сөз» «Әдебиет айдыны» 17.01.2008ж.-9–6 б.

  69. «Оқырман отауы» айдары «Қазақ әдебиеті» газеті 23.06.2006ж.-4 б.

  70. А.Мекебайұлы «Тәуелсіздік талабында» «Қазақ әдебиеті» газеті 9.03.2001ж.-12 б.

  71. Н.Оразалин «Әдебиет ертеңі, ел ертеңі» «Қазақ әдебиеті» газеті 23.11.2001ж.-8 б.

  72. А.Сейілова «Әдебиет хаос жағдайында» «Жас қазақ» 09.06.2006ж.-4 б.

  73. Әбіш Кекілбаев «Қазақ әдебиеті» газеті 3.07.1998ж.-12 б.

  74. http://adebiportal.kz/debi-syn-syn-k-tere-me.page/ (Электорондық ресурс)

  75. Ә.Бөпежанова «Қазіргі сын турасында» Алтын Орда 23.01.2003ж. №17 -68 бб.

  76. Б.Майтанов «Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар» Қазақ әдебиеті 29.10.2004ж. №16-12 б.

  77. Т.Кәкішев «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» І-ІІ том-406 бет

  78. Д.Ысқақұлы «Әдеби сын тарихы» Алматы 2012ж.-444 б.

  79. Құрастырушылар: З.Ахметов, Т.Шаңбай Әдебиеттану Терминдер сөздігі 3-басылым Семей-Новосибирск Талер-Пресс, 2006ж.-70 б.

  80. Қазақ әдебиеті Энциклопедиялық анықтамалық - Алматы «Аруана» 2005ж.-73 б.

  81. Әбіш Кекілбаев «Ақындық қызмет Фариза Оңғарсынова һәм ұлттық рух» Егемен Қазақстан газеті 21.01.2005ж.-3 б.







36


Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
07.11.2018
13132
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курс саны 12