Тақырып бойынша 11 материал табылды

Қорқыт ата феномені: түркілік рухтың мәңгілігі

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақалада түркі халықтарының рухани тарихындағы феномен тұлға – Қорқыт атаның мұрасы жан-жақты талданады. Ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығы арқылы түркілік рух, ерлік дәстүрі және мәңгілік өмір идеясы сияқты іргелі ұғымдар сараланады. Атап айтқанда, Қорқыттың ел тарихында алар орны, батырлық жыр үлгілері мен көрегендік (сәуегейлік) қасиеті кеңінен сипатталады. Сонымен қатар, мақалада Қорқыт жырларындағы ерлік пен тәрбие идеялары салыстырмалы түрде «Аттила» дастаны, «Қорқыт ата кітабы» және басқа да батырлық эпизодтармен үндестіріле зерделенеді. Жырау тұлғасы тек тарихи кейіпкер ғана емес, бүкіл түркі жұртына ортақ мәдени-рухани феномен ретінде қарастырылады. Өшпес мұра қазіргі ұрпаққа өнеге, елдік пен ерліктің қайнар көзі ретінде бағаланып, ол ұлттық болмыс пен рухани тұтастықтың символы ретінде ұсынылады.
Материалдың қысқаша нұсқасы


Болатбекова А.Б.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Алматы қ., Қазақстан Республикасы


bolatbekovaaa000@mail.ru


ҚОРҚЫТ АТА ФЕНОМЕНІ: ТҮРКІЛІК РУХТЫҢ МӘҢГІЛІГІ


Аннотация. Мақалада түркі халықтарының рухани тарихындағы феномен тұлға – Қорқыт атаның мұрасы жан-жақты талданады. Ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығы арқылы түркілік рух, ерлік дәстүрі және мәңгілік өмір идеясы сияқты іргелі ұғымдар сараланады. Атап айтқанда, Қорқыттың ел тарихында алар орны, батырлық жыр үлгілері мен көрегендік (сәуегейлік) қасиеті кеңінен сипатталады. Сонымен қатар, мақалада Қорқыт жырларындағы ерлік пен тәрбие идеялары салыстырмалы түрде «Аттила» дастаны, «Қорқыт ата кітабы» және басқа да батырлық эпизодтармен үндестіріле зерделенеді. Жырау тұлғасы тек тарихи кейіпкер ғана емес, бүкіл түркі жұртына ортақ мәдени-рухани феномен ретінде қарастырылады. Өшпес мұра қазіргі ұрпаққа өнеге, елдік пен ерліктің қайнар көзі ретінде бағаланып, ол ұлттық болмыс пен рухани тұтастықтың символы ретінде ұсынылады.

Кілт сөздер: түркілік рух, ерлік, мұра, мәдени бірегейлік

Түркі халықтарының ғасырлар қойнауынан бастау алған сан қилы тарихы – замана мен қоғамның өзара сабақтасқан күрделі құбылыстарының көрінісі. Уақыт көшінде небір дәуірлер мен замандар алмасып, қоғамдық жүйелер өзгеріске ұшыраса да, халықтың тағдыры тығырыққа тірелген сәттерде әрдайым жол сілтер көсемдері, елдің еңсесін тіктейтін тұлғалары табылып отырды. Осындай кезеңдерде ел санасында сілкініс пайда болып, халықтың таным-түсінігі жаңғырды. Замана тудырған күрделі сауалдарға даналар жауап беріп, сол оқиғалар ұлттың рухани болмысына бедерлі із қалдырды. Бұл тұрғыда Қорқыт атаның ұлы мұрасы ерекше мәнге ие. Ол ажалмен арпалысып, өнердің құдіреті арқылы өлімді жеңуге болатынын өсиет етіп, киелі күй мен қасиетті жырды адамзат рухының биігіне көтерді.

Ұлы ойшыл, жырау әрі қобызшы Қорқыт атаның өмір сүрген жылдары туралы бірнеше пікірлер бар. Мәселен, Әлкей Марғұланның еңбектерінде 7-8-ғасырларда өмір сүрген десе, Әуелбек Қоңыратбаев 11-ғасырдың басында дүниеден өткен деп көрсетеді.

Оның өмірде болғаны Сыр бойы мен Сарыарқа алабында ғұмыр кешкені, нақтылы тарихи тұлға екені бүгінгі күнге дейін жинақталған ғылыми деректер бойынша күмән тудырмайды. Ата жағынан Қорқыт оғыз тайпасының Қай (Қайыспас) дейтін атасынан тараса, анасы жағынан қалың қыпшақ нағашы жұрты болып келеді. Қорқыттың әкесі оғыз тайпасына белгілі Қара (Қарақожа) деген кісі болса керек. Қорқыт - оғыз бен қыпшаққа бірдей басалқылық жасаған кемеңгер. «Қорқыт - батыр емес, абыз (патриарх), халық даналығын бас болып паш етуші және сақтаушы, оның парасатына дүйім жұрт ден қояды», - дейді В.В.Бартольд [1; 250 - 251].

Талай аңызға арқау болуының себебі неде? Басты себеп – Қорқыт ата – тек бір елге емес, бүкіл түркі дүниесіне ортақ ұлы ойшыл, бақсы, жырау, абыз болды. Оның өскен жеріне қатысты болсын, өлімнен қашу оқиғасына болсын әр түркі халқы әртүрлі болжам білдіріп, аңыз етіп таратты. Ұлы тұлғаның өміріне қатысты аңыздардан мысал келтіріп көрейік.

Қорқыт қолына қобызын алып, Желмаясын желдіртіп, дүниенің төрт бұрышын кезіп жүрген шағында елінің тағдырын қырық жыл бұрын болжап, неше түрлі сәуегейлік ойлар айтады екен. Халқының тыныштығы мен бақытын аңсап, қара қобызын аңырата толғайды дейді. Ел-жұрттың қолынан найзасы, иығынап сауыты түспетін, аттың жалы, атанның қомында өмір өткеретін жаугершіл заманын елестетіп мұңға батса керек. Осындайда қасиетті қара кобызын шамырқана толғап:

Мұнан соң қилы-қилы заман болар,

Заман азып, заң тозып жаман болар,

Қарағайдың басына шортан шығып,

Балалардың дәурені қараң болар!

- дейді екен. Қорқыт атаның сол сарындары ел ішінде "Елім-ай, халқым-ай"! деген күй болып тартылады [2; 106-107]. Аталған аңыздан Қорқыт атаның сәуегейлігін аңғаруға болады. Ол болашақта ел басына туатын ауыртпашылдықты – заманның азып, заңның тозуын, әділетсіздік пен тәртіпсіздіктің белең алуын алдын ала сезіп, қобыз арқылы, асыл сөз арқылы халыққа ескерту айтқан. Оның “Қарағайдың басына шортан шығып, Балалардың дәурені қараң болар” дегені – қоғамның, адамгершіліктің тәртібі бұзылатынын меңзейді. Бұл – Қорқыттың терең ойлы, халқын шын жүрегімен сүйетін, нағыз халық жанашыры екенін көрсетеді. Осыдан келіп, ақылгөй дана тұлғаның “феномен” екенін дәлелдейтін бірнеше себептер айқындала түседі. Олар:

Біріншіден, өлім мен өмір туралы мәңгілік идеяның болуы. Оның өлімнен қашып, мәңгі өмірді іздеген тұлға екенін білеміз. Бұл әрекеті арқылы ол адам баласының ең көне әрі күрделі сұрағына – «өмірдің мәні неде?» дегенге жауап іздейді. Оның «өлімге қарсы күресі» – бүкіл адамзаттық философиялық ізденісті бейнелейді.

Екіншіден, күй өнерінің негізін қалаушы ретінде. Қорқыт – қобыздың атасы, күй өнерінің алғашқы шебері ретінде танылған. Қобыздың қоңыр үні арқылы халықтың жан күйін, мұңын, арманын жеткізген.

Үшіншіден, сәуегейлік қасиеті. Жоғарыдағы аңызда көрсетілгендей замананың бұзылатынын, әділетсіздік орын алатынын алдын ала айтып кеткен. Бұл оны даналықтың символы етеді.

Төртіншіден, мәдени мұра қалыптастыруы. Оның атынан тараған аңыздар, хикаялар, нақыл сөздер мен Қорқыт ата кітабы – түркі әдебиетінің алтын қорына жатады. Бұл мұралардан моральдық-этикалық құндылықтар, тәрбие мен үлгі көреміз.

Бесіншіден, бүкіл түркі дүниесіне ортақ тұлға болуы. Қорқыт – қазаққа ғана емес, қырғыз, өзбек, түрікмен, түрік, әзербайжан сияқты көптеген түркі халықтарының рухани иесі. Оның бейнесі бүкіл түркі жұртына ортақ бірлік пен рухани сабақтастықтың символы.

Түркі халқының бастауы болған Қорқыт жырларындағы ерлік, батырлық, өшпес рухтың барлығы ойдан алып, жолдан шығарылған дүние емес. 8-ғасырға дейінде батырлар халықты зұлмат жаулардан, қиындықтардан қорғап, халқының тыныштығы үшін жанын шүберекке түйіп, ештеңеден тайсалмай күрескен. Ұлы ойшылда өз шығармаларына аталған ерлік істерді арқау еткен, осы бұлақтан су ішкен. Қорқыт жырларын талдамас бұрын негізгі бастаулары туралы сөз етейік.

«Аттила» дастаны - Батыс ғұн империясының әміршісі, есімі әлемге әйгілі әскери қолбасшы, Қыпшақ даласының перзенті Еділ (Аттила) батырдың Еуропаға жасаған жауынгерлік жорықтарын тарихи деректер мен аңыз-әфсаналар негізінде баяндайтын қаһармандық жыр [3; 57]. Немат Келімбетовтың “Ежелгі дәуір тарихы” еңбегінде Аттиланың ерлігі, өжеттігі туралы айтылады. Оқиға былай суреттеледі: Аттила Рим әскерімен шайқаста өзі алға шығып, әдеттегі дәстүр бойынша қарсыласын жекпе-жекке шақырады. Рим басшысы Аэций алыстан көз тастап қана тұрады. Аттила қаһарлы дауыспен “Ей, Аэций! Шық бері! Римді ұятқа қалдырма!” [3;61] десе де, Рим басшысы бейтараптықты ұстайды. Сонда Аттиланың жанынан жау тыңшылары шыға келеді. Осылайша соғыс басталып кетеді. Жазық далада өлі денелер тауша үйіліп, қан судай ағып жатады. Кеш батысымен шайқас уақытша тоқтайды. Келесі күні соғыс жалғасуы керек еді, бірақ Рим әскері түнде қашып кетеді. Аттила Римге қарай бет алып, қала қақпалары алдына келгенде Рим папасы бастаған діни топ жеңілгендерін мойындап, қалаға тиіспеуін өтінеді. Өзінің ақылдылығын танытып, қалаға тиіспей Аттила жеңіске жетеді. Мұнда еш қорықпастан жауға тұра аттанған батыр бейнесі мен даналығын танытқан билеушіні байқаймыз. Бұл - Қорқыт мұраларының қайнар көзі, бастау шыңы.

Батырлық дәстүрдің жыршысы әрі насихатшысы Қорқыт ата мұрасының ең басты ерекшелігі ретінде батырлықты, адалдықты, ата-баба дәстүрін дәріптеу идеясын атауға болады. «Қорқыт ата кітабында» кездесетін нақыл, бата, тілек сөздерінің өзі халқымыздың төл тәрбиесінің үлгісі іспеттес. Мысалы, оның:

Қара тауларың құламасын,
Саялы ағашың сынбасын.
Жүйрік атың сүрінбесін,
Ақ найзаң сынбасын,
Қара болат қылышың кетілмесін.
Ақ самайлы ананың жатқан жері бейіш болсын,
Хақ жандырған шырағың сөнбесін [4;13] –

деген тілегі қазіргі заманға дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Бұл өсиеттен берекенің, адалдықтың, елдік пен тұтастықты насихаттайтын, әсіресе ерлік пен батырлықты жырлайтын кемеңгер жыршының асқақ рухтан туған өнегесін көріп тұрғаны айдан анық. Сондықтан да, Қорқыт ата мұрасын білу мен насихаттау – қазақ халқының рухани жадына үңілу, адалдық, ерлік пен рухани батырлықтың түп-тамырын қайта қазумен тең.

Қорқыт Ата мұрасының тағы бір қыры – жас ұрпақты әскери өнерге, батырлыққа баулу дәстүрі. Қазанбектің баласы Оразбектің тұтқынға түскені туралы жырда әке ұлына: «Сен он алты жасқа келдің, бірақ садақ тартып, қан майдан көрмедің» [5;76] деп реніш білдіреді. Бұл – түркі қоғамында он беске толған ұлды ерлікке, әскери өнерге үйретудің дәстүрге айналғанын көрсетеді. Қазақ халқының «Өсер елдің баласы — он бесінде баспын дер, Өшер елдің баласы — отызында жаспын дер» деген мақалы да осы дәстүрден бастау алып тұрғандай. Сонымен қатар, Қорқыт Ата кітабында әйелдердің ерлік пен адалдық жолындағы рөлі де айрықша көрініс табады. Мысалы, Бұқаш батырдың анасы мен Қазанбектің әйелі Бөрте қатынның ерлігі, Шашақты ананың ар-намысы үшін жанын пида етуге дайын болуы – түркі қоғамында ана мен әйелдің мәртебесін айқындайды [4; 76]. Бұл – ерлік пен намыстың тек ер азаматтарға ғана тән емес, бүкіл халықтық құндылық екенін дәлелдейді.

Салор Қазан үйінің шабылғаны туралы” жырында Салор Қазанның тұтқын болып, ұлы Ораздың шығарып алған әңгімесінің баянында кәпірлердің қолына түскен Қазанның мына сөзі бар:

​​Мың-мың ер дұшпан көрсем де мақтаман дедім,

Жиырма мың дұшпан көрсем де жақтамадым.

Жүзі майырылмас қылышымды қолыма алдым,

Мұхаметтің діні мен жолын алдым,

Ақ майданда жұмыр басты допша кестім,

Қай заманда да ермін, бекпін деп мақтанбадым,

Мақтанған жарандарды жақтамадым.

Қылышыңнан тайсалып, арандаман,

Өз асылым, өз жұртымды жамандаман [5;151].

Бұл сөздер Қорқыттың тек жыршы ғана емес, рухани батыр екенін көрсетеді. Қорқыт жырларындағы әрбір оқиға – тек бір батырдың тағдыры немесе өмірбаяны ғана емес, күллі түркі жұртының өмірлік қағидалары мен дүниетанымының айнасы екендігін айғақтайды.

Қаңлы Қожаұлы Торалы” жырында Торалы батырдың ерлігі суреттеледі. Әкесі Қаңлы Қожаның сөзімен Тарабузан жеріндегі сұлу қызды алу үшін бір арыстан, бір бұқа, бір бураны өлтірсе ғана ала алады екен. Торалы батыр бар күшін салып барлық қиындықтан өтіп, батырлығының арқасында қызды жары етіп алады. Ерлігі жырда былай суреттеледі:

Көтеріліп, Торалы, орныңнан тұрдың,

Қара жалды Қазылық атыңа қарғып міндің,

Мөлдір көз жігіттерді қасыңа алдың.

Алатаудан түнде астың,

Ағынды сумен сырластың,

Қанды кәпір қолына түнде кірдің,

Қара бұқа келгенде быт-шыт еттің,

Арыстанмен айқасып белін бүктің [5;111-112].

Мұндай жыр оқиғалар кейінгі қазақ эпостарында да көп ұшырасады. Демек, Қорқыт бастаған ізгі жол өз дәуірінде қалып қоймады, әрі қарай ізін жалғастырды.

Қорытындылай келе, Қорқыт ата мұрасы – түркі дүниесінің рухани темірқазығы, ерлік пен даналықтың мәңгілік өшпес шырағы. Ол – өлім мен өмір, әділет пен зұлымдық, рух пен тән арасындағы мәңгілік күресті күй арқылы өрнектеген ойшыл. Қорқыт жырларындағы қаһармандық бейнелер мен ерлік дәстүрлері түркілік рухты жаңғыртып, ұрпақ санасына батырлық пен адалдықты сіңіреді. Оның қобызбен тартқан күйлері де, нақылға толы жырлары да – халықтың рухани қорғаны бола білді және болады. Түркі жұртының тарихындағы қилы кезеңдерде Қорқыт мұрасы елді бірлікке, ар-намысқа, ізгілікке үндеген. Сондықтан Қорқыт – жай ғана жырау емес, бүкіл бір өркениеттің феномендік тұлғасы.


ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. Қазақ халқының тарихи тұлғалары: Қысқаша анықтамалық / Құраст.: Ә.Көпіш. - Алматы: «Өнер» баспасы, 2016. 1-кітап. - 312 б.

  2. "Корқыт Ата" энциклопедиялық жинақ: / Бас редактор Ә. Нысанбаев - Алматы: "Қазақ энциклопедиясы" Бас редакциясы - 1999 ж.

  3. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті (Қазақ әдебиеті бастаулары). Жоғары оқу орындарының филология факультеті студенттеріне арналған оқулық. - Алматы: Атамұра, 2005. - 336 бет.

  4. Қорқыттану (ғылыми мақалалар жинағы) 2-кітап. - Қызылорда : Тұмар, 2004. - 184 б.

  5. Қорқыт Ата кітабы. Түрік тілінен ауд. Б.Ысқақов. - Алматы: Жазушы, 1994. - 160 б.


Annotation. The article provides a comprehensive analysis of the legacy of Korkyt Ata — a phenomenal figure in the spiritual history of Turkic peoples. Through the life and work of the great thinker, the study explores fundamental concepts such as Turkic spirit, heroic tradition, and the idea of eternal life. In particular, the role of Korkyt in national history, his heroic poetic style, and his prophetic insight are thoroughly examined. Furthermore, the article draws parallels between the ideas of heroism and moral upbringing in Korkyt’s verses and such works as the Attila epic, The Book of Korkyt Ata, and other heroic narratives. Korkyt is viewed not merely as a historical figure, but as a cultural and spiritual phenomenon shared by the entire Turkic world. His timeless legacy is presented as a source of moral guidance, patriotism, and spiritual unity for future generations.

Keywords: Turkic spirit, heroism, legacy, cultural identity


Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
24.04.2026
0
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курс саны 12