Материалдар / Қызым саған айтам

Қызым саған айтам

Материал туралы қысқаша түсінік
Ата-ананың қызға тәрбиесі жайлы авторлық кітап
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады




Бұл еңбегімді немерелерім:

Сәбина, Айдана, Әнел және

Хадияға арнаймын.

Автор













ҚЫЗЫМ, САҒАН АЙТАМ,
























ШЫМКЕНТ 2018






УДК 821.122

ББК 84(5 Каз)

Ы88






Бегман ЫСҚАҚ

ҚЫЗЫМ, САҒАН АЙТАМ,

ҚЫЗДАРЫМ, СЕНДЕР ДЕ ТЫҢДАНДАР –Шымкент, 2018. 130 б.




ISBN 978-9965-597-00-8




Бегман ЫСҚАҚТЫҢ бұл кітабында ұлтты ұрпақпен ұластыратын, «бір қолымен үкілі бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін» болашақ ана-қыз баланың отбасынан алар тәлімі, дос, жар таңдауы жайында сөз етіледі.

Шаңырақ көтерген отбасында жас келіннің «тастай батып, судай сіңуінің», киелі аққу құстай жұбайлық тәлімді өмір сүрудің мәнзелді қыр-сыры сабақталса, дуалы ауыз, дегдар аналардың (Ләзиза, Умама, Фатима) ұзатылғалы отырған қыздарына айтқан өсиеттері мен тілектері баяндалады.

Кітап қыз-келіншектер мен жат жұрттыққа жаралған бұрымды зурияттарына бақ-береке тілейтін барша ата-аналарға арналады.




УДК 821.122

ББК 84(5 Каз)




ISBN 978-9965-597-00-8








© Бегман ЫСҚАҚ, 2018 ж.

Аплатон «Біз ұяда ұлды тәрбиелегенде ел басқарар әлеуметтік қайраткер тәрбиелейміз, ал қызымызды тәрбиелей отырып, біз ұлтты тәрбиелейміз»


ӨМІРІҢНІҢ ҚЫЗЫҒЫ,

ТӨРІҢНІҢ ҚЫЗЫРЫ, БЕТІҢНІҢ ҚЫЗЫЛЫ


Қыз – ұлтты ұрпақпен ұластыратын ұлы күш. Демек, қыз тәрбиесі – болашақ тәрбиесі. Дүниенің қызығы мен құндылығын ұрпақ тәрбиесінен тапқан бабамыз: «Қыздың үш қасиеті бар. Ол – өміріңнің қызығы, төріңнің Қызыры, бетіңнің қызылы. Қызың жақсы болса – қызығың молаяды, төріңнен Қызыр кетпейді, жүзіңді жерге қаратпайды. Ал қызың жаман болса, өмірің тозаққа айналады, төріңнен Қызыр кетеді, ұяттан бетің өртенеді» деп кетіпті. Ол сөздің салмағы бүгін де мысқал кеміген жоқ. Ендеше, бабамыз мирас еткен ұяттан бет өртенбей, опық жемеудің жолы қайсы? Төріміздегі Қызыр атаның орнын сақтап қалудың амалы бар ма?

Осындай өзекті өртер ойларға тамыр тартып, шырғалаңнан шығарар абызың қайда? Шарасыздыққа тап болғандарға ақылын шырақ етіп ұсынар ақылманың қані?

Көпшіліктің көңілін күйгелектікке ұрындырып, төзімін тауысқан осындай сауалдардың шешімін айтар жасқа жеткізген Жаратқанға шексіз шүкіршілігімді айта отырып, ұрпақ тәрбиесіне себі тиер-ау деген ойларымды қағаз бетіне түсіруге тырыстым. Кім біледі, әмбеге аян қағидаларды сөз етіп, уақыттарыңызды бекер сарып етіп отырған болуым да мүмкін.

Ой орманын аралағанымда алдымнан ылғи да қырмызы қыз бен аяулы ана бейнесі шыға берді. Неге екені қайдам? Шындығында әйелдер қауымынсыз, мына әлемді елестету де мүмкін емес. Иә, Құдайдан кейінгі сый иесі – ана. Бүгінде ұрпақ өсіруімен қатар, ел еңсесін көтеруде өз үлестерін қосып келе жатқан әйелдер қауымы қандайда құрметке лайық десек те сол лайықтылықтың түп-тегі тәлімі отбасы тәрбиеде жатқанын ұмытпайық!

«АТ – АСПАННАН, ИМАН – ӘЛПТЕН...»


Айдана қызым, сен айнала жаңарып, қыс көрпесін сілкіп тастап, бау-бақша ақша гүлден сырға таққанда, ғажайып табиғат ой-қырға жасыл бояу жаққанда, таңғы қызыл арай жарқырап барып атқанда, айдың бір жаңасында, көктемде келгенсің бұ дүниеге. Азан шақырып есіміңді өткір тілді, озық ойлы, ат тізгінінде ойнайтын батыл да ержүрек, өз заманында ай қабақ, алтын кірпік сұлулығымен, үлгі-өнегесімен, ісмер өнерімен, ибалылығымен ел аузында аңызға айналған Данайым, Бегайым, Перизат апаларыңның құрметіне Айдай сұлу, көркіне ақылы сай дана болсын деп, «Айдана» қойдық.

Есіміне лайық перзент болып өссін деп тіледік Жаратқаннан.

Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллһу алейһи уәсәлләм): «Балам бақытты болсын десең, әуелі әдемі есім бер, сәби санасына «сәлем» дарыт және тілін Аллаһтың атымен шығар, сәбиді құндағынан қозғағанда бесіктің бетін ашқанда сәлем бер», - дейді. (Имам Тирмизи риуаяты).

Демек қазақтың «Ат – аспаннан (Аллаһтан), сана – сәлемнен, иман – әліптен» дейтіні осыдан.

Бала – адамның бауыр еті. Қай ата-ана да өз шаңырағында шыр етіп сәби дүниеге келгенінде оған ең жақсы есімді қоюға тырысады. Негізінен, жаңа туған сәбиге есім таңдауға қазақтан дана, қазақтан шебер халық жоқ. Алайда, әрбір ата-ана баласына ат қоярда өзіне жүктелер жауапкершілікті жете сезініп, оған сақтықпен қарағаны, он ойланып, он толғанып барып қана жүрегі қалаған есімді сәбиіне қойғаны абзал. Мысалы: Ай – аса сезімтал, талантты, шығармашылыққа бейім ойшыл-қиял кеңістігі мол көпшіл, сезімтал да парасатты жандар.

Көрші қарт немересіне «Бекет» деп Бекет әулиенің ныспын қойды да:

«Есімің атақ-даңққа қол жеткізер ат болсын» деп ақ батасын берді. Бата беруші, меніңше, тәспісінен жаңлысты-ау деймін.

Біздіңше, дүниеге жаңа келген сәбиге атақ пен даңққа қол жеткізетін оның есімі емес, сол есімді мәңгілік халыққа қадірлі ететін нәрестенің өзі болса керек-ті. Ұлы тұлғалардың бәрі халқына, еліне жасаған қажырлы еңбегімен, құдіретті өнерімен, көрсеткен өнегесімен және жан қияр ерлігімен есіміндерін даңққа бөлеген. Ғасырдан ғасырға асып, бүгінге жеткен. Жұрт мойынға ілген тұмарындай қастерлеп, қадір тұтып, тау-тасын, өзен-көлін, ұл-қызын солай атаған.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әрдайым мағыналы, жақсы ат қоюға шақыратын. Мұның мәнін: «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса, балаға әдемі есім қойыңдар» деп түсіндірген. (Әбу Дәуіт).

Айданам, кішкентай ғана сәбиім, өз ойымды Дағыстан халқының ұлы ақыны Расұл Ғамзатовтың сөзімен айтсам: «Атыңнан, есіміңнен артық мәртебе жоқ... Дүниеде одан артық қазына жоқ. Оны сақтағайсың, ардақтағайсың». Өйткені пенде біткен – қасқағым сәттік, ал есім болса –ғұмырлық. Мәңгілік.

Тұмар (Томирис), Зарина, Қызай, Бопай ханым, Сүзген, Әлия, Мәншүк, Ләззаттар қазақтың мәңгі жадында. Өйткені, олардың әрқайсысы да, өз ұлтының намысы мен рухын хас тұлпардың жалына, қыранның қанатына қондырған арулар.

Қызым Айдана, осы бір ойдың жетегінде тұрып, сенің есімің де намысты да, рухты, батыл да ұлтжанды апа-әпкелеріңнің есімдерімен қатар тұрса екен деп тілейміз. Ата-ананың арман-тілегінде шек жоқ екені белгілі. Өз ұрпағын Хан Тәңірінің биігіне шаншылуын тілемейтін кім бар дейсің?! Кім?...

Бұл кіп-кішкентай тіршілік иесі – менің сүйікті немерем деп, біздей пендесіне сені тәбәрік еткен Жаратқанға риза болып, сансыз шүкіршілік еткенбіз. Мәнді де, мағыналы, ұзақ та, баянды өмір тілескенбіз.

ТАЛ БЕСІКТЕГІ ТӘРБИЕ

Атаң мен әжең, әкең мен анаң сені Ғабекең (Ғабит Мүсірепов) айтқандай, «ана тілінде жазып, ойынды ана тілінде білдіріп қана қоймай, тіпті, түсінді де қазақша көретін», «әуезді де әсем, шебер де шешен», (В.В.Радлов) «бай да таза» (П.М.Мелиоранский) ана тілін терең меңгерген азамат болып қалыптасуыңды мақсат тұттық. Өйткені тіл – тірі тарих. Онда қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған іс-тәжірибесі мен даналығы, асыл арманы мен мөлдір жан дүниесі, барша жақсылық атаулыға құрметі, адамзат бақытына кесірін тигізетіндерге лағнеті, тілді жасаушы халықтың тарихы, шежіресі, бүкіл өмірінің жаңғырығы мен ізі, арманы мен алдағы үміті, қайғысы мен қуанышы, күллі рухани өмірінің үні естіліп тұрады.

Құлыным, сені сол тіл арқылы ғасырлар тізбегінде сыннан өткен, озық ұлттық дәстүрде, ата-баба өсиетімен тәрбие беруге күш салдық. Қашанда тәрбиенің үлкені – сөзбен емес, өз іс-әрекетіңмен үлгі көрсету. Ісің басқа, айтар ақыл-кеңесің басқа болса, ұл-қызыңды теріс жолға салатынын білгендіктен, біз отбасындағы үлкендер ұлтық рухани құндылықтардан көз жазбауға тырыстық.

Шекарасы берік қорғалмаған ел тілі бөлек, діні босқа озбыр халықтың боданы болатынын түсіндірумен болдық сені. Тілін сақтай алмаған ұлт тобырға айналатынын білгендіктен, оң-солыңды танығанша бөгде жұрттың тілімен санаңды сансыратпадық.

Қасиетті баба Қорқыт атаның: «Қыз ақылды ескермес – ана үлгісін көрмесе, Ұл жарылқап ас бермес – әке үлгісін көрмесе» деген даналық сөзін ұл-қыз тәрбиелеуде бір сәтте жадымыздан шыққан емес. Бір сәтте...

Гүлден нектар жинаған бал арадай қазақтың бар жақсы қасиетін шамамыз келгеніше бойыңа сіңіруге тырыстық. Сендегі қазақ тұрмысынан «жұтқан ауа», «жеген нәрлі ас» ұшқан ұяңның өнегесі. Бізден алған қасиеттерің ылғи да келісімді болашаққа шақырып, рухани әлемге бағыттап, көктегі арманыңа қанат қақтырып тұрса мұратымызға жеткеніміз. Тілегіміздің орындалғаны.

Біздің отбасының ғана азаматы болма, күллі қазақтың арқа сүйері, Қазақ Елінің жібектей есілген адал да, арлы ұрпағы болсын деп тәрбиеледік. Оң жақтан жай беріп, еркелете отырып Айданамыздың күні ертең бойжеткен соң, өзге шаңырақтың түтінін түтетіп, көсегесін көгертетінін бір сәтте естен шығарған емеспіз.

Сондықтан да сенің бойына обал, сауап, ар, ұят сезімдерін ұялатуға баса мән бердік. Сондай-ақ Ахмед Иүгінеки бабаң өсет еткендей «дәрежең өскен сайын ұстамды болуды» санаңа сіңірдік, құлыным.

Өнеге, үлгі берудегі ұстанымымыз Жүсіп Баласағұни бабаңның «Бар бәледен ұят сақтайды. Барлық жақсы істің байламы да ұятта» деген нақылы болды. Өйткені адамзаттың мыңдаған жылдарғы тәжірибесі «ұятты» адам бойындағы ең маңызды қасиет деп санаған. Міне, сондықтан қызымызға өмір сүрудің ең басты қағидасы – ұят екенін ұғындыруды құрғақ өсиетімізбен емес, бар тіршілік-өнегемізбен көрсетуге тырыстық. Оның себебі, ес білгеннен бастап тұла бойы тұнық, тәрбиелі де ибалы, ақылы бүтін, ұжданы мен пәктігін қызғыштай қорғай білген қыз бала – ұлтымыздың ары мен абыройы, баға жетпес байлығы екенін санамызға терең бойлатқандықтан.

Ата-анасы мен үлкендер тарапынан «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген ескертуді көп есітіп, көңіліне тоқыған бойжеткеннің келешегі де жарқын болатыны шүбәсіз. Бөгде біреуден: «Мұның қалай? Ұятсыз екенсің ғой» деген сөз есіту, қыз бала түгілі, ұл бала үшін де қарғыстың зәрлі де, запыран емеуріні, ишарасы екенін жадында үнемі жаңғырып тұруына күш салдық. Ұлтына ұят келтірмейтін ұрпақ өсіру әрбір ата-ананың ұлы мұраты екенін түсінгендіктен.

Арлы болу – имандылықтың басты шарты. «Малыңа сүйенбе, арыңа сүйен», «Жарлы болсаң да арлы бол», «Ақша жоғалттың – аз жоғалттың, Атақ-аброй жоғалттың – көп жоғалттың, Ар-намыс жоғалттың – бәрін жоғалттың» деп дана халқымыз өсиет етсе, хаким Абай: «Пайда ойлама ар ойла», Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Адамдық борыш ар үшін, Барша адамзат қамы үшін, Серт бергем еңбек етем деп, Алдағы атар таң үшін», - депті дала философтары. Даналарымыздың айтқан өсиет-өнегесін бойына сіңірген, «ақылын да, қайратын да жүрекке бағындырса ғана», ұлтымыздың сағын сындырмайтын, жерге қаратпайтын ұрпақ өсіп жетілері хақ.

Айданамызды қазақы тәрбиелеуде ұлтымыздың ықылым заманнан қалыптасқан, уақыт сынынан сүрінбей өткен, озық тәлім-тәрбиеге сүйеніп отырдық десем қателеспеймін. Оның бірі – тыйым сөздер. Қазақтың оқыс қылық жасамауына халық тыйымдары өлшеусіз септігін тигізді десек оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ұлтың тұрмыс-салт тәрбиесінде заң орнына жүрді десек те, қателесе қоймаймыз.

Тыйым сөздер де ұлттың баға жетпес қазынасы. Ол – ата- бабаларымыздың ақыл-ойынан туған тұнып тұрған құндылық. Жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу құралы, пәлсапалық байлам тұжырымдары.

Бүгінде сол тыйым сөздерді елемеуден тапқан зиянымыз шашетектен. Нәтижеде, ата-ананы қадіріне жетпей, туған жердің қасиетін ұқпай жүрген нақұрыстар көптеп саналатынына несін жасырамыз. Несін?...

Қызым менің, жаман әдет, өрескіл мінез, көргенсіздіктен, оспадар қылықтан, жөнсіз істен, жат пиғылдан, жөнсіз сөзден, жолы жоқ істен абай болуға үйрететін тыйым сөздерден дәлел, дәйек келтіріп көрейік. Бұл – тәрбие құралы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан алтын арқау екеніне дау жоқ.

Мәселен: «Күн батқан соң қызды су әкелуге жұмсама», «Қызға құрық ұстатсаң да, малыңның түнгі күзетіне қойма». Мұның бәрі сайып келгенде о бастан нәзік, сұлу жаратылған ұрпақты әр түрлі аңдушыдан, қаңқу сөзден, жаладан қорғап, сақтап қалу ниетінен туғаны анық.

«Кісі мініне күлме», «Суды сапырма, суға түкірме», «Түнде үй сыпырма, түнде тырнағыңды алма», «Үлкендердің жолын кеспе, сөзін бөлме», «Бос бесікті тербетпе», «Құранды, тамақты, тұзды және күлді баспа», «Бейуақытта жылама, ұйықтама, бейуақта қаралы адамға көңіл айтпа», «Таңдайыңды қақпа, басыңды шайқама, орынсыз күлме» т.б. Осылай жалғаса береді. Бұл тыйым сөздердің бір парасы ғана. Оқырманды жалықтырып алмайын деп сабыр сақтадық.

Өсіп келе жатқан ұрпақ осы тыйым сөздерді тал бойына сіңірсе, оны алдыңғы ұрпақ бабалар тағылымы деп үнемі ойына сіңіріп отырса, олар шынардай түзу болып өсетініне біздің иманымыз кәміл.

Отбасында қыз баласына берілетін тәрбиеде оның қоғамдық өміріндегі орны да ескеріліп отырады. Дана халқымыз ежелден «Гүл өссе, жердің көркі, қыз өссе, елдің көркі», «Судың алдын шым бөгейді, даудың алдын қыз бөгейді», «Қыздың ерлігі қырғында білінеді, алдыңа келіп жау жүгінеді», «Қызды лайықты жеріне берсең, ерінің атын шығарады» деген секілді аталы сөздермен әлдеқашан қыз баланың әлеуметтік кеңістіктегі бағасын беріп қойған. Қыз бала тәрбиесінде осы тәмсілдерді еш уақытта естен шығарған емеспіз. Отбасымыздың бала тәрбиесіндегі басты қағидаты: «Бүгін ұрпақ бойына не сіңіреміз, келешекте соны аламыз».

Өткендеріміздің өсиеті мен ұл-қыз тәрбиелеу тәжірибесіне қырын қарау – жетесіздік. Ескеретін мәселе тәрбиеші (ата-ана) әуелі өз санасының жат-жұрттың идеологиясына «уланбауын» қатаң бақылауға міндетті. Өзіміз түзелмеген күйімізде Мәңгілік Ел тағдырын өскелең ұрпақтың мойнына түгел артқан бойда кетуге хақымыз жоқ.

Қызым, біз сенің бойыңа ұлттық болмыстың уызы мен шырынын сіңірумен болдық. Қаншалықты нәтижелі, оны ұлы уақыттың сыны көрсетер. Менің шамалауымша, дұрыс бағыт ұстадық деп ойлаймын. Өйткені Аллаһқа шүкір, күні бүгінге дейін Айдана деген атыңа кір келтірмей өсіп, жетіліп келесің.

Күн нұрына «ғашық» күнбағыстай бар мейірімің інілеріңе иілетін. «Табаныңа шөгір кірсе – менің маңдайыма кірсеші» дейтін аса қамқор, жаны самал желдей ескен жан болып өстің. Соңыңнан ілескен бауырларыңды айналып-толғанып отырғаныңда әжең:

  • Мына жаман немелерді жан дүниең езіліп «жеп қойғың» келіп тұады. Өз өзегіңнен өніп шыққан бұтақтарыңды қайтер екенсің, қарағым-ау. Ол шіркіндер бұлардан да тәтті болар, - деп қалжыңдағанда. Бұл сұраққа екі бетің дуылдай қызарып жерге қарайтынсың үлкендерден қысылып.

Сенің балажандығыңда шек жоқ, шіркін! Соноу арыдан, кеудеңнің тереңінен ыстық гайзердей атқылай соққан, риясыз көңіліңді танып, інілеріңе өліп-өшіп отырғаныңды көріп: «Бұл шіркіннің өкпесі жоқ, кілең бауырдан жаралған ба?» дейтінмін іштей шүкіршілік етіп.


ҚЫЗҒАЛДАҚТАЙ ҚЫЗ ҒҰМЫР


Міне, бүгін бізге он бір жылдық мектепті бітіргенің жайында кәмілеттік аттестатты әкеліп қуанттың. Бұл құжат – бал дәурен балалық шақты тәмамдап, үлкен өмірге аяқ басқаныңның белгісі.

Айдана, сен кәмелеттік жасқа жеттің. Иә, бой-жет-тің! Шапқан аттай, атылған оқтай зымыраған уақыт-ай, шіркін! Кеше ғана еді-ау, тіліңнен бал тамып балабақшаға барғаның. Шашыңа ақ бантик тағынып мектеп табалдырығын аттағаның. Көзді ашып-жұмғанша өтті де кетті. Өмір шіркін қас қағым сәт екенін кім біліпті? Кейбіреудің мәңгі өмір шамы сөнбейтіндей жүнін сыртқа түкситетінін көргенде, пайымы аздығына бас шайқайсың. Күйінесін. Күйесін!...

Үлкен өмір қыз дәуренге қарағанда қырық қатпарлы. Өте «толғауы тоқсан» десем де болады. Балалық шағыңда кездескен көп мәселені отбасы болып кеңесіп «жілігін» шағатынбыз. Енді кейбір күрмеуі қиын мәселелерді өзің шешуіңе, өмір тізгінін өзің ұстауға тура келеді.

Қиын-қыстау кезеңдерде дұрыс шешім қабылдауда үйде алған тәлім-тәрбие, тәжірибе, ең бастысы өз ақыл-парасатың демеу болары, дұрыс бағыт-бағдар көрсетері анық. Сан қилы жұмбағын ішіне бүккен мына әуір-сәуір жаһандану заманда тап болған қиын түйінді шеше алмай, от басып қалатын бойжеткендер барын қалай жасырайын? «Қызымызды кездейсоқ кәдірсіздіктен аулақ етсін», - деп тілейміз рақымы күшті Жаратқан Иеден.

Қызым, сені орын таппай, өмірге ез болған төмен етектілердің қарасынан көргім келмегендіктен, ұзақ өмірде жинақтаған тәжірибемді ортаға салғым келеді. Кім біледі, қиын-қыстау өмір өткелектен өтерде қажет болып та қалар?

«Жібекті түте алмаған – жүн, қызды күте алмаған күң етеді» дейтін тәмсіл бар көкейімізде. Сол қанатты сөздің нәтінін ұққан біз қызымызды күң етпеудің, қор етпеудің жолын іздедік. Қазақтың басынан кешіп көрмеген капиталистік формацияда тәрбиенің классикалық үлгісі қандай болуы тиіс? Қандай?...

«Кереметтің кереметі – жақсы тәрбиеленген адам» депті көне дәуір данышпаны Эпиктет. Сол айтпақшы, бүгінде қызды көргенді де, ибалы етіп тәрбиелеудің қазақы жолы, классикалық жөні қайсы?

Тәрбие жөніне келгенде бабаларыңнан асып ешкім де айта алмаған. Төле би бабаны тыңдасаң: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – арын сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» дейді. Осыған бүкіл өмір философиясы, ұлттық тәрбиенің бағыт-бағдары сыйып тұрған жоқ па? Міне, адастырмас шамшырақ!

Қазақ – табиғатында балажан халық. Ұл-қызы үшін аспандағы Айды, мұхит түбіндегі лағыл тасты әперуге әзір. Бар тәттісін аузына тосып, бар асылын үстіне жапсырып, қатарынан кем етпеуге тырысады. Бұл – халқымыздың мақтан етер қасиеттерінің бірі.

Қазақ, әсіресе, қыз баласын ерекше аялап, үкідей үлбіретіп, өкпек жел тигізбей, қаңқу сөз естірмей өсірген. Өйткені қыз – ғажайып әлем, нәзіктік нышанайғағы (символы) деп ерекше қадір тұтқан.

Өйткені әдемілік – өмір элексирі. Көріктілік – көңілге көл-көсір қуаныш сыйлайтын қуат көзі. Қыз – қуаныш. Қыз – өмір нәрі. Қыз – өмір көктемі, ол – жарық жұлдыз көктегі. Иә, солай... Қыз – қазақтың бетіндегі ұяты, көңіліндегі мияты. Ұлылық – қыздың ибасы мен нәзіктігінде.

Бойжеткен намысы – ұлт намысы. Ел келешегі текті қызға тәуелді. Текті қыздан текті ұрпақ өрбиді. Ендеше, ұлт қызының тағдыры мен тәрбиесі көзі қарақты, ұлтжанды ата-анаға байланысты екені мәлім. Отбасындағы тәлім-тәрбие ұрпағының, әсіресе қыз баланы жат жұрттың ықпалына талғаусыз ере бермейтін, жаңлыс қадам бастырмайтын ауқымды қуатына тәуелді екені белгілі. Демек ата-ана өз аспанының бұлт шалмауын, бабаларымыздың жаққан жұлдызын сөндіріп алмауын қатаң бақылауға міндетті.

***

Ислам дінінің қыз балаға деген көзқарасы қандай? Мұхаммедтің (саллаллһу алейһи уәсәлләм) хадистерінен бірер мысал келтірсек те жетіп жатыр. «Екі-үш қыз баланы бағып, тәрбиелеп, балиғатқа жеткізген адаммен Мен жәннатта бірге боламын!», «Қыз баланы ер баладан кем көрген кісі менің үмбетім емес», «Қыздан туған перзенттің ешбір жаттығы жоқ!». «Егер бір адамның қыз балалары болып, олардың қиыншылықтарына шыдап, жақсылап, өсірсе және теңіне қосса, бұл қыздары ол үшін тозаққа перде болады». «Қыздар – олар мейірімді жандар».

«Сен күлімсіреп ұлыңа қарасаң, саған «жақсылық» жазылады. Ал, күлімсіреп қызыңа қарасаң, саған «сый-сияпат» жазылады. Ендеше (тәрбие беруді) қыздан бастаңдар. Негізінде Аллаһ олар үшін өте жұмсақ». (Саъд ибн Абу Уаққастан Дилми риуаят еткен).

Көріп отырғандай, Ислам да нәзік жандыларға аса мейірімді болуды ұлықтайды.


***

Қазақ қыз бойына жарасқан қандай ерекшеліктерді қасиет тұтты?

Аруларымыздың асыл қасиеттерін ежелден-ақ ақындарымыз өз өлеңдеріне арқау еткен. Халық ақындары:

Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын,

Көрінер толған айдай жүзі жарқын.

Үлкеннің алдын орап, сөз сөйлемес,

Халқының ақтай білген ізгі салтын, - деп, қыз баланың сүйкімділігін, жанының нәзіктілігін, халқымыздың салт-дәстүріне беріктігін тілге тиек етеді.

Ал, қазіргі ақындар да (А.Асылбеков) арулардың ғажап қасиетін былайша жырлайды.

Инабат, парасаты,

Көркіне жарасады.

Ай-нұры арулардың

Таңменен таласады.


Мәрмәрдай аппақ мүсіні,

Сыйлаған үлкен-кішіні.

Жайдары жазық маңдай,

Үнінен наз ұққандай.

Қазақтың арулары-ай,

Ибалы, нәзік қандай? – деп қазақ қыздарының келісті келбеті мен жанының ибалығын, көркем талғамы мен аса парасаттылығын сөз етеді.

Мұндай иманды да ибалы, нәзік те өнегелі, қасиеттер ұлттық тәрбиенің нәтижесі екендігінде күмән жоқ. Қыздың тал бойындағы опалы дүниелер ата-бабамыздың алпыс екі тамарынан лүпілдеп аққан алқызыл қанның асылдығынан, далалықтардың ұл-қызына беретін тәлімінің құдреттілігінен, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың жасампаздығынан, ұлы ата-бабаларымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі даналығынан деп ұққан ләзім.

Сондай-ақ қыз баланың ұқыптылығын, шеберлiлiгiн, сүйкiмдiлiлiгiн, жанының нәзiктiгiн, өнер-бiлiмге бейiм тұратынын жоғары бағалап, оның ол қасиеттерiн нақыл сөздер арқылы ерекше көрсеткен. Мысалы: "қыздың жиған жүгiндей", "қыздың тiккен кестесiндей", "қызы бар үйдiң-қызығы бар".

Халық арасында бойжеткен қыздың ажарына қарай: әдемi қыз, көрiктi қыз, шырайлы қыз, әсем қыз, сұлу қыз, ажарлы қыз, ару қыз деп бөлген. Олардың сипаттамаларына келсек: әдемi қыз – баппен сөйлеп, биязы күлiп, жақсы-жаманның жөнiн бiлiп тұрады; көрiктi қыз – қандай iсті болсын үйiрiп, сөйлесе жан біткенді баурап алады. Шырайлы қыз – көз жанары өткiр, бет-әлпетi балбұл жанған, тәнi тал шыбықтай бұралған қыз; әсем қыз – жүзi жылы, өзi ұяң, тәнi нәзiк қыз; сұлу қыз – iске пысық, өрескелдiктi сүймейтiн, болмашыға пiсiп күймейтiн, келбеттi қыз; ажарлы қыз – дене бiтiмi жинақты, сөзi салмақты, iсi тиянақты қыз; ару қыз – дидары мен дене мүсiнi келiскен, сөзi сыпайы, өзi әдептi, сұңғақ бойлы, терең ойлы қыз.

Әсiресе қыз баланың көркіне келсек, "аттың көркi – жалы, қыздың көркi – шашы" деп, қыздың шашын күтiп өсiрудi өнер санаған. Шаштың өзін "қос бұрым" немесе "бестемше" етiп өруге үйреткен. Есейе бастаған қыздың санасына шаштың сұлулық қасиетін сіңіру үшін халық жырларында: "шашының ұзындығы iзiн басқан", "шаштарын он күн тарап, бес күн өрген", "қынша бел, қиылған қас, қолаң шашты", "құлап түссе арқасын қос бұрым" деп әспеттеген.

Ілгеріде шашын қос бұрым етіп өсіру бойжеткен қыздың көркі болған еді-ау.

Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты

Сұлу қыздың көріп пе ең мұңдай түрін?

...Кең маңдай, қолаң шаш,

Я бір кез, я құлаш... - деп суреттейді хакім Абай, келісті қыздың сұлулығын.

Шыны керек қыз баланың қолаң шашы қалын да ұзын болып келсе, сол ғұрлым көңілді жадыратып, бір әдемі де тәтті сезім ұялатары анық.

Халық жырларында қазақ аруларын «шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», «қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты» деген сипатынан ұзын шаш сымбаттылықтың басты шарттарының бірі екенін түйсінуге болады.

Қазақ қызының қолаң шашы әлімсақтан бүгінге дейінгі ақын-жазушылардың шығармаларының арқауы болды десем қателеспеймін. Мәселен, «Қарай керім» деген халық әнінде:

«Қолаң шашты, қой көзді, қиғаш қасты,

Сені ойласам қиналар ғазиз басым.

Нұр сипатың есіме түскен сайын,

Тамағымнан өтпейді ішкен асым», - деп сұлу қыздың көркіне көрік қосқан қолаң шашын әспеттесе, жидебайлық данышпан:

Етіндей жас баланың білегі бар,

Ажымсыз ақ саусағы іске ыңғайлы.

Қолаң қара шашы бар жібек талды,

Торғындай толқынданып көз таңдайды, - деп, жібектей ұзын, қолаң шашты қазақ аруының әсем келбетін көз алдыңа елестетеді.

От тілді, орақ ауызды Қасым аға Аманжолов:

Ақ сауле,

Аспандағы Аймен таласасың,

Төгіліп иығыңа қара шашың.

Жалт етіп құралай көз қарағанда,

Жанымның жайлауына жарасасың,

деп сүмбіл қара шаш пен құралай көз қазақ аруларын Ай мен Күнге теңесердей көркін жыр етеді. Шынын да қыз баланың шашы қалың, тірсегіне түскен ұзын болса, оны екі бұрым етіп өріп қойса, қандай жарасымды болар еді? Бұл келісті көрініс көз арбар еді-ау. Әттең...

«Ата, бүгін заман да, талғам да өзгеше. Бүгінгі жастардың сұлулық, әсемдік жөніндегі түсінігі сіздікіне қарағанда аспан мен жердей» деуің мүмкін, қызым. Оны айтпасаң да біліп отырмын. Өзің қарашы, қазіргі кейбір жастардың шашын ер кісілердікіндей қидырып, көк желке болып жүргені, шоп-шолақ шаштарын сары түске боятып алғаны көркіне көрік қосады деп ойлайсың ба? Жарасып тұр ма? Керісінше талғамының ергежейлігін білдірмей ме? Сары түс еуропаның ақ түсті әйелдеріне жарасқанымен, біздің қараторы қыз-келіншектеріміздің ажарын ашып тұрғаны шамалы.

Қызым, ажарлылық Аллаһ Тағаланың ғана сыйы. Бұйырмаған сұлулықты тартып ала алмайсың, қолдан жасау мүмкін де емес. Табиғи келбет – ең келісті сымбат, жарығым.

ЖАТҚА НЕГЕ ҚОР БОЛДЫҢ, ҚАРАШЫҒЫМ?


Айдана қызым, саған қандай екені қайдам, маған кейбір бойжеткендеріміздің киім киісі, жүріс-тұрысы ерсілеу көрінеді. Көпке топырақ шашпайын, бүгінгі заман талапқа сәйкес, эстетикалық талғаммен жасанатын аруларымыз баршылық, құдайға шүкір.

Дегенде, қыздарымыз теледидардан, ұялы телефоннан, интернет желілерінен бөгде жұрттың, діні мен ділі бөлек жат елдің киім киісіне таңдай қағып, ауызын ашып, көзін жұмып әбігерге түсетіні жасырын емес. Тамашалап қана қойса мақұл, ертесіне-ақ кіндіктері мен иықтарын жаңалаштап, мәдениеттің «шыңынан» құйрықты жұлдыздай «жарқырап» шыға келетінін қайтерсің.

Ол аздай, бүгінде қысқа шалбар киіп, күн тимеген ақ сазандай балтыр-сандарын баршаның қол жетімді «көрмесіне» қойғанына зығырданың қайнайды. «Әй, дейтін ажа, қой, дейтін қожасы жоқ» тобырға айналып кеткенбіз бе?» - деп мұңға батамын. «Біз, қазақтар, қайда кетіп бара жатырмыз? Қайда?...» - деп қамығамын.

Құлыным, меніңше, ұят пен иба адамзатқа тән қасиет болғандықтан, ерлердiң де, әйелдердiң де ұятты жерлерін көрсетiп жүрулерi адамгершiлiк сипатқа қайшы қылық. Алла тағала Құран Кәрiмде: «Әй, адам баласы! Ұятты жерлерiңдi жабу үшiн киiм және сәндiк бұйым түсiрдiк. Негiзiнде тақуалық киiмi жақсы» деп ғибрат еткен («Ағраф» сүресi, 26-аят).

Ал пайғамбарымыз (саллаллһу алейһи уәсәлләм) бір хадисiнде: «Әрбiр дiннiң мiнезi бар. Исламның мiнезi, ол – ұят», - десе, келесі хадисінде: «Ұят пен иман бiр-бiрiмен өте тығыз байланыста. Егер бiреуiн алып тастаса, екiншiсi өзi кетiп қалады», - дейді. Өкiнiшке орай, бұл жаман әдет бүгінде кеңiнен етек жайып бара жатқаны әмбеге аян.

Ата-әженің қыздарына ақыл-кеңес беріп, жөн сілтеп, бағыт-бағдар беріп отыратыны қазіргі таңда қайда кеткен? Оны тыңдайтын құлақ бар ма? Масқарапаздың кейпіне түскен қызына: «Әй, мынауың не, албасты? Мына сұмырайдай болған түріңді ендігәрі көрмейтін болайын!» – дейтін ата-ана қайда кеткен? - деп жабырқаймын. Болмаса не, Айымыз оңынан туып, тізгініміз өз қолымызға тиген шағында ұрпағымызға жөнді бағыт-бағдар бере алмауымыз неден? Түсінбедім, неден? А?...

Мәңгүрттеніп демекші, бірде ауылға жолым түсті. Қараймын жақын ағайынның бойжеткен қызы да кіндігін жарқыр-а-а-тып жүр. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылда! «Ауылымыз аман тұрса, көш түзелер» деген ең соңғы үмітіміз болған жерде...

Бауырыма: «Інім-ау, мынау не бәле? Әке-шешесінің, туған-туысқандарының ортасында жүріп-ақ, қызыңның етегін түріп, кіндігін жарқыратып жүрген мына жүрісі, қай жүріс?» дегенімде, ол қасқа: «Көке-ау, білмейтін бе едіңіз, бұл дегеніңіз бүгінде «мода» ғой. Құрбы-құрдастарының бәрі соңғы үлгімен киініп жүргенде, қатарынан қалмасын да, қызыңыз», - демесі бар ма, әлгі жарыместің. Міні, қазекеңнің «классикалық» түсінігі – ұл-қызын қатарынан қалдырмау. Жетіскен екенбіз!

Сөзі уәлі, аузы дуалы бабамыз Мөңке би XVII ғасырдың өзінде:

«...Орай салып бастарын,

Жалпылдатып шаштарын

Тақымдары жалтылдап,

Емшектері салпылдап,

Ұят жағы кем болар.

Сөйткен заман кез болса,

Түзелуі қиын болар», - деп осы заман кейіпін кемел көрегендікпен сипаттаған-ау. Тәлімдік мәнге ие, өнеге-үлгі боларлықтай тәмсіл айтқан әулиелердің қадіріне жете алдық па, солардың нұсқаған жолымен жүрдік пе? Әйтпесе Мөңке би баба айтқан кер замандар жайындағы ескертпесінен нәтиже шығарғанымыз кане? Ұғар құлаққа, сезімтал санаға айтудай-ақ айтқан ғой, жарықтық.

Бүгінгі күнгі кейбір бойжеткеннің келбеті жайында танымал ақын Исекең (Исраил Сапарбай):

Белдігі белден төмен шалбарының,

Салпыншақ... өзі білем салдауырдың.

Жейденің асты да ашық, үсті де ашық,

Осы ма, қарағым-ау, бар жамылғың...

...Замана қалай-қалай құблады?

Қаймана қалай-қалай қағынады? - деп өзегі өртене жырлайды.

Мөңке баба тағы бір жерінде:

«Кер замандар болғанда су тартылады,

Тана менен торпаққа жүк артылады.

Ар-ұяттың бәрінен жұрдай болып,

Қарап тұрған жігітке қыз артылады», - деп Мөңке баба бүгінгі күннің кейде әттеген-ай дегізетін ақиқатты өткір өлең жолдарымен паш етеді. Жалған деп көр. Бүгінгі қазақ болмысын көріп тұрғандай-ау, көріп тұрғандай. Шындығы сол, жалтара алмайсың.

Қазіргі кер заман келбетін ақын Исекең (Исраил Сапарбай):

Кез келсе керуенің құладүзде,

Ішінен екі көздің бұлақ ізде.

... Гаремнің кәнизегі «Мың бір түнде»,

Әлемнің кәнизагы мына бізде, - деп бүгінгінің ащы шындығын запы шеге отырып күйінеді. Күйзелмей қайтсін! Мына тұрпаты бөлек қазағына мүлдем жат қылықты көре тұра. Күйінбей қайтсін...

Қазір біз кейбір қазақ бойжеткендерінің қылықтарын көргенде көз ұялатын көріністерге тап болып жүрміз. Тапатал түсте көшеде, автобуста, аялдамада өліп-өшіп сүйісіп тұрған қыз-жігіттердің мауыққан айуаннан не айырмасы бар? Сезімінің қызуын баса алмаған мұндай көргенсіз тәйтік қыздан қандай келін, қандай ана шығады? Зүриятына қандай үлгі-өнеге көрсетпек? Ол кімді сыйлап, кімнің қадіріне жетеді? Кімнің?...

Әлеуметтік желіні шулатып, бірінің шашын бірі жұлып, ұл балалардай төбелесіп жатқан да қазақтың көк өрім, көген көз қыздары!

Негрге, арабқа, хансуға, шүршүтке, тағы басқаларға тұрмысқа шығып, қателігін кеш түсініп бармақ шайнап, еліне жете алмай зар еңіреп жүрген де қазақтың қызы. Келімсек жігітің көңіл көтерер қуыршығына айналып, бойына біткен шаранасын күл-қоқысқа лақтырып кетіп жатқан да қазақ қызы. Бұл заманның ба, жоқ әлде адамның азып-тозуы ма? Жоқ, қалқам, мұның бәрі – ұяттың, имандылықтың жоғалуының белгісі. Тарих қойнауынан жалғасқан алтын арқаудың үзілгенінің белгісі.

Бүгінде ел аман, жұрт тынышта елімізге уақытша келген келімсектердің етегін ұстап жат елге кетіп жатқан қаракөздеріміз қаншама?! Өкінішті-ақ.. Ақын Исекең (Исраил Сапарбай) айтпақшы: «Қыз бала – қызыл етік киген бикеш, Қайтейін, қас қылғанда, өз гүлім ғой». Өз шынарымыз болған соң, бақытты болсын, өз елінде шешек атып, өз жұртының көсегесін көгертсін деп тілейміз дә!

Белден асып кеткендердің бақытты болуына күмәнім бар. Олай дейтінім, бесікте іңгәләп жатқаннан бастап жат елге кеткенге дейінгі етінен өтіп, сүйегіне сіңген қазақы қасиет барған жерінде басқа сапаға түбегейлі өзгереді. Бөлек дәстүр, бөлек діл мен дін, өмірдегі қалыптасқан әдет те өзгеше, үлкенге құрмет, кішіге ізет деп сыйласатын жол мен жоралғы да жат. Құдайым-ау, несін айта беремін? Ата-ана, туған-туысқан, құрбы-құрдастардан жырақта жападан жалғыз қалай күн кешпек? Туған ел, өскен жерден артық не бар бұл жалғанда? Не?...

Ұлы бабаларымыз: «Туған жерге туыңды тік», «Жат елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демейтін бе еді? Осынау ғибратты сөздерді есітіп өспеп пе едің, қара көзім-ау? Ең ұлы махаббат кіндік қан тамған туған жерге деген махаббат емес пе? Оның қасында елге уақытша келген жат жұрттыққа деген лып етпе сүйіспеншілік деген не, тәйірі?

Қадекеңнің (Қадыр Мырза Әли): «Жат ел – өгей шешенің өгей шешесі», «Туған жердің қыран құсы – жат жердің бұралқысы», - деген қанатты сөздері қара көздерімізге бөтен елдің қандай екенін жетесіне жеткізе түсіндіріп тұрған жоқ па, қарағым-ау?

Менің пікіріме келіспейтіндердің бар екенін білемін. Олардың айтатыны: «Қыздардың ұзын саны ұлдарға қарағанда пәлен пайыз көп», «Бар жігіттердің өзі қыздарға қарағанда интеллектісі төмен». Жар қызығын, ұрпақ қызығын көрмей қу тізесін құшақтап өтсін демексіз бе? Одан да барымен базар дегендей, шетелдік болса да өз түтінін түтетсін дә. Қыздарымыз өз қотырын өздері қасысын. Олардың ісіне араласып, данышпансымаңыз», - деулері мүмкін. Әбден мүмкін! Кімнің аузына қақпақ боласың?!

Мен қыздарымыздың қай жерде жүрсе де, бақытты болғанын тілейтін қазақтың бірімін. Әлгі жат жұрттық «махаббаты» – еліне апарысымен саудаға салып жіберетінін БАҚ-тан оқығанымда, Вавилонның «Аспалы бағын» іздеп кеткен қызының бақыттсыздыққа ұшырағанын естігенде, ата-аналардың қайғыдан қан жұтып қайғырғанын көргенде сай сүйегім сырқырайды менің. Оппоненттерім мың аргумент айтса да, аз ғана қазақтың санын көбейтуге үлес қосатын арулардың шетелге кетуіне қарсымын. Қыз жат жұрттық болса да, жат елдік болғанына қарсымын! Қарсымы-ы-ын! Қай құлақтарыңмен есітсеңдер, сол құлақтарыңмен есітіңдер!


Есенғали Раушановтың естелігінен. «Мен оларды (шет елге тұрмысқа шыққан әйелдерді) еш түсіне алмаймын. Германияда, Франкфурт шаһарында әкесінен үлкен шалға тиген талай қазақ қыздарын көрдім. Италияда, Помпейге таяу бір қыстақтағы фермерге тиіп, есекпен атызға су тасып жүрген қарындасымыз менің қазақ екенімді біліп тұра қашты.

Алматыға босқын болып келген нигериялыққа тиіп, жыл аралатпай қара домалақ балаларды бірінен соң бірін шұбыртып отырған Айнұр есімді қарындасымызбен болған әңгімеде сөздің бір басын қалжыңға жығып: «Қарағым-ау, Қазақстанға ертең кім ие болады, қара бала қазақта да бар емес пе?» дегенмде, «Мен ұлтшылдармен сөйлеспеймін!» деген жауап алдым. Әлгінің әкесі мен шешесі екі жақтап атойлай шауып, қызының қылығын мақұлдап, мені біраз жерге апарып тастады. Шекілдеуігін шағып «күйеу баламыз» тұр бір шетте. «Қай жеңгенің менікі?» дегендей миықтан күліп қояды.

Ертеңіне ашуы басылды білем әлгі қыз мані арнайы іздеп келіп, әңгімесін айтты. «Неге тидің?» деп күстаналайтын тек сіз емес, - деп бастады ол әңгімесін. Алғашқыда әкем қарсы болды, шешем: «Кімге тисең оған ти, тек жыламай жүрсең болды» деді. Шешем рұқсат берген соң шықтым», – деді әлгі.

Бүгінде әке сөзінің құнсыздануы, кер заман «құндылықтарының» бірі де, бірегейі десе де болады. Бұрындары «еркек – бас, әйел – мойын» деген түсінік қалыптасқан тұғын. Жаһандану заманында «мойын жуандап, кеуек басты қалай бұрамын десе өз еркі» деген «қанатты сөз» пайда болды. («Еркек айбатты болмай, әйел ұятты болмайды» деген осы).

Африканың қарға миын қайнатар ыстығында қара баласын жетектеп жалаңаяқ келе жатқан қазақ қызын көріп, әңгімелескенім бар, ол өміріне разы. Қазақстандағы ахуалға түк те қызықпайды. Оларды айтпағанда көрші орыс, тәжік, түрікпен, өзбек, қырғызға тигшен қазақ қыздары да төркінінен гөрі, көбнесе, түскен жерінің жоғын көбірек жақтайды.

Еревандағы Қазақстан елшілігі алдында жолыққан қазақ әйелі әлі есімде. Ақмола жақтың қызы көрінеді. Бұдан отыз жылдай бұрын Қазақстанға жұмыс іздеп келген бір армян етікшіге тұрмысқа шығады. Қазақшаны әлдеқашан ұмытқан. Христиан дініне қалай, қашан өткенін жыр қып айтады. Жексенбі сайын шіркеуден қалмайды. Елшілікке еден сыпырушы болып орналасқысы келеді екен. Жәрдем сұрайды. «Елге бармаймын, ол жақ суық», - дейді.

Ес ағаң қазақтың елім, жерім деп өткен ұлы қыздарын атай отырып: «Мұқағали айтпақшы, Қайран біздің шешелер арды ойлаған!». Арды ойлаған аналарымыздан азған-тозған әлдекімдер садаға кетсін» деп естелігін аяқтайды. Мен де Есенғали ағамен келісемін. Садаға кетсін ондайлар.

Шынжан Ұйғыр республикасында тұратын Жәнәбіл Смағұлұлы деген қандасымыз қытай азаматына күйеуге шықпаққа бекінген жалғыз қызын сүйген жігітінің көзінше атып өлтіріп, бүгінде түрмеде жатыр. Міне, бөгде елде өмір сүрсе де ұлттық намысын таптатпаған, ханзуға қанын былғатқысы келмеген қазақтың ер-азаматының іс-әрекеті. (Мен ол кісінің қылығын қоштап отырған жоқпын). Біз атамекенінен жырақта жүрген Жәнәбіл Смағұлұлы секілді «ерлік» жасамасақ та, қыздарымызға «өзге нәсілге тұрмысқа шықпа, тегіңді сақта, қаныңды былғама» деп айта алмадық. Бәлкім, айтсақ айтқан да шығармыз, бірақ онымыз құрғақ сөзден аспады. Себебі, аузымыздың дуасы жоқ. Сондықтан тыңдар құлақ шамалы.

Қызым Айдана, саған осындай қажетсіз жағдайды айтып, көңіл-күйіңді бұзбай-ақ қояйын деп едім. Болмады. Әрі толғанып, бері толғанып, неде болса жанымды күйзелтіп жүрген пікірімді айтуды дұрыс деп таптым.

Жуырда бір отырыста институт деканым Оңтүстік Кореядағы жігітке тұрмысқа шыққан қызына барып қайтқанын, көрген елін, болған жерін зор мақтанышпен тілге тиек етсін, келіп. Ол қызын кәріске күйеуге беруді өмір-бақи армандап келген адам сияқты болып көрінді маған.

Кәріс жігітіне қайын ата болған деканымыздың бір түйір ұлттық намысының жоқтығына күйіндім. Зығырданымның қайнағаныны оның бәлсіне шыққан дауыс мақамы болды. Маған қатты батқаны – қызын тілі, діні, ділі бөлек жат елдікке ұзатқан кісіні әріптестері бірінен кейін бірі жәмпеңдеп құттықтап жатқаны. Дәл осы сәтте күллі қазақ қоғамы жиналып, бір қазақ қызының жат елдікпен шаңырақ көтергенін тойлап жатқандай көрінді. Міне, бүгінгі қазақтың майдаланған кескін-келбеті! О, Жаратқан, не болып барады өзі?...

Құдайдың құдіретімен батыр бабалардің бірі тіріліп келсе, бақа-шаянға айналған ұрпағының сыйқын көріп, құсалықтан қайта жан тәсілім етер ме еді қайтер еді?

«Адам үш күнде тозаққа да үйренеді» деген құп рас екен. Кәріс күйеу баласына жүрегі жарыла қуанып жүрген әріптесімізге өкпеміз қара қазандай болып жүргенімде, «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, пәленшелердің чехтан туған немересін сағынып, Прагаға кетіп бара жатқанын, түгеншелердің негр жігітіне тұрмысқа шыққан қызының тойына мұхиттың ар жағындағы алпауыт елге жол жүріп бара жатқанын естідік. Барып келгендердің танауы делдиіп, қазаққа құда болғандарды көзге ілмей, желпініп отырып сөйлегендерін де көрдік.

Қайран қазекем-ай, намыстан жер шұқитын кезді де пайымдаудан қалып барасың ба?...Не дейін-ау, не дейін?...

«Тамшы тама берсе тасты да теседі» деген сөздің шынайы мән-мағынасын енді ғана түсінгендеймін. Алғашқыда жан күйзелткен бұл келеңсіздік сансыз қайталана бергендіктен, менің де бойым үйренейін деді. Уәйімнің «жел қайығына» алғашқы кездегідей мінбейтін болдым.

Айдана қызым, алайда есіңде болсын, ата-бабаның салт-дәстүрі бойынша қазақ қызын жат елдікке тұрмысқа беру қорлық болып саналады. Жеңіліске ұшыраған елдің қызын күңдікке әкетіп, ұлтты қорлау үрдісі әлемдік тарихта бар нәрсе. Қызды бұзу дегенің – ұлтты бұзу деген сөз. Қызды қорлау – ұлтты қорлау.

Қазақ қызын әркімге қорлатып қоя берер ме екен? Жоқ әлде кавказдықтар сияқты беліне қынды қанжар байлар ма екен? Әй, қайдам?...

Қызым, мүбада жат елдікпен шаңырақ көтерер болсаң, ата-баба өсиетімен тәрбиеленген мына атаң сені шіріген жұмыртқаға санайды да, аяушылық етпейтінімді ескертемін. Қателігіғңді еш уақытта кешірмеймін! «Қайда барар дейсің, кешірер» деп дәмеленбе. Артыңнан ат ізін салмаймын! Ешкімге іздетпеймін де!

Қызым, сәл артық кеткенімді білемін. Айып етпе, жаным. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген қанатты сөзді негізге алған сыйқым ғой. Сенің өз халқыңа «опасыздық» жасамайтыныңа, қаймағына қылау түспеген қазақ отбасына құтты келін болатыныңа сенімдімін. Иә, оған күмәніміз жоқ, алтыным. Кұмәнданбаймын!

Жоғарыда айтқандарымыз «қазақтың қызы деген ғажап атқа» ие болған бойжеткендеріміздің көрсеткен құқайының гүлі ғана. Жемісін айтсам жан түршігеді. «Ауызға келген – түкірік қайта жұтса мәкүрік» болмасын, баяндайын, тыңда. Мінәсіп бағасын өзің берерсің деп ойлаймын, қызым.

Аспан асты еліне білім алуға барған бойжеткеніміз түнгі клубта нәті белгісіз Джон деген зәңгі рәуішті негір жігітімен танысады. Мүттәқам еркек: «Аузыңды асқа, ауыңды атқа тигіземін, қыл мойныңа алтыннан алқа тағып, бәт құндыздан ішік кигіземін» дегеніне аузынан уызы төгілген қыз аяқ-қолын жинай алмай, есеңгіресін де қалсын. Үйіп-төгілген өтірікке сүттей ұйыған сормаңдай қыз кез-келген талабын орындауға әзір әлетінде мекер жігіт көрші елге арзымайтын сөмкені жеткізіп салуды өтінеді. Сөмкеде есірткі зат жатқанын дүниеге бойын алдырған жетесіз қыз тек қыл шылбыр мойнына түскенде ғана біледі.

Жиырма жастағы Ақжарқын Тұрлыбай Қытай абақтысында бір жыл созылған тергеу процесінің соңы «Өмір бойы бас бостандығынан айырылды» деген суық хабарды естігенде отқа күйіп, жалынға өртене боздаған ананың ащы зары шекарадан бері аса алмай со жақта қалып қойды. Пәнидің жүзінде бұдан артық қасірет жоқ шығар-ау ата-анаға. Жоқ...

Қайтесің? Есітіп, көріп отырып, қыздың анасымен бірге отқа күйіп, жалынға өртенесің. Исекең (Исраил Сапарбай) айтпақшы жаман да болса «өз гүліміз» ғой!

Көрмеймісің, Айдана қызым, Ақжарқынның «ұл-қызымның қызыған көруге жазсын» деп Жаратқаннан күндіз-түні тілеп отырған ата-ананы ділгірлік сорына белшеден батырғаны? Шолпандай жарқыраған үмітін шытыр шөптей өртеп тынды! Өзі де өртеніп кетті!

Бүгінде Қытай қапасында нигериялық есірткі барондарының құрбаны болғандар арасында Ақжарқын Тұрлыбайдан басқа, Жібек Сакеева, Мария Дапирка, Светлана Көлбаева, Шолпан Шоймбетовалар бар.

Осы тұста шетел жігіттерімен қандай да бір байланысы бар қазағымның қаракөздеріне не жетіспейді екен? Неге дәркер болды екен дейміз? Құдайым-ау неге?... Көк өрім, аузынан ана сүті кеппеген, пердесі жыртылмаған қыздарын шет елге неге жібереді екен бұ қазақ? Пүшайман болып: «Пәрмені күшті Құдай-ай, парасаттан кенде қыла көрме қазақты! – деп айқай салғым келеді. «Көбінше, жақсы нәрсені дауыстап, тіпті айқайлап айтқанымда алдымнан жауыз үнсіздік шығады». Бірақ менің айқайымды кім тыңдайды дейсің? Кезінде данышпан хаким Абайға құлақ аспаған қазақ қой бұл!

Тек мұндай келеңсіздіктерді тізе бергеннен гөрі жақсы сөз айтып, көңіл жадыратқан да дұрыс қой деп, ішіне лас су қайнаған самауырдай көңілге қақ тұрғызған, оңайлықпен жуырда кетпейтұғын жайларды ішке бүге бересің.

Әңгіме айналып, өзіміздің салт-дәстүрді, ұлттық қасиетімізге келеді. Содан көз жазып қалмауды ойлай бересің.

Кей жастардың өзгеге еліктеп, ерсінің бәрін жаңалық деп танып жүргенін сол ұлттық кодтың көмескіленуінен көресің. Лайым, осы бір әлсіздігіміз, әдептен озғанымыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаспаса екен деген тілек көмекейде атойлайды,.

Айдана қызым, несін айта берейін, өзің де шет жағасын сезіп те, біліп те жүрген шығарсың.

Бұндайлар некен-саяқ болғанымен, жаман әдет жұққыш келетінін, бара-бара ет үйреніп, жаппай етек алып кететінін қазақ ұмытпаған ләзім.

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан әдептіліктен жұрдай мұндай тексіздер қайдан шыққан? Қайдан?...

Әлде өмір шамы сөнбейтін апалы-сіңлілі Горгонолар Сфено мен Эвриналардың әрекеті ме екен?... Кім білсін?...

Жоқ. Қазаққа жұққан мұндай қасиетсіздіктің сабасынан шығуы басқадан емес, иә, басқадан көру пенделік. Өзіміздің бейшаралығымыздан... Дәрменсіздігімізден... Өімізге тән құндылықтарымыздан көз жазып қалғандығымыздан... Қаттырақ айтсақ, әрекетсіздігімізден. Қайран бабамыз «әрекет болмай, берекет болмайды» дегенді шегелеп айтып кетпеп пе еді! Неге қарекетсізбіз?...

Әрине бұл құм-қуыт заманда халқымыздың сан ғасырлар бойы сақталған асыл қазынасын аяқасты еткеннің нәтижесі демей көр! Өз өнеге-тамырынан ажыраған ұлттың тағдыры аянышты аяқталатынын кәрі тарих сан рет дәлелдеген. Ендігі кезек қазақтікі ме? А, қазақтікі?... Айтқан жерден аулақ...

Айдана қызым, Мөңке баба айтқан кер заман есігімізден сығалап тұрған жоқ па? Енді сәл қалғысақ, көріп-біліп отырып, әрекетсіз отырсақ кер заман төрімізде тайраңдауы әбден мүмкін. Төбеге бір шығарып алсақ, түсіруіміз қиын. Иә, енді сәл кешіксек... Сәл ғана мызғып кетсек. Қазақтың түтіні түзу шығуы екі талай.

Түрік халқының көсемі К.М.Ататүріктің: «Көп ұйықтаған халық не жоғалады, не құл болып оянады», - дегенінен қорытынды шығаратын уақыт жетті.

Енді қазаққа қалғуға болмайды. «Жау жоқ деме, жар астында» деген қанатты сөзді бір сәтте де естен шығармауға тиіспіз. Қазақ мұны мың сан рет басынан кешкендіктен айтқан. Жаратқан Иемнің: «Сақтанғанды сақтаймын» дегені бар. Сақтансақ етті. Сілкінсек етті! Бауырларым-ау...Қазағым-ау...

Әрбір кемшілік-жетістігімізді жіпке тізіп отырған зымыстан «достарымыз» шаш етектен. Сәл ғана жібіміздің босағанын байқаса, мүттайым жау мекерлік жасап, сайда саныңды, құмда ізіңді қалдырмай санатта жоқ етіп, ұстараның жүзіне отырғызар.

Тарих бетінен жоғалып кетпес үшін, қайта кіріптарлыққа түспейміз десек: «Ата-бабам батыр болған. Намысын жауға бермеген. Бізге үсті пейіш, асты кеніш ұлан-ғайыр жерді мұра етіп қалдырған» деп мен қалайға салынбай, сайын даламыз бен тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін ұрпағымызды батыл да қажырлы, арлы да намысты етіп тәрбиелеу ең басты мұраттардың бірі де, бірегейі де деп білемін.

Біз сияқты жері кең, саны аз халыққа қорған болар ержүрек, сайып қыран түлектер ауадай қажет. Тау елінің халық батыры Шәміл айтпақшы: «Саны аз халыққа үлкен қанжар керек». Ал Дидахмет Әшімханұлының мақамына салсақ: «Қазіргі кішкентай халыққа бәрінен бұрын асқақ рух керек». Рухы болмаса – қанжардан оған не пайда, үлкен достан не қайыр! Және қазіргі қанжар – қауқарсыз, достың көбі – тұрақсыз.

Айдана қызым, әр уақытта есіңде болсын рухы, намысы жоқ халық – халық емес – тобыр. Құдайым қазақты рухсыздықтан, намыссыздықтан сақтасын!

САЛТ-ДІСТҮР – ДЕРТКЕ ҚАРСЫ ТҰРАТЫН ИММУНИТЕТ


Бұрын ата-бабамыз: «Қызда қырық шырақты бақыт бар, соның жұғыны қалсын деп және қызда оттай ыстық мейірім бар, бойындағы киелі күштің, жақсылықтың, мейірімділіктің, парасаттылық пен біліктіліктің нышаны туып-өскен шаңырағына сіңер» деп қазақ қыз баласын оң жаққа ер азаматтарымен қатар отырғызып, ерекше құрмет көрсеткен.

Қазақ қыздың жат жұрттық екенін, үкідей үлбіреп бойжеткенде бөтен отбасына барғанда көретін қиыншылығын алдын ала сезгендіктен, туған шаңырағында «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай» ерекше қамқорлық көрсеткен. Перзентінің қыз дәуренін шуақты да, мұңсыз өтуіне жағдай жасауға тырысқан. Сүттен-ақ, таңғы шықтай мөлдір етіп тәрбиелеуді мақсат еткен.

Бар жақсысын киіндіріп, бар асылды тағындырып, еш нәрседен бетін қақпаған. Мүмкіндігінше қалаған талабын орындауға тырысқан.

Бұдан қыз бала отбасында ойына не келсе соны істей береді екен деген ұғым тумаса керек. Керісінше ата-ана қыз бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған. «Қызды қырық үйден, қала берсе күңнен тыю» деген қағида қазақ қоғамында бостан-босқа айтылмаса керек. Яғни, қыз тәрбиесі тек отбасының міндеті ғана емес, ағайын, туған-туыс, қала берді бүкіл әулеттің міндеті екенін тайға таңба басқандай айтылып тұрғанын байқауға болады.

Сағағынан үзілер жемістей үлбіреген сұлу да, сымбатты, абройлы да, өнерлі қыз – әулет, ру мақтанышы. Ел көркі. Кез келген отбасының сыйлы қонағы. Күллі үкілі қыз баланың үлгісі, өнегесі. Алқалы жиындарда, той-томалақтарда болатын ақындар айтысында от тілді, орақ ауызды, өнерлі қыздар ел намысын қорғап, абыройын асқақтатып отырған. Мұндай қыздар жайында одалар жазылып, небір әсем әндер дүниеге келген, домбыра шанағынан таңғажайып күйлер төгілген.

Қазақы қоғамда қыз-келіншектер мен әйелдердің тау қарындай кіршіксіз тазалығы, көтерген шаңырағына адалдығы, өз елі мен туған топырағына деген сүйіспеншілігі – көшпенділердің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрінің нәтижесі. Қазақ аруларының жүрек тамырларында лүпіл қаққан алқызыл қан – текті халықтың қаны екенін сын сағаттарда абыроймен дәлелдеп отырған.

Қызым Айдана, бұрындары салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қазақ қалай сақтаған десеңші? Айтайын, зейін қоя тыңда.

Ұзыннан-ұзақ тырнадай тізіліп тізбектелген, ырғалып-жырғалған Бөлекбай датқаның көші жаз жайлауға беттеп бара жатқан сәті. Жібек баулы көш басында байдың Айқасқа тұлпар мінген, он бес-он алтыдағы әлпештеп отырған, маңдайына басқан жалғыз қызы – Гүлбаршын.

Жамбыл атаның қыннан суырылған қылыштай бозым жігіт кезі. Гүлбаршынның тұсына келіп, тау-тасты жаңғырықтырып өлең бастайды ғой сабазың. Ырғалып-жырғалып келе жатқан көш тоқтайды. Гүлбаршынға да домбыра жеткізіледі. Қазақтың бекзат өнері атанған айтыс басталсын келіп.

Бұл не деген дәстүр! Сірә қазақтардың «сөз өнері – көк пен жердің арасын жалғастырушы киелі күш» деп санауына байланысты шығар?! Қазақтың түсінігінше, қай жерде өлең, ән-жыр естілсе, сол төңеректе басқа іс-әрекет, қозғалыс тоқтатылады.

«Көшті тоқтатып қойып, көлденең көк аттымен айтысқаның қалай?» - деп айбарынан жел екеш жел ығатын, әкесі Бөлекбай қызын кейи алмайды. Немесе «Көктен түскен перідей, сен қайдан келген жансың, кім саған көшті тоқтатуға пәрмен берді?» - деп Жамбылға да жеки алмайды. Өйткені көшіп бара жатқан көштің бойында қыз бен жігіттің айтысы – қазақы қоғамның ғажайып дәстүрі! Оны бұзуға байдың да, бағланның да құдіреті жүрмейді. Ешкімнің де...

Сондықтан болар Г.Потаниннің: «Қазақ – ақын халық. Қазақтың бүкіл даласы ән салын тұрғандай» деп әлемге жар салғаны соның себебі емес пе екен?

Айдана қызым, бұрын қазақ халқының жаз-жайлауға, қыс-қыстауға көшіп-қонып жүргенін тарихтан білесің. Міне, осы көш-қонуға байланысты да біздің халықта әр түрлі салт-дәстүр қалыптасқан. Мәселен, көш ұзақ жолда еру болып бір ауыл маңына келіп қонатын болса, жолдағы ауыл ерулік әкеледі. Көшкен ауыл «ерулікке қарулық» деп мал сойып, жергілікті ауыл адамдарына дастарқан жайып құрмет көрсетеді.

Ал көш қонбай өтетін болса, жолдағы ауыл жұрты көш алдынан дәм-тұзын, сусынын алып шығады. «Көш көлікті болсын» деп тілек білдіреді. Күні бүгінгі жаңадан көшіп келген көршілерді ерулікке шақырып, шаңырақты көрсету сол дәстүрдің жалғасы, қарағым. Бұл деген біріншіден, дастарқан басынада отырып көршілермен танысу, екіншіден, тату көршіліктің жоралғысын жасау. Қазақта «мың сіз-бізден бір шыж-быж артық» дегені осы.

Дастарқан басы – адамдардың бір-біріне пейілі, мейір-шапағаты түсетін киелі орын. Мұндай салт-дәстүрлерді білмеген жанды қазақ қоғамында «тәрбиесіз, көргені жоқ, көргенсіз» деп санаған.

Сонда, қызым, дәстүр деген не? Оған Қойшығара Салғараұлы ағаң: «Дәстүр дегеніміз – белгілі бір ұлтты құрайтын халықтың ата-бабаларының халық болып қалыптасу жолындағы бүкіл тіршілік тәжірибесінен сан ғасырлар бойы тірнектеп жинап, сұрыптау тезінен өткізіп, бір жүйеге келтіріп, қалыпқа түсірген өмір сүру заңы, яғни бүгінгі түсінікпен айтсақ, қатал тірліктің қағидаларынан қорытып, уақыттың өзі бекітіп берген конституциясы. Кем қалмай іргелі ел болсын деп бізге қалдырған асыл мұрасы...», деп анықтама береді.

Салт-дәстүр – халық қазынасы. Тәрбие мектебі. Халқымызды қалыптастырған - дәстүр өрнектері, кәде-ғұрыптары, тұрмыс тіршілігіндегі, керемет ырым-тыйымдары, әдет-ишаралары, ортақ мұралары. Салт-дәстүр – өскен ұрпағын имандылық пен адамгершілікке, отаншылдық пен елжандылыққа тәрбиелеуде маңызды міндет негізі.

Халықтың ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын тарихы әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекеттің көрінісі дәстүр арқылы танылады.

Дәстүр дегеннің өзі өте күрделі, мағынасы терең ұғым. Әрбір елдің өмірінде өте маңызды орын алатын дүниесі осы – дәстүр. Оны халық тұрмысында аса қажеттілік ретінде қалыптасқан құнды жүйе деп атауға болады. Адам қоғамындағы қажетті барлық тәртіп, рұқсаттар мен әрекеттерді заңмен ғана реттеу мүмкін емес. Тіпті оның ауқымына сыймайды. Заңдарды қанша жерден том-том етіп жазып қойсаң да, оның қарастыра алмайтын, құшағына сыймайтын дүниелер толып жатыр. Өйткені бұл жалғанда бәрі де бір қалыпты тұрмайды. Ол үнемі өзгерісте, даму үстінде.

Демек заңға сыймайтын қатынастардың бәрі дәстүрмен реттеледі. Сондықтан дәстүр дегенді кейде адамның сана-сезімінде заңнан да жоғары тұратын ұғым деп тану керек.

Дәстүрі бар ел өзін жоғары ұстай біледі. Мәселен, біз де өзімізді ұлы халықпыз десек, сол дәстүрімізді берік ұстағандықтан ғана солай дей аламыз. Сан ғасырлық дәстүріміз бар ел болғанымыздың арқасында ғана біз елдігімізді сақтап келдік. Бұл үрдіс қоғамымызды іріп-шіруден, азып-тозудан сақтап қалды. Сондықтан оны ұлы құндылығымыз, асыл қазынамыз десек жарасады.

Қазақ: «Тегіңді білу тексіздіктен сақтайды», - деген. Жеті атаңды білу, оның шарттарын орындау, қазақты талай соқтықпалы, соқпақты замандардан аман алып шықты. Сол дәстүр негізінде қазақ қоғамында жеті атаның ішінде бір-бірінен қыз алыспайды. Мұндай дәстүр жоқ көптеген елдерде жақынынан қыз алысып, ұрпақтарының қандары бұзылып, олардың денсаулықтары, сана-сезімдері, ақыл-парасаты азып-тозып жатады. Ал біз осы дәстүріміздің арқасында өзіміздің таза қалпымызды сақтай алған халықпыз. Мұның дұрыстығын бүгінгі дамыған медицина да ғылыми тұрғыда дәлелдеп отыр.

«Ата салтың – халықтық қалпың» демекші, өз жұртының қадір-қасиетінің көрсеткіші болып табылатын салт-дәстүрді көздің қарашығындай сақтау, оған мейлінше құрметпен қарау – қазақ деген халыққа, елімізге сын.

Ұлы ойшыл Пифагор: «Жақсы жүйеленген заңнан, жақсы салт-дәстүр артық», - десе, ұлы әулие Қожа Ахмет Яссауи: «Қалыптан айрылсаң да, салт-дәстүріңнен айрылма», - деп өсиет етеді.

Орыстың ғалым-саяхатшысы Семен Тянь-Шаньский қазақ жайында: «Бұларды (қазақтарды) оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім», - дегені біздің ұлттық бейнемізді қалыптастыруда салт-дәстүріміздің құдіретіне көңілі толғандық болар.

Демек, меніңше, ұлтымыздың дүниеге деген көзқарасын, мүддесін білдіретін идеологияны жаңадан жасаудың қажеті жоқ. Мемлекет жоспарлы түрде, бағдарлама түзіп үздіксіз ата-бабамыз салған сара жолын бүгінгі заман талабына сай әрлендіре, жетілдіре отырып өскелең ұрпақтың жан дүниесіне сіңіріп отырса, көшіміз түзелері анық. Бүгінгі «әттеген-айларымыз» келмеске кетіп, көк жиектен нұрлы сәуле түсер еді-ау.

Салт-дәстүрді жоғарыда тәтті жеміс беріп тұрған алма ағашының тереңге тартқан тамырына теңеуге болады. Тамырынан айрылған алма ағашы өзінің түр-түсінен, дәмінен, өзіндік тамаша қасиетінен айрылып, қу томарға айналатынын дәлелдеудің қажеті жоқ та шығар.

Әлем бізді ұлт ретінде танысын, сыйласын десек, қадірлесін десек, ұлттық бейнемізді өзіміз бар ақыл-парасатымызбен, іс-әрекетімізбен, шын көңілімізбен құрметтеуіміз қажет. Бөгде жұрттың дүрмегіне ілеспей.

Қайталап айтамын, өзінің қадір-қасиетінен көз жазып қалған ұлттар жат жұртқа кіріптар болып, отмен кіріп, күлімен шығары даусыз. Қазақтың басынан өткен тағдыры – соның дәлелі. Сондықтан қазақы өмір тіршілік ерекшелігінің көрсеткіші – оның әдеті мен ғұрпында, салты мен санасында екенін есіңнен шығарма, қарағым. Қазақтың өзгелерден ұялып, төменшіктейтін салт-дәстүрі жоқ. Иә, жоқ...

ЖАТ ЖҰРТТЫҚТАР БІЗ ЖАЙЫНДА НЕ ДЕЙДІ?

Қызым Айданажан, «Біз кім едік?» деген сауалға жауап берер болсақ, қазақ қашанда азат халық болған. Бабаларымыз дәулетті, жаужүрек, төзімді, қонақжай, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсететін қасиетке ие еді. Алдыңғы ұрпақ намысты жоғары қоятын, адамгершілік пен ізгілікті ұстанатын, уәжге тұратын, бір ауыз сөзге тоқтайтын, берген уәдесіне берік, қасиетті ұлт болатын.

Қызым менің, айтып отырған қазаққа тән аталған қасиеттер негізсіз де, дәлелсіз жаттанды қызыл сөз болып көрінуі мүмкін саған. Шындыққа көзіңді жеткізу үшін елімізге келіп, дәм-тұзымызды татқан есімдері әлемге әйгілі ғалым-саясаткерлердің біз жайында жазған естеліктеріне зер сала қарап шықсаң, менің айтқандарымның бәрі ақиқат екеніне көзің жедетеді.

Мәселен, француз саяхатшысы Ш.Е.Ужвальд де Мезе-Ковездтің «Адамгершілік қасиеті жағынан қырғыздар (қазақтар) ақжарқын, аңқылдақ та ашық, көңілді, адал және өте қонақжай болып келеді» дейді. Ал, орыс зерттеушісі С.Броневскийдің «Қазақтар ағайын-туыстарына өте қайырымды келеді, олар қолында барымен бөліседі, бір-біріне мейірімділік танытып, көмегін аямайды. Қонақты шақырылған және шақырылмаған деп бөлмейді. Үйіне келген кез келген адамды тамақтандырып жіберуді өздерінің міндеті санайды» деп сөз етеді.

Американ дипломаты әрі саяхатшысы Скайлер Юлжин сөзін былайша сабақтайды: «Қазақты біле келе, оларды сүймеу, тіпті сыйламау мүмкін емес. Орта Азияда болғандардың бәрінің ойы: «Қазақтар өзге тайпалардың бәрінен артық деген ортақ пікірге келіп табан тірейді...» десе, Адольф Янушкевич, поляк зерттеушісі: «... Қазақтың ойлау қабілетінің кереметтігіне барған сайын көзім жетті. Тіпті, балаларының ақылы ерте толысады.... Бірнеше күн бұрын өзара дауласқан екі партияның қақтығысына куә болдым. Сонда Демосфон мен Цицерон туралы өмірі естімеген шешендерге таң қалып, қол соққанмын. Сонда бұлар тағы, жабайы болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық өркениетке жат болып қалуы мүмкін емес...» - депті ағынан жарылып. Ақиқат пікірі үшін рахметтен басқа айтарымыз жоқ ол кісіге.

Олар қазақ өміріне бойлап қыз-келіншектеріміздің ұлт ұйтқысы екенін түсінген, асылдылығы мен өнегелілігіне таңдай қағысқан.

Мәселен, Н.Л.Зеланд деген Ресей дәрігері қазақтың түрлі аймақтарында болған. Омбы қаласында 1885 жылы жарияланған «Қырғыздар» атты этнологиялық очеркінде: «Қазақ – қызу қанды жан. Оның рухында жайсаңдылық, ізгілік бар, ол ылғи да жайдары жүреді, жаны сергек әрі еліктегіш келеді. (Осы еліктегіштік біздің түбімізге жетіп отырған жоқ па?)

... Әйелдерінің иман жүзділері жиі ұшырасады. Олар ақылдылығымен көзге түседі. (Ерлер жайында бұл қасиет айтылмаған еді.) Қазақ қыздарымен танысудың сәті түскен түрлі адамдардан да осы пікірді көбірек естіген едім», - деп жазады.

Әйел қазақ отбасының алтын қазығы екенін, үйдің ырысы да, тынысы да болатынын, әулет бірлігі әйелге байланысты екенін түсінеді. Ұлттық болмысты сақтауда қыз-келіншектердің орны ерекше екенін сезінеді.

Әйел табиғатын терең түсінген жат жұрттықтар өз саясаттарын осыған байланысты жүргізген.

1890 жылдары Ресейдің Киелі Синоды: «Бұратана халықтардың ұлдарын оқытқаннан қыздарын оқытқан пайдалырақ. Әйелдер отбасында балаларына орыстың рухын себеді» деген шешім қабылдайды. Міне, орыстың мүттайым көргенділігі. Біз сияқты еліктегіш халықтың жанды жерінен болат құрсауымен қылқындыра ұстау деген осы. Қазір де сол саясаттың зардабын тартып отырған жоқпыз ба? Өз ұл-қызымен жат тілде шүлдірлесіп жүргендердің көбісі төмен етектілер екенін несіне жасырайық. Ақиқаты сол. Әрине мен бүкіл әйел затына топырақ шашқым келмейді. Рухы биік, ұлтжанды қыз-келіншектеріміз барын желтоқсан көтерілісі дәлелдеді емес пе?

***

«Қазақтар кеңес үкіметіне дейін екі-ақ пайызы сауатты болған, ешқандай әлемдік мәдениетке үлес қоспаған, әдебиеті, өзіндік әліпбиі, өткен өнегелі тарихы болмаған көшпелі тобыр» деген негізсіз де, жалған теориясымақ екендігіне тарихқа ойлы көзбен үңілген парасатты жандардың көкірек көзі жететініне күмән жоқ.

Қасиетті ата-бабамыз ешбір ұлт пен ұлыстың жазу-сызу жайында хабары болмаған дәуірде-ақ өз әліпбиін жасағанына кәрі тарих куә. Орхон-Енесей, Күлтегін ескерткіштеріндегі жазбалар соның дәлелі.

Ал халық ауыз әдебиетінің көркемдігі, тәрбиелік мәнінің тереңдігі, идеялылығы жағынан өркөкірек те, кеудемсоқ елдердің әдебиетінен көш ілгері болмаса, кем түспейді. Мақтануға тұрарлық ұлы туындылар өзгелердің таңдайын қақтырған, тамсандырған.

Әрбірі бүгінгі докторлық диссертацияның тұжырымындай болатын мақал-мәтелдеріміздің өзі не тұрсын! Мақтаныш етерлік ой қорытындылары екеніне дау жоқ.

Көшпенділер мәдениетіне келсек, салт атқа мініп, кең даланы дүбірлеткен сенің ата-бабаң кекірік ата тоя ас ішіп, тұтқынға түскен гладиаторлардың жан беріп, жан алысқан жекпе-жегін тамашалайтын, бұтына тога киіп жүретін римдіктерге, кең мата шүберекке оранып жүретін ежелгі гректерге шалбар кигізгенін білмейтін шығарсың. Онда біліп алғаның абзал. (Л.Н.Гумилев. «Қиял патшалығын іздеу»)

Басқасы басқа, адамзат сенің ата-бабаңа ат әбзелдері мен үзеңгіні, арба мен дөңгелек ойлап тапқаны үшін қарыздар. Дөңгелексіз бұл заман бүгінгі даму деңгейіне жетер ме еді, жетпес пе еді? Ол бір Жаратқанға ғана аян. Сонда деймін-ау, озық мәдениеттің бірден бір ошағымыз деп жүрген бүкіл Еуропаның жұртына шалбар кигізген, киелі сайын даламыздың төсінен дөңгелеуін бастаған, күні бүгінге дейін әлемдік цивилизацияның көшін алға сүйреп келе жатқан дөңгелекті ойлап тапқан халықты әлемдік мәдениетке үлес қоспаған деуге қалайша ауыздары барады? А, қызым, қалайша?... Бұл әділетсіздік емес пе? Тек әділетсіздік қана емес, қаса қана бұрмалаушылық десе де болады.

Қай пенде болмасын алты мың шаршы метрге созылған, әрі қайран қалдыратын, әрі қайғыға белшеден батыратын ұлы Қытай қорғанын көргенде «Адамзаттың қолымен жасалған бұл не деген керемет, не деген ұлы?» деп таң қалатыны хақ. Қайран қалдыратыны қорғанның биіктігі 15 метр, ал ені 4 метр. Әрбір 100-120 метрден соң, төңірегінен еңсесін асыра түскен шаршылы мұнаралар бой көтерген. Мұнараларының бұрынғы саны 60 мың болса, қазіргі саны 20 мың. Мұның өзі де таңдандырмай қоймайды.

Қайғыға салатыны құрылысқа қатысып қаза болған жұмысшылардың ұзын саны жүздеген мың екені белгілі. Алып Аждаһадай қорған құрылысында жан төзгісіз ауыр жұмыстан күн сайын ондаған мың адам бақи болған екен. Өлген құрылысшылардың сүйектері жерленбей құрылыс материалы ретінде қабырғаға өріліп кете берген. Ұлы Қытай қорғаны тура мағынасында адамдардың сүйегімен тұрғызылған.

Қызым Айдана, саған ұлы Қытай қорғаны жайында хабар бере отырып, мыналай аңыз есіме түскені. Зер сала тыңда!

Күн суыта бастайды. Мэн Цзян қорған құрылысында жүрген жарына жылы киім әкеледі. Соры қайнаған келіншек күйеуінің азапты еңбекке шыдай алмай өліп, сүйегі қорған қабырғасына қоса өріліп кеткенін естігенде шашын жайып тастап, көз жасын көлдеткенде тау қозғалып, көл шайқалады.

Жаратқанның құдіреті болар, қорғанның жас арудың күйеуі денесі өрілген тұсы опырылып түседі. Қайта қалпына келтірілсе, қайта құлайды. Мына құдіретке таңданған жұрт императорға хабар жеткізеді. Бұл жерге жеткен Цинь Шихуанди әлгі жас жесірдің теңдессіз сұлулығына таң-тамаша қалып, әйелдікке алмаққа бекінеді.

Мэн Цзян императорға мынадай шарт қояды:

  • Күйеуімнің сүйегін қорғаннан алып, барлық ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып, жерлеуге әмір етсеңіз, сонда ғана сіздің талап-тілегіңізге келісемін, - дейді.

Жас ару асыл жарының жерленгенін өз көзімен көріп, қатыгез жанның әйелі болғанымша өлгенім артық деп, құрылыстың маңындағы асау ағынды, терең сулы өзеннен пәк жанына сая табады. Осылайша мына қасірет пен қайғыға толы бұ фәниден баз кешеді, тағдырдың уын ішкен қайран ару!

Міне қызым, аңыз трагедиямен аяқталғанымен, әйел жанының пәктігі мен тау бұлағындай тазалығы жайында қыздарымызға тағлым тұтар ғибратты да, өнегелі мәні бар.

Ал қазақтың айтыс өнері Қытайдың ұлы қорғанындай таңдай қақтыратын дүние емес пе? Суырып салма ақынның қарым-қабілетіне жаға ұстамай көр. Бал арасындай құжынаған жұрт алдында сағаттап қарсыласының астарлап берген сөзін жадында сақтау, оған «таяқ жемейтіндей» ұтымды да үйлесімді жауап беру, осының бәрін бір мезетте ой елегінен өткізу, қыруар пәтуалы ойды қасқағым сәтте көркем де әсерлі поэзия тілімен төгіп-төгіп жіберу тек таңдайы тесілген аса талантты жандардың ғана қолынан келері анық.

Мәселен, айтыс өнерінің ең қиын түрі «Жұмбақ» айтысын алайық. Ақын қарсыласын «аяғынан шалу» үшін:

Аллаһ мықты жаратқан сегіз батыр,

Баяғыдан соғысып әлі жатыр.

Кезек-кезек жығысып, жатып-тұрып,

Кім жығары белгісіз түбінде ақыр? - деп жұмбақ жасырды. Қапия жерде сөз тапқан қарсыласы мүдірмей:

Мұны тапсам ойланып, ақын деңіз,

Таба алмасам, ақылды болар неміз?

Қыс пенен жаз, күн мен түн, тақ пен жұп

Жақсылық пен жамандық – болды сегіз, - деп жауап берді. Суырып салма ақынның ой оралымының тездігіне, өмірге бойлауының тереңдігіне бас шайқамай көр, таңдайыңды қақпай көр.

Айтыс қаны жерге тимеген құдіретті өнер ғой, шіркін. Бұл дегенің адамзатты тамсандырған әлемнің жеті кереметіндей таңданарлық нәрсе емес пе? Мұны әлемнің қай мәдениетіне жатқызуға болады? Айтыс өнері қазақтан басқа қай елде бар? Айтыңызшы, қай елде?...

Шешендіктің өзі терең ақыл-парасаттың сыртқы бейнесі іспетті. Мұны ұлы мәдениет демей көр. Бұл – сайын даланың төл перзенті қазаққа ғана тән қасиет екеніне дау жоқ.


СҰЛУ ДА ПАРАСАТТЫ ҚЫЗ –

ӨМІРДІ ӘРЛЕНДІРУДІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ


Қызым Айдана, қыз-келіншектердің тіл жеткізгісіз әсемдігі мен пәктігі көптеген талант иелерін, тілінен бал тамған шешендерді, он саусағынан өнер тамған шеберлерді әлемде теңдессіз өнер туындыларын жасауға шабыттандырып келеді, құлшындыра бермек. Жоғары дәрежеде сәулет өнері дамыған бай қоғамда, талай талант иелерінің ой-қиялынан әр кезеңде ғажайып ғимараттар, керемет мемориалдар, тамаша ескерткіштер, кепиет өнер туындылары дүниеге келген.

Соның бірі жеті кереметтің бірінен саналатын – Вавилон аспалы бағы. Аталған бақ патша Новуходоносордың бұйрығымен сүйікті жас әйелі Амитиске арналып салынған. Мидия (қазіргі Иран) патшасының қызы Вавилонның аптап ыстығы мен шаңдағына көндіге алмай, өз елінің көкорай шалғын белдерін, хош иісті гүлдері мен әр түрлі жемісті ағаштардың самалмен тербеген сыбдырын аңсаумен болады.

Патша сүйікті патшайымының көңілін кош ету үшін ажалды пенденің қолынан келе бермейтін таңғажайып керемет жасайды. Құмына көмілген жұмыртқа пісетін аймаққа жасанды жұмақ орнатады.

Әйел сұлулығы ғажайып күш екендігінде дау жоқ, қызым! Бүгінде «көзі тірі» кереметтердің бірі – Тәж-Махал. Индиядағы ең танымал монумент Аграның жанындағы Джамна өзенінің жағасында орналасқан. Ол Шах-Жаханның сүйікті жары Мумтаз-Махалға арналып салынған. Көркіне көз тойғызғысыз, мына кереметті адам салды дегенге нанғысыз. Оның бір ғажайыптығы алыстан көз салған адамға ақша бұлттай қалықтап көрінуі. Көк жүзінде күмбездер жеңіл қалқып, оның «етек-жеңі» қара жерді сипай өтіп бара жатқандай. Іргесіне келіп тірелген су бетінде екінші Тәж-Махалдың төңкерілген көрінісі бейне бір аққу жүзіп бара жатқандай әсер етеді. Керемет сұлулық... Тәж-Махал – Мумтаз-Махалдай текті, сұлу әйелдің құдіретін танытатын әсемдік шыңы.

Біз сөз еткен ғажайып дүниелер әйелдерге арналған ұлы туындылардың бір парасы ғана. Бұл тізімді жалғастыра берсек, бір емес, бірнеше кітаптың қабырғасын қайыстыратыны анық.

Сұлу да сымбатты, ақылды да парасатты қыз-келіншек – өмірді әрлендіру мен сәндендірудің қайнар көзі.

Қызым Айданам, әлемдегі әсемдік атаулының бәрі сендердің, асыл арулардың, назарларыңа іліну үшін жасалатыны есінде болсын! Иә, көрікті де ибалы арулардың...


БҮГІНГІ ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНЫҢ ҮЛГІ АЛАР ТӨЛҚҰЖАТЫ


Отқа оранып, суға тұншыққан қазақ – өз тарихын енді ғана танып келе жатқан халық. Көш керуені түзелгелі беріғана осындай еркіндікке қол жеткізді. Бүгінгі ұрпағымыздың тарихи зердесін артыру, өзімізге тән құндылықтарды таныту – алдыңғы ұрпақтың, яғни біздің, басты міндетіміз болса керек. Әсіресе ұлт тәрбиешісі болатын қыздардымыздың рухани құндылықтарымызды жан-жақты, жетік білгені жөн.

Айдана қызым, ендігі айтарым, қазақтың сайын даласындағы сендерге үлгі-өнеге болатын қыз-келіншектердің ежелгі тарихынан хабардар етсем деймін.

Дағыстан халқының ұлы ақыны Расул Ғамзатов: «Сен кімсің?» - деп, сұраған жанға, сен төлқұжатыңды, өзінді куәландыратын құжаттарыңды көрсетесің. Егер сендер кімсіңдер? - деп халықтан сұраған болса, олар өз халқының құжаты ретінде елін-жерін қорғаған батырларын, ғұламаларын, ақын-жазушыларын, өнер адамдарын т.б. айтар еді» – дейді.

Қызым Айдана, бүгінгі қазақ қыздарының мақтан етер үлгі тұтар төлқұжаты кімдер екенін білесің бе? Иә, біздің тарихымызда қыз-келіншектерімізге таңғы Шолпанындай жарқыраған, құбылнама болар ұлы перизаттары көптеп саналады.

Қазақ қыз-келіншектері мен әйелдері қай заманда да ұлт тұтқасы бола білген. Оған көне де, жаңа да тарих куә. Мәселен, Сақ дәуіріндегі Тұмар (Томирис), Зарина. XVl ғасырда өмір сүрген Сүзге ару, Қызай, Айпара аналар, Бопай ханымдардрдың ерлік рухы ел есінде. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен «Шығыстың қос шынары» атанған Әлия мен Мәншүк, кешегі Желтоқсан көтерілісіндегі Ләззаттың жасаған ерліктері, адамгершілік қасиеттері, Отанға деген шексіз махаббаты, асқақ рухы бүгінгі қыздарымызға үлгі алар, мақтан етер ұлы тұлғалар екені даусыз.

Қызым, енді жоғарыда айтылған кейбір аяулы жандардың өмір тарихынан хабардар етпекпін.

Буырқанып-бұрсанып, мұздай темір құрсанып, қолына қару ұстап ерлермен қатар тұрып, құнарлы жері мен тұғырлы еліне көз алартқан жаулардан қорған болған батыр әпкелерің тарихтан белгілі.

Біздің жыл санауымызға дейінгі ғасырларда өмір сүрген Сақ еленің патшайымдары Тұмар мен Зарина – кез келген адами қасиеті жағынан, елі мен туған жерін қадір тұту жағынан бүгінгі, ертеңгі қыздарға үлгі-өнеге.

Қызым, енді осы айтылған аяулы жандардың кейбірінің өмір тарихынапн хабардар етейін.

Тұмар (Томирис) – біздің дәуірімізге дейінгі 570-520 жылдары өмір сүрген Сақтан тараған Массагет тайпасының патшайымы. Ол – жүрек жұтқан батырлығымен ғана емес, елінің ертеңін ойлайтын ақылдылығымен, халқын соңына ілестіре алатын көсемділігімен, орақ тілді, от ауыз шешендігімен де тарихта қалған ұлы тұлға. Тұмар ханым жөнінде жазылған мәліметтерге жүгінсек, талай елді қан қақсатқан парсы елінің патшасы Кир Тұмар ханымға елші жіберіп: «Маған тұрмысқа шық. Екеуміз екі елдің басын қосып, бірігіп билейік» депті. Кирдің зымыстан ішкі есебін түсінген Тұмар ханым: «Мен елімнің патшасымын. Менің иілгенім – елімнің иілгені. Сенің түпкі мақсатың мен емес, менің елімді тізе бүктіру. Билеу. Бүкіл байлығын иелену. Ұлын – құл, қызын – қүң ету. Сондықтан мен қасиетті жерімді жаудың табанына таптатқызбаймын! Халқымның өр кеудесін ешкімге бастырмаймын! Ата-баба әруағы мен зүриятымды ешкімге қорлатпаймын! Кімде-кім менің еліме қан сұрап келсе, өз қанына өзін тұншықтырамын. Кир соны есінен шығармасын!» - деп зіл сала жауап береді.

Басынан сөз асырмайтын Кир Тұмардың мына жауабына қаны басына шауып, ханшайымды тәубаға келтірмек болып, қыннан қылыш суырады. Аракс өзенінен өтіп, Массагеттер территориясының біраз бөлігін басып алады. Тұмар ханымның негізгі күшін жойып жіберуге жоспар түзіледі. Уәзірі Крездің кеңесі бойынша, лагерьді қорғауға даярлығы нашар жасақ қалдырып, оның есесіне мол етіп шарап, ас-ауқат беріп, негізгі күшін Аракс өзеніне шегіндіреді. Тұмар ханымның баласы Спаргапис басшылық еткен массагеттер парсы лагерін шығынсыз басып алады. Оңай жеңіске масаттанған бұлар тойлауға кіріседі. Аста-төк астан қарпа асап, мол шарапты суша сіміреді. Көп ұзамай қоғадай жапырылып, қаннен қанерсіз қорылға басады. Парсылар осы сәтті пайдаланып, массагеттердің жасақтарын қырып-жойып, Спаргаписпен бірге көптеген сарбаздарын тұтқындайды.

Масқара жеңіліс жайында хабардар болған Тұмар ханым Кирге елші жібереді. Елшілер: «Нәмәрт Кир! Менің ұлымды аман-есенінде қайтар. Және менің елімнен, киелі жерімнен жақсылықпен табаныңды жалтырат... Егер бұл айтқаныма көнбесең, массагеттердің ұлы Күнімен ант етемін, қаншалықты тойымсыз болсаң да, мен сені өзің аңсаған қанға кеңірдектен тұншықтырамын! Айтқаным айтқан, өз қаныңа...», - деген Тұмардың сәлемін ала барады.

Спаргапис есін жинап, өз-өзіне келген соң, бір сәтке қолын босатуын өтінеді. Кир бұл өтінішті орындатады. Ол көз ілмес жылдамдықпен жанында тұрған жасақтың қанжарын қынынан суырып алып:

-Ежелгі дұшпанымның тұтқынында кіріптар болғанша, өлгенім артық, - деп есіл ер өз өмірін құрбан етеді.

Тұмар ханымның ел арасында сүйспеншілікпен «Ер аналар» деп аталып кеткен кілең қыз-келіншектерден тұратын, жастайынан әскери өнерге жаттықтырылған жасағы болатын. Сақтардың жан беріп, жан алысқан ұрыста қиналған шағында Тұмар ханым сол ерекше жасағына: «Еркін Сақ елінің арулары! Еліміздің басына зұлмат та, зауал күн туды. Ар-намысты қорғайтын кез келді. Біріңнің әкең, біріңнің жарың, біріңнің бауырларың мына қанды қырғынның ішінде қан төгуде. Жалғыз ұлды аналардың боздағы да осында. Бұларды қыршынынан қиғызып қоямыз ба? Жанымыз олардан артық па? Жоқ, мысқалдай да артық емес біздің жанымыз. Елдігімізді сақтап қалу – киелі ата-баба рухын сақтап қалу екенін бір сәтте де естен шығармауымыз керек. Ата дұшпан алдында бас иіп, киелі жерімізді таптатып, сауғалап қалған бас пен аман қалған жанның кімге керегі бар? Сақ елінің бостандығы мен ұрпағымыздың кемелді болашағы үшін жан пида! Таңымызды айырған ата жауымызға мінәсіп жауап берейік. Сақ елі шетін ел емес екенін көрсетейік дұшпанға. Кіріңдер қан майданға! Жауды баудай түсіріңдер!» – деп даустайды.

Екі жақ та титықтап шаршап-шалдыққан шақта массагеттерге тың күш келіп қосылады. Бірінің қызы, екіншісінің қарындасы, үшіншісінің жары атойлап кіріп келгенде, массагеттердің рухы аспандап, арыстанша айбаттанып шыға келеді. Жастайынан соғыс өнерінің жілігін шағып, майын ішкен «Ер аналар» жасағы парсыларды қоғадай жапырып, күлін көкке ұшырады. Көп ұзамай Кирдың да дүниеге көзі тоймаған басы допша домалайды.

Тұмар ханым: «Қанішер Кир! Киелі сайын даламды жауға таптатпаймын, жақсылықпен келген жағыңа қайт, айла-амалмен қолға түсірген баламды қайтар, болмаса өз қаныңа өзіңді тұншықтырамын деп ескерткенмін. Тыңдамадың. Менің еліме, жеріме көз алартқан кез келген дұшпан сенің кебініңді киетінін біліп қойсын! Іздегенің қан еді, ал, іш, ендеше», - деді, ата жауы Кирдің басын қан толы меске салып тұрып...

Сақ патшайымы Тұмар заманы мен біздің заман арасын сан ғасыр бөліп жатыр. Дәлірек айтсақ отыз ғасыр. Алайда елінің егемендігі үшін, ұлтының бостандығы үшін, ұлын құл, қызын күң етпес үшін қан майданға тайсалмай жасанған жасақ бастап шыққан ержүрек қызын өскелең ұрпағы ұмытқан жоқ. Есінде. Еш уақытта да ұмытпайды да. Өйткені ол халқының бақыты үшін күресті. Елдің теңдессіз бақыты – ол егемендік. Тұмар патшайым бар саналы ғұмырын халқына жат жұрттың бодандық қамытын кигізбеу үшін арнады. Қасиетті топырағын жауға таптатпас үшін күресті. Әпкенің ұлылығы да осында.

Бүгінгі қазақ арулары ұлы Тұмардың өнегелі өмірі мен іс-әрекетінен үлгі алса, қолымыз жеткен тәуелсіздіктің қадіріне жетсе екен деп армандаймын.

Қызым менің, сендер жауына намыс бермеген, келген дұшпанының жұлынын үзіп жерлеген ұлы даланы мекендеген қасиетті халықтың ұрпақтары екендеріңді еш уақытта ұмытпаңдар! Еш уақытта!...

***

Зарина. Қызым Айдана, бүгінгі қазақ аруларының тәлім алуға, қадір тұтуға бек тұрарлық қаһарман қыздарының бірі – осыдан жиырма бес ғасыр бұрын өмір сүрген Сақ патшайымы Зарина әпкеміз.

Мидия мемлекеті Парфия елі үшін Сақ тайпаларымен қан майданда талай рет бетпе-бет кездескен. Кең дала төсін ат тұяғы айғыздап, мың сан дихан мен бағбан, талантты сәулетші, зергерлер қыршынынан қиылған еді-ау. Сансыз әйел жесір, мыңдаған бала жетім қалған. Жалғыз боздағынан айрылып, жаугершілік заманға қарғыс айтып, шашын жайып жіберіп, беттерін өткір тырнақтарымен айғыздап, жоқтау айтқан ана қаншама?!

Бұлар тағы да бір-бірін кескілеспек ниетпен екі биік таудың ортасындағы кең жазирада тұмсық тіресіп тұр. «Аттан» деген ұран тасталса, жап-жасыл дала әп-сәтте қып-қызыл қанға боялып, жаралы жандардың құлындаған даусы жер жарып, дүние астан-кестеңі шығып, адам мәйіттері тау-тау боп үйілері анық.

Шайқас алдындағы тылсым тыныштық. Үрейлі сәт. Бұл қырғын немен тынарын, кімнің лақаттан жай табарын, кімнің жау елінен мал табарын, кім біледі?! Әр сарбаздың Тәңірден бір ғана тілері – жарық күнінің сөнбеуі. Қарсы жақтың жермен-жексен болып күйреуі. Бұрын кездеспеген, өмірінде көрмеген, бір бересі, алты аласы жоқ, ала жібін аттамаған, қиянат жасамаған кінәсіз жанның жанын жаһаннамға жіберу. Мына қан қасап алдында ешкімнің бұдан басқа ойы жоқ. Ең қатерлі, обыр өңеш соғыс алаңында адам өмірі деген көк тиын тұрмайтын құнсыз да қауқарсыз. Жасақ біткеннің жанарында қас қағым сәттен кейін қыршынымнан қиыламын-ау деген үрей оты жылтырайды. Өмір мен өлім белдескен шақтағы бұл қорқыныш тарқап, жау жасағын жайратып, жеңіс туын желбіретерміз деген әлсіз үміт қылаң береді әр жүректе.

Күллі әлемді нұрға бөлеген құдіретті күн де дүние боқтық үшін бірін-бірі қан жоса еткелі тұрған мына пенделердің қырғынын көргісі келмей, қара бұлтқа тасаланды. Қою қара бұлт еңкейіп жерге жақындай тұсті. Жер бетін қара көлеңке тұмшалап алды. Қара көлеңке...

Осы кезде Мидия жағынан ханзада Стриангия «жекпе-жек», «жекпе-жек» деп көк дауылдай ат ойнатып алаңға шыға келді. Сүліктей қара тұлпары шиыршық атады. Көңілге үрей үйірер сұсты. Сақтар жағынан «мен мұндалап» лезде ешкім шыға қоймағандықтан, ақбоз атты алдаспанын көкке білеп, атып шықты.

Сақ жағы демдерін ішіне алып, бір сәтке мүдірісті. «Патшайым, мұның қалай?! Қап, әттеген-ай...», - десіп, «сен тұр, мен атайын» десетін апай төс баһадүрлері бір сәтке ғана кешіккендеріне өкініп, сандарын ұрысты. Өкінгеннен не пайда, жекпе-жектің қатал ережесі сол: енді өзгертуге келмейді.

Тұлпарлар тұяғынан шаң боратып, екі жанкешті бір-біріне ұмтылысты. Жекпе-жектің қатал заңы: бірі аттың жалын құшып қалуы тиіс те, екіншісі жеңіс тойын тойламақ. Бұл шайқаста кімнің күні батып, қайсысының айы туар екен? Ол бір тәңірге ғана аян. Жан беріп, жан алысқан айқас басталды.

Семсерлерден жарқ-жұрқ етіп от шашырап, қалқандарды жалын шарпыды. Көк күмбездегі екі бұлт бір-біріне тиісіп, қаруларын жарқылдата сайысып, көк көбесін сөге күркіресіп жатты. Оқтын-оқтын бар әлемді тілгілеп, назағай жарқылдады.

Қылыш жүзі қайрылып, найзалар майысты. Қалқандары қақ-қақ айырылып, сауыттары сөгілді. Тұлпарлар ақ көбікке малшынып, ауыздықтарын қарш-қарш шайнасты. Әр жасақ ортадағы қос қыранның қиян-кескі шайқасын қалт жібермей бақылауда. Өз сарбазының алапат соққысына айыздары қанып ұрандаса, сәтсіз қимылына шыбын жандары бірге шырқырайды.

Кенет сүлік қара аттының жойқын соққысы ақбоз аттының қалқанынан тайып барып, алтын дулығасын жерге ұшырып түсіреді. Бүкіл Сақ жасағының басынан жан түршігерлік дауыл күркіреп өткендей болды. Жекпе-жекке түскен жалғыздың амандығын ойлап бүкіл сарбаз жан азабына түсті. Тіршілік белгісі толастап, қыбыр етуге шамалары келмей, жапан дүздегі бәдіздей қатты да қалды.

Ақбоз иесі аттан ауып барып, бойын азар дегенде тіктеп алды. Көзі қарауытып, бүкіл дүние шыр көбелек айналып бара жатты.

Сүлік қара атты екінші рет қадап ұрғалы ұмтыла бергенде, қарсыласының тұла бойын жауып кеткен қолаң қара шашына көзі түсіп, іркіліп қалды.

«Қыз ғой, қы-ы-з?! Менімен осынша уақыт қарсыласып жүргенім қыз болғаны ма?» - деді сүлік қара атты, таңданысын жасыра алмай. Қыздың келісті келбетіне таңырқай көз тігіп: «Сақ елінің патшайымы Зарина болар» деді іштей қарсыласының ажарына сүйсіне көз тастап. Стриангия Сақ елінің ханшайымы Заринаның ақыл-парасаты мен күн нұрындай көркі жайында аңыз етіп айтылған әңгімелерді талай естіген. Ханзада қыздың жүзінен мол ақыл, сабырлы сана, қайсар мінез бен асқақ рухани күшті аңғарғандай болды.

Аттан құлап қалмасын деп, сүйемек болып қызға жақындап келді де қарынан ұстады. Жауы түгіл сайын даласының салқын самалы да желпіп өтпеген балғын дене тіксініп қалды. Көзіндегі тұман сейіліп, шыр айналған дүние сабыр тапқандай болды. Қолын жұлқи босатып алды да:

- Жаудың есіркегенінен, оның қолынан жан тәсілім еткен артық. Аямаңыз! - деді Зарина. Жасындай жарқ еткен қаһарлы жанары ұшқын шашып, қара көлеңкелі ажал қанша төніп тұрғанымен, шарпыған кекті жалынды өшіре алмады.

Қарсы алдында тұрған маңдайы кереқарыс, сұсты жауының шоқ шашқан жанарында меймілдеген толқыныс, үлкен тебіреніс бар екенін ойлы жүрек түйсінді.

- Есіркемеңіз, аталы жаудан аяушылық күтетін пендең мен емес. Жау..., - дей бергенінде сүлік қара атты Заринаның сөзін бөліп:

- Сақ елін тізе бүктіруге барып, қызбен жекпе-жекке түсіпті деген қаңқу сөз жауынгерлік рухымызға түскен қара таңба болмай ма? Тек менің ғана емес, бүкіл ұрпағымды жерге қаратар өсек-аяң болары анық. Ең басты ол да емес, Зарина құрбым. Жүрегім сізді жамандыққа қимайды, - деді шоқтай жанған жанарында мейірім оты маздап.

- Жаулықты достыққа жалғастыру екеуміздің қолымызда емес пе? – деп, жігіт аттан түсіп, қыздың жердегі алтын дұлығасын әперді де, аттарды жетегіне алып, Сақ жасақтары жаққа жетелей жөнелді. Мына көрініске таңырқап тұрған қалың қолдың алдына келіп:

- Мен, Мидия ханзадасы, Стриангиямын, ұлы дала перзенттері Сақ тайпаларының ерлік істеріне бұрыннан қанық едім. Сіздердің аруларыңыз ұлдармен бірге қатар тұрып елі мен жерін жаудан қорғайды дегенді естуші едім, соның ақиқаттығына бүгін көзім жетті. Аруларыңыздың өзі осылайша қайрат көрсетсе, ер жігіттеріңіздің күш-қуатын бағамдауға көп ақылдың керегі шамалы.

Сақ елінің болаттай берік қорғаны, рухы биік елі, Заринадай ержүрек те, батыр патшайымы бар қасиетті дала ешбір жауға бас иіп, тәуелді болмақ емес. Патшайымдарыңыздай ару қыз кез келген жауды батырлығымен де, көркімен де табындырып, тәнін де, жанын да жаралауы мүмкін. Соған бүгін имандай сеніп тұрмын.

Зарина құрбым, мына алмағайып жаугершілік заманда Сақ елінің қуанышына да, қайғысына да ортақ, тілектес болуымызға рұқсат еткейсіз. Бұдан былай төскейде малымыз, төсекте басымыз қосылатын бауырлас ел болайық, - деп Заринаға көз қырын жүгіртіп еді. Оның сұлу жүзі нұрланып, аясы кең қарақаттай көзі мейрімге шүпілдеп, ерекше бір ықыласқа кенеліп тұрғанын байқады.

  • Ханзада, кімде-кім бізге достық ниетпен келсе, төріміз бен тұз-дәміміз әзір. Ал егер жаулық ниетпен келсе, оған біздің айбалтамыз бен қалқанымыз дайын, - деді Зарина айбынды үнмен жанарынан ұшқын шашып.

Патшайым сөзін қоштаған жасақтар тұнып тұрған көл бетін алай-дүлей дауыл шайқап жібергендей ұрандаған дауыстар кең даланы жаңғыртып жіберді.

Екі жақтың жасақтарының да алаң көңілдері көншіп, жүздеріне жылылық ұялап, көздерінен қуаныш шапағы төгілді.

Күллі әлемге шаңырақ көк аспанның да қабағы жадырап, құдіреті Күн де мына қуанышқа мейірлене нұрлы жүзін көлегейлеген мұнар сағымды ыдырата жер жаһанды алтын нұрға бөледі.

Стриангия сүлік қара тұлпарға жеңіл ырғып мініп, көкке қолын көтеріп:

-Ұлы даланың жау жүрек жасақтары мен шойын білек баһадүрлері, сіздердей бауырлас ел таптым деп, тілеулес бел таптым деп, көңілге медеу тұтарлық жұбаныш жер таптым деп аттанып барамын. Қош, тек жақсылықта, қуанышта кездесетін болсын екі ел, - деп патшайымға бұрылып:

-Зарина құрбым, - деді ханзада насат кеудесін көтеріп, қалың түкті қабақ астындағы шоқтай жанған өткір көзі ұшқындап:

- Құрбым, қыран көкті тіліп самғау үшін, тұлпар дүниеге жер танабын қуыру үшін жаралған. Мен сіздей асыл жанды жолықтырып, қанатыма лағыл тұмар, тұлпарымның жалына үлбіреген үкі тақтым деп кетіп барамын, - деді.

Бозым жігіттің мына сөздері Заринаның жас жүргеніне нұр себезгілеткендей әсер етті. Жәудір жанары жалт етіп, әп-сәтте қарашығында нұр ойнап шыға келді. Бірақ көшпенді елдің ару қызы сыр білдірмеді. Іштей тынды. Аңғарыпмаз жігіттің қырағы көзі жас арудың ішкі нәзік толқынысын аса сезімталдықпен пайымдады. Жүрегі қуаныштан атойлап лүпіл қақты.

«Әдемілікте, сұлулықта не тұр дейсің тәйірі, - деп қалың ойдың сүрлеуіне түсті ханзада Стриангия, - екінің бірі сұлу, екінің бірі әдемі. Сол екінің бірі қолына қару алып, елі үшін, жері үшін Заринадай шайқасқа шыға ала ма? Қайдан шықсын?... Патшайымның жөні бөлек. Сақ елінің аруы ерекше жаралған жан. Ерекше...», - деп толғанды, қалың сарбаздарын еліне бастап бара жатып.

Бірнеше рет жүрек жылуын елшілер арқылы білдірген де еді. Ханзаданың сүйіспеншілік лебіздері пайтшайымның да жан дүниесін тебірентіп, нәзік жүрегі қуаныштан лүпіл қағатын, артынша мұңлы ойдың тұңғиығына бататын. Шарасыз халін ойлап, ауыр күрсінетін ару қыз. Мұңға бататын...

Екі жас шекарада соңғы рет оңаша кездескенде Стриангия тебірене:

- Зарина, Сақ елінің жарық жұлдызы! Мидия еліндегі күллі мәуелі бау-бақшасының жасыл жапырақтары сарғайып, бұтақтары сиреп, тіпті біразы түбінен шіри де бастады. Олар буаз ақша бұлттың қасиетті желінінен селдеткен уыз нәрінен үмітті. Аңқасы кепкен бау-бақшаның аңсай күткен тамшысы сенсің, Сақ елінің ару қызы. Көкке жапырағын жайып сенен рақымшылық күтуде олар.

Менің қарбалас тірліктен қалт етіп қолым босаған сәтте бой жазып тыныстайтын көзге тоят берер, көңілге ләззат сыйлар алқызыл гүлге малынған гүлзарым бар болатын. Күннің жылы шуағы жетіспегеннен сол ғажайып гүлдер бірте-бірте қурап барады, солып барады. Гүлжазира мекенге сенің нұрың жетіспейді, Зарина. Ақ дидарың жарқ етіп бір көрінсең, қайта гүл-гүл жайнап, ғажап көрікке енер еді-ау сол гүлді алаң.

Мидия елінің төрінен боранды да, аязды қыс орнын босатар емес нұрлы шаққа. Кербез көктемді қанатына қондырып ала келетін жыл құстары ат ізін салмай кетті бүгінде. Біздің шуақты күндерді аңсаған «бейшара» елге бәйшешекті көктемді сыйлайтын сен ғанасың, Сақ елінің перизаты. Күллі Мидия сені сағына күтуде, періште қыз.

Таудан аққан мөлдір бұлақ «Зарина» деп сылдырайды, желпіп өткен таңғы ерке самал «Зарина» деп сыбырлайды. Көңілімнің көк жиегінде тек сенің ғана есімің. Мендегі «жаралы» жүрек тек сен деп қана соғады. Соның емін тапшы, күллі Сақ даласының ерке қызы! – деді жанарында мұң мұнартып.

Зарина жаны алабұртқан ханзаданың шоқ шашқан жанарындағы меймілдеген толқынысты түйсініп:

- О, қатарынан оза туған асыл текті Стриангия, өзім де баян таппай жүргенімде, осынау жүрек жарды сөздеріңіз жанымды жадыратып, тесік моншақтының арманы болған жазиралы жұмаққа жетелегенімен, онда тұрақтап қалудың амалын таппай қамығып тұрғанымды білмейсіз ғой. Білмейсің?... Маған деген жан жүрегіңіздің жылуын бұрыннан-ақ сезінуші едім.

Есіңізде ме ханзада, алғашқы кездесуіміз. Дулығамды ұшырып түсіргеніңіз. Қылышыңызбен тәніме жарақат салғаныңыз. Сонда жарқ еткен жанарыңыз жанымды да жаралалап кеткен болатын. Алғашқы кездескеннен-ақ «ата жауым» болсаңыз да арманыма балағанмын сізді. Иә, жасырып кайтейін, қас жауым болсаңыз да, жүрек шіркінде дауа жоқ екен. Мен дүниеде сізден басқа жанға жүрегімнен орын берген емеспін. Бермеймін де. Сіздей бекзат жанның көңіл төрінен орын алғаныма тағдырыма шексіз ризамын. Алайда мені алаңдатар, жанымды жай таптырмай, жатсам тұрсам есімнен бір шықпайтын қасиетті де қастерлі бір ой бар. Ол Сақ елінің қамы. Бүгін-ақ қол ұстасып сізбен бірге мені сағынып күтіп отырған Мидия еліне кетер едім. Таққа ие болар аға-ініні бермеген тағдырға не шара?

Екі ел бір тудың астына біріксе, көшпенділер елінің, дәстүрі бойынша ел тізгіні ер кісіге тиесілі. «Алтын басты әйелден бақа басты еркек артық» деген тәмсіл бар. Бізде ер кісілерді төрге оздыратыны сондықтан. Мен де халқымның сүйегіне сіңген, тұрмысына енген әдебінен аттап кете алмасым анық. Хандық құру, елді билеу сізге жүктелері хақ. Біздің көзіміз тірі кезінде екі ел терезесі тең болғанымен, кейінгі ұрпақ біздің шешімімізді қалай қабылдары белгісіз? Келешекте ел тізгінін ұстаған ұрпақ Сақ елін, менің халқымды, бұратана ел деп тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен, бүкіл тарихынан айырмауына кім кепілдік береді? Ешкім кепіл бола алмайды. Ұлы даламды біреулерге кіріптар, текті халқымды нәмәрт тобырға айналдыра алмаймын. Міне, менің өз тағдырымның күрмеулі түйінін шеше алмай тұрған себебім осы. Сондықтан сіздің ұсынысыңызды өкінішке орай қабылдай алмаймын, қадірлі Стриангия. Кешір, асыл туған ханзада. Менің зұлмат халімді түсінерсіз деп ойлаймын.

Мендегі асыл мұрат – Сақ еліне деген махаббат. Елімнің бостандығы бәрінен қымбат маған, ханзада. Қош, Стриангия, менің алғашқы да, соңғы махаббатым!» - деді, бота көзіне мұңлы жас үйіріліп.

Заринаның бұл жүрек жарды сөзінде құрғақ хабар емес, көкірегі қарс айрылған күрсініс, қысқа күннің батар шағында қызғылтым сәуле шашқан ұлпа бұлттардың мұнары сияқты бір нәзік сезім бар еді. Асқар тау, сайын дала, шалқар көлді қимай қоштасқан қыр қаздарының арман аралас қиқуы есітілгендей еді.

Қоштасар сәтінде текті елдің ару қызы өз шешімін бір-ақ рет айтатынын, сол сөзінен айнымайтынын түсінген Стриангия: «Уа, ұлы даланың асыл перзенті, пәтуалы сөзіңді есітіп риза болдым. Сіздің орныңызда мен болсам дәл осындай шешім қабылдар ма едім? Қайтер ем? Жаратқан Ием екеуміздің қосылуымызды қош көрмеген екен, көнеміз де, қайтеміз? Біздің сүйспеншілігіміз еліміздің татулығының белгісі болсын! Қош, сайын даланың қиял жетпес жарық жұлдызы, асыл туған Зарина», – деді, даусында қимастық мұң аралас мақаммен.

Қос мұңдық осылайша бірін-бірі қимай қоштасты.

***

Сүзге ару. Қызым Айдана, біздің жыл санауызға дейінгі ұлы әпкелеріңнің өмір мұраты жеке басының қамы емес, елі мен жерінің бірлігі мен амандығы болды. Біреуге тәуелді болмай, еркін өмір сүру үшін күресті. Ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қойып, өз бақыттарын құрбандыққа шалған. Қайран ғана ұлы әпкелеріміз-ай! Әпкелерім!... Қасиеттеріңнен, кейінгі ұрпаққа қалдырған үлгі-өнегелеріңнен айналып кетсе де болмай ма?

Айдана қызым, бұ фәниге ана сүтімен, баба өсиетімен бірге сүйекке біткен кісілік келбетінен айнымай, тектілік тұғырынан таймай, ақ-адал өмір кешу тек дараларға ғана тән сирек қасиет екенін көңілге тоқығаныңды қалар едім.

Өзіміздің жыл санауымызға келейік. Он алтыншы ғасыр. Ресей империясы айналасын жалап-жұқтап жатқан шақ. Қатын патшасы Сібір жерлерін жаулап алу мақсатында қарақшы (шын мәнінде) Ермакты мұздай қаруландырып, сол кезеңдегі Сібірді қырық жыл ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Көшім ханды бағындыруға жұмсайды.

Хан Көшімнің аққудың көгілдірігіндей, Күн шапағындай, таңға шық тамған гүлдей, періштедей пәк сұлу Сүзге арумен тілегі мен жүрегін қосқан кезі. Көшім хан сүйген жарына арнап Есіл өзенінін жағасында ақ мұнаралы «Сүзге Тура» қалашығын салдырған. Әдетте Сүзге ару алтын қайықпен Есілдің айдынында көңілі шалқып, бойы балқып серуендеп, сейілдеуші еді. Қарақат көз, қолаң шаш арудың жаны жібектей, тәні ақ күмістей, қайран зада болмысты перизат еді-ау. Оның көз қарықтырар көркі мен ақша қардай тазалығын небір сұңғыла ақын-жырлаулар өлең-жырларына арқау ететін. Күллі Сібір сол өлеңдерді әнге қосып шырқаушы еді.

Бұл қасіретті оқиға 1552 жылы болған. Орыс-казак жасағы Ескер қаласына шабуыл жасап, Көшімді қуып шыққан болатын. Ендігі Сүзге Тура қаласы нысанаға алынды. Сүзге сұлу өз қаласын құмырсқадай қаптаған жаудан қорғау үшін жиырма бір күн жастық жастанбай, қылышын қынабына салмай арпаласумен болды. Ақыры жеңілерін біліп, Ермакқа елшілер жіберді. Ол хатында: «Қарақшы Ермак, егер менің қаламнан үмітті болсаң, менің мына өтінішімді орында. Бізге үлкен кеме жібер. Оған менің аман қалған жұртым түгел мініп, көзден таса болғанша тиіспеуге уәдеңді бер. Егер осы өтінішім мүлтіксіз орындалса, қала сенікі», - депті.

Ермак Сүзге сұлудың бар тілегін орындайды. Кеме беріліп, оның Есілді бойлай жүзіп кеткенге дейін бірде-бір қылыштың қынабынан суырылуына рұқсат етпейді.

Сүзге сұлу тұрған ақ мәрмәрлі мұнара көрінбей кеткенше көшкен ел-жұрт: «Қош, қош, Сүзге», «Қош, Сүзге сұлу, жауға арыңды таптатпа, рухынды биік ұста, Сүзге Тура қаласының бәт құндызы! Намысыңды қорлатпа көшпенді елдің асыл қызы, текті жұрттың ұрпағы!» - деп аруға арнап шығарылған әндердің бірінен соң бірін шырқап бара жатты.

Кеме қара үзіп, көзден таса болды. Жас ару андаған жаудың ортасында жападан жалғыз қалды. Жанарына жас үйрілді. Көкірегі қарс айрылып, жан дүниесі құлазып сала берді. Осындай хал кешемін деп ойлап па еді Сүзге. «Қайрылмас қайран сол күндер! Бәрі де бір күндегідей болмай, көрген түстей, сағымдай өтті де кетті-ау. Арысым Көшіммен өткен өмірім бір ақжарылқап күндер еді-ау», - деп, өткен шуақты күндерін өзегі өртене есіне алды. Бұ фәнидің басы таудай басталып, аяғы қылдай болып аяқталғанына қамықты. Нәркес бота жанарына жас толып, мөлдір тамшылар қаймақшып қайқы кірпігіне ілінді.

«Кешегі көл-көсір байлықтан не қалды? Шат-шадман, жұмақтағыдай өмірден ше? Мені мәпелеген ел-жұртым, асыл текті басием қайда менің? Жау қолында намысымды қор етер лас күндер керек па маған? Тілі бөтен, діні бөтен дұшпанға қор болып өтер өмір ше? Жоқ! Керегі емес!».

«Қош, қош, менің ертегідей шаһарым,

Екеумізге төкті жаулар қаһарын.

Бізді ешкім ажырата алмайды.

Дәл төріңде сені құшып жатамын.

Қош, қош, менің асыл жарым Арысым,

Мен сынбаған намыспын,

Қош бол, халқым, жарық Күн», - деп, сүйікті қаласына соңғы рет көз тастап, қынға қол салды. Екі жүзді суық қару елін, жерін, халқын сүйген, адал да, арлы жүректің соғуын мәңгілікке тоқтатты. Батар күнмен бірге батты қайран ару. Бірақ басына түскен батпан тағдыр талайы намысты арудың рухын сындыра алмады.

«Алпыс жыл тасыған дария, алты күнде суалды» - деген осы сыңайлы. Қиялға сыймаған арман өмір қыршынынан қиылды, осылайша.

Осы кезде Иван Гроза бастаған қарақшы топ та келіп жеткен еді.

Ақпандағы ақшамда жауған ақша қардай кіршіксіз аппақ арын ешкімге қорлатпай өмірден өткен шығыстың асылдың сынығындай болған періште қызының мына ерлігін дұшпандар да қадір тұтып, бар жол-жаралғысын жасап, Сүзге сұлудың пәк денесін арулап жер қойнына берді. Адал махаббаттың символындай болған ару қызына арнап халқы қабырының басына зәулім пирамида орнатты.

***

Тойқара. «Қайран, біздің аналар, барды ойламай, арды ойлаған». Сондай аруларымыздың бірі – Тойқара. Тойқара десе Тойқара еді-ау, шіркін! Көркі ақылына, ақылы арына сай Тойқара – кіші жүзге хандық құрған Әбілқайырдың үкілеп өсірген қызы. «Шаштарын бес күн тарап, он күн өрген» ерке тотайдың бірі емес, көзі ашық, сауатты да, мәдениетті бойжеткен болған. Орынборда әйелдер үшін ашылған гимназияда оқып жүрген кезінде қазақтың таң нұрындай аруына дала генерал-губернаторы Гессеннің көзі түсіп, шын ниетімен сөз салады. Мұның алдында Тойқараны қалмақ ханы Қалдан Церен өзінің бел баласына айттырып, қыз әкесі Әбілқайыр ханның алдынан өтіп, бәтуаласып қойса керек.

Әкесі дүниеден өткен соң, Әбілқайыр ханның ұлы Нұралы хан қарындасын кімге ұзатарын білмей дал болады. Былай тартса, арба сынады, былай тартса өгіз өледінің кері. Екеуі де оңай шағылатын жаңғақ емес. Бірінің көңілі табылса, екіншісінің зұлмат жаулығы атойлап шыға келетіні даусыз.

Осындай ел басына қара бұлт қаптаған қиын шақта күрмеуі қиын түйінді Тойқара арудың өзі шешеді.

Қызым, халық қабырғасын қақыратар қасіреттен қазақтың қара көз сұлуы қалай қорғап қалды дейсің ғой? Онда тыңда, қалқам!

Орыс генерал-губернаторы Гессен де, қалмақ ханзадасы да Ақордада сый-құрмет көріп жатқан түні Тойқара Жаратқан Ие алдына барып тауап етуге бел байлады. Осылайша он гүлінен бір гүлі ашылмаған періште сынды, хор қызындай сымбатты, көз жасындай мөлдір қазақтың ару қызы балы мен зәрін қатар ұсынған тағдырын талақ етіп, кете барады. Ел басына түсер бар тауқыметті өзімен бірге о дүниеге ала кетеді. Бұ жалғанның қызылды-жасылды қызығы мен шыжығын жас ару қалай қиып кете барды десеңші?! О, Тәңірім, қалай?...

Қазақтың ұлы ақыны Мәкеңнің (Мағжан Жұмабаев): «Дүниедегі күшті нәрсе екеу-ақ қой: Өлім һәм махаббат. Адам өзгені айналып өтсе де, өлім мен махаббатты айналып өте алмақ емес», - деп жазғанын данышпандық демей көр!

Ергежейлі ойлы кейбіреулер мұның парқына жетпеуі де мүмкін. Әбден мүмкін… Мұның несі данышпандық деп?

Дегенде бұл ой-түйсігі кемелдерге терең мағыналы пәлсапалық тұжырым, қызым. Сүзге мен Тойқара әпкелеріміздің өмірінің соңғы минуттарында осы екі ұлы ұғымның бірін ғана таңдау қалмады ма? Махаббат пен өлім. Меніңше еліне, туған халқына деген сүйіспеншілік ажалдан да күшті. Сол махаббат қас аруға анау-мынау пенденің қолынан келе бермейтін ерлік жасауға ықпал етті.

Сүзге мен Тойқара әпкелеріңнің пәктігі неде? Біріншіден, халқын ажал тырнағынан құтқарды. Екіншіден, тілі бөлек, діні бөлек, салт-дәстүрі бөлек жат жұрттыққа, ата жауына иілмей, көшпенділер рухының биіктігін, тау бұлағындай таза махаббатының мөлдірлігін сақтап өтті бұ жалғаннан. Міне, тәлім алар, мақтан етер тұлғалар өмірі, қызым.

***

Үш ғасырдай тілі, ділі, діні, мәдениеті бөгде ұлттың идиялогиясымен, тілімен, салт-дәстүрімен уланып келдік. Тарихымызды ұмыттыруға тырысты. Кешегі тырнағынан қан кеппегендердің ұрда-жық сұм саясаты негізінде қазақ жоқшылық, таршылық, ашаршылық тауқыметін тартып, тең жартысынан айрылды. Көш бастар, көзі ашық, бас көтерер ұл-қызын аяусыз отаумен болды. Ұлы бабаларымыздың сан ғасырларда сыннан сүрінбей өткен мінәсіп салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын ескіліктің, надандықтың белгісіндей көрсетті. Рухын көтеретін, намысын оятатын, күш-жігер беретін елдік мұраттарын жоюға тырысты.

Аллаһ Тағаладан алшақтатты. Жаратқанға тіл тигізіп, рухани құлдыраудың шегіне сүйреді. Көптің кеудесіне шайтан ұялады. Сөйтіп, қос жанардағы иманның нұрын, жүректегі мейірімнің шұғыласын сөндірді.

Мұндай отаршылдық саясат не үшін қажет еді?

Айдауда жүретін, айтқанға көнетін, өз ұлтының тарихына ойланбай лағынет айтатын, тілі мен ділін менсінбейтін, қазақ боп туылғанына намыстанатын, момақан, рухсыз да намыссыз, бір-бірін сатуға әзір тұратын, жалтақ та қорқақ, жағымпаз да жарамсақ, нәмәрт, кескен жерінен қан шықпайтын ұрпақ өсіруді көздеді. Сөйтіп қазақ деген мәрт те ержүрек халықты ділгірлік сорына белшеден батырды. Осылайша бізді бұратана елге, халқымызды тобырға айналдыру ниетін ұстанды. Ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауды ниет етті. Көздеген мақсатына жетті де. Қазақтың келбетін өзгертіп жіберді. Кері кеткен елдің кері тартқан ұл-қызын өз халқына айдап салып, жеңістеріне масаттанып, сыртымыздан мысқылдап күлумен болды. Күні бүгінге дейін соның зардабын шегумен келеміз десем қателеспеймін.

Отаршыл ұлттың озбырлығынан ата-әжеміздің қанына сіңісті болған үрей бізге де «жұққан». Жасқаншақтық қасірет бізден қан арқылы келер ұрпағымызға беріліп, солар да «сорлап» жүрмес үшін қайтіп тазармақ керек? Бұл «тұмаудан» жазылудың жолы қайсы? Бұл «дертті» қалай тежесек болады? Ұрпағымызға қайтіп тәрбие берсек жөн? Қой аузынан шөп алмас момындық ұрпағымызға жалғасып, солар да «тұмауратып» жүрмес үшін қайтпек керек?...

Қызым Айдана, әрбір халықтың өз мәдениеті, өзіндік дүниетанымы мен идеологиясы, тарихы бар. Әрбір халық жер бетінен жойылып, құрдымға кеткісі келмесе, құндылықтарына құрметпен қарау тиіс.

Ата-баба көксеген күнге қол жеткенде ұлттық мүддені, халықтық мақсатты алдыңғы қатарға қою күллі қазақ қоғамының міндеті деп білемін. «Аға халықтың» идеологиясының жетегінде жүріп, жіберген кемшіліктерімізді түзеу, сынған, бүлінген асылдарымызды бүтіндеу, жоғалтқандарымызды түгендеу бүгінгі жастардың еншісінде. Көз жазып қалған ұлттық құндылықтарымызды өзіміз түгелдемесек, бізге ешкім түзеп бермейді, қызым. Өзге жұртқа біздің мәңгүрттеніп, отын жағып, күлін шығарып жүргеніміз, ағашын жарып, суын тасығанымыз тиімдірек.

Қамшысынан қан тамған кеңес заманында-ақ ұлттық бейнемізді сақтаған, рухты да намысты, тәлім алар тұлғалар жайында бірер сөз келтірейік.

Белгілі кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, СССР киноматографиясының үздігі Дариға Тыналинаның Мосфильмде істеп жүрген кезі. Сол кезде Шыңғыс ханның рөлін СССР халық артисі өзбекстандық Шукур Бұрханов ойнаған болатын. Шукур әкә мен Дариға әпкенің сәлемі дұрыс болатын.

Дәкеңнің атына Ташкеннен жедел хат келді. Онда ташкендік әріптестері: «Өзбек киностудиясы жаңа үйге қоныс аударды. Соның ашылуының қадірлі қонағы болыңыз», - деп сұраныпты. Қазақтың «Шақырған жерден қалма, шақырмағанға барма» деген қанатты сөзі бар, сол айтпақшы, әпкеміз ұшып келсін өзбектің Ташкентіне. Аэропорттан Шүкеңнің өзі (Шукур Бұрханов) күтіп алады. Сырнайлатып, кернейлетіп өз ағамдар төбелеріне көтерсін-ай келіп. Бірде екі жастың үйлену тойына, бірде сүндет тойға апарып тамашалатады. Сан түрлі сый-сияпат жасайды. Жайылып жастық, иіліп төсек болсын. Қойшы әйтеуір, бәйек болып, жақсысы мен жайсаңы алақандарына салады. Ықыластарының түрі бөтен. Ерекше. Бұндай әсіре көкке көтерудің сырын түсінбей, Дариға әпкеміз таң-тамаша! Қайран қалады?

Мәселенің мәнісі бір күннен кейін ғана ашылады. Студия директоры:

- Бұрқанов аға Мосфильмді шыр көбелек үйіріп отырған қазақ қызы бар деп айтып келді. Біз сіздің жоғары профессионал екеніңізді бұрыннан білетін едік. Бізге қызметке келсеңіз қайтеді? Бар тілегіңізді орындаймыз. Атақ-даңқ, материалдық жағдай түгел шешіледі. Ташкенттің ортасынан баспана дегендей. Бірақ бір шартымыз бар, - дейді әлгі студия директоры.

- Ол қандай шарт?- дейді әпкеміз таңданысын жасыра алмай.

- Сіз Дариға ханум болуыңыз керек.

- Ол қандай сонда?

- Ол оп-оңай. Сіз төлқұжатыңызды абайсызда жоғалтып аласыз, өзбекке айналасыз, сөйтіп Тамара ханым сияқты боласыз да шығасыз (Тамара Артемовна Петросян). Біздің халық әртісімізді білесіз ғой? Сізге де сол кісіге жасаған жағдайдың бәрін жасаймыз.. Бәрін де..., - деді.

Дариға әпке мына жанын жаралайтын, намысына тиетін сөзге не дерін білмей қатты абдарып қалады. «Жеке өмірінің шаттығы үшін, қара басымның қамына бола, қазақтығымды талақ етіп өзбек болуым керек пе?» деп ойлап:

- Жоқ, директор жолдас. Бұл шартыңыз менің намысымды қорлау деп білемін, – деп орнынан тұрып, кабинет иесімен қоштаспай шығып кетіпті.

Осы әрекетімен-ақ қазақ қызының материалдық байлық, жарқ-жұрқ еткен дүние, көкке көтерілген атақ-даңқтан гөрі, өз ұлтына деген ішкі тазалығын, кісілік келбетін, іштегі рухани әлемінің биіктігін танытты.

Қайран ғана Дариға әпке, жағдайынды түзеймін деп уәде бермесе де, шетелдіктердің етегін ұстап кетіп жатқан қара көз сіңлілеріңізге не дерсіз? Сіздей болу екінің бірінің қолынан келе бермесі хақ. Қай-да-а-н?!

Дариға әпкеннің тағы бір ерлігіне келсек.

«Егемен Қазақстан» газетінде 30 сәуір 2008 жыл жарияланған әпкенің естелігінде:

Түркменстанда «Ерекше тапсырма» деген фильм республиканың қырық жылдығына арнап түсірілмек болды. Онда атаман Дутов әскерінің қалдықтарын қалай жойылғаны жайында көрсетілмек. Мен атақты Алты Карлиевтің екінші режиссері болдым. Әуелде түсіру тобы Түркменстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Аннадурдиеваның қабылдауында болғанымызда: «Біз өзгелердей емес, өз бетімізді жоғалтпаған халықпыз», - деді хатшы. Мен оған онша мән бере қойған жоқ едім.

Соның артынша Алты Карлиев маған қарап тұрып: «Қазақтар бүкіл шығыс халықтарын сатып кетті. Әбден орыстанып бітті», - дегені. Бұл сөз өңменімнен өтіп кетті. Менің шат-шәлегейім шығып, билет алып беріңдер, Мәскеуге кетемін дегенім есімде», - дейді Дариға әпке.

«Итің жаман» десе, өкпеміз қара қазандай болатын халықпыз ғой, ал бүкіл қазақты «Шығыс халқын сатып кетті» деген сөз әпкеміздің ашу-ызасын тудыруы әбден мүмкін ғой. Дегенде шипалы дәрі де, дәлелдеуге қажет етпейтін шындық та ащы. Иә, өте ащы...

Дариға әпке сол мақаласының соңында: «Енді ойлап отырсам, сол сөздердің жаны бар екен ғой», қазақтардың басқа шығыс халықтарына қарағанда орыстанудан оқ бойы озып шыққаны шындық екені әлемге әйгілі, оны кімнен жасырамыз. «Ауруын жасырған өледі» деген тәмсіл құп рас қой, -деп сөзін қорытындылайды.

Жасыратыны жоқ сол «ауру» күні бүгінге дейін аш ішектей созылып келе жатқаны ақиқат. Шындықты мойындағанымыз мақұл. Мойындап қана қоймай, келеңсіздіктен шығар жолды да айқындауымыз жөн.

Венгер халқының орақ тілді, от ауызды ақыны Шандор Петефи:

Қашанғы біз қуыршақ боп қаламыз!?

Жетер енді! Сарбаз болсын баламыз!

Сыбызғылар қоя тұрсын сызылмай,

Керней үнін күтіп жатыр даламыз, - деп айтқандай, кеудені тіктейтін уақыт жетті емес пе? «Момын, момын» дегенге бөркіміздің қазандай болуы қалай? А?...

Алайда, біздің халықтың қанында жат тілге, бөтен дәстүрге қарсы тұратын иммунитет жоқтың қасы. Өкініштісі сол, сорғыш қағаз сияқты нені болса да талғамай сіңіретін нәмарт қасиетті Балтық жағалауы тұрмақ, Кавказ жұрты, өз төңерегіміздегі тәжік, түрікмен, өзбектен ырымға таппайсың. Неге біз, қазақтар, сондаймыз? Неге?... Түсінсем бұйырмасын!


***

Қызым Айдана, қазақ қыз-келіншектер поэзиясының шыңы Фариза әпке Оңғарсынованың өлеңдерін сүйіп оқитыныңды білемін. Кейбір өлеңдерін жатқа да судырататының қуантады мені. Ол әпкеміз – поэзия падишасы ғана емес, халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қадірлеп өткен дегдар тұлға.

Берлиннің «Фолк унд вельт» баспасы әпкеміздің кітабын неміс тілінде шығаруға жоспарлайды. Орыс әдебиетінің талай атақты ақындарының өлеңін аударған талантты аудармашы Ильза Чертнер деген қыз кездесуге келеді. Фариза ақынның шаңырағына Әбіш аға Кекілбаев, «Советский союз» журналының бөлім басшысы Нина Харитоновалар бас қосады. Емен-жарқын мәжіліс құрылады. Қазақтың өзіне тән қонақжайлылығы. Дастарқан жайылады. Бір кезде дастарқанға фарфор ыдысқа салынған қойдың басы әкелінеді. Ол әрине алыстан келген сыйлы қонақ Ильза Чертнердің алдына қойылады. Мұны көрген мәз-мейрам болып отырған қонақ қыздың көзі атыздай болады. Қолына пышақ алудың орнына телміріп отырып қалады. Қалған қонақтар жөн-жосықты түсіндіре бастайды. Абдыраған мейман қыз қысылғаннан күліп жіберді.

Сол сол-ақ екен үй иесі бұрқан-талқан болып, білмейтінін біліп алудың орнына, таңырқау мен күлудің әдепсіздік екенін айтып, дастарқанды тастап бөлмесіне барып шықпай қояды. Алыстан ат терлетіп келген жан алдына жығылып, кешірім сұрағанымен илікпейді. Ағыл-тегіл жылап, өлердегі сөзін айтса да иі жұмсармайды әпкеміздің.

Ильза Чертнер Алматыдан қатты күйзеліп аттаныпты. Мәскеуден телефон соғып кешірім сұрайды. Фариза әпкең сол күйі жылы қабақ танытпайды. "Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш" деген ата-баба өсиетін ақын білмейді дейсің бе? Біледі. Білгенде қандай? Сонда да кешірмейді. Кешіре алмайды. Сондағы айтқан уәжі: "Елімнің салт-дәстүрінен сонша тосырқап отырған адам өлеңімді аударып қайдан қарқ қылсын." Бар айтқаны осы.

Бұл екі категорияны (алдыңа келсе атаңның құнын кеш) алатын масштабына қарай қатар қоюға келмейді. Алғашқысы тар да, екіншісі кең. Талдап көрелік: жалқының құнын (атаның құнын) жалғыздың (ата ұрпағының) кешіруін өтінсе, Фариза ақынның оң қабақ танытпау себебі жалқының жалпыға, дәлірек айтқанда, Ильзаның қазағымның сан ғасырлар бойы қалыптасып, сыннан өткен салт-дәстүріне тосырқап күлуі болып отыр.

Намысы тұғырлы, рухы биік тұлғаның өз мүддесін ел мүддесінен жоғары қоюы мүмкін бе? Әлбетте мүмкін емес. Бұл жерде халқының мүддесі таразыға түсіп тұрғандықтан Фариза, қазақтың ақын қызы, кешіре алмады. Кешірмеді. Ақынның ұлылығы осында ғой! Иә, гәп осында, білгенге...

Қыранның ұшқан биігіне қарға қайдан жете алсын? Рухты тұлғаның іс-әрекетін рухсыздар қайдан санасына азық ете алсын? Қайдан?...

Сонда «рух» деген не өзі, қызым?

Мүмкін «рух» деген қоғамдағы шындық үшін күресуге пәрмен беретін ішкі күш-қуат шығар? Мүмкін рухтың реалды өмірдегі әрбір көрініс – қоғамдағы кез-келген әділетсіздікке қарсы күрестің, елі үшін жасаған теңдесі жоқ ерліктің нәтижесі шығар? Бәлкім халқыңның тағдыры үшін отқа да, суға да күмп беретін батылдық шығар?

Мүмкін «рух» құдіретті адамның ішкі дүниесіне байланысты болар?

Рух деген – өзінен-өзі жеке дара өмір сүре алмайды, ол терең ақыл-ойдың нәтижесінде ғана бой көрсетіп, бүр жара алады.

Кейін Әбіш аға Берлинге барғанда Ильза әдейі іздеп келіп, әлгі оқиғаны қинала еске түсіре отырып: "Апырай, граниттен де қатты неткен қайсар жан еді!" - депті, таңданысып жасыра алмай.

Қазақтың бар қыз-келіншектеріне дәл осындай теңеу берілсе ғой. Қазақ елінің іргетасы берік болар еді-ау. Ілгері ел болып, арыстан елге айналып, ешкімге де жалын сипатпас еді, қояндай қалтырап қипақтамас еді-ау. Ешкімге де... Әттеген-ай... Әттеген...

***

Тамара. Чехиядағы қазақ мәдениеті күндері. Сахнада қазақтың ақша маңдай, қара көз аруы. Қолында киелі үкілі домбыра. Үстінде жарасымды ұлттық киім тотыдайын түрлендіріп жіберген. Жұмақтан жаңа шыққан хор қызы ма дерсің! Қоңыр домбыра шанағынан төгілген жібектей есілген әсем әуез кеңістікті шалқи кернеп, тіршілік атаулының алпыс екі тамырын идіріп, ғажайып күйге бөледі. Қос ішектің ғажап күмбіріне қосыла әдемі әуен әуелей жөнелді. Әншінің бал көмейінен небір сиқырлы ырғақ құйқылжи сорғалады. Бойжеткеннің жан айдынынан қанаттары сусылдап көк жүзіне бет түзеген аққу әуез кербездене қалқиды. Мына ғажап көрініске танауы қусырылған кәрі құрлықтың менмен де кірпияз тыңдарман жұртшылығы еріксіз бас шайқайды. Ауздарын ашып, таңдайларын қағысты.

Өзгеше жан. Өзгеше ән. Бұрын-сонды естімеген әуез. Сәулелі ырғақ. Нұрлы дүние.

Жағалаудағы маңқиған сезімсіз жартасын күндіз-түні соққылап жатқан тентек теңіз де демін ішіне тартып, жым-жырт күйге енді. Шетсіз де, шексіз көгілдір көкте жөңки көшкен ақша бұлт та кілт тоқтап, мынау сиқырлы сазды ырғаққа еліте құлақ түрді. Ұшқан құс, жүгірген аң бір сәтке тіршілік тауқыметін тоқтатып жан дүниесін кернеген тәтті әуенге ұйыды.

Ұлы даланың әсем әні таусылмайтын күйкі тірліктің әуре-сарсаңын, уәйім-қайғысын ұмыттырып, тыңдарманының жанын шуаққа бөлеп, шартарапқа тарап жатты. Әуен арыны баяулап барып үзілгенде, көшпенділер өркениетінің мына өзгеше құбылысына таңдай қаққан зал іші дүрлігіп кетті. Зәулім сарай бірталайға дейін теңселіп тұрды.

Концерт соңында Қазақстандықтар орналасқан қонақ үйге чех жігіті Тамараны іздеп келді. Қасында аудармашы.

- Pani Tamara, ahoj vas umeni me prekvapilo. Predim6 nez takove nadherne vуstoupeni jsem neslуsel. Mam yelkou radostz vasich pisi, - деді чех жігіті.

- Пани Тамара, саламатсыз ба? – деп мына пан сіздің өнеріңізге аса тәнті болғанын, бұрын-соңды мұндай ғажап дүниені есітіп-көрмегенін, сіздің әніңізден ғажап ләззат алғанын айтып тұр, - деді аудармашы.

- Қазақтың ән өнері сізге ұнаса қуаныштымыз. Ілтипатыңызға рахмет, мырза, - деді Тамара.

- Әніңіз не жайында шырқалғанын білгісі келеді.

- Қазақтың кең байтақ дарқан даласы мен онда мекендеген дана халқым жайында, оның бекзат өнері жайында сөз етіледі.

- Пани Тамара, бұл мырзаның сізге айтар ұсыныс-тілегі бар.

- Иә, айтыңыздар, құлағым сіздерде.

- Сізді Чехияда қалар ма екен, - дейді, - Өнер иесіне сай барлық жағдай жасалады. Жұмыс. Прага қаласының әсем ауданынан пәтер дегендей. Тек біздің елде қалуға келісімін берсе болғаны дегенді айтады. Бұл ұсынысқа қалай қарайсыз, Тамара ханым, келісесіз бе? - делі аудармашы. Сөзін ары қарай сабақтап:

- Өнер адамына мұндай сәттілік туа бермейді, пани, келіскеніңіз мақұл, Бұл дегеніңіз өзекті жанға өмірінде бір-ақ рет қонатын бақыт қой, келіскеніңіз мақұл, - деді аудармашы.

Ата-анасының «Өз елінің бұлбұлы өзге елдің көңқарғасы» деген өсиетін қаршадайынан бойына сіңіріп өскен бойжеткен ойланбастан:

- Ниеттеріңізге рахмет. Мен үшін өз елім мен туған халқыма перзенттік борышымды адал атқарудан артық бақ та, дәулет те жоқ. Кешіріңіздер, ұсыныстарыңызды қабылдай алмаймын, - деді Тамара жылы жүзі шуақ шашып.

- Пани Тамара, қабырғаңызбен кеңесіп, ойланып барып, шешіміңізді кейінірек айтарсыз. Асығыстық жасамаңыз.

- Біз «айтылған сөз атылған оқпен тең» деп бір сөзге тоқтаған номадтардың ұрпағымыз. Кешіріңіздер! - деді әнші қыз, осымен бұл әңгімені доғарайық деген жігерлі үнмен.

Айдарынан жел ескен, күні бүгінге дейін нәзік жандылардан меселі бір де қайтпаған чехтың менмен паны:

- Өкінішті, өкінішті-ақ, пани Тамара! - деді басын шайқап, қазақтың өнерлі де, өрісті аруымен жылы жүзді қоштасып жатып.

Қазақ атына кір келтірмейтін аруларымыз Тамарадай-ақ болар.

Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өркенің өссін, халқының Тамара Асары!

***

Ләззат Алтынайқызы Асанова Алматыда 1986 жылы 17-18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы азаттық көтерілісіне белсене қатысқан. Ол Кремльдің билеп-төстеушілігіне наразылық білдіріп, қаладағы Жаңа Алаңдағы ереуілшілер қатарында болып: “Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат елге аламыз! Тәуелсіздік жасасын! ЕГЕМЕН ЕЛ жасасын!” деген ұрандармен шықты.

Көтеріліс қатыгездікпен жанышталғаннан кейін басқа да ұсталған жүзден астам «бұзақылардың» қатарында болған Асановаға Қазақ КСР ҚК-нің 65-бабымен айып тағылып, қамауға алынды.

Ләззаттың мәйіті бірнеше күннен кейін өзі оқып жүрген П.Чайковский атындағы саз училищенің жатақханасынан табылады. Ол жайында: «Жатақхананың бесінші қабатынан құлап, опат болған» деген жалған қауесет таратылған.

ЛәззатАлтынайқызын жерлеудің алдында денесін ақ жуып, арулаған кезде оның екі білегіне салынған темір бұғаудың іздері мен бас сүйегінің шүйдесі ойылып кеткені анықталды. Осыған қарағанда ол жазалаушылардың қолынан қаза тапқан. Қазақстан тәуелсіздікке қолы жеткеннен соң ғана жас ару жөніндегі шындық анықтала бастады.

Қайсар арудың мұқалмас ерлігіне арналған өлең-жырлар жазылып, баспасөзде ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің жүрек жарды пікірлері жарық көрді.

Тәлім алар иманды қасиет – түрменің кермек дәмін сүйгенімен бірге татысып, некелерін тар қапаста қидырған қазақ бойжеткендерінің асқақ рухы.

Жаңа Алаңға шығып, Мәскеудің озбыр да өктем саясатына қарсы шыққаны үшін он төрт жылға сотталған сүйіктісі Жамбыл Тайжұмаев түрмеде отырса да, оның ауылындағы әулетінің босағасына келін болып түсіп, дәстүр бойынша бетін ашып, сосын Жамбыл Тайжұмаевпен Қостанайдағы Құсмұрын түрмесінде некесін қидырған Шолпан қыздың шынайы махаббаты – өскелең ұрпаққа шын мәнінде үлгі.

Шолпан қыздың ерлігін қайталаған Роза Арипова, Сапаркүл Құлдәулетова, Алма Ашықбаевалардың іс-әрекеттері сыйлауға, кәдірлеуге тұрарлық.

«Желтоқсан қарлығаштарының» бұдан басқа да ерліктері қаншама!? Тек сол дүниелер шаң басып жата бермей халқымыздың рухани қазынасына айнаса игі. Осы тұрғыда жас ұрпақ үлгі алар желтоқсан тағылымын кеңірек таразылау бүгінгі күннің міндет-парызы.

Тұмар, Зарина, Тойқара, Фариза, Ләззат т.б. сияқты мақтануға тұрарлық тұлғалар ұлттың рухани келбеті, намысының алқызыл қаны мен жаны, санадағы өшпес идеясы. Осынау үлгі-өнеге боларлық ұлы әпкелері бар халық рухының тұғыр-тиянағы да іргелі болмақ.

Міне, қызым, сенің үлгі алар, тәлім көрсетер Таңшолпандай жарқыраған тұлғалар осылар. Мұндай жарық жұлдыздар қазақ көгінде молынан шоғырланған. Сенің де сол шоқ жұлдыздардың қатарында тұруыңды шын жүректен тілейді Бегман атаң!

***

Қызым, мына алма көз тартар алқызыл түсі мен тіл үйірер тәттілігін, бұрқыраған хош исін қайдан алды деп ойлайсың? Әрине жер анадан. Қасиетті жер ана жылдар бойы үздіксіз «перзентіне» өз бойындағы нәрі мен әрін береді де отырады. Сол нәрден қуат алған «перзент» Жаратқан Ие сыбаға еткен қасиетін ұрпақтан-ұрпағына жалғастырып отырады. Осы дәм, осы түс мәңгі қайталана береді. Өзгермейді де, ауытқымайды да. Табиғаттың айнымас заңы бұл, қызым. Оны өзің де білесің.

Ал адамзаттың, нақтылай айтқанда, қазақтың тектілігі неден көрінеді? Құбылнамасы мен бағдары қайсы? Бағыты мен жүрер жолы кәне? Менің ойымша, қазақ тектілігінің негізі оның сан ғасыр бойы қалыптасқан мәдниеті мен ұлы ата-бабаларымыздың айтып кеткен өсиетінде.

Өткен ұрпақтан-ұрпаққа берілген ұлы жол сөгіле бастаса, қазақы қоғамның өзегіне жегі құрт түсті дей бергін. Мың жылдық бәйтеректің өзегі шірісе, өзің білесің, оның күні санаулы деген сөз. Жасыл желекті бұтақтары қурап, семе бастайды. Бар қасиетінен көз жазып, күндердің бір күні қатты дауылға төтеп бере алмай опырылып құлайды. Жермен-жексен болып шіріндіге айналады.

Қызым менің, ата-баба салған қасқа жолдан жаңылсақ, бөгде жұрттың қаңсығын таңсық көріп төрімізге оздырсақ, біз де сол бойы көк тіреген алып бәйтеректің кебін киетініміз ақиқат. Оны байыптауға үлкен ақылдың қажеті шамалы. Өзінен-өзі түсінікті қағида. Алайда өзі отырған бұтағын балталап жатқандар да баршылық, өкінішке орай.

ҒҰЛАМАЛАРДЫҢ ҒИБРАТЫ – ӨМІРГЕ ӨЛШЕМ

Жас жеткіншек өз ұлтының құндылықтарын қастерлеумен бірге, ұлы тұлғаларының өсиеттерінене ғибрат алғанын қалар едім. Дала философтарының өмір жайындағы тұжырымдары Еуропа университеттерін тәмамдаған данагөйлерімен терезесін теңестіре алады. Қиян өлке абыздарының айтқан пікірлері бүгінгі күннің (ертеңгі де) көкейкесті проблемаларын тап басып айтқанына таңданбасқа лажың жоқ. Жағаңды ұстайсың. Таңдайыңды қағасың. Қазақы тұжырымның биікке көтерілгеніне жүрек жарыла қуанасың. Шүкіршілік етесің.

Төле бабамның:

Бір үйдің баласы болма,

Көп үйдің санасы бол.

Бір үйдің атасы болма,

Бар елдің данасы бол.

Ақты ақ деп бағала,

Қараны қара деп бағала,

Өзегің талса, өзен бойын жағала.

Басыңа іс түссе,

Көпшілікті сағала.

Өзіңе өзің кемел,

Досыңа адал бол, - деп өз заманында данышпандық ой айтқан баба сөзі осы күнге дейін мың мәртебе дұрыс. Ұрпағына – өсиет.

Қызым, университет қабырғасында дәріс алып жүрген саған дегдар жанның бұл өсиетін талдап түсіндірудің қажеті жоқ деп білемін. Онсыз да тайға таңба басқандай айқын ғой.

Ұлы дала данышпаны Қаз дауысты Қазбек:

Өркенің өссін десең, кекшіл болма,

Кесепаты тиер еліңе.

Елім өссін десең, өршіл болма,

Өскеніңді өшірерсің.

Басыңа іс түскенде тағдырға

Қастық қылма.

Қайғысы көшер басыңа.

Жанашыры жоқ жарлыға

Жәрдемші бол асыға.

Қиын қыстау күндерде

Өзі келер қасыңа.

Бүгін сағы сынды деп,

Жақыныңды басынба, - дейді.

Көріп отырғандай, Айдана қарағым, абыз баба жеке бас мүддесінен ел мүддесін жоғары қояды. «Еліңе кесепатыңды тигізбе» дегенін көргендік демей көр. Бірнеше ғасыр бұрын айтылған сөз бүгінгі күннің проблемасын (ертеңгі күннің де) тап басып отырған жоқ па? Мәңгілік ел боламын деген ұлт жеке басының мүддесін күйттемей, Отан тағдырын, елдің мақсат-тілегін көздегенде ғана қоғам жеңісті де, жемісті түрде алға бастыны аян. Сонда ғана әділетті қоғам орнайды. Белгілі бір топ қана бар игілікті пайдаланып, басқа халық солардың құл-күніңе айналса, ол елдің келешегі күмәнді. Иә, күмәнді...

«Ең ғажайып ерліктер Отанға деген махаббаттан туатыны» (Ж.Ж.Руссо) дәлелдеуді қажет етпейтін қағида.

Ұлы ойшыл Конфуций «Әділетсіз заманда бай болу, әділетті заманда кедей болу масқара» деген екен. Бұдан шығатын тұжырым, бай болу да, кедей болу да қоғам мен жеке тұлғаның үйлесімділігіне байланысты екен. Алайда байлықтың негізі біреулердің көз жасы негізінде қаланса, ол материалдық құндылық опалы болып табылмайды. Түбінде қайта шаян болып шағары даусыз. Маңдай терді тамшылата тапқан малдың игілігі де мол, рахаты да кемел.

Кедейлік – жалқаулықтың нәтижесі. Бір данышпан айтқан екен: «Кедейліктен өлімнің исі шығып тұрады» деп, бұл тұжырымға бүтіндей келіспесек те, шындықтың ұшқыны барын мойындауға тиіспіз.

Өмір ұзақтығымен емес, мазмұндылығымен өлшенетін шығар. Сонда қайткенде мазмұнды болмақ өмір? «Адамзат жылап келіп, жылап кететін» бұл өмір қайткенде мәнді де мағыналы болмақ?

«Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын келістірген», «сөз түзеген» хаким Абай: «Мен келмеске кетермін түк бітірмей», - деп өз өмірінен түңілсе, біз сияқты пенделер қайтпек? Соңғы секундтар соққанда не бітірдім деп кетеміз? Иә, шынында да қолымыз неге жетті? Қай ісімізді ауыз толтырып айта аламыз? Қай жетістігімізбен мақтанбақпыз? Осылайша ойым ойсырап, тұрақ таппай қара үзіп кетер ме еді? Егер Гогольдің: «Қарапайым адамадарға кешірілетін пендешілік, таланттыға кешірілмейді», - деген сөзі есіме түспегенде.

Иә, бізге қарапайым, қатардағы пенделерге, асқар таудай болып көрінетін таланттылардың толағай табыстары өздерін қанағаттандырмауы мүмкін-ау. Иә, әбден мүмкін! Олардың қасында біз кімбіз? Хаким Абай айтпақшы, «боқ көтерген, боқтың қабымыз» дә.

Қызым, сен біздің кебінімізді кимей, арттағыға үлгі етерлік сөз өнерінің, саз өнерінің, не қол өнерінің бірінің пұшпағынан мықтап ұстап, тер төгуіңді қалар едім. Дүниені билеуші еңбек пен ғылым арман-мұратыңа солар ғана жеткізеді. «Еңбек – бәрін жеңетінін», «Білекті бірді, білімді мыңды жығатынын» білесің. Есіңде болсын, еңбегі мен білімін сатпағандар, түптеп келгенде, тіршілік үшін арын саудалайды. Басқа амалы жоқ. Ал арын сату – адами қасиетті құрбандыққа шалу.

Тылсым дүниенің сылаң қаққан сұлулығына күн сайын үңіліп, сиқырлы сәттің әсерін бүкіл шығармасына арқау етіп, адамзаттың өнер қорына екі мыңға жуық таңғажайып картина қалдырып кеткен ұлы суретші Оскар Клот Моне де: «Ештеме өнбеді. Құрысын, шаршадым, біттім!» - деп өмірінен түңілумен өткен дейді білетін жұрт.

Қайран ғана өз туындыларымен адамзатты таңқалдырып, таңдай қақтырған данышпандар-ай! Сендер осылай демесеңер данагөй боласыңдар ма?!

Қытай ойшылы Лао Цзы (б.д.д. VI ғасыр) данышпандық жайында: «Дана адам өзін-өзі жарыққа шығара бермейді, сондықтан жүзі жарқын, ол өзі туралы айтпайды, сондықтан ол атақты, ол өзін-өзі дәріптемейді, сондықтан ол сыйлы, ол өзін асқақтатпайды, сондықтан ол өзгелер арасында биік», - деп айтып кеткен екен.

Қарапайым адамның ойына кіріп-шықпайтын таңғажайып дедуктивтік ой қорытындысын жасаған да қойған, жағаңды ұстамай гөр! Басыңды шайқамай, таңдайыңды тақылдатпай көр!

Данышпандық – дүниелік сана. Адам дүние ауғанша сол сананың жалғыз иесі екені даусыз-ау. Иә, даусыз екеніне күмән жоқ! Бірақ Жаратқан Ие даналықты ілуде біреуге ғана бұйртқан. Сонысы да дұрыс шығар-ау, ұлылар дүниеге жиі келсе, өзгелер айтар ештеме қалмас еді-ау.

Шынында ақылды да, талантты адам қол жеткен жетістігіне көңілі толмай туындысын зау биікке, заңғар көкке көтергенге дейін құдайдың тыныштығын көрмеген. Жеткен жетістігіне көңілі толмаған. Өйткені ол – ақыл иесі. Парасатты жан. Олар біз сияқты болмашы жетістігіне бола ауаланып жүрмейді. Тоқмейілсімейді. Ісініп-кебінбейді.

Біз жоғарыда бұл өмір қай уақытта мазмұнды да, мәнді болмақ деп сұрақ қойғанбыз. Бұл сауалға да Эсхил деген ғұлама жауап беріп қойыпты. Ол: «Көп білген кісі кемеңгер емес, білгені елге көп пайда келтіретін кісі кемеңгер», - депті. Міне, қызым, алған біліміңді Отаныңның, халқыңның, кіндік қаның тамған туған жеріңнің, қазағыңның көсегесін көгерту үшін қызмет етсең, адал еңбегінді арнасаң жүзің жарқын, өмірің ажарлы да, базарлы болмақ. Қазақтың ұлттық мүддесі үшін еш нәрседен тайсалмай қорғап, қолдап отырсаң, халқыңның сүйіспеншілігіне бөленесің. Одан артық сый-сияпаттың қажеті шамалы. Осы қағида үнемі қаперіңде болсын, қарағым! Қазағыңның ұлттық мүддесі үшін... Пайым еттің бе? Міне, сұрақтың үлкені, әне мұраттың күрмеуі.

«Ұлытауға шыққан бар ма, ұлардың үнін ұққан бар ма?» деген тәмсілде де талай сыр жатқандай, білген адамға. Пайғамбарымыз Мұхамед (саллаллһу алейһи уәсәлләм) бір өсиетінде «Адамдардың жақсысы елге пайдасы тигендері» деп, Жаратқан Иенің жердегі елшісі өз мүддесінен гөрі халықтың қамын ойлаған жандарды құрметтеген, сыйлаған, қадір тұтқан.

Айдана қызым, тоқсан сөздің тобықтай түйіні, өткен ғасырлар тізбегінде жанар таудай жарқылдаған ғұламалардың ой әлемінен ғибрат алып, өміріңе құбылнама, бағдаршам еткін демекпін.

ҚЫЗ МІНЕЗІМЕН КӨРІКТІ

Қызым, енді адамның жағымды-жағымсыз мінез бітістері жайында өзіңді біраз хабардар етсем деймін. Мұны біліп алғаның мына аумалы-төкпелі заманда қажетіңе жарап қалар деген ойдамын.

Мінезділік – бақытты болудың басты шартының бірі. Кейбір адамдар қолдағы бақытынан оп-оңай айырылып қалады, тіпті бақытсыздыққа да ұшырайды. Оның мұндай күйге түсіретін оның бала кезден қалыптасқан теріс мінезі.

Қызым, мінезге тән қасиеттің табиғаты қандай дейсің бе? Білгенімді баяндап көрейін.

Мінез – адам баласының түрліше қылық, тәртібінен басталатын барлық психологиялық және рухани қасиеттерінің жиынтығы. Мінез-құлық дегеніміздің өзі адам бойындағы жақсы-жаман қасиеттерден туындап жататыны белгілі. Ол – адамның іс-әрекетінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен байқалатын өзіндік қасиет.

Адам мінезінің көріністері әрбір жеке жағдайда, оның оқиғаларға қатысуынан аңғарылады. Адамның іс-әрекет сапасы сол іске деген қатынасымен қатар ерік-жігеріне, көңіл-күйіне, зейініне, ақыл-ойына да байланысты болады. Сонын нәтижесінде адамның әр алуан псикикалық үдерістері оның іс-әрекет түрлеріне ықпал етіп, адамның ақыл-ойын, көңіл-күйін, эмоциясын, ерік-жігер қасиеттерінің ерекшеліктерін айқын аңғартады.

Мінездің еріктік сапаларының өзі жағымды және жағымсыз болып екіге бөлінеді. Жағымды мінезге: биязы, өзін-өзі қандай жағдайда болмасын ұстай білетін, байсалды, салмақты, байыпты, кез-келген адаммен шүйіркелесе кететін, сөйлескен адамының іші-бауырына кіріп тұратын, мақсатқа талпынғыштық, дербестілік, жинақылық, тоқтамға келгіштік, батылдық, шыдамдылық, сабырлылық, тәртіптілік, ерлік, т.б. жатса, жағымсыз мінезге: ұшып-қонып тұратын, ұшқалақ, жеңілтек, өзгені төмен, өзін жоғары бағалайтын, өркөкірек, тәкәппарлық, менмендік, мақтаншақтық, атаққұмарлық, т.б. жатады. Халық түсінігінде менмен, өркөкірек, паң адам тәкәппар делінеді. Тәкаппарлық – адамның өзі жайында тым жоғары пікірі мен өзінен басқа жандар жайында төмен пікірі салдарынан туындайды. Сол себепті, өз басын тым асыра бағалайтын жанды тәкаппар, мақтаншақтар қатарына жатқызамын.

Ұлы жазушы М.Әуезов айтқандай-ақ, «тумай жатып толдым деу, толмай жатып болдым деу», - нағыз мақтаншақ адамға тән қасиет. Әдетте мақтаншақтық атаққұмарлықтың алғашқы баспалдағы болып табылады. Меніңше, атаққұмарлық пен ақымақтық бірін-бірі қолдап, қоршап жүретін егіз ұғым. Есіңде болсын, қызым мақтаншақ, атаққұмар, тәкаппар жандарды жұрт жақтыра бермейді. Ондай жандардан аулақ жүруге тырысады.

Дегенде, мінезді Жаратқан Ие бермейді. Ол күнделікті тіршілікте, қарбалас өмірде қалыптасады. Шынығады. Шыңдалады. Жетіле түседі.

Заманында немістің ұлы ақыны И.Гете: «Талант тыныштықта пісіп жетіледі, мінез өмір дауылында шынығады», - дегені соның дәлелі. Яғни, мінез-құлық тіршілік барысында қалыптасатын болса, онда мінезді жөндеуге болмайды дегендермен келіспеймін. Жидебайлық данышпанның: «Мен егер закун қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», - дегені соның дәлелі.

Қалай болған күнде де жақсы мінез ғұмыр бойы таусылмайтын жан азығы екені даусыз. Еш уақытта осыны ұмытпа, қызым.

«Тегінде, адамдарды бір-бірімен жақындастырып жіберетін нәрсе ақыл-парасат емес, мінез-құлық ұқсастыға болып табылады», - дейді ғалым-жазушы Немат Келімбетов.

Міне, Айдана, ғалым-жазушы ағамыз қыздардың жар таңдауда мінез-құлық ерекшелігіне мән беру қажеттілігін ескертеді.

Ал хакім Абай жігіттерге жар таңдауда мынадай кеңес береді:

«Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!» - деп, отбасының ұйтқысы болуда биязы мінезді, ибалы, инабатты, иманды қызды үлгі етеді.

Ұлттық мінез дегеніміз – тұтас ұлттың күнделікті тұрмыста, қызметте, отбасында ұдайы қолданатын, пайдаланатын әдет-ғұрпы, дәстүрі. Туған жері мен Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі, меймандостығы мен балажандығы, сөз өнерін ардақтауы, шешендік қабілеті, өмірдің қиыншылығы мен әділетсіз істерге төзімділігі, бұлар қазақтардың жалпы ұлттық қасиеттері болып табылады.

Ы.Алтынсарин өз халқының мінез-құлқына тән бірсыпыра қасиеттерді атап көрсетеді. Оның анықтауынша, қазақ халқына қарапайымдылық пен кішіпейілділік, ашық-жарқын көңіл мен кеңпейілділік, өзге нәсілді адамдарға деген достық және сыйластық көзқарас, қонақжайлылық пен пайымшылдық сияқты қасиеттер тән.

Жақсы мінезге қыз бала жас кезінен ата-ана бойындағы асыл қасиеттерден үйренеді, қанығады. Қыз бойындағы қалыптасқан теріс мінез ата-анасының тәрбие барысында жіберген қателігі.

Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Мен дүниеге көркем мінезді паш етуге келдім» дейді. Ол өз хадисінде: «Мен үшін сіздердің ең сүйіктілеріңіз, сондай-ақ қиямет күні маған ең жақын болатындарыңыз – ең көркем мінезділеріңіз» деген. Тағы бір хадисінде: «Таразыға ең алғаш тартылатын нәрсе – көркем мінез» депті. Мұнан шықты, көркем мінезділік адамның жүрген жерін дарқан етер, сәлелендірер асыл қасиеттерінің бірі.

«Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты», - деп ұлы бабамыз Әл-Фараби бекер айтпаған.

Мінез сапаларының бірі – оның тұрақтылығы. Ал мінез тұрақтылығы- адамның саяси моральдық ұғымынан, түсініктерінен туындайды. Бұл қасиеттер – адамның өмір сүруінің мән-мағынасын, іс-әрекетінің мазмұнын белгілейтін сапа.

Тұрақты мінезге бай жан – әркімнің айтқанына көніп, жетегінде кетпейді, өзіндік көзқарасы болады, қауіп-қатерден бой тасаламайды. Керек кезінде батылдық көрсете алады. Инициатива мен белсенділік, достық пен жолдастық, адалдық пен шыншылдық осындай мінез тәрбиелі адамға тән. Ал мінездің күшіне – мақсатқа жету жолында тұрған кедергілерді жеңе білуде көрінетін адам ұстамдылығының мөлшері жатады. Осындай сапа болмаса да мінез өз мәнінде болмайтыны белгілі, «Бойда қайрат, ойда көз, болмаған соң айтпа сөз» деп, данышпан Абай тегін айтпаған.

Жақсы мінезге тән сапалардың біріне оның байсалдылығы жатады. Мінез адамның дүниеге көзқарасы мен сеніміне байланысып жатса ғана онда жоғарыда аталған сапалар қоры молаяды. Тек осындай мінезі бар жан ғана алдына айқын мақсат қоя алады.

Мінез үшін тұрақты қасиеттердің мәні өте зор. Мәселен, барлық жерде де адам тәртіп сақтай алатын болса, тек сонда ғана тәртіптілік сол адамның мінез бітісі деп санауға болады.

Әдетте өзіндік көзқарастағы жан өзгелерге қыңырлау, дөрекілеу, тәкаппарлау болып көрінеді. Өзіндік пікір айту – дөрекілік көрсету емес. Өзіндік көзқарасы бар адамға алдымен биязы мінез қажет. Неге екенін қайдам, менің өмірден байқағаным, адамдар қайырымды жандардан гөрі биязы мінезді жандарды әулие санап, төбелеріне көтере сыйлайды, жылы жүзді, жайдары мінезді адамның кейбір кемшіліктерін де жуып-шайып жібереді.

Адалдық пен шыншылдық бір-бірімен біте қайнасқан адамның жақсы мінез бітістері. Адал адам – шынайы да шыншыл жан. Ақиқат айтылған сөздің таным мен сенімге ұштасуы, оның іс-әрекетке қайшы келмеуі. Шыншылдық – адамның қоғамда қалыптасқан азаматтың ұстанымына, ел алдындағы борышына, ар-ожданына қалтқысыздығы. Адал да шыншыл, әділетті болу жалпы әрекетке мораль тұрғысынан қарау, инабатты тіршілікте тиянақты, қағидатшыл болу деген сөз. Адалдық пен шындық – адамның атын асқақтатып, абройын аспандатады. Өйткені «адалдық қайда болса, тіршілік сонда» (Қ.Насыри), «... Шындық – ауа, онсыз дем алуға болмайды» (И.С.Тургенов), «Шындық шырағы дауыл соқса да өшпейді» (Ғ.Мұстафин), деп парасат иелері ақиқат жайында келісімді тұжырым жасайды.

Қызым менің, саған айтар ақылым, өміріңде қандай жағдай болмасын жалы жығылмаған тұлпардың, қанаты талмаған сұңқардың талмас мінезін қайталаудан тынба демекпін. Абзалдық, адамгершілік, жақсы мінез – кісіліктің нышаны. Бірақ өмір өткелдерінде әр уақытта кісілі жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет екенін ескертемін. Ол – рухты жандардың ғана еншісі.

Қызым, өзіңді әр түрлі ситуацияда сынап көрші, кісілік сенің қолыңнан келер ме екен? Қайтер екен?...

Есіңде болсын, баз біреуден ақыл-кеңес сұрағаныңда, ақиқаты осы екен деп құлай кетпе. «Кісі ақылын талғап ал, жағымдысын таңдап ал», деген қанатты сөз үнемі ойыңда тұрсын. Біреудің жетегінде емес, өз бағыт-бағдарыңмен өмір сүргеніңді қалаймын, әрдайым ішкі уәжіңе құлақ түр. Алайда соның бәрін кішіпейілділік, сыпайылық, сабырлылық арқылы жүзеге асырып отыру қажеттігін ескерткім келеді.

Қалқам, өзіңді өзгеге сыйлату үшін, алдымен өзіңе қояр жауапкершілікті арттырып, үнемі мінез-құлқыңа, отбасында өз-өзіңді ұстауға сырт көзбен сынай қарағанның да артықтығы жоқ. Өзіңе деген сыни көзқарас – бұл сынау емес, шыңдалу екенін ұқ, қарағым. Менің айтпағым, өзіңдегі бар кемшілікті ел ішінде сыннан сүрінбей тәжірибеден өткен асыл қасиеттермен толықтырып отыру, көргенді жастың міндеті. Май тоңғысыз жақсы мінезді болғанға не жетсін. Бәрі ақылмен байланысты.

«Тоқсан ауыз сөзден, тобықтай түйін түйгенімізде» жақсы мінез – адамдар арасында жоғары бағаланатын аса құнды қасиет деп біл! Бұл әрекетті бір сәтте де есіңнен шығарушы болма, қалқам. Өйткені жақсы мінез- ғұмыр бойы таусылмайтын жан азығы, бақытқа бастар қадамның бірі екенін ұмытпа. Жарай ма?!


МЕЙІРІМДІЛІК ПЕН ІЗЕТТІЛІК – ЖАН РИЗЫҒЫ


Қызым, енді мейірімділік пен ізеттілік жөнінде сөз етейік. Бұл екі қасиет басқаларға (әке-шеше, ағайын, туыс, ата-ене, жарыңның бауырлары, т.б.) көңіл бөлу, айналандағылармен өзара дұрыс қарым-қатынас жасау адамның тіршілігі үшін аса маңызды. «Мейірімділік, - деп жазады К.Бови, - мылқаулар сөйлей алатын, кереңдер ести алатын тіл». Не деген ұлағатты лебіз десеңші! Мұнан шықты, мейірімділік адамдағы сәулелі қасиеттің бірі екеніне дау жоқ. Өзгеге мейірімді болу, құрметтеп, ықылас таныту адамның жан дүниесінің байлығын, кеңдігін көрсетеді.

Өзгеге жан жадыратар жылы сөзін айтып, керекті жерінде қайырымдылық жасау, жанашарлық көрсету адам бойындағы құнды қасиеттердің бірі деп білемін. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға риясыз ықылас таныту, ізеттілік көрсету олардың көңілін өсіріп, мерейін тасытатыны белгілі. Бірақ мүсіркеу, кәріптігіне аяушылық ету олардың намысына тиетінін білгенің дұрыс. Мұндай жандар өзімен тең санап қарым-қатынас жасағанын ұнатады.

Ізгілік отбасы адамдарына, ағайын-туғандарыңа ғана игілік жасау емес, Хаким Абай: «... Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, және хақ жолы осы деп әділетті» деп, ізгіліктің негізі барша адамзатты құрметтеу қажеттігін көптің көкейіне ұялатады.

Адамның отбасы, ошақ қасы тазалығымен қоса оның жаны мен тәнінің де тазалығы оның өмірлік мұраты.

"Өмір теңіз,

Онда жүзем демеңіз,

Ізгіліктен жаралмаса кемеңіз", - деп дегдар Рудаки айтқандай, бақытты болу, асыл мұратқа жету жақсы қасиеттерсіз жүзеге аспайды. Адамның ізгілікті істері ғана құрметке бөлейді, ілтипатқа кеңелтеді. Ақыл-парасат, ізеттілік әрбір істің іргетасы болғанда ғана алға қойған мақсат-мұрат нәтижелі болмақ.

Қызым, есіңде болсын айналаңдағы адамдар, әсіресе егде тартқан қарттар өзіне көңіл аударғанды ерекше бағалайды. Ықыласпен сәлем бергеннің өзінде разы болады.

Басқаларды өзіңмен қарым-қатынасқа түсуге қызықтыра білгенге не жетсін! Ол үшін өзің білетін адамдардың жан дүниесінің ерекшелігіне, талап-тілегіне, талғамы мен көзқарасына, қуанышы мен қайғысына да аса сезімталдықпен көңіл бөлуге дағдыланғаның мақұл.

Кімде-кім өзгелердің табиғи ұмтылысын ыждағаттылықпен ескере отырып, оның басына іс түскен кезде, шамасы келгенше қол ұшын беріп, демеп-жебесе, мұндай жанды инабатты да ибалы деп түсінемін өз басым.

М.Жұмабаев: «Адамда қалай да болса, қашан да болса пайда келтіретін әрекет, ой мен іс ізгілік деп аталады. Ізгілікке ұмтылу, жауыздықтан безу – адамның жаратылысының өзінде бар нәрсе», - деп, ізеттілікке ұмтылу адамның асыл қасиеттерінің бірі деп білсе, А.Йугнеки бабамыз:

«Ізгілік – бір биік үй мұнарасы,

Алқызыл жайнап өскен гүл-бақшасы.

Әдебің – сол, гүл өскен жасыл алқап,

Сол үйдің не болмаса ірге тасы», - деп ізеттілік пен әдептің – отбасының негізі құндылықтары екенін тілге тиек етеді.

Үйде де, жұмыс орнында да адамға ізгілік-имандылықпен көңіл бөліп, оның қамын ойлау, мейірімділік пен мейірбандылық білдіру, жанашырлық көрсетіп, қамқорлық жасау – кісіліктің, ұнамды мінездің көрінісі. Біреуге мейірімділік пен ізгілік танытсаң, басына түскен қиыншылығында сүйеу болсаң, қайырымы болатыны сөзсіз. Одан қайтпаса, қайғырма, басқадан қайтады. Мейірімділік пен ізгілік бағаланбай қалуы мүмкін емес, түбінде құрмет пен қошеметке бөлейтіні ақиқат.

Қызым, мейірімділік пен ізгілікті жұртқа көріну үшін емес, жақсы атану үшін емес, табиғилығымен мінәсәр.

ДОСТЫҢ ЖӨНІ БІР БӨЛЕК

Қызым менің, енді дос жайында әңгіме қозғайық.

Түсіндірмелі сөздікте дос жайында мынадай анықтама берілген. "Дос дегеніміз – бір-бірімен жақын, тату, сырлас адамдар" деп. Меніңше, достық – кең көлемді пәлсапалық ұғым. Қазақта: "Ханның айтқанын қара да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ" деген даналық сөз бар. Сол айтпақшы, менен гөрі ағылшын данышпаны Бэконның достық жайында айтқан пікірін келтірейін: "Әрбір адам өз баласымен тек әкесі ретінде ғана сөйлесе алады. Ал әйелімен тек ері ретінде ғана әңгімелесуі мүмкін. Сенімді достың жөні мүлдем бөлек қой. Оған бәрін айтуға болады" депті.

Иә, таласымыз жоқ. Адал достың жөні бөлек екені рас. Жақсы дос жанның мияты ғой білген жанға. Достық – ортақ көзқарас пен мүддеде, мақсат бірлігі кезінде пайда болып, уақыт сынынан өткен, адамгершілік құндылығы тең, тұрақты, тек адамға ғана тән жоғары сезім. Оның ең басты белгісі – өте берік, әрі терең сезімдік жақындық. Ол адамның бір-біріне сөз жүзінде де, іс жүзінді де адал да шынайы болу, өзара терең мүдделестік, бір-біріне толық сену, қайғы мен қасіретте өзара қол ұшын беру, өзара жауапкершілік пен қамқорлық.

«Достық – аспандағы жарық жұлдыз, теңіздегі гауһар тас. Жұлдыз да, асыл тас та кіршіксіз мөлдір. Бұл екеуін ешкім де, еш құдірет те кірлете алмайды.... Егер шын дос табылса, мал-басыңды соның жолына құрбан ет. Досыңның кішкене сыйын көптей көр, ... досыңа қанша көп берсең де аздай көр», - дейді артына аталы сөз қалдырған бабамыз Мәшһүр Жүсіп Көпеев.

Ал, Мұхаң (Мұхтар Шаханов):

«Ізгілік пен ізеттің байлауында,

Мама қаздар самғайтын қойнауында.

Достық атты қазына аралы бар,

Сонау Мақсат тауының жайлауында.

Жұрттың бәрі баруға құштар оған,

Құштар бол деп тіпті ешкім қыстамаған.

Өзін мәңгі бақытты санайды екен

Сол аралдан от алып ұшқан адам», - деп достықтың шын мекенін осылайша бейнелейді.

Қызым менің, достық жайында мен бұлардан асырып айта алмасым анық. Дегенде, мынау Алласы бір, айласы бөлек қауымның қым-қуат саяз ойлылар арасынан достық атты дегдар сезімге өлшем бола алатын адал адамды іздеп табу құмнан алтын айырғандай өте қиын шаруа екенін біреу білсе, біреу білмес. Сондықтан бұл жайында үстірт, жеңіл қараудан аулақ болу қажеттігін ескертемін.

Адамдар арасындағы достық адал дос, амал дос болып екіге бөлінеді. Ақылман Ж.Ренер айтпақшы, "Көмекке зәру болған кездеріңде өзі-ақ сезіп, білетін адам ғана шынайы дос". Қуанышыңда бірге қуанып, қайғыңды өз қасіретіндей сезінетін, ащы-тұщыны бірге татысып, нені болса да бірге бөлісетін дос – әке-шешеңнен кейінгі ең жақын жан ол.

Қызым менің, тәуліктің бір беті ақ та, бір беті қара. Айдың да бір жартысы жарық та, бір жартысы қараңғы. Сол сияқты өмірдің де шуақты-көлеңкелі кезеңдері алмасып отырады. Отбасы басына түскен бұлтты күндерде (Аллаһ Тағала ондайдан әмісе аулақ етсін) қасында болып, жылы сөзін айтып, демеу болған шынайы досыңның қамқорлығын ұмытпай, жақсылықпен қайтарып отыру адами парызың.

Шаңырағыңда болатын той-думалақ, туған күн сияқты бас қосуларда досыңның ұсынған сый-сияпатын кезі келгенде еселеп қайтаруға тырыс. Одан кедейленіп қалмайсың. Тегінде «есепті дос айнымас» деп қазақ бекерге айтпаған шығар, қызым. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қанатты сөз әмісе есіңде болсын.

Саған досың: кеттік десе, сен қайда деп емес, қашан деп сұра, міне, шын достың жауабы осылай болғаны ләзім. Гельвецийдің: «Достың қолы ғана жүрекке қадалған тікенді алып тастай алады» деп айтқаны ақиқаттың ақ жолы. Нағыз жанашыр сырласың көк жұлын болғаныңда жаныңа медеу болып, қолтығыңнан сүйейді. Көңіліңе жұбаныш сәулесін құяды. Кеудеңе нұр құйылғанда бірге қуанып, бірге шаттанады.

Қайғыдан қан жұтып, қасірет отына өртеніп отырған досыңа, жылы сөзіңмен жанына жалау болып, жанашырлығыңды танытуың көргенділігің болып табылады. Есіңде болсын, қайғылы жанға өзіңнің қуанышыңды айту әбестік. Қасіретті досыңның одан сайын ұнжырғасы түсіп, еңсесі езіледі.

Нағыз дос жайында дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы:

«Жақсымен дос болсаң,

Айрылмас күні қос болсаң,

Басыңа қиын іс түссе

Алдыңнан шығар елеңдеп,

Жаныңа не керек деп?...». Шынайы достың бар болмысын төрт қатар өлеңге сыйдырған.

«Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дейді қазақ. Алғашында адамды тану, оған баға беру қиынның қиыны. Шынында да солай. Бұл жайында жидебайлық данышпан: «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» дейді. Яғни, сенімен қарым-қатынасқа түскен адамның жан дүниесін, дүние танымын оның айтқан сөзі, білдірген пікірі айқындайды.

Сөз – кісінің ақыл-ойының, білімінің, мақсат-мүддесінің, қала берді жас ерекшелігінің де көрсеткіші. Бұдан шығатын қорытынды, дос таңдау, жар таңдау оның сөз саптауына негізделетіні ақиқат.

Достың екінші түрі амал дос. Мұндай «достар» материалды құндылықтарға қол жеткізу, карьерасын өсіру сияқты ішкі есебін жүзеге асыру мақсатын көздейді. Айың оңыңнан туып тұрған кезде әжеңнің ұршығындай айналып қасыңнан шықпайды, басыңды бұлт шалса, үйіңе қалайсың деп бас та сұқпайды. Сәтсіздік кезінде сен шыққан биігінді көре алмай, былайғы жұртқа өсекті өрбітіп жіберуі де ықтимал.

Шығыс энциклопедиясы саналатын «Кабуснаманы» бұдан мың жыл бұрын жазған ғұлама Кабус-Унсури өзінің бір досына жазған хатында: «Жүз ақылды дұшпаның саған жасай алмай жүрген жауыздығын, бір ғана ақымақ досың істей алатынына имандай илана бер», - депті абыз баба. Басынан өткерген-ау. Болмаса осылайша қалай кесіп айтады?

Алдамшы достар бұрын да болған, қазір де бар. Сонықтан, қызым, дос таңдауға ерекше сақтықпен қараған жөн деп ойлаймын

Бөлтірік ақын:

«Тегі жаманды тең тұтпа,

Тегі жаманды ел тұтпа.

Тегі жаманды тең тұтсаң,

Төбеңе шығады.

Тілегі жаманды ес тұтсаң,

Төріңе шығады», - деп, нәмәрт «дос» жұрт алдында ұятқа қалдырып, жарға жығатыны, аброй әпермейтіндігін сөз етеді.

«Жалаулы найза қолға алып, жарақты жауды тоқтатқан», шындық үшін шырылдап, ақиқат үшін арпалысып өткен дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы жаман дос жайында:

«Жаманменен дос болсаң,

Айрылмас күні қос болсаң,

Басыңа қиын іс түссе,

Басқа кетер бөлек деп.

Қолдан берер есептеп,

Сыртыңан жүрер өсектеп», - деп есепті достың бет пердесін айқара ашып береді. Ондайлармен қолтықтасып жүруден сақтандырады.

Дос, дұшпан жайында айтылған пікірлерді есіте жүріп Ескендір Зұлқарнайынның мына ұстанымына жағамды ұстағаным бар. Оның: «Барлық достарымнан пайда көрем, дұшпандарымды одан да көбірек пайдаланам, өйткені достарым жаманымды жасырып, жақсымды асырады. Сондықтан да өз кемшілігімді білмей қаламын. Ал, мен дұшпаным айтқан кемшілігімді тез жою үшін әрекет жасаймын», - деген сөзін мың сан мүдде билеп тұрған мына зымыстан заманда қажетті шақта қаперіңе алғаныңды қалар едім, қызым.

Хакім Абай: «Жаман дос көлеңке күн ашықта мойныңда, күн жабықта қойныңда ғой, баяғы» дегені, саналы жанға талай жайды аңғартады емес пе? Ал көлеңке жөнінде ұлы драматург Шекспир: «Көлеңке қусаң – жете алмайсың, қашсаң – құтыла алмайсың», - дегені ойға оралады. Ұлылардың күрмеуі қиын түйіндерді тарқатуда қарапайымдылығы, қабылдауға жеңілдігі, ақыл-парасатының оралымдылығы таң қалдырады, ой салады, толғандырады.

Қайран даналар-ай дегізіп, таңдай қақтырады!

Қызым, саған біреу досың жайында бір нарсе айтқысы келді дейік. Сен оның қандай мақсатпен келіп тұрғанын, әрине білмейсің. Құрбың туралы бөгде адамның пікірін білгің де келмейді. Осындай жағдайда қандай ұстаным болуы қажет? Мүмкін құрбың жайында өсек сөздерге аяғына дейін құлағыңды саларсың, жоқ әлде...

Ұлылардың ұлағаты қандай? Соны ой елегінен өткізіп көрелік.

Біреу Сократқа келіп:

- Досыңның сен жайында не дегенін білесің бе? – депті.

- Жә, - дейді сонда Сократ, - маған айтпағыңды отыз тістен шығармай тұрып, әуелі үш електен өткізіп ал.

- Үш електен дейсіз бе? – деп таңданады әлгі.

- Иә, біреуге айтпақ бұрын оны үш електен өткізіп алу керек. Ең бірінші електің аты – шындық. Мәселен, сені осы араға дедектетіп әкелген сөзіңнің шын екеніне сенімдісің бе?

- Жоқ, мен оны біреуден есітіп ем.

- Өте жақсы. Яғни, сен оның шын ба, жалған ба, қайсысы екеніне көзің анық жетпейді екен.

Енді екінші елек – адамгершілік елегіне салып көрейік. Сен маған досым жайында жақсы бірдеңе айтпақпысың?

- Жоқ, керісінше

- Демек, - дейді данышпан, - сен ол туралы жаман бірдеңе айтқалы келдің және оның шын екеніне өзің де күмәндісің. Солай ғой? Ал енді үшінші електен, сол сөздің маған пайдасы бар ма, жоқ па, соны екшеп көрейік. Оның мәнісі тіпті қарапайым: сенің жеткізгелі отырған сөзіңді менің естуім міндетті ме, жоқ па?

- Жоқ, аса міндетті емес.

- Демек, - деп қорытындылайды Сократ, - сен маған айтқалы алып-ұшып келгендегі сөзіңде шындық та, адамгершілік те және маған мысқылдай да пайда жоқ. Ендеше, сонша жерден немнеге әуре болып келдің?! – депті Сократ әлгіні жақтырмай.

Өмірдің қыл көпірінен бірге өтіскен, гүлшешекті көктемдерде, жарқырағын жазда, ақ жауынды күзде, қаһарлы қыста да қол ұстасып бірге жүрген тағдырласың жайында өсек тыңдау кімге опа берер дейсің? Өзің де біреуді сыртынан ғайбаттау парасаттылыққа жатпайтынын, күнә екенін білесің ғой деп ойлаймын, сәулем.

Қызым Айданам, адал досың болу – бақыт, керісінше амал досың болу – өкініш. «Не болса соны жегенше – аш жүр, кім болса сомен жүргенше – жалғыз жүр», - дейді Омар Һәйям.

Амал дос өз мақсатын жүзеге асырғанша көлеңке боп соныңнан қалмаса, ал ақымақ дос күндердің күнінде дұшпаныңа күлкі, досыңа таба етуі әбден мүмкін. «Кім болса, сомен жүргенше, жалғыз жүргенің жақсы» деген сөздің ақылға қонымды екенін сезген де шығарсың. Досыңның адал, не ақымақ екенін қалай байқауға болады?

«Ақылсыздың екі белгісінен білуге болады: ол өзіне пайдасы жоқ сөзді айтады, не біреудің ісіне жөнсіз араласады» дейді ұлы ойшыл Платон.

Бұл сөздің ақиқаттығына былайша көзім жетті. Бірде Ленгірден Шымкентке таксиге отырдым. Машина сырғи жөнелді. Менен басқа үш жолаушы жігіттің құлақтары ұялы телефоннан босар емес. Сонда шешіліп жатқан проблема жоқ. Қысыр әңгіме. Жаттанды сөздер. Оң жағымда отырған шомбал қара жігіт кезекті сөйлесуін аяқтап, телефоның тас қалтасына салғанында мен: «Қарағым інім, ұялы телефон денсаулыққа...» дей бергенімде сөзімді бөліп:

- Білемін, - деді маған суық көз тастап. «Білгішсінбей жайыңа отыршы» дегендей.

- Жүрекке... - дей бергенімде ойымды аяқтатпай; «Ол менің жүрегім ғой, сіздікі емес» дегені. Не дерімді білмей тұншығып қалдым. Біреудің ісіне жөнсіз арласқаныма пүшайман болып, өзіме өзім қатты налығаным бар. Менікі ақымақтық қой. Классикалық сырдесте әдіс үндемеу екенін біле тұра, кейде осылай қан қысымын көтеріп алатынымыз бар. Қызым, айтып едім ғой саған: «Менде де кемшіліктер шаш етектен» деп, соның бір парасы осы болса керек.

Қызым, досыңа еш уақытта жалған сөйлеме. Өтірік сөз жанға байлау болмайды. Сөзіңнің жалғандығы күндердің күнінде анықталып, көзіңмен жер шұқитын кез болады. Досыңның алдында сенімді жоғалтасың. «Сенім – достықтың бір шарты» дегенді Ж.Лабрюйер бекер айтты деймісің? Бұл шарт үнемі есіңде болсын, қызым! Ұмытпағын! Жарай ма?

Досыңа бар сырыңды сарқып, түгел айтудың да қажеті шамалы. Сен түгілі жеті мөрдің астында сақталған мемлекеттің де құпиясы уақыты келгенде ашылып жатады ғой. Оның қасында сен кімсің? Досың айтқан сырыңды жарияламауына кім кепілдік бере алады? Кім?

Менің ойымша, әрбір адамның ешкімге еш уақытта тіс жармайтын сыры болуы мүмкін. Оны пенденің жербесікке өзімен бірге ала кеткені мақұл. Менің де тірі пендеге айтпайтын өзіме ғана тән құпиям барын сенен несіне жасырайын.

Досыңның бір қылықтары ұнамай көңілің қалды дейік, өкпеледің. Енді онымен қатысқың келмейді. «Кейде досыңнан айрылғың келсе, - дейді Испан ойшылы Б.Грасиан, - оған өзі ақтай алмайтын жақсылық жаса». Қазақта «Аттыға ілесемін деп жаяудың таңы айрылыпты» дегеннің кері ғой.

Мұқағали аға Мақатаев:

... Досым аз менің...

Досым-ау менің, тапшы емін?

Достарыңменен достастыр мені, асылым,

Достастыр мені?

Болайын құлың нақ сенің!

Достыққа жүрмін,

Достыққа жүрмін құмартып!

Өлгелі жүрмін,

Өзіме-өзім мін артып...

Жауыздың барып, жанына уәзір болғаннан,

Достардың барып, ауласында өлген мың артық, - деп жырлайды. Арқалы ақынның дос жайындағы тұжырым-пәлсәпасы таңданарлық. Тіршілігіңізде қадіріңізге жетпеген қайран ғана Мұқағали ағам-ай. Кайтейін? Қазақпыз ғой... Көптеген кемшілігімізді «қазақпыз ғой» деп қазақтығымызға аудара салғанымыз қалай осы біздің?

Өмірде ең қорқыныштысы – жалғыздық, сыр бөлісер, пікір алысар шынайы достарыңның жоқтығы. «Жалғыздық тек, Аллаһқа ғана жарасқан». «Ескі достарыңды сақтап, жаңа достармен табыс». «Досы көпті жау алмайды», «Адам өмірі – қамшының сабындай ғана екен, досы көп, ұрпақ тәрбиелеген ұтады екен», «Білімдімен дос бол, сасқанда ақыл береді», «Көңіліне қарай дос таңда, күшіңе қарай жүк таңда», «Екі достың бірі – екіншісінің құлы» деген қанатты сөзбдерді өміріңе арқау ет қызым. Жаңылмайсың!


«КІТАП – БІЛІМ БҰЛАҒЫ»


Айдана, әр түрлі достар жайында айттым-ау деймін. Бірақ ең адал, ең ақылды, ең шыншыл да шынайы досың жайында айтқаным жоқ. Әр уақытта жаныңнан табылатын, кез келген тақырыпта сенімен сұхбаттасып, барлық сұрағыңа толыққанды жауап беретін, білмегеніңді білдіретін, ол үшін міндет етпейтін данышпан досың жайында шығыстың шандоз шайыры, орасан ойшыл Әлішер Науаидың сөзімен айтсам: «Адамның ең адал досы, әділ жолдасы, рухани байлғы – кітап».

Иә, қызым, өмірде мұратыңа жеткізетін, сені мәңгі қолдап, қолұшын беретін, сені адастырмай тура жолға салып, жөн сілтейтін, сені ешқашан ренжітпейтін, жаныңды жадыратар қуаныш сыйлайтын, кейде, тіпті жылатып алатын да кітаптан артық абзал дос жоқ, бұ жалғанда.

Кітап тек досың ғана емес, ұстазың, кеңесшің, ақылшың, сырласың. Күні бүгінге дейін сонау Гуттенберг заманынан келе жатқан жаһанның баға жетпес жаңалығы. Кітапсыз өмірді елестету де мүмкін емес.

Бүгінде шын достың, ізгі ниеттің, пәк көңілдің, терең ойдың, асыл сөздің қадірін бағалай алмай жүргеніміз шындық. Том-том кітап қолтақтап, кітапханаға жиі баратын жастар сиреп бара жатқанын кімнен жасырамыз.

Қызым, нағыз жанашырың, ақылшың, сырласыңнан қол үзіп алма! Олай дейтінім, жидебайлық данышпан: «Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге» десе, В.Шекспир: «Кітап маған тақтан да қымбат» деп бекер айтты дейсің бе. Көрегендіктен айтқан.

«Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады» деп жазған заңған жазушы Мұхаң (Мұхтар Әуезов).

«Мен адамдардағы бір ғана мақтануды – арғы төркінінен көп оқығандығы көрініп тұратын, «кітабым көп» деп қана мақтануды кешірер едім. Ал басқа мақтанның қандай түрін де тіпті тыңдағым келмейді», - деп жазыпты күнделік жазбаларынын бірінде, өлеңдерінде сағыныш сезімнің құдіретін танытқан ақын Төлеген ағаң Айбергенов.

Бірде бір ғұлама шәкіртіне: «Ақылды адамның үстелінің үстінде үнемі қайталап оқитын бес-алты кітап жатуы керек», - деген екен.

- Ол қандай кітаптар? – деген шәкіртінің сұрағына ұстазы:

- А, ол ма? Оны білу үшін көп кітап оқу керек, сонда ғана аса құндыларының өзі-ақ сұрыпталады,- деп жауап қайтарыпты ұстазы.

Адамзат тәнінің жетілуіне ананың ақ сүтін табиғат әзірлесе, ал оның рухын шыңдау үшін оны ақын-жазушылар ғажап туындылары арқылы әзірлейді. Бір сөзбен айтқанда, кітап – ұлы ұстаз, құдретті дос.

«Кітапта сыр-сипат көп, оқып шығу – бірінші іс. Оқығанды ой таразысынан өткізіп, салмақтау – екінші іс. Өз ойыңмен салыстырып саралау, қорытындылау – үшінші іс. Ал бұны істей алмасаң, оқыған кітабыңның берері аз. Кітап сараң, кім-көрінгенге сыр-сипатын аша бермейді» депті асылдарымыздың бірі. Түсініксіз ұғымды, пікірді, сұрауды білу үшін талай «ұлы ұстаздың» бетін ақтарып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып талмай ізденсең ғана мақсатыңа жетесің. Маңдай теріңді бұршақтап төккенде ғана жетерсің мұратқа.

Бір қуаныштысы, қызым, сен кітапты сүйіп оқисың. Онымен сырласып, терең ойға шомып отырғаныңды көріп, шүкіршілік етемін. Сенің осы қасиет-дағдың ініңлеріңе де жұғысты болса екен деп тілеймін.

Айдана қызым, әр оқыған кітабыңнан сезімге –сезім, ойға-ой, үмітке-үміт, мақсатқа-мақсат тудыратын қасиетін жолықтырған сайын мәдениетті бола түсесің. Көркейе түсетініңді, көсемдене түсетініңді әмісе естен шығарма, қалқам.

«МАХАББАТСЫЗ ДҮНИЕ БОС...»

«Шаңырақ көтеру оңай...» Отбасылық шаңырақ үш түрлі іргетастан қаланатыны белгілі. Олар: махаббат, есеп және стереотип.

«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен де көр де ішпен біл» деп хаким Абай айтқандай, қыз бен жігіт арасындағы жарасымды достық, сәулелі үндестік, олардың нұрлы сезімдерінің бастауы, отбасының алтын діңгегі – ерлі-зайыптылар арасындағы өзара сыйластық, түсінушілік, бір-біріне деген қалтқысыз құрметтің қалыптасуына ықпал ететін махаббат сезімі, шынында да қандай сезім ол? Иә, қандай?...

Жоқ, әлде ол ақын-жазушылардың ойлап тапқаны ма?...

Философ Эрих Фром махаббаттың бес түрін (объектісін) ажыратады. Олар: Аллаһқа деген махаббат, ана махаббаты, бауырлық махаббат, эротикалық махаббат және өзіне деген махаббат. «Осылардың ішінде өзіне деген махаббат басқа махаббаттардың негізін құрайды. Өзін-өзі сүймеген жан басқаларды да сүймейді» - деп есептейді Эрих Фром.

Философтың бұл пікіріне қосылуға болады, қызым, өйткені әрбір адам өзін сыйлағанда, құлай сүйгенде ғана басқаның қадіріне жете алмақ.

Қызым менің, бұл ғұламаның пікіріне қосарым, ғашықтық сезім – Жаратқан Иеге, қамшының сабындай ғана қысқа өмірге, тіршілік атаулыға, табиғат анаға, жарық Күнге, күллі адам атаулыға іңкәрлік деп бағалауға болады. Махаббат – адам жүрегінен бастау алған мөлдір бұлақтай тереңнен шымырлап шығып, жан дүниемізді нұрландырып, өмірге құштар етер нұрлы сезім, жырлы сезім. Ғалымдардың топшылдауынша, бұл шуақты сезім тек парасат иесі адамға ғана тән. Тек АДАМҒА ғана...

Сылаң қағып, сырға тағып бойжеткен қыз бен ақылы толып ер жеткен ұлдың, қосылған қос өзендей тағдырын жұптаған, екі жастың ақ отау тігуіне себепкер болатын отты да нұрлы сезім бұл.

Махаббат деген – өмірдің жарқын беттері. Махаббат деген – көңілдің гүлді көктемі. Махаббат деген – жарық жұлдыз көктегі. Махаббат деген -... Құдайым-ау... «Махаббатсыз дүние бос...».

Көктем жайнаған гүлсіз – құнсыз, ал өмір махаббатсыз – құнсыз. Қаһарлы қыс – ақша қарымен ажарлы, ал ер жігіт – ақша маңдайлы жарымен базарлы.

Махаббат жайында дуалы ауыз Тұмағаң (Тұманбай Молдағалиев) былай жырлайды:

Махаббат боп уақыт мына,

Ұша берсін төбемнен.

Махаббатсыз бақыт та,

Бақыт екен демен мен – деп, адамзаттың арманы болған бақыттың өзін махаббаттың қолына су құйғызып қойыпты. Қайран ғана Тұм аға-ай...

Махаббат жайында Мопассан: «Махаббат өлімдей күшті, бірақ шыныдай шытынағыш», - дейді. Ақиқатығына шүбә жоқ! Сәл нәрсеге бола махаббатына сызат түсіріп, өмірде өкініш өртіне өртеніп жүргендер қаншама?

Қызым Айдана, жастардың шаңырақ көтеруі үшін қандай алғы шарттар қажет? Сол жайында ойланып көрдің бе? Меніңше, жас отбасындағы табақ-аяқ сылдырауы, келіспеушілік тұрмыс тапшылығынан шығады. Бұл – өмір шындығы. Отбасы бақытын сақтау, жас шаңырақ шайқалмау үшін материалдық жағдай да елеулі әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан екі жас шаңырақ көтермей тұрып, «болашақ отбасын экономика жағынан қамтамасыз ете аламыз ба?» - деген сауал төңірегінде дұрыстап ойланғаны жөн.

Махаббат жастардың некеге отырып, жаңа отау құруына әсер ететін бірден-бір негіз екенін қуаттай отырып, бірақ мұнын өзі қазіргі заманға жаңа отбасылық қарым-қатынастардың орнықты, берік қалыптасуына кепіл бола алмайды. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сүйспеншілігі міндетті түрде көзқарас бірлігімен, дүниетаным, ой-өріс биіктігімен, рухани жан дүние жылуымен, өзара сыйластық, сенім және қамқорлық сезімімен, мінез ұқсастығымен, бір сөзбен айтқанда, махаббат көптеген сүйеніштері және іргетастарымен толығып отыру керек. Сонда ғана неке өз мағынасында берік, әрі салауатты болары хақ. Некенің берік болуы үшін лып етпе ғашықтық сезімінен гөрі салқынқанды ақылмен келетін өзара сыйластық, рухани үйлестікке, бір-біріне деген адалдыққа зор мән беріледі. Сыйластық деген – Жаратқан Иеміздің адам баласмына берген асыл қасиетінің бірі болып саналады.

Қызым Айдана, тіпті сүйіп, таңдап, талғап қосылдық дегеннің өзінде іштей армандаған, қиялыңдағы ешбір мінсіз жанға, идеалды тұлғаға кездесу мүмкін емес. Ілгеріде бір данышпан айтқан екен: «Кемшіліксіз адам бақилық болған жан мен әлі дүние есігін ашпаған адам ғана. Әлемді нұрға бөлеген Күн көзінде де дақ бар» деп. Бұдан шықты бұ фәнилік пенделердің мінсізі жоқ. Іздей берсе ағаттық менен де, сенен табылыды деген сөз. Мұнан шықты, қызым, жаман деген жанның бойынан да жақсылық іздеу – көрегенділік дер едім. Тұла бойы кесапатқа тұнған жаннан да мысқалдай жібек жел есетініне сеніңмдімін.

Ақ тілекпен өмірдің жаңа бір белесінен аттаған, ақ отау иесі жас келін ғасырдан ғасырға ұласып келе жатқан халқымыздың тәрбие жөніндегі асыл ғибраттарына, адамгершілік, парасат қағидаларына ден қойып, ой таразысынан өткізіп отырғаны лазым.

Есіңде болсын, қызым, әркім өз үстемдігін орнатуға ұмтылатын, сәл нәрсе үшін жиі жағадан алысып, тәжікелесіп жататын отбасында береке-бірлік болмайды. Үй ішінің ауа райы қүрт бұзылған кезде, сабырлық сақтап үндемей құтылғаннан артық амал жоқ: қазіргі жеңілгенің, уақыт өте жеңіске жеткізеді. Шын сөзім, мәртебеңді өсіреді. Көр де тұр, осы тамаша қасиетің үшін жарың құрметтейтін, сыйлайтын болады. (Қортық ойлы, нақұрыс болмаса).

Сүйіспеншілік сезімінің бәсеңдеп, кейін мүлдем жұрнағы да қалмай, өзара келіспеушілікке айналуы бірден көктен түсіп не жер астынан шыға келмейді. Жылдар бойы үй ішіндегі ешбір қызығы, жаңалығы жоқ қоңырқай тіршілік, бірігіп атқарар сүйікті істің, ортақ мақсат-көзқарастың жоқтығы, отбасындағы ынтымақтың, қуаныштың аздығы ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасқа, тіпті бала тәрбиесіне де салқынын тигізеді. Бір кезде үнсіз ұғысқан қос жас жүректі көзге көрінбес нәзік пернелерімен байланыстырып тұрған махаббат сезімі қайда кетеді? Пәрмене болып сүйіскен ғашықтық көз жаздырып кетуі мүмкін бе?

Шынында да махаббат қайда кетеді?

Венгер халқының ұлы перзенті, кемеңгер ақыны Шандор Петефи: «Адам үшін ең қымбат – өмір, ал махаббат өмірден де қымбат», депті. Дұрыс-ақ шығар. Адамға, ақыл-парасат иесіне сүйіспеншіліксіз өмір керек пе осы? Менің пайымдауымша, «махабатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар». Хайуандық өмір кімге қажет? Айтыңдаршы, кімге?...

Бір сәтке де көрмесе тұра алмайтын бірін-бірі аққу құстай сүйетін екі жас үйлену тойынан кейінгі бір-екі жылдан соң-ақ ит пен мысықтай ырылдасып шыға келетіні несі? Тәжікелесіп тынса мақұл, біржола ала арқанды қиысып, бет көріспей кететіндерін қайтерсің? Жүрекке де, сөзге де сыймайтын махаббат із-түзсіз қайда кетуі мүмкін? Ұлы сезімнің құмға сіңген судай зым-зия болып кетуі мүмкін бе? Әлбетте күте білмесең, қадіріне жетпесең ұшты-күйлі жоқ болып кетуі де әбден ықтимал. Меніңше, ұлы сезімнің жыл құсындай қиқу салып кету себебі…

Алдану. Өмір – сахна, адам – актер. Шаңырақ көтермей тұрып қыз не жігіт сүйген адамына өзі жайлы жақсы көзқарас қалыптастыру үшін опалы да баянды жанның рөлін ойнайды. Үйленген соң шын мәнінде табиғатында жоқ идеалды образды ойнай беру қиынға түседі. Басқа адамның рөлінде ұзақ уақыт қала беру оны мезі етеді де, бетіндегі сұлу бетпердені алып тастап, өзіндік бейнесімен жүргісі келеді. Жұбайы болса бұның өзін емес, оның ойнап жүрген образын сүйетін. Келіншегінің (не ерінің) тіпті бөтен адам болып шыға келгеніне ренжиді. Осыдан бірін-бірі кіналау, ұрыс-керіс басталады.

Махаббатың келесі бір жауы – жас жұбайлардың бір-бірінен зерігуі.

Бұлар алғаш танысқанда көздерінен мейрім оты ұшқындап, оқтын-оқтын ыстық лептеріне шарпылып өліп-өшетін. Әй, әңгімені жіберуші еді бірінен соң бірін ағытып.Таусылмайтын да, жалықпайтын.

Уақыт өте айтылатын әңгіме Арал теңізінің суындай сарқылады. «Қайталау – оқу анасы» деген қанатты сөз бұл жерде жүрмейді. Естіген әңгімені қайталау қызық емес. Несі қызық? Одан да ауызға су ұрттап алып отырған артық. Сүйіктісінің мінезі, әдеті, қызығушылығы толық танылып бітті. Тілге тиек етер еш нәрсе қалмады. Екі жас бірінен-бірі жалыға бастайды. Ал бұл зерігу махаббатқа үлкен қауіп төндірері анық. Ендігі жерде ерлі-зайыптылардың бірі ортақ қызығатын іс-әрекет ойлап тауып, сыңарын соңынан ерте алмаса, сұлу сезім қырдың қызыл түлкісіндей бұлаң қағып көз жаздырып кетуі мүмкін. Әбден ықтимал...


ТӘРБИЕЛЕУ ДЕ ТЕКТІЛІКТЕН БАСТАУ АЛАДЫ

Жас жұбайлардың бірі іштей: «Алдымен қолға қондырып алайын, кейін өз қалауымша иіп, саз балшықша илеп тәрбиелеп аламын. Болары болып, бояуы сіңген соң, қайда барар дейсің», - деп ойлайды. Бұл бос сөз. Қанша ерте тұрмыс құрғанмен олардың мінезі, әдеті, дүниетанымы, пайымы мен ой-өрісі қалыптасып қалғандықтан оны «тәрбиелеп алудың» жолы бола бермесі анық. Дарынды педагог А.С.Макаренко: «...тәрбиенің негізі бес жасқа дейін қаланады, бес жасқа дейін жүргізілген барлық тәрбие ісіңіз – бүкіл тәрбие үдерісінің тоқсан пайызы» деп балаға тәрбиенің қалыптасу деңгейін тайға таңба басқандай етіп жазып кеткен заманында. Бұдан шығатын қорытынды, жұбайыңызды қайта тәрбиелеу деген утопия. Орындалмайтын қиял.

Жұбайының бойындағы «кемшіліктерді» атап-атап, түзелу жолын көрсету намысына тиеді. Нәтижеде оның күшті қарсылығына ұшырайсың. Насырға шапса, сүйіспеншілік сезіміне де нұқсан келтіруі ықтимал. Мүйіз сұраймын деп жүріп, құлақтан айрылу әбден мүмкін. Мұндай күрделі сұрақтың күрмеуін таппай бармақ шайнаған жастардың қарасы мол, қарағым.

Қызғаныш. Адамда қызығу деген жақсы қасиет бар. Біз көбінесе қызықпаймыз, біз қызғанамыз. Ал қызғану деген ең сорақы қасиет, өсірмейді, өндірмейді, қайта керісінше өшіреді.

Қызым, Жаратқан Ием саған қызғаншақ адамды жолықтырмасын. Алғашқыда «мені сүйеді, өте қадірлейді, сондықтан қызғанады» деп ойлауың мүмкін. Ал шын мәнін де олай емес: саған сенбейді, негізсіз күдіктенеді, қыр соңынан қалмай аңдиды, әрбір сөзіңнен бәле іздейді, ұялы телефоныңды тексереді, кімге көз қырыңды салғаныңа шейін бақылайды, рұқсатсыз бір қадам жерге аттатпайды. Үнемі есеп беруіңді талап етеді. Шын сөзіңе күмәнмен қарайды. Үнемі тырнақтың астынан кір іздейді. Негізсіз кінәлайды. Өйткені оның бойында қорғаншақтық басым. Өзін қорғау үшін өзгенің жанын жаралайды. Күйзелтеді. Қан қысымын көтереді.

Ет қызумен буырқанған асау қызғаныш сенің кінәсіз жүрегіңді паршалап, запыран зәрін құяр-ау. Жан төзгісіз мұндай тозаққа кім шыдай алады? Кім?...

Шыдау керек, өзіңнен көр. Махпузыңда бар, құдай қосқан қосағыңды таңдаған біз емес, өзіңсің. Көнбегенде қайда барасың? Шегінетін жер жоқ.

«Қызғану, – дейді ақын Қадыр Мырза Әли, - ергежейлік, һәм ұсақтық». Бұған біздің қосып-аларымыз жоқ. Дәл солай. Ақымақтық...

Бір тұлғанын бойында ұлылық пен пенделік қабаттасып жүретініне таңдай қақпасқа амалың жоқ.

Кезінде динамиттің «әкесі» Нобель жер жарған атағымен, сонша байлығымен өзі ғашық болған қыздың жүрегіне жол таба алмаған. «Қырсық қыз» қатардағы қарапайым математик Митаг Леффлерді ұнатқан да, соның етегінен ұстап кете барған. Байлық та, даңқ та әсер етпеген жас қызға. Міне, нағыз ару деп осыны айт! Осыны...

Таң шығындай мөлдір махаббат сезімі осындай өзінің тектілігімен қасиетті-ау. Нобельдің сүйіспеншілікте жолы болмағанымен, таза сезімнің ірі тұлғасы өмірде екінші рет нәзік жандыларға көз салмай өтіпті. Алайда пендешілік жасап Нобель сыйлығының тізімінен математиктерді сыздырып тастапы. Міне осылайша, бар ғылымның іргетасы болып табылатын математика сыйлықтан құр алақан қалыпты. Өкінішті-ақ.

Қызым, бұдан қандай ой қорытындысын шығаруға болады? Меніңше, күншілдіктің «ақ», «қарасы» болмайды. Күншілдіктің аты-күншілдік. Тек өзім болсам, өзім ғана ұшпаққа жетсем деген өзімшілдіктен туындайды.

Өзінен оқ бойы озып бара жатқан жанды көргенде: «Шіркін-ай, соның орнында мен неге болмадым екен?» деп ішінде қызғаныштың қызыл оты тұтанбайтын пенде жоқ шығар бұл фәниде. Ол үшін ешкімді кінәлауға болмас, өйткені кім өзінің асығының алшы түскенін қаламайды дейсің? Кім?... Бірақ «Аяз би әлін, құмырсқа жолын» білуі тиіс-ау.

Енді әркімнің қасиеті осы жерде адами өлшеммен өлшеніп бағаланады. Сол өзегін өртеп бара жатқан күншілдік отын тұншықтыра алғандар – тұлға да, ауыздықтай алмағандар – пенде.

Қызым менің, сенің өмір бойы тұлға болып өтуіңді тілеймін.


«САҒЫНҒАНДА СЕНІ ОЙЛАП...»


Сағыныш. Ерлі-зайыптылар бірін-бірі жалықтырмай, мезі етпей қалай ұзақ та бақытты өмір сүре алады? Бұл сұраққа былайша жауап берер едім. Сүйіктіңіздің «адам аяғы баспаған қорығына» дейін танып-білу мақсатын қоймаған дұрыс. «Бұл адам тек мендік, оны менен басқа ешкім, еш нәрсе қызықтырмауы тиіс» деген эгоистік ойдан аулақ болғаны ләзім. «Мен оған барымды бердім, одан мен де соны талап етемін» деу әбестік. Есіңде болсын, әркімнің өзінің ешкімге бас сұғуға рұхсат етілмейтін, есігін де қағуға болмайтын кеңістігі болады. Сол табу жариялаған «мұражайын» емін-еркін аралуға рұқсат етпедің деп ренжуі, наразы болуы әбден мүмкін. Нәтижесінде ерлі-зайыптылар арасы біртіндеп суи бастайды.

Қарапайым мысал: сізге күнде ұнататын тағам ұсынады делік. Оны рахаттана, тұшына отырып жейсіз. Бір апта, ай... Бір күні «жерік асыңызға» қарағыңыз да келмей қалады. (Баз біреуге келтірген мысалым күлкілі болып көрінуі де әбден мүмкін). Ал арасын үзіп, аңсатып барып, сол тағамды дастарқан мәзіріне қайта ұсынса, ләзаттана қол созарыңыз сөзсіз. Мұндай үдеріс ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынаста да көрініс табады. Екі жастың бірі екіншісінің белгілі бір мінез ерекшелігін ұнатпай қалды делік. Ондай-ондай болып тұрады. Әлі өмір тәжірибесі жұтаң, жас қой.

Мұндайда оларды пәтуаға келтіретін сағыныш сезімі. Иә, кәдімгі қасиетті сағыныш сезімі! Жас жұбайлар бірін-бірі сағынуы керек. Сонда көңілдегі бой көрсеткен кірбің өзінен-өзі шайылып кетеді.

Олар жылына бір рет он-он бес күнге іс-сапарға шықсын немесе төркіндесін. Ұлы уақыт қасиетті сағыныш сезімін оятады. Сағыныш сезімі жұбайлар арасындағы болған өкпені жазады. Құлантаза айықтырары сөзсіз.

Сағыныш жайлы Төкең (Төлеген Айбергенов):

...Кетпей бір кез көз алдымнан күлімдедің,

«Бақытым бар тапқаным күнім дедім».

Уақыт озған сайын сағындым мен,

Жүз жерден жүрегімді тілімдедің, - деп, аңсаған жүректің сағыныш сазын көркем тілмен әсем етіп жеткізген ғой, ақын аға.

«Сағынғанда сені ойлап, келер көзден ыстық жас» демеп пе еді хакім Абай. Ұлы тұлғаны сағындырған, көзіне жас алдырған періште кім болды екен? А?...

Қарақтарым, отбасында тату-тәтті өмір сүру үшін бір-біріңе уақытша «бостандық» сыйлап отырғандарың мақұл. Бұл дегенің өмір атты керуеннің ұлы даналығы деп білемін.


«...СҰЛУ ҚЫЗ ЖЕКСҰРЫНҒА КҮҢ БОЛАДЫ»


Есеппен тұрмыс құруға келейік. Қызым менің, енді жастардың есеппен шаңырақ көтеру мәселесіне келейік. Бір-ақ рет берілетін бұ жалғанда киімі көк, тамағы тоқ, ішкені алдында, ішпегені артында болғанын, астында жүйткіген шетелдік жаңа маркалы көлігі, басында екі қабат хан сарайдай баспанасы болғанды кім қаламайды дейсің? Кім үлде мен бүлдеге оранып, асыл бұйымдар тағынып, жарқырап жүргенді армандамайды? Кім шетелдердегі курорттарда демалысын өткізгісі келмейді? Лауазымды көкенің көлеңкесінде жүріп, жоғары мәртебеге қол жеткізуді кім тілемейді?

Аталған арман, тілектің бәрі пенденің өз табан ақы маңдай терімен емес, бөгде біреулер жасаған материалдық игіліктеріне ортақтасу. Басқаның демеуімен абырой-атаққа ие болу. Бар болғаны сол ғана.

Мынадай оқиғаға куә болғаным бар.

Жас келіншек күйеуімен арасын байланыстырған махаббат арқауының жіңшкере бастағанын былайша түсіндіреді. «Үйленбей тұрған кезімізде, ол жібектей сызылған қыз мінезді жігіт еді. Мен оның осы сыпайы мінезіне, адамгершілігіне қызыққан едім. Мереке сайын құшақ-құшақ гүл шоқтарын әкеліп, жатақхана бөлмесіндегі бірге тұратын қыздардың бәрін театр, киноға шақырып тұратын. Құрбы қыздарым: «Қандай жаны жайсаң, жомарт мінезді жігіт. Бақыттысың, Айнұр», - деп қызыға да қызғана да қарайтын. Бәрі үйленгенше ғана екен. Кейін ойлап қарасам, біздің арамызда ешқандай шынайы махаббат сезімі болмаған тәрізді.

Ол менің лауазымды әкемнің барлығына қызыққан көрінеді. Ақыры өз арманына жетті. Әкемнің көмегімен ғылыми атаққа қолы жетті. Болашағы үлкен, жалақысы мол жерде қызыметкер. Әрбір қадамын есеппен аңдып басады. Шашылатын жерге шашылады, ал өзі аға-інім бар деп іздеп келген ауылдағы қарапайым туыстарына, қарамағындағы жай қызметкерлерге жөндеп сәлемін де қимайды. Міне, оның осы екіжүзділігін білген сайын, оған деген махаббат түгілі, жай сый-сияпат сезімімді де жоғалтып барамын», - дегені есіме түседі.

Әрине, мұндай ішкі есеп үстемдік еткен жерде шынайы махаббат, тазалық жөнінде әңгіме қозғаудың өзі де қиын. Тек осы тәріздес есеппен құрылған отбасылық бақыт – дүние жинау, атақ-дәреже үшін еш нәрседен тайынбау деп түсінетін кейбір жастарымызға: ар тазалығын жоғалтпайық дер едім. Қашанда жаны нәзік, мейірім-шапағаты мол әйел сезімі ер жігіттің нағыз азаматтығын, кезі келгенде мәрітігін, торыққанда арқа сүйер ақылшы, өмірде аяғын нық басқан, өзіне-өзі сенімді, уәдесіне берік болғанын қалайды. Осыны естен шығарма дегім келеді қызыма.

Мен мынадай теңсіз некенің куәсі болғаным бар. Жақында ауылдың орта тұрмысты отбасының жігіті қаланың шіріген байының қызымен шаңырақ көтерген тойында болдық. Өңіміз түгіл түсімізде көрмеген тағамдар үстелдің қабырғасын қайыстырады. Бар тапқаным тойға бұйырсын деген қазекемнің дастарқаны. Дастарқанды қойшы, ысырапшыл халыққа бәрі жарасады. Астана мен Алматыдан келген сен тұр мен атайын дейтін әншілер мен бишілер. Сонау ит арқасы қияннан ат арытып келген Ресейдің сахна майталмандары «аттың терін аямай» өнер көрсеткендерін айтсаңшы! Көрген де арманда, көрмеген де арманда. П-ау деген, той деп осыны айт! Менің немерем Пәленше той жасаған жылы туылған деп мақтанатындай жиын болды.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, асаба қыздың ата-анасына сөз бергенде олардың қолының ашықтығына таңданбаған адам қалмады. Олар ұзатылатын «көздерінің қарашығына» қаланың көрнекті жерінен сыңғырлаған үш бөлмелі пәтердің, «дұшпанына» шетелдік жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті. «Жаңа қазақтар» жұртшылыққа байлығын осылайша паш етіп, жыртылды-ай келіп, жыртылсын. Отырған жұрт мына жомарттыққа аузын ашып, көзін жұмысты.

Біз қазақтар мақтангершіліктен алдымызға жан салмаймыз-ау, жан салмаймыз!

Қызым, менің айтайын деп отырғаным бұл емес. Мүлдем бұл емес. Гәп басқада. Менің дейін деп отырғаным, әлгі қыз ұзатылар шақта: «Мен ауылға өлсем де бармаймын, қалада, өз пәтерімде қаламын» деп «ер-тоқымын бауырына» алып асау тайдай туласын-ай келіп, туласын. Қыз сол айтқанынан қайтпады. Ешкімнің уәжін құлағына ілмеді. Әке-шешесінің де...

Аста-төк байлықтың мысы басқан ез жігіт адуында қалыңдығына сөз де айта алмай, тойға келген әке-шешесі мен туған-туысқандарын жерге қаратты. Сорлы ата-ана тойға жер үстімен келіп, жер астымен кетті ауылдарына. Сөйтпегенде қайтсін көк жүзін қырандай қалықтар деп үміт еткен ұлдарының қоқысқа қонған қарға болып шыққанда. Баласағұн бабаның: «Бай әйел алған адам өмір бойы құл болып өтеді» дегені жөн-ақ қой білгенге.

Мынадай салт-дәстүрімізде жоқ кесапатқа куә болып, көрмегеніміз көп екен ғой деп тарағанбыз тойдан. Есеппен тұрмысқа шығу немесе үйлену – өміріңді қорлықпен өткізу. Ақын тілімен айтқанда:

«Үйленіп қыран жігіт жапалаққа,

Сұлу қыз жексұрынға жар болады».

Қорыта айтқанда, есеппен үйленген жігіт – құл да, осындай ниетпен тұрмысқа шыққан қыз – күң. Басқа айтарым жоқ. Иә, басқа не айтайын?... Не?... Мүмкін қателескен де шығармын. Мен де пендемін ғой... Пендемін...

Қызым менің, саған: «Алпыс екі тамырыңда лүпіл қағып аққан алқызыл қаныңа өрт беретін, жаныңа от беретін, небір ләзатты шақтарды жан дүниеңнен өткеретін махаббат сезімінің мәңгілігін» тілеймін. Иә, мәңгілігін... Сен соған лайықтысың.


«КӘРІ ҚЫЗДАР» – ЖАН ЖАРАСЫ


«Кәрі қыздар» жайында ой толғасақ. Қызым менің, енді «кәрі қыздар» жайында бірер сөз айтайын.

Қазақ әлімсақтан ұлдың он жасын «қозы жасы», қыздың сол жасын «қонақ жасы» дескен. «Ер бала он бесте отау иесі» десе, қыз баланы «он үшінде отау иесі» деп есептеген. Аузынан ана сүті кеппей жатып, шаңырақ көтерген талай әжелеріміздің: «он үшімде келін болып түстім...» деп бастайтын әңгімесін талай естігенбіз. Олар әлі ортамызда жүр, жарықтықтар.

Өткен ғасырдың жетпіс-сексенінші жылдарға дейін жиырмадан асқан қызды отырған қыз санатында болса, кейінірек бойжеткеннің 22-23 жасында шаңырақ көтеруі де мақұлданғандай. Қазақ тіпті 25-26- ға келген қыздың да келешегіне алаңдамайтын болды. Өйткені жыл өткен сайын тұрмыс құрудың орташа жасы да көтеріліп келеді. Бүгінде 29-30 жас шектік жас деп есептелетін сияқты ма, қалай?

Қызым менің, бүгінде кәрі қыздардың көбею себептеріне тоқталмай-ақ қояйын. Өйткені бұл өзекті мәселе баспасөз беттерінде кеңінен талқыланып жүр. Оқып жүрген де шығарсың.

Мен бір бойжеткеннің басынан өткен тағдырын баяндап өтсем, бәрі түсінікті болар деп ойлаймын. Зейін қоя оқы.

Айбибі – көркіне ақылы сай, талай жігіттің арманы болған, қолаң шашты, қара көзді қыздардың бірі. Мәдениетті, білімді. Студенттердің бас қосу кештерінде тамылжытып ән де шырқайды, өлеңдері оқтын-оқтын баспасөз беттерінде жарияланып тұрады. Бір сөзбен айтқанда сегіз қырлы, бір сырлы бойжеткен. Түнде түсінен, күндіз есінен кетпейтін көп жігіттің қалаулысы-тын Айбибі.

Обалы не керек, нәзік гүлге теңеп ұнатқандар, шуақ күнге теңеп сөз айтқан жігіттер болды. Бірақ өзінің діт деген Төлегені мен Қозы Көрпештерін күтіп жүргенде, гүлді көктем кош айтысап, аптап ыстық жаз да етек жеңін түре бастады. Университет тамамдалып, студенттік думан тарқады. Байыптап жан-жағына қараса, құрбыларының бірі де қасында қалмапты. Бәрі келісіп алғандай бір-бір бөріктінің жетегінде кетіпті. Олар жыл өтер-өтпес дүниеге «ат байларлар» мен «қырық жылқыларды» шұбыртсын-ай келіп. Бесік жырлар жырланып, жөргектер шайылып жатты. Өз қызықтары өздерінде, өмірлеріне дән риза.

Кейде жұмыстан босап, бұрынғы құбырларының бірімен өткен-кеткенді айтып, шер тарқатуға үйлеріне бас сұқса, олардың айтатындары шикіөкпелерінің қылығы мен былдыраған тәтті тілі. Айналып, толғанып отырғандары. Көрген-баққандары тек сол ғана, басқа дүниені топан су алып кеткендей. Бұрыңғы кездеріндегі арман, қиял құрдымға кеткен. Сөздері бұрынғыдай жараса бермейтін сияқты боп көрінді Айбибіге.

Құрбыларын қойшы, олар университет бітірген, оңы мен солын таниды, жоғары білімді. Енді ғана бесіктен белі шыққан ақүрпек сіңлілеріне не жосық? Он сегізге толар толмас, ұят-аятты қойып, бөтен шаңырақтың түтінін түтетіп жатты, шіркіндер.

Уақыт өтіп жатты. Бір нәрседен құр қалғандай, отбасына мөлдіреген сарыауыз келіндер де түсе бастады. Келе ай-шай жоқ, қазан-ошаққа ие болып алды «ұятсыздар». Айбибі осылайша, ошақ қасынан да жайлап ығыстырылды. Нәумез қыз айдалада, жапан дүзде жападан-жалғыз көште қалғандай сезінді.

Жаз аптабы басылып, бақтағы ағаштардан алғашқы сары жапырақтар ұша бастады. Айбибідей асау қызды дәм-тұздары жараспай ажырасқандар, әйелдері о дүниелік болған қасабалылар маңайлай бастағаны тірідей жерледі.

Бұрындары жеңгелері: «Жеңге көйлегімізді қашан кигізесің, қыз-ау, күте-күте көзіміз ағарды ғой», - дейтін. Бүгінде көңіліне ауыр тиер дей ме, ол қалжыңдарын да қойысты.

Бәрін қойшы, бәрінен де әке-шешесінің көздеріндегі мұң мен көкіректерін қарс айырып үһілегені жанына батады. Бейшаралардың сырты бүтін, іші түтін болып жүргенін Айбибі біледі. Ақымақ емес, сезеді, жігері құм боп іштей тынады.

Мамыр айында құрбысы Жанар баласының бірінші сыныпты үздік бітіргеніне арналған кешке шақырды Айбибіні. Шаңырақ иелері жарқылдай қарсы алды. Отағасы Жақып қол алысып, бетін сүйді де: «Қыздың аты қыз ғой, шіркін! Исінің жұпар аңқуын қарашы!» - деді сүйсініп. Күйеуінің бұл сөзіне Жанардың іші қылп ете қалды да: «Әй, тайқы, менің киімімдегі төрт баланың кіші дәретінің иісі француз әтірінің исінен жүз есе артық болмаса кем емес, о несі-ей», - деді, күйеуіне алара қарап.

Құрбысының бұл сөзі Айбибінің жүрегіне қанжар сұғып жібергендей болды. Үйлі-баранды болмағанын бетіне салық, көжесіне қатық қылып тұрғандай көрінді. Буын-буыны босап, қолындағы десте гүлі еденге жалп етті. Бота көзі жасқа шыланып: «сенен мұндай ауыр сөз естемін деп ойламап ем» дегендей, Жанарға күйзеле бір қарады да, Айбибі үйден шыға жөнелді. Шаңырақ иелері қанша кешірім сұрап, аяғына жығылғанымен бұрылмады. Кешірмеді.

Жан дүниесі күйзеліп үйіне әрең жетті. Келе шешінбестен керуетіне құлай кетті. Ал жыласын келіп, ағылсын келіп «Қай жерден қате жібердім? Құдайым-ай, қай жерден? Қай пейілімнен таптым жалғыздық қасіретін? Кімнен кем еді Тәңірберген? Қамбар ше?... Әкпіш аяқ Ағабек те өлердегі сөзін айтып еді-ау. «Сен иілмесең, жұбайсыз өтем өмірден. Ұлы Нобельдің күнін кешемін, көр де тұр» деген еді.

Бүгінде Тәңірберген үлкен ауданның бірінде оқу бөлімін дөңгелетіп жүр, ал Қамбар болса қаланың озат мектебінің тізгін ұстаған. Ал әкпіш аяқ қайда жүр екен? Осы күнге дейін бір құралайдың көз жанары жүрегіңді жаралап кетпесе, маған келіп: «Айбибі, сен иілмесең, жұбайсыз өтемін бұ жалғаннан» деп тағы бір рет қайталашы, Ағабек. Кәдіріңе жетпесем маған серт! Аяғыңның қамыт аяқ екенін де қаперіме алмас едім. «Отбасымның қорғаны, бала-шағамның тірегі, аяулы азаматым» деп аялап өтер едім сені. Қайдасың Ағабек! А-ға-б-е-е-к», - деп егілді отбасылық өмірге ділгер қыз.

Көркі ақылына сай, мәдениетті, білімді Айбибі түні бойы кірпік ілмей ойдан ой қуып, төңбекшумен болы. Арманда болған есіл қыз-ай десейші! Есіл қыз!...

Айбибі өз өмірін сана сүзгісінен өткізе отырып, мынадай шешімге келді. «Ана тілі» газетінде оның «Екінші әйел болғым келеді» деген мақаласы жарық көрді. Ол: «... Мен отырып қалған сұлу қыздардың бірімін. Таңдап жүремін деп тазға да қолым жетпей қалған жағдайым бар. Қатарларым қозы көш жерге озып кетіпті. Әйтсе де жар құшып, бала сүйіп, ана болғым келеді. Жаратқан Ием әйел затын сол үшін жаратқан емес пе? Кейбіреулердей көлденең көңілдестен бала тууға намысым жібермейді. Енді қайтпек керек? Мен білсем, оның бірақ жолы бар. Бұрынғы ата-баба салтымен бір жақсы ағаның етегінен ұстап, екінші әйелі болу. Иә, турасын айтқанда, тоқалы болу.

Сонда заңды күйеуім, баламның заңды әкесі болған болар еді. Ешкім көзтүрткі қылмас еді», - деп ағынан жарылыпты «қолын мезгілінен кеш сермеген» ару қыз.

Несі бар, құптарлық-ақ шешім. «Арманыңа жет, қазақтың көркіне ақылы сай ару қызы, Айбибі!» - дейміз де. Басқа не айтармыз? Не айтсақ жұбанар?

Дағыстанның ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың:

«Әйел болу ауыртады жаныңды,

Ана болу сынға салар арыңды.

Ана болу сығып алар барыңды,

Ең ауыры – осыларды сезінбеу,

Бастан кешпеу әйелге тән зарыңды», - деген өлең жолдары жас қыздарға айтылған өсиетке мәнзелдес демеске әддіміз жоқ.

Қыз бақыты – сүйген жанмен шаңырақ көтеріп, ақжаулықты ана болу. Тәкаппарлық, кербездік, кірпияздық, мансап, дүние табу, білім қуу – бірі-бәрі мұның алдында түкке тұрмайды. Олай болса, «Қыз мұраты – кету» деп атам қазақ тектен-тек айтпаса керек.

Қазақта: «Таңдаған тазға жолығады» деген ұлағатты сөз бар. Жар таңдауда ұзаққа созып, «аңға шығар қансонарды» күтіп отырудың да қасиетті шамасы екенін білгенің жөн.

Асылым, «темірді қызған кезінде соғу керектігін» ұмытпағаның мақұл.


ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ӘУЛЕКІЛІК

Тағы бір өзекті мәселе – жастарымыздың ғаламтор желісі арқылы танысып, шаңырақ көтеріп жатқандығы.

Айдана қызым, мен мұндай танысып-білісуді құптамаймын. Неге дейсің ғой? Өйткені, жастар ғаламтор желісімен сөйлескенде, ақиқат кейпін көрсете бермейді, шынайы қалпын білдірмейді. Өзі қалаған бір образды ойлап алып, сол бойынша сөз саптайды. Ақылды да мәдениетті болып көрінгісі келеді. Рөл ойнайды. Адамның жаратылысы сондай.

Мен сөзімнің басында кез-келген нәрсенің жағымсыз жағы болатындығын да айтқан болатынмын. Дәл осы секілді мұнда да кері оқиғалар болып жатады. Мәселен, біраз уақыт бұрын жаңалықтардан мынаны көрдім.

Бір қыз жігітпен интернет арқылы танысады. Виртуалды ғашығының әдемі сөздеріне басы айналып, ғашық болып қалады. Тіпті, ол жіберген суретің басқа екенінен де күдіктенбейді. Кездесуге келгенде де жігіттің даусындағы өзгеріске мән бермейді. Ең соңында жігіт қылмыскер, сотталған біреу болып шығады. Осындай оқиғаларға қарап, виртуалды махаббаттан да қорқақтайсың. Айдана қызым, мен мұндай танысып-білісуді құптамаймын.

Ертеде бір данышпан: «Жаратқан Ием бүкіл адамзатқа ақылды теңдей бөліп берген сияқты. Олай дейтінім, мен ақымақпын деген жанды кездестірген емеспін» депті. Сол айтпақшы, барша жұрт те парасатты да саналы болып көрінуге тырысатыны анық.

Шын мәнінде адамның жан дүниесі әр түрлі іс-әрекет пен ахуал (стуация) үстінде танылатыны белгілі. «Күн ашық, ауа тымықта ескекшінің қандай адам екенін білмейсің, ол буырқанған қара дауылда сыналады», дейді гректің ғұламасы Геродат. Сол айтпақшы, «Адамды терең білу үшін бір қап тұз жеу керек», деп қазақ жақсы айтқан ғой. Бұл дегенің адамды танып-білуге ұзақ уақыт қажет дегенді білдіреді. Демек, уақыт – бәріне өлшеуіш.

Көрмей, білмей ғаламтордағы «сұлу» сөзге иланған махаббат тұрлаусыз сүйіспеншілік деп білемін, қызым.


«...ҮЙ БОЛУ ҚИЫН»

Міне, қысқа ғана өмір көктемі – қыз дәурен аяқталып, аузымен үріп, табанын сырып өсірген ата-анаңның ақ батасын алып, туып-өскен ұяңнан тұңғыш рет, жұмбақты жағалауға, беймәлім мекенге ұшып шықтың дейік. Бұл ата-баба жолы, қалыптасқан бұ фәни мәнзелі, адамзат ойлап тапқан құндылық. Біз саған: «Барған жерімде бақытты болам деп емес, қонған «аралымды» көркейтіп, абаттандырамын, бақытты етемін деп ұшқайсың» деп ақ батамызды беріп қала береміз. Әрине сен ұзатылып кеткенде үйіміз бар көркінен айрылып, ойымыз ойран, көңіліміз құлазып қалары анық. Басқа амал бар ма? Көнеміз дә!...

Алайда өмірлік жар таңдауда мына мәселелерге ерекше көңіл бөлгеніңді қалар едім.

Танымал ғалым С.Қалиев өзінің еңбегінде бозбала мен бойжеткенді жұбайылық өмірге тәрбиелеуде мына мәселеге баса назар аудару қажеттігін айтады. Бірінші ретте, адам өмірінің сыңары, бір бүтіннің жартысы болатын өмірлік серік, жар таңдауда тәрбиелі, ақылы көркіне мінезі сай, еңбек сүйгіш адамгершілігі мол, таза жүректі адаммен бас қосқан абзал екендігін; екінші, жастық шақ адам өмірінің ең қызық, ең жауапты, ең мағыналы шағы, оның басты ерекшілігі: шуақты көңіл, албырт сезім, сенгіш жүрек, батыл әрекет, қызыққа құмар, қызылға өш өткінші дәурен екендігін; үшінші, жастық шақта отбасын құру, білім алу, еңбек қарекетіне төселу қажетін, бұл – адамшылықтың басталу шағы екенін, оны қалай да дұрыс бастау қажет болатынын; төртінші, отбасын құру бақыты екі адамның тілек-мүддесінің бірлігі, жастар өз бақытының қожасы, мұны берік дәстүрге айналдыру олардың өз қолында екендігін айрықша сөз етеді... (С.Қалиев "Қазақ тәлім-тәрбиесі ")

Сүйгеніңмен отбасын құрдың дейік. Жаңа көтерген шаңырағыңның тыныс-тіршілігі біздікінен мүлдем басқаша болуы әбден мүмкін. Отбасы мүшелерімен қарым-қатынас та өзгеше болатыны ақиқат. Менің айтар кеңесім, шымылдық керген шаңырағыңның түтіні түзу шығу үшін, алдын ала сөз салып жүрген жігітіңнен отбасы мүшелері, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, т.б. жөнінде хабардар болғаның жөн.

Сені онда үлкен сын күтіп тұр. Сол сыннан сүрінбей өту үшін тиянақты дайындық керек. «Егер ерлі-зайыптылар шаңырақ көтергенге дейін бір-бірінің әдеттері мен мінез-құлқын біліп алмай, некенің бақытты болуы мүмкін емес», - деген О.Бальзактың даналық сөзі бар. Ұлы жазушының бұл ойын таратып айтудың қажеті де шамалы. Онсыз да түйсіктіге түсінікті қағида. Ойыма мынадай келеңсіз оқиға түскені.

Көршіміз Тоқбергеннің үлкен ұлы келіншек түсірді. «Бар тапқан-таянғаным тойға бұйырсын» дейтін қазақты өзің білесің, отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізетін тойшыл халық екенін. Көршілеріміздің қуаныштары қойнына сияр емес. Тоқбергендер шашылсын-ай келіп, шашылды. Бірінші күні жан дүниелері жаздай жадырап дүбірлетіп беташар жасады. Екінші-үшінші күндері "қондырған құстарына» құтты болсын айтып, ауылдан ағайын-туғандар ағылсын келіп. «Отыңның басы ойнақы болсын, қораңның іші торпақты болсын» деп баталарын беріп тарқасын.Төртінші күні жас келіннің қолынан шай ішеміз деп көршілер топырласын. Әдептен озған жоқ. Бәрі қазақ қоғамы қабылдаған дәстүрі, жоралғсы.

Мұндай опыр-топырға, қабағат тірлікке жаттықпаған жас келіннің төртінші күні шыдамы таусылды ма, жоқ әлде газ пешке қолын күйдіріп алды ма? Әйтеуір белгісіз.

- Все это мне надоело, - деп ас үйде қолындағы шәйнекті еденге бір ұрып, быт-шытын шығарып, отау үйге қойған да кеткен.

"Ас тасыса, қатығы төгілер, ашу тасыса, ақылы төгілер" дегеннің нақ өзі. Әрқашан пенде біткенге қалыптан шығып кету дегеннің түбі опа бермейтінін есте сақтай бермейміз. Кешігіп, бармақ тістегеннен не пайда?

Жаңа ғана есік ашқан жас келіннің қораш мына қылығы баламызды аяқтандырдық деп қуаныштары қойындарына сыймай жүрген ата-ананың төбесіне жай түскендей әсер етті. Тасыған көңілдері су сепкендей басылды. "Табалдырықтан аттамай жатып сағымдай құбылып, сабындай бұзылып жасаған қылығы мынау, әбден балалы-шағалы, сіңісті болғанда бұл мінезімен төбемізді ояр. Қой, аман-есенімізде көш керуенімізді түзеп, жөнімізді тапқанымыз мақұл», - десті, жаңа түскен келіннен пәсі қайтқан ата-ана. Өзара бір пәтуаға келіп, баласын алдарына шақырып алып:

- Бізді әке-шешем деп сыйлайтының шын болса, мына тік бақайдан құтқар. Отбасым разы болсын десең, мына сұйқылды әкелген жеріңе апарып таста, - деп үзілді-кесілді талаптарын қойысады. Көп ұзамай әке-шеше баласына өз тілегін орындатты да. Енді ғана табалдырық аттаған жастың осылайша өкшесі отқа бастырылды. Бұрымы тарқатылды. Әттеген-ай...

Қызым есіңде болсан, егер лайықсыз, масқара қылық жасасаң, одан кейін құдайға қанша құлдық етсең де, істеген істі кейін қайтара алмайсың. Матаның кірі кеткенімен, көңіл таты жуылмайды. Сондықтан әр әрекетіңді тағат тізгініне тұсап, парасат елегінен өткізе отырып жасағаның лазым. "Адам көңілі бір атым насыбайдан қалады" деген сөз бар қазақта. Қалған көңілді жібіту, қайта қалпына келтіру қиынның қиыны. Тоқбергеннің отбасы үр жаңа келіннің алғашқы «аяқ алысын» кешірмеді. Тауаны қайтты.

Жас отбасының іргетасы қаланбай жатып, шаңырағы ортасына түсті. Көршіміздің бұл шешімін құптаудан аулақпын.

Тәжірибесіз жастың оқыс қылығын кешіру керек еді деп ойлаймын. Қателігін жай сөзбен түсіндіріп, тәрбиелегенде, екінші рет қайталамас па еді? Кім біледі, адамның баласы ғой. «Жылы-жылы сөйлесе, жылан да інінен шықпаушы ма» еді. Тым асығыс шешім болды-ау, жастарға. Обал болды... «Обал» деген сөздің де қасиеті кеміп бара жатқан заман бұл.

Дегенде, үлкен кемені кішкентай тесік суға батыруы мүмкін екенін ұмытпағаның абзал, қызым.

Халқымыздың «әдептілік-әдемілік» деген қағидасы жас болсын, жасамыс болсын отбасында, қоғамда, күнделікті қарым-қатынаста әдеп сақтауға міндеттейді. Сөз зергері Ғабит Мүрепов: «Оқыс сөз, ордаң мінез үлгісі жоқ ұлдың, кері кеткен қыздың белгісі» деп жазған. Әдепсіздік – көргенсіздік екенін, ордаң мінез орға жығатынын ескертеді.

Айдана, әдептілік неден көрінеді? Қыз бойындағы қалыптасқан халықтық рәсімнен, жол-жоралғыдан, салт-дәстүрімізден танылады. Осынау этностық мінез–құлық бітістері бұрымдының киелі күші екенінде дау жоқ.

Жаңа құрылған отбасының сәтсіздікке ұшырау себебі не деп ойлайсың, қызым? Меніңше, бойжеткен «үйлену оңай, үй болу қиын» екенін ой елегінен өткізбей тұрып, тұрмыстық өмірге қадам жасауынан болар. Отбасында кездесетін қиыншылықтарға шыдамды да сабырлы болуға, мінәсәр мінез танытуға дайындалмағаны.

Халқымыздың қалыптасқан ұлттық мінезі отбасында, күнделікті қарым-қатынаста, қоғамдық орталарда әдеп сақтауға міндеттейді. Қыз балаға отанасының әдептілік жөнінде тәрбиесінің жұтаңдығы жоғарыдағыдай келеңсіздікке әкеліп соғатындығы даусыз. Бір сөзбен айтқанда, бойжеткеннің отбасылық өмірге жауапсыз, ат үсті қарағаны деп білемін.

Шаңырақ көтерудегі алғашқы сәтсіздік толқыны жас әйел өмірін басқа арнаға ағызып әкете ме деп қауіптенемін. Жастық қызумен от басып, тіршіліктің опалы да, шуақты жағынан қол үзіп қалмауына кім кепілдік бере алады? Одан Жаратқан Ие аулақ қылсын деп тілейік. "Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ" дегендей, жаңылысып жаза басқандар да бақытын тапсын деп үміттенейік, іләйім. Қазақтың қара көзі ғой. Қазақтың...

Дегенде, қазақы қоғамда есік көргеннің бақытқа бастар жолы бесік көргендікіне қарағанда екі-үш есе күрделене түсетініні белгілі.

Қызым, есіңде болсын! Тұрмысқа шығу өз құқыңды жартылай кемітіп, міндетіңді екі есе өсіру деген сөз. Ендігі жерде құқық тарылып, міндет еселенеді. Қыз кезіндегі еркіндікке тұсау түседі, үрият шектеледі. Қала-қалама, «ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген қазақы өмір тауқыметі мен мұндалап алдыңды орайды.

Үлкен үйдің де, отау үйдің де өзіңе мінәсіп тыныс-тіршілігі, келетін қонағы, жекжат-жұратымен алыс-берісі, қарым-қатынасы болады. Солардың бәрінің де жөн-жоралғысын ақыл-парасат тезінен өткізе отырып, жолыңнан жаңылмай, үдесінен шығуда халқымыздың дәстүрі мен әдет-ғұрпын білуді талап етеді. Әрине ондай салт-дәстүрді адам іштен біліп тумайды «көре-көре көсем боласың...» дегендей, оны өзің өсіп-өнген отбасыңнан, күнделікті өмірден, құрбы-құрдастарыңмен сырласып, ақыл-кеңес алу арқылы үйренеді. Ал қазақы қалыптан шығып кету дегеннің түбі опа бермейтінін үнемі есте сақтағанын рауа.

Үнемі үлкен отаудағылардың айтуымен, ескертуімен ғана іс-әрекет етуің сенің көргенсіздігіңді, білместігіңді, тәрбиесіздігіңді байқатады. Қазекемнің «жетектеген ит ауға жарамайды» дегенін үнемі есіңнен шығарма, қалқам.


КӘДЕСІН БҰРЫНҒЫНЫҢ ОЙЛА, ҚЫЗЫМ

Жақсы келіннің басты сипатының бірі – сезімталдық. Ол дегенің ішкі рухани өмірінің биіктігі, жан дүниесінің әсемдігі.

Ері мен ата-енеңнің ойын айтқызбай-ақ танып, ескертпей-ақ өз міндетіңді тап-тұйнақтай, «қыздың жиған жүгіндей» етіп атқарып отырсаң, олар сендей тындырымды келінге жолықтырған Аллаһ Тағалаға іштей шексіз ризашылығын білдірері. Шүкірлік етеді.

Иә, көргенділік пен тәрбиеліліктің көрсеткіші – сезімталдық. Ол – адам бойындағы таланттың тірек таянышы, сүйеніші.

Өзің сүйіп қосылған жігітіңнің ата-анасы, аға-әпкесі, іні-қарындастары болуы мүмкін. Осы отбасы мүшелерінің, әсіресе, үлкен кісілердің көңілінен шығу, бабын табу оңай емес екені әмбеге мәлім. Бар ауыртпалықтың үдесінен шығу отбасында тәрбие көрген, көргенді, ақылды да парасатты, сабырлы да төзімді жастың ғана сыбағасы. «Жасында көргені жоқтың өскенде айтары жоқ» дейді қазақ атам. Көргенділік – отбасы, әсіресе, отанасының қызына берген тәлімінің нәтижесі екенінде дау жоқ.

Жаңа көтерілген шаңыраққа жастар, әсіресе құрдастары келгіш болады. Жарың жолдастарын ертіп келген кезде, оларды жадырай қарсы алып, жылы қабақпен дастарқан жайып, күтіп жіберсең, жігітің марқайып, достарының алдында мәртебесі көтеріліп, мерейлене түседі. Жас келіншегінің ынта ықыласына разы болады.

Қазақтың дана ақыны Абай жаңа түскен келінге қояр талаптың жоғары болатынын сөз етеді. Күйеуінің жолдас-жораларына инабатты болуы, құрметтеуі жаңа түскен келіншектің міндеті екенін, бұл сый-сияпат оның өз ерін құрмет тұтуы, қадірлеп сыйлау қажеттілігінен туындайтынын ескертеді. Мысалы:

Үйіне тату құрбың келсе кіріп,

Сызданбасын қабақпен имендіріп.

Ері сүйген кісіні о да сүйіп,

Құрмет қылсын, көңілі таза жүріп, - дейді.

Ақын жас келіншектің әйел қауымының салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты қастерлеуін, бар іс-әрекетімен, ибалы-имандылығымен сүйкімді болуын, от басында Күндей күліп, Айдай жарқырап, жұлдыздай жайнап жүруін қалайды.

Ал егер сен олар келгенде жақтырмай, қабағыңды шытып, ас үйде табақ-аяқты сылдыратып жүрсең, келген қонағыңның еңсесі түсіп, үйіңнен шығып кетудің амалын қарастырады. Мұндай жағдайда жұбайың дос-жоралдарының алдында абыройдан айрылады. Саған өкпесі қара қазандай болып, көңілі суиды. Достары кетісімен араларында кикілжің туып, сөзге келіп қалуларың да мүмкін.

Атам қазақтың: «Үйге келген қонаққа тамағыңды берме, қабағыңды бер» деген қанатты сөзді бекер айтпаса керек. Үйіңе бас сұққан қонақ тамағыңа тоймаса да көрсеткен құрметіңе, ықыласыңа қанағаттанып кеткені тиіс. Қазақ ұл-қызының аш жатқанына арланбаған. Қонағының аш қайтқанына арланған.

Қызым Айдана, әрдайым есіңде болсын! Табалдырығыңнан аттаған «Құдайы қонақпын» деген кісіні таны-таныма жылы шыраймен қарсы алып, жылы пейілмен шығарып салу көргенділік болып табылады.

Қадекеңнің (Қадыр аға Мырза Әли): «Қонақ үйдің басты мүшесі, содан қалғанын ішесің» деген ұлапғатты сөзі өміріңнің арқауы болсын, сәулем.

Біз сені отбасында тәрбиелегенімізде осы аталы дәстүрді барынша сақтауға тырысқанбыз. Олай дейтінім, ата-бабамыздың ежелден қалыптасқан игі дәстүрінің бірі – қонақжайлық. Қазақта «Қырықтың бірі қыдыр», «Қонақты қусаң құт, ырыс қашады», «Қонақпен еріп құт, ырыс келеді», «Сыйғызып жатқан даланы, Дастарқан – көңіл алаңы», «Меймансыз үй имансыз» деген сөздер бекер айтылмаса керек.

Қонақасы жайында ауыз әдебиетінде мынадай аңыз бар. Алаш бабамыз өзінің Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс атты үш ұлына енші бөліп бергенде өзіне тиісті еншісін «Бұл бүкіл исі қазақтың бөлінбеген еншісі болсын, мұны да сендерге бөліп берейін. Бұл үрім-бұтағыңа жалғассын. Бір-біріңе қайырымды болыңдар. Алыстан шаршап-шалдығып келген қонақтың еншісі – қонақасы болсын» деп көреген атамыз батасын берген екен.

Міні, сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында әкенің балаға қалдыратын мұрасының белгілі бір бөлігі міндетті түрде қонаққа тиесілі. Қазақтың сайын даласындағы жолаушының кез келген ауылдан ас-су ішіп, тынығып алуына мүмкіндігі болған. Отбасы үшін қонақты сән-салтанатымен, шын пейілмен күтіп алып, ақ тілеумен аттандырып салу бұлжымайтын заңдылық болып есептелген.

Адамдарды тіліне, дініне, ұлтына бөліп-жармай, достық ықылас танытып, дастарқан жаю – қазақы қоғамының тамаша дәстүрінін бірі. Қазақтың қонақжайлық қасиеті мен дәстүрін шетелдік саяхатшылар мен ғалымдарын әр уақытта таң-тамаша қалдырған.

ХІХ ғасырдың аяқ кезінде Ресей зерттеушісі Виктор Фон Герн: «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңқалдырады. Мұнын өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет», - деп жазыпты. Бұл кісіге әділдігі үшін алғысымыздан басқа айтарымыз жоқ. Бізді осылай бағалауы керек еді баршасы. Біз сол қошеметке татитын ел едік... Өкінішке орай келгендердің баршасы қазақтың жан дүниесін тани алған жоқ. Көбісі келе салысымен қой аузынан шөп алмайтын момындығымызды пайдаланып «төр менікі» деп, танауымен көк тіреп, жер тітіреткеніне кәрі тарих куә.

Қазекемді қойсайшы, «құдайы қонақ» түгіл сол үйдің ата жауы келсе де, өзі түгіл өзгеге де қиянат жасаттырмаған. Аман-есен аттанып кетуіне жағдай жасаған. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген сөз өмірдің өзгермес қағидасына айналғандықтан айтылса керек.

Бүгінгі жабайы капиталистік формацияны басынан кешіп отырған қоғамда, қазақ отбасы ата-баба мұра етіп қалдырған қонақжайлық асыл қасиеттен көз жазып қалмасын деп тілеймін. «Бөлінбеген еншіге» қиянат жасамай, әрбір жолаушыға шын пейілмен дастарқан жайып отырғанын қалар едім. Атаңның өз отбасы мүшелерінен үнемі осыны талап етіп отыратынына өзің куәсің, қызым. Айдана, сен де ата-баба дәстүрін әрі қарай жалғастырушысы болады деп сенемін. Ләйім солай болсын!

Алайда «қонақжайлылық – жалпақ шешейлікке, кішіпейілділік – құлдық ұра берушілікке, кеңпейілділік – ысырапшылдыққа ұласып кетпесін», - деп ескертеді көрнекті қоғам қайраткері Амангелді аға Айталы. Бұл да бар қазақтың ойында жүретін үрдіс деп білемін.

Қазақта «жақсы келді дегенше, жарық келді десейші, жақсылықтың ұрығын ала келді десейші» дейтін қанатты сөз бар. Ерге сүйікті, ата-енеге сүйкімді, отбасына жайлы, өзі түскен ортаға мейрімділік пен имандылық дәнін себетін жан ең жұлдызды келін. Ең қадірлі де сыйлы әйел.

Бір жас жігіт анасынан: «Анашым! Өзіме лайық әйелді қалай табамын?» – деп сұрайды. Сонда анасы: «Балапаным-ау! Лайықты жар табуды уайымдағаннан бұрын, оған қалай лайықты күйеу боламын деп уайымдасаңшы!» – деген екен... Расында, әрбір адам «ол маған лайық па?» деген сұрақтан бұрын «мен оған лайықпын ба?» – деп ойлануы керек.

Себебі, кімнің неге лайықты екенін Алладан басқа білуші жоқ.

Ендеше, Аллаһтан жақсы жар кездестіруді сұраған жігіт (қыз) өзін (мінезін, түсінігін, ниетін, білімін т.б) жақсартуы қажет. Себебі, Аллаһ – Әділ. «Сұм әйелдер сұм ерлерге, сұм ерлер сұм әйелдерге, ізгі әйелдер ізгі ерлерге, ізгі ерлер ізгі әйелдерге лайық» («Нұр» сүресі, 26-аят). Қазақтың: «бақытты боламын деп емес, бақытты қыламын деп үйлен», – деуінде де үлкен даналық жатыр.

«Егер ер адам кездейсоқ бақытсыздыққа ұшыраса, оны жаны сұлу, жақсы әйел сақтап қалады». (Осы ойды күнделігіме жазып қойыппын. Авторын жазбаппын. Кешірім өтінемін).

Айтулы турколог-ғалым, халқымызға белгілі қаламгер Немат аға Келімбетов отыз бес жасында жұлын-омыртқасына жасалған күрделі отадан кейін аяқ-қолы бірдей сал болып, жылдар бойы төсек тартып жатып қалғанда сүйікті жары Қуаныш өмірдің қиын да күрделі сынынан тайсалмай өтіп, таңғажайып жеңіске қол жеткізгені соның дәлелі. Ғалым-жазушы ағаның «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологынан үзінді келтіре кетейін.

«... - Анау кісі сені енді қайта тұрмайды деп жатыр. Мамамды ұрысты. Мамам жылап қалды. Анау кісі сені бір жаққа апарып тастамақшы. Бәрібір өледі дейді. Ал, сен өлмейсің ғой, папа, ә? Өлмейсің ғой...

Зығырданым қайнап кетті. Мен отадан кейін профессордан енді қайтіп жер басып жүре алмайтынымды естіген сәтте де мұншалықты жан азабына түскен жоқ едім...

Қайратым жаныма келіп: «Папа, ертең мені мойныңа міңгізесің ғой» - дегенгде көзімнен ыстық жас қалай ыршып кеткенін өзім де сезбей қалдым. Енді екі балама қосылып, үшеуміз де бордай езіліп егіл-тегіл болдық.

Мен осындай ауыр ойға шырмалып жатқанда бөлмеге сен кіріп келдің ғой. Гауһар (Қуаныш). Сонда сен біз қосылғалы бері тұңғыш рет менің көзімнен жас көрдің. Төбеңнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды-ау деймін. Селк ете түстің. Сенің бүйтіп қатты шошынғаныңды бұрын-соңды мен де көрген жоқ едім. Әйтсе де, сен тез есіңді жинап алдың...

«Жыламашы! Мына екі баланың көзіне көрініп, тірі жатсаң болғаны. Қалған тірліктің бәрін мен өз мойныма алам», - дедің ғой.

Шынында да біздің үйдің бар ауыртпалығы сол күннен бастап, сенің мойныңа түскен еді».

Қызым, ондаған жылдарға созылған тағдыр дауылы үдей соқса да Келімбетовтар шаңырағын шайқалта алмада. Ару ана Қуаныш оған қарсы қояр күшті қайдан алды деп ойлайсың? Әрине, ата-бабадан жалғасқан ұлттық рухтан, дін мен ділден, сан ғасыр бойы қалыптасқан салт-дәстүрден, иманға суарылған қазақы тәрбиеден ғибрат алған. Осыншалықты аналық даналықты қайдан үйренді ол? Қуаныш ананың негізгі мектебі – Халық университеті еді. Қазақтың сайын даласында осындай өнеге алатын қаншама ордалы ошақтар болған. Қазір де кенде емеспіз, Кұдайға шүкір баршылық. Сол ошақтардан жан дүниелерін жылытатын тамызық-шоқ алу бүгінгі күллі бойжеткендеріміздің басты міндеті. Басқаша жол жоқ.

Жиырма жеті жасқа жетпей-ақ жастық шақтың көңілді күндерін ауыр тауқыметке арнаған отанасын қанша құрметтесек те ол соған лайықты жан.

Төле баба: «Әйелің жақсы болса, бірінші – иманың, екінші – жиғаның, үшінші – ырысыңның тұрағы» дегені осы болар сірә.

Жақсы әйел үйдің ырысы да, тынысы да бола біледі. Оның бірден-бір тамаша қасиетінің бірі – ұстамдылық. Ұстамды болу – бойды кернеген ашуды ақылға жеңдіретін ұлы қасиет, жан дүниеде жасырын жатқан күшті қуаттың белгісі, бейәдеп қылықтардың алдын алатын берік қорған.

Асыл зуриятым, «Алтын қанша тапталғанымен дақ қалмайтынын, жақсы қанша жамандағанымен датталмайтынын» еш уақытта жадыңнан шығармағаның мақұл, әрбір іс-әрекетіңді, айтар сөзіңді ой елегінен, сабырлылық тезінен өткізіп отыру ақыл мен парасаттылықтың белгісі екенін ұмытпа.

Көңілді кештерде, құрбылармен бас қосқан отырыстарда күйеу бала артығырақ сілтеп жіберіп қызып қалып, ағаттылыққа жол беріп қойған жағдайда (кемшіліксіз пенде жоқ) жұрттың көзінше шаптығып ескерту жасау ағаттық. Мұндайда ақыл айту, жөнге саламын деу бос әурешілік. Қайта ерегістіріп алып, артық қыламын деп жүріп, тыртық қылуың әбден мүмкін. Жұрт алдында әйелінен ескерту алу бөріктінің намысына тиеді. Сондықтан ұстамдылық жасап, айтар сөзіңді оңашада, көңілді кезінде мейрімді үнмен жеткізуің анағұрлым нәтижелі болмақ. Ерін ұзақ өмір сүргізетін де әйел, ертерек көрге кіргізетін де әйел. Қайсысың таңдайсын? Ерік өзіңде.

Ұлылардың ұлағатты сөзін құлаққа құйып өскендіктен бе, нақ осы арада Испан ойшылы Бальтасар Грасианның: «Үнсіз ұстамдылық – естіліктің киелі ұясы», - дегені ойға орала кеткені. Иә, ұстамдылықтың тәрбиелі адамның тамаша қасиеттерінің бірі екенін білгенің абзал.

Қызым, Құдай қосқан қосағыңның жіберген кемшілігіне кешірімді бол. Ұсақ-түйекке бола жазғырма. Күнә тақтың екен, ол да сенің мініңді жіпке тізе бастайды. Бұл дегенің – ашу-араздыққа бастар төте жол.

Ұлы күш әйелдің ақыл-парасаты мен нәзіктігінде. Жарын осы қасиеттерімен ғана «жеңе» алады. Дана халқымызда «жақсы әйел жаман еркекті адам етеді» дейтін мақал осындай өмір шындығынан алынған болса керек

Жарыңды отбасының сүйеніші, қорғаным, бала-шағамның әкесі, «ханзадам» деп сүй, ол да сені «жүрегім менен ошағымның иесі, шаңырағым мен шаттығымның киесі», «ханшайымым-ау» деп аялайтын болады. Қазақтың: «Сыйға – сый, сыраға – бал» дегені осы. Кезекті дүние.

Айдана қызым, осы айтқандарымды әрдайым жадыңнан шығарма.

Дала философтары жаңа бас қосқан ерлі-зайыртылардың бір-бірімен сыйласымды да, ынтымақты өмір сүруін қалай отырып, отбасылық өмірде қандай жағдай болмасын табақ-аяқтың сылдырамауын, бар қиыншылықты бірлесе отырып жеңіп шығуға даяр болуын талап етеді. Мәселен:

Келер күн қызық дәурен тату өткіз,

Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз...

Бір жерде бірге жүрсең басын қосып,

Біріңнің-бірің сөйле сөзін тосып,

Біріңді-бірің ғиззат құрмет етіс

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып, - деп жидебайлық данышпан ерлі-зайыптылардың тату-тәтті тұрмыс құруына негіз болатын салауатты бағыт-бағдар жасайды.

Хаким Абай әйел қауымын келеңсіз қасиеттерден аулақ болуын, ақылды да инабатты, отбасының ұйытқысы, ұл-қызына – ана, еріне – адал жар, ата-енеге сүйкімді де қамқор келін, шыңырақтың көркі болуын қалайды. Сөйтіп ол келешегінен үміт еткен жастардың жұбайылық өміріне ерекше мән берді, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырды.


ҰРПАҚ ӨСІРУ – ЖАНҒА МИЯТ

Бойжеткеннің сүйген жарын табу, бас қосып отбасын құру бақыттың іргетасы екені белгілі. Алайда ол іргетас бекем болады, сол уақытта егер олардың артынан ерген ұрпағы болса, өрістерін кеңейтер тәртіпті де, тәрбиелі жеткіншектері ілессе. Бұл жайында:

Суалмайтын суат жоқ,

Тартылмайтын бұлақ жоқ.

Құйрығы суда тұрса да,

Уақтысы жеткенде,

Құрамайтын құрақ жоқ.

Дүние деген фәни бұл,

Баласы жоқта мият жоқ.

Бәрінен қиын сол екен,

Артында жанған шырақ жоқ», - депті абыз баба Әйтеке би.

Көргені көп, түйгені мол дегдар бабаның айтпағы: отбасының көркі мен қуанышы, арманы мен үміті, ата-ананың өсіріп отырған ұл-қызы екендігі. Өйткені ұрпақ – өміріңнің жалғасы, өсіп-өнген бұтағы, жайқалған жапырағы. Ағаш – жапырағымен көрікті. Сол сияқты отбасы да ұрпағымен бақытты. Арттағы жеткіншек ұшқанда қанатың, қонғанда құйрығың, қартайғанда сүйенішің. Көзіңнің жанары тайып, бойыңнан қуат кеткенде «түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүт берген анашым» деп аялайтын қамқоршың. Тілі балдай, шуағы атқан таңдай немере, шөбере, шөпшек сүйдіріп, қуанышқа кенелтетін өрісің.

Сен аспаған асулардан асып, сен бағындыра алмаған шыңдарға көтеріліп, ту тігіп, арманыңа қол жеткізуші мақтанышың ол. Отбасына қиындықсыз қуаныш, ұрпақсыз бақыт орнамайды. Түйсіктіге бала қиындық емес, ол – қуаныш.

Қызым Айдана, есіңде болсын «балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» депті ғой сөзі уәлі, аузы дуалы дана халқым. «Босағасын алтыннан соқсаңдағы, Перзент сүймей адамның мейірі қанбас», деп Шал ақын айтпақшы, ұрпағы жалғаспаған шаңырақ, пілтесіз – шам, жанарсыз – көз, жүрексіз – кеуде, отсыз – ошақ, жеміссіз – дарақ, сусыз – арна екенін естен шығармағайсың. Жаққан шамың неғұрлым мол болған сайын шаңырағың жарық, сәулелі де нұрлы, биік те еңселі болатыны анық. Оны дәлелдеудің қажеті де жоқ, қызым.

Ол үшін тиянақты алғы шарттары болу керектігін білемін. Бірінші, ерлі-зайыптылардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын татулық пен ынтымақтастық; екіншіден, материалдық жағдай, үшіншіден, денсаулық, төртіншіден, шаңырақ түтінінің түзу шығуы дұрыс шешілген жағдай. Қызым, сен көтерген шаңырақта үкілі бесік жырының шырқала беруін тілеймін Жаратқаннан.

Қызым, бала бауыр етің. Оның «тәттілігіне» бұ фәниде жететін ешқандай татымды «дәм» жоқ. Ұлы сөзде ұят жоқ, ұят та болса айтайын. Бар ынта-ықыласыңды, мейірім-шапағатыңды сол шаранаға бағыштап, күйеуіңді өз үлесінен құралақан қалдырып жүрме. Суытпа. Сонау қыз-жігіт әлетіндегі сүйіспеншілік қарым-қатынасыңды зауал шаққа дейін сақтауға тырыс. Бұл сен көтерген шаңырақтың шайқалмауына септігін тигізері сөзсіз.

Қазекем "жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас" деп бекер айтпаса керек. Ата-анадан жал-құйрықсыз жалғыз болғандығымнан болса керек, бір шаңырақтан төрт-бес жанның әмісе береке-бірлікте отырғанына қызығып та, қызғанып та қарайтынымды несіне жасырайын. "Жақыны көп, жасқанбайды" деген бар-ау қазақта. Ата-баба жоралғысы да өніп-өсуді, үбірлі-шүбірлі болуды тілейді Жаратқаннан. "Көп қорқытатынын, терең батыратынын" бұл қазақ бұрыннан білген.

Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар,

Екі ұлы бардың өкпе-бауыр жалы бар,

Үш ұлы бардың Бұхарада малы бар,

Төрт ұлы бардың аспанға салған жолы бар, - деп, дегдар баба отбасының бақытын ұл-қызының көптігімен анықтайды.

Қызым менің, ұрпақсыз отбасының еш уақытта бақыт шамы жанбайды.

Еш уақытта...

Менің құрбыларымның өмірінде болған мына бір оқиғаны әңгімелеп берейін. Зер сала оқып шығып, өзің бір байлам жасарсың.


ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫ ЖОҚ ЖЕРДЕ


Ташкендегі Орта Азия политехникалық институтында оқып жүрген кезім, - деп бастады Арыс, Шымкент қалаларының құрметті азаматы, Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шерім Медеуов ақсақал.

Мамыр айының мақпал шағы. Күн мейірлене жадырап, Жер перзентін құдіретті нұрымен аялап, аймалаған шағы.

Бұл мезгілде ала топпы ағайындардың астанасы алуан түсті гүлдермен безеніп, жас арудай құлпырып кететіні бар. Мың сан бояуға бөленген сұлу табиғаттың мына кербез келбеті мың бояулы кемпірқосақ реңдес қалпымен көз арбайды, жан дүниеңді самал желдей тербейді. Ненің құдіреті екені белгісіз, алаң көңіл бас бермей бәйге тілеген тұлпардай тыпыршиды. Белгісіз әлемге, жұмбақ жағалауға елеңдейді. Соның әсері болар, Төле бабаны ақ жуып, арулап қойылған қалада оқып жүрген қара көздер жиылып бас қостық. Кездесуді ұйымдастырушы, бар болғырлар, Шәкен мен Илияс Низами атындағы педагогикалық институттың қыздарын да шақырыпты. Олар да келді. Бойжеткендердің арасында хакім Абайдың: «Кәмшәт бөрік, ақ тамақ, қара қасты сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін» деп суреттегендей бір періште сипатты перизатты көргенде барша бөріктілер шаштарын тарап, галстуктерін түзеп «қырылды» да қалды.

Төңірегіне нұр шашқан ару жәудіреген көзімен еркелей қарағанда, о, құдайым-ай, отты жанарынан мұз екеш мұз да еріп кететіндей ме қалай өзі! Несін айтасың, келбетті ару шебер табиғаттың келісті де ғажайып туындысы демеске амалың жоқ.

Таныстық. Бар жігітті ынтықтырған жас арудың есімі Алтын екен. «Атына заты сай» деген осы болса керек. Ата-анасының ат қою түйсігінде мін жоқ екен-ау, мін жоқ. Шикі өкпелерінің бойжеткенде зүбаржаттай жарқырарын қайдан білген, жарықтықтар?

Әмбеге аян жастардың жүрген жері – ән мен жыр. Кезек-кезек бар өнерлерін төгілтсін-ай кеп, төгілтсін.

Бірде сан ғасыр бойы қазақтың жерұйығын қорғап келген батыр бабалардың рухын көкке көтерген қасиетті қоңыр домбыраның шанағынан күмбірлеген күй төгілсе, бірде тұла бойды шымырлата ұйытып, өзгелерге ұқсамайтын, өзіндік ырғақ, әуездік әрлілігімен, ішкі қуат-күші сыртқа тепсінген тегеурінді әрлілігімен дараланатын халық әндері шырқалады. Пау, деген. Шетінен он саусағынан өнері тамған жастар.

Арамызда бізден екі-үш жас үлкендігі бар ұзын бойлы, кең иықты, жазық маңдай жігіт төресі Сарыбай деген курстасымыз болатын. Кеш тізгінін ұстаған Шәкен соған дымбыра ұсынып:

- Кәне Сәке, неңіз бар? Қарыштап қалыңыз. Көрдіңіз бе жұрттың қалай сілтеп жатқанын. Кезек сізге келді, - деді.

Сарыбай киелі аспапты құшырлана қолтығына қысып, үнсіз біраз отырды да, мақпалдай қоңыр үнмен ән бастады. Әріден жан дүниесінің тереңінен бірте-бірте көтерілген әуезді үн мамырлап, қалықтай түсті. Көз талдыра көкке көтеріліп, шарықтап барады. Жүрек тербер, жұмбағы мол, сырлы дүние, алыстан орағытады. Әннің әсем ырғағында «іздегенім сен едің, көп іздедім сарсылып, ойды-қырды. Ойда жоқта Жаратқан кездестірді-ау ақыры, жан қалқатай» деген наз жатқандай ма-ау. Қалай? Түсінсем бұйырмасын.

Бұрын-соңды Сарыбайдың домбыра тартып, «әу» дегенін естімеген едік. Мына қырын көрсетуге не себеп болды екен? Әлде... Таң-тамаша болып, бас шайқап, таңдай қаққанымыз рас.

Кезек Алтынға да келіп жетті. Күллі жігіт атаулының тағатсыздана күткені де осы еді.

Кеш басшысы Шәкен:

- Кәне, Алтынжан, бізді неңмен таң қалдырасың енді?- деді. Үнінде таң шапағындай көркіңмен қайран қалдырған едің, енді неңмен дегендей әзіл мақам бар.

Қыз айналасына нұр себізгілегендей күлімсіреп орнынан тұрды да:

  • Билейін, - деді, күлімдеген жүзі шұғыла шаша.

  • Қандай музыканы қалайсыз? – деді тамада.

  • Мүмкін болса, халық әні «Қамажайды» қойыңыздаршы,-деді.

  • Сіз таңдаған «Қамажайда» арман жоқ қой, - деді Шәкен әзіл-шыны аралас.

Мың бояулы саз құйқылжып, адамның жан дүниесін шарлап өтіп, шарықтай жөнелді. Алтын жайнап сала берді де, жаңа туған айдай толықсып, білектері жеңіл ғана ырғи көтеріліп, айдың көлде қалқыған аққудай шырқ айнала жөнелді. Жайнаған келбеті жұпар шашқандай күллі әлемді ләззәтқа бөледі. Бәрінің ет-жүрегі езіле қылп етуге дәрмендері таусылғандай. Жанарды суыра тартқан бишінің әсем қимылы тас болып қатқан көңілді де жібітіп, жүрекке шоқ түсірер әсем әлем.

Музыканың құдіреті тек үнінде ғана, кереметтігімен емес, жүректегі сезімді сыртқы пішінмен үйлестіре алумен де биікке көтерілсе керек. Іштегі бұлқынысты, тебіреністі сыртқы мың бұралған қимыл-қозғалыспен, келбетпен осылайша үйлестіруге болады екен-ау? Кім біліпті? Жаса Алтын. Қазақтың қаракөз аруы.

Мына ғажап көріністі жүрекпен толғайтын сыншыл да сезімтал алғыр ақын:

«Перінің қызы сынды беу Перизат, көзің – нұр, қимылың – от өртеп өткен», - деп жырлауға мәжбүр болған-ау, сірә! Солай демеске әддім жоқ. Алтынның тамаша биіне бәріміз улап-шулап қол соқтық. Жаратқан Ием сұлулықты пендесіне кереметтен теңдессіз ләззат алсын, өмір сүруге құштар етсін деп әдейі жаратқан-ау. Арамызда бір Алтынның жүруі осындағы бәрімізге көтеріңкі көңіл, ғажайып қуаныш сыйлауы соның дәлелі.

Жастар тегіс өнерлерін ортаға салғаннан соң, жаппай би басталды.

Жігіттер гүлден бал жинаған арадай Алтынды маңайлап быжынасын-ай келіп. Құжынасын. Бәрі қыздың ықыласынан үмітті. Үмітсіз шайтан дегендей. «Бақыт деген пүшықтың мұрнына, таздың басына қонады» деген сөз бар ғой қазақта. Мүмкін айы оңынан туып қалар. Кім біледі? Кім? Беу дүние-ай, деген....

Алтында қас сұлуға тән тәкаппарлық атымен жоқ, тұла бойы тектілікке ұйыған. Бәрін тең тұтып, жайнаң қағады. Кісіге күлімсіреп қарайды, іш тарта сөйлейді. Жүзі қандай шуақты болса, сөзі де сондай жылы. Және жүзіңе күлім қаға қарайтынын айтсайшы! Шіркін-ай...

Шәкен тамада:

- Дамский вальс, - деп жариялады. Ендігі кезек қыздар жігіттерді биге шақыруы тиіс. «Алтын кімді қалар екен?» деген сұрақ күллі бөріктілердің жүрегін лүпіл қақтырды. Көп күттірген жоқ, ол ешкімге де бұрылмай, тіке Сарыбайға барып тәует басын сәл ғана иіп, «бірге билейік» дегендей ишара етті. Жігіттің өңіне нұр жүгіріп, жанарынан бір ыстық мейірім аунап түсті.

Жарасқан жастар айдында жүзген қос аққудай қалқи жөнелді. Көз сүйсіндіреді. Қандай жарасымды?...Қандай? Жарасқан жұптан көз алар емеспін. Тіпә, тіпә, көзім тасқа!... Жаратқам Ием бірін-біріне лайықты етіп жаратқандай ма калай? Көңіл толқытар мына көрініске сүйсіне көз тастап отырып мен, неге екенін қайдам: «Сарыбай, Алтын, осылайша жұптарың мәңгі жазылмасыншы, іләйім», - деп тіледім іштей.

Қазақтың: «Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды» деген тәмсілі бар. Әсіресе Алтын сияқты қас сұлуға үміткерлер молынан жетіп артылатыны бесенеден белгілі. «Ауыл итінің құйрығы қайқы келеді» демекші, ала топпы жігіттердің білек күші жүрек күшіне тең болмай, қазақ аруының көңіл пернесін келтіре алмай, тауандары қайтты.

Зейнетті бойжеткеннің қалауы біздің Сарыбай болғанына баршамыз тақиямызды аспанға аттық. Қуандық. Қүтты болсын айттық.

1956 жылы екеуі шаңырақ көтерді. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, қуаныштарына ортақтастық». Мәңгілік бақыт тілестік. Жас жұбайлар иститут бітірісімен Шымқалаға жұмысқа орналасты. Бәрімізде өмір деген асау мұхиттың толқынында бір батып, бір қалқып тіршілік қамына кірістік те кеттік. Отбасыларымызбен араласып тұрдық, бірақ студент кездегідей қайдан болсын? Сирей бастады.

Осылайша күндер, айлар, жылдар жылжып өтті. Түлкібұлан бәтуасыз өмірдің табан астында құбылып, тағдыр дауылы қалай, қай жақтан соғарын кім білген? Кім?...

1964 жылдың жадыраған жазы болатын. Сарыбай Ташкенде бірге оқыған сырлас, мұңдас достарын: Шәкен, Илияс және мені үйіне шақырды.

Қайдан білейік, біз бәз-баяғы әдетімізше үйге жадырай кірдік. Бізді көрген Сарыбай белі шойырылып қалған шалдай орынынан сүйретіліп тұрды. Көзі кіртейіп, еңсесі түсіп кеткен. Тұрпатынан ауыр қайғы-шердің табы еседі. Қолымызды ықылассыз алып, төрге оздырды.

Алтын жуылған шүбіректей боп-боз. Жылаған болса керек, көзі қызарған. Қашан көрсең де ағыл-тегілі ақ жарқын, күңгірт тірлікті жадырата нұр шашып тұратын жайсаң жанды мынадай шарасыз күйге түсуін тұңғыш көруім.

Бір мергеннің оғы жазатайым тиіп шала жансар жатқан маралдың көзіндей жанары аянышты еді. Бізге мұңая қарайды. Кірпігінен мұң тамып тұр, саулап.

Мына жат та өгей көрініске тап болған біз жан-жағымыз жалаңаштанып, ызғырық желдің өтінде тұрғандай сезіндік.

Жайғасқан соң Илияс:

-Не болып қалды сендерге? Тыныштық па өзі?- деді таңданысын жасыра алмай.

-Сареке, Алтын, бұл не гәп? Түсіндіріндерші? - деді Шәкен де шыдамсызданып.

-Достарым, -деді Сарыбай отқа оранып, жалынға өртеніп, - Біз Алтын екеуіміз ажыраспақшы болып шештік.

-Неге, - деді шыдамсыз Илияс.

-Тұз-дәміміз жараспады деп айта алмаймын. Жарасты. Жарасқанда қандай?... Күні бүгінге дейін бір-бірімізге «сен» дескен емеспіз. Тату тәтті өмір кештік. Бақытты едік. Бірақ..., - деп барып Сарыбайдың көмейіне бір түйін тығылып, дауысы дірілдеп тұрып қалды. Сәл кідірістен соң, - Қай пейілімізден тапқанымызды білмеймін, Жаратқан Ием Алтын екеуімізге бақытты жарым-жартылай ғана бұйыртқан екен. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген ғой дана халқымыз. Алтын екеуіміз түтін түтіткелі сегіз жылдың жүзі болды. Отбасымызда тал бесік тербелмелді. Бесік жыры айтылмады. Бір шипасы табылар деп бармаған бақсымыз, көрсетпеген көріпкеліміз қалмады. Сонау Мәскеу мен Ленинградты да шарладық.

Бізде, Құдайға шүкір, пендеге керектінің бәрі де бар, бәрі де, тек ең қажеттісі жетіспейді. Адамзат өмірге не үшін келіп, не үшін өмір сүреді. Меніңше, ұрпақ жалғастыру үшін. Иә, солардың қызығын қызықтау. Өкінішке орай... Біз бір-бірімізді қинамай ажырасуға бел байлатқан қасіретіміздің бар себебі осы, достарым.

Кім біледі, кінә менен шығар. Мүмкін Алтын басқа жаннан..., - деп сөзін аяқтай алмай булығып тұрып қалды. Бөлмені меңіреу үнсіздік еңсемізді езіп барады. Сәлден соң Алтын:

  • Жігіттер, - деді боп-боз өңі қызыл шырайланып, жұқалаң ерні дір-дір еткендей болды. – Жігіттер, тағдырдың жазғаны шығар, тәңірден даритын асыл қазынаның қызығын көре алмай көктей солған мен-ақ болайын. «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан» Сарыбайды ұрпақсыз еткім келмейді. Алтын құрсақты адамын табар... Ұлды-қызды болуына шын жүректен тілектеспін, - деді тасқындап келген сезімді зорға тұсап. Раушан жапырағына қонған алмас шықтай бір тамшы сырғанап мөлдір жанарынан домалап түсті. Сарыбайға жалт етіп қарады да:

  • Асыл азаматым, еш болмаса сен бақытты болшы, сен..., - деп еңіреген күйі күйеуін бас салды. Ол да келіншегін құшақтай алып, көз жасына ерік берді. Қос мұңлық солықтарын баса алмай ұзақ тұрысты.

Жапырағынан жел айырған сорая сидиған қос шынар бірін-бірі қимай еңірегенде, мына жақта отырған біз де көз жасына булықтық. Көзіме, лықсып келген жасты төгіп алмайын дегендей мен де орнымнан баяу тұрдым. Шәкен мен Илияс та көз жастарын тыя алар емес.

Тарқаған базардың жұрты мұңлы. Бәріміздің көңіліміз селкеу жәрменкенің құлазыған жұртындай жетімсіреп қалдық.

Сарыбай мен Шәкен келіншекті төркініне шығарып салуға Шыршыққа аттанды.

Хазіреті Мәуленаның: «Кейде соңы жоқ қайғы-мұң, қиындықтар басыңа жаңбыр болып жауады, бірақ ұмытпа, әдемі кемпірқосақ жаңбырдан соң шығады» деген сәуегейлігі айна-қатесіз келді. «Тағдырға тәбділ жоқ» деген осы-ау, бір жылдан соң Алтын бір жігітпен тағдырын қосып, ұлды-қызды болса, Сарыбай да Гүзел атты қызға үйленіп, қос ұл сүйді. Тектінің перзенті дә, тұңғыштары Мамытбеков Ғалымжан ержеткенде Қазақстанның Ауылшаруашылық Министрлігіне дейін көтерілді.

Сарыбай отыз сегіз жасында, Алтынмен ажырасқандарына тура бес жылында ауыр науқастан дүниеден озды. Ауруханада соңғы рет кездескенімізде ол:

  • Шерім, егер мен олай-бұлай болып кетсем, Алтынға хабар беріңдерші, - деп сөзін ары қарай жалғастыра алмай кемсеңдеп тұрып қалды. Сәлден соң ентігін басып:

  • Қайран ғана қалқатайым-ай, қалқатайым, тым болмаса сен аман болшы, сен...,- деді көкірегі қарс айрылып. Жан дүниесін күйдіріп, жандырған іште жегідей жеген қызыл жалынды сыртқа шығарып, ауыр күрсінді. Шүңірейген көзінде жас толып, шүпілдеп тұрды. Бұл көз жасында не жоқ дейсін? Мына жалған дүниенің тым қысқа да тинақсыз екеніне налу бар, аңсап жеткен ұлдарын жетімдік мекеніне қалдырып кетеріне өкіну бар. Бұл көз жасында асыл махаббатының баянсыз болғанына қабырғасы қайыса қамығу бар.

Иә, Сарыбайдың бұл көз жасында...

Тілім жеткенінше жұбатқан болдым. Мұным тым жадау шықты. «Қайран дос, Алтыныңды ұмытпаған екенсің-ау. Оның бөлек отбасы бар шақырғанға келе қояр ма екен» дедім іштей күманданып.

Сарыбай дос дүниеден озған күні оның соңғы өтінішін орындап, Алтынға жедел хат жолдадым. Бекер күманданған екенмін, ол көп күттірмей туған-туысқандарымен дәл уақытында келіп жетті. Сонадайдан «Ардақтым-ау, арманыңа енді ғана жетпеп пе ең? Қанаттары қатпаған балапандарыңды кімге қалдырып кеттің? Айтшы кімге? Неге ғана асықтың? Неге?...

Менімен көрісіп тұрып: «Шерім-ау, алмастай асылды көздерің қиып қалай көмдіңдер? Қалай?» деп аңырағанда, жиналған жұрт тегісінен Шымқаланың аспанын қүңірентіп еді.

Алтын десе, алтын еді-ау, шіркін!- деп көзі жасаурап сөзін аяқтады Шер аға.

Бірін-бірі қимас жандар ұрпақ сабақтастығы болмағандықтан асыл сезім махаббаттарын да құрбан етті. «Бала – бауыр етің» деген осы болар-ау. Бүгінде қазақ осынау қасиетті қанатты сөзді ұмытып бара ма, қалай? Неге тастанды балалар жылдан-жылға көбейіп барады? Неге?...

Қазақтың қаһарман ұлы Бауекең (Бауыржан Момышұлы): "Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш – бала сүю" - деп, ұл-қызды болудан артық бақыттың жоқ екендігін тегін айтпаған еді ғой!

СӘМБІ ТАЛДЫ И ИІЛЕТІН КЕЗІНДЕ


Құдай берген балаларды ұлағатты азамат етіп тәрбиелеу де үлкен қажырлылықты, біліктілікті талап етеді. Жақсы бала тәрбиелесең – мұратың, оспадарсыз бала тәрбиелесең – ұятың. Өйткені мінезді бала есіктегі басыңды төрге, тәрбиесіз бала төрдегі басыңды көрге сүйрейтінін өмір сансыз рет дәлелдеген.

Ұлы бабаларымыз ұл-қызын мінезді етіп тәрбиелесін деп салауат артқан. Ұрпағына өз ұлтының бар құндылықтарын құлағына құйсын, етінен өткізіп, сүйегіне жеткізсін деп тәпсірлеген, қызым. Қазағыңның асыл қасиеттерін «айтудан жалықпа, абыройың алдыңнан шығар, тыңдаудан жалықпа, тағлымы халқыңнан шығады» дейтін мақалдың түп мәні осы болар.

Бауыржан аға Момышұлы: «Ұл-қызыңа ақыл айтқан кезіңде, мың жасаған шалдай бол. Қатал болар мезгілде, шатырлаған жайдай бол! Мейірім түсер мезгілде, ағарып атқан таңдай бол!» деп, ата-ананың ұрпақ тәрбиелеудегі бағыт-бағдарын түгендеп берген. Батыр ағаның ақылын азық, сөзін сусын етсек сұйыла бастаған қанымызға нәр барар еді-ау.

Көргенді де тәрбиелі ұрпақ қайдан шығады? Қазақ – әлімсақтан өскелең ұрпағының текті болғанын қалаған халық. Адам бойындағы ізгі қасиеттер ең алдымен ананың сүті, атаның қаны арқылы бойға дариды.

Олай дейтінім, «Сүтпен сіңген сүйекпен кетеді», «Қарына тартпағанның қары сынсын» деп қазақ бекер айтпаған. Мұнан шықты, тектіден текті жалғасатыны, тұқымы шыққан негізіне тартатыны – шындық.

Ұлттық тәрбиенің қыр-сырын ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым Совет-Хан Ғаббасовтың бұл жөнінде пікірін келтірейік. «... Негізінен бала тәрбиесі екі адамның бір-біріне ұнатып, отбасы құруға ниеттенген күннен басталады. Сол күннен бастап ері тартып жүрген темекісін, ішіп жүрген сырасын тастап, әйелі өтірік айтуы мен ғайбат сөйлеуін доғаруы керек. Себебі болашақ әке-шешенің миындағы жағымсыз ақпараттың барлығы дән арқылы ананың құрсағына барады. Бала тәрбиесі үй болып, отбасы құрған кезден басталады деуіміз содан», - деп жазады ол «Адам тәрбиесінің жаңа ілімі» атта қітабында.

Жазушы-ғалымның бұл еңбегіне сүйенсек, дүниеге текті ұрпақ әкелу қамын отбасын құруға ниеттенген жастардың алғашқы беташар тойынан кейін-ақ ойлдануы тиіс екенін байқаймыз.

Перзентті тәрбиелеу, дұрыс бағыт-бағдар сілтеу, жаманнан жирентіп, жақсыға үйрету күрмеуі қиын мәселе. Дана халқымыз: "Жаста берген тәрбие талшыбықты игендей" дейтін терең мағыналы сөз бар. Ғалымдар тәрбиенің негізі бес жасына дейін қаланатынын, жақсылық та адам бойына нақ сол нәресте кезде сіңетінін ескерткен. «Жасында көргені жоқтың есейгенде айтары жоқ» болатыны белгілі жайт.

Есіктегі басын төрге, төрдегі басын көрге сүйрейтіндей етіп бала тәрбиелеу де отбасының, яғни, ата-ананың қолында. Бұдан шығатын тобықтай түйін, әке-шешенің қартайғанда қолдарын жылы суға малып, құдайдың мұнысына шүкір деп отыруы да не күйіктен қан жұтып, бармақ шайнауы да өздерінің ұл-қыздарына сіңірген тәрбиесінің нәтижесі. Перзентінің жақсы-жаман болуын Жаратқан Иеден емес, өзінен көргені рауаят.

Бірде қарттар үйіндегі «тастанды» кейуанамен кездескенімізде ол қатты күйініп: «Таңның атысы, күннің батысы жарғақ құлағым жастыққа тимей тапқан-таянғанымды ұл-қызымның аузына тосып, екшкімнен кем қылмай өсіргенде көрген күнім қараң болды-ау. «Е, Құдайым, бала бер! Бала берсең сана бер! Сана бермесең ала бер!» деуші еді бұрыңғылар. Құп рас екен ғой. Санасыз, тасмейір екеуіне кеткен жастық шағым-ай, қор болған өмірім-ай», - деп зарлағанда жүрегің езіледі.

Ата-бабаның: «Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, Балаң жаман болса, жердің асты жақсы» дегені осындайда еске түседі екен. Бойдан қуат, ойдан дәрмен кеткенде бала-шағаңның жамандығын көрсетпесін Жаратқан. Қай қылығымыздан осындай болдық, қай жерде қандай қателік жібердік» деп көкірегі қарс айрылғанда жігерің кұм болады. Өксіп-өксіп өз өміріне лағынет айтып жатқан жанның жанайқайы жан дүниеңді отқа орайды, өзегіңді өртейді.

Бүгінде қарттар үйінде қазақ кемпір-шалдың «жетімдік» зардабын тартуының себебі неден? Бір сөзбен жауап беру қиынның қиыны. Бұрындары қазақ даласында жетімдер мен қарттар үйі деген бар ма еді? Жоқ болатын! Ал, бүгінде мұндай күйге қалай түстік? Қазағым-ау! Қай тәспімізден жаңлыстық?... Мен білсем ең негізгісі отбасындағы тәрбиенің ұрпақтар сабақтастығының бабадан жалғасқан желінің үзілуі шығар.

Ұрпақ тәрбиесінің негізі ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыпы, тілі мен діні екенін айтқанмын, қызым. Тағы қайталап айтамын. Жеткіншекке дұрыс бағыт-бағдар, тура жолға бағыттау үшін барды негіз етеді, алдыңғы ұрпақтың үлгі-өнегесін нысанаға алынуы тиіс. Егер үлгі етеріміз болмаса, үйренеріміз қайдан болмақ? «Темірқазығымыздан» көз жазып қалған жағдайда ұрпақ тәрбиесі тұйыққа тірелері хақ.

Бар бағдаршамымызді елемеу, өзіңдегі барды ескіліктің жоралғысы деп ескермеуден ұрпақ тәрбиенің мәні мен мағынасы туралап, қадір-қасиеті қожырайтыны белгілі. Бағдарсыздық туады, берекесіздік бастау алады. Қадым заманнан қалыптасқан қазақы қасиеттер біртіндеп мұқала бастары анық. Өзгенің «өнегесімен» күтілген жас шыбық, қисық болып өсетінін бүгінгі өмір дәлелдеп отырған жақ па? Оны көріп те жүрміз, есітіп те жүрміз.

Өмірде баланың арлы да, абройлы азамат болып қалыптасуына ең алдымен әке-шешеден көрген тәлім-тәрбиесі дедік. Тек осылай деп тұжырым жасасақ біз қателескеніміз. Жас жеткіншектің қалыптасуына, сонымен бірге, отбасындағы үлкендердің үлгі-өнегесі, қарым-қатынас жасайтын ортасы, ұстаз үлгісі, алған білімі мен оқыған кітаптары, әсіресе ұлы тәрбиеші – табиғаттың тигізетін әсері ұлан ғайыр. Табиғат – адам бойына адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын ұлағатты ұстаз, тәлімі мол тәрбиеші.

Сонымен бірге, жастық шағында басынан өткерген қилы оқиғалар мен сын сағаттарда алған ащы сабақ жан дүниесіне ерекше әсер етіп, өшпестей іс қалдырған оқиғалар бүкіл ғұмырына, азаматтық ұстанымына жол сілтері анық. Тағдыр – адамның өз өміріндегі қол жеткен жетістіктері мен жіберіп алған кемшіліктерінің тоғысу салдары. Мұның да азаматтың өмір жолына, тұрмысы мен болашағына тигізетін әсері мол екені түсінікті. "Ащы мен тұщыны татқан білер" деген сөз бекерге айтылмаса керек.

Тәрбие қазақтың үлттық мәдениеті мен өзіндік әлімсақтан қалыптасқан құндылықтарында, өмір танымында екенін айтқанмын, тағы қайталап айтамын. Өйткені "Халықтық тәрбиенің тәжірибесінен тыс жерде педагогика да жоқ, педагог та жоқ", - деп, ұлы ағартушы К.Д.Ушинский тәлім-тәрбиедегі ұлттың өзіндік сара жолынан таймауды талап етеді. "Қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қатысқаны мақұл", - деп, Мағжан Жұмабаев та осы пікірді қуаттайды.

Бұдан шығатын қорытынды не? Қазақ отбасында ұл-қызына жастайынан ұят, иман, обал, сауап, күнә, қиянат деген ұғымдар сіңірілуі тиіс. Демек имандылыққа негізделген ұлттық тәрбиеден ұрпақ қол үзбегені мақұл. Қазақтың ұлтық қасиетін үзбей, табиғатында, тамырында ұрпақтар сабақтастығы күн тәртібінен бір сәт те түспегенін қалар едім. Сол сабақтастық ана сүтімен бойға сіңген ұлттың тәрбие еуропаланып, суи әрі сұйыла бастаған қазақы қанды жылытатын мұхиттағы солтүстікке қарай ағатын гольфстрим іспетті десем қатесеспеймін. Иә, гольфстрим...

"Бала – сіздің ғана қуанышыңыз емес, келешек азамат, ол үшін еліміздің алдында жауапты екенімізді әрдайым есімізде сақтауымыз керек. Ең алдымен өзіңіз жақсы азамат болып, сол өзіңіздің азаматтық күйіңізді отбасына еңгізуіңіз тиіс" - деп жазады А.С.Макаренко. Бұл әрбір ата-ана тағылым алар ұлағатты сөз. Иә, біздер өрімтал ұл-қыздарымыздың ертеңгі болашағы үшін Отан алдында жауапты екенімізді естен шығармауымыз керек. М.Жұмабаевтың: «Тәрбиедегі мақсат – баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару» деуі, ата-ананың ұл-қызын өркениет көшіне ілесе алатындай етіп тәрбиелеу қажеттігін меңзегені деп білеміз. Өмір үнемі шарықтап даму үстінде. Ұрпағымыздың өрісі неғұрлым кең болғанда ғана заман көшінен қалмайтынын естен шығармауымыз керек.

Айдана қызым, есіңде болсын, ұлттық құндылықтарымыздан жеріген ұрпақ туған халқын сүймейді де, сыйламайды да. Қазақ болып туылғанына намыстанатын, халқын құрметтемеген ұл-қыз Отанын да қадірлемейтін болады. Ондайлар кіндік қаны тамған жерін сатып кетуден де тайынбайды. Бізге сондай ұрпақ керек пе? Жоқ, әрине! Шүршітше шүлдіреп, өзініңкін өзектен теуіп, өзгенікін мансұқ көретін ұрпақ қажет емес бізге. Керек емес...

От басындағы тәрбие қанатының қайырылуы неден басталады? Ата-ана арасындағы кикілжіңнен бастау алады. Жөнді-жозықсыз күйеуіңе: «Кеше ғана ағалап аяғына оралып жүретін жалаңаяқ пәленше бүгінде мұрнына есек құрт түсіп, бізді көзіне де ілмейтін болды. Қайтсін бізді, қатқан нан мен қара су ішіп отырған. Өздері не ішімен, не жеймін демейді. Үстінде хан сарайындай екі қабат үй, астарында жүйткіген шетелдік машина, жыл сайын бала-шағасымен шетелде демалып келеді. Әне өмір солардікі. Ал біз болсақ...», - деп тиісіп әмісе қара малтаңды езер болсаң, ұл-қызыңның алдында күйеуіңді болмашы нәрсеге бола кірпідей жиырылып, ақ терін қара тер етсең бұл үйде береке қалмайды, тозаққа айналады. Ал тамұқта адам тәрбиеленбейді. Ата-ана тәрбиеде жіберген ағаттығы үшін ұл-қызы өскенде азап шегеді. Зауал шақта «Қарттар үйінің бір мүшесіне айналып», қасірет отына өртенеді.

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, отбасындағы трагедияны көріп өскен ұл-қыз айна қатесіз алдарыңа келтіреді. Сөз жоқ қартайғанда тәтті «жемісін» жейтін боласың. Ондай «жеміс» өзімен кетсін, менің қызымды айналып өтсін деп тілеймін Жаратқаннан!

Психолог ғалымдардың отбасы жайында айтқан мына тұжырымы да көңіл аударарлық, қарағым.

Ғалымдар әйеліңің күйеуіне көңілі толып, үнемі ерінің іс-әрекетіне разы болып отырса, ол үйдің азаматы табысқа кенелетінін айтады. Ал керісінше, күйеуін кінәлап, үнемі тырнағының астынан кір іздейтін болса, ерінің жолын байлайды екен. «Ер адамның энергиясы отбасын қорғауға жауап берсе, әйел – гүлденудің, өркендеудің, дамудың энергиясы» деп қорытындылайды ғалымдар. Ғалымдардың осы тұжырымы әмісе есіңде болсын, жаным.

Біреудің байлығын, жеткен жетістігін, тапқан табысын күндеу, күйіп-жану әбестік. Ешкімнің еш нәрсесі кетпейді, өзіңе қиын. Денсаулығыңа зиян. «Кең пейілдің ішінде кен жатады, тар пейілдің ішінде тас жатады» деген сөз ойға оралады. Қайта керісінше, пенденің басына түскен қайғысына қайғырып, қуанышына ортақтассаң мәртебең көтерілетіні анық.

Қызым, ең асылы – барға қанағат ету, қол жеткен тұрмысыңа шүкіршілік қылу. «Қанағат қарын тойдырар...» деген ой тұжырымы сөз-ақ қой білгенге.

«Жаңбырмен жер көгерер, батамен ер көгерер» деген қанатты сөз бар қазақта. Бата демекші, ойыма талғамды бір аңыз орала кеткені. Соны баяндап берейін саған.

Баяғыда Нарбай деген мыңғырған бай болыпты. Оның көзінің ағы мен қарасындай сұлу да сымбатты жалғыз қызы бар екен. Қызына құда түсіп келгендерге: «Маған күйеу бала болатын адамға қоятын бір ғана шартым бар. Ол біздің елде қалуы тиіс. Сонда жағамдағы құндызым, көктегі жарық жұлдызым Жұлдызайымды қосып, мына жер қайыстырған төрт түлікті алдына саламын», - депті. «Күшік күйеу» атануға намыстанып, бұл шартқа ешкім келісім бермейді.

Жылдар жылжып өтіп жатады. Ақыры Нұрым деген жігіт келісіп, Жұлдызайға үйленеді. Ерлі-зайыптылар көп жылдар бойы түтіндері түзу шығып, тату-тәтті өмір сүреді. Бірақ шаңырақ астында тал бесік жыры жырланбайды. Ұрпақтың жарасымды жалғаспауы көңілдеріне қаяу түсіреді. Жеті жылдан соң Жұлдызай әкесіне келіп:

- Әкешім, жалғызым жат жұртқа барып дүниеден таршылық көрмесін деп жасаған қамқорлығыңызға перзенттік ризашылығымды білдіремін. «Батамен ер көгерер» деген ата-бабадан қалған нақыл бар. Мен өз елімде жеті жылдан бері ешкімге сәлем беріп, бата алған жан емеспін. Перзент көрмей жатқан себебім де сол шығар. Бізге күйеу балаңыздың еліне көшуге рұқсатыңызды беріңіз, әке. Сол жақта ел қошеметіне бөленіп, тәңір тілеуімізді берер, - депті.

Нарбай бай қызының жүйелі сөзін мақұл көріп, қызы мен күйеу баласына ақ батасын беріпті.

Нұрымның елінде әр кісіге сәлем салған сайын Жұлдызайға: «Көп жаса, келінжан!». «Ұл-қызды бол, қарағым!», «Ұл тап!» деп баталарын беріседі. Ел-жұрт жас келіннің ізеттілігіне риза болысады. Көп ұзамай бірінен соң бірі маңдайы торсықтай ұлдар, ақша маңдай қыздар дүниеге келеді. Ерлі-зайыптыларды шаттыққа бөлеп..

«Сөз анасы – сәлем», - деп Бұхар жырау бабамыз сәлем берудің қасиетін әрі қысқа, әрі нұсқа етіп керемет тұжырым жасағаны бар заманында.

Қызым, әдептіліктің белгісі иіліп сәлем бергені. Ізгіліктің, келістің баспалдағы сәлем беру – сөз бастаудың беташары. Сәлем беру – білісудің, достасудың дәнекері. Үлкенге иіліп сәлем бергенің кішірейгенің емес. Ол көргендігіңді, тәрбиелілігіңді, халықтың салт-дәстүрін сыйлағандығыңды білдіреді.

Асылым менің! Қазақтың келіндері үлкен аталарының, қайнағаларының, апа-әжелерінің есімін атамаған. Жасы үлкен адамдардың, ер кісілердің алдын кесіп өтпеген. Абысын-ажындарын жеңеше, жеңге, тәтелеп, қайындарын «мырзаға», «төре жігіт», «шырақ», қайын сіңлілерін «Еркежан», «Ақботам» дегендей әр түрлі жарасымды, көңілге жылылық туғызатын есімдер ойлап тауып, өзара сыйластық пен ізеттілік көрсеткен. Жаңадан шаңырақ көтерген келіншектің барған жеріндегі қайын жұртымен осылайша қарым-қатынас жасауы заттылық пен тектілікті көрсететін асыл қасиеттің бірі деп білемін.

Жас келіннің барған жерінде бағының ашылуы ата-енесіне байланысты екені белгілі. Әсіресе енесіне. Ене мен келіннің арасы үлкен отбасылық проблема екені бесенеден белгілі. Енді осы мәселе жайында түйген ойымызды ортаға салып көрейік.


«ҚҰДАҒИ – ҚҰРДАСЫҢДАЙ...»

Менің болашақ құдағиым! Менің Айданамның, он гүлінен бір гүлі ашылмаған қызымның болашақ енесі, менің келешектегі құдағиым, жаңадан шаңырақ көтерген жас отау иелерінің тату-тәтті, жарасымды тұрмыс құруы, бақыты мен талайының ашылуы тікелей сізге байланысты. Сіздің менің мәпелеп өсірген қызыма көрсеткен аналық, енелік қамқорлығыңыз оған кәусар ауадай қажет екені даусыз.

Сіздің әрбір жылы сөзіңіз, танытқан мейіріміңіз, көрсеткен өнегегеңіз Айданаға сабақ. Жаңа түскен келініңіз сіздің тәлім-тәрбиеңізді, ұлағатты кеңесіңізді ілтипатпен тыңдап, бойына сіңіре алатын ақыл-парасатқа ие деп ойлаймын. Оған кәдік келтірмесеңіз де болады.

Ене болғанның жөні осы екен деп, болмағанды болғандай етіп, толмағанды толғандай етіп, намысына тиіп, қанын қайната берсе, жас келіннің тауаны шағылады. Түймедейді түйедей ете берсе, жаңа түскен шаңырақ иесінің беті ашылып, тілі шығады. Одан кім ұтты, кім ұтылды?

Несін жасырамыз, жасы үлкен енелер мен әжелер ақ үрпек келіннің ұқсата алмағанына жатып келіп ренжитіндері, ойымдағыны таппадың деп күстаналайтындары да кездесіп қалады. «Мендей неге ұқсатпайсың» деп кінәлайды. Жаңа ғана табалдырықтан аттаған жастың жер-жебіріне жетіп, өтін алып аузына құйғаныңыз жарамас. Бір нәрсенің жөнін жайлап түсіндірудің орнына ақырып-шақырып байбалам салып рай бермей жігерін жасытқан ене болашақ немерелерінің анасын өзіне қарсы қойып алары сөзсіз. «Келіннің сөзі кетпектейге» жеткенде, райым шақаты жоқ енеден іргесін аулақ салуға тырысады. Сонда деймін-ау, үлкеннің үлкендігі, өмір тәжірибесінің үлгісі қайда?

Меніңше, бұл қағида өзін-өзі ақтай алмайды. Неге десеңіз, қырық-елуден асқан, тісі сарғайған, өмірдің ыстық-суығынан өткен адамның білгенін, ойындағысын жиырманың о жақ-бұ жағындағы әуірі басылмаған жастың дәл сол деңгейде білуі мүмкін бе? Әрине мүмкін емес. Ол бесенеден белгілі. Халықтың «көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады» деген даналық сөзі бекер айтылмаған шығар. Жас пен зауал шақтың айырмасы да тәжірибеден байқалады емес пе? Жас адам білмегенін көре, ести, оқи жүріп сабақ алады.

Ендеше келініңіздің ұқсата алмағанына ренжудің, таусылудың, жау шаптының қажеті шамалы. Сәл нәрсеге бола «шу қара құйрық» деп желіп кетпей, «менің жасыма жеткенше әлі талайыңнан озады, менің Айданам» деген қамқор сөзіңізге ділгер ол. Жанашырлық сөз естіген келін теріс қылық көрсете қоймасы анық. Қазақтың: «Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады» деген шын сөз-ақ қой білгенге.

Менің қызым келін болып түсетін шаңырақтың отанасына айтар аманатым: қолыңызға қонып отырған ақ құсыңызды кәнігі құсбегідей баптап, қым-қуыт бұ фәни күйбеңінде ақылмен тәрбиелей біліңіз. Бойыңыздан қуат, беттен әр кеткен қартайған шақта табаныңыздағы тағаңыз болатын, тілден қалып, кірпігіңіздің зорға қимылдар кезде аузыңызға су тамызатын, Алла Тағаланың алдына жауап беруге аттанғаныңызда (кешіріңіз құдағи,тағдырға тәбділ жоқ, бұ жалған «мәңгілік өмірдің алдындағы аз ғана аялдама ғана» ғой. Бәріміз де ерте ме, кеш пе бұл ұлы ақиқатпен бетпе-бет кездесетініміз анық), «су сұрасам сүт берген, айран берген, қайран е-не-е-ем» деп жаназаға келгендердің сай сүйегін сырқыратып жоқтау айтатын, бейсенбі сайын дастарқан жайып нәзір беріп, құран түсіріп отыратын қамқоршы ету менің немереме ақ жаулық тартқан күннен бастап жасалған мінәсәр қатынасыңыз бен күрең қабақ танытпауыңыз арқасында жетесіз демекпін.

Біздің Айданамыз жасанды жылтырауықтан зүбәржатты, жақсыдан жаманды, арзаннан қымбатты, алғыстан қарғысты, ақтан қараны ажырата алатын, көлгірсу мен жағымпаздануды табиғаты қаламайтын пәтуәлі жан екенін ескерткім келеді.Осы айтқандарыма пайым қылуыңызды өтінемін, құдағи.

Әрине мінсіз, олқылықсыз адам болмайды. Әсіресе әлі қалыптаса қоймаған жас адамда кемшілік болмайды десек, қателесуіміз мүмкін.

Бәріміз де Аллаһтың жаратқан пендесіміз ғой. Пенде олқылықсыз болушы ма еді? Тырнақ астынан кір іздеп тереңнен қаза тексерсеңіз Айданада да әттеген-айлар бар шығар. Дегенде, келініңіздің бойында өз елін, туған жерін, ұлтымыздың әдет-ғұрпын мен салт-дәстүрін, тілі мен ділін құрметтейтін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін қасиеттер барына мен кәміл сенемін. Мұның өзі оның өз ұлтына деген сүйіспеншілік сезімінің жоғары екенін дәлелдей түсетін нақты дәек болып табылады. Менің ойымша, қазақ әйелдерінің бойындағы асыл қасиеттер осылар. Ал басқа майда мәліш кемістіктер болса, ғұмыр мектебі мен уақыттың ғажап күші тәрбиелейді. Мен соған сенімдімін.

Мына өмірдегі ендігі басты тәрбиеші, бағыт-бағдар беруші өзіңіз, құдағи. Иә, өзіңізге тапсырдық Айданамызды. Бір өзіңізге, құдағи. Келешек немерелеріңіздің анасын, қартайғаныңызда қолыңызды жылы суға малып, қамқор болатын жас отау иесін, жеміс берер дарағыңызды мәпелеп баулай біліңіз демекшіміз.

Ене өз орнын, келін өз орнын біліп, екеуі де шаңырақ шаттығын құрар ұйытқы, әдеп пен сыпайылықты ана сүтімен ұрпақ бойына дарытар мейірім көзі екенініңізді әсте естен шығармағаныңыз ләзім, құдағи.

Әйтсе де, бұрынғы келіндерге қойылатын талапты түгелдей бүгінгі келіндерге де қоямыз деу ақылға сыймас еді. Қазіргі заманның, адам мен отбасы тірлігінің сыр-сипатындағы түбірлі айырмашылықтарды былай қойғанда, жалпы әйел затының оның ішінде келіндердің отбасындағы, қоғамдағы алатын орны мен атқаратын міндеттері, тіптен өзгеше, мүлде жаңаша екенін ұмытуға бола ма?

Бүгінгі әйелдер негізінен алғанда үй шаруасындағы адам ғана емес, олар бірі – мұғалім, бірі – дәрігер, екіншісі – сауда қызметкері дегендей әр түрлі кәсіп пен мамандық иелері. Олардың уақытының көпшілігі мемлекеттік, қоғамдық міндеттерді атқаруға жұмсалады. Жұмыстан келісімен бала күтімі, түрлі таусылмайтын үй шаруашылығының көп ауыртпалығын арқалайтынын ескерсек, бүгінгі әйел тірлігінің сарсаңы мен тауқыметі аз емес екендігіне көз жеткіземіз. Бұдан шығатын тұжырым, жалпы әйел қауымына қойылатын талапты бүгінгі заман шындығына қарай негіздеу керек-ау деймін.

Бұл – менің субъективті ойым, құдағи. Келісесіз бе, келіспейсіз бе? Бірақ, бұл – бүгінгі өмір шышдығы.

Менің Айданам инабаттылық пен парасаттылыққа, ибалық пен адамгершілікке үндеп тұратын, анайылық пен көргенсіздіктен сақтандыратын ата-баба салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпын қастерлеп, бойына сіңірген ұрпақ болғандықтан, біздің де, сіздің де үмітімізді ақтайтынына шүбәм жоқ.

Менің бұлай дейтінім, ол сізге тартқан. Иә, сізге құдағи. Олай дейтінім ұл бала үшін өз анасы бұл дүниедегің ең сұлу да, сымбатты, мейірімді де, рақымды жан. Теңдессіз тұлға. Бой түзеп ержеткенде көбінесе анасына бейнелес, мінездес жар таңдайды. Көбінесе мақсатына жетеді де. Міне, сондықтан ғой менің Айданам сізге мәнзелдес дегенім. «Келін енесінің топырағынан жаралған» деген тәмсіл өмірлік тәжірибеден сүрінбей өткендігінен айтылған шығар. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген сөзді кім жоққа шығара алады? Кім, айтыңызшы, құдағи?

Қыз беріп, келін түсірген құдалардың бір-біріне деген жарасымды сыйластығына сызат түсіретін не нәрсе? Менің ойымша, екі жақтың бірінің дүниеге бой алдыруында ма деп ойлаймын. Әмісе қазақтар арасында осындай келеңсіздіктер жиі кездесетіні белгілі.

Аса қадірлі келешек құдағиым, біздің қызымызға жасаған жасауымызға көңіліңіз толмай: «сенің әке-шешең шықбермес Шығайбай екен. Мына кәкір-шүкірді ұялмай-қызармай қалай беріп отыр бізге. Ел-жұртқа не бетімізбен қараймыз, сұмдық-ай. Пәленшелердің құдалары бүйтіп әкелді, түгеншелердің құдалары сүйтіп әкелді. Ал сенің ата-анаңның саған берген жасауы жетім қыздыңкіндей-ақ болды-ау. Құдайым, біз кімдермен құда болғанбыз» десеңіз (әрине бұлай айтпайтыңызға кәміл сенеміз), мұндай зілді сөз есітімеген Айданамыз отқа күйіп, суға батары сөзсіз.

Көңіліне тиген сізге де, ұқсатып жасау жасамаған бізге де өкпесі қара қазандай болары анық. Ол әр нәрсенің парқына мән бере бермейтін жас қой. Оны түсінуге болар. Өмірдің ащы-тұщысын басыңыздан өткізген сізді қалай түсінерімізді білмей қалып жүрмелік.

Аспан асты елінің мынадай қанатты сөзі бар: «Біреуге жақсылық жасағың келсе, балық берме, қармақ бер» деген. «Балық беру» мен «қармақ берудің» парқы жермен-көктей. Есті адамға балық бір-ақ күндік азық болса, ал қармақ беру мың күндік азық болатыны түсінікті. Біз қызымызға тиянақты да сапалы білім бергенбіз. Алған кәсібі аштан өлтірмей, көштен қалдырмайтына сенімдіміз. Яғни, қолына «қармақ» бердік-ау деген ойдамыз.

Қытайдың данагөйі Конфуцийдің: «Жақсы адам парызын ойлайды, жаман адам пайдасын ойлайды» дегені бар. Сол айтпақшы, құдағи, біз білеміз сіз дүние боққа ділгір емес екеніңізді, жас ұрпағыңыздың алдында парызыңыз бен қарызыңызды ойлайтыныңызды, ұсақ-түйекке мән бермейтініңізді. Сондықтан жасау жөнінде сынды қызымыз да, біз де есітпейміз-ау деген ойдамыз. Іләйім солай болсын деп тілейік. Солай болатынына да сенеміз. Ал, біз болсақ сіздің көңліңізден шығуға тырысамыз. Дүние боқтықты қойшы, қызымызды жерге қаратпауға тырсамыз.

Сіздің өн бойыңыздан менің Айданам әдептілік пен ізеттілікті, ізгілік пен ынтымақты, жанашырлық пен жақсылықты, адалдық пен абзалдықты, мейірім мен бауырмалдықты, өнеге мен мәдениеттілікті, қайырымдылық пен қарапайымдылықты көріп, бойына сіңіріп отырса, біз құйған адами іргетас одан сайын бекіп шыңдала түсері даусыз. Сонда ғана мына тынымсыз толқыған өмір теңізінде ынтымағы жарасқан отбасы кемелеріңіз қайраңдап қалмай жемісті де, жеңісті жағалауға бет аларына күмән жоқ.

Бағбан жылына бір-ақ рет жеміс беретін алма ағашын күндіз-түні «айналып-толғанып» жүргені. Ал, ене жылдап, айлап, апта сайын, күнде «тәтті жемісін» таңдайға тататын жас келіннің жанын жадыратар, көңілін көтерер, жүрегін тебірентер «қарағым», «қалқам» деген жылы сөздерін қалайша аяуы тиіс?! Құдағи, сізден қызымыздың білмегенін білдіріп, көрмегенін көрсетіп, жаманын жасырып, жақсысын асырып отыруыңызды өтінеміз. Бар-жоғы сол ғана. Оныңыз Айданаға жасаған жақсылығыңыз емес, сайып келгенде өзіңізге, отбасыңызға, келешегіңізге жасаған жақсылығыңыз болып саналады. Олай дейтінім, бойыңыздан дәрмен, ойыңыздан қуат, көзіңізден жанар тайғанда өзіңіз көсегесін көгерткен келініңіз, Айданаңыз, жақсылығын екі-үш есе етіп қайтарары сөзсіз. Уайым-қайғысыз қарттықтың «мәуесін» алдыңызға сый етеді. Құдағи, адам баласына одан артық не керек? Айтыңызшы? Одан артық пендеге не керек? Не?...

АЛАҚАННАН ҰШҚАН АҚ ҚҰСЫМ

Айдана қызым, ал саған айтар ақылым: ене ақылының, әже өнегесінің сенің кәдеңе асуы құлақ қойып ықылыспен тыңдай білуіңде, көңіліңе түйіп іске асыруыңда. Енең тарапынан ақылмен жеткізер жылылық, байсалдылық жетпей жатқан күннің өзінде де еш уақытта енеңе сөз қайтарып, бетіне келме, жүйкең жұқарып, кейде бойыңды ыза кернесе де де, ұстамды болуға тырыс. Ашуға әсте бой алдырма! Сонда енең қартайған шағында, сенен айналып, толғанып: «Кей кезде әділеттің ақ жібінен аттап өтіп, талай рет көңіліңді қалдырған едім. Дана келінім бір де бір рет «сен» деп бетіме келмедің-ау, қарағым. Саған екі дүниеде де ризамын. Көсегең көгерсін, өсіріп отырған ұл-қызыңның қызығын көр. Сендей періште сипатты келін бұйыртқанына Жаратқанға алғысым шексіз», - дейтініне кепілдік беремін. Бұл шүбә келтірмейтін шындық.

Менің асыл Айданам, атаңның мына айтқан тәмсілі үнемі есіңде болсын! Әдемі де ақылды ару – ер жігіттің арманы; сұлу да келбетті келіншек – ерінің мақтанышы; көрікті де көргенді келін – отбасының мәртебесі; білімді де білікті маман –ұжымның мерейі; ажарлы, өнегелі де өнерлі әйел – қоғамның тірегі.

Орыстың ұлы жазушысы А.Чеховтың сөзімен қорытындыласақ: «Тәрбиелі адамдар адамның жеке басын ардақтай біледі, сондықтан да олар әр уақытта мейірбанды, жайдары да сыпайы келеді», - дейді.

Көрдіңіз бе, қызым, парасатты жанның сөзі кеудеге нұр құйғандай құдреттісін. Келіспей көр!.

Қызым, есіңде болсын, қайын жұртыңда болып жатқан әңгімені бізге, біздегі мәселені о жаққа тасуды әузеңе айналдырма. Әсілі ондай жаман әдет саған мінәсіп емес. Жақаттастар арасында қажетсіз сөз тасу нәмәрттік деп ойлаймын.

Ата-енең: «Құдайға шүкір біздің Айданамыз ұлағатты отбасынан тәлім-тәрбие алған, «текті жердің қызы ғой», деп отырса, біздің мәртебеміздің көтерілгені, қарағым. Біз үшін одан басқа құрметтің керегі шамалы.

БАҚЫТТЫҢ БАЗАРЫ ҚАЙДА?

Қызым, енді бақыт жайында сөз етсек. "Бақыт – еркін өмірдегі шат-шадыман, уайым-қайғысыз тұрмыс" деп анықтама берілген сөздікте. Дұрыс та шығар.

Кезінде ақын Шәкәрім: «Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар: кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» деп жырлаған. Ақын айтқан бұл өлшемдер қазіргі таңда да өзектілігін жойған жоқ. Осынау көзқарас әр адамды бақытқа апаратын құндылықтар деп айтуға болады.

Гарвард университетінің ғалымдары «Адам қалай бақытты болады?» деген сұраққа 75 жыл бойы зерттеу жүргізді. Нәтижеде мынадай тұжырым жасады: әлеуметтік байланыстардың әділеттілігі, яғни адамдарды тегіне, әлеуметтік деңгейіне, ұлтына, нәсіліне, дініне қарамастан сыйлау, құрметтеу және қарым-қатынас жасап жүрген адамдарды жақсы көру – бақытты болудың ең үлкен факторы екеніне көз жеткізіпті.

Алайда өмірлік ұстанымына, алған біліміне, жас ерекшелігіне, дүние танымына қарай бақытты әркім әр түрлі түсінеді. Баз біреулер материалдық байлықты «бақыт» деп түсінсе, кейбірі рухани байлықтың алдында бас иеді.

Әрине, адам әрқашанда бақытты болуға ұмтылады. Бірақ бақытқа ұмтылу – байлыққа ұмтылу емес шығар. Өйткені тек өзінің ғана дәулетті болуын армандайтын адам ешқашанда бақытты бола алмайды. Өзі бай болуды қалаған жан өзгелердің де дәулетті болуын ойлап жүргені жөн. Атақты француз жазушысы Мольер: «Бақытсыз адамды көріп тұрып, бақытты болу мүмкін емес», - депті. Дұрысында көк жұлыны шыққан елде тұрып бақыттымын деу ақылға сыймайтыны анық.

Бақыттың басы – денсаулық. Дана халқымыз: "Денсаулық – зор байлық", "Әуелгі байлық – денсаулық" деп, адам тәнінің саулығын теңдессіз бақыт деп санаған. Зағип жанға мына қызылды-жасылды жарық дүниеге бір сәт қана көз салудың өзі зор бақыт. Ал, саңырау жанның тілегіндегі бақыт – мына жұмбақ әлемнің ғажайып үніне бір мезет ғана құлақ түру. Яғни, бақыттың алғашқы баспалдағы – денсаулық деп білемін. Ал денсаулықтың айнымас серігі – тазалық. Халқымыз: "Тазалық – денсаулық кепілі", "Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі" деп тазалықтың адам өміріндегі рөлін анықтап берген.

Қазақта «Екі көзің – шырағың, екі қолың – пырағың, екі аяғың тұрағың» деген нақыл бар. Сол айтпақшы, шетен мен тал, көк тіреген терек, қарағай мен қайың араласқан ну орман; әлемге шаңырақ көк аспан; төбеңде қалқыған мақтадай ұлпа бұлт; шыңдары көк тіреген көгілдір тау; жұдыздары жымыңдай жазылған, Ай күмісше шағылған таңғажайып түн бәрі сенің еншіңде. Қоршаған ортаның қызылды-жасылды кескінін көріп, шабыт пен құлшынысқа кенелетін сенің қос жанарың сексеуілдің шоғындай жайнап тұр. Бүкіл кеңістіктің келісті келбеті сенімен бірге. Арманың жоқ. Бақыттысың, қызым!

Таудың бүктеле де жазыла сарқырап аққан арынды өзенінің сарылы; сылаң қаққан сұлудың сырғасындай мөлдір бұлақ сылдыры; қос шектен төгілген лағыл лебіз; бақшаларда тамылжыта сайраған бұлбұл-құстың жан жадырытар үні; жан дүниеңді тебіренте шабыт беріп, шаттыққа кенер қазақтың кербез әні құлақ құрышыңды қандырады. Бұ дүниенің таңғажайып сиқырлы үнінен ләззат аласың. Бақыттысың, қарағым!

Зәру жанға қол ұшын созатын, кәріп жанның қолтығынан демейтін, жетім мен жесірлің маңдайынан сипайтын қос қолың аман. Бүкіл дүние саған қол жетімді. Жер ананың қалаған нүктесіне апаратын қос аяғың сау. Бүкіл әлем сенің аяқ астында.

Қызым-ау, Жаратқан сыйлаған сендегі бұл теңдессіз кеніш бақыттылықтың алғы шарттары емес пе? Олай болса енді қандай арманың бар? Қандай?...

С.Торыайғыров:

Жақсылық көрсем өзімнен,

Жамандық көрсем өзімнен.

Өзгеден болды дегенді,

Шығарамын сөзімнен, - десе, ұлы ойшыл Аристотель: «Өмір сүру – бірдеңе сатып алып, біреуден бірдеңе сұрау емес, қажет нәрсеңді өз қолыңмен жасау» депті.

Мұнан шықты, бақытты болу өз қолыңда, тек енді іс-әрекетіңе, қажыр-қайратыңа, еңбегіңе байланысты, қызым. Маңдай теріңе...

Кезінде қоғам санасында төңкеріс жасаған Карл Маркс жарықтық: «Өмір дегеніміз – күрес, ал ол бізге ләззат сыйлайды» деген еді. Сол айтпақшы, ең бақытты адамдар ғана мына жалғанның ләззатына кенелетін шығар...

Адам өзінің ақыл-парасатымен қатар сезім дүниесіне де қожалық ете білуі тиіс. Яғни, өз көңіл-күйіне дұрыс төрелік жасай алмаған адам бақыт өлкесінен алыстай түсетіні анық. Кез-келген жағдайды ақыл-ой елегінен өткізбей шешім қабылдау, сабыр сақтамай ашу-ызаның жетегінде кетуі адамды құзға құлатуы ықтимал.

Сабырлық – бойда жасырын жатқан ұлы қуаттың белгісі. Сабырлық сақтау ұстамсыз қылықтардың алдын алу, жағымсыз іс-әрекеттен сақтану. Қызым, сондықтан кез келген істе сабыр суын қауғалау, нәтижесін сана тезіне салу арқылы бағдарлау, содан соң шешім қабылдау – дұрыс бағыт-бағдар алу кепілі. Кез-келген ситуацияда сабыр таяғына таяну көргенділік.

Данышпан Абайдың: «Асығыс түбі – өкініш, ойланып алмақ – сабыр сол», - деген көрегенді тұжырымы әмісе есіңде болсын, айнам.

Адамның екінші бір тамаша қасиеті – ерік. Ерік дегеніміз – адамды алдына қойған мақсатын жүзеге асыруға талпындыратын, істі орындауға өзін-өзі итермелейтін үдеріс. Істің қалай жүзеге асатынын «ерік» билейді. Адам жұмыс барысында қимыл-қозғалыстарын өз еркіне бағындырып, пайдалы істерге өзін-өзі ұмтылдырады, қажетсіз нәрселерден тежеліп, аулақ болады. Адамның мұндай қасиеті тек іс қиыншылықтарын жеңудің нәтижесінде қалыптасады. Ерік – алға қойған игі мақсаттарға итермелейтін күш болып табылса, жеке тұлғаның ерікті істері моральдық тұрғыдан көпшілік алдында дұрыс бағаланып, жақсы қасиетінің бірі болып саналады. Ал, үнемі алға қойған мақсатқа қол жеткізу – бақыттылықтың негізгі шарттарының бірі.

Енді бойжетіп, ой түзеген қыздың бақытына келсек. Біріншіден, бармақ тістемей, жан-тәнімен құлай беріле жүріп еңбек ететін мамандыққа ие болу, екінші, әрине, ең басты, адал да, адамгершілігі мол, ақылды бозым жігітке жар болу, ата-ененің сүйікті келіні атану, әулеттің қадірлі "қызайы" дәрежесіне көтерілу, үкілі бесік тербету, ақ жүзінен мейірімі төгілген елге сыйлы ақ жаулықты ана атану. Осынау айтылғандардың «төрт құбыласы түгел болса, төбедегі келіп», қалған бақыттар тізгінін өздері-ақ ұстатады.

«Бақытты шаңырақ дегеніміз – жалтылдаған сәнді сарай емес, жан жарыңның, жақын жораларың мен сүйкімді балаларыңның сыңғырлаған күлкісі, ырысы мен ынтымағы», - деп, бабамыз Анахарсис отбасының салтанат құрып, самалының оңалуына материалдық байлықтан гөрі, рухани байлықты жоғары қояды.

Осы орайда мен ұлы ақын Виктор Гюгоның мына бір сөзін тілге тиек еткім келеді: "Егер өзіңді өзгелердің сүйетініне сенімді болсаң, өмірдегі бақыт сол". Шынында да өмірдің мәні өзіңнің өзгелерге керек екеніңді сезіну. Сол үшін ғана өмір сүруге болады. Өзгеге керек болу – жан дүниеңе қанат бітіретін қуаныш.

Басқаға қай уақытта қажет боласың? Ұлы жазушы Л.Толстойдың сөзімен айтсақ: «Өмірде шүбәсіз бір-ақ ақиқат бар: ол өзгелер үшін өміріңді арнау. Сонда ғана сені өзгелер құрметпен іздеумен болады». Қай уақытта халқыңның алдында жүзің жарқын болады?...

Байырғы қазақтың байлықты басты көрсеткіш етпегенін ескерген жөн. Өйткені көреген ата-бабаларымыз: «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп жанын малынан, арын жанынан жоғары қойған еді ғой. Біз соны неге ұмытып барамыз? Неге байлық десе бабасын, билік десе анасын құрбандыққа шалатын Горгоналар көбейіп барады? Осылай құлдырап кете берер ме екенбіз, жоқ әлде дертке дауа бар ма?

Үш ғасыр бой ата-бабамыз арман еткен тәуелсіздікке қол жеткізген кезде ел іргесін бекітудің орнына азғантай ғана қазағымыз жүз-жүзге, орыс тілді қазақ, қазақ тілді қазаққа; ауыл қазағы, қала қазағына бөліну өрттей өршіп барады.

О, құдірет, ол ол ма, қадым заманнан иманға ұйытқан ислам дініміз тармақтарға бөлшектеніп, бірін-бірі жоққа шығаратын көзқарастар бой көтеруде. Нәтижеде бір үйдегі әкелі-балалылар бір пәтуаға келуден қалып барады ма қалай?

Өз заманында Бұқар жырау Абылай ханға батыстан орыстардың, шығыстан шүршіттердің елімізге, жерімізге көз тігіп отырғанын ескертті емес пе?


Күнбатыста бір дұшпан, Ел қамын айтқан жақсыны,

Ақыры шығар сол тұстан... Сөйлетпей ұрар ұртына.

Құдайды білмес, діні жоқ, Бауыздамай ішер қаныңды,

Жамандықтан міні жоқ, Өлтірмей алар жаныңды

Сол сияқты бір кәпір. Тексізді төрге шығарма,

Аузы-басы жүн кәпір, Басыңа сол күн туғанда

Жаяулап келер жұртыңа... Теңдік тимес құлыңнан...

Абыз бабаның көрегенді бұл сөзінен қазекем қорытынды шығарды ма? Өкінішке орай шығармады. Нәтижеде үш ғасырдай жат елдің тепкісінде болып, небір құқайды көрдік емес пе? Небір сират көпірден өттік емес пе?

Өз тізгініміз өзімізге тигенде, о, Жаратқан, ендігі жайбарақаттық біздің не теңіміз! Ауыр отадан кейін оңалып кете алмаған бейтаптай, еңсе көтере алмай жүргеніміз қалай? Қал-а-а-й?... Түсінсем бұйырмасын!

«Басымнан көгала үйрек қош деп ұшты,

Сол шіркін жалғыз ұлға қонбас білем», - дейді Кемпірбай жазған. «Пыр» етіп ұшқан сол Үйрек-Кие, Кемпірбайдың ғана емес, исі қазақтың үстінен ұшып кетпеді ме, кім біледі?» - деп күмәнданады танымал суретші Жеңіс Кәкенұлы. Оған негіз де жоқ емес....

Қызым, сол көгала үйрек сенің үкілі камшат бөркіңе бақыт құсы болып қонса екен. «Ымды түсінбеген дымды түсінбейді: Эзопқа берген жауабым – Диоколға жасаған ишарам, - депті ғой Анахарсис бабам.

Сол айтпақшы, Айданаға айтқан тілегім күллі қазақтың қара көздеріне білдірген ізгі ниетім деп түсіну керек.

Қазақтың қара көз арулары, сендердің де бастарыңа көгала үйректің қонуын тілеймін Жаратқаннан. Сендердің бақыттарың – Қазақ Елінің бақыты. Екеуі бір-біріне тәуелді ұғымдар екеніне дау жоқ.

Ұлы далада қай уақытта «жұмақ» орнайды? Мұның жалғыз амалы ұлттық иммунитетті күшейте түсу болып отыр. Қоғамды қазақы қалпына келтіруде отаншыл, халқын сүйетін ақылды да парасатты қыз-келіншектердің қолында.

Ұлтты сүю – отбасынан басталатындықтан, қазақы тәрбиенің тағдыры шаңырақтың киесі де, иесі де қазақ қыз-келіншектерінің белсенділігіне, әлеуметтік әрекетіне, табандылығы мен рухани ізденістеріне байланысты. Ұрпағымызды намысты да рухы биік, өз ана тілі мен мәдениетін шексіз сүйетін етіп тәрбиелеу ең басты нысана екенін түсінетін уақыт жетті. Енді сәл кешіксек сан соғып қаларымыз анық.

Ұлтжандылық – халқына, ұлтына деген мәңгілік махаббат. Адам ес біліп, етек-жеңін жия келе, ұлт тағдыры, халқының мүддесі үшін ойланбастан отқа түсіп, мұз шайнауға дайын тұратын көзсіз жанкешетілікке итермелейтін ұлы күш – Туған жерге деген махаббат. Қазақтың қаһарман ұлы Бауекең (Бауыржан Момышұлы):

Сыр айтам, саған халқым ұға білсең,

Дайынмын от пен суға маған сенсең.

Арыңды ақ ниетпен ақтамасақ,

Ризамын теріс қолмен бата берсең, - деп толғайды.

Шіркін, әрбір қазақ азаматы ұлтының, ұлысының бақыты үшін осылайша жан-тәнін қия қызмет етсе ғой! Онда іргетасы берік, тұғырлы, жалын ешкімге сипатпайтын арыстан елге айналар едік-ау. Қазақ елі төрт құбыласы түгел жер жанатына айналар еді. Ата-бабамыз армандаған Мәңгілік Елге айналар едік.

Отаныңа, ұлтыңа, халқыңа деген махаббат – жүрекке де, сөзге де сыймайтын ауқымды да құдретті махаббат.

Венгер халқының ұлы ақыны Шандор Петефидің мына өлеңін оқиықшы:

Махаббат пен Бостандық,

Білмеймін мен басқаны.

Махаббат қонса қолыма,

Жанымды беріп аламын.

Азаттық үшін оны да,

Құрбандыққа шаламын, - дейді.

Ұлы ақын елінің еркіндігі, азаттығы, тәуелсіздігі үшін өмірін де, махаббатын да тәрк етуге әзір. Ұлтжандылық деген осы. Кіндік қаны тамған топырағын, туған халқын қалтқызсыз сүю деген, міне, осы, қызым.

Бақыт жайында ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы былай тебіренеді:

Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл,

Ақ жолдан айнымай.

Ар сақта, оны біл.

Барыңды, нәрінді,

Тірлікте бергейсің.

Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң,

Шын бақыт -

Осыны ұқ,

Мәңгілік өлмейсің! - дейді жарықтық. Құдайым-ау, қалай айтқан десеңші!? Ақындық дегеніміздің өзі қарапайым ғана ойды ешкім айта алмайтындай етіп құрақ құрайды-ау.

Қызым Айдана, бақыт жайында тоқсан сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, елің, халқың бақытты болмай, сен де, сенен өрбіген ұрпағың да бақытты болмайды. Еліңнің, қазағыңның, көк туы көкте мәңгі желбіреуі үшін қызмет ету ең ардақты борышың. Ұлтыңның жанашыры болсаң, оның сүйікті перзентіне айналасың. Халқыңның сүйіктісі болу – теңдессіз тебіреніс! Адамзаттық мұрат! Иә, ол баға жетпес бақыт! Иә, бақы-ы-ы-ыт!...

XVII ғасырдағы грузин қаһарманы жайында жазылған Анна Антоновскаяның "Ұлы Мурави" романының кейіпкері Георгии Саакадзенің қалқанында "Жүрегі Отан деп соққан адам бақытты" деген ұлы ұран жазылған екен.

Олай болса, сенің кіп-кішкентай жүрегіңде, келешекте сенен өрбитін ұрпақтарыңның жүрегінде Қазақ Еліне деген сүйіспеншілік сезімінің алауы мәңгі сөнбеуін тілейді Бегман атаң.


«ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС...»


Айдана қызым, келешекте ұстаз болып, өскен ұрпаққа білім мен тәрбие берсем деген арманыңды қолдаймын. Мақсатына жет. Жаратқан Ие кісі жүрегіңе сөз кепиетін қондырып, дарын сыйлаған соң – сол дарын нығметін халқына, қара көз шәкірттеріне қайтарар мұрат та береді. Қызмет көрсететін уақыт та бұйыртады.

Чех халқының ұлы ұстазы Я.А.Коменский: «Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі. Ол – зор тұлға, күннің құдіретті сәулесі сияқты», - деп ұстаз еңбегіне пәтуәлі сөз қалдырған.

«Патша қанша жерден ақымақ болса да баласының ұстазының алдын кеспейді», – дейді ежелгі гректің ғұламалары. Ал, қазақта бұны «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі,» – деген Мағжаннан асырып айтпаспыз…Өйткені бар күш-қуатын, білімі мен адамгершілік, парасат пен пайым, мұрат пен аманат салмағын меңгертуге жұмсайтын ұстаз - нағыз халық жанашыры. Олай дейтінім, бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, жүрек жылуын, бойындағы бар білімін ұстаздық жолға сарып етіп келе жатқан жан ғана бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелей алады.

«Елдің дамуының кілті ғылым-техникада, ғылым-техниканың кілті оқу-ағартуда, оқу-ағартудың кілті ұстаздарда», – дейді, Қытайдың реформатор басшысы Дэн Сяо Пин. Ақиқаты да осы…

«Сананы тұрмыс билейді», - дейді Ежелгі Рим философы Цицерон Марк Туллий. Сол айтпақшы, ұстазды тұрмыс билесе, қоғамды сауатсыздық, мемлекетті кедейлік билейді. Ұстаз сана деңгейінен биік түрмақ керек. Егер ол санадан биік тұрмаса, сабақтан сапа, тәрбиеден мән кетері анық. Қоғам осынау қарапайым қағидаға тереңірек көңіл аударғаны мақұл.

Халқыңа, еліңе, шәкірттеріңе сіңірген еңбегің еленіп, жалпы жұрт қадірлеп, лайықты бағасын беріп жатса, әрине оған мерейің өсіп қуанасың. «Өз бағанды өзің біле жүр» деген тұжырым содан келіп шығады. Алайда қуанышқа бөлейтін сүйікті ісіңнен келетін шаршап-шалдығу дегеніміз - басқа бейнеттен әлдеқайда ләззатты. Сүйікті жұмыс кісіні жігерлендіреді, шабыттандырады, жаңа белестерге жетелейді.

Адам, мысалы, жаңғақ ағашын отырғызып, баптап, мәпелеп жүріп өсіреді. Жылдар өтіп жемісін көргенде, ауыр жұмыстан қабарған алақанның азабы ұмытылып кетпей ме? Сол сияқты тәрбиелеп өсірген шәкірттеріңнің іргелі азамат болып, «дүниенің кетігін тауып қаланғанын» көргенде, сен де бақыттың тәтті дәмін тататының анық.

Жас ұрпаққа ұстаздық етіп, жаңа белестерге жетелеу, бұрын білмеген, сезбеген табиғат, қоғам құпияларының сырын ашқызу да үлкен табандылықты, сабырлылықты, шыдамдылықты, білімділікті талап етері сөзсіз. Тәрбиеші-ұстаз бойында осындай тамаша қасиеттер болғанда ғана жоғары жетістіктерге қол жеткізуге болады. Алда кездесетін қиыншылықтар мен кедергілерді бағындыруға септігін тигізеді. Шәкірттердің әрбір жеткен жетістігі, тапқан табысы ұстазын қанаттандырады, еселеп еңбек етуге жетелейді, көл-көсір қуанышқа кенелтеді.

Ұрпақ тәрбиелеуде тек мектеп ұжымына жүктеп қою білместік. Олай дейтінім, орыстың ұлы педагогі К.Д. Ушинский: «Біз адамды тәрбиелеуші жалғыз ғана мұғалім емес екендігін түсінеміз. Адамның мұғалімдей, тіпті одан да күштірек байқаусыз тәрбиешісі бар. Олар: табиғат, отбасы, қоғам, халық, оның тілі...», - деген көрегенді пікірімен келіспеуге болмайды. Мәдениетті де білімді ұрпақ жетілдіру кешенді іс-әрекеттің нәтижесінде ғана қол жеткізуге болатынын сөз етеді.

Абай айтқан: «Жүрегі айна, көкірегі көзді, көңілі ояу, жан жарығы мен жан қуаты мол адамдар» көбейсе, ұлт бүгінгіден гөрі жетіле түсер еді. Білімді адам ғана мәдениетті бола алады. Ал білімділік оқу арқылы жетіледі. Өкінішкее орай, қазір біз кітапханаға бармайтын, кітапты қуалап жіріп оқымайтын қоғамдамыз.

Негізінде мәдениеттіліктен рухани дегдарлық, бекзаттық туады. Бекзадаларымыз көбейсе, ұлтымыздың рухы биіктей түсер еді-ау.

Мұхаммед (саллаллһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарымыздың хадистерінде: «... Бір сағат ілім үйрену бір кеш бойы құлшылқ етуден жақсы, бір күн бойы дәріс алу – үш ай ораза тұтқаннан жақсы», - дейді. Пайғамбарыздың өзі де құр күтіп отыра беретін соқыр сенімді емес, оқуға, ілім-білімге, ізденуге үндегені осыдан-ақ көрініп тұр.

Мұнан шықты, қызым, жас жеткіншектерге білім беру, қоршаған ортаның ақиқатын таныту – сауапты да жауапты жұмыс.

Біз сияқты саны аз халыққа отаршылдықтың, теңсіздіктің зардабын көп шеккен, жылау күндер мен бұлау күндерді көп көрген жұртқа – білім ауадай қажет. Бөгде жұртпен теңестіретін білім ғана екенін естен бір мезгіл де шығаруға болмайды. Білім адамның көңіл көкжиегін кеңейте түседі. Әрбір істі тереңнен танып біліп атқаруға жол ашады. Білім, тек білім ғана алпауыт елдермен тереземізді теңестіретінін білгенің жөн. Білгеніміз рауа.

Қызым, өз ісіңде тамаша жетістікке жететіндігіңе сенімім мол. Өйткені сенің бойыңда жоғарыда айтылған педагог мамандығына лайықты қасиеттердің бәрі табылады. Сенің бойыңдағы, әсіресе, іскерлігің, еңбек сүйгіштігің, өзіңе талап қойғыштығың биік мақсаттарға жетудің алғы шарттары деп ойлаймын.

«Орташа мұғалім баяндайды, тәуір мұғалім түсіндіреді, тәжірибелі мұғалім шабыттандырады», - деген педагогиканың қағидасы көңілден тыс қалып қоймаса болғаны.

Ы.Алтынсарин: «Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі» деп бекер айтпаған. Шәкірттерін шабыттандыра, армандата және қиялдата алған мұғалім өз кәсібінің шебері, аса құнды маман. «Қиялдың күш-қуаты білімнің өзінен де маңыздырақ» деп өз заманында ұлы ғалым Альберт Эйнштейін айтқан. Демек арман-қиялдың қуатты қанатына арқа сүйенген жандар ғана басқалар шыға алмаған шыңдарды бағындыра алды. Ұшар биіктерге көк туын желбіретеді.

Қытай халқының ұлы ұстазы Конфуций: «Маған айт – мен ұмытып қаламын, маған көрсет – есімде сақтаймын, маған істет – үйренемін», - деп, мұғалім қызметінің қайтсе нәтижелі болатынын ескертеді. Шәкірттерін іс-әрекетке жегу, тынбай еңбек етуге қалыптастыру ұстазға үлкен кәсіби шеберлікті талап етеді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін, өзіне де, өзгеге де бір сәтке де дамыл бермейтін пәруар ғана шәкіртін сусатпайды. Биіктен-биікке, табыстан-табысқа жетелейді. Нәтижеде өмірін нұрлы да сырлы етеді.

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп данышпан Абай айтқандай, мұғалім шәкірттеріне ең басты нені үйрету керек деген сауал тұрады. Әрине өз салаң бойынша оқушыларға қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің теориялары меңгертіледі. Әрбір сабақ үдерісінде ең басты ұлттық тәрбиеге негізделген қазақ рухын сақтап қалу күллі мұғалімдер қауымының адами мұраты, бабалар алдындағы парызы, ұрпақтар алдындағы қарызы. Жас ұрпақты тәрбиелеуде, тіршілігіміз бен тұрмысымызда ұлттық рух салтанат құруы керек. Бүкіл ұстаздар қауымының басты назары осыған бағытталғанда ғана мына мың сан мүдде тоғысқан заманда қазақ болып сақталып қаларымыз анық. Жігерлілік таныта алмасақ құрыдымға кеткеніміз кеткен. Бұл мәселеге келгенде майда-шүйде, ұсақ-түйек нәрсе деген болмағаны ләзім.

Ұлы адамдардың да ұстазы болған. Ұстазсыз, оның бағыт-бағдарынсыз, басшылығынсыз ешбір шәкірт өздігінен өнер көкжиегіне өрлей алмайтыны белгілі.

Мәселен, Үмбетей мен Бұқар жыраулардың ұлы ұстазы «Елім- ай» әні мен жырының иесі, жауға қарсы қол бастаған сардар, дауға қарсы сөз бастаған шешен Қожаберген жырау болған.

Қазақтың ақыны С.Торайғыровтың мына өлеңінде:

Толыбай сыншының баласы Қожаберген

Тарихынан оғыз-түрік хабар берген.

Үмбетей, Бұқар жырау, Тәтіқара

Үшеуі Қожабергеннен үлгі көрген, - дегені соның дәлелі болса керек.

ХХ ғасырдың Гомері атанған жыр алыбы Жамбыл жәкемнің ұстазы Сүйінбай абыз болғанын кім білмейді?

«Менің пірім Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сыйынбай», - деп жырлауы Жәкеңнің ұстазына деген шексіз сүйіспеншілігін байқауға болады.

Ф.Шәріпова, А.Әшімов, Р.Сейтметов т.б. сияты қазақтың театр өнерінің жарқын жұлдыздары қазақ өнер өлкесінің шыңы Асқар Тоқпановтын «тоқпағында» шыңдалған шәкірттер.

Қазақ әдебиеттану ғылымына теңдессіз үлес қосқан, қазақ әдебиетінің тарихын XVIII ғасырдан VIII ғасырға дейін жылжытуға мұрындық болған айтулы ғалым Бейсенбай Кенжебаев ұлы Мұқанның (Мұхтар Әуезовтың) шәкірті болса, өзі әдебиетші ғалым, талантты жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтар Мағауиннің, ғалым, қоғам жанашыры Мырзатай Жолдасбековтің т.б. ғалымдардың ұстазы болғанына тарих куәгер.

«Көп ішінде сөйлеген көсемдіктің белгісі, ойға салмай сөйлеген шешендіктің белгісі» дегендей, тілдің майын тамызып, ойдың балын ағыза сөйлейтін Қаз дауысты Қазыбек бабамыз да Бұқарада оқып, кезінде бүкіл Орта жүзге билік айтқан ғұлама ғалым Тобықты Әнет бабаның қолына көшіп барып, айлап, жылдап, қазақтың әдет-ғұрпын, сөз өнерін, әсіресе шариғат заңдарын үйренген.

Теңдессіз ұлы композитор, шебер орындаушы, дарынды дерижер Вольфганг Амодей Моцартқа композитор Антонио Сальери ұстаздық еткен.

Сурет өнерінде «импрессионизм» бағытының көк туы саналатын, бүгінгі тандағы ең қымбат «Әсер. Күн шығардағы сәт» атты картинаның иесі, атақты қылқалам шебері Клод Монеге ұстазы Эжен Буден кездеспесе, импрессонистер абызын біз білер ме едік, білмес пе едік?...

Клод Моненің суреттерін көріп, тамашалаған Эжен Буден:

- Айналайын, сен талантты бозбала екенсің, бұл өнермен шектеліп қалмай, әрі қарай оқу керек, - деп ақыл айтады. Құрғақ ақылмен шектелмей, табиғаттың аясына барып, мольбертін жайып жіберіп, көз алдындағы көріністі кенепке қалай салу керектігін көрсетеді.

Әрі батыр, әрі шешен Қошқарұлы Жәнібек – Төледен, Датұлы Сырым – Малайсары биден бата алған. Демек қазақта атағы бүкіл елге жайылған әділдігі қара қылды қақ жарған, билер мен ақын-жыраулардан, шешендерден ақыл-кеңес сұрап, бата алу – бейне бір ұстаз алдында сыннан өтіп, өмірге жолдама алу дәстүрі.

Шәкірттер ұстаздарына тәңіріндей табынған. Өмір бойы сыйлап өткен. Қадірлеп, қастерлеп өткен. Ойымыз орнықты болу үшін мынадай мысал келтіре кетейін:

«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» деп басталатын поэмасы бар хаким Абайдың. Оның «Көп елді күтінбеген қырды-жойды, ханды өлтіріп, қаласын тартып алғанынан», «Қанішер каһарлы хан ашуы көптігінен» басқа қасиетін білмейді екенбіз шынында да. Кейінгі білгеніміз мынау.

Ескендірден (Александр Македонскийден) жақын досы:

  • Айтыңызшы бізге, неге әкеңіз Филипп патшадан гөрі ұстазыңыз Аристотельді ерекше құрмет тұтасыз? Себебін түсіндіріңізші, – деп сұрапты. Ол шамалы ойланып тұрыпты да:

- Әкем Филипп көктегі тәнімді жерге түсірсе, ал ұстазым Аристотель жердегі жанымды көкке көтерді. Мен үшін жердегі тәннен көктегі жан сыйлы. Міне, сондықтан мені зәу биікке көтерген ұстазымның алдында басымды иемін, - депті жазықсыз елдің қанын судай ағызған патша. Түсініп көр!...

Айдана қызым, мектептерде сабақ беретін мұғалімдер мен институт-университеттерде дәріс оқиты оқытушы – пофессорлардың көбісі, өкінішке орай, шәкірті бас иетін ұстаз дәрежесіне көтеріле алмайды. Себебі бұлар өз пәндерін терең меңгергенімен, өзіндік мектебі жоқ. Шәкірттеріне ғылымға қажетті тың жобалар ұсына алмайды. Зерттелінген, таптаурын болған салалардан қара үзіп, ұзап кете алмаған соң, шәкірттеріне соны зерттеу бағытын ұсынуға шамалары келмейді. Көптеген мұғалім-оқытушылар жоғары санатқа көтеріле алмайтыны осыдан.

Белгілі бір ғылымның зерттелінген, айқындалған заңдылықтары мен теориялары болады. Белгілі бір шекке келіп тіреледі. Алайда құпиясы ашылмаған, сыры танылмаған бұтақтары көкжиектен көрініп тұрады. Көреген, талантты, білімді мұғалім, оқытушы-профессорлар шәкірттерін сол зерттелмеген салаларға назарын аудартады. Бағыт-бағдар береді. Дерек көздерін ұсынады. Зерттеу барысын үнемі назардан тыс қалдырмайды. Шәкіртінің әрбір табысына қуанып, кездескен қиыншылықтарды жеңуге көмектесіп, рухтандырып отырады.

Ақ тер, көк терге түсіп жүріп еткен еңбегімді басшылар елемеді, мән бермеді деп өкепесі қара қазандай болу – білместік. Ұжым басшысы кімнің қандай жұмыс атқарып жүргенін біледі, білмейді емес. Бірақ ол да пенде туған-туыстары, руластары, қала берді жоғары жақтан түсетін коңыраулар бар дегендей. Әуелі солардың көңілінен шығу керек. Өз күлшесіне күл тартпасына ләжі жоқ. Пендешілік қой. Басшы да, қара жұмысшы да Жаратқанның пендесі. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болушы ма еді? Баршылық. Әсіресе қазақ...

Мына бір кесек ойдың ойға орала кеткенін қара. Нобель сыйлығының иегері Альберт Камюдың: «Марапаттау идеясы – қоғамдағы биліктің елді алдаусырату үшін ойлап тапқан ойыншығы», - дегенімен келіспеуге болмайды.

Түрлі жолмен еңбексіз-ақ қошеметке ие болғандар шөптің басын сындырмай-ақ қыраннан биік мәртебеге көтерілген көгершіндердің кейпіне ұқсайды. Көгершіндер кешегі дәурені келмеске кеткен кеңестер үкіметі кезінде күллі қанаттылдардың өтеуі жоқ арманы болған заңғар көкте қалықтаған еді-ау. Дәу-дәу плакатқа бейнеленіп, зәулім ғимараттарға ілінді. Кішкене жалаушаларға көктеліп, әр баланың қолына ұстатылды. Қаншама өлең-жырлар арналды.

«Бар кезіп қайт ел үшін,

Кең дүниенің көлемін» деп әспеттелген көгершіннің бүгінгі сиқын көрсеңіз... Кеңестік дәурені бітіп, бейбітшілік нышанайғағы (символы) болған құстың бүгінде өлі сыбағасының күні өтіп, өрмектің жүгі ауғанда торғай екеш торғайдан «таяқ жеп» қайыршылардай, қоқыс жәйшігін айналшықтап жүр. Өлшеулі күні бітті деген осы дә.

Көрдің ба қызым, еткен қызметіне лайықсыз берілген марапат адамға аброй әпермейтінін.

Қалқам, есіңде болсын, ұстаз үшін ең үлкен сый - шәкірттеріңнің сүйіспеншілігі. Оған жететін марапат жоқ бұл өмірде. Бірақ, құрмет оңай келе салмайды. Оған талмай іздену, еңбектену нәтижесінде ғана қол жеткізе аласың.

Ұстазда жан-жақты терең білім мен шыныққан төзімділік, шыңдалған сабырлылық, өз ісіне деген сүйіспеншілік, ең басты еңбекқорлық қасиеттер болуы тиіс. Осы тамаша қасиеттердің жетекшісі әрі іргетасы әрине, талант. «Талантты ерге нұр жауар» деп қазақ бекер айтпаған, қызым. Бойда талант болмаса талаптана да алмасың кәміл ғой.

Ұстаздық жолдағы басты парызы – әділеттілік пен адалдық. Егер оған ақау түссе, бұл белгілі бір ортаға ғана кінәрат келтірумен шектелмейді, бүкіл қоғамға көлеңкесін түсіреді. «Кімде-кімнің әділеті жоқ болса, - дейді ақын Абай, - оның ұяты жоқ. Ұяты жоқтың иманы жоқ». Ұят жөнінде бұрын да айтқанбыз.

Ұстаз қоғамда білім берумен бірге ізгілік пен имандылықтың ұрығын себуші ұлы тұлға екенін ұмытпа, қызым!


«АҚЫН БОП ӨМІР КЕШІРУ ОҢАЙ ДЕЙМІСІҢ, ҚАРАҒЫМ...»


Ақын. Мұхаммед Пайғамбардан (саллаллаһу алләйһи уәсәлләм) сахабалары: «Сізден кейін қандай пайғамбар дүниеге келеді?» - деп сұрағанда, Ол: «Мен соңғы пайғамбармын, менен кейін өмірге шайырлар келеді», - деген екен.

Шынында да ақын-жазушылар – әділет пен ақиқаттың жаршылары. Шындық үшін шырылдап, ақиқат үшін қасқайып қарсы тұратын жандар. Қарапайым халықтың жоғын жоқтаушылар – парасат иелері. Сондықтан мен ақындар мен жазушыларды – сөз өнерінің сардары деп білемін.

Василь Быков: «Адамзаттың өмірінен көркем әдебиетті алып тастаса, сықырлаған қару мен сыңғырлаған тиындар ғана қалар еді», - десе, немістің ең оқырманы көп қаламгері Леон Фейхтвангер: «Көркем әдебиет жас жеткіншекті мемлекет қайраткеріне дейін тәрбиелейді», - деп көркем әдебиетің қоғам өміріндегі рөлін жоғары бағалайды.

Өйткені көркем әдебиет – адамзаттың ұлы ұстазы. Онда адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған іс-тәжірибесі мен даналығы, барша жақсылық атаулыға құрметі мен алғысы хатталған. Ол күллі ақыл–ой иелерін жақсылыққа, имандылыққа, тазалыққа, шыншылдыққа шақырады. Қайғы мен қасыретке, кесір мен кесепатқа, бүлік пен қан төгіске қарсы. Адамзат бақытына кесір келтіретіндерге лағынеті мен қарғысы бейнеленген.

Г.Гейне: «Егер жер шарына сызат түсер болса, ол міңдетті түрде ақын жүрегін басып өтеді», - деп, ақын–жазушының жер бетіндегі қасірет пен қиянат үшін ең алдымен қайғырып, жақсылық үшін ең соңында қуанатынын, адамзат тарихы үшін жауапты екенін жеткізеді. Алайда осынау қасиетті миссияны мойнына алып, дөңгеленген дүниедегі шуақты күн үшін күресу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Ол таңдаулылардың ғана еншісінде. Иә, таңдаулы тұлғалардың ғана еншісі екенінде дау жоқ.

Поэзия – әдебиеттің нәзік жанры. Ол – бекзат өнер болғандықтан жаны нәзік жандарға, санасы нұрлыларға ғана жалын сыйпатар жанр. Сезімтал да талантты адамдарға ғана берілетін бақыт. Сондықтан да шайырларды бірауыздан бақыттылар дейміз. Өйткені ақындар жүректен жыр ағызып, жүректерге жеткізеді. Мұңын да, сырын да, қайғысы мен қуанышын да жыр сүйер, өнер сүйер жалпақ жұртпен бөліседі.

Айдана қызым, «балаға әке сыншы» дейді ғой қазақ. Байқаймын сенің бойыңда ақындық талант бар сияқты. Неге дейсің ғой? Сөз саптауың, өзіңнің ой иірімдеріңді беру тәсілің, сөздік қорыңның молдығы, сөзді тыңдаушыға дәмді де, тұшымды етіп жеткізуде мақал-мәтелдер мен синоминдік қатарларды, қанатты сөздер мен тұрақты тіркестерді пайдадану шеберлігің, ойды астарлы мәнде жеткізу сияқты ақынға тән алғы шарттар мен мұндалап тұрғандай. Алғашқы отбасымыздағы мереке күндерімізді құтықтаған, мектеп қабырға газеттерінде, жергілікті газет-журналдарда жарияланған өлеңдеріңмен танысып, осы немереме киелі сөз өнері қонғалы жүр-ау деп қуанғанымды несіне жасырайын? Іштей шығармашылық сәттілігін тілегенмін саған.

Қызым, бар сана-сезіміңді, қабілет-қарымыңды өнерге бағыттағаның рауаят. Ал өнер өз кезегінде сені атақ пен абыройға жетелейді. Есіміңді мәңгі етеді. «Адам өлген күні емес, ұмытылған күні өледі» дейді халық даналығы.

Қарапайым мысалмен айтсақ айдын көлді жел тербемей үнемі бір қалыпты, орнықты күйде тұра берсе борсиды. Жан-жақтан өзендер келіп құйып жатпаса сарқылады. Қызым, саған айтайын дегенім, адам жан-жақты дамып, жетіліп отыру оның мұраты. Жеткен жетістігіңді қанағат тұтпай, жаңа белестерге жол тарта бергеніңді қалаймын.

Сұлулық – күллі адамзат табынатын құдірет. Академик жазушы Ғабекең (Ғабит Мүсрепов): «Дүниеде адам баласының ұлы қасиеті екеу-ақ: ой ұлылығы, сұлулық ұлылығы. Көркем айтылған ой ұлы, ойландыра алған сұлулық ұлы» деп, ақылға ұшқыр ой қандай қажет болса, тәнге әсемдік те сондай қажет екенін ұғындырады. Ал өнер – ақыл мен көркемдіктің қосындысы. Екі ұлылық ұштасқан өнер туындысы өмір бақилыққа көш керуенін бастайды.

Ал «сұлулықтың өзіне де өнердің көмегі керек» депті ғой бір данышпан. Тауды үгіп тозаңға айналдыратын, теңізді жұтып, тақыр шөлге айналдыратын уақыттың қатал үкіміне төтеп беретін жанды-жансызда өшпес, өлмес жаратылыс жоққа тән. Тек сол құдіретті әмірші адамның отты жүрек, ұшқыр қиялынан туған өнердің алдында ғана дәрменсіз екен.

Көрдің бе, қызым, бұдан шықты, бар күш-жігеріңді, ақыл-парасатыңды жәми жалған дүниенің жамау-жасқау ұсақ-түйек пендешілігіне жұмсамай, ұлы болмасаң да «ұқсап бағуға» тырысқаныңды қалар едім. Кескін-келбет – сыртқы пішін ғана, ал өнер – ішкі мазмұн. Өнерлі жан – құдіретті адам. Басқаның бәрі – тозады, ал өнер – мәңгілік, уақыттан озады.

«Өнер дегеніміз – кемелдік үшін, кемелдену үшін ұдайы және үзіліссіз жүргізілетін күрес. Бұрын ғылымға сенуші едім. Ғылым бәрін реттейді деп ойлайтынмын. Бақсам, адамды адам қалпынан айнытпайтын, яки адамның жанын кеңітетін, кемелдендіруге бастайтын ұлы күш – өнер. Өнерге сенемін мен. Ендігі үмітім тек өнерде», - десе, өз заманында Нобель сыйлығының иегері А.Камью, «... Ел басқару – әркімнің-ақ қолынан келеді, өнерпаз болу – Аллаһтан. Ол – Аллаһтың елін, жұртын жалпақ жалғанға таныту үшін жаратқан тұлғасы. Тұлғаларды сақтау, қолдау керек», - деп Мұстафа Кемал Ататүрк өнер иелерін аса жоғары бағалайды.

Көркем әдебиет деген – ең алдымен жанды сөз, тек қана сыртқы емес, ішкі сөз. Адам жанын қозғай алар құдіреті болмаса, төрт аяғын тең басқан өлеңнің де, сағымдай құлпырған қара сөздің де, пайдасы жоқ. «Көркем сөздің сұлулығы сағымдай құлпырмасын, өзендей толқысын», - дейді көркем сөз зергері Ғабең (Ғабит Мүсірепов). «Анық ақын мылқау қызды мақтаса, Қызжібек екен деп, ал Қызжібекті шенесе, мыстан кемпір екен деп қалуыңыз әбден ықтимал», - дейді Мұзаға (Мұзафар Әлімбаев).

Дағыстанның ұлы ақыны Расұл Ғамзатов поэзия тұрғысында: « ... Бірақ тау да, жаңбыр да, гүл де, күн де – поэзиясыз, ал поэзия – бұларсыз бола ала ма?! Поэзия болмаса, тау – тау емес, үйіліп жатқан тасқа айналар еді, поэзия болмаса, Күн – Күн емес, жылу беретін жұлдызға айналар еді. ...Поэзия болмаса, шалқыған мұхит орнына, суға толы шұңқыр ғана қалар еді. Поэзия болмаса, сайраған құстардың әсем әні орнына, олардың бірін-бірі шақырған құр шықылығы ғана қалар еді, поэзия болмаса, дүрсілдеген жүрек емес, қан тасқыны ғана қалар еді...», - деп поэзияның сиқырлы сәулесіне шарпылған дүниенің сұлу келбетін көз алдыңа елестеткен де қойған.

Таңдай қақтырып, бас шайқатар, ғасырдан ғасырға жап-жас күйінде жететін «паң дүние» жасау талантты да, дарынды ақындардың пешенесіне жазылған. Иә, таланттылар мен дарындылардың еншісі ол.

Қызым, көріп отырғандай, осындай жоғары талап деңгейінде жаза алмасаң, сағым қумай-ақ қойғаның мақұл. Ал, ауыр да азапты тауқыметке бел бусаң ғана тәукелге баруға болады. «Қиынынан қиыстыратын» «ер даналар» ғана «артағыға сөз» қалдыра алады. Шала жансар, бір қайнауы ішінде болатын туындылар туғызатын ақындар «сабат жерге» бөтен болып келіп, бөгде болып кете берері анық.

Сонда, сөз өнері деген не осы? Бұл, менімше, – қоршаған орта шындығын көркем бейнелер арқылы – таныту тәсілі, белгілі бір ұғымды ұқсатып көрсету қабілеті болса керек. Қоршаған орта ақиқатын шығармашылық жолмен, көркем образдар арқылы, қызылды-жасылды бояулар мен сұлу иірімдер, астыртын мағыналар арқылы суреттеу шығар деймін.

Алайда нақты білерім, ақиқат өлген жерде ақын да өледі. Өйткені ақын мен шындықтың жаны бір. Рухтары ортақ. Шындықты шырылдатып есіктен сығалатқан, өтірікті төрге оздырған (кім болса, о болсын) жанның «иті болып үрсең» пәсімді қалдырғаның. Ақын болмағаның. Атаңнан патиха алмағаның.

Нобель сыйлығының иегері, жазушы Марио Варгос Льосот: «Жазушы кеше де, бүгін де, ылғи да наразы болуы тиіс. Өмірдің жабайы шындығын қабылдаған және онымен келіскен адамнан жазушы шықпайды» дегені ақындарға да айтылған сөз деп қабылдаған жөн.

Нағыз ақын «хан емессің, қасқырсың» деп ақиқатттың суына тұншығып, отына өртенеді. Қазақ осындай от ойлы, орақ тілді шайырларға зәру. Осы айтқандарымның үдесіне шыға алсаң ғана киелі қаламды қолыңа алуға құқылысың, қызым.

Қазақ халқының да күллі жамағаттың жүрек төрінен орын алған, қалыптасқан ұлттық өнері бар. Халық әлімсақтан-ақ өзінің ұлттық өнерін ерекше қастерлеп, тілінен бал тамған шешендерін, домбыра шанағынан күмбірлете күй төккен күйшілерін, тоқсан сөзден тобықтай түйін түйе білетін ақын – жырауларын, он саусағынан өнер тамған шеберлерін құрметтеп, олардың теңдессіз туындыларын мақтан еткен. Құдірет тұтқан. Табынған.

«Өнерді үйрен де жирен», «Өнерліге өр жоқ», «Өнерлі өрге жүзеді», деп ұрпағын өнерлі болуға үндеп отырған. Өнер адамның дүние танымына, сеніміне, имандылақ қасиеттерін қалыптасуына, эстетикалық сезімдерінің айшықтала, нұрлана түсуіне игілікті әсер етеді. Дана халқымыз ұрпағына: «Жігітке жетпіс өнерде аз» деп, өнер – құдіретті күш, рухани байлығың деп уағыздап отырған.

Кезінде Франция президенті Шарлль де Голь жазушы Мальроға: «Айналайын, елдің саяси жағын мен мойныма алайын. Мемлекет қауіпсіздігі туралы мен ойланайын. Ал сен Францияның мәдениетін құртып алмау жағына ат салыс. Басқа ел ең алдымен Францияның мәдениетін, өнерін сыйлайды. Егер мәдениетіміз бен өнерімізден көз жазып қалсақ, онда біз жай әншейін қатардағы бір елсымақ боламыз да қаламыз» деген екен. Бұл сайып келгенде, әрбір ел өзіне тән мәдениеті мен өнерімен ғана басқаға үлгі-өнеге, сыйлы болатынын сөз етеді.

Қазақ елінің идеологиясын мәдениетін, өнерін жасаушылар қазақтың ақын-жазушылары дедік. Қызым, ақыры ақындық жолда өз соқпағымды саламын деп шешкен екенсің, сонда ең басты не мәселеге көңіл бөлуің керек? Көктен іздеудің қажеті жоқ. Қазақтың негізгі идеологиясы ата-баба мәдениеті мен дүниетанымында, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпында. Сондықтан да халқымыздың «Бесеу біріксе, онның сыбағасына ие болады», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді», «Елім өссін десең кекшіл болма, кесапаты тиер еліңе» (Қазыбек би) дегендей, қазақтың ұлттық идеологиясы осылар болса керек.

Сенің шығармашылығыңнан бірлікті, ынтымақты, елдік мүддені көргім келеді. Міне, сенің қалам тербейтін тақырыбың осылар. Басты мақсатың қазақтың алпыс екі тамырынан ата-бабаның намысты алқызыл қанын қайта жүгірту болсын. Сенің өлеңдеріңнен ұлттық рухты, шыңдалған намысты көргім келеді, қалқам.

Бұл жалғанға кім келіп, кім кетпеген? Миллиардтаған адамның қалдырған ізі жоқ болғандықтан, есімдері елге белгісіз. Қадау-қадау тұлғалар ғана өз есімдерін ғасырдан ғасырға жеткізген. Бұл теңдессіз биік парасат пен құдіретті өнердің нәтежиесі екені анық.

Адам өмірі – аққан жұлдыздай бір сәттік қана. Өте қысқа, қамшы сабындай-ақ. Оны мәңгі ететін не? Әрине оның өнері. Өнер туындысы. Гомерге мәңгі өмір сыйлаған оның «Одиссеясы», Леонордо да Винчиге – «Монно Лизасы», В.Шекспирге – «Ромео мен Джулеттасы», Айвазовскийге – «Тоғызыншы валы», В.А.Моцартқа - «№ 40 Мериналық симфониясы» мен «Юпитері», Месроп Маштоцтың есімін мың бес жүз жылдан бері өшірмей келе жатқан «Әліппесі», Абайға - «Өлеңдері» мен «Қара сөздері», Мұхтарға – «Абай жолы». Бұл тізімді соза беруге болады. Алайда айтайын деген ойым осының өзінде-ақ түсінікті болар. Сенің де есіміңді мәңгі өшірмейтін туындыларды дүниеге келтірсең кәнеки, қызым?

Жүсекең (Жүсіп Баласағұн): «Өлмей өмір сүре бергің келсе, артыңа жақсы іс пен сөз қалдыр», - деген. Соңыңнан өлмес сөз қалдыру оңай ма екен? Қайд-а-а-н?... Айтуға ғана оңай-ау...

«Арттағыға сөз бенен ісің қалсын

Өлсең де, өлмегенмен боласың тең», - деп хаким Абай да сөз өнерінің келісімді келбетін жоғары бағалап өткен.

Бұл құдіретті өнерге адам бірден жетілмейді, шеберлікті тәжірбиеде, оқу-тәрбие үдерісі үстінде, жатпай-тұрмай жаттығу арқылы шыңдалады. Ұлылардың өнегесінен үйренеді.

Төкең (Төлеген Айбергенов):

Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.

Көкірегіне құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,

Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын.


Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,

Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың.

Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені,

Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жамаудың, (Беу, шіркін, көктен құйылғандай, саф алтындай бұл қандай сөз? Таңданбасқа, бас шайқамасқа әддің жоқ! Лажың жоқ!), - деген еді нағыз шайыр жайында, қайран аға!

Мұнан шықты нағыз ақын қоғамдағы болып жатқан келенсіздік пен әділетсіздікті жан дүниесінен өткізіп, қарапайым халықтың қамын ойлап, жүрегі сыздап, қабрғасы қайысады. Өз шығармасыда болып жатқан әділетсіздікті сынайды. «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын» қоғам орнату үшін күреседі. Ал қоғамда жанға жайлы самал есер болса, жүректері жарыла қуанатын да ақын-жазушылар. Олар нені арқау етсе де, халық көкейіндегі мұң мен шерді, арман мен үмітті, тілек пен сенімді, бар мен жоқты тербетеді. Дәл табады, дөп басады. Қайдағы-жайдағыны сөз етпейді. Халықтың еңсесін тіктетіп, абройын ұлықтайды.

Айданажан, сонда қандай поэзия құндылығына кір шалдырмайды деп ойлайсың? Меніңше, төрт аяғынан тік тұрған өлең тудыруда көркемдік әдістердің сан алуандығы, терең ойға жетелейтін астарлы мәнінің молдығы, оқырманның жан дүниесін тебірентерлік сезім шынайылығы, көңіл-күйдің күнгейлі және көлеңкелі сәттерін алуан толғаныспен жеткізе білген өлең ғана ғасырдан – ғасырға ұласпақ. Мәңгі өмір сүретін туындылардың қанатын қақтыратын ерекше талант иелерінің ғана үлесі.

Сонда талант деген не? Түсіндірме сөздікте: «Қабілет, зейінділік, ерекше берілген табиғи дарын» деп анықтама берілген. Яғни, жас нәресте белгілі бір нышанмен дүниеге келеді. Есейе келе белгілі бір іске аса қабілеттілігі байқалды. Құнарлы жерге түскен дәннің мол жеміс беретіні сияқты, талантты жанның дамып жетілуі отбасының тәлім- тәрбиесіне, қоршаған ортасына, ұлағатты ұстазына байланысты екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бекер айтылмаса керек. Бұл жайында жоғарыда айтып өткенбіз.

Мұның бәрі – талантты адамның жетілуінің алға шарттары ғана. Мүмкін, талант деген – қоршаған орта шындығын терең түйсіне білу қабілеті шығар. Бәлкім, таланттың кез келген өнердің теңдессіз жетістігі – терең білім мен қыл көпірден өткендей қияметтей іс-әрекеттің нәтижесі болар. Талант адамның мұқалмас сеніміне, қажырлы қайратына, қайтпас табандылығына байланысты шығар?

Иә, «Табандылық кез келген қиындықты жеңеді», - деп ұлы Леонардо да Винчи ақиқат байлам жасайды.

«Жалғыз ағаш орман болмайтыны» сияқты талант та өзінен-өзі жеке дара өмір сүре алмайды. Шынтуайтқа келгенде ол «әлемнің әміршісі», еңбекті демеуімен ғана кемелдене алады. Тынымсыз еңбек қана көсегесін көгертеді. Мұнан шығатын қорытынды, ақын болу үшін талант қана жеткіліксіз. Оған сәттілік пен ауыр еңбек те қажет дер едім.

Өнерлі, талатты адамның ойлауы да, қабылдауы да, түсінуі де, көруі де шексіз. Біз сияқты пенделердің өрісі жете бермейтін тылсым дүние.

Өнер, әсіресі, сөз өнері – мен үшін тіл жетпейтін жұмбағын ішіне бүккен сұлу құдірет. Көркем өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңуға бірден кіріспей, оның қыр-сырын түсініп, ішіне бүккен құдіретін терең бойлап барып, қолға қалам алған дұрыс сияқты. Тылсым дүние кез-келген жұмыр басты пенденің өресі жете бермейтін, құрығына іліне бермейтін арыны қатты арғымақ секілді. Өнер – өмір өлшемі. Өнер – құдірет.

Қызым Айдана, «Сексен жыл өмір сүріп, артында сегіз сөз қалдыра алмағандардан» құдайым сақтасын сені. Шығармашылық жұмысыңда сәттілік тілеймін саған! Атаңның бар тілегі осы, алтыным!

«ҒЫЛЫМ ТАППАЙ МАҚТАНБА...»


Ғылым. Кейінгі өскелең ұрпаққа есіміңді қалдырудың ауыр да азапты, мазмұнды да мағыналы жолдың бірі – ғылым. Ғылым жолы – ауыр да азапты жол. Бейнетті де мехнатты сүрлеуге аяқ басу кез келген пенденің дәті бара бермес. Дегенде қиындық адамды шыңдайды, шынықтырады, алға жетелейді.

Сонда ғылым деген не? Жаратылыстың, қоғамның, ойлау процесінің даму заңдылықтарын сана сүзгісінен өткізе отырып, соны да тың жаңалқтарды танып-білу.

Ғылымның ақын-жазушылықтан айырмашылығы не десең? Ақын-жазушылар қоршаған ортаны, табиғатты, адамның жан дүниесін суреттесе, ал ғылым оның даму, өзгеру заңдылықтарын зерттейді, дәлелдейді. Ал ғалым – бүкіл болмыстағы ақиқатты, табиғаттың ішкі сырын танып, Алла берген өнер нығметін іске асырушы, жеткіншек ұрпаққа қасиетті қадым лепесті сөзбен ұғындырушы ұлағатты жан.

Әрбір ғалым тапқан жаңалықтың көбісі адамзаттың игілігіне жұмсалады. Бүгінгі адамзаттың жеткен жетістігінің бәрі ғылымның қол жеткізген нәтижесі. Оны өзің де білесің, қызым.

Құдіретті Абылай ханның өзінен тайсалмай: «Кешегі Төле бидің құлақ кесті құлы едің» деп айтқан Бұқар баба жастарға ибалы да иманды ар-ождан, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруді айта отырып, мезгілі келгенде тау мүжіліп құмға, теңіз суалып шөлге айналады, тамыры суда тұрса да құрамайтын құрақ жоқ, суалмайтын бұлақ жоқ, өлмейтін пенде, өшпейтін еш нарсе жоқ, бәрі өзгереді деген пәлсапалық тұжырым жасай отырып: «Өлмегенде не өлмейді?» деп, өзі сұрақ қойып:

«Жақсының аты өлмейді

Ғалымның хаты өлмейді», - деп жауап береді. Баба айтқан қанатты сөздің түпкі мағынасында есімің ұрпақтан-ұрпаққа жалғассын десең, халқыңа пайдалы іс жаса, жастық шағыңды босқа өткізбей терең білім алып, ғылым жолына түс. Бойыңдағы өнеріңді, соны пайымыңды, ақыл-парасатыңды хатқа түсіріп, кейіңгі ұрпаққа қалдырып кет. Сонда сенің атың халықтың мәңгі жадында болады деген өнегелі өсиеті жатыр.

Айдана қызым, сенің бойыңдағы ғалымға лайықты нышан бар не жоқ, деп айта алмаймын. Дегенде, 9-10 – сыныптарда оқып жүргеніңде екі рет облыстық оқушылардың ғылыми жобасына қатысып, бірінші орын алған едің. Екі рет облысымыздың намысын Алматы қаласында қорғап, екінші, үшінші орынды еншілеп қайтып, бізді қуантқаның әлі есімде. «Ерінбеген етікші болады» деген, «Соматикалық атаулар ұйтқы болған фразиологизмдердің лексика-семантикалық табиғатының» «құдығын» инемен қазып көрсең, нәтиже де шығарарсың.

Кім біледі, соңғы жылдары фразеологизмдерді тілден тыс факторлармен байланыстырып қарастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Олардың этнолингвистикалық, психолингвистикалық, танымдық қырларын зерттеу де бұрынғы құрылымдық бағыттан гөрі антропоцентристік бағыт басым бола бастады. Тілдік бірліктерді антропоцентристік бағытта зерттеудің қазақ ұлтының мәдениеті мен материалдық дүниесін түсінуге тигізер маңызы зор екені белгілі. Себебі, заман талабына сай фразеологизмдерді тек тілдік жағынан қарастырудың жеткіліксіз екені байқала бастады. Мұндай бағыттағы зерттеулерде халықтың ұжымдық тәжірибесі, шаруашылығы, адамдардың бір-бірімен байланысы, қоғамдық қатынастар, дүниетанымдық ерекшеліктер, материалдық және рухани мәдениет қамтылмай қалып қояды. Сондықтан фразеологизмдердің қалыптасуының тарихи, мәдени негіздері, уәжділігінің этномәдени мәнділігі жағынан қарастыру өткен кезеңдердегі ұлт мәдениетін танып білу үшін ең қажетті тәсіл болмақ. Осы тұрғыдан алғанда фразеологизмдердің шығуы, тарихы мен танымдық қызметін қолөнері материалдары негізінде қарастырып көрген де жөн болар.

Ал, ұлттың қолөнеріне қатысты атаулар мен қалыптасқан фразеологизмдер – қазақ халқының өзіндік ерекшелігін айқын көрсетеді. Айталық, баспанасынан тыс, кәсіби-шаруашылық құралдары мен кәсібі, өнер түрлерінен, киімдері мен тұрмыстық бұйымдары жайлы көсіп-көсіп айтуға болады.

Сондай-ақ ата-бабамыздың табиғат байлығын игеру тәжірибесін, дүниетанымын, әлеуметтік реттеу құралы болған салт-дәстүрлерін құнды дүние ретінде ұсына аласың.

Қызым-ау, алдағы зерттеуіңнің бағыт-бағдары айқындала бастады ғой деймін. Ал, мұндай зерттеу жұмысының дәл бүгігі таңда өзектілігі – сөзсіз! Ендеше, «Ондай болу қайда деп» жалқаулықтың «шабан есегіне» мінсең көп нәрседен ұтылғаның!

Қызым, есіңде болсын! Аузы дуалы қазақтың: «Байлық – мұзға жазылған сөз, ғылым – тасқа жазылған сөз», «Ғылым – ұрланбас қазына» деген ұлағатты сөзі әмісе жадыңда болсын, қарағым!

«Ғылым артық па, әлде байлық артық па?» - деген сауалға Әзірет Әлі он өсиетін қалдырған екен:

Біріншіден – ғылым артық, өйткені ғылым әулие-әмбиелердің мұрасы, ал, байлық – Перғуанның мұрасы.

Екіншіден – ғылым артық, себебі ол сені сақтайды, ал байлықты өліп-өшіп сен сақтайсың.

Үшіншіден – ғылым артық, өйткені ғылымның досы көп, ал байлықтың дұшпаны көп.

Төртіншіден – ғылым артық, өйткені ғылымды жұмсасаң арта береді, ал байлықты жұмсасаң азая береді.

Бесіншіден – ғылым артық, өйткені ол саған құрметті атақ сыйлайды, ал байлық сараң деген атқа қалдырады.

Алтыншыдан – ғылым артық, ол сені сақтайды, асырайды, ал малды үнемі қалтырай жүріп сен сақтайсың.

Жетіншіден – ғылым артық, өйткені ғылым иесіне барлық уақыт шуағын тигізеді, ал байлық иесіне қисапсыз жауап бергізеді.

Сегізінші – ғылым тозбайды, жоғалмайды, ал байлық қолдың кірі – бүгін бар да, ертең жоқ.

Тоғызыншы – ғылым артық, өйткені ғылым көңілді нұрландырады, адамға ақыл-ой қосады, ал байлық иесін мастандырады, дүниеқоңыз етеді.

Оныншы – ғылым артық, өйткені ғылым Құдайға ғибадат еткізеді, адамзатқа өлшеусіз қызмет көрсетеді, ал байлық иесін тәкаппар етеді.

Бұдан менің атам дәулетті болғанымды қаламайды екен деген ой тумаса керек. Маңдай термен, еңбекпен табылған байлыққа не жетсін? Адал жолмен табылған малда опа барын білгенің мақұл. Ал ғылыммен айналыссаң, өзегіңді талдырмайтыны, көштен қалдырмайтыны аброй-атаққа бөлейтіні белгілі.

Кейінгі ұрпақ атыңды атар – атамас, мәселе онда емес. Миллиардтаған адамдар атаусыз-ақ өтіп жатыр ғой жалғаннан. Ең бастысы хаким Абай айтпақшы, «толық адам» болуынды тілеймін. Бұл тілегімнің мүлтіксіз орындалатынына да сенімдімін. Өйткені, «толық адам» болудың ірге тасы біздің отбасында қаланған деп ойлаймын.

Жарығымның, өмірін мәнді де мағыналы ете гөр Жаратқан Ием! Қызымның көтерген шаңырағы Аллаһ Тағаланың нұрлы шапағатына бөлене берсін деп тілеймін. Әумин!


АНАЛАР ӨСИЕТІ – ҰЛТТЫҢ ҚҰНДЫ ҚАСИЕТІ


Бүгінгі статистикалық мәлімет бойынша шаңырақ көтерген жастардың жыл сайын үштен бірі ажырасып жатады. Бұл дегенің он мың жас отау тіксе, үш мың үш жүзінің шаңырағы ортасына түскені. Осылай жыл сайын қосыла берсе, әкесіз тірі жетімдер мен жесірлер, жалғыз басты аналар еселеп көбейе береді. Қазақ қоғамына қосылған сонша трагедия деген сөз. Сонда үйлену тойында айтылған: «Босағаң берік болсын» деп берген бата мен ақ тілегіміз қайда қалды? Бұған кім кінәлі? Кім? Айтыңдаршы?...

Менің ойымша, ұлттық құндылықтардан алшақтай бастаған, жатжұрттық тұрмысқа еліктеген, ұлттық тамыры үзілген «мәдениетті» отбасы кінәлі. Әсіресе шаңырақтың «иесі мен киесі» атанған әйелдер айыпты (бәріне топырақ шашқым келмейді) десем қателеспеймін. Әйтсе де жаңа шаңырақта көрген қызының сәл ғана қиыншылығына бола «өзің қалап бардың, сол табалдырықта өтсін өмірің» деудің орнына, «ішіме сыйған перзентім, сыртыма сыяды» деп, жер тепкілеп, байбалам салып ажыратып алатындардың барын қалай жасырасың? Сонда деймін-ау, кім ұтты, кім ұтылды? Бәрінен бұрын адуынды шешесінің жетегінде кеткен он гүлінен бір гүлі ашылмаған өрімдей қыз қасірет шегеді.

Қайталап айтамын, «Есік көгеннен бесік көргенді» қалайтын қазақ қоғамында есік көрген қыздың бағы ашылуы екі талай. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.

Жақында «Хабар» арнасында көрсетілген «Условие контракта» атты кинода бір келіншек: «Күйеуге тиюге ақылым жеткенімен, сол күйеуді ұстап тұруға ақылым жетпеді», - деп өкінеді.

Айдана қызым, кино кейпкері келіншектей өзегіңді өкініштің өрті өртемей, бақытты да құт дарыған отбасы болу үшін өзімнің айтқандарыма қоса Ләзиза, Умама, Фатима сынды аналардың ұзатылатын қыздарына айтқан өсиетін келтіре кеткенді жөн санадым. Тәлім аларлық, үнемі есіңде болар дүние.

Қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың естелігінен.

«...Әсіресе, келін болып түскенде алғаш шай құйғаным есімде. Бөлме лық толған адамдарға шай құйып беру тіпті қиын болды. Өйткені ақсақалдар көз қиығымен әрбір қимылыңды сынап, бағып отыр және мүлт кеткеніңді байқап қояды. Бұл менің ойымша, жас келіннің үйінде қандай тәрбие алғанын, көрегендігін, мәдениеттілігін, өмірден түйген тәлім-тәрбиесін байқау-сынау болуы керек. Мұндағы үлкен сын – әр адамның кесесін ауыстырмау.

Анам: "Әрқашан шай құйғанда әр кесенің суретіне, ерекшелігіне, бедеріне қарап, қандай адамға ұсынғаныңды есіңе сақта, біреуінің кесесін басқаға ауыстырып алушы болма", - деп отыратын. «Орныңнан тұрғанда етегіңді қолыңмен жиыстырып, жай ғана сызылып тұрғаның жөн, жүргенде жүрісің білінбесін, көпшілікпен бірге табақтас болғанда, әркімнің алдына сұқтанбай, өз алдыңның шетін кертіп, иба сақтап, асықпай-аптықпай жегейсің.

Күйеуіңнің бетіне бажырайып тіке қарама, көзіңді төмен төңкеріп, қиығымен, күлімсіреп қара. Күйеуің ұйқыдан тұрғанда киімін дайындап, шайын бұрқылдатып қайнатып қой. Жұмыстан шаршап келгенде, жылы жүзбен жымиып қарсы ал. Тамағын алдына дайындап бер, - деген кеңестерді үйде жүргенде-ақ миыма әбден сіңірген," - дейді Роза Тәжібайқызы. Ұлы әпкеміз кезінде ана өсиетін мүлтіксіз орындап өтті десем мен қателеспеймін.

***

Ерін сыйлау – әйелдің періштелік сипаты. Айдана қызым, Ләзиза Имашеваның «Бизнис сабақтары» атты еңбегімен де танысқаның жөн. Менің ойымша, қазақ бойжеткендеріне берер ғибраты мол, ойлы дүние екені даусыз. Ол өз ойын былайша сабақтайды:

Ата салтымызда ер адамды құрметтеп бағалаған. Ерін сыйлап өту әйелді еш төмендетпейді. «Жақсы әйел жаман еркекті төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы еркекті көрге сүйрейді» деген сөз бар. Талай ерді әлемге паш еткен де керісінше, асыл арыстарды бағалай алмаған да әйелдер. Ақылды аналар өзінің ерін пір тұтқан.

Өкініштісі соңғы уақытта түрлі шет елдерден, батыстың дәстүріне қызығушылық пен салт-сананың төмендеуінен қазақ халқы осы үрдістен көз жазып барады. Әлде ерлер ұсақталып бара ма? Үй иесі ер-азамат, әке деген қазақ халқы үшін қашан да киелі ұғым. «Ер айбарлы болмай – әйел абройлы болмайды» деген қанатты сөзді ер азаматтарымыз әмісе жадынан шығармаса екен деп тілеймін.

Егер күйеуіңнің айтқан әңгімесін аяғына дейін зейін қойып тыңдай білсе, өзінің де пікірі назардан тыс қалмайтынына сенімдімін. Жалпы нәзік жандылар өз ерінің сүйеніші, тірегі, қолдаушысы, досы, әрі психологы болуға тура келеді. Сонымен қатар, біз сіздерге жанұядағы жағдайыңыздың жақсы арнаға қарай бұрылуына қажет мына қағидаларды ұсынуды жөн санаймыз:

  1. Ең алдымен сізді бар келеңсіздіктен құтқаратын қасиет – сабырлылық. Сіздің жайсыз оқиғалар көңіліңізді түсіргенімен, бәріне төзуіңіз, шыдауыңыз керек. Қандай қиын сәтте де жолдасыңызға сіздің қолдауыңыз қажет. Осы қағиданы ұмытпаңыз.

  2. Еріңіздің әр қадамы, әр жеңісі – ол сіздің де жеңісіңіз. Өзіңіздің қолдауыңыздың арқасында ол алаңсыз қазметін өз деңгейінде атқарып жүргенінің дәлелі де осы.

3.Көңілі толмайтын адам – еш уақытта бақытты сезінбейді. Барды бағалай біліңіз. Әр нәрсенің екі жағы болатынын ұмытпаңыз. Ұсақ-түйекті көңіліңізге ала бермей. Ақылға келіңіз.

4.Өзіңізді қиындыққа мойымауға тәрбиелеңіз. Қиындықсыз болған нәрсенің қадірі де шамалы болары анық. Ол – бүкіл адамзат мойындаған өмір қағидасы.

5.Өткен іске өкінбеңіз – алда ол қателігіңізді қайталамауға тырысыңыз. Ал болмашы нәрседен түсінбеушіліктің тумауын өз тарапыңыздан қадағалай біліңіз.

6.Еріңіздің алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік тудырыңыз. Қажеттілік туындамай, оны алаңдатпауға тырысыңыз. Егер бөлек бөлмесі болмаса: телефонмен қатты дауыстап сөйлеспеуге тырысыңыз, балалардың мазаламауын т.б. қадағалаңыз.

7.Жұмыс бабы мен басқа жерге көшу қажет болса, қолдау көрсетіңіз. Бұл сіздің отбасыңыздың бірлігін сақтайды. Сіз өзіңіздің жарыңыздың екінші жартысы екеніңізді ұмытпаңыз. Әрі сіздің жанұя мәселесінен басқа ұлт тағдыры, ел тағдыры т.с.с. бар екенін естен шығармаңыз.

8.Ол өзі қажет деп санамаса, ешқашан жұмысына араласпаңыз. Қабырғасымен кеңесіп, ақылдасқысы келсе, жолдасыңыздың өзі-ақ сырын сізге жайып салады.

9.Өзіңізге де көңіл бөліңіз. Отбасы құрған соң, көптеген әйелдер өздерінің киім киісіне, күтіміне мән бермейді. Сіз жарыңыздың мақтанышы екеніңізді ұмытпаңыз.

10.Еріңізді мақтай біліңіз. Жылы сөз оны басқа да жеңістерге жетелейді. Ішіндегі сенімі ұлғайған адам әрқашан да тек алға қарай қадам басады.

11.Еріңіздің дұрыс тынығуына қамқорлық жасаңыз. Жақсы демалған адам қызметін жоғары деңгейде атқарады. Ой еңбегі дене еңбегіне жеңіл деп ойламаңыз.

12.Денсаулыққа көңіл бөлуді ескертіп отырыңыз. Уақытында ем алып, денсаулыққа көңіл бөлу қашан да қажет.

13.Үй ішінде өзін жайлы сезінуге жағдай жасаңыз. Бөлмедегі заттардың орналасуы ғана емес, барлық жағдайда да сіздің қолдайтыныңызды сезінуі керек. Ондай адам үйіне қайтуға әрқашан асығып тұрады. Өйткені оның бақыты да, тірегі де жанұя.

14.Кемшіліктерін дәл сол қалпында қабылдай біліңіз. Өйткені сіздің де кемшілігіңіз бар. Кемшіліксіз адам болмайды.

Біз ұсынып отырған қағидаларды орындау оңай емес. Ал осы бағытта өзіңізді тәрбиелей білсеңіз, отбасыңызда жайлы қарым-ұатынас болатыны сөзсіз.

****

Харис деген сахабаның қызы ұзатылғанда анасы Умаманың берген насихаты.

- Қызым, насихат әркімге керек. Насихат білмегенге үйретеді, білгенді есіне салады. Айтатын он үгітіме құлақ сал. Айтқанды үнемі есіңде сақта!

Қанағатшыл бол! Яғни, күйеуің үйіңе не алып келсе, әдеппен қабыл ал! Оған рахмет айтып, қуанышыңды білдір. Бақытты өмір сүрудің бір бөлігі - өз халіңе шүкіршілік ету. Күйеуіңе бой ұсын, айтқанын істе. Онымен сөйлескенде сөзін әдеппен тыңдай біл. Тірлігін атқаратыныңды сөзіне құлақ салуыңнан түсініп алатын болсын.

1. Күйеуіңнің көзі түсетін жерге жақсы көңіл аудар! Үйіңнің іші-сырты мұнтаздай таза болсын.

2.Үсті-басыңды таза ұста! Ол тек қана әдемі иісті сезсін, жаман иіс келмесін. Жаман иіс күйеуіңнің көз алдында сенің абройыңды түсіреді. Сенен жеркенуіне себеп болады.

3.Асты уақытында даярла! Тамақтану уақытын ешқашан кешіктірме. Күйеуің қашан тамақтануға үйренген болса, сол кезде асты дайында. Ол келген замат дастарқан жай. Осыны жақсы біл, аштық адамның ашу-ызасын тез шақырады.

4.Оның ұйықтайтын мезгілін, тұратын кезін жақсы біліп ал! Ұйықтайтын уақыты келген кезде жатар орнын дайындап қой. Ұйқысыздық адамның өкпе-назын көбейтеді.

5. Күйеуіңнің малына сақтықпен қара! Оның дүние-мүлкі сенікі. Оны шашпай, деген нәрсесіне жұмсау – оның қадіріне жету.

6.Күйеуіңнің ата-анасына, ағайын-туысқандарына ілтипатты болғаның, оның абройын сақтағаның, жарыңды құрметтегенің!

7.Жарыңның сырын басқаларға айтушы болма! Егер оның кейбір сырларын білген болсаң, жария етпе. Жүрегіңде сақта, басқаларға айтып жүрме. Егер айтып қойсаң, оның ашуын келтіресің, өзіңе деген сенімін жоғалтасың. Жанұяңның шаңырағын шайқалтасың.

8. Күйеуіңнің шариғатқа тура келетін барлық бұрықтарын орында! Жолдасыңның дін үшін болған бұйрықтарына сенімсіздік білдірме. Рұқсат бермеген нәрсесін істеуден сақтан. Егер осындай бір жат әрекетке барсаң, ол саған кек сақтап, ақыры дұшпан болады. Ол саған дұшпандық әрекет ете қалса, сен көп қиыншылық көресің.

9. Күйеуің қапа болғанда сен көңілді, қуанышты болудан, ол көңілді болғанда сен қапалы көрінуден сақтан. Бұл алдарыңдағы жанашырлық сезімдеріңді жоғалтады.

10. Есіңде болсын! Күйеуіңе қаншалықты көп сезім мен құрмет көрсетсең, өзің де соншалықты махаббат пен құрметке бөленесің. Күйеуіңнің арман-тілектерін өзіңнің арман-тілектерім деп білсең, осы айтқандарыма амал қылған боласың.


***

Ламизм. Ламизм – буддизмнің кең тараған бір бағыты болып есептеледі. Бұл ерекше бағыттың атауы монахты немесе абызды білдіретін «лама» сөзінен шыққан. Лапмизм VII ғасырда тантризм мен махаянаның қытайланған түрінің негізінде Тибетте пайда болған. Ламистер үшін Далай – лама (Ең бірінші Далай –лама дәрежесі Бунду Идбке 1391 жылы берілді) берген мына кеңестер өте құнды деп есептеледі. Тек ламистер үшін ғана емес, біз үшін де ғибрат алар қажетті қағида екені анық. Атап айтқанда:

  1. Ұлы махабатта да, ұлы жеңістерде де ұлы тәуекелге байланысты болатынын естен шығарма.

  2. Бір нәрсе жоғалтсаң одан өзіңе сабақ ал.

  3. Есіңде болсын, өзіңнің ұмтылған нәрсеңе қолың жетпесе, оның өзі де саған деген сәттілік болуы мүмкін.

  4. Үлкен достықты ұсақ таласпен бұзып алма.

  5. Егер қателік жасағаныңды сезсең, сол сәтте оны жөндеуге тырыс.

  6. Әр күні бір уақыт өзіңмен өзің болуға тырыс.

  7. Есіңде болсын, үнсіздік жақсы жауаптардың бірі болады.

  8. Таза, әділ өмір сүруге тырыс. Қартайғанда артқа қарап өз өміріңнен ләззат ал.

  9. Өз отбасыңдағы мейірімді сезімдер сенің өміріңнің іргетасы болады.

  10. Жерді жаныңдай сүй.

  11. Жылына бір рет ешқашан болмаған жеріңе баруға тырыс.

  12. Есіңде болсын, адамның бір-біріне деген махаббаты олардың бір-біріне деген қажеттілігінен жоғары болы тиіс.

Міне, менің Айданам, жоғарыдағы айтылғандарды ой елегінен өткізіп, тереңінен пайымдауыңды қалар едім.

***

Қыздар үшін он қағида. Ертеде Омартөреқызы Садатқа құда түсушілер келеді. Босаға аттап, құтты орынға қонғалы тұрған қызын оңашалап анасы Фатима мынадай аналық ақылын айтады:

1. Қанағат иесі бол! Қандай жағдайда тұрмыс құрсаңдар да, шүкіршілік етуді ұмытпағайсың. Күйеуің не нәрсе әкелсе де (мейлі тамақ, мейлі киім) кішіпейілдікпен қабылдай білгенің абзал. Одан артықты талап етпе! Бақытты өмір сүрудің бірінші қағидасы осы.

2. Күйеуіңнің айтқанын екі етпе! Дұрыс айтқанын да, қате айтқанын да ықыласпен орында. Сенің әдеппен тыңдап, ыждағатпен істегенінді көріп, қате айтқанына өзі ұялып, сені құрметтейтін болады.

3. Үйіңнің іші-сыртын, ыдыс-аяғыңды таза ұста! Сонда күйеуің сенің ұқыптылығыңа тәнті болады.

4. Сабырлы, төзімді бол! Күйеуіңнің бетіне бажырайып қарап, бетінен алмағайсың. Күйеуіңнің не болса соған ашуланып, жалған өсекке еріп, қол жұмсап, басыңа ұрып жәбір көрсетсе – оның адамдық қасиетінің кемдігі. Пайғамбарымыз (саллаллһу алейһи уәсәлләм) «кімде-кім әйел баласына зәбір беріп, қол жұмсап, бастан ұрса – ол бізден емес» деген. Құдай ондайдың зауалын берсін деп сабырлық сақта. Бұл жағдайдағы сенің кешірімділігің, сабырлығың отбасының ынтымағын бұзбауға әсерін тигізеді.

5. Еріңмен ынтымақтасып іс қыл! Ер адам өзінің еңбегімен отбасын асырауы керек. Күйеуің еңбекке жалқау, жігерсіз болса, оған ақыл-кеңес беріп, бала-шағаны асырауға ықпал етудің артықтығы жоқ. Ерлі-зайыптылардың бірігіп, ынтымақтасып еткен ісі әркез нәтиже береді. Осыны ұмытпа, қызым!

6. Қызым, өсектен аулақ бол! Бұл біріншіден, өз басыңның қадірін кетіреді. Екіншіден, ағайын-туыс, жекжат арасына қаяу түсіріп, ынтымақ-бірліктеріңді кетіреді. Шариғатта: «Өсекші мен жалғаншының орны – тозақ» деген. Осыған сақ бол, қызым!

7. Үнемшіл бол! Еріңнің тапқан табысын оңды-солды сарп етуден аулақ болғайсың. Үйге келген кірістің берекесі орынды жұмсай білгенде ғана артады. Азық-түлік, су, басқа да үйдегі шығыс көздерін пайдалануда ысырапшылыққа жол бермегенің игі. Барлық нәрсенің сұрауы бар. Артық төгіп-шашу жоқшылыққа бастайды. Жоқшылық отбасы ауызбіршілігі мен ынтымағының бұзылуына алып келеді.

8. Күйеуіңнің әке-шешесін құрметте! Ата-енені сыйламау – келіннің үлкен, кешірілмейтін кемшілігі. Өйткені, әрбір өнегелі ата-ана бірім екеу болды деп қуанады. Олар жаңа түскен келіннің теріс мінездерін өзіне айтып, оны жөндеуге үнемі ынталы болады. Оның оғаш мінездерін баласына сездірмейтіні, ол отбасының бұзылмауына себепкер. Мұны ақылға салып түсін, қызым.

9. Кешірімді бол! Орынсыз қызғанушылық та отбасының берекесін кетіреді. Адалдық, кең пейілдік, қонақты жайдарлы қарсы алу – келін үшін ең ардақты міндет. Содан сені жұртың да қастерлей біледі.

10. Ұл-қызыңа үлгі бола біл! Қарағым қызым, құдай берсе ұлды-қызды боларсың. Оларға өнегелі тәрбие беруге тырыс. Өсек, өтірік айтудан, жаман қылықтардан балаларынды аулақ ұста. Олардың ата-енеңді, олардан өрбіген ұл-қыздарын, ағайын туыстарын сыйлай білуіне, айтқанын істеуге ықпал етуші бол. Көпшіл, қоғамшыл болсын. Сонда сені, сенің отбасынды жұрт сыйлайтын болады, - деп осы өсиеттерді аманат етіп тапсырған екен. Қызы анасының айтқандарын екі етпей іс жүзінде таныта білгендіктен барған жеріне сыйы артыпты. Ұрпақтарына да айтып отыруды борышым деп біліпті.

Бұл өсиет Фатима анамыздың тек өз қызына емес, Айданам саған, жаңадан отау құратын және шаңырақ көтерген күллі қыз атаулыға ортақ өсиет деп түсінген абзал. Әрбір қыз өсірген ана осындай ізгі ниетті болса екен. Әрбір есті ұл-қыз әз ананың осы нақылдарын еске алып, өз отбасында берекелі де мерекелі, тату да тәтті өсіп-өніп жатса, қандай жарасымды болар еді. Іләйім солай болғай!

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛҚТАРДАН ҚОЛ ҮЗБЕЙІК


Қазақтың инабатты да ибалы қыздары! Қарақтарым! Біле білсең, жоғарыда айтылған бұл кеңестер (бірін-бірі қайталаса да) - өн бойыңда көрегенділік пен тектіліктің ірге тасын қалайтын қасиеттер. Отбасында бақытты болудың алғы шарттары.

Мен сендерді рухты да намысты тұлға болса екен деп армандаймын. Киелі ата-баба рухы мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпы мен тілі-дінін сақтауға бар күш-жігерін салатын, Отанымыздың тәуелсіздігі үшін ерлік жасауға әзір болатын, білімді де намысты тұлға болып өссеңдер, атымызға кір келтірмейтін ұрпақ өсірдік деп мақтан тұтар едік біз сендерді. Өскелең ұрпақ сендерді үлгі-өнеге етер еді.

Айдана қызым, күллі қазақ арулары, сендер ата-бабаның сара жолына негегізделген, тәлімді де мінәсәр отбасын құру мен парасатты тұрмыс-тіршіліктеріңнің артында бүкіл қазақтың келешек тағдыры тұрғанын естен шығармаңдар! Тағы қайталап айтамын. Өйткені қыз – ұлтты ұрпақпен ұластыратын ұлы күш! Қазақ: «Тегіңді сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле» деген. Қызы – таза елдің келешегі кемел екенін ұмытпаңдар!

Бөгде жұрт бізді қадірлесін десеңдер, өз еліңнің қадым заманнан қалыптасқан ғажап мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын құрметтеңдер! Қастерлеп қана қоймай, мәрем болған ұлттық құндылықтарымыздың бар асылын тірнектеп құрастыра отырып, бойларыңа сіңіріңдер! Соңдарыңнан ерген ұл-қыздарыңды ұлттық рухта, намысты етіп тәрбиелеңдер!

Мына балапан басымен, тұрымтай тұсымен болған алмағайып заманда жаһандану деген аждаһа құлашын кеңге жайып, тұрмыс-тіршілігімізге мүлдем жат, діні мен пиғылы бөлек батыстың мәдениеті бізге де құрығын салып, қазақтың қара орманын отап, бар құндылығын құрдымға құлатып бара жатқан сыңайлы. Әсіресе жастардың бізге бөлек мәдениеттің тұзағына ілініп, саналары уланып жатқаны әмбеге аян. Несін жасырамыз? Ауруын жасырған ажалды екені белгілі.

Қазақтың арулары, ұлтымыздың шыныдай шытынаған асылын болашақ ұрпақ үшін сақтау сендердей парасат иелерінің міндеті. Бұрынғыдан қалған: «Нар жүгін қалдырыпты көтерсін деп тайлаққа» деген сөз бар. Сендер Толағайдай қайрат етіп, іргесі сетіней бастаған ата-баба салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қайта жаңғыртпасаңдар, жаһандану халқымыздың асыл қасиеттерінен көз жаздырып жіберері анық.

Айдаһардың жұмырығына жұтылып кете береміз бе? Әруақты ел едік қой? Шынымен-ақ тауымыз шағылып, меселіміз қайтып қалғаны ма? Ұлтық құндылықтардан қол үзіп қаламыз ба деген қамкөңіл ой жұдырықтай жүректі асау тайдай тулатып тұрғанын несін жасырамыз? Несін?...

Табалдырығымыздан үн-түнсіз жылжып келе жатқан идеологиялық нәмәрт жаумен күрес – Әлия мен Мәншүктің зұлмат қарсыласпен бетпе-бет қарулы қақтығысынан да қасіретті де, қиын екенін естен шығаруға болмайды. Олай дейтінім, бүгінгі жау өте білімді, айлакер. Осал жеріңді тап басады. Қай жерден соққы беруді алдын-ала жоспарлайды. Мың түрлі құбылған, айласын ішіне бүккен қанқұйлы шабуылға білікті де, берік қорғаныс керек.

Ол үшін білімді болу талап етіледі. Ал білім барлық уақытта да жоғары құндылықтардың бірі екені белгілі. Батыстың тілі мен озық технологиясын меңгеріңдер. Ол еліңнің өркендеуіне жол ашады. Естеріңде болсын қыздарым, тек сауатты да парасатты адам ғана дұшпанына айтарлықтай қарсылық көрсете алады.

Азаттыққа зәру едік, бүгін екі тізгін, бір шылбыр қолға тигенде харекетсіз отырғанымызға жөн болсын. Елдігімізді сақтап қалу үшін қазақтың ұлттық рухы мен намысын қайта көтеруге қасиетті күреске бел буатын кез келді, қыздарым!

Мың өртеніп, мың түлеген қазағыңды кемшілік-жетістігімен қоса сыйлаңдар, қадірлеңдер, сүйіңдер! Өйткені сендер өте мейірімді де аса қайырымды, адамгершілік пен ізгілікті ұстанған, текті де қонақжай қазақ халқының ұрпағысыңдар. Иә, өзгенікі емес, қазақ халқының...

Әлемді нұрға бөлеп тұрған құдіретті Күн жалғыз, жұлдызды түнде ғашықтардың сезіміне куә болған Ай жалқы. Көк туы көкте желбіреген Отаның, ҚАЗАҚ ЕЛІ біреу ғана, дара. Бізде одан басқа Отан жоқ. Әр уақытта ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ мәртебесін көтеруге, МӘҢГІ ЕЛ болуына барлық күш-жігерлеріңді, білімдеріңді аямаңдар! Қайталап айтам, сендердің арттарыңда бүкіл қазақ халқының тағдары тұрғанын ұмытпаңдар, қарақтарым!

Ғұмырын бастағалы тағдыр заман,

Тылсымды сынақтарға салдың заман.

Қай ғасыр, қай заманда қазақ қызы,

Ұятқа елін, жерін қалдырмаған, - деп жырлаған ақын Фариза әпке Оңғарсынованың сөзімен өсиетнамамды аяқтаймын.

Жаратқан Ием, қазақтың әрбір шаңырағын шапағатты нұрға бөлеп, бақытты да ынтымақты ете гөр!


Аумин!



















МАЗМҰНЫ


1. Өміріңнің қызығы, төріңнің Қызыры, бетіңнің қызылы.................................3

2. «Ат – аспаннан, иман – әліптен»........................................................................4

3. Тал бесіктегі тәрбие.............................................................................................5

4. Қызғалдақтай қыз ғұмыр....................................................................................8

5. Жатқа неге қор болдың, қарағым?...................................................................12

6. Салт-дәстүр – дертке қарсы тұратын иммунитет...........................................21

7. Жат жұрттықтар біз жайында не дейді?..........................................................24

8. Сұлу да патасатты қыз – өмірді әрлендірудің қайнар көзі............................28

9. Бүгінгі қазақ қыздарының үлгі алар төлқұжаты.............................................29

10. Ғұламалардың ғибраты – өмірге өлшем........................................................48

11. Қыз мінезімен көрікті......................................................................................51

12. Мейірімділік пен ізеттілік – жан азығы........................................................55

13. Достың жөні бір бөлек....................................................................................57

14. «Кітап – білім бұлағы»....................................................................................62

15. «Махаббатсыз дүние бос...»...........................................................................64

16. Тәрбиелеу де тектіліктен бастау алады.........................................................67

17. «Сағынғанда сені ойлап...».............................................................................68

18. «...Сұлу қыз жексұрынға күң болады»..........................................................69

19. «Кәрі қыздар» – жан жарасы..........................................................................71

20. Әлеуметтік желідегі әулекілік........................................................................74

21. «...Үй болу қиын»............................................................................................75

22. Кәдесін бұрынғының ойла, қызым................................................................78

23. Ұрпақ өсіру – жанға мият...............................................................................83

24. Ұрпақ сабақтастығы жоқ жерде.....................................................................85

25. Сәмбі талды и иілетін кезінде........................................................................91

26. «Құдағи – құрдасыңдай...»..............................................................................96

27. Алақаннан ұшқан ақ құсым..........................................................................100

28. Бақыттың базары қайда?...............................................................................100

29. «Ұстаздық еткен жалықпас...».....................................................................106

30. «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым...»...................................111

32. «Ғылым таппай мақтанба...»........................................................................117

30. Аналар өсиеті – ұлттың құнды қасиеті........................................................120

31. Ұлттық құндылықтардан қол үзбейік..........................................................126


















Бегман ЫСҚАҚ


ҚЫЗЫМ, САҒАН АЙТАМ,

ҚЫЗДАРЫМ, СЕНДЕР ДЕ ТЫҢДАНДАР







Редакторы: Құрал Көмек

Техникалық редакторы: Жомарт Бегманұлы

Корректоры: Сәбина Ысқақ Абзалқызы

Компьютерге терген: Гүлназ Дүтбай Қалдиярқызы






Теруге 30.10.2017 жіберілді.

Басуға 6.01.2018 қол қойылды.

Қағаз көлемі А3. Қаріп түрі Тims

Көлемі 16,25 шартты баспа табақ

Таралымы 100 дана



R – DIAR баспасы

Шымкент қаласы








Жариялаған:
Ысқақ Бегман
21 Қаңтар 2025
202
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі