Сабақты зерттеудің (Lesson
Study) жұмыс реті
Махатова Айгуль
Сериковна
Әл-Фараби атындағы орта
мектебінің
директордың әдістемелік ісі
жөніндегі орынбасары
Жамбыл облысы, Шу
ауданы.
Британдық ғалымдар
Майкл Барбер мен Мона Муршедтің атақты мета-зерттеуінде
(зерттеулерді зерттеу) мұғалімдер «тек өз жұмыс орнында және
бірлесе үйренеді» деген тұжырым жасалған.
«Өз жұмыс орнында»
деген әр мұғалім өзінің барлық сабақтарында оқыту мен оқуға қандай
да бір жаңалық енгізіп, эксперимент жасап, өз тәжірибесі мен
оқушылардың оқуын жақсартатын идеяларды, құралдар мен амалдарды,
ресурс, тапсырма мен сұрақтарды, әдіс-тәсілдерді қолданады,
апробациялайды. Содан кейін, «Жаңа білім тек рефлексия арқылы
қалыптасады» деген аксиомаға сәйкес, олардың қаншалықты тиімді
болғандығы туралы, оқушылардың оқуын қалайша жақсартқандығы туралы
рефлексия жасайды.
«Бірлесе үйрену»
дегеніміз өз сабақтарын жақсарту барысында туындаған мәселелермен
басқа әріптестерімен бөлісу. Педагогикада мұғалімдердің тек
бірлескен әрекеттері ғана тиімді болады және де мұғалімдер
негізінен тек бір-бірінен үйренеді: кәсіби сұхбатта тәжірибесімен
бөлісу барысында, туындаған проблемаларды бірлесе шешу арқылы,
бір-бірінен сұрау арқылы, бір-біріне көмектесу арқылы. Джон Хэтти
өзінің мета-зерттеуінде оқушылардың оқуына ықпал жасайтын
факторлардың ең тиімдісі ретінде «мұғалімдердің бірлескен тиімді
әрекеттерін» атаған. Демек, педагогтер тек бір-бірінен
үйренеді.
Осы екі идея да Сабақты
зерттеудің (Lesson Study) негізінде жатыр.
Алайда бізде сабақты
зерттеуді (Lesson Study) негізінен топтық жұмыс деп қабылдау
басымдық алған: мұғалімдер шағын топтарда бір проблеманы (зерттеу
сұрағын) таңдап алып, белгілі бір уақыт ауқымында (бір немесе
бірнеше тоқсан, оқу жылы) сол проблеманы шешумен айналысады. Ол
үшін сабақты бірлесе жоспарлап, кемінде, Пит Дадлидің нұсқаулығында
айтылғандай, алты сабақ өткізеді (оны бір «цикл» деп атайды),
сабақтарда оқушылардың қалай оқитындығын бақылайды, олармен
сұхбаттасады, проблема шешудің тиімді жолдарын
анықтайды.
Менің ойымша, осылайша
ұғынған сабақты зерттеу процесінде екі мәселе ескерілмей қалатын
секілді: 1) мұғалімдердің жеке жұмысы, 2) мектептегі барлық
топтардың жұмысы.
Осы екі мәселені
қарастырып өтелік.
Біріншіден, топтық
жұмыста мұғалімдер өздерінің жеке тәжірибелерін ортаға салуы қажет
емес пе? Әйтпесе, топта бастары қосылғанда, олар не туралы айтады,
егерде іс-тәжірибеде (өз сабақтарында) проблема шешумен
айналыспаса?
Мүмкін, мұғалімдер топ
құрамында: «Әріптестер, мен бұл проблема шешу үшін мынадай
кітаптарды (мақалаларды) оқыдым. Онда мынадай идея (құрал, амал,
әдіс-тәсіл, ұсыныстар) айтылған екен. Мен солардың ішінен мыналарын
осы аптада өз сабақтарымда қолдандым. Оның нәтижелері мынадай
болды: жетістіктері мынау, кедергілер анау, ал оларды мен былайша
шештім. Енді бірлесе жоспарлайын деген сабаққа өз сабақтарымда
тиімді түрде жүзеге асырылған проблема шешудің мынадай құралдарын
қоссақ қайтеді?» деген сыңайда өз тәжірибесімен бөліссе. Топтық
талқылау нәтижесінде проблема шешудің ортақ бағыттарын (жолдарын,
құрал, амал, әдіс-тәсілдерін) таңдап, оларды бірлесе жоспарлап
отырған сабаққа енгізсе.
Топтық жұмыс - жеке
жұмыстың нәтижелерін қорыту. Сол үшін таңдалған поблеманы шешуді
мұғалімдердің алдымен өз сабақтарында жүзеге асырып,
апробациялағаны дұрыс қой.
Сондықтан да Lesson
Study-ді тек бірлескен жұмыс деп қана қабылдамай, оның «іргетасы»
жеке жұмыстан тұратындығын да ескерген жөн. Демек, мұғалімдер
аптасына 1-2 рет топта бастары қосылғанда ғана проблема шешумен
айналыспай, өздерінің барлық сабақтарында бұл мәселені жекелей
шешуге ден қойғаны дұрыс. Бұл үшін олар арнайы әдебиеттерді оқып
(триангуляцияны ұмытпау керек: 3-тен кем емес), тәжірибелі
әріптестерінің пікірлерімен танысып, оларды қорытып, ең тиімді
деген проблема шешу құралдарын өзінің барлық дерлік сабақтарында
пайдаланып көреді. Содан кейін апробация нәтижелерін
рефлексиялайды: олардың қайсысы және неліктен тиімді болғандығын,
оқушылардың оқуында қандай кедергілер (кемшіліктер) болғандығын
және оларды қалай түзетуге/жақсартуға болатындығы туралы ой
толғайды, өзінің және оқушылардың әрекеттерін талдайды,
бағалайды.
Ал топтық жұмыста
мұғалімдер жеке жұмыстарының нәтижелерімен бөліседі, ортақ шешім
қабылдап, оны ҚМЖ құрастыруда қолданып, әдеттегідей зерттеу
сабағында оқушылардың оқу әрекеттерін бақылап, пікірлерін естиді,
өткізілген сабақты талдап, проблема шешудің тиімді құралдарын
таңдайды.
Екіншіден, барлық
топтар өз жұмыс нәтижелерімен бүкіл мектеп мұғалімдерінің бас
қосуында бөлісіп, тәжірибесімен бірін-бірі таныстырғаны орынды
болар. Ол үшін барлық топтар ай соңында өткізілетін зерттеу
сабағына қатысады. Бұл зерттеу сабағында бүкіл мектептің бір ай
бойғы жасаған жұмыстары қорытындыланады.
Бүкіл мектеп
мұғалімдерінің қатысуымен өткізілетін зерттеу сабағын былайша
ұйымдастыруға болады.
Зерттеу сабағын
өткізетін мұғалім ай басында өз ҚМЖ-ын (ҚМЖ-1) барлық мұғалімдерге
таратып, зерттеу проблемасын шешу құралдарын сабақ жоспарына
енгізуді сұрайды. Бар мұғалімдер мен топтар ҚМЖ-1-ді жақсарту ісіне
атсалысады. Олар сабақ жоспарына таңдалған проблеманы шешу
құралдарын (амалдарын, жолдарын, әдіс-тәсілдерін) енгізеді. Бұл
құралдар олардың бір ай бойғы өз тәжірибесінде тиімді болған,
қомақты нәтиже көрсеткен.
Зерттеу сабағын
өткізуге 1-2 күн қалғанда, барлық мұғалімдер бір жерге жиналып,
талқылау ұйымдастырып, ҚМЖ-1-ге ең тиімді деген проблема шешу
құралдарын енгізіп, өзгерістер жасайды, ҚМЖ-2-ні құрастырадыы.
Ертеңіне зерттеу сабағы сол ҚМЖ-2-мен ұйымдастырылады. Ол сабаққа
барлық мұғалімдер бақылаушы ретінде қатысып, өздері ҚМЖ-на енгізген
проблема шешу құралдарының оқушылардың оқуын қалай жақсартатындығын
бақылайды.
Әдеттегідей, сабақтан
соң мұғаліімдер өздері бақылаған оқушылармен әңгімелесіп, проблема
шешу құралдарының қалай жұмыс жасағандығы туралы қосымша дерек
жинайды. Осыдан кейін барлық мұғалімдер зерттеу сабағын талқылап,
таңдалған проблеманы қалайша шешуге және болдырмауға (алдын алуға)
болатындығы туралы қорытынды жасайды, ҚМЖ-ын жақсартып, ҚМЖ-3-ті
құрастырады.
Бір ай бойғы жұмыста
мұғалімдер таңдалған проблеманы шешу дағдыларын өздерінде де,
оқушыларда да қалыптастырады. Енді олар сол секілді проблема
туындаған (қайталанған) жағдайда, онымен қалай күресуге (түзетуге),
оны қалай болдырмауға болатындығын
бііледі.
Сонымен, Lesson Study
процесінің мектепте мынадай ретпен жүзеге асырылғандығы дұрыс
болар:
Жеке зерттеу → Топтық
зерттеу → Ұжымдық зерттеу (барлық топтардың
қатыысуымен).
Бір ай бойғы жұмыстың
нәтижелері мынадай болар:
- әр мұғалім өзінің
барлық сабақтарында таңдалған проблеманы шешумен айналысады; бұл
үшін олар теориялық әдебиетпен танысып, тәжірибелі мұғалімдермен
сұхбаттасып, солардан білген, иемденген идеяларды (құралдарды)
проблема шешу үшін қолданады;
- аптасына кемінде бір
рет зерттеу тобында бас қосып, бірлесе әрекеттенеді: 1) өздерінің
бір апталық тәжірибесімен бөліседі, 2) зерттеу сабағын бірлесе
жоспарлайды, 3) қанша оқушыны және қалай бақылайтындығын (бақылау
парақтарын құрастыру), сұхбаттасатындығын айқындайды (интервью
парағын құрастыру), 4) зерттеу сабағын өткізеді, 5) сабақты
талқылайды, ҚМЖ-ын өзгертеді, толықтырады, 6) келесі аптада
проблеманы қалай шешетіндігін анықтайды,
- ай соңында барлық
топтар зерттеу сабағын өткізеді: 1) өздерінің бір айлық
тәжірибесімен бөліседі, 2) зерттеу сабағын бірлесе жоспарлайды, 3)
қанша оқушыны және қалай бақылайтындығын (бақылау парақтарын
құрастыру), сұхбаттасатындығын айқындайды (интервью парағын
құрастыру), 4) зерттеу сабағын өткізеді, 5) сабақты талқылайды,
ҚМЖ-ын өзгертеді, толықтырады, 6) келесі айда қандай проблеманы
шешетіндігін анықтайды,
- мұғалімдер таңдалған
проблеманы шешу дағдыларын өздерінде де, оқушыларда да
қалыптастырады.