Сапалы және табысты оқытуға бағытталған
сындарлы оқытудың тиімді жолдарын
қалыптастыру
Қазіргі таңда білім саласында
өзгеріс енгізілуде. Қарқынды өзгеріс білім саласындағы жалпы
мектептерде мұғалімдер үшін де ең бастысы, маңызды мәселе болып
отырғаны: «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» және «Мұғалімдер
оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?» Осы мақсатта Қазақстан
Республикасы педагог қызметкерлерінің «сындарлы оқыту теориясына»
бағытталған деңгейлік бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыру
курстарына мұғалімдерді қатыстыру арқылы оқыту мен оқу жүйесін жан
жақты дамыту үшін қажетті білімдер мен дағдыларды беру болып
табылады.
Жеке тұлғаға және нәтижеге бағытталған білім беру жүйесіне көшуде
жаңа технология мен озық тәжірибені ұлттық және жалпы адамзаттық
құндылық қағидаларымен сабақтастықта зерттеу-бүгінгі күн талабынан
туындап отырған педогогика ғылымының міндеттерінің бірі. Бұл
мақсат күрделі болуымен қатар, көп еңбек етуді талап етеді.
Дегенмен мұғалім тиімді тәсілдерді дұрыс қолданылған жағдайда
сыныпта, мектепке өзгеріс енгізе алады. Заманауи тәсілдің ең
негізгі ерекшелігі оқушылардың алған білімдерін жай ғана иеленіп
қоймай, оларды орынды жерде қолдана білуіне басты назар аудару
болып табылады. Мектеп қабырғасынан шыққан оқушы біреудің көмегіне
мұқтаж болмай, өз проблемасын өзі шеше алатындай шәкірт болып
тәрбиеленуі керек. Білім беру саласында ХХІ ғасырда талап етілетін
дағдылардың мәні осында.
Орта білім беру жүйесінде
әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту
әдістемелері арасында сындарлы оқыту теориясына негізделген тәсіл
кең тараған.
Сындарлы оқыту теориясында
оқушылардың ойлауын дамыту олардың бұрынғы алған білімдері мен жаңа
немесе сыныптағы түрлі дерек көздерінен, мұғалімнен, оқулықтан және
достарынан алған білімдерімен астастырыла жүзеге асырылады. Дайын
білім беруге негізделген «дәстүрлі» стиль арқылы алынған білім
оқушылардың жинақтаған өзге білімдерімен тиімді сіңісе алмайды,
сондықтан механикалық есте сақтау, үстірт білім алу жағдайлары орын
алады. Дәстүрлі оқытудан алынған механикалық түрде есте сақталған
мәліметтерді емтихан кезінде ұтымды пайдалануға болады, бірақ мән –
мағынасы терең меңгерілмей, жай ғана жатталғандықтан, тақырыпты
оқыту аяқталған соң немесе емтихан біткен соң керексіз болып қалады
және оқушы оны өмірде тиімді пайдалана
алмайды.
Сындарды оқытудың
мақсаты- оқушының пәнді терең түсіну
қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез-келген
жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз
ету.
Сындарлы оқудың
мағынасы- талдау, эксперимент,
жетекшілік ету арқылы жүргізілетін зерттеу, тапсырмаларды шешу,
ойлану сияқты белсенді зерттеу әдістерін пайдалану кезінде
түсініктер мен дағдыларды қалыптастыру арқылы
оқу.
Сындарлы оқу дағдылардың
ықпалдасып, мәселені терең түсінуге көмектеседі. Бұл оқушылардың
оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір
болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай,
пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым түсініктерін өрістете
алатындай етіп ойластырылып құрылады. Мұғалім қызметіндегі маңызды
дүние - жекелеген оқушылардың тақырыпты қабылдау ерекшеліктерін,
оқушылардың түсінігін жетілдіру немесе жақсарту мақсатында олармен
жұмыс жүргізу қажеттігін ұғынуы, сондай-ақ кейбір оқушылардың
тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете
түсінуі. Кез – келген мұғалімнің оқыту құралдары оның өз
болжамдарының, білімі мен ұстанымының, көзқарастарының жиынтығынан
тұруы тиіс. Оқыту үрдісінде қалыптасқан көзқарастар мұғалімнің
сыныптағы барлық іс-әрекеттеріне әсер етеді. Мұғалімнің сыныптағы
іс-әрекеттеріне әдістемелік құралдар мен оқулықтардан гөрі, пәннің
қалай оқытылу керектігі жөніндеқалыптасқан пікірлер анағұрлым жақсы
ықпал етеді.
Мұғалімнің ұстанымы - оның
көзқарасы, қабылдаған шешімі, іс-әрекетінің
негізі.
Оқытудың қандай жолы
қолданылса да, қарастырылатын екі көзқарас бар. Біріншіден,
оқушының жеке тұлға және әлеуметтік нысан ретіндегі келешегі,
екіншіден, оқытудың оқушы мен мұғалім арасындағы қарым –қатынас
нәтижесі ретінде қарастырылуы. Сындарлы оқытуға негізделген
сабақтар оқушыларға өз білімдері мен ұстанымдары жайында ойланып,
сұрақтар қойып, білімін толықтырып, белгілі бір тақырыпты оқып-
білу кезеңінде өз түсінігін өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл үдеріс
оқушының өз болжамдарына күмәнмен, сын тұрғысынан қарай отырып, сол
арқылы әлем, тіршілік, жаратылыс туралы өзінің түсінігін
тереңдетіп, кеңейтуге ұмтылу мүмкіндігін
ұлғайтады.
Оқытудың бұл түрінде оқушылар
өте маңызды рөл атқарады.: олар құрбы-құрдастарымен әлеуметтік
байланыс жасау арқылы белсенді түрде білім жинақтайды. Мұғалім
оқушылардың оқуына мүмкіндік тудырып, оқу материалы және өзге де
қажетті құралдармен қамтамасыз етеді, ал оқушылар өз кезегінде пән
бойынша өз түсініктерін арттыру іс-әрекеттеріне ынталы болғаны
абзал. Құзырлы мұғалімнің алдында оқушының жан дүниесін жақсы
түсіне білу міндеті болу керек. Құзырлы оқытудың маңызды факторы
мұғалімнің оқушының тақырып мәнін өз бетінше меңгеруін түсінуі мен
бағалай алуы болып табылады. Мұндай тәсіл бұл үдеріске оқушының
өзінің де қатысуын талап етеді. Осылайша, оқушыда өзінің оқуы үшін
жауапты болады. Оқушы мұндай жауапкершілікті көбіне сабақ беру
барысында мұғалім қалыптастыратын ортада сезініп қабылдайды.
Сондықтан мұғалімде Шульман «үш көмекші» (Shulman,2007) деп атаған
қасиеттер болған жағдайда табысты болып
саналады.
Мұғалімнің көмекшілері
|
Құзырлы мұғалімге тән белгілер
|
Бас
|
Кәсіби түсінік
|
|
Оқыту мен оқу, сондай-ақ жеке тұлға ретінде
оқушылар туралы тұғырлы теориялық базаға негізделген, жеткілікті
білімнің болуын талап етеді. Сондай-ақ тәжірибені түсіну,
дамыту/жетілдіру үшін дәлелдер/ зерттеулер нәтижелерін қалай
қолдану керектігін білуді көздейді.
|
Қол
|
Оқытудың тәжірибелік дағдылары
|
|
Бұл ілім көрсету, таныстыру, түзету және оқытуды
бағалау сияқты әртүрлі тәсілдер арқылы идеяларды түсіндіре білудің
техникалық, тәжірибелік дағдылары мен тәсілдерін білуді талап
етеді. Сонымен қатар ынталандыру, көтермелеу, шектеу, сабақтар
кезеңдерін жоспарлау және оқушыларды бағалау әдістемелерін меңгеру
қажет.
|
Жүрек
|
Кәсіби – адамгершілік тұтастық
|
|
Мұғалімдер ұстаз мамандығының этикалық және
моральдық құндылықтарын ұстанады. Демек, олар шыншыл, батыл,
төзімді, оқушыларға аяушылық, мейірім және құрмет көрсете білетін
әділ адамдар. Мұғалімдер өз мамандығын сүйетін, оқуға қатысты
тұжырымды пікірлері мен ұстанымдары қалыптасқан жандар, олардың бұл
бағыттағы ойлары бір жерден шығып жатады.
|
Құзырлы мұғалім оқушыларға,
ортаға және ресурстарға лайықтап нақты кезеңде қолданылуы тиімді
оқыту элементтерін реттеп отырады. Шындығында, оқытудың сапалы және
табысты болуы белгілі бір деңгейде мұғалімнің қалыптасып отырған
жағдайларға бейімделе алуына да тығыз
байланысты.
Сапалы оқыту – мұғалім
бейнесімен танылатын сан алуан элементтер арасындағы байланыс болып
табылады, ол өзі белгілі бір деңгейде тәуелді жағдайлар жасалынған
кезде жүзеге асырылады. Сапалы оқыту оқушылардың, қоршаған орта
жағдайы және оқыту, білім алу мүмкіндіктерінің бірлігі ретінде
қарастырылады. Сапалы оқытуды екі тәсіл арқылы анықтауға
болады.
Біріншісі, бағалау – мұғалім
жұмысының тиімділігін, оқушылармен өзара байланысының сипаты мен
жиілігін анықтау мақсатында жүргізіледі. Бұл жағдайда баға мұғалім
жұмыс істейтін оқушыларға байланысты қарастырылады, оқыту үдерісіне
тәуелді болмайды.
Екінші, жай ғана кәсіби
міндеттерді жауапкершілікпен орындағаннан гөрі, көбірек күш-
жігерді талап ететін сапалы әрі табысты оқытуға ерекше көңіл
бөледі.
Ұлы данышпан Әбу Насыр
әл-Фараби: «Әрекетіміз дұрыс болу үшін біздің соған баратын жолымыз
қандай болу керек екенін анықтап алуға тиіспіз» деп атап
көрсеткендей оқушы жүрегінен жол табам деген ұстаз мына
қағидаттарды естен шығармағаны жөн:
Оқыту мазмұны мен әдіс
икемділігінің маңыздылығы;
Оқушылардың жас ерекшеліктері
мен деңгейіне сай оқу мазмұны мен әдісін
таңдау;
Жаңа ақпараттық
технологияларды тиімді қолдана білу;
Оқытуға жеке дара қарау, яғни
ғаламтор материалдарын пайдалану;
Оқушының жаңа тың
материалдарды тауып, сұрыптауына мүмкіндік
беру;
Электрондық оқулықтарды тиімді
пайдалану;
Мұғалім мен оқушы арасында шынайылық пен
еркіндік, сыйластық орын алуы тиіс;
Сындарлы оқыту тәсілдері –
оқушы шығармашылығы мен дүниетанымын дамытудың көзі. Жаңа әдіс-
тәсілдерді тиімді пайдалана білу – оқушы шығармашылығы мен
дүниетанымын кеңейтудің негізі. Осы технологияларды қолдана отырып,
шығармашылық іс-әрекет талаптарын орындау мақсатында, оқушылардың
қызығушылықтарын арттыру мақсатында бағдарламадағы мәтіндерге
сәйкес деңгейлік, шығармашылық тапсырмаларды алып, практика жүзінде
қолдана білу қажет.Сындарлы оқытуда негізгі білім беру бағыты
топпен жұмыс жасау арқылы жүргізіледі. Оқушы бойынан төмендегідей
нәтижелер көруге болады:
- Оқушылардың шығармашылық
дербестігін дамыту арқылы оның жеке тұлғасы
қалыптасады;
-Қызығушылық іс-әрекет түрлері
төменнен жоғары қарай, кезекті түрде, белгілі бір ретпен, жүйемен
жүргізілу нәтижесінде шығармашылығы
дамиды:
-Танымдық тапсырмаларды
орындау мүмкіндіктеріне қарай топтарға бөліп, сәйкес жұмыс түрлерін
таңдауына ерік беру;
-Дәстүрлі емес әдіс-амалдарды
пайдалану арқылы интеллектуалдық қабілеттері дамып, ғылыми
ізденістер жасауға талаптанады;
-Сындарлы оқытуда оқушы өз
бетінше білім алуды ұйымдастырады, сын тұрғысынан нақты, мақсатты
шешім қабылдауға үйренеді;
Оқушылар кез-келген сұрақтарға
өмірден мысал келтіре отырып салыстырып жауап
береді:
Ұлы ойшыл Уильям Уорд «Жай
мұғалім хабарлайды. Жақсы мұғалім- түсіндіреді. Кремет мұғалім –
көрсетеді. Ұлы мұғалім -шабыттандырады» деген екен. Сондықтан ХХІ
ғасыр мұғалімі жан-жақты болуы заңды деп ойлаймын. Оқыта отырып
тәрбиелеу – қазіргі заман мұғалімінен талап етілетін басты мәселе.
Атақты педагог К.Д.Ушинскийдің «Оқыту – тәрбиелеудің қуатты органы,
пайдалана білмеген тәрбиеші шәкірттерге әсер етудің ең басты және
қажетті құралынан айырылады» деген сөзін үнемі жадымызда сақтасақ
деймін.