жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Шерхан Мұртазаның "Қызыл жебе" романындағы мақал-мәтелдер қолданысы
Шерхан Мұртазаның "Қызыл Жебе" романындағы
мақал-мәтелдер қолданысы
Мақал-сөздің мәйегі. Қазақтың "тоқсан ауыз сөздің тобықтай
түйіні"-деп атаған сынаптай болған киесі де жүйесі де сақталған
бір-ақ ауыз сөзі. Ертеде хандардың, даңқты билердің алдына тоқтау
салған осы мақал болатын. Мақал-қазақ халқының өміріндегі үлкен рөл
атқаратын аталы сөздер. Қазақтың мақалдары да әртүрлі. Оларға:еңбек
ету, ар-намыс, жақсы мен жаманның айырмасы, қиянат істер туралы,
абырой, атақ, патриотизм, төрт-түлік, бірлік пен береке,
тұрмыс-тіршілік, батырлық, егіншілік, өнер-білім секілді мақалдың
тақырыптары жатады.
Мақалдың тақырыптарына қарай түрлері де өте көп екенін ерте
кезден-ақ аңғарған халықпыз. Қазіргі уақытта да шығып жатқан мақал
түрлері аз емес. Мысалы, ертеден-ақ көпке ортақ "Ауырып ем
іздегенше,ауырмайтын жол ізде"-деген мақалдар қатары қазіргі:"Арақ
ішіп,темекі шеккен, Денсаулықтың түбіне жетеді"-деген мақалдармен
толыққан сынды."Таудағы түлкіні табындағы тазы алар, тозғындаған
аққуды шалғындаған қаз алар"-деген мақалмен,"Бірліктерің берік
болсын, үлкендеріңді сыйлаңдар, орынды жерде кішінің де сөзін
тындаңдар"-деген өсиетін билер жеткізген екен. Үлкендерді сыйлау,
қадірлеу секілді тәрбиелік ұғымдарды осындай мақалдармен ұлт
баласының санасына сіңірген екен. Әсіресе, "Аталы сөзге арсыз
таласады"-дей отырып, үлкеннің сөзін кеспеуді насихаттаған. Дана
халқымыз ұлттық құндылықтарын, наным-сенімдерін өскелең ұрпақ
бойына осы мақал арқылы сіңіре алады. "Үйге кірген құр шықпайды,
көрге кірген тірі шықпайды"-деген аталы сөзден не түсінеміз? Бұл
мақалда, қазақ топырағынан тамырын тереңге жайған
қонақжайлылығымызды санамызға сермей отырып, бұл бес күн фәнидің
мәңгілік емес екенін де атап өткен. Ерте замандағы хан, билердің
ақыл-парасатын-"Ханда қырық кісінің ақылы бар"-деп, егер керісінше
болса, "Балық басынан шіриді"-деген мақал арқылы хан мен ел
арасындағы бұзылған бірлікті, алауыздықты бейнелеген екен. Осы
орайда мақал-мәтелдердің қазіргі заман жастары үшін, олардың
болашағы үшін маңызының орасан зор екенін байқаймыз.
Мен Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары
колледжінде оқытушымыз Ахунов Бақытжан ағайдың жетекшілігімен
жүргізіліп отырған "Фольклорлық практика" сабағы бойынша Шерхан
Мұртазаның алғашқы томы 1980 жылы жарық көрген "Қызыл Жебе"
романының желісінде пайдаланылған мақал-мәтелдерді қарастырдым.
Шығарманы оқу арқылы қазақ халқының жоғалтқан асыл қазынасын
көзіммен көріп,жаныммен сезінетіндей күйде болдым. Себебі ел-жұртын
езгіге салмай, көкке еңсере көтерген ер бейнесі ойымдағы сол
жылдардың тарихын басқа жағынан көрсетті. Жазушы Тахауи Ахтановтың:
"Кейіпкерлердің өз болмыс-мінезіне сай сөз саптауынан,табиғат
суреттерінен, авторлық баяндау тебіреністерден бүгінгі проза
дәрежесіндегі салиқалы кеңдік, шымыр шырақтық сияқты тіл мәдениетін
танимыз"-деген екен. Мені де таң қалдырғаны кейіпкерлердің сөз
саптауы, кейіпкер сөздеріндегі мақал-мәтелдердің қолданысы болатын.
Қазіргі таңдағы осы саф алтындай, салиқалы ойлы мақалдарымыз қазақ
қоғамының санасында сөйлемейтіні қынжылтады. Заман жастарының
заманауи сөздерінде мақалдарымыздың қолданысы мүлдем жоғалып бара
жатқаны хақ. Осы роман желісінде көзіме оттай басылған-"Тура биде
туған жоқ"-деген мақал болатын. Бұл мақал біздің заман ағымымызға
қарама-қарсы десек те артық емес-ті. Себебі мақал шын әділдік пен
қайсар басшының, сол кезеңдердегі шыншылдықтың бейнесін шығарма
бетіне ойып салғандай болды. Осындай ойлардан кейін ғаламтордан осы
мақалдың қаншалықты көп қолданыста жүргенін байқау үшін іздеп
қараған болатынмын. Нәтижесінде көңіл тоймай, қарын ашты. Бұған
заман ағымындағы басшыларымыздың бойындағы адалдық пен әділдіктің
жойылуы себеп болды ма? Әлде, қарапайым халықтың ауызекі сөйлеу
тілінің сапасының құлдырауы себеп болды ма? Белгісіз...
Келесі бір мақал:"Өз ақылым-ақыл, кісі ақылы-шоқырақ". Бұқал
мақалды естігенде-"Әркімдікі өзіне, Ай көрінер көзіне"-деген мақал
есіме топ ете түсті. Осы екі мақалдың арасынан ұқсастық іздедім.
Адамзат үшін әрдайым өзінің ойы, өз ақылы, өз сөзі, өз өлеңі
алтындай. Бүгінгі өскелең әрқайсысының ұрпақтың өз алдына бір бөлек
өз талғамы мен таңдауы бар жеке тұлға екені айдан анық, бесенеден
белгілі. Шығармадан басқа да қаны да, жаны да бір қазақтың кешегі
мен бүгінгі қиылыста пайдаланып жүрген мақал-мәтелдері бар. Оның
ішінде:"Әке көрген оқ жонар", "Бір биеден ала да, құла да туады",
"Сақтықта қорлық жоқ", "Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен
сұра", "Өлетін бала молаға қарай жүгіреді", "Көз қорқақ-қол батыр",
"Күйеу-жүз жылдық, Құда-мың жылдық", "Отыз тістен шыққан сөз отыз
рулы елге жетер", "Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды", "Сабыр
түбі-сары алтын", "Жүз рет естігеннен, бір көрген артық",
"Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ"- деген мақалдар да бар. Бұл
мақалдар ауызекі сөйлеу тілімізде азды-кемді пайдаланып жүрген
мақалдарымыз. Шығарма ішінде өзіме жаңалық болған мақал мынау
болды:"Таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі, Жапалақпен тасты
ұрсаң да жапалақ өледі". Қайраттың Тайлақпен әңгімесінде, патшаға
қалай да адам бермей, Кузминьканы жауласа, орыс шаруаларын өздеріне
қарсы қойып алатындығын айтады. Сол жердегі уақиғаны мақал арқылы
тайға таңба басқандай көрсеткен болатын. Дәл осы мақал сол
жағдайдың айнымас көрінісіне айналған сынды. Романда "Сары
орыстың-бәрі орыс"-деген де мақал кездеседі. Мақал сол уақыттағы
қазақ жұртының санасындағы самсаған ой мен жерінен айрылған сорлы
Маңырақтың біртекті көзқарасын бейнелеп жатыр. Ал, "Атың барда жер
таны желіп жүріп, Асың барда ел таны беріп жүріп"-деген мақал ел
арасын кеңпейіл, қолы ашық, құшағы ашық, қонақжай болуға
шақыратындай. Мақалдың өзі біздің ғасыр үшін де артық емес секілді.
Кітаптың бесінші томынан өзіме: "Ұйқым тыныш болсын десең, арың
таза болсын"-деген мақалды ала алдым. Әрбір сөзді саралап, ойыма
өрнектей етіп тоқығым келді. Себебі, осы шақта менің де біраз
адамдардың да жақсы адам болуға талпыныстары жоқ емес. Адамзаттың
бұл өмірге адам болып келген соң, адам болып кету ақ арманына
айналған-ды. Ол үшін жанымыз бен арымыздың тазалығы маңызды.
Мақалдар маңайымыздағы түйткіл дүниеге әсер етіп жатырғанын
байқадыңыз ба?
Көптеген мақалдарды оқыған кезде, әжемнің кішкене кезімнен құлағыма
құйған бір ауыз мақалы есіме түседі. Әжем ылғи, "Отансыз адам,
ормансыз бұлбұл" және "Армансыз адам-қанатсыз құс"-деген мақалдарды
айта жүретін. Балалық басым болды ма, әуелде бұл сөздерге қатты мән
бермедім. Кейіннен есімде есті сөзді ескере отырып, өмірде осы
мақалдар арқылы алға қадамдарымды басып отырдым. Расында да,
Отансыз жер басып жүрудің, ал, армансыз алға қарай қадам басам
деушіліктің бәрі бекер секілді. Бірде досыммен де келіспей қалған
сәттерім болған. Сонда досым, "Жақсы адамның ашуы-шай орамал
кепкенше, Жаман адамның ашуы-басы жерге жеткенше"-деген болатын.
Ал, мен бұлданып, "Сонда мен бе жаман?"-дегенім әлі есімде. Рас,
сол сәттен кейін барып, өмірдің кейбір тұстарындағы өткінші
дүниелерге кек сақтап, ашуыңды көрсетудің жақсы дүние емес
екендігін ұғынғандаймын. Бұл жолғы мақал басыма тас болып тигендей
болды. "Жақсының жүрген жері базар, Жаманның жүрген жері азар"-деп,
қоғамдағы түйткіл дүниенің ақ-қарасын ажырата біле алғанымыз
мақалдың маңызын үстейді. Осылайша, "Ата көрген-оқ жонар, Шеше
көрген-тон пішер"-деген халықтың мақалдаған тәрбиесімен өсіп келе
жатырғанымыз хақ. "Еңбегіне қарай өнбегі"-деген ұстаныммен еңбек
етуді, "Бірлік болмай-тірлік болмас"-деп ынтымақтасуды үйреніп,
үлгі етудеміз.
Ұлттың шешенінің шырағын жаққан да мақал болатын. Аузы дуалы
билердің, арындаған хандардың да, жандардың да сөзінің шырағданына
сан ғасыр бойы сапа мен саналы түйін сыйлаған қазақтың қара сөзді
қақ жарған мақалы. Карл Маркстың том-том болған еңбегін Қалтай
Мұхаммеджанов үш-ақ ауыз мақалмен баяндаған деседі. Осы ақпараттан
"мақал-сөздің мәйегі"-деген сөздің мағынасын түсінбеу мүмкін емес.
"Көз жеткізер, көз жеткізбегенді сөз жеткізер"-демекші, мақалдан
ойымыздағы ұзын-сонар сөздерді дөп басып таба аламыз. Бізге жеткен
әртүрлі тақырыптағы мақалдар қазақ фольклорының сан ғасырлық
сарқылмас байлығы әрі үлкен жетістігі деп білемін.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген