
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
СТУДЕНТТЕРДІҢ СӨЙЛЕУ ТІЛІ МӘДЕНИЕТІНІҢ САПАЛЫҚ БЕЛГІЛЕРІ
СТУДЕНТТЕРДІҢ СӨЙЛЕУ ТІЛІ МӘДЕНИЕТІНІҢ САПАЛЫҚ БЕЛГІЛЕРІ
Құлабай Перизат Талғатқызы -академик Ә.Қуатбеков атындағы ХДУ-нің магистр-оқытушысы
Бердалы Айдана, Айдар Айзере -«Қазақ тілі мен әдебиеті» БББ студенттері
Қазақ қоғамының рухани дамуы,кемелденуі тіл тұғырының мықтылығы мен әлеуетіне тікелей тәуелді. Себебі мәдениетті, дәстүр мен тілді жаңғырту мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту-мемлекеттің ең маңызды міндеттерінің бірі. Бұл, ең алдымен, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейтуге қатысты. Оны меңгеру әркімнің парызы мен міндеті, жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге ат салысудағы белсенділігін айқындайтын ұмтылысы мен ынталануына айналуы қажет. Бұл- шешуші басымдық, рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы». Қазіргідей жаҺандану заманында көптілділікті сақтау идеясы бұрынғыдан да күрделірек, бұрынғыдан да күрмеуі қиын мәселеге айналып отыр.Барша қазақтарды біріктіретін ел болашағының іргетасын қалайтын, уақыт сынынан өткен, «Мәңгілік елдің» құндылығы тілді сақтау идеясының негізі-ұлттық сана қалыптасқан дәуірлерде қаланып, қазірге дейін күн тәртібінен түскен емес.Қазақ тілі-қашан да « Мәңгілік ел» идеясының негізі, өзегі болған.Қазақ халқының ұлттық мәдени коды ең алдымен қазақ тілінде екенін ескерсек, рухани-жаңғыру бабалардан аманат болып қалған «тілді сақтау» идеясын жаңғыртудан бастау алуға тиіс.
Адамзат белгілі бір тілдік ортада өмір сүреді. Сол ортаны жұтатпай, аздырып-тоздырмай көркейту,көріктендіру, мәденилендіру сол тілдік ортадағы адамдардың рухани өсіп жетілуіне, дамуына игі ықпалын тигізеді. Ол жоғары оқу орнында тіл мәдениетін оқыту әдістемесін жасаумен тікелей байланысты. Студенттердің лингвомәдени құзіреттілігін қалыптастыруда қолданылатын әдіс-тәсілдерге: тренинг, коучинг, кейс әдісі, жобалау әдісі, сұрақ-жауап әдісі, түсіндіру әдісі, пікірталас т.с.с. жатады.
Сөз қолдану мәдениетіндегі қалыптасқан терминдердің бірі – тіл тазалығы. Тіл үнемі даму үстіндегі үрдіс. Сондықтан да сыртқы бөтен тілден сөз алмай, таза бір тілдің негізінде ғана өмір сүретін әдеби тіл болмайды. Тіл ұлттың жаны дегенді еске алсақ, жұртты құрметтеу – оның тіліне қояр талаптарды орындау. Жаһандық үрдістер қазақ тіліне деген өзгеше көзқарастарды қажет етеді. Себебі әлемдегі кең таралған ағылшын, қытай, араб, француз, испан, орыс тілдерімен қатар тұрып, дүниеғаламның бар сырын бір тілде – өз тілінде жеткізу міндеті – кез келген тіл үшін де бүгінгі ғаламдасу әкеліп отырған күрделі сындардың бірі. Оймен біріккен сөз ғана қоғамда ұтымды қолданыс ретінде сақталады. Биік елдік мұрат, терең білім, ой мен сөз бірлігі – тілді сақтайтын басты белгілердің бірі болып қала береді. Ұлтты сақтап, жұрттық тілекті егемендікке жеткізген тілдегі мәдениеттілік болатын. Ой мен сөз бірлігі. Мағына мен құрылым тұтастығы. Мәдениеттілік басы да осы – сабақтастықта, бірлікте, жарасымдылығында.
Н.Уәлиев сөз мәдениетінің ғылыми пән ретінде қарастыратын негізгі обьектісі –тілдік норма, ол- сөз мәдениетінің құрылымдық-жүйелік аспектісі, екінші аспектісі - коммуникативтік сапасы екендігін айтады.
Сөйлеу мәдениетінің сапасы тұрғысынан берілетін баға сөз актісінің аяқталған нәтижесіне қатысты болуға тиіс. Мұндай талап тілдік фактіні тек сөздің құрылымының құрамында қарау жеткіліксіз екенін көрсетеді. Мұның өзі сөздің коммуникативтік сапасын бағалауда басқа да теориялық ізденістерді қажет ететінін байқатады. Өйткені айтылған(жазылған) сөз- аса күрделі коммуникативтік құрылым.
Студенттің сөйлеу мәдениетінің коммуникативтік сапасы жоғары, я болмаса төмен сөздің тілдік құрылымының өзіне тән белгілері мен сипаты болады. Бұл белгілер мен сипат «жақсы», я болмаса «жаман» деп бағалайтын сөздің бәріне ортақ, бәріне қатысты болып келеді. Сондықтан «жақсы сөйледі», «сөзі жатық екен», «тілге(сөзге) бай екен» деп студенттің сөйлеу мәнеріне баға беріліп жатады. Әрине, баға беру субьективті болғанмен, сөз құрылымындағы «жақсы» я болмаса «жаманның» тілдік көрсеткіштері обьективті болуы ықтимал.
Біз студенттің сөйлеу мәдениетін зерттеу барысында осы тілдік норманың коммуникативтік аспектісі туралы қарастырамыз. Сөз мәдениеті ғылымында анықталған сөйлеу сапаларына тоқталып кетсек, олар (3):
1. Сөздің дәлдігі
Сөздің дәлдігі немесе айқындығы дегеніміз – сөздің реальды шындықтағы заттар мен құбылыстардың атауларына барынша дәлме-дәл келуі. Сөздің дәлдігі, бір қарағанда, сөздің дұрыстығына ұқсас көрінеді. Дегенмен, олардың арасындағы айырмашылықты білудің елеулі мәні бар. Айталық, бір адам екіншісінің қал-жағдайын сұрағанда, «жаман емес» деген жауап алуы әбден мүмкін. Бұл жауап – сөз дұрыстығы тұрғысынан талапқа сай келеді, өйткені олар - әдеби тіл нормасынан сәйкес айтылып тұр және дағдыда оны айтуға үйреніп қалғанбыз. Демек, жауап берушінің халінің жағымды екеніне көзіміз жетеді. Ал, сөздің нақтылығы талабынан келетін болсақ, бұл жауап қанағаттандырмайды, өйткені сол «жаман емес» - тің мағынасы көп: оған «орташа», «жақсы», тіпті «өте жақсы» деген ұғымдар да сыяды. Объективті баға беру ыңғайында әлгі «жаман емес» - тің не орташа, не жақсы, не өте жақсы екендіктерінің беруін дәлелдесек, сөйлеу мәдениетіндегі дәлдікті, айқындықты пайдаланғанымыз болып шығады.
2. Сөздің логикалығы
Логикалық деп ойдың қайшылыққа ұрынбауын айтамыз.Бұл сапа ойлауға қатысты бола отырып, тілдік категориялармен тығыз байланысты болып келеді. Сөз арқылы қарым-қатынас жасағанда, формальдық логиканы заңдарының сақталуы талап етіледі. Ал, мұндай қателер көп реттерде ауызекі сөйлеу тілінде кездеседі. Жазба тілде де логикалық қателердің ұшырасып отыратыны бар. Ол қателіктердің орын алуының бір себебі логикалық екпінді қай сөзге немесе қай сөз тіркесіне түсіп тұрғанына тиісінше мән бермеушіліктен болып жатады.
3. Сөздің тазалығы
Сөздің тазалығы дегеніміз – сөйлеушінің немесе жазушының әдеби тіл нормасын сақтаумен бірге, ана тілінің мүмкіндігін пайдалана білу. Тіл тазалығының да тілдің дұрыстығына ұқсас кейбір жерлері кездеседі. Тілдің мәдениетінің ең басты коммуникативтік сапаларының бірі болғандықтан, сөздің тазалығына ерекше мән беріледі. Дәлірек айтқанда, сөзді қолданғанда, баламасы бар сөздердің әдеби тілге қатысты бірден-бір ұғынықты ана тілінің тазалығын танытатын сөзді таңдай білу керек. Былайша айтқанда, тілді шұбарлауға бармаған жөн. Ал, тілдің тазалығын бұзатын, оған нұсқан келтіретін факторлар аз емес. Оларға, мәселен, ана тіліндегі баламасы бола тұра, басқа тілдерлен енген сөздерді қалай болса солай жұмсау (варваризмдер), жергілікті мәні бар сөздерді (деалектизмдер) талғамсыз қолдану, мамандыққа байланысты шағын ортада кездесетін сөздер (профессионализмдер), сондай-ақ құрбы-құрдастардың, әзіл-қалжыңы аралас адамдардың арасында сөзге кірістірілетін тілдік құралдар (жаргонизмдер) сияқты жайлар жатады.
Әрине, бұл аталғандар мүлдем қолданыстан шығып қалуға тиіс деген жаңсақ ұғым тумасқа керек. Әңгіме олардың жөнсіз пайдаланыла бермеуінде болып отыр. Ал, көркем шығармадағы кейіпкер сөздерінде, тиісті ортаға байланысты олардың жұмсалу реттері болатынын теріске шығармаған жөн.
Тіл тазалығына кедергі келтіретін ілгеріде айтылған жайлардың бірі – варваризмдер. Бұл құбылыс қазақ тілінде баламасы бола тұра орыс сөздерін қолдануда байқалады.
Таза ана тілін шұбарлайтын екінші фактор – жергілікті тіл ерекшеліктері. Шындыққа келгенде, диалектизмдер де ана тілінің байлығын, кең тынысын, зор ауқымын танытады. Алайда, бұл – статистикалық тұрғыдан алғанда жай. Тұтастай алғанда, жергілікті тіл ерекшеліктеріне тосырқай қарау, жатсыну дұрыс та болмас. Қазақтың белгілі сөз шеберлерінің талайы тілімізде диалектілік құбылыстардың бар екеніне күмән туғызады. Ол – жекелеген авторлардың пікірі делік, ал диалектизмдердің біздің тілімізде де бар екендігін үлкенді-кішілі ғалымдарымыз ондаған жылдар бойы дәлелдеп келе жатыр.
Тіліміздің байлығының көрінісі бола тұра, диалектизмдердің қолданылуында белгілі заңдылықтың сақталғаны дұрыс. Атап айтқанда, жергілікті ерекшелігі бар сөздерді бірден әдеби тіл ретінде қолданылудың біршама қиындығы бар, себебі тыңдарманға немесе оқырманға бірден түсінікті бола бермейді. Тіпті әңгіме диалектизмнің түсінікті немесе түсініксіздігінде ғана емес, дағдыдағы қолданыста болмаған соң, тіл шұбарлаушылық көзге ұрып тұрады. Кейбір жағдайда күлкі туғызуы әбден мүмкін. Мәселен, шығыстың қазағы таңданарлық құбылысқа не әлдебір нәрсеге эмоциялық күйін «көрім» деген сөзбен білдіріп тұрса, тыңдаушысының (бұрын бұл сөзді естіп, оқымаған болса) бей-жай тыңдап тұруы екіталай. Сондай-ақ, оңтүстік қазағының «биыл төрт бөлмелі жақсы там тұрғызып алдық» деген сөйлемін естіген солтүстік қазағының төбе шашы тік тұруы ғажап емес, өйткені солтүстік аймақта «там» сөзі тек о дүниелік болып кеткен адам адам басына қойылатын үй туралы түсінеді. Ауызекі сөйлеуде болсын, салқын қанды хабарларды жазуда болсын кәсіби сөздер мен кеңсе қағаздарына тән сөздерді, сөз тіркестерін (канцеляризмдер) қолдануда тілдің тазалығына белгілі дәрежеде нұқсан келтіреді. Мәселен, экономика мен шаруашылықтың, мәдениеттің әр саласында пайдаланылуға тиісті сөздердің сол тиісті салалардың мамандарына түсінікті болары мәлім, ал олар қалың көпшіліктің, қабылдауына оңтайлы бола бермейді. Жаңадан пайда болып жатқан сөздерді (неологизмдерді) жұмсағанда да осы әдебиет беттерінен жиі кездестіргенімізбен, интеграция, конфронтация, спикер тәрізді сөздерді баршаның бірдей түсінуі қиын шығар. Сондықтан мүмкіндігінше ол сөздерді қолданғанда, жақша ішіне қазақша баламасын келтіріп немесе ауызша сөйлеу ретінде қысқаша болса да түсініктеме бере кетудің артықшылығы жоқ. Ондай түсініктеме болмаса, екі жақты жағымсыз жайға тап болатынымыз шындық: біріншіден, айтып тұрған сөздеріңізді көпшілік қабылдай алмаған соң, алға қойған мақсат та орындалмайды; екіншіден, сол сөздерді айтып тұрған кісі туралы да (білгішсінген, аудиторияны меңгере алмаған немесе өзінің білетінін барлығы да білуге тиіс дегендей) көңілге қонымсыз ой тууы мүмкін. Тіл мәдениетіне әркімнің сөйлеу әдептілігі ғана емес, психологиясының да қатысы бары сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев М. Қазақ тілінің стилистикасы. Оқулық. – Алматы: «Дәуір», 2005 – 256 б.
-
Уәли Н. Сөз мәдениетінің ғылыми – теориялық негіздері. Филология ғылымдары докторы атағын алу үшін дайындалған диссертация. – 2007.
-
Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тілінің мәдениеті. Оқулық. – «Зият – Пресс», 2006 – 140 б.
-
Қабатай Б. Жоғары оқу орнындағы болашақ педагог-мамандарды сөйлеу мәдениетіне баулу. (мақала)
-
Р.Сыздық.Тілдік норма және оның қалыптануы (Кодификациясы)Алматы «Ел-шежіре» 8-том 2014.

