
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
СЫН ЕСІМНІҢ СӨЗЖАСАУШЫ ТӘСІЛДЕРІ
СЫН ЕСІМНІҢ СӨЗЖАСАУШЫ ТӘСІЛДЕРІ
Турсуманова Фатима магистр-оқытушы
Тастанова Динара 2 курс студенті
Академик Ә.Қуатбеков атындағы ХДУ
Жалпы сын есім категориясының зерттелуі XIX ғасырдан басталады. Оның зерттелуін М.А.Казем-Бектің "Түркі-татар тілінің жалпы грамматикасы" еңбегінен байқаймыз. Н.Сазонтов, А.К.Боровков, Н.К.Дмитриев, А.Н.Кононов, Н.А.Баскаков, Ф.А.Ганиев. В.Г.Гузев т.б. ғалымдар түркі тілдеріндегі туынды сын есім тудыратын сөзжасамдық жұрнақтарды көрсетіп, семантикалық талдау жасаған. Бұл ғалымдардың еңбектерінде туынды сын есімнің қай дәрежеде зерттелгені анықталды.
Н.Сазонтов сын есім тудыратын жұрнақтардың мағыналық кей ерекшеліктерін көрсеткен. Есім негізді туынды сын есімдердің тұлға жағынан зат есім, үстеумен тұлғалас келетінін, бірақ білдіретін мағына мен синтаксистік қолданыста олардың өзіндік ерекшеліктері болатыны жөнінде өте орынды пікірді проф. А.К.Боровков айтқан.
Қазіргі қазақ тілінде туынды сын есімнің қаралуы мен зерттелуінің өзіндік ерекшелігі бар. П.М.Мелиоранскийдің сындық мағына үстейтін сөзжасамдық жұрнақтарынан бастап, А.Байтұрсынов, Қ.Жұбановтың әр түрлі дәрежеде сын есімнің мағынасын, оның қатыстық түрі сөзжасам тәсілі арқылы жасалатынына тоқталған. С.Аманжолов, Ж.Шәкенов, Ғ.Әбуханов, Ә.Төлеуов, А.Ысқақов т.б. ғалымдардың сын есімді өзіндік сөз тудыру жүйесі бар сөз табы ретінде қарастырғаны анықталды. Қазақ тіл білімінің жеке саласы ретінде сөзжасам танылды, оны зерттеуші ғалымдар Н.Оралбай, М.Оразов, А.Салқынбай т.б. есімдерден сын есім жасайтын жұрнақтарға тоқталып, олардың мағыналық топ құрайтынын көрсеткен. Туынды сын есімнің сөзжасамдық бірлігі, типі, кей сөзжасамдық жұрнақтардың қолданысы мен семантикалық жүйесі де А.Ысқақов, Н.Оралбайдың еңбектерінде талданған. Туынды сын есім негізінде жасалған күрделі сындарға Г.Мамаева, сын есімдердің тіркесу қабілетіне М.Жолшаева, қатыстық сын есімдердің семантикалық және стильдік сипатына, олардың өзара қарым-қатынасының теориялық негізіне Г.Сыздықова зерттеу жасаған. Омар Б. "Етістік негізді туынды сын есім семантикасы" атты кандидаттық диссертациясында етістік негізді туынды сын есімнің құрылымын, қосымшалардың семантикасын зерттеген.
Қазақ тілінің сөздік байлығынан ерекше орын алатын заттың сын, сапа, белгі қасиеттерін білдіретін сын есім сөздердің қолданыс аясы өте кең.
Осы уақытқа дейін қазақ тілінде сын есімдердің сөз табы ретінде алатын орны, сапалық сын есімнің шырай категриясы, сын есімдердің семантикалық топтары, субстантивтенуі, синтаксистік қызметі мен тіркесімділік қасиеті бірнеше зерттеу жұмыстарына арқау болғандығы,сондай-ақ соңғы кездері сын есім сөзжасамдық тұрғыдан да қарастырыла бастағандығы белгілі.Бұл орайда қазақ тіл білімінде Ғ.Мұсабаев,Ә.Қайдар, А.Ысқақов, М.Томанов, Ә.Төлеуов, С.Исаев, Е. Жанпейісов, Т.Сайрамбаев,Ж.Шәкенов, Ф.Оразбаева, Е.Ағыманеов, Г.Сыздықова, т.б. зерттеулерін атап көрсетуге болады.
Сын есім туындылар есім сөздерден де, етістіктен де жасала береді. Мысалы, хабардар, мәдени, жолақ - зат есімнен, жетілік, үштік (шам) -- сан есімнен, жақсылы-жаманды, ұзынды-қысқалы -- сын есімнен жасалған сын есім туындылары. Сын есім туындыларға негіз болатын сөздер негізгі түбір, күрделі түбір, күрделі сөздерден де болады: сақалды, ақылды - негізгі түбірден, ерттеулі, жинаулы -- туынды түбірден, адырақ көзді, кабырға қайысарлық, майда тілді -- күрделі негізден жасалған сын есім туындылары.
Қазақ тіл білімінің қай саласының болмасын қазақша баяндалуы А.Байтұрсынұлының "Тіл құрал" еңбегінен басталады. А.Байтұрсынұлы: "Түбір сын есімдер заттың сындарын көрсетеді. Нәрсенің сыны қалыпты күйінен тысқары болса, яки сыннан өтетін басқа нәрсе, я іс болса, сын есіміне һәм түрлі жұрнақтар жалғанады.
-Лық (-лік, -тық, -тік) жұрнақ сын есімге жалғанады, сол сыннан шыққан дерексіз заттың есімін көрсету үшін, мәселен, "жақсы" деген сөзге "-лық" жұрнағын жалғап, "жақсылық" деген заттың есімін көреміз. "Игі" деген сөзге "-лік" жұрнағын жалғап, "игілік" деген заттың есімін көреміз; "араз" деген сөзге "-дық" жұрнағын жалғап, "араздық" деген заттың есімін көреміз".
Есім түбірден сын есім жасайтын аффикстер: -лығ (-ліг, -лық, -лік). Көне түркі тілінде әрі зат есім, әрі сын есім жасаған қосымша. Алайда -лығ және -лық аффикстерінің арасында айырмашылық болған, -лық тек қана зат есім жасайтын қосымша болса, -лығ тек сын есім жасайтын қосымша болған дейтін пікір бар. Солай бола тұрғанмен, тіпті Қашқари сөздігінде де -лық пен -лығ аффикстері осы жүйені сақтамайды. Қазақ тілінде -лық аффиксті сөздердің бірде зат есім тобында, біразының сын есім ретінде қалыптасуы алғашқы дәуірдегі олардың тұлғалық бірлігіне ғана емес, семантикалық орайластығына да негізделген. Бұл жерде туынды түбір есімдердің әлі санкретикалық күйден толық ажырамаған күйін байқауға болады. -Лы (-лі) аффиксі жоғары аффикстің ұяң дауыссызға аяқталған (-лығ) вариантының қысқарған түрі. Сөз соңындағы көне түркілік - ғ(-г) не қатаңға айналып кетуі (-лік, -кішілік), не түсіп қалуы мәлім құбылыс. -Лық варианты қысқарып сол пішінде орнығып қалған да, -лығ варианты қысқарып, -лы пішініне түскен. -Лы аффиксі осы тұлғасында Орхон-Енисей жазбаларында, сондай-ақ XI -- XIII ғасырларға жататын басқа да ескерт-кіштер тілінде көп ұшыраспайды. Қысқарған, яғни, -лы түрінде тек XIV ғасыр нұсқаларында ғана кездеседі. КК: алғышлы (алғысты), атлы (атты), азықлы (азықты), бақытлы (бақытты) т.б. -лы пішінінде қолданылу ортағасырлық түркі тілінің ішінде батыс түркі тілдеріне тән болса керек.
"Қазақ тілі грамматикасы" еңбегінде сын есімнің қосымша арқылы жасалуы мынадай сипатта көрсетілген:
Басқа да аглютинативтік тілдердегі сияқты, қазақ тілінде де қосымша негізгі я туынды түбірге жалғанып, сөздің соңғы бөлшегін құрайды. (Мысалы: үй - үй-дей, көңіл - көңіл-ді). Сөз тудырушы жұрнақтар қазіргі сөз тудыру мүмкіндігіне қарай өнімді, өнімсіз болып екіге бөлінеді және олардың бір тобы есім сөздерге, бір тобы етістіктерге жалғанады.
Қазіргі қазақ тіліндегі есім сөздерден сын есім тудыратын жұрнақтар, негізінен, мыналар:
1. - Лы,-л і, -ды, -ді, -ты, -т і. Мысалы: тас - тасты жер, дала - далалы жер, ине - инелі ағаш, шаң - шаңды жол, күл - күлді отын. Бұл жұрнақ тек сын есімге ғана тән; олар, негізінен, есім сөздерге жалғанып, заттың, құбылыстың бар екенін білдіретін сын есім жасайды. Бұл қосымша қос сөздерге де қосыла береді: ағалы-інілі, бірді-екілі, барлы-жоқты, бұрынды-соңды т.б.
2. - Лық, -лік, -дық,-дік, - тық, -тік
а) Бұл жұрнақ, тарихи жағынан алғанда, бірінші топтағы -лы қосымшасының толық түрі болып есептеледі, өйткені бұлар көне түркі жазбаларында тек -лығ (-лық) тұлғаларында кездеседі. Мысалы, Күлтегін ескерткішінде тонлығ - қазіргі қазақ тілінде тонды, беглік - бекті т.б. Атақты филолог Махмуд Қашқаридың "Лұғатында" тек - лығ, -лық, -лік тұлғалары ғана берілген. Мысалы: қамышлығ ер - қамысты жер, сырықлық ағач - сырықтық ағаш, қашықлық мүгіз - қасықтық мүйіз. Ол заманда - лығ, -лық, -дық, -дік, -тық, -тік, -ліг, -лік жұрнағының соңындағы г, қ түсірілу фактісі әлсіз болғандықтан, Махмуд Қашқари оны ескермегенге ұқсайды.
Бұлар - ол кезде екі форма емес, басында - лағ, -лақ болып (қышлағ, яйлақ - қыстақ, я қыстау, жайлау) дегендер бертін келе сараланып, -лық, -лы болып, екіге бөлінгенде, әрқайсы өз алдына функцияға ие болып, семантика-стилистика жағынан қалыптасып барады. Оған бала (бұрынғы сын есім, осы күнде зат есім) - балалы қатыстық сын болса, балалық -- әрі зат есім, әрі сын есім болатыны айғақ. Сөйтіп, -лық пен -лы бірінен бірі ажырағанын көреміз.
Ертеде тай кіші дегеннің синонимі ретінде: тай өгіз (кішкене өгіз) делінсе, тіл көнелігі кейбір жерлерде (Ақтөбе облысында) күні бүгінге дейін сақталған.
Тайлы-құлынды бие дегеннен тайы, құлыны бар биені ұғынсақ, осының сын есімдік мәні қай жерде дейтін күдікке орын жоқ. Ол дара бие емес, оның балалы мал екенін көрсетіп тұрған - тіркес кұрамындағы сөздермен қоса -лы, -ды жұрнағы. Бұлар босқа тұрған жоқ, қатыстықты көрсетіп, сөздерді тіркестіріп, жымдастырып тұр. Мысалы, халық аңызындағы атақты даукес Нау шақшасын даулағанда:
Тайлы-құлынды биелік өзі бар еді, Он екі жерден шорлап салған көзі бар еді, - депті-міс дегендегі -лы (-ды) жұрнағы сөйлемдегі сөздерді шыңдап тұрса, оларды өзгертіп, тай-лық, құлын-дық бие деуге келмейтіні де түсінікті. Сөйтіп, коммунистік партия, партиялық жұмыс дегендер тәжірибеден туған ең дұрыс құрылыс.
ә) -лық және оның варианттары қазақ тіліндегі түбірлерден (негізінен) зат есім тудыратыны немесе ол туынды форма заттанып, субстантивтеніп кететіні белгілі (бала - балалық, жас - жастық, бас - бастық). Бұлар да туынды сөздер;
б) қазіргі қазақ тіліндегі бұл екі топтағы қосымшалардың мағыналық айырымы олардың тұлғалық, формалық жағынан өзгешеленуіне әкеліп соққан. Бұрын бір-ақ қосымша беретін сын есім жұрнағы - лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті және зат есім жұрнағы - лық, -лік, -дық, -діқ, - тық, -тік болып сараланған. Мысалы: тонды - сын есім, тондық - тонға жарайтын тері (зат есім), сыйлы - сыйлық, кісілі - кісілік, ойлы - ойлық қалалы - қалалық т.б.;
в) қазіргі қазақ тілінде, әсіресе, орыс тілінен енген түбір сөздерден негізінен -лық, -лік, - дық, -дік, -тық, -тік формалы сын есім жасалып, оның көне қызметі қайта жандана түсіп жүр. Мысалы: Советтік Қазақстан (бірақ Советті емес), ауылдық совет (ауылды совет емес), социалистік жарыс (социалды жарыс емес), аграрлық мәселе (аграрлы мәселе емес); сол сияқты, аморальдық қылық, республикалық кеңес, агрономиялық кеңес т.б. Сонымен бірге орыс тіліндегі қатыстық сындардың әсерінен ол жұрнақ байырғы сөздерге де жалғанып отырады: тәжірибелік мән т.б.
Кейде ондай түбірден -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті арқылы да сын есім туады. Ондай сын есімдер түбір сөзге -лық қосымшасының жалғануы мүмкін емес жағдайларда қолданылады. Мысалы, минеральная вода деген тіркесті, не минерал деген сөзбен, не минералдық су тәрізді тіркес арқылы да аударуға болмайды, тек минералды су деген түрінде яғни минералдық элементі бар су деген мағынада беруге болады. Сол сияқты колхозды ауыл деген тіркес те қолданылады. Ал, ағашты жер, яғни ағаш аралас жер және ағаштық жер, яғни ағаш отырғызатын жер дегенде бұл сөздердің мағыналық өзгешеліктері болуы арқасында жеке-жеке қосымшалардың үстелуін стиль қажет етеді.
Бұл ерекшеліктер тілдің ішкі заңының даму нәтижесінде шығып отырады. Сонымен бірге, -лық жұрнағы мезгілдік ұғымды білдіретін сөздерге, сондай-ақ есімдікке, сын есімдерге, сан есім мен зат есімнен құралған тіркестерге де жалғанып, негізгі сөздің мағынасына орай, мезгіл, өлшеу, сан, бағыт, белгілі бір жаққа тәндік мағыналарды білдіретін туынды сын есім жасайды. Мысалы: жылдық жоспар, күндік азық, бестік баға, ондық лампа, мендік адам, өздік есімдік, қандайлық зат, он кісілік күш, жүз кісілік клуб, екі-үш асымдық ет, бір палътолық мата т.б.
Қазiргi қазақ тiлiнде бiрде зат есiмнен зат есiм, бiрде зат есiмнен сын есiм туғызатын өнiмдi жұрнақтардың қатарына жататын -лық-лiк, -дық-дiк, -тық -тiк аффиксi орыс тiлiнен енген сын есiм түбiрлерiне жалғанып, олардан қатыстық сын есiм жасайтын амал ретiнде 20-30-шы жылдары да ерекше кең қолданылады.
Мысалы, Қазақ тiлiнiң iрi заңдарының бiрi үндестiк заңы. .. Бiрақ бұ кезде ол ерiн үндестiгi жоғалуға бет алып барады (Жаңа мектеп. 1929. № 8)
Бұл аффикс "Дала уәлаяты" газетiнде бұл қызметте кездеспейдi. Газетте орыс тiлiнен енген сын есiмдер көп жағдайда сол тiлдегi қосымшалармен берiлген, бiрақ олардың әрдайым мужской род тұлғасы сақталады.
Отызыншы жылдары сын есiмдер сыр сын есiмдер (качественные прилагательные) және тек сын есiмдер (относительные прилагательные) деп екiге бөлiп қарастырып, қазақ тiлiне аударылып алынатын кiрме сөздердiң жалғауы -ский, -ская, -ское болып келсе, онда олардың тек түбiрiн алып, оған қазақ тiлiндегi -лық-лiк, -дық-дiк, -тық-тiк сияқты қосымшалармен алынсын деген пiкiрлер кездеседi.
А.Ысқақов өзінің 1974, 1991 жылы жарыққа шыққан "Қазіргі қазақ тілінде" (морфология) - лық, -лік есімдерден сын есім тудыратын өнімді жұрнақтар қатарына жатқызады.
1) Зат есімдерге жалғанып, олардан әр сөздің нақтылы мағынасына қатысты қасиеттерді білдіретін туынды сын есім жасайды. Мысалы: Бұл араның жер жағдайын Асқар жақсы білетін еді. Сондықтан қала маңайының топографиялық схемасын жасауға, бекініс жерлерді дәл көрсетуге оның көп көмегі тиді (С.Мұқанов). Бірақ ауылдың кедейі әлі қараңғы, таптық санасы оянбаған (С.Мұқанов). Қашқындардан алған мүлікті партизандар екі жүйеге бөлді. Біреуі - алтын, күміс, я сол сықылды банктік қымбат заттар, асыл тастар; бұл жүйелі мүлік отрядтың штабының кассасына түсті. Екінші - киім-кешек, төсек-орын, ыдыс-аяқ сықылды мүліктер; бұлардың ішінде қазынаға жарарлық өте бір қымбаттары болмаса, партизандар бөлісіп алды (С.Мұқанов).
2) Мезгіл атаулары мен әрқилы бұйым атауларына жалғанып, олардан мезгіл, өлшеу мөлшерімен байланысты туынды сын есім жасайды. Мысалы: Көршілер шала туған жеті айлық баланы құрақ көрпеге орап, анасының ірге жағына салып берді де, үйлеріне кетті (Ә.Нұрпейісов).
3) Есімдіктерге жалғанып, олардан белгілі бір жаққа қатыстылықты білдіретін туынды сын есімдер жасайды. Мысалы: Оған: жан-жағындағы барлық дүние соның аузын аңдығандай көрінді де тұрды (С.Мұқанов). - Уа, алашым, елім, мендік бір азамат жоқпысың, бар болсаң қайт!-деп топқа араласып, біраз далақтап еді, уысына бір жан түспей, сынаптай сытылды да кетті (С.Мұқанов). Саяси жұмысқа ертеден араласқанмен, Мадияр оншалық болжағыш адам емес еді (С.Мұқанов).
Әр сөз табының ерекшелігін танытатын өзіндік морфологиялық көрсеткіштері болады. Олар екі түрлі, бірі - сөз табының грамматикалық категорияларының көрсеткіштері, екіншісі - сөз табының сөзжасамдық жұрнақтары. Бұл екі түрлі морфологиялық көрсеткіштің екеуі де сын есімде бар. Сын есімнің шырай категориясы оны басқа сөз таптарынан ерекшелендіреді. Сын есімді танытатын екінші морфологиялық белгі - сын есімнің сөзжасамдық жұрнақтары. Сөзжасамдық жұрнақтардың өзіндік бір ерекшелігі - олар сөз табына байлаулы, әр сөз табының өзіне ғана тән сөзжасамдық жұрнақтары бар. Сөз таптары танылу үшін қойылатын синтаксистік ұстаным тұрғысынан келгенде, сын есімнің атқаратын негізгі синтаксистік қызметі - анықтауыш. Сын есім сөйлемнің баяндауышы қызметін де жиі атқарады, ал сын есімнің пысықтауыш қызметінде қолданылуы сиректеу.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3
2. А. Ысқақов, Қазіргі қазақ тілі, 1974 ж.
3. Қалиұлы Б. Тіл біліміне кіріспе. Алматы, Мектеп, 1997-95-63 б.
4. Баялиева Г. ХІ-ХІІ ғасырдағы жазба әдеби ескерткіштер тіліндегі сын есімдер. Алматы, 2003-26б-11-12б.
5. Баялиева Г. ХІ-ХІІ ғасырдағы жазба әдеби ескерткіштер тіліндегі сын есімдер. Алматы, 2003-26б-10б.

