Материалдар / Сыныптан тыс іс – шара. «Қазақ бар да сен де барсың, Қадыр аға!»

Сыныптан тыс іс – шара. «Қазақ бар да сен де барсың, Қадыр аға!»

Материал туралы қысқаша түсінік
Әдебиетке қайталанбайтын құбылыс болып келіп, қайталанбайтын құбылыс болып қалған, өмірін өлеңіндей, өлеңін өміріндей сүю, шынын сырға бөлеп, сырын шынға балап толғану, өзі ғана сүймей, өзгені де сүйсінтіп, өзі ғана толғанбай, өзгені, қалың жұртты толқыта жырлаған Қадыр ағаның шығармашылық әрі ақындық асыл қасиетін таныту.
900 ₸
Бүгін алсаңыз
+45 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +45 бонус беріледі Бұл не?
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады

Сыныптан тыс іс – шара. «Қазақ бар да сен де барсың, Қадыр аға!»

Мақсаты: Оқушыларға ақынның өмірі мен шығармаларын, қазақ әдебиетіндегі алатын орнын түсіндіріп меңгерту, өлеңді мәнерлеп оқып, өзіндік ой – пікірін білдіре білуге дағдыландыру.

Түрі: Ашық альбом.

Барысы:

1-жүргізуші: Өмірін өлеңіндей, өлеңін өміріндей сүю, шынын сырға бөлеп, сырын шынға балап толғану, өзі ғана сүймей, өзгені де сүйсінтіп, өзі ғана толғанбай, өзгені, қалың жұртты толқыта жырлау – Қадыр ағаның шығармашылық әрі ақындық асыл қасиеті. Ақын алпысыншы жылдары қалың қазақты өзіне жалт қаратқан бірегей тұлғалардың бірі болды.

2-жүргізуші: - Ол қазақ өлеңінде соны соқпақ салған, реформа жасаған ақын. Алайда, қанша айтсаң да мақтауын жеткізе ал­май­тын да тұлғалар болады. Олар өте аз. Сол аздың бірі Қадыр Мырзалиев еді. Ол әде­биетке қайталанбайтын құбылыс болып келді, қайталанбайтын құбылыс болып қалды.
1-жүргізуші: Өлеңдерің мен әндерің арқылы қазақ дала­сын шарлап, әр қазақтың жүрегінде боласың, Қадыр аға! Ән сөзіне айналған сенің рухың жастарға – жігер, қарттарға қайрат береді.

Көк дауылмен жағаласып кемеміз,

Көк мұхитта қақпақыл боп келеміз.

О, Жасаған!

Өстіп жүріп бір күні

Өлеміз-ау,

Өлеміз-ау,

Өлеміз!

Кейбіреулер соны неге ұқпайды,

Қадалады жүрегіме мұң-қайғы.

Мен де өлемін,

Менің бірақ есімім

Жазушылар тізімінен шықпайды!

2-жүргізуші: - Қадірменді әдебиет сүйер қауым! Бүгінгі кешімізге қош келдіңіздер! Қазақтың кең пейілділігін бүкіл әлемге паш ете білген ақынымыз – Қадыр Мырза Әлі 90 жаста.Біз бүгін «Қазақ бар да сен де барсың, Қадыр аға!» атты сыныптан тыс іс – шарамызды бастағалы отырмыз.

1-жүргізуші: - Бүгінгі іс - шара ашық альбом түрінде өтеді, 4 бөлімнен тұрады

  1. Бөлім - Ақын өмірінің кейбір қырлары

1-оқушы: - Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра деп жырлаған белгілі ақын, аудармашы, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Ғинаятұлы Мырза Әлі 1935 жылы 5 қаңтарда Орал облысының Жымпиты кентінде туған. Бала кезінде жетім қалған Қадыр кедейліктің тауқыметін көріп өсті. Балалық шағынан бастап кітаптарға қызығушылық танытып, Жымпиты аудандық кітапханасының тұрақты оқырманы болды. Тіпті, кітапханадағы барлық кітаптарды қайта оқып шығып, көркем әдеби шығармалардың жаңа басылымдарын асыға күтетін.

2-оқушы:- Қадыр Мырзалиевтің өз өмірінде көрген алғашқы кітабы «Қырық батыр» деп аталады. Бұл қарапайым халық оқитын ауылдағы ең сүйікті кітап болды. Онда қазақ халқының аңыздары мен қиссалары, эпостар мен ертегілер жазылған.

Қадыр алғаш рет өлең жазуды алтыншы сыныпта оқығанында, 11 жасында бастады. Бірде ол ауылдарына концерт қоюға келген ақтөбелік әуесқой әртістер тобы орындаған «16 қыз» атты көңілді және әзіл әнді естіді. Ол әннің әрбір өлең жолында әр түрлі қыздар туралы айтылды. Он алты шумақта әр қыздың мінезі суреттелген. Сонда Қадыр сол секілді, бірақ сыныбындағы он алты ер бала туралы өлең жазуды ойлады. Сөйтіп, бес-алты шумақ өлең жазып, ары қарай қолы жүрмеді. Ертесі шығарған өлеңін мектепке әкеліп, сыныптастарын күлкіге қарық қылады. Қадырдың өлеңі сынып жетекшісіне де ұнады. Осылайша, бұл өлең болашақ ақынның алғашқы жағымды сыншысы болды.

3-оқушы:- Әкесі қайтыс болғаннан кейін бала Қадыр интернатқа жіберіледі. Онда ол достар туралы, олардың кемшіліктері туралы жаза бастайды. 1954 жылы жас ақын өлеңдерін республикалық «Пионер» журналында жариялап, біртіндеп таныла бастады.

Сөйтіп өлең жазуды әдетке айналдырып, үлкен жинақ жинады. Бірақ, ол өлеңдерін болашақ ақынның жақын досы өртеп жібереді. Бұл оқиға Қадырдың шығармашылық жолындағы алғашқы кедергі болды. Дегенмен, Қадыр досының ол әрекетіне ренжіген жоқ. Ақын керісінше, жаман өлеңдерден құтылуыма көмектесті, бұл менің қолымнан келмес еді деп досына алғысын білдірді.

4-оқушы:- Тұңғыш туындысы 1954 жылы «Пионер» журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде 40 - тан астам жыр жинақтары мен әдеби – сын, ән өлеңдері мен прозалық кітаптары: «Көктем» (1959), «Сабақ», «Ой орманы» (1965), «Дала дидары» (1966),» Бұлбұл бағы» (1967),«Күміс қоңырау», (1970), «Домбыра» (екі кітап, 1971, 1974), «Кеш» (1973) т. б., сондай - ақ тоқсаныншы жылдары таңдамалы шығармаларының 5 томдығы, ал 2001 жылы»Қазығұрт» баспасынан 15 томдығы шыққан. Бірнеше пьесасы сахнада қойылған.

5-оқушы:- 1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Әнұраны жаңа мәтіні авторларының бірі. 2001 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды. 1993 жылы Қадыр Мырза Әлі өлемдік поэзияға қосқан аса зор еңбегі үшін Моңғолияның халықаралық «АВЬЯС» сыйлығын алды.

Келесі бөлім - Қадыр Мырза Әлі - күміс қоңыраулы балалар ақыны

1-оқушы:- Қадыр Мырза Әлі – ең алдымен балалар ақыны, ұрпақ ұстазы. Бұған ақынның «Сабақ» атты кітабы дәлел.

2-оқушы:- Сабақтың композициялық құрылымы кәдімгі сабақ өткізу жүйесіне негізделіп жасалған.

Бірінші сабақ – табиғат тану туралы.

Екінші сабақ – хайуанаттар.

Ал үшінші сабақ – тіл.

Төртінші сабақ – еңбек.

Соңғысы -қосымша сабақ. Ғибрат деп аталады. Мақсаты – үлгере алмаушы-лар мысалданып, соларға ғибрат боларлық ақыл – кеңестер, ойлар ұсынады.

Сабақтан қайтарда мазақтамалар басталады: еріншек, сотқар, маубас, жайбасар, мақтаншақ, қомағай, салақ балаларды келемеждейді.

Санап тұрып ертесін,

Сұрайтын қант бөлкесін.

Сен бір жаман еркесің!

Көкеңнің де желкесін

Жауыр қылған еркесің – дейді ақын «Ерке» аталатын мазақтамасында.

3-оқушы:- Мазақтамалар
Сотқар
Сотқар,сотқар, сотқарсың!
Кішілерге шоқпарсың,
Үлкендерге көкпарсың!
Сотқар болсаң, сотқар бол,
Бір таяқ жеп тоқтарсың!
4-оқушы: Маубас
Маубас, маубас, маубассың!
Мүлгігеннен танбассың.
Қалғығанға қанбассың...
Өміріңді осылай
Ұйықтап өтсең оңбассың!
5-оқушы: Жайбасар
Өй, жәйбасар, жәйбасар!
Жәйбасарды май басар.
Жеткенше үйге жәйбасар,
Жұрт орынға жайғасар.
Әй, жәйбасар, жәйбасар,
Жәйбасарды май басар!
6-оқушы: Мақтаншақ
Әй, мақтаншақ, мақтаншақ!
Оянғаннан жатқанша,
Жатқаннан таң атқанша
Мақтанасың, мақтаншақ.
Қояр ма еді құлыптап,
Аузыңды бір жапқан шақ!
7-оқушы: Жаңғалақ
Жаңғалақ па, жаңғалақ?
Жаңғалақ бір аңғал-ақ:
Оң аяқта — сол балақ,
Сол аяқта — оң балақ,
Теріс киіп шалбарын,
Өзі соған таң қалад!
8-оқушы: Қомағай
Әй, қомағай, қомағай!
Екі ұртың тола май,
Екі уысың және май,
Соғып жатсың қарамай!
Мешкейліктен, қомағай,
Болмайсың ғой Толағай!
9-оқушы: Күйгелек
Әй, күйгелек, күйгелек!
Халық тұрса үймелеп,
Кетесің сен кимелеп.
Жейдеңді де түймелеп
Жүре алмайсың, күйгелек,
Әй, күйгелек, күйгелек!
10-оқушы: Салақ
Салақ, салақ, салақсың:
Өз үйіңе қонақсың;
Таза емессің, кір-кірсің;
Ақ емессің, жолақсың;
Кейде қара күйесің;
Кейде қызыл далапсың;
Әй, салақсың, салақсың!

11-оқушы: Одағай

Мана сен трамвай ішінде
Бола қап ойланған пішінде,
Таяқты әжейді көрмедің,
Түрегеп орныңды бермедің,
Ұят-ай!
Тентек деп айтпайды ел текке,
Оқымай бардың да мектепке,
Есепті біреуден көшірдің,
«Екіні» дәптерден өшірдің,
Ұят-ай!
Сабақтан қайтарда тағы да
Кірісіп ойынның қамына,
Бұрымын жұлқылап көп қыздың,
Бостан-бос уақытты өткіздің,
Ұят-ай!
Ұятың қайда еді, бәтір-ай!
Бір күннің ішінде, япыр-ай,
Геройы боларлық мысқылдың
Қаншама одағай іс қылдың,
Ай-ай-ай!

12-оқушы: Диктант

Кеше біздер класта

Диктант жаздық отырып.

Көшірдім мен Күләш тан

Бір парақты толтырып.

Үзілісте мен іште

Асыр салып ойнадым.

Құрығанда бір «үшке»

Жаздым-ау деп ойладым

Сөйтсем, мойны ұп-ұзын

«Бір» алыппын, құрысын

Дәптер беті қып-қызыл, -

Ұялған ғой мен үшін.

13 -оқушы: Септеу

Атay
Барлығыңа үлгі болар, қарақтар,
Байсалды да, ақылды да Марат бар.
Ілік
Жеке басым ең алдымен, Мараттың
Жасы үлкенді сыйлағанын жараттым.
Барыс
Сенбейсің бе, күнделікті парақта:
Талай «бестік» қойылыпты Маратқа.
Табыс
Батыл емес дей алмайсың Маратты,
Сол үйретті ауылдағы бар атты.
Жатыс
Алғыссыз күн болған емес Маратта,
Жетеді онда ынта, жігер, талап та.
Шығыс
Қай өнер де табылады Мараттан,
Ән салғанда жұртты аузына қаратқан.
Көмектес
Міне, сондай жақсы бала Маратпен
Дос бола алмай жүргендер де бар, әттең!

Сабақ - айтары мол, құрылысы өзгеше жинақ.

14-оқушы:- Ақынның тағы бір құнды еңбегі «Ақиқаттың алдында» атты поэма. Бала психологиясына жетік ақын сюжеттік бұрылыс – қиылыстарды ойнақыландырып, оқушы ойын он саққа жүгіртіп, ұстараның жүзінде ұстап бағады. Көлемі шағын, бала психологиясын меңгерген ертегі – поэмада ақын фольклорлық сюжетті өзінше байытқан.Сөйтіп, ауыз әдебиетінің асыл үлгісімен жүріп отырып – ақ бүлдіршіндерге ойлы, ойнақы, соны ертегі поэма ұсынған.

15-оқушы:- Ақынның «Балшық ұлы Балшықбай» ертегі поэмасы Лев Толстойдың «Алтын кілт» немесе «Буратиноның басынан кешкендері» ертегісін еске түсіреді. Ақын Балшықбай арқылы салалақ балалардың әрекетін әшкерелейді.

16-оқушы:

Сол Балшықбай баяғы
Сәлеміңді алмайды.
Күс-күс болып аяғы
Қыдырудан талмайды.
Шүйіріп aп танауды
Қаңғырады көшеде.
Білмейді әлі санауды,
Білмейді өзі нешеде!
Жатпайды ат деп, есек деп,
Мініп алып жортады.
Мысық көрсе кесектеп,
Тышқан көрсе қорқады.
Қолына ұстап ышқырын,
Барады онда-мында да.
Қайтады үйге кешқұрым,
Қарны ашқан соң онда да.
Бұл қылығын қоймаса,
Не болады түбінде.

17-оқушы:

Қыдырсам деп оңаша
Қашып шықты бүгін де.
Балға ма, әлде, балта ма,
Белбеуіне қыстырып,
Екі қолы қалтада,
Келе жатыр ысқырып.
«Машинаның алдынан
Әрлі-берлі өтейін.
Шоферлардың қағынған
Түбіне бір жетейін!
Мені басып кетер кім,
Жолға өтірік құлайын.
Ала көзін шофердың
Алақандай қылайын!»—
Деп, балағын түрініп,
Жол бойымен зулады.
Кенет тасқа сүрініп,
Омақаса құлады.
Бір машина бұрылған
Қағып кетті Балшықты.

Келесі бөлім - Азаматтық өмірінің мәні мен мағынасын поэзиядан тапқан
1 - оқушы:

Поэзия – әлемдік өмірдің қан тамырының құштарлықпен шиыршық ата соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен нұры, ал лирика – поэзияның поэзиясы секілді қағида адамзат баласының танымына сөз өнерін тани және таныта алатын қабілет дарығалы бері айтылып келеді. Қадыр Мырзалиев өзінің ақындық, азаматтық өмірінің мәні мен мағынасын осыдан, поэзияның поэзиясынан – лирикадан тапқан.
Ақындық өнер - өнер біткеннің алды екендігінде сөз жоқ. Шын талант үшін ақындық өнер емес, өмір. Заманның қилы қияндарында өмірі өлеңіне, өлеңі өміріне айналған талант тағдыры ғана талайлы болмақ. Мұндай талант үшін өлеңсіз өмір жоқ. Қадыр Мырзалиев – өмірі өлеңді, өлеңі өмірлі талант.
2 - оқушы:

«Менің өмірім тек әдебиет»  деп білген ақынның өлеңдері де, тапқыр сөз­дері де ондаған жылдар бойы қалың қазақтың аузында жүр. Жүре береді де! Ақын үшін бұдан өткен мерей, бұдан өткен мәртебе бола ма?! Қазақ барда Қадыр бар! Қазақ поэзиясына ХХ ғасырдың орта тұсынан өте бере келіп, соңғы отыз жылда өзіне ғана тән өзгеше мазмұн, өзіне ғана тән өзгеше пішін тапқан шын мәніндегі шынайы талант, екеу болса – бірі, біреу болса – сол біреудің өзі – осы Қадыр Мырза Әли.  Қазақ деген халқымыздың бойынан Қадыр ақынның қаламымен шұқылап жүріп тапқан жаман мінез-құлқымыз осы ғана болса, онда бұл қазақтың «жаман» дегенінің өзі жақсыға бергісіз болғаны ғой. Ал, кемшілік кімде жоқ?! Қадыр көтеріп отырған идеяның төркіні – осы!

3 - оқушы:

Бабамыздың шоқ басқан табаны мен,

бірдей екен жақсысы жаманымен:

бір жаманы – тынымсыз көше берген,

бір жақсысы- қимаған даланы кең;

Бір жаманы- жел сөзге ерген екен,

бір жақсысы- тілге ерік берген екен;

бір жаманы- кетпенге орашолақ,

бір жақсысы- найзагер, мерген екен;

Бір жаманы – кешігіп әліппе ашқан,

бір жақсысы- күйлері көбік шашқан;

Бір жаманы қыздарын малға сатып,

бір жақсысы- сүйгенін алып қашқан;

Бір жаманы – шаруасын мандытпаған,

бір жақсысы- қулықпен жанды ұтпаған;

Бір жаманы- үйленіп жеңгесіне,

бір жақсысы- жесірін қаңғыртпаған;

Тату- тәтті көршілер шыр бұзбаған,

бірге тонып суықта, бір мұздаған;

бір жаманы- сондада үй салмаған,

бір жақсысы- абақты тұрғызбаған!»…

Міне, бұл- бір жағынан, осыған дейін әр қырынан суретте көрсетілген дала шындығын енді бірде ойша байыптаудан туған жиынтық- синтез болса, екінші жағынан, байтақ далада ғасырлар бойы ғұмыр кешкен бүтін бір халықтың бір алуан мінез- құлқы екені даусыз.

4 - оқушы:

Е-е-ей!
Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп, жасап жатыр анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ осы, міне, танып қой.
Сәйгүлікті құйрық-жалы таралған,
Сүйетұғын қазақ осы, қараңдар.
Қазақ осы күй шығарып, ән салып,
Көкпар тартып, қыз қууға жаралған.
Қазақ осы - айтатұғын желге сыр,
О, ағайын, халық емес ол кесір.
Қазақ осы - аңғал-саңғал жабусыз,
Қазақ осы - ағыл-тегіл, көл-көсір.
Айхай!
Қазақ осы - ағыл-тегіл, көл-көсір.

Е-е-ей!
Қазақ осы - дала дейтін, күн дейтін,
Қазақ осы - «Өнер алды - тіл» дейтін.
Қазақ осы - қарасың ба, ақсың ба,
Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін.
Қазақ осы - көргенінен танбайтын,
Той-думансыз оты түзу жанбайтын.
Қазақ осы - алудай-ақ алатын,
Ал беруден алдына жан салмайтын.
Қазақ осы - ашық жарқын қабағы,
Қонақ келсе шабылып бір қалады.
Байқа да тұр, саған да ол кетерде,
Ат мінгізіп, жібек шапан жабады.
Айхай!
Ат мінгізіп, жібек шапан жабады.
5 - оқушы:

Е-е-ей!
Қазақ осы - құда бол деп қинайтын,
Құдаларын құдайындай сыйлайтын.
Қазақ осы - дүние мен малыңды,
Оңды-солды шашу үшін жинайтын.
Қазақ осы - жайып жатқан қанатын,
Батыр халық, ақын халық - дәл аты.
Қазақ осы - өзімсінген адамға,
Насыбайға бола өкпелеп қалатын.
Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп, жасап жатыр анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ осы, міне, танып қой.
Айхай!
Нағыз қазақ осы, міне, танып қой.

Келесі бөлім - Қа­дыр ақын не жазса да жүректің сөзін сөйлейтін.

1-оқушы: «...Сен соншама кішіпейіл едің. Ақынмын деп асқақтамай, жұрт­тың бәрімен қоян-қолтық ара­ла­сып кететінсің. Сенімен сәлем­де­су­дің өзі бір ғанибет болатын. Ақ көңіл, адал пейілмен күлімдей ке­ліп құшақтаса кеткеніңде мерейі­міз өсіп, мәз болып қала­тынбыз» (Әзілхан Нұршайықов)

2-оқушы: «Қадыр Мырзалиевтей қадау талантқа ғана айтылар бағаның салмағын ешбір сөзбен жеткізе алмайсың... Қадырды әлі әріп танымаған бүлдіршін бөбектен бастап, әріпті көзілдіріксіз көре алмайтын қарияға дейінгінің бәрі біледі. Өзін білмесе де сөзін біледі. Мұндай даусыз данқ, татаусыз танымалдылықтың сыры – Қадыр талантының қарапайымдылығында». Әбіш Кекілбаев

3-оқушы: «Қадыр – найзағайлы ақын. Дәуірдің, уақыттың өзі жаратқан өміршең ақын. Оның поэзиясы – өзіміз сүйіп отырған дәуір мінездес». Мұқағали Мақатаев

4-оқушы: «Қадыр - мықты бәрімізден де, менен де мықты ақын"

Жұбан Молдағалиев

5-оқушы: «Ол (Қадыр) жұрттың бәріне белгілі таныс, тіпті етене боп сүйекке сіңірген күнделікті өмір, тұрмыс құбылыстарынан өнегелі ой түюге өте шебер. Бірақ бұл түйін миға қонбайтын, кісіні мезі қылатын жалаң үгіт-өсиет емес, миға да, жүрекке де оңай жол табатын ақыл мен сезімнің жарасымды түйіні. Ал үні болса жылы, жұмсақ, онда елірмелік те, лепірмелік те жоқ – жатық, жағымды» Мұхамеджан Қаратаев

6-оқушы: «Туған жер туралы толғанысты оның тарихы, салт-дәстүрі, халықтың жақсы мінездері жайлы ойлармен ұштастыруда. Қ.Мырзалиевтің ізденістері өте бағалы. «Ой орманы», «Дала дидары» кітаптары қазақ тағдыры жайлы ақынды тебіренткен ойлардың біздің бүгінгі өмір-тіршілігіміздің мән-мақсатын сезінуге бастайтынын көреміз. Ол шындыққа, құбылыстың сырына, дала тарихына ой көзімен қарауға үйретеді»

Серік Қирабаев

7-оқушы: «Біздің арамызда ең көп оқитын, көп білетін ақын – осы Қадыр. Біздің арамызда көп ізденетін, сол іздегенін көбірек табатын да Қадыр»  

Тұманбай Молдағалиев

8-оқушы: «Ол - бай, бірегей талант, жұлдыз болғанда... мәңгі жұлдыз! Ол – ақын Қадыр" Хамит Ерғалиев

9-оқушы: «Енді тұрысына көшсек, мүбәда қазақ поэзиясына осы ғасырдың орта тұсынан өте беріп, соңғы отыз жылда тек қана өзіне тән өзгеше мазмұнын ашқан, тек қана өзіне тән өзгеше пішінін тапқан, шын Қадыр Мырзалиев» Зейнолла Қабдолов

10-оқушы: «Қадыр Мырза Әли - ұлт ақыны. Қазақ деген тегі мықты, тарихы бай, тағдыры күрделі, түйсігі мың қатпар, қалтарысты, астарлы, тысты, алапат тілді, қабілетті қаһарман, қайсар халықтың тұңғиығына бойлап, кеңдігіне кепіл боп, бітімімен біте қайнасып, ұлылығын, рухын,ар-ұятын, үмітін барынша әспеттей отырып, кемшінің мінін,қайғысын, сорын азаматтық тұрғыда қазып айта алған, сыншыл да ойшыл ақын. Ұлы ақын»

Күләш Ахметова

1-жүргізуші: «Қайда жүрсем де, қайда отырсам да,көңілім жазу үстінде болды... Сондай сәттерде, дүниенің бәрін талақ етіп, адам баласы тұрмайтын иесіз аралдардың біріне, тіпті болмағанда, түпкірдегі қазақ ауылдарының біріне көшіп-ақ кеткің келеді. Қайтерсің! Бұл – арман ғана ғой», - деп, бір сәт налыстық танытқан Қадыр ақынның өзі де, кім білсін, осы өкінішті арқалап өтті ме өмірде... Мүмкін. Ол да мүмкін!

2-жүргізуші: «Біз бәріміз де адамбыз, бәріміз де пендеміз! Менің міндетім – пайғамбардың, немесе, періштенің бейнесін жасау емес, кәдімгі өзіміздей, бірде – кісі, бірде – пенде, яғни, мына мың құбылған тіршіліктің өкілдерін еске алу», - дейді. Бойдағы Құдай берген жазушылық қасиет – ол – дарын ғана. Ал, сол дарынды әрі қарай дамытып, ұштап, талмай жұмыс істеген адам, яғни, жазуды кәсіпке айналдырған адам –шын жазушы – сол. Бұл орайда, оза шауып, Қадыр Мырза Әлидің алдына түсетін қаламгер аз болар, сірә.

1-жүргізуші:   Ақын: «Елу жыл үзбей жазып келемін. Бейне, мәңгілік двигатель секілді жұмыс істеппін. Бір күн, бір апта, бірер ай қағаз-қаламнан қол үзген кездерім болған шығар, ал, енді, он екі ай, яғни, бір жыл жазбай кеткен кезім болған емес», - дейді.

2-жүргізуші: Бұл – жазушылықты еңбек деп бағалаған, оны шын сүйген адамның сөзі. Бұл орайда да ақын – кімге де болса, үлгі-өнеге. Қазақ бар да сен де барсың, Қадыр аға!- дей отырып, бүгінгі іс – шарамызды аяқтаймыз.




Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі