Сыныптан тыс іс шара Абай дана Абай дара қазақта 5-7 сынып

Тақырып бойынша 13 материал табылды

Сыныптан тыс іс шара Абай дана Абай дара қазақта 5-7 сынып

Материал туралы қысқаша түсінік
Абай шығармашылығын дәріптеу мақсатында өткізілген іс шара
Материалдың қысқаша нұсқасы

Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған

«Абай-дана, Абай-дара қазақта» атты сыныптан тыс іс-шара

Х.Тастановтың «Би» күйі Орындайтын:домбырашылар

1.Жүргізуші (Зулфия)

Құлақтан кіріп, бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй

Көңілге түрлі ой салар

Әнді сүйсең, менше сүй

2. Жүргізуші(Нурхаят)

Зулфия, мына оқыған өлеңің өлең, ән-күй туралы жазылған идеялық жағынан өте күшті, көркемдік қасиеті де соған сай тамаша шығарма ғой. Домбыраның күмбірлеген даусы естілгенде делебесі қозып, төбе құйқасы шымырламайтын, шабыты шарықтап туламайтын адам болмаушы еді. Сол секілді осы бір шумақтар қазір ғана тыңдаған күйдің арқасында көмейіңе оралып, сыртқа шығып тұрма? Өлең жазатын қасиетің бар ма еді?

1.Жүргізуші

О,не дегенің,Нурхаят?Бұл қазақтың данышпан ақыны, ойшыл, дана ғұламаларының бірі, ұстаз,ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер, аудармашы, саяси қайраткер, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай Құнанбайұлының «Құлақтан кіріп, бойды алар» өлеңі ғой

2.Жүргізуші Қапияда ойланбай тілімнен жазым болдым-ау Зулфия. Абайдай алыптың қаламынан туған мынадай өлеңін білмегенім өзіме сын.Дереу кітапханаға барып ізденбесем болмайды

1.Жүргізуші: Нурхаят,қайда барасың,тоқтай тұр.Бүгіндікке кітапханаға бармаяқ Абай атамыздың телегей теңіз шығармашылығынан хабардар бола аласың

2.Жүргізуші: Қалай сонда,Зулфия.

1.Жүргізуші:Бүгін 5,6-7 сынып оқушыларының Абай шығармашылығы жайлы дайындаған іс-шарасы бар

2.Жүргізуші:Қандай ,тамаша.Сәттілік серіктерің болсын оқушылар

Екі жүргізуші бірдей:Ендеше бүгінгі іс-шараға жиналған құрметті ұстаздар мен оқушылар және ата-аналар заманының заңғары болған Абай шығармашылығын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отырған "Абай-дана, Абай-дара қазақта" атты сыныптан тыс іс-шарамызға қош келдіңіздер!

1.Жүргізуші: Абай рухы аспандай асқақ, қара жердей қасиетті, ақын ойы қазақтың кең байтақ даласындай барлық құпия сырын ішке түйіп жатыр.Абайдың бір өзі-тұтас әлем және көрінгенге ашыла бермейтін, қалтарысы көп жұмбақ әлем, зерттелмеген мұхит,игерілмеген ,ғарыш.Ия, Абайды біз танығанмен,Абай туралы бәрін білеміз деп айту қиын.

2.Жүргізуші:Оқушылардың Абай жайлы айтарлары бар сияқты. Сахнада: Шахмардан, Нурислам, Билол, Мақсут,Саидахмад,Нурдаулет,Қутлуғбек

1-оқушыШахмардан: Ұлы ақын,ағартушы,қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы-Абай Құнанбайұлы 1845 жылы Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді.

2-оқушыНурислам:Абайдың әкесінің аты-Құнанбай, анасының аты-Ұлжан болған.Құнанбай өз заманында атақты, беделді ақсүйектердің бірі болды.19 ғасырдың соңында Құнанбай патша үкіметінің сайлауымен Қарқаралы ауданының аға сұлтаны болып бекітіледі.

3-оқушы Билол: Жас шағындағы Абайдың тәрбиесі әкеден гөрі жұмсақ мінезді мейірімді шешесі Ұлжан мен кәрі әжесі Зере бауырында өтеді. Абай он жасына дейін ауылда өсіп,елдегі молдадан оқыды.

4-оқушы Мақсут: Абай әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашады да, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды.Бұл медреседе араб,парсы тілдерінде,негізінен, дін сабағы жүргізіледі.

5-оқушы Саидахмад:Ахмет Риза медресесінің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы «Приходская школаға» да қосымша түсіп, орысша сауатын аша бастайды.Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі 3 жылдан соң оның мұсылманша да,орысша да оқуы аяқталады.

6-оқушы Нурдаулет: Абайдың басқа балалардан алымдылығын аңғарған Құнанбай оны елге шақырып алып,өз жанына ертіп, әкімшілік-билік жұмыстарына араластырмақ болады.Сөйтіп 13 жастағы Абай ел ісіне араласа бастады.

7-оқушы Қутлуғбек: Абайдың есімін ел арасына даңқты еткен қасиеті оның билік айтуы болған. Көптеген дауды әділетті шешкен. Өз құқығын қорғау үшін ел адамдары Абайға келіп жүгінген.

1.Жүргізуші:Абай өлең жазуды 10 жасында бастаған екен.Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы –«Қансонарда» 1882 жылы жазылған.

2.Жүргізуші: Абай шығармалары үш жүйемен өрбиді:бірі-өз жанынан шығарған төл өлеңдері, екіншісі-ғақлия (немесе Абайдың қара сөздері) деп аталатын прозасы, үшіншісі-өзге тілдерден ,әсіресе, орысшадан аударған өлеңдері.

1.Жүргізуші:Абай аудармаларының тарихи әлеуметтік мәні үлкен.Өйткені, ең алдымен қазақ жұртшылығы Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков тәрізді дүниежүзілік әдебиетінің ірі тұлғаларымен бірінші рет Абай арқылы танысты.

2.Жүргізуші:Өзінің зор талант,асқан шеберлігінің арқасында ұлы ақындардың үлы еңбектеріндегі үлкен идея, әдеби сұлулықты қазақ оқушыларының ой сезіміне жеткізе аудара білді.

1.Жүргізуші: Сондай шоқтығы биік аударма өлеңінің сөзіне жазылған «Қараңғы түнде тау қалғып» әні бүгінгі сахнамызда орындалмақ

2.Жүргізуші: Орындайтын: 6-«Ә» сынып оқушысы Пірмаханбетова Анель

1.Жүргізуші:Кең жазықта көсіле шапқан арғымақ па, қансонарда түлкі алған аңшы ма, қас пен көздің арасында бір сәтте жоқ болатын жалған ба, көкірегін қарс айырған халық мұңы ма,жер басып жүрген пенделердің көрсоқыр надандығы ма, ел билейді деп үміт артқан ағайынның жамандығы ма, күн мен түндей мәңгілік айқасып өтер итжығыс тіршіліктегі игілік пен зұлымдық па осының бәрі Абай жырларында көрініс табады.Абай әлемі жайлы әлі бізге қаншама нәрсе беймәлім.Ендеше экраннан Абай өмірбаяны жайлы бейнефильмді тамашаласақ.

2.Жүргізуші: Абай ізінің кіршіксіз ақ жүрегін тербеткен сансыз ойларын тамаша шығармалары мен жалынды жырларының бетінен әр жолынан, әрбір сөзінен бізге соншама ыстық, соншама жарқын леп еседі. Ол өткен заманның, кешегі түркі дүниесінің соққан тынысы болса да бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды Абай –лебі, Абай - үні, дала тынысы - заман тынысы, халық үні. Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді.

1.Жүргізуші: Сахнада Абай өлеңін жатқа оқитындар: Асалия,Наргиза,Азамат, Озодбек,Оғилай, Сабина,Шырын,Нигина

Асалия:

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.
Біреу малма сапсиды, салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.
Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы жүр, ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.
Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.
Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы,
Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.
От жақпаған үйінің сұры қашып,
Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы.

Наргиза:

Адамның кейбір кездері
Көңілде алаң басылса;
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлыттан ашылса.

Сылдырлап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.

Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.

Азамат:

Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.


Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол - ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.

Озодбек:

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?

Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме.

Оғилай:

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Әуес көріп жүгірген жас балалар,
Беті-қолы домбығып, үсік шалды.
Шидем мен тон қабаттап киген малшы
Бет қарауға шыдамай теріс айналды.
Қар тепкенге қажымас қайран жылқы
Титығы құруына аз-ақ қалды.
Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр,
Малшыларым, қор қылма итке малды.
Соныға малды жайып, күзетіңдер,
Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!
Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін,
Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.

Сабина:

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат.

Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,
Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша.
Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,
Абайлар әрбір сөзді өз халынша.

Шырын:

Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә өмір өтпек ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.

Сағаттың өзі ұры шықылдаған,
Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,
Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.

Өткен өмір белгісі осы сыбдыр,
Көңілді күнде сындыр, әлде тындыр.
Ақыл анық байқаған қылығыңды,
Қу шыққансып қағасың босқа бұлдыр.

Күн жиылып ай болды, он екі ай жыл,
Жыл жиылып, қартайып қылғаны бұл.
Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,
Жалғаны жоқ бір тәңірім, кеңшілік қыл

Нигина:

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі


Түйе боздап, қой қоздап - қора да шу,
Көбелек пен құстар да сайда ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су.
Көрініс

Киіз үй ішінде әжесі Зере ұршық иіріп отырады, Ұлжан апасы құрақ көрпеше тігіп отырады және Абай. Үстел үстінде дастархан, бауырсақ, қымыз, ожау, кеселер. Керегеде қамшы, домбыра, қасқыр, түлкі терісі.
1.Жүргізуші: (Зулфия)
Биыл Абай мүшел жаста. Ол атқа мініп жүруге жарағанымен, үйден көп шықпайды. Оның күндегі ермегі Зере әжесі мен Ұлжан анасынан әңгіме айтуды өтіну.
Абай: (Икром) Әже, бір қызықты әңгіме айтып беріңізші.
Әжесі: (Әселхан) Е-е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен….                                                     (Осы кезде екі адам Байкөкше мен Барлас кіреді)
Байкөкше:(Акмал)
Сәлем бердік. Үйлеріңізге құдайы қонақ келді.
Әжесі:  Сәлеметсіңдер ме? Онда түсіңдер. Қонақ болыңдар. Жоғары шығыңдар. Жақсы болды ғой.
Ұлжан: (Асалия) Ал, балам! Әжеңмен екеумізді қажай беруші едің, әңгіме жырдың дүкені, міне, жаңа келді. Қасында отырған кісі – Барлас ақын. Ал мына ақынды сен танисың.
Абай: Ия, апа! Мен Байкөкше ақынды танимын. Былтыр бізге «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын айтып берген. Ол жыр әлі есімде.
Барлас: Е, балам! Қазақ сөйлеуді де, тыңдауды сүйген ел. Тыңдауға өзің жалықпасаң, айтуға біз де жалықпаймыз.
Әжесі: Тамақ әзір болғанша, жыр әңгімелеріңді айта отырыңдар.
Байкөкше: Олай болса Барлас ақын «Қобыланды батыр» жырын жырлап берсін.
(Экранда Қобыланды батыр туралы мультфильм көрсетіледі)
Барлас:(Хусниддин)  «Қобыланды батыр»
жырынан үзінді оқиды.
Кешегі өткен заманда,
Қарақыпшақ Қобыланды
Мініп алып атына,
Қызыл ерге келеді.
Мініп алып тор атқа
Дүрілдетіп жөнелді.
Қызыл ерді сүйретті,
Ішінде шеңгел тікенге,
Өкпе-бауырын түйретті,
Қабырғасын күйретті.
Менсінбеген дұшпанды,
Ақыл тауып үйретті,
Қобыланды ерлік көрсетті.
Абай:  Ата, мұны айтқан кім? Осы жырды шығарған кім?
Барлас: Әріден келе жатқан жыр ғой. Халық аузынан тараған, балам.
Байкөкше: Ал, рұқсат болса біз жүрейік. Алда барар жеріміз көп.
Әжесі: Асықпаңдар. Әлі біраз күн қонақ болып кетіңдер.
2.Жүргізуші:(Нурхаят)Осы жолы Абайдың тілегі бойынша Байкөкше мен Барлас бір ай қонақ болды. Бала Абайдың зеректігін байқаған Барлас ақын оған жыр арнап, өз домбырасын сыйға тартады.
Барлас: Шырағым ер жетерсің,
Ер жетсең, сірә не етерсің.
Алысқа шырқап кетерсің,
Шыңдасаң, шыңға жетерсің. (Абайға домбырасын ұсынады)
Абай:
Апа, қонақтарды жақсы сый беріп аттандырыңызшы.
Ұлжан: Міне, сіздер жақсы сөздеріңізбен баламның көңілін көтеріп, ем әкелгендей болдыңыздар. Рахмет сіздерге.
Әжесі:Тағыда келіп тұрыңдар. Жолдарың болсын! Келген сапарларыңа тыста бір азырақ ырым байлаттым, ала кетіңдер. Риза болып аттаныңдар. Ал, Абайжан қонақтарға жол көрсетіп, шығарып салайық! (Рахмет айтып барлығы сахнадан шығып кетеді.)

2.Жүргізуші:

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
„Мені" мен „менікінің" айрылғанын
„Өлді" деп ат қойыпты өңкей білмес.

Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған,
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, -
деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге жол алып келеді.
Сахнада:Умида, Шадиена,Феруза,Атабек,Хуршид,Мадияр,Шадияна

Умида:

Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз.

Жүрегі - айна, көңілі - ояу,
Сөз тыңдамас ол баяу.
Өз өнері тұр таяу,
Ұқпасын ба сөзді тез?

Әбілет басқан елерме,
Сөзге жуық келер ме?
Түзу сөзге сенер ме,
Түзелмесін білген ез?

«Айтшы айтшылап» жалынар,
Ұққыш жансып шабынар.
Ұқпай жатып жалығар,
Ұйқылы-ояу бойкүйез.

Шадиена:

Өзгеге, көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
Сайра да зарла, қызыл тіл,
Қара көңілім оянсын.
Жыласын, көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын.
Қара басқан, қаңғыған,
Хас надан нені ұға алсын?
Көкірегінде оты бар,
Құлағын ойлы ер салсын.
Тыңдамаса еш адам,
Өз жүрегім толғансын.
Әр сөзіне қарасын,
Іштегі дертім қозғалсын.
Әуелесін, қалқысын,
От-жалын боп шалқысын.
Жылай-жырлай өлгенде,
Арттағыға сөз қалсын.
Мендей ғаріп кез болса,
Мойын салсын, ойлансын.
Қабыл көрсе сөзімді,
Кім таныса, сол алсын.
Не пайда бар - мың надан
Сыртын естіп таңдансын.
Онан дағы бір есті
Ішкі сырын аңғарсын.
Өздерің де ойлаңдар,
Неше түрлі жан барсың.
Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың.
Жүрегіңмен тыңдамай,
Құлағыңмен қармарсың.
Соны көріп, соларға
Қайтіп қана сарнарсың?!

Феруза:

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда?
Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,
Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.

Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,
Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда.
Мұнан менің қай жерім аяулы деп,
Бірге тұрып қалады кім майданда?

Атабек:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.

Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды.
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.
Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай,
Және айта бер дейді жұрт тыным бермей

Хуршид:

Әуелде бір суық мұз ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,
Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек

Мадияр:

Жүрегім, нені сезесің,
Сенен басқа жан жоқ па?
Дүниені, көңілім, кезесің,
Тиянақ жоқ па, қой, тоқта!

Сезгеніңді сездіріп,
Жете алмадың ортаққа.
Тірі жаннан бездіріп,
Апарасың қай жаққа?
Ортақтық, тыныштық достық қой,
Оның қадірін кім білер?
Әркімге-ақ тілеу қостық қой,
Бәрі — алдамшы саудагер.

Халықтың аты керек қой
Я мақтауға, боқтауға.
Құбылға бәрі зерек қой,
Бәрі жайсыз тоқтауға.

Досты қайдан табасың,
Кеңесерге адам жоқ.
Әрлі-берлі шабасың,
Жалғыздықтан жаман жоқ.
Шадиена:

Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.

2.Жүргізуші:

Әннің де естісі бар, есері бар

Тыңдаушының құлағын кесері бар

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің өсері бар

1.Жүргізуші:Сахнада Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні Орындайтын: Егемберді Нұрзия, Муталип Айару, Ақылбек Райан

1.Жүргізуші:

Жастайынан ел басқаруға араласқан Абай қазақтың білгірлері, шешендері, ақындары,

жыршыларымен жиі кездесіп, өз халқының рухани мәдениетімен ерте сусындайды. Өзі де билер секілді шешен сөйлеуге үйренді. Жас күнінде оқи алмағанын арман етіп кейінгі ұрпаққа:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, - деп өсиет қалдырды.

2.Жүргізуші: Қазір бізді тамашалап отырған көрермендеріміз қаншалықты Абай өмірбаянынан хабардар екен соны байқап көрсек.Мен сұрақ қоямын сіздер жауап берсеңіздер.Дұрыс жауабын тапқандарға кәде-сый бар.

1.Абай алғашқы өлеңдері қай ақынның атынан жарияланып отырды?( Көкбай )

2. Абай туралы ең алғаш мақала жазған кім?( Әлихан Бөкейханов, 1903жылы Петербургта  жазған).

3.Абайдың қандай поэмалары бар?(Ескендір,Масғұт,Әзім әңгімесі).

4.Абайдың қанша күйі бар? Аттарын ата.( Үш күйі бар: «Тоқжанға», «Май түні», Абайдың желдірмесі»).

5.Ділдәдән туған балалары.(Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия).

6. «Қазақтың бас ақыны  -Абай Құнанбаев» деп атаған кім?( Ахмет  Байтұрсынов).

7.Абайдың аяқталмаған поэмасы.(«Әзім әңгімесі».)

8.Абай Лермонтовтан қанша шығарма аударған?(Жиырма жеті шығарма аударған).
9.Абайдың әжесінің және шешесінің аттарын ата.( Зере, Ұлжан.)

10.Абайды сипаттайты 10 сөз айт (қазақтың данышпан ақыны, ойшыл, дана ғұламаларының бірі, ұстаз,ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер, аудармашы, саяси қайраткер ).

11.Әйгерім кім? Әйгерімнің шын атын ата.(Абайдың екінші әйелі, шын аты Шүкіман.)

12.Абай өлеңдер жинағы қай жылы басылып шықты және қай қалада?( 1909 жылы Петербургта).

13.«Абай жолы» романын кім жазды?( Мұхтар Әуезов).

14. Абайдың бір өлеңін жатқа айта аласың ба?

1.Жүргізуші:Осымен Абай өмірбаяны жайлы сұрақ-жауап кезеңімізді аяқтаймыз

2.Жүргізуші:Ортада: Қамажай биі Бабашева Мехринса

1-жүргізуші:Нурхаят Абай атамыз:«Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, егер кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ»-деп түйінді ойларын қай шығармасында айтқан деп ойлайсың?

2.Жүргізуші:Бұл әрине қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың даналық дүниетанымын даралап көрсететін қара сөзінен соның ішінде бірінші қара сөзінен алынған

1.Жүргізуші: Бәрекелді ,Нурхаят, Абай қара сөздерін жақсы біледі екенсің. Он жетінші қара сөзінде білесің ба?

2 жүргізуші:Онысын толық білмейді екенмін.

1.Жүргізуші:Ендеше сахнада он жетінші қара сөзінен көрініс Муқадас,Жасмина,Мехринса,Гузал, Хасан

Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғының; әуелі, өзіңді білуге ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол - менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те - менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?» - депті. Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын - мен, сенің сөзіңді ұғатұғын - мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» - депті. Онан соң жүрек айтыпты: «Мен - адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын - мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын - мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын - мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын - мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» - депті. Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты: - Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа да көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман, - депті. -Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да - бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның екеуінің де сүйенгені, сенгені - сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман, - депті. - Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ - менің ісім, - депті. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады. - Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, - деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. - Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам - сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, — депті.

1.Жүргізуші: Абай – қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлға, маңдай алды ақын екені таңдаулы туындылары дүние жүзі поэзиясының озық үлгілері мен деңгейлес тұрғаны - білген адамға айқын шындық. Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» мақаласында «Абайдан асқан бұрынғы соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ»,- деп аса жоғары баға қояды. Абай - әлемі ұлы қазына, біз тек ақын өлеңдерінің аз ғана бөлігін қамтуға мүмкіндік алдық. Бүгін ХХІ ғасырдың басында біз Абайдың шығармашылығынан қазаққа қажет руханилықты табамыз. Бізден кейінгілер де өздеріне қажетін табатыны сөзсіз. Себебі Абай – адамзат ақылманы.

2.Жүргізуші:

Кешімізді Сағынғали Сейітовтың «Кім?» өлеңімен аяқтағым келеді.

Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?
Жырымен жан сусынын қандырған кім?
Өзіне өзі орнатып ескерткішті
Мұра ғып кейінгіге қалдырған кім?
Ерте оянып, ойланып ержеткен кім?
Талабын тас қияға өрлеткен кім?
Құба жон, құбақан құм құла қырды
Өлеңнің бесігінде тербеткен кім?
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен кім?
Үнінен әділдіктің лебі ескен кім?
Арманын аттандырған келешекке
Біздермен осы күнгі тербеткен кім?
Тайсалмай мыңмен жалғыз алысқан кім?
Өзендей құйған барып көк теңізге
Лермонтов, Пушкиндермен табысқан кім?
Көрікті көңілде жыр, қолда қалам
Өмірдің өріне өрлей басқан қадам
Қазақтың өлеңінің ұлы атасы,
Ол - Абай, Ұлты - қазақ, Аты –Адам.

Абай Әлемін бүкіл дүниеге таратушы кемеңгер Ұлы Мұхтар «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. Ал біз Ұлы ғұлама тереңіне бас қойғанымызбен, тек қана сол тереңнен дәм таттық қой деп ойлаймын. Сол себептен оқудан, білуге ұмтушылықтан, ізденуден жалықпайық.Келесі кездескенше хош сау болыңыздар














Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
21.11.2025
42
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі