Табиғат пен туған жерге деген сүйспеншілік – Сырбай поэзиясының лирикалық арналары

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Табиғат пен туған жерге деген сүйспеншілік – Сырбай поэзиясының лирикалық арналары

Материал туралы қысқаша түсінік
Бұл мақалада қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Сырбай Мәуленов шығармаларындағы табиғат пен туған жерге деген сүйіспеншілік тақырыбы қарастырылады. Сөз зергерінің табиғат құбылыстарын суреттеудегі тілдік-стильдік ерекшеліктері, көркемдік бейнелер, табиғаттың адам жаны мен көңіл күйімен астасып берілуі назарға алынады.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Жақсылық Сәнімгүл Сәкенқызы

Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының

«Жангелдин ауданының білім бөлімі

Аманкелді атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ-нің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі


Табиғат пен туған жерге деген сүйспеншілік – Сырбай поэзиясының лирикалық арналары


Аннотация: бұл мақалада қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Сырбай Мәуленов шығармаларындағы табиғат пен туған жерге деген сүйіспеншілік тақырыбы қарастырылады. Сөз зергерінің табиғат құбылыстарын суреттеудегі тілдік-стильдік ерекшеліктері, көркемдік бейнелер, табиғаттың адам жаны мен көңіл күйімен астасып берілуі назарға алынады.

Кілт сөздер: Сырбай Мәуленов, ақын, табиғат, туған жер, сүйіспеншілік, поэзия,көркемдік бейне.

Қазақ әдебиетінде табиғат пен туған жер тақырыбы ежелден бері ең басты арналардың бірі болып саналады. Ұлттың рухани болмысын, дүниетанымын,елдік санасын бейнелейтін бұл тақырып жыраулар поэзиясынан бастау алып, ХХ ғасыр әдебиетінде жаңа көркемдік деңгейге көтерілді. Туған жерді жырлау – тек жердің сұлулығын бейнелеу ғана емес, ол – елдікті, ерлікті, халықтың тарихи жадын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани сабақтастықты бейнелеу тәсілі.

Жыраулар поэзиясында туған жерге сүйіспеншілік идеясы ел қорғау, жерді сақтап қалу ұғымдарымен астасса,осы дәстүрді ХХ ғасырдың екінші жартысында жалғастырып, жаңа сипатпен толықтырған ақындардың бірі – Сырбай Мәуленов.

Сырбай Мәуленов – Ұлы Отан соғысына қатысқан, елдік мұрат пен ұлттық рухты терең сезінген, туған жердің әр тасы мен әр талын жүрек лүпілімен суреттеген ақын. Оның шығармашылығы табиғат пен туған жерді эстетикалық сұлулық, рухани тірек, ұлттық болмыстың белгісі ретінде жырлаумен ерекшеленеді. Ақынның табиғат лирикасында туған өлкенің көріністері кейде нәзік сыр, кейде асқақ пафос, кейде тарихи жадымен астасқан бейнелер арқылы өрнектеледі.

Қазақ поэзиясындағы табиғат пен туған жер дәстүрі

Қазақтың ауыз әдебиеті мен жыраулар поэзиясында туған жер – қасиетті ұғым. Доспамбет жырау: «Айнала бұлақ басы Тең, Азаулының Стамбұлдан несі кем?!» деп туған өлкені қастерлей жырлап,ел мен жерді қорғаудың азаматтық парыз екенін көрсеткен. XIX ғасырда Абай табиғатты терең философиялық тұрғыдан сипаттап, «Жазғытұры», «Жаз», «Күз», «Қыс» секілді өлеңдерімен қазақ поэзиясында табиғат тақырыбын жаңа белеске көтерді. Осы дәстүрдің заңды жалғасы ретінде Сырбай Мәуленовтің поэзиясы - туған жер мен табиғатқа деген сүйіспеншілік арқау болған туындылар. Оның лирикасында туған өлке – тек географиялық мекен емес, табиғат пен туған жерге деген махаббаттың көркем бейнесі.

Сырбай Мәуленов поэзиясындағы туған жер бейнелері.

Сырбай Мәуленовтің «Тобыл», «Тосын», «Туған жер», «Туған ел», «Кең өлке», «Тосын жазы», «Туған жерім,ыстықсың» сияқты өлеңдері – ақынның туған өлкені жырлаған шоқтығы биік туындылары.

«Тобыл» өлеңінде ақын өзенді жанды бейнеге айналдырады:

Аймалатып төсімді

Айдынына Тобылдың,

Аунап түсіп ағынға

Аққу құстай шомылдым.

Өзенін, елін қорғаған

Қарасындай көзінің.

Арқадан қағып ардақтап

Сүйді Тобыл өз ұлын[1.44].

Бұл жолдарда табиғат пен адам егізделіп, туған жердің өзені перзентін құшағына алғандай әсер береді. Ақын эпитет пен теңеуді қатар қолдана отырып, Тобылды анаға, ал өзін аққуға балайды.

«Тосын» өлеңінде туған жердің құмды шоқылары мен тауларын ақын нәзік те асқақ бейнелер арқылы суреттейді:

Құмдарының шоқысы,
Көк торғынды жамылған.
Келіншектей сән түзеп,

Сәукеле бұлттан салынған.

Құмдарының шоқысы,
Көк торғынды жамылған[1.45 б.].

Мұнда туған өлке жас келіншекке теңеліп, әсемдік пен нәзіктіктің символына айналған. «Жалын күні жадымнан» деген тіркес туған жерді сағынған сарбаздың майдандағы халін білдіріп, бір мезгілде соғыстың қасіретін де меңзейді.

Сар дала сан ғасырдан келе жатқан,
Аялап алақанға алдың мені.
Бал күнім, сенде өтті балалығым,
Әлемнің рақатты көктеміндей.
Құшақтап қызыл барқыт дала гүлін,
Өмірде жүзіп барам көкте күндей.
Туған жер сіңіп кеткен тоғайыңа,
Балалық күндерімді алыс қалған
Естіп мен шаттанамын әрдайым да,

Жамыраған көшедегі дауыстардан[1.46 б.], - деп жырға қосқан өлең шумақтары және «Туған жер» өлеңінде ақын балалық шағын еске алып, туған өлкенің әр қырын қастерлейді:

Биік шыңның бауырында

Бұйра толқын бал бұлақ.

Бүгін мені қарсы алғандай

Ағып жатыр сылдырап[1.51 б.].


Туған жердің табиғаты мұнда кейіптеу арқылы жанды бейнеге айналған. Өзен ағып қана қоймай, ақынды қарсы алғандай әсер береді.

«Тосын жазы» өлеңінде туған жердің жазғы табиғаты кең тыныспен бейнеленген. Әсіресе теңеулердің молдығы байқалады:

Ауру жан сырқатынан жазылғандай,

Жан сүйген жар секілді жазық маңдай,

Бұралған қыз беліндей қызыл жыңғыл.

Шыңдары алтын күнмен бірге өскендей,

Таулардың бұлағымен тілдескендей,

Көзіңнің әкеткендей тартып нұрын,

Келгендей төрт түлікке бола сақтап,

Тұрғандай күйге малып айналаны[1.57 б.].


Бұл бейнелер арқылы табиғат адамның рухани күйімен үндесіп тұр. Ақын туған жерін жанашыр жарға, нәзік қызға теңеп, оған деген махаббатын терең сезіммен жеткізеді.

Тілдік-стильдік ерекшеліктер.

Сырбай Мәуленов поэзиясының ең басты ерекшелігі – тілдік өрнектің байлығы.

Эпитеттер: өз ұлы, құмдарының шоқысы,жалын күні, көк аспанға өрлеген шыңдар, көлеңкесі көлбеген нулар, сары дала, қоңыраулы өзен, бал күнім,дала гүлін, балалық күндерім, бұйра құмның бөктері жаз самалы, биік шың, бал бұлақ, ғажайып нұр, көк орманы, бала бүркіт, күміс суын, көкалалы жылқы, отыз мың мал отар, сұлу Тосын, алтын таң шапағымен – туған жердің айрықша бейнесін жасайды.

Метафоралар: көк торғынды жамылған, келіншектей сән түзеп, сәукеле бұлттан салынған,таулар көкке төркіндеп, оранған жібек сағымнан, асқар тау — ақсақалды әкем менің,алтын күн — ардақты ана мейіріндей – табиғат құбылыстары адам бейнесімен салыстырылады.

Теңеулер:

«Келіншектей сән түзеп», «бұралған қыз беліндей», «жазық маңдай жан сүйген жар секілді» – туған жерді әйел бейнесімен астастыру арқылы нәзіктік пен сұлулықты айқындайды. Адал жанның пейіліндей, ардақты ана мейіріндей, әлемнің рақатты көктеміндей, көкте күндей, ауру жан сырқатынан жазылғандай, жан сүйген жар секілді жазық маңдай, бұралған қыз беліндей қызыл жыңғыл, шыңдары алтын күнмен бірге өскендей, таулардың бұлағымен тілдескендей, көзіңнің әкеткендей тартып нұрын, келгендей төрт түлікке бола сақтап, тұрғандай күйге малып айналаны, құм жатыр жолбарыстай жоталанып.

Кейіптеу: арқадан қағып ардақтап, сүйді Тобыл өз ұлын. аш қойныңды,Тосыным,келді ұлың сағынған, бүгін мені қарсы алғандай, ағып жатыр сылдырап. О, достарым, туған жердің, жүзі ыстық керемет, көтерген көк орманы қарқарасын,
бұрқырап бұлақ ойнап құм төсінде,
ұқсайды табиғаттың еркесіне, шыңдары алтын күнмен бірге өскендей,
бұлттан бойын тартып бір сескенбей, қарайды келешекке сұлу Тосын,
алтын таң шапағымен оқаланып – табиғат адамша әрекет етеді.

Аллитерация мен ассонанс: көк торғынды жамылған, келіншектей сән түзеп, қаршыға ұшып шыңында, қарсақ жортқан қалыңнан, буларыңды сағындым, бұлағыңмен суарып, биік шыңның бауырындаұйра толқын бал бұлақ, бүгін мені қарсы алғандай. Ақкөңіл адал жанның пейіліндей,асқар тау — ақсақалды әкем менің,алтын күн — ардақты ана мейіріндей – дыбыстық үндестік өлеңнің әуезділігін арттырады.

Осы тілдік-стильдік құралдар ақын поэзиясының көркемдік қуатын арттырып, туған жерді жырлаудың әсерлі үлгісін көрсетеді.

Сырбай Мәуленовтің поэзиясында туған жерді жырлау жеке сезім шеңберінде ғана қалмай, елдік сана мен тарихи жадының көрінісіне айналады. Ақын туған жерді халық тағдырымен сабақтастыра отырып, ұлттық болмыстың мәңгілік өзегін танытады.

Мәселен, «Тосын» өлеңінде:

Құмдарының шоқысы,
Көк торғынды жамылған.
Келіншектей сән түзеп,
Сәукеле бұлттан салынған.
Қаршыға ұшып шыңында,
Қарсақ жортқан қалыңнан
Таулар көкке төркіндеп,
Оранған жібек сағымнан.
Аш қойныңды, Тосыным,
Келді ұлың сағынған.

Шыққан жоқсың,Тосыным,

Жалын күні жадымнан.
Құмдарының шоқысы,
Көк торғынды жамылған.
Көк аспанға өрлеген,
Шыңдарыңды сағындым.
Көлеңкесі көлбеген,
Нуларыңды сағындым.
Көктемде ұшқан деміңдей,
Буларыңды сағындым.
Бұлағыңмен суарып,
Қандыр шөлін жанымның[1.45 б.],- деген жолдар бар.

Мұндағы «жалын күні» майдандағы қанды күндердің символы. Бұл тіркес арқылы ақын туған жерін сағына еске алғанда, соғыстың қасіретті кезеңдері де ойына оралатынын көрсетеді. Яғни туған өлке бейнесі – халықтың тарихи тағдыры мен жадымен ұштасқан көркем образ.

Ал «Туған ел» өлеңінде:

Туған ел, өскен жер,
Ыстықсың жаныма.
Күн нұры, жаз лебі
Тараған қаныма.
Тамаша тарихтың
Бәріне куәсің.
Ерліктің, даңқтың
Сақтадың мұрасын.
Ғажайып ертегі,
Ертеңгі күндерің.
Арқаң ғой өзіңнің[1.60 б.],
Алшаңдап жүргенім, - деген жолдар туған елді халықтың батырлық шежіресімен, елдік тарихымен сабақтастырады. Ақын туған жерді тек географиялық мекен ретінде емес, ерлік пен даңқтың мәңгілік сақтаушысы ретінде сипаттайды. Мұнда елдік сана туған жерді қорғау, оны құрметтеу арқылы ұлт тарихын құрметтеумен астасып жатыр.

Экологиялық сана мен ұлттық таным.

С.Мәуленов поэзиясында табиғатты бейнелеу тек эстетикалық сипатта ғана емес, экологиялық сана тұрғысынан да айқын көрінеді. Ақын туған жер табиғатын қастерлеу арқылы оны қорғаудың қажеттілігін жеткізеді.

«Кең өлке» өлеңінде туған жердің мәңгілік өмірмен теңестірілуі табиғатқа экологиялық көзқарастың көрінісі:

О, сүйікті көз жеткісіз кең өлкем,
Сенсің күнім, сенсің айым, сен еркем.
Артымда сен аман қалсаң болғаны,
Бұл өмірден кеткенімде мен ертең.
Шайы орамал шайқалады нуларың,
Бал шараптай бұйра толқын суларың.
Боз топыраққа боз торғайдай шыр етіп,
Түскенімде тербеді от жырларың.
Бойды жазып талай жылдар құрысқан,
Жаңа шыққан қас батырдай ұрыстан.
Тауларыңды қалқан етіп кеудеңе,
Тұрсың қарап таң нұрындай шығыстан.
Сандық таулы, самал желді құба бел
Мәңгілікке мызғымастан тұра бер.
Ерлікпенен елдігіңді көтерер
Ұлдарың бар, қыздарың бар мұрагер[1.65 б.].

Мұндағы ой – адамның өмірі өткінші болғанымен, туған жердің, табиғаттың ғұмыры мәңгілік. Сондықтан оны сақтау – әр буынның парызы.

«Тосын жазы» өлеңінде табиғаттың төрт түлікке жайлы қоныс, елдің тіршілігіне құтты мекен ретіндегі бейнесі көрінеді:

Па, шіркін, құм Тосынның жазы қандай,
Ауру жан сырқатынан жазылғандай.
Көтерген көк орманы қарқарасын,
Жан сүйген жар секілді жазық маңдай.
Бұрқырап бұлақ ойнап құм төсінде,
Ұқсайды табиғаттың еркесіне.
Бұралған қыз беліндей қызыл жыңғыл,
Таласа біткен шоқы өркешіне.
Шыңдары алтын күнмен бірге өскендей,
Бұлттан бойын тартып бір сескенбей.
Басында бала бүркіт шаңқылдайды,
Таулардың бұлағымен тілдескендей.
Салт атпен араласаң көкшіл нуын,
Сапырсаң құлаш ұрып күміс суын,
Қарасаң келбетіне ертеңгілік,
Көзіңнің әкеткендей тартып нұрын.
Көлдерін көкалалы жылқы қаптап,
Төсінде асыр салған төл ойнақтап.
Табиғат құм Тосынды көкірегінде
Келгендей төрт түлікке бола сақтап.
Түн болса малшылардың салған әні,
Күндізгі тіршілікке жалғанады.
Көтерген қырмызы ту қызыл отау,
Тұрғандай күйге малып айналаны.
Ойнаған асау тайға құлдыраңдап,
Келіншек кермиықты жүр «құраулап».
Үніне күңгірлеген үйлессін деп,
Қойыпты құлындарын қоңыраулап.
Қой өрді таң сәріден үдеріле,
Қара отты, түйе мойнақ түбегіне.
Келеді қой соңында Қыстаубай шал,
Ақырын қамшы сипап күреңіне.
Қойнауын отыз мың мал отар алып,
Құм жатыр жолбарыстай жоталанып.
Қарайды келешекке сұлу Тосын,
Алтын таң шапағымен оқаланып[1.57 б.].
Бұл шумақта ақын табиғаттың халық тұрмысымен біте қайнасқанын суреттейді. Осылайша, ақын шығармаларындағы экологиялық сана ұлттық таныммен тікелей сабақтасып жатыр: жерді қорғау – халықтың болашағын қорғау.





Сырбай Мәуленов поэзиясының табиғат пен туған жерге арналған лирикалық арналары қазақ әдебиетінің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін жалғастырып қана қоймай, оны жаңа көркемдік деңгейге көтергені айқын аңғарылады. Ақын шығармаларындағы табиғат бейнесі – тек эстетикалық суреттеу немесе пейзаждық сипат емес, ол – терең философиялық мазмұнға, ұлттық дүниетанымға, елдік сана мен тарихи жадыға негізделген күрделі көркем жүйе.

Ең алдымен, ақынның туған жерге деген сүйіспеншілігі – ұлттық болмыстың басты көрсеткіші. Ол туған өлкені географиялық кеңістік ретінде емес, адам өмірінің мәні, халықтың тағдыры, елдің рухани тірегі ретінде жырлайды. Бұл тұрғыдан алғанда, С.Мәуленовтің табиғат лирикасы қазақ поэзиясындағы «жер-анаға құрмет» дәстүрінің заңды жалғасы болып табылады. Жыраулардан бастап Абай мен Мағжанға дейін жалғасқан туған жерді қастерлеу дәстүрі Мәуленов поэзиясында майдангерлік тағдырмен, сағыныш пен мұңға толы сезіммен астасып, жаңа бір көркемдік сипатқа ие болды.

Ақынның шығармашылығындағы көркемдік бейнелер – табиғатты жанды бейне ретінде суреттеу арқылы туған жер мен адам арасындағы рухани байланысты ашып көрсетеді. «Жалын күні» тәрізді символдар соғыс қасіретін, халық басынан өткен ауыр кезеңдерді еске салса, «Келіншектей сән түзеп» сияқты теңеулер туған жерді нәзік әрі әсем бейнеде елестетеді. Осындай көркемдік тәсілдер ақын поэзиясын ұлттық дүниетаныммен, халықтық жадпен сабақтастырады.

С.Мәуленовтің тілдік-стильдік ерекшелігі де назар аударарлық. Эпитет, метафора, теңеу, кейіптеу, қайталау, дыбыстық үйлесімдер – барлығы туған жердің бейнесін әсерлі, эмоционалды әрі әуезді етіп жеткізуге қызмет етеді. Аллитерация мен ассонанс өлеңнің ырғағын арттырады. Бұл тілдік-стильдік өрнектер ақын поэзиясын көркемдік тұрғыдан байытып, оқырманды туған жердің поэтикалық әлеміне жетелейді.

Ақын шығармашылығында елдік сана мен тарихи жадының орны ерекше. Туған жерді жырлау барысында ол халықтың ерлігін, елдің тағдырын, тарихтың қасіретті кезеңдерін еске түсіреді. «Туған ел» өлеңіндегі «Ерліктің, даңқтың сақтадың мұрасын» деген жолдар туған жерді халықтың шежіресімен сабақтастырып, елдік сананы биіктетеді. Ал «Жалын күні» тіркесі соғыстың қасіретін бейнелей отырып, тарихи жадыны поэтикалық өрнекпен жеткізеді. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани сабақтастықтың айқын көрінісі.

Сонымен қатар, Сырбай Мәуленов поэзиясында экологиялық сана мәселесі де көрініс табады. Ол табиғатты қорғауды, туған жердің әсемдігін аялауды ұлттық дәстүрмен байланыстырады. «Кең өлке» өлеңіндегі туған жердің мәңгілік өмірмен теңестірілуі немесе «Тосын жазы» өлеңіндегі төрт түлікке жайлы қоныс ретінде сипатталуы – табиғаттың халық өмірімен біте қайнасқанын көрсетеді. Мұнда ұлттық дүниетанымдағы «Жер-ана» ұғымы айқын сезіліп, табиғатты қастерлеудің, оны болашаққа аман жеткізудің қажеттілігі көркем бейнемен жеткізіледі.


Қорыта айтқанда, Сырбай Мәуленов поэзиясы – қазақ әдебиетінде табиғат пен туған жер тақырыбының жаңа биігі. Ақынның туған жерге арналған өлеңдері ұлттық болмысты, халықтық жадыны, елдік сананы танытумен қатар, экологиялық сана мен рухани сабақтастық идеяларын да көтереді. Бұл тұрғыдан алғанда, С.Мәуленов поэзиясы бүгінгі ұрпақ үшін туған жерді қастерлеудің, оны қорғаудың, ұлттық рухты сақтаудың көркем үлгісі болып табылады. Сырбай Мәуленов шығармашылығының көркемдік болмысы – туған жерге деген сүйіспеншілікті, табиғат сұлулығын, елдік рух пен тарихи жадыны, ұлттық болмыстың айшықтарын терең суреттеген поэтикалық өріс. Оның өлеңдерінде Тобыл өзені, Тосын даласы, кең өлке секілді жер-су бейнелері ұлттық дүниетаныммен астасып, ерекше символдық мәнге ие болады. Ақын тіліндегі эпитет, метафора, теңеу, қайталаулар табиғатты жанды бейне ретінде көрсетіп, адам сезімімен егіздейді. Осылайша Мәуленов поэзиясы қазақ руханиятының биік поэтикалық әлемін құрайды.

Сырбай Мәуленов шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани сабақтастықтың алтын көпіріндей. Ақын поэзиясындағы туған жерге деген махаббат, табиғатты қастерлеу, елдік сана мен тарихи жадыны сақтау идеялары – қазақ әдебиетінің ғана емес, жалпы ұлттық дүниетанымның да мәңгілік құндылықтары. Сондықтан оның шығармашылығы болашақта да өзектілігін жоғалтпай, ұлт руханиятының биік асыл қазынасы болып қала бермек. Ақынның поэтикалық әлемі – туған өлке сұлулығын жырлау арқылы елдік сана мен рухани сабақтастықты жаңғыртқан, ұлттық рухты мәңгілік құндылық ретінде ұсынған мұра. Сырбай Мәуленов поэзиясы – туған жерді ардақтап, табиғаттың әсемдігін көркем бейнелеп, ұлттық болмыс пен тарихи жадыны сабақтастырған қазақ әдебиетінің құнды қазынасы.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1 Мәуленов С. Шығармалары.Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2013. Т.1.: Өлеңдер.-320 б.

2 Мәуленов С. Шығармалары. Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2013.Т.2.: Өлеңдер.-320 б.

3 Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Санат,2002.





Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
14.01.2026
0
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі