жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
"Тағдырлы тұлға"
ТАҒДЫРЛЫ ТҰЛҒА
(Қабдеш Жұмаділов)
Қабдеш Жұмаділов туралы сөз болғанда, оның өзіне тиесілі тарихи міндетін орындаған ұлт азаматы, нағыз халықтық жазушы екендігіне ешкім күмән келтірмейді. Өйткені, Қабдештің жеке басының тағдыры да, көркемдік әлеміндегі кейіпкерлерінің тағдыры да ұлы атамекендегі қандастары үшін мүлдем тосын құбылыс еді. Өзіне бүкіл көшпелі қауымның соңғы бір көшінің рухани қуаты мен бақ-талайын, азаттықты аңсаған арманы мен азабын, қуанышы мен қайғысының көз жасын аманат етіп тапсырған міндетті Қабдеш Жұмаділов ар-ожданына кір келтірмей, табандылықпен және шын ер жігітке тән қайсарлықпен орындап шықты. Ол сол арман-мүдденің жыршысы ғана емес, соны жүзеге асырған нысаналы тұлға дәрежесіне көтерілді.
Тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды аңсаған, сол үшін күрескен және сондай бақытқа жетіп тұрып, империялардың тәлкегіне ұшыраған тағдырлардың, «елім!» деп еңіреген ерлердің жан дүниесін жеті бірдей романына арқау еткен Қабдеш Жұмаділов, міне, бұдан сол ұлттың жеке мемлекет, оның ішінде тәуелсіз мемлекет болғанын көріп, көріп қана қоймай, оның рухани жырауына айналды. Жазушының ең үлкен бақыты, орындалған арманы осы шығар. Өйткені, дәл осы тәуелсіздікке Қабдештің жазушы, азамат ретіндегі қосқан үлесі ерекше. Оны тұлға дәрежесіне жеткізген де сол мақсат.
Тағдыр талайынсыз талант тумайды. «Ақыл мен мінездің сауытына сыйып» (Абай), ағысқа қарсы жүзбеген парасат-пайым иесінің тұлға дәрежесіне көтерілуі де қиын. Бұл реттен алғанда Қабдештің басына түскен тағдыр талқысы да тауқыметті. Бірақ түбі қайырлы, жұбанышы басым болды. Егерде Қабдеш Жұмаділовті қазақ қауымының рухани сахнасына дәл осы заманда шығарған ұлы ұстаз – қазақтың тарихы десек, ара ағайын мұны асылық демейтін шығар. Себебі, балапанын биік құздың басынан лақтырып жіберіп, жерге тақағанда қағып алып, қайтадан лақтырған ана қыран сияқты, Қабдешті екі елдің арасында кезек шайқап, баулыған да – сол қилы заманға ұшыраған ұлтымыздың тағдыры.
Елден елдің бөлінгені – қасірет. Алайда, сол көшке үйір қазақтың тапқан бір олжасы – ұлттық мәйегінің бір сығымын аман-есен сақтап қалды. Қапалы әлі қауырт көш жолында талай-талай текті тұқымдар телімге ұшырады. Ата мекеннен бастап – Анадолыға дейінгі Бұланай мен Гиндукуш тауларының арасында талай Қабдештер мен Әбіштер қалды ғой. Сондықтан да, Қабдештің арамызда тірі жүруінің өзі сол күндердің нысаналап жіберген бір сәлемі сияқты. Демек, Қабдеш – жай талант емес, тағдырлы, нысаналы талант. Бұл сөз ұзақ жылдар бойы «арғы беттен келген» деген кемсіткен сөзді естіп, бетіне шіркеу түскендей болып күн кешкен Қабдештің жүрегін жұбата қоймас, бірақ айтылуы және бүгінгі ұрпақтардың білуі тиіс шындықтың бірі. Әйтпесе, не ата тегінде, не білім мен тәрбиесінде, не ұлтжандылығында өзгелер миығынан күлетіндей еш кемістігі жоқ еді. Өйткені, Қабдештің бойындағы азаматтық қасиеттер де сонау Әлихан мен Ахмет сияқты «Алаштың» көсемдерінен рухани күш алған еді. Сауатын сол Ахаңның «Әліпбиімен» ашқан ұрпақтың ұлтының қамын ойламай өсуі де мүмкін емес. Бұған Қабдештің туған ортасы да әсер етті. Ортасыз өскен талант –жапандағы жалғыз ағаш сияқты, дараланып көрінгенімен де саясы аз, келешегі келте.
Қабдеш – Ахаңның «Әліпбиімен» сауатын ашты, Әлекеңнің саяси бағдарын ұлттық мұрат ретінде жаттап өсті, Жақаң сияқты «жаңқамның өзі алаштың керегіне жарасын» деп мақсат қойды. Ұлт-азаттық идеясын бойына сіңірген, Ресей мен Қытай империясының отаршылдық саясатын бүге-шігесіне дейін талдаған, азат мемлекеттің азаматы атанып қалған кезінде екі басты алып самұрық пен жеті басты айдаһардың қаһарына ұшыраған халқымен қоса Қабдеш те алпысыншы жылдардың басында тағдырдың сілікпесіне ұшырады. Алматыда оқып жүрген студентті кері шақыртып алып, «оңшыл ұлтшыл атандырып», басына «қалпақ кигізіп», көмір шахтасынан бір-ақ шығарды. Мұндай айып тағылып, ұлтшылдығы үшін түрменің дәмін татқан жазушы да осы Қабдеш болу керек. Тағдыр бұл жолы да Қабдешті қамқорлығына алып, қазақтың «соңғы көшіне» ілесіп ұлы мекеніне ат басын тіреуге мүмкіндік берді.
Міне, сонда ғана өмірдің кақпақылында жүрген Қабдеш ауыр тыныс алып, өзінің өмірінің ең басты мақсатын жүзеге асыруға кірісті. Тағдырдың оған тартқан сыбағасы жеткілікті еді. Енді соны ел мүддесімен ұштастырып, қалың қазақтың рухани қажеттілігіне жарату міндеті тұрды. Жоңғар қақпасындағы «құс жолы» – «қазақ жолы» болған өлкенің тарихы мен тағдырын жазу Қабдештің пешенесіне жазылды. Бұған оны бойға біткен таланты ғана емес, ұлт алдындағы перзенттік парызы да мәжбүр етті.
Қазақ идеясы – Қабдеш Жұмаділовтің өмірлік мақсатының алтын діңгегіне айналды. Дүниені таң қалдырып жүрген Америка мен Жапон мемлекеттерінің алдындағы ең маңызды әрі соны қорғау үшін кез келген қысым мен Ирактағы сияқты соғыстарға қатысудан да бас тартпайтын мүддесі – осы ұлттық, мемлекеттік идея. Ендеше, қазақ идеясының қайраткерлерінің сыналар тұсы алда. Демек, бұл ретте Қабдеш қаламының қуатына туған халқы әлі де мұқтаж деп есептеуіміз керек.
«Соңғы көште» суреттелген оқиғалар – автордың өз басынан кешкендері.Оны жазбау мүмкін емес. 62-жылғы босқын дүрмекпен көшті бастап өткен серкелердің бірі Қабдеш еді. «Соңғы көштің» алғашқы жоспары көшіп өтер тұста жасалыпты. Қамтылған оқиғалар, басты кейіпкерлер, олардың аты-жөндері, тараулары, бәрі сонда белгіленген.Демек,ол шекарадан бері өткенде, осы дүниені жазамын деген идеямен, дайындықпен өткен адам.Бірақ, мұнда келген соң бұл шаруаны бірден қолға алып кете алмады.Алдымен, шала қалған оқуын аяқтау керек болды. Оның үстіне, бірден роман жазған кісінің кітабын баспайтын еді. Алдымен шағын жанрда екі-үш кітап шығару керек болған. Романды Жазушылар Одағының мүшелері ғана жазуы керек екен.Сөйтіп, сол басқыштардан өтіп, «Соңғы көшті» 70-жылдары ғана қолға алды. Бұл кезде бір өлеңдер жинағының, бір әңгімелер жинағының, «Көкейкесті» деген романның авторы еді. Сол кездері Жазушылар Одағының мүшесі болатын.Демек, үлкен дүние жазуға толық мүмкіндігі болды. Бастан кешкен шындықты жазуға тырысты. Екі ел тату бола ма, араз бола ма – тарихи шындық,өскен орта,өмір,тіршілік бейнесі бұрмаламай қағаз бетінде қалдырды.
«Соңғы көштің» бірінші кітабында да, екінші кітабында да цензура алып қалған тараулар бар еді, «қырағы» редактор, қырағы бас редактор алып қалған кейбір беттер бар еді. Олардың бәрі автордың өзінде сақтаулы тұратын. Соның бірі – бұл жақтың қазақтары ана жаққа ауып барған 30-жылдардағы ашаршылық туралы тарау еді...
Автор өз естелігінде: ««Соңғы көшті» күн құрғатпай табандап жазуға жағдай болған жоқ. Күндізгі уақыт кеңсе қызметіне кетеді. Қолға қалам алатын кезіміз – жұмыстан кейінгі кешкі уақыт пен сенбі-жексенбі күндері.Сағындырып жылына бір келетін демалыс та түгелімен жазуға тие бермейді. Амал жоқ, кітапты ұйқының, денсаулықтың есебінен жазуға тура келді. Күнде жұмыстан келген соң, бірер сағат тынығып алып, бала-шаға тыным алған кезде жазуға отыратынмын. Жазу түннің бір уағына дейін, кейде таң ағарғанға дейін созылады. Содан бірер сағат көз іліндіріп алып,кеңсеге қарай жүгіресің.Бойдағы жастық қуат осының бәріне төтеп беруші еді...
Ұзақ жыл ойда тербеліп, баста піскендігінен болар, уақыттың тапшылығына қарамай, бірінші кітап тез жазылды. Бас-аяғы бір жарым жылда, яғни 1971-жылдың ортасында романның соңғы нүктесі қойылды. Бірінші кітапты үлкен монументтің тас тұғыры десек, сол тұғырдың үстінде әлі екі кітап бой көтеруге тиіс еді.Мынаның өзі де үлкен том болатын түрі бар. Машинкамен алты жүз бет, яғни 25 баспа табақтай.Бір тәуірі,қолжазбаны бастыру үшін ешкімге жалынбаймыз. «Эрика» деген су жаңа машинкамыз бар.Романның біткен бөлімдерін Сәуле машинкадан өткізіп отырады.» - дейді.
Кейіпкерлердің біразы ойдан алынса, енді біразының прототипі, нақты сорабы бар еді. Бас кейіпкер Естайдың артында автордың өзі тұр. Әкесі Жұмаділден – Қанағат би, шешесі Қанипадан – Балжан бейнесі бой көтерді. Аймақ басшысы Жасыбай – Башбай, ел ағасы Жағфардың прототипі – Жағда Бабалықов екені көзіқарақты оқырманға бұрыннан мәлім. Елуінші жылдары жазықсыз атылып кеткен Тұрсын, Шәкен мұғалімдер еш өзгеріссіз сол қалпында жүр.
Қабдеш Жұмаділов «Соңғы көш» арқылы қазақтың демократиялық ұлттық мемлекеті деген ұғымды адамдардың тағдырлары арқылы бейнелеп берді. Ұлт-азаттық көтерілістің рухы жалындаған бұл шығармадағы ұлыханьдық шовинизм мен империялық отарлаушьиыққа қарсы күрес, астарын аударып қарасаңыз, ұлыорыстық шовинизмді де айыптау болып табылатын. Сол бір идеология қыспағында жарияланған романды дәл қазір оқып отырып, Қабдештің қалай әдібін жатқыза баяндағанына таңқаласың. Ұлы арманның өзі ілгері жетелеп, жебеп отырған сияқты. Ал «Тағдыр» романы арқылы екі империяның өз мүддесі үшін жері, тілі, діні, өрісі, қыстағы біртұтас ұлтты қалай аяусыздықпен екіге бөлгенін көсіле суреттеді. Жайлауы – жатқа, қыстауы –өзіне қалып, баласы – басқа мемлекеттің қарауына кетіп, өзі Отанында қалған тағдырларды қылыштың жүзімен бөлген де – сол империялық қомағай пиғыл. Социализмнің өзін сол ұлыханьдық және ұлыорыстық мүддеге бағындырған аяр саясатты барынша әшкерелеген де Қабдеш Жұмаділов еді. Иә, жалғыз ол емес. Бірақ, Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманынан» кейін мәселені бүркемелемей, болған тарихи оқиғаны нақты жазған жазушы осы Қабдеш. Сол үшін талай сөз естіп, ыммен шеттетілді. Соның есесін алпыс жасқа келген, мақтанға еліге қоймайтындай кемелді тұсында қайтарып, бағасын беріп жатса, әбден орынды ғой деп есептеймін.
Жазушы 1985 жылдың күзінде шығармашылық үйіне қайта барып орнығып, 1987 жылғы маусымға дейін тапжылмастан отырды. Осы мерзім ішінде 36 баспа табақ, яғни машинкамен 900 бетке жуық «Тағдыр» романын аяқтап шықты. Жалпы, жазушының шығармаларының ішінде өз бабымен, қапысыз жазылған кітап – осы «Тағдыр» десе болады. Роман оқиғасы өмірі із түспеген тұтас бір дәуірден ойып алынды. Мазмұн ғана емес, форма,стиль, жағынан да кемелдікке ұмтылды. Прозадағы табиғи үйлесім, формалық тепе-теңдік дегендер де толық ескеріледі. Әр бөлім – он тарау. Сөйтіп, «Тағдыр» романы қай жағынан алсаң да ешкім дау айта алмайтын, тіпті мысық тілеулі адамдардың өзі де еріксіз мойындайтын дәрежеге жетіп еді.
«Тағдырдың» басқы бөлімдері 1988 жылы «Жұлдыз» журналының 4-5 сандарында жарияланды да, толық нұсқасы күзге қарай жеке кітап болып шықты.
Әр таланттың өзегіне біткен алтын жүлдесі бар. Қабдеш үшін ол жүлде – қазақтың елдігінің тағдыры. Кез келген жазушының кемеліне келгендігін танытатын және шығармашылық шыңына бағалайтын бір туындысы барлығы анық. «Соңғы көш» пен «Тағдыр» – сондай шығармалар.
Қазақ елінің екі ғасырлық өмірі қамтылған, тарихи оқиғалар мен бірін-бірі толықтырған бейнелер әдебиетіміздің беттерінен ықылым заманға дейін өше қоймайтын тұлға ретінде өмір сүретініне сенім мол. Енді соған «Дарабоз» дилогиясы келіп қосылды. Алдыңғы кітаптың жарыққа шыққанына екі жыл өтседе тым-тырыс жатқан әдеби сынның назарын түбінде бір аударатын роман бұл. Марқайған, әбден ақыл-тәжірибесі толысқан тұста қаламына арқау болған Қаракерей Қабанбай батыр туралы бұл шығарма, жұрт күткендей, атыс-шабыстан, найза мен қылыштың жарқыл-жұрқылынан, жоңғарды жапыра қырған батырды бейнелеген батальдық көріністерден тұрмайды. Қолдан батыр жасап, қолпаштап, теңеу таба алмай қиналып жүрген Қабдеш жоқ. Өзге-өзге, Қабанбайдың өмірі небір таңғажайып оқиғадан кенде емес.
Алайда, Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» романында мүлдем басқаша әдеби тәсіл қолданған. Аңыздан батырдың бейнесін аршып ала отырып, Қабанбайды алқын-жұлқын, ретті-ретсіз жекпе-жектерге қатыстырмай, кәдімгі сабырлы ақыл иесі ретінде суреттейді. Қабанбайдың білек күшінен гөрі ақыл қайраты басым. Қалың қауымның мұндай әдеби әдісті жатырқап қабылдағаны байқалады. Өйткені, оқырмандарымыздың талғамын атыс-шабысқа әбден кәніктіріп алған жайымыз бар. Қабдеш одан бас тартқан. Ол жауын ақылымен жеңген батырды бейнелеген. Шындығында да, қанша ержүрек болса да, «батыр бір оқтық». Ал Қабанбай – «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның» алғашқы шайқасынан бастап атқа қонып, елу жыл бойы ақ туын көтеріп жүріп, қазақты қара қонысына қондырып барып, барлық тауын жастанған ел тұтқасы. Ресей мен Қытай империясының әскеріне тосқауыл қою үшін, ең бастысы, ақыл-айла керек. Абылайдың бас қолбасшысының парасаты да ханға лайық болғаны лазым. Ал ретті тұсында жайрататын жауды аямай-ақ жайратып береді. Батырдың ойлы бейнесі арқылы Қабдеш Жұмаділов қазақ тарихындағы көмескі жайлардың көлеңкелеріне ой сәулесін жіберіп, соны толғана отырып, санадан өткізуді, шындықты бүркемелемей бүгінге жеткізуді мақсат еткен. Бұл – толған, толысқан, ұлттық рухани тұлғаға айналған Қабдеш Жұмаділовтің туған ұлты туралы толғанысы. Ойлы, пайымды, елдігімізді үнемі еске түсіріп отыратын байсалды шығарма.
«Дарабозды» жазып жатқанда, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мұхтар Мағауин екеуінің арасында мынадай келісім болды:жазушы романды басқа басылымдарға ұсынбайды,олар біткен тарауларды кезексіз басып отырады. Осы келісім бойынша, «Дарабоз» журналдың 1992 – 1993 жылғы сандарында бастан-аяқ жарияланды. 1994 жылы жеке кітап болып шықты.
Қаламгер «Дарабозға» көп жылдар бойы материал жинап, сонан соң бес жыл отырып жазыпты. Жазып отырғанда материал тапшылығын сезініп архивке көп жүгіріпті,қолында барын толықтырып романды жазып шыққан.
Алғашқы тәжірибе жолындағы көлемді шығарма «Көкейкесті» романы 1969 жылы жарық көрді.Тұңғыш романға автордың өзі жақсы білетін жастар өмірі арқау болып еді. Семей жаққа бара жатып, поезд үстінде бір жас жігітпен танысқан. Түрмеден шыққан беті екен. Мектепті бітірген жылы әке көзіне шөп салған өгей шешенің кесірінен жанжалға ұрынып,үш жылға кесіліп кеткен. Әкесі жә деген ғалым көрінеді... Жас жігіт мына бетінде өзін мезі еткен Алматыдан қашып,сонау шығыстағы нағашыларын іздеп барады...Болашақ романның идеясы осылай туды.Кеңестік дәуірде туған топырақтан, ата-баба дәстүрінен қол үзген мәңгүрт әке мен ежелгі тегіне,бастау көзіне ұмтылған саналы жастың арасындағы тартыс. Басында жоспарға «повесть» деп енгізеді,кейін оны «роман» деп дәлелдейді.
«Көкейкесті» шыққан соң, оны талдаған бірен-саран мақалалар басылды. Ал,оқырмандардан келген хат тіпті көп болған.Түрмеден жазғандар да бар. Өйткені,шығарманың кейіпкері – Жәнібек те – жазықсыз жапа шеккен адам ғой.
Кеңсе қызметі қанша жеңіл дегенмен уақыт алады, ұсақ-түйекпен отырып-ақ шаршайсың.Тек,сенбі-жексенбіге қараған, жұмыстан кейін зорланған жазуда береке болмайды. Сондықтан бастықтармен келісіп, қыс кезінде екі айлық ақысыз демалыс алып, «Саржайлау» повесін жазуға кіріседі. Ол кезде жазушылардың шығармашылық үйі әлі салынып бітпеген.Медеудегі қонақ үйден жеке бөлме алып, сол жерде табан аудармай екі ай жазу жазады. Повесті толық бітіріп, соңғы нүктесін қойып қайтты. «Саржайлау» сол жылы «Жұлдыз» журналында басылды. 1978 жылы бір топ әңгімелермен қоса,жеке кітап болып шықты. Повестің кейіпкері Мұрат Көкбаевтың прототипі Мұқан Көккөзов. Мұқан Көккөзов –Қазақстанда қой шаруашылығын өркендетуге аянбай еңбек еткен шопан.Жетпісінші жылдарда төл алудан оның алдына түскен адам болған жоқ. Әр жүз саулықтан 195-ке дейін қозы алған,қайтпас ердің өзі!
Жазушы Қабдеш Жұмаділов ешқашанда әлеуметтік тапсырыспен, не уақыттық науқанға ілесіп шығарма жазбаған. Қандай тақырыпқа барса да өз жүрегінің қалауына жүгінген. «Таңғажайып дүние» ғұмырнамасында айтылуына қарағанда, тек бір-ақ рет ел аманатын орындапты. Тапсырыс емес, аманат. Оның өзі де жазушының шығармашылық жоспарына үйлескендіктен болса керек. Жазушы болашақ романның тақырыбын 1932 жылғы аштықта Қытай асып, араға отыз жыл салып, қайта оралған ағайынның тағдырынан табады. Бала жастан бірге өскен, кейін ұзақ жыл шекараның екі жағында ғұмыр кешкен Ақжан мен Қайдардың бұралаң өмір жолы романның ажырамас алтын арқауы болып өріледі.
Автор өз кейіпкері академик Ақжан Атахановқа мал тұқымын асылдандыратын селекционер-биолог мамандығын таңдапты. Сол үшін генетика ғылымын біраз зерттеуге тура келеді. Ірі биолог ғалымдармен әңгімелесудің сыртында,солардың ұсынуымен экспериментті биологиядан көп кітаптар оқиды. Ақыры,автордың тынымсыз ізденісі өз жемісін берді. Академик Атаханов – қазақ прозасында ғұлама бейнесін сәтті сомдаған тың образ болып табылады. Сөйтіп, Тарбағатай елінің аманаты әйгілі «Атамекен» романын туғызып, абыроймен орындады.
Роман 1983 жылы қазан айында басталып, 1984 жылы мамыр айында аяқталады. Жазылған орны – сол жылы пайдалануға берілген Алматы шығармашылық үйі. «Атамекен» романы алғашында «Жұлдыз» журналынд (1985ж. № 7-8) жарияланды. Сол жылы «Жалын баспасынан жеке кітап болып шықты.
Қабдештің атын шығарған және
қалың қауымға таныстырған алғашқы әңгімесі «Қаздар қайтып барады»
деп аталады. Ашаршылық пен таптық қуғынға түскен қарт бір кезде
арғы бетке өтіп кетеді. Сонда туған жерінің бір уыс
топырағын белбеуінің ішіне түйіп алған екен. Етікші асуының
қиын-қыспағынан жанталаса жүріп атамекеніне қайтып оралады.
Бұл – сол жылдары қиын-қыспақты кешіп
жатқан Шығыс
Түркістандағы
қандастарымыздың асыл
арманының бірі еді. Тағдырлы
талант кейінгі
жылдары романға ден қойғандықтан да шағын жанрдан қол
үзіңкіреп
қалды. Ол заңды да. Әйтпесе, әзілді астарға толы әңгімелерін сүйсіне оқыған,
мен сияқты балапан талаптанушылардың талайының бетін
көркем
әдебиетке бұрғанына, еш шүбәм
жоқ.
Сырттай қарағанда үлкен
шығармаларының алымды да ауыр тағдырларды суреттеуге арналғанына
қарап, Қабдешті тек қасіретті көріністердің жазушысы ретінде
бағалайды.
Бұл – мүлдем теріс ұғым. Әзіл мен юморға, неше түрлі
қиясбайлық мінезге,
махаббат машақаттарына құрылған әңгімелері кезінде сыншылардың талай
мақаласына арқау болған. Оның қазіргі заманның
көкейкесті мәселелеріне
арналған, кішкентай адамдардың тағдыры арқылы үлкен қоғамдық ой
қозғаған «Саржайлау», «Сәйгүліктер», «Қарауыл» атты повестері мен
«Көкейкесті», «Атамекен» романдары – Қабдештің ізденістерінің
жемісін
танытатын шығармалар. Бұл туындыларда қаламгерлік шеберліктің түрлі
қырлары барынша еркін көрінеді. Бір өкініштісі, осы уақытқа дейін
сан
қырлы талантты тұлғаның көркемдік шеберлігі мен жазушылық
лабораториясы жөнінде арнайы зерттеу
жүргізілмей келеді.
Біздің
ойымызша, Қабдештің тілдік нақыштары, тарихи шындық пен
көркемдік
шындықты қатар тізгіндеудегі шеберлігі қандай да болсын сыни жүкті
көтере алатын зерттеу тақырыбы.
Ұлтымыздың бойындағы ең қасиетті ұғымның бірі – парыз деген
сөз.
Менің пайымдауымша, Қабдеш Жұмаділов – өзінің ұлтының алдындағы
перзенттік, жазушылық парызын толық өтеген азамат. Ешқандай
талант
өзінің еңбегін бұлдаған емес. Бірақ, өнер иесі шабыттың қанатында
ұшып
жүретінін ескерсек, әр тұлғаны өзіне лайық биікке көтере білуіміз
қажет.
Бұл – елдігіміздің белгісі, адамды сыйлаудың атамыздан қалған
жолы.
Соны ұмытпағанымыз абзал.
Халықтан шыққан халықтық жазушы туралы осынау бір арыз лебізімді Альфред де Мюссенің: «Өткеннің барлығы өшіп тынды, ал болашақта не болатыны белгісіз... Кешегі қоғам біткен жоқ, ертеңгі қоғам өз өмірін бастап кетті», – деген сөзін желеу ете отырып, Қабдеш – өзі аңсаған бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетінде тойын тойлап отыр, кешегі тіршілікпен толық есебін айырысып үлгерді және оның рухын өлтірмей мына дәуірімізге жалғастырып әкелді, енді ертеңгі келешекпен де жалғастыратын тұлғалы тағдырын бастап кетті – деген тілекпен аяқтағым келеді. Өйткені, Қабдеш Жұмаділов сияқты тұлғалардың өз қамы үшін емес, ел қамы үшін кабырғасын сан қайыстырғанының куәсі болатынымызға толық сенемін. Себебі, ұлтымыздың түгелденбеген қомақты рухани есесі әлі де алда.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.«Таңғажайып дүние». Ғұмырнамалық роман: «Тамыр», 1999.
2. «Атамекен». Роман. «Жалын», 1985.
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген