Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Танымдық сабақ Мәңгілік елдің- басты құңдылығы
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Сабақтың тақырыбы: «Мәңгілік елдің- басты құңдылығы»
Мақсаты: ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласымен таныстыру. Қазақстанның ғажайып жерлері туралы мәлімет бере отырып білім алушыларды Отансүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін ояту.
Сабақтың түрі:аралас
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап
Көрнекілігі: «Қазақстанның ғажайып жерлері» бейнеролик
Сабақтың барысы:
1.Ұйымдастыру.
2.Кіріспе.
Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Осыған орай ҚР. Президенті Қ.К.Тоқаев « Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын жолдады.
Мақалада :«Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.
Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет.
Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.
Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды.
Шығыстағы көршімізбен шекарамызды бекіттік. Ел аумағын ядролық қарудан толық тазарттық. Елордамызды Арқа төсіне көшірдік. Жастар әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастады. Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді.
Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік. Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордамыз ұлттық идеямызға айналды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Тұрғын-үй құрылысы да бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыды.
Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға баса мән бердік.
Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет.
Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді.
Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек.Қазіргі пандемия және соның салдарынан туындаған дағдарыс бүкіл әлемнің бұрын болмаған жаңа сынақтармен. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі.
бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті.
Таным мен тағылым
Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек.Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс.
Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек.
«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолымыз да бүгінде тарихқа айналып, күн сайын алыстап барады. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес.
Елбасы сол кездегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және басқа да жағдайларға байланысты жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүр болды. Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақ мемлекетін құрдық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны әрдайым біліп отыруы керек. Сол үшін Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн
Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Қоғам мен құндылық
Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз.
Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек.
Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Бірақ біз соны бағалай білеміз бе?! Жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. Өкінішке қарай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Бұл – ащы да болса, шындық. Біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нәрселерден бастап, жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шаралар арқылы көрініс табуы қажет.
Мұның бәрі тәлім-тәрбиеден басталады. Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада.
Елі мен жерін сүю үшін жас ұрпақ байтақ Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуге тиіс. Батыста Бозжыра мен Шерқала, күнгейде Ақсу-Жабағылы мен Сайрам-Өгем, Жетісуда Хан Тәңірі мен Шарын, Көлсай мен Қайыңды, Қапал- Арасан, Алтынемел мен Бұрхан бұлақ, шығыста Мұзтау мен Шыңғыстау, Марқакөл мен Рахман қайнары, Арқада Бурабай мен Баянауыл, Ұлытау мен Қарқаралы, теріскейде Имантау мен Айыртау және басқа да көрікті жерлеріміз жетіп артылады. Жер жәннатын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрі өзімізде бар. Жастарға осындай керемет табиғатымызды танытып, оны қадірлеуге баулуымыз керек»деді.
3. «Қазақстанның ғажайып жерлері» (мәлімет)
Оқушыларға берілген тапсырма.
4.Сондай-ақ мақалада тіл, бірлік, білім туралы да айтылды.
«ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл туралы ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген.
Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Олар – Қазақстанның мәдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілерміз, біздің айрықша күшіміз («soft power»).
Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету. Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі» делінген мақалада.
5.Кері байланыс.
«Жас келсе-іске» дегендей жас спортшы ретінде, өз жерінің жанашыры, патриоты ретінде Қазақстандағы қай таудың шыңына көк байрағымызды орнатар едіңіздер?
6.Қорытынды.
Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс.
Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін!
Нұрмағамбетова Сандуғаш Мұратқызы
Есет батыр атындағы ОРОММИК,
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары