Материалдар / Тәрбие сабақ " 16-желтоқсан" 9 сынып
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Тәрбие сабақ " 16-желтоқсан" 9 сынып

Материал туралы қысқаша түсінік
Бұл материал сынып жетекшілерге арналған. 16-желтоқсан Тәуелсіздік күніне арналып жасалынған.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
18 Желтоқсан 2017
1886
4 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Сабақтың тақырыбы: Тәуелсіз елің тірегің,

Туған жерің жүрегің.

Мақсаты: Оқушыларға 1986 жылғы көтерілістің болуы, жастардың көтеріліске шығу себептері, олардың алдына қойған мақсаты жайлы түсінік беру. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхаметжанова, Ербол Спатаевтың өмір жолдарымен танысу және артында қалған мұраларын қастерлеп, халық батырларының рухына тағзым ету. Халқын, ұлтын сүйе біліп, елін қорғай білуге тәрбиелеу. Ұлттар арасындағы достықты сақтай отырып, өз елінің тілін, салт-дәстүрін, тарихын біле отырып, патриоттық рухта тәрбиелеу.

Желтоқсан оқиғасының мән-маңызын, тәуелсіздіктің тартуларын ұрпақ санасына сіңіру.

Сабақтың түрі: Аралас

Сабақтың әдісі: Түсіндірмелі, әдеби-музыкалық монтаж.

Көрнекілігі:

  1. «Тәуелсіз елің тірегің,туған жерің жүрегің» нақыл сөзі.

  2. Желтоқсан қаһармандарының суреттері.

  3. Кітаптар көрмесі.

Мұғалімнің сөзі:

Құрметті оқушылар мен ұзтаздар! Қазақ халқы үшін ұлттық сана-сезімге қозғау салатын аса маңызды оқиғалардың бірі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы еді. Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, сол күнге де жеттік. Ұзағынан сүйіндірсін деп тілегіміз келеді. Кешегі 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы да Орталықтың ұлт мәселесіне жеңіл-желпі қарағанынан туындаған. Қазақтың басы бірігіп, бір жұдырықтай жұмылған әрі қайғылы, әрі бақытты жыл сол жыл еді. Желтоқсан жаңғырығы көзден де, көңілден де кетпейді. Тәуелсіздік табалдырығында тұрған жан тебірентер сәтте қазақ халқының еркіндігі мен бостандығы жолында бас тіккена азаматтардың, солардың қатарының бұл күнге жете алмай өмірден өткен Желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп,еске алуды парыз деп санаймыз.Бәріміз бір кісідей Желтоқсан құрбандарын үнсіздікпен еске алайық!

  1. жүргізуші:

Құрметті ұзтаздар мен оқушылар! Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіз елің тірегің,Туған жерің жүрегің» атты тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.

2- жүргізуші: Хор,Әнұран: Менің Қазақстаным!

    1. жүргізуші:

1)« Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезінде 1000000 қазақ қаза тапты.

  1. 1916 – 1921 жылдары аралығында 800000 адам қырғынға ұшырады.

  2. 1930 - 1933 жылдары голощекиндік Нәубет кезінде 2200000 қазақ аштан өлді.

  3. 1941–1945 жылдары 350000 ұл-қызынан айырылған қазақ халқының саны 12 %- ға кеміді.

  4. 1915 жылдары қазақ халқының саны 6000000 болса, 1945 жылы бүкіл ТМД бойынша 2650000-ға әзер жеткен.

  5. 1986 жылдың ызғарлы желтоқсаны қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды.

  1. оқушы:

Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Құшақ жая таныстым сан тілімен,

Жаман үйді қонағы билейді деп,

Қала жаздап айырылып өз тілімнен.

Өзге тілге еліктеп ел болайық,

Қазағымның артық жоқ өз тілінен.

  1. оқушы:

Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен жігітпін, айқасқа, сынға асықпын,

Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың,

Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,

Шарықтасам қыран боп қырға шықтым.

Пәк салтанат салтымды сүйемін мен,

Бақ орнаттым басына моланың да,

Мұрагерлік оған да иемін мен.

  1. оқушы:

Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім,

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім!

  1. жүргізуші:

Ия,бостандық,теңдік,тәуелсіздік те өз бетімен келген жоқ!
Қаншама адам құрбан болды. Дүниені дүр сілкіндірген 1986 жылғы желтоқсан! Ол бір жан түршігерлік оқиға, қазақ халқының мәңгі есінде қалады. Желтоқсан – елімнің болашағы, бостандығы, егемендігі үшін болған күрес.

Есігі ашық, төрі кең,

Жылап өттік жытқыр өмір өрінен.

Жетер енді, желпінейік, қарайық,

Мына өмірге егемендік көзімен.

  1. жүргізуші:

1986 жылы 16- желтоқсанда Пленум өтіп, бірінші хатшы Қонаевты орнынан алып, Колбинді сайлады. Пленум бұл шешімге небәрі 18 минут жіберген. Бұл шешімге наразылығын білдірген жастар алаңға шықты.

Қатігездік жұдырығы түйіліп,

Қамшы үйірді, жасқап, жекіп, бұйырып,

Желтоқсанда шықтың үлкен алаңға,

Ата-баба аруағына сыйынып.

Жастардың бұл бейбіт шеруін қуып тарату үшін күш көрсетілді. Сапер күректері, өрт машиналары, арнайы әзірленген темір таяқтар, тоқпақтар қолданылды.

Ән: «Қарабауыр қасқалдақ».


  1. оқушы:

1986 жыл 19-желтоқсанда ауруханаға бас сүйегінен жарақаттан энергетика институтының II курс студенті Ербол Спатаев әкелінді. 23- желтоқсанда есін жимастан қайтыс болды. Ербол ата-анасының жалғыз баласы еді. «Құйын – 86» операциясының құрбаны болды.

5- оқушы:

Сол бір ызғарлы ерте түскен қыс, тоқырау тажалының табанында аяусыз тапталған ар- намыстың ышқынған даусы құлағымызды әлі шыңылдатып тұрғандай. Бұл дауыстың ішінен қызғалдақтай Ләззат сенің де нәзік үнің естіледі. Сен тірі болсаң қазағымның мәдениетін дамытуда үлкен үлес қосар едің-ау!

Еліңнің сен намысы үшін,

Құрбан еттің жаныңды.

Мазақ етіп қорлай алмас,

Ешкім сенің арыңды.

6- оқушы:

Сәбира Мұхамеджанова бар жоғы 16 жаста еді.26 – желтоқсан күні астанадағы дүрбелеңге үн қосқаны үшін, өзінің ар- намысына, анасына, апасына масқара сөздер айтып, балағаттаған қорлығына шыдай алмай, Өскемен педагогика училищесінің I курс студенті Сәбира жатақхананың 5- этажынан құлап өлді.

Желтоқсанда шындық жырын жырлаймын деп шарқ ұрдың,

Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.

Айналайын, айналайын жас өркені халқымның,

Ерте айтылды, сондықтан да келте айтылды бұл әнің.

7- оқушы:

Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков жиырма екі-ақ жыл ғұмыр кешті.Елінің болашағы, бостандығы, егемендігі үшін күресті.

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты құрбандық»,

Атам десең, атыңдар!.

Жазықсыз құрбан болған қазақ азаматы Қайратты 1987 жылдың 1- қаңтары күні үйінде жаңа жылды тойлау үстінде тұтқынға алған еді.

Хор: Желтоқсан желі.

8- оқушы:

Сан тарихтың парақтарын ақтарып,

Тәуелсіздік туы көкте желбіреп.

Барлық қазақ азатпыз деп мақтанды,

Жас жүрегім жалындайды елім деп,

Келер күнге мен де қанат сермедім,

Тербеледі бейбіт өмір бесігі.

Қайрат, Ләззат, Ербол сынды ерлердің,

Ел есінде сақталады есімі.




9- оқушы:

Бүкіл бір ұлттың сүйегіне таңба түсіріп, әділетсіз шешім қабылданып, халықтың ар- намысы таразыға салынған сын сағатта дүлей күшке қарсы шыға білген жастарымыздың ерен ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа жетеді.

1- жүргізуші:

Сіздер қазір 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде қыршын кеткен қыздарымыздың бірі- Ләззат Асанова жайында мағлұмат тыңдап, шағын көріністің куәсі боласыздар. Ортаға Ләззаттың құрбысы Гүлзатты шақырамыз.

Құрбысы:

17- желтоқсан алаңда студенттер ереуілге шығыпты деген соң, мен де барған едім, Ләззатты көрдім. Бір мектепте оқығанбыз. «Не жағдай? Не болып жатыр?» деп едім. «Өкімет басшыларын ауыстырып жатыр екен, соның орнына ел басқаратын қазақ азаматы болсын деп талап етіп жатырмыз» деді ол өзінше түсіндіріп. Алаңда жастар көп екен. Бір кезде милиция, әскер қаптап кетті. Бір сойқан болатынын сездім де, сытылып, сыртқа шығып кеттім. Ортада қалғандарды әскерлер қоршауға алып, апыр- топыр болды. Кейін Ләззаттың жағдайы не болды екен деп, таныстарынан сұрастырып едім : « Ұсталып қалыпты, КГБ тексеріп жатыр» деген жауап естідім. Содан соң, қайтып көрген жоқпын. Бесінші қабаттан ұшып өліпті.

Ләззаттың анасы Алтынай тәтемен кездескенімде маған Ләззаттың өзіне жазған хатын беріп, «Ләззат ақшамды ұрлады» деген Гүлсара атты бөлмелес қызбен кездесе алмай жүргенін айтты.

Ләззаттың анасына жазған хаты.

«Бөлмеде жоғалған 90 сом ақшаны менен көріп, жиналысқа салды. Менің ешқандай кінәм жоқ, ақша ұрлады дегендері жала, мені қорлап отыр курстастарым. Бұл қорлыққа шыдай алмаймын, қош бол, мама ....» деп қинала жазыпты ол қоштасу хатыңда.

  1. жүргізуші:

Ана байғұстың шарасыздық шырмауынан шыға алмауының да жөні бар.Себебі қызының ісіндегі «Желтоқсан эпизоды» әлдеқандай себептермен ұшты-күйлі жоғалған.

Көрініс

Жатақхананың алдында 4-5 қыз ән айтып отырады.Соларға Ләззат сырттан келіп, сұрайды.

Ләззат: Отырыстарың жайлы болсын қыздар, кешкі жаңалық тыңдайтын уақыт емес пе? Сағат неше болды?

  1. құрбысы: Сағат 10.30 болды.

  2. құрбысы: Ой ,бітейін деп қалыпты ғой, - деді Назгүл.

Ләззат: Сонда да қоса салайықшы.

Құрбылары : Қоссақ қосайық, - деп қоштаған Айгерім радионы қосады.

Сол кезде радиодан бір оқушының даусы шығады.

Оқушы: Бүгінгі күннің соңғы жаңалықтарымен таныс болыңыздар. Бүгін алаңға жастар легі ағылып келуде. Студент жастар ереуілге шықты деген лақап тарауда. Себебі өкімет басында, ел басқаруда өзгерістер болыпты, соған жастар наразылық білдіруде.

Ләззат: Қыздар, біз де өз үлесімізді қоспаймыз ба, жүріңдер!

Қыздардың алдынан 4-5 қызды қуып милиция қызметкерлері шығады. Олар алдынан шыққан қыздарды қоса қуып алып кетеді.Содан Ләззат қатты соққыдан құлап кете береді. Орнынан тұрып

Ләззат: Мен осылардың қолынан халыққа мазақ болып өлгенше, өз күнәмді өз мойныма артып өлгенім артық деп жүгіріп шығып кетеді. Милициялар 2-3 қызды жетектеп алып кетед, 2 қыз жерде жатады. 2 милиционерлер құлаған қыздарды, ал қалған милициялар біртіндеп алып шыға береді. Сол кезде Ләззат жатақхананың балконына келіп, өлең шумақтарын айтып, өмірімен қоштасады.

Жазығым,ақиқатты іздегенім,

Қорлыққа, қиындыққа төзбегенім.

Ей, өмір-ай, оу, жалған-ай,

Тар жолға, тайғаққа мені салғаны-ай.

Ләззат балконнан құлағанда қайғылы музыка қосылады.

    1. жүргізуші:

Талдықорған облысының Панфилов ауданындағы Ақжазық ауылында тұратын Асановтар жанұясына екі бірдей телеграмма келді. Біріншісінде, «Қыздарыңыз Ләззат ауыр халде жатыр, келіп алып кетіңіздер» деген, ал екіншісінде «Келмей-ақ қойыңыздар, Ләззатты өзіміз жеткіземіз» деген хабар еді. Сөйтіп Ләззаттың мәйіті өзі туған ауылы Ақжазыққа жеткізіледі.

Ән: Ләззат қыз.

10- оқушы:

Желтоқсан оқиғасы «қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Мәңгілік егемендікті алып келгенінің арқасында дүние жүзіне танымал ел болдық».

Егемендік иесі – мен деген сөз,

Көптен бері естілмеген ерен сөз.

Екі тізгін, бір шылбырын өзі алған,

Көркем жігіт болып өссе көген көз.

Егемендік – ел болудың белгісі,

Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші.

11- оқушы:

Таңғажайып атың да дәл табылды,

Табылды да талай жұртқа танылды.

Қазақ елі, көкке жетті көк туың,

Сен – тәуелсіз мемлекетсің кәдімгі.

Бір сөйлемді ортасынан үздім мен,

Осыншама осал боппыз біз кімнен.

Білсін әлем: айырылмаймыз ешқашан,

Қолымызға түгел тиген тізгіннен!

12- оқушы:

Мен қазақпын, болмысым, барымменен,

Азаттығым үшін мен бәрін берем.

Ұлы есімде ұлттар көп, Отан жалғыз,

Отанымды сүйемін арымменен.



13- оқушы:

Өзіңе әркез, ботамын елім,

Қорғаймыз жаудан бабаның жерін,

Қазақтың халқы қандасым болса,

Қазақтың жері – Отаным менің!

Ән: Туған ел.

14- оқушы:

Тәуелсіздік! Тәуелсізбін мен бүгін,

Келді міне, азаттығым, теңдігім.

Бостандықта бойлығым мен ендігім,

Шешіл енді шемен болған шерлі үнім!

Өзіңдікі – Елің де,

Өзіңдікі – Жерің де,

Өзіңді өзің еткен бақ – Тәуелсіздік төрінде!

Қанатыңнан қайрылып,

Қыр - арқаңнан майрылып,

Қонақ – тәуелсіздіктен, қала көрме, айрылып!

15- оқушы:

Қазақстан – туған Отан, алтын бақ,

Ұлы жолға түсті келіп жарқылдап.

Қазақстан – көпті көрген қария,

Қазақстан – мейірімді ана, жер қымбат.

Атады әлі тағы да бір таң күліп,

Жүректерде арман отын жандырып.

Қазақстан – Біздің туған ұлы Отан,

Жайнай бер сен, жайнай бер сен мәңгілік!

16- оқушы:

Қазақстан! Туды алтын дәуірің,

Азғандайсың жұлдыздардың жарығын.

Алтын заңын құтты болсын, қымбаттым,

Туған күнін құтты болсын, алыбым!

17- оқушы:

Армандарды жақындатып тым алыс,

Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс,

Егемендік – ел бақыты, ертеңі,

О, халайық, құтты болсын қуаныш!


2- жүргізуші:

Қазақстан – біздің сүйікті атамекеніміз. 1986 жылғы 16-желтоқсан – тарихта ұлы күн! 1991 жылы Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялады. Еліміз егемен мемлекет болды. Қазір қазақ мемлекетін жер жүзі біледі. Біз өз әнұранымызды, туымыз бен елтаңбамызды белгілеп алдық. Біз ана тілімізді ардақтаймыз, Ұлы Отанымызды шексіз сүйеміз!

  1. жүргізуші:

Міне, бүгінгі кеш те өз мәресіне жетті. Тағы да мерекелеріңіз құтты болсын. Тәуелсіздігіміз ұзағынан жарылқасын!

Ән, хор: Елім менің.

Мұғалімнің қорытынды сөзі:

Қазақстан тәуелсіздік алған 19 жылда талай тамаша табыстарға жетіп, айдай әлем алдында сан мәрте абырой биігінен көрінді. Тәуелсіздік алғаннан бері жылдарымыз – жұлдызды жылдар. Ал, биылғы ЕҚЫҰ-ға төраға болған жылымыз – жұлдызды сәт.

Елі еңбекқор, ері кемеңгер болса, аңыздың өзі ақиқатқа айналады. Соның айқын бір айғағы – кешегі қызыл империя құрсауынан босанып, бостандық алған, бүгінде бүкіл әлем таныған, танып қана қоймай, мойындаған, мойындап қана қоймай, тарихи қысқа мерзімдегі таңғажайып табыстарына таң қалып, тамсанған ертегі батырларындай тез ер жетіп, тез есейген еркін – Қазақстан.

Еліміздің жыл басынан бері ЕҚЫҰ–ға төрағалық етуі, Еуропаның қазақ жұртына төрін ұсынуы оңайлықпен келген жоқ. Бұған біздің мемлекетіміздің ұстанған саясаты мен батыл қолға алған бастамаларының арқасында қол жеткіздік. Бұл төрағалық – Қазақстан үшін үлкен абырой әрі мәртебе. Төрағалыққа қол жеткізуіміз – біздің еліміздің күллі ТМД елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы беделін айқындап қана қоймай, олардың арасында бұл мәртебені бірінші болып иелегендігін көрсетеді. Яғни, бұл Қазақстанның осы елдердің арасынан суырылып шығып, «бірінші мемлекет» болғандығын айғақтайды. Бұның барлығы Елбасымыздың мінсіз абыройының арқасында.

Қазақстанның жарқын істері – тәуелсіздігіміздің жемісі. Бұл егемен еліміздің ең мәртебелі мемлекеттік мерекесі. Тәуелсіздік таңы шапағын шашқан күн. Қазақ халқының біздің миллиондаған отандастарымыз үшін бұл күннің маңызы ерекше. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойғы асыл армандарының жүзеге асқан сәті. Осының бәрі туымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз көкте қалықтап, Елтаңбамыз асқақтаған мемлекетіміздің арқасы,тәуелсіздігіміздің, ата–бабаларымыздың армандап, аңсап өткен тәуелсіздігіміздің арқасы. Олай болса, тәуелсіздік таңы шапағын шашып, мәңгі бақи арайланып ата берсін, қазақ еліне бақыт әкелсін! Осымен бүгінгі тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

Назар қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет! Қош, сау болыңыздар!
















156 Н. Бекежанов атындағы қазақ орта мектебі






Тәрбие сағаты


Тақырыбы:

Тәуелсіз елің тірегің,

Туған жерің жүрегің.












Сыныбы: 8 А

Сынып жетекшісі: Жандарбекова Үміт


2010-2011 оқу жылы



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!