Тәрбие сағаты "Мен - өз елімнің патриотымын " 3сынып

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Тәрбие сағаты "Мен - өз елімнің патриотымын " 3сынып

Материал туралы қысқаша түсінік
Білім күніне арналған тәрбие сағатының жоспары
Материалдың қысқаша нұсқасы

"Бекітемін": ____________

Ақтөбе қаласы

М.Ғ.Құрманғалиева атындағы

32 мектеп-гимназия

директорының тәрбие ісі

жөніндегі орынбасары

Жадрасынова А.





Тәрбие сағаты

Тақырыбы: " Мен - өз елімнің патриотымын "















Өткізген : Балымова К.Б.









Мен өз елімнің патриотымын!

Өз елінің патриоты болу үшін әр адамның бойында болу керек:

  • Отанға деген сүйіспеншілік;

  • Отанға деген адал сезім;

  • Отанын қорғауға дайын болу;

« Өз Отанының патриоты болу – бұл Қазақстанды өз жүрегінде ұялату ».

Сабақтың мақсаты:

1. Отанды сүюге, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін арттыруға, халқымыздың

салт - дәстүрін сақтап, әрі қарай жалғастыруға,болашақта Отанымыз Қазақстанды өркендетуге білімді адам керек екенін түсіндіру, оқушылардың сөйлеу мәдениетін, тілдерін дамыту.

2. Оқушыларды ұлтжандылыққа, инабаттылыққа,достыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: пікірталас

Сабақтың көрнекілігі: М.Ғ. Құрманғалиева портреті, суреттер, жинақ кітап

Сабақтың барысы.

І. Ұйымдастыру кезеңі.

ІІ. Негізгі бөлім.

Патриот деген кім, патриоттық сезімді қалай түсінесің? – тақырыбында пікір сайыс

Жүргізуші:

«Ой да ортақ, пікір де ортақ » дегендей сіздердің назарларыңызға « Мен өз елімнің патриотымын » атты тәрбие сағатын назарларыңызға ұсынамыз.

Біздің алға қойған мақсатымыз, өткенімізді білетін, бүгінді түсінетін, ертеңге сеніммен қарайтын азамат болып өсу.

Қай кезде болмасын халық игілігі үшін еңбек еткен ағартушылардың, ақын-жыраулардың барлығының мақсат-мүддесі қазақ халқын тек бірлікке, ынтымаққа шақыру, ешкіммен жауласпауды үйрету, көшпенді елдің баласына ғылым-білім, өнерді үйретуді армандады. Осы туралы ойларыңыз?

Ұлттық бірлікке, Отанын, елін, жерін сүюге, ұлттық тәуелсіз мемлекетті нығайтуға өз үлесін қосуға тәрбиелеуде көркем шығарманың маңызы зор. Көркем шығармаларда отансүйгіштік сезімді ардақтап, батырлық, ерлікті мадақтаған, ақылдылық, парасаттылық, достық тәрізді адамгершілік игі қасиеттер дәріптелген. Бұл тақырыпта әңгіме, ертегі, өлең, жырлар туғанын, оларда халықтың батырлық, ерлік істерді дәріптегенін және оны жасаушыларды ардақтағанын білуге болады.

Отанға деген сүйіспеншілік, ұлтына деген ыстық сезімді Алашорда қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, Т.Рысқұлов еңбектерінен де кездестіреміз.

А.Байтұрсынов:

- Қазағым елім!

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның

Аш көзіңді оянып...- десе,

М.Дулатов:

«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты» - дейді.

Ал С.Торайғыров:

Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып күн болам,

Қараңғылықтың кегіне,

Күн болмағанда кім болам? – деп, жастарды өнер-білім алып, жарыққа талпыну, Отанға пайдалы азамат болу екендігін сан қайталап еске салады. Алаштың осы - біртуар ұлдарының бұратана халық болмаймыз, өз алдымызға тәуелсіз ел боламыз деп қазақ елі, қазақ жастарына қалдырған өсиеттері өз иесіне енді-енді ғана жетіп жатыр.

А.Құнанбаевтың еңбектерін зерделеп қарайтын болсақ, жастарды ерлік рухта, патриотизмге баулып, намысын, ар-ожданын, адамгершілік қасиеттерін тудыратын жыр жолдарын кездестіреміз.

Оның « Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзі, барша жұртшылықты жауласу, күш көрсету дегенді білместен, тек тату-тәтті өмір сүруге шақырады.

Жалпы патриот деген кім, патриотизм дегенді қалай түсінеміз?

Отанын сүйген, елін жаудан қорғау үшін қасық қаны қалғанша аянбай шайқасатын Қобыланды, Қамбар, Ер Тарғын, Алпамыс батыр тұлғалары, ақын-жыраулардың, билердің татулыққа, адамгершілікке, елін сүюге шақырған өлең-жырлары, шешендік сөздері оқушылардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда маңызы зор.

Патриот – Отанын, халқын, жері мен суын шынайы сүйетін, халық мүддесі үшін бар күш-жігерін, қабілетін аямайтын адам. Олар - өз Отанының жалынды патриоты, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығының озаттары. Өз Отанын, халқын шексіз сүюшілік – барша күш-жігерін Отан мүддесіне арнаған адамға тән терең сезім.

Б.Момышұлы: «Патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік. Жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын, өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді сезіну, қысқасын айтқанда патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды оны жеке адамның барлық жағынан өткені мен бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын біріктіреді, - деп терең, жан-жақты анықтама берген.

Қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру үшін әр ұлттар мен ұлыстар тек өз мәдениетін ғана танып білуі жеткіліксіз, сонымен қатар олар бір-бірін танып біліп, құрметтеуі тиіс.

Патриот – адамдардың өз Отанына деген сүйіспеншілігі мен адалдығын көрсететін сезім. Ол адамның өз Отанын күшті де айбынды етіп көрсетуге және гүлдендіруге ұмтылумен сипатталады, қандай да бір қастандық әрекеттерден Отанын қорғауға дайын болуын білдіреді. Патриоттық сезімі - өз халқының әлеуметтік, мәдени жеңістер үшін мақтану, оның жауынгерлік және еңбек дәстүрлеріне ұқыптылықпен қарау.

Патриот сондай-ақ туған жерге, ата-бабасы жатқан жерге құштарлық сияқты терең перзенттік махаббатты да білдіреді.

Осы ХХІ ғасырда ерлік жасауға бола ма, оны қалай түсінесің?

(әр оқушы өз ойларын ортаға салады)

Қазіргі таңда жастардың бойында патриоттық сезімін оятатын әндер бар деп ойлайсыңдар ма?Бар болса қандай әндер?

(әр оқушы өз ойларын айтады)

Бағанадан бері патриот деген кім, патриоттық сезім туралы ойларымызды айттық. Ал енді, «Мен өз елімнің патриотымын» дегенді қалай түсінеміз?

(әр оқушы өз ойларын айтады)

Мұғалім сөзі: Құрметті оқушылар міне, осы тәуелсіздікке патриоттық сезімнің күштілігінен қол жеткіздік деп ойлаймын. Сендердің патриот, патриоттық сезім туралы ойларыңды, пікірлеріңді тыңдай келіп мынандай қорытынды жасадым.

  • Әскери міндетке жауапкершілікпен қарау;

  • Туған жерге деген ыстық сезім;

  • Ата - баба өсиетіне адал болу;

  • Өз Отанын күшті, айбынды ету, гүлдендіруге ұмтылу;

  • Бойындағы күш - қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесі үшін жұмсау;

  • Ана тіліне деген құрмет;

  • Өз халқының әдет - ғұрпын және салт - дәстүрін құрметтеу;

  • Елдің тарихын құрметтеу;

  • Қазақстанда мекен ететін халықтарға деген құрмет сезім;

  • Өз халқының әлеуметтік, мәдени жеңістері үшін мақтану;

  • Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау;

  • Заңға бағыну;

  • Үкіметті сыйлау;

  • Қандай да бір қастандық әрекеттерден Отанын қорғауға дайын болу;

  • Туған жерге, ата - бабасы жатқан жерге құштарлық;

  • Республиканың экономикалық, қорғаныстық әлеуетін тыңбай нығайту;

  • Басты байлығымыз – табиғат пен қоршаған ортаны гүлдендіру;

Әрбір адам бала жасынан “Қазақстан – менің Отаным, ол мен үшін жауапты болғаны сияқты, мен де ол үшін жауаптымын ” деген қарапайым ойды меңгеруі керек.

Қорыта келгенде “ Өз Отанының патриоты болу – Қазақстанды өз жүрегінде ұялату ” деген сөз.Тәрбие сағатымыздың келесі бөлімін биылғы жылдың ең басты жаңалықтарына беремін.

Астанадағы ЕХРО-2017 көрмесі ТМД елдері мен Орталық Азия аумағындағы өткізілетін ең алғашқы халықаралық деңгейдегі көрмеге айналуы мүмкін. EXPO-2017 халықаралық көрмесін Астанада өткізу - Қазақстанның негізгі жобаларының бірі. Мұндай ауқымды шараны еліміздің астанасында ұйымдастыру туралы Мемлекет басшысы бастама көтерді.

2011 жылғы 10 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Винсенте Гонсалес Лоссерталеске Қазақстан Республикасының ресми өтінімі тапсырылды. Сол сәттен бастап біздің республикамыз Астанада ЕХРО-2017 көрмесін өткізу жөніндегі сайлау науқанына ресми тұрғыда кірісті.

2012 жылғы 26 қарашада Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» №436 Жарлыққа қол қойды.

 ЭКСПО-2017 – біз үшін үлкен мүмкіндік .Бұл ірі халықаралық шараны дұрыс қолданған жағдайда мынадай пайдасы тиеді:

Шағын және орта кәсіпкерлер келген туристер есебінен пайда табады;

Шағын және орта кәсіпкерлер инфрақұрылым дайындау, ғимараттар құрылысы кезінде пайда таба алады;

Қала көркейе түседі;

Ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға болады: біздің тарихымызға, мәдениетімізге, әдебиетімізге қатысты түрлі кітаптарды шет тілдерге аударып, келген туристерге ұсынуға болады, жан-жақты қосымша көрмелер, концерттер ұйымдастыруға болады, т.б.

Ол үшін үлкен дайындық жұмысы қажет. Халықтың үлесі қажет. Мысалы, меніңше, әрбір қазақстандық шамасы келгенше осы шараны насихаттап, сырттан қонақтар, туристер шақыруға өз үлесін тигізсе, одан бәріміз ұтамыз. Интернет арқылы, әлеуметтік желілер арқылы айтуға болады. Мысалы, біз шетелмен жұмыс істейтін компания ретінде, шетелдік әріптестерімізге, таныстарымызға сөз ете жүреміз. Уақыт жақындағанда, тіпті барлық корпоративтік хаттарымызға, фирмалық бланктерімізге, визиткаларымызға ЭКСПО-ның логотипін орнатып қоюды жоспарлап отырмыз. Мұндай тәжірибені көптеген елдерден көргеніміз бар. Одан қалса, сол жылға ірі бизнес форумдар, түрлі кәсіби халықаралық жиындарды көбірек жоспарлауға болады. Әйтеуір, жеке тұлға ретінде де, кәсіпорындар ретінде де жан-жақты үлес қоссақ, одан ешкім ұтылмайды, қайта ұтады деп сенем. Тіпті, қаржы саласында істейтін маман ретіндегі ойым, арнайы осы шараға қатысты жобалар мен өндірістерді қаржыландыратын арнайы қаржылық өнімдер мен құралдар жасақтауға да болатын шығар. Сол арқылы сапалы, жақсы бизнес идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік туады.

ЭКСПО ЕҚЫҰ саммиті сияқты таза саяси пиар жоба емес, бұл науқанның Қазақстанға берері көп.

Біріншіден, ЭКСПО кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең жаңа, заманауи технологиялар көрмеге қойылып қана қоймай, олардың жұмыс істеу принциптері көрсетіледі. Сол арқылы біз жаңа технологияларды көріп, әлемдегі озық технологиялар мен техниканың қай бағытта, қалай дамып бара жатқанына куә боламыз, өз еліміз бен дамыған елдердің арасындағы технологиялық прогрестің айырмашылығын біліп, өз-өзімізді бағамдаймыз.

Екіншіден, ЭКСПО барысында Қазақстан тарапынан және шетел тарапынан зерттеу орталықтары, сондай-ақ шетел тарапынан салынатын жаңа жобалар көрме аяқталғаннан кейін де Қазақстанның керегіне жарап, ары қарай қызмет етеді.

Үшіншіден, шараны ұйымдастыру барысында көптеген жаңа ұйымдастыру, басқару, үйлестіру әдістерін үйреніп қана қоймай, 3 айлық науқан барысында Қазақстан қызмет көрсету саласын сыннан өткізіп, тәжірибе жинақтап алуға, сол арқылы тәжірибені жетілдіруге мүмкіндік туады.


Төртіншіден, бұл шараға Қазақстан үкіметі жариялағандай 5 миллион адам келмесе де, көрме өтетін Астана қаласының тұрғындары мен әдеттегі қонақтарынан әлденеше есе артық адам келетіні анық. Бұл сол қысқа мерзімде еліміздегі жеке кәсіп саласына, қонақ үй, тамақтану сияқты қызмет көрсету салаларындағы кәсіпкерлерге пайда әкеледі.

Бесіншіден, көрмеге келетін қонақтар тек Астана қаласымен шектелмей, Алматы, Бурабай қатарлы көрікті жерлерге ат басын бұрары сөзсіз. Кейін Қазақстанның жарнамасын жасайды, бұл туризм саласы үшін маңызды рөл атқарады.

Алтыншыдан, шара 3 ай бойы өтетіндіктен, шетелден келген қонақтарға жол бастау, аудармашы болу сияқты міндетті атқаратын шет тілін білетін және үйреніп жүрген жастарға үлкен тәжірибе.

Ендігі кезек мектеп жаңалығына беріледі.

Биыл мектебімізге осы мектепті алғаш рет гимназия деңгейіне жеткізген ұлы ұстаз Мария Ғизатқызы Құрманғалиева атағы берілді.

Бір өмірге мың өмір жалғанған...

Мұғалімдік мамандығына қылау түсірмей өткен кемеңгер жан, бала жанының тамыршысындай, шәкірттерін адамтану, ғұмыртану ілімдерінен сусындата отырып, «Ұлық Ұстаз» деген ұғымның биік шыңына көтерілген тұғырлы тұлға-Мария Ғизатқызы.

Ұстаз деген ұғымға сай болуы үшін бірін-бірі толтырар үш қасиет тоғысуы шарт. Біріншісі - білім, екіншісі - білік, үшіншісі - кішілік.

Гимназия - Мәрия апай үшін білімнің қасиетті ортасындай еді. Мектепте өткізілген түрлі шараларға сыйлы қонақ ретінде шақырған кездерде, балапандарына асыққан ана қырандай қанатын жая, дәл уақытында асыға жетіп, мектеп есігін айқара ашып, аңқылдай еніп, әзілдей кіретін. Жүзі нұрланып, көзі оттай жайнап, жаны жадырап, шабытты шаққа еніп, өз ұжымымен, шәкірттерімен қуана қауышатын сәттері аса тебіреністі еді. Ұстазбен бірге айналаны жылылық жайлап алғандай болатын. Аналық келбетінен мейірім төгіліп, ұжым алдында шешіле сөйлеп, тебірене ой толғаған апайдың әрбір сөзі – тағылымды өзіндік ой- түйіндер болатын. Тереңнен тепсініп шыққан қайнардай қуатты ойлары - көкейімізге қонып, жүрегімізге ұялап, жанымызға дәру боп құйылып жататын.

Мария Ғизатқызы 1934 жылы 14 наурыз күні Ақтөбе облысының Алға қаласында орта шаруаның отбасында дүниеге келді. Әкесі Ғизат орта дәрежелі қызметкер, отбасын орнықты ұстап тұрған кісі болды. Анасы Қаншайым үй шаруасымен айналысты. Олардың алдына қойған басты мақсаты – бала тәрбиесі болды. Балаларының оқып, жоғары білімді маман болуына, әрқайсысының өз мамандығы бойынша, өмірден орнын тауып орналасуына ата-аналық міндеттерін абыроймен атқарды.

Осы отбасында бір ұл, екі қыз тәрбиеленіп өсті. Інісі Рақымжан – жоғары білімді, техникалық инженер қызметкері. Өзінің қызметімен бүкіл республикаға танымал азамат, ТМД көлемінде білімі мен қызметін жоғары бағалайды. Қазір Алматы қаласында тұрады. Өскен-өнген, отбасылы жан.

Сіңілісі - Гүлнар- жоғары білімді, өндіріс қызметкері. Гүлнар - құрылыс саласында экономист мамандығы бойынша білікті маман иесі.Мария Ғизатқызы 1951 жылы Ойылдың орта мектебін бітіріп, сол жылы Ақтөбенің Н. Байғанин атындағы мұғалімдер институтына түсті. Оны 1953 жылы бітіріп, одан кейін Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы мұғалімдер институтында білімін жалғастырды. Сөйтіп, жоғары білімді мұғалімдік мамандығын алып шықты.

Алғашқы мұғалімдік қызметін Ойыл және Алға қаласындағы мектептерден бастады. 1959 жылы Ақтөбе қаласындағы №16 мектепте әуелі пионер вожатый, кейін мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып қызмет жасады. Осы жылдары көп салалы оқу – тәрбие жұмыстарын бір-бірімен ұштастыра жүргізе білді, мектеп өміріне етене сіңісті, оқушылардың сүйікті ұстазына айналды. Мұғалімдер арасында білімімен де, еңбекқорлығымен де, іскерлігімен де жоғары беделге ие болды, ата-аналармен байланысы нығайды. Сөйтіп, адал еңбегімен қала жұртшылығына таныла бастады. Мария Ғизатқызының ұйымдастырушылық және іскерлік қабілетін, ең бастысы ағартушылық қызметін жоғары бағалаған Республика Оқу Министрлігі оны Ақтөбе педагогикалық училищесінің директоры етіп тағайындады. Бұл қызметті ол 1977 жылға дейін атқарды. Оқу орнының оқу – материалдық базасы нығайды, ішкі, сыртқы келбеті жаңғыртылып жақсара түсті. Мұғалімдер ұжымы тәжірибелі ұстаздармен толықтырылып, сапалық құрамы жақсарды, бітірушілердің білім сапасы басты назарда болды.

Олардың көпшілігі қазір облыс көлемінде ауыл мектептерінде абыройлы жұмыс жасап келеді. Мария Ғизатқызы 1977 жылдан бастап облыстық атқару комитетінің жауапты хатшысы болып сайланды. Бұл бір жағынан оның еңбегіне берілген жоғары баға еді. Бұл қызметте ол халықпен етене араласып, іскерлігімен көптің көңілінен шықты.

Осы жылдардағы облыстың экономикалық - әлеуметтік дамуында Мария Ғизатқызының өзіндік қолтаңбасы бар. Осы қызметте 1981 жылға дейін болды. Мария Ғизатқызы өзінің ұстаздық қызметі жолында Ақтөбе қаласында жаңадан төрт мектеп ашып, тізгінін қолға алды. 1974 жылы қаладағы ең алғашқы қазақ мектебі №21 мектепті басқарды, оның ұлттық бағыттағы тәрбие жұмысын жолға қойды. 1989 жылы №32 қазақ орта мектебін ашып, оның басшылығында болды. Ал Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда №32 мектеп-гимназияға айналдырып, республикадағы ең тұңғыш атаулы білім ордасына айналды, ұлттық бағыттағы жаңашылдық қызметімен республика көлемінде танылды. Мария Ғизатқызы 1996 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ағартушылық қызметтен қол үзген жоқ, өзінің жеке «Болашақ» атты қазақ бастауыш гимназиясын ашты.Мария Ғизатқызы бүкіл еңбек жолының өн бойында қазақ тарихы мен мәдениетін, ұлттық сана мен тілді ешуақытта естен шығарған емес. Жоғарыда айтылған қазақ мектептері мен гимназиясын ашып, оның басшылығында болуы, барлық ағартушылық қызметі - осының айқын айғағы. Мария Ғизатқызы облыс аумағындағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Мария Ғизатқызы 1998 жылы облыс әкімшілігі жанындағы «Жанұя және әйелдер кеңесінің» алғашқы төрағасы болып сайланды.

Облыс басшылығы, облыс жұртшылығы оның адамгершілікке толы азаматтық қызметін жоғары бағалай отырып, бірнеше дүркін Ақтөбе облыстық және қалалық кеңестерінің депутаты етіп сайлады, Республиканың V, VI мұғалімдер съезінің және Қазақстан Республикасының алғаш мұғалімдер съезінің, сондай-ақ бірінші республикалық әйелдер съезінің делегаты болып қатынасты. Осы салады алда тұрған міндеттердің бағдарламасын жасауға ат салысты.

Мария Ғизатқызының Отан алдындағы еңбегі барлық уақытта ескеріліп отырылды. Мария Ғизатқызы «Кеңестер Одағының, Республиканың халық ағарту ісінің қызметкері», «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы». Сонымен қатар «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ы.Алтынсарин», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 60 жыл» төс белгілерімен марапатталған.

Мария Ғизатқызы үлкен киелі шаңырақтың көшбасшысы бола білді. Жолдасы -Құрманғалиев Марат Сайлаубекұлы жоғары білімді құрылыс маманы.

Кезінде «Ақтөбе сельстрой» тресінің бас инженері болып қызмет істеді.

Ақтөбе қаласын көркейтуге, оның келбетін жақсартуға үлкен үлес қосты. Үлкен ұлы Олег Маратұлы-дәрігер уролог. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Екінші баласы Болат Маратұлы-әскер қызметкер, полковник дәрежесінде. Қызы Снежана Маратқызы-жоғары білімді мұғалім. Қазір кәсіпкер. Бәрі де отбасылы, балалары бар.

Өмірінің соңына дейін қоғамдық қызметтен қол үзбеген, адамгершілік туын биік ұстаған, ағартушылық қызметінен ажырамаған нағыз ұстаз Мария Ғизатқызы жұртшылықтың мәңгі жүрегінде қалары сөзсіз.

Бәрімізге белгілі Мария Ғизатқызы гимназияны басқарған 90-жылдардың бірінші жартысы – білім мен мәдениет салалары үшін өте ауыр болған өтпелі кезең еді. Алайда, білікті басшының арқасында сол кездегі алғашқы қазақ гимназиясы шиеленісті шақтан шыңдалып, жаңа статустағы «жаңа тұрпатты білім ордасы» ретінде қалыптасып шықты. Сол Мария Ғизатқызы салып берген сүрлеуден кең даңғылдарға жол ашқан мектеп-гимназия бүгінгі таңда да биік шыңдарды бағындырған, жеңімпаздық салтынан, өзгелерден озық болу үрдісінен бір сәт те танған емес. Соның дәлелі ретінде ұжымдағы ұстаздар мен шәкірттердің ауыз толтырып айтарлықтай жетсітіктері де аз емес.

32 мектеп-гимназия соңғы 4 жыл ішінде қала мектептерінің ішінен топ жарып, республикалық 100 мектеп қатарынан жоғары орын алса, өткен оқу жылында білім мен даналықтың үлгісі «Білім үкісін» ҰБТ көрсеткіші бойынша жеңіп алып, қала мектептерінің ішінде «Облыстың ең үздік инновациялық мектебі» деп танылып, облыс әкімінің грантын иемденді.

«Білімді ұрпақ – ел болашағы десек», №32 мектеп-гимназияның шәкірттері қалалық, облыстық , республикалық олимпиадаларда, халықаралық деңгейде ғылыми жоба қорғауда мектеп мерейін асқақтатқан оқушыларды мақтанышпен айта аламыз.

Мария Ғизатқызының есімі болашаққа бет алған ұрпақ көшінің алдында ұран болып жүреріне күмән жоқ.

Сондықтан, ашылуына өзі ұйытқы болған № 32 мектеп-гимназияға Мария Ғизатқызының есімі берілсе, онда «Ау, қазақ, тағылымыңды түзе! Ұрпағыңды қазақ мектебіне бер! Заманның беті түзеліп келеді!» деп ұрандаған, «мәңгі нұрдың қызметшісі» Мария Ғизатқызының рухына бас игендігіміздің көрінісі іспеттес, ұлы ұстаз алдындағы парызымыздың миллионнан бір бөлігін өтеген болар едік!













































Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
17.12.2017
1507
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі