жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Тәрбиенің алғашқы баспалдағы-мектепке дейінгі мекеменің тарихы
Тәрбиенің алғашқы баспалдағы-мектепке дейінгі мекеменің тарихы
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: есітіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады… Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, соңда іске жарайды, сонда адам десе болады,» Абай Құнанбаев адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге, ортаға байланысты екенін дәлелдеп кетті. Адам баласы анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар тәннің құмарлығы. Екіншісі – білсем екен деген – жан құмарлығы. (Жетінші сөзі) Адам бойына жан арқылы жиналатын нәрсенің аты ақыл, ғылым. Ол таланттылық пен ерінбей еңбек еткен адамның қолына түседі – деген қорытынды жасайды.
Балабақша — мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелейтін мекеме. Мұндай мекеменің ең алғашқы үлгісін неміс педагогы Фребель ұйымдастырған (1837). Фребельдің балабақша ашуы жалғыз басты аналардың жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызды. «Бала-гүл, бала күтушіні- бағбанға теңеді. Ол тәрбиеге байланысты мынандай пікір айтты «Тәрбиелеудің мақсаты балаларды ерте жастан қоғамдық орында ғана немесе бір мамандыққа үйрету ғана емес, оларды жеке тұлға ретінде дамуына мүмкіндік беру керек». Ф. Фребель.
Мектепке дейінгі тәрбие орасан зор маңыз бере отырып, оны ойынды дамытудың негізгі деп санады. Баланың дене мен психикасының жағынан қалыптасуында оның үлкен роль атқаратындығын көрсетті. Баланың табиғи ерекшеліктерін сүйеніп, Фребель баланың іс - әрекеті және басқа балалармен араласуындағы қажетсінулерін қанағаттандыру үшін, оны құрдастарының қоғамында тәрбиелеу керек деп санады. Ол бұл идеяны педагогикалық жағынан терең негіздеді. Бұл бүкіл дүниежүзінде жаппай қабылданды. Ол дидактикалық ойындар мен алуан түрлі сабақтардың жүйесін құруды бастады.
Мектеп жасына дейінгі балаларға тәрбие беруге үлкен көңіл бөлген Чехияның ұлы педагогы Ян Амоя Коменский. Мектеп жасына дейінгі балаларға тәрбие беру туралы
« Ана мектебі» деген атты еңбегі мектеп дейінгі тәрбие жөнінен дүниежүзінде 1-ші бағдарлама құралы болды. Коменскийдің балалардың денсаулығына мұқият қамқор жасауға шақырды. Ол әйелдің жүкті кезіндегі өмір салты туралы бір қатар маңызды бастамалы нұсқаулар берді. Жаңа туған сәбиді күтіп бағу жөнінде, оның тамағы мен киімі, режимі және т.б. туралы халық тәрбиесімен өз заманындағы медецинаға сүйенетін ұсыныстар жасады. Коменский «балалардың денесі өсіп – дамуы үшін жағдай жасауға тиіс. Балаларға орынсыз шек қоймау керек. Қайта керісінше басын тік ұстап отыруы қажет. Осы және басқа дағдыларды іскерліктерді игеру тек қана ойын түрінде асырылуға тиіс. Ал ойын балаларды дамытудың негізгі құралы» , - деді Коменский.
Еліміздегі тұңғыш балабақша Алматы қаласында бұрынғы Верный 1917 жылы ұйымдастырылып, онда 100-ге тарта бала тәрбиеленді. Балабақшалардың алғашқы түрлері Бұл балаларға арналған алаңдар, мектепке дейінгі киіз-үйлер болды. 1919 — 1920 жылдары Қызылорда, Торғай, Орынбор, Орда, Қостанай қалаларында 115 Балабақша жұмыс істеді. 1997 жылы ҚР бойынша барлығы 1419 Балабақша жұмыс істеп, 162.2 мың бала тәрбиеленді. Олардың 425-і (18,2 мың бала) қазақ, 994-і (114,0 мың бала) орыс тілдерінде тәрбие жұмысын жүргізді. Балабақшада тәрбие, білім беру жұмыстары баланың жас ерекшелігіне, күн режиміне сәйкес жасалған бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады (қазіргі Мектеп жасына дейінгі тәрбие). Тәрбие жұмыстарын арнайы мамандықтары бар тәрбиешілер жүргізеді. Балабақшадағы балалар 2-ден 3 жасқа дейін — бөбектер тобына, 3-тен 4 жасқа дейін —cәбилердің 1-тобына, 4-тен 5 жасқа дейін — сәбилердің 2-тобына, 5-тен 6 жасқа дейін — естиярлар, 6-дан 7 жасқа дейін — мектепке даярлық топтарына бөлінеді. Балабақшалар бюджеттік, гимназиялық, жекеменшіктік, коммерциялық, т.б. негізде жұмыс істейді. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында (1920-1930ж.ж)Қазақстанда мектепке дейінгі мекемелер (балабақша, балалар яслилерін) ашу аса күрделі де қиын мәселе болатын. Оның себебі: Біріншіден, мектепке дейінгі мекемелерді ашу үшін орасан мол қаржы керек еді (арнаулы үй, жиһаз, оқу құрал-жабдығы, ыдыс-аяқ, ойыншықтар, т.б. сатып алу қажет). Екіншіден, балаларға арналған жиһаз, ойыншықтар шығаратын өндіріс орындары жоқ болатын. Сондықтан, оларды шет елдерден қымбатқа сатып алуға тура келді. Үшіншіден, мектепке дейінгі мекемелерде қызмет ететін маман кадрлар тапшы болатын. Оларды даярлайтын арнаулы оқу орындары болмады. Төртіншіден, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлеріне қажетті оқу-әдістемелік құралдар жетпейтін. Міне, осы мәселелерді шешу ісімен алғашқы Кеңес үкіметінің басшыларымен бірлесе отырып А.Оразбаева, Н.Құлжанова, Ш.Шонанова, С.Есова сияқты көрнекті педагог қоғам қайраткерлері айналысты. Олар бұл істегі батыс елдерінің педагог қайраткерлері К.Цеткина, Н.К.Крупская, Е.Тасова, т.б. іс-тәжірибелерінен үйренді. Солардың педагогикалық еңбектерін қазақ тіліне аударды. Сөйтіп, өздері де мектепке дейінгі тәрбиемен байланысты төл оқу-әдістемелік құралдар жазу, мамандар даярлау істерімен айналысты. Мәселен, Ш.Шонанова 1929 жылы «Жаңа мектеп» журналына екі еңбегін ұсынды. Оның бірі «Мектепке дейінгі тәрбие жұмысының болашақ мәселесі», екіншісі «Балалар алаңын құру мәселесі» деп аталды. Ш.Шонанова (1903-1938) 1922 жылы ҚазАССР-і Халық ағарту комиссариаты жанындағы мектепке дейінгі тәрбие ісінің әдіскері, ғылыми хатшысы, инспекторы қызметтерін атқара жүріп, республиканың әр аймақтарында мектепке дейінгі мекемелерді ашу ісімен де айналысты.
Нәзипа Құлжанова мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің жұмыс мазмұнын, атқаратын қызметін айта келіп, баланы тәрбиелеу, өсірудегі ұлттық ойындардың ерекшеліктеріне тоқталады. Үш пен жеті жас аралығындағы балалардың физиологиялық ерекшеліктерін – бала әлемін сөз етеді. Әсіресе, жас баланың айналаны білуге деген құмарлығын, сөйлеуге, сұрақтар беруге бейім болатынын, сол арқылы ойы өсіп, жетілетінін айта келе, баланың ойын дамыту үшін олардың сұрақтарын жауапсыз қалдыруға болмайды. Қазақтар баламен сөйлесуге жете мән бермейді. Сондықтан, олардың сөйлеу мәдениеті толыққанды жетілмейді дейді. Баланы табиғат аясында тәрбиелеудің, табиғат құбылыстары жайында үнемі әңгіме жүргізудің тағылымдық мәніне терең тоқталады. Ол баланы жас кезінен бастап табиғат аясында тәрбиелеудің эстетикалық әсерін айта келіп, «Бала даланың кеңдігінде шолпылдатып суға түсіп, жүгіріп құспен бірге сайрап, көбелек қуып, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқамен бірге көкорай шалғын тоғай арасында сайрандай жүріп, көңілі де, жан-тәні де бірдей өсіп, өркендемек» дегенді айтады. Автор осы пікірін әрмен қарай жалғастыра келіп: «Әрбір құлықты, жақсы адам мінезінің түпкі негізінде болатын еңбек ету, көңіл көтеру және денесі еліктегіш, талшыбықтай икемді, нәзік сезімді болып келеді» деп мектеп жасына дейінгі балалардың тыныс-тіршілігін сөз етеді. Н.Құлжанова баланы үйде, балабақшада еңбекке бейімдей тәрбиелеудің маңызына тоқталады. Ол үшін әр балабақша жанында биологиялық бұрыш, тәжірибе участогы болуы керек. Бала торғайды, қоянды, тотықұсты, кірпікшешенді, балықты өсіруді білсін, аулаға көкөніс, гүл отырғызып, су құюды үйренсін, сазбалшықтан ойыншықтар жасап үйренсін дейді. Нәзипа Құлжанова баланың санасын оятып, қиялын өсірудегі ойыншықтардың тәрбиелік рөліне ерекше мән береді. «Ойын баланың қиялын өсіреді. Ойнай білу дегеніміз – ойлай білуге үйрету» дейді. Қазіргі таңда Нәзипа Құлжанова айтып кеткен мәселелердің бәрі шеімін тапқан «биологиялық бұрыш» яғни табиғат бұрышы және де құммен бөбекжай бақшалар толық қамтылған. Балалар білгісі келген барлық дүниеге тәжірибие жасай алады және жасауда, балабақша айналасында жеңіл еңбек түрімен айналысуда, көктем және күз мезгілдерінде жер учаскісінде жұмыстар жүргізіледі, жаз мезгілінде көкеністер мен жемістерді жинайды.
Н.Құлжанова мектепке дейінгі тәрбиенің басты бағыттарын «Тән саулығы», «Баланың сырт сезімдерінің дамуы», «Заттың түр-түсін ажыратуы», «Бала тілінің шеберлігі», «Баланы еңбекке дағдыландыру», «Баланың әдемілік сезімін ояту», «Бала ойындары мен ойыншығы», «Баланы көпшіл болуға баулу» деп жіктей келіп, осы мәселелердің әрқайсысының мән-мағынасын ашып талдайды. Нәзипа Құлжанованың мектепке дейінгі тәрбие туралы жазған еңбегінің құндылығы – біріншіден, оның Қазақстан топырағындағы тұңғыш мектепке дейінгі педагогика ғылымының негізін салушы педагог-ғалым болуымен ерекшеленсе, екіншіден, Н.Құлжанова мектепке дейінгі педагогиканы биология, медицина ғылымдарының жетістіктерімен байланыстыра қарастырады, үшіншіден, ол қазақ этнопедагогикасын әлем елдерінің этнопедагогикасымен үндестіре зерттеді, төртіншіден, Н.Құлжанованың еңбектерінде Қазан төңкерісінің қарсаңындағы көшпелі қазақ елінің тұрмысы, сол уақыттағы ауыл мен қала өмірінің шындығынан алынған нақты көріністер айқын бедерленген. Ана мен бала тәрбиесі, әсіресе баланы мектепке дайындау жайында әдістемелік құралдар ана тілімізде күні бүгінге дейін тапшылық етуде. Олай болса, бұдан 94 жыл бұрын жазылған Нәзипа Құлжанованың еңбектері күні бүгінге дейін өзінің құндылығына қылау түсірмес аса құнды еңбек екені даусыз. Белгілі ғалым А.Меңжанова мектепке дейінгі жастағы балалардың «ақыл-ой тәрбиесінің мақсаты – балаларды табиғат пен қоғамдық өмірдің сан қилы қарапайым құбылыстары жайлы біліммен қаруландыру, сезім мен қабылдау ерекшеліктерін жетілдіру арқылы ақыл-ой қабілетін (зейін, ой, ес, қиял, тез және дұрыс шешім қабылдау, тұжырымдау, игерген әдет пен дағдыны, білімді іс-әрекет үдерісінде туған міндеттерді шешуге пайдалана білу, өз еңбегінің сапасын, оның қорытындысын, ынта-ықыласын болжай алу) дамытуды қамтамасыз ету», - деп анықтаған. Қазақсатандағы мектепке дейінгі педагогиканың дамуына үлес қосқан біздің ғалымдарымыз және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры әрі ардагер ұстазы Қуанышкүл Меңдаяқовна, профессор Сайра Нағашыбаевна қазіргі таңдағы мектепке дейінгі білім саласына өз үлесін қосып, дамытуда.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген