жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Тәуелсіздік - тұғырым
Тәуелсіздік – тұғырым
Алматы қаласы, Жетісу ауданы,
№193 ЖББМ-тің педагог – зерттеуші санатты
қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі
Көк жиекпен астасқан байтақ, кең даламда тәуелсіздіктің таңының атқанына – 30 жыл. Бұл – үш онжылдық, аз ғұмыр емес. Осы күні дүние есігін ашқан сәби 30 жасқа толды, ойы толысқан азамат болды. Уақыт тез, көзді ашым- жұмғанша өте шықты. Алайда, бұл жылдар халқымыз үшін оңай болған жоқ, талай қиындықтар мен дағдарыстарды бастан өткере отырып, ХХІ ғасырда өркениетті елдер қатарына қосылып, көшін түзеп кете ала ма деген көкейкесті арманының ақиқаты да еді.
Бүгілген тілдің тірілуі, бүлінген дүниенің жиылуы, бөлшек – бөлшек болып, орыс еліне етене еніп кеткен ата қоныстың бір жерге топтасып үйірілуі - тек тәуелсіздікпен бірге келген ұлы жеңіс. Шекара туралы табандылықпен жүргізілген келіссөздер бұның айғағы, дәлелі, жерімізге көзалартып, «жалған» айтылған дауларға берілген қайтарымсыз жауап.
Тәуелсіздігіміздің тұрақтылығы, әлем елдерімен терезесі тең елге жетуі – қарақан басының қамынан ұлтының қамын биігірек қойған жампоздарымыздың ісі мен күресі.
Тарихтың қырқасына шығып көз жіберсек, тәуелсіздіктің оңай келмегенін, азаттықты аңсаған халықтың ұлт – азаттық күресі жолында оянып, есіл ерлердің алқызыл қанға боялғаны ақиқит. Тарихтың түбіне бойламай – ақ, Кеңестік дәуірдің жиырмасыншы – қырқыншы жылдарындағы халық басына үйірілген қара нәубетті , тіпті, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын айтсақ та болады. «Колбиннің «Үшінші Октябрі» - Қазақстанды біржолата қазақтық сипаттан айыруды мақсат тұтқан ең соңғы, ең шешуші зор майданы еді» деген Ә.Кекілбаев ағамыздың пікірі қазақ халқының сең жүре бастаған уақыт мұқитында дауылға қарсы тұрып, өзі аңсаған бағытқа аса сақтықпен құлаш ұра жүзіп келе жатқанының айғағы еді.
Қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы – Тәуелсіздіктің тұғырлы туының желбірегеніне, азаттықтың асау тұлпарының қазақтың сайын даласында көсіле шапқанына – 30 жыл болды. Бұл – мақтаныш, бұл – намыс, бұл – жетістік, бұл – құндылық! Тәуелсіз елдің кіндігі Астана – Нұр- Сұлтан қаласы ел ордасының бесігіне айналды.Ұлт пен ұлыстар арасы ынтымаққа толды.Қазағымның көк байрағы өркениетті әлем елдерінің төрінде асқақтай желбіреп, қазақ халқының қажымас қайратын, айбынды ар - намысын, құт – береке бірлігін, бүтіндігін паш етті.
Азаттығы азаматқа, жарқындығы жасампаздыққа, білім – ғылымы асқан, мәдениеті тасқан, өркениетті ел деген даңққа ие болдық. Тұғырлы тәуелсіздігіміздің арқасында шетелдіктер алдында тілі күрмелмей, табаны нық, жалбақтамай халықаралық ұйымдарға именбей еркін кірген ел болдық. Әлемдік қоғамдастықта қай елдің өкілдері болса да қаз – қатар иық тіреп, алдыңғы легінде жүретін, елі аман, жұрты тыныш, шекарасы бүтін – елміз. Туған елдің мерейін өсіретін, рухын биіктететін, намысын жыртып, жақсысын асыратын, ұлы ұлағатты, қызы инабатты, халқы салауатты – елміз.
Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ, ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізден құт – береке қашпасын деп,
Шетіміздің жерін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз.
Басынан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз.
Дәм – тұзды ақтай білген елміз,- деп, ұлтының ұлы мұраттары мен бірлігі, саналылығы мен еркіндігі, намысы мен ынтымағы үшін, тұтастығын сақтау үшін ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген, өз заманының заңғары, биік шыңы, мемлекет мәмлегері, қаз дауысты Қазбек би айтқандай, құт – береке дарыған, аймақтық тұтастығы мығым, ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы жарасқан, дәм – тұзы араласқан, дұшпанға бас имейтін, білімді ұрпағымен мақтанатын, болашағы жарқын да кемел, өр де ер – Қазақ еліміз.
Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Ендеше, өз ұлтын ұлықтап, ардақтайтын, салт – дәстүрін қадірлейтін, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, Отаншылдық сезімге баулу, «елім деп еңірейтін, халқым деп қайғыратын» өскелең ұрпақты тәрбиелеу – біріншіден, ата – ананың, екіншіден, ұстаздың міндеті.
«Egemen Qazaqstan» газетінде Қазақстан
Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік
бәрінен қымбат» атты мақаласы
жарияланды.
Бұл мақалада Президентіміз Қасым – Жомарт Кемелұлы:
«Мұның бәрі тәлім-тәрбиеден басталады.
Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға
мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған
бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес –
отаншылдықта, заңда емес – санада» деп өте тамаша
айтқан.
Ата- бабамыз баласын «тек» деп өсірген, сондықтан отбасының тәрбиесі мықты болу керек, өзіміздің ұлттық тәрбиеміздің рухымен тәрбиелеуіміз қажет. «Тегін білмеген, жетесіз» деген халқымызда сөз бар, тілін, ділін ұясынан үйренеді. Заман – білімдінікі. Болашақ – жастардікі, сондықтан еліміздің дамуының басты қозғаушы күші, әлеуеті – жастар. Саналы, салиқалы, байсалды , ұлағатты, ұлттық болмысын қадір тұтатын ұрпақ тәрбиелеу – заман талабы. Қазақ халқының ойшыл ақыны, бас ақыны, ұлы Абай айтқандай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» дегендей, ұрпағымыз білімді, ар – намысты, саналы болса, Тәуелсіздігімізде тұғырлы болады. Елдік бар жерде, теңдік бар. Тәуелсіздік – біздің тұғырымыз, болашақ бағымыз, нұрлы таңымыз.
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген