Тәуелсіздік алғаннан бастап білім беру
жүйесіндегі өзгерістер
Түркістан облысы, Сайрам
ауданы,Манкент ауылы №45 «1Май» жалпы орта мектебі қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі
Торакулова Шахноза
Саттаркуловна
«Елді түзетуді бала
оқыту ісін түзетуден бастау
керек»
Ахмет
Байтұрсынов
Тәуелсіздіктің 30 жылында елімізді дүние
жүзі танып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегі
мен сындарлы саясатының арқасында саяси-экономикалық, әлеуметтік,
мәдени-рухани жетістіктерге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта
Қазақстан Республикасы әлем таныған тәуелсіз мемлекетке айналды.
Тәуелсіздік – біздің мәңгілік рухани құндылығымыз, халқымыздың бағы
мен бақыты.
Тәуелсіздіктің 30 жылында білім беруді
басқару мен қаржыландырудың құқықтық-заңнамалық негізі, әлемдік
білім кеңістігіне интеграцияланған қазақстандық білім беру жүйесі
қалыптасты. Саланың 30 жылдық тарихына көз жіберер болсақ, оны
бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Егер 1991-1994 ж.ж. –
білім беру саласының заң-намалық және нормативтік-құқықтық базасын
қалыптастыру кезеңі десек, 1995-1998 ж.ж. – білім беру жүйесін және
оның мазмұнын жаңартуға күш салынды. Ал 1999 – 2004 ж.ж. – білім
беруді басқару мен қаржыландыру, білім беру ұйымдарына академиялық
еркіндік беру мәселелеріне көңіл бөлінді, 2005-2010 ж.ж. – білім
беру жүйесі нарықтық экономикаға бейімделді. 2011 жылдан қазіргі
уақытқа дейін – жаңа кезең, инновациялық дамуға бейімделген, еңбек
нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды дайындаудың ұлттық моделі
қалыптасты.
Республика орта
мектептерінде үш тілде сабақ берудің жаңа стандарттары сынақтан
өткізілді.
XXI ғасыр –
ақыл-ой, білім-ғылым, инновация мен креативтілік не-гізінде үнемі
өзгеріп отыратын орта қалыптастырды. Жылдам өзгеріп отыратын
өзгермелі кеңістікте сапалы білім арқылы осы қасиеттерді азаматтар
бойына сіңіру адам капиталын дамытудың бірден-бір жолы. Сапалы
білім ғана өркендеген мемлекеттің, қуатты экономикалық және
бақуатты қоғамның кепілі бола
алады.
Биыл ел
Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Осы кезең аралығында жеткен жетістіктер
орасан зор. Алғаш рет кемел келешекті іске асыратын кадр даярлау
мақсатында «Болашақ» халықаралық бағдарламасы, заман талабына жауап
бере алатын «Назарбаев Университеті» құрылды. Қазіргі уақытта
тәуелсіздік рухында тәрбиеленген, білімді, өзгерістерге икемді
ұрпақ қалыптасып, еліміздің одан әрі өркендеуіне үлес қосуда.
Еліміздің мектептегі білім беру жүйесі әлемдік деңгейде бәсекеге
қабілетті жастарды тәрбиелеп шығаруға әлеуетті екенін
дәлелдеді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін білім мазмұнының
нұсқалылығы жаңа үлгідегі білім беру ұйымдарымен қамтамасыз етіле
бастады. Орта білім ұйымдарының желісі жеке мектептермен,
лицейлермен, гимназиялармен, дарынды балаларға арналған арнаулы
мектептер мен толықты. Барлық сыныптар білім берудің жаңартылған
мазмұнына көшірілді. Білім мазмұны жаңартылған 20 Назарбаев
зияткерлік мектебі құрылды. Қазіргі уақытта дәл осы мектептердің
тәжірибесі еліміздің бүкіл білім жүйесіне енгізіліп жатыр.
Қазақстан тәуелсіздігінің тағы бір жетістігі – Ұлттық білім сапасын
бағалау жүйесінің құрылуы. Бұл ретте білім сапасын бағалаудың ішкі
және халықаралық құралдар қолданылады. Қазақстандық оқушылар алған
білімдеріндегі жетістіктерін тәуелсіз халықаралық бағалауға
мүмкіндік беретін PISA, TIMSS, PIRLS сынды зерттеулерге де
қатысады.
Жаңалыққа жаны
құмар ұстаздар қауымын біліктілікті арттырудың жаңа жүйесі бір
серпілтіп тастады. Осы жаңалықтың іс жүзіндегі көрінісі білім беру
саласына оң өзгеріс әкелетініне кәміл сенемін. Балаларды оқуға
ынталандыру үшін ұстаздар қандай әдіс-тәсілдерді ойлап таппады
дейсіз. Осы жайлы Ж.Аймауытов: «Баланың ынтасын ояту үшін оқытатын
нәрсе де бір жаңалық болуы керек»,- деген екен. Еліміздің жарқын
болашағы үшін қолға алынып отырған үлкен бастамаға сәттілік
тілеймін!
Сөз соңында
айтарым Тәуелсіз елімнің білім беру саласындағы жетістіктеріне
үлесімді қосу ұстаздық парызым деп есептеймін. Егеменді елімнің,
Тәуелсіз мемлекетімнің болашағы зор болатынына кәміл
сенемін