Шығыс Қазақстан облысы Білім және ғылым
министрлігі
«М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі»
КМҚК
Тақырыбы:
Тәуелсіздік
таңы
Орындаған:
ЖаБолатова
Айдана
Жетекші: Табилтайқызы
Серікгүл
2018
жыл
Өсер елдің қай сәтте де бірлік
болмақ қалауы,
Лаула, лаула желтоқсанның
мұзға жаққан алауы,
Өздеріңдей өр намысты жас
өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес
жалауы!-
деп ақын жырлағандай,
желтоқсанның мұзға жаққан алауы,1991 жылы 16 желтоқсанда
тәуелсіздік таңын тудырды. Бұл күнді тарихи бір сәт десек те
болады. Қазақстан тарихында бұл күн ешқашан ұмытылмайтын, бақытты
бағасымен халқымыздың есінде мәгілік қалары
анық. «Тәуелсіздік» деген 11 әріптен тұратын сөздің
мағынасы қандай терең, астары қандай кең десеңізші! Ол – өлең, ол –
ән, ол – сұлулық, ол – асқақ арман, ол – шалқыған дәулет, көркейген
сәулет! Бір ғана сөз бейбітшілік, бақыт, сәттілік, достық,
сыйластыққа жетелейді, жаныңа жылылық пен дербестікті ұялатады.
Шыңын мәңгі қар басқан биік таулары, сарқырай аққан өзендері,
мөлдір сулы көлдері, шет-қиыры көзге көрінбейтін жазық далалары,
қойнауында ұлан-асыр кен байлықтары тасып жатқан қуатты өлке,
құт-мекеннің мәртебесі жоғары, тұғыры биік. Солай дей отырсақ та
бүгінгі таңдағы әлем мойындаған Қазақстанмен еркіндікті аңсаумен
бодандықта болған Қазақстанды салыстыру қиын. «Өз-өзін тапқан
адам өзге адамның пікіріне бағынышты болудан арылады»,- деп Георгий
Александров айтқандай, еліміздің қашан да тәуелсіздікті аңсап,
тәуелсіздік жолында тынбай күресуі нәтижесінде ешкімнің ықпалына
көнбейтін қуатты мемлекет болып әлем сахнасынан көріне бастадық.
Дегенмен бізге бұл оңай жолмен келе қойған жоқ.Тамырын тереңге
жайған тарихымызға көз жіберсек, еліміздің ел болып қалыптасуына
мыңдаған жылдар кеткеніне көз жеткіземіз. Жерімізге көз тіккен
жауыз жоңғарлармен 150 жылға жуық шайқасып, ата-бабамыз қасықтай
қаны қалғанша жерімізді қорғап қалды емес пе? Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сияқты батырларымыздың
«Қайтсек те жауға бермейміз» деген ұранмен қол бастап,
жауынгерлеріміздің рухын көтергені, Отанына деген махаббатын
оятқаны бәрімізге аян. Батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі
түрлі мемлекеттермен астасып жатқан ұлан-ғайыр даланы жат жұртқа
бермеу үшін қайтпас қайсар батырларымыз жан аямай күресті. Елін,
жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жерінің қадамы үшін басын
қатерге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рух жеңіске
алып келді.
Пай! Пай!
Пай!
Киелі неткен
жер!
Батырлар
дүрілдеп өткен
жер.
Тұлпарлар
дүбірлеп төккен
тер,— деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев
жырлағандай, бұл өлке нені көрмеді десеңізші! Ғасыр ағынымен
қанды шайқасты да, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт
өмірді де, өзге мемлекеттердің үстемдік етіп, билік жүргізуін де,
бірін-бірі жеуге дейін барған аштық заманды да, табиғаттың дүлей
күшін де, бәрін-бәрін көрді, келешек ұрпаққа жетуі үшін тасқа
қашап, хатқа қаттап, бәрін мәңгі өшпестей сақтап
жазды.
Әлихан Бөкейхановтың «Біздің
жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих
жолында тезек теріп қалады» деген сөздері қазақтың тәуелсіздікке
ұмтылудағы қадамының маңызын ұғындырады. Осындай ұлт
жанашырлары Қазақстанды өз билігі өз қолында болатын, ежелден келе
жатқан мәдениеті мен салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары толықтай
сақталған мықты, ынтымағы жарасқан, егемен мемлекет ретінде көруді
аңсаумен өтті. Тәуелсіздіктің бізге не бере алатынын түсінген асыл
текті бабаларымыз оның жолында жан аямай күресіп
бақты.
Тәуелсіздік таңы атқанына міне
26жыл толып отыр, осы уақыт ішінде Қазақстан өзін күллі әлемге
танытып үлгерді. Аз ғана мерзімде мерзімде көптеген елеулі
табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп
ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы
Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты да көреген
саясатының нәтижесі ретінде орнады. Экономикасы дамып, халықтың
жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге жетті. Өзге елдермен арадағы
қарым-қатынастар реттеліп, халықаралық саудаға шығуға мүмкіндік
алды. Жастардың шет елдерде оқуға, сол жерде алған білімін Отанында
қолдануға мүмкіндіктері пайда болды. Қазіргі таңда спорттан
ұйымдастырылатын олимпиада, спорттық ойындарда қазақстандық
бауырларымыз жоғары орындардан көрініп, ел беделін көтеруде
,еліміздің әнұраны бүкіл әлем алдында жиі ойнатылып Қазақстан деген
мемлекет күннен- күнге әлем үшін жаңа белестерден көрінуде.
Елбасымыздың бастауымен Астананың негізі қаланып, бүгін адам
танымастай өзгеріске ұшырады, әлемдегі мемлекеттермен
келісімшарттар жасалатын,жиналыстар өткізілетін заманауи шаһар
қалыптасты.Көпжылдық тарихында толық еркіндігі болмаған еліміз ХХІ
ғасыр табалдырығында осылайша тұғыры биік бейбіт мекен ретінде
көрініс тапты. Тәуелсіздігіміз жариялағаннан бергі мезгіл ішінде
көптеген елеулі табыстарға қол
жеткіздік.
Еліміздің тыныштығы мен
қауіпсіздігі, көп ұлтты Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғанда, осы
дүние есігін ашқан күнәсіз пенделердің тал бесіктен жер бесікке
дейін өз қалауынша тіршілік ету бақыты пайда болды емес пе? Сол
бақытты жандардың бірі — менің де осындай мемлекетте тұруым
маған жарқын болашақ сыйлап отыр. Заманның ауыртпашылығын көп
көрген ата-апам өткен күннен естеліктерін айтқанда көзіме еріксіз
жас ұялайды. Қазіргі бейбіт мемлекетте уайым–қайғысыз өмір сүріп
жатқанымыз да осы тәуелсіздік арқасы екеніне тағы көз жеткіземін.
Өткеннің асылдарының ыстық ықыластары дамыған Еуропаның, АҚШ-тың
жоғарғы оқу орындарында білім алып, сонда алған білімімізді туған
жерімізде қолдануды біздің алдымыздағы негізгі мақсат етіп қояды.
Мен сияқты өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін тәуелсіздіктің
маңызы ұшан-теңіз екендігіне сенімім мол.Мен осындай елде
туып-өскенімді мақтан тұтамын. Басқалардың қолы жете бермейтін
тәуелсіздіктің бізге келгені-үлкен мақтаныш, дәреже,
бақыт.
Қорыта келгенде, мен болашақта
жақсылықтар көп болады деп сенемін. Себебі, біз талай қиындықтарды
жеңген алыптардың ұрпағымыз. Барлық
әніміз де, жырымызда да Отан
үшін, туған жер үшін арналады. Алда әлі ұзақ жол, үлкен асулар бар.
Сол асулар мен қиындықты жеңу үшін білектің күші ме найзаның ұшы
керек емес. Оған тек жүрек пен білім, талант пен талап керек.
Тәуелсіз өркениетті елімізге білімді мамандар, елі мен жері үшін
тәуекелге бара алатын нағыз отансүйгіш, адал , «желтоқсан»
жастарындай азаматтар мен азаматшалар керек екенін түсіндік. Қазақ
елінің абыройын асырап, мерейін үстем етер, әлем таңқалар
талай-талай жаңалық ашар білімділер керек екенін түсіндік. Осы
тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңге
жалғайтын, қазақ елінің ертеңі, боалшағы үшін жауап беретін біздер
екенімізді сезіндік.