Үлгілі
«ЖАСАRT» балалар театрының шығармашылық
жолы мен тәрбиелік тағылымы
Ақтөбе
қаласы МКҚК «Қалалық оқушылар сарайы»
жанынан құрылған үлгілі «ЖАСАRT» балалар
театрының шығармашылық жолы мен тәрбиелік
тағылымы
Қазіргі
таңда өскелең ұрпаққа сапалы білім
берумен қатар, оның рухани-адамгершілік,
шығармашылық және әлеуметтік тұрғыдан
дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Баланың
бос уақытын тиімді ұйымдастырып,
бойындағы қабілетін ашуға мүмкіндік
беретін қосымша білім беру ұйымдарының
бұл бағыттағы маңызы зор. Соның ішінде
театр өнерінің орны айрықша.
Театр
– бірнеше өнер түрін тоғыстыратын
ерекше шығармашылық орта. Оның бойында
сөз өнері, музыка, би, пластика, сахналық
қозғалыс пен актерлік шеберлік үндеседі.
Сондықтан театр үйірмесіне қатысқан
бала тек сахнада өнер көрсетіп қана
қоймайды. Ол өз ойын еркін жеткізуге,
көпшілік алдында өзін ұстауға, тыңдауға,
түсінуге, өзгенің пікірін құрметтеуге
және ұжыммен жұмыс істеуге үйренеді.
Осындай
ізгі мақсаттарды жүзеге асырып келе
жатқан шығармашылық ұжымдардың бірі –
Ақтөбе қаласындағы Қалалық оқушылар
сарайы жанынан құрылған үлгілі «ЖАСАRT»
балалар театры. Театрдың басты
ерекшелігі – сахналық өнерді балалар
тәрбиесімен ұштастыра отырып, жан-жақты,
ізденімпаз, өзіне сенімді әрі ұлттық
құндылықтарды бойына сіңірген тұлға
қалыптастыруға бағытталуында.
«ЖАСАRT»
театрының оқу-шығармашылық бағдарламасында
театралдық ойындар мен тренингтер,
музыкалық және шығармашылық жаттығулар,
көркемсөз оқу, сахналық қозғалыс, сөйлеу
мәдениетін қалыптастыру, тіл байлығын
дамыту, театр мәдениетінің негіздері
және спектакльмен жұмыс жасау бағыттары
қамтылған.
Театрдағы
әр сабақ баланың шығармашылық ізденісіне
жол ашады. Қарапайым ойынның өзінен
бала өзін тануды, серіктесін сезінуді,
берілген тапсырманы орындауды үйренеді.
Ал сахнаға шыққан кезде оның бойындағы
ұяңдық біртіндеп сейіліп, өзіне деген
сенімі арта түседі. Көркемсөзбен жұмыс
жасау сөздік қорын молайтып, дұрыс әрі
анық сөйлеуге ықпал етсе, сахналық
жаттығулар баланың қимыл-қозғалысын,
есте сақтау қабілетін және зейінін
жетілдіреді.
Бүгінгі
цифрлық технологиялар дәуірінде
балалардың экран алдында көп уақыт
өткізуі олардың тірі қарым-қатынасқа,
қимылды ойындарға, кітап оқуға және
шығармашылық әрекетке деген қызығушылығына
әсер ететіні белгілі. Осындай кезеңде
театр – баланың шынайы қарым-қатынасқа
түсіп, өз ойын сөзбен және қимылмен
жеткізетін, эмоциясын басқаратын, қиялын
дамытатын ерекше орта.
«ЖАСАRT»
театрының тәрбиелік бағыты да осыдан
көрінеді. Ұжымдық шығармашылық барысында
балалар бір-біріне қолдау көрсетіп,
өзара көмекке, жауапкершілікке, татулыққа
үйренеді. Бір спектакльдің сахнаға
шығуы – әр баланың ортақ еңбекке қосқан
үлесінің нәтижесі. Бұл үдеріс оларды
тәртіпке, еңбекқорлыққа және жауапкершілікке
баулиды.
Театр
жұмысының тағы бір маңызды бағыты –
ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Қазақ
әдебиеті мен драматургиясының таңдаулы
туындылары, ұлттық салт-дәстүр мен
рухани мұра балалардың шығармашылық
жұмысына арқау болып, олардың ұлттық
болмысын тереңірек түсінуіне мүмкіндік
береді. Өнер арқылы тәрбиеленген бала
өз мәдениетін құрметтеп қана қоймай,
туған еліне деген сүйіспеншілігін де
қалыптастырады.
«ЖАСАRT»
балалар театрының шығармашылық
жетістіктері де ұжым жұмысының нәтижелі
екенін көрсетеді. Театр тәрбиеленушілері
түрлі деңгейдегі халықаралық,
республикалық, облыстық және қалалық
байқауларға қатысып, жүлделі орындарға
ие болып келеді. Бұл жетістіктер –
балалардың сахналық шеберлігімен қатар,
жетекшінің ізденісі мен жүйелі еңбегінің
нәтижесі.
Театрдың
тағы бір үлкен жетістігі – оның
тәрбиеленушілерінің арасынан кәсіби
өнер жолын таңдаған жастардың шығуы.
Театр сахнасында алғашқы қадамын жасаған
шәкірттердің кейін актерлік, режиссерлік
мамандықтарды таңдап, өнер саласында
еңбек етуі – шығармашылық ұжымның
кәсіби бағдар берудегі маңызды рөлін
айқындайды. Бүгінде театр құрамында
қырықтан астам тәрбиеленуші шығармашылықпен
айналысып, өз өнерлерін шыңдап келеді.
Балалар
театры – тек болашақ актерлерді
тәрбиелейтін орын емес. Оның басты
құндылығы – баланың тұлғалық қалыптасуына
ықпал етуінде. Сахнаға шыққан бала
кейіпкердің өміріне үңіледі, оның
әрекетінің себебін түсінуге тырысады,
жақсы мен жаманды ажыратады. Басқа
адамның бейнесін сомдау арқылы өзгенің
сезімін түсінуді үйренеді. Бұл – баланың
эмоционалдық және рухани дамуына үлкен
әсер ететін тәрбие мектебі.
Театр
баланы ойлануға, сезінуге, ізденуге
және өзін еркін көрсетуге үйретеді.
Сахнада алған тәжірибе оның күнделікті
өміріне де оң ықпал етеді. Өз ойын анық
жеткізетін, көпшілік алдында қысылмай
сөйлейтін, жауапкершілікті сезінетін,
айналасындағы адамдарды құрметтейтін
тұлғаның қалыптасуына театрдың қосар
үлесі мол.
Сондықтан
«ЖАСАRT» балалар театры – өнер
үйірмесі ғана емес, жас ұрпақтың
шығармашылық қабілетін ашып, рухани
дүниесін байытып, ұлттық құндылықтарды
бойына сіңіретін үлкен тәрбие мектебі.
Театр
– баланың өзін табуына жол ашатын
шығармашылық кеңістік. Ал шығармашылықпен
тәрбиеленген ұрпақ – ойы еркін, жүрегі
ізгі, мәдениеті жоғары, ел болашағына
жауапкершілікпен қарайтын тұлға.
Театр
– өнердің ғана емес, тәрбиенің де бесігі.