жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
технология
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Ақтөбе гуманитарлық колледжі
Жалдыбай Перизат
Мектеп оқушыларына үйірме жұмысында кесте тігу өнерін оқытып, үйрету әдістемесі
КУРСТЫҚ ЖҰМЫСЫ
0107000 - «Технология» мамандығы
Ақтөбе, 2016
Мазмұны
КІРІСПЕ................................................................................................................ 3
І. Кестелеу – қазақтың қолөнерінің негізгі өнері
1.1 Кесте тігу өнерінің шығу тарихы және оның түрлері.................................. 5
1.2 Қазақтың кестелеу онері................................................................................ 10
1.3 Халық қол өнерінің тәрбиелік мәні.............................................................. 14
ІІ. Оқушыларға үйірме жұмысында кесте тігу өнерін оқытып, уйрену әдістемесі
2.1 Кесте өнерін үйретудің тиімді әдістері....................................................... 18
2.2. Кесте тігу өнерін оқушыларға үйретудің сабақ жоспары ....................... 20
2.3. Оқушыларға кесте тігу өнері бойынша сарамандық жұмыс жүргізу...... 25
ҚОРЫТЫНДЫ...................................................................................................... 27
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР...................................................................... 29
Кіріспе
Зерттеудің өзектілігі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» стратегиясында алға міндет етіп қойған ішкі және сыртқы саясатының аса маңызды бағытының бірі – мәдени мұра бағдарламасы аясындағы халықтық мәдени құндылықтар мен дәстүрін дамыту. Осы бағытты ескере отырып, көнере бастаған қолөнерді бүгінгі күнде өз кәдемізге жаратып, қолданудың маңызы өте зор.
Қоғамдағы болып жатқан бетбұрыстар, саяси көзқарастар аясында қазақ елінің тарихын шынайы тұрғыда таныта біліп, салт – дәстүріне, рухани мұрасына құрметпен қарау ерекше маңызға ие болып отыр. Сондай қажеттіліктің бірі – халықтың қол өнері.
«Өнерден қуат алмаса тіршіліктің шырағы өшеді»- деп М.Әуезов айтқандай, өсіп келе жатқан ұрпағымызға өз халқының өнерін бойына сіңіріп өсіру қазіргі кездегі кезек күттірмейтін мәселе.
«Ел іші-алтын бесік » деген аталы сөздің ақиқатын көзіммен көріп, халық шеберлерінің жасаған таңғажайып кесте бұйымдарын қолыма ұстағанда іздегенімді тапқандай болдым.
Кесте өрнегін кез келген адам сыза бермейді. Оны арнаулы ел ішінде «сызушы» деп аталатын өрнекшілер сызады, өйткені кестеленетін заттар түкті төсек сырмақ т.б. сияқты көлемді және көрнекті жасаулар болуы мүмкін, оны келтіріп сызу қажет
Қазақ халқында кесте тігумен тек қана әйелдер айналысады. Қазақ қыздарына аналары ыждағаттылық пен төзімді талап ететін бұл қол өнер түрін бала кезінен үйретеді. Кесте өнерінің қыз баланың табанды, сабырлы мінез –құлқын қалыптастыруға тигізетін пайдасы көп. Бойжеткен қыздар өздеріне арналған жасаудың кестеленетін түрлерінің бәрін өздері тігеді.
Кестенің түп төркіні – тігіс, тоқыма , өрме өнерімен тамырлас. Мәселен, жөрмеу тігістерінің түрленуінен «баспа кесте», «қабырға кесте», «ашамай кесте» түрлері туындаған.
Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық кесте өнеріміз күні бүгінге дейін өзінің эстетикалық құндылықтарын өз бойына сақтап, қасиетін жоғалтпай жақсы сақталған ірі мәдениет үлгісі ретінде аталып келген және халқымыздың тарихымен, тұрмыстағы әдет – ғұрып, салт – дәстүріне сай дамып, түрленіп жетілдіріп отырған.
Ұлан-байтақ далада жаз жайлау, қыс қыстауына көшіп-қонып, тіршілігін күйттеген қазақ ата-бабаларымыздың баспанасы ақ ордасы-киіз үйі. Көшпенді тіршілікте тіккенге де, жыққанға да өте жеңіл қолайлы. Ағаш үй жасаушы шеберлер де үйдің ыңғайлы болуымен қатар көркемдік шешімдерін де ойластырған.
Жұмыстың мақсаты: халқымыздың ұмытылып бара жатқан мәдени мұрасы- кесте өнерін жаңғырту және жас ұрпақтың өнерге деген құлшынысын арттыра отырып, ұқыптылыққа, әсемдікке тәрбиелеу, ұлттық дәстүрімізді жалғастыру.
Жұмыстың міндеті: ұлттық байлығымызды, ата дәстүрімізді дәріптеу, оқушылардың еңбекке, өнерге деген сүйіспеншілігін оятып, өз бетінше жұмыс істеу қабілетін арттыру.
Жұмыстың объектісі: Мектеп оқушыларына үйірме жұмысында кесте тігу өнерін оқытып, үйрету әдістемесі.
Курстық жұмыстың құрылымы: кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І. Кестелеу – қазақтың қолөнерінің негізгі өнері
1.1 Кесте тігу өнерінің шығу тарихы және оның түрлері
Кесте – өте ерте заманнан келе жатқан қолданбалы өнер түрі. Қолданбалы өнер- көптеген елдердің шеберлерінің, суретшілерінің шығармашылық жемісі. Ол киімдерді, интерьерді әшекейлеу нәтижесінде кісінің көңіл күйін көтереді.
Кестенің алғашқы үлгілерін Пазырық қорғандарынан табылған құрал-жабдықтардан (тұскиіз, тұскілем, киім-кешектер, жауынгерлердің сыртқы су қағарлары, шекпен, қамзол) көруге болады.
Қазақ киім үстіне кестені бізбен түсірген. Ол үшін ілмек сүйек біздер жасаған. Бұл үшін қойдың кәрі жілігінің басындағы жіңішке бөлігі алынып, ол арнайы өңделетін болған. Әрине, қазір мұндай сүйек біздерді пайдаланудың еш қажеті жоқ. Оның орнына кестелерді тігін машиналары түсіре алады және ол сапалы болады.
Кесте ежелден қазақ қыздарына қойылатын талаптардың бірі болған. Қыз атаулы кесте тігуді білетін болған. Халық арасында көп айтылатын «Қойшының қызы қой келгенде кесте тігеді» деген мақалдар содан қалған. «Кестелі орамал» деген ән де бар.
Кесте керемет өнер болғаны соншалық, қазақтар бір кездері алтын жіптермен кесте тіккен. Оны атамыз «зер тігу» деген. Зерленген көйлек, кимешек, шапан аса бағалы болған. Оны хандар, асқан байлар, билер кисе керек. Қазақ әйелдер де ертеден бүгінгі дейін мүмкіндігінше пайдаланатын заттарын кестемен сәндеуге тырысады. Жиі қолданатын кесте түрлері- баспа кесте, қабырға кесте, біз кесте, тығыз кесте, маржандау, түкті кесте және т.б.
Қазақ халқы қыздарды 4-5 жастан бастап кесте тігуге үйреткен екен. Үй тұрмысындағы қажетті бұйымдар: дастарқан, терезе пердесі, қол орамалдар, жастық тыстары, түрлі көлемдегі үлкенді - кішілі стол жапқыштар барлығы кестеленген. Олар 15-16 жасқа келгенде тұрмысқа шығар заттарды кестелеп, дайындап қоятын болған.
Әлемнің әр елінде ерлер де, әйелдер де айналысқан, кесте тігудің алуан әдісі бар. Айқаспа кесте – ежелгі қолөнер түрінің бірі. Кестелеу – киімнің ең негізгі танымал, сәнді бөлігі.
Кесте – қазақ халқының
қолөнерінің ерекше түрінің бірі. Қолмен кестелеп тігу – өте көне
заманнан келе жатқан қолданбалы өнер түрі. Қолданбалы өнер –
көптеген елдердің шеберлерінің, суретшілерінің шығармашылық жемісі
Ол киімдерді, интерьерді әшекейлеу нәтижесінде кісінің көңіл -
күйін көтереді. Қол кестесі бұйымдарына тұтынушылар сұрасының өсу
бұйымдардың түрлерін көбейтуге, оның сәндігін түрлендіруге және
кестелеудің әдістерін көбейтуге көмектеседі. Кесте тігу үшін
қолданылатын құрал - саймандар: Кергіштер – кесте тігушінің негізгі
құралы. Ол матаны керіп ұстайды және оны зақымдалудан сақтайды.
Кергіштер дөңгелек болады. Ол бірінің ішіне бірі кіретін екі
дөңгелектен тұрады. Оны ағаштан, пластамассадан, резеңкеден және
металдан дайындайды. Инелер – мата қалыңдығы мен жіптің жуандығына
қарап таңдалады. Қайшылар – жіптің ұшын қию үшін қайтқы қайшылар,
оралған жіпті қию және жіпті тегістеу үшін орташа қайшы
қолданылады. Жіптер – кестелеу үшін табиғи, жасанды, синтетикалық
және аралас жіптер, ирис, мулине т. б. жіп түрлері қолданылады.
Калька – бұл мөлдір ақ қағаз. Калька түпнұсқа суреттің көшірмесін
жасау үшін қолданылады. Ал калькадан суретті сатаға көшіру үшін
көшіргіш қағаз пайдаланылады. Өрнек құрастыру үшін милиметрлік
қағаз қолданылады. Кестелеуге арналған материалдар – канва, тегіс
боялған мата.
Ертеде халқымыз тұтынатын бұйымдарының бәрін кестемен әшекейлеп
безендірген. Сол сияқты қазақ халқының қолөнерінің өмірге келуі
халықтың көшпелі өміріне байланысты. Атадан баласына, анасынан
қызына мирас болып келе жатқан - сәндік өнерінің өзі ұлттық
мәдениеттің дамуына ықпал етеді. Аталарымыз қызымыз бен ұлымыз
сегіз қырлы, бір сырлы болуын қадағалаған. Әсіресе қыз балаға: ине
сабақтап, түйме қадау, кесте тігуді, ас пісіруді үйретсе, ұл
балаларымызға таспа тілу, өрім тоқу, мал сою және мүшелеуді
үйреткен. Бүгінгі күннің талабына сай қолөнер түрлері де сан алуан.
Кестелеу, көркемдеп тігу, ою - өрнектерін әшекейлеу. Кестені көңіл
сызады, қол тігеді, көз сынайды дегендей, кесте тігудің алуан әдісі
бар. «Біз кесте», «Гобелен» (көпіртпелі) кесте, «Моншақпен
кестелеу» (бисерлеу) деп атайды. Кестелеу өнері дүние жүзінің әр
халқында бар. Сонымен қатар әр халықтың тарихи ерекшелігіне және
эстетикалық талғамына байланысты өзінің ерекшеліктерімен
ерекшеленеді.
Еуропада кестемен айналысу ақсүйектің, мәдениеттіліктің белгісі
ретінде қабылданған. Үй тұрмысындағы қажетті бұйымдар: дастархан,
терезе пердесі, қол орамалдар, жастық тыстары, түрлі көлемдегі
үлкенді - кішілі стол жапқыштар барлығы
кестеленген.
Қазақ әйелдері де ертеден бүгінге дейін мүмкіндігінше пайдаланатын заттарын кестемен сәндеуге тырысады. Жиі қолданатын кесте түрлері – «баспа кесте», «қабырға кесте», «біз кесте», «тығыз кесте», «маржандау», «түкті кесте» және т. б.
Кесте – сәндік қол өнерінің бір түрі. Мата, тері, киіз, т.б. материалдар бетіне әр түрлі боялған жіптермен, жібек зерлермен сурет, өрнек салып тігу арқылы жасалады. Ежелден халық арасына кең тараған. Кестенің алғашқы үлгілерін Пазырық және Ноин-ұлан (б.з.б. 5 ғ.) қорғандарынан табылған құрал-жабдықтардан (тұскиіз, тұскілем, киім-кешектер, жауынгерлердің сыртқы су қағарлары, шекпен, қамзол, желең) көруге болады. Кесте инемен, бізбен және кесте машинасымен тігіледі. Кейде Кестеге моншақ, інжу, маржан, т.б. асыл тастар тағылады. Кестені материалдың бетін түгел бастыра немесе гүл шоғырына ұқсатып та әшекейлейді. Бұйымды тұтастай бастыра әшекейлеу үшін шалыс, жатық, терме, жөрмеу тәсілін қолданады. Кестенің біз кесте, баспа жылтыр, тамбурлы кесте, албыр кесте (екі ізді), кенебе ине, т.б. түрлері белгілі. Біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар. Біз кесте дөңгелек немесе төрт бұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген матаның бетіне түсірілген ою-өрнек бойынша қармақты бізбен өткермелеп шалу арқылы кестеленеді. Шым кесте – тігілетін матаның ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестелеген шымқай кесте. Әредік кестеде матаның әр жері әшекейленіп, бөлек-бөлек өрнек салынады. Шым кесте тұс киіз, сандыққап, мақпал шапан, орамалдың алақаны, жастық жапқыш, кежім, сәукеле, т.б. көптеген заттарға төгіледі немесе бөлек матаға төгіп қондырылады. Әредік кесте тақия, балақ, өңір, жаға, етекке және кең қоныш етіктердің бұрыш-бұрышы сияқты заттарға төгіледі немесе бөлек төгіп қондырылады. Геометриялық кескінді бейнелейтін Кесте жіп санап тігілсе, ирек өрнектер, әр түрлі суреттер алдын ала жүргізілген ізді қуалай тігіледі.
Кестелеу өнері ертеден келе
жатқан халық өнері. «Өнері таусылмас қазына, жұтамас байлық» дейді
дана халқымыз. Қазақ қолөнері өзінің төлтума бітім қасиетімен,
көркемдік мән - мағынасымен, шын мәнінде, халқымыздың ғасырлар
талғамынан өткен асыл қазынасы, соның бірі кестелеу өнері. Ертеде
халқымыз тұтынатын бұйымдарының бәрін кестемен әшекейлеп
безендірген. Мысалы: ұлттық киімдерді, бас киімдерді, неше түрлі
сувенир заттарды кестелеуге болады.
Кесте түрлері: Біз кесте
шығыс
халықтарының арасында қазақ пен қырғыз халқында аса жоғары деңгейде
дамыған. Біз кесте - кергішке керілген арнайы мата бетіне
түсірілген, бейнені ою - өрнек немесе бейнені сызық бойымен қармақ
бізді матадан ары өткізіп, жіпті бері іліп шалып алу арқылы
қайталанатын майда тігісті айтамыз. Біз кестеде матаға сызылған ою
- өрнекті сызық бойымен кестелеп, сонан соң ішкі жағын түрлі өңді
жіптермен толтырамыз.
Баспа
кесте материалдың ашық жерін
қалдырмай немесе ашық орынды аз қалдырып, тұтас кестеленген шымқай
кестені айтады.
Әредік кесте - матаның әр жері әшекейленіп, бөлек - бөлек өрнек
салынады. Тақия, балақ, өңір, жаға, етек, әйелдердің тымағы сияқты
зат бөлігіне тігіледі.
Оюластырып кестелеу маталарды бөлек - бөлек кестелеп, оюластырып
жапсыру. Бір матаның бетіне екінші матадан тігілген фигура салынып
шет жақтары әртүрлі кесте тігістерімен тігіледі.
Маржандап, моншақтап кестелеу
әйелдер
бас киімдеріне, тақия, сәукеле, өңір, қол дорба қамзолдар және сән
- салтанатты киімдерді маржандап, моншақтап кестелейді.
Кесте тігуге қажетті негізгі құрал - жабдықтар.
Инелер, дөңгелек және төрт бұрышты кергіштер, қайшы, оймақ,
түйреуіштер,
жіптер,маталар.
1.2 Қазақтың кестелеу өнері
Кесте және көркемдеп тігу ою - өрнекті
әшекейлеудің ертеден келе жатқан элементтерінің басты түрі.
Қазақтың ұлттық кестелеу өнері тарихының түп тамыры ғасырлар
қойнауында жатыр. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық кесте
өнеріміз күні бүгінге дейін өзінің құндылықтарын сақтап, қасиетін
жоғалтпай жақсы сақталған. Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп
тігу барлық халықтарға да ортақ өнер. Кесте өнері нағыз халықтық,
алуан әдісті, таңдауы көп өнер. Кесте өнерінің қазақ халқына тән
байырғы көне түрлері: біз кесте, айқас тігу, айқыш - ұйқыш тігу,
басып тігу, қайып тігу. Біз кестенің шым кесте және әредік кесте
деп аталатын екі түрі
бар.
Біз кесте дөңгелек немесе төрт бұрышты етіліп
кергіш ағашқа керілген материалдың бетіне түсірілген ою - өрнек
бойынша қарамақты бізбен өткермелеп шалу арқылы
кестеленеді.
Шым кесте деп тігілетін материалдың ашық
жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас
кестелеген шымқай кестені
айтады.
Әредік кестеде материалдың әр жері
әшекейленіп, бөлек - бөлек өрнек
салынады.
Шым кесте, тұс киіз, сандыққап, мақпал шапан,
орамалдың алақаны, жастық жапқыш, кежім, сәукеле сияқты басқа да
көптеген заттарға төгіледі немесе бөлек материалға төгіп
қондырылады. Әредік кесте тақия, балақ, өңір, жаға, етекке және кең
қоныш етіктердің бұрыш - бұрышы, перделердің шеттері сияқты
заттарға төгіледі немесе бөлек төгіп
қондырады.
Айқас (крестеп) тігу де инемен тігілетін
кестенің ең көп тараған түрі. Мұнда өрнек ізімен біркелкі төрт
бұрышты етіп, бір жіптің үстінен екінші жіпті крест түрінде
айқастыра бастырып отырады. Бұл қазір кесте тігудің ең қолайлы түрі
деп танылып жүр.
Тесіп торлап тігуде өрнектелетін материалды
өрнек мәнеріне қарай тесіп алады да, оны торлай және ортасын кереге
көздеп, санап отырып шалу арқылы түрлі өрнек салады. Тесік аралығын
кереге көздеу әдісінде кестенің тесік аралығындағы жіптерін өрмелеп
шалып тоқу түрі де қолданылады. Мұндай тесіп, торлап өрнектеу
әдісімен көбінесе жастық тысының беті, жастық жапқыштар, төсек
жапқыштар әйелдердің іш көйлектерінің кеудесі, етегі, гүл қойғыш
төсеніштер, дастарқандар мен диван жапқыштар, үйдің қабырғасына
керіп қоятын маталар
кестеленеді.
Кестені бедерлеп тіккенде кестеленген
материалда әр түрлі ою - өрнек, мәнерлі бұдырлар өрнектеледі.
Мұндай тігу түрін орындағанда әуелі үлгі бойынша сызылып алынған
өрнектердің үстіне мақта, мата қиындылары, қағаз, картон салынып,
кестенің жіптерін, сол заттарды бастыра шалып тігеді. Соның
нәтижесінде матаның бетіндегі өрнектер бұдырланып бедерленеді.
Бедерлеп тігу әдісіне де өрнектің мәнері мен шебердің шешіміне
қарай бірнеше түсті жіптер қолданылады. Бедерлеп тіккен кестені көп
жуа беруге болмайды.
Кестелеп тігу ісіндегі әдемілік пен
көрнектілік жағынан ерекше көзге түсетін түрлерінің бірі көпіртіп
тігу. Көпіртіп тігу кестесі де әзірленген өрнек үлгісінің ізімен
тігіледі. Мұнда материалдың үстіңгі бетіне бүлдіргеленген жіп
селпеулері қалдырылып отырады. Кестенің жібі бірнеше түсті болуы
мүмкін. Бедерлеп тігу әдісімен алма, жүзім, бүлдірген, қарақат,
қауын - қарбыз түйнектері сияқты түрлі жемістерді салуға болады.
Көпіртіп кестеленген бұйымдар жуыла да үтіктеле де береді, бірақ
үтіктен шыққан соң оларды қағып, сілкіп бүртіктерін тірілту
керек.
Кестені түктеп тіккенде бізбен шалынған
жіптің үстіңгі жағында (оң бетінде) кейде 1, кейде 2 сантиметрдей
бүлдіргі қалып отырады. Шебер кестені тігіп болғаннан кейін әлгі
қалған бүлдіргілерді тегістеп қырқады. Жиі шаншылып, қалың
түсірілген бүлдірге жіптері қырқылып тегістелген соң, кәдімгі
кілемнің түгі сияқты түрлі түсті болып құлпырып тұрады (түкті
кілем). Кейде бүлдіргілердің астына ширатқан жуан жіпті ширатқан
шүберекті, жұмсақ металл шыбықтарын мүйіздеп, ою өрнегіне келтіріп
салып тігеді де, тігіп болған әлгі тігіс астына салынған заттарды
үстінен тіліп алып тастайды. Мұндай әдіспен түктеп тігілген
өрнектер мінсіз және түгінің биіктігі біркелкі
шығады.
Алтындап, күмістеп тігу сән - салтанат
бұйымдарына тән. Бұл үшін көбінесе барқыт, плюш, атлас, қырмызы
сияқты бағалы материалдар пайдаланылады. Мұндай тігістерге,
әсіресе, өзіне арналып жасалған алтын және күміс жіптер
қолданылады. Кейде алтын, күміс түстес жіңішке жиек саулары (зер)
пайдаланылады. Бағалы затты ысырапсыз пайдалану үшін оның өрнегі
мен тігіс жіптерін санап білу керек. Өйткені бұл жұмыс өзге
тігістерден гөрі ауыр
келеді.
Алтындап тігуге көбінесе бедерлі, бедерсіз
басып тігу әдісін қолданады. Алтындап тігу кестесіне маржандап
тігуді де аралас жүргізеді. Мысалы, қыздардың қамзолдарының
омыраулары, өңірлері және тағы да сол сияқтылар осылай
тігіледі.
Алтын кестелі тон, шапан, айыр қалпақ, кемер
белбеу, сал шалбар, сәукеле әдемілік әшекейінің ең асылы және
бағалысы болып
есептеледі.
Мал өрісінің жаздық, күздік жайылымы
жағдайына қарай қоныс қуалап, көшпелі өмір сүрген қазақ ауылы
өнеркәсіп орталығынан қашық жатты. Олар күнбе-күнгі тұрмыс
қажеттерін өздерінде бар мүмкіншіліктермен ғана өтеді. Сондықтан
матадан, теріден, өрмек өнімінен жасалатын киім-кешектерді, саба,
торсық, үйге жабатын киіз сияқты заттардың барлығын да қол инемен
тікті. Қолмен тігу семья мұқтажын өтеумен қатар, заттарды көркемдеп
тігуде де тиімді әдіс саналды. Соған қарағанда киімдерді төсек -
орын жабдықтарын қол инемен кестелеп тігудің алуан түрлері
туды.
Қолмен тігуде негізінен жуалдыз (тебен ине),
жуан ине, жуантық (жөндем) ине, бәсең ине, жіңішке ине қолданылды.
Жуалдызбен түйенің жабуы, қалың сырмақ, былғары тоқым сияқты
заттарды сыриды. Жуан инемен сырмақтың жиегін, үйдің киіздерін,
тері киімдерді және киіз байпақтарды тігеді. Жуантық инемен қап,
шекпен, күпі, тымақ сияқты заттарды, ал бәсең инемен түйме, ілгек
қадайды, матадан жасалған жұқа киімдерді
тігеді.
Жіңішке инемен жібек, торғын сияқты жұқа
материалдарды, оларға салынатын кестелерді тігеді. Осыларға керекті
жуан, жіңішке жіптерді де халық шеберлері суыртпақтай отырып өздері
дайындайды. Ол үшін керекті жіптің түсіне ұқсас матаның шетінен
жалпақтығы 3 — 4 см, ұзындығы — 30 — 40см кенересін жыртып алады.
Осындай жіп суыруға арналған бір бөлек жыртынды матаны шеберлер
суыртпақ деп атайды. Суыртпақтан жіп суырып алудың да әдісі бар.
Әуелгі жіпті сетінетіп суырады да, суыртпақтың шеті шашақтанған соң
оны ептеп саумалап отырып тура тартып суырады. Өйткені шет шашағы
молайған сайын суыртпақ тез сетінемей, суыратын жіптер шашақтарға
оралып үзіле береді. Суырып алынған жалаң қабат жіптерді керегіне
қарай екіден, үштен, төрттен қабаттап ширатады. Ол үшін жіптің бір
ұшын тістеп тұрып, екінші ұшын бармақ пен сұқ қолдың басымен, не
екі алақанның арасына салып ширықтыра бұрап еседі. Мұны жіп ширату
деп атайды. Суыртпаққа көбінесе сирек тоқылған, түксіз маталар
пайдаланылады. Жіпті шудадан, жүннен, мақтадан, торқадан, кендірден
қолмен иіріп алып пайдалану тәсілі де көп
қолданылады.
1.3 Халық қол өнерінің тәрбиелік мәні
«Жігітке жеті өнерде аз», «Шебердің қолы ортақ» сынды мақал-мәтелдерді кейінгі ұрпақтарына мирас етіп қалдырған қазақ халқында өнерді сан алуан түрі де сан алуан. Солардың бірі- қиындығы инемен құдық қазғандай әрі ісмерлікпен қоса, асқан табандылықты,ыждағаттылықты қажет етеді. Жас ұрпақты тәрбиелеуде халықтық қол өнерінің де тәрбиелік мәні зор.
Ол оқушыларды сұлулықпен әсемдікке,табандылық пен ыждағаттыққа тәрбиелейді.Тек зергерлік өнерді алайық бұл –ауқымы жағынан шағын болып көрінгенмен өте нәзік күрделі өнер.Халықпен бірге жасасып,біте қайнасып ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп келе жатқан көненің көзі-үлкен тәрбие мектебі.
Зергерлік –жалпы адамзатты,оның ішінде жас жеткіншектерді сұлулықпен әсемдікке құштарлыққа, талғампаздық пен тазалыққа тәрбиелейтін өнер.Өйткені зергердің қолынан шыққан бұйымдардың бәрі-сәндік,әсемдік заттары. Бұл зергерлік заттарды,әсіресе күміс ер, күміс жүген, өмілдірік,құйысқан, тартпа айырбасы,үзеңгі,торсық секілді тұрмыс-салт әбзілдері мен қазақи киім үлгілерінен көптеп кездестіреміз ой салып қараған адамға осы атаулардың өзі ақ зергерлік өнерінен мол хабар беріп тұрғандай.
Мысалға зергер деген сөздің өзі алтынмен жұмыс жасайтын адам деген ұғымды білдіреді.
Кез-келген зергерлік бұйымның халықтық көркем ойдың көрнісі екенін ұмытуға болмайды. Зергерлік бұйымдардың жасалуына мән берген оқушы ондағы неше бір түрлі ою нақыштарын ,өрнектерін көре отырып, бұл бұйымның қалай жасалғанына мән береді.
Қазақ халқының қол тігістері өзінің тігілу
әдісі мен мәнеріне қарай бірнеше түрге бөлінеді де, олардың
әрқайсысы өз атауларымен
аталады.
Батырып тігу. Бұл былғары, киіз, көрпе сияқты
қалың заттарға ғана қолданылады. Оның үстіңгі оң жағы өте жиі
шаншылып, ал астыңғы жібі қатты тартылып алыс шаншу арқылы үстіңгі
жіпті сіңіріп отырып тігіледі. Шебер неғұрлым жіптің оң бетте
көрінбей тұруын
қарастырады.
«Бұзау тіс», тұмарша орындалу жағынан
қарапайым, жүрдек тігістер. Бұзау тіс екі жапсарды қосатын тігіс.
Бұл әдіспен көбінесе қалың киіз, жабағы сияқты заттарды шеттестіріп
тігеді. «Бұзау тіс» тігісі заттың шетін кезек түйреп алып,
жапсардан өткізіп отыру арқылы орындалады. Тұмарша тігісін көбінесе
орамалдың шетін жинауға қолданады. Бұл тігіс матаның шетін бекітіп,
соның ізімен қайта жөрмеу арқылы
орындалады.
Бүрме тігіс әр түрлі желбірлерді, қос
етектерді бүре жап сырғанда, бүрмелі жағаларға, етіктің басын
қалыпқа салып ұлтарақшаға жапсырғанда, бір заттың шетін жинай
тіккенде қолданылады. Бүрме тігістер көбіне екі қатар жүргізіледі.
Мұнда иненің әрбір шаншымы сиректеу келеді де, жіптің бүре
тартылуымен жиырыла тігіледі. Бүрмелердің қатпар жасалып, тізбелей
жиырыла тігілуі
мүмкін.
Есіп жөрмеу — көбінесе су таситын қарын, мес,
матадан, кенептен тіккен сондай ыдыс қапшықтардың шеттерін
тіккенде, кейде орамалдың шетін бүге тіккенде қолданылады. Ондай
заттардың қусырындысын, шеттерін сол қолдың көмегімен ширата
бүктемелеп отырып жөрмеп тігеді. Сонда шет бүктесін тігісі ескен
сияқты болып өз - өзіне кіріге жұмырланып
түседі.
Жапсырма тігу — бір заттың бетіне жамау салып
жапсырғанда, әдіптердің шетін тіккенде, әдіп орнына лента сияқты
кенерелі заттарды бастырғанда қолданылатын әдіс. Мұндайда
жапсырылатын материалдың шетін түйреп шыққан ине астыңғы
материалдың үстінен (жапсырмаға, жамауға соқпай, тек оның іргесінен
ғана) төмен шаншылады да, үстіне қарай жапсырманы қоса түйреп
шығып, алғашқы бағытын қайталай береді. Бұлай етіп тіккенде
жапсырылған заттың шеті жинала басылып
отырады.
«Қабырға» тігіс қол инемен көркемдеп тігу
әдісінің бір түрі. «Қабырға» тігісімен ұзынды - қысқалы жарыса
тігілген ұзын сызықтар арқылы ендірме, бастырма, қабырға өрнектері
тігіледі. Қабырға тігісі екі сызықтың арасымен немесе матаның
бетіндегі тоқыманың белгілі бір жолағымен үнемі біркелкі етіп
көлденең орай шаншып отыру әдісі арқылы
тігіледі.
Киімнің бойын, шалбардың балағын, жеңді,
олардың екі шетін жалғастыра тігу ісін қусыру деп атайды. Мұндай
тігістерде жөрмеу, тепшу, қаю, өбістіру, тебе тігу сияқты тігіс
әдістерінің түрлері
қолданылады.
«Таңдай» тігіс — бұл да көркемдеп тігу
істерінде қолданылатын әдіс. Оны үш сызықтың үстімен, үнемі қиғаш
шаншып тігілетін «қос қабырға» мәнерімен орындайды. Мұндай кестелі
тігістермен кимешектің жақтарын, жаға - қақпаларды, жеңнің аузын,
кестеленген материалдардың шеттерін
өрнектеген.
«Тышқан із» тігісі үш сызық арасымен, не
шаршы сызықтар арасымен тігіледі. Алғашқы шаншымында инені төменгі
сызықтан жоғары көтеріп үстіңгі сызықтан шаншып матаның астына
түсіреді. Бұл кезде сол қолдың бармағымен ине жібін өзіне қарай
тарта басып, іркінді ілмек жасайды да, инені босаңдау тартады. Ине
үшінші шаншымында орталық сызық бойымен екі шаншым ілгері аттап
іркіліп тұрған ілмек арасынан шығады. Инені келесі кезекте
тартқанда ілмек ортасында сопақтау үш бұрыш жасалады. Тігіс
осылайша қайталана береді.
Бұл оқушылардың ой-өрісін дамытады және шеберлігін артыра түседі.Қазақ шеберлері мен зергерлері туралы да аңыз- әңгімелер көптеп кездеседі.Назар аударатын бір жайт-халық шеберлері туралы сөз болғанда үнемі жылы ықылас,ыстық пейіл қоса қабат жүреді.Қай туындыны алып қарасақта,халық арасынан шыққан ісмердің ел сүйіктісі,патша менханның қалаулысы болып жүргенін көресіз.
Қазақстаның барлық өңірінде де халықтың қол өнердің дамуына мол мүмкіндігінше жағдай жасалынатын болса, талай халық шеберлерінің талантына табынатын көздер туып та қалар. Көркем ойлаудың жүйесін халық шеберлері мыңдаған жылдар бойы қоғамның эстетикалық талғам деңгейіне әсем үйлестіріп,өрнектер жасап отырған. Қазақтың ұлттық өрнегін жасаудың өзіндік жүйесі белгілі бір ерікшелігі бар. Оларда көбінесе айналадағы өмір құбылыстарының түрлі нышандары көрніс табатыны зерттеуші ғалымдар,әр кезде де айтып келеді.Көптеген ұрпақтың шығармашылық ой-қиялдарының нәтижесінде ерікше тылысым белгілерді бейнелеу дәстүрге айналған.Қазақ қол өнерінде жануарлық,космогондық,өсімдік,геометриялық және тағы басқа әуендер кеңнен байқалады.Олар бір-бірімен жақсы үйлесім тауып,ара жіктері нәзіктікпен әдемі ұштасып жатады.Тіпті кейде әр стильдің өзіндік ерікшеліктері бір-бірімен сабақтасып,жымдасып білінбей кететін тұстары да көптеп кездеседі.Ұлттық өрнектерде жануарлық,космогондық,өсімдік әуендері сияқты өрнектер жиі кездесіп ұрпақтың шығармашылық ой-қиялдарының нәтижесінде ерікше нәтижелерге ие болады.
Сонымен қол өнердің жас ұрпақты табандылыққа, әсемділікке, ұқыптылыққа тәрбиелеуде алатын орны ерекше.
ІІ. Оқушыларға үйірме жұмысында кесте тігу өнерін оқытып, үйрену әдістемесі
2.1 Кесте өнерін үйретудің тиімді әдістері
Кесте өнерін үйретудің тиімді әдісінің мақсаты: Қазақстан картасын бейнелеп, әр түрлі кесте түрлерін үйрету, танымдылық қызығушылықтарын арттырып,шығармашылық ойлау қабілеттерін дамыту, өнердегі сұлулықты түсініп, әдептілік ережелерін бойына сіңірген, шығармашылық қабілеті дамыған азамат тәрбиелеу. Оқушыларды ұқыптылыққа, шыдамдылыққа шақыру.
Кесте өнерін үйретудің тиімді әдістері ол балаларды ерте бастан еңбекке, алуын түрлі өнер бұйымдарын жасауға тарту мақсат етіледі. Балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, ой-өрісін, шеберлігі мен дағдысына талапты күшейту. Қазақтың халықтық педагогикасын жеткіншек ұрпақтың санасына сіңіре отырып, қайырымды, ілтипатты қатынас жасау, моральдық қолдау өзіне деген сезімін нығайту, сенім арту, жауапты да қызықты іс әрекетке тарту және оқушылардың әлеуметтік жағдайларын ескере отырып, оларға қолдау, көмек көрсету. Сондай-ақ қолда бар затты ұқсата білуге, ол заттың қадір-қасиетін білуге көмек көрсету.
Өнердің барлық түрі өзіне тән бейнелі тілі, тәсілдерімен әсер ететін мәлім.
Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бері елдің сана-сезімінде түбегейлі өзгерістер болды. Бұл өзгерістер Қазақстан мемлекетін дүниежүзілік экономикалық қауымдастыққа толық мүше етумен қатар, еліміздің ішкі рыногын да әлемдік деңгейге көтерді. Мұнымен қоса, білім мен ғылым саласының алдында да жаңа талаптар пайда болды. Оның дәлелі – «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы». Бұл тұжырымдамада еліміздің білім жүйесінде реформалық өзгерістер жасау қажеттігінен туындайтын басты – бағдарды айқындайды.
Білім беруді дамытудағы негізгі мақсат – білім беру жүйесінің барлық деңгейінде қоғамның жаңа талаптарына сәйкес келетін білімді, кәсіби біліктілігі жоғары жастарды тәрбиелегенде қол жеткізетін сапалы, бәсекеге қабілетті білім ордаларын қалыптастыру.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2030-2050 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: « Білім берудің тиімді жұмыс істейтін қазақстандық жүйесі қалыптасып, қазіргі әлемде Қазақстанның лайықты орын алуына мүмкіндік беретін оқыту мен кадрларды даярлаудың сапалық білім деңгейіне қол жеткізетін болады» деп атап көрсеткен, яғни, «жаңа» қоғамға « жаңа» сапалы адам керек. Мұндай адамды қалыптастыру – қазіргі заманғы білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндет.
Осы тұрғыдан келгенде, үздіксіз білім беру жүйесінің базалық буыны саналатын орта білім беру мекемелерінің жастарға сапалы білім беріп, ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеу.
Қазіргі мектептің құрылымы мен білім беру мазмұнында болып жатқан бетбұрыстар оқу – тәрбие процесін жаңашаландыру талаптарын қояды.
Қолданбалы өнерге тән ерекшеліктер айналадағы ортамен,өмірмен, еңбекпен тығыз байланыста деп ойлаймын. Қолданбалы өнердің әлеуметтік-тәрбиелік рөлі тек оның туындыларының өзіндік көркемдік, эстетикалық құндылығымен ғана бағаланбайды, сонымен қатар адамдардың өз заманына сай талғамын қалыптастырумен, өткендегі мәдениетпен, ұлттық дәстүрлермен сабақтастығынан көрінеді.
2.2 Кесте тігу өнерін оқушыларға үйретудің сабақ жоспары
Сабақтың тақырыбы: Кесте тігу
Сабақтың мақсаты:Оқушыларды қолтігістері арқылы шеберлікке баулу. Кесте тігу өнерін үйрету барысында оқушыларды ұқыптылыққа, әсемдікке, көркемділікке, шеберлікке, еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Технологиялық карта, сөз-жұмбақ, қол тігістің түрлері, кесте түрлері, сәндік жастықтар
Қажетті құрал-жабдықтар: Бір түсті мата, түсті кесте жіптер, ине, қайшы, кергіш, бор, үлгі, калька қағазы
Сабақтың барысы:
I.Ұйымдастыру кезеңі: Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру, сабақ өтуге дайындау, сынып кезекшілігін дайындау,қауіпсіздік ережесін сұрау және үй тапсырмасын сұрау. Сұрақ-жауап әдісінде кеспе қағазды пайдаланып оқшылардың білімін пысықтау.
II. Жаңа сабақты өту:
Өрнек- бұл қандай да бір зат немесе бұйымдарды сәндеуге арналып бір элементті бір ырғақпен қайталай отырып құрастырылған немесе бүгін композиция құрайтын сурет.
Кесте өрнек құрастыру кезінде суретші нұсқаға қарап нобайлар жасайды. Қазақ сәндік бұйымдарын кестелегенде көбінесе кесте тек тұрмыстық бұйымдарды сәндейді, бірақ ол өзінше жеке мәнге ие бола алмайды. Ал, бұйым кестенің көмегімен ғана көркем де сәнді болып бағалана алады. Қазақтың ұлттық, жануарлар, өсімдік бейнесіндегі геометриялық ою-өрнектерін таңдайды. Олар өзін кестеленетін бұйымның түріне, материалдық фактурасы мен кесте түріне қарап қолданылады. Мысалы геометриялық өрнектерді көбінесе ірі тоқылған маталарға айқас тігісінен кесте тіккенде салады.
Кестеленетін кестенің қай түрімен немесе қандай жіппен тігуіне байланысты түрлі етіп салуға болады.
Өрнекпен бұйымның барлық жері тегіс немесе оның жеке бөліктері дастархан шеті, жастық қаптың ортасы т.с. кестеленіп сәнделеді. Өрнектің барлық бөліктерінің өлшемдерін дұрыс орналастыру керек. Ереже бойынша кесте белгілі бір геометриялық формамен шектелген жазықтық бетіне түседі, мысалы төртбұрышты дастархан, үшбұрышты шәлі, дөңгелек формалы жастық қап.
Қазақ кестелері негізінен симметриялы болып келеді. Өрнектің орналасуы бұйым түрі мен шебердің ойластыруына байланысты.
Түс. Кестеленетін бұйымға жіптерді дұрыс таңдау үшін түстердің үйлесімділігін, олардың бір-біріне әсерін ескеру керек. Түстік оң-бұл әрі бір-бірінен ажыратуға көмектеседі (жасылды көктен, көкті көгілдірден т.с.с.) Мысалы, қызыл түске диаметрлік қарама-қарсы түс жасыл сарымен үйлесімділігі. Ақ қарамен, қара сұрмен, ақпен. Барлық жағдайда олардың үйлесімділігіне екі түстің бірі үлкен ықпал береді. Түс нәрсенің формасын және өлшеніп көз мөлшерінде өзгертіп көрсетеді. Ашық және түстер үлкейтіп нәрсені бізге жақындатады. Бұл ерекшелікті өрнектің қандайда бір бөлігін ерекшеліп көрсету үшін пайдалану керек. Жіптердің түсін бұйымның түріне, көлеміне және өрнектің қалай орналасатынына қарап таңдайды. Ереже бойынша фонға (мата түріне) қосымша орын, ал өрнекке негізгі деп қарау шарт. Фон өрнектен ашық болып ерекше көзге түспеу керек. Түстік шешім сонымен бірге кестенің орындалу техникасына да байланысты. (Айқас тігіс, шым кесте, әредік кесте т.б.)
Мата мен жіп таңдау.
Мата мен жіпті болашақ бұйымның түріне, өрнекке және кестенің орындалу техникасына қарап таңдайды. Мысалы, дастархан, қол орамал сияқты үй жиһаздарына шым кесте оындайтын болсақ лавсан қосылған лен матасын және түрлі түсті бірнеше қабатталған жіптер таңдаймыз. Ал, әредік кестемен көркемделген жейде орындағымыз келсе онда жұқа мата (маркизет, ситец) м ен бір түсті қабатты мулимен жіп аламыз. Айқас тігісті кесте тігу үшін ірі тоқылған лен немесе жартылай лен маталар таңдаған дұрыс.
Ойма кесте орындау үшін негізге жібі мен арқау жіптерді бірдей жуандықпен тоқылған мата алу керек. Мұндай кесте үшін жартылай лен болады.
Салынған өрнектің сызығы бойымен кестелеу үшін лен, жібек, жүн, сукно, клетка, жолақ түскен , тіпті күрделі құрылымы (егер олар, әрине, кестенің өрнегімен көлемімен үйлесетін болса ) маталар бола береді.
Кесте тігу үшін лен, мулине жүн, штапель, жібек, синтетиклық жіптер түстерінен пайдалануға болады. Жіп мықты бірқалыпты боялған, сумен күнге оңбайтын болу керек. Жіптің мықтылығын оны қолмен созып көреді, жақсы жіп үзілмейді және шиыршықталып тұрады.
Мулиненің бумасын ашып, оны түйінделген жерінен қияды. Жіп жазып 50-60 см жобасында бірнеше бөлікке бөліп барлық жіптерді қосып жіпті ішінен оңай суырып алуға болады.
Кесте тігуге дайындық.
Бұйымға кестені пішімі кесілмей тұрып немесе кесілген пішімге тігу керек. Бірінші жағдайда бұйымның бөлігіне пішіп бойынша сызықтар түсіріліп, оның ішіне өрнек салынап, содан кейін ғана кестеленеді. Қарапайым, күрделі емес өрнектерді дайын бұйымдарда кестелей беруге болады. Өрнекті көшірерде матаның астына қатты қағаз немесе ағаш тақтайша қою керек. Жазық матаға кесте түсірерде (дастархан, қол орамал т.с.с.) матаның шетін тегіс қию үшін шетіндегі бір жіпті суырып алып тастаймыз, пайда болған түзу сызықтың бойымен қиып шығамыз. Матаның енін де ұзындығын да осы әдіспен қияды.
Дастархан жиектерін көркем тігіс түрлерімен кестелеуде матаға жіптерін суырып алып тастау арқылы түсіреді. Көлденеңнен, тігінен суырылған жіптердің арасынан пайда болған тік төртбұрыш, төртбұрыштар арасына негізгі өрнектер көрсетіледі. Ал, суырылған жіптің үстіне өрнектің қосымша тігісі түседі. Егер өрнек геометриялық, ал мата біркелкі жіптермен тоқылған болса, оны матадағы жіптерді есептей отырып орындауға болады. Ал, кесте түрі мата структурасына байланысты болмаған жағдайда (шым, біз әредік кестелер) өрнекті мата бетіне көшіріп салу керек.
Суретті матаға көшіру.
Бірінші кезекте түп нұсқадағы өрнек жақсы ұшталған қаламмен калька немесе милиметрлік қағазға көшіріледі. Содан кейін ғана барып матаға көшіру керек.
Суретші көшірме қағаздың көмегімен түсіру. Алдын ала үтіктелген матаны тегіс жазықтыққа (үстел, тақта ) тегістеп жаяды.
Сызықпен немесе іші толтырылған (сабақты, бір жақты шым) кестеге арналған өрнек салынған кальканы түйреуіштер арқылы матаға бекітеді.Кальканың астына майлы бетін матаға қаратып көшірме қағаз салады да, өрнек сызығы бойымен өткір ұшталған қаламмен сызып шығады. Мүмкіндігінше көшірме қағаздың түрлі түсін алып қойған дұрыс. Ашық түсті маталар үшін қара түстес маталарға ашық (ақ, сары) түсті көшірме қағаздар пайдаланылады.
Өрнек сызылып боялған соң, көшірме қағазды алып тастап, кальканың бәр жағының ғана түйреуіштерін алып тастап, суреттің матаға дұрыс көшірілгендігін тексеру керек. Содан кейін ғана кальканы алып тастайды. Геометриялық өрнектерді (есептеп тігетін жіптер үшін) де осылай көшірме қағаздың көмегімен көшіруге болады. Бұл үшін жуан иненің ұшымен (мектеп циркулының аяғымен) милиметрлік және көшірме қағазда өрнекте көлденең, тік сызықтардың түйіскен жерлерінен тесіп шығады. Матада нүктелерден құралған өрнек пайда болады.
Мата мен жіп кірлемес үшін бұрын пайдаланған көшірме қағазды пайдаланған дұрыс. Жаңа қағазды пайдаланбас бұрын, оның майлы бетін құрғақ мақтамен немесе матамен сүртіп тастау керек.
Тігіс түрлері.
1.Жай тігістер: қаю, көктеу, бүгу, тепшу, жапсырма қауыстыру, қабу, сыру, торлау, бүрмелеу, ілгектеп тігу, шарбақтап тігу және т.б.
2.Көркем тігістер: айқас тігіс, алтындап тігу бедерлеп тігіс, кесте тігіс, зерлеу, оқалау және т.б.
Жаңа сабақтың тақырыбын ашу мақсатында сөз жұмбақ пайдалану.
Практикалық жұмыс.
Бұйымды қол және кесте тігістерімен тігу
Жаңа сабақты пысықтау.
Оқушылардың жаңа сабақты қалай меңгергендігін тексеру үшін тақырыпқа сәйкес тест сұрақтарын дайындап, оқушылар білімін байқау.
Жаңа сабақты қортындылау.
Оқушылардың білімін ескеріп, жасаған практикалық жұмыстарын тексеріп бағалау.
Үйге тапсырма.
Практикалық жұмысын сәндік жастықшаға кесте тігу және қол тігісті үйді аяқтап, тест сұрағына үйде дайындалып келу.
2.3 Оқушыларға кесте тігу өнері бойынша сарамандық жұмыс жүргізу
Ең алдымен сарамандық жұмысты бастамас бұрын оқушыларға қауіпсіздік ережесімен таныстырып өту.
Қауіпсіздік ережелері:
1. Қайшыны жолдасына сабымен ұсын.
2. Қайшының ұшын сабымен көтерме.
3. Өтпейтін, тозған қайшымен жұмыс жасама.
4. Жолдасың қайшымен жұмыс істеп жатқанда көңілін бөлме.
5. Инемен дұрыс жұмыс істе.
6. Инені аузына жақындатпа.
Енді
Сарамандық жұмыс:
1. Суреттер, дайын үлгілерді көрсету. Кестеге тігуге қажетті жіптің
түрлерін таңдап алу.
2. Сұрақ - жауап (ауызша)
* Кестелеуге қандай жабдықтар қолданылады?
* Кестелеуге қандай жіптер немесе таспа, т. б.
заттар қолдануға болады?
* Кесте тігуге кергіш не үшін қажет? Қандай тігіс түрлерін және
атауларды білеміз?
3. Жұмыс реті:
* Кесте инемен, бізбен, әр алуан түсті жіптермен, әсемдік таспалар,
бисер және моншақтар қолданылып тігіледі.
* Иненің жуан, жіңішкелігі материалдың қалыңдығына және жіптің
жіңішкелігіне байланысты болады.
4. Технологиялық нұсқау картамен жұмыс.
Кесте тігуге мата дайындап, оларды арнайы өлшем бойынша пішіп,
кергішке керіп әзірледік. Таңдаған нәрсенің суретін салдық
Қазір сабағымызда, таңдаған баспа, шым кесте тышқан із тігіс
түрлерін орындаймыз.
1 - әдіс: Шым кестемен өсімдіктің жапырақтары, гүл, сондай – ақ
геометриялық ою - өрнектер кестеленеді. Кестенің бұл түрін кез -
келген матаға түсіруге болады. Мұндай кесте орамалды, киімді,
дастарқанды безендіреді.
2 - әдіс: Тышқан із тігісі – тігілу әдісі жағынан көлемді біркелкі
ілмектер шынжыр секілді бір – біріне тіркесе тігіледі.
3 - әдіс: Баспа тігісі – тік, көлденең және қиғаш болып әр түрлі
түсуі мүмкін. инені матаның оң жақ бетіне шығарып, жоғары қарай бір
тігіс түсіреді. Тігіс жиі, ашық жері қалмай орындалуы тиіс.
5. Жеке дара жұмыс.
- Көрсеткен әдістер бойынша оқушылар жұмыс істейді.
Кесте тігістерің көлемі біркелкі әдемі, ұқыпты, таза сапалы болуы
керек.
Әр қатар өздерінің тіккен тігіс түрлерін ортаға шығып
көрсетеді.
Қорытынды.
Кесте тігу өнерін дамытуды насихаттауымыздың мақсаты қолөнерді сақтап қалу, дәстүрімізді жалғастырып, кешегі қажеттіліктен туындаған өнерді бүгіні жастарды тәрбиелеуге пайдалану, өнерге баулап тәрбиелеу.
Жұмысты жазу барысында көптеген зерттеме жұмыстарын жүргіздім. Өз жұмысымның ерекшілігі қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық қолөнер туындыларын зерттей отырып, кесте өнерін меңгердім. Жалпы, кесте өнерін зерттеу барысында, оның түрлері, жасалу жолдары, тарихы айтылған. Адам, қоғам үшін кесте өнерінің жасалуын зерделей келе қолөнер байлығымыз екенін білдім. Кесте-қызық, әрі құнды өнер. Ол ұзақ ізденісті, ыждағатты қол еңбегін қажет ететін іс. Шын шеберлікке қоса табандылықты талап етеді.
Бүгінгі күні технология сабақтарында дәстүрлі және ұлттық қолөнерге баулу, шығармашылықпен ұштастырып білім беру, еңбек етуге тәрбиелеумен қатар ата- бабамыздан қалған салт- дәстүрді насихаттау заман талабы.
Қолөнер үйірмесінің мақсаты: оқушыны қызықтыратын қолданбалы өнер түрінен жан-жақты білім беру, үйрету. Кез- келген бұйымның, туындының, жасалу құпиясын, тарихын ашып көрсете білсек оқушы шығармашылықпен іске кіріседі. Оқушы қызығушылығы артқан сайын, еңбек үстіндегі шығармашылық ізденудің нәтижесінде қолөнер туындысының жаңа түрлері жасалынады. Оқушының бос уақытын тиімді пайдалануға, пайдалы іспен шұғылдануға және еңбексүйгіштікке тәрбиелейді. Өз қолымен дайындаған бұйымның эстетикалық талапқа сай болуы үшін биік талғамын, шеберлік дағдысын қалыптастырады.Әр балада қабілеттің бірнеше түрі болатынын ескере отырып, баланың жетекші қабілетін анықтап, арнаулы шығармашылық жұмыстарын жүргізе білген жөн.
Шығармашылық пен өнер егіз ұғымдар. Сондықтан ,шығармашылықтың қозғаушы күші – әр алуан өнердің түрі болып табылады.
Шығармашыл бала өзінің қабілетін , күш –қуатын ,бейімділігін сезіне алатынын дәлелдейді.
Қазіргі күнде ата-бабамыз айналысқан қандайда бір кәсібі болмасын өз маңызы мен қасиетін жоймаған, қайта түрленіп қазіргі заман талабына сай ерекшеленіп отыр.Қолөнер десек ,онда оның көптеген түрлері бар: «құрақ құрау”, “кілем тоқу”, “түп киіз тоқу “ , “сырмақ басу “, “кесте тігу “ сияқты .Әр халықтың өзіне тән өнері, тілі, салт-дәстүрі бар. Сол сияқты қазақ халқының қолөнерінің өмірге келуі халықтың көшпелі өміріне байланысты. Көшпелі болғанымен олардың рухани болмысы көшпелі болған емес . Біздің заманымызға бабаларымыздың өсиет үлгісі , өнері арқылы жеткен. Атадан баласына, анасынан қызына мирас болып келе жатқан –сәндік өнерінің өзі ұлттық мәдениетіміздің дамуына ықпал етеді. Аталарымыз қызымыз бен ұлымыз cегіз қырлы, бір сырлы болуын қадағалаған. Әсіресе қыз балаға: ине сабақтап, түйме қадау,кесте тігуді ,ас пісіруді үйретсе , ұл балаларымызға таспа тілу , өрім тоқу , мал сою және мүшелеуді үйреткен. Бүгінгі күннің талабына сай қолөнер түрлері де сан алуан.
Қазақ халқының қолөнерінің аса қымбат, қайталанбас сұлулығын, ғажайып көркін кесте өнерінен көреміз. Көптеген шеберлер аса көркем заттар мен туындыларын қалдырған. Халық қолөнер кәсіпшілігі қамқорлыққа алудың нәтижесінде қазір қайта жанданады.
Курстық жұмысымды қорыта келе, түйген өзіндік ой-пікірім:
-кесте өнері арқылы халықтың, салт-дәстүрін білу;
-кесте өнері-есте сақтау қабілетін дамытады, түстерді жақсы айыра білуге дағдыландырады.
-кесте өнері-өте нәзіктікті, әдемілікті, шыдамдылықты, шеберлікті талап етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
"Технология" Алматы "Атамұра" 2003
-
Қасиманов С. Қазақ халқының қол өнері. Алматы 1995 ж.
-
Е. В. Ермилова И.А. Товченик Технология 9 сынып Алматы мектеп 2009 ж.
-
Әбдуәлиева Ш "Қазақтың қолөнері" - әдістемелік құрал
-
Әбдуәлиева Ш "Халық қолөнері" Алматы. Рауан. 1992
-
Байжігітов Б "Бейнелеу өнерінің теориялық мәселелері" Ақтөбе.
-
Болатбаев Қ, Ибрагимов Ұ "Бейнелеу өнері" Алматы
-
Бағдарлама "Қолөнер" (8-11 тереңдетілген сыныптар үшін) Шымкент
9. Касиманов С. "Қазақ халқының қолөнері" Алматы 1995
10. Құтпанбаев Ә "Ұстаз ұлағаты" Ғылым 2002
11. Караев Ж.А. Момынбаев В.К. Устимиров К. Государственные
12. "Лена - рукоделие" ЗАО "Эдипресс-конлига" 2004
13. Мектептегі технология Алматы 2004
16

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген